0


Жазба туралы мәлiмет

Алғашқыда бұл хат Мәсiх жолына түскен, грекше сөйлейтiн исраилдiктерге арналған болатын. Олар бұрынырақ ұстанған яһуди дiнiне қайтадан бет бұрып, Иерусалим ғибадатханасындағы дiни қызметке сүйене бастаған едi. Осы ғибадатхана б.з. 70 ж. қиратылғандықтан, хаттың сол уақыттан бұрын жазылғандығы анық. Хат иесiнiң есiмi берiлмеген. Жазбаның мазмұны мен мәнерiнен оның Пауыл елшiнiң серiгi Тiмотемен байланысып тұрғаны және қауымдар арасында абыройлы уағыздаушы болғаны анық көрiнiп тұр (13:18-19, 22-23).

Құдай Рухының жетелеуiмен осы хатты жазған ол Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының грекше аудармаларынан көптеген үзiндiлер келтiрiп, оқырмандарға перiштелерден, ежелгi пайғамбарлардан және леуiлiк дiни қызметкерлерден Иса Мәсiхтiң әлдеқайда мәртебелi екенiн көрсеткен. Көне келiсiмге сай шалынған құрбандықтардың күшi уақытша, ал Мәсiхтiң құрбандық өлiмiнiң игiлiктi нәтижелерi мәңгiлiк. Ол Өзiне сенгендерге көктегi киелi үйге, Құдай алдына, апаратын жолды ашып бердi. Бұған дейiнгi табыну рәсiмдерi жеткiлiксiз, тек жоба сияқты ғана едi. Ал Мәсiх олардың кемелдi түпнұсқасын алып келдi.

Хат иесi оқырмандарды Мәсiхке нық сенiп, қуғындалған күнде де мойымауға жiгерлендiредi. Оларға ежелгi исраилдiктердiң Мысырдан жаңа құтқарылған ұрпағының айдалада Тәңiрге қарсы бас көтергенiне бола қалай жазаланғанын ескертедi, сондай-ақ, Құдайға адал болған «сенiмнiң батырларын» естерiне салады. Осы заманғы сенушiлер де сол рухани батырлардай Тәңiрге толықтай бағышталып, күнделiктi өмiрлерiнде таза жүрулерi керек.

Iнжiл шарифтегi осы ерекше жазба — Көне және Жаңа келiсiмдердiң салыстырмасы — Құдайдың рақымын әкелушi ретiнде Мәсiхтiң қандай ұлы да теңдесi жоқ тұлға екенiн оқырманның көз алдында керемет суреттеген.

1

Құдайдың Өзiн адамзатқа анық түрде көрсетуi


1Өткен заманда Құдай әлденеше рет түрлi жолдармен өз хабарын ата-бабаларымызға пайғамбарлар арқылы жеткiзiп отырған.

2Ал осы соңғы заманда Ол бiзге хабарын Өзiнiң рухани Ұлын жiберiп жеткiздi. Сол арқылы әлемдi жаратып, Оны барлығының иесi етiп тағайындады да.

3Одан Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрiнедi: Ол — Тәңiрдiң болмысының дәлме-дәл сипаты. Ұл бүкiл әлемдi құдiреттi сөзiмен қолдап ұстап тұр. Өзiнiң құрбандық өлiмi арқылы күнәдан тазару жолын ашып бергеннен кейiн Ол көктегi Ұлылық Иесiне барып, Оның оң жағындағы ең құрметтi орынға жайғасты.

Мәсiх перiштелерден әлдеқайда жоғары


4Сонымен, иемденген Атағы перiштелердiкiнен қаншама жоғары болса, Ұлдың жолы да олардiкiнен соншама үлкен.

5Себебi Құдай перiштелердiң ешқайсысына да былай деп айтқан емес:

«Сен Менiң рухани Ұлымсың,


Бүгiн Әкең екендiгiмдi жарияладым».

«Мен Оған Әке, Ол Маған Ұл болады».


6Құдай осы дүниеге жолы бәрiнен де үлкен рухани Ұлын жiбергенде Ол туралы:

«Құдайдың күллi перiштелерi Оған тағзым етсiн!» —



7Перiштелер жайлы Киелi жазбада былай делiнген:

«Ол перiштелерiн жел секiлдi етедi,


Нөкерлерiн де от жалыны iспеттi».


8Ал Ұл туралы былай делiнген:

«Уа, Құдай, Сенiң тағың сақталады мәңгiлiк,


Жүргiзесiң Патшалығыңа әдiл билiк.


9Әдiлетсiздiктi жек көрiп, сүйесiң Сен әдiлдiк,

Сол себептен Сенi Құдай, өз Тәңiрiң, тағайындаған,

Қасыңда жүрген басқалардан гөрi Саған


Қуаныш пен құрмет сыйлады молынан».



10Ол туралы тағы да былай делiнген:

«Әуел баста Сен жердiң негiзiн салдың,


Ием, аспанды да өз қолыңмен жасадың.



11Аспан мен жер жойылады,

Ал Сен қалатын боласың,


Олар киiм-кешектей тозады,



12Көйлектей оларды ауыстырасың,

Шапандай бүктеп алып та қоясың,


Ал Сен мәңгiлiк өзгермейсiң де,


Өмiрiң ешқашан өшпейдi де».


13Ал ендi, Құдай қай кезде қай перiштеге:

«Мен Сенiң жауларыңды табаныңның астына


Салып бергенiмше ұзiң отыр оң жағымда!» —


14Перiште атаулы — қызмет көрсететiн рухтар ғана. Тәңiр Ие оларды мәңгiлiк құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жiбередi.

2

Бiздiң бiрден-бiр Құтқарушымыз — Мәсiх


1Сол себептi бiз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуiмiз үшiн Мәсiх туралы естiгенiмiзге мықтап ден қоюымыз керек.

2Құдайдың перiштелер арқылы (Мұсаға) жеткiзген Таурат заңын бәрi берiк ұстануға мiндеттi болды. Кiм оның ережелерiн бұзып, бағынбаса, сол әдiл жазасын тартты. Бұл осылай болған күнде,

3егер бiз сондай Құдай ұсынған керемет құтқарылуды елемесек, онда жазадан қалайша құтылмақпыз? Осы құтқарылуды алғашқыда Иемiздiң Өзi паш еткен едi. Бұл Iзгi хабарды құлақтарымен естiген куәгерлер кейiн соған бiздiң де көзiмiздi жеткiздi.

4Құдай Өзiнiң құдiретiн көрсетiп, түрлi таңғаларлық кереметтер мен ғажайып iстер жасау арқылы және Киелi Рухтың өз еркiне сай әркiмге үлестiрiп берген түрлi рухани дарындары арқылы да Iзгi хабар расталды.


5Бiз айтып отырған болашақ әлемдi Құдай перiштелердiң қол астына тапсырған емес.

6Қайта, Киелi жазбалардың бiр жерiнде осы туралы бiреу мынаны байыппен айтқан ғой:

«Өзiң ескеретiндей адам сонша кiм?


Сен қамқорлайтындай адам баласы кiм?



7Оны перiштелерден сәл төменiрек қойдың,

Даңқ пен құрметтi оған тәждей сыйладың,



8Бәрiн де оған бағындырып бердiң».

9Бiрақ Исаның азапты өлiм шеккенi үшiн Патша ретiнде ғаламат салтанат пен құрметке бөленгенiн көремiз. Ол бiраз уақыт перiштелерден төмен болып, Құдайдың рақымының арқасында күллi адамзат үшiн жанын қиды.


10Тәңiр көптеген адамдарды күнәдан құтқарып, Өзiнiң рухани балалары етiп, құрметке бөледi, ал оларға құтқарылу жолын салған Мәсiхтi азап шегуi арқылы кемелдiкке жеткiздi. Бүкiл әлемдi Өзi үшiн жаратқан Құдайға осы лайық едi.

11Адамдарды Оған бағыштаған Мәсiх те, сол адамдар да бiр Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсiх оларды бауырластарым деп атаудан ұялмайды.

12Ол алдын ала былай деген:

«Атыңды бауырластарыма бiлдiремiн,


Қауым жиынында Сенi дәрiптеймiн».


13«Мен Оған сенiмiмдi арта беремiн»

«Мiне, Мен және Тәңiр Маған


Сыйлаған (рухани) балаларым мұндамыз!»


14Тәңiрдiң рухани балалары ет пен сүйектен жаралғандықтан, Иса да ет пен сүйектен тұратын тәндi қабылдады. Осылайша Ол Өзiнiң құрбандық өлiмi арқылы өлiмнiң әмiршiсiн, яғни шайтанды, жеңiп шығып,

15өмiр бойы өлiмнен қорқып, шайтанның құлы болып жүрген адамдарды азат еттi.


16Себебi Мәсiх перiштелердiң емес, Ыбырайымның ұрпақтарының қамын ойлайды.

17Сондықтан Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиiс едi. Осылай Мәсiх Құдайға қызмет ететiн қайырымды да адал Бас дiни қызметкер болып, өз жанын халқының күнәларының құнын өтеу үшiн құрбандыққа қиды.

18Өзi азап шегiп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтiп жатқан бiзге де көмектесе алады.

3

Мәсiх Мұса пайғамбардан да әлдеқайда жоғары


1Бұл солай болғандықтан, бауырластарым, көктегi Құдайдың Өзiне бағыштап, қасиеттi болуға басқалармен бiрге шақырғандары — сендер, Мәсiх Исаға ден қойыңдар: Ол — Құдайдың Елшiсi және Бас дiни қызметкерi. Оған сенiм артқанымызды ашық мойындаймыз.

2Мұса пайғамбар Құдайдың бүкiл үйiндегi қызметiн адал атқарғанындай, Иса да Өзiн тағайындаған Құдайға адал болды.

3Ал салынған үйден гөрi үй салушы көбiрек құрметке лайық, сол сияқты Иса да Мұсаға қарағанда әлдеқайда зор құрметке ие.

4Әрбiр үйдiң салушысы бар, ал бәрiнiң де Жаратушысы — Құдай. (Сондықтан да Оның рухани Ұлы Мәсiх Мұсадан анағұрлым мәртебелi!)


5Мұса Құдайдың бүкiл үйiнде адал қызметшiсi болып, Оның кейiн жариялайтын хабарына меңзеп, ол туралы алдын ала айтып кеттi.

6Ал Мәсiх Құдайдың рухани Ұлы ретiнде Оның үйiн (яғни Құдай халқын) адал басқарады. Егер батылдығымызды және мақтан тұтып келген сенiмiмiздi берiк ұстансақ, бiз Соның рухани үйiмiз.

Сенiмнен таймай, жан тыныштығын қабылдауды ескерту


7Сондықтан Киелi Рухтың айтқандарына мән берiңдер:

«Ал бүгiн Тәңiрдiң даусын естiсеңдер,



8Ежелде айдалада сыналған кезде

Бас көтергенде iстегендерiң iспеттi

Қасарыстырмаңдар жүректерiңдi!»



9(Тәңiр олар туралы былай деген едi:)

«Қырық жыл ата-бабаларың сол жерде


Көрiп жүрсе де керемет iстерiмдi,


Еркiнсiп сынай бердi төзiмiмдi.



10Сол себептi бұл ұрпаққа ашуланып,

Мен былай деп қорытқан едiм:


Жүрек қалаулары терiс бағыттағы


Олар қабылдамады тағылымымды!


11Қаһарланып ант еттiм Мен сондықтан:

Тыныштық сыйлау үшiн Мен дайындаған


Елге кiрмейдi олар ендi ешқашан!»


12Бауырластар, сақ болыңдар: ешқайсың жүректерiңдi қасарыстырып сенбей, мәңгi тiрi Құдайдан безiп кетiп жүрмеңдер!

13Қайта, бiрде-бiреуiң күнәның кесiрiне бола алданып, қасарысып кетпеу үшiн, әлi де «бүгiн» деген мерзiм бiтпей тұрғанда, күн сайын өзара дем берiсiп отырыңдар!

14Шындықтың қайнар көзiн аяғына дейiн берiк ұстанғанда ғана Мәсiхпен тығыз байланысты болып, бiрге қызмет етемiз.

15Киелi жазбада осы туралы мынаған ұқсас жазылған ғой:

«Ал бүгiн Тәңiрдiң даусын естiсеңдер,


Бас көтергенде iстегендерiң iспеттi


Қасарыстырмаңдар жүректерiңдi!»


16Тәңiрдiң даусын естiсе де, Оған қарсы бас көтергендер кiмдер? Олар Мұса пайғамбарға ерiп Мысыр елiнен көшiп шыққандардың бәрi емес пе едi?

17Ал Құдай қырық жыл бойы кiмдерге ашуланды? Олар күнә жасағандықтан айдалада жүргенде өлiп, жерленген ата-бабаларымыз емес пе едi?

18Құдай кiмдер туралы «Мен тыныштық сыйлау үшiн дайындап қойған елге кiрмейдi бұлар ендi ешқашан!» деп ант еткен болатын? Оған мойынсұнбаған ата-бабаларымыз туралы емес пе едi?

19Ендеше олардың Тәңiрге сенбегендiктерiне бола сол елге кiре алмағанын көремiз.

4


1Құдайдың шынайы тыныштық сыйлайтын елге кiргiзу жайлы уәдесi әлi де күшiнде. Сол себептi бiрде-бiреуiңнiң осы мүмкiндiктi жiберiп алмауларың үшiн сақ болайық!

2Ата-бабаларымыз сияқты бiз де Құдайдың сыйлайтын тыныштығы туралы уәдесiн естiдiк. Олар бұл хабарды сенiммен қабылдамай, тек естiп қана қоя салғандықтан, оның пайдасын көрмедi.

3Ал сенiмiмiздi Мәсiхке артқан бiздер уәде етiлген тыныштықты иемденемiз.

Рас, Тәңiр былай деген болатын: «Сонда қаһарланып былай деп ант еттiм: Мен тыныштық сыйлау үшiн дайындап қойған елге кiрмейдi бұлар ендi ешқашан!» Ал Тәңiрдiң өз жұмысы әлемдi жаратып болған кезде-ақ тамамдалған едi ғой.

4Киелi жазбалардың бiр жерiнде жаратылыстың жетiншi күнi туралы былай делiнген: «Құдай жүргiзген жарату жұмысының бәрiн аяқтап, жетiншi күнi демалды».

5Алайда Құдай былай деген: «Мен тыныштық сыйлау үшiн дайындап қойған елге кiрмейдi бұлар ендi ешқашан!»

6Ендеше, ежелде Iзгi хабарды естiген ата-бабаларымыз Тәңiрге бағынбағандықтан сол тыныштыққа кiре алмады, ал өзге кейбiреулер үшiн кiру мүмкiндiгi әлi де сақтаулы.

7Сол себептi Тәңiр кейiн басқа бiр күндi белгiледi, ол күн — «бүгiн». Көп уақыт өткен соң Құдай бұл туралы Дәуiт пайғамбар арқылы былай дедi: «Ал бүгiн Тәңiрдiң даусын естiсеңдер, қасарыстырмаңдар сендер жүректерiңдi!»

8Егер кезiнде Ешуа пайғамбар халықты Құдай дайындап қойған шынайы тыныштыққа жеткiзген болса, онда кейiнiрек тыныштық сыйланатын басқа бiр күн туралы сөз болмас та едi.

9Мұның бәрi осылай болғандықтан, Құдайдың Өзi жетiншi күнi демалып тыныққаны сияқты, Оның халқы үшiн де шынайы тыныштыққа жету мүмкiндiгi әлi де бар.

10Жарату жұмысын тамамдаған соң Құдайдың тынығып демалғанындай, Оның дайындап қойған шынайы тыныштығына ие болған әркiм де өз бетiмен еңбектенуiн доғарып, тынығады.

11Сондықтан ешқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты бағынбаушылыққа бола сол тыныштықтан құр қалмау үшiн оны иемденуге жан сала ұмтылайық!


12Себебi Құдайдың сөзi тiрi, әсерi де күштi. Ол екi жүздi семсердiң қайсысынан да өткiр, бойымызға терең енiп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, iшкi дүниемiздегi ой-ниетiмiздi әшкерелеп, бағалайды.

13Құдайдан жасырын жатқан ешбiр жан иесi жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрiнiп тұр. Бiз Оның алдында есеп беруге тиiспiз.

Мәңгiлiк адал Бас дiни қызметкер


14Сонымен сенiмiмiздi берiк ұстанып, оны тапжылмастан мойындайық. Көкке көтерiлiп кеткен зор мәртебелi Бас дiни қызметкерiмiз — Құдайдың рухани Ұлы Иса бар.

15Ол бiзге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсiнбейтiн дiни қызметкер емес, қайта, өзiмiз сияқты әр түрлi сынақтан өтiп көрдi, бiрақ ешқашан күнә жасаған жоқ.

16Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына еш қысылмастан жақындап, өтiнiштерiмiздi бiлдiрейiк. Осылай көмекке мұқтаж кездерiмiзде Оның мейiрiмдiлiгi мен рақымына ие боламыз.

5


1Әдетте әрбiр бас дiни қызметкер пенделер арасынан таңдалып, олар үшiн Құдайға қызмет етуге тағайындалады. Оған арнап сый-тартулар ұсынып, адамдардың күнәларының құнын өтеу үшiн құрбандықтар шалады.

2Бас дiни қызметкер өзiнiң де пенделiк кемшiлiктерi бар болғандықтан, бiлмей тура жолдан адасып кеткендерге мейiрiмдiлiк көрсете алады.

3Сол себептен ол халық үшiн де, өзi үшiн де күнәның құнын өтейтiн құрбандықтар шалуға мiндеттi.


4Бас дiни қызметкер болу құрметiн ешкiм өз бетiмен иемденбейдi, оны Құдай белгiлейдi. Һарон да қызметiне осылай тағайындалған едi.

5Сондай-ақ Мәсiх те бас дiни қызметкер болу құрметiн өз бетiмен иемденген жоқ. Қайта, Құдай Оған:

«Сен Менiң рухани Ұлымсың,


Бүгiн Әкең екендiгiмдi жарияладым»


6Киелi кiтаптың тағы бiр жерiнде былай да делiнген:

«Мәлiксадықтай дiни қызметкерсiң,


Мәңгi сондай боп қала да бересiң!»


7Сонымен қатар Мәсiх жер бетiнде жүргенде Өзiн өлiмнен құтқаруға құдiретi жететiн Әкесiне қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгiп жалбарынды және Оған мойынсұнып, ұнамды болғандықтан тiлегенiне ие болды.

8Құдайдың рухани Ұлы бола тұра, Мәсiх ауыр азаптар шеккен кезiнде де Әкесiне мойынсұнуға үйрендi.

9Жүктелген тапсырмасын толық орындап шыққан Ол Өзiне мойынсұнғандардың барлығы үшiн мәңгiлiк құтқарылуға жол ашты.

10Құдайдың Өзi Мәлiксадықты тағайындағанындай, Мәсiхтi де Бас дiни қызметкер болуға белгiледi.

Сенiмнен таймас үшiн Құдайдың шындығын ұғу


11Бұл тақырып туралы тағы бiрталай нәрселердi айтқанымыз жөн болар едi, бiрақ оларды түсiндiру қиын, өйткенi сендер зейiн қойып тыңдамайтын болдыңдар.

12(Мәсiх жолына түскеннен бергi) кездерiңдi ескерсек, өзгелерге тәлiм берулерiң орынды болар едi. Керiсiнше, сендер әлi де Құдайдың хабарындағы ең бастапқы қарапайым тәлiмдi басқа бiреуден үйренуге мұқтажсыңдар. Өздерiңе «қатты тағамның» орнына әлi де «жұтатын сүт» керек!

13«Сүтпен» қоректенетiндер Құдай алдында ақталу туралы Iзгi хабарды әлi де не ұқпайды, не дұрыс қолдана да алмайды. Олар — рухани сәбилер.

14Тек рухани кемелiне келгендер ғана «қатты тағамдарды» жей алады. Байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да олар жақсы мен жаманды айыра бiледi.

6


1Сол себептi Мәсiхтiң Iзгi хабарының ең бастапқы тәлiмiн былай қойып, одан бетер жетiлу үшiн алға басайық. Тағы да ең негiзгi тақырыптарға: бiздi рухани өлiмге бастап әкететiн қылықтардан бас тартып, Құдайға сенiм арту жайында,

2шомылдыру рәсiмi мен қол қойып бата беру жөнiнде немесе өлгендердiң қайта тiрiлуi және мәңгiлiк үкiмделуi туралы тәлiмдерге тоқталғымыз келмейдi.

3Құдай қаласа, ендi әрi қарай жылжымақпыз.


4Себебi кейбiр адамдарды iстегендерiне өкiндiрiп, қайтадан Құдай жолына түсiру мүмкiн емес: бiр кезде жан дүниелерi Тәңiрдiң нұрынан ағарған едi. Олар Оның көктен жiберген сыйының дәмiн татып, Киелi Рухтан үлестерiн алды.

5Сондай-ақ, Құдай сөзiнiң игiлiгiнiң де, болашақ заманның құдiретiнiң де дәмiн татып көрген болатын.

6Алайда кейiнiрек олар тура жолдан безiп кеттi! Мұндай адамдар өз ерiктерiмен Құдайдың рухани Ұлын тағы да айқышқа шегелеп тастағандай жұрттың мазағына айналдырып жүр. Мұндай жағдайда оларды Құдай жолына қайтару мүмкiн емес.


7Жиi жауған жаңбырмен шөлiн қандырып, өзiн өңдеп, баптағандардың игiлiгi үшiн өнiмiн берген жердi Құдай жарылқайды.

8Ал тiкен мен ошаған шығаратын жер Оған пайдасыз, көп ұзамай Оның қарғысына ұшырамақ! Ақырында мұндай жер өртеледi.


9Ал, қымбатты бауырластарым, осыларды айтқанмен, сендердiң бұдан жақсырақ жағдайда екендiктерiңе, яғни құтқарылуларыңды берiк ұстанғандарыңа көзiмiз жеттi.

10Құдай әдiлетсiз емес. Ол жасаған игi iстерiңдi, өз адамдарына берген, әлi де берiп жатқан көмектерiң арқылы Өзiне де көрсеткен сүйiспеншiлiктерiңдi ешқашан есiнен шығармайды.

11Әрқайсыларыңның үмiттерiңдi соңына дейiн берiк ұстануларың үшiн де осындай ынта-жiгер танытқандарыңды аңсап тiлеймiз.

12Жiгерсiз болуларыңды қаламаймыз, керiсiнше, сенiм мен шыдамдылық көрсетiп, уәде етiлген игiлiктердi иемденгендерден үлгi алыңдар!

Құдайдың уәделерiне толық сенуге болады


13Өзiнен жоғары ешкiм тұрмағандықтан, Құдай Ыбырайымға уәде бергенде Өзiнiң атымен ант етiп,

14былай дедi: «Саған ақ батамды шүбәсыз үйiп-төгiп бере отырып, сенiң ұрпақтарыңды сансыз көбейтемiн».

15Осылай Ыбырайым шыдамдылықпен күтiп, Құдайдың уәде еткендерiне ие болды.


16Адамдар өздерiнен жоғарының атымен ант бередi. Сол арқылы айтқандарын бекiтiп, күллi дау-дамайларын доғартады.

17Сондықтан Өзiнiң уәдесiн иемденетiндерге алға қойған мақсатының мызғымас екенiн өте айқын көрсеткiсi келгенде, Құдай да айтқандарын антпен бекiттi.

18Осылайша бiз бұл екi мызғымас негiзге (Оның уәдесi мен антына) сүйенiп, олардан зор күш-жiгер аламыз. Себебi Құдайдың өтiрiк айтуы еш мүмкiн емес. Бiзге ұсынылған осы үмiттен күдер үзбей, Одан пана таптық.

19Бұл үмiтiмiз берiк зәкiр сияқты жанымыздың сенiмдi сүйенiшi, ол көктегi киелi үйдiң iшiндегi «шымылдықтың артында» Құдайдың Өзiмен бекiтiлген.

20Сол жерге Иса Мәсiх Өзi кiрiп, осы арқылы бiзге де сонда кiруге жол ашты. Ол — Мәлiксадық сияқты тағайындалған мәңгiлiк Бас дiни қызметкерiмiз.

7

Мәлiксадықтың дiни қызметi


1Сол Мәлiксадық Салим қаласының патшасы, Алла Тағаланың дiни қызметкерi болатын. Ыбырайым әлденеше патшаларды жеңiп, ұрыстан оралып келе жатқанда Мәлiксадық оған жолығып, батасын бердi.

2Сонда Ыбырайым қолындағы бар мал-мүлiктiң оннан бiр бөлiгiн (құдайы садақа етiп) оған тастап кеттi. Мәлiксадық есiмiнiң мәнiсi «әдiлдiк патшасы» болса, «Салимның патшасы» — «Тыныштық пен амандық патшасы» дегендi бiлдiредi.

3Мәлiксадықтың әке-шешесi, шыққан тегi және өмiр сүрген уақытының бас-аяғы туралы ешбiр мәлiмет берiлмеген. Сол жағынан ол мәңгi-бақи дiни қызметкер болып қалатын Құдайдың рухани Ұлына ұқсайды.


4Мәлiксадықтың мәртебесiнiң қандай жоғары екенiн ойлап көрiңдер: тiптен түп атамыз Ыбырайым түскен олжасының оннан бiр бөлiгiн оған бердi.

5(Ыбырайымның шөбересi) Леуiнiң тұқымынан шыққан дiни қызметкерлер Құдайдың өсиетiне сай өз бауырластары — Исраил халқының жалпы түсiмiнiң оннан бiр бөлiгiн алып отырады. Бұлардың да Ыбырайымнан тарағандықтарына қарамастан, леуiлiктер олардан әлгi бөлiктi жинап келедi.

6Ал Мәлiксадық Леуi руынан шықпаса да, Құдайдың уәдесiн алған Ыбырайымның түсiмiнiң оннан бiр бөлiгiн иемденiп, оған батасын бердi.


7Бата алғаннан бата бергеннiң дәрежесi, сөзсiз, жоғары.

8Оннан бiрiн жинайтын леуiлiк дiни қызметкерлер күндердiң күнiнде өлетiн пенделер ғана, ал Мәлiксадықтың тiрi екендiгi туралы мәлiмет берiлген.

9Ыбырайымның Мәлiксадыққа қолындағысының оннан бiрiн беруi арқылы кейiнiрек халықтан түсiмiнiң оннан бiрiн жинайтын Леуi руы туралы да оған құдайы садақа бердi деп айтуға болады.

10Себебi Леуi руы Мәлiксадықпен кездескен атасы Ыбырайымнан тарағандықтан, соның iстегендерiнiң нәтижесi бұларға да қонды. (Сондықтан да Мәлiксадықтың дiни қызметкер ретiндегi дәрежесi Леуi руынан шыққандардан әлдеқайда жоғары.)

Иса Мәсiхтiң Бас дiни қызметкерлiгi


11Таурат заңы Исраил халқына леуiлiктердiң дiни қызметiнiң негiзiнде берiлдi. Егер осылардың қызметi көзделген мақсатқа қол жеткiзген болса, онда Мәлiксадық iспеттi басқа дiни қызметкердiң тағайындалуының қажетi болмай, (Леуiнiң ұрпағы) Һароннан тараған дiни қызметкерлер де жетiп жатқан болар едi. Алайда олардың қызметi жеткiлiксiз болды.

12Ал дiни қызметте өзгерiстер болса, онда Таурат заңының да өзгертiлуi керек.

13Сол секiлдi, осы айтылғандарға қатысы бар Мәсiхтiң Өзi бiрде-бiр дiни қызметкер шықпаған басқа рудан едi:

14Иемiздiң Яһуда руынан шыққандығы белгiлi. Сол рудың дiни қызметi туралы Мұса пайғамбар еш нәрсе айтпаған болатын.


15(Ал леуiлiктердiң дiни қызметi адамдарды рухани мақсатына жеткiзе алмай келдi.) Бұл жайт Мәлiксадық iспеттi басқа бiр дiни қызметкердiң тағайындалуы арқылы бұрынғыдан бетер анық болып тұр.

16Ол — адам ретiнде Таурат заңында жазылған шығу тегiне қатысты ережеге сай болғандықтан емес, бойында сарқылмас құдiреттi өмiр болғандықтан дiни қызметкер.

17Себебi Киелi жазбада:

«Мәлiксадықтай дiни қызметкерсiң,


Мәңгi сондай боп қала да бересiң!»


18Сонымен бұрынғы заң күшсiз, пайдасыз болғандықтан ережелерi iстен шықты.

19Мұса арқылы берiлген сол заң еш нәрсенi де кемелдiлiкке жеткiзе алған жоқ. Ал қазiр бұрынғыдан гөрi жақсы үмiтiмiз бар: сол бойынша бiз шынымен Құдай алдына барып, Оған сиына аламыз!


20-21 Сонымен қатар, Құдай Мәсiхтiң дiни қызметкерлiгiн тiптi антпен растады. Леуiлiк дiни қызметкерлерге Ол ант берген жоқ, ал Мәсiх дiни қызметкер болып тағайындалғанда Құдай Оған ант бердi. Бұл туралы былай делiнген:

«Жаратқан Ие былай деп ант берген едi,


Онысын ешқашан да өзгертпейдi:


Сен дiни қызметкерсiң,


Мәңгi сондай боп қала да бересiң!»


22Осы арқылы Иса бiз үшiн бұрынғыдан гөрi жақсы Жаңа келiсiмнiң кепiлi.


23Тағы бiр айырмашылық бар: Көне келiсiм тұсында бiр-бiрiнiң орнын басқан көптеген дiни қызметкерлер болды. Барлығы да ажалы жеткенде қызметiнде қала алмады.

24Ал Иса мәңгi-бақи жасайтындықтан, Оның дiни қызметi де өткiншi емес.

25Сол себептен Ол Өзi арқылы Құдайға сиынғандардың бәрiн толықтай құтқара алады. Иса мәңгi өмiр сүрiп, олар үшiн өтiнiш жасайды.


26Бiзге дәл сондай: қасиеттi де кiнәратсыз, кiршiксiз, күнәкарлардан аластатылып, аспаннан да жоғары, Құдайдың қасына көтерiлген Бас дiни қызметкер қажет!


27Иса бұрынғы бас дiни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларын өтеу үшiн, сонан соң халықтың күнәсы үшiн құрбандық шалуға тиiстi емес. Ол айқышта өлгенде Өзiн бiржола құрбан еттi.

28Таурат заңы бойынша пенделiк кемшiлiктерi бар адамдар бас дiни қызметке тағайындалып келедi. Ал сол заңнан кейiн Құдайдың өз антымен бекiтiлген сөзi бас дiни қызметке Өзiнiң рухани Ұлын тағайындады. Ол — мәңгiлiк, еш кемшiлiксiз кемелдi.

8

Жаңа келiсiмнiң негiзiн салған Бас дiни қызметкерiмiз


1Айтып жатқандарымыздың ең бастысы мынау: көкте бiздiң Бас дiни қызметкерiмiз бар; Ол тағына жайғасқан Ұлылық Иесiнiң оң жағындағы құрметтi орнында отыр.

2Сол жерде Ол адам баласы емес, Жаратқан Иенiң Өзi көкте тұрғызған шынайы киелi үйде қызметiн атқарып жүр.


3Әрбiр бас дiни қызметкер Құдайға сый-тарту мен құрбандық жасау үшiн тағайындалады. Сол сияқты бiздiң Бас дiни қызметкерiмiздiң де Құдайға ұсынатын құрбандығы болуға тиiс едi.

4Егер Ол жер бетiнде қалса, дiни қызметкер бола алмас та едi. Себебi Таурат заңы бойынша ғибадатханада құрбандық жасайтын арнайы дiни қызметкерлер бар.

5Бұлардың құлшылық етуi көктегi рухани қызметке ұқсағанмен, онымен бiрдей емес. Мұса киелi шатырды дайындауға кiрiскенде Құдай оған: «Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетiлген үлгiге сай жасайтын бол!» — деп ескерттi ғой.


6Ал Исаға жер бетiндегi дiни қызметкерлердiң мiндетiнен анағұрлым жоғары қызмет тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрi жақсы келiсiмге жол ашты. Бұл Құдайдың ерекше игiлiктi уәделерiне негiзделген.

7Егер бұрынғы келiсiм ешбiр кемшiлiксiз болған болса, онда өзгесiн жасаудың керегi болмас та едi.

8Алайда Еремия пайғамбар халқының айыбын бетiне басқанда былай деген:

«Жаратқан Ие мынаны айтады:


Мен Исраил және Яһуда халқымен


Жаңа келiсiм жасайтын күн туады.



9Бұл келiсiм Мен олардың ата-бабаларын

Қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда


Солармен жасаған келiсiмiммен бiрдей болмайды.


Олар бұл келiсiмiме адал болмағандықтан


Ықыласымнан айырылды дейдi Жаратқан.



10Ал Менiң Исраил халқымен кейiнгi заманда

Жасайтын келiсiмiм мынадай болмақ:


Мен тағылымымды ой-саналарына құямын,

Олардың жүректерiне жазып та қоямын.

Сонда Мен олардың Құдайы болам,


Ал олар өз халқым болады дейдi Жаратқан.



11Сонда ешкiмге замандасы мен ағайынына:

Жаратқан Иенi таныңдар жақыннан


Деп үйретудiң қажетi болмайды да.


Өйткенi үлкендi-кiшiнiң барлығы да


Менi бiлетiн болады жақыннан.



12Мен әдiлетсiз қылықтарын олардың

Рақымшылықпен кешiретiн боламын,


һәм жасаған күллi күнәларын


Бұдан былай есiме түсiрмейтiн боламын».


13Ендеше Құдай «Жаңа келiсiм» дегенде бұрынғысының ескiргендiгiн бiлдiрдi. Ал ескiрiп, көнерген нәрсе көп ұзамай күшiнен айырылып, жойылмақ.

9

Көне және Жаңа келiсiмдерге сай жасалған құрбандықтар


1Бұрынғы келiсiмге сай Құдайға құлшылық ету үшiн арнайы ережелер және жер бетiндегi қасиеттi ғибадат орны болды.

2Киелi шатыр тiгiлiп, оның «қасиеттi бөлме» деп аталған алдыңғы бөлiмiнде шам қойғыш, үстел және соның үстiнде сый-тарту ретiнде ұсынылған нандар тұратын.

3Ал шатыр iшiндегi шымылдықтың артында «ең қасиеттi бөлме» деп аталған киелi орын болатын.

4Сол жерде тұтастай алтынмен қапталған үстел және келiсiм сандығы орналасқан едi. Сол үстелдiң үстiнде Құдайға арнап хош иiстi заттар өртелiп түтетiлетiн. Ал сандықтың iшiнде келiсiмнiң куәлiктерi: манна деген керемет тағам салынған алтын құмыра, Һаронның бүр жарған таяғы және он өсиет жазылған екi тас тақтайша сақталатын.

5Құдайдың салтанатты ұлылығы қонатын сол сандықтың үстiнде керуб атты екi перiштенiң мүсiндерi тұратын. Олардың жайылған қанаттары сандық қақпағын жауып тұрды. Сол қақпаққа халықтың күнәсын өтеу үшiн жыл сайын шалынған құрбандықтың қаны бүркiлетiн. Алайда мұны қазiр егжей-тегжейлi айтып жатудың қажетi жоқ.


6Осылай жабдықталған киелi үйдiң алдыңғы бөлмесiне дiни қызметкерлер күн сайын кiрiп, Құдайға құлшылық етедi.

7Ал екiншi, ең қасиеттi бөлмесiне тек бас дiни қызметкерге ғана жылына бiр-ақ рет енуге болады. Сол кезде ол өзiнiң және халықтың бiлмей жасаған күнәларын өтеу үшiн шалынған құрбандықтың қанын ала кiруге тиiстi.


8Киелi Рух осы арқылы бiзге мынаны бiлдiредi: киелi үйдiң алдыңғы бөлiмi әлi де бар болып тұрғанда, ең қасиеттi бөлiмге (яғни Құдай алдына) апаратын жол ашық емес.

9Бұл осы замандағы жайттың бейнесi! Құдайға ұсынылатын сый-тартулар мен құрбандықтар Оған сиынатын адамдардың ар-ұжданын күнәларынан түпкiлiктi арылта алмайды.

10Мұндай iшiп-жеу және түрлi тазару рәсiмдерi сияқты сыртқы дәстүрлерге байланысты ережелер Жаңа келiсiм ендiрiлген кезге дейiн ғана күшiнде болды.

Мәсiхтiң Жаңа келiсiмдi бекiтiп, төгiлген қаны


11Ендi мiне, Бас дiни қызметкерiмiз Мәсiх бiзге соншама рухани игiлiктер алып келдi! Сонда Ол жер бетiндегi ғибадат орнынан гөрi әлдеқайда ұлы да кемелдi көктегi киелi үйге кiрдi. Бұл адам қолынан шыққан, осы жаратылыстың бiр бөлiгi емес.

12Мәсiх, сондай-ақ, құрбандыққа шалынған қошқарлар мен бұзаулардың қанын емес, Өзiнiң құрбан болған кезiнде төгiлген қанын осы киелi үйдiң ең қасиеттi бөлiмiне бiржола алып кiрдi. Осылайша Ол бiздi күнәмыздан арылтып, мәңгiлiк азат еттi.

13Таураттың ережелерiне сай арам деп есептелгендерге құрбандыққа шалынған қошқардың не бұзаудың қаны, немесе шалынып, өртелген жас сиырдың күлi себiлетiн. Сол арқылы олар сырттай тазаратын.

14Олай болса, мәңгiлiк Киелi Рухқа кенелген, Өзiн мүлдем кемшiлiксiз құрбандық ретiнде Құдайға ұсынған Мәсiхтiң өз қаны рухани өлiмге бастап әкететiн қылықтардан ар-ұжданымызды одан бетер арылтып тазартпақ! Соның нәтижесiнде бiз мәңгi тiрi Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз.


15Сол себептен де Мәсiх Жаңа келiсiмнiң негiзiн салушы! Ол адамдарды Көне келiсiмнiң тұсында жасаған күнәларынан арылту үшiн өз жанын өлiмге қиды. Сондықтан ендi Құдай шақырғандар Оның уәде еткен мәңгiлiк жарылқауына ие болады.


16Құдай бекiткен келiсiмдi өсиетнамамен салыстыруға болады: мұны қалдырған кiсiнiң өлгендiгi анықталған соң ғана, оны ашып оқуға болады.

17Өсиетнама адам тiрi жүргенде емес, қайтыс болғаннан кейiн ғана күшiне енедi.

18Сол сияқты, бұрынғы келiсiм де қанмен бекiтiлiп, күшiне ендi.

19Алдымен Мұса пайғамбар бүкiл Исраил халқына Таурат заңының барлық өсиеттерi мен ережелерiн жариялаған едi. Содан кейiн құрбандыққа шалынған бұзаулар мен қошқарлардың қанын алып, су қосты да, үсоп шөбiнiң бiр сабағы мен аздаған ал қызыл түстi жүндi соған малып алып, Келiсiм кiтабына және бүкiл халыққа бүркiп тұрып:

20«Бұл — Құдайдың сендерге ұстануға бұйырған келiсiмiн бекiтетiн қан», — дедi.

21Дәл солай Мұса киелi шатырға да, Құдайға қызмет жасағанда қолданылатын барлық бұйымдарға да қан бүрiктi.

22Таурат заңы бойынша бәрi дерлiк қанмен тазартылады. Қан төгiлмей, Құдай күнәны кешiрмейдi.

Бiр-ақ рет ұсынылған мәңгi жеткiлiктi құрбандық


23Сонымен, көктегi киелi үйдiң көшiрмесi болған жердегi ғибадат орны құрбандыққа шалынған малдың қаны арқылы тазартылуға тиiс болды. Алайда көктегi киелi үй үшiн бұдан әлдеқайда құнды құрбандық жасау қажет едi.

24Мәсiх сол шынайы киелi үйдiң көшiрмесi болатын, адам қолымен жасалған ғибадат орнына емес, көктiң өзiне ендi. Ол қазiр сонда Құдай алдында тұрып, бiздi қолдап сөйлейдi.

25Көне келiсiмге сай бас дiни қызметкер шалынған құрбандықтың қанын киелi үйдiң ең қасиеттi бөлiмiне жылма-жыл алып кiредi. Ал көкке енген Мәсiхке өз жанын қайта-қайта құрбан етудiң қажетi жоқ.

26Әйтпесе Ол әлем жаратылғаннан берi әлденеше рет азап шегiп өлуге мәжбүр болған болар едi. Керiсiнше, Мәсiх қазiр, дүниенiң ақырғы заманында, бiр-ақ рет жер бетiне келiп, адамдарды күнәларынан бiржола арылту үшiн Өзiн құрбандыққа қиды.

27Құдай әр адамның бiр рет өлiп, содан соң қиямет сотының алдында тұратынын белгiлеген.

28Сол секiлдi Мәсiх бiр рет көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып құрбан болды. Ол дүниеге қайта оралған кезде тағы да күнәны өтеу үшiн емес, Өзiн аңсап күтiп жүргендердi түгелдей құтқару үшiн келедi.

10

Нағыз құрбандық пен Жаңа келiсiм туралы уәделердiң iске асуы


1Таурат заңы Құдайдың адамдарға дайындап қойған жарылқауының өзi емес, оның күңгiрт жобасы ғана. Сол заң бойынша жыл сайын қайталап жасала беретiн бiрдей құрбандықтар Құдай алдына баратын адамдарды еш уақытта түпкiлiктi тазартып, мүлтiксiз ете алмайды.

2Егер адамдар құрбандық жасаулары арқылы бiржола тазаланса, онда олар өз күнәкарлықтарын сезiнуден қалып, құрбандық жасауларын доғарған болар едi.

3Ал шын мәнiсiнде жылма-жыл ұсынылатын құрбандықтар адамдардың жасаған күнәларын естерiне түсiрiп қана отырады.

4Өйткенi құрбанға шалынған бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсын өтеп, тазарта алмайды.

5Сол себептi Мәсiх бұл дүниеге келгенде, Өзiн құрбандыққа қиятыны туралы Тәңiрге былай деген:

«Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың,


Бiрақ Сен Маған тәндiк денемдi дайындадың.



6Түгел өртелетiн не күнәны өтеу үшiн ұсынылатын

Құрбандықтарды Сен жақтырмай тұрдың.



7Сонда Мен былай деген болатынмын:

Уа, Құдай, Сенiң еркiңдi орындау үшiн келе жатырмын.


Киелi жазбада Мен туралы осылай деп жазылған».


8Сол құрбандықтардың Таурат заңына сай ұсынылатынына қарамастан, Ол алдымен былай дедi: «Сен құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, түгел өртелетiн не күнәны өтеу үшiн ұсынылатын құрбандықтарды Сен жақтырмай тұрдың».

9Содан кейiн Ол: «Уа, Құдай, Сенiң еркiңдi орындау үшiн келе жатырмын» деп қосты. Осылайша Тәңiр бұрынғы құрбандық рәсiмдерiн доғартып, олардың орнына Мәсiхтiң құрбандығын енгiздi.

10Иса Мәсiхтiң өз денесiн бiржола құрбан етiп, Құдайдың еркiн орындауы арқылы бiз Оның қасиеттi адамдарына айналдық.


11Әрбiр дiни қызметкер күн сайын мiндетiн атқара тұрып, әрдайым бiрдей құрбандықтарды ұсынады. Бiрақ шын мәнiсiнде солар ешқашан күнәларды өтеп, жоя алмайды.

12Ал Мәсiх сенушiлердiң күллi күнәларын өтеп, тазарту үшiн бiр ғана құрбандық ұсынған соң, Құдайдың оң жағындағы құрметтi орнына мәңгiлiкке жайғасты.

13Ендi Ол барлық жауларының Өзiнiң табанының астына түсуiн күтiп отыр.

14Сонымен Мәсiх Құдайға бағышталғандарды жалғыз-ақ құрбандығымен мәңгiлiк кiнәратсыз таза қылды.


15Киелi Рух та бiзге осыны растайды. Алдымен Ол былай дедi емес пе:

16«Жаратқан Ие мынаны айтады:

Бұл Менiң кейiнiрек олармен жасайтын келiсiмiм —


Мен тағылымымды жүректерiне құямын,


Ой-саналарына жазып та қоямын».



17Бұған Ол:

«Мен олардың күнәлары мен әдiлетсiз қылықтарын


Бұдан былай есiме түсiрмейтiн боламын»,


18Ал күнәлар кешiрiлген жерде ендi қайтып оларды өтеп, жоятын құрбандықтың қажетi де жоқ.

Құдайға жақындап, Одан үмiттерiңдi үзбеңдер!


19-20 Сонымен, бауырластар, Иса Мәсiхтiң өз қанын төккенiнiң арқасында ендi еш қысылмастан ең қасиеттi орынға кiре аламыз. Иса Құдай алдына баруымызға бөгет болған «шымылдықты» өз денесiн құрбан етуiмен қақ айырып, бiз үшiн мәңгiлiк өмiрге жаңа жол ашты.

21Ол, сондай-ақ, ұлы Дiни қызметкерiмiз ретiнде көктегi бүкiл Құдай үйiнiң үстiнен қарайды.

22Сондықтан да адал жүрекпен, нық сенiммен Құдай алдына барып, Оған сиынайық. Ар-ұжданымыз күнә атаулыдан арылып, тәнiмiз таза сумен жуылған болсын.

23Мойындаған үмiтiмiздi үзбей, берiк ұстанайық, себебi уәде берген Құдай сөзiне адал.


24Өзара сүйiспеншiлiк көрсетiп, игiлiк iстеуге қозғау салудың қамын ойлайық.

25Кейбiреулер сенушiлердiң жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал бiздер солай iстемей, бiр-бiрiмiздi одан бетер жiгерлендiрейiк. Иемiздiң қайтып келетiн күнiнiң таяп қалғанын бiлесiңдер ғой.


26Ал егер шынайы хабарды естiп-бiлгеннен кейiн де әдейi күнә жасай берсек, онда бiздi күнәмыздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ.

27Қайта, қиямет сотын және Иемiзге қарсы шыққандарды жалмайтын тозақ отын үрейленiп күтуден басқа бiзге түк те қалмайды.

28Егер бiреу Мұсаға берiлген Таурат заңынан бас тартып, онысын екi-үш куә дәлелдесе, сол аяусыз өлiмге кесiледi.

29Ендеше Құдайдың рухани Ұлын аяқпен таптағандай менсiнбеген әркiм бұдан бетер қаншама ауыр жазаға лайық деп ойлайсыңдар!

Сондайлар Тәңiр Жаңа келiсiмiн бекiткен Исаның қаны арқылы күнәсынан арылғанмен, ендi Оның қанына немқұрайды қарап, өздерiне Құдайдың рақымын жеткiзген Киелi Рухын қорлайды.

30«Мен кек аламын, Өзiм есесiн қайтарамын» дегеннiң Кiм екенiн бiлемiз ғой. «Жаратқан Ие өз халқына сот жүргiзбек» деп те жазылған.

31Мәңгi тiрi Құдайдың қолына түсiп, сотталу қандай қорқынышты!


32Бұрынғы уақытты еске алыңдаршы:?Құдайдың нұры жүректерiңдi ағартқаннан кейiн сендер азапқа толы күреске тап болып, соған төтеп бердiңдер.

33Кейбiреулерiң масқараға, зорлық-зомбылыққа ұшырап, жұрт қызықтап қарайтын тамашаға айналдыңдар. Ал өзгелерiң осылай күйзелiске түскен бауырластарыңның қасiретiн бөлiсiп,

34тұтқынға түскендерге жандарың ашып, жәрдем бердiңдер. Мал-мүлiктерiңдi талан-таражға салғанда, бұны тiптi қуана қабылдадыңдар! Себебi көкте өздерiңе арналған, одан әлдеқайда құнды, мәңгiлiк дәулеттiң бар екенiн бiлдiңдер.


35Ендеше жiгер берген үмiттерiңнен күдер үзбеңдер, сол үшiн берiлетiн зор сый алдарыңда күтiп тұр.

36Құдайдың еркiн орындап, Оның уәде еткенiн иемдену үшiн төзiмдi болуларың қажет.

37Тәңiрiмiз бiр пайғамбары арқылы алдын ала былай деген:

Келуге тиiстi Ол сәлден кейiн келiп, еш кешiкпейдi.



38«Әдiл адамым Маған сенiп шынайы өмiр сүредi».

Ал кiм қаймығып, бағытынан керi қайтса,


Ризашылығымды бермеймiн сондайға.



39Бiрақ бiз алған бағытынан керi қайтып, тозаққа түсетiндердiң қатарынан емеспiз, Құдайға нық сенiп, мәңгiлiк құтқарылмақпыз.

11

Сенiмнiң батырлары


1Ал сенiм дегенiмiз — үмiттенгеннiң жүзеге асатынына күмәнданбау, әлi де көрiнбей тұрған уәденiң орындалуына шүбәсiз илану.

2Тәңiрге осындай сенiм артқандары үшiн ата-бабаларымыз Оның ризашылығына ие болды.


3Құдайдың әлемдi айтқан сөзiмен жаратып, ретке келтiргенiн, яғни көз алдымыздағы жаратылысты көзге көрiнетiн заттан емес, ғайыптан жасап шығарғанын сенiмiмiзбен ұғынамыз.


4Құдайға сенгендiктен Әбiл Оған арнап Қабылдiкiнен гөрi тиiмдi құрбандық жасады. Сенiмi арқылы Әбiл ақталды, өйткенi Құдай оның ұсынған сый-тартуларын ұнатып қабылдады. Әбiл өлсе де, оның сенiммен iстегенi әлi де үлгi болып келедi.


5Енох Құдайға сенгенi үшiн ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетiлдi. «Ол жер бетiнен ғайып болды, себебi Құдай оны Өзiне алып кеткен едi». Енохтың бұған дейiнгi өмiрiнiң Құдайға ұнамды болғаны туралы да Киелi жазбада айтылған.


6Ал сенiм артпай Құдайға ұнау мүмкiн емес. Оған келген әркiм Оның бар екенiне сенуге және Өзiн iздеп, жақыннан танығысы келгендердi Құдайдың жарылқайтынына илануға тиiс.


7Нұх пайғамбар әлi де көзге көрiнбеген топан су туралы ескертiлгенде Құдайға сенiп, Оны терең қастерлегендiктен отбасын құтқару үшiн кемесiн жасап дайындады. Осы сенiмiмен ол дүниенiң қиқарлығын әшкерелеп, сенiм арқылы болатын ақталуға қолы жеттi.


8Ыбырайым пайғамбар да Құдай өзiн шақырып алып, кейiн тұрақты меншiгiне беруге уәде еткен елге барып тұруға бұйырғанда, Оған сенiп, мойынсұнды. Қайда бара жатқанын бiлмесе де, жолға шықты.

9Уәде етiлген елде ол жат жерлiк кiрме болып, Тәңiрге сенiп өмiр сүрдi. Сондай уәденi алған Ысқақ пен Жақып та Ыбырайым сияқты көшiп-қонып, шатырларда тұрып жатты.

10Себебi Ыбырайым сәулетшiсi де, құрылысшысы да Құдайдың Өзi болған, негiзi берiк қаланған мәңгiлiк қаланың пайда болуын күтiп жүрдi.


11Сенiмi арқылы Ыбырайым жасы ұлғайған шағында әйелi Сарадан бала сүю үшiн Құдайдың құдiретiн қабылдады. Ол Сараның бедеулiгiне қарамастан, ұлды етуге уәде берген Тәңiрдi сөзiнде тұрады деп санады.

12Сондықтан төрiнен көрi жуық қарт адамнан аспандағы жұлдыздар мен теңiз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп ұрпақ тарады.


13Ыбырайым, Ысқақ, Жақып үшеуi де сенiмдерiн ұстанған күйi дүние салды. Тәңiр өздерiне уәде еткен игiлiктердi иемденбестен соларды тек алыстан ғана көрiп, қуанды. Олар өздерiнiң жер бетiнде тек жат жерлiк келiмсек ретiнде тұрғандарын мойындады.

14Осылай айтқандар шынайы отандарын көздеп жүргендерiн бiлдiредi.

15Өздерi тастап кеткен елдерiн естерiне түсiрiп отырса, соған қайта оралудың орайы да болар едi.

16Ал олар одан гөрi жақсы елдi, яғни көктегi отандарын, аңсап күттi. Сол себептен де Құдай олардың Құдайы деп аталудан бас тартпайды, соларға арнап Ол көкте мәңгiлiк қала дайындап та қойды.


17-18 Ыбырайым сенiмi сыналғанда Құдайға нық сенгендiктен Ысқақты құрбандыққа ұсынды. Ол туралы «Сенiң ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады» деген уәде алғанымен жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды.

19Ыбырайым Құдай баламды өлiмнен қайта тiрiлтуге де құдiреттi деп есептедi; астарлап айтқанда, ол баласын өлiмнен қайтарып алды да.


20Ысқақ та Құдайға сенiм артып, ұлдары Жақып пен Есауға олардың болашағы жайында көреген батасын бердi.


21Жақып өлер алдында сенiмiне бола Жүсiптiң екi ұлына батасын берiп, басын таяғына сүйеп тұрып Құдайға сиынды.


22Жүсiп Құдайға сенгендiктен бұ дүниеден аттанарда Исраил ұрпақтарының келешекте Мысырдан көшiп шығатындары жайлы ескертiп, өзiнiң сүйегiн бiрге алып кетулерiн өсиеттедi.


23Мұса пайғамбардың әке-шешесi Құдайға сенгендiктен жаңа туған бөбегiн үш ай бойы жасырып қойды. Оның ерекше бала екенiн көрген олар Мысыр патшасы перғауынның жарлығынан қаймықпады.


24Сенiмiне бола Мұса жасы кәмелетке келгенде перғауын қызының баласы деп аталудан бас тартты.

25Ол күнәкар өмiрдiң өткiншi рақатынан гөрi Құдай халқымен бiрге жәбiрленудi таңдады.

26Осылай Мұса (Құдай уәде еткен) Мәсiх үшiн масқара болуды Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады. Себебi ол болашақтағы мәңгiлiк сыйды көздедi.


27Мұса Тәңiрге сенгендiктен патшаның қаһарынан қаймықпай, Мысырды тастап кеттi. Көзге көрiнбейтiн Жаратқан Иеге көрiп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берiк болды.


28Ол сенiмiне бола Құтқарылу мейрамында исраилдiктерге құрбандыққа тоқты шалып, соның қанын босағаларына жағу рәсiмiн енгiздi. Осылай мысырлықтардың тұңғыштарын өлтiрушi (перiште) оларға жоламады.


29Исраил халқы Құдайға сенгендiктен Қызыл теңiзден құрғақ жермен жүргендей өте шықты. Мысырлықтар да солай iстемекшi болғанда суға батып қырылды.


30Исраилдiктер Тәңiрге сенiп Иерихон қаласын жетi күн бойы айналып жүргеннен кейiн оны қоршаған қамалдары құлап түстi.


31Бұрын жеңiл жүрiстi болған Рахаб Құдайға сенiм артқандықтан исраилдiк барлаушыларды үйiне түсiрiп, аман-есен сақтап қалды. Сол себептi ол Құдайға мойынсұнбаған жерлестерiмен бiрге өлтiрiлген жоқ.


32Тағы не айтайын? Гедеон, Барақ, Самсон, Ефтах, Дәуiт, Самуил және басқа пайғамбарлар туралы әңгiмелеуге уақытым жетпес те едi.

33Олар Құдайға сенгендiктен патшаларды жеңiп шығып, әдiлдiк орнатып, уәде етiлгенге ие болды. Кейбiреулерi арыстандардың аузын жауып,

34жалын шашқан өрттi сөндiрiп, семсер жүзiнен аман қалды. Әлсiрегенде Құдайдан күш алып, ұрыс-шайқаста нығайып, жау жасақтарын қуып шықты.

35Кейбiр әйелдер өлгендерi қайта тiрiлiп, олармен қайтадан қауышты.

Ал қиналып өлтiрiлген басқалар да болды. Олар сатқындықпен бостандық алудан бас тартып, әлдеқайда жақсы өмiрге қайта тiрiлулерiн көздедi.

36Өзге кейбiреулерi мазаққа ұшырап, соққыға жығылып, шынжырмен құрсауланып, түрмеге жабылды.

37Бiреулерi таспен атқыланып, арамен кесiлiп, семсермен шабылып өлтiрiлдi. Басқалары қой, ешкiнiң терiсiн жамылып, жоқшылық көрiп, азапталып, жәбiрлендi.

38Күнәкар дүние сондай ер жүрек адамдарға лайықсыз едi! Олар айдалада таулы-тасты жерлерде қаңғып жүрiп, үңгiрлер мен апандарда жасырынып өмiр сүрдi.

39Бұлардың барлығы сенiмдерiнiң арқасында Тәңiрдiң ризашылығына ие болды. Дегенмен Оның уәде еткенiн иемдене алмады.

40Себебi Құдай бiз үшiн одан да жақсы жоспар ойлап қойған болатын: Ол осы адамдарды бiзбен бiрге ғана кемелдi етiп, мәңгiлiк мақсатына жеткiзудi қалады.

12

Исаның үлгiсiн және Құдайдың игiлiктi тәрбиесiн қабылдау


1Осылай өз сенiмдерiн айқын паш еткен қалың тобыр бiздi жарыстағы жанкүйерлердей қоршап тұр. Сондықтан да бiзге бөгет болатынның барлығынан, әсiресе тез шырмап алатын әрбiр күнәдан, арылып, алдымыздағы «жарысты» қажырлылықпен аяқтайық!

2Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенiм жолын салған Ол бiздi сенiмiмiз арқылы Құдай белгiлеген мақсатымызға жеткiзедi де. Иса Өзiн күтiп тұрған зор қуаныш үшiн айқышқа шегеленудiң қорлығын елемей, соған төздi. Бұдан кейiн Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды.

3Оның күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескерiңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жiгерлерiңдi жасытпаңдар!


4Күнәға қарсы тойтарыс берген күрестерiңде сендер әлi де қандарыңды төгiп, жандарыңды пида еткен жоқсыңдар.

5Әлде Құдайдың сендердi Өзiнiң рухани балалары деп атаған мына ескертпесiн ұмыттыңдар ма:

«Балам, Тәңiр тәрбиелегенде


Онысын менсiнбей жүрме,


Ол сенi жөнге келтiргенде


Еңсең түсiп, жүнжiме!



6Иемiз сүйетiн әркiмдi

Түзетiп тәрбиелейдi де,


Бауырына басқан әр баласын да


Жазалайды қажет болғанда».


7Көрiп жатқан азаптарыңа тәрбие ретiнде шыдаңдар. Құдай сендерге рухани баласына қарағандай қарайды. Әкесi түзетпейтiн бала бола ма?

8Барлық сенушiлер де соны бастарынан өткiзедi. Егер сендер осылай тәрбиеленбесеңдер, онда Оның шынайы рухани балалары болмағандарың.

9Туған әке-шешелерiмiз бiздi тәрбиеледi, бiз оларды қастерлеп, сыйлап келемiз. Ендеше шынайы өмiрге ие болу үшiн көктегi рухани Әкемiзге одан бетер бағынумыз керек емес пе?

10Әке-шешелерiмiз өз пайымдауларынша шектеулi уақыт аралығында жазалап та тәрбиелесе, Құдай бiздi нағыз игiлiгiмiз үшiн басымызға қиыншылықтар туғызып тәрбиелейдi. Осылайша Өзiнiң қасиеттi болғанындай бiздi де қасиеттi етудi көздейдi.

11Кезiнде әрбiр жаза қуаныш емес, ренiш туғызады. Ал соны басынан өткiзiп тәрбиеленгенге ол кейiнiрек әдiлдiк пен тыныштықтың игiлiктi жемiсiн бередi.


12Сонымен салдырап, дәрменсiз қалған аяқ-қолдарыңның буындарын бекiтiп, еңселерiңдi көтерiңдер!

13Рухани жағынан әлсiреген бауырластарыңның адаспай, қайта, сауығып кетулерi үшiн «түзу жолмен аяқтарыңды нық басып жүрiңдер!»

Құдай жолынан таймауды ескерту


14Барлық адамдармен тату болып, Құдайға бағышталған қасиеттi өмiр кешуге ұмтылыңдар! Мұнсыз ешкiм Жаратқан Иенi көре алмайды.

15Абай болыңдар, ешқайсың Құдайдың рақымынан құр қалып жүрмеңдер! Әйтпесе улы тамырды қазып алып тастамаса, оның қайтадан көктеп, қаулап өсiп кететiнi сияқты, мұндай адамдарың жаман көзқарастарына көптеген басқаларды да елiктiрiп, арамдап, зор зиян тигiзетiн болады.

16Ешқайсыларың да опасыз болып, азғын өмiр сүрмеңдер! Яки Есау сияқты қасиеттi атаулыға немқұрайды қарамаңдар! Ол бiр iшер тамаққа бола өзiнiң тұңғыштық жолын сата салды.

17Кейiнiрек әкесiнiң ерекше батасын алғысы келгенмен өтiнiшi қабылданбады. Есау жылап тұрып жалбарынса да, өзiнiң iстеп қойғанын өзгерте алмады.


18Сендер ата-бабаларымыз iспеттi көрiп-естуге болатын мынадай жайтты бастарыңнан өткiзбедiңдер: олар от болып лаулап жанып жатқан Синай тауына жақындады. Айнала қара түнек болып, сұрапыл дауыл соғып,

19кернейдiң қатты даусы шығып, сөздер айтылды. Соны естiген халық мұндай сөздердi ендi қайтып естiмесек екен деп жалбарынды.

20Олар Тәңiрдiң «Тауға аяқ-қолдарын тигiзген әркiмдi, тiптi мал тұяғы тисе де, оны таспен атқылап өлтiру керек» деген бұйрығынан қорықты.

21Осы көрiнiстiң әсерiнiң үрей туғызатындай болғаны сонша, Мұса пайғамбардың өзi: «Мен қорыққаннан қалтырап тұрмын», — дедi.


22Ал сендер рухани Сион тауына, яғни мәңгi тiрi Құдайдың көктегi Иерусалим қаласына және ондағы сан-мыңдаған перiштелерге келдiңдер.

23Сондай-ақ, сенушiлердiң мерекелiк жиыны мен қауымына қосылдыңдар. Сендер мен бiз Тәңiрге әке мен тұңғыш баласындай жақынбыз, есiмдерiмiз Оның көктегi кiтабына жазылған. Барлық адамдарға үкiм шығаратын Құдайдың алдына, әрi өткен кезеңдерде сенiмдерi арқылы ақталып, мақсаттарына жеткендерге

24және Жаңа келiсiмнiң негiзiн салған Исаға да келдiңдер. Оның төгiлген қаны Әбiлдiкiнен гөрi игiлiктi хабарды меңзейдi.


25Абай болыңдар, ендi өздерiңе сөйлеп тұрған Тәңiрдi тыңдаңдар! Оның тапсырмасымен жер бетiнде сөйлеген Мұса пайғамбарды тыңдамай қойған Исраил халқы жазадан құтылмады. Ендеше бiзге көктен сөйлеп тұрған Құдайдың Өзiнен бас тартсақ, онда алатын жазамыздан одан бетер құтыла алмаймыз!

26Сол кезде Тәңiрдiң даусы жердi шайқалтты, ал қазiргi заман туралы Ол пайғамбар арқылы: «Мен тағы да жер түгiл, аспанды да шайқалтамын» деп уәде бердi.

27«Тағы да» деген сөздер мынаны бiлдiредi: Құдай Өзi жаратқанның барлығын шайқалтып, орнынан алып тастамақ. Сонда тек шайқалтуға болмайтындар ғана қалады.


28Сонымен, өзiмiз шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтан үлес алғандықтан, сол үшiн Құдайға шын жүректен шүкiршiлiк айтып, Оны риза қылатындай қызмет етiп, терең қастерлеп, Оған ұнамсызды iстеуден шошынатын болайық!

29Бiздiң сиынатын «Құдайымыз жалмап қоятын от iспеттi»!

13

Құдай жолымен жүру туралы соңғы нұсқаулар


1Бiр-бiрiңдi бауырластар ретiнде ұдайы жақсы көрiңдер!

2Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Солай еткен кейбiреулер бiлместен тiптi Тәңiрдiң перiштелерiн қонақ қылды.

3Тұтқынға түскендерiңнiң қамын ойлап, солармен бiрге құрсауда отырғандай сезiнiңдер. Жәбiр көрiп жүргендердi өздерiң де тәндiк азап шеккендей естерiңнен шығармай, қолдау көрсетiңдер!


4Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегiн былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек.

5Ақша жанды болмай өмiр сүрiп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай:

«Мен сенен бас тартпаймын,


Ешқашан жалғыз қалдырмаймын»



6Сондықтан да бiз:

«Жаратқан Ие менiң Қолдаушым!


Мен ештеңеден қорықпаймын,


Адамдар маған не iстей алады?»


7Өздерiңе Құдайдың хабарын айтқан жетекшiлерiңдi ұмытпаңдар. Олардың қалай өмiр сүрiп, қалай бұ дүниеден кеткендерiн естерiңде ұстап, сенiмдерiн үлгi-өнеге етiңдер!


8Иса Мәсiх өткенде, қазiр және болашақта мәңгiлiк Өзi болып қала бередi.

9Түрлi бөтен iлiмдерге iлесiп кетпеңдер! Жан дүниемiздiң Құдайдың рақымымен нығаюы игi. Бұған iшiп-жеуге болатын тағамдар туралы дiни ережелердiң қатысы жоқ, мұндайларды ұстанғандар олардан пайда тапқан емес.


10Мәсiх бiз үшiн өмiрiн құрбан еттi. Ал ғибадатханада ескi рәсiмдерге сай құлшылық етiп жүргендерге Мәсiхтiң құрбандық өлiмiнен келер пайда жоқ.

11Сол рәсiмдер бойынша бас дiни қызметкер құрбандыққа шалынған малдардың қанын (жылына бiр рет) күнәны өтеу үшiн киелi үйдiң ең қасиеттi бөлiмiне алып барады. Ал құрбандықтардың өздерi ел қонысының сыртына шығарылып, өртеледi.

12Сол сияқты Иса да, адамдарды Өзiнiң қаны арқылы Құдайға бағыштап, қасиеттi ету үшiн қала қақпасының сыртында азапталып, құрбан болды.

13Сондықтан бiз ескi құлшылық ету рәсiмдерiнен аулақ шығып, Мәсiхке ерiп, Оның көрген қорлығын бөлiсейiк.

14Бұл күнәкар дүниеде бiз тұратын мәңгiлiк қала жоқ, қайта, көктегi келешек қаланы аңсап күтемiз.

15Сонымен Мәсiх арқылы Құдайды үнемi мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның «Жаратқан Ие» деген атағын ауызбен де мойындап, дәрiптеуiмiз бiздiң Тәңiрге арнаған құрбандығымыз болады.

16Сондай-ақ, қолдағы игiлiктерiңмен өзара бөлiсiп жақсылық жасауды ұмытпаңдар, мұндай құрбандықтарға да Құдай риза.


17Жетекшiлерiңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмiрлерiңнiң қамын жеп, сол қызметтерi туралы есеп беруге тиiстi. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшiн оларға бағыныңдар. Олай етпесеңдер, өздерiң зиян көресiңдер.


18Бiз үшiн Құдайға сиыныңдар. Ар-ұжданымыздың таза екенiне сенiмдiмiз, барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз.

19Маған тезiрек өздерiңе қайтып баруға жол ашсын деп Тәңiрiмiзден тiлеулерiңдi ерекше өтiнемiн.

Соңғы баталар мен сәлемдер


20Татулық пен тыныштық орнатқан Құдай, Иемiз Исаны өлiмнен тiрiлтiп алды. Ол қанын төгiп құрбан болуымен мәңгiлiк Жаңа келiсiмдi бекiткендiктен сенушiлер қауымының ұлы Бағушысы болды.

21Лайым тыныштық сыйлайтын Құдай Өзiнiң айтқандарын орындауларың үшiн сендерге қажеттi барлық жақсылықты дарытып, Өзiне ұнайтын игi iстердi Иса Мәсiх арқылы жасаттырсын! Мәсiх мәңгiлiк мадақтала берсiн! Аумин.


22Бауырластар, өтiнемiн, сендерге арнаған ескертпелерiмдi қабыл алыңдар, қысқа ғана жаздым емес пе?

23Бауырласымыз Тiмотенiң тұтқыннан босатылғанынан хабардар болыңдар. Егер ол мұнда тезiрек келсе, онымен бiрге өздерiңдi көретiн ойым бар.


24Барлық жетекшiлерiңе және Құдайдың бүкiл халқына сәлемiмдi жеткiзiңдер. Италиялық бауырластарымыз да сендерге сәлем жолдауда.


25Лайым бәрiңе Құдай жар болып, рақымын жаудыра көрсiн! Аумин.