Елшi Пауыл бұл сәлемхатын өзiнiң қорынттықтарға арналған бiрiншi хатынан жарты жылдан кейiн, шамамен б.з. 55-жылының күзiнде, Македония аймағынан жазған. Алғашқы хатын апарып қайтқан Тiмотеден естiген хабары елшiнi қатты күйзелткен едi (2:13; 7:5; 9:2; Қорынт. 1-хат 16:5,10-11).
Себебi қауымға енiп алған яһуди дiнiн ұстанушылар басшылықты өз қолдарына алуға ұмтылды. Олар Пауылға қарсы шығып, оны шынайы елшi емес, ынжық, әрi шебер сөйлей алмайды деп кiнәлады. Басқа қауымдардан әкелген кепiлдiк хаттарына мақтанған бұлар, Пауылды ешқандай кепiлдемесi жоқ деп сынады. Олар тәлiм бергендерi үшiн ақы алатын. Ал елшi өз күнiн өзi көрiп, қажырлы еңбек етудiң және қандай жағдайда да адалдықты сақтаудың үлгiсi болды. Сол жалған ұстаздар яһуди дiнiнiң әдет-ғұрыптарын жоғары бағалап, Киелi Рухтың Мәсiхке сенетiндерге дарып, оларды өз ерiктерiмен толықтай Құдайға бағындыратынын ұғынбады.
Осы жағдайлар Пауылды Қорынтқа шұғыл сапарға аттануға мәжбүр еттi. Бұл кездесу ауыр болған iспеттi (2:1). Сол дiндарлар оған ымырасыз қарсы шықса керек. Елшi қайтарында қауымға жуық арада тағы да соғуға уәде бердi. Алайда кейiнiрек оларға қайтадан барғаннан гөрi хат жазып, айтқандарын тыңдар-тыңдамасын бақылауды дұрыс деп шештi (2:1-4). Содан хатын Титтен берiп жiбердi. Құдайдың рақымымен қорынттықтардың басым көпшiлiгi хаттың және Титтiң уағызының әсерiнен Мәсiхтiң шынайы жолына қайта оралып, Пауылды Құдайдың елшiсi деп қайтадан мойындады (7:6-7). Бұл оны қатты жiгерлендiрдi.
Алайда жалған ұстаздар әлi де қауымда жүрiп, сенушiлерге ықпал етуде едi. Сондықтан Пауыл осы хатын жазып, қарсыластарының өзiне таққан айыптарына жауап берiп, Құдайдың шынайы елшiсiнiң қандай болатынын түсiндiредi (1:12-7:16). Сондай-ақ оларды қолдарында бар қаржыларын Иерусалимдегi жоқшылық көрiп жүрген сенушiлермен бөлiсуге шақырады (8:1-9:15).
Пауыл осы сәлемхатын жазып отырған кезде Қорынттан тағы бiр жайсыз хабар алған сияқты. Қалай болған күнде де елшi Киелi Рухтың жетелеуiмен хатқа жалған ұстаздарға қарсы жазылған қатаң бөлiмдi қосты. Онда сенушiлерге солардан бас тартып, Мәсiхтiң шынайы iлiмiнен таймауларын ескертiп, өзiнiң елшiлiк беделiн қорғайды (10:1-13:10).
Бұл хаты басқаларына қарағанда Пауылдың өзi туралы — шеккен азаптары және Исаның жолына түскендерге қамқор болуға деген терең толғаныстары жайында — көбiрек мәлiмет бередi.
Сонымен елшi өмiрiнде қандай жағдайларға ұшыраса да, Құдайға қызмет ете беретiн сенушiнiң керемет үлгiсi болып келедi. Пауылдың бiрден-бiр мақсаты өзiн маңызды ету емес, Иемiздi қастерлеп, Оның қауымдарына көмектесу едi.
Арнау және сәлем
1Құдайдың еркiмен Иса Мәсiхтiң елшiсi болған Пауылдан және бауырласымыз Тiмотеден Құдайдың Қорынттағы қауымы мен Оның бүкiл Ахая аймағындағы барлық адамдарына дұғай сәлем!
2Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсiн!
Құдайдың жұбатып, өлiмнен құтқарғанына шүкiрлiк
3Иемiз Иса Мәсiхтiң Әкесi Құдай мадақталсын! Ол — қайырымды Құдай Әкемiз, жұбаныш атаулының қайнар көзi —
4бiздi барлық азаптарымызда жiгерлендiредi. Осылай Құдайдың өзiмiздi жiгерлендiрген жұбанышымен бiз де әр түрлi қайғы-қасiрет шегiп жүргендердi жiгерлендiре аламыз.
5Өмiрiмiзде Мәсiх жолындағы азаптарымыздың молая түскенiндей, Ол арқылы көретiн жұбанышымыз да ағыл-тегiл мол болады.
6-7 Азап шегуiмiз сендердiң жiгерленiп, құтқарылуларыңа септiгiн тигiзедi. Өйткенi бiз көрген жұбаныш өздерiңдi де жiгерлендiредi. Соның нәтижесiнде сендер дәл бiз сияқты азаптарды бастан кешкенде шыдамдылықпен төзе аласыңдар. Өздерiң жайындағы үмiтiмiз берiк. Себебi азабымызды бөлiскендерiңдей бiз қабылдайтын жұбанышты да бөлiсетiндерiңдi бiлемiз.
8Сондықтан, бауырластар, сендердi Азия аймағында тап болған қиындықтарымыздан хабарсыз қалдырғымыз келмейдi. Басымызға түскен ауыртпалықтың шектен тыс, адам төзе алмастай болғаны сонша, тiрi қаламыз деп үмiттенбедiк те.
9Жүрегiмiзде өлiмге кесiлгендей сезiндiк. Бұл жайт бiздiң өзiмiзге емес, өлгендердi тiрiлтетiн Құдайға ғана сүйене алуымыз үшiн де осылай болды.
10Мұндай қорқынышты ажал қаупiнен Ол бiздi құтқарып алды және әлi құтқаруда; болашақта да құтқаратын болады деп Оған нық сенiм артамыз.
11Бұған сендердiң дұғаларың да септiгiн тигiзедi. Осылайша көптеген сенушiлердiң сиынуларына Құдай құлақ асып, бiзге рақымын төгiп, сол үшiн олар шүкiрлiк ететiн болады.
Елшiнiң сапар жоспарын өзгерту себебi
12Бiздiң айналамыздағы адамдармен, әсiресе өздерiңмен, Құдайға ұнамды ашықтықпен, адалдықпен қатынас жасап келгендiгiмiзге ар-ұжданымыз куә; мұны мақтан тұтамыз. Ескi күнәкар болмысымыздың даналығымен емес, Құдайдың рақымына бола солай өмiр сүрiп келемiз.
13-14 Жазған хаттарымыздан оқып, түсiнгендерiңнен өзге құпия ниетiмiз жоқ. Мұнымызды ұға бастадыңдар, ендi толық ұғасыңдар деп үмiттенемiз: сонда Иемiз Иса қайтып келген күнi сендердi мақтан ететiнiмiздей, өздерiң де бiздi мақтан тұтатын боласыңдар.
15-16 Бұның бәрiне сенгенiм сонша, сендер екi рет рухани игiлiкке ие болсын деп, алдымен өздерiңе баруға ниеттендiм. Осылайша Македонияға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да сендерге соға кетудi жоспарладым. Бұдан кейiн Яһудея аймағына аттанғанымда менi шығарып сала алар едiңдер.
17Осыған ниеттенгенiмде ұшқалақтандым ба? Әлде менi жоспарларын ескi күнәкар болмысын сүйенiп, бiресе «иә», бiресе «жоқ» деп жасады дейсiңдер ме?
18Құдай уәдесiне берiк болғандай, бiздiң сендерге айтқан хабарымыз да кейде «иә», кейде «жоқ» емес, еш жалтақсыз!
19Араларыңда Сыйлас, Тiмоте үшеуiмiз уағыздаған Құдай Ұлы Иса Мәсiх те бiресе «иә», бiресе «жоқ» болған емес. Қайта, Ол арқылы Құдай «иә» дейдi:
20Оның барлық уәделерi Мәсiх арқылы жүзеге асып, «иәға» айналады; сондықтан «аумин» деп, Мәсiхтiң атымен Тәңiрдiң ұлылығын мадақтаймыз.
21Мәсiхпен байланысымызда бiздi сендермен бiрге табанды етiп, тағайындаған — Құдайдың Өзi:
22Ол бiзге өз иелiгiнiң «таңбасын басып», берген уәделерiнiң орындалуының кепiлi ретiнде Киелi Рухын жүректерiмiзге орнықтырды.
23Осы кезге дейiн менiң Қорынтқа келмегенiм сендердi аяғандығымнан екенiне Құдай куә.
24Сенiмдерiңе өктемдiк еткiмiз келмей, қуаныштарың үшiн өздерiңмен бiрге еңбектенемiз. Өйткенi сенiмдерiң арқылы берiксiңдер.
1Сол үшiн де мен сендерге бармай-ақ қояйын деген шешiмге келдiм. Себебi барсам, өздерiңдi тағы да ескертiп, ренжiтуiме тура келер едi.
2Себебi егер сендердi ренжiтсем, онда менi кiм қуантпақ? Өзiм қамықтырған сендерден басқа кiм көңiлiмдi серпiлтер едi?
3Сондықтан да барып, менi қуантуға тиiстi сендерден ренiш табу орнына сол хатты жазып жiбердiм. Бәрiңнiң менi қоштап, бiрге қуанатындарыңа сендiм.
4Оны қатты қиналып, жүрегiм ауырып, көзiме жас ала отырып жаздым. Өздерiңдi қайғырту үшiн емес, қайта, шексiз сүйетiнiмдi ұғындыру үшiн жаздым.
Күнәкарды кешiру туралы
5Сол ренiштi туғызған адам болса, оның тек менi ғана емес, бәрiңдi де едәуiр ренжiткенi; тым асырып айтпау үшiн «едәуiр» дедiм.
6Мұндайға көпшiлiктен алған жазасы жеткiлiктi.
7Ендеше шексiз қайғыға батпасын деп, оны кешiрiп, жiгерлендiргендерiң дұрыс болар.
8Сонымен сендерден өтiнерiм: оған сүйiспеншiлiктерiңдi көрсетiңдер.
9Сондай-ақ, барлық жағынан да айтқандарыма құлақ асар ма екенсiңдер деп тексерiп, сынау үшiн де сол хатты жазып жiбердiм.
10Сендер кешiрген адамды мен де кешiремiн. Ал менiң кешiргенiм — егерде оның бiр айыбын кешiруiм қажет болса — оны сендердiң игiлiктерiңдi көздеп, Мәсiхтiң алдында кешiргенiм.
11Шайтан бiзден амалын асырмау үшiн осылай iстедiм, оның зымиян ниетiн жақсы бiлемiз.
Жаңа келiсiмге сай жүргiзiлетiн рухани қызмет
12Мәсiх туралы Iзгi хабарды уағыздау үшiн Трояға келген кезiмде Иемiздiң маған Өзiнiң жұмысы үшiн айқара есiк ашып қойғанын көрдiм.
13Бiрақ сол жерден бауырласым Титтi таба алмай мазам кеттi. Сондықтан ондағы сенушiлермен қоштасып, Македонияға жөнелдiм.
14Алайда Құдайға шүкiр: Ол Мәсiхпен тығыз байланыстағы бiздi әрдайым жеңiстiң шеруiмен жетелеп, бiз арқылы Мәсiхтi танудың «хош иiсiн» барлық жерге де таратуда.
15Себебi құтқарылу жолындағылар арасында да, тозаққа қарай бара жатқандар арасында да Құдай үшiн Мәсiхтiң хош иiсi iспеттiмiз.
16Соңғылар үшiн бiз таратқан Iзгi хабар өлiмнiң шiрiген иiсiндей болса, алғашқылар үшiн сол хабар шынайы өмiрдiң жұпар иiсi секiлдi. Ал кiм мұндай жауапты қызметтi атқаруға қабiлеттi?
17Бiз көптеген басқалар сияқты Құдайдың хабарын пайда көздеп, бұрмаламаймыз. Қайта, Мәсiхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жiберiлгендер ретiнде Iзгi хабарды Оның көз алдында адалдықпен уағыздаймыз.
1Әлде бұл тағы да өзiмiздi-өзiмiз мақтағандай болып тұр ма? Яки кейбiр басқалар сияқты сендерге немесе сендерден кепiлдiк хатқа мұқтажбыз ба?
2Жоқ, бiздiң «хатымыз» — өздерiңсiңдер: сендер бәрiне белгiлi, бәрi де оқитын, жүрегiмiзге жазылған кепiлдiгiмiзсiңдер!
3Осы «хатты» қызметiмiз арқылы Мәсiхтiң Өзiнiң жазып жiбергендiгi өмiрлерiңнен анық көрiнiп тұр. Ол сиямен емес, мәңгi тiрi Құдайдың Рухымен, тас тақтайшаларға емес, адамдардың жүректерiне жазылды.
4Мәсiх арқылы сендер жайында Құдайға нық сенгендiктен осылай деймiз.
5Бұл қызметке өзiмiз қабiлеттiмiз деп ойлайтындай еш негiзiмiз жоқ. Бiздегi бар қабiлеттiлiк өзiмiзден емес, Құдайдан.
6Ол бiздi жазылған заңдарға емес, Киелi Рухына негiзделген Жаңа келiсiмге сай қызмет етуге қабiлеттi қылды. Жазылған заңдар рухани өлiм, ал Киелi Рух шынайы өмiр әкеледi.
7Рас, Таурат заңы тас тақтайшаларға ойып жазылған әрiптермен берiлген кезде Құдайдың нұрлы салтанаты көрiнiп, Мұса пайғамбардың бет әлпетiндегi нұрдың сәулесi өткiншi болғанымен күштiлiгi сонша, исраилдiктер оған қарап тұра алмады. Ал ендi, рухани өлiм әкелетiн Таурат заңына сай қызмет сондай салтанатпен көрiнген болса,
8онда Киелi Рухтың қызметiнiң салтанаты содан бетер қаншама ұлы болуға тиiс!
9Яки адамдарды үкiмдейтiн қызмет сондай салтанатқа кенелгенде, ақтау мен әдiлдiк әкелетiн қызмет одан да зор салтанатқа кенелген болуға тиiс!
10Кезiнде салтанатқа кенелген Көне келiсiм, өзiнен әлдеқайда салтанатты Жаңа келiсiмнiң келуiне байланысты бар салтанатынан айырылды.
11Себебi өткiншi салтанат осыншама ұлы болғанда, мәңгiлiк салтанат одан бетер қаншама ұлы болмақ!
12Ендеше осындай үмiтке ие болған бiз зор батылдықпен қызмет етемiз.
13Өшiп бара жатқан өткiншi салтанатқа исраилдiктер қадала қарамасын деп, бетiн пердемен жапқан Мұса сияқты iстемеймiз де.
14Ал солардың саналары да түйсiксiз болды. Көне келiсiмдi оқығанда ой-саналары тiптi күнi бүгiнге дейiн сондай «пердемен» жабулы тұрған iспеттi. Осы перденi алып тастаушы — Мәсiх.
15Әлi күнге дейiн олар Мұсаның жазбаларын оқығанда жүректерi «пердемен» жабулы тұрғандай.
16Ал Иемiзге бет бұрғанда «перде» алынып тасталады.
17Иемiз — Рух, Иемiздiң Рухы бар жерде азаттық бар.
18Ал ендi, бәрiмiз бетiмiздi бүркемей, ашық түрде Иемiздiң салтанатты ұлылығына айнадан көргендей мұқият көз жiберемiз. Осылайша Ол бiздi Өзiне ұқсатып, өзгертiп келедi. Сол арқылы Оның салтанатты ұлылығы барған сайын бiзден көбiрек көрiнiс табады. Бұл Иемiзден — Киелi Рухтан келедi.
Қарапайым елшiлерге аманатталған шексiз құнды қазына
1Сонымен, Құдайдың рақымымен осы қызметке ие болған бiз ешбiр мойымаймыз.
2Қайта, құпия да ұят қылықтардан аулақ жүрiп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзiмiздi барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз.
3Бiз жариялап жүрген Iзгi хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшiн ғана жабық.
4Бұлар оған сенбейдi, себебi осы күнәкар дүниенiң «тәңiрi» (әзәзiл шайтан) Мәсiхтiң салтанатты ұлылығы туралы Iзгi хабардың нұрын оларға көрсетпеу үшiн саналарын соқыр қылып қойған. Ал Мәсiх Құдайдың қандай екенiн айқын көрсетедi.
5Бiз өзiмiздi емес, Мәсiх Исаны уағыздаймыз, Ол — Жаратқан Ие, ал бiз Исаға бағышталып, сендерге қызмет етемiз.
6Жаратылыстың басталуында қараңғылықтан нұрдың жарқырауын бұйырған Құдай жан дүниемiздi де жарқыратып, бiздi Иса Мәсiхтiң бетiнен көрiнетiн Өзiнiң салтанатты ұлылығын бiлуiмiз арқылы нұрландырды.
7Бiз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар iспеттiмiз. Осылайша ондағы шексiз зор құдiреттiң өзiмiзден емес, Құдайдан екенi анық болып тұр.
8Жан-жақтан қысым көрудемiз, бiрақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бiрақ үмiтiмiздi үзген жоқпыз.
9Қуғынға түссек те, Тәңiр бiздi жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз.
10Иемiз Иса iспеттi тәнiмiзде әрдайым азап шегiп, өлiм қаупiне душармыз. Сол арқылы Оның өмiрi де тәнiмiзден көрiнiс табуда.
11Себебi тiрi жүрген бiздер ұдайы Исаға бола өлiммен бетпе-бет келемiз, осылай өлетiн тәнiмiзден Оның өмiрi көрiнiс табады.
12Мұның нәтижесiнде бiзде өлiм, ал сендерде өмiр әрекет етуде.
13Ал Киелi жазбада: «Саған сендiм, сондықтан айттым» делiнген. Осындай сенiмнiң рухымен бiз де Оған сенемiз, сондықтан Ол туралы айта беремiз.
14Иемiз Исаны қайта тiрiлткен Құдайдың бiздi де Иса арқылы қайта тiрiлтiп, сендермен бiрге өз алдына әкелетiнiн бiлемiз ғой.
15Басымыздан өткен осылардың бәрi де сендердiң игiлiктерiң үшiн. Бұның нәтижесiнде барған сайын көптеген адамдар Құдайдың рақымын қабылдап, Оған шексiз ризашылық бiлдiрiп, даңқын асырмақ.
Уақытша азаптар мен мәңгiлiк ұлылық
16Сондықтан да еш мойымаймыз; тәнiмiз тозып әлсiрегенмен, жан дүниемiз күн сайын жаңара түсуде.
17Уақытша көретiн жеңiл азаптарымыз бiздi өздерiнен әлдеқайда зор, тiптi шексiз, әрi мәңгiлiк ұлылыққа жеткiзедi!
18Сонымен көзге көрiнетiн емес, көрiнбейтiн нәрселерге назар тiгемiз. Себебi қазiр көрiнiп тұрғандар өткiншi, ал көрiнбейтiндер — мәңгiлiк.
1Мынаны да бiлемiз: жер бетiндегi «шатырымыз», яғни тәнiмiз, күйрегенде, адам қолы емес, Құдайдың Өзi жасаған көктегi мәңгiлiк мекенiмiзге — жаңа денеге — ие боламыз.
2Қазiрдiң өзiнде күрсiне отырып, көктен келетiн денелерiмiздi жамылатын кездi зарыға күтудемiз.
3Себебi жаңа дененi жамылғанда мекенсiз қалмаймыз.
4Әлi де осы «шатырда» тұрып, ауыртпалық көргенде ыңқылдай күрсiнiп отырмыз. Алайда ажалдан жанымыз жалаңашталмай-ақ, көктен келген денемiздi бiрден жамылуды қалаймыз. Сонда өткiншi тұрмысымыздың орнын мәңгiлiк өмiр ауыстырады.
5Бiздi осы үшiн де жаратқан Құдай Өзiнiң берген уәделерiнiң орындалуының кепiлi болсын деп, Киелi Рухын сыйлады.
6Сол себептен әрдайым жiгерлiмiз. Әлi де қазiргi тәнiмiзде тұрғанда Иемiздiң қасындағы мекенiмiзден алшақ екенiмiздi бiлемiз.
7Ал бiз көргенiмiзбен емес, сенiмiмiзбен өмiр сүремiз.
8Осылай жiгерлi болып, осы тәнiмiздi тастап, Иемiздiң қасында орнығуды қалаймыз.
9Сондықтан әлi де осы тәнiмiзде болайық немесе одан тыс (Иемiздiң қасында) болайық, бәрiбiр бар ынтамен Оған ұнауға тырысамыз.
10Барлығымыз Мәсiхтiң төрелiк тағының алдында тұрып, әшкереленуге тиiспiз ғой. Сонда әрқайсымыз тәндiк өмiрiмiздегi iс-әрекетiмiздiң жақсы-жамандығына қарай лайықты бағамызды алатын боламыз.
Мәсiхпен тығыз байланыстағы «жаңа адамдар»
11Сонымен Иемiздi терең қастерлеп, Оған ұнамсызды iстеуден шошынуды ұдайы есiмiзде ұстап, басқа адамдарды да осы шындыққа сендiруге ұмтыламыз. Бiз Құдай алдында әйгiлiмiз, сендердiң ар-ұждандарыңа да әйгiлiмiз деп үмiттенемiз.
12Тағы да өзiмiздi алдарыңда дәрiптейтiн ойымыз жоқ. Қайта, бiздi мақтан тұта алуларыңның себебiн айтып тұрмыз. Сонда сендер адамды iшкi дүниесiне емес, сырт көрiнiсiне ғана қарап мадақтайтындарға жауап бере аласыңдар.
13Бiз «есiмiзден ауысқан» болсақ, Құдайға бағышталғанымыз үшiн солай болып көрiнгенi. Ал iс жүзiнде есiмiздiң дұрыс екендiгi сендерге тиiмдi.
14Мәсiхтiң сүйiспеншiлiгi бiздi алға басуға мәжбүр етедi. Себебi мынадай қорытындыға келдiк: бiр Адам бәрi үшiн өлгендiктен барлығы да рухани өлдi.
15Мәсiхтiң бәрi үшiн өлгендiгiнiң мақсаты жаңа өмiрге ие болғандардың ендi тек өздерi үшiн емес, қайта, Оған бағышталып өмiр сүрулерi! Ол солардың игiлiгiне бола өлiп, қайта тiрiлдi ғой.
16Ендеше ешкiмге адам тұрғысынан қарамаймыз. Бұрын Мәсiхке солай қарағанмен қазiр олай етпеймiз.
17Сонымен, бiреу Мәсiхпен тығыз байланысса, сол — жаңадан жаратылған адам. Ескi өмiрi өтiп кетiп, мiне, жаңасы пайда болды!
Елшiлердiң адамдарды Құдаймен татуластыру қызметi
18Осының бәрi де Құдайдың iсi. Ол бiздi Мәсiх арқылы Өзiмен татуластырып, бiзге басқаларды Өзiмен татуластыру қызметiн аманаттады.
19Құдай адамзатты Мәсiхтiң арқасында Өзiмен татуластырды, ендi олардың күнәларын мойындарына артпай, татуласу туралы Iзгi хабарды жариялауды бiзге тапсырды.
20Осылайша Мәсiхтiң өкiлдерiмiз, бiз арқылы Тәңiрдiң Өзi адамдарға ескертедi. Мәсiхтiң атынан: «Құдаймен татуласыңдар!» — деп өтiнемiз.
21Құдай бiздiң күнәларымызды ешқашан күнә жасамаған Мәсiхке артты. Онымен тығыз байланысқан бiз осы арқылы Тәңiр алдында ақталдық.
1Құдаймен бiрге еңбектенушi бiз сендерге мынаны ескертемiз: өздерiң қабылдаған Тәңiрдiң рақымы өмiрлерiңде өнiмсiз болмасын деп ескертемiз.
2Себебi Ол былай деген:
«Мейiрiм көрсететiн кезiмде саған құлақ салдым,
Құтқаратын күнiм келгенде қамқорың болдым».
3Қызметiмiз ұятқа қалмасын деп, жұрттың Iзгi хабарды қабылдауларында iс-әрекетiмiзбен ешкiмге ешқандай кедергi жасамаймыз.
4Қайта, барлық iсте де Құдайдың қызметшiлерiне лайық болуға ұмтылып, зор шыдамдылықпен азаптар, ауыртпалықтар мен қиын-қыстау жағдайларды өткiземiз.
5Бiз ұрып-соғылып, түрмеге қамалып, қуғындалғанда, сондай-ақ, ауыр еңбек етiп, ұйқысыз түндер мен аш күндердi бастан кешкенде
6таза жүремiз. Түсiнiгiмiз, төзiмдiлiгiмiз және ақ пейiлдiлiгiмiзбен, бойымыздағы Киелi Рух арқылы адал сүйiспеншiлiк танытып,
7шындықтың хабарын уағыздап, Құдайдың құдiретiн көрсетемiз. Осылай Оның қызметшiлерi екенiмiздi паш етемiз. Екi қолымызда ұстанған «қаруымыз» әдiлдiк.
8Бiздi не құрметтеп, не қараласа да, не сөгiп, не мадақтаса да, не өтiрiкшiлер десе де, бәрiбiр адалмыз.
9Танымал болмасақ та, бiздi таниды. Өлгендер деп санаса да, мiне, тiрiмiз. Бiздi жазаласа да, өлген жоқпыз.
10Бiздi ренжiтедi, бiрақ әрдайым қуаныштымыз. Кедей болсақ та, көптеген адамдарды байытамыз. Ештеңемiз жоқ болғанмен, бәрiне де иемiз.
11Қорынттықтар, сендермен ашық сөйлестiк, жүректерiмiз де айқара ашық.
12Өздерiңе деген пейiлiмiз кең болғанмен, сендер бiзге жүректерiңнен аз-ақ орын бердiңдер.
13Мен сендермен балаларымен сөйлескен әкедей сөйлесемiн: ендi өздерiң де бiзге пейiлдерiңдi кең жайсаңдаршы!
Терiс жолмен жүргендердiң ықпалынан арылу
14Сенбейтiндермен қоян-қолтық бiрге жүрiп, жаман ниеттерiне ортақтаспаңдар! Себебi әдiлдiк пен заңсыздық арасында ортақ не бар. Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?
15Мәсiх пен белияр (шайтан) арасында ынтымақ бола ала ма? Мәсiхке сенушi мен сенбейтiннiң арасында ортақ не бар?
16Құдайдың киелi үйi мен жалған тәңiрлер арасында қандай келiсiм болуы мүмкiн? Себебi бiздер мәңгi тiрi Құдайдың киелi үйiмiз. Құдайдың Өзi былай деген:
«Орталарында тұрып, араларында жүретiн боламын.
Мен олардың Құдайы, олар Менiң халқым болмақ».
17«Жаратқан Ие былай дейдi:
Сондықтан олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар,
Арам нәрселерiне мүлдем жоламаңдар!»
«Ал Мен сендердi қабылдаймын».
18«Мен Әкелерiң, сендер ұл-қыздарым боласыңдар
дейдi құдiретi шексiз Жаратқан Ие».
1Осы уәделердiң бәрi де бiзге берiлгендiктен, қымбатты бауырластарым, тәнiмiз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиеттi өмiр сүрейiк!
Қорынттықтардың күнәдан тазарғандықтарына қуаныш
2Жүректерiңнен бiзге орын берiңдер. Ешқайсыңа әдiлетсiздiк iстеп, зиян келтiрген жоқпыз. Ешкiмдi алдап, пайдаланған да емеспiз.
3Бұларды айтқандағы мақсатым сендердi айыптау емес; бұрын айтып кеткенiмдей, жүрегiмiздiң төрiндесiңдер. Бiрге өлiп, бiрге мәңгiлiк өмiр сүретiн боламыз ғой.
4Өздерiңе деген сенiмiм зор, сендердi ерекше мақтан тұтамын. Соншама көп азап шексек те, жiгерiм артып, қуанышым қойныма сыймайды.
5Ал Македонияға келгеннен кейiн тәнiмiз дамыл таппай, жан-жақтан қысым-қыспақ көрдiк: сырттан — шабуыл, iшiмiзде — үрей-қорқыныш.
6Бiрақ еңсесi түскендi жiгерлендiретiн Құдай бiздi Титтiң келуiмен жiгерлендiрдi.
7Тек Титтiң келуi ғана емес, сондай-ақ, сендердiң оны жiгерлендiргендерiң туралы айтып бергендерi де көңiлiмiздi орнықтырды. Өздерiңнiң бiздi аңсап-сағынып, опық жеп жылап, мен үшiн ынталана құлшыныс жасағандарың жайында хабар әкелдi. Бұған одан бетер қуандым.
8Тiптi сендердi жазған хатыммен қапаландырсам да, мұныма өкiнбеймiн. Расында хатымның сендердi қасiретке батырғанын көрiп, өкiнген де едiм. Ал қасiреттерiң уақытша ғана болды.
9Қазiр мен қуаныштымын — қасiреттерiңе бола емес, опық жеп қайғырып, терiс жолдан қайта оралғандарың үшiн. Сол қайғыларың Құдайдың еркiмен болған едi, сондықтан да ешқандай зиян көрмедiңдер.
10Себебi Құдайдың еркiмен болған қайғы-қасiрет адамның Оған бет бұрып, құтқарылуына түрткi болады. Кейiн соған өкiнбейдi де. Ал күнәкар дүниелiк қайғы-қасiреттiң нәтижесi — рухани өлiм.
11Құдайдың еркiмен болған қайғыларыңнан өздерiңде не туындағанын қараңдаршы: қандай ынта-жiгер, күнәдан арылуға деген неткен ұмтылыс, болған жайтқа не қылған наразылық пен абыржу, неткен сағыныш, бәрiн түзетуге деген соншама құлшыныс, қандай әдiл жаза! Осының бәрiмен сендер бұл iсте кiнәратсыз таза екендiктерiңдi дәлелдедiңдер.
12Ал мен сол хатты не қорлағанға, не қорланғанға бола жазған жоқпын. Сендердiң Құдай алдында бiздiң қамдарымызды қалай ойлайтындарыңа көздерiңнiң жетуiн қаладым.
13Сол себептен де жiгерлендiк.
14Сонымен, сендердi мақтауыммен ешбiр ұятқа қалмадым. Қайта, сендерге айтқанымыздың түгел шынайы екенiндей, Титке өздерiңдi мақтауымыз да нағыз шындық болып шықты.
15Ол сендердi тiптен жақсы көрiп, бәрiңнiң өзiн қалай тыңдап, қатты қобалжып қастерлеп, қол қусырып қабылдағандарыңды есiне алып отырады.
16Ал мен қай iсте де өздерiңе сене алатыныма қатты қуанамын!
Мұқтаждықтағы сенушiлерге жомарттықпен көмектесу
1Бауырластар, сендердi Құдайдың Македониядағы қауымдарға рақымын төккенi туралы да хабардар еткiмiз келедi.
2Бастарынан өтiп жатқан ауыртпалықтар арқылы сенiмдерi қатты сыналғанмен, (Иемiзге деген) қуаныштары шексiз болды. Осылайша ағыл-тегiл мол берiп, өздерiнiң тақыр кедейлiктерiне қарамастан жомарттық көрсеттi.
3Олардың қолдарынан келгенше, тiптi мүмкiндiктерiнен де артық, кең пейiлдiлiк танытқандарына мен куәмын: өз жүрек қалауларымен
4бiзден өтiнiп, өздерi де Құдайдың халқына көмек жiберiп, қызмет етуге қатыса алуларын қоймастан жалынып сұрады.
5Бұл күткенiмiзден де артық болды! Олар өздерiн алдымен Иемiзге бағыштап, сондай-ақ, Құдайдың еркiмен бiзге де берiле көмектестi.
6Сонымен, Тит сендердiң араларыңда да осындай игiлiктi iстi бастағандықтан, одан онысын тамамдауын сұрадық.
7Сенiм, Құдайдың хабарын уағыздау, түсiнiк, барлық iске де ынта-жiгер және бiзге деген сүйiспеншiлiктерiң — бұлардың бәрi сендерде ағыл-тегiл мол. Дәл сол сияқты осы игiлiктi iстi де молынан атқарыңдар.
8Мұны бұйыра айтып отырғаным жоқ. Ал басқалардың ынталы құлшыныстарына меңзеп, сүйiспеншiлiктерiңнiң шынайылығын сынап тұрмын.
9Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымдылығын жақсы бiлесiңдер: Ол сондай бай бола тұра, сендердiң рухани баюларың үшiн бәрiнен бас тартып, жоқшылыққа ұшырады!
10Бұған байланысты айтар ақылым: былтыр сендер алғашқы болып көмек берiп қана қоймай, соны өз қалауларыңмен де атқардыңдар.
11Ал ендi, құлшына тiлегендерiңдi жүзеге асырып, қолдарыңдағы бармен бөлiсiп, осы iстi тамамдаңдар.
12Бiреу беруге ынталы болса, Тәңiр оның тарту-таралғысын қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылдайды.
13Басқалардың жағдайын жеңiлдету үшiн өздерiңнiң қиналып қалуларыңның қажетi жоқ; керiсiнше, екi жақта да теңдiк болуы керек.
14Қазiргi сендердiң молшылықтарың олардың мұқтаждықтарын қамтамасыз етiп, кейiн олардағы молшылық сендердегi мұқтаждықты қамтамасыз етпек, сонда екi жақта да теңдiк орнайды.
15Осылайша «Көп жинаған кiсiде артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ» деп Тауратта жазылғандай болады.
Қорынтқа баратын бауырластар
16Сендерге қамқорлық жасауға деген ынтазарлықты бiзге бергенiндей Титтiң де жүрегiне сепкенi үшiн Құдайға шүкiрлiк.
17Жаңағы тiлегiмiздi Тит жылы ықыласпен қабылдап қана қойған жоқ, сендерге үлкен құлшыныспен, өз қалауы бойынша бара жатыр.
18Титпен бiрге тағы бiр бауырласымызды да жiберiп отырмыз, оның Iзгi хабарды уағыздаудағы жұмысы барлық қауымдарда мақтауға ие болып жүр.
19Мұның үстiне қауымдар оны Иемiздiң даңқын және iзгi ниетiмiздi бiлдiру үшiн атқарып жүрген осы игiлiктi iстi орындау мақсатымен (Иерусалимге) аттанған сапарымызда бiзбен бiрге ерiп жүруге таңдап алды.
20Сенiп тапсырылған бұл мол сый-тартуды қалай басқарғанымыз жайында бiзге ешкiм айып тақпасын деп сақ жүремiз.
21Иемiз алдында да, адамдар алдында да адал жүруге тырысамыз.
22Олармен бiрге тағы бiр бауырласымызды жiберiп жатырмыз. Оның ынта-жiгерiне алуан түрлi жағдайларда әлденеше рет көз жеткiздiк. Ол өздерiңе сенiм артып, баруға бұрынғыдан бетер құлшынған.
23Тит — менiң әрi жолдасым, әрi араларыңдағы қызметтесiм. Ал бауырластарға келсек, олар — қауымдардың жiберген өкiлдерi, өмiрлерiмен Мәсiхтiң ұлылығын паш ететiндер.
24Сонымен, оларға сүйiспеншiлiктерiңдi көрсетiп, өздерiңдi мақтан тұтатынымыздың орынды екенiне қауымдардың көздерiн жеткiзiңдер!
Шынайы жомарттық
1Шынында сендерге Құдайдың халқына көмектесу туралы жазып жатудың қажетi де жоқ.
2Соған деген құлшыныстарыңды бiлiп, Ахаядағы сендердiң тiптi былтырдан берi көмектесуге әзiр екендiктерiңдi македондықтарға айтып, мақтан тұтып келемiн. Осы құлшыныстарың олардың көбiне қозғау салды да.
3Өздерiңдi мақтағаным бекер болмасын деп, бауырластарды жiберiп отырмын. Осылай өзiм айтып кеткендей, iс жүзiнде де көмектесуге даяр бола аласыңдар.
4Олай етпеген күнде македондықтар менiмен бiрге келiп, даяр еместерiңдi көрсе, өздерiңдi айтпай-ақ қояйын, бiз қандай ұятқа қалар едiк! Сендердi сондай нық сенiммен мақтап жүрдiк қой.
5Сондықтан да бауырластардан сендерге бiзден бұрын баруларын сұрауды тиiмдi деп таптым. Олар өздерiң уәде еткен жомарт тарту-таралғыларыңды алдын ала жинап, дайындаудың қамын ойластырмақ. Сонда сыйларың iштарлықпен лажсыздан берiлген емес, кең пейiлдiлiкпен жасалған игiлiк болады.
6Бұл жайында:
«Сараң сепкен сараң жинар,
Жомарт сепкен жомарт жинар» дейдi ғой.
7Әрқайсың жүректерiңнiң шешiмiне сай, еш ренiшсiз, зорлықсыз барларыңмен бөлiсiңдер! Құдай қуанышпен беретiндердi ұнатады.
8Ал сендердi бүкiл игiлiкке молынан кенелтуге Құдайдың құдiретi жетедi! Сонда әрдайым, қандай жағдайда да қажеттерiңнiң бәрiмен қамтамасыз етiлiп, әрқилы игi iстердi молынан жасай аласыңдар.
9Киелi жазбада:
«Мұқтаждарға жомарттықпен сый-тартулар үлестiрдi,
Оның әдiлдiгi мәңгiлiк» делiнген.
10Егiншiге себуге тұқым, ашыққанға жеуге нан беретiн Құдай сендерге «игiлiктiң тұқымын» ағыл-тегiл мол сыйлап, әдiл iстерiңнiң өнiмiн молайта түспек.
11Ондағы көздегенi — сендердiң әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулеттi болуларың, әрi бiз арқылы жiберген көмектерiң үшiн көп адамдардың Құдайға шүкiрлiк етуi.
12Өйткенi атқарып жатқан қызметтерiң Құдай халқының мұқтаждықтарын қамтамасыз етумен қатар, олардың Тәңiрге шексiз ризашылықтарын бiлдiрiп шүкiрлiк етулерiне себепшi болмақ.
13Сендер осы қызметте игi ниеттерiңдi дәлелдеп, өздерiң мойындаған Мәсiхтiң Iзгi хабарына бағынып, солармен және басқалардың бәрiмен жомарттықпен бөлiсудесiңдер. Сондықтан олар Құдайды дәрiптеп,
14Оның өздерiңе шексiз мол жаудырған рақымына риза болып, шынайы сүйiспеншiлiкпен сендер үшiн дұға ететiн болады.
15Бiзге берген баға жетпес сыйы үшiн Құдайға шүкiршiлiк етейiк!
Пауылдың елшiлiк беделiн қорғауы
1«Қасымызда жүргенде момын, ал алыста жүргенде батыл» деп келекеленген мен — Пауыл Мәсiхтiң iлтипаттылығы мен төзiмдiлiгiн естерiңе сала отырып мынаны өтiнiп сұраймын:
2сендерге барған кезiмде қатаң батылдықты қолдануға менi мәжбүр етпеңдер! Соны бiздi күнәкарлар сияқты iс-әрекет жасайды деп ойлайтын кейбiреулерiңе қарсы қолданатын ниетiм бар.
3Бiз осы күнәкар дүниеде өмiр сүргенмен, оның салты бойынша күреспеймiз:
4қолданып жүрген қаруларымыз осы дүниелiк емес, оларда Құдайдың құдiретi бар. Солармен жау бекiнiстерiн талқандаймыз; оның дәлелдемелерiнiң қате екенiн әшкерелеп,
5адамдардың Құдайды тануларына бөгет болатын тәкаппарлық атаулыны құртып, күллi ой-пiкiрлерiн Мәсiхке бағындырамыз.
6Осылай өздерiң толықтай бағынғаннан кейiн (араларыңдағы қиқарлардың) бүкiл мойынсұнбаушылықтарын жазалауға дайын боламыз.
7Сендер тек жайттың сыртқы көрiнiсiне ғана назар аударып келесiңдер. Өзiн Мәсiхтiң өкiлiмiн деп иланған әркiм қайтадан ойлансын: ол сияқты бiз де Мәсiхтiкiмiз.
8Иемiз бiзге сендерге зиян келтiру үшiн емес, сенiмдерiңдi нығайту үшiн билiк берген болатын. Сол билiгiммен емiн-еркiн мақтансам да, ұятқа қалмас едiм.
9Бiрақ сендердi хаттарыммен қорқытқым келмейдi, солай болып көрiнбесiн!
10Кейбiреулерiң менi «хаттары қатаң да күштi, ал жүзбе-жүз кездескенде өзi де әлсiз, сөзi де мәнсiз» дейдi екенсiңдер.
11Ондайлар бiздiң сендерге алыстан хатта жазғандарымыз бен қастарыңда жүргенде iстейтiндерiмiздiң бiрдей болатынын бiлсiн!
12Сондай мақтаншақтармен өзiмiздi теңестiруге не салыстыруға бiздiң дәтiмiз, әрине, бармайды: олар өздерiн өзiндiк үлгiлерiмен бағалап, өздерiн өздерiмен ғана салыстырады. Қандай ақымақтық!
13Ал бiз шексiз мақтанбаймыз, керiсiнше, өзiмiзге Құдай белгiлеген қызмет ауқымында қаламыз. Бұл сендердi де қамтиды,
14сондықтан ауқымымыздың шегiнен тыс шықпаймыз. Егерде сендерге бұрын бармаған болсақ, солай болар едi. Алайда Мәсiхтiң Iзгi хабарын сендерге алғаш рет бiз жеткiздiк емес пе?!
15Сонымен басқалардың еңбектерiмен мақтанып тиiмсiз iс жасамаймыз. Қайта, сенiмдерiңнiң өсуiмен араларыңдағы қызмет ауқымымыз әлi де молынан кеңейе түседi деп күтемiз.
16Осылай бiз Iзгi хабарды сендерден тыс, өзге жерлерде де уағыздай алып, басқаның ауқымында атқарылған дайын iстер үшiн мақтанбайтын боламыз.
17«Мақтанған әркiм Құдайды айтып мақтансын!» деп жазылған ғой.
18Ендеше өзiн-өзi мақтаған емес, тек Иемiз мадақтаған ғана шынымен қадiрленуге лайық.
Пауыл мен жалған елшiлер арасындағы айырмашылықтар
1Мақтануыммен бiраз ақымақ болып көрiнгенiме төзсеңдер екен деймiн. Iс жүзiнде төзiп келесiңдер де.
2Сендердi Құдай берген қамқорлықпен қызғыштай қорып, жалғыз бiр-ақ «Күйеу» — Мәсiхке «айттырып қойдым», пәк таза «қыз күйлерiңде» ұзатқым келедi.
3Әзәзiл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, күнәға батырғанындай, кейбiреулер сендердiң ой-саналарыңды Мәсiхке деген адалдық пен пәк берiлгендiктерiңнен ауытқытып жүрмесiн деп уайымдаймын.
4Себебi, бiреулер сендерге келiп, бiз уағыздағаннан өзге «Исаны» уағыздаса немесе өздерiң қабылдаған Киелi Рухтан өзге рухты, яки қабыл алған Iзгi хабардан басқа бiреуiн насихаттаса, бұның бәрiне оңайлықпен көне кетесiңдер.
5Алайда өзiмдi сол бiр «озат елшiлерден» кеммiн деп ойламаймын.
6Тiптен сөзге шешен болмасам да, бiлiмiм жеткiлiктi. Соған барлық жағынан да көздерiңдi толық жеткiздiк қой.
7Сендердi рухани жақтан көтермелеу үшiн өзiмдi «төмендетуiммен» күнә жасадым ба? Құдайдың Iзгi хабарын сендерге тегiн уағыздадым емес пе!
8Өздерiңе қызмет ету үшiн басқа қауымдардың көмегiн қабылдап, оларды тонағандай болдым. Қастарыңда жүрген кезiмде мұқтаждық көрген күнде де ешқайсыңды әуреге салмадым.
9Македониядан келген бауырластар қажет нәрселерiмнiң орнын толтырды. Қай iсте де сендерге ауыртпалық түсiрмеуге тырыстым және тырысамын да.
10Өз бойымдағы Мәсiхтiң адалдығымен мәлiмдеймiн: Ахая аймағындағы ешкiм осы мақтануымды тоқтата алмайды!
11Неге бұлай iстеймiн? Сендердi сүймегендiктен бе? Өздерiңдi сүйетiнiм Құдайға аян! Қалай iстеп келсем, солай iстеудi жалғастырмақпын.
12Жасаған игiлiктерiне мақтанып, бiзбен бiрдей көрiну үшiн сылтау iздейтiндерге жол беретiн ойым жоқ.
13Ондайлар — жалған елшiлер, алдамшы қызметкерлер, өңдерiн айналдырып, Мәсiхтiң елшiлерi болып көрiнгендер.
14Мұнда таңғалатын ештеңе жоқ: шайтанның өзi өңiн айналдырып, нұрлы перiште болып көрiнедi,
15сондықтан оның қызметшiлерiнiң де өңдерiн айналдырып, әдiлдiктiң қызметшiлерi болып көрiнуi ғажап iс емес. Олардың ақыры қылықтарына сай болмақ!
Елшiнiң басынан өткен азаптарын баяндауға мәжбүр болуы
16Тағы да қайталаймын: ешқайсыларың менi ақымақ деп ойламаңдар! Ал егер олай ойласаңдар, менi ақымақ ретiнде қабылдаңдар, сонда (Iзгi хабарды бұрмалап таратушы солар сияқты) мен де аздап мақтана аламын.
17Ендеше батыл мақтанғанда, Иемiздiң үлгiсi бойынша емес, адам түйсiгiнен тыс болғансып айтатын боламын.
18Талай жалған ұстаздардың өзiмшiл ниетпен (сендердiң жетiстiктерiңе) мақтанып жүргенi iспеттi (өз елшiлерiң болуымды қорғау үшiн) мен де мақтанбақпын.
19Себебi «сондай дана» сендер ақымақтарға қуана төзесiңдер-ау!
20Расында бiреу өздерiңдi құл қылса да, ақыларыңды жеп, тонап кетiп, менсiнбей өктемдiк көрсетсе де, беттерiңе соқса да, бәрiбiр төзесiңдер!
21Осындай қылықтарды өздерiңе iстеуге бiздiң «күшiмiз жетпедi». Мұны айтқанда алдарыңда ұятқа қаламын ба?
Ал егер солардың бiреуiнiң бiр нәрсеге мақтануға дәтi болса — ақымақша айтайын — соған мақтануға менiң де дәтiм барады:
22олар яһуди ме? Мен де яһудимiн. Олар исраилдiктер ме? Мен де солаймын. Олар Ыбырайым атаның ұрпағынан ба? Мен де.
23Олар Мәсiхтiң қызметшiлерi ме? Есiнен адасқан кiсiдей сөйлеп тұрмын: мен Мәсiхке солардан бетер қызмет етудемiн. Оларға қарағанда әлдеқайда көбiрек еңбектенiп, түрмеге қамалып, аяусыз дүреге соғылдым, талай рет өлiммен бетпе-бет келдiм.
24Яһудилер маған бес рет отыз тоғыздан дүре соқты.
25Менi үш рет шыбықпен ұрып-соқтырды, бiр рет өлтiрмек болып таспен атқылады. Үш рет кеме апатына ұшырадым, бiр тәулiк бойы ашық теңiзде малтып, әрең аман қалдым.
26Көп рет саяхатқа шығып, сансыз қауiп-қатерге ұшырап келемiн: тасыған өзендерден, қарақшылардан, өз ұлттастарым мен басқа ұлттық адамдардан да зардап шектiм. Қала мен далада, теңiзде және жалған бауырластар арасында қатерге тап болдым.
27Ешқандай аянбастан еңбектенiп келемiн, ұйықтамаған түндерiмнiң есебi жоқ. Аштықтың, шөлдiң не екенiн бiлемiн, киiмге мұқтаж болып талай рет тоңдым.
28Басқа жайлар туралы айтпағанның өзiнде күн сайын барлық қауымдардың қамдары еңсемдi басып, толғандырады.
29Бiреу әлсiз болса, мен де өзiмдi әлсiз сезiнбеймiн бе? Бiреу күнәға азғырылса, сол үшiн күйiп-жанбаймын ба?
30Егерде мақтануға тиiс болсам, өзiмнiң күшсiз екенiмдi көрсететiн жайттармен мақтанайын.
31Иемiз Исаның Әкесi, мәңгiлiк мақтауға лайық Құдай, мына айтатындарымның нағыз шындық екенiн бiледi:
32-33 Дамаскiде болған кезiмде Арета патшаның аймақ әмiршiсi қала қақпаларын күзеттiрiп, менi ұстап алуға бұйырды. Бiрақ мен қала қамалының терезесiнен себетпен төмен түсiп, оның қолынан сытылып кеттiм.
Елшiнiң көрген аяны мен басына түсiп отырған азабы
1Түбi пайдалы болмаса да, мақтануым қажет; ендi Иемiздiң маған көрсеткен аяндары мен ашқан құпияларына тоқталайын.
2Мәсiхпен тығыз байланыстағы бiреудi танимын, оны он төрт жыл бұрын кенет «көктiң ең биiгiне» көтерiп әкеттi. Оның рухы көкке апарылды, ал тәнiнде ме, әлде тәнсiз бе, о жағы маған емес, Құдайға ғана аян.
3Сол кiсiнiң жұмаққа апарылғанын дәл бiлемiн — тек оның тәнсiз не тәнiнде барғаны маған емес, Құдайға ғана анық.
4Сонда ол адам тiлiмен айтуға келмейтiн, әрi басқаларға әңгiмелеуге тиым салынған сөздердi естiдi.
5Сол ғажап оқиғаны мақтан ете аламын, ал жеке басым туралы жалғыз күшсiздiгiмнен өзге ештеңемен мақтанбаймын.
6Дегенмен мақтанғым келген күнде де ақымақ болмас едiм, өйткенi нағыз шындықты айтамын. Алайда мен туралы аса жоғары пiкiрде болмауларың үшiн содан бас тарттым. Одан да өзiмнен көрiп-естiгендерiңе сай ғана менi бағалаңдар!
7Өзiме ашылған құпиялардың төтенше ұлылығына байланысты кеуде көтермеуiм үшiн тәнiме «шаншылып түйрелу азабы» бұйырылды: шайтанның хабаршысы ұрып-соғып қатты қинайды. Бұл менi өр көкiректенiп кетуден сақтамақ.
8Үш рет Иемiзге сиынып, бұл азапты өзiмнен аластатуын өтiндiм.
9Бiрақ Ол маған былай дедi: «Менiң рақымым саған жетер: күшсiз жағдайыңда Менiң құдiретiм толықтай iске аса алады». Сондықтан Мәсiхтiң құдiретiнiң бойымда орнығуы үшiн, азаптан арылтуды сұраудың орнына күшсiздiгiме қуана-қуана мақтанамын.
10Сонымен, басымнан әлсiздiк, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргiн, қысымшылық өткiзгенде Мәсiхке бола ризамын. Себебi өзiм күшсiз болғанымда Ол арқылы күштiмiн.
Елшiнiң қорынттық қауымның қамын ойлап уайымдауы
11Мақтанып ақымақтай көрiндiм, сендер менi соған мәжбүр еттiңдер. Менi мадақтауға тиiстi едiңдер, өйткенi сол бiр «озат елшiлермен» салыстырғанда ешқандай кемшiлiгiм жоқ. Дегенмен жеке басым өздiгiнен түк те емес.
12Құдайдың шынайы елшiсi екенiмдi көрсететiн белгiлер — ғажап кереметтер мен құдiреттi iстер — үлкен төзiмдiлiкпен көз алдарыңда орындалды.
13Басқа қауымдарға қарағанда сендерге не жетiспейдi, тек менiң сендерге ауыртпалық түсiрмегенiм болмаса?! Мұнымды айыпқа бұйыра көрмеңдер.
14Ендеше сендерге үшiншi рет бармақшымын, бiрақ ешқандай ауыртпалық түсiрмеймiн. Маған дүние-мүлiктерiң емес, өздерiң қымбатсыңдар. Балалары ата-анасы үшiн емес, ата-анасы балалары үшiн еншi жинауға тиiс қой.
15Осылайша мен рухани игiлiктерiңе бола қолымдағы барымды қуана жұмсап, өзiмдi де еш аямаймын. Сендердi неғұрлым артық көрген сайын менi анағұрлым аз сүйсеңдер де, солай iстей беремiн.
16Қалай болған күнде де өздерiңе ауыртпалық түсiрмедiм. Дегенмен қу болғандықтан сендерден айлакерлiкпен амалымды асырып кеттiм, ә?
17Не болмаса жiберген кiсiлерiмнiң бiреуi арқылы өздерiңдi пайдаландым ба?
18Титтен сендерге баруын өтiнiп, онымен бiрге бауырластардың бiреуiн жiбердiм. Тит те өздерiңдi пайдаланған жоқ, солай емес пе? Екеуiмiз бiрдей рухпен әрекет жасап, бiр жолмен келемiз ғой.
19Өзiмiздi сендердiң алдарыңда ақтауға тырысамыз деп әлi де ойлайсыңдар ма? Жоқ, бiз Құдай алдында, Мәсiхпен тығыз байланыста тұрамыз. Iстегендерiмiздiң бәрi де, қымбатты бауырластар, сенiмдерiңнiң нығаюына арналған.
20Сендерге барған кезiмде қалаған жағдайда болмайсыңдар ма деп қамығамын, онда мен де өздерiң қалағандай бола алмаймын. Араларыңда айтыс-керiс, қызғаныш, ашу-ыза, жiкке бөлiну, жала жабу, өсек-аяң, менмендiк және тәртiпсiздiк жайылуы мүмкiн деп уайымдаймын.
21Сонда тағы барған кезiмде Құдай менi сендерге бола ұялтпасын! Бұрын да күнә жасаған, әлi де жасап жүрген арамдықтан, неке адалдығын бұзушылық пен жүгенсiздiктерiнен бас тартпаған талай адамдарың үшiн көз жасымды төгiп қайғырып жүрмейiн!
Әркiмнiң өзiн сынап, түзелуiн ескерту
1Сонымен сендерге үшiншi рет бармақпын. «Әрбiр тағылған айып кем дегенде екi-үш куәгердiң айтқандарымен айғақталады» (деп Тауратта жазылғандай, мәселелерiңдi қайтадан дұрыстап тексермекпiн).
2Екiншi рет қастарыңда болған кезде ескерткенмiн, қазiр де сендерден алыс жүрiп, осы хат арқылы ескертемiн: қайтадан барғанымда бұрын күнә жасағандарды және кез келген басқаларыңды да еш аямаймын!
3Мен арқылы Мәсiх шынымен айтып тұр ма, жоқ па, соған дәлел талап етiп отырсыңдар. Мен бұған былай дейiн: өздерiңе әрекет жасағанда Мәсiх күшсiз емес, Ол араларыңда күштi болады.
4Кезiнде Мәсiх өз құдiретiнен бас тартып, айқышқа шегеленiп өлсе де, қазiр Құдайдың құдiретiмен тiрi! Онымен тығыз байланыстағы бiз де күшсiзбiз, алайда сендерге әрекет жасағанда Құдайдың құдiретi арқылы Мәсiхпен бiрге тiрiмiз!
5Шынында да сенiм жолымен жүрсiңдер ме, жоқ па, соларыңды тексерiңдер, әрқайсың жеке бастарыңды сынаңдар! Әлде жүректерiңнiң төрiнен Иса Мәсiхтiң орын алғанын бiлмейсiңдер ме? Олай болса, шынымен сенiм жолында емессiңдер!
6Алайда бiздiң (елшiлiк құдiретiмiздiң) дәлелiне көздерiң жететiн болады деп сенемiн.
7Дегенмен сендер бұдан былай жамандық жасаудан бас тартсын деп Құдайдан өтiнiп сиынамыз. Ондағы мақсатымыз — бiздiң абыройлы болып көрiнуiмiз емес, сендердiң жақсылық жасауларың. Егер осылай өзiмiз (елшiлiк құдiретiмiздiң дәлелiн келтiруге орайы болмай) абыройсыз болып көрiнсек, мейлi, солай-ақ бола қойсын.
8Себебi бiз ақиқатқа қарсы емес, ақиқатты жақтап күш саламыз.
9Өзiмiз күшсiз, ал сендер күштi болсаңдар, соған қуанып шаттанамыз. Дәл осыны, түгелдей түзелулерiңдi, сұрап Тәңiрге сиынамыз.
10Сондықтан бұларды өздерiңе алыста жүрiп жазып отырмын. Иемiздiң маған — күйрету үшiн емес, нығайту үшiн — берген билiгiн қатаңдықпен қолданғым келмейдi.
Соңғы сәлемдер мен ақ бата
11Сонымен, бауырластар, қош-сау болыңдар! Түзеле берiңдер, жiгерленiңдер, бiр ниеттес, тату болыңдар! Сонда сүйiспеншiлiк пен тыныштықтың қайнар көзi — Құдай сендерге жар болады.
12Шын жүректен бiр-бiрiңдi беттерiңнен сүйiп, сәлемiмiздi жеткiзiңдер; Құдайдың барлық адамдары сендерге сәлем жолдауда.
13Лайым Иемiз Иса Мәсiхтiң рақымы, Құдайдың сүйiспеншiлiгi және Киелi Рухпен қарым-қатынастарың бәрiңде бола берсiн! Аумин.