0


Жазба туралы мәлiмет

Пауыл елшi бұл сәлемхатын Түркияның орталығында орналасқан Ғалатия өлкесiндегi сенушiлер қауымдарына жазды. Пауыл өзiн мазалаған мынадай хабар алған едi: негiзiнен басқа ұлт өкiлдерiнен құралған қауымдарға кейбiр уағыздаушылар яһуди дiнiнiң қағидаларын, әсiресе сүндет рәсiмiн, орындамай Құдай алдында күнәдан ақталуға болмайды деп тәлiм берiптi. Олар Пауылдың Құдайдың елшiсi екендiгiн мойындамай, оның Таурат заңын ұстанбай-ақ тек Мәсiхке сену арқылы ақталу жөнiндегi iлiмiн терiске шығарды.

Пауыл осы хатында солардың қате көзқарастарына қарсы шығып, өзiн елшiлiкке адам баласы емес, Құдайдың тағайындағанын дәлелдейдi. Сондай-ақ елшi уағыздап жатқан Iзгi хабарын өзiне Мәсiхтiң тiкелей аманаттағандығын, ал кейiн Иерусалимдегi елшiлер мен қауым жетекшiлерiнiң соның мазмұнымен келiскендiгiн бiлдiредi.

Егерде адамдардан Құдай алдында ақталу үшiн сенiмге қоса игi iстер талап етiлсе, онда Iзгi хабар түгелдей өзгерер едi. Себебi оның түпкi мәнi Құдайдың рақым етiп, Мәсiхтi адамзатты құтқару үшiн құрбан болуға жiбергендiгiнде. Мәсiх өлгенде барлық күнәларымыздың жазасын Өзiне алды! Құдай жасаған осы мүлтiксiз құтқару жолына еш нәрсе қосуға болмайды. Мәсiхтiң құрбандығына сенiп, жан дүниесiнен Оған орын берген әрбiр адам жаңа өмiр бастайды.

Бұдан былай Құдайдың Киелi Рухы сенушiнiң iс-әрекетiне басшылық жасап, игi iстерге жетелеп, оның өмiрiн шын мәнiсiнде өзгертедi. Барлық заңдар да, тiптi Құдай ертеде Исраил халқына бұйырған Таурат заңының өзi де, тек түзу жолды көрсете ғана алып, адамды тәрбиешiнiң бақылауындағы баладай шектеп ұстайды. Бiрақ Мәсiхке сенетiндерге Құдай таза өмiр сүруге рухани күш-қуат пен азаттық және Өзiмен тығыз байланысты сыйлайды.

1

Арнау және сәлем


1-2 Ғалатия өлкесiндегi сенушiлер қауымдарына Пауыл елшiден және қасымдағы барлық бауырластардан дұғай сәлем. Ал менi елшiлiкке тағайындаған — адам баласы емес, Иса Мәсiх және Оны өлiмнен қайта тiрiлтiп алған Құдай Әкемiз.

3Сендерге Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсiн!

4Иса Мәсiх бiздi қазiргi зұлым дүниенiң құлдығынан құтқару үшiн Құдай Әкемiздiң еркi бойынша күнәларымыздың құнын өтеп, жанын құрбан еттi.

5Құдайдың ұлылығы мәңгi мадақталсын! Аумин.

Өзге «Iзгi хабар» жоқ


6Сендердi Мәсiхтiң рақымы арқылы Өзiне шақырған Тәңiрден осылай тез бас тартып, өзге бiр «iзгi хабарға» бет бұрып кеткендерiңе таңғаламын.

7Дегенмен өзге «iзгi хабар» жоқ! Мәселе сендердi шатастырып, Мәсiх туралы Iзгi хабарды бұрмалағысы келген кейбiр кiсiлерде болып тұр.

8Егер бiздер немесе тiптi «көктен түскен перiште» сендерге бұрын уағыздағандарымызға қайшы өзге бiр «iзгi хабарды» уағыздайтын болсақ, онда солай iстегенiмiздi Құдайдың қарғысы атпақ.

9Бұрын айтқанымызды тағы қайталаймын: бiреу сендерге өздерiң қабылдаған Iзгi хабарға қайшы келетiндi таратып жүрсе, оны Құдайдың қарғысы атпақ!


10Әлде мұны адамға не Құдайға жағу үшiн айтып отырмын ба? Жоқ, мен адамдарға ұнауға тырыспаймын, әйтпесе Мәсiхтiң қызметшiсi бола алмас едiм.

Өзiн Құдайдың тағайындағаны туралы елшiнiң дәлелi


11Бауырластар, сендерге айтамын: мен уағыздаған Iзгi хабар адам ойынан шыққан емес!

12Оны ешбiр адамнан не қабылдаған, не үйренген емеспiн, Иса Мәсiхтiң тiкелей бiлдiруiмен қабылдадым.


13Сендер менiң яһудилiк дәстүрдi бұрын қалай ұстанғанымды және Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап, құртуға тырысқанымды естiгенсiңдер.

14Мен яһуди дiнiн ұстануда ұлтымның iшiндегi көптеген құрдастарымнан озып, ата-бабаларымыздан мирас қалған салт-дәстүрлердiң қызғыштай қорғаушысы болдым.


15Бiрақ та менi анамның құрсағында жатқанда-ақ таңдап, зор рақымымен шақырып алған Құдай

16өз қалауымен Исаның Өзiнiң рухани Ұлы екендiгiн маған ашып бiлдiрiп, Ол туралы Iзгi хабарды яһудилерден басқа халықтардың арасына таратуға бұйырды.

Сонда мен осы туралы ешбiр адамнан ақыл сұраған жоқпын,

17Иерусалимге барып, менен бұрын елшi болғандармен де ақылдасқан емеспiн. Қайта, ешқайда соқпастан Арабия елiне тура аттанып, сол жақтан Дамаскiге қайтып келдiм.

18Үш жылдан кейiн ғана Петiр елшiмен танысу үшiн Иерусалим қаласына барып, қасында тек он бес күн болдым.

19Басқа елшiлерден сол кезде Иемiздiң туған iнiсi Жақыпты ғана көрдiм.

20Құдай куә, бұл жазып отырғандарым өтiрiк емес.

21Содан кейiн Сирия мен Кiликия өлкелерiне бардым.

22Ал Яһудея аймағындағы мәсiхшiлер қауымдары менi әлi де танымайтын.

23Олар тек: «Бiздi бұрын қудалаған адам, өзi түп-тамырымен құртпақ болған сенiмдi қазiр уағыздап жүр» дегендi естiп,

24менi тәубеге келтiргендiгi үшiн Құдайды мадақтады.

2

Өзге елшiлердiң Пауыл уағыздап жүрген Iзгi хабарды қолдауы


1Он төрт жылдан кейiн тағы да Иерусалимге аттандым. Бұл жолы Барнабамен бiрге барып, Титтi де ертiп алдым.

2Осы сапарға Иемiздiң тiкелей бiлдiруiмен шықтым. Мен әсiресе қауымның беделдi кiсiлерiмен жеке сөйлесiп, оларға басқа ұлт адамдарына өзiм уағыздап жүрген Iзгi хабардың мазмұнын айтып бердiм. Ондағы мақсатым қазiргi, әрi бұрынғы еңбектерiмнiң зая кетпеуi едi.

3Ал олардың уағыздарыммен келiскендерi сондай, қасымдағы Титтiң грек болғандығына қарамастан, оның сүндеттелуiн талап етпедi.

4Мұны екi жүздiлiкпен кiрiп кеткен жалған «бауырластар» ғана iстедi. Олар Иса Мәсiхтiң жолындағы бiздiң рухани еркiндiгiмiздiң iзiне түсiп, Таурат заңына бағындыру үшiн қауымдарға ұрланып енiп алған едi.

5Алайда бiз Iзгi хабардың шындығы сендерге тап-таза күйiнде қалсын деп, айтқандарына бiр сәтке де көнiп, бағынған емеспiз.


6Ал беделдiлерге келсек — беделдерiнiң қандай екенi мен үшiн маңызды емес, Құдай адамның бет-жүзiне қарамайды — олар маған ерекше мiндеттер жүктеген жоқ.

7Керiсiнше, Iзгi хабарды яһуди халқына уағыздау Петiрге қалай тапсырылған болса, маған да басқа халықтарға Iзгi хабарды уағыздаудың солай аманатталғандығына да көздерi жеттi.

8Өйткенi Петiрдiң яһудилер арасындағы елшiлiк қызметiн қолдаған Құдай менiң де басқа халықтар арасындағы қызметiме жар болды.

9«Қауымның тiрегi» деп саналатын Жақып, Петiр, Жохан Құдайдың маған берген рухани дарынын мойындап, менiмен және Барнабамен қол алысып, қатынасымызды бекiттiк. Сонымен бiз Iзгi хабарды басқа халықтарға, ал олар яһуди халқына алып барсын деп келiстiк.

10Олар бiзден тек қана мұқтаж сенушiлерге көмектесудi ұмытпауымызды талап еттi, ал мен дәл осыны iстеуге ынталы едiм.

Петiрдiң екi жүздiлiгiне Пауылдың қарсы шығуы


11Бiрақ Петiр Антақияға келгенде оған ашықтан-ашық қарсы шықтым, өйткенi қылығы айыптауға тұрарлық едi:

12Иерусалим қауымының жетекшiсi Жақыптан бiрқатар яһудилер келгенге дейiн ол сүндеттелмеген басқа ұлттық сенушiлермен дастарқандас болып жүрген едi. Алайда сүндеттеудi талап ететiн әлгi яһудилер жеткеннен кейiн Петiр олардан қаймығып, басқа ұлт сенушiлерiнен тартыншақтап, алшақтай бастады.

13Онымен бiрге қауымдағы басқа яһудилер де екi жүздiлiк танытты, тiптi Барнаба да екi жүздiлiктерiне ерiп, адасып кеттi.

14Мен олардың Iзгi хабардың шындық жолынан тайып кеткендiктерiн көргенде бәрiнiң алдында Петiрге былай дедiм:

— Сiз яһуди болсаңыз да, яһудилердей емес, бiрге тұрған басқа ұлттық сенушiлер сияқты өмiр сүресiз. Ендi қалайша оларды яһуди дәстүрлерiн ұстануға зорламақсыз?!

15Яһуди болып туған бiздер «басқа ұлттық күнәкарлар» болмасақ та,

16адамдардың Таурат заңын ұстану арқылы емес, тек Иса Мәсiхке деген сенiмдерiмен ғана Құдай алдында ақталатынын бiлемiз. Сондықтан бiз де Таурат заңын орындаудың арқасында емес, Мәсiхке сенуiмiз арқылы ақталу үшiн сенiмiмiздi Мәсiх Исаға арттық. Себебi заңды орындаумен «ешбiр адам ақтала алмайды».


17Ал егер Мәсiхтiң арқасында ақталғымыз келген бiз яһуди дәстүрлерiн ұстанбағанымыз үшiн әлi де күнәкар деп есептелсек, онда Мәсiхке деген сенiмнiң бiздi бәрiбiр күнәлы жағдайымызда қалдырғаны емес пе? Мүмкiн емес!

18Себебi Таурат заңын орындау арқылы ақталамыз деген пiкiрдi жойып келген мен оны қайтадан қалпына келтiрсем, онда өзiмдi заң бұзушы күнәкар етiп көрсеткен болар едiм.

19Адам өлгенде заңға бағынудан босайтыны сияқты, мен де Таурат заңы бойынша өлiмге кесiлiп, сол заңды орындаудан босатылдым. Ондағы мақсат — менiң Құдай үшiн өмiр сүруiм. Мен рухани жағынан Мәсiхпен бiрге айқышқа шегеленiп өлдiм,

20сондықтан өзiм бұдан былай өмiр сүрiп жатқаным жоқ, қайта, бойымда Мәсiх өмiр сүруде. Ендiгi тәндiк өмiрiм — Құдайдың рухани Ұлына деген сенiмiмнiң арқасындағы өмiр. Ол менi сүйгендiктен Өзiн мен үшiн құрбан еттi!

21Осылайша Құдайдың рақымын жоққа шығармай, соған ғана сүйенемiн. Ал егер Таурат заңын орындау арқылы ақталсақ, онда Мәсiхтiң Өзiн өлiмге қиғаны бекер болар едi.

3

Ақталу жолы


1О, түйсiксiз аңқау ғалаттықтар-ай, сендердi бiреу сиқырлап қойды ма? Иса Мәсiхтiң айқыштағы өлiмiн көз алдарыңнан кетпестей етiп суреттеп берiп едiм ғой!


2Маған мынаны ғана айтыңдаршы, Киелi Рухты қалай қабылдадыңдар: Таурат заңын орындау арқылы ма, әлде Iзгi хабарды тыңдап, сену арқылы ма?


3Сондай түйсiксiз бе едiңдер: рухани өмiрдi Киелi Рухпен бастап, өз күштерiңмен кемелденбек екенсiңдер ғой?

4Сонда қалай, бастарыңнан өткiзгендерiңнiң бәрi бекер болғаны ма? Егерде шынымен бекер болса.

5Құдайдың сендерге өз Рухын берiп, араларыңда керемет iстер жасағанының себебi — Таурат заңын орындауларың ба, әлде Iзгi хабарды тыңдап, сенулерiң бе?


6Ыбырайыммен де солай болды: ол Құдайға сендi, сондықтан Оның алдында ақталды.

7Көздерiң жетiп тұр: Тәңiрге сенiм артқандар ғана — Ыбырайымның нағыз ұрпақтары.

8Киелi жазбалар Құдайдың басқа ұлттарды сенiм арқылы ақтайтынын алдын ала бiлдiрiп, Ыбырайымға «сен арқылы Мен барлық ұлттарды жарылқаймын» деген Iзгi хабарды мәлiмдедi.

9Сондықтан Тәңiрге сенiм артқандар Оған сенген Ыбырайым арқылы жарылқанады.


10Ал өздерiнiң Таурат заңын ұстанғандарына сүйенушiлердiң бәрiне қарғыс тиедi! «Тауратта жазылған барлық ережелердi бұлжытпай орындамайтын әркiмдi қарғыс атады!» деп жазылған.

11Ендеше, заңды орындаған ешкiмнiң Құдай алдында ақтала алмайтыны анық, өйткенi тек «сенiмi арқылы ақталған адам шынайы өмiрге ие болады».

12Ал Таурат заңының сенiмге қатысы жоқ. Керiсiнше, оның ережелерiн «бұлжытпай орындаған адам солар арқылы өмiр сүредi».

13Алайда айқышқа шегеленiп, iлiнген кезде Мәсiх бiзге тиiстi қарғысты Өзiне қабылдап, бiздi Таурат заңы мәлiмдеген қарғыстан құтқарды! Себебi «ағашқа iлiнген әркiмдi қарғыс атады» деп жазылған.

14Демек, Ыбырайымға берiлген ақ бата Иса Мәсiх арқылы басқа ұлттарға да тарап, бәрiмiздiң уәделенген Киелi Рухты сенiм арқылы қабылдауымыз үшiн Мәсiх бiздi қарғыстан құтқарып алды.

Құдайдың уәдесiнiң күшiн Таурат заңы жойған емес


15Бауырластар, күнделiктi өмiрден мысал келтiрейiн: бекiтiлген келiсiмнiң күшiн жоюға немесе оған бiр нәрсе қосуға болмайды.

16Бұл жерде де солай: Тәңiр уәдесiн Ыбырайымға және оның ұрпағына бердi. «Ұрпақтарыңа» деп көпше түрде емес, «ұрпағыңа» деп жекеше түрде айтты. «Ұрпағың» Бiреудi бiлдiредi, Ол — Мәсiх.

17Айтайын дегенiм мынау: төрт жүз отыз жылдан кейiн берiлген Таурат заңы Құдай бұрын бекiткен келiсiмнiң күшiн, яки Оның Ыбырайымға Мәсiх жөнiнде берген уәдесiнiң күшiн жоя алмайды!

18Себебi егер мұрагерлiк Таурат заңына байланысты болса, онда ол уәде арқылы берiлмес едi. Алайда Құдай мұраны Ыбырайымға рақым етiп, уәде еттi.


19Онда Таурат заңының атқаратын қызметi қандай? Ол күнәларды әшкерелеу үшiн қосымша ретiнде берiлдi. Тәңiрдiң уәдесi Ыбырайымның Ұрпағы Мәсiхке байланысты; Ол келгенше, Таурат заңы күшiнде тұрды. Перiштелер мұны халыққа арада жүрген Мұса пайғамбар арқылы жеткiзген едi.

20Алайда жеке бiреу болса, онда арада жүрушiнiң керегi жоқ: Ыбырайымға уәденi берген — Құдайдың дара Өзi!


21Сонымен, Таурат заңы Құдайдың бұрын берген уәдесiне қайшы келiп тұр ма? Мүмкiн емес. Себебi егер мәңгiлiк өмiрге қол жеткiзетiн заң берiлген болса, онда адамдар оны орындап, ақтала алар едi.

22Алайда Киелi жазбалар бүкiл адамзаттың күнәның тұтқынында екенiн мәлiмдейдi. Ондағы мақсат — Иса Мәсiхке сену арқылы табыс етiлетiн уәделi сыйдың (яғни, күнәдан ақталудың) сенетiндерге ғана берiлуi.


23Осы сенiмнiң заманы туып, келуге тиiстi Мәсiхке сене алғанға дейiн бiз Таурат заңының бақылауында болып, тұтқында жүрдiк.

24Басқаша айтқанда, Таурат заңы «тәрбиелеушiмiз» болып бiздi Мәсiхке әкелдi, осылай Оған сенiп, ақталдық.

25Ал ендi, сенiмнiң заманы туғаннан берi «тәрбиелеушiнiң» қарамағынан шықтық.

Құдайдың құлы емес, рухани баласысыңдар


26Барлығың Иса Мәсiхке деген сенiмдерiң арқылы Құдайдың рухани баласысыңдар.

27Өйткенi Мәсiхпен тығыз байланысып, шомылдыру рәсiмiнен өткен бәрiң Мәсiхтiң рухани қасиеттерiне бөлендiңдер.

28Бұл жерде яһуди мен басқа ұлт адамының, құл мен ерiктiнiң, еркек пен әйелдiң арасында айырмашылық жоқ, себебi барлығың Иса Мәсiхпен тығыз байланыста бiртұтассыңдар.

29Және сендер Мәсiхтiкi болғандықтан Ыбырайымның рухани ұрпағысыңдар, әрi Құдайдың оған уәде еткен игiлiктерiн иемденесiңдер.

4


1Тағы айтпағым мынау: мұрагер болашақта барлық байлықты иемденуге қақылы болса да, балалық кезiнде оның құлдан еш айырмашылығы жоқ.

2Ол әкесi белгiлеген уақытқа дейiн қамқоршылар мен үй басқарушылардың бақылауында.

3Бiз де рухани балалық шағымызда осы дүниелiк тұрпайы iлiмдердiң құлдығында болдық.

4Ал Құдай белгiлеген уақыты жеткенде рухани Ұлын жiбердi. Ол бiр әйел арқылы дүниеге келiп, Таурат заңы үстемдiк етiп тұрған халық арасында

5сол заңға бағынғандарды босатып, Өзiнiң рухани балалары ету үшiн келдi.

6Ендi бiз рухани балалары болғандықтан, Құдай Өзiнiң рухани Ұлының Рухын жүрегiмiзге дарытты. Сол бiздi: «Абба, Әке!» — деп Құдайға сиындырады.


7Сонымен ендi құл емес, рухани ұлсың; ал рухани баласы болған соң, Құдай саған уәде еткендерiн сыйлайтын болады.

Елшiнiң ғалаттықтарды уайымдап, қиналуы


8Бұрын Құдайды әлi бiлмейтiн кезде сендер шын мәнiнде Тәңiр болмайтын жын-перiлерге құлшылық етiп, бас ұрдыңдар.

9Ал ендi Құдайды жақыннан танып алғаннан кейiн, дұрысын айтқанда, Құдай сендердi танып, Өзiмен жақын байланыста болуға шақырғаннан кейiн, қалай ғана керi айналып, қайтадан әлсiз, бейшара, тұрпайы iлiмдерге бет бұрасыңдар? Соларға тағы қалайша бас ұрып, құлшылық еткiлерiң келедi?

10Белгiлi дiни күндер мен айларды, мерекелер мен жылдарды берiк ұстануда екенсiңдер.

11Сендерге арнаған еңбегiм зая кеттi-ау деп уайымдаймын.


12Бауырластарым, өтiнемiн: пайдасыз ережелерге бағынбай, мен сияқты болыңдар, мен де сендер сияқты болғам. Жеке басыма жамандық iстеген жоқсыңдар.

13Сендерге Iзгi хабарды алғаш рет жариялағанымда денсаулығымның нашар болғанын бiлесiңдер.

14Бiрақ та тәнiмнiң ауруынан жиренiп, терiс қарап кетпей, керiсiнше, менi Құдайдың бiр перiштесiндей, тiптi Иса Мәсiхтiң Өзiндей қабылдадыңдар.

15Бұрынғы риза көңiлдерiңе не болды? Өзiм куәмын, сол кезде, мүмкiн болса, өз көздерiңдi ойып алып, маған сыйлар едiңдер.

16Ал ендi сендерге шындықты айтқаным үшiн жау болып шықтым ба?

17Көңiлдерiңнен шығуға ынталанғандардың ниеттерi жақсы емес: олар сендердi бiзден ажыратып, өздерiне қаратып бағындырмақ.

18Бiреудiң көңiлiнен шығуға iзгi ниетпен ынталану — жақсы нәрсе, бiрақ бұл тек қастарыңда жүргенiмде ғана болмау керек.


19Балаларым менiң! Баласын туғанда толғақ азабын басынан кешкен анадай мен тағы да сендердi уайымдап, қиналып жүрмiн. Бұл, мiнез-құлықтарыңнан Мәсiхтiң болмысы толығырақ көрiнгенше жалғаса бермек.

20Дәл қазiр қастарыңда болып, сендермен жұмсақ үнмен сөйлессем шiркiн! Себебi сендердi түсiне алмай жүрмiн.

Ажар мен Сараның мысалы


21Таурат заңына бағынғысы келген сендер маған айтыңдаршы: Тауратта айтылғанды бiлмейсiңдер ме?

22Онда Ыбырайымның екi ұлы, бiреуi күңiнен, екiншiсi ерiктi әйелiнен туғаны туралы жазылған.

23Күңiнiң ұлы әдеттегiдей туылса, ерiктi әйелiнiкi Құдайдың берген уәдесi бойынша кереметпен дүниеге келдi.

24Бұл әңгiмеде ерекше астар бар, екi әйел екi түрлi келiсiмдi бiлдiредi: бiреуi перзентiн құлдықта туған Ажар, ол — Синай тауында жасалған келiсiмнiң бейнесi.

25Ал Арабиядағы Синай тауын бейнелейтiн Ажар қазiргi Иерусалимге де ұқсайды, себебi ол қала өз халқымен әлi де Таурат заңының құлдығында.

26Бiрақ көктегi Иерусалим ерiктi, бiздiң рухани анамыз — сол!


27Бұған байланысты Пайғамбарлар жазбаларында: «Қуан, құрсақ көтермейтiн, бедеу әйел, толғатып көрмеген сен масаттанып дауыста! Өйткенi күйеуi барға қарағанда, жалғыз басты әйелдiң балалары көбiрек болады», — деп алдын ала айтылған.


28Уәде бойынша дүниеге келген Ысқақ iспеттi бiздер де, бауырластарым, Құдайдың уәдесiне сай Оның қайта туылған рухани балаларымыз, себебi Ыбырайымның сенгенiндей, бiз де Тәңiрге сенемiз.

29Ал әдеттегiдей жолмен дүниеге келген баланың сол заманда Құдай Рухы дарытқан қабiлетпен туған баланы қудалағанындай, қазiр де Киелi Рухтан қайта туылған бiздердi құлдықта жүрген яһудилер қудалауда.

30Киелi жазбада не делiнген? «Күңдi баласымен бiрге қуып жiбер, күңнiң ұлы ерiктi әйелдiң ұлымен бiрдей мұраға ие болмасын!»

31Ендеше, бауырластар, бiздер «күңнiң» емес, «ерiктi әйелдiң» ұрпағымыз!

5

Мәсiх арқылы қол жеткен азаттық


1Мәсiх бiздi еркiн өмiр сүрсiн деп азат еттi. Ендi табанды болып, құлдықтың қамытын қайта кимеңдер!


2Мен, Пауыл, сендерге мынаны айтамын, сөзiме ден қойыңдар: егер Құдай алдында ақталу үшiн сүндетке отырсаңдар, онда сендерге Мәсiхтен ешбiр пайда болмайды.

3Сүндетке отыратындардың әрбiреуiне тағы да байыппен айтамын: ақталу үшiн сүндеттелген әркiм Таурат заңының барлық ережелерiн де бұлжытпай орындауға мiндеттi!

4Осы заңды ұстану арқылы ақталуға тырысушы сендердiң Мәсiхпен байланыстарың үзiлдi, Құдайдың рақымынан ада болдыңдар!


5Ал бiз сенiм жолымен Құдай алдында ақталғандықтан, мұның Мәсiх қайта оралғанда ашық жариялануын Киелi Рухтың арқасында үмiт етiп күтудемiз.

6Иса Мәсiхпен тығыз байланыста болғандар үшiн сүндеттелу не сүндеттелмеу маңызды емес. Бiз үшiн ең маңыздысы — сүйiспеншiлiкпен әрекет жасайтын сенiм.


7Жақсы жүрiп бара жатыр едiңдер, ендi кiм жолдарыңа бөгеу болып, сендердi шындыққа бағындырмайды?

8Бұған иландырған — сендердi Өзiне шақырған Құдай емес.

9Бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi дейдi. (Сол сияқты, жалған iлiмдер көп зиян келтiредi.)

10Бұдан былай Iзгi хабардан басқа пiкiрлердi ұстанбайсыңдар деп Иемiзге сенемiн. Сендердi абыржытып, адастырып жүрген адам, кiм болса, ол болсын, өз сазайын тартатын болады.

11Ал маған келсек, бауырластар, егер әлi де сүндеттелудiң қажеттiгiн уағыздап жүрсем, неге күнi бүгiнге дейiн қудаланудамын? Сонда Мәсiхтiң айқыштағы құрбандығы туралы уағыздарым яһуди дiндарларының ашуын қоздырмас едi.

12Мазаларыңды алып жүргендер қауымдарыңнан бiржола кетiп қалса еттi!

Мәсiх жолындағы еркiндiк — жүгенсiздiк емес


13Бауырластар, Құдай сендердi еркiндiкке шақырды. Бiрақ еркiндiктi күнәкар құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшiн терiс пайдаланбаңдар, қайта, бiр-бiрiңе сүйiспеншiлiкпен қызмет етiңдер!

14Бүкiл Таурат заңын орындау мына бiр бұйрыққа саяды: «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»

15Ал егер бiр-бiрiңдi қауып, жесеңдер, жойылып кетуден сақ болыңдар!


16Ал мен былай деймiн: Киелi Рухпен өмiр сүрiңдер, сонда ескi күнәкар болмыстарыңның қалауы iске аспайды.

17Өйткенi ескi болмысымыздың қалауы Киелi Рухқа қарсы, ал Рухтың қалауы ескi болмысымызға қарсы. Бұл екеуi бiр-бiрiне қарама-қайшы, сондықтан өз ерiктерiңмен әрекет ете алмайсыңдар.

18Ал егер Киелi Рухтың жетелеуiмен жүрсеңдер, онда Таурат заңының билiгi сендерге жүрмейдi.


19Ескi күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтар белгiлi, бұлар: жеңiл жүрiс, азғындық пен ұстамсыздық;

20жалған тәңiрлерге табынушылық пен сиқыршылық; қаскөйлiк, ұрыс-керiс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, ала ауыздық туғызу, жiк салу,

21күншiлдiк, кiсi өлтiру, маскүнемдiк, жүгенсiздiк және сол сияқтылар. Бұлар жайлы сендерге ескертемiн, бұрын да ескерткенмiн: мұндаймен айналысқандарға Құдай Патшалығында орын жоқ.


22Ал Киелi Рух өмiрлерiңде жетiлдiретiн игiлiктi «жемiс» мынадай: сүйiспеншiлiк, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейiлдiлiк, сенiмдiлiк,

23iлтипаттылық, ұстамдылық. Ешбiр заң бұларға қарсы тұрмайды.


24Сонымен қатар Иса Мәсiхтiкi болғандар айқышта өлген Онымен бiрiгiп кеттi. Сол себептен олар өздерiнiң ескi күнәкар болмыстарынан да, соның құмарлықтары мен тiлектерiнен де үзiлдi-кесiлдi бас тартты.

Киелi Рухтың күшiмен өзара тату-тәттi болу


25Бiз Киелi Рухтың арқасында жаңа өмiрге ие болғандай, Оның жетекшiлiгiмен өмiр сүре берейiк.

26Жеке басымызды қастерлеп, бiр-бiрiмiздi ашуландырып, күндеуге жол бермейiк!

6


1Бауырластар, араларыңдағы бiреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелi Рухтың жетелеуiмен iлтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар, өздерiң де алданып қалудан сақ болыңдар!

2Бiрiңнiң ауыр жүгiңдi екiншiң көтерiсiңдер, сөйтiп Мәсiхтiң өсиетiн орындайсыңдар.

3Кiмде-кiм шын мәнiнде өзгелерден артық болмай тұрып, ерекшемiн деп көкiрегiн көтерiп, көмектесуден бас тартса, сол өзiн алдайды.

4Әркiм өз iс-әрекетiн тексерсiн, сонда өзiн басқалармен салыстырмай, жетiстiктерiн мақтан ете алады.

5Өйткенi әр адам өз мiндетiн атқаруға тиiс.

6Құдай сөзiнен тәлiм алушылар қолда бар игiлiктерiн ұстаздарымен бөлiссiн!


7Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетiмен жүруiне жол бермейдi. «Адам не ексе, соны орады» дейдi.

8Өзiнiң ескi күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлiмдi орады. Ал Құдай Рухына қызмет етушi осы Рухқа тән мәңгiлiк өмiрдi орады.

9Жақсылық жасаудан талмайық! Себебi бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиiстi уақытта оның игiлiктi өнiмiн Құдайдан қабылдайтын боламыз.

10Сондықтан мүмкiндiк барда барлық адамдарға, әсiресе сенiмi бiр бауырластарымызға, жақсылық iстей берейiк!

Соңғы бата мен ескерту


11Ендi сендерге өз қолыммен, үлкен әрiптермен жазып отырғандарыма қараңдар!


12Адамдарға ұнағысы келетiндер сендердi сүндетке отыруға мәжбүр етпек. Олардың мақсаты — яһуди дiндарлардың өздерiн Мәсiхтiң айқыштағы құрбандығы арқылы ақталамыз деген Iзгi хабар үшiн қудаламаулары ғана.

13Өйткенi сүндеттелгендердiң өздерi Таурат заңын орындамайды, тек тәндерiңе жасаған сол рәсiмге мақтанулары үшiн сендердiң сүндетке отыруларыңды қалайды.


14Мен болсам, Иемiз Иса Мәсiхтiң айқыштағы өлiмiнен басқа еш нәрсеге де мақтанбай-ақ қояйын. Себебi Оның айқыштағы құрбандығының салдарынан осы күнәкар дүние мен үшiн, ал мен ол үшiн жоқпын.

15Ендi сүндеттелу мен сүндеттелмеуде тұрған ештеңе жоқ, мәселе Құдайдың адамды жаңадан жаратуында.

16Осы ережемен өмiр сүргiсi келетiндердiң бәрiне — Құдайдың рухани Исраил халқына тыныштық пен қайырымдылық болсын!


17Бұдан былай маған ешқайсыларың осы мәселемен ауыртпалық түсiрмеңдер. Иемiз Исаның «таңбасы» ретiнде денемдегi жараларымның орындары Оның басыбайлы қызметшiсi екенiмдi бiлдiредi.


18Лайым жан дүниелерiң Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымына кенеле берсiн, бауырластар! Аумин.