Жазба туралы мәлiмет
Пауыл елшi жас қызметтестерi Тiмоте мен Титке жолдаған үш сәлемхатында қауым мүшелерiн қамқорлау туралы нұсқау бергендiктен, олар «рухани қамқорлық хаттары» деп аталады.
Осы хаттарда, сондай-ақ кесариялық Еусеби мен римдiк Клiмент сияқты ерте кездегi қауым жетекшiлерiнiң жазбаларында берiлген мәлiметтер бойынша Пауыл Рим қаласындағы алғашқы тұтқындалуынан босаған соң төртiншi үлкен уағыздау сапарына шығады. Алдымен Испанияға, содан кейiн Крит аралына және бүгiнгi Түркиядағы Ефес, Қолос қалаларына барып, содан Греция арқылы Римге қайта оралады. Бұл жерде ол шамамен б.з. 66 жылы, Неронның патшалық құрған кезiнде қайтадан тұтқындалып, 68 жылы шейiт болады.
Пауыл төртiншi уағыздау сапары кезiнде Ефес қаласынан солтүстiк Грециядағы Македония аймағына аттануға дайындалғанда, сенiмдi шәкiртi Тiмотеге сол қаладағы қауымға қамқорлық жасау туралы нұсқау берген едi. Кейiнiрек елшi өзiнiң жуырда Ефеске оралмайтынына көзi жеткенде, дарынды жас серiгiн жiгерлендiрiп, оған берген тапсырмаларын әлi де нақтылау үшiн осы бiрiншi хатын жазды: Тiмоте қауымда жайылған жалған iлiмдерге қарсы тұрып, лайықты жетекшiлердi тағайындауға және қауымдардың жиындары мен қызметтерiн дұрыстап өткiзу туралы тәлiм беруге тиiс болды.
Ефес қауымындағы басты мәселе қате iлiмдердiң: «бiлiмпаздық» ағымының алғашқы түрiнiң, яһуди дiнiне байланысты кейбiр азғын дәстүрлердiң және дүниеден безу ағымының жайылуы едi.
Елшi бұл хаттың қауым жетекшiлерi мен мүшелерiне де оқылып берiлуiн қалағандықтан, өзiн «Құдайдың және Мәсiхтiң бұйрығымен болған елшiсi» деп ресми түрде таныстырып, Тiмотенiң де қауымдағы беделiн нығайтты.
Арнау және сәлем
1Құтқарушымыз Құдайдың және үмiтiмiздiң Бастауы Иса Мәсiхтiң бұйрығымен Мәсiхтiң елшiсi болған Пауылдан
2сенiмiмiздегi шынайы ұлым iспеттi Тiмотеге дұғай сәлем. Лайым Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсiн!
Қате iлiмдерге қарсы ескертулер
3Македонияға барарда өтiнiп сұрағанымдай, сен Ефес қаласында қалып, кейбiреулердiң басқа iлiмдердi үйретулерiне
4және аңыздармен, ұлан-ғайыр шежiрелермен шұғылдануларына тыйым сал. Бұлар сенiм арқылы бiлiнетiн Құдайдың iсiне қызмет етудiң орнына көп дау-жанжал тудырады.
5Осы бұйрықтың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенiмнен бастау алатын сүйiспеншiлiктi ояту.
6Кейбiр адамдар бұлардан бас тартып, көп мылжыңдыққа түсiп, адасып кеттi.
7Олар Таурат заңының ұстаздары болғылары келедi, бiрақ өз сөздерiн де, табандылықпен пайымдап жүрген iлiмдерiн де өздерi дұрыстап түсiнбейдi.
8Ал тиiсiнше қолданылса, Таурат заңының игiлiктi болатынын бiлемiз.
9Оның Құдай алдында ақталған бiздерге емес, заң мен билiкке бағынбайтындарға, зұлымдар мен күнәкарларға, қасиетсiздер мен дiнсiздерге, ата-анасын не басқа бiреудi өлтiрушiлерге,
10бұзылғандар мен жыныстық азғындыққа түскендерге, кiсi ұрлаушыларға, өтiрiкшiлер мен жалған ант беретiндерге, яки дұрыс iлiмге қайшы әрекет ететiндердiң бәрiне тыйым салатынын түсiнемiз.
11Осы iлiм мадақталуға тиiстi Құдайдың ұлы Iзгi хабарында мәлiмденген. Ол соны уағыздауды маған аманаттады.
Құдайдың рақымына шүкiрлiк
12Жұмысымды атқаруға қуат берiп келе жатқан Иемiз Иса Мәсiхке менi сенiмдi болады деп бағалап, Өзiне қызмет етуге тағайындағаны үшiн ризашылығымды бiлдiремiн.
13Бұдан бұрын Оған тiл тигiзiп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткенiммен, Ол маған қайырымды болды. Себебi менде әлi де шынайы сенiм болмағандықтан, не iстеп жүргенiмдi бiлмедiм.
14Осылай маған Иемiздiң рақымы молынан төгiлiп, Иса Мәсiхтен келетiн сенiм мен сүйiспеншiлiкке кенелдiм.
15«Иса Мәсiх осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшiн келдi». Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет. Күнәкарлардың iшiндегi нағыз күнәкары мен едiм.
16Ал Иса Мәсiх алдымен мен арқылы Өзiнiң төзiмдiлiгiн толығымен көрсету үшiн маған қайырымдылық танытты. Сөйтiп менi болашақта Иса Мәсiхке сенiп, мәңгiлiк өмiрге ие болатындардың бәрiне үлгi еттi.
17Мәңгiлiк Патша — өлмес, көзге көрiнбес бiрден-бiр Құдай мәңгi құрметтелiп, ұлылығы мадақтала берсiн! Аумин.
18Тiмоте, балам менiң, саған мына өсиеттi аманаттаймын, ол бұдан бұрын өзiң туралы Құдай Рухы бiлдiрген хабарларға сәйкес: iзгi күресте сол хабарларға сай әрекет жасап,
19сенiмiң мен ар-ұжданыңды таза ұста! Кейбiреулер ар-ұждандарынан безiп, сенiмдерiн құртты.
20Олардың араларында Хименей мен Ескендiр бар. Құдайға тiл тигiзбеуге үйренсiн деп, екеуiн (қауымнан шығарып) шайтанның қолына тапсырдым.
Қауымның Құдайға сиынуы
1Ал ендi, ең алдымен мынаны ескертемiн: барлық адамдар үшiн Құдайға сиынып, тiлектер, өтiнiштер мен алғыстар арналсын.
2Патшалар мен басқа да барлық әкiмшiлiк иелерi үшiн де мiнажат ету керек; соның нәтижесiнде бiз барлық жағдайда Құдайға ұнамды да адал болып, тыныш та бейбiт өмiр сүрмекпiз.
3Бұл — игiлiктi, әрi Құтқарушымыз Құдайға ұнайды.
4Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты бiлiп алуларын қалайды.
5Құдай — бiреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келiстiрушi де Бiреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсiх.
6Бәрiн күнәның құлдығынан босату үшiн Мәсiх жанын қиып, соның төлемiн өтедi. Бұған дер кезiнде куәлiк берiлдi.
7Оны жариялау үшiн уағыздаушы және елшi болуға тағайындалдым, еш өтiрiк емес, Мәсiх алдында нағыз шындықты айтып тұрмын: Ол менi халықтарға сенiм мен шындық туралы тәлiм беруге жiбердi.
8Сонымен ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын.
9Сол сияқты, әйелдер әдеппен әрленiп-сәнденсiн: шаштарын тым баптай бермей, алтын, маржан және қымбат киiмге үйiр болмай, киiмдерi қарапайым да сыпайы болсын.
10Оларды iстеген игi iстерi көркейтсiн. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық.
11Әйелдер тыныштықпен, әр жағдайда (қауым жетекшiлерiнiң басшылығына) мойынсұнып, тәлiм алсын.
12Олардың (Құдайдың iлiмi жайлы) тәлiм берiп, ер адамдарға билiк жүргiзулерiне жол бермеймiн; олар тыныш болсын.
13Алдымен Адам ата, содан кейiн Хауа ана жаратылған
14және Адам ата емес, әйел әзәзiлге алданды. Осылай ол Құдайдың бұйрығын бұзды.
15Ал егер әйелдер сенiм, сүйiспеншiлiк, қасиеттiлiк және сыпайылықты ұстанса, аналық мiндетiн атқарғанда (күнәның ықпалынан) аман сақталады.
Қауым жетекшiлерi мен қызметшiлерi
1«Егер бiреу қауым басқарушысы болуға ынталанса, оның игiлiктi iстi қалағаны». Бұл — дәл айтылған шынайы сөз.
2Ал қауым басқарушысының ешбiр кiнәратсыз таза болуы қажет: ол әйелiне адал, естi, байсалды, әдептi, қонақжай және қабiлеттi оқытушы,
3не арақ-шарапқа құмар, не ұрыншақ та емес, шыдамды, айтыс-тартыстан аулақ жүретiн, ақшаға да құнықпайтын жан болуға тиiс.
4Ол отбасына жақсы басшылық етiп, балаларын өзiн құрметпен тыңдайтындай етiп тәрбиелеуi шарт.
5Өйткенi өз отбасына басшылық ете алмаған адам қалайша Құдайдың қауымын қамқорлай алады?
6Басқарушы сенiм жолына жуықта ғана түскен бiреу болмауға тиiс. Әйтпесе мақтаныштан кеудесiн көтерiп, шайтан iспеттi Құдайдың үкiмiне ұшырауы мүмкiн.
7Сондай-ақ, масқараланып, шайтанның торына түсiп кетпеуi үшiн қауымнан сыртқы жұрттың да оған жақсы куәлiк берулерi керек.
8Сол сияқты, қауым қызметшiлерi де байыпты, өтiрiк айтпайтын жандар болып, маскүнемдiк пен пайдақұмарлықтан аулақ жүрулерi қажет.
9Олар бiзге сенiм туралы ашылған құпия iлiмдi таза ар-ұжданымен ұстануға тиiс.
10Бұлар да алдымен сыналсын. Содан кейiн, егер айыпсыз болса, мiндеттерiне кiрiссiн.
11Сондай-ақ (қауым қызметшiлерiнiң) әйелдерi де байыпты, өсек айтпайтын, естi, қай нәрседе де адал болуға тиiс.
12Қауым қызметшiлерi әйелдерiне адал болып, балалары мен отбастарына жақсы басшылық етулерi керек.
13Мiндеттерiн жақсы атқаратындар зор беделге және Мәсiх Исаға деген сенiмде үлкен батылдыққа ие болады.
«Сенiмнiң ұлы құпиясы»
14Жақын арада саған баруға үмiттенсем де, осы хатты жазып отырмын.
15Сөйтiп, егер кешiксем, сенушiлердiң «Құдайдың отбасының» мүшелерi ретiнде қалай әрекет етуге тиiс екенiн сен бiлетiн боласың. Ал Оның «отбасы» — мәңгi тiрi Құдайдың қауымы, ол шындықты тiрек, таяныш секiлдi жоғары көтерiп ұстайды.
16Құдайға ұнамдылық туралы бiзге ашылған мына құпияның ұлы екендiгi еш шүбәсыз:
Мәсiх адам боп дүниеге келдi де,
Киелi Рух әдiлдiгiн дәлелдедi.
Мәсiх перiштелерге көрiндi де,
Халықтарға Ол жарияланды,
Жер жүзiнде Оған көбi иланды,
Ол ұлылықпен көкке қабылданды.
Қате iлiмдерден сақтанып, Мәсiхтiң iзгi қызметшiсi болу
1Құдай Рухы: «Соңғы дәуiрде кейбiреулер сенiмдерiнен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен iлiмдерге еретiн болады», — деп анық айтады.
2Осындай iлiмдер ар-ұжданнан әбден безген, екi жүздi өтiрiкшiлер арқылы тарайды.
3Олар: «Үйленуге және белгiлi бiр тағам түрлерiн жеуге болмайды!» — деп үйретедi. Алайда сол тағамдарды Құдай Өзiне сенiп, шындықты бiлетiндердiң шүкiрлiк ете отырып жеулерi үшiн жаратты.
4Құдай жаратқандардың бәрi де адал; шүкiрлiк етiп қабылданған тамақтарға тыйым салуға болмайды.
5Олар Құдай сөзiн оқып, Оған сиынуымыз арқылы адал болады.
6Осы нұсқауларды бауырластарға бiлдiрiп, сенiмiмiз туралы сөздерден, ұстанған игiлiктi iлiмнен нәр алсаң, онда Иса Мәсiхтiң iзгi қызметшiсi боласың.
7Сол бiр кексе әйелдердiң бос аңыздарынан бойыңды аулақ ұстап, Құдайға ұнамды жүруге жаттыға бер.
8Дененi шынықтырудың бiраз пайдасы бар, ал Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы: Тәңiрдiң уәдесi бойынша ол осы және болашақ өмiрде де игiлiктi.
9Бұл — дәл айтылған шынайы сөз; оны түгелдей қабылдау қажет.
10Бiз барлық адамдардың құтқарылуын қалайтын, әрi Iзгi хабарға сенушiлердiң бәрiн құтқаратын мәңгi тiрi Құдайға сенiмiмiздi арттық. Сол себептен жан сала еңбек етiп, қорлыққа төзудемiз.
Қауымға үлгi және кеңесшi ұстаз болу
11Осыларды уағызда, үйрет.
12Ешкiмнiң де өзiңдi жас деп менсiнбей қарауына жол берме. Қайта, сенушiлерге сөйлеген сөзiң, мiнез-құлқың, сүйiспеншiлiгiң, жан-дүниең, сенiмiң және пәктiгiңмен үлгi бол.
13Мен барғанша Киелi жазбаларды оқып берiп, насихаттап, сенiмдерiн нығайтып, тәлiм берумен айналыса бер.
14Қауым жетекшiлерi үстiңе қолдарын қойып, батасын бергенде Құдай Рухының бiлдiрген хабарымен саған сыйлаған рухани дарынын елемей жүрме!
15Осыларды орындап, өзiңдi соған арна; бәрi де бұдан сенiң алға басуыңды көре алсын.
16Өзiңе де, үйретiп отырған iлiмiңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзiңдi және тыңдаушыларыңды күнәның ықпалынан аман сақтайтын боласың.
1Жасы үлкен адамды сөкпе, қайта, өз әкеңе айтқандай iлтипатпен ескерт. Жас жiгiттерге — туған бауырыңа,
2егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келiншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр.
Жесiрлердiң қамқорлыққа алынып, қауымға қызмет көрсетулерi
3Шынымен мұқтаж жесiрлердi құрметте.
4Егер жесiрдiң балалары не немерелерi болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадiрлеп, әке-шешелерi мен ата-әжелерiнiң алдындағы борыштарын өтеп, өз сенiмдерiн iс жүзiнде көрсетудi үйренсiн, өйткенi бұл Құдайға ұнайды.
5Ал шынымен мұқтаж, жалғыз басты жесiрлер бар үмiтiн Құдайға артып, күнi-түнi Оған сиынып, мiнажат етедi.
6Алайда тiршiлiктiң ләззатын ғана ойлайтын жесiр — тiрi өлiк.
7Қауымның кiнәратсыз болуы үшiн осыларды насихатта!
8Туысқандарының, әсiресе үй iшiнiң қамын ойламайтын адам сенiмiнен бас тартқан, ол тiптi Құдайға сенбейтiннен де жаман.
9Жасы алпыстан асқан, күйеулерiне адал болған жесiрлер ғана таңдалып, арнайы тiзiмге тiркелсiн.
10Олардың жасаған игi iстерi белгiлi болулары керек, мысалы, балаларын тәрбиелеуi, қонақжайлылық танытуы, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсетуi, бейшараларға көмектесуi, игiлiктi iс атаулының бәрiне де өздерiн арнауы.
11Жастай тұл қалған әйелдердi бұл тiзiмге қабылдама. Олар тәндiк құмарлықтарының жетегiне ерiп, Мәсiхке берiлгендiгiнен безсе, күйеуге шыққылары келедi,
12сөйтiп алдыңғы уәделерiн бұзып, айыпталуға душар болады.
13Мұнан басқа, өздерi жұмыс жасамайтындықтан уақытты бос өткiзiп, үй-үйдi аралауды әдетке айналдырады; олар ерiншек болып қана қоймай, мылжыңмен әуестенiп, өзгенiң жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселердi айтатын болады.
14Сондықтан мен жас жесiрлердiң күйеуге шығып, балалы болып, үй шаруасын басқарып, сөйтiп дұшпанымыздың жамандауына жол бермеулерiн қалаймын.
15Кейбiреулерi дұрыс жолдан тайып, шайтанның жетегiне ерiп кеттi ғой.
16Егер сенушi (ер адамның не) әйелдiң жан ұясында жесiрлерi болса, соларды қауымның иығына артып қоймай, өзi көмектессiн. Сонда қауым шынымен мұқтаж жесiрлерге көмектесе алады.
Қауым жетекшiлерi туралы қосымша нұсқаулар
17Қауымды жақсы басқаратын жетекшiлер, әсiресе Құдай сөзiн уағыздап, үйретуге еңбегi сiңгендер, ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық.
18Себебi Киелi жазбаларда былай делiнген: «Астық басқан өгiздiң аузын жаппа!» Және: «Жұмысшы еңбек ақысын алуға лайық».
19Қауым жетекшiлерiн айыптағанда ең аз дегенде екi-үш куәгер болмаса, оған құлақ аспа.
20Басқаларды да сақтандыру үшiн күнә жасаушыларға бәрiнiң алдында сөгiс бер.
21Құдай, Иса Мәсiх және таңдаулы перiштелер алдарында саған мықтап ескертемiн: осы нұсқауларды алаламай орында, еш нәрсенi де бiр жақтылықпен iстеме!
22Адамдардың үстерiне қол қойып, батаңды беруде асығыстық жасама, әйтпесе олардың күнәларына сен де жауапты боласың. Өзiңдi пәк таза ұста.
23Әлсiз асқазаныңа және жиi сырқаттануыңа бола бұдан былай тек су ғана iшпей, аздап шарап та iш.
24Кейбiреулердiң күнәлары көзге айқын көрiнiп, оларды тiкелей айыпталуға бастап әкеледi. Ал басқаларынiкi кейiнiрек қана әшкереленедi.
25Сол сияқты, игi iстер де айқын көрiнедi, ал бiлiнбейтiндерi де жасырын қала алмайды.
1Құдайдың есiмi мен бiздiң iлiмiмiзге жұрттың тiл тигiзбеулерi үшiн, құлдықта жүрген барлық қызметшiлер қожайындарын құрмет атаулыға лайық деп есептесiн!
2Қожайындары сенушi болса, қызметшiлерi соларға рухани бауырласым деп тиiстi құрмет көрсетпей жүрмесiн, керiсiнше, оларға одан да жақсы қызмет етуге тиiс. Себебi соның пайдасын көретiндер — сүйiктi бауырластары ғой.
Қате iлiмдер және ақшақұмарлық туралы
Осы нұсқауларды қауымға үйретiп, ескерте бер!
3Ал басқаша тәлiм берiп, Иемiз Иса Мәсiхтiң шынайы сөздерiмен және Құдайға ұнамды өмiр салтына жетелейтiн iлiмiмен келiспегендер —
4кеуделерiн көтерiп, ешқандай шындықты бiлмей, тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауыратындар. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау мен арам күдiк тудырып,
5ақыл-естерi уланған, шындықты бiлуден ада болған адамдардың арасындағы үздiксiз ұрыс-керiске себепшi болады. Ондайлар Құдайға ұнамдылық — байлыққа қол жеткiзудiң жолы деп санайды.
6Расында да Құдайға ұнамды өмiр сүрiп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткiзедi.
7Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, ештеңе алып кетпейтiнiмiз де айдан анық.
8Сондықтан iшер ас пен киер киiм болса, соған қанағат етейiк.
9Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерiн апатқа, құруға алып келетiн көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседi.
10Өйткенi ақшақұмарлық — әр түрлi жамандықтың түп тамыры; кейбiреулер осыған бола сенiмдерiнен адасып, өздерiн көптеген қайғы-қасiрет пен өкiнiшке душар еттi.
Соңғы өсиет: ұлы мақсатқа адал бол!
11Ал сен, Құдайдың адамы, мұндайлардан алшақ жүрiп, әрдайым әдiлеттi, Құдайға ұнамды өмiр сүрiп, сенiм, сүйiспеншiлiк, төзiмдiлiк пен iлтипаттылыққа ұмтыла бер.
12Сенiмнiң iзгiлiктi мүддесi үшiн жан сала күресiп, мәңгiлiк өмiрдi берiк ұстан. Тәңiр сенi осыған шақырды, өзiң де көптеген куәлардың алдында Iзгi хабарды мойындадың.
13Барлық жаратылысқа өмiр сыйлаған Құдай алдында және Понти Пилат тергеген кезде Iзгi хабарды табандылықпен мойындаған Иса Мәсiх алдында саған аманаттаймын:
14берiлген нұсқауларды Иемiз Иса Мәсiхтiң қайтып келiп, ұлылықпен көрiнетiн күнiне дейiн мүлтiксiз, таза орында!
15Өзiнiң белгiлеген кезiнде Мәсiхтi салтанатпен көрсететiн Құдай — мадақталған, бiрден-бiр қуатты Билеушi, патшалардың Патшасы, иелердiң Иесi,
16мәңгiлiктiң жалғыз Иесi! Ол ешкiм жақындай алмайтын нұрда тұрады, ешбiр адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды. Қадiр-құрмет пен билiк мәңгi Онiкi. Аумин.
17Осы дүниелiк мал-мүлiкке байларға ескерт: олар менмен болмасын; сенiмдерiн өткiншi байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол рақатын көру үшiн игiлiктердiң бәрiн сыйлайды.
18Байлар жақсылық жасай берiп, игi iстерге бай, әрi жомарт болып, басқалармен бөлiссiн.
19Осылай өздерiне келешек заман үшiн игiлiктi негiз болатын рухани қазына жинап, мәңгiлiк, шынайы өмiрдi берiк ұстанбақ.
20О, Тiмоте, қамқорлығыңа сенiп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және «бiлiмпаздық» деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын iлiмдерден аулақ бол!
21Кейбiреулер оларды ұстанып, жариялап, сенiм жолынан тайып, адасып кеттi.
Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра берсiн. Аумин.