Жазба туралы мәлiмет
Пауыл елшi бұл қысқа хатты б.з. шамамен 60 жылдары Қолос қаласындағы қауымға арнаған сәлемхатымен тұстас уақытта жазып, оны да сол хатты жiберген адамдары Онисым мен Түхiк арқылы жолдаған болса керек.
Хат Қолостағы сенушi Фiлимонға жолданды. Пауыл оны бұрын кездестiрiп, Iзгi хабарды айтып берген болатын. Фiлимон Iзгi хабарға шын жүректен сенiп, Қолостағы қауымға қосылған едi. Онисым атты басыбайлы қызметшiсi оның меншiктi дүниесiнен ұрлап алып, қашып кеткен iспеттi. Рим империясының заңы бойынша, мұндай қылмыс өлiммен жазаланатын. Сол аралықта Онисым Рим қаласында Пауылмен кездеседi. Елшiнiң ықпалымен Мәсiхке сенiп, Оның адал жолына түседi де, қожайынына қайтып барып, кiнәсын мойындауға бел буады.
Ендi Пауыл Фiлимоннан опасыз құлын кешiрiп, тiптi мәсiхшi бауырласы ретiнде қабылдауын өтiнедi. Осылайша өзiнiң Фiлимонды да, Онисымды да қадiрлеп сыйлап, жақсы көретiнiн бiлдiре отырып, осы iлтипатты да жылы хатын жазады.
Құлдық Құдайдың адамзатқа деген игiлiктi еркi емес. Бiрақ та елшi осы жексұрын дәстүрдi қара күш пен қан төгiс арқылы емес, шынайы сүйiспеншiлiкпен жасалған нақты iс-әрекет арқылы жеңiп шығу туралы кеңес бередi.
Арнау және сәлем
1Мәсiх Исаға арнаған қызметiм үшiн түрмеде отырған Пауылдан және бауырласымыз Тiмотеден сүйiктi қызметтесiмiз Фiлимонға,
2бауырласымыз Әпияға, бiзбен бiрге Iзгi хабар үшiн жан сала қызмет етiп жүрген Арқыпқа және оның үйiнде жиналатын қауымға дұғай сәлем.
3Құдай Әкемiз және Иемiз Иса Мәсiх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсiн!
Фiлимонның сүйiспеншiлiгi мен сенiмi үшiн шүкiрлiк
4Мен Құдайға сиынып, сенi есiме түсiргенде әрдайым шүкiрлiк етемiн.
5Өйткенi Иемiз Исаға деген сенiмiң және Тәңiрдiң барлық адамдарына көрсеткен сүйiспеншiлiгiң туралы естiдiм.
6Мәсiхке деген сенiмiң және Құдайдың бәрiмiзге берген күллi игiлiктерiн түсiнуiң арқылы басқа сенушiлермен байланысың Мәсiхтiң даңқын асыруға әсерлi болсын деп мiнажат етемiн.
7Осы сүйiспеншiлiгiңнен зор қуаныш пен жұбаныш таптық, өйткенi сен, бауырым, Құдайдың адамдарының жүректерiн орнықтырып келесiң.
Фiлимонға өтiнiш
8Сондықтан Мәсiхтiң елшiсi ретiнде керек iстi саған бұйыруға батылым барса да,
9сүйiспеншiлiгiңе бола өтiнiп сұраймын. Иә, басқа бiреу емес, мен — Пауыл қария, Мәсiх Исаға қызмет еткенiм үшiн қазiр түрмеде отырған менiң өзiм,
10сенен ұлым жайында өтiнемiн. Мен осында тұтқында отырып, оған Iзгi хабарды айтып берген едiм. Қайта туылып, рухани ұлыма айналған сол жан — Онисым («Пайдалы»).
11Ол өткен кезеңде сен үшiн пайдасыз болғанмен, ендi маған да, саған да пайдалы. Оны өзiңе қайтарып отырмын,
12ал онымен бiрге өз жүрегiмдi жiберiп отырғандаймын!
13Iзгi хабар үшiн түрмеге қамалған мен оны сенiң орныңда өзiме көмектесу үшiн қарамағымда қалдыруды ойлаған едiм.
14Алайда жақсылық жасауың мәжбүрлiктен емес, өз еркiңмен болсын деп, сенiң келiсiмiңсiз ешбiр шешiм қабылдағым келмедi.
15Мүмкiн оның уақытша сенен қашықтағанының мақсаты — оны мәңгiлiкке қабылдауың шығар.
16Ал қазiр ол құлың ғана емес, одан әлдеқайда жоғары — сүйiктi бауырласың ретiнде өзiңе қайта оралады. Ол мен үшiн дәл сондай, ал сен үшiн адам ретiнде де, Иемiзбен жүрген бауырласың ретiнде де одан бетер жақын болады.
17Сондықтан маған шынымен дос болсаң, оны менi қабылдағандай қабылдағайсың.
18Ал егер ол саған жамандық жасаған не қарыздар болса, онысын менiң мойнымда деп есепте.
19Мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын: онысын өзiм өтеймiн! Алайда сенiң өз рухани өмiрiң үшiн маған қарыздар екенiңдi айтпай-ақ қояйын.
20Сонымен, бауырласым, Иемiз Мәсiх үшiн маған осылай бiр жақсылық етiп, Оған деген сүйiспеншiлiгiң арқылы менiң жүрегiмдi орнықтыр.
21Сен құлақ асар деп үмiттенiп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды бiле отырып, осыны жаздым.
Соңғы сәлемдер және ақ бата
22Сонымен бiрге маған баспана дайындағайсың. Құдай мiнажаттарыңа мейiрiммен құлақ асып, Менi сендерге жiберер деп үмiттенемiн.
23Мәсiх Исаға қызмет еткенi үшiн менiмен бiрге бұғауда отырған Епафрас, қызметтестерiм Марқа, Арыстарқ, Димас, Лұқа да саған сәлем жолдауда.
24Лайым жан дүниелерiң Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымына кенеле берсiн! Аумин.