0


Жазба туралы мәлiмет

Құдайдың елшiсi Пауыл өзiнiң адал қызметтес серiгi Тiмотеге жолдаған осы екiншi хатын б.з. 66-67 жылдары Рим қаласындағы түрмеде отырған кезiнде жазса керек. Бұл Неронның патшалық құрған заманы болатын. Елшiнiң екiншi рет Римде қамалғандағы жағдайы едәуiр ауыр болды. Ол салқын да ылғалды зынданда қауiптi қылмыскердей бұғауда ұсталып, достарына оның қай жерде екенiн тауып алу қиынға соқты. Өзiне жүктелген мiндетiн орындап шыққанына, әрi жуырда бұ дүниеден кететiнiне Пауылдың көзi жеттi.

Ол осы хатында «рухани баласы» және серiгi Тiмотеден жақын арада өзiне келуiн сұрайды. Бiрқатар жолдастары Пауылдан бас тартып, ал қалғандары жұмыс бабымен басқа жаққа кетуге мәжбүр болды. Тек Iнжiлдегi төрт «Iзгi хабардың» бiреуiн және «Елшiлер iстерiн» жазып қалдырған адал серiгi Лұқа ғана жасы егде тартқан Пауылдың қасында болды.

Елшi қатыгез Нерон патшаның әмiрiмен болған қатаң қудалау кезiндегi Тiмотенiң және барлық қауымдардың рухани хал-жағдайының қамын ойлап отырды. Соған қоса ол болашақта түрлi жалған iлiмдердiң қауымдарға жайылатынын алдын ала бiлiп, Тiмотеге шынайы Iзгi хабарды еш өзгерiссiз, таза сақтап, соның жолында өмiрiн қиюға дайын болуды ескерттi.

Құдайдың адал елшiсi Пауылдың өлер алдында жазған осы соңғы хаты Тiмотеге және ол қызмет көрсетiп жүрген қауымдарға, сондай-ақ күллi дәуiрлерде Иемiздiң тура жолын қуушылардың бәрiне де арналған өсиет, аманат болып табылады.

1

Арнау және сәлем


1Құдайдың Мәсiх Исамен байланыстағыларға шынайы өмiрдi уәде еткендiгiн жариялау үшiн Оның еркiмен Мәсiх Исаның елшiсi болған Пауылдан

2сүйiктi «рухани балам» Тiмотеге дұғай сәлем. Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсiн.

Тiмотенiң сенiмi үшiн шүкiрлiк


3Мен ата-бабаларым қызмет еткендей, таза ар-ұжданыммен қызмет ететiн Құдайға сен үшiн күнi-түнi шүкiршiлiк етiп, дұғаларымнан өзiңдi ешқашан тастамаймын.

4(Қоштасқандағы) көз жасыңды есiме түсiрiп, сенi қайтадан көрiп, қуанышқа кенелудi қатты аңсаймын.

5Шынайы сенiмiң есiмде, ол алдымен әжең Лойда мен анаң Әуникенiң жүректерiнен орын алған едi, сенiң жүрегiңнен де орын алғанына көзiм жеттi.

Құдайдың күшiне сүйенiп, мiндетiңдi ынтамен орында!


6Сол себептi де саған ескертемiн: мен үстiңе қолымды қойып, мiндетiңе тағайындағанда Құдай рақым етiп, өзiңе берген дарынды көбiрек ынтамен қолдан!

7Өйткенi Құдай бiзге қорқыныш емес, күш, сүйiспеншiлiк және ұстамдылықты дарытатын Киелi Рухын сыйлады.

8Сондықтан да Иемiз Иса Мәсiхтi ашық мойындаудан ешқашан тартынба, Иемiзге бола түрмеде отырған мен үшiн де ұялма; қайта, Құдай беретiн рухани күш-қуатқа сүйенiп, Iзгi хабар үшiн азаптарды бiрге көр.

9Құдай бiздi құтқарып, өз халқы ретiнде қасиеттi өмiр сүруге шақырды; мұны жасаған игi iстерiмiзге бола емес, Өзiнiң мақсаты мен рақымы бойынша iстедi; Ол Иса Мәсiх арқылы бiздi рақым етуге әлем басталмастан бұрын-ақ ниеттенген едi.

10Қазiр соны Құтқарушымыз Иса Мәсiхтiң келуiмен ашық көрсеттi: Мәсiх өлiмнiң күшiн жойып, Iзгi хабары арқылы шынайы, ешқашан өшпейтiн өмiрдi жарыққа әкелдi.

11Тәңiр менi осы Iзгi хабарды халықтарға жариялаушы, елшi және ұстаз етiп тағайындады.

12Сол себептен мен осындай азап көрсем де, ұялмаймын. Кiмге сенiм артқанымды бiлемiн және Оның қайтып келетiн күнiне дейiн Өзiнiң маған аманаттаған Iзгi хабарын аман-есен сақтайтынына кәмiл сенемiн.

13Менен естiгендерiңдi дұрыс iлiмнiң үлгiсi ретiнде Иса Мәсiхке деген сенiммен және сүйiспеншiлiкпен берiк ұстан!

14Өзiңе аманатталған Iзгi хабарды өмiрiмiзден орын алған Киелi Рух арқылы аман-есен сақта!

15Азия аймағындағы сенушiлердiң бәрiнiң дерлiк менi тастап кеткенiн бiлесiң, олардың арасында Фiгел мен Ермоген де бар.

16Иемiз Онисыфордың үй iшiне мейiрiмiн төксiн; ол әлденеше рет көңiлiмдi көтерiп, жiгерлендiрiп, бұғауда отырған жағдайыма ешқандай ұялмады.

17Керiсiнше, Римде болғанда ерiнбей-жалықпай менi тапқанша iздедi.

18Иемiз қайта оралатын күнi оған мейiрiмiн көрсетсiн! Оның маған Ефесте де қалай көмектескенiн өзiң жақсы бiлесiң.

2


1Ал сен, балам менiң, Мәсiх Исаның сыйлайтын рақымымен күшейе бер.

2Өзiң менен естiп, көптеген кiсiлер растаған шынайы iлiмдi басқаларға да тәлiм беруге қабiлетi бар, сенiмдi жандарға аманатта!

3Иса Мәсiхтiң «адал сарбазы» ретiнде азаптарды бiрге көр!

4Есiңде болсын: ешбiр сарбаз тұрмыстық iстермен шырмалмайды, қайта, қолбасшысының көңiлiнен шығуға ұмтылады.

5Сондай-ақ, балуан күрес тәртiбiн бұзса, жүлденi жеңiп ала алмайды.

6Жиналған өнiмнен үлесiн ең алдымен жан сала еңбектенген диқан алуға тиiс.

7Айтқандарым туралы ойлана бер, сонда Құдай саған бәрiне түсiнiк бередi.

8Дәуiттiң ұрпағынан шыққан, өлiмнен қайта тiрiлген Иемiз Иса Мәсiхтi әрдайым есiңде ұста! Мен уағыздаған Iзгi хабар — осы,

9соған бола азап шегiп, қылмыскердей бұғаулансам да, Құдай сөзi бұғаулы емес!

10Сондықтан мен Тәңiрдiң таңдаған адамдары үшiн, олардың да Иса Мәсiх арқылы құтқарылып, мәңгiлiк ұлылықты иемденулерi үшiн бәрiне де төземiн.

11Мынау — дәл айтылған, шынайы сөз:

«Егер Мәсiхпен бiрге өлген болсақ,

Онымен бiрге өмiр сүретiн де боламыз.



12Егер қиыншылықтарға төзе берсек,

Онымен бiрге патшалық ететiн де боламыз.


Ал егер Мәсiхтi мойындаудан бас тартсақ,


Ол да бiздi мойындаудан бас тартады.


13Бiз айтқанымызға адал болмасақ,

Ол айтқанына адал болып қала бередi,


Өз болмысымен келiспейтiндi Ол iстемейдi».


Құдайдың құптаған қызметшiсi болып, қауымдағы мәнсiз айтыстарды тоқтат!


14Осыларды бәрiнiң есiне түсiрiп, сөздер туралы айтыспасын деп Құдай алдында мықтап ескерт. Ондай айтыстардан жақсылық шықпай, тыңдағандардың сенiмдерiне нұқсан келтiредi.

15Сен кiнәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзiн дұрыс үйретушi ретiнде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл!

16Жай, бос әңгiмелерден аулақ жүр. Бұларды айтатындар Құдайдың адал жолынан одан бетер адасып кетiп,

17сөздерi қағына тиген жарадай жайыла берiп, рухани дененi құртпақ. Солардың арасында Үменей мен Фiлет те бар.

18Олар шындық жолынан тайып, «Қайта тiрiлу болып кеттi», — деп жариялап, кейбiреулердiң сенiмдерiн жоюда.

19Бiрақ Құдайдың салған негiзi берiк тұрады, онда мына сөздер «мөрленiп» жазылған: «Иемiз қарамағындағыларын жақсы бiледi» және «Иемiздiң атына сиынатын әркiм жамандықтан алшақтасын!»

20Бiр үлкен үйде алтын мен күмiстен ғана емес, ағаш пен қыштан жасалған ыдыс-аяқтар да бар: алдыңғылары қадiрмен тұтылса, соңғылар қадiр-құрметтен ада.

21Сол себептi, кiм өзiн бұлардан аулақ таза ұстаса, қадiрлi ыдыстар iспеттi Қожайынына бағышталып, әрбiр iзгi iстер үшiн қолданылуға дайын болады.

22Сонымен жастықтың құмарлықтарынан бас тартып, пәк жүрекпен Иемiзге сиынатындардың бәрiмен бiрге әдiлдiк, сенiм, сүйiспеншiлiк және татулыққа ұмтыл.

23Ақылсыз, мәнсiз айтыстардан аулақ бол, олардың дау-жанжал туғызатынын бiлесiң ғой.

24Жаратқан Иенiң қызметшiсiнiң жанжалдасуына болмайды, ол бәрiне бiрдей жылы жүздi, жақсылап тәлiм беретiн, сабырлы болуы қажет.

25Құдай, мүмкiн болса, өкiндiрiп, шындықты мойындатсын деп, қарсыластарын iлтипаттылықпен түзету керек.

26Олар осылайша ақылға келiп, өзiнiң еркiне бағындыру үшiн ұстап алған шайтанның тұзағынан босап, құтыла алады.

3

Қара ниеттiлерден аулақ жүр!


1Есiңде болсын, соңғы дәуiрде қиын-қыстау күндер туады:

2адамдар өзiмшiл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшiл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты бiлмейтiн, қасиеттiнi танымайтын, ешкiмдi сүймейтiн,

3ымыраға келмейтiн, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретiн,

4опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрi ләззат-ермектi артық көретiн болады.

5Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрiнгенмен, Оның күшiнен бас тартады.

Мұндай адамдардан аулақ жүр!

6Олардың кейбiреулерi кiсiлердiң үйлерiне қулықпен кiрiп, түйсiксiз әйелдердi елiктiрiп, құлдыққа ұрады. Сондай әйелдер күнәға белшесiнен батып, түрлi құмарлықтардың жетегiнде жүредi.

7Олар әрдайым тәлiм алуға ұмтылғанмен, ешқашан шындықты бiлуге қол жеткiзбейдi.

8Янни мен Ямбыридың Мұса пайғамбарға қарсы күрескенi сияқты, мұндай азғырушылар да шынайы iлiмге қарсы шығады. Бұлардың ақылдары бүлiнген, сенiмдерi түкке тұрғысыз, жалған.

9Бiрақ та олар алысқа бара алмайды, өйткенi олардың ақылсыздығы бәрiне айқын болады; кезiнде Янни және Ямбыримен де солай болған.

Көз жеткiзген шынайы iлiмдi уағыздай бер!


10-11 Ал сен маған ерiп, менiң iлiмiм, жүрiс-тұрысым мен өмiрдегi мақсатымды үлгi тұтып, сенiмiм, төзiмдiлiгiм және сүйiспеншiлiгiмдi, әрi қуғындалып, азап шеккен кездерiмде көрсеткен табандылығымды өз көзiңмен көрдiң. Антақия, Қония мен Лүстрада маған не болғанның бәрiн, сол қалаларда қандай қудалауды басымнан кешкенiмдi бiлесiң. Ал Иемiз менi солардың бәрiнен де құтқарды.

12Мәсiх Исамен жүрiп, Құдайға ұнамды өмiр сүргiсi келетiндердiң бәрi де қуғындалатын болады.

13Қара ниеттiлер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздерi де алданып, өзгелердi де алдай бермек.


14Ал сен үйренiп, берiк сенгендерiңе адал болып қала бер, өйткенi тәлiмгерлерiңнiң кiм болғандарын бiлесiң.

15Сонымен бiрге балалық шағыңнан-ақ Киелi жазбалармен таныссың. Олар сенi парасатты етiп, Мәсiх Исаға деген сенiмiң арқылы құтқарылуға бастап әкеледi.

16Киелi жазбалардың бәрi Құдай Рухының жетелеуiмен жазылып, тәлiм беру, әшкерелеу, түзету әрi әдiлдiкке тәрбиелеу үшiн тиiмдi;

17осылай Құдайдың адамы барша игi iске дайындалып, толықтай даяр болмақ.

4


1Құдай алдында және қайтып келiп көрiнiп, Патшалық құрғанда тiрiнi де, өлгендi де соттайтын Иса Мәсiх алдында саған мықтап ескертемiн:

2Құдай сөзiн уағызда! Мұны адамдарға ұнауы, ұнамауына қарамастан әрдайым орындауға табандылықпен ұмтыл; қателерiн әшкерелеп, тыйым салып, жақсылыққа жiгерлендiре тұрып, зор сабырлылықпен тәлiм бер!

3Себебi адамдар дұрыс тәлiмдi еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегiнде кетiп, құлақтарына жағатындарды айтатын мұғалiмдердi көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады.

4Сөйтiп шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ.

5Ал сен әрдайым қырағы, азапқа төзiмдi бол; Iзгi хабарды уағыздаушының мiндетiн атқарып, қызметiңдi орындай бер!

6Менiң қаным төгiлiп, құрбан болып, бұ дүниеден аттанатын кезiм таяу қалды.

7Мен «игi жарысқа» қатысып, мәреге жеттiм, сенiмiмдi сақтап қалдым.

8Ендi менi «жеңiмпаздың жүлдесi» — «әдiлдiктiң тәжi» күтiп тұр, оны маған сол күнi әдiл Төрешi — Иемiз бермек; тек маған емес, Оның қайта оралып, анық көрiнуiн сүйiспеншiлiкпен күткендердiң бәрiне де сыйлайды.

Жеке ақыл-кеңес пен өтiнiштер


9Маған жуырда келуге тырыс.

10Себебi Димас осы күнәкар дүниенi жақсы көрiп, менi тастап, Салониқа қаласына кеттi; Кiрiскент Ғалатияға, ал Тит Далматияға аттанды.

11Жалғыз Лұқа ғана қасымда, Марқаны тауып бiрге ала кел, өйткенi ол қызметiме пайдалы болмақ.

12Түхiктi Ефеске жiбердiм.

13Трояда Қарпостың үйiне тастап кеткен шапанымды, сондай-ақ кiтаптарымды да ала кел, әсiресе, жарғаққа жазылғандарын.

14Мыс шеберi Ескендiр маған көп жамандық жасады. Иемiздiң Өзi оған iстегендерiне лайықтысын қайтарар.

15Ескендiр айтқандарымызға тым қарсы шықты, сен де одан сақтанып жүр.


16Алғашқы тергелiп, жауапталған кезiмде қасымда жақтаған ешкiм болмады, қайта, бәрi менi тастап кеттi. Құдай олардың мұнысын мойындарына артпай-ақ қойсын!

17Алайда Иемiз маған жар болып, әр ұлттық адамдардың естуi үшiн Iзгi хабарды толықтай жариялауға күш-қуат берiп, менi арыстанның құлқынынан құтқарғандай, өлiмнен аман алып қалды.

18Иемiз менi болашақта да жамандық атаулыдан сақтап, Өзiнiң көктегi Патшалығына апармақ. Ол мәңгi мадақталсын! Аумин.

Соңғы сәлемдер және ақ бата


19Присқила мен Ақилаға, сондай-ақ Онисыфордың үй iшiне сәлем айт.

20Ераст Қорынт қаласында қалды, Трофимды ауырғандықтан Мiлитте қалдырдым.

21Қыс түспей келуге тырыс. Еубұл, Пұд, Лин, Клаудия және барлық бауырластарымыз саған сәлем жолдап жатыр.

22Жаратқан Ие жар болып, рухыңды жiгерлендiре көрсiн, Оның рақымы бәрiңе де жауа берсiн! Аумин.