0


Жазба туралы мәлiмет

Пауыл елшi бұл сәлемхатты Ефес қаласындағы сенушiлер қауымына, сондай-ақ батыс Түркиядағы өзге де қауымдарға арнап жазды. Сондықтан әдетте хат соңында болатын жеке сәлемдер жоқ. Елшi Ефесте үш жыл уағыздап, сенушiлердi Құдайдың iлiмiн терең ұғынуға жетелеген едi (Елшiлер. iстерi 19-тарау).

Осы жазбада ол Құдайдың шексiз даналығы мен тамаша көздегендерiн, Оның зор рақымы мен қауымға арнаған биiк мақсаттарын түсiндiрiп бередi: олардың Құдайға бағышталған өмiрлерiнен Оның даналығы бәрiне, тiптi табиғаттан тыс мақұлықтарға да анық көрiнуге тиiс. Мәсiх — қауымның рухани Басы, Ол күндердiң күнiнде бүкiл әлемге әдiл билiгiн құратын болады.

Қауым осы жоғарғы мiндетiне жасаған игi iстерiмен емес, Құдайдың рақым етуiмен тағайындалды. Ол Өзi құтқару жолын дайындап, бұрыннан таңдаған халқынан шыққан яһуди сенушiлерiн басқа ұлттық сенушiлермен Мәсiхтiң қауымында бiрiктiрдi. Тек Құдай ғана бiлiп келген бұл жаңа жайт туралы құпия ендi адамдарға бiлiндi. Мәсiхпен байланысқан сенушiлердiң рухани отаны — көк, Құдайдың көзге көрiнбейтiн мекенi. Ондағы рухани игiлiктердiң рақатын олар қазiрдiң өзiнде көре бастады.

Сондықтан сенушiлердiң бұ дүниеде жүргенде жасаған iс-әрекеттерiнен олардың рухани қайтадан туылған, жаңа халық екенi көрiнсiн. Құдай олардан сенiмде бiрiгiп, қауымда өзара қызмет етiп, таза өмiр сүрулерiн күтедi. Үйлерiндегi және жұмыстағы қарым-қатынастары да олардың Мәсiхке бағышталғандықтарын көрсетуге тиiс.

Шайтан және оған бағынышты зұлым күштер әлi де күнәкар дүниеге үстемдiк жүргiзуде. Мәсiхтiң тура жолын қуушылар солармен ымырасыз күрес жүргiзiп келедi. Олар «рухани қару-жарақпен» жабдықталып, Құдайға сиынып Оның құдiретiн қабылдағанда жеңiп шығатын болады.

1

Арнау мен сәлем


1Құдайдың еркiмен Иса Мәсiхтiң елшiсi болған Пауылдан Оның (Ефестегi) халқына — Мәсiх Исаға адал сенетiндерге дұғай сәлем.

2Сендерге Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсiн!

Құдайдың керемет құтқару жолы


3Иемiз Иса Мәсiхтiң Әкесi Құдай мадақталсын! Ол бiздi Мәсiх арқылы жарылқап, көктегi әр қилы рухани игiлiктердi сыйлады.

4Құдай бiздi Өзiнiң алдында қасиеттi де мiнсiз халқы болып жүрсiн деп, әлемдi жаратпастан бұрын Мәсiхтiң құрбандығына бола таңдап алып, сүйiспеншiлiкпен

5Иса Мәсiхтiң арқасында рухани балалары етуге алдын ала белгiлеп қойды; Оның iзгi еркi осы болған.

6Өзiнiң сүйiктi рухани Ұлы арқылы бiзге сыйлаған керемет рақымы үшiн Құдай мадақталсын:

7Мәсiхтiң құрбан болып, қаны төгiлуiмен төлемiмiз өтелiп, бiздер жамандықтың құлдығынан азат етiлiп, күнәларымыз кешiрiлдi. Осылайша Құдай шексiз зор рақымын

8бiзге молынан жаудырып, терең даналығы және түсiнiгiмен

9Өзiнiң құпия жоспарын — Мәсiхке байланысты алға қойған iзгi ниетiн ашып бердi.

10Ол мұны белгiлi уақыты жеткенде iске асырып, бүкiл әлемдi, көк пен жердегiнiң бәрiн де бiрiктiрiп, Бастығы ретiнде Мәсiхтiң билiгiне тапсыратын болады.


11Құдай ниет еткендерiнiң бәрiн өз еркiне сай орындайды; Ол бiздi Мәсiхпен байланысты өз халқы болуға алдын ала таңдап алған едi. Бұл Құдайдың әуел бастағы мақсатына сәйкес болды.

12Мұнымен Ол Мәсiхке басқалардан бұрын үмiт артқан бiз — яһудилердiң Өзiнiң ұлылығын мадақтауымызды көздедi.

13Басқа ұлттық сендер де шындық туралы сөздi — өздерiңдi құтқарған Iзгi хабарды естiп, Мәсiхке сенгенде Онымен тығыз байланысқа түстiңдер. Сол кезде уәде етiлген Киелi Рух бойларыңа кiрдi. Ол — Құдайдың меншiгi екендiктерiңнiң белгiсi,

14алатын игiлiктерiмiздiң бастапқы бөлiгi, әрi кепiлi. Құдай Өзiнiң меншiктi халқын жамандықтың әсерiнен түгелдей құтқарғанда игiлiктердiң бәрiн иемденемiз. Осылай Тәңiрдiң керемет ұлылығы мадақталмақ.

Мәсiхтiң ғаламат ұлы дәрежесi


15Сол себептi мен сендердiң Иемiз Исаға берiк сенiп, Оның бүкiл халқын қатты сүйгендiктерiң туралы естiгендiктен,

16мiнажат еткен сайын сендер үшiн шүкiрлiк етемiн.

17Иемiз Иса Мәсiхтiң Құдайы — салтанатты ұлылыққа ие Әке сендерге Өзiн жақынырақ танып бiлулерiң үшiн Киелi Рухы арқылы даналық пен терең түсiнiк берсе екен деп Одан тiлеймiн.

18Ол көкiректерiңдi оятып, рухани нұрға кенелтiп, өздерiңдi қандай үмiтке шақырғанын, яғни өз халқына қандай керемет игiлiктер сыйлайтынын бiлсеңдер екен

19және Өзiнiң шексiз құдiретiнiң Иемiзге сенушi бiздерге қаншалықты күштi әсер ететiнiн ұқсаңдар екен деп те Одан сұраймын. Құдай осы керемет құдiретiн

20Мәсiхтi өлiмнен қайта тiрiлтiп, көкте Өзiнiң оң жағындағы орынға көтерiп, отырғызғанда да қолданды.

21Осылай Мәсiх күллi билiк пен өктемдiктен, күш-қуат пен әкiмшiлiктен, осы және келешек замандардағы бүкiл атақ пен дәрежелерден де әлдеқайда үстем.

22Құдай бұлардың бәрiн Мәсiхке бағындырып, Оны барлығынан да жоғары қойып, сенушiлер қауымының Басы еттi.

23Ал қауым — Мәсiхтiң рухани денесi. Мәсiх бүкiл әлемдi Өзiмен толтырғаны сияқты, қауымды да толтырады.

2

Мәсiхпен байланыстағы жаңа өмiр


1Бұрын сендер Құдайдың бұйрығын бұзып, күнә жасай бергендiктен рухани өлi едiңдер:

2сол кезде осы күнәкар дүниенiң дәстүрiне сай өмiр сүрiп, бiздi ауа iспеттi қоршап тұрған зұлым күштердiң әмiршiсiнiң — Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтiн рухтың жетегiнде жүрдiңдер.

3Бiз де бұрын сондайлармен бiрге болып, күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына берiлiп, ойымыз бен бойымыздағы тiлектерiмiздi орындадық. Басқаларға сияқты бiзге де Құдайдың қаһарының төгiлетiнi табиғатымыздан белгiлi едi.

4Алайда рақымы мол Құдай бiзге зор сүйiспеншiлiгiн көрсеттi:

5Оның айтқанына көнбей, рухани өлi болған бiздi Құдай Мәсiхпен бiрге тiрiлтiп алды — осылайша тек Оның рақымымен ғана құтқарылдыңдар.

6Ол Мәсiхпен байланыстағы бiздi Онымен бiрге тiрiлтiп, көкте Оның жанына отырғызды.

7Осылайша Ол бiзге Иса Мәсiхтiң арқасында мейiрiммен қарап, болашақ дәуiрлерде Өзiнiң ағыл-тегiл мол рақымын көрсетпек.

8Себебi Құдайдың рақымымен, Мәсiхке деген сенiмдерiң арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздерiңнiң жетiстiктерiң емес, Құдайдан келген сый,

9сондықтан игi iстерiмнiң арқасында құтқарылдым деп ешкiм мақтанбасын.

10Бiз Иса Мәсiхпен жүрiп, игi iстер жасау үшiн жаратылдық; осыны орындауымызға Құдай алдын ала жағдай туғызды.

Мәсiх сенушiлердiң бәрiн бiрiктiрдi


11Сондықтан естерiңде болсын: сендер басқа ұлттық болып тудыңдар, тәнiнен ет кесiлiп сүндеттелген яһудилер өздерiңдi «сүндеттелмеген құдайсыздар» деушi едi.

12Ол кезде сендер Мәсiхтен мүлдем қашық болып, Исраил үмбетiнен тыс және Құдайдың келiсiмдерiнде берген уәделерiнен шет қалдыңдар. Құдайды танымай, үмiтсiз өмiр кештiңдер.

13Алайда Иса Мәсiхтiң қанын төгiп, құрбан болғандығы арқылы бұрын қашық жүрген сендер ендi Құдайға жақындадыңдар.

14Мәсiх — татулығымыздың Бастауы: Ол екi топқа бөлiп тұрған қабырғадай өштестiктi жойып, алып тастап, екi жағын бiрiктiрдi.

15Мәсiх Өзiнiң денесiн бiз үшiн құрбан еткенде, Таураттың өсиеттерi мен ережелерiн (орындауды құтқарылу жолы ретiнде) күшiнен айырды. Осылай Ол яһудилер мен басқа ұлттық сенушiлердi Өзiмен байланысқан бiр жаңа үмбет етiп қайта жасап, өзара татуластырды.

16Мәсiх айқыштағы құрбандығымен екеуiнiң өштестiгiн жойып, бiр рухани дене (бiртұтас қауым) болып бiрiккен екеуiн Құдаймен татуластырды.

17Сөйтiп Ол келiп, Құдайдан қашық жүрген сендерге және жақынырақ тұрған бiздерге татулық туралы Iзгi хабарды жариялады:

18екi жағымызға да Мәсiх арқылы бiр Киелi Рухтың арқасында Құдай Әкеге сиынуға жол ашылды.


19Сонымен сендер ендi не бөтен, не кiрме сияқты емес, Құдайдың халқы болып келген яһуди сенушiлерiмен бiрдей, сол халықтың азаматысыңдар, тiптi «Құдайдың от басының мүшелерiсiңдер»!

20Сендер де Құдайдың рухани үйiнiң елшiлер мен пайғамбарлар салған iргетасының үстiне «тiрi тас» iспеттi қаландыңдар. Осы «үйдiң» ең негiзгi және басты «Тасы» — Иса Мәсiхтiң Өзi.

21Ол арқылы бүкiл рухани құрылыс (сенушiлердiң бәрi) бiрiктiрiлiп, Жаратқан Иеге бағышталған киелi үй болу үшiн өсiп жатыр.

22Сөйтiп сендер Иса Мәсiхтiң арқасында «Құдай тұратын мекен» ретiнде бiрге қаланасыңдар, Құдай мұны Киелi Рухы арқылы мекендейдi.

3

Пауылдың басқа ұлттарға арнаған қызметi


1Сондықтан мен, Пауыл, басқа ұлттық сендерге Мәсiх Исадан жiберiлiп, сол себептен тұтқындалдым.

2Құдайдың рақымдылықпен өздерiң үшiн осы мiндеттi атқаруды маған жүктегенiн, әрине, естiдiңдер.

3Себебi Ол құпия жоспарын маған ашып бiлдiрдi, бұны қысқаша баяндап жазып қойдым.

4Соны мұқият оқысаңдар, Мәсiх iске асыратын құпия жоспарды түсiнгенiмдi ұға аласыңдар.

5Ол адамзаттың алдыңғы ұрпақтарына айтылмаған болатын, ал қазiр Киелi Рух оны Құдайдың қасиеттi елшiлерi мен пайғамбарларына ашып отыр.

6Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар Iзгi хабардың арқасында яһуди сенушiлерiмен бiрге Құдайдың жарылқауын қабылдайды, олармен бiрге Мәсiхтiң рухани денесiнiң мүшелерi болып, Тәңiрiмiз берген уәдесiнен үлестерiн алмақ.


7Құдай маған рақымын төгiп, өз құдiретiмен өмiрiмдi өзгертiп, менi Iзгi хабарды уағыздайтын қызметшiсi етiп қойды.

8Оның адамдарының ең лайықсызы болсам да, Тәңiрдiң рақымымен Мәсiхтiң шексiз зор рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесiме тидi:

9әлемдi жаратқан Құдайдың әуел бастан Өзiнде құпия сақтап келген жоспарының шындыққа қалай айналғанын жұртқа ашып беру менiң мiндетiм болды.

10Ондағы ниетi — Құдайдың жан-жақты даналығының көзге көрiнбейтiн дүниедегi билеушiлер мен өктемдiк иелерiне ендi сенушiлер қауымы арқылы мәлiм болуы.

11Бұл Құдайдың Иемiз Мәсiх Иса арқылы iске асырған мәңгiлiк мақсатына сәйкес едi.

12Онымен байланысқан бiз Оған деген сенiмiмiзге бола көктегi Әкемiзге еркiн жақындап, сиынуға батылымыз жетедi.

13Сондықтан да өздерiң үшiн көрген азаптарыма бола жiгерлерiңдi жасытпай, Тәңiрдiң ұлылығына кенелемiз деп оларды мақтан тұтуларыңды өтiнемiн.

Пауылдың сенушiлер үшiн мiнажат етуi


14-15 Сол себептен мен сендер үшiн Құдай Әкемiз алдында тiзе бүгiп Оған сиынамын; көктегi және жердегi бүкiл әкелiк бедел Оның атынан тарайды.

16Былай деп мiнажат етемiн: Ол өз ұлылығының байлығына сәйкес Киелi Рухының арқасында жан дүниелерiңдi Өзiнiң құдiретiмен нығайта көрсiн.

17Мәсiх сенiмдерiң арқылы жүректерiңе орнығып,

18рухани өмiрлерiң Оның сүйiспеншiлiгiне тамыр жайып, негiзделсiн. Осылай сендер Мәсiхтiң сүйiспеншiлiгiнiң қаншалықты кең де көз жеткiсiз, терең және биiк екенiн Құдайдың бүкiл халқымен бiрге түсiне алып,

19адам санасы жетпейтiн осы сүйiспеншiлiктi танып бiлсеңдер екен. Сол арқылы Құдайдың рухани қасиеттерi бойларыңа толықтай дари берсiн!

20Ал Тәңiрiмiз бiзге әсер ететiн Өзiнiң құдiретi арқылы бiз сұрағаннан немесе ойлағаннан әлдеқайда көп нәрселердi iстей алады.

21Оның даңқы қауымда Мәсiх Иса арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетiп, мәңгiлiк арта берсiн! Аумин.

4

Қауымның бiрлiгi және мүшелерiнiң түрлi дарындары


1Сонымен Иемiзге қызмет еткенiме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздерiңдi шақыруына лайық өмiр сүрiңдер деп ескертемiн.

2Барлық жағдайларда кiшi пейiл, iлтипатты, бiр-бiрiңе төзiмдi болып, сүйiспеншiлiк көрсетiңдер.

3Құдай Рухымен иемденген бiрлiктерiңдi өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!


4Бәрiмiз бiртұтас рухани денемiз, Құдайдың Рухы да Бiреу, сол сияқты Құдай сендердi шақырғанда бiрдей үмiт бердi.

5Иемiз де, сенiмiмiз де, (Мәсiхпен тығыз байланысқандығымызды бiлдiретiн) шомылдыру рәсiмiмiз де бiрдей.

6Барлығымыздың бiр Құдай Әкемiз бар, Ол бәрiмiзден үстем және бәрiмiз арқылы әрекет етiп, бәрiмiздiң жүрегiмiзден орын алды.


7Ал әрқайсымызға Мәсiхтiң рақым етiп үлестiрiп берген ерекше рухани дарындарымыз бар.

8Бұл туралы: «Ол биiкке көтерiлiп көптеген тұтқындарды ертiп жүрiп, адамдарға тартулар сыйлады», — деп жазылған.

9«Ол биiкке көтерiлдi» деген сөздiң мағынасы қандай? Мәсiх алдымен төменге, жер бетiне түскен едi дегендi бiлдiредi.

10Соған түскен Ол — аспаннан әлдеқайда жоғары орынға, «көктiң ең биiгiне» көтерiлiп кеткеннiң дәл Өзi, сөйтiп Мәсiх бүкiл әлемге билiгiн орнатпақ.


11Ол рухани дарындар сыйлап, сенушiлердiң бiреулерiн елшi, бiреулерiн пайғамбар, тағы басқаларын Iзгi хабарды таратушы, ендi бiреулерiн қауымның рухани бағушысы немесе тәлiмгерi етiп тағайындады.

12Олар Құдайдың халқын өз қызметтерiн атқаруға дайындауға тиiс. Соның нәтижесiнде Мәсiхтiң рухани денесi өсiп, күшейе бермек.

13Осылайша бәрiмiз бiрге Құдайдың рухани Ұлына сенiп, Оны жақын бiлу арқылы Мәсiхтiң кемелдiгiне сай келетiн бiртұтас, жетiлген қауым болмақпыз.


14Онда бiз бұдан былай әрбiр ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы iлiмге iлесiп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына ерiп, азғындық жолға түсуден аулақ боламыз.

15Қайта, бiр-бiрiмiзге шындықты сүйiспеншiлiкпен айтып, қауымның Басы Иса Мәсiхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсiп жетiлемiз.

16Сонда мүшелерi үйлесiп, бiрiгiп жұмыс iстеп тұрған бұл бiртұтас рухани дене түгелдей өзiнiң Басы Мәсiхке бағынады. Әрбiр мүшесi өз мiндетiн атқарса, бүкiл дене өсiп, сүйiспеншiлiк арқылы күшейе бередi.

Сенушiлердiң бұрынғы және қазiргi өмiр салты


17Иемiздiң атынан сендерге мықтап айтып ескертемiн: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмiр сүрмеңдер!

18Олардың санасын қараңғылық басып, жүректерi шындықты бiлгiлерi келмей жақсылық атаулыға қасарысқан, сөйтiп Құдай беретiн шынайы өмiрден құр қалған.

19Мұндайлар ұяттан әбден безiп, жүгенсiздiкке салынып, тойымсыз нәпсiқұмарлықпен әр түрлi азғындық iстей бередi.


20Бiрақ сендердiң Мәсiх туралы үйренгендерiң мұндай емес едi ғой!

21Оның айтқандарын естiп, Онымен тығыз байланысып, шынайы тәлiм алып келдiңдер. Себебi шындық Исада.

22Алдамшы құмарлықтарымен өмiрлерiңдi құртып келген ескi күнәкар болмыстарың мен бұған дейiнгi өмiр салттарыңды ендi тастаңдар!

23Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын;

24осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әдiлеттi де қасиеттi адам болып өмiр сүрiңдер!

Жаңа мiнез-құлық


25Сондықтан өтiрiктi тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бiрiгiп бiр рухани дененiң мүшелерiмiз ғой.

26«Ашуланғанда күнә жасамаңдар» деп жазылған: күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар,

27сөйтiп шайтанның жамандыққа түрткi салуына жол бермеңдер!


28Ұры болған ендi ұрламасын, керiсiнше, адал еңбек етiп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестiрсiн.

29Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенiмдерiн жетiлдiрiп, игiлiк сепсiн.


30Осылай Құдайдың Киелi Рухын ренжiтуден аулақ болыңдар! Онымен «таңбаландыңдар»: өмiрлерiңнен орын алған Ол — бiр күнi жамандық атаулыдан азат етiлулерiңнiң кепiлi.

31Әр қилы кекшiлдiк, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!

32Қайта, бiр-бiрiңе мейiрiмдi де жанашыр болыңдар; Мәсiхтiң арқасында өздерiңдi Құдай кешiргендей, сендер де өзара кешiрiмдi болыңдар!

5


1Сонымен, сүйiктi рухани баласы ретiнде Құдайдан үлгi алыңдар;

2Мәсiхтiң бiздi сүйiп, бiз үшiн Өзiн құрбан еткенiндей, сендер де бiр-бiрiңдi сүйiп өмiр сүрiңдер! Оның өз жанын қиғаны Құдайға ұнамды, хош иiстi құрбандық iспеттi болды.


3Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен аш көздiктiң тiптi аттары да аталмасын. Құдайдың адамдарына бұлардан аулақ жүру лайық.

4Сендерге әдепсiздiк жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту емес, шүкiрлiк ету жарасымды.

5Мынаны бiлiп қойыңдар: неке адалдығын бұзатындар, ұятсыздар мен аш көздiлер — жалған тәңiрлерге табынушылар; мұндайлардың бәрiне де Мәсiхтiң және Құдайдың Патшалығында орын жоқ.

6Ешкiм де сендердi өтiрiк сөздерiмен алдамасын! Себебi Құдайға мойынсұнбайтындарға осы күнәлары үшiн Оның қаһарлы соты төнiп тұр.

7Сондықтан олардың iс-әрекеттерiне сыбайлас болмаңдар!

Иемiздiң нұрына кенелiп өмiр сүру


8Бұрын сендер түнек болдыңдар, ал ендi Иемiзбен байланысып, нұрсыңдар: ендеше нұрдың адамдары болып әрекет етiңдер!

9Ал нұрдағы өмiрдiң өнiмi — нағыз игiлiк, әдiлдiк, шындық.

10Құдайға не ұнайтынын бiлiп алып,

11түнектегi адамдардың бекер iстерiне араласпаңдар, қайта, оларды әшкерелеңдер!

12Мұндайлардың жасырын iстейтiндерiн айтудың өзi ұят.

13Ал түнекке нұр шашылса, ондағының бәрi анық көрiнедi. Бар нәрсенi әшкерелейтiн — нұр.

14Сондықтан да былай деп айтылады:

«Оян, ей, ұйқышыл,


Рухани өлiмнен тiрiл!


Мәсiх саған төгедi нұр».



15Сонымен парасатсыз емес, парасатты өмiр сүруге ерекше ден қойыңдар:

16жақсылық жасауға әр мүмкiндiктi пайдаланыңдар, себебi қазiргi күндер зұлымдыққа толы.

17Сондықтан ақымақ болмай, Құдайдың еркiн бiлiп алыңдар.

18Арақ-шарап iшiп, мас болмаңдар, бұл жүгенсiздiкке апарады! Қайта, Киелi Рухқа кенеле берiңдер!

19Бiр-бiрiңдi Забур жырлары, мадақтау өлеңдерi және Киелi Рух дарытқан әндер арқылы жiгерлендiрiп, Иемiздi ән-күймен шын жүректен дәрiптеңдер.

20Иемiз Иса Мәсiхтiң атымен Құдай Әкеге қай нәрсе үшiн де ұдайы шүкiрлiк етiңдер!

Сенушiлердiң от басындағы өмiрi: ерлi-зайыптыларға өсиет


21Сендер Мәсiхтi қастерлейтiндiктен, бiр-бiрiңе мойынсұныңдар!


22Әйелдер, Иемiзге мойынсұнғандай, күйеулерiңе де мойынсұныңдар;

23өйткенi Мәсiхтiң сенушiлер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдiң «басы». Мәсiх сенушiлердi құтқарып алды, ендi қауым — Оның рухани денесi.

24Қауымның Мәсiхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық iсте күйеулерiне мойынсұнуға тиiс.


25Күйеулер, Мәсiх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдерiңдi солай сүйiңдер: Мәсiх қауым үшiн жанын қиды!

26Оны Құдай сөзiмен тазартып, қайта туғызып, қасиеттi қылды.

27Сонымен қауым күйеуiне апарылған қалыңдықтай салтанатты да сұлу, ешбiр дақсыз, ақаусыз, басқа да кемшiлiксiз, қасиеттi де пәк таза болсын.


28Дәл осылай жұбайларын өз тәнiндей жақсы көру — күйеулердiң мiндетi. Әйелiн сүйген өзiн де сүйедi.

29Ешкiм де өз тәнiн жек көрмейдi, қайта, оған нәр берiп, баптап күтедi, Иемiз де қауымды солай қамқорлайды.

30Бiздер Оның рухани денесiнiң мүшелерiмiз.

31«Сондықтан еркек әке-шешесiн тастап, әйелiне қосылады, сөйтiп, екеуi бiртұтас болады», — деп жазылған.

32Осында терең сыр бар, мен мұны Мәсiхке және қауымға байланысты айтамын.

33Бiрақ ол сендерге де қатысты: әрқайсың әйелiңдi өзiңдей сүюге тиiстiсiң, ал әр әйел күйеуiн құрметтеуге мiндеттi.

6

Ата-ана мен балаларына өсиет


1Балалар, Иемiздiң еркiне мойынсұнып, әке-шешелерiңнiң тiлiн алыңдар, өйткенi осылай iстегендерiң дұрыс.

2«Ата-анаңды сыйла! — Бұл, Құдайдың бiр уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиетi:

3— Сонда бақытты болып, жерде ұзақ өмiр сүресiң».


4Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керiсiнше, ақылмен жөн сiлтеп, Иемiзбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!

Қожайын мен жалшыларына өсиет


5Басыбайлы қызметшiлер, Мәсiхке мойынсұнғандай, жер бетiндегi қожайындарыңа шын жүректен мойынсұнып, жамандық жасаудан шошыныңдар!

6Айтқандарын тек көңiлдерiнен шығу үшiн олар сендердi бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы жан-тәндерiңмен орындай берiңдер! Осылай Құдайдың еркiн Мәсiхтiң қызметшiсi ретiнде iске асырыңдар!

7Сөйтiп қызметтерiңдi адамға емес, Иемiзге арнағандай ынтамен атқарыңдар.

8Мейлi құл, мейлi ерiктi болсын, әркiмнiң iстеген игi iстерiнiң лайықты сыйын Құдайдан алатынын бiлiп қойыңдар.


9Ал сендер, қожайындар, қызметшiлерiңе осылай қарап, қатаңдықты жұмсартыңдар! Көкте олардың да, өздерiңнiң де Қожайындарыңның бар екенiн бiлесiңдер. Ол ешкiмнiң бет-жүзiне қарамайды.

Шайтанның әскерiне қарсы рухани күрес


10Соңында айтарым мынау, бауырластарым: Иемiзбен тығыз байланыста жүрiп, Оның құдiретiнен қуат алып, нығая берiңдер!

11Шайтанның қастық iс-әрекетiне тойтарыс бере алуларың үшiн Құдай берген «рухани қару-жарақпен» түгел жабдықталыңдар!

12Бiз адам баласына қарсы емес, қазiргi қара түнектiң әкiмдерi мен күштiлерiне, дүниенi билеп-төстеушiлерiне — көзге көрiнбейтiн дүниедегi зұлым рухтарға қарсы күресудемiз.

13Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрiн асыныңдар, сөйтiп, зұлым күштер шабуыл жасаған күнi қарсы тұрып, ақырына дейiн күресiп, жеңiп шыға аласыңдар.


14Сонымен, шындықпен «белдi бекем буып», әдiлдiктi «сауыт қылып киiп», табанды тұрыңдар!

15«Аяқкиiмдерiңдi де киiп», татуласу туралы Iзгi хабарды таратуға дайын болыңдар!

16Бұларға қоса сенiмдерiңдi «қалқан қылыңдар», онымен шайтанның барлық «отты жебелерiн» өшiрiп тастай аласыңдар;

17құтқарылғандықтарыңды «дулыға етiп киiп», қорғаныңдар; Құдай сөзiн «рухани семсер қылып ұстаңдар»!

18Киелi Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтiнiштерiңдi айтып, рухани сергек те шыдамды болыңдар: Құдайдың бүкiл халқы үшiн мiнажат ете берiңдер!


19Сөйлеген сайын Iзгi хабардың құпиясын қаймықпай жариялауыма қажеттi сөз аузыма түссiн деп, мен үшiн де мiнажат етiңдер!

20Бұл хабарды жеткiзуге жiберiлген елшi ретiнде осы жерде бұғаудамын. Сондықтан оны тиiстi түрде батыл жариялай алуымды Құдайдан тiлеңдер.

Елшiнiң соңғы хабарлары мен ақ батасы


21Менiң жағдайым мен қызметiм туралы бiлулерiң үшiн сүйiктi бауырласымыз, әрi Иемiздiң адал қызметшiсi Түхiк сендерге бәрiн хабарламақ.

22Оны сол мақсатпен жiберiп отырмын, ол жағдайымызды бiлдiрiп, жүректерiңдi жiгерлендiрмек.


23Лайым Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх барлық бауырластарға тыныштық, сүйiспеншiлiк пен сенiм сыйлай көрсiн!

24Иемiз Иса Мәсiхтi шын берiле сүйгендердiң бәрiне Құдай жар болып, рақымын жаудыра берсiн! Аумин.