0


Жазба туралы мәлiмет

Бұл сәлемхат та Пауыл елшiнiң «Рухани қамқорлық хаттарына» жатады (Тiмотеге арналған бiрiншi хатқа берiлген мәлiметтi қараңыз); елшi мұны шәкiртi, әрi Құдай iсiндегi серiгi Титке б.з. 62 жылынан кейiн жазды. Бұрынырақ, өзi Түркиядағы Ефес қаласында тәлiм берiп жүрген кезде, Пауыл Титтi қорынттық қауымға сәлемхатын апаруға жолдаған болатын, себебi сол қауым ауыр рухани қиыншылық көруде едi.

Сонан соң, өзiнiң Римдегi алғашқы сотында ақталып шыққанынан кейiн, қарт елшi Титпен бiрге Жерорта теңiзiндегi Крит аралына сапар шегiп, Iзгi хабарды сонда уағыздады. Аралдан кетерiнде Пауыл Титтен сонда қалып, бiрқатар маңызды жұмыстарды, мысалы, қауым жетекшiлерiн тағайындауды жүзеге асыруын сұрады.

Осы хатында елшi Титке қауым жетекшiлерiне қажеттi қасиеттер туралы қосымша нұсқау берiп, қате iлiмдердi уағыздайтын ұстаздардан сақтандырады.

Сол заманда Крит тұрғындары өздерiнiң опасыздығы, жалқаулығы және ләззатқұмарлықтарымен кең танымал болатын. Сондықтан Титке қауымдағы барлық топтарды Құдайға ұнайтындай ұстамды да пәк өмiр сүруге шақыру қажет болды. Мәсiх сенушiлердi жамандықтың құрсауынан құтқару үшiн Өзiн құрбан еттi. Ол қайта оралып, салтанатты ұлылықпен көрiнетiн болады. Оған дейiн Иемiз өз халқынан кiнәратсыз, таза өмiр кешуiн күтедi.

1

Арнау және сәлем


1Құдайдың қызметшiсi, Иса Мәсiхтiң елшiсi Пауылдан дұғай сәлем.

Құдай таңдап алғандарын Мәсiхке сендiрiп, Өзiне ұнамды өмiр туралы шындықты бiлуге жетелеу үшiн менi тағайындап жiбердi.

2Осы сенiм мен бiлiм мәңгiлiк өмiрге деген үмiтiмiзге негiзделген. Жалған сөйлемейтiн Құдай бiзге сол өмiрдi әуел бастан-ақ уәде етiп,

3Өзi белгiлеген уақытында хабарын уағыздатып, паш еткiздi. Соны уағыздау Құтқарушымыз Құдайдың бұйрығымен маған да аманатталды.

4Менiмен бiрге бiр сенiмдегi шынайы балам iспеттi Титке Құдай Әке мен Құтқарушымыз Иса Мәсiх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсiн!

Қауым жетекшiлерiне қажеттi қасиеттер


5Мен сенi Критте аяқталмай қалған iстердi реттеп, әрбiр қаладағы қауымға жетекшiлер тағайындау үшiн қалдырған едiм. Менiң нұсқауларымды ұмытпа:

6жетекшi ешбiр кiнәратсыз, әйелiне адал, ал балаларының сенушi болуы қажет. Жұрт оларға мiнез-құлықтары жаман, ешкiмге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиiс.

7Себебi қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшiлiк ету сенiп тапсырылады, сондықтан ол мiнсiз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем болмауы керек.

8Керiсiнше, қонақжай, iзгiлiк атаулыны сүйетiн, байсалды, әдiл, пәк таза, әрi ұстамды болуға мiндеттi.

9Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс iлiмге үйретiп, соған еруге жiгерлендiрiп, Iзгi хабардың қарсыластарын терiске шығара алуы үшiн iлiмiмiзге сәйкес шынайы хабарды берiк ұстануға тиiс.

Қате iлiмдерге тойтарыс беру туралы


10Өйткенi бағынбайтындар, бос сөйлеушiлер мен алдаушылар көп, әсiресе яһуди дәстүрлерiн ұстанушылар арасында.

11Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебi олар оқытпауға тиiстi нәрселердi арам пайдалары үшiн насихаттап, кейбiр отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады.


12Криттiктердiң бiреуi, өздерiнiң пайғамбары: «Криттiктер — әрдайым өтiрiкшiлер, зиянды хайуандар, ерiншек мешкейлер», — деген.

13Бұл — шынайы куәлiк. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенiмдi ұстанып,

14яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелерiне ден қоймасын!

15Көңiлi тазаларға бәрi де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтiндер үшiн еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естерi де, ар-ұждандары да арамданғандар.

16Құдайды бiлемiз десе де, мұнысын iс-әрекеттерiмен жоққа шығарады; олар жек көрiнiштi, ешкiмге бағынбайтын, ешқандай игi iстер жасауға жарамсыз жандар.

2

Қауымдағы топтарға арналған нұсқаулар


1Ал сен дұрыс iлiмге сай келетiндi үйретуiң керек:


2Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрi байсалды, олардың сенiмi, сүйiспеншiлiгi және шыдамдылығы шынайы да берiк болуға тиiс.


3Сол сияқты, егде әйелдердiң жүрiс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: ешкiмге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететiн болсын.

4Олар қыз-келiншектердi күйеулерi мен балаларын сүйiп,

5байсалды, кiршiксiз таза, үй шаруасына ұқыпты әрi мейiрiмдi болып, күйеулерiне мойынсұнуға үйретсiн; осылайша Құдай сөзi жамандалмасын.


6Осы секiлдi, жiгiттердi де байсалды болуға шақыр.


7Өзiң барлық iсте де iзгiлiктiң үлгiсi, тәлiм беруде адал және байыпты бол.

8Айтқан сөзiң айыпталмайтындай дұрыс бола берсiн, сонда қарсыластарымыз бiздi жамандайтын еш нәрселерi болмай, ұятқа қалады.


9Басыбайлы қызметшiлер қожайындарына барлық iсте де мойынсұнып, көңiлдерiнен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей,

10ұрлық жасамай, әрдайым шын көңiлмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың iлiмiн көркейтсiн.

Мәсiхтiң оралуына үмiттенiп, әдiл өмiр сүру


11Өйткенi Құдайдың бүкiл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық бiлiндi;

12Ол бiздi Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелiк құмарлықтардан бас тартып, қазiргi заманда байыпты, әдiл, әрi Құдайға ұнамды өмiр сүруге бағыттайды.

13Себебi бiз керемет үмiтiмiздiң iске асуын күтудемiз: ұлы Құдайымыз және Құтқарушымыз Иса Мәсiх зор салтанатпен көрiнетiн болады.

14Ол бiздi бүкiл жамандық атаулыдан азат етiп, тазартып, Өзiнiң меншiктi, игi iстерге ынталы халқы ету үшiн жанын қиып, құрбан болды.


15Бұларды қауымдарға барлық беделiңмен айтып берiп, насихаттап, елемейтiндердi әшкереле; ешқайсысы сенi менсiнбей жүрмесiн.

3

Мәсiхшiлердiң өкiмет пен қоғамға қатынастары


1Үкiмет пен жергiлiктi әкiмшiлiк өкiлдерiне мойынсұнып, олардың еркiн орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болу қажеттiгiн сенушiлердiң естерiне салып отыр.

2Сонымен қатар, олар ешкiмдi қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәрiне бiрдей мейiрiмдiлiк пен iлтипаттылық танытуға тиiс.


3Бiр кезде бiз де түйсiксiз болып, тiл алмай, азғырылып, түрлi құмарлықтар мен ләззаттың құлы болдық; өмiрiмiздi қара ниеттiлiкпен, күншiлдiкпен өткiзiп, басқаларға жексұрын болып, бiр-бiрiмiздi де жек көрдiк.

4Алайда Құтқарушы Құдайымыз Өзiнiң қайырымын және адамзатқа деген зор сүйiспеншiлiгiн айқын көрсеткенде

5бiздi құтқарды. Ол бiздi жасаған әдiл iстерiмiзге бола емес, Өзiнiң мейiрiмiне бола күнәдан жуып тазартып, Киелi Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты.

6Ол Киелi Рухын Құтқарушымыз Иса Мәсiхтiң арқасында бiзге молынан қондырды.

7Осылай бiз Құдайдың рақымымен ақталдық, Оның сыйлайтын игiлiктерiнен үлестерiмiздi алып, мәңгiлiк өмiрден үмiттiмiз.


8Бұл айтқандарым нағыз шындық. Құдайға сенгендердiң өздерiн жақсылық жасауға арнаулары үшiн осыларды баса айтуыңды қалаймын: олар адамдарға iзгiлiктi де пайдалы.

Қауымдағы жiктелуден сақтану


9Мәнсiз айтыстар мен ата-тек туралы бос әңгiмелерге, жiктелу мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол берме, олар пайдасыз, құр бекер.

10Қате iлiм таратып, жiк салатын әркiмге бiр-екi рет ескерту жасап, тыңдамаса байланыстарыңды үзiңдер.

11Әбден бүлiнген мұндайдың күнә жасай берiп, өз үкiмiн өзi шығаратынын бiлесiң.

Соңғы өтiнiштер мен ақ бата


12Мен Артема не Түхiктi саған жiберген бойда кешiкпей-ақ Никополға тез жетуге тырыс, сол жақта қыстап шығуға бел будым.

13Заң қызметкерi Зена мен Аполлостың ешбiр тапшылық көрмеулерi үшiн сапарларына қамқорлық жаса.

14Бiздiң адамдарымыз өнiмсiз өмiр сүрмей, мұқтаждардың қажеттерiн қамтамасыз етулерi үшiн игi iстермен айналысуға үйренсiн.


15Қасымдағылардың бәрi де саған сәлем айтуда. Ортақ сенiмде бiздi сүйетiндерге сәлемiмiздi жеткiз. Лайым Құдай барлығыңа да рақымын жаудыра көрсiн! Аумин.