Құдайдың елшiсi Пауыл б.з. 55 ж. шамасында Грецияның Қорынт қаласындағы қауымға арнап осы үлкен сәлемхатын жолдады. Пауыл, Сыйлас және Тiмоте бұл қалада Мәсiх туралы Iзгi хабарды уағыздаған болатын. Кейбiр яһудилер және көптеген гректер мен басқа ұлт өкiлдерi оған сенiп, Құдай жолына түстi. Олар бес жүз мыңнан астам халқы бар, кеме тоқтайтын, сауда-саттығы өркендеген қалада тұрды. Жалпы жұртшылық «даналық» пен шешендiкке ерекше екпiн берген дәстүрлi грек пәлсапасын жоғары бағалады. Ал олардың көбi адамгершiлiк тұрғысынан таза жүрмедi; әйел құдай Афродитаға құлшылық етуде жезөкшелiкке дейiн барды. Сондықтан да Құдай халқын сұмдық атаулыдан аулақ, пәк таза өмiр сүруге шақыру өте маңызды болды.
Пауыл осы хатты жазған кезде батыс Түркиядағы Ефес қаласында Құдай жолын уағыздап жүрген болатын. Ол Қорынттағы қауымның бiрлестiк, адамгершiлiк және рухани дарындарды дұрыс пайдалану мәселелерi бойынша үлкен қиындықтарға кездескенi жайында хабар алған едi. Елшi оларға бұрынырақ та жаман әдеттерден сақтану туралы жазған болатын, алайда оларға тағы да осы мәселеге байланысты Құдайдың еркiн түсiндiрiп, хат жолдауы қажет болды. Сонымен қатар Пауыл қорынттық қауымның қойған сауалдарына жауап берiп, өлгендердiң қайта тiрiлуi туралы пайда болған қате пiкiрлердi түзеттi.
Хат соңында елшi Иерусалимдегi қауымның қуғынға ұшырап, дүние-мүлкiнен ада болып кедейленген сенушiлерге қандай қайырымдылық көрсете алатыны жайлы кеңестер бередi.
Құдай жолын қуушылардың көбi хаттың кейбiр бөлiктерiн, мысалы, шынайы сүйiспеншiлiк туралы он үшiншi тарауды жаттап алуды әдетке айналдырған. Олар қайта тiрiлу жөнiнде айтылғандардан да мол жұбаныш тауып, сенiмдерi нығайып келедi.
Арнау және сәлем
1Иса Мәсiхтiң елшiсi болуға Құдайдың еркiмен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен
2Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендердi Иса Мәсiх арқылы Өзiне таңдап алды да, кез келген жерде тұрып, Иемiз Иса Мәсiхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрiмен бiрге сендердi де Өзiнiң қасиеттi халқы болуға шақырды. Ал Мәсiх олардың да, бiздiң де Иемiз.
3Құдай Әкемiз бен Иемiз Иса Мәсiх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсiн!
Құдайдың қауымды жарылқауына шүкiрлiк
4Мен Құдайға әрдайым сендер үшiн шүкiрлiк етемiн, өйткенi Ол өздерiңе Иса Мәсiх арқылы рақымын сыйлады.
5Сендер Мәсiхтiң арқасында барлық жағынан рухани байып, Құдай сөзi жайлы еркiн сөйлей алып, жан-жақты бiлiмге ие болдыңдар.
6Мәсiх туралы Iзгi хабарымыздың шындығы өмiрлерiңде расталды.
7Осылай сендер Киелi Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай мұқтаждық көрмей, Иемiз Иса Мәсiхтiң салтанатпен көрiнуiн сағына күтудесiңдер.
8Оның қайта оралатын сол күнi еш айыпталмауларың үшiн Тәңiр сендердi өмiрлерiңнiң аяғына дейiн табанды етпек.
9Құдай уәделерiне берiк, Ол сендердi Өзiнiң рухани Ұлы — Иемiз Иса Мәсiхпен тығыз байланыста болуға шақырды.
Қауымдағы жiкке бөлiну мәселесi
10Бауырластар, сендерге Иемiз Иса Мәсiхтiң атынан ескертемiн: ауызбiрлiктi сақтап, жiкке бөлiнбеңдер, қайта, бiрдей мақсат пен пiкiрде болып, бiрлiкте тұрыңдар!
11Себебi, бауырластарым, Хылойдың үйiнен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенiн бiлiп алдым.
12Менiң түсiнуiмше, бiреулерiң: «мен Пауылдың адамымын», басқа бiреуiң: «ал мен Аполлостiкiмiн», үшiншiң: «бiрақ мен Петiрдiң», төртiншiң: «ал мен Мәсiхтiң шәкiртiмiн», — дейдi екенсiңдер.
13Сонда Мәсiх жiктелiп бөлiндi ме?! Әлде сендер үшiн айқышқа шегеленiп құрбан болған мен, Пауыл, ма едiм?! Немесе Пауылдың адамы болу үшiн шомылдыру рәсiмiнен өтiп пе едiңдер? (Ондайдан сақтасын!)
14Мен Крисiп пен Гайдан басқа ешкiмдi осы рәсiмнен өткiзген жоқпын, соған шүкiршiлiк етемiн.
15Сондықтан Пауылдың адамы болу үшiн шомылдыру рәсiмiнен өттiм деп ешқайсың айта алмайсыңдар!
16Рас, сондай-ақ Степанның үй-iшiндегiлерiн де өткiзгенмiн, ал тағы басқа бiреудi өткiзгенiм есiмде жоқ.
17Мәсiх менi шомылдыру рәсiмiн орындауға емес, Iзгi хабарды уағыздауға жiбердi. Ол маған данышпандық пен шешендiктi пайдалан демедi де, әйтпесе Мәсiхтiң айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшiнен айырылар едi.
Құдайдың даналығы мен құдiретiнiң Мәсiхтен көрiнуi
18Мәсiхтiң айқыштағы құрбандығы туралы Iзгi хабарды тозаққа кететiндер ақымақтық деп есептейдi, ал құтқарылатын бiздер үшiн осы хабарда Құдайдың құдiретi жатыр.
19Пайғамбардың жазбасында «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын» делiнген ғой.
20«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелiк ұлы iстер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрiн де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсеттi емес пе?
21Адамзаттың тiптi ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен бiлдi. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтiн уағызымыз арқылы соған сенетiндердi құтқаруды лайық көрдi.
22Яһудилер құдiреттi кереметтер талап етсе, басқа халықтар уағызымыздан даналық iздейдi.
23Бiрақ бiз Мәсiхтi айқышқа шегеленiп, жанын қиды деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрiнiштi, ал басқа ұлт адамдарына ақымақтық болып көрiнедi.
24Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандары Мәсiхтi «Құдайдың құдiретi мен даналығы» деп түсiнедi.
25Адамдар «ақымақтық» дейтiн Құдайдың құтқару жолы адам даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсiздiгi» (яғни Мәсiхтiң айқышта жанын қиюы) адамның күш-қуатынан әлдеқайда күштi.
26Бауырластар, Құдай сендердi шақырғанда өздерiңнiң кiм болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билiк иелерi, асыл туғандар көп емес едi.
27Бiрақ та осы дүние кiмдердi «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делiнгендердi ұялту үшiн соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсiз» деп тапқандарды Құдай «күштiлердi» ұялту үшiн Өзiне таңдады.
28Осы дүние маңызды деп есептейтiндердi жою үшiн соның менсiнбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын Құдай таңдап алды.
29Осылайша Оның алдында ешкiмнiң де мақтануына болмайды.
30Тәңiрдiң iстегенi арқылы сендер Иса Мәсiхпен тығыз байланысқа келдiңдер. Құдай Мәсiхтi даналығымыздың бастауы қылып, бiздi Ол арқылы ақтап, Өзiнiң қасиеттi халқы қылып, күнәның құлдығынан құтқарды.
31Сондықтан: «Кiм мақтанғысы келсе, Жаратқан Иемiзбен ғана мақтансын!» — деп жазылғандай iстеңдер.
Мәсiхтiң құрбандығы туралы уағыз
1Сондықтан, бауырластар, мен сендерге келiп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пiкiрлер қолданған жоқпын.
2Сендерге Иса Мәсiх пен Оның айқыштағы құрбандық өлiмiнен басқа нәрселер туралы айтпауға бел байлаған едiм.
3Араларыңда күш-қуатсыз, дiрiлдеп, қатты жүрексiнiп тұрып жаттым.
4Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендiрерлiктей данышпан пiкiрлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдiретiнiң айқын көрiнуiне сүйендiм.
5Ондағы мақсатым — сенiмдерiңнiң негiзi адамның даналығы емес, Құдайдың құдiретiнiң болуы.
Киелi Рух сыйлайтын шынайы даналық
6Дегенмен, бiз рухани жетiлгендерге даналық хабарды уағыздай беремiз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниелiк емес, сондай-ақ осы дүниелiк билеушiлердiкi де емес, олар болашақта құрып кететiндер.
7Керiсiнше, жариялап жүргенiмiз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзiнен таса болып келдi. Ал Құдай әлемдi жаратпастан бұрын-ақ оны бiздiң ұлылыққа ие болуымыз үшiн белгiлеп қойған болатын.
8Бұны осы дүниелiк билеушiлердiң бiреуi де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесiн айқышқа шегелетiп өлтiртпес едi.
9Алайда алдын ала жазылғандай, «көз көрiп, құлақ естiмеген, адам ойына ешқашан келмеген игiлiктердi Құдай Өзiн сүйетiндерге дайындап қойған болатын».
10Бұны Құдай бiздерге Өзiнiң Киелi Рухы арқылы анық бiлдiрдi.
11Себебi адамның iшкi құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бiрде-бiр адам бiле ме? Құдайдың терең ой-мақсаттарын Оның Киелi Рухынан басқа ешкiм де бiлмейдi.
12Ал бiз осы дүниелiк рухты емес, Құдайдан келген Киелi Рухты қабылдадық, Соның көмегiмен Құдайдың бiзге сыйлаған игiлiктерiн бiле аламыз.
13Солар туралы бiз адамзаттың даналығынан емес, Киелi Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсiндiремiз.
14Өз еркiмен жүретiн адам Құдай Рухынан келгендi қабылдамайды, соны түсiне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебi оны Киелi Рухтың тұрғысынан бағалау керек.
15Ал Құдай Рухына мойынсұнушы Одан келгеннiң бәрiн де бағалай алады, бiрақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды.
16Өйткенi «Жаратқан Иенiң ойындағысын бiлiп, Оған ақыл бере алатын кiм бар?» Ал бiзде Мәсiхтiң ой-ниетi бар.
Жiкке бөлiнбеу және қызметкерлердiң тиiстi орны туралы
1Бауырластарым, осы себептен сендерге Киелi Рухқа мойынсұнушылар ретiнде айта алмай, ескi күнәкар болмыстарыңа сүйенетiндер — Мәсiхтiң сенiмiндегi «сәбилер» ретiнде айтуға мәжбүр болдым.
2Сәбидi сүтпен қоректендiретiндей, сендерге Iзгi хабардың ең негiзгi iлiмдерiн үйретуiме тура келдi, себебi «қою тамақты» жей алмадыңдар, қазiрдiң өзiнде де жей алмайсыңдар.
3Себебi әлi де өз күнәкар болмыстарыңа сүйенесiңдер: араларыңда қызғаныш пен таластың болуы сендердiң ескi болмыстарыңа сүйенiп, өз ерiктерiңмен жүретiндiктерiңнiң дәлелi емес пе?
4Бiреуiң: «мен Пауылдың адамымын», басқа бiреуiң: «ал мен Аполлостiкiмiн», — дегенде, бұларың күнәкар дүниенiң адамдарындай болғандарың ғой!
5Аполлос негiзiнде кiм? Пауыл да кiм? Екеуiмiз не бары сендердi сенiм жолына түсiрген Құдайдың қызметшiлерiмiз, әрқайсымыздың Иемiз белгiлеген мiндетiмiз бар.
6Мен жүректерiңе сенiмнiң «тұқымын ектiм», ал Аполлос көбiрек тәлiм берiп «суарды». Бiрақ оны өсiрген бiз емес, Құдай.
7Сондықтан сенiмдерiңдi «еккен» де емес, «суарған» да емес, өсiрiп отырған Құдай мадақталсын!
8Егушi мен суарушы екеуiмiздiң мақсатымыз бiрдей, әрқайсымыз да еткен еңбегiмiзге қарай Тәңiрден лайықты сыйымызды алатын боламыз,
9Сонымен бiз Құдаймен бiрге еңбектенушiмiз, ал сендер Оның «егiстiгiсiңдер».
Сондай-ақ, Құдайдың «құрылысысыңдар».
10Оның рақыммен өзiме сыйлаған елшiлiк қызметiм бойынша мен үйдiң iргетасын салатын данышпан «шебер құрылысшы» iспеттi, қауымның негiзiн қаладым. Ал қазiр басқа бiреулер соның үстiне қаластыруда. Бiрақ әрқайсысы әрi қарай қалай салу керек екенiн байқауы керек.
11Себебi Құдай өз қауымының бiрден-бiр «негiзi» ретiнде Иса Мәсiхтi белгiлеп қойған болатын, сондықтан ешқандай басқа негiздi салуға болмайды.
12Ал осы «негiздiң» үстiне қауымды әрi қарай дамыту үшiн адамдар алуан түрлi әдiстер қолдануда: бұлар алтын, күмiс, асыл тастар секiлдi төзiмдi немесе ағаш, шөп, сабан сияқты осал болулары мүмкiн.
13Әр құрылысшының iстеген жұмысының сапасы Мәсiх үкiм шығаратын күнi айқындалады. Сол күнi әркiмнiң еңбегiн от сынап, шынайы сапасын әшкерелейдi.
14Кiмнiң салғаны отқа өртенбей аман қалса, сол сыйын алады.
15Ал кiмдiкi өртенiп кетсе, сол сыйынан құр қалады. Өзi құтқарылса да, жаны оттан өтiп қашқандай ғана сақталады.
16Әлде сендер өздерiңнiң «Құдайдың рухани үйi» екендiктерiңдi және Құдайдың Рухы өздерiңде тұратынын бiлмейсiңдер ме?
17«Рухани үйiн» жойғанды Құдай жоймақ. Себебi Құдайдың «рухани үйi» — Оның қасиеттi меншiгi. Ал осы «рухани үй» — сендерсiңдер!
18Ешкiм өзiн-өзi алдамасын! Араларыңдағы қайсыбiреуiң данамын деп ойласа, ол күнәкар дүниенiң пiкiрiнше «ақымақ» болып, Мәсiхтiң iлiмiн ұстансын, сонда Құдайдың даналығына ие бола алады!
19Өйткенi күнәкар дүние ненi даналық деп есептесе, сол Құдай алдында ақымақтық. «Құдай данышпан делiнгендердi қулықтарынан ұстап алады», — деп жазылған ғой.
20«Данышпан делiнгендердiң ойларының бекер екенiн Құдай бiледi», — деп те жазылған.
21Сондықтан ешкiм адамның жетiстiктерiмен мақтанбасын! Бәрi де сендерге игiлiк көрсетуге қатысады:
22Пауыл, Аполлос немесе Петiр болайық, сонымен қатар бүкiл дүние, өмiр не өлiм, қазiргi мен болашақ түгелдей қауымның пайдасы үшiн болуға тиiстi.
23Ал сендер Мәсiхтiң меншiгiсiңдер және Мәсiх — Құдайдiкi.
Еңбектерiмiздi бағалаушы — Мәсiхтiң Өзi
1Сондықтан бiзге Мәсiхтiң нөкерлерi ретiнде, әрi Құдай Өзiнiң ашып бiлдiрген құпия хабарын басқаруды сенiп тапсырғандары ретiнде қарау керек.
2Ал басқарушылардың әрқайсысынан сенiмдi болуы талап етiледi.
3Менiң сенiмдiлiгiмдi сендер тексерiп, бағалайсыңдар ма, әлде осы дүниелiк басқа мекеме ме, оған қам жемеймiн, өзiме-өзiм де баға қоймаймын.
4Менi айыптайтын ешқандай қылығым есiмде жоқ, алайда бұл мiнсiз екенiме жеткiлiктi дәлел бола алмайды. Себебi менi тексерiп, бағалайтын — Иемiздiң Өзi.
5Сондықтан уақыты келместен бұрын айыптауға асықпай, Иемiздiң қайта оралуын күтiңдер! Ол әзiрше қараңғыға жасырылғанды әшкерелеп, жүрегiмiздiң ой-ниеттерiн ашып көрсетедi. Сол кезде Құдай әрқайсымызға лайықты мақтауын бередi.
6Бауырластарым, бұған дейiн мен Аполлос екеуiмiз туралы осы нәрселердi өз пайдаларың үшiн айттым. Сендер бiзден үлгi алып, «Киелi жазбаларда айтылғандардан артыққа бармаңдар!» деген қағиданың мәнiн ұғына алып, бiреуiмiздi екiншiмiзден жоғарылатып, мақтанбауларың керек.
7Әлдекiм сендердi басқалардан ерекше еттi ме? Құдайдан қабылдамаған нелерiң бар? Бәрiн қабылдаған соң, несiне өз жетiстiгiмiз деп мақтанасыңдар?
«Күштiлiк» пен «әлсiздiк»
8Сендер тойынып, рухани байыпсыңдар, бiздiң қолдауымызсыз-ақ патшадай билiк құра бастапсыңдар! Шынымен рухани билiк құрғандарыңды сондай қалар едiм. Егер солай болса, бiз де сендермен бiрге билiк жүргiзген болар едiк қой!
9Құдай бiздерге, яғни елшiлерге өлiмге кесiлген тұтқындар iспеттi «салтанатты жүрiстiң аяғында» жүрудi бұйырды деп ойлаймын. Себебi бүкiл әлемге — перiштелер мен адамдарға масқара көрiнiс болдық.
10Мәсiхке қызмет еткенiмiз үшiн бiздер «ақымақ», ал сендер «Мәсiхпен жүрген данышпан» екенсiңдер, бiз «әлсiз», сендер «күштi», бiз «қадiрсiз», сендер «қадiрлi» екенсiңдер!
11Күнi бүгiнге дейiн аштық көрiп, шөлдеп келемiз, кигенiмiз алба-жұлба, жегенiмiз таяқ, үйсiз-күйсiз қаңғып,
12қолмен ауыр жұмыс iстеп, өз күнiмiздi көрудемiз. Бiздi жамандағандарға ақ бата тiлеймiз, қудаласа, оған да төземiз;
13қаралағандарға жылы сөйлеп, ескертемiз. Бүгiнге дейiн дүниенiң «қоқысы», адамзаттың «сыпырындысы» болып келдiк.
Пауыл мен Тiмотенiң сапар жоспарлары
14Мұны ұялту үшiн емес, сүйiктi рухани балаларым ретiнде ескертiп жазып отырмын.
15Мәсiхпен жүрген тiптi он мың ұстаздарың болса да, «рухани әкелерiң» көп емес. Себебi мен Iзгi хабарды уағыздап, сендердi Мәсiх Исаның жолына түсiрiп, жаңа өмiрге ие еттiм.
16Ендi: «Менен үлгi алыңдар!» — деп өтiнемiн.
17Сол үшiн Тiмотенi жiберiп отырмын, ол — Иемiзге берiлген сүйiктi де қымбатты рухани ұлым. Менiң Мәсiх Исаның жолымен қалай жүрiп жатқанымды естерiңе түсiретiн болады. Қай жердегi қай қауымда болмасын, дәл сол тәлiмдi берiп келемiн.
18Менi келмейдi деп, кейбiреулерiңе көкiрек бiтiптi.
19Бiрақ Құдай қаласа, сендерге жуырда барып қалармын. Сонда көкiрек бiткендердiң сөздерiн емес, құдiреттерiн анықтаймын.
20Себебi Құдай Патшалығы сөзбен ғана емес, Оның құдiретiмен көрiнедi.
21Ендi не қалайсыңдар? Сендерге таяқпен келейiн бе, әлде сүйiспеншiлiк пен iлтипаттылық рухымен бе?
Қауым күнә жасайтындардан тазару керек
1Араларыңда азғындық — тiптi басқа ұлт адамдары жасамайтын азғындық бар деген шүбәсыз хабар маған да жеттi: араларыңдағы бiреуiң әкесiнiң жұбайымен көңiлдес екен.
2Ал сендер көкiректерiңдi көтересiңдер! Оның орнына қайғыланып, осындай қылықты жасағанды орталарыңнан шығарып тастағандарың дұрыс болар едi!
3Тәнiм алыста болғанмен, рухыммен орталарыңдамын. Сондықтан мен араларыңда жүргендей, осыны iстеген күнәкарға үкiм шығарып қойдым:
4сендер Иемiз Иса Мәсiхтiң атынан жиналып, өзiм де рухыммен орталарыңда болып, Иемiз Исаның билiгiмен
5әлгi адамды ескi күнәкар болмысын әлсiрету үшiн қауымнан шығарып, шайтанның қолына тапсыру керек. Осылай ол терiс жолынан қайтып, жаны Иемiз қайта оралатын күнi құтқарылсын.
6Мақтанғандарың еш дұрыс емес. «Азғана ашытқы бүкiл қамырды ашытады» дегендi бiлмейсiңдер ме?
7«Ескi ашытқыны» (күнә атаулыны) араларыңнан шығарыңдар, сонда «жаңа қамырдай» рухани таза боласыңдар. Өйткенi Құтқарылу мейрамына құрбандыққа шалынған тоқтылар iспеттi, Мәсiх бiздер үшiн өмiрiн қиды, сол арқылы жаңа, пәк таза адам болдыңдар.
8Сондықтан да бұрынғы зұлым да сұрқия әдеттерiмiздiң «ескi ашытқысынан» бiржола арылып, қасиеттi өмiр кешiп, адалдық пен ақиқаттың «тәттi нанының» дәмiн татып, тойлайық!
9Өткендегi хатымда сендерге «Азғындармен араласпаңдар!» деп жазған болатынмын.
10Онда мен осы дүниелiк азғын, дүниеқоңыз, қарақшы немесе жалған тәңiрлерге құлшылық етушi адамдарды ойлағам жоқ. Әйтпесе бұ дүниеден түгелдей безiп кетуге тиiстi болар едiңдер ғой.
11Алайда өзiн сенiмдегi бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңiрлерге құлшылық етушi, өсекшi, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкiммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тiптi дастарқандас та болмаңдар.
12Қауымнан сырт адамдарды соттау бiздiң шаруамыз ба? Неге iшiндегiлердiң күнәларын тергемейсiңдер?
13Сыртта жүргендердiң үкiмiн Құдай шығарады. Ал өздерiң «зұлымдық жасайтынды орталарыңнан шығарыңдар!»
Сенушiлердiң сот алдындағы даулары
1Араларыңдағы кейбiреу бауырласымен бiр даулы мәселе туралы келiспей қалғанда қалайша Құдай алдында ақталмағандардың сотына жүгiнуге дәтi барады? Неге мәселенi Құдай халқының алдына қоймасқа?
2Болашақта Құдай халқының адамзатқа билiк айтатынын бiлмейсiңдер ме? Адамзатқа билiк ететiн өздерiң болған соң, ұсақ-түйек даулы мәселелердi шешуге жарамайсыңдар ма?
3Бiздердiң перiштелердiң үстiнен де билiк айтатынымызды бiлмейсiңдер ме? Сонда күнделiктi өмiр мәселелерiн әлбетте шеше алуға тиiссiңдер!
4Бұлар жайлы дау-жанжал бола қалса, қауым үшiн елеусiздердiң төрелiгiне қалай жүгiнесiңдер?
5Сендердi ұялту үшiн осылай деймiн. Араларыңда бауырластарына төрелiк айтатын бiрде-бiр парасатты адамның болмағаны ма?
6Қайта, бiр бауырлас екiншiсiмен дауласып, тiптi сенбейтiндердiң сотына жүгiнедi екен.
7Бiр-бiрiңмен таласқандарыңның өзi масқара! Одан да әдiлетсiздiкке неге төзбеске, неге ақыларыңды жегiзбеске?
8Керiсiнше, сендер әдiлетсiздiк жасап, өз бауырластарыңды тонайсыңдар!
9Әлде әдiлетсiздердiң Құдай Патшалығынан орын алмайтынын бiлмейсiңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңiрлерге құлшылық етушiлер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсiқұмарлар, еркекжанды еркектер,
10ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшiлер және тонаушылар үшiн Құдай Патшалығында орын жоқ!
11Бұрын кейбiреулерiң сондай болдыңдар, алайда сендер күнәдан тазарып, ендi Иемiз Иса Мәсiхтiң құдiретiмен және Құдайымыздың Рухы арқылы Оның қасиеттi халқы болып, ақталдыңдар.
Пәк өмiр сүрiп, Құдайдың даңқын асыру
12Кейбiреулерiң: «Не iстесем де ерiктiмiн», — дейсiңдер. Алайда бәрi бiрдей тиiмдi емес. «Не iстесем де ерiктiмiн». Дегенмен өзiмдi құл ететiн еш нәрсенiң билiгiнде болмауым керек.
13«Тамақ асқазан үшiн, ал асқазан тамақ үшiн жаратылған». Әлбетте! Құдай бiр кезде екеуiн де жоятын болады. Алайда адамның денесi нәпсi үшiн емес, Иемiз үшiн қызмет етуге тиiс, ал денемiздiң қамын Иемiз ойлайды.
14Құдай Иемiздi өлiмнен қайта тiрiлттi, Ол бiздiң денемiздi де Өзiнiң құдiретiмен тiрiлтiп алмақ.
15Әлде денелерiңнiң Мәсiхтiң рухани денесiнiң мүшелерi екенiн бiлмейсiңдер ме? Мәсiхтiң бiр мүшесiн қайсыбiр жезөкшенiң дене мүшесi етiп беруге бола ма? Жоқ, болмайды!
16Әлде жезөкшемен жақындасқан кiсiнiң онымен бiртұтас болатынын бiлмейсiңдер ме? Киелi жазбада: «Екеуi бiртұтас болады», — делiнген ғой.
17Ал Иемiзге қосылған кiсi Оның Өзiмен рухани бiртұтас болады.
18Азғындықтан аулақ болыңдар! «Барлық күнә адам денесiнен тысқары», — дейсiңдер. Бiрақ адам азғындық арқылы өз денесiне күнә жасайды.
19Әлде денелерiңнiң Киелi Рух мекендейтiн киелi үй екенiн бiлмейсiңдер ме? Сендер Құдайдан қабылдаған Киелi Рух бойларыңнан орын алды. Ендi өз меншiктерiң емессiңдер,
20Иемiз сендердi үлкен құн төлеп, күнәның құлдығынан азат еттi. Ендеше денелерiңмен Құдайдың даңқын арттырыңдар!
Некелесу мен үйленбеу жайында
1Ал ендi маған жазғандарыңа тоқталайын. «Еркектердiң әйелдерге жоламағаны жақсы» дейтiндерiң бар екен.
2Ал азғындықтан сақтану үшiн әр еркектiң өз әйелi, әр әйелдiң өз күйеуi болсын.
3Күйеуi әйелiне, ал әйелi күйеуiне тиiстi ықылас көрсетулерi керек.
4Себебi әйелдiң денесi өзiнiң ғана емес, күйеуiнiң де билiгiнде; дәл солай күйеуiнiң денесi өзiнiң ғана емес, әйелiнiң де билiгiнде.
5Егер бiраз уақыт үздiксiз Құдайға сиынуға алдын ала келiсiп алған болмасаңдар, бiр-бiрiңнен бас тартпаңдар! Содан кейiн тағы бiрге болыңдар, әйтпесе өздерiңе ие бола алмай, шайтанның азғыруына ерулерiң мүмкiн.
6Ал осы айтқаным бұйрық емес, рұқсат қана.
7Бәрiнiң өзiм сияқты ұстамды, некесiз болғанын қалар едiм. Бiрақ әркiмнiң Құдай сыйлаған өз дарыны бар; бiреу былай болса, бiреу олай.
8Үйленбегендер мен жесiрлердiң мен сияқты салт басты болып қала бергенi жақсы деймiн.
9Ал егер өздерiне ие бола алмаса, онда үйленсiн. Себебi құмарлықтың отына күйiп-жанғанша, үйленгендерi жақсы.
10Үйленгендерге мен ғана емес, Иемiздiң Өзi: «Әйелi күйеуiнен ажыраспасын!» — деп бұйырады.
11Ал егер ажырасып кетсе, онда салт басты болып қала берсiн, не күйеуiмен қайта татулассын! Күйеулер де әйелдерiнен ажыраспасын!
12Басқа жұптарға Иемiз емес, өзiм былай деймiн: бiр бауырласымыз Мәсiхке сенбейтiн әйелге үйленген болса және әйелi бiрге тұруға келiссе, онда ол ажыраспауға тиiс.
13Сол сияқты, сенушi әйелдiң сенбейтiн күйеуi бiрге тұруға келiссе, онда әйелдiң де ажырасуына болмайды.
14Себебi сенбейтiн еркек сенушi әйелiнiң арқасында және сенбейтiн әйел сенушi күйеуiнiң арқасында Құдайдың қасиеттi әсерiнiң аясында болады. Әйтпесе балаларың құдайсыздардың балалары iспеттi болар едi, керiсiнше, олар да Құдайдың қасиеттi әсерiнiң аясында.
15Алайда егер сенбейтiн жұбайы ажырасқысы келсе, ажырассын, мұндай жағдайда оның сенушi жұбайы некеде қалуға мәжбүр емес. Қайтсе де, Құдай бiздердi татулықта тұруға шақырған болатын.
16Мүмкiн сен, әйел, күйеуiңдi құтқарылуға алып келерсiң, немесе сен, күйеу, әйелiңдi құтқарылуға әкелетiн шығарсың, соны анық бiлмейсiң де!
Құдай бұйырған тағдырды қабылдау туралы
17Тек әркiмге Құдай Иемiз ненi белгiлеп, оны неге шақырса, ол солай өмiр сүре берсiн! Осы ереженi барлық қауымдарға да айтамын.
18Кiм Мәсiх жолына шақырылғаннан бұрын сүндеттелген болса, онысын жасырмасын. Ал бұған дейiн сүндеттелмеген сенушiлер сол рәсiмнен өтпей-ақ қойсын.
19Сүндеттелу не сүндеттелмеу маңызды емес, бастысы — Құдайдың өсиеттерiн орындау.
20Әрқайсың сенiмге шақырылған кезде кiм болсаң, сол күйiңде қал!
21Құл болып шақырылдың ба, оныңа қысылма. Ал егер еркiндiк алу мүмкiндiгiң болса, дұрысы, соны пайдалан.
22Себебi Иемiз шақырған құл — «Иемiздiң рухани азат адамы», сол сияқты, шақырылған азат адам — «Мәсiхтiң құлы».
23Сендер үлкен құн төлеп, күнәның құлдығынан азат етiлдiңдер, ендi «адамдардың құлы» болып қалмаңдар!
24Бауырластарым, әрқайсың шақырылған кезде кiм болсаң, сол күйiңде Құдаймен жүре бер.
Сенушi бойжеткендер мен жесiрлерге қиын-қыстау кездегi ақыл-кеңес
25Бойжеткендерге қатысты Иемiздiң маған берген бұйрығы жоқ. Бiрақ Оның рақымымен сенiмдi қызметшiсi болдым, сол ретiнде пiкiрiмдi бiлдiремiн:
26болып жатқан ауыр жағдайларға байланысты әркiм күйi қандай болса, сол күйiнде қала бергенi жақсы деп ойлаймын.
27Бiр әйелге басың байланды ма, онда қатынасыңды үзуге ұмтылма! Салт бастысың ба, онда әйел iздеме!
28Ал егер үйленсең, күнә емес. Бойжеткен тұрмысқа шықса, ол да күнә емес. Бiрақ үйленгендер өмiрлерiнде көп ауыртпалық көредi, сендер соны көрмесеңдер екен деймiн.
29Менiң айтайын дегенiм мынау, бауырластарым: осы заманның ақыры таяп қалды. Сондықтан бұдан былай әйелi барлар үйленбегендей,
30жоқтау айтып жүргендер жоқтамағандай, шаттанып жүргендер қуанбағандай, ал дүние-мүлiк сатып алғандар меншiгi жоқ iспеттi Құдайға қызмет ете берсiн!
31Осы дүниенiң қам-қарекетiн жасап жүргендер оған тым берiлiп кетпесiн, себебi дүниенiң қазiргi қалпы жуырда сап болып, жойылмақ!
32Жалпы сендердi уайым-қайғы баспаса екен деймiн. Үйленбеген ер адам Иемiзге ұнауға ұмтылып, Оның iсiнiң қамын ойлайды.
33Ал үйленген ер адам жұбайының көңiлiн табуға тырысып, бұ дүниелiк iстердiң қамын жейдi. Осы себептi ол екi ойлы болып жүредi.
34Сол сияқты, үйленбеген әйел мен қыз Иемiздiң iстерiнiң қамын ойлай отырып, жан-тәнiмен Оған берiлмек. Ал тұрмысқа шыққан әйел күйеуiне ұнауға тырысып, бұ дүниелiк iстердiң қамын жейдi.
35Сендерге бұғау салғым келмейдi, қайта, игiлiктерiң үшiн, жан-тәндерiңмен Иемiзге берiлiп, дұрыс өмiр сүрсiн деп, осыны айтып отырмын.
36Ал егер бiреу бойжетiп қалған қызымды ұзатпай қартайтып қойсам, бұным дұрыс болмас деп ойлап, оның үйленуiн қажет деп тапса, ол қалағанын iстесiн. Онысы күнә емес, қызы күйеуге шықсын.
37Алайда кiм ешбiр қожа мен сыртқы ықпалдың күштеуiнсiз берiк шешiмге келсе, яғни өз еркiмен iс-әрекет жасай алып, қызымды ұзатпаймын деген байламға тоқтаса, онысы дұрыс.
38Сонымен, бой жетiп қалған қызын ұзатқан дұрыс iстейдi, ал ұзатпайтын одан бетер дұрыс iстейдi.
39Некедегi әйел күйеуiнiң көзi тiрiсiнде оған басы байлаулы. Күйеуi өлсе, кiмге тием десе де өз еркi, тек екеуi де Иемiзбен тығыз байланыста тұрсын.
40Ал ең қолайлысы қайтадан тұрмыс құрмау. Бұл өз пiкiрiм, ал менi де Құдай Рухы жетелейдi деп ойлаймын.
Бауырын азғырмау үшiн өз еркiнен бас тарту
1Ендi жалған тәңiрлерге ұсынылған тағамдарға тоқталсам: «Бәрiмiзде бiлiк бар», мұны бiлемiз. Бiрақ «бiлiк» мақтаншақ етедi, ал «сүйiспеншiлiк» сенiмдi жетiлдiредi.
2Өзiн бiлiктiмiн деп есептейтiн кiсi қажеттi бiлiкке әлi де ие болған жоқ.
3Ал Құдай Өзiн сүйгендi жақсы бiледi.
4Ал ендi, жалған тәңiрлерге ұсынылған тағамдарды iшiп-жеуге келсек, бiз күллi әлемде жалған тәңiрлердiң жоқтығын және бiр Құдайдан басқа еш құдайдың жоқ екенiн бiлемiз.
5Кейбiреулердiң ойынша көкте де, жерде де «құдай» делiнгендер бар; сол адамдар көп «құдайлар» мен «иелерiне» құлшылық етiп жүр де.
6Бiрақ бiз бәрiнiң бастауы болған бiр ғана Құдай Әкенi танимыз, Ол үшiн өмiр сүрудемiз; сондай-ақ, жалғыз Иемiз — Иса Мәсiхтi де танимыз: күллi әлем де, өзiмiз де Сол арқылы пайда болдық.
7Алайда сенушiлердiң барлығы бiрдей мұны бiле бермейдi. Бұрын жалған тәңiрлерге құлшылық еткен кейбiреулерi күнi бүгiнге дейiн осындай тағамды жегенде оны тәңiрлерге арналған деп есептейдi. Бұларының дұрыс-бұрыстығына дүдамал ар-ұждандары осылай арамданады.
8Құдайға деген қарым-қатынасымызға бiздiң жеген тамағымыздың қатысы жоқ; оны не жейiк, не жемейiк, бұдан Құдай алдында жаман да, жақсы да болмаймыз.
9Дегенмен байқаңдар, бұл еркiндiктерiң сенiмi әлсiздердi күнәға батырмасын!
10Мысалы, ар-ұжданы әлсiз бiреу «бiлiгi» бар сенiң жалған тәңiрдiң ғибадатханасында тамақ iшiп отырғаныңды көрдi делiк. Бұл оны сол тәңiрлерге арналған тағамдарды жеуге батылдандырмай ма?
11Осылай әлсiз адам — өз бауырласың сенiң бiлiгiңе бола тура жолдан адасып, рухани жойылып кетедi, ал Мәсiх ол үшiн де жанын қиды!
12Мiне, осылайша бауырластарыңның әлсiз ар-ұждандарын жарақаттап, оларға қарсы күнә жасауыңмен Мәсiхке қарсы да күнә жасайсың.
13Сондықтан, егер жейтiн тамағым бауырласымды күнәға батырса, оны күнәдан сақтау үшiн мен бұдан былай ешқашан да базардан алынған еттi жемейтiн боламын.
Елшiлердiң құқықтары
1Мен ерiктi емеспiн бе? Елшi емеспiн бе? Иемiз Исаны өз көзiммен көрдiм емес пе? Сендер Иемiз үшiн еткен еңбегiмнiң жемiсi емессiңдер ме?
2Мен басқалар үшiн елшi болмаған күнде де сендерге жiберiлген елшi екенiм сөзсiз. Менiң елшi екендiгiмнiң дәлелi сендерсiңдер.
3Өзiмдi айыптағандардан осылайша қорғанамын.
4Еңбегiмiз үшiн iшiп-жейтiн тамақ алуға еркiмiз жоқ па?
5Сондай-ақ, басқа елшiлер, Иемiздiң туған бауырлары және Кефа (Петiр) сияқты бiздiң де сенушi әйелге үйленiп, оны сапарға шыққанда ертiп жүруге қақымыз жоқ па?
6Әлде Барнаба екеуiмiз ғана кәдiмгi жұмыспен айналыспай күн көруге ерiктi емеспiз бе?
7Қай жауынгер өз жалақысын өзi төлейдi? Қай бағбан жүзiмдiк егiп, жемiсiн жемейдi? Қай малшы мал бағып, сүтiн iшпейдi?
8Бұл адамдардың салты ғана ма? Құдай заңы да осылай дейдi емес пе?
9Мұса арқылы берiлген Тауратта: «Астық бастырып жүрген өгiздiң аузын бума!» — деп жазылған ғой. Құдай бұл жерде өгiздердi ойлап тұр ма,
10әлде осы айтқаны бiзге тiкелей қатысты ма? Әрине, ол бiз үшiн жазылған. Жер жыртушы да, астық бастырушы да еңбек етiп, өнiмнен тиiстi үлесiмдi алармын деп үмiттенуi дұрыс.
11Бiз жүректерiңе рухани игiлiк — Iзгi хабардың тұқымын септiк; ендi соның «өнiмi» ретiнде бұ дүниелiк игiлiктерiңнен алсақ, көп болар ма едi?
12Басқалардың бұған қақысы болса, бiз одан бетер қақылы емеспiз бе?
Алайда қақымыз бола тұра, оны пайдаланған емеспiз. Қайта, бiз Мәсiх туралы Iзгi хабардың таралуына кедергi жасамау үшiн әр түрлi қиыншылықтарға шыдап келемiз.
13Ғибадатханада қызмет етушiлердiң сол жерден тамағын асырап отырғандарын бiлмейсiңдер ме? Олар шалған малдардың етiн құрбандық үстелiне салғанда одан үлестерiн алады ғой.
14Сол сияқты, Иемiз Iзгi хабарды уағыздаушылардың осы қызметтерiмен күндерiн көруiне әмiр еткен.
Елшiнiң адамдарды құтқаруға өзiн жан-тәнiмен бағыштауы
15Бiрақ мен бұл құқықтарымның бiрде-бiреуiн қолданған емеспiн. Қазiр де осыларды сендерден бiр нәрсе алу мақсатында жазып отырған жоқпын. Әдiл мақтанышымды ешкiмнiң құр сөзге айналдыруына жол бермеймiн, одан да аштан өлгенiм артық!
16Ал Iзгi хабарды уағыздап жүргенiмнiң өзi мақтануыма себеп бола алмайды, ол борышты мiндетiм: Iзгi хабарды уағыздамасам, қасiретке қалар едiм.
17Егер оны өз ықтиярыммен iстесем, еңбегiмнiң ақысын күтер едiм; бiрақ ықтиярсыз iстегендiктен, оны сенiп тапсырылған мiндетiм деп орындап жүрмiн.
18Сонымен, менiң алар сыйым қайсы? Уағыздауымда құқықтарымды қолданбай, Iзгi хабарды тегiн таратуым — алар сыйым, мiне, осы.
19Мен бүкiл адамдардан тәуелсiз болсам да, олардың барынша көбiн Мәсiх жолына түсiру үшiн өзiмдi барлығының құлы еттiм:
20яһудилердi сол жолға түсiру үшiн араларында яһуди сияқты өмiр сүремiн; Таурат заңына бағынған оларды Мәсiхке әкелу үшiн өзiм Тауратқа бағынышты болмасам да, оған бағынушыдай араларында жүрiп-тұрамын.
21Таурат заңын бiлмейтiн басқа халықтарды әкелу үшiн Тауратты бiлмейтiндей араларында өмiр сүремiн. Бұл, Құдай заңынсыз жүремiн деген сөз емес, шынында мен Мәсiхтiң өсиеттерiне мойынсұнып келемiн.
22Сенiмi әлсiздердi әкелу үшiн соларға ұқсап өмiр сүремiн. Әр түрлi адамдар арасында ең болмағанда бiрсыпырасын құтқару үшiн оларға бейiмделудемiн.
23Осының бәрiн Iзгi хабардың таралуы үшiн iстеп жүрмiн, сонда оның игiлiгiнен үлесiмдi алатын боламын.
24Жарысқа түскен жүйрiктердiң бәрi жүгiрiп, бiреуi ғана жүлдеге ие болатынын бiлесiңдер. Сендер де «жүлдеге» ие болатындай Мәсiх жолымен «жүгiрiңдер»!
25Әрбiр жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады. Оның алғысы келетiнi — солып қалатын гүлдестесi ғана, ал бiздiң алатынымыз — мәңгi солмайтын «жеңiс тәжi»!
26Сондықтан мен мақсатсыз жүгiрiп жүргем жоқ, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспiн.
27Қайта, басқаларды рухани күреске шақырған мен «жүлде» бөлiскенде құр алақан қалмау үшiн тәнiмдi ауыртпалықтарға душар еткiзiп, өзiме бағындырып жатырмын.
Исраил тарихынан алатын сабақтар
1Бауырластар, сендердi төмендегiлер туралы хабарсыз қалдырғым келмейдi: халқымыздың күллi ата-бабалары Мысырдан шыққан кезде нұрлы бұлттың жетелеуiмен жүрiп, бәрi де теңiзден өтiп шығып, Тәңiрдiң құдiретiн көрдi.
2Олардың барлығы да Мұсаның соңынан ергендер ретiнде бұлтта және теңiзде шомылдыру рәсiмiнен өткендей болды.
3Барлығы да Құдай кереметпен берген бiрегей тағам жеп,
4бiрегей сусын iштi. Себебi олар Құдай қамтамасыз етiп, өздерiмен бiрге жүрiп отырған «жартастан» сусындайтын. Ал ол «жартас» Мәсiхтiң Өзi болатын.
5Алайда олардың басым көпшiлiгi Құдайға жақпай, айдалада құрып кеттi.
6Мiне, осы оқиғалар бiздi ата-бабаларымыздай жамандыққа құмар болудан сақтандырып, үлгi болып тұр:
7солардың кейбiреулерi iспеттi жалған тәңiрге құлшылық етпеңдер! «Халық жайғасып отырып, құрбандықтан iшiп-жедi; бiраздан кейiн азғын ойындар ойнау үшiн орындарынан тұрды», — деп жазылған.
8Кейбiреулерi секiлдi азғындыққа түспейiк! Сол кiнәлары үшiн олардың жиырма үш мыңы бiр күнде өлдi.
9Тағы кейбiреулерiндей Мәсiхтiң төзiмдiлiгiн еркiнсiп сынамайық! Жыландар оларды сол үшiн шағып өлтiрдi.
10Кейбiреулерi сияқты Құдайға қарсы күңкiлдей бермеңдер! Соның жазасы ретiнде оларды қырып жоюшы перiште өлтiрiп кеттi.
11Солардың бастарынан кешкендерi өзгелерге үлгi болып, бiзге ескерту ретiнде жазылып қалдырылды. Себебi осы заманның соңғы кезеңiнде өмiр сүрудемiз.
12Сондықтан сенiмiмде берiкпiн деп санайтын әркiм күнәға батудан сақ болсын!
13Сендер әлi күнге дейiн қатты сыналған жоқсыңдар, елiктiрген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсiп жүргендегiдей ғана болып келдi. Ал Құдай Өзiнiң уәдесiне берiк: Ол төзiмдерiңнен артық сыналуларыңа жол бермейдi. Елiктiрiлген кездерiңде соған шыдауға күш-қуат берiп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етедi.
Иемiзге және жалған тәңiрлерге табынудың бiр-бiрiмен сыйыспауы
14Сондықтан, сүйiктi бауырластарым, жалған тәңiрлерге құлшылық етуден аулақ жүрiңдер!
15Ендi айтатынымды парасаттылар ретiнде пайымдап, ақылға салыңдар.
16Бiз Иемiздiң құрбандығын еске алып «шүкiрлiк тостағанынан» iшкенде Мәсiхтiң төгiлген қанының игiлiгiнен үлес алғанымызды бiлдiремiз, солай емес пе? Нанды үзiп жегенде, құрбан болған Мәсiхтiң денесiнiң игiлiгiнен үлес алғанымызды бiлдiремiз емес пе?
17Нан бiреу болғандай, бiз — көпшiлiк те бiртұтас рухани денемiз. Себебi бәрiмiздiң жейтiнiмiз бiр нан.
18Исраил халқының ескi дәстүрiне назар аударыңдар: құрбандықтан жегендер құрбандық үстелiмен байланыста емес пе?
19Осылай дегенде «расында тәңiрлер бар, оларға арналған құрбандықтардың шынайы мәнi де бар» деп айтпақпын ба?
20Жоқ, олай емес. Алайда басқа ұлт адамдары сол құрбандықтарын Құдайға емес, жындарға бағыштайды. Ал сендердiң жындармен байланыста болуларыңды қаламаймын.
21Иемiздiң де, жындардың да тостағандарынан бiрдей iше алмайсыңдар! Сол сияқты, Иемiздiң және жындардың да дастарқандарына бiрдей қатысуларыңа болмайды!
22Әлде Құдайдың қызғанышын қоздырып, өзiмiздi Одан күштiрекпiз деп ойлаймыз ба?
Сенушiнiң еркiндiгi, әрi бауырының мүддесiн ойлауы
23«Бәрiн iстеуге болады», — дейсiңдер. Бiрақ бәрi бiрдей тиiмдi емес. «Бәрiн iстеуге болады». Бiрақ бәрi бiрдей сенiмдерiңдi жетiлдiрмейдi.
24Әркiм жеке басының ғана емес, басқалардың да мүдделерiн ойлауы керек.
25Базарда сатылатын еттiң бәрiн құрбандыққа шалынғандығын сұрастырып, ар-ұждан алдында қысылмай-ақ жеулерiңе болады.
26«Бүкiл жер бетi және ондағының бәрi де Жаратқан Иемiздiкi» деп жазылған.
27Егерде Құдайға сенбейтiн бiреу дәмге шақырып, онысын құп алсаңдар, онда сұрастырып, ар-ұждан алдында қысылмай-ақ жей берiңдер.
28Дегенмен, егер қайсыбiреу сендерге: «Мынау бiр тәңiрге арналған құрбандықтың етi», — десе, осыны айтқан адамға және ар-ұжданға бола сол еттi жемеңдер.
29Мұнда сендердiң емес, ана кiсiнiң ар-ұжданын айтып тұрмын. Ал басқа бiреудiң ар-ұжданы менiң еркiндiгiме төрелiк ете ала ма?
30Мен шүкiрлiк етiп, дәм татсам, қалайша басқа бiреу менi шүкiрлiк еткен тағамыма бола даттамақшы?
31Басты қағида мынау: не iшiп-жесеңдер де, не iстесеңдер де, бәрiн Құдайды дәрiптеу үшiн iстеңдер!
32Яһудилердiң де, басқа ұлт адамдарының да, Құдайдың қауымының да сенiмдерiне нұқсан келтiрмеңдер!
33Мен де бәрiне қай жағынан да ұнамды болуға тырысып, жеке басымның емес, басқалардың, олар құтқарылса екен деп, мүдделерiн ойлаймын.
1Менiң Мәсiхтен үлгi алғанымдай, сендер де менен үлгi алыңдар!
Қауым жиналысында әдеп сақтау туралы
2Ұдайы менi ойлап, өздерiңе тапсырған iлiмдердi дәл сол күйiнде ұстанып жүргендерiң үшiн сендердi мақтаймын.
3Ендi мынаны да бiлулерiңдi қалаймын: әрбiр еркектiң басы — Мәсiх, әйелдiң басы — күйеуi, ал Мәсiхтiң басы — Құдай.
4Солай болғандықтан, ер адам Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткiзген кезде басын жапса, өз басын (яғни Мәсiхтi) құрметтемегенi.
5Ал Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткiзген кезде жалаң бас тұрған әйел өз басын (яғни күйеуiн) құрметтемегенi. Бұл, шашын тақырлап алып тастағанымен бiрдей.
6Себебi бiр әйел басын жапқысы келмесе, онда неге шашын қиып тастамасқа? Ал егер әйелдiң шашын қиып немесе басын тақыр етiп тастағаны ұят болса, онда ол басын жапсын.
7Сонымен ер адам басын жаппау керек: ол Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылып, Оның ұлылығын бейнелейдi. Әйел болса, күйеуiнiң ұлылығын бейнелейдi. —
8Құдай еркектi әйелден емес, қайта, алғашқы әйелдi еркектiң сүйегiнен пайда қылды.
9Ол еркектi әйелге бола емес, әйелдi еркекке бола жаратты. —
10Сондықтан әйел өкiлеттiгiнiң белгiсi ретiнде басын жауып, перiштелер назар аударатын тәртiптi сақтауы керек.
11Дегенмен Иемiзбен байланысымызда әйел еркектен, еркек әйелден тәуелсiз емес.
12Алғашқы әйел еркектiң сүйегiнен жаратылса да, еркек әйелден туады, ал екеуiн де жаратқан — Құдай.
13Өздерiң пайымдап, ақылға салыңдаршы: әйелдiң басын жаппай Құдайға сиынуы әдепке жата ма?
14Табиғи түйсiктерiңнiң өзi сендердi ұзын шаш еркек үшiн ұят,
15әйел үшiн мақтаныш деп үйретпей ме? Ұзын шаш әйелге басын жабатын жамылғы ретiнде берiлген.
16Егер де бiреу бұл туралы айтысқысы келсе, бiзде де, Құдайдың өзге қауымдарында да мұндай салт жоқ.
Иемiздiң құрбандығын еске алатын ас
17Төмендегi нұсқауларымда сендердi мақтай алмаймын, себебi жиындарыңның пайдасынан гөрi зияны көп.
18Бiрiншiден, араларыңда жiкке бөлiнудiң бар екенi туралы хабар алдым, бұның iшiнара болса да рас екенiне сенемiн!
19Ал сендердiң қайсыларыңның сенiмдi екендiктерiңдi анықтау үшiн пiкiр алалығы да қажет.
20Алайда сендер жиналған кезде шын мәнiнде Иемiздiң асын жемейдi екенсiңдер.
21Әркiм өзiнiң тамағын басқалардан бұрын iшуге асығып, қайсыбiреу аш қалып, басқасы мас болады екен.
22Iшiп-жеуге өз үйлерiң бар емес пе? Немесе Құдайдың қауымын менсiнбей, түгi жоқтарды ұятқа қалдырғыларың келе ме? Ендi сендерге не десем екен? Осы үшiн мақтайын ба? Әрине, мақтамаймын!
23Мынаны мен Иемiздiң Өзiнен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым: Иемiз Иса ұсталып берiлер түнi нанды алып,
24шүкiрлiк еттi де, үзiп берiп, былай дедi: «Бұл — сендер үшiн құрбан болмақ денем. Менi естерiңе түсiру үшiн осылай iстеңдер!»
25Сондай-ақ, кешкi астан кейiн тостағанды да алып: «Мына тостаған — төгiлмек қаныммен бекiтiлетiн Жаңа келiсiм. Одан iшкен сайын Менi еске түсiру үшiн осылай iстеңдер!» — дедi.
26Сендер осылай нан жеп, тостағаннан iшкен сайын, Иемiз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлiмiн жариялай бересiңдер.
27Сондықтан, кiмде-кiм лайықсыз түрде Иемiздiң нанын жеп, тостағанынан iшсе, сол Иемiздiң денесi мен қанына қарсы күнә жасайды.
28Әркiм нанды жеп, тостағаннан iшпес бұрын өзiн сынасын;
29егер лайықсыз түрде нан жеп, тостағаннан iшiп, Иемiздiң денесiне тиiстi құрмет көрсетпесе, онда ол өзiне Құдайдың үкiмiн шығартады.
30Сондықтан да сендердiң көбiң әлсiз де аурусыңдар, бiразың қайтыс болдыңдар.
31Егер алдымен өзiмiздi өзiмiз сынасақ, Құдайдың жазасына iлiкпес едiк.
32Ал бiзге күнәкар дүниемен бiрге қияметте үкiм шығармас үшiн Иемiз бiздi қазiрдiң өзiнде тексерiп, жазалауда.
33Сонымен, бауырластар, Иемiздiң асына бас қосқанда бәрi жиналғанша күтiңдер!
34Кiмнiң қарны ашса, сол үйiнен тамақтанып келсiн, әйтпесе жиналғанда Құдайдың жазасына iлiгiп қаласыңдар. Басқа нәрселер туралы өздерiңе барған кезде нұсқау бермекпiн.
Құдай Рухы қауымға сыйлайтын алуан түрлi дарындар
1Ендi рухани дарындарға тоқталайын, бауырластар, сендердi бұлар туралы хабарсыз қалдырғым келмейдi.
2Өздерiң бiлесiңдер: әлi де Құдайға мойынсұнбаған кездерiңде сендердi бiреу жетелегендей, үндемейтiн «тәңiр» бейнелерiне құлшылық етудiң әртүрлi жолдарымен азғырылдыңдар.
3Сондықтан сендерге айтамын: Құдай Рухына кенелген ешбiр адам «Исаны қарғыс атсын» дей алмайды, әрi Киелi Рухтың жетелеуiнсiз ешкiм де «Иса — Жаратқан Ие» деп шын жүректен мойындай алмайды.
4Алуан түрлi дарындар бар, бiрақ Киелi Рух Бiреу-ақ.
5Түрлi қызметтер де бар, ал Иемiз Бiреу.
6Әрекеттер де алуан түрлi, бiрақ олар арқылы сендердiң барлығыңда әрекет ететiн Құдай Бiреу.
7Ол өз Рухының өмiрлерiңде бар екенiн әрқайсыңа бәрiнiң игiлiгi үшiн көрсетедi.
8Кейбiреуге Киелi Рухтан даналық сөз, ал басқасына дәл сол Рухтан бiлiмге толы сөз берiледi.
9Киелi Рух кейбiреуге ерекше сенiм дарытса, сол Рух тағы бiреуге сауықтыру дарынын бередi.
10Ол бiреуге кереметтер жасауды, өзгесiне Құдайдың хабарын жеткiзудi, ал басқа бiреуiне рухтардың түрлерiн ажырата бiлудi, келесiге түрлi бөтен тiлдерде сөйлеудi, ал тағы бiреуге соларды түсiндiрудi сыйлайды.
11Бұлардың бәрiн де дәл сол Киелi Рух iстейдi. Ол дарындарды Өзiнiң қалауынша әркiмге жекелеп үлестiрiп бередi.
Қауым: көп мүшеден тұратын бiртұтас рухани дене
12Көптеген мүшелерi болса да адамның денесi бiреу, әрi мүшелерi қаншама көп болғанмен тұтас бiр дененi құрайды: Мәсiхтiң рухани денесiмен де дәл солай.
13Себебi яһуди не басқа ұлттың адамы, құл немесе ерiктi болайық, бәрiмiз бiр Киелi Рух арқылы бiртұтас рухани денеге енгiзiлдiк. Барлығымыз да сол бiр Киелi Рухқа кенелдiк.
14Дене бiр ғана емес, көп мүшелерден тұрады.
15Егер аяқ: «мен қол еместiктен денеге жатпаймын» десе, ол бәрiбiр оған жатпай ма?
16Әлде құлақ: «мен көз еместiктен дененiң мүшесi емеспiн» десе де, бәрiбiр сондай емес пе?
17Егер бүкiл дене көз болса, онда қалай ести алар едi? Ал бүкiл дене есiту сезiмiнен тұрса, қалай иiс сезе алар едi?
18Сонымен, Құдай өз қалауынша мүшелердiң әрқайсысын денеде орналастырған.
19Барлығы бiр-ақ мүше болса, дене қайда болар едi?
20Ал шынында көп мүшелер бар, бiрақ дене бiреу.
21Сондықтан көз қолға: «Маған керегiң жоқ» дей алмайды; бастың да аяққа: «Маған қажет емессiңдер» деуi мүмкiн емес.
22Керiсiнше, дененiң әлсiздеу боп көрiнетiн мүшелерi өте қажет.
23Азырақ құрметтi деп санаған мүшелерiмiздi көбiрек қамқорлап,
24көрiксiз мүшелерiмiздi ерекше назармен жауып қоямыз, ал көрiктiлерiне соның қажетi де жоқ. Бiрақ Құдай дененi құрметi аздау мүшелерiн көбiрек қамқорлайтындай етiп құрастырды.
25Ондағы мақсаты: денеде жiкке бөлiну болмай, бүкiл мүшелерi өзара бiрдей қамқорлық көрсетсiн дегенi.
26Сондықтан бiр мүше ауырса, бәрi бiрге ауырады, бiр мүше дәрiптелсе, соған барлығы да қуанады.
27Сонымен сендер Мәсiхтiң рухани денесi, ал жеке дара бiр мүшесiсiңдер.
28Құдай қауымда кейбiреулердi, бiрiншiден, елшiлер, екiншiден, Өзiнiң хабарын жеткiзушiлер, үшiншiден, ұстаздар етiп қойды; сонымен қатар Ол кейбiреулерге кереметтер жасайтын құдiрет, ауруларды сауықтыратын, көмектесетiн, басқаратын және түрлi бөтен тiлдерде сөйлейтiн дарындар сыйлады.
29Бәрi бiрдей елшi, Құдайдың хабарын жеткiзушi ұстаз немесе керемет iстер жасаушы ма?
30Барлығының ауруларды сауықтыратын дарыны бар ма? Бәрi де бөтен тiлдерде сөйлеп, немесе айтылғандарды түсiндiрiп жүр ме? Жоқ.
31Ал сендер бәрiң де ең пайдалы дарындарға ие болуға ұмтылыңдар!
Дарындарды сүйiспеншiлiкпен қолдану
Ендi мен барлығынан да асып түсетiн жолды көрсетемiн:
1Егер адам тiлдерi мен перiште тiлдерiнде сөйлей бiлсем, бiрақ сүйiспеншiлiгiм болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын.
2Егерде Құдайдың хабарын жеткiзiп, күллi құпияларды бiлiп, барлық бiлiмдi иемденiп, тау қозғайтындай зор сенiмге кенелсем, алайда сүйiспеншiлiгiм болмаса, түкке де тұрмаймын.
3Егер тiптi барлық мал-мүлкiмдi бейшараларға үлестiрiп берiп, жанымды құрбан етiп, тәнiмдi отқа жағуға қисам, бiрақ сүйiспеншiлiгiм болмаса, бұдан да келер пайдам жоқ.
4Сүйiспеншiлiк шыдамды да мейiрiмдi,
Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды.
5Сүйiспеншiлiк не жүгенсiз,
Не өзiмшiл, не ашушаң емес,
Ол кек те сақтамайды.
6Сүйiспеншiлiк әдiлетсiздiктi құптамай,
Ақиқатқа қуанады.
7Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенедi,
Үмiтiн еш үзбей, бәрiне де шыдайды.
8Сүйiспеншiлiк ешқашан да сарқылмайды.
Құдайдың хабарын жеткiзу тоқталар,
Бөтен тiлдер сарқылар,
Бiлiм дарыны да тоқталар.
9Себебi бiлiмiмiз толымсыз,
Құдайдың хабарын жеткiзуiмiз де шектеулi.
10Ал жетiлгендiк келген кезде
Шектеулiнiң барлығы тоқталады.
11Бала кезiмде балаша сөйлеп,
Балаша ойлап, балаша пайымдадым.
Ер жеткеннен кейiн
Балалық қасиеттерден қол үздiм.
12Сол сияқты, қазiр көргенiмiз
Айнадағы көмескi бейне iспеттi,
Ал болашақта бетпе-бет көретiн боламыз.
Қазiргi бiлетiнiм шектеулi ғана.
Алайда Құдайдың өзiмдi толық бiлетiнiндей,
Мен де сол кезде бәрiн толық бiлетiн боламын.
13Сонымен сенiм, үмiт, сүйiспеншiлiк —
Осы үшеуi мәңгi қалады.
Ал солардың ең бастысы сүйiспеншiлiк болады.
Рухани дарындар туралы қосымша нұсқаулар
1Сүйiспеншiлiктiң жолын қуыңдар! Рухани дарындарға, әсiресе Құдайдың хабарын жеткiзу дарынына, ие болуға тырысыңдар!
2Бөтен тiлде сөйлейтiн кiсi адамдарға емес, Құдайға арнап сөйлеп, ешкiм оны түсiнбейдi. Ол өз рухымен құпияларды айтады.
3Ал Құдайдың хабарын жеткiзушi адамдарға арнап сөйлеп, оларды нығайтып, жiгерлендiрiп, жұбатады.
4Кiм бөтен тiлде сөйлесе, сол өз сенiмiн нығайтады, ал кiм Құдайдың хабарын уағыздаса, сол қауымды нығайтады.
5Мен сендердiң бәрiңнiң де бөтен тiлдерде сөйлегендерiңдi, бiрақ одан гөрi Құдайдың хабарын уағыздағандарыңды қалар едiм. Сол жерде бөтен тiлде айтылғандарды түсiндiрiп, осылай қауымның нығаюына көмегiн тигiзетiн бiреу болмаса, онда бөтен тiлде сөйлейтiннен гөрi Құдайдың хабарын жеткiзушiнiң пайдасы әлдеқайда зор.
6Бауырластар, мен сендерге келiп, алдарыңда бөтен тiлде сөйлей берсем, бiрақ Құдай ашқан құпия, не бiлiм, не Құдайдың хабары, не тәлiм арқылы түсiнiк бермесем, онда сендерге менен қандай пайда?
7Мысалы, жансыз күй аспаптары — сыбызғы не жетiген анық дыбыс шығармаса, қандай күйдiң ойналғанын қайдан бiлемiз?
8Егер керней белгiлi әуендi тартпаса, кiм шайқасқа дайындалмақ?
9Дәл сол сияқты, сендер өз тiлдерiңде Құдайдың хабарын түсiнiктi қып айтпасаңдар, тыңдаушылар не туралы айтқандарыңды қайдан бiлмек? Сөздерiңнiң желмен ұшып кеткенi ғой.
10Дүниеде қаншама көп сөздер бар, ал олардың ешқайсысы да мәнсiз емес.
11Бiрақ егер сөздердiң мағынасын бiлмесем, онда мен сөйлеген адам үшiн, ал ол мен үшiн жат елдiктей боламыз.
12Сендермен де сол сияқты болып тұр: Киелi Рухтың дарындарына ие болуға ұмтылудасыңдар, ендеше қауымды рухани жетiлдiретiн дарындарды бәрiнен көбiрек пайдаланыңдар!
13Сол себептi бөтен тiлде сөйлейтiн адам соны түсiндiретiн дарынды да Құдайдан сұрасын!
14Егер Оған бөтен тiлде сиынсам, онда рухым сиынғанмен, ақыл-санам бұған қатыса алмайды.
15Сонда не iстеуiмiз керек? Мен рухыммен де, санаммен де Құдайға сиынамын, рухыммен де, санаммен де мадақтау жырларын айтамын.
16Ал егер рухыңмен ғана шүкiршiлiк етсең, онда соны ұғынбайтындардың орнында отырған кез келген кiсi ризашылық бiлдiргенiңдi «аумин» деп қуаттай алмайды. Себебi ол не айтып тұрғаныңды ұқпайды.
17Сен қаншама жақсы ризашылық бiлдiрсең де, әлгi адамның рухани жетiлуiне көмектеспейсiң.
18Мен өзiм бөтен тiлде сендердiң әрқайсыңнан да көбiрек сөйлеймiн, бұл үшiн Құдайыма шүкiрлiк етемiн.
19Алайда мен қауымның алдында бөтен тiлде он мың сөз айтқанша, санаммен тәлiм беретiн бес сөз айтуды қалаймын.
20Бауырластар, ақыл тоқтатпаған баладай болмаңдар! Жамандық iстеуге келгенде, сәбидей кiнәратсыз, бiрақ ұғынуға келгенде ересектей кемелдi болыңдар!
21Киелi жазбада : «Жаратқан Ие былай дейдi: Мен осы халыққа арнап бөтен тiлдерде сөйлетемiн, жат елдiктердiң тiлдерiмен оларға үн қатамын, бiрақ бұлай да олар Менi тыңдамайтын болады» делiнген ғой.
22Сонымен, бөтен тiлде сөйлеу сенушiлерге емес, сенбейтiндерге Құдайдың құдiретiн көрсетедi. Ал Оның хабарын жеткiзу сенбейтiндерге емес, сенушiлерге көмектесу үшiн берiлдi.
23Мысалы, егер бүкiл қауым бас қосып, бәрi бөтен тiлдерде сөйлегенде, мұны ұғынбайтындар немесе сенбейтiндер сол жерге келсе, олар сендердi естерi ауысыпты демей ме?
24Бiрақ бәрi Құдайдың хабарларын жеткiзген кезде сенбейтiн не ұғынбайтын бiреу кiрсе, бәрiнен естiп тұрғаны оның күнәсын әшкерелеп, тергеп,
25жүрек түкпiрiндегi құпиялары ашылады. Сонда ол Құдай алдында бас ұра сиынып: «Шынымен араларыңда Құдай бар!» деп мойындайтын болады.
Қауым жиналысындағы тәртiп
26Бауырластар, сонда не? Сендер жиналғанда әрқайсың бiр рухани жыр, тәлiм немесе Құдай ашып бiлдiрген құпия айтып бересiңдер, бiреуiң бөтен тiлде сөйлеп, бiреуiң соның мәнiн түсiндiресiңдер: бәрi де қауымның жетiлуi үшiн пайдалы болсын.
27Бөтен тiлде сөйлейтiндер болса, екеуi, көп дегенде үшеуi ғана және бiрiнен соң бiрi сөйлеп, айтқандарын бiреу түсiндiрсiн;
28егер түсiндiретiн ешкiм болмаса, онда олар қауымда үндемей, iштей ғана Құдайға арнап сөйлесiн!
29Екi не үш кiсiң Құдайдың хабарын жеткiзiп, басқаларың айтылғандарды ақылға салып, пайымдаңдар.
30Егер осы жерде отырған тағы бiреуге Құдай бiр құпияны ашып бiлдiрсе, онда алғаш сөйлеушi үндемей қалуы керек.
31Бәрiң бiрiңнен соң бiрiң Құдайдың хабарларын жеткiзулерiңе болады. Осылай барлығың да тәлiм, жұбаныш пен жiгер аласыңдар.
32Құдайдың хабарларын жеткiзетiндердiң рухтары оларға бағынады.
33Себебi Құдай тәртiпсiздiктi емес, тыныштық пен татулықты қалайды. Құдай халқының барлық қауымдарындағы әдет осындай.
34Қауым жиналыстарында әйелдерiң үндемесiн, оларға сөйлеуге рұқсат етiлмеген. Таурат заңында да айтылғандай, олар басшылық етпесiн.
35Бiр нәрсе туралы сұрағылары келсе, үйде күйеулерiне сауал қойсын. Өйткенi әйелдердiң қауымда сөйлеулерi ұят.
36Егер келiспесеңдер, әлде Құдай сөзi өздерiңнен шықты деп ойлайсыңдар ма? Ол тек сендерге ғана келiп пе едi?
37Бiреу Құдайдың хабарын жеткiзушiмiн немесе Киелi Рухқа кенелдiм деп ойласа, менiң жазып отырғанымды Иемiздiң өсиетi деп ұғынсын.
38Кiм мұны мойындамаса, оның өзi де мойындалмасын.
39Сонымен, бауырластар, Құдайдың хабарын жеткiзуге талпынып, бөтен тiлдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар;
40тек бәрiнде әдеп пен тәртiп сақталсын!
Мәсiхтiң қайта тiрiлгендiгiнiң куәгерлерi
1Ал ендi, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Iзгi хабарды тағы да естерiңе салғым келедi. Сендер оны қабылдап, сенiмдерiң нығайып келдi.
2Егер оны дәл мен уағыздағандай берiк ұстансаңдар, осы Iзгi хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерiң.
3Менiң қабылдап алып, сендерге жеткiзген ең басты хабарым мынау болды: Киелi жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсiх бiздiң күнәларымыздың құнын өтеу үшiн жанын қиды.
4Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткенiндей, Мәсiх қабiрге қойылып, үшiншi күнi қайта тiрiлдi.
5Ол Кефаға (яғни Петiрге), содан кейiн он екi елшiнiң бәрiне көрiндi.
6Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бiр мезгiлде өз көздерiмен көрдi: олардың көпшiлiгi әлi тiрi, бiразы ғана қайтыс болды.
7Содан кейiн Мәсiх Жақыпқа, сондай-ақ барлық елшiлерiне көрiндi.
8Бәрiнен кейiн, дер кезiнде жаңа өмiрге дайын болмаған мен де Мәсiхтi көзiммен көрдiм.
9Елшiлердiң iшiндегi ең лайықсызымын, елшi деп аталуға да тұрмаймын, себебi мен Құдайдың қауымын қуғындадым.
10Бiрақ та Құдайдың рақымымен қазiр қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттiм, ал шын мәнiсiнде мен өзiм емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектендi.
11Мен бе, әлде өзгелер ме, бәрiбiр, бiз жариялаған, сендер сенген Iзгi хабар — осы.
Сенушiлердiң қайта тiрiлуi
12Осылай Мәсiхтiң өлiп, қайта тiрiлгенi жарияланып жатқанда, қайсыбiреулерiң қалайша «өлгендердiң қайта тiрiлуi жоқ» дей аласыңдар?
13Егер өлгендердiң қайта тiрiлуi жоқ болса, онда Мәсiх те қайта тiрiле алмас едi.
14Ал егер Мәсiх қайта тiрiлмеген болса, онда бiздiң жариялауымыз да, сендердiң сенiмдерiң де бекер болғаны.
15Одан да бетерi, бiздер «Құдай Мәсiхтi тiрiлтiп алды» деп Құдай туралы жалған куәлiк келтiргендер ретiнде әшкереленген болар едiк! Себебi өлгендер шынымен тiрiлмейтiн болса, Құдайдың Мәсiхтi де қайта тiрiлтпегенi:
16ешқандай қайта тiрiлу болмағанда Мәсiх те қайта тiрiлмес едi ғой.
17Ал Мәсiх тiрiлмегенде, сенiмдерiң еш пайда болмай, күнәларың әлi де мойындарыңда қала берер едi.
18Және Мәсiхке сенiп қайтыс болғандар тозаққа түсер едi.
19Егерде Мәсiхке тек бұ дүниедегi өмiр үшiн ғана үмiт артсақ, онда бiз барлық адамдардың iшiндегi ең байғұс-бейшаралары болар едiк.
20Алайда өлгендердiң алғашқысы ретiнде Мәсiх өлiмнен бiржола қайта тiрiлдi!
21Бiр адам арқылы өлiм дүниеге келдi, сол сияқты бiр Адам арқылы өлгендер қайта тiрiледi:
22яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрi өлуге тиiс болғанындай, Мәсiхпен байланыстағылардың бәрi де тiрiледi.
23Барлығы өз кезегiмен: алғашқысы ретiнде Мәсiх тiрiлдi, кейiн, Ол қайтып келгенде, Оның жолын қуғандар тiрiледi.
24Мұнан соң бәрiнiң ақыры болады: Мәсiх қарсы тұратын күллi билiк пен күш атаулыны жойып жiберiп, өз Патшалығын Құдай Әкесiне тапсырады.
25Құдай «барлық жауларын аяғына жығып бергенше», Мәсiх билiк жүргiзуге тиiс.
26Жойылатын соңғы жау — өлiм.
27Себебi Тәңiр «бәрiн де Оған бағындырып бердi». Ал осы «бәрi» дегенiмiз Тәңiрдi қамтымайды, бұл анық. Бәрiн Мәсiхке бағындырып берген Оның Өзi ғой.
28Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы да әлемдi Өзiне бағындырып берген Әкесiне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкiл әлемге толықтай билiк жүргiзетiн болады.
29Әйтпесе, егерде өлiмнен қайта тiрiлу болмаса, өлгендердiң орнын басып, шомылдыру рәсiмiнен өткендер не iстемек? Егер өлгендер мүлдем тiрiлмесе, кiсiлер неге орындарын басып, сол рәсiмнен өтедi?
30Неге бiз де сағат сайын басымызды қауiп-қатерге тiгемiз?
31Мен күн сайын өлiммен бетпе-бет келемiн. Бұл нағыз шындық, бауырластарым, Иемiз Иса Мәсiхпен тығыз байланыстағы өмiрлерiңдi мақтан тұтатын мен осыны айтамын.
32Егерде Ефес қаласында жабайы аңдармен* пенделiк ниетпен ғана күрескен болсам, одан маған қандай пайда түсер едi? Егер шынымен өлiмнен қайта тiрiлу жоқ болса, онда «бүгiн iшiп-жеп тойып алайық, ертең бәрiбiр өлемiз».**
33Мұндайларға алданып қалмаңдар!
«Араммен араласқан жан
адал әдетiнен айырылады».
34Дұрыстап ақылға келiңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбiреулерiң Құдайды әлi де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын.
Қайта тiрiлудегi жаңа денемiз
35Әлдебiреуiң: «Өлгендер қалайша қайта тiрiледi, тiрiлген денелерi қандай болмақ?» — дерсiңдер.
36Не деген түйсiксiздiк! Жерге еккен дәнiң көктеп, жаңа өмiр шығарғанда өзi жойылады.
37Сенiң еккенiң — кейiн өсiп шығатын тұтас өсiмдiк емес, жай ғана тұқым, мысалы, бидайдың не басқа дақылдың дәнi.
38Ал Құдай өз қалауынша әрбiр тұқымды түрiне қарай өзiндiк денемен қамтамасыз етедi.
39Денелердiң бәрi бiрдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелерi бiр-бiрiнен өзгеше.
40Жердегiден басқа аспандағылардың да денелерi бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегiлердiкiнен өзгеше.
41Күннiң, айдың, жұлдыздардың өзiндiк сұлулығы мен салтанаты бар, тiптi жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бiр-бiрiнен өзгеше.
42Өлгендердiң қайта тiрiлуi де осындай болады: топыраққа көмiлген дене шiрiп кетедi, ал қайта тiрiлгенi мәңгi шiрiмейдi.
43Жерленiп, дене қор болады, ал салтанатпен тiрiледi. Әлсiз тән жерленiп, күштi болып қайта тiрiледi.
44Жерленгенi — табиғи, тәндiк, ал тiрiлгенi — табиғаттан тыс, «рухани» дене. Тәндiк дененiң бар екендiгi сияқты, «рухани» дене де болуға тиiс.
45Тауратта осылай деп жазылған: Алғашқы «Адам осылай тiрi жан болып шыға келдi», ал «Соңғы Адам» (Мәсiх) — мәңгiлiк өмiр беретiн Рух.
46Алдымен рухани емес, тәндiк дене пайда болды, содан кейiн — рухани дене.
47Топырақтан жаратылған алғашқы адам бұ дүниеден, ал «Екiншi Адам» (Мәсiх) көктен келдi.
48Бұ дүниелiк адамдар топырақтан жаратылған Адам атаға ұқсас, ал көктен жаңа өмiр алғандар көктен келген Мәсiхке ұқсас.
49Демек, қазiр бiз топырақтан жаратылғанның кейпiнде болғанымыздай, сол кезде көктен келген Мәсiхтiң кейпiне ие боламыз.
50Менiң айтпағым мынау, бауырластар: ет пен қаннан тұратын тәндiк дене Құдайдың мәңгiлiк Патшалығына кiре алмайды: шiрiп кететiн тәндерiмiз мәңгi өмiр сүре алмайды.
51Сендерге мына құпияны айтайын: бәрiмiз бiрдей өлмеймiз, бiрақ бәрiмiз түгелдей өзгеремiз.
52Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта iске асады. Сонда керней үнi естiлiп, өлгендерiмiз қайта тiрiлiп, бiз де түгелдей өзгеремiз.
53Өйткенi қазiргi құрып шiритiн тәндерiмiз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиiс.
54Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгiлiк нәрселермен алмасқан шақта Киелi жазбалардағы осы уәделер орындалады: «Өлiм жеңiлiп, жоқ болды».
55«Өлiм, қайда сенiң жеңiсiң? Өлiм, қайда сенiң улы тiсiң»?
56Ал өлiм тудыратын «улы тiс» — күнә, ал күнә өз күшiн заңнан алады.
57Бiзге Иемiз Иса Мәсiх арқылы жеңiстi сыйлайтын Құдайға мәңгi шүкiрлiк етiлсiн!
58Сонымен, сүйiктi бауырластарым, табанды, сенiмдерiңнен айнымай, Иемiздiң iсiн әрдайым молынан iстейтiн болыңдар! Өйткенi Иемiзбен жүрiп атқарған еңбектерiңнiң бекер еместiгiне көз жеткiздiңдер.
Мұқтаждықтағы қауымдарға жәрдем
1Ендi Құдайдың мұқтаждық көрiп жүрген (Яһудеядағы) халқына көмек жинау туралы: Ғалатия өлкесiндегi қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет жасаңдар.
2Жексенбi сайын әрқайсыларың жағдайларыңа қарай қолдағы қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар. Осылайша мен сендерге барған уақытта жинаудың қажетi болмайды.
3Сол кезде өздерiң таңдаған адамдарыңды сәлемдемелерiңдi апару үшiн сенiмхаттарыммен Иерусалимге жiберемiн.
4Егер өзiмнiң де баруым жөн болса, онда бiрге барармыз.
Елшiнiң жоспарлары, соңғы өтiнiштерi және сәлемi
5Мен Македония арқылы сапар шегiп, сендерге келмекпiн. Себебi сол өлкенiң үстiмен жүретiн ойым бар.
6Ал сендерде бiраз тоқтап, тiптi қыстап та қалуым мүмкiн. Осылай қай жаққа сапарымды жалғастырсам, менi жолға шығарып саларсыңдар.
7Себебi қазiр жолай соққым келмейдi; Иемiз қаласа, сендерде бiраз уақыт болсам деп үмiттенемiн.
8Ефес қаласында Алғашқы өнiм мейрамына дейiн болмақпын.
9Өйткенi осында өнiмдi еңбек етуiме есiк айқара ашық, ал қарсыластарым да аз емес.
10Тiмоте келгенде араларыңда алаңсыз жүруiне көңiл бөлiңдер. Ол да мен сияқты Иемiздiң iсiмен айналысуда.
11Ешқайсың оны елемей жүрмеңдер, аман-есен жолға шығарып салып, маған қайтып келуiне жағдай жасаңдар. Оның бауырластармен бiрге қайта оралуын күтудемiн.
12Ал бауырласымыз Аполлос болса, оны сендерге баратын бауырластарға iлессiн деп әлденеше рет жiгерлендiрдiм, бiрақ бұл жолы оның барғысы келген жоқ; сәтi түскенде барар.
13Сақ болыңдар, сенiмдерiңде берiк, ер жүрек, әрi күштi тұрыңдар!
14Бәрiн де сүйiспеншiлiкпен iстеңдер !
15Степан мен оның үй iшiн бiлесiңдер, Ахаядағы алғашқы сенушiлер арасында болған олар өздерiн Құдайдың халқына қызмет етуге бағыштап келедi. Бауырластар, сендерден өтiнемiн:
16осындай адамдардың және олармен iстес болып, қажырлы еңбек етiп жүргендердiң жетегiне сендер де ерiңдер.
17Степан, Фортунат пен Ахайықтың келгендерiне қатты қуанып қалдым. Олар сендердiң жоқтықтарыңның орнын толтырып,
18менi де, өздерiңдi де рухтандырды. Мұндай адамдар шынында да қадiрленуге лайық.
19Азия өлкесiндегi қауымдар сендерге сәлем жолдайды. Ақила мен Прискила және олардың үйiнде жиналатын қауымнан Иемiзбен жүрген сендерге дұғай сәлем.
20Мұндағы барлық бауырластар да сәлем айтуда. Бiр-бiрiңнiң беттерiңнен ақ ниетпен сүйiп, сәлемiмiздi жеткiзiңдер.
21Ендi мен, Пауыл, сәлемiмдi өз қолыммен жазып отырмын.
22Иемiздi сүймейтiн әркiмдi Құдайдың қарғысы атпақ. Иемiз, келе гөр!
23Сендерге Иемiз Иса Мәсiх жар болып, рақымын жаудыра көрсiн!
24Менiң сүйiспеншiлiгiм Иса Мәсiхпен байланысқан бәрiңмен бiрге. Аумин.