0


Бiрiншi хатынан алты айдан кейiн Пауыл, Сыйлас және Тiмоте Салониқадағы қауымға осы екiншi сәлемхатын жазды. Мұнда олар Мәсiхтiң қайтып келетiн күнi өтiп кеттi деген жалған iлiмге жауап бередi. Сенушiлердi қарсыластары қудалағанда табанды болып, жалған iлiмнiң азғыруына берiлмеуге және Мәсiхтiң атына лайықты өмiр сүруге жiгерлендiрдi.

1

Арнау және сәлем


1Құдай Әкемiзге және Иемiз Иса Мәсiхке сенушiлердiң Салониқадағы қауымына Пауылдан, Сыйластан және Тiмотеден дұғай сәлем.

2Сендерге Құдай Әкемiздiң және Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымы жауып, тыныштық болғай!

Қауым көрген қиыншылықтар және Тәңiрдiң әдiл соты


3Бауырластар, Құдайға сендер үшiн әрдайым шүкiрлiк етуге тиiспiз; бұл әдiл де, өйткенi бәрiңнiң сенiмдерiң мен өзара сүйiспеншiлiктерiң артып келе жатыр.

4Сондықтан бiз бастарыңнан өтiп жатқан әр түрлi қудалау мен қиыншылықтар кезiндегi шыдамдылықтарың мен сенiмдерiңдi Тәңiрдiң өзге қауымдарына айтып, мақтан етiп жүрмiз.


5Бұның бәрi Құдайдың барлық адамдарды әдiл соттайтынын көрсетедi: Ол Өзiнiң Патшалығы үшiн азап шеккен сендердi соған кiруге лайықтысыңдар деп есептейдi.

6Сендердi қинағандарды Құдай қинамақ,

7-8 ал қиыншылық көрiп жүрген сендерге бiзбен бiрге тыныштық бермек. Құдайдың әдiлдiгi осындай.

Бұл, Иемiз Иса Мәсiх құдiреттi перiштелерiмен жалындаған отпен көктен түсiп келгенде болады. Сонда Ол Өзiнiң Iзгi хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендердi жазаламақ.

9Сол адамдар мәңгi-бақи Иемiздiң алдын көрмей, Оның салтанатты ұлы құдiретiнен аластатылып, шексiз қасiрет шегетiн болады.

10Сол күнi Иемiз келедi де, Өзiне бағышталған адамдарына жасаған игiлiктерi үшiн зор мақтанышқа бөленiп, Өзiне сенген олардың бәрiн қайран қалдырады. Сендер де солардың iшiнде боласыңдар, өйткенi бiз әкелген Iзгi хабарға сендiңдер.

Елшiлердiң қауым үшiн Тәңiрге сиынуы


11Сондықтан бiз әрдайым сендер үшiн былай деп мiнажат етемiз: Құдай сендердi құтқарылуға шақырған соң соған лайықты өмiр сүрулерiңе, iзгi ниеттерiңдi жүзеге асыруларыңа, сенiммен бастаған iстерiңдi Құдайдың көмегiмен аяқтауларыңа қабiлет бергей.

12Осылай сендер арқылы Иемiз Исаның есiмi даңққа бөленiп, өздерiң де Оның ұлылығын бөлiсесiңдер. Құдайымыз және Иемiз Иса Мәсiх бұл үшiн сендерге рақымын жаудыра көрсiн.

2

Ақыр заман алдында құдайсыз көсемнiң пайда болуы


1Бауырластар, Иемiз Иса Мәсiхтiң қайтып келуi мен бiздiң Оның қасына жиналуымызға байланысты сендерден мынаны өтiнемiз:

2өсекке, пайғамбарлық сөздерге немесе бiз айтыпты, бiз жазыпты деген жалған пiкiрлерге иланып, Иемiз Мәсiхтiң келетiн күнi болып қалған екен деп абыржып, қорқып қалмаңдар!

3Ешкiм сендердi амалын тауып алдап кетпесiн. Себебi Иемiз келер алдында адамдар Құдайдан безiп, Оған қарсы шығады және әдiлетсiздiктiң қолдаушысы, кейiн мүлдем құритын кiсi пайда болады.

4Ол Құдайға және Оның ұлылығын бiлдiретiн бар нәрсеге қарсы тұрып, өзiн олардан жоғары қояды, тiптi Құдайдың киелi үйiнде отырып алып, «мен құдаймын» деп жариялайды.


5Қастарыңда болған кезiмде менiң осыны айтып отырғаным естерiңде емес пе?

6Күнi бүгiнге дейiн сол кiсiнi қандай күш шығармай ұстап тұрғанын бiлесiңдер. Себебi оған белгiленген уақыт бар.

7Әрине, адамдарды Құдай заңына қарсы тұрғызатын құпия күштер қазiрдiң өзiнде әрекет етуде; бiрақ соларды ашық шығармай, ұстап тұрған қасиеттi күштi алдымен Құдай алып кету керек.

8Оның заңына қарсы тұрушы кiсi содан кейiн шығады. Бiрақ оны Иемiз Иса қайтып келiп, бәрiне салтанатты түрде көрiнгенде аузынан шыққан бiр леппен мүлдем жояды.


9Ал Құдай заңына қарсы тұрушы кiсi келгенде шайтанның әрекетiне сай зор күш-қуат, әр түрлi алдамшы ғажайып iстер мен кереметтер көрсетпек.

10Ол кейiн құритындардың бәрiн күллi жамандықтармен тура жолдан адастырады. Себебi олар өздерiн құтқаратын шындықты жақсы көрмей, жүрегiне жолатпады.

11Сондықтан да Құдай оларды өтiрiкке иланып, түзу жолдан оп-оңай адасатын қылып қояды.

12Сонымен шындыққа сенбей, әдiлетсiздiкке құмартқандардың бәрi сотталатын болады.

Елшiлердiң сенушiлердi жiгерлендiрiп, бата беруi


13Иемiз сүйген қымбатты бауырластар, сендер үшiн Құдайға үнемi алғыс айтуға мiндеттiмiз. Себебi Ол сендердi Киелi Рухының арқасында Өзiне бағышталып, таза жүрiп, шындыққа сенiп, құтқарылуларың үшiн әуел бастан таңдап алған едi.

14Бiздiң сендерге уағыздаған Iзгi хабарымыз арқылы Құдай сендердi Иемiз Иса Мәсiхтiң салтанатты ұлылығынан үлестерiңдi алуға да шақырды.

15Сондықтан, бауырластар, сенiмдерiңе берiк, табанды болып, бiздiң ауызша және жазбаша үйреткен уағызымыздан таймаңдар.


16Лайым бiздi сүйетiн, рақымын төгiп, мәңгiлiк жұбаныш пен үзiлмес үмiт берген Иемiз Иса Мәсiх пен Құдай Әкемiз

17жүректерiңдi жiгерлендiрiп, сендерге iс жүзiнде де, сөз жүзiнде де iзгiлiк жасауға күш бергей.

3

Бiз үшiн мiнажат етiңдер


1Ал ендi, бауырластар, Иемiздiң Iзгi хабары тура сендердегiдей көп тарап, құрметке бөлене берсiн деп Оған бiз үшiн сиыныңдар:

2Ол бiздi қара ниеттi, зұлым адамдардың шабуылынан сақтай көрсiн. Өйткенi жұрттың бәрi бiрдей сенушi емес.

3Ал Жаратқан Ие сенiмдi, Ол сендерге күш-жiгер берiп, әзәзiлдiң әрекетiнен сақтайды.

4Сендер Иемiзбен тығыз байланыста тұрғандықтан, бiз өздерiңе бұйырғанымызды қазiр де, келешекте де орындайды деп сенiм артамыз.

5Иемiз жан дүниелерiңдi Құдайдың сүйiспеншiлiгiне бұрып, сендер Мәсiхтiң қайта оралуын сабырмен күтсiн деп мiнажат етемiз.

Еңбек ету — мiндет


6Иемiз Иса Мәсiхтiң атынан бiз, бауырластарым, сендерге тағы ескертемiз: жүгенсiз жүрiп, бiздiң өздерiңе тапсырған iлiмiмiзге ермейтiндерден бойларыңды аулақ ұстаңдар!

7Бұл жерде бiзден үлгi алу қажеттiгiн өздерiң де бiлесiңдер. Себебi бiз сендерде болғанда жұмыссыз, бос жүрiп,

8бiреудiң нанын тегiн жеген жоқпыз. Ешқайсыңа ауыртпалық түсiрмеу үшiн күнi-түнi еңбек етiп, бар күшiмiздi салып жұмыс iстедiк.

9Нандарыңды жеуге қақымыз бар едi; бiрақ сендер бiзге елiктесiн деп, үлгi болғымыз келдi.

10Араларыңда жүргенде: «Еңбек еткiсi келмеген iшiп-жемесiн» деген қағиданы саналарыңа сiңiрдiк.


11Ал ендi кейбiреулерiңнiң жүгенсiз жүргендiктерiң туралы естiдiк, олар жұмыс iстемей, басқалардың мазасын алып, босқа сандалып жүр екен.

12Осындайларға бiз тыныш еңбек етiп, өз нандарын өздерi тауып жесiн деп Иемiз Иса Мәсiхтiң атынан бұйырып, ескертемiз.

13Ал сендер, бауырластар, жақсылық жасаудан жалықпаңдар.


14Егер бiздiң осы хатта айтып отырған нұсқауларымызға кiмде-кiм құлақ аспаса, соны ескерiңдер. Өз қылығына ұялуы үшiн онымен араласпаңдар.

15Бiрақ оған жау деп қарамай, бауырлас ретiнде түсiндiрiп, ескертiңдер.

Соңғы баталар мен қоштасу


16Тыныштықтың Иесi сендерге әрдайым қай нәрседе де Өзiнiң тыныштығын сыйлай берсiн! Иемiз жар болғай!


17Ал мен, Пауыл, осы сәлемiмдi өз қолыммен жазып отырмын. Хаттарымды ылғи осылай аяқтаймын, олардың менiкi екенiн осыған қарап бiлесiңдер.


18Барлығыңа Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымы жауа берсiн! Аумин.