0


Жазба туралы мәлiмет

Елшi Пауыл бұл хатымен өзiне сәлемдеме жолдаған қауымға алғысын айтып, римдiк патша сотындағы өз iсiнiң жуырда аяқталатынын бiлдiредi. Олардан келген Епафродиттiң жағдайын да баяндайды.

Фiлiпi Македониядағы маңызды жол торабына орналасқан қала. Оның тұрғындары Римнiң азаматтық хұқығын мақтан тұтып, римдiктерше киiнiп, латынша сөйлесетiн. Араларында небары бiрнеше яһуди тұратын. Қаладағы алғашқы мәсiхшi, солармен бiрге Құдайға сиынатын басқа ұлт өкiлi Лүдия едi. Көп кешiкпей жаңа қауым пайда болды (Елшiлер. iстерi 6:9-40).

Хаттан Пауыл мен фiлiпiлiк сенушiлер арасындағы жылы байланыс айқын көрiнедi. Қауымның бастапқы кезеңiнде Пауыл мен Сыйлас Iзгi хабарды уағыздағандары үшiн азапталып, түрмеге қамалған едi. Фiлiпiлiктер сенiмi үшiн тағы да түрмеге түскен елшiге жандары ашып, оны мұқтаж нәрселерiмен қамтамасыз етiп отырды. Ендi Пауыл барлық жағдайларда да риза екенiн бiлдiрiп, олардың көңiлдерiн жұбатады. Тiптi өзiнiң түрмеде болуы және кейбiр қарсыластарының әрекеттерi де Iзгi хабардың бұрынғыдан бетер кең жайылуына себепшi болды.

Елшi осы «қуаныш хатымен» фiлiпiлiктердi қуануға шақырады. Олар қуғын-сүргiн кезiнде де сенiмдерiнде берiк тұрып, өздерiнiң Мәсiхпен байланыстарына шаттанып, ынтымақтас, кiшi пейiлдi болуға тиiс. Соған байланысты Пауыл оларға Мәсiхтiң үлгiсiн көрсетедi. Хаттың бұл бөлiмi Мәсiхтiң шынайы болмысы және құрбандығы туралы ең маңызды анықтамалардың бiрi (2:5-11).

Пауылдың қауымға тарап кеткен жалған iлiмнен сақтандыруына тура келдi: игi iстер жасау адамды Құдай алдында ақтай алмаса да, бұл — сенушiлер тәндiк құмарлықтарына салына берсiн дегендi бiлдiрмейдi! Керiсiнше, олар жуырда Билеушi ретiнде қайтып келiп, Өзiнiң салтанатты ұлылығын өздерiмен бөлiсетiн Мәсiхке бағышталған таза өмiр сүруге тиiс (3:2-21).

1

Арнау және сәлем


1Фiлiпi қаласында тұратын, Иса Мәсiхпен тығыз байланыстағы қауым басқарушылары мен қызметшiлерiне қоса Құдайдың барлық адамдарына Иса Мәсiхтiң қызметшiлерi Пауыл мен Тiмотеден дұғай сәлем:

2сендерге Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсiн!

Шүкiрлiк пен тiлек мiнажаты


3Сендердi еске алған сайын Құдайға ризашылық бiлдiрiп,

4бәрiң үшiн әрдайым қуана-қуана тiлек тiлеп сиынудамын.

5Себебi сендерге Iзгi хабар жеткен алғашқы күннен бастап оны таратуға бiзбен ортақтасып келе жатырсыңдар.

6Өмiрлерiңде игi iсiн бастаған Құдайдың оны жалғастыра берiп, Мәсiх қайта оралар күнге дейiн толықтай аяқтайтынына кәмiл сенемiн.

7Барлығың туралы осындай жақсы пiкiрде болуым дұрыс, себебi менiң жүрегiмнен берiк орын алдыңдар, қазiр мен тұтқында отырғанда да, Iзгi хабардың шындығын қорғап, нығайтқанда да Құдайдың маған мейiрiмдiлiкпен тапсырған қызметiне ортақтасып келесiңдер.

8Бәрiңдi Иса Мәсiх дарытқан сүйiспеншiлiкпен сағынып жүргенiме Құдай куә.


9Мен Оған сиынып, сендердiң сүйiспеншiлiктерiңмен қатар жан-жақты рухани бiлiмдерiң мен көрегендiктерiң бұдан да арта берсiн,

10соның нәтижесiнде әр жағдайда ненiң iзгiлiктi екенiн ажырата бiлсеңдер екен деп тiлеп отырмын. Осылай сендер Мәсiх қайта оралар күнi мiнсiз, пәк болып,

11Иса Мәсiхтiң көмегiмен молынан әдiлеттi iс-әрекет жасап келген боласыңдар. Осылай Құдайдың ұлылығы көрiнiп, мадақталмақ.

Шексiз қуаныш пен сарқылмас үмiт


12Бауырластар, мен басымдағы жағдайымның Iзгi хабарды бөгетпей, керiсiнше, оның кең таралуына үлес қосып жатқанын сендер бiлсеңдер екен деймiн.

13Патшаның бүкiл күзетшi жасағына және мұндағы барлық басқаларға да менiң Мәсiхке қызмет еткенiм үшiн бұғауда отырғаным мәлiм болды.

14Сонымен қатар, тұтқындалуым бауырластардың басым көпшiлiгiнiң Иемiзге деген сенiмдерiн нығайта түстi, олар Құдай сөзiн бұрынғыдан бетер қорықпай уағыздауға батылданды.


15Рас, кейбiреулерi Мәсiхтi қызғаныш пен күншiлдiктен, ал басқалары ақ ниеттен уағыздап жүр.

16Бiрқатарлары Мәсiхтi ақ пейiлден емес, өз абырой-атақтары үшiн уағыздайды: олар бұғаудағы маған одан да көп қасiрет тартқызбақшы.

17Ал өзгелерi Құдай менi Iзгi хабарды қорғауға тағайындағанын ұғып, оны сүйiспеншiлiкпен таратуда.

18Бiрақ мұнда тұрған не бар? Мейлi, жалған не адал ниетпен, Мәсiх уағыздалса болғаны, мен соған қуанамын.

Оған бұдан былай да қуанамын,

19өйткенi сендер сиынып, Иса Мәсiхтiң Киелi Рухы көмек көрсеткендiктен осы жағдайымның мен үшiн жақсылықпен аяқталатынын бiлемiн.

20Себебi мен ешбiр ұятқа қалмайтыныма, қайта, батылдыққа кенелiп тiрi жүрем бе, не өлем бе өз бойымда әрдайым болғандай, қазiр де Иса Мәсiхтiң дәрiптелетiнiне үмiт артып, нанамын.

21Себебi Мәсiх — менiң өмiрiм, ал өлiм мен үшiн ұтыспен тең.

22Егер тәнiм сау болса, өнiмдi еңбек ете аламын. Ендi ненi таңдауды бiлмей,

23екеуiне де құштармын: бұ дүниеден кетiп, Мәсiхпен бiрге болғым келедi, бұл бәрiнен де анағұрлым жақсы,

24ал тәнiмнiң аман қалғаны сендер үшiн қажеттiрек.

25Бұған көзiм жеткендiктен тiрi жүрiп, қастарыңда болатынымды бiлемiн. Сонда сенiмдерiң арта түсiп, қуанышқа кенелесiңдер.

26Сендерге тағы да келгенiмде менi құтқарғаны үшiн Иса Мәсiхке ұлан-ғайыр мақтау айтатын боласыңдар.

Мәсiх үшiн рухани күрестегi табандылық


27Қандай жағдай болмасын, тек Мәсiх жайлы Iзгi хабарға сай өмiр сүрiңдер! Мен келiп, сендердi көрем бе, я болмаса алыста жүрем бе, бәрiбiр — сендер туралы «бiрдей ниетпен табанды тұрады, Iзгi хабарға деген сенiмдерi үшiн бiр кiсiдей жұмылып, жан аямай күреседi,

28қарсыластарынан еш қорықпайды» дегендi естiгiм келедi. Сендердiң тайсалмас жiгерлерiң қарсыластарыңның мәңгi жойылып кететiнiн, ал өздерiңнiң құтқарылатындарыңды алдын ала бiлдiредi. Мұны iске асырушы — Құдай.

29Ол сендерге рақым етiп, Мәсiхке сенудi ғана емес, Ол үшiн азап шегудi де белгiледi.

30Осылайша бұрын менен көрiп, қазiр де айналысып жатқанымды естiген рухани күреске сендер де араласудасыңдар.

2

Мәсiхтiң кiшi пейiлдiлiгi мен шынайы ұлылығының үлгiсi


1Мәсiхпен байланыстарың сендердi жiгерлендiрiп, Оның сүйiспеншiлiгi көңiлдерiңдi жұбатып, өздерiң Киелi Рухпен қатынаста жүрiп, қайырымды да жанашыр болғандықтан,

2пiкiрлес, бiр-бiрiңдi тең сүйетiн, тату-тәттi, әрi ниеттес болыңдар. Осылай менi қуанышқа кенелтiңдер.

3Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кiшi пейiл болып, басқаларды өздерiңнен жоғары қойыңдар!

4Әркiм өз мүддесiн ғана емес, басқалардiкiн де ойлай жүрсiн.

5Иса Мәсiхтiң мiнез-құлқы сендердiкi де болсын:

6Құдайлық болмысы бола тұра,

Ол онысына жармасқан жоқ,


7қайта,

Өзiнiң құдiретi мен салтанатты ұлылығынан


Өз еркiмен бас тартып, құлдың кейпiн қабылдап,


Адам секiлдi дүниеге келiп,


Кәдiмгi адамға ұқсап көрiндi.



8Өзiн төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып,

Өлiмге, тiптi айқыштағы өлiмге дейiн бойсұнды.



9Сондықтан да Құдай Оны көкке көтерiп,

Мәртебесiн бәрiнен де биiктетiп,


Оған бүкiл есiмдерден жоғары Атақты сыйлады:


10Исаның Атағын естiп,

Көктегi, жердегi және жер астындағылардың

Бәрi де Оның алдында тiзе бүгiп,



11Барлық тiл атаулы Иса Мәсiхтi

Жаратқан Ие деп ашық мойындап,


Құдай Әкенiң даңқын арттыруға тиiс.



12Сонымен, сүйiктi бауырластарым, сендермен бiрге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазiр мен қастарыңда жоқ кезде де солай iстей берулерiң әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай iс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын атаулыдан қатты жиiркенiңдер!

13Себебi Өзiне ұнайтын iстердi қалап, жүзеге асыруларыңа түрткi болушы — Құдай.


14Бәрiн де наразылықсыз, шүбәланбай iстеңдер!

15Осылай қазiргi қыңыр, азғын ұрпақтың арасында еш кiнәсыз таза, Құдайдың мiнсiз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап,

16адамдарға шынайы өмiрдi жеткiзетiн Құдай сөзiн ұсыныңдар. Сонда мен араларыңда жан сала iстеп жүрген еңбегiмнiң босқа кетпегенiне Мәсiх қайта оралған күнi риза болып, қатты қуанамын.


17Сендердiң Құдайға сенiп, өмiрлерiңдi бағыштауларың Оған арналған құрбандық iспеттi, ал мен, мүмкiн, шейiт болып, қаным «сол құрбандықтың үстiне» төгiлетiн де шығар; сонда мен қуанып, осы қуанышымды бәрiңмен бөлiспекпiн.

18Сол сияқты, сендер де қуанып, бiрге шаттаныңдар!

Екi адал қызметкерге кепiлдеме


19Иемiз Иса қаласа, жақын арада сендерге Тiмотенi жiберетiн ойым бар. Осылайша сендер жiгерленiп, оның сендерден алып келетiн хабары маған да жiгер берер деп сенемiн.

20Ол сияқты менiмен ниеттес, шын көңiлден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ.

21Өзгелердiң бәрi Иса Мәсiхтiң iсiн емес, өз қара бастарын ойлайды.

22Ал Тiмотенiң сенiмдi екенiн өздерiң бiлесiңдер: ол маған Iзгi хабарды уағыздауда әкесiне көмектескендей қолғабыс етiп келедi.

23Сот iсiмнiң немен аяқталатынын бiле сала, оны сендерге жiбермекпiн.

24Иемiз қаласа, жақын арада өзiм де барармын деп кәмiл сенiмдiмiн.


25Қызметтес, әрi күрестес серiгiм — сендер маған қамқор болсын деп жiберген бауырласымыз Епафродиттi шұғыл түрде өздерiңе қайтаруды қажет деп таптым.

26Ол өзiнiң ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенiн қатты уайымдап, өздерiңдi көруге құштар болып жүр.

27Шынында да ол қатты ауырып, хал үстiнде жатты. Бiрақ Құдай оған рақымшылық жасады, оған ғана емес, қасiретке қасiрет қоспау үшiн маған да рақым еттi.

28Сондықтан Епафродиттi жiбермек болып, одан бетер асығып отырмын, оны көрiп қуанған сендердi мен де ойлап қайғырмайтын болайын.

29Оны Иемiзбен жүрген бауырластарың ретiнде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер.

30Себебi ол Мәсiхтiң iсi үшiн өлiм халiнен қалды. Маған сендер бере алмаған көмектi ол басын өлiмге тiге отыра көрсеттi.

3

Нағыз артықшылық пен залал


1Ал ендi, бауырластарым, Иемiзге шаттанып қуаныңдар! Мұны қайталап жаза беру мен үшiн әуре емес, ал сендердi ол нығайтады.

2Қауымды иттей шарлап, қауып жүрген зұлым қызметкерлерден, сүндеттеудi күнәдан ақталу жолы ретiнде уағыздаушылардан сақтаныңдар!

3Бiз — «рухани сүндеттелген» Құдай халқымыз! Құдайға Киелi Рухының көмегiмен қызмет етiп, Мәсiх Исаны мақтан етiп, өз болмысымызға сүйенбеймiз.

4Ал менiң өзiме сүйенуге себептерiм жеткiлiктi болар едi ғой. Егер бiреу өзiне сенерлiк дәлелiм бар десе, менiкi онiкiнен де артық:

5туғаннан кейiн сегiзiншi күнi сүндеттелген, Исраил халқының Бунямин руына жататын, таза еврей тұқымынан шыққан евреймiн, тәлiмiм бойынша Тауратты қатаң ұстанатын парызшыл болып,

6мәсiхшiлер қауымын бар ынтаммен қудалайтынмын. Осылайша Таурат заңына сай әдiлеттiлiгiм мiнсiз едi.


7Алайда осы «артықшылықтарымды» Мәсiхке бола залал деп санай бастадым.

8Иә, мен бәрiн де залал деп санаймын, өйткенi Ием Иса Мәсiхтi жақыннан танып бiлу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары. Иеме бола бұлардың бәрiнен айырылдым, оларды түкке тұрғысыз сыпырынды санаймын да. Осылайша қабылдайтын сыйым — Мәсiхтiң Өзi.

9Онымен тығыз байланыста тұруым үшiн Таурат заңын орындауға негiзделген жеке басымның ақталуына сүйенбей, Мәсiхке деген сенiм арқылы Құдайдан ақталған адам болғым келедi.

10Сөйтiп, Мәсiхтiң Өзiн де, Оны қайта тiрiлткен құдiреттi де жақыннан танып бiлуге құштармын. Мәсiхтiң азаптарына ортақтасып, Оның өз жанын Мен үшiн өлiмге қиғанындай, мен де Ол үшiн өмiрiмдi қиғым келедi.

11Осылайша, қайтсе де, өлiмнен қайта тiрiлуге қол жеткiземiн.

Бәйгенi жеңiп алу


12Бұған әлi жете қойған жоқпын, өзiмдi Құдайдың көздегенiндей жетiлдiм деп те есептемеймiн. Бiрақ соның iзiне түсiп, иемденуге тырысудамын. Дәл осыған бола Мәсiх Исаның Өзi менi иемденiп алды ғой.

13Бауырластар, мен бұл мақсатқа жеттiм деп санамаймын, iстеп жүргенiм бiр-ақ нәрсе: өткен нәрселердi ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгiрiп,

14Құдайдың сыйына — Оның Мәсiх Иса арқылы шақырған көктегi өмiрiне ие болу үшiн көздеген мақсатты қуып келемiн.


15Арамызда кiм жетiлген болса, осылай ойласын. Егер бiр нәрсе жайында басқа пiкiрде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да бiлдiредi.

16Тек қол жеткiзген түсiнiгiмiзге сай ойлап, өмiр сүруге тиiспiз.


17Бауырластар, менiң өмiрiмдi үлгi етiңдер, әрi бiздiң өнегемiзге сай жүргендерге назар аударыңдар!

18Себебi сендерге бұрын да айтқам, қазiр де көз жасымды төгiп айтып отырмын: көп адамдар Мәсiхтiң айқыштағы құрбандығына қас болып жүр.

19Бұлардың ақыры — тозаққа түсу, құдайлары — өз құлқыны, ал мақтаныштары — ұятсыз әдеттерi: олар бұ дүниелiк нәрселердi ғана ойлайды.


20Алайда бiздiң отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иемiз Иса Мәсiхтi сағына күтемiз.

21Ол әлемдегi күллi нәрселердi де жеңiп бағындыру үшiн қолданатын құдiреттi күшiмен бiздiң өткiншi тәнiмiздi Өзiнiкi сияқты салтанатты денеге айналдырады.

4

Рухани игiлiктер туралы


1Сонымен, бауырластарым, сендердi жақсы көремiн, сағынып та жүрмiн, менiң қуанышым, «бәйгелiк тәжiм» сендерсiңдер. Жаңа айтып кеткенiм сияқты, Иемiзбен байланыста берiк тұрыңдар, қымбаттыларым!


2Еуодия мен Сүнтүхе екеуiн де Иемiзбен жүргендер ретiнде өзара татуласуға шақырамын.

3Иә, адал серiгiм, сенен де сұраймын: осы әйелдерге көмек көрсетшi. Олар Iзгi хабарды таратудағы күресiме ортақтасты, көктегi Мәңгiлiк өмiр кiтабына есiмдерi жазылған Кiлемент пен өзге қызметтестерiм де солай iстедi.


4Әрдайым Иемiзбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!

5Сендердiң кiшi пейiл екендерiңдi елдiң бәрi көре алсын. Иемiз қастарыңда ғой.

6Еш нәрсенi уайымдамай, барлық жағдайда өтiнiштерiңдi Құдайға сиынып, тiлекпен, шүкiршiлiкпен бiлдiрiңдер!

7Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердiң жүректерiң мен ой-саналарыңды Мәсiх Исада сақтайды.


8Сонымен, бауырластарым, күллi шынайы да қастерлi, әдiл де таза, ұнамды да тартымды нәрселер турасында, қандай ма адамгершiлiк және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойланатын болыңдар!

9Менен үйренiп, қабылдаған тәлiмдi, әрi өмiрiмнен көрiп, естiгендерiңдi iске асыра берiңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзi — Құдай сендерге жар болады.

Қандай жағдайға да қанағат ету


10Сендердiң тағы да қамымды ойлай бастағандарыңа Иемiзге шүкiрлiк етiп, қатты қуанамын. Әрине, менi бұл жағынан естен шығарған жоқсыңдар, алайда оған жағдайларың мүмкiндiк бермеген едi.

11Мұны бiр нәрсе қажет болғандықтан айтып тұрған жоқпын, мен қандай жағдай болмасын, қолдағы барға қанағат етуге үйрендiм;

12жоқшылықта да, молшылықта да өмiр сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейiн, не аш жүрейiн, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудiң құпиясымен жақсы танысып алдым.

13Себебi маған күш-қуат беретiн Мәсiхпен бiрге болсам, бәрiне де төзе аламын.

14Дегенмен, қиын жағдайда маған көңiл бiлдiргендерiң ғанибет болды.


15Қымбатты фiлiпiлiктер, өздерiң де бiлесiңдер: мен алғаш рет Iзгi хабарды сендерге жеткiзiп, содан кейiн Македония өлкесiнен кеткенiмде маған басқа бiр қауым емес, сендер ғана игiлiктер жiберiп, Құдайдың жарылқауын қабылдауда ортақтастыңдар.

16Салониқада жүргенiмде де сендер маған бiрнеше рет қажетiмдi жеткiзiп тұрдыңдар.

17Сендерден сәлем-сауқат дәметпеймiн, менiң үмiттенетiнiм — осылар үшiн өздерiңе қайтатын жарылқау мен сауап.

18Сендер жiбергендердiң бәрiн де алдым, ендi артығымен жетiп жатыр. Епафродит сәлемдемелерiңдi әкелiп бергелi қажеттi нәрселерiм ағыл-тегiл. Олар — Құдай ұнатып қабылдайтын хош иiстi тартулар мен құрбандық iспеттi.

19Ал Иса Мәсiхпен жүрген сендердiң барлық қажеттерiңдi де менiң Құдайым кереметтей қамтамасыз ететiн болады.

20Құдай Әкемiздiң ұлылығы мәңгiлiк мадақтала берсiн! Аумин.

Соңғы сәлем және ақ бата


21Мәсiх Исаның арқасында Құдайдiкi болғандардың бәрiне сәлемiмiздi жеткiзiңдер. Қасымыздағы бауырластар да сәлем айтуда.

22Сендерге Құдайдың мұндағы адамдары түгелдей, әсiресе патша сарайындағылар, сәлем айтады!


23Лайым жан дүниелерiң Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымына кенеле берсiн! Аумин.