0


Құдайдың елшiсi Пауыл б.з. 50 жылы шамасында қызметтестерi Сыйлас, Тiмотемен бiрге Македония аймағының астанасы Салониқаға барып, сонда уағыз айтқан едi. Мұның нәтижесiнде Мәсiхке сенушiлердiң қауымы пайда болды. Қарсыластары бүлiк шығарғанда Пауылдың қаладан кетуiне тура келдi (Елшiлердiң iстерi 17:1-9). Кейiн қауымның жағдайынан хабардар болу үшiн Тiмотенi Афиныдан Салониқаға қайтарып жiбердi.

51 жылы Пауыл грек елiнiң Қорынт қаласында Тiмотемен қайта кездесiп, салониқалық сенушiлерден хабар алды. Ендi оларды жiгерлендiрiп, жалған iлiмдерден сақтандырып, Иемiздiң жолын қуушылардың шынайы өмiр салты және Мәсiхтiң болашақта қайтып келуi туралы тәлiм беру үшiн Пауыл көмекшiлерi Сыйлас, Тiмотемен бiрге қауымға арнап осы алғашқы хатын жазды.

1

Арнау және сәлем


1Құдай Әкеге және Иемiз Иса Мәсiхке сенушiлердiң Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тiмотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсiн!

Сенушiлердiң үлгiлi сенiмiне ризашылық бiлдiру


2Сендердi Құдайға сиынғанда еске алып, бәрiң үшiн әрдайым шүкiршiлiк айтамыз.

3Құдай Әкемiздiң алдында сендердiң Оған деген сенiммен игiлiктi iс iстеп, сүйiспеншiлiкпен ауыр еңбек етiп және Иемiз Иса Мәсiхке табандылықпен үмiттенiп жүргендерiңдi үнемi еске алып отырамыз.


4Құдай сүйген бауырластар, Оның сендердi таңдап алғанын бiлемiз.

5Себебi бiз сендерге Iзгi хабарды сөзбен ғана емес, құдiретпен, Киелi Рухпен және зор сенiммен де жеткiздiк. Сендердiң игiлiктерiң үшiн араларыңда қалай әрекет еткенiмiздi өздерiң бiлесiңдер.

6Ал сендер бiзге және Иемiзге елiктеп, көп азапқа ұшырасаңдар да, хабарды Киелi Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар.

7Осылай Македония мен Ахая өлкелерiндегi сенушiлердiң барлығына үлгi болдыңдар.


8Иемiздiң хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенiмдерiң барлық жерде белгiлi болғандықтан, бiзге бұл туралы айтудың қажетi де жоқ.

9Себебi ел сендердiң бiздi қандай жылылықпен қабылдап, жалған тәңiрлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандықтарың туралы бiр-бiрiне айнала әңгiмелеп жатыр. Ендi сендер тiрi де шынайы Құдайға қызмет ете жүрiп,

10Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуiн күтудесiңдер. Құдай өлiмнен қайта тiрiлткен Ол бiздi келешектегi қаһарлы соттан құтқарып алады.

2

Елшiлердiң Салониқадағы қызметi


1Бауырластар, сендерге барып, бiразға қалғанымыздың нәтижесiз болмағанын өздерiң бiлесiңдер.

2Алдында ғана Фiлiпiде азап шегiп, қорлық көргенiмiз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Iзгi хабарын жариялауға батылымыз барды.

3Сендерге уағызды өзiмiз шындықтан адасқандықтан немесе арам пиғылмен айтып жүрген жоқпыз және бiреудi алдаудан да аулақпыз.

4Қайта, Құдай лайық деп тауып, Iзгi хабарды бiзге сенiп тапсырды; сондықтан бiз адамға емес, жүректерiмiздiң түкпiрiндегiлердi бақылап отыратын Құдайға ұнау үшiн уағыз айтып жүрмiз.

5Ешқашан да жағымпазданып сөйлеп көрген жоқпыз, оны өздерiң бiлесiңдер, пайда табайық деген iшкi есебiмiз де болған емес, бұған Құдай куә.

6Сондай-ақ адамдардан, сендерден не басқалардан да атақ iздеп жүрген жоқпыз.


7Мәсiхтiң елшiлерi ретiнде бiз талап қойсақ та болар едi, алайда сендерге балаларын қамқорлаған мейiрiмдi анадай жылы жүзбен қарадық.

8Осылай жақсы көрiп, Құдайдың Iзгi хабарын ғана жеткiзген жоқпыз, жүрегiмiздi де алдарыңа жайып салдық, өйткенi сендер бiзге сүйкiмдi болып кеттiңдер.

9Бауырластар, бар күшiмiздi салып, бейнет шеге еңбек еткенiмiз естерiңде ғой. Сендерге масыл болмау үшiн күнi-түнi жұмыс iстедiк, сөйте жүрiп, Құдайдың Iзгi хабарын уағыздадық.


10Құдайға сенетiн сендердiң алдарыңда өзiмiздi таза, әдiл, мiнсiз ұстадық, бұған сендер де, Құдай да куә.

11Мынаны бiлесiңдер: әрқайсыңды туған баламыздай көрiп,

12сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүрiңдер деп ескертiп, соған көздерiңдi жеткiздiк, тiптi өздерiңе жалындық та, өйткенi Құдай сендердi өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады.


13Сендердiң бiзден естiген Құдай сөзiн адамның емес, Құдайдың хабары ретiнде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшiн бiз Тәңiрiмiзге үнемi шүкiршiлiк етемiз. Қазiр бұл хабар Оған сенетiн сендерге күштi әсер етiп жатыр.

14Себебi сендер, бауырластар, Құдайдың Иса Мәсiхке сенетiн Яһудеядағы қауымдарына ұқсайсыңдар: олар яһудилерден қандай жамандық көрсе, сендер де өз жерлестерiңнен дәл соны бастан кешiрдiңдер.

15Яһудилер тiптi Иемiз Иса Мәсiхтi және пайғамбарларды өлтiрiп, бiздi де қуып шыққан едi. Олар Құдайға ұнамайды, әрi барлық адамдарға қастық танытады,

16себебi олар бiздiң басқа ұлттарға Iзгi хабарды жариялап, құтқару әкелуiмiзге кедергi жасай бередi. Осылай олар күнәларын күннен күнге көбейтiп келе жатыр. Ал Құдайдың қаһары төбелерiнен төнiп тұр.

Елшiлердiң салониқалықтарды сағынып, Тiмотенi жiберуi


17Бауырластар, аз уақыт сендерден ажырап, көңiлдерiңнен емес, көздерiңнен таса болғанда сағыныштан жүздерiңдi көруге қатты құштар болдық.

18Иә, сендерге барғымыз келдi; өзiм — Пауыл бiрнеше рет баруға тырыстым, бiрақ бұған шайтан кедергi жасады.

19Өйткенi Иемiз Иса Мәсiх қайтып келген кезде бiздiң үмiтiмiз, қуанышымыз, басымызға киер «мақтау тәжiмiз» сендер болмағанда, кiм болмақ?

20Расында да бiздiң мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсiңдер.

3


1Сондықтан бiз одан әрi шыдай алмай, Афиныда жалғыз өзiм қалайын деп шештiк те,

2Тiмоте бауырласымызды сендерге жiбердiк; ол — Мәсiхтiң Iзгi хабарын тарату жөнiндегi Құдайдың қызметшiсi. Осы азаптар ешқайсыңды шайқалтпасын деп, ол сендердi жiгерлендiрiп, сенiмдерiңдi нығайтпақ.

3Азап шегу маңдайымызға жазылғандығы өздерiңе мәлiм.

4Қастарыңда жүрген кезiмiзде «Қуғынға ұшырайтын боламыз» деп алдын ала айттық қой. Мiне, сол айтқанымыз болды, оны өздерiң бiлесiңдер.

5Сондықтан да мен одан әрi шыдай алмай Тiмотенi жiберiп, сенiмдерiң берiк пе, әлде әзәзiл азғырып, бар еңбегiмiз зая кеттi ме, соны бiлгiм келдi.

Тiмоте алып келген қуанышты хабар


6Қазiр Тiмоте сендерден келiп, сенiмдерiң мен сүйiспеншiлiктерiң туралы жақсы хабар әкелдi. Сендердiң бiздi ылғи жақсылықпен еске алып, көрсек деп сағынып жүргендерiңдi айтты; бiз де сендердi көрсек деймiз.

7Бауырластар, сенiмдерiңдi берiк ұстап жүр екенсiңдер, қиналып, қысылып отырған бiзге бұл жаңадан жiгер бердi.

8Ендi рухымыз көтерiлiп қалмақ, себебi сендердiң Құдаймен байланыстарың тұрақты екен.

9Бiздi өздерiңе қуантып қойған Құдайға қанша алғыс айтсақ та аздық қылады.

10Күнi-түнi сендермен көрiстiре гөр деп Одан шын жүректен өтiнемiз; сендерге көмектесiп, сенiмдерiңе не жетпесе, соны толықтырсақ деймiз.


11Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса жолымызды сендерге бұра көрсiн деп өтiнемiз.

12Бiр-бiрiңе және барлық адамдарға деген сүйiспеншiлiктерiңдi Иемiз бiздiң өздерiңе деген сүйiспеншiлiгiмiз сияқты өсiрiп, арттыра берсiн.

13Осылай Иемiз Иса Мәсiх күллi қасиеттiлерiмен көктен түскенде Құдай Әкемiздiң алдында көңiлдерiң орнықты, Оған толықтай бағышталған, мiнсiз болсын.

4

Құдайға лайықты өмiр сүру


1Тағы да, бауырластар, Құдайға ұнау үшiн қалай өмiр сүру керек екенiн бiзден үйрендiңдер, осылай өмiр сүрiп келе жатырсыңдар да. Осы жолмен алға баса берiңдер деп Иемiз Иса Мәсiхтiң атынан ескертiп, өтiнемiз.

2Сендерге Иемiз Исаның еркiмен қандай нұсқаулар бергенiмiздi бiлесiңдер.


3Құдай сендердiң күнәдан таза жүрiп, бүкiл өмiрлерiңнiң Өзiне бағышталуын қалайды; бұл азғындықтан аулақ жүрулерiңдi де бiлдiредi:

4әркiм өз денесiн қасиетпен, құрметпен күте бiлсiн,

5Құдайды танымайтын ұлттарға ұқсап құмарлықтарға салынбасын,

6ешқайсыңда заңды аттап, пайдакүнемдiкпен бауырластарыңды алдап кетпеңдер! Сендерге бұрынырақ ескерткенiмiздей, Иемiз мұндай күнәлардың бәрiнiң жазасын бередi.

7Құдай бiздi әдепсiз емес, қасиеттi өмiр сүруге шақырды.

8Бұған бағынбайтын кiсi адамға емес, Құдайға қарсы тұрады. Ол сендерге Өзiнiң Киелi Рухын бердi.


9Бауырластарға деген сүйiспеншiлiк туралы мен жазбай-ақ қояйын, бiр-бiрiңдi сүюдi Құдайдың Өзi үйреттi ғой.

10Оны бүкiл Македониядағы бауырластарыңа iс жүзiнде көрсетiп жүрсiңдер. Бұдан былай да осы жөнiнде алға баса берулерiңдi тiлеймiз.


11Бiр қалыпты өмiр сүрудi құрметтi iс деп бiлiңдер. Бiз сендерге нұсқау бергендей, мiндеттерiңдi атқарып, өз қолдарыңмен еңбек етiп күндерiңдi көрiңдер.

12Сөйтiп қауымнан тыс адамдардың алдында әдептi жүрiп, еш нәрседен мұқтаж болмаңдар.

Иемiздiң қайтып келiп, өлгендердi тiрiлтуi


13Бауырластар, үмiтi үзiлген басқалар сияқты қайғырмауларың үшiн сендердi бұ дүниеден қайтқан сенушiлердiң жағдайы туралы хабарсыз қалдырмаймыз.

14Исаның өлiп, қайта тiрiлгендiгiне кәмiл сенемiз, олай болса, Оған сенiп бұ дүниеден кеткендердiң Исамен бiрге болулары үшiн Құдайдың оларды қайта тiрiлтетiнiне де сенейiк.


15Себебi бұны Иемiздiң өз сөзiне сүйенiп айтамыз: Иемiз қайтып келген кезде әлi тiрi жүретiн бiздiң өлiп қалған бауырластарымыздан ешқандай артықшылығымыз болмайды.

16Өйткенi Иемiздiң Өзi көктен түсiп, бұйрық бередi, бас перiште шақырып, Құдайдың кернейi қатты дауыстайды; сонда ең алдымен Мәсiхке сенiп бұ дүниеден кеткендер қайта тiрiледi.

17Тiрi жүрген бiз мұнан соң солармен бiрге Иемiзбен кездесу үшiн бұлттың үстiмен көкке көтерiлемiз; содан кейiн мәңгi-бақи Иемiзбен бiрге боламыз.

18Бiр-бiрiңдi осы сөзбен жұбатыңдар!

5

Мәсiхтiң қайтып келуiне дайын болу


1Бауырластар, болашақ уақыттар мен мезгiлдер туралы сендерге жазудың керегi жоқ.

2Иемiздiң қайта оралатын күнi ұрының түнде түсетiнiндей кенеттен келетiнiн өздерiң анық бiлесiңдер.

3Жұрт «Бәрi тыныш, қауiпсiз» деп жүргенде апат аяғы ауыр әйелдiң толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкiм қашып құтыла алмайды.


4Бiрақ сендер, бауырластар, түнекте тұрмай, сол күнi ұры түскендей қапыда қалмайсыңдар,

5бәрiң де жарықта және күнде жүресiңдер ғой. Бiз түндiкi және түнектiкi болмағандықтан,

6басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейiк!

7Себебi ұйықтайтындар түнде ұйықтап, iшетiндер түнде iшедi.


8Ал бiз күндiкi болғандықтан салауатты жүрейiк, сенiмiмiз бен сүйiспеншiлiгiмiздi сауыт қылып, мәңгiлiк құтқарылуға деген үмiтiмiздi дулыға етiп киейiк!

9Себебi Құдай бiздi Өзiнiң қаһарына ұшырауға емес, қайта, Иемiз Иса Мәсiх арқылы құтқарылуға тағайындады.

10Мәсiх қайтып келгенде тiрi боламыз ба, әлде өлi боламыз ба бәрiбiр, бiздiң Өзiмен бiрге тұруымыз үшiн Ол жанын пида еттi.

11Сондықтан бiр-бiрiңдi жiгерлендiрiп, сенiмдерiңдi бұрынғыша өзара нығайта берiңдер!

Соңғы нұсқаулар, баталар мен қоштасу


12Бауырластар, сендерден сұрайтынымыз мынау: өздерiң үшiн еңбек етiп, дұрыс жол сiлтеп, жетектегендердi мойындап,

13айрықша құрметтеп, еңбектерi үшiн жақсы көрiңдер, әрi өзара бейбiт, тату-тәттi болыңдар!

14Бауырластар, сендерден тағы мынаны өтiнемiз: жүгенсiз, бос жүргендерге ескерту жасап, жасқаншақтарға жiгер берiңдер; әлсiздердi қолдап, төзiмдiлiк танытыңдар!

15Ешкiм жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, бiр-бiрiңе және басқаларға жақсылық жасауға ұмтылыңдар!


16Әрдайым қуанып,

17үздiксiз Құдайға сиыныңдар,

18Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар! Иса Мәсiхтiң жолын қуған сендерден Құдай осыны күтедi.


19Құдай Рухының iс-әрекетiн тежемей,

20Оның пайғамбарлық нұсқауларын құрметтеңдер!

21Бәрiн сынап, жақсысын ғана қабыл алыңдар!

22Жамандықтың қай түрiнен де аулақ жүрiңдер!


23Тыныштық сыйлаушы Құдай сендердi Өзiне толықтай бағышталдырып, таза жүргiзсiн. Иемiз Иса Мәсiх келгенде мiнсiз болуларың үшiн рухтарың мен жан-тәндерiң кiршiксiз пәк сақталсын.

24Сендердi шақырған Құдай адал, Ол бұларды жүзеге асырады да.


25Бауырластар, бiз үшiн Тәңiрге сиыныңдар!

26Бауырластардың бәрiнiң бетiнен ақ ниетпен сүйiп, сәлемiмiздi жеткiзiңдер!

27Осы хатты барлық бауырластарға да оқып берiңдер деп Иемiздiң атынан байыппен өтiнемiн.


28Сендерге Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымы жауа берсiн! Аумин.