Жазба туралы мәлiмет
Құдайдың елшiсi Пауыл Қолос қаласындағы сенушiлер қауымына арнаған бұл сәлемхатын Римде қамауда отырған кезiнде, шамамен б.з. 60 жылы жазған. Қолос Түркиядағы Ефестен шығысқа қарай 175 шақырымдай жерде орналасқан болатын.
Пауыл Ефесте Iзгi хабарды уағыздағанда, Епафрас есiмдi қолостық кiсi Мәсiхтiң жолына түсiп, Iзгi хабарды өз қаласына да жеткiздi. Осылай сол жерде алғашқы қауым пайда болды. Кейiнiрек осы қауымда қате iлiмдер уағыздала басталды. Епафрас Пауылға барып, сол iлiмдер жөнiнде айтып берген соң, елшi қауымға осы хатты жазды.
Қате iлiмдер яһуди дiнiнiң кейбiр ережелерiн, мысалы, адал, арам тағамдар туралы ұғымды, дiни мейрамдарды және сүндеттеу рәсiмiн сақтауды талап еттi. Сонымен қатар, кейбiр уағыздаушылар перiштелерге табыну керек деп, Мәсiхтiң дәрежесiн төмендетуге ұмтылды. Олар құпия даналықпен, бiлiммен, әрi көне рәсiмдермен таныс болғандарын айтып мақтанды.
Сондықтан елшi ефестiктерге жазғанындай, қолостықтарға да арнап тәлiмдiк хат жазды. Хатында ол Мәсiхтiң мәңгiлiк даңқ-абыройын көрсетедi: Ол бүкiл әлемдi жаратқан, оны құрып кетуден сақтаушы Иемiз, қауымның рухани «Басы», әрi бiздi Құдаймен бiрден-бiр Татуластырушы. Сол себептен де сенушiлердiң бәрi үшiн Иса Мәсiхпен тығыз байланыста тұрулары толық жеткiлiктi.
Ал жаңа iлiмдер қате, мәнсiз, алдамшы пәлсапа ғана, олар адамның күнәкар болмысын өзгертуге дәрменсiз. Себебi жан дүниемiздiң тереңдеп тазарып, жаңаруы керек. Құдай осылай сыйлаған жаңа өмiр сенушiнiң басқаларға деген көзқарасы мен iс-әрекетiнен де көрiнедi. Ендi қауым Мәсiхпен тығыз байланыста тұрса жан-жақты кемелденiп, Оның даңқын асырады.
Арнау және сәлем
1Құдайдың еркiмен Мәсiх Исаның елшiсi болған Пауылдан және бауырласымыз Тiмотеден
2Құдайдың халқы болып Мәсiхпен тығыз байланыста жүрген, Қолос қаласында тұратын сенiмдi бауырластарымызға дұғай сәлем. Сендерге Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсiн!
Қолостықтар үшiн шүкiрлiк етiп, тiлек тiлеу
3Бiз сендер үшiн Иемiз Иса Мәсiхтiң рухани Әкесi Құдайға сиынған сайын шүкiрлiк етемiз.
4Сендердiң Мәсiх Исаға сенiп, Құдайдың барлық адамдарын сүйетiндерiң туралы естiдiк.
5Ал осы сенiмдерiң мен сүйiспеншiлiктерiң өздерiңе көкте дайындалған игiлiктердi иемденемiз деген үмiттерiңе негiзделген. Бұл туралы сендер алдымен Құдайдың шынайы хабары Iзгi хабар өздерiңе жеткенде естiдiңдер.
6Осы хабар дүние жүзiнде кеңiнен жайылғандай, сендерге де жеттi. Ол барлық жерде адамдарды жақсылық жасауға жетелеп, көптеген кiсiлер оны қабылдауда. Сендер Iзгi хабар туралы естiп, Құдайдың рақымын шынымен таныған күннен бастап, осылай рухани өсiп-өнiп келесiңдер.
7Құдайдың рақымы жөнiнде бiздiң сүйiктi қызметтесiмiз Епафрастан осы тәлiмдi алдыңдар. Ол сендер үшiн еңбектенiп жүрген Мәсiхтiң сенiмдi қызметшiсi.
8Епафрас бiзге жүректерiңе Киелi Рух дарытқан сүйiспеншiлiк туралы айтып бердi.
9Сол себептен де бiз мұны естiген кезден бастап, сендер үшiн үзбей сиынып келемiз. Сендердiң Құдайдың еркiн толықтай бiлiп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Тәңiрден өтiнудемiз.
10Осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмiр сүрiп, әр түрлi игi iстер iстеп, өсiп-өне берiп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тiлеп келемiз.
11Сендер Оның ұлы құдiретiнен мол қуат алып, әрдайым төзiмдiлiк пен ұстамдылық таныта алып, қуанышқа кенелiп,
12Құдай Әкеге шүкiрлiк етсiн деп мiнажат етудемiз. Өйткенi Ол бәрiмiздi Өзiнiң халқы иемденетiн нұрлы Патшалығынан үлес алуға шақырып, лайықтады.
Мәсiхтiң теңдесi жоқ ұлылығы
13Құдай бiздi қара түнектiң билiгiнен құтқарып, сүйiктi рухани Ұлы Иса Мәсiхтiң Патшалығына енгiздi.
14Оның құрбандық өлiмi арқылы күнәларымыздың құнын өтеп, кешiрiм бердi.
15Көзге көрiнбейтiн Құдайдың қандай екенiн рухани Ұлы көрсетедi. Ол жаратылыс атаулының бәрiнен жоғары.
16Өйткенi көктегi, жердегi, көзге көрiнетiн және көрiнбейтiн нәрселердiң бәрiн Құдай Өзiнiң рухани Ұлы арқылы жаратты: тақтар мен үстемдiк иелерi, билеушiлер мен әмiршiлер бәрi де Мәсiх арқылы және Мәсiх үшiн жаратылған.
17Бүкiл әлем жаратылмай тұрғанда-ақ Ол бар болатын, бәрiн аман сақтайтын да Сол.
18Мәсiх сенушiлер қауымының, яғни ұзiнiң рухани денесiнiң басы, оның өмiрiнiң қайнар көзi. Ол өлiмнен қайта тiрiлгендердiң ең бастысы да. Сондықтан барлық жағынан да Оның жолы үлкен.
19Құдай Өзiнiң бүкiл болмысының рухани Ұлында тұруын ұнатты.
20Ол арқылы Құдай жер мен көктегi барлық нәрсенi Өзiмен татуластыруды, яғни Оның айқышта қанын төгiп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды қалады.
21Ал сендер бұрын жаман ой-пiкiрлерге салынып, зұлым iс-әрекет жасап, Құдайға жат әрi қас болдыңдар.
22Алайда Ол сендердi Мәсiхтiң тәндiк өлiмi арқылы Өзiмен татуластырды. Бұны сендердi алдына әкелген кезде* Өзiне бағышталған кiнәратсыз, айып тақпайтындай таза болуларың үшiн жасады.
23Егер Iзгi хабар туралы естiгендерiңе күмәнданбай, берiк сенiп, Оған деген үмiттерiңнен таймасаңдар, бұл солай болады. Осы Iзгi хабар аспан астындағы барлық адамзатқа дерлiк жарияланып келедi. Мен Пауыл да оның таратушысына айналдым.
Пауылдың қауымға Мәсiх туралы құпияны ашуы
24Қазiр мен сендер үшiн бейнет шегiп отырғаныма қуанамын. Мәсiхтiң рухани денесi, яғни бүкiл қауым үшiн басымнан өтсiн деп белгiлеген азаптарын кешiп, сөйтiп оларды толықтыра түсемiн.
25Құдайдың хабарын сендерге толықтай жеткiзесiң деген Оның тапсыруымен қауымның қызметшiсi болдым.
26Бұл хабар ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жасырын болып келдi; ал ендi оның сыры Құдайдың адамдарына ашылды.
27Құдай оларға осы құпия хабарда басқа ұлттар үшiн қаншама мол жарылқау бар екенiн бiлдiрмек болып шештi: Мәсiх сендерде, сол себептен болашақ ұлылықтан үмiттiсiңдер.
28Мәсiх туралы хабарды бiз барлық адамдарға жеткiзiп, бәрiне де ескертiп, барынша даналықпен тәлiм берiп келемiз. Осылай әрбiр жанды Мәсiхпен тығыз байланыста, толық кемелденген түрде Құдай алдына әкелуге талаптанудамыз.
29Осы үшiн жан сала еңбек етiп жүрмiн, бұған менi бойыма дарып келе жатқан Мәсiхтiң құдiретi қуаттандыруда.
1Сендер мен лаудiкилiктер үшiн және менiмен әлi де жүздеспегендердiң бәрi үшiн қаншалықты күресiп жүргенiмдi бiлдiргiм келедi.
2Күресiмнiң мақсаты сендердiң жүректерiңнiң жiгерленiп, сүйiспеншiлiкпен рухани бiрлесулерiң, сөйтiп Құдай Әкемiздiң Мәсiх туралы құпия хабары жөнiнде терең де бай түсiнiк алып, оны түгел тануларың.
3Ал Мәсiхте Құдайдың даналығы мен бiлiмiнiң бүкiл қазынасы жатыр.
4Мен мұны ешкiм сендердi ақылға қонымды болып көрiнген сөздерiмен алдап кетпесiн деп айтып отырмын.
5Тәнiммен қастарыңда болмасам да, рухыммен орталарыңда тұрып, сендердегi ынтымақты, Мәсiхке деген берiк сенiмдерiңдi көрiп, қатты қуанамын.
Мәсiхпен тығыз байланысып, рухани кемелдену
6Сендер Иемiз Мәсiх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүрiңдер!
7Негiздерiң Мәсiхте болып, терең тамыр жайып, өсе берiңдер; өздерiңе үйреткен сенiмдi мықтап ұстанып, Құдайға шексiз алғыс айтатын болыңдар!
8Қайдағы бiреу пәлсапасымен, пайдасыз iлiмiмен сендердi өзiне баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негiзделген ондай iлiм Мәсiх туралы емес, әлемдегi тұрпайы рухани күштер туралы үйретедi.
9Ал Құдайдың бүкiл болмысы Мәсiхтiң бойында тұрады!
10Сендер Мәсiхпен тығыз байланысып, рухани игiлiктерге толықтай ие болдыңдар. Ол күллi билiк пен өктемдiкке басшылық етедi.
11Мәсiхпен тығыз байланысқандықтан сендер «рухани сүндеттелдiңдер» де. Бұл қолмен iстелген тәннiң сүндеттелуi емес, Мәсiхтiң «рухани сүндеттеуi», яғни Оның ескi күнәкар болмыстарыңды түгелдей алып тастауы:
12сендер Мәсiхпен бiрге рухани тұрғыдан «жерлендiңдер», әрi Мәсiхпен бiрге «қайта тiрiлдiңдер». Бұл Құдайдың Мәсiхтi ұзiнiң құдiретiмен өлiмнен қайта тiрiлткенiне деген сенiмдерiң арқылы болды. Шомылдыру рәсiмiнен өткенде соны бiлдiрдiңдер.
13Бұрын сендер Құдайдың бұйрықтарын бұзып, «рухани сүндеттелмеген», яғни күнәкар болмыстарыңа тәуелдi болып, рухани тұрғыдан өлi едiңдер. Алайда Құдай сендердi Мәсiхпен бiрге қайта тiрiлтiп алды. Ол күллi күнәларымызды кешiрдi:
14бiзге айып тағып, үкiм белгiлейтiн «құжатты» Мәсiх құрбан болған айқышқа «шегелеп», күшiн жойды.
15Осылайша Құдай рухани билеушiлер мен әмiршiлердiң күш-қуатын талқандап, оларды бүкiл әлем алдында әшкерелеп, Мәсiхтiң iстегендерi арқылы жеңiп шықты.
16Сондықтан ешкiм сендердi белгiлi тағамдар мен сусындарды iшкендерiң, немесе бiр мерекенi, жаңа туған айды не дiни демалыс күнiн сақтамағандарың үшiн айыптамасын!
17Өйткенi осындай ережелер келуге тиiстi нәрсенiң әлсiз нұсқасы ғана: шынайы жарылқауды Мәсiхтiң Өзi алып келдi.
18Орынсыз кiшi пейiлдiлiк танытып перiштелерге табынуларыңды талап ететiндер сендердi кiнәламасын! Осындайлардың ақыл-ойларын өз күнәкар болмыстары билейдi, ал беделдерi өздерi ешқашан көрмеген нәрселерге негiзделген. Олар ешбiр себепсiз кеудесiн көтерiп,
19қауымның Басы Иса Мәсiх туралы iлiмдi ұстанбайды. Ал өзара буындармен, сiңiрлермен нығайып, тұтасқан тәндiк дененiң өсуiн бастың басқаратыны сияқты, бүкiл қауымның Құдайдың қалағанындай рухани өсуiн де Мәсiх басқарады.
20-21 Өлi денеге ешқандай бұйрық жүрмейтiнi секiлдi, Мәсiхпен бiрге рухани өлгендiктен сендер жалған ережелерге бағынбауға тиiстiсiңдер. Ендеше сендер әлi де осы күнәкар дүниеге жататындай, нелiктен:?«Мына нәрселердi қолға ұстама, ана тағамдарды iшiп-жеме, ол заттарға қол тигiзбе!» деген ережелерге бағынасыңдарұ
22Бұл нәрселердiң бәрi түбi қолдану барысында жоқ болатындар ғой. Ондай парыздар мен iлiмдер адам ойынан шыққан.
23Олар кiсiнiң өз бетiмен құлшылық етiп, кiшi пейiлдiлiк танытып, тәнiн қатаң тәртiппен ұстауын талап етулерiне бола дана болып көрiнедi. Алайда олар адамды iзгiлiкке жетелемей, оның күнәкар болмысының құмарлықтарын қанағаттандыруына жол бередi.
Қасиеттi өмiр сүру жөнiндегi нұсқаулар
1Сонымен, Мәсiх өлiмнен қайта тiрiлгенде сендер Онымен бiрге рухани тiрiлгендiктен, көкке лайықты қасиеттердi иемденуге ұмтылыңдар! Өйткенi Мәсiх көкте, Құдайдың оң жағында отыр.
2Ойларыңды күнәкар дүниедегiге емес, көктегiге аударыңдар!
3Себебi сендер рухани өлдiңдер, ендi өлген кiсiдей бұрынғы күнәкар iс-әрекеттерiңе жоқсыңдар, ал Мәсiхпен бiрлесiп сүрген жаңа өмiрлерiң ел көзiнен таса, Құдайдың алдында.
4Өмiрлерiңнiң бiрден-бiр қайнар көзi мен мақсаты Мәсiх. Ол жер бетiнде қайтадан көрiнген кезде сендер де Онымен бiрге салтанатты ұлылықпен көрiнесiңдер.
5Ал ендi, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды бiржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсiқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүрiңдер; ашкөздiкке де салынбаңдар, ол жалған тәңiрлерге табынумен бiрдей!
6Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшiн Оның қаһарлы соты төнiп тұр.
7Бiр кезде сендер де оларды жасайтындармен бiрге дәл солай әрекет етiп жүрдiңдер.
8Ал мына қылықтарды ендi тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпiл ауыздық;
9бiр-бiрiңе өтiрiк те айтпаңдар! Себебi сендер ескi күнәкар болмыстарыңның iс-әрекетiн тастап,
10жаңа iзгi болмысқа ие болдыңдар. Оны жаратып берген Иемiз Өзiн жақынырақ тануларың үшiн сендердiң рухани жағынан Өзiне ұқсауларыңа ұмтылуда.
11Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдiк не көшпендi скиф, құл не ерiктi мәселе емес, қайта, Мәсiх барлық сенушiлердiң өмiрлерiнде басты орында.
12Ал ендi, Құдай сендердi сүйiп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейiрiмдi, кiшi пейiл, iлтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленiңдер!
13Өзара төзiмдi болыңдар, егер қайсыбiреуiңе ренiш сақтап, тағатын кiнәларың болса, кешiрiмдi болыңдар: сендердi Иемiз Мәсiх қалай кешiрсе, сендер де солай етiңдер!
14Барлық қасиеттердiң бастысы ретiнде сүйiспеншiлiкке бөленiңдер, ол бәрiңдi толықтай бiрiктiредi.
15Құдай сыйлаған тыныштық сендерге билiгiн жүргiзсiн! Ол сендердi бiртұтас рухани дененiң құрамдас мүшелерi ретiнде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды бiлдiрiңдер!
16Мәсiх туралы Iзгi хабарға көңiлдерiңнен мол орын берiңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдерi және Киелi Рух дарытқан әндер арқылы бiр-бiрiңе зор парасатпен тәлiм-тәрбие және бағыт-бағдар берiңдер, жүректерiң ризашылыққа кенелiп, Иемiзге ән айтып отырыңдар!
17Не айтып, не iстесеңдер де, бәрiн Иемiз Исаның атымен жасап, Иемiз арқылы Құдай Әкемiзге шүкiршiлiк етiңдер!
Сенушiлердiң отбасындағы өмiрi
18Әйелдер, күйеулерiңе мойынсұныңдар! Иемiзбен байланыстағы сендердiң осылай iстегендерiң жөн.
19Күйеулер, әйелдерiңдi сүйiп, оларға қатаң болмаңдар!
20Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тiлiн алыңдар, өйткенi Иемiзге осы ұнайды!
21Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшiн оларға шектен тыс ұрыспаңдар!
22Құлдар, барлық жағдайда да бұл дүниелiк қожайындарыңның тiлiн алыңдар! Көңiлдерiнен шығу үшiн тек олар бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы шын жүректен мойынсұнып, осылай Құдай Иемiздi қастерлеңдер!
23Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшiн ғана емес, Иемiз үшiн iстеп жүргендей жан-тәндерiңмен атқарыңдар!
24Себебi осының ақысы ретiнде сендер Иемiзден уәде еткен игiлiктерiн қабылдайтындарыңды бiлесiңдер. Қызмет ететiн Қожайындарың Мәсiхтiң Өзi ғой.
25Ал жамандық жасайтын әркiм соның лайықты жазасын тартады. Мәсiх ешкiмнiң бет-жүзiне қарамай, әдiл үкiм шығармақ.
1Қожайындар, құлдарыңды тиiстi нәрселермен қамтамасыз етiп, әдiл болыңдар! Өйткенi көкте сендердiң де Қожайындарың бар екенiн бiлесiңдер.
Мiнажат ету және сенбейтiндермен қатынас жасау туралы
2Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкiрлiк ете берiңдер!
3Бiз үшiн де мiнажат етiңдер: Құдай өз хабарын уағыздауымызға жол аша көрсiн, осылай Мәсiх туралы құпияны жариялай алайық. Сол үшiн де бұғауда отырмын.
4Менiң тиiстi түрде бұл хабарды ашық айта алуым үшiн де Құдайға сиыныңдар.
5Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасап, тиiмдi сәттердi пайдаланыңдар!
6Сөйлескенде ұдайы ниеттерiң игi, сөздерiң дәмдi болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенiн бiлiңдер.
Соңғы сәлемдер және ақ бата
7Мен туралы адал көмекшiм әрi Иемiзге бiрге қызмет етушi, сүйiктi бауырласымыз Түхiк сендерге бәрiн хабарламақ.
8Оны сол мақсатпен жiберiп отырмын, ол жағдайларыңның қалай екенiн көрiп, жүректерiңдi жiгерлендiрмек.
9Онымен бiрге сүйiктi де адал бауырласымыз, жерлестерiң Онисым да барады. Бұл жердегi болып жатқан жағдайды Түхiк екеуi сендерге толық айтып бередi.
10Менiмен бiрге тұтқында отырған Арыстарқ, сондай-ақ Барнабаның жиенi Марқа сендерге сәлем жолдайды. Марқа жайлы ерекше нұсқау алдыңдар: ол сендерге барса, жылы қабылдаңдар!
11Иуст деп аталатын Иса да сәлем айтады. Яһудилердiң iшiндегi осы үшеуi ғана Құдай Патшалығы үшiн қызметтестерiм болып жүр; бұлар маған нағыз жұбаныш.
12Мәсiх Исаның қызметшiсi әрi жерлестерiң Епафрас та сәлем айтып отыр. Ол сендердiң рухани кемелденiп, берiк сенiммен Құдайдың бүкiл еркiн орындауларың үшiн үздiксiз мiнажат етiп күресуде.
13Оның сендердi және Лаудiки мен Иераполдағы бауырластарды қатты уайымдап жүргенiне куәмын.
14Сүйiктi дәрiгер Лұқа да, Димас та сәлем жолдайды.
15Лаудiкидегi бауырластарға, әсiресе Нүмфан мен оның үйiнде жиналатын қауымға, сәлем айтыңдар.
16Сендер осы хатты оқып болған соң, оны әрi қарай Лаудiкидегi қауымға берiңдер, оларға жазған хатымды да оқыңдар.
17Арқыпқа: «Иемiз саған мiндеттеген қызметiңдi адал атқаруға ықылас сал!» деген сәлемiмдi жеткiзiңдер.
18Ендi мен, Пауыл, сендерге өз қолыммен сәлем жазып отырмын. Бұғауда екенiмдi естерiңде ұстаңдар! Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсiн! Аумин.