Жазба туралы мәлiмет
«Аян» Құдайдың осы дүниеге арнаған мәңгiлiк ниетiн көрсетедi. Мұнда Иса Мәсiх адамзаттың ұлы Билеушiсi, әрi Соттаушысы ретiнде аян бередi. Ол жер бетiне қайта оралып, жексұрын күштердi бiржола құртып, ешқандай күнә, қайғы және өлiм болмайтын жаңа көк пен жаңа жердi жаратпақ. Әлi күнге дейiн шайтан осы күнәкар дүниеге билiгiн жүргiзiп, сенушiлердi қуғындап келедi. Бiрақ олар Құтқарушы Мәсiхтiң құрбандық өлiмi мен қайта тiрiлуiне деген сенiмдерiн берiк ұстанып, ашық мойындаулары арқылы әзәзiлдi жеңiп шығады. Сенушiлерде рухани зияннан қорғайтын Мәсiхтiң «таңбасы» бар. Ол қайта келгенде олар бәрiнiң алдында ақталып, Оның мәңгiлiк Патшалығының салтанаты мен бақытынан үлестерiн алады.
Аянды жазған — Құдайдың елшiсi Жохан. Ол жасы ұлғайған шағында Ефес қауымының жетекшiсi болып, қазiргi Батыс Түркияда орналасқан Азия аймағындағы қауымдарда қызмет етiп жүрген едi. Сол аймақтың халқы римдiк патшаларға (императорларға) жағымпазданып, оларға «Әлемнiң құтқарушы иесi» деп құлдық ұрып келдi. Сол кездегi Домициан патша (б.з. 81-96ж.) барлық ұлттарды өзiне осылай табынуға күштеген қатаң заң шығарды. Құдайға сенушiлер мұндай талапқа, әрине, бағына алмады; себебi бiрден-бiр Құтқарушы Иелерi — Иса Мәсiх. Осы үшiн әкiмшiлер оларды қудалап, айналасындағы жұртшылық та сенушiлерге қарсы шықты. Қарт елшi Жохан өз қауымынан аластатылып, қылмыскерлер қамалған шағын Патмос аралына жер аударылса, бiрқатар бауырластар сенiмдерi үшiн шейiт те болды.
Алайда бiрсыпыра қауым мүшелерi өздерiнiң Мәсiхке деген сенiмдерiн ұстанумен қатар тәкаппар патшаның зұлым бұйрықтарына көнудi де жақтап, екi жүздiлiк таныта бастады. Осындай жағдайда Мәсiх Иса Жоханға аян берiп, құдайсыз жарлықтарға бағынбау жөнiнде Азия аймағындағы жетi қауымға (сондай-ақ жер жүзiндегi барлық қауымдарға да) қатаң ескертiп, хабар жiбердi. Өзiне адал болып қалғандарға Ол қайта оралған кезде тамаша сыйларын беретiн болады.
«Аянда» суреттемелер, астарлы және бейнелi сөздер мен сөз тiркестерi көптеп қолданылған. Мысалы, жетi саны түгелдiк пен тұтастықты бейнелейдi: жетi қауым жер бетiндегi барлық қауымдарды бiлдiрсе, әрқайсысы жетi ауыр азаптан тұратын үш кезең Құдайдың күнәдан бас тартпаған адамзатты үзiлдi-кесiлдi жазалайтынын нұсқайды. Астарлы суреттемелердiң түсiнiктемелерi көбiнесе жазбаның iшiнде берiлген. Бiрақ кейбiр ұғымдарды егжей-тегжейлi түсiну мүмкiн емес. Ондағы кейiпкерлер мен суреттемелердi өз замандарының жағдайы бойынша түсiндiрiп, қате қорытындыға келгендер де болды. Алайда ғасырлар бойы Құдайдың «Аяндағы» хабары Оның қастық пен қудалау көрiп тұрған халқы үшiн керемет жұбаныш пен күш-қуат көзi болып келедi. Ол Мәсiхтiң қайта келуi мен ақырғы жеңiсiн күткен бүгiнгi сенушiлердi де Құдайдың Iзгi хабарының батыл куәгерi болуға жiгерлендiредi.
Тақырып, арнау және сәлем
1Бұл — Иса Мәсiхтiң көрiнiп, Құдайдың құпия жоспарын ашып, аян бергенi туралы жазба. Жақын арада болуға тиiстi оқиғаларды өз қызметшiлерiне көрсету үшiн Құдай осы аянды Иса Мәсiхке тапсырып, Ол бұларды перiштесi арқылы қызметшiсi Жоханға бiлдiрдi.
2Ал Жохан көргендерiнiң бәрiн: Құдайдың хабарын және Иса Мәсiхтiң аян еткендерiн, баяндап бердi.
3Осы пайғамбарлық хабардың сөздерiн оқып беретiндер де, оларды тыңдап, жазылғандарды ұстанатындар да бақытты! Себебi бұлардың iске асатын уақыты таяп қалды.
4Жоханнан Азия аймағындағы жетi қауымға дұғай сәлем: әрдайым бар, мәңгi болып келген және болашақта келетiн (Құдай Ие), Оның тағының алдындағы жетi Рухы
5және шынайы хабарды адал жеткiзген Иса Мәсiх — өлiмнен қайта тiрiлгендердiң Алғашқысы, әрi жер бетiндегi патшалықтардың Әмiршiсi — сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсiн!
Мәсiх бiздi сүйiп, Өзiн құрбан етiп, қанын төгуiмен күнәларымыздан тазартып арылтты,
6Һәм бiздi өз Құдайы және Әкесiне бағышталған қызметкерлердiң патшалығы қылды. Оның салтанатты ұлылығы мен құдiретi мәңгiлiк бола бермек! Аумин.
7Мiне, Ол бұлттармен келе жатыр!
Әрбiр көз, Оны түйрегендер де Мәсiхтi көрiп,
Жер бетiндегi барлық рулар үрейленiп,
Ол туралы қайғырып, жылайды еңiреп.
Ол солай болады да! Аумин.
8Бүкiл әлемнiң Иесi — әрдайым бар, мәңгi болып келген және болашақта келетiн Құдай:?«Алғашқы да, Соңғы да Менмiн!» — дейдi.
Мәсiхтiң нұрлы салтанатпен көрiнуi
9Мен, Жохан, сендердiң бауырластарың және Иса Мәсiхке бола азап шегiп, Оның Патшалығына қызмет етiп, қайта оралуын төзiмдiлiкпен күтудегi серiктестерiңмiн. Құдай сөзiн және Иса Мәсiхтiң шынайы хабарын уағыздағаным үшiн Патмос аралында тұрдым.
10-11 Иемiзге бағышталған жексенбi күнi мен Киелi Рухқа ерекше бөленiп, арт жағымнан керней үнi сияқты қатты дауыс естiдiм. Ол былай дедi: «Көргендерiңдi қағазға түсiрiп, Азия аймағының мына жетi қаласындағы қауымдарға салып жiбер: Ефес, Iзмiр, Перғам, Тиятир, Сард, Фiладелфи және Лаудiки».
12Мен кiмнiң сөйлеп тұрғанын көру үшiн жалт бұрылдым. Бұрылып қарағанда жетi алтын шырағданды көрдiм.
13Олардың арасында адам баласына ұқсас, аяғының басына дейiн жететiн ұзын шапан киiп, кеудесiне алтын аспа бау таққан Бiреу бар екен.
14Оның басындағы шашы ақ мамықтай, әрi қардай аппақ, ал көздерi оттай жалындап тұрды.
15Аяқтары пеште балқыған қоладай жалтырап, даусы сарқырап аққан судың гүрiлiндей естiлдi.
16Оның оң қолында ұстаған жетi жұлдызы бар екен. Аузынан екi жүздi өткiр семсер шығып, бетi тал түстегi күндей нұрын төгiп тұрды.
17Мен Оны көргенде өлi адамдай алдына құлап түстiм. Сонда Ол оң қолын үстiме қойып, былай дедi: «Қорықпа! Мен Алғашқымын және Соңғымын,
18әрi Тiрiмiн. Мен өлген едiм, ал ендi мәңгiлiк өмiр сүремiн. Өлiмнiң де, о дүниенiң де кiлттерi Менде.
19Көргендерiңдi, қазiргi барды және одан кейiн болатындарды жазып қой!
20Менiң оң қолымнан көрiп тұрған жетi жұлдыздың және жетi алтын шырағданның құпия мағынасы мынау: жетi жұлдыз — жетi қауымның перiштелерiн, ал жетi шырағдан — жетi қауымды бiлдiредi.
Ефестегi қауымға арналған сәлемхат
1«Ефестегi қауымның перiштесiне былай деп жаз:
Бұл — оң қолында жетi жұлдыз ұстап, жетi шырағдан арасында жүретiн Иеңнен хабар.
2Мен сенiң iстерiңдi бiлемiн: сен еңбек етiп, шыдамды болып келесiң, ал арам адамдарға төзе алмай, өздерiне Құдайдың елшiлерi деген атақты таңатындарды сынап, өтiрiкшiлер екенiн анықтадың.
3Менiң атыма бола (еңбектенiп) көп ауыртпалықты басыңнан өткiзгенде шыдамдылық көрсетiп, қажымадың.
4Алайда саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегi сүйiспеншiлiгiңдi жоғалтып алдың.
5Өзiңнiң қандай биiктiктен құлдырағаныңды ойлашы! Өкiнiп, терiс жолыңнан қайтып, алғашқыдағы игi iстерiңдi жасай бер! Әйтпесе саған жуырда келемiн де, шырағданыңды орнынан алып тастаймын. Егер өкiнiп, қайтпасаң, осылай iстеймiн.
6Бiрақ сендегi бiр жақсылық: мен жек көретiн николаиттардың iстерiн сен де жек көресiң.
7Құлағы барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңiп шыққан әркiмге Мен Құдайдың пейiш бағында өсетiн, мәңгiлiк өмiрдi сыйлайтын ағаштың жемiсiнен жегiземiн.
Iзмiрдегi қауымға арналған сәлемхат
8Iзмiрдегi қауымның перiштесiне былай деп жаз:
Бұл — бiр кезде өлген, ал қазiр тiрi «Алғашқы және Соңғыдан» хабар.
9Сенiң (iстерiң мен) шеккен азаптарыңды, әрi жұтаң күйiңдi бiлемiн — шынында рухани байсың! «Яһудимiз» (яғни Құдайдың халқымыз) дейтiндердiң сен туралы айтқан ғайбат сөздерiн де бiлемiн, ал шын мәнiсiнде олар «шайтанның мәжiлiсханасы».
10Болашақта басыңнан кешетiндерiңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбiреулерiңдi түрмеге салып, сынамақ, ал көретiн азаптарың он күнге ғана созылады. Өлуге тура келсе де, Маған адал бол, сонда «мәңгiлiк өмiр тәжiн» сыйлаймын.
11Құлағы барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңiп шыққан әркiм «екiншi өлiмнен» зиян көрмейдi.
Перғамдағы қауымға арналған сәлемхат
12Перғамдағы қауымның перiштесiне былай деп жаз:
Бұл — екi жүзi де өткiр семсерi Бардан хабар.
13Сенiң (iстерiңдi және) «шайтанның тағы» орналасқан жерде тұратыныңды бiлемiн. Бiрақ Менiң атымды ұстанып келесiң. Адал хабаршым Антипас сенiң қасыңда, шайтанның тұрағында өлтiрiлген кезде де Маған деген сенiмiңнен бас тартпадың.
14Алайда саған айтар бiраз наразылығым мынау: араларыңда Балағамның iлiмiн ұстанушылар бар. Сол көрiпкел ежелде Исраилге қарсы шыққан Балаққа халықты күнәға азғыруды үйреткен: оларға жалған тәңiрлерге шалынған құрбандықтардың етiн жегiздi, әрi азғындық жасатты.
15Сондай-ақ, iштерiңде николаиттардың (Мен жек көретiн) iлiмiн ұстанушылар да бар.
16Ендi өкiнiп, терiс жолдан қайтыңдар! Әйтпесе саған жуырда келемiн де, олармен аузымдағы семсерiммен соғысамын.
17Құлағы барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңiп шыққан әркiмдi Мен «жасырылған маннамен» тамақтандырамын. Оған алған кiсiден басқа ешкiм де бiлмейтiн жаңа есiм ойып жазылған бiр ақ тасты да сыйлаймын.
Тиятирдағы қауымға арналған сәлемхат
18Тиятирдағы қауымның перiштесiне былай деп жаз:
Бұл — Құдайдың рухани Ұлынан хабар. Оның көздерi оттай жалындап, аяқтары балқыған қоладай жалтырайды.
19Мен сенiң не iстегенiңдi — сүйiспеншiлiгiң мен сенiмiңдi, қызметiң мен төзiмiңдi бiлемiн. Қазiргi игi iстерiң алғашқыдағыдан көбiрек.
20Алайда саған айтар наразылығым мынау: өзiн пайғамбармын деп атайтын Езабел iспеттi әйелге жол бересiң. Ол Менiң қызметшiлерiмдi азғындық жасап, жалған тәңiрлерге арналған құрбандықтардың етiн жеуге үйретiп, адастыруда.
21Мен оған азғындық жолынан қайтуға уақыт бердiм, алайда ол қайтқысы келмейдi.
22Бiлiп ал: Мен Езабелдi ауруға шалдықтырып, төсек тартқызамын. Егер сол әйелмен бiрге азғындық жасап келгендер оның жаман iстерiнен қайтпаса, оларға да қатты азап шеккiземiн,
23оның соңынан ергендердi өлтiрiп құртамын. Сонда Менiң әркiмнiң жүрегiнiң түкпiр-түкпiрiн тексерiп, әрқайсыңның iстерiңе қарай еселерiңдi қайтаратын Бiреу екенiме барлық қауымдардың көздерi жететiн болады.
24Ал Тиятирда Маған адал болып қалғандарға — осы арам iлiмдi қабылдамай, «шайтанның терең құпиялары» деп аталғанды үйренбегендерге былай деймiн: сендерге тағы басқа ауыртпалық түсiрмеймiн;
25алайда Мен келгенше, өздерiңде бар рухани игiлiктердi берiк ұстаңдар!
26Iстерiмдi аяғына дейiн атқарып, жеңiп шыққандарға халықтардың үстiнен билiк жүргiзу құқығын сыйлаймын:
27«Оларға қатаң билiк жүргiзедi,
Құмыраны лақтырып сындырғандай,
Қиқарлықтарын тас-тасқан етедi».
28Жеңiп шыққандарға таңғы жұлдызды да сыйлаймын.
29Құлағы барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
Сардтағы қауымға арналған сәлемхат
1Сардтағы қауымның перiштесiне былай деп жаз:
Өзiнде Құдайдың жетi Рухы және жетi жұлдыз Бардан хабар.
Мен сенiң iстерiңдi бiлемiн; жұрт сенi тiрi деп санағанмен (рухани) өлiсiң.
2Оян! Өзiңде әлi де бар, бiрақ жуырда өлмекшi игi қасиеттерiңдi нығайт! Себебi сенiң iстерiңдi Құдайымның көз алдында жеткiлiксiз деп таптым.
3Өзiң тыңдап қабылдаған шынайы iлiмдi есiңе түсiрiп, ұстанып, терiс жолдан қайт! Ал егер оянбасаң, саған ұры сияқты сап ете түсемiн, Менiң келетiн уақытымды ешқашан бiле алмайсың.
4Дегенмен Сардтағы араларыңда арамданбаған бiрқатарың бар. Олар аппақ киiм киiп, Менiмен бiрге жүретiн болады. Себебi олар соған лайық.
5Жеңiп шыққан әркiм солар сияқты аппақ киiм киетiн болады; Мен оның есiмiн Мәңгiлiк өмiр кiтабынан өшiрмей, Әкемнiң және Оның перiштелерiнiң алдында ашық мойындаймын.
6Құлағы барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
Фiладелфидегi қауымға арналған сәлемхат
7Фiладелфидегi қауымның хабаршысына былай деп жаз:
Бұл — Киелi де Шынайыдан хабар. Өзiмде Дәуiттiң (патшалығының) кiлтi бар; Мен ашқан есiктердi ешкiм жаба алмайды, Мен жапқан есiктердi ешкiм аша да алмайды.
8Сенiң iстерiңдi бiлемiн. Мiне, Мен алдыңнан есiктi ашып қойдым, ешкiм де оны жаба алмайды. Өзiңдегi күш азырақ болғанымен, сен айтқандарымды сақтап, Менен танбадың.
9Тыңда: өздерiн яһудимiз (яғни Құдай халқымыз) десе де, олай емес, өтiрiкшi, әрi «шайтанның мәжiлiсханасы» болғандардың кейбiреулерiн саған беремiн: расында оларды аяғыңа бас ұрғызып, Өзiмнiң сенi сүйетiндiгiме көздерiн жеткiздiремiн.
10Сен Менiң азаптарда төзiмдiлiк таныту туралы бұйрығымды орындап келгендiктен, Мен де осы дүниенiң адамдарын тексеруге арналған, бүкiл жер бетiнде болатын азапты сынақ кезiнде сенi қорғаймын.
11Мен жуырда келемiн. «Жеңiсiңнiң тәжiн» сенен ешкiм тартып алмау үшiн өзiңде бар рухани игiлiктердi берiк ұста!
12Жеңiп шыққан әркiмдi Мен Құдайымның киелi үйiнiң «бағанасы» қылып қадiрлеймiн; ол содан ешқашан шықпайтын болады. Оған Құдайымның атын, Соның қаласының атын, яғни көктен, Оның қасынан түсетiн жаңа Иерусалимнiң атын және Өзiмнiң жаңа атымды да жазамын.
13Құлақтары барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
Лаудiкидегi қауымға арналған сәлемхат
14Лаудiкидегi қауымның перiштесiне былай деп жаз:
Бұл — «Аумин» деп те аталатын Мәсiхтен хабар. Ол шындықты жариялап, шейiт болған адал да шынайы Куәгер, әрi Құдайдың жаратылысының Билеушiсi.
15Мен iстерiңдi бiлемiн: сен салқын да емессiң, ыссы да емессiң. Не ыссы, не салқын болсаң ғой, шiркiн!
16Алайда ыссы да емес, салқын да емес, жылымшы болғаның үшiн сенi аузымнан түкiрiп тастамақпын!
17«Мен баймын, ауқаттымын, еш нәрсеге мұқтаж емеспiн», — дейсiң. Ал өзiңнiң шынында сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш, әрi соқыр екенiңдi бiлмейсiң!
18Саған рухани баюың үшiн отпен балқытылып тазартылған «саф алтынды» Менен сатып алуға кеңес беремiн. Масқара жалаңаштығың көрiнбес үшiн Менен «аппақ киiм» де алып, киiн. Сондай-ақ, көре алуың үшiн «көзге жағатын шипалы май» да сатып ал!
19Мен сүйетiндерiмнiң бәрiн әшкерелеп, тәртiпке шақырамын. Ендi ынталы болып, өкiнiп, терiс жолдан қайт!
20Мiне, Мен есiк алдына келiп, қағып тұрмын. Кiмде-кiм даусымды естiп, есiк ашса, Мен оның жан дүниесiне енiп, онымен бiрге «дастарқандас» боламын; ол да рухани нәр алып, Менiмен тығыз байланыста болады.
21Өзiмнiң жеңiмпаз болып, Әкеммен бiрге Оның тағында отырғанымдай, жеңiп шыққан әркiмдi Мен де қасыма, тағымның үстiне отырғызамын.
22Құлақтары барлар Киелi Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
Жаратқан Иенiң көкте мәңгiлiк дәрiптелуi
1Осыдан кейiн қарап қалсам, көкте ашылған есiктi көрдiм! Мен бұдан бұрын да естiген, керней үнiне ұқсайтын қатты дауыс маған: «Мұнда көтерiл, саған осыдан кейiн не болуға тиiс екенiн көрсетемiн», — дедi.
2Мен дереу Киелi Рухқа ерекше бөленiп, аян көрдiм: көкте бiр тақ тұрды, үстiнде Бiреу отыр екен.
3Отырғанның сырт көрiнiсi яспис, карнеол iспеттi асыл тастардай сәуле шашып, ал тақтың айналасын зүбәржаттай жалтыраған кемпiрқосақ қоршап тұрды.
4Тақты айналдыра жиырма төрт тақ бар екен, олардың үстiнде ақ киiмдi алтын тәж киген жиырма төрт ақсақал отырды.
5Тақтың тұсынан найзағайдың жарқылы, гүрсiлi және күркiрi шықты. Ал тақтың алдында жетi шырағдан жалындап жанып тұрды, олар Құдайдың жетi Рухының белгiсi.
6Тақтың алды мөлдiр кристалл iспеттi шыны теңiзге ұқсады.
Тақты қоршай, оның ортаңғы баспалдағында, денелерiнiң алды-артында көптеген көздерi бар төрт нөкер бар едi.
7Алғашқысы арыстанға, екiншiсi бұқаға, үшiншiсiнiң бетi адамның бетiне, ал төртiншiсi ұшып бара жатқан бүркiтке ұқсас екен.
8Әрбiреуiнiң алты қанаты болатын және тұла бойлары толған көздер едi. Олар күнi-түнi тоқтамастан: «Бүкiл әлемнiң Иесi — әрдайым болып келген, мәңгi бар және болашақта келетiн Құдай қасиеттi, қастерлi, киелi!» — деп сиынумен болды.
9Төрт нөкер тақта отырған, мәңгiлiк өмiр сүретiн Құдайға даңқ, құрмет көрсетiп, шүкiршiлiк еткен сайын,
10жиырма төрт ақсақал Оның алдына бас ұра жығылып, мәңгi тiрi Оған тағзым етiп, тәждерiн тақтың алдына ұсынды да:
11«Құдай Иемiз!
Сен ұлылық, құрмет пен билiкке лайықсың.
Өйткенi бүкiл әлемдi жаратқан Өзiңсiң;
Сенiң еркiңмен ол жаратылды және бола да бередi,
«Тоқтының» ақыр заманның билiгiн қабылдауы
1Содан кейiн тақ үстiнде Отырғанның оң қолынан екi жағына да жазу жазылып, жетi мөрмен бекiтiлген кiтапты көрдiм.
2Сол кезде бiр құдiреттi перiштенi де көрдiм. Ол қатты дауыспен: «Кiм мөрлердi бұзып, кiтапты ашуға лайық?» — деп жариялады.
3Алайда көкте де, жерде де, жер астында да кiтапты ашып, оның iшiне қарау билiгi бар ешкiм табылмады.
4Кiтапты ашып, оның iшiне қарауға лайықты ешкiмнiң табылмағандығына қатты қайғырып жыладым.
5Сонда ақсақалдардың бiреуi маған:
— Жылама, қара: Дәуiт патшаның әулетiнен, Яһуда руынан шыққан «Арыстан» жеңiске жеттi! Оның сол жетi мөрдi сындырып, кiтапты ашып, оқуға билiгi бар, — дедi.
6Мен қарасам, тақтың ортасында, айнала тұрған төрт нөкер мен ақсақалдар қоршаған «Тоқтыны» көрдiм. Ол құрбандыққа шалынғандай болып көрiндi. Оның жетi мүйiзi мен жетi көзi бар екен, бұлар бүкiл әлемге жiберiлген Құдайдың жетi Рухын бiлдiредi.
7Тоқты барып, тақта Отырғанның оң қолынан кiтапты қабылдады.
8Ол мұны қолға алған кезде төрт нөкер мен жиырма төрт ақсақал Тоқтының алдына бас ұра жығылды. Әрқайсысының қолында домбыраға ұқсас алтын аспап және түтетiлетiн хош иiстi заттарға толы алтын табалар болды. Ал хош иiстi заттар Құдай халқының айтқан мiнажаттарын бiлдiредi.
9Олар жаңа мадақтау жырын айтып былай дедi:
— Сен лайықсың кiтапты қолыңа алуға,
Мөрлерiн бұзып, оны ашуға!
Өйткенi Өзiңнiң құрбан болып, қаныңды төгуiң арқылы
Әрбiр ру, тiл, ұлт және халықтан шыққандардың
Төлемдерiн өтеп, Құдайға арнадың оларды.
10Осылай Құдайымызға бағышталған соларды
Жасадың дiни қызметкерлер патшалығы;
Жер бетiне олар билiк жүргiзетiн болады.
11Мен тағы да қарап, тақты, төрт нөкердi және ақсақалдарды қоршап тұрған мыңдаған, миллиондаған перiштелердi көрiп, үндерiн естiдiм.
12Олар қатты дауыспен әндетiп былай дедi:
— «Құрбандыққа шалынған Тоқты —
Билiк пен байлықты,
Даналық пен құдiреттi,
Құрмет, ұлылық пен дәрiптi
Қабылдауға әбден лайықты!»
13Көк пен жердегi, жер асты мен теңiздегi — яғни бүкiл әлемдегi әрбiр тiршiлiк иесiнiң былай деп ән салған даусын естiдiм: «Тақта Отырған және Тоқты дәрiптеу мен құрметке, ұлылық пен құдiретке мәңгi-бақи лайық!»
14Төрт нөкер: «Аумин», — деп жауап бердi. Ал жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, (мәңгi тiрi Жаратқан Ие мен Тоқтыға) тағзым еттi.
Ақыр заман туралы құжатты бекiткен мөрлердiң ашылуы
1Содан кейiн мен «Тоқтының» жетi мөрдiң бiрiншiсiн сындырып ашқанын көрдiм. Сол кезде төрт нөкердiң бiреуiнiң күннiң күркiрiндей дауыспен: «Аттан!» — дегенiн естiдiм.
2Қарап қалсам, алдымда ақ боз ат тұр екен. Ат үстiндегiнiң қолында садағы, басында жеңiмпаздың тәжi бар екен. Ол өзiнiң өктемдiгiн орнату үшiн елдердi жаулап алуға аттанды.
3Тоқты екiншi мөрдi сындырып ашқанда, екiншi нөкердiң де: «Аттан!» — дегенiн естiдiм.
4Сонда оттай қызыл ат шықты. Оған мiнгенге адамдар бiрiн-бiрi қырулары үшiн жер бетiндегi бейбiтшiлiктi жою билiгi берiлiп, үлкен семсер табыс етiлдi.
5Тоқты үшiншi мөрдi сындырып ашқанда, үшiншi нөкердiң де: «Аттан!» — дегенiн естiдiм. Қарасам, алдымда қара ат тұр екен. Үстiндегi салт атты қолына таразы ұстапты.
6Сонда мен нөкерлер жағынан шыққан: «Бiр күндiк еңбекақыға тек бiр қадақ бидай немесе үш қадақ арпа ғана берiлмек, ал зәйтүн майы мен шарапты бүлдiрме!» — деген дауысты естiдiм.
7Тоқты төртiншi мөрдi бұзып ашқанда, төртiншi нөкердiң де: «Аттан!» — дегенiн естiдiм.
8Қарасам, алдымда сұп-сұр қуқыл ат тұр екен. Оған мiнгеннiң есiмi «Өлiм», ал соңынан «О дүние» делiнгенi ерiптi. Осы екеуiне жердiң төрттен бiр бөлiгiне өктемдiк құрып, семсер, ашаршылық, iндет және жыртқыш аңдар арқылы құрту билiгi берiлдi.
9Тоқты бесiншi мөрдi сындырып ашқанда, құрбандық үстелiнiң астыңғы жағынан Құдайдың хабарын жариялап, сенiмдерiне адал қалғандары үшiн шейiт болғандардың жандарын көрдiм.
10Олар қатты дауыспен айғайлап: «Киелi де шынайы Билеушi! Әлi де қанша уақыт жер бетiндегi адамдарды соттамай, төккен қанымыздың құнын талап етпей жүресiң?» — дедi.
11Олардың әрбiреуiне (ақталу белгiсi ретiнде) ақ шапан жапты да: «Сендер сияқты шейiт болуға тиiстi қызметтестерiң мен бауырластарыңның саны толық болғанға дейiн бiраз уақыт тынышталып күте тұрыңдар», — дедi.
12Тоқты алтыншы мөрдi сындырып ашқанда қарасам, жер қатты сiлкiнiп, күн қалың қара жапқышпен жабылғандай түнекке, ал ай түгелдей қан қызыл түске айналыпты!
13Жұлдыздар қатты жел шайқағанда ағаш басынан құлап түсетiн, әлi пiспеген iнжiр жемiстерiндей жерге құлады.
14Аспан оралған бүктеме қағаздай ғайып болып, әрбiр тау мен арал өз орындарынан қозғала жөнелдi.
15Жердегi патшалар, ақсүйектер мен байлар, қол басшылары мен күштiлер және күллi құл-ерiктiлер үңгiрлерге және таудағы құздардың арасына тығылып қалды.
16Олар таулар мен құздарға жалбарынып: «Үстiмiзге құлап, бiздi тақта Отырғанның көзiнен таса қылып, Тоқтының қаһарынан жасыра көрiңдер!
17Олардың қаһарын шашатын күнi жеттi, ендi кiм соған төзе алады?!» — дедi.
Құдайдың өз халқын таңбалап, ерекше қамқорлыққа алуы
1Мұнан кейiн мен дүниенiң төрт бұрышында тұрып, жер бетiне, теңiзге, ағаштарға ешқандай жел соға алмастай етiп жердiң төрт желiн ұстаған төрт перiштенi көрдiм.
2Сол кезде күншығыстан келе жатқан, қолында мәңгi тiрi Құдайдың мөрi бар басқа бiр перiштенi де көрдiм. Ол Құдайдан жер мен теңiзге зақым келтiру билiгiн алған төрт перiштеге қатты дауыспен:
3«Бiз Құдайымыздың қызметшiлерiнiң маңдайына таңба салып болмайынша, жер бетiне, теңiзге және ағаштарға ешбiр зақым келтiрмеңдер!» — деп айқайлады.
4Мен маңдайларына Құдайдың таңбасы салынғандардың саны жүз қырық төрт мың екенiн естiдiм; олар Исраилдiң барлық руларынан едi.
5-8 Әрбiр рудан, яғни Яһуда, Рубен, Ғад, Ашир, Нафталим, Манаса, Шимон, Леуi, Исашар, Забулон, Жүсiп және Бунямин руларынан он екi мыңнан адамға таңба салынды.
Құдай алдында ақталғандардың орасан зор тобыры
9Содан соң қарасам, ешбiр адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды көрдiм. Олар әрбiр ұлттан, халықтан, тiлден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киiп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен.
10Осы тобыр қатты дауыспен былай деп мақтау айтты:
«Құтқарылу — тақта отырған
Құдайымыз бен Тоқтының билiгiнде!»
11Барлық перiштелер де, ақсақалдар мен төрт нөкер де тақты айнала тұрды. Олар тақтың алдында жерге бас ұра жығылып Құдайға:
12«Аумин! Дәрiптеу, ұлылық пен даналық,
Шүкiрлiк, құрмет, құдiрет пен билiк
Бiздiң Құдайға арналған мәңгiлiк! Аумин»,
13Мұнан кейiн ақсақалдардың бiрi маған:
— Ақ шапан киген мына адамдар кiмдер, олар қайдан келдi? — деген сұрақ қойды.
14— Мырзам, өзiңiз бiлесiз ғой, — деп жауап бердiм. Ол маған былай дедi:
— Бұлар зор қудалану кезеңiнен өткендер. Олар шапандарын Тоқтының төгiлген қанымен «жуып» аппақ қылды,
15сондықтан Құдай тағының алдында тұрып, Оған күнi-түнi киелi үйiнде қызмет етедi. Тақта Отырған олардың арасында бiрге тұрып, баспана болады.
16Ендi ешқашан да соларды аштық пен шөл азабы қинамайды, күннiң аптабы да күйдiрмейдi.
17Себебi тақтың ортасындағы Тоқты олардың бағушысы болып, «өмiр суының» бұлақтарына жетелейдi. Құдай солардың барлық көз жастарын сүртiп тастамақ.
Құдай халқының Оған сиынып айтқан мiнажаты
1Тоқты жетiншi мөрдi бұзып ашқан кезде көкте жарты сағат шамасында тыныштық орнады.
2Бұдан кейiн мен Құдай алдында тұрған жетi перiштенi көрдiм, оларға жетi керней берiлдi.
3Қолында хош иiстi заттарды түтетуге арналған алтын табасы бар өзге бiр перiште келiп, түтету үстелiнiң жанына тұрды. Оған молынан хош иiстi заттар берiлдi. Ол соларды Құдайдың бүкiл халқының айтқан мiнажаттарымен бiрге тақтың алдындағы алтын жалатқан түтету үстелiне Тәңiрге бағыштап қоюға тиiс едi.
4Сонда хош иiстi заттардың түтiнi Құдай халқының мiнажаттарымен бiрге перiштенiң қолынан көтерiлiп, Құдайдың алдына жеттi.
5Бұдан кейiн перiште хош иiстi заттар салынған табаны алып, түтету үстелiнен алынған шоққа толтырып, жерге лақтырып жiбердi. Сонда күн күркiреп, жаңғырықты, найзағай жарқылдап, жер сiлкiндi.
Адамзатқа Құдайдың қаһарын ескертетiн кернейлер үнi
6Сол кезде қолдарында кернейлерi бар жаңағы жетi перiште оларды тартуға дайындалды.
7Алғашқысы кернейлеткенде, қан аралас бұршақ пен от пайда болып, жерге жауды. Жер бетiнiң және ағаштардың үштен бiр бөлiгi мен көк шөптiң бәрi де өртенiп, жанып кеттi.
8Екiншi перiште кернейлеткенде, жалындап жатқан зәулiм таудай бiр нәрсе теңiзге лақтырылды. Теңiздiң үштен бiрi қанға айналып,
9ондағы тiршiлiк иелерiнiң үштен бiрi өлiп, кемелердiң де үштен бiрi қирады.
10Үшiншi перiште де кернейiн тартты. Сонда аспаннан шырақ сияқты лаулаған зәулiм жұлдыз өзендердiң үштен бiр бөлiгiне және су көздерiне құлап түстi.
11Сол жұлдыздың аты — жусан. Судың үштен бiр бөлiгi жусандай ащы болып, одан iшкен көптеген адамдар өлiп қалды.
12Төртiншi перiште кернейiн тартқанда, күннiң, айдың, жұлдыздардың үштен бiр бөлiгi зақымдалып, олардың үштен бiрiн қараңғылық басып, күннiң үштен бiр бөлiгi түн iспеттi қара түнекке айналды.
13Сонда мен аспанда ұшып жүрген бүркiттi көрiп, оның қатты дауыспен: «Қасiрет, қасiрет! Қалған үш перiште кернейлерiн тартқанда, күнәкар дүниеде өмiр сүргендердiң қасiретi қандай болмақ!» — дегенiн естiдiм.
1Бесiншi перiште кернейлеткенде, көктен жерге құлап түскен «жұлдызды» көрдiм. Оған (жындар тұратын) терең тұңғиық көзiнiң кiлтi берiлдi.
2Жұлдыз тұңғиықтың қақпасын ашқанда, одан үлкен пештен шыққандай қою түтiн шығып, содан күн көзi де, ауа да қараңғыланып кеттi.
3Түтiннен шегiрткелер шығып, жерге қонды. Оларға жердегi шаяндар iспеттi (залал тигiзу) күшi берiлiп,
4көк шөпке, басқа да ешбiр өсiмдiктер мен ағаштарға зақым келтiрмей, тек маңдайларында Құдайдың таңбасы жоқ адамдарды ғана жәбiрлеу бұйырылды.
5Алайда шегiрткелерге бұл адамдарды өлтiрмей, тек бес ай бойы азаптау еркi берiлдi. Олардың шаққаны адамды улы шаянның шаққанындай азаптап, қинайды.
6Осы бес ай iшiнде адамдар өлмек болса да, өле алмайды, өлудi қаншама аңсағанмен, ажал олардан қашып кететiн болады.
7Шегiрткелер ұрысқа дайын аттардай көрiндi. Бастарына алтын тәж секiлдi бiр нәрсе киiп, бет пiшiндерi адамға ұқсас болды.
8Олардың шаштары әйелдердiң шаштарындай, тiстерi арыстанның тiстерiндей,
9ал кигендерi темiр сауытқа ұқсас екен. Қанаттарынан шыққан шуы ұрысқа шапқан ат жеккен сансыз күймелердiң дөңгелектерiнiң дыбысындай едi.
10Шегiрткелердiң шаяндiкi сияқты құйрықтары мен улы тiстерi бар екен; оларға бес ай бойы адамдарды шағу еркi берiлдi.
11Тұңғиықтың перiштесi шегiрткелердiң үстерiнен патшадай билiк жүргiзедi екен. Оның еврейше, грекше аттарының мағынасы — «Құртушы».
12Бiр қасiрет өттi, ендi, мiне, тағы екеуi төнiп келедi!
13Алтыншы перiште кернейлеткен кезде Құдай алдында тұрған, алтын жалатқан түтету үстелiнiң төрт бұрышындағы мүйiздерiнен шыққан бiр дауысты естiдiм.
14Сол дауыс кернейi бар алтыншы перiштеге: «Ұлы Евфрат өзенiнiң жағасында байлаулы жатқан төрт перiштенi босат!» — деп бұйырды.
15Сонда дәл осы сағат, осы күн, осы ай, осы жылда (күнәкар) адамдардың үштен бiрiн өлтiруге дайындалған төрт перiште босатылып жiберiлдi.
16Олардың атты әскерiнiң санын естiдiм: екi жүз миллион шамасында едi.
17Аянымда көрген аттар мен салт аттылардың сырт көрiнiсi мынадай: үстерiнде оттай қызыл, қара көк және күкiрттей сары түстi қалқандары бар едi. Аттардың бастары арыстандiкiне ұқсап, ал ауыздарынан от-жалын, түтiн және күкiрт шығып жатты.
18Адамзаттың үштен бiрi аттардың ауыздарынан шыққан осы үш пәледен: от-жалын, түтiн және күкiрттен қырылып қалды.
19Аттардың күштерi ауыздарында да, құйрықтарында да бар едi. Себебi құйрықтары адамды шағып зақымдайтын басы бар жыландарға ұқсайтын.
20Ал сол пәлелерден өлмей, аман қалған адамдар өз қылықтарына өкiнiп, бас тарта қоймады. Олар жын-перiлерге, әрi алтын, күмiс, мыс, тас немесе ағаштан жасалған, не көре, не ести, не жүре алмайтын мүсiндерге табынып келгендерiне опық жеп, тәубеге келмедi.
21Сондай-ақ өздерiнiң кiсi өлтiрiп, сиқыршылықпен айналысып, азғындыққа салынып, ұрлық жасап күнәға батқандарынан да қайтпады.
Жоханның пайғамбарлық қызметiн жалғастыра алуы үшiн күшейтiлуi
1Мұнан кейiн көктен түсiп келе жатқан басқа бiр күштi перiштенi көрдiм. Ол бұлтқа оранған, ал басының үстiнде кемпiрқосағы бар едi. Бетi күндей жарқырап, аяқтары отты бағанаға ұқсады.
2Ол қолына жазуы бар, ашылған кiтапша ұстап тұрды. Оң аяғын теңiз бетiне, сол аяғын құрлық үстiне қойып,
3арыстанның ақырғанындай қатты айғайлады. Ол айқайлағанда, (Құдайдың тағындағы) жетi күн күркiрi үн қатып сөйледi.
4Олар сөйлеп жатқанда мен жазып алмақшы болдым. Алайда көктен маған: «Жетi күн күркiрiнiң айтқандарын жазбай, құпия ұста», — деген дауысты естiдiм.
5Содан кейiн мен бiр аяғымен теңiзде, бiр аяғымен құрлықта тұрғанын көрген перiште оң қолын көкке қарай көтердi.
6Ол аспан мен жердi, теңiздi және олардағы барлық нәрселердi жаратқан, мәңгi тiрi Тәңiрдiң атымен ант берiп, былай дедi: «Ендi еш кешеуiлсiз,
7жетiншi перiште кернейiн тартып, белгi берген кезде Құдайдың құпия жоспары жүзеге асады! Бұл Оның өз қызметшiлерi — пайғамбарларына алдын ала хабарлағанындай болмақ».
8Мен бұрын көктен естiген дауыс маған қайтадан тiл қатып: «Барып, теңiз бен құрлықта тұрған перiштенiң оң қолындағы ашылған кiтапшаны ал», — дедi.
9Сонда мен перiштеге барып, одан кiтапшасын беруiн өтiндiм. Ол маған: «Ал да, жеп қой. Ол қарныңа барғанда ащы, ал аузыңда балдай тәттi болады», — дедi.
10Мен перiштенiң қолынан кiтапшаны алып, жеп қойдым. Аузымда ол маған балдай тәттi болса, жұтқаннан кейiн iшiмдi қуырды.
11Мұнан соң маған: «Сен тағы да Құдайдың көптеген халықтар, ұлттар, тiлдер мен патшалар туралы хабарын жариялауға тиiссiң», — деген тапсырма берiлдi.
Мәсiхтiң куәгерлерiнiң қызметi мен тағдыры
1Содан кейiн маған аса таяқ сияқты өлшейтiн қамыс берiлiп, былай делiндi:
— Бар да, Құдайдың киелi үйi мен ондағы түтету үстелiн өлшеп, сол жердегi бас ұрып ғибадат етiп жатқандардың санын есепте!
2Алайда киелi үйдiң сыртқы ауласын өлшемей, есептен шығарып таста. Себебi Құдай оны Өзiне мойынсұнбаған басқа ұлттарға уақытша табыс еттi. Олар киелi қаланы қырық екi ай бойы табандарының астына таптайтын болады.
3«Бiрақ Мен Өзiмнiң екi хабаршымды тағайындаймын. Олар қайғырып, жаман киiнiп, сол бiр мың екi жүз алпыс күн бойы Менiң хабарымды жариялайтын болады».
4Екi хабаршы — «қос зәйтүн ағашы» мен әлем Иесiнiң алдында тұрған «қос шырағдан».
5Егер кейбiреу оларды жәбiрлемек болса, онда ауыздарынан от-жалын шашып, жауларын жалмап қояды. Оларға зиянкестiк жасағысы келгендер осылай құртылады.
6Екеуi Құдайдың хабарын жариялаған кездерiнде өз қалаулары бойынша жаңбыр жаумайтындай етiп аспанды жауып тастау, суды қанға айналдыру, жердi әр түрлi пәлелерге душар еткiзу билiктерi бар.
7Олар Мәсiхтiң хабарын түгелдей жариялап болғаннан кейiн тұңғиықтан шыққан бiр хайуан олармен соғысып, жеңiп шығып, өлтiредi.
8Екi хабаршының сүйектерi «үлкен қаланың» көшесiнде жатады. Екеуiнiң Иесi айқышқа шегеленiп, өлтiрiлген сол қаланы (яғни Иерусалимдi) астарлап «Содом» және «Мысыр» деп те атайды.
9Үш жарым күн бойы барлық ұлттардың, рулардың, тiлдердiң және нәсiлдердiң халықтары екi хабаршының мәйiттерiне қарап, қабiрге қоюға рұқсат бермейтiн болады.
10Олардың өлiмiне күнәкар дүниенiң адамдары шаттанып, тойлап, бiр-бiрiне сый-сыяпаттар жiбередi. Себебi осы екi пайғамбар күнәкар адамзатқа азап әкелген болатын.
11Бiрақ үш жарым күн өткеннен кейiн, Құдайдың өмiр беретiн демi олардың бойларына енiп, екеуi де орындарынан түрегелдi. Оларды көргендердiң бәрiн (де) зор үрей биледi.
12Екi пайғамбар көктен өздерiне үн қатып: «Мұнда көтерiлiңдер!» — деген дауысты естiдi. Дұшпандары қарап тұрған кезде олар бұлтпен көкке көтерiлiп кеттi.
13Дәл сол сәтте болған қатты жер сiлкiнiстен, қаланың оннан бiр бөлiгi талқандалып, жетi мың адам қырылды. Ал қалған халықты қатты қорқыныш билеп, олар көктiң Иесi — Құдайдың даңқын мадақтады.
14Екiншi пәле аяқталды, ендi үшiншiсi жақындап келе жатты.
Жетiншi керней
15Жетiншi перiште кернейiн тартқанда көктен: «Әлемдi басқару билiгi Жаратқан Иемiздiкi және Оның тағайындаған Патшасы Мәсiхтiкi! Ол мәңгiлiк билiк жүргiзетiн болады!» — деген қатты дауыстар шықты.
16Құдай тағының алдында өз тақтарында отырған жиырма төрт ақсақал жерге бас ұра жығылып, Құдайға тағзым етiп былай дедi:
17«Уа, бүкiл әлемнiң Иесi — әрдайым бар және мәңгi болып келген Құдай! Ұлы құдiретiңдi қолданып, Патшалық құрғаныңа ризашылығымызды бiлдiремiз.
18Саған мойынсұнбаған ұлттар ашу-ызаға кенелдi, алайда Сенiң қаһарыңды шашып, о дүниеге аттанғандарды соттайтын уақытың келдi. Сенiң қызметшiлерiңе — пайғамбарларың мен барлық халқыңа, Сенi құрметтейтiн үлкен-кiшiнiң бәрiне де сыйыңды берiп, ал жердi құртқандардың өздерiн құртатын кезiң жеттi.
19Сонда Құдайдың көктегi киелi үйi ашылып, ондағы келiсiм сандығы көрiндi. Найзағайлар жарқылдап, қатты дауыстар мен күн күркiрi естiлiп, жер сiлкiнiп, бұршақ қатты жауды.
Мәсiхтi жоюға тырысқан шайтанның жеңiлiсi
1Мұнан кейiн аспанда бiр керемет зор көрiнiс пайда болды: күн жамылған, аяғының астында айы бар, басына он екi жұлдыздан тәж киген бiр әйел көрiндi.
2Ол босанбақ болып, толғақтың ауруы мен азабынан айғай салды.
3Аспанда тағы басқа бiр керемет көрiнiс пайда болды: бұл жетi басты, он мүйiздi, әр басында тәжi бар оттай қызыл алып айдаһар екен.
4Ол құйрығымен аспандағы жұлдыздардың үштен бiрiн тартып алып, жерге қарай лақтырып жiбердi. Туысымен-ақ Баласын жеп қою үшiн айдаһар босанбақ болған әйелдiң алдында тосып тұрды.
5Сонда әйел Ұлын дүниеге келтiрдi, Ол болашақта күллi халықтарға қатаңдықпен билiк жүргiзетiн болады. Нәресте тезiрек Құдайға, Оның тағының алдына әкелiндi.
6Ал әйел Құдай алдын ала дайындап қойған айдаладағы бiр жерге қашып құтылды. Сол жерде әйелге бiр мың екi жүз алпыс күн бойы қамқорлық жасалатын болады.
7Сонда көкте соғыс бұрқ ете түстi. Михайл мен оның қол астындағы перiштелерi айдаһарға қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерiмен бiрге оларға қарсы шайқасты,
8бiрақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берiлмедi.
9Осылайша үлкен айдаһар — бүкiл әлемдi алдап келген әзәзiл, әрi шайтан есiмдi, ежелден берi келе жатқан абжылан көктен қуылып, бүкiл нөкерлерiмен қоса жер бетiне лақтырылды.
10Содан кейiн мен көктен шыққан қатты дауысты естiдiм. Ол былай дедi:
«Ендi Құдай (Өзiнiң халқын) құтқарды!
Ол құдiретiн көрсетiп, патшалық етiп, билiк жүргiзедi.
Оның тағайындаған Патшасы Мәсiх өктемдiк етедi!
Ал Құдай алдында күнi-түнi бауырластарымызға
Жала жауып келген шайтан
Көктен лақтырылып тасталды.
11Бауырластарымыз «Тоқтының» өз жанын құрбан етiп,
Қанын төгуiнiң арқасында
Және өздерiнiң Iзгi хабарды қабылдап,
Ашық мойындауларымен
Жеңiске қол жеткiздi.
Олар өз жандарын өлiмге қимайтындай
Аса қатты сүйген емес.
12Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердiң бәрi де!
Алайда жер мен теңiзде тұратындарға қасiрет!
Себебi әзәзiл төменге, сендердiң қастарыңа түстi.
Ол өз уақытының аз қалғанын бiлгендiктен қатты ашулы.
Шайтанның Құдай халқымен аяусыз күресуi
13Айдаһар өзiнiң жерге лақтырылғанын бiлгенде, Ұл баланы туған әйелдiң соңына түсiп, қудалай бастады.
14Сонда әйелге айдалада өзiне дайындалған арнайы орынға ұшып бару үшiн алып бүркiттiң қос қанаты берiлдi. Бұл жерде әйел үш жарым кезең бойы сол улы жыланнан қауiпсiз тұрып, Құдайдың қамқорлығында болады.
15Әйелдi сумен ағызып әкетiп, құрту үшiн абжылан аузынан үлкен өзен iспеттi су тасқынын лақ еткiзiп төгiп жiбердi.
16Алайда жер әйелге көмектесiп, аузын кеңiнен ашып, айдаһардың аранынан шыққан өзендi жұтып қойды.
17Айдаһар әйелге долданып, оның өзге де ұрпақтарымен — Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерiмен шайқасуға аттанды.
Теңiзден шыққан айуан
1Айдаһар теңiз жағасында тұрды. Сонда мен теңiзден шығып келе жатқан бiр айуанды көрдiм. Оның он мүйiзi, жетi басы бар едi, ал бастарында Құдайды балағаттайтын есiмдерi жазылыпты.
2Осы айуан қабыланға ұқсас, аяқтары аюдiкiндей, ал аузы арыстанның аранындай болатын. Айдаһар оған өз күшiн, тағын және зор бедел мен билiк бердi.
3-4 Айуанның бiр басы өлiмге шалынып, жарақаттанғандай көрiндi, алайда ол ажалды жарақатынан сауығыпты. Бүкiл әлем таңғалып, айуанның соңынан iлестi. Олар айуанға бедел мен билiк берген айдаһарға бас ұрып табынып: «Айуанға тең келер кiм бар? Онымен кiм шайқаса алады?» — деп, айуанға да құлшылық еттi.
5Айуанға өз ұлылығын марапаттап, Құдайды қорлайтын ауыз және қырық екi ай бойы әрекет ету билiгi берiлдi.
6Ол аранын ашып, Құдайды, Оның есiмiн, киелi үйiн және көкте мекендейтiндердi балағаттап қорлай бастады.
7Оған Құдайдың халқымен күресiп, жеңiп шығатын күш, сондай-ақ әрбiр ру, ұлт, тiл мен нәсiлдiң үстiнен билiк берiлдi.
8Жер бетiнде тұратын (күнәкар) адамзат түгелдей — құрбандыққа шалынған Тоқтының Мәңгiлiк өмiр кiтабына әлем жаратылмас бұрын есiмдерi енгендерден басқасының бәрi де — оған құлшылық ететiн болады.
9Құлағы барлар жақсылап тыңдасын:
10кiмге тұтқындалу бұйырылса, сол тұтқындалады, кiмге семсерден өлу бұйырылса, сол семсерден өлiм табады. Мұнда Құдай халқының төзiмдiлiгi мен сенiмдiлiгi қажет болады.
Құрлықтан шыққан айуан
11Содан кейiн мен жерден шыққан басқа бiр айуанды көрдiм. Оның Тоқтынiкi сияқты қос мүйiзi бар екен, бiрақ ол айдаһарша сөйледi;
12алғашқы айуанның алдында тұрып, оның бүкiл билiгiн жүргiздi. Ол күнәкар дүниенi және онда өмiр сүрушiлердiң бәрiн ажалды жарақаты жазылған алғашқы айуанға құлшылық еткiзiп,
13-14 зор кереметтер көрсетуге билiктi болды: тiптi адамдардың көз алдында көктен жерге от түсiрдi. Алғашқы айуанның алдында жасаған осы кереметтерi арқылы ол күнәкар адамзатты түгел алдап, азғырып терiс жолға салды. Оларға семсерден жарақаттанғанмен аман қалған алғашқы айуанның құрметiне мүсiн жасауды тапсырды.
15Екiншi айуанға осы мүсiнге өз рухын енгiзетiн күш-қуат берiлдi. Осылайша мүсiн тiптi сөйлеп, өзiне табынбайтындардың бәрiн өлтiрте алатын болды.
16Айуан барлық адамдарды: үлкендi-кiшiлi, бай-кедей, құл-ерiктiнi не оң қолын, не маңдайын таңбалауға мәжбүр еттi.
17Осы таңбасы жоқтар еш нәрсенi сатып ала да алмайды, сата да алмайды. Ол таңба — алғашқы айуанның есiмi яки есiмiнiң саны.
18Бұл парасаттылықты талап етедi. Зерек адамдар айуан есiмiнiң санын есептеп шығарсын. Себебi осы сан бiр адамның атын бiлдiредi: ол сан — алты жүз алпыс алты.
Тоқтыға ерiп, қауiптен аман жүрген Құдай халқы
1Мұнан кейiн қарасам, (Иерусалимдегi) Сион төбесiнде тұрған Тоқтыны және Оның қасында маңдайларында Тоқтының және Оның Әкесiнiң аттары жазылған жүз қырық төрт мың адамды көрдiм.
2Сонда мен сырылдап аққан көп судың даусындай, күннiң қатты күркiрiндей, көктен шыққан бiр дыбысты естiдiм. Ол жетiгенде ойнаған күйшiлердiң әсем сазындай едi.
3Тақ алдында және төрт нөкер мен ақсақалдардың алдында жаңа ән айтылды. Оны күнәларының құны өтелiп, күнәкар дүниеден азат етiлген жүз қырық төрт мың адам ғана үйрене алды.
4Олар Иемiзге деген адалдықтарын бұзбай, өздерiн пәк ұстаған едi. Тоқты қайда бармасын, олар Оған ерiп жүредi. Бұлар — Құдайға және Тоқтыға бағышталған алғашқы сый-тарту. Олар адамзат арасынан төлемдерi өтелiп, азат етiлгендер едi.
5Ауыздарынан өтiрiк сөз шықпайтын, мiнсiз болатын.
Адамзатты соттаушы Мәсiхтiң үкiмдерiн жүзеге асыратын нөкерлерiмен бiрге көрiнуi
6Мұнан кейiн мен аспанда, шыңырау биiкте ұшып бара жатқан ерекше бiр перiштенi көрдiм. Ол жер бетiнде Құдайға мойынсұнбай тұратындарға — әрбiр халыққа, руға, тiлге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгiлiк жеңiсi туралы Iзгi хабарды жариялап,
7қатты дауыспен:
— Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәрiптеңдер! Себебi Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жердi, теңiз бен су көздерiн жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым етiңдер! — дедi.
8Екiншi ерекше перiште оған iлесiп:
— Ол құлады: Ұлы Бабыл қаласы құлады! Ол күллi халықтарға өзiнiң жынды қылатын азғындығының «шарабынан iшкiзiп келдi!» — деп хабарлады.
9Алдыңғы екеуiне тағы үшiншi ерекше перiште ерiп, қатты дауыспен:
— Айуан мен оның мүсiнiне құлшылық етiп, маңдайына немесе қолына таңбасын қабылдаған
10әркiм де Құдайдың нағыз ашу-ызасының «шарабы» құйылған қаһарының «тостағанынан» iшетiн болады. Осылай iстегендердiң барлығы Құдайдың қасиеттi перiштелерi мен Тоқтының алдында сотталып, күкiртпен жанып тұрған отта азапталмақ.
11Олардың азабының түтiнi мәңгiлiк шығып жататын болады. Айуан мен оның мүсiнiне табынып, солардың есiмдерiнiң таңбасын қабылдағандарға күнi-түнi тыным болмайды».
12Мұнда Құдай халқы төзiмдiлiк көрсетсiн! Олар Тәңiрдiң өсиеттерiн ұстанып, Исаға нық сенулерi керек.
13Сол кезде мен көктен былай деген дауыс естiдiм:
— Мынаны жаз: Бұдан былай Жаратқан Иеге адал болып, жандарын қиғандар бақытты! — Киелi Рух үн қатып:
— Иә, олар өздерiнiң ауыр еңбегiнен кейiнгi демалыстың рақатын көрмек, қызметтерiнiң жемiсi олардан айырылмайды, — дедi.
14Содан соң қарасам, бiр нұрлы бұлтты көрдiм, оның басына алтын тәж киiп, қолына өткiр қол орағын ұстап, адам баласына ұқсайтын Бiреу отырды.
15Мұнан кейiн көктегi киелi үйден бiр ерекше перiште шығып, қатты дауыспен бұлт үстiнде отырған Билеушiге мынадай хабар жеткiздi: «Қол орағыңды пайдаланып, егiндi орып ала гөр. Жер бетiндегi егiстiк пiсiп тұр, ендi өнiмдi жинайтын уақыт болды».
16Сонда бұлт үстiнде отырған Билеушi жерге қарай орағын сiлтеп қалғанда, жердегi өнiм орыла кеттi.
17Көктегi киелi үйден тағы бiр ерекше перiште шықты, ол да қолына өткiр қол орақ ұстапты.
18Сонда отқа өктемдiк жүргiзетiн ерекше бiр перiште құрбандық үстелiнiң жанынан шыға келдi. Өткiр қол орағы бар перiштеге қатты дауыспен: «Жердегi жүзiм бұтасының шоқтарын өткiр орағыңмен орып ал! Олар пiсiп тұр», — деп айғайлады.
19-20 Перiште қол орағын жерге сiлтеп, жүзiм бұтасының шоқтарын кесiп алып, жүзiм шырынын сығып алатын орынға салды. Бұл Құдайдың төгiлетiн зор қаһарын астарлап бiлдiредi. Осылайша жүзiм шоқтары қаланың сыртындағы сығу орнында тапталып, одан тереңдiгi ат жалына жететiн, ал ұзындығы үш жүз шақырымдай қан тасқыны ағып шықты.
Құдайдың қаһарына толы жетi тостаған
1Аспаннан тағы басқа бiр таңғаларлық үлкен керемет көрiнiс көрдiм: Құдайға қарсы шыққандарды ең соңғы жетi пәлеге ұшырататын жетi перiште тұрды. Құдайдың қаһары осы пәлелермен толықтай жүзеге аспақ.
2Мен шыныдай мөлдiр отпен араласқан, жарқыраған алаңқай көрдiм. Оның жағалауында не айуанның мүсiнiне табынбаған, не оның атының санын қабылдамаған, осылайша айуанды жеңiп шыққандар тұр екен. Қолдарына Құдайды мадақтайтын жетiгендерiн ұстапты.
3Олар Құдайдың қызметшiсi Мұсаның жырын және Тоқты жөнiндегi жырды айтады:
«Бүкiл әлемнiң Иесi — Құдай,
Сенiң iстерiң ұлы да керемет!
Халықтардың Патшасы,
Сенiң жолдарың шынымен әдiл де дұрыс!
4Жаратқан Ие, кiм Сенен қорықпас?
Сенiң атыңның ұлылығын жариялаудан кiм бас тартпақ?
Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттiсiң!
Барлық халықтар Сенiң алдыңа келiп,
Бас ұрып ғибадат ететiн болады.
Себебi Сенiң әдiл үкiмдерiң айқын болды».
5Бұдан кейiн қарасам, киелi үйдiң — көктегi келiсiм шатырының — ашылып жатқанын көрдiм.
6Жарқыраған аппақ бәтестен киiм киiп, кеуделерiне алтын аспа бау таққан жетi перiште киелi үйден шықты. Жетi пәленiң билiгi соларда едi.
7Құдай тағының қасындағы төрт нөкердiң бiреуi жетi перiштеге мәңгiлiк жасайтын Құдайдың қаһарына толы жетi алтын тостаған бердi.
8Киелi үй Құдайдың хош иiстi түтiндей таралатын салтанатты ұлылығы мен құдiретiне кенелдi. Жетi перiште төгетiн жетi пәле аяқталғанша, ешкiм де киелi үйге кiре алмады.
Жетi тостағанның төгiлуi
1Сонда жетi перiштеге: «Барыңдар да, Құдайдың қаһарына толы жетi тостағанды жер бетiне төгiп жiберiңдер!» — деген, Киелi үйден шыққан қатты дауысты естiдiм.
2Бiрiншiсi барып, тостағандағысын жерге төгiп жiбердi. Сонда айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсiнiне табынғандарда жиiркенiштi де азапты, iрiңдi жаралар пайда болды.
3Екiншi перiште тостағандағысын теңiзге құйып жiбергенде оның суы өлген адамның қанындай қоюланып, теңiздегi күллi тiршiлiк иелерi өлiп қалды.
4Үшiншiсi тостағандағысын өзендер мен су көздерiне төгiп жiбергенде олар қанға айналды.
5Су атаулыға өктемдiк жүргiзетiн перiштенiң былай дегенiн естiдiм:
«Әрдайым бар және мәңгi болып келген
Қасиеттi Жаратқан Ие, Сен әдiлеттiсiң,
Шығарған осы үкiмдерiң де әдiл!
6Сол адамдар Сенiң халқыңның, пайғамбарларыңның
Қанын төккендiктен, оларға қан iшкiздiң:
Соларға осы лайық.
7Сонда мен түтету үстелi жағынан былай деген дауысты естiдiм:
«Бүкiл әлемнiң Иесi — Құдай,
Сенiң үкiмдерiң әдiлеттi де шынайы!»
8Ал төртiншi перiште тостағандағысын күнге төккенде, күн отты қызуымен адамдарды күйдiретiн болды.
9Олар қатты аптапқа күйiп, осы пәлелерге билiк жүргiзетiн Құдайдың атына тiл тигiздi. Алайда терiс жолдарынан өкiнiп қайтып, Оған лайықты құрмет көрсетпедi.
10Ендi бесiншi перiште тостағандағысын айуанның тағына құйып жiбергенде, оның патшалығын қараңғылық басты. Адамдар аурудан қатты қиналып, тiлдерiн тiстедi.
11Алайда олар өздерiнiң жаман қылықтарына өкiнiп қайтпай, аурулары мен iрiңдi жараларына бола көктегi Құдайға тiл тигiздi.
12Алтыншы перiште тостағандағысын ұлы Евфрат өзенiне құйып жiбердi. Сонда шығыстан келетiн патшаларға жол дайындап, өзен кеуiп қалды.
13Мұнан соң құрбақаға ұқсаған үш жын көрдiм. Олар айдаһардың, айуанның және жалған пайғамбардың ауыздарынан шықты.
14Үшеуi керемет iстер көрсететiн жын рухтары. Олар бүкiл жер бетiн аралап, күнәкар дүниенiң күллi патшаларын құдiретi шексiз Құдайдың ұлы соты күнiнiң шайқасына жинап әкеледi.
15(Мәсiх:) «Тыңда, ұрының қапыда түсетiнiндей Мен де күтпеген кезде келемiн. Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшiн сергек болып, (кiршiксiз пәк) киiмдерiн дайын сақтағандар бақытты!» — дейдi.
16Әлгi үш жын патшалардың бәрiн еврейше Һар-Магедон деп аталатын жерге алып келдi.
17Жетiншi перiште тостағандағысын ауаға төккенде, киелi үйдегi тақтан «Орындалды!» деген қатты дауыс шықты.
18Сонда найзағай жарқылдап, мықты гүрiл естiлiп, күн күркiреп, жер қатты сiлкiндi. Адамзат дүниеде өмiр сүргелi ешқашан мұндай жер сiлкiнiсi болып көрмеген едi: бұл барлығынан да қатты жер сiлкiнiсi болды.
19Содан ұлы қала үшке бөлiнiп, бүкiл елдердiң қалаларының да күл-талқаны шықты. Осылай ұлы Бабыл Құдай алдында ескерiлiп, қала Құдайдың «тостағанынан» — Оның қатты ашуы мен қаһарын бiлдiретiн «шарабынан» iшуге мәжбүр етiлдi.
20Барлық аралдар «қашып», ғайып болып, таулар жермен-жексен болды.
21Аспаннан адамдардың үстiне салмағы жүз қадақтай дәу тастар жауды. Сонда да олар қорқынышты пәле тас бұршақ жаудырғаны үшiн Құдайды балағаттап, тiлдедi.
Айуанға мiнген опасыз әйел
1Жетi тостағаны бар жетi перiштенiң бiрi қасыма келiп, маған былай дедi:
— Жүр, мен саған көптеген сулардың үстiнде отырған аты шулы опасыз әйелдiң сотталып, жазалануын көрсетейiн.
2Жер бетiндегi патшалар онымен азғындыққа түстi, күнәкар дүниенiң тұрғындары опасыз әйелдiң «шарабынан» мас болғандай, оның азғындығына мүлдем берiлдi.
3Киелi Рухқа ерекше бөленген менi перiште айдалаға апарды. Сол жерде бiр ал қызыл айуанның үстiнде отырған әйелдi көрдiм. Айуан жетi басты, он мүйiздi, ал тұла бойында Құдайды қорлайтын атаулар жазылған екен.
4Әйел алтынмен, қымбат тастар және iнжу-маржанмен әшекейленген, қара қошқыл және ал қызыл түстi киiм киiптi. Қолына өзiнiң жексұрын, былғаныш қылықтарын бейнелейтiн нәрселерге толы алтын тостаған ұстап отырды.
5Ал маңдайында
«Құпия: ұлы Бабыл,
Әлемдегi барлық опасыздық пен жексұрындық
Жасайтындардың анасы»
6Мен әйелдiң Құдай халқының қанынан мас болғанын көрдiм; ол Исаға адал болып қалғандықтан шейiт болғандардың төгiлген қанын iшкен едi. Әйелдi көргенде мүлде таңғалдым.
7Перiште:
— Сен неге таңғалдың? — деп сұрады. — Саған әйелдiң және оны көтерiп жүрген жетi басты, он мүйiздi айуанның құпия мәнiн айтып берейiн:
8сен көрген айуан бiр рет өмiр сүрдi. Ол қазiр өмiр сүрмесе де, түпсiз тұңғиықтан шықпақшы, ал кейiн ол құрып кетпек. Күнәкар дүниенiң тұрғындары әлемнiң жаратылған кезiнен-ақ Мәңгiлiк өмiр кiтабына есiмдерi жазылмаған адамдар — айуанға қарап, оның бiр рет өмiр сүрiп, қазiр өмiр сүрмей, ал кейiн қайтадан пайда болатынына қатты таңғалады.
9Бұл дана ой-сананы қажет етедi. Жетi бас әйел отырған жетi төбе. Олар, сондай-ақ, жетi патша да:
10бесеуi тақтан құлаған, бiреуi билiк құрып отыр, ал соңғысы әлi келген жоқ. Ол келгенде азғана уақыт билiк құратын болады.
11Бiр кезде өмiр сүрген, ал қазiр өмiр сүрмейтiн айуанның өзi сегiзiншi патша. Ол да әлгi жетеудiң сапында болып, құрып кетпек.
12Сен көрген он мүйiз — әлi патшалық құрмаған, бiрақ айуанмен бiрге бiр сағатқа патшалық билiк берiлетiн он патшаны бiлдiредi.
13Осы онның мақсаты бiреу-ақ: олар өздерiнiң күш-қуаты мен билiгiн айуанға аманаттап,
144 Тоқтыға қарсы соғысқа шығады. Бiрақ Тоқты оларды жеңiп шығады, себебi Ол «иелердiң Иесi, патшалардың Патшасы»! Оның қасындағылары — шақырылып, таңдалған, адал iзбасарлары.
15Перiште маған тағы да былай деп тiл қатты:
— Опасыз әйел үстiнде отырған, сен көрген сулар ұлттар мен халықтарды, нәсiлдер мен тiлдердi белгiлейдi.
16Сен көрген он мүйiз де, айуан да опасыз әйелдi жек көредi. Сондықтан оны елсiз дара, тыр жалаңаш қалдырып, талан-таражға салып, тәнiн жалмап, отпен тып-типыл етпек.
17Себебi Құдай олардың жүректерiне әсер етiп, өз мақсатын жүзеге асыртқызады: оларға өзара келiсiп, Құдайдың айтқандары iске асқанға дейiн өз билiктерiн айуанға аманаттау тiлегiн дарытты.
18Ал сен көрген әйел күнәкар дүниедегi патшаларға үстемдiк жүргiзетiн ұлы Бабыл қаласы.
Опасыз қаланың құртылуы
1Бұлардан кейiн көктен төмен түсiп келе жатқан бiр ерекше перiштенi көрдiм. Оның зор билiгi бар едi, салтанатының нұры бүкiл жердi жарқыратты.
2-3 Перiште қатты дауыспен:
— Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады!
Ол жындардың ордасы,
Әртүрлi арам рухтардың ұясы болды,
Бұдан былай арам, жексұрын құстардың
Барлық түрi оны қоныстанбақ:
Күллi ұлттар да оның жынды қылатын
Азғындығының «шарабынан» iшiп,
Дүниенiң патшалары онымен азғындыққа түсiп,
Әлемнiң саудагерлерi оның сән-салтанатты тұрмысы
Мен асып-тасқан молшылығынан байыды,
4Көктен былай деген басқа бiр дауысты да естiдiм:
— Одан шық, халқым Менiң, одан шық!
Әйтпесе оның күнәларына араласып,
Басына түсетiн пәлелерiн де бөлiсесiң.
5Себебi оның күнәлары көкке жетерлiктей көп,
Ендi Құдай оның әдiлетсiздiктерiн ескерiп, соттамақ.
6Басқаларға көрсеткен зорлық-зомбылықтарын
Өзiне көрсетiп, жаман қылықтарына сай
Екi есе қылып қайтарыңдар;
Оның басқаларға арнап араластырған
Өз тостағанындағы «шарабына» азғындықты
Екi есе қылып қосып өзiне дайындап берiңдер!
7Ол қаншама сән-салтанат пен молшылыққа
Кенелген болса, оған соншама көп
Азап пен қайғы-қасiрет тартқызыңдар!
Ол: «Мен тақта отырған ханыммын;
Жесiр емеспiн, қайғы-қасiрет те шекпеймiн!» — дейдi.
8Сол себептi бiр-ақ күннiң iшiнде мына пәлелерге:
Iндет, қайғы-қасiрет пен аштыққа
Ұшырап, отқа өртенбек.
Себебi оны соттаушы Құдай Ие құдiреттi.
Құдайсыз мәдениеттiң ақырын жоқтау
9Бабылдың азғындығы мен сән-салтанатты өмiр салтына араласқан жер патшалары оны құртып жатқан өрттiң түтiнiн көргенде жоқтау айтып, еңiреп жылайтын болады.
10Оның көрген азабынан зәрелерi ұшқан, олар қашықта тұрып былай деп жоқтамақ:
«Ой, бауырым, басыңа қаралы күн туды!
Ұлы, күштi Бабыл қаласы!
Бiр-ақ сағат iшiнде үкiмiң кесiлiп, iске асты!»
11Жер бетiндегi саудагерлер де жылап, оған жоқтау айтады, себебi ендi қайтып олардың дүниелерiн ешкiм сатып алмайтын болады.
12Олар алтын, күмiс, асыл тастары мен iнжу-маржандарын, қымбат ақ бәтес жiбек, қою күлгiн, ал қызыл маталарын, жұпар иiстi ағаштардың барлық түрлерiн, пiл сүйегi, қымбат ағаш, қола, темiр және мәрмәрдан жасалған алуан түрлi бұйымдарын,
13дәм қабығы мен өзге де дәмдеуiштерiн, түтетiлуге арналған мүр, ладан мен басқа да хош иiстi заттарын; сондай-ақ шарабы мен майын, ұны мен бидайын, iрiлi-ұсақты малдарын, аттары мен арбаларын, әрi құлдарын — иә, адам өмiрiнiң өзiн — саудаға салып келген болатын.
14«Сен сондай қатты ұнатқан жемiстерден ада қалдың, барлық байлығың мен сәулелi салтанатың да бiттi, ендi қайтып оларды таба алмайсың!» — дейдi олар.
15Бабылда осының бәрiмен сауда-саттық жасап, байып алғандар қаланың көрген азабынан зәрелерi ұшып, қашықта тұратын болады. Олар еңiреп жылап, жоқтау айтып былай дейдi:
16«Ой, бауырым, басыңа қаралы күн туды!
Ұлы қала!
Ол қымбат ақ бәтес, қою күлгiн, ал қызыл киiмдер киетiн,
Алтын әшекейлер, асыл тастар,
Iнжу-маржандарын тағынып,
Безенiп, жалт-жұлт ететiн!
17Соншама зор байлық,
Бiр-ақ сағат iшiнде құрып кеттiң-ау!»
Барлық кеме басшылары мен жолаушылары, теңiзшiлер мен теңiзбен күн көретiн өзгелер де алыста тұрып,
18оны құртып жатқан өрттiң түтiнiн көргенде: «Бұрын-соңды осы ұлы қаладай басқа қала болған емес!» деп айғайлап,
19бастарына күл шашып, өкiрiп жылап, жоқтау айтты:
«Ой, бауырым, ұлы қалаға қаралы күн туды!
Теңiз кемелерi барлардың бәрi де
Осы қаланың дәулетiмен байыған едi!
Оның бiр-ақ сағат iшiнде тас-талқан болғаны-ай!»
20«Көктегiлер, Құдай халқы,
Елшiлерi мен пайғамбарлары,
Бұған қуанып, шаттаныңдар:
Сендерге жасағандары үшiн
Құдай оны соттап жазалады!»
21Сонда бiр күштi перiште үлкен диiрмен тасындай дәу тасты алып, теңiзге лақтырып жiберiп, былай дедi:
«Мiне, осындай қатты екпiнмен
Ұлы Бабыл қаласы да жерге лақтырылып,
Жермен-жексен боп, ендi қайтып көрiнбейтiн болады!
22Бұдан былай ешқашан жетiген сазы мен адам даусын,
Сыбызғы, керней тартқандарды естiмейтiн боласың;
Ұсталар мен өнер шеберлерi сенде болмайды,
Диiрменнiң дыбысы да естiлмейдi;
23Ендi қайтып шам жарығын көрмейсiң;
Күйеу мен қалыңдықтың көңiлдi даусын да естiмейсiң!
Себебi сенiң саудагерлерiң әлемнiң мықтылары едi,
Сиқырлығыңмен күллi халықтарды алдап,
Азғындыққа салдың!
24Сондай-ақ пайғамбарлар мен Құдай халқының қаны,
Иә, жер бетiндегi барлық өлтiрiлгендердiң қаны
Осы қаладан табылды!»
1Бұлардан кейiн мен үлкен тобырдың дабырындай көктен шыққан дауысты естiдiм. Ол былай дедi:
«Жаратқан Иенi мадақтаңдар!
Құтқару, салтанатты ұлылық,
Құдiрет пен билiк Құдайымызда!
2Оның үкiмдерi шынайы да әдiл.
Ол азғындығымен жер бетiн бүлдiрген
Аты шулы опасыз әйелдi соттап,
Өз қызметшiлерiнiң төгiлген
Қанының құнын одан талап еттi».
3Олар тағы да былай деп айқайлады:
«Жаратқан Иенi мадақтаңдар!
Өртенген қаланың түтiнi мәңгi көтерiле бермек!»
4Жиырма төрт ақсақал мен төрт ұлы нөкер тағында отырған Құдайға бас ұра жығылып: «Аумин! Жаратқан Иенi мадақтаңдар!» — деп тағзым еттi.
«Тоқтының үйлену тойы»
5Мұнан кейiн тақ жағынан бiр дауыс шықты:
«Мадақтаңдар Құдайымызды,
Күллi қызметшiлерi Оның!
Дәрiптей берiңдер, Тәңiрiмiздi
Қастерлейтiн үлкен-кiшi барлығың!»
6Содан кейiн мен сарқырап аласұрған судың гүрiлi мен қатты күн күркiрiне ұқсас, үлкен бiр топтың үнiндей зор дауыс естiдiм. Олар:
Жаратқан Иенi мадақтаңдар!
Себебi бiздiң Құдайымыз —
Бүкiл әлемнiң Иесi билiгiн жүргiзуде!
7Шаттанып, қуанайық,
Оның ұлылығын мадақтайық!
«Тоқтының үйленетiн уақыты» жеттi,
Оның қалыңдығы әзiрленiп, дайын отыр.
8Оған кiршiксiз таза, жылтыраған
Ақ бәтес киiмдер берiлдi,
— деп айқайлады. Ал ақ бәтес киiмдер Құдай халқының әдiлеттi iстерiн бiлдiредi.*
9Содан кейiн перiште маған:
Мынаны жазып қой: «Тоқтының үйлену тойына» шақырылғандар бақытты! — дедi де: Бұл Құдайдың шынайы сөздерi, — деп қосты.
10Мен (аң-таң болып) аяғына жығылып, бас ұрмақ едiм, бiрақ ол маған: «Олай жасама! Мен өзiңмен және Исаның шынайы хабарын ұстанатын бауырластарыңмен бiрге қызмет етушiмiн. Қайта, Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — дедi. Себебi Исаның шынайы хабарын жеткiзу — пайғамбарлық сөз айтудың нағыз мәнiсi.
Жеңiмпаз Мәсiхтiң көрiнiп, қас жауларын құртуы
11Мұнан соң қарағанымда, көктiң ашылғанын және сонда тұрған ақ боз атты көрдiм; оның үстiнде Отырған «Адал да Ақиқат» деп аталады. Ол әдiлдiкпен үкiм кесiп, соғысқа шығады.
12Оның көздерi оттай жалындап, басына киген әлденеше патшалық тәждерi болды. Киiмiнде Өзiнен басқа ешкiм де мағынасын бiле алмайтын бiр Есiм жазылған едi,
13ал жамылғысы қанға батқан екен. Оның бiр атағы «Құдай Сөзi».
14Ақ боз атқа мiнiп, кiршiксiз таза ақ бәтес жамылғы киген көктiң әскерлерi Оның соңынан ерiп жүрдi.
15Аузынан шыққан, халықтарды шауып тастайтын өткiр семсерi бар екен. «Ол халықтарға қатаңдықпен билiк жүргiзетiн болады». Жүзiмдi қысып таптағанда шырынының ағып шығатыны сияқты, Ол құдiретi шексiз Құдайдың қаһарлы ашуын Оған бағынбағандардың үстерiне төккiзедi.
16Аттының жамылғысы мен санында: «Патшалардың Патшасы, иелердiң Иесi» деген атағы да жазылған.
17Содан кейiн мен күннiң бетiнде тұрған перiштенi көрдiм. Ол аспанда, шыңырау биiкте ұшып бара жатқан барлық жыртқыш құстарға зор дауыспен:
—?Құдайдың «ұлы тойына» жиналып келiңдер!
18Патшалардың, қол басшылар мен жауынгерлердiң, аттар мен үстiндегiлердiң, құл-азат, үлкендi-кiшiлi күллi адамдардың өлiктерiнiң етiн жеңдер! деп айқай салды.
19Сонда мен айуанды, дүниенiң патшаларын және олардың әскерлерiн көрдiм. Олар ақ боз ат үстiнде Отырғанмен және Оның әскерiмен шайқасуға жиналған екен.
20Алайда айуан және оған қызмет етiп кереметтер көрсеткен жалған пайғамбар екеуi де кенеттен тұтқынға алынды. Сол бiр таңғажайып кереметтер арқылы жалған пайғамбар айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсiнiне құлшылық еткендердi елiктiрiп, алдап жүрген болатын. Айуан мен жалған пайғамбар екеуi де күкiрт жанып жатқан, мәңгi сөнбейтiн отты көлге (тозаққа) тiрiдей лақтырылды.
21Ал басқалары ат үстiнде Отырғанның аузынан шыққан семсерiмен өлтiрiлiп, барлық жыртқыш құстар олардың өлiктерiнiң етiн жеп тойынды.
Мәсiхтiң мың жылдық Патшалығы
1Бұдан кейiн мен көктен түсiп келе жатқан, қолында түпсiз тұңғиықтың кiлтi мен ауыр шынжыр ұстаған перiштенi көрдiм.
2Ол айдаһарды ежелгi жыланды, яғни әзәзiл шайтанды — ұстап алып, оны мың жылға шынжырлап тастады.
3Ендi қайтып мың жыл өткенше халықтарды алдай алмауы үшiн перiште оны түпсiз тұңғиыққа лақтырып жiберiп, есiгiн кiлттеп, мөрмен бекiттi. Ал осы кезең өткеннен кейiн ол бiраз уақытқа босатылуға тиiс.
4Ендi мен тақтарды және үстiнде отырғандарды көрдiм. Оларға адамзатты соттап, үкiм кесу билiгi берiлiптi. Сондай-ақ Исаға адал болып, Құдайдың Iзгi хабарын жариялағандары үшiн шейiт болғандардың жандарын да көрдiм. Бұлар не айуан мен оның мүсiнiне табынған да жоқ, не айуанның таңбасын маңдайлары мен қолдарына қабылдаған да жоқ. Олар қайта тiрiлiп, Мәсiхпен бiрге мың жыл бойы патшалық құрды.
5Бұл «алғашқы қайта тiрiлу». Ал өлгендердiң қалғандары мың жыл өтiп кеткенше тiрiлген жоқ.
6Алғашқы қайта тiрiлуге қатысқан әркiм бақытты да қасиеттi! Мұндайларға «екiншi өлiм» билiгiн жүргiзбейдi. Керiсiнше, олар Құдайдың және Мәсiхтiң дiни қызметкерлерi болып, Мәсiхпен бiрге мың жыл бойы патшалық құрмақ.
Шайтанның бiржола күйреуi
7-9 Ал мың жыл өткеннен кейiн шайтан зынданынан босатылады. Ол дүниенiң төрт бұрышындағы халықтарға — Гог пен Магогқа барып, оларды алдап, шайқасқа жинауға ұмтылады. Олар теңiз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болады. Сонда дүние жүзiнiң түкпiр-түкпiрiнен келген осы тобыр Құдай халқының ордасы — Оның сүйiктi қаласын қоршап алады. Алайда көктен от-жалын түсiп, жауды жалмап қояды.
10Бұларды елiктiрiп алдаған әзәзiл күкiртпен жанып тұрған отты көлге (тозақ отына) тасталады; бұрын сол жерге айуан мен жалған пайғамбар да лақтырылған едi. Олар сонда күнi-түнi мәңгiлiк азап шегетiн болады.
Қиямет соты
11Бұдан кейiн мен үлкен ақ тақты және оның үстiнде Отырғанды көрдiм. Жер мен көк Оның қасынан қашып, оларға орын табылмады.
12Үлкендi-кiшiлi өлген адамдардың тақ алдында тұрғандарын байқадым. Кiтаптар ашылып, ерекше бiр кiтап Мәңгiлiк өмiр кiтабы да ашылды. Өлгендер сол кiтаптарда жазылған, өздерi тiрi кездерiнде жасаған iстерiне сай сотталды.
13Теңiзде қаза тапқандар да, жалпы ажалға ұшырап, о дүниеге аттанғандардың бәрi де қайта тiрiлiп, iс-әрекеттерi бойынша сотталды.
14Бұдан кейiн ажал мен о дүние тозақ отына лақтырылды. Тозақ оты «екiншi өлiм» деп те аталады.
15Кiмнiң есiмi Мәңгiлiк өмiр кiтабында жазылмаған болса, сол да тозақ отына лақтырылды.
Құдайдың өз халқымен бiрге жаңа көк пен жердi мекендеуi
1Содан соң жаңа көк пен жаңа жердi көрдiм. Себебi бұрынғы көк пен жер құрып кетiп, ендi қайтып теңiз де жоқ болыпты.
2Сонда мен көктен, Құдайдың қасынан түскен қасиеттi қаланы жаңа Иерусалимдi байқадым, ол күйеуiнiң алдынан шығуға безенiп киiнген қалыңдықтай дайындалған едi.
3Көктегi тақтан былай деген зор дауысты естiдiм: «Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы мекенi! Ол солармен бiрге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзi солармен бiрге мекендеп, олардың Құдайы болады!
4Ол барлық көздiң жастарын сүртiп тастап жұбатады. Ендi қайтып өлiм, жоқтау, зар еңiреу мен ауру болмайды. Себебi бұрынғы әлем құрып, жоқ болды».
5Сонда тақта Отырған:
— Ендi бәрiн де жаңадан жаратамын, — дедi. Ал маған қарап: — Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы! — деп қосты.
6Содан соң Ол былай дедi: — Ендi түгел орындалды! Алғашқы да Соңғы, Басы да Аяғы Менмiн. Жаны сусаған әркiмге шынайы өмiрдiң қайнар көзiнен суды тегiн iшкiземiн.
7Жеңiп шыққан әркiм осы игiлiктердiң бәрiне ие болады. Мен оған Құдай, ол Маған рухани бала болады.
8Алайда қорқақтар, сенiмсiздер, зұлымдар, кiсi өлтiргендер, азғындар, сиқыршылар, жалған тәңiрге құлшылық етушiлер мен бүкiл өтiрiкшiлердiң үлесi күкiрт жанып тұрған отты көл болмақ. Бұл — «екiншi өлiм».
Жаңа Иерусалимнiң көрiнуi
9Соңғы жетi пәлеге толы жетi тостағанды әкелген жетi перiштенiң бiреуi қасыма келiп:
— Жүр, мен саған «Қалыңдықты» — «Тоқтының үйленетiн әйелiн» көрсетейiн, — дедi.
10Сонда перiште менi Киелi Рухтың әсерiмен биiк те ұлы таудың басына алып шығып, маған қасиеттi Иерусалим қаласын көрсеттi. Ол көктен, Құдайдың қасынан түсiп,
11Оның нұрлы салтанатына кенелдi. Қала өте құнды асыл тасқа ұқсап, мөлдiр тастай айқын, яспис сияқты жалт-жұлт етiп жарқырап жатты.
12Оны өте биiк қабырға қоршап, он екi қақпасында он екi перiште тұрды. Қақпаларда Исраил халқының он екi руының аттары жазылған екен.
13Әр жақта үш қақпадан болды: шығыс, оңтүстiк, солтүстiк және батыста үшеуден.
14Қала қабырғасының он екi iргетасы да бар екен, оларға Тоқтының он екi елшiсiнiң есiмдерi жазылыпты.
15Маған тiл қатқан перiште қолына қаланы, оның қақпалары мен қабырғаларын өлшейтiн алтын таяқ ұстапты.
16Қала ұзындығы мен енi бiрдей төрт бұрышты болып салыныпты. Перiште таяғымен қаланы өлшегенде оның ұзындығы — он екi мың стади, енi мен биiктiгi де дәл сондай болды.
17Перiште қабырғаны да өлшеп шықты, ол жүз қырық төрт шынтақ екен. Перiште әдеттегi адамдар өлшемiн қолданды.
18Қабырға яспистен, ал қаланың өзi мөлдiр шыныға ұқсас саф алтыннан жасалыпты.
19Қала қабырғасының iргетастары әр түрлi асыл тастармен әшекейленген едi. Бiрiншi iргетасы яспис, екiншiсi сапфир, үшiншiсi агат, төртiншiсi алмас,
20бесiншiсi оникс, алтыншысы карнелиан, жетiншiсi сары кварц, сегiзiншiсi изумруд, тоғызыншысы топаз, оныншысы хрисопрас, он бiрiншiсi жақұт, он екiншiсi аметист едi.
21Он екi қақпасы — он екi iнжу-маржан: әр қақпа бiр маржаннан жасалыпты. Қаланың даңғыл көшесi мөлдiр шыныдай саф алтыннан салынған едi.
22Қаладан киелi үйдi көрмедiм. Себебi оның киелi үйi — бүкiл әлемнiң Иесi Құдай және Тоқты.
23Қалаға жарық түсiру үшiн күн мен айдың да қажетi жоқ: Құдайдың нұрлы салтанаты оны жарқыратады, әрi Тоқты да — оның шам-шырағы iспеттi.
24(Құтқарылған) халықтар оның нұрымен жүрiп, жер бетiнiң патшалары салтанатты тарту-таралғыларын қалаға әкелiп тұрады.
25Қала қақпалары күн ұзағына жабылмайды, ешқашан түн де болмайды.
26Халықтар қымбат салтанатты сый-тартуларын әкелiп, құрмет көрсетедi.
27Ал арамдардың, жексұрын қылықтар жасап, жалған айтатындардың ешқайсысы да қалаға кiрмей, тек Тоқтының Мәңгiлiк өмiр кiтабында есiмдерi жазылғандар ғана енетiн болады.
Жаңа пейiштегi өмiр суының қайнар көзi
1Перiште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдiр тастай жылтылдаған өмiр суының өзенiн де көрсеттi.
2Ол қала көшесiнiң ортасымен төменге қарай ағады. Өзеннiң әр жағасында өсiп тұрған мәңгiлiк өмiрдi сыйлайтын ағаш ай сайын, жылына он екi рет, жемiс бередi. Ал жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған.
3Қаладан қарғалған еш нәрсе де табылмайды. Құдай мен Тоқтының отырған тағы қаланың iшiнде. Қызметшiлерi Оған бас ұра қызмет етiп,
4бет-жүзiн көретiн болады. Маңдайларында Оның есiмi жазылып тұрмақ.
5Ендi ешқашан түн болмайды. Оларға шам-шырақ пен күн сәулесiнiң де қажетi жоқ, себебi Құдай Иенiң нұры түсiп тұрады. Олар мәңгi патшалық құрмақ.
Құдайдың хабарын берiк ұстануды ескерту
6Мұнан кейiн перiште маған: «Бұл сөздер сенуге тұрарлық нағыз шындық. Пайғамбарларға өз Рухын дарытқан Құдай Ие қызметшiлерiне жуырда болуға тиiстi оқиғаларды алдын ала көрсету үшiн перiштесiн жiбердi», — дедi.
7(Мәсiх:) «Мiне, Мен жуырда келемiн! Құдайдың осы кiтаптағы хабарларын ұстанатындар бақытты!» — деп ескерттi.
8Мен, Жохан, осыларды естiп, көрдiм. Естiп, көрiп жатқан кезде мен оларды көрсеткен перiштенiң аяғына бас ұрмақ болып жығылдым.
9Алайда ол: «Бұлай iстеме! Мен өзiңмен, саған бауырлас пайғамбарлармен, әрi осы кiтаптағы сөздерге мойынсұнатындармен бiрге қызмет етушiмiн. Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — дедi.
10Ол маған тағы да: «Құдайдың бұл кiтаптағы хабарларын мөрлеп бекiтiп, құпия ұстама! Себебi жүзеге асатын уақыты таяп қалды.
11Әдiлетсiздер әдiлетсiз iстерiн әлi де жасап, арамдар арамдықтарын iстей берсiн, ал әдiлдер әдiл iстерiн жалғастырып, қасиеттiлер әлi де қасиеттi бола берсiн», — дедi.
12Иемiз Иса маған тiл қатып: «Тыңда, Мен жуырда келемiн! Әркiмге iсiне қарай беретiн сыйымды Өзiммен бiрге ала келемiн.
13Алғашқы да Соңғы, Басы да Аяғы Менмiн.
14Шапандарын таза жуып, осылайша мәңгiлiк өмiр ағашының жемiсiн жеп, қақпалары арқылы қалаға ену құқығына ие болғандар бақытты!
15Алайда «иттер» — сиқыршылар, азғындар мен кiсi өлтiргендер, жалған тәңiрлерге құлшылық етiп, жалғандықты ұнатып, соларын жасай беретiндер қала сыртында (тозақта) қалады.
16Мен, Иса, осы хабарларды қауымдардағы сендерге жеткiзу үшiн перiштемдi жiбердiм. Мен Дәуiт патшаның әулетiнен шыққан, «таңғы жарық Жұлдызбын», — дедi.
17Киелi Рух пен Қалыңдық: «Келе гөр!» — деп шақырады. Мұны естiген әркiм де «Келе гөр!» десiн. Жаны сусаған әркiм сыйлық ретiнде шынайы өмiрдiң суын қабылдасын!
Құдайдың хабарын өзгертуден сақтандыру, соңғы уәде және ақ бата
18Құдайдың осы кiтаптағы хабарларын еститiндерге мұқият ескертемiн: кiмде-кiм оған бiр нәрсе қосса, соның жазасына Құдай осы кiтапта суреттелген пәлелердi қосып бередi.
19Ал кiмде-кiм Құдайдың хабары жазылған осы кiтаптың сөздерiнен бiр нәрсенi алып тастаса, Құдай осы кiтапта бейнеленген өмiр ағашының жемiсi мен қасиеттi қаладан иемденетiн оның үлесiн де алып тастайды.
20Осының бәрiн Растаушы былай дейдi:
— Бұл шындық, Мен жуырда келемiн! Аумин!
— Иемiз Иса, келе гөр!
21Иемiз Исаның рақымы бәрiңе де жауа берсiн! Аумин.