0


Жазба туралы мәлiмет

Құдайдың елшiсi Пауыл осы хатын Рим қаласындағы сенушiлер қауымдарына арнады. Елшi мұны Iзгi хабарды басқа елдерде таратуға шыққан үшiншi сапары кезiнде, шамамен б.з. 57 ж. Грециядағы Қорынтта немесе оған көршiлес кемежай қаласы Кенiхреяда жазған болса керек. Сол сапарының соңында Пауыл елшi Иерусалимге соғып, ондағы ашаршылыққа ұшыраған сенушiлерге шетелдегi жаңа қауымдар бөлген көмектi апармақ болды (15:25-27).

Сол кезде Римдегi сенушiлердiң көбi басқа ұлттардан шыққан болатын, бiрақ араларында яһудилер де бар едi. Бәрi ұлан-байтақ патшалықтың астанасы болған үлкен қаланың түрлi аудандарында өзара бас қосып, жиналып отырды.

Пауыл елшi көптен берi Римдегi қауымдармен кездесiп, оларды жiгерлендiруге ниеттенiп келген едi. Бұдан кейiн Iзгi хабарды әрi қарай тарату үшiн Испанияға бармақшы болды (1:10-15; 15:22-29).

Осы хатында елшi құтқарылуға адамның өз игi iстерi арқылы емес, Құдайдың рақымы арқылы ғана жетуiне болатынын егжей-тегжейлi түсiндiредi. Ерте заманда Жаратқан Иеге деген сенiмi арқылы күнәсынан ақталған Ыбырайым пайғамбардың тәжiрибесiн мысалға алып, елшi Құдайдың құтқарылу жолы яһудилерге де, басқа ұлттарға да арналғанын көрсетедi. Сонымен осы екi топты бiр-бiрiне сүйiспеншiлiкпен қарауға шақырады.

Хат соңында елшi Жаратқан Ие алдында ақталған сенушiлердiң жаңартылған мiнезiн сипаттап, оларды Құдай Рухының жетелеуi мен күшiне сүйенiп өмiр сүруге жiгерлендiредi.

1

Арнау және сәлем


1Иса Мәсiхтiң қызметшiсi Пауылдан дұғай сәлем. Мәсiх маған елшi болуды бұйырып, менi Құдайдың Iзгi хабарын жариялау үшiн таңдап алды.

2Осы хабарды жiберемiн деп, Құдай ерте заманда Өзiнiң пайғамбарлары арқылы Киелi жазбаларда уәде берген болатын.

3Бұл Iзгi хабарда Құдайдың рухани Ұлы туралы сөз болады. Ол адам ретiнде Дәуiт пайғамбардың әулетiнен шыққан едi.

4Ал Оның құдайлық қасиетiне келсек, Құдай Оны қайта тiрiлтуi арқылы Өзiнiң рухани Ұлы екенiн зор құдiретпен дәлелдедi. Осы Iзгi хабар Иемiз Иса Мәсiх туралы.

5Ол арқылы Құдай өз рақымымен бiзге Мәсiх атынан елшi болуды, әрi барлық ұлттардың адамдарын Оған сенiп, мойынсұнуға шақыруды тапсырды.

6Сол адамдардың iшiнде сендер де барсыңдар, себебi Құдай сендердi Иса Мәсiхпен тығыз байланыста болуға шақырды.


7Мен сәлемiмдi Құдайдың Римдегi барлық сүйiктiлерiне, яғни Оның өз халқы болуға шақырылғандарға, жолдаймын. Сендерге Құдай Әкемiз және Иемiз Иса Мәсiх рақымын жаудырып, амандық пен тыныштық сыйлай берсiн!

Пауылдың римдiктерге баруды аңсауы


8Сендердiң сенiмдерiң туралы хабар әлемнiң шартарабына тарап жатқандықтан, ең алдымен бәрiң үшiн Иса Мәсiх арқылы Құдайыма ризашылығымды бiлдiремiн.

9Мен рухани Ұлы туралы Iзгi хабарды жариялап, шын жүрегiммен қызмет етiп жүрген Құдай мынаған куә: Оған сиынған сайын сендердi үнемi

10ендi қастарыңа баруға бұйырса екен деп жалбарынамын.

11Себебi өздерiңдi көрудi қатты аңсаудамын. Сендердi күшейту үшiн рухани дарындарыммен бөлiссем,

12яғни сендермен болған кезiмде Құдайға деген ортақ сенiмiмiздi көрiп, бiр-бiрiмiздi жiгерлендiрсек деймiн.


13Бауырластар, сендерге шынын айтайын: өздерiңе бiрнеше рет бармақшы болдым, бiрақ әр жолы маған әлдене бөгет болып отырды. Өзге жерлердегi басқа ұлттардың арасында болғанымдай, мен сендердiң де араларыңда еңбек етiп, соның рухани жемiсiн көргiм келедi.


14Гректер мен басқа ұлттарға бiлiмдiлер мен бiлiмсiздерге Iзгi хабарды жариялау менiң парызым.

15Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлiк.

Iзгi хабар күнәкарды құтқаратын құдiрет


16Мен Iзгi хабар үшiн еш ұялмаймын, ол — Мәсiхке сенетiн барлық адамдарды, алдымен яһудилердi, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдiретi!


17Себебi Құдайдың адамдарды ақтау жолы мынадан бiлiнедi: ол басынан аяғына дейiн сенiмдi қажет етедi. Пайғамбарлар жазбаларында «Сенiмi арқылы ақталған адам шынайы өмiр сүредi» деп жазылған ғой.

Адамзаттың әдiлетсiздiгiне қарсы Құдайдың қаһары


18Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әдiлетсiздiгiне қарсы өз қаһарын бiлдiредi. Себебi олар әдiлетсiз iстерi арқылы шындықты аяққа басады.

19Құдай туралы бiлуге болатын шындық адамдарға белгiлi, мұны оларға Құдайдың Өзi бiлдiрген.

20Өйткенi Тәңiрдiң көзге көрiнбейтiн қасиеттерi — Оның мәңгiлiк құдiретi мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан берi айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерiнен байқап, түсiнуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды бiле алмадық деп сылтаурата алмайды.


21Олар Құдай туралы бiлсе де, Оны Құдай деп дәрiптеп, шүкiршiлiк еткен жоқ. Керiсiнше, адамдар түкке тұрғысыз ойға берiлiп, надан көңiлдерiн қара түнек басты.

22Өздерiн ақылдымыз деп жүрiп, шын мәнiнде ақымақ болып шықты.

23Осылай олар мәңгi Құдайдың ұлылығына табынудың орнына ажалды пенденiң, құстың, төрт аяқты не бауырымен жорғалаушы жануардың мүсiндерiне құлшылық ететiн болды.


24Сондықтан да Құдай оларды көңiлдерi ынтыққан әдепсiздiктiң былығына батырып жiбердi, осылай олар өз тәндерiн өздерi қорлауда.

25Өйткенi адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңiрлерге сиынып, Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудiң орнына жаратылған нәрселерге құлшылық еттi. Ал Жаратушы Құдай мәңгiлiк мадақталуға лайық! Аумин.


26Сол себептен де Құдай адамдарды өздерiн қорлайтын құмарлықтарға батырып жiбердi. Араларындағы кейбiр әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды.

27Дәл солай кейбiр еркектер де әйелдерiмен табиғи қатынасты қойып, бiр-бiрiне құмарлықпен ынтығып, әдепсiздiк iстейтiн болды. Олар тура жолдан тайып кеткендiктерiнiң тиiстi жазаларын өз бойларында тартып жатты.


28Бұған қоса мұндайлар Құдайды танудың қажетi жоқ деп шештi. Сондықтан Ол соларды бұзық пейiлдерiнде қалдырып, ұятты нәрселер iстеуге тастады.

29Олардың тұла бойлары тұнған әдiлетсiздiк, бұзықтық, дүниеқорлық, залымдық, қызғаншақтық, кiсi өлтiруге құмарлық, даукестiк, алдамшылық және арам ниеттiлiк.

30Олар жасырын жамандап, ашық та өсектегiш, Құдайды жек көретiн, күш көрсеткiш, өр көкiрек, мақтаншақ, жамандықты ойлап тапқыш, ата-анасын сыйламайтын,

31санасыз, сенiмсiз, тасбауыр, мейiрiмсiз жандар.


32Сол адамдар осындай күнәлар жасағандардың тартатын жазалары — өлiм деген Құдайдың әдiл үкiмiн бiле тұра, оларды өздерi iстеп қана қоймай, солармен айналысатын басқаларды мақұлдап та отырады.

2

Құдайдың яһудилерге шығаратын әдiл үкiмi


1Сондықтан, ей, басқаларды айыптаушы адам, кiм болсаң да, сен ақтала алмайсың: өзге бiреуге айып тағып тұрып өзiңе үкiм айтасың! Себебi оны айыптаған сен де сол сияқты күнәлар жасайсың.

2Ал сондай iстермен айналысатындарды Құдай әдiлдiкпен соттайтынын бiлемiз.

3Ей, пенде, егер өзiң де айналысқан жаман iстер үшiн басқаларды айыптасаң, сонда қалай, Құдай сотынан құтылам деп ойлайсың ба?

4Әлде сен Құдайдың мейiрiм көрсетiп, өзiңдi терiс жолдан қайтарғысы келетiнiн ұқпай, Оның мол мейiрiмдiлiгiн, сабырлылығын және шыдамдылығын менсiнбейсiң бе?


5Бiрақ сен қасарысып, терiс жолдан қайтудан бас тартасың. Осылай Құдайдың қаһары төгiлiп, әдiл үкiмi жарияланатын күнi тартатын жазаңды ауырлатасың.

6Киелi жазбада «Құдай әркiмге iстеген iсiне қарай есесiн қайтаратын болады» деп жазылған.

7Тәңiр алдында игiлiктi iстерiнен таймай, ұлылыққа, құрметке және өз есiмiн мәңгi өшiрмеуге тырысқан кiсiге Ол мәңгiлiк өмiр сыйлайды.

8Ал өзiмшiл болып, шындыққа емес, әдiлетсiздiкке мойынсұнып жүргендердi Құдайдың зор қаһары күтiп тұрады.

9Жамандық iстеген әркiмдi — алдымен (Құдайдың таңдап алған халқынан шыққан) яһудидi, сондай-ақ басқа ұлт адамын да қиыншылық пен азап күтiп тұр.

10Ал игiлiк iстейтiн әркiмдi — алдымен яһудидi, сондай-ақ басқа ұлт адамын да ұлылық, құрмет, амандық пен тыныштық күтiп тұр.

11Себебi Құдай ешкiмнiң бет-жүзiне қарамайды.

Құдайды бiлмейтiн ұлттардың ар-ұжданы


12Таураттағы Құдайдың заңын бiлмей күнә жасағандарға сол заң қолданылмай-ақ тозаққа үкiм шығарылады. Ал Таурат заңын бiле тұра күнә жасағандар сол заң бойынша сотталады.

13Заңды тек естiгендер емес, оны орындап жүргендер ғана Құдай алдында ақталады.

14Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз ерiктерiмен оның талаптарын орындаса, онда олар өздерiнiң сол заңсыз-ақ не iстеп, не қою керек екенiн бiлетiндiктерiн көрсетедi.

15Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының өз жүректерiнде жазулы екенiн дәлелдейдi. Бұған олардың ар-ұждандары куә, яғни оларды iштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары куә.

16Ал адамдардың бәрiнiң жасырын iстерi мен ойларына үкiмдi Құдай Иса Мәсiх арқылы қиямет соты күнi шығарады. Мен уағыздап жүрген Iзгi хабар осыны бiлдiредi.

Таурат заңы және сүндеттеу рәсiмi


17Сен яһуди екенiңдi айта жүрiп, Таурат заңына сүйенiп, Құдаймен ерекше байланыста тұрғаныңа мақтанасың ба?

18Оның еркiн бiлесiң, Таураттан тәлiм алып, ненiң жақсы-жаман екенiн анықтай аласың.

19Өзiңдi соқырларға жетекшiмiн, қараңғыда адасқандарға жарықпын,

20надандарға тәрбиешiмiн, сәбидей бiлiмсiздерге ұстазбын деп ойлайсың, өйткенi Таураттан нақты бiлiм мен шындықты таптың.


21Сонымен, сен басқаларды үйретiп жүрсең де, қалайша өз iлiмiңдi өзiң ұстанбайсың?! «Ұрлама» дей тұра ұрлағаның не?

22«Неке адалдығын бұзба» дей тұра оны өзiң бұзғаның қалай? Жалған тәңiрлердiң мүсiндерiн жек көресiң, алайда нелiктен өзiң Құдайға тиiстi құрметтi көрсетпейсiң?

23Таурат заңымыз бар деп мақтанғанмен сол заңды бұзып, Құдайды қорлайсың!

24Сол сияқты, басқа ұлттардың арасында сендерге бола Құдайдың атының қорланатындығы туралы алдын ала жазылған.


25Ал сүндет рәсiмiне келетiн болсақ, егерде Таурат заңын қалтқысыз орындап жүрсең, ол рәсiм пайдалы болар едi. Бiрақ сүндеттелген сен бұл заңды бұзып жүргендiктен, сүндеттелмеген басқа ұлт адамынан сенiң қай жерiң артық?

26Егер сол адам Таурат заңының талаптарын орындап жүрсе, өзi сүндеттелмеген болса да, сүндеттелген болып есептелмей ме?

27Ей, яһудилер, сондықтан да басқа ұлт адамдары сендердi айыптайтын болады. Сендер Тауратты және сүндет рәсiмiн ұстанғандарыңа қарамастан, заңды бұзып жүрсiңдер, ал олар сүндеттелмеген болса да, кейбiреулерi оның талаптарын орындайды. Сендер Тауратты және сүндет рәсiмiн ұстанғандарыңа қарамастан, заңды бұзып жүрсiңдер, ал олар сүндеттелмеген болса да, кейбiреулерi оның талаптарын орындайды.**


28-29 Сырт бейнесiнде емес, жан дүниесiнде Құдайдың адамы болған ғана Оның таңдаулы халқына жатады. Сондай адамның сүндеттелуi тәнiнде ғана емес, жан дүниесiнде болу керек. Бұл рухани жаңартылу жазылған заңнан емес, Киелi Рухтан пайда болады. Ондай кiсiнi адам баласы емес, Құдайдың Өзi мадақтайды.

3

Құдайдың берген уәдесiне адалдығы


1«Олай болса, яһуди болудың артықшылығы не? Сүндеттелудiң пайдасы қандай?» — деп сұрауларың мүмкiн.

2Әрине, яһудилердiң қай жағынан болса да артықшылығы бар. Ең алдымен, Құдай сөзi ата-бабаларымызға сенiп тапсырылды.

3Рас, олардың бiразы Құдайға адал болған жоқ.

«Ал олардың адал болмағандығы Құдайдың өз уәдесiне деген адалдығын жоя ма?»

4Жоқ, мүлдем олай емес! Керiсiнше, адамдардың барлығы бiрдей өтiрiкшi болса да, Құдай сөзiнен таймайды. Бұл туралы былай деп жазылған: «Осылайша айтқан сөздерiңнiң әдiл екенi көрiнедi, Сен айыпталғанда жеңiмпаз болып шығасың».


5«Егер бiздiң әдiлетсiздiгiмiз арқылы Құдайдың әдiлдiгi айқындала түссе, не деуiмiз қажет? Онда Құдай бiзге қаһарын төккенде әдiлетсiз болып шықпай ма?» — Мұны адамдық тұрғыдан айтып отырмын. —

6Жоқ, мүлдем олай емес! Құдай әдiлетсiз болса, қалайша әлемдi Соттаушы бола алар едi?


7«Егер мен әдiлетсiздiк жасаған сайын Құдайдың адалдығы мадақталып, Оның даңқы артатын болса, онда неге мен әлi де күнәкар деп айыпталамын?» — (деп қайсыбiреудiң айтуы да мүмкiн).

8Әлде «Жақсылық шықсын деп жамандық iстей берейiк» деуге бола ма? Жоқ, болмайды! Ал кейбiреулер бiздi осылай тәлiм бердi деп жала жауып жүр. Олар Тәңiрдiң үкiмiне лайық!

Құдай алдында ешкiм де әдiл емес


9«Сонымен қалай болды? Басқалардың алдында (яһуди халқынан шыққан) бiздердiң артықшылығымыз бар ма?» Жоқ, ешқандай! Яһудилер де, басқа ұлттың адамдары да бiрi қалмай күнәның билiгiнде екенiн жоғарыда дәлелдедiк.

10Киелi жазбаларда бұл туралы мынадай сөздер бар: «Бiрде-бiр әдiл кiсi жоқ,

11саналы ешкiм де жоқ, Құдайды iздеп жүрген де жоқ.

12Бәрi тура жолдан тайып, бiрге азғындыққа салынды. Жақсылық жасаушы ешкiм жоқ, тiптi бiр жан да жоқ».

13«Айтқандары ашық көрдiң иiсiндей жаман, тiлдерi жалған сөйлеуде», «ауыздарынан шыққан сөздер жылан уындай».

14«Ауыздары қарғыс пен ызалы сөзге толы».

15«Аяқтары жазықсыз қан төгуге асығады,

16жүрген жерлерiн қиратып, азап шеккiзедi.

17Олар татулық дегендi бiлмейдi».

18«Оларда Құдайды қастерлеу деген атымен жоқ».


19Ал Таурат заңының күллi ережелерi оған бағынышты адамдар үшiн күшiнде екенiн бiлемiз. Сондықтан (басқа ұлттың да, яһуди халқының да) барлық адамдары ешбiр сылтау таппай, үндерi өшедi. Осылай бүкiл адамзат та Құдай алдында күнәлы болып, сотталатын болады.

20Себебi Құдайдың заңын орындау арқылы бiрде-бiр адам Оның алдында ақтала алмайды, керiсiнше, сол заң адамның күнәлы екенiн әшкерелейдi.

Құдайдың адамдарды ақтау жолы


21Ал ендi Құдайдың адамдарды ақтау жолы көрсетiлдi. Бұл жолға заңды ұстанудың қатысы жоқ. Ол туралы Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары бiлдiрген едi.

22Құдай яһуди және басқа ұлт адамдарының бәрiн де Иса Мәсiхке деген сенiмдерi арқылы ақтайды. Себебi бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ:

23бәрi де күнә жасап, Құдайдың өздерiне белгiлеген ұлылығынан құр алақан қалды.

24Бiрақ Оның рақымымен Мәсiх төлемдерiн төлеп, құтқаруының арқасында олар тегiн ақтала алады.


25Құдай Мәсiхтi күнәлардың құнын өтеушi құрбандық етiп көрсеттi: Оның қаны төгiлiп құрбан болғандығына сенгендердi Құдай кешiредi. Оның әдiлетi осы арқылы айқын көрiнедi. Себебi Тәңiр бұрыннан берi шыдамдылық көрсетiп, адамдарға күнәларына бола лайықты жазаларын дереу тартқызбай жүрген едi.

26Ал қазiргi заманда Ол Өзiнiң әдiлдiгiн осылай дәлелдейдi: Құдай әдiлеттi, Ол Исаға сенушi әркiмдi ақтап алады.


27«Ал ендi, мақтануымызға бола ма?» Мақтанатын түгiмiз жоқ. «Не себептен бұлай? Игi iстер жасау арқылы ақтала аламыз ба?» Жоқ, сену арқылы ғана ақтала аламыз.

28Сонымен бiз адам заң бойынша жасаған игi iстерi арқылы емес, сенiмi арқылы ғана ақталады деген қорытындыға келемiз.


29«Әлде Құдай тек яһудилердiң Құдайы болып, басқа ұлттарды қабылдамай ма?» Әрине, қабылдайды, Ол басқа ұлттардың да Құдайы ғой!

30Себебi жалғыз бiр-ақ Құдай бар. Ол сүндеттелген яһудилердi де, сүндеттелмеген халықтарды да сенiмдерi арқылы ақтап алады.

31Бiз «адамдар сенiм арқылы ақталады» деп, Құдай заңын күшiнен айырамыз ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Керiсiнше, бiз Құдай заңының күшiн нығайтамыз.

4

Ыбырайымның сенiмi арқылы ақталуы


1Ал ендi түп атамыз Ыбырайым туралы не деймiз? Ол осы мәселеде не тапты?

2Егер Ыбырайым өз игi iстерi арқылы ақталған болса, онда ол мақтана алар едi; бiрақ Құдай алдында емес.

3Киелi кiтапта «Ыбырайым Тәңiр Иеге сендi, сондықтан Иемiз оны Өзiнiң алдында ақтады» деп жазылған.


4Мысалы, егер бiреу еңбек етсе, онда ол жалақыны сый ретiнде емес, тиiстi ақы ретiнде алады.

5Ал егер адам Құдай алдында ақталу үшiн өзiнiң игi iстерiне сүйенбей, күнәкарды кешiретiн рақымды Құдайға сенiмiн артса, онда ол осы сенiмiнiң арқасында ақталады.

6Құдай еңбегiне қарамай-ақ ақтаған сондай адамның бақытты екендiгiн Дәуiт пайғамбар да айтқан:

7«Әдiлетсiз iстерi кешiрiлген, барлық күнәларынан ақталған әркiм қандай бақытты!

8Иемiз мойнына күнәсын артпайтын әрбiр кiсi бақытты!»


9«Бұл бақыттылық тек сүндеттелген яһудилерге ғана ма, әлде сүндеттелмеген халықтарға да арналған ба?» (Әрине, бұл халықтарға да арналған.) Бiз жоғарыда Ыбырайым ата Құдайға артқан сенiмiнiң арқасында ақталды дедiк.

10Ол қашан ақталды, сүндеттелмес бұрын ба, әлде кейiн бе? Сүндеттелгеннен кейiн емес, оған дейiн ақталды. (Демек, Ыбырайым осы рәсiмдi орындау арқылы ақталған жоқ.)

11Кейiнiрек қана Құдай Ыбырайымға сүндеттеу рәсiмiн орындауды бұйырды. Осы рәсiм Ыбырайымның Құдайға деген сенiмi арқылы ақталғандығын бекiтетiн белгi iспеттi едi. Ал бұл сенiм Ыбырайымда сүндеттелмей тұрғанда-ақ болған. Сонымен Ыбырайым кейiнгi замандарда сүндеттелмей-ақ Құдайға сенiп ақталатындардың рухани түп атасы.

12Бұған қоса Ыбырайым (Мәсiхке сенушi) яһудилердiң де түп атасы. Бұлар сүндеттеу рәсiмiнен өтiп қана қоймай, атамыз Ыбырайым сүндеттелмей тұрған кезде-ақ жүрген сенiм жолына да түстi.

Құдайдың сенушiлердiң барлығына да арналған уәдесi


13Құдай Ыбырайым мен оның ұрпақтарына жер бетiн иемденулерi жайында уәде бердi. Бұл уәде Ыбырайымға заңды ұстанғаны үшiн емес, (Тәңiр Ие сөзiнде тұрады деген) сенiмi арқылы ақталғаны үшiн берiлдi.

14Егер адамдар Құдайдың берген уәдесiне тек заңды ұстану арқылы ие бола алса, онда сенiмнiң ешбiр пайдасы және уәденiң ешқандай күшi болмас едi.

15Заң (оны мүлтiксiз орындамаған кiсiнi Тәңiрдiң) қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкiн емес.


16-17 Сонымен, Құдайдың уәдесi сенiмге байланысты. Осылай бұл уәде Оның рақымымен берiлiп, Ыбырайымның бүкiл ұрпағы үшiн — Таурат заңы бар яһуди сенушiлерi үшiн ғана емес, Ыбырайым сияқты Құдайға сенiм артқан басқа ұлттар үшiн де күшiнде тұрады. Ыбырайым — Тәңiр Иенiң еркiмен бәрiмiздiң рухани түп атамыз. Киелi кiтапта «Мен сенi көптеген халықтардың түп атасы етiп тағайындадым» деп жазылған ғой. Ал Ыбырайым өлгендердi қайта тiрiлтетiн және жоқтан жарататын Құдайға сендi.


18Үмiттенетiн еш шара қалмаған кездiң өзiнде Ыбырайым үмiтiн үзбей, сенiмiнде берiк тұра бердi. Сондықтан да ол «Сенiң үрiм-бұтағың да осындай сансыз көп болады» деген уәде бойынша көптеген халықтардың рухани түп атасы болды.

19Жасы жүзге келiп қалған Ыбырайым өз денесiнде ешқандай күш қалмағанын, әйелi Сараның да құрсағына бала бiтпейтiнiн жақсы бiлгенiмен, уайымдап сенiмiн әлсiретпедi.

20Қайта, Ыбырайым Құдайдың уәдесiне күмәнданбай, Оған деген сенiмiнен қуат алды.

21Осылай Тәңiрдiң өз уәдесiн орындай алатынына қалтқысыз сенiп, Оған құрмет көрсеттi.

22Сондықтан да «Тәңiр оны Өзiнiң алдында ақтады» деп жазылған.

23«Тәңiр оны ақтады» деген сөз Ыбырайымға ғана емес,

24бiзге де қатысты: Иемiз Исаны қайта тiрiлткен Құдайға деген сенiмiмiз арқылы ақталамыз.

25Иемiз Исаны Тәңiр күнәмыздың құнын төлеу үшiн құрбандыққа қиды және ақталғандығымызды дәлелдеу үшiн қайта тiрiлттi.

5

Мәсiхке сенетiн бiз Құдаймен татумыз, болашақтан үмiттiмiз


1Сонымен, Иемiз Иса Мәсiхке деген сенiмiмiз арқылы ақталғандықтан, Оның арқасында Құдаймен татумыз.

2Құдайдың осы рақымына бiзге Иса Мәсiхтiң арқасында, сенiм арқылы жол ашылды. Ендi Құдайдың рақымына бөленiп, салтанатты ұлылығын көремiз деген үмiтiмiзге қатты шаттанамыз!

3Иә, тiптi азап шегiп жүрсек те, қатты шаттанамыз! Себебi азаптың бiздi шыдамдылыққа жеткiзетiнiн бiлемiз.

4Шыдамдылықтан сенiмдiлiк туады, ал сенiмдiлiк бiзге үмiт бередi.

5Бұл үмiт алдамшы қиял емес, өйткенi Құдай сыйлаған Киелi Рухы арқылы жүрегiмiздi Өзiнiң сүйiспеншiлiгiне кенелттi.


6Ақталуға ешқандай шарамыз болмай тұрғанда, Мәсiх Құдай алдын ала белгiлеп қойған уақытында күнәкар бiздер үшiн жанын қиды!

7Тiптi әдiл бiреу үшiн өмiрiн құрбан ететiн ешкiм жоқ iспеттi. Тым болмағанда шынайы iзгi адам үшiн бiрен-саран кiсi өмiрiн қиюға даяр болуы мүмкiн.

8Дегенмен, әлi де күнәкар болып жүрген кезiмiзде бiз үшiн Мәсiх өмiрiн құрбан еттi! Осы арқылы Құдай бiзге Өзiнiң зор сүйiспеншiлiгiн дәлелдедi.


9Ендi бiз Мәсiхтiң қаны төгiлiп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгiлiк құтқарылатынымыз да сөзсiз!

10Себебi бұрын бiз Тәңiрге әлi де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлiмi арқылы Құдаймен татулассақ, ендi татуласқандар ретiнде Мәсiхтiң өмiрi арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсiз!

11Бұл ғана емес, бiз Иемiз Иса Мәсiх арқылы Құдайдың Өзiне қатты шаттанып та жүрмiз, өйткенi Мәсiхтiң арқасында Онымен татуластық.

Өлiм — Адам атадан, өмiр — Иемiз Иса Мәсiхтен


12Бұдан шығатын қорытынды мынау: бiр адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлiм келдi. Адамдардың бәрi де ажалды болды, өйткенi барлығы күнә жасады.

13Әрине, Мұса арқылы Таурат заңы берiлгенге дейiн де дүниеде күнә болған. Ал заң жоқ жерде күнәлар адамның мойнына артылмайды.

14Бiрақ та өлiм Адам атадан Мұсаның заманына дейiн өзiнiң билiгiн жүргiзiп келдi. Дәл Адам атаның Құдайдың анық бұйрығын бұзғаны сияқты күнә жасамағандарға да өлiм билiгiн жүргiздi.

Адам атаға қарайтын болсақ, кейiнiрек келген Мәсiх жайында көп нәрселердi жақсырақ түсiне аламыз.*


15Алайда Құдайдың беретiн сыйын және Адам атаның күнә жасауын салыстыруға болмайды: сол бiр кiсiнiң күнәсы арқылы бүкiл адамзат ажалды болды, ал Құдайдың рақымы және Оның бiр Кiсiнiң, яғни Иса Мәсiхтiң рақымы арқылы берген сыйы одан қаншама зор! Осы сый көптеген адамдарға молынан тидi.

16Құдайдың адамды тегiн ақтауы мен Адам атаның күнә жасауы басқа жақтан қарағанда да тең емес: Адам атаның жасаған бiр күнәсынан кейiн Тәңiр «кiнәлысың» деген үкiмiн шығарды, ал адамзат жасаған көп күнәлардан кейiн Ол «ақталдың» деген тегiн сыйын бердi!

17Күнә жасаған бiр кiсi — Адам ата арқылы өлiм бүкiл адамзатқа билiк жүргiзiп келедi. Сол сияқты, Құдайдың шексiз рақымы мен әдiлдiктiң тегiн сыйын қабылдағандар бiр Кiсiнiң — Иса Мәсiхтiң арқасында өмiрде билiк құрады.


18Сонымен, бiр кiсiнiң күнәсы бүкiл адамзатқа өлiм жазасын алып келсе, өзге бiр Кiсiнiң әдiлеттi iсi (Оған сенушiлердiң) бәрiн ақтап, мәңгiлiк өмiр сыйлады.

19Бiр кiсiнiң Құдайға мойынсұнбауы көптеген адамдарды күнәкар етсе, дәл солай басқа бiр Кiсiнiң Құдайға мойынсұнуы арқылы көптеген адамдар ақталады.


20Ал Таурат заңы болса, күнә туралы түсiнiгiмiздiң көбейе түсуi үшiн берiлдi. Бiрақ күнә қаншалықты көбейсе, Құдайдың рақымы одан да асып түстi.

21Сонымен, күнәның адамзатты билеп-төстеп, өлiмге алып келгенiндей, Құдайдың рақымы да билiк құрып, адамдарды ақтап, Иемiз Иса Мәсiх арқылы мәңгiлiк өмiрге жеткiзедi.

6

Ендi күнәға жоқ болып, Құдайға қызмет етiп жүрмiз


1«Бұдан қандай қорытынды шығады? (Құдай күнәларымызды кешiретiндiктен) Оның рақымы молайсын деп күнә жасай берейiк пе?»

2Жоқ, олай iстеуге болмайды! Өлген адам күнә жасамайды? Бiз (сенушiлер) де сол өлген адамдай күнәға жоқ болдық. Қалайша бұдан былай күнә жасап өмiр сүрмекпiз?!

3Өздерiң жақсы бiлесiңдер: Иса Мәсiхпен тығыз байланысқан бәрiмiз Онымен бiрге рухани өлдiк. Шомылдыру рәсiмiнен өткенде соны бiлдiрдiк.

4Демек, Мәсiхпен тығыз байланысқан бiздер Онымен бiрге рухани «өлiп, жерлендiк». Сонымен, Құдай Әке Өзiнiң ұлы құдiретiнiң арқасында Мәсiхтi өлiмнен қайта тiрiлтiп, жаңа өмiр бергендей, бiз де ендi жаңаша өмiр сүруiмiз керек!


5Себебi бiз осылай рухани тұрғыдан Мәсiхпен бiрге «өлiп», күнәлы өмiр салтымыздан бiржола бас тартқан болсақ, ендi өлiмнен қайта тiрiлген Мәсiхпен тығыз байланыста тұрып жаңаша өмiр сүрейiк!

6Мынаны бiлемiз ғой: бұрын өзiмiз кiм болсақ, сол күнәкар болмысымыз Мәсiхпен бiрге айқышта өлдi. Осылай бiздiң күнә билеген болмысымыз күшiнен айырылды, сондықтан ендi күнәның құлы емеспiз!

7Себебi адам өлгенде күнәның билiгiнен босатылады.


8Ендеше, бiз Мәсiхпен бiрге рухани өлгендiктен Онымен байланыста өмiр сүретiнiмiзге де кәмiл сенемiз.

9Себебi өлiмнен тiрiлген Мәсiх ендi қайтып өлмейдi, бұдан былай өлiм Оған билiгiн жүргiзе алмайды, мұны бiлемiз.

10Мәсiх өлгенде күнәға бiржола жоқ болды, ендi Ол Құдайдың құрметi үшiн өмiр сүредi.

11Сендер де өздерiңдi «күнәға жоқпыз, ендi Құдайдың құрметi үшiн Иса Мәсiхпен тығыз байланыста өмiр сүремiз» деп есептеңдер!


12Сондықтан күнә ажалды тәндерiңдi билемесiн! Яғни тәндерiңнiң күнәлы құмарлықтарына ерiп кетпеңдер!

13Дене мүшелерiңдi күнә жасау үшiн қолданып әдiлетсiздiктiң құралы етпеңдер! Қайта, сендер рухани өлiмнен шынайы өмiрге өтiп келдiңдер, сондықтан өздерiңдi Құдайдың қызметiне арнап, дене мүшелерiңе Оған бағыштап әдiл iстер iстетiңдер!

14Күнә сендерге билiгiн жүргiзбеуi керек, себебi сендер ендi Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынасыңдар.

Күнәның құлдығынан босап, әдiлдiкке қызмет ету


15«Бұдан қандай қорытынды шығады? Бiз Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынғандықтан, күнә жасай берейiк пе?» Жоқ, олай iстеуге болмайды!

16Сендер бiлесiңдер ғой: егер бiреуге бағынып, оның еркiн орындасаңдар, онда сол қожайындарыңның құлы боласыңдар. Сол сияқты сендер не мәңгiлiк өлiмге апаратын күнәға құл боласыңдар, не Құдайға мойынсұнып, әдiлдiкке қызмет етесiңдер.

17Құдайға шүкiр, сендер бұрын күнәның құлы болғанмен, ендi алған тәлiмнен тапқан ақиқатқа бет бұруға шын жүректен шешiм қабылдадыңдар.

18Күнәның үстемдiгiнен босағанда әдiлдiктiң «құлы» болдыңдар.


19Түсiнiктерiңнiң әлi де аз екенiн ескерiп, осы қарапайым сөздердi қолданып отырмын. Бұрын сендер дене мүшелерiңдi әдiлетсiздiктiң құралы қылып лас, заңсыз нәрселерге қызмет еткiзгендерiң сияқты, ендi Құдайдың қарамағында қасиеттi өмiр сүру үшiн дене мүшелерiңдi әдiлдiкке қызмет етуге арнаңдар!


20Күнәның құлы болып жүргенде сендер әдiлдiктiң билiгiнде болмадыңдар.

21Сол кездегi өмiр салттарыңнан қандай нәтижелер көрдiңдер? Олар қазiр өздерiң де ұялатын iстер едi. Солардың ақыры — мәңгiлiк өлiм!

22Ендi сендер күнәның үстемдiгiнен босатылып, Құдайдың қызметiне кiрдiңдер. Бұның өнiмi — Құдайдың меншiгiндегi қасиеттi өмiр, ал түпкi нәтижесi — мәңгiлiк өмiр.

23Күнәның беретiнi — (мәңгiлiк) өлiм, ал Құдайдың беретiн сыйы — Иемiз Иса Мәсiхпен тығыз байланыстағы мәңгiлiк өмiр.

7

Құтқарылу үшiн Таурат заңын орындау мiндет емес


1Бауырластарым, сендер заң туралы бiлетiндiктен айтып отырмын: заң адамға оның көзi тiрiсiнде ғана билiгiн жүргiзедi, соны бiлесiңдер ғой.

2Мысалы, тұрмысқа шыққан әйел күйеуiнiң тiрiсiнде одан ажырап кетсе, бұнысы неке заңына қарсы. Бiрақ күйеуi өлсе, оған қосқан заңның ықпалынан босайды.

3Сонымен, егер бiр әйел күйеуiн тiрi кезiнде тастап, басқа еркекпен тұрса, ондайды неке бұзушы дейдi. Ал күйеуi өлсе, әйел неке заңынан босайды. Бұдан кейiн басқа бiреуге қосылса, неке бұзушы болып саналмайды.


4Сол сияқты сендер де, бауырластарым, Мәсiхтiң тәнi өлгенде рухани тұрғыдан Онымен бiрге «өлдiңдер», сонымен Таурат заңын орындау мiндетiнен босадыңдар. Ендi сендер басқа Бiреудiң қарамағындасыңдар: Ол — өлiмнен қайта тiрiлген Мәсiх. Сондықтан бiз Құдайға қызмет етiп, рухани жемiс бере аламыз.


5Бiз әлi де ескi күнәкар болмысымыздың билiгiнде жүрген кезде заңның өзi бойымызда күнәкар құмарлықтарды қоздырып оятты. Осылайша бiз нәтижесi өлiм болатын нәрселердi iстеп келдiк.

6Ал ендi бiз өзiмiздi байлап қойған Таурат заңын орындау мiндетiнен босатылдық, себебi рухани тұрғыдан «өлiп», оған жоқ болдық. Ендеше Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелi Рухтың жетелеуiмен жаңаша қызмет етемiз.

Таурат заңы, күнә және рухани өлiм туралы


7«Бұдан қандай қорытынды шығады? (Бойымыздағы күнәкар құмарлықтарды қоздырып, оятқандығына бола) Таурат заңы күнәлы ма?» Жоқ, мүлдем олай емес! Бiрақ заң болмаса, күнә жасағанымды бiлмес едiм. Мысалы, Таурат заңы «Басқа бiреудiң иелiгiне сұқтанба!» демесе, сұқтанудың күнә екенiн бiлмес едiм.

8Алайда күнә жағдайды пайдаланып, осы өсиеттiң көмегiмен менiң бойымдағы күнәкар құмарлықтардың әр түрiн қоздырды. Заң болмағанда күнә туралы бiлiм болмас та едi.


9Бiр кезде заңды бiлмей өмiр сүрдiм, ал заңның өсиеттерiн естiген соң мен күнә туралы түсiне бастап,

10рухани тұрғыдан өлгенiмдi, яғни Құдайдан ажырағанымды бiлдiм. Осылай Құдайдың нағыз өмiрге жөн сiлтейтiн өсиетi маған өлiм алып келдi.

11Себебi күнә жағдайды пайдаланып, менi елiктiрiп, рухани өлiмге душар еттi.

12Ендеше Таурат заңы қасиеттi, өсиет те қасиеттi, әдiл және игi.


13«Сонымен осындай игi заң маған рухани өлiмдi (яки Құдайдан ажырауды) әкелгенi ме?» — (деп бiреудiң сұрауы мүмкiн). Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, күнәкар құмарлық игi заңды пайдаланып, өлiм әкелдi. Бұл, күнәның шын мәнiнде нағыз жаман, жексұрын нәрсе екенiн өсиет арқылы анық көрсету үшiн осылай болды.

Адамның iшкi қайшылығы


14Таурат заңының Құдай Рухынан шыққанын бiлемiз, ал мен пенде ретiнде күнәкар құмарлықтардың құлдығындамын.

15Не iстеп жүргенiмдi өзiм де түсiнбеймiн: қалағанымды емес, керiсiнше, жек көретiнiмдi iстеп жүрмiн.

16Ал өзiм қаламайтын қылықтарды iстегендiктен, Таурат заңының игi екенiн iштей мойындаймын.

17Онда жаман нәрсенi iстеген мен емес, бойымдағы күнәкар құмарлық.


18Менiң бойымда, яғни ескi күнәкар болмысымда жақсылық жоқ екенiн бiлемiн, сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшiм жоқ.

19Осылай мен қалаған игiлiктi емес, қаламайтын жамандықты жасаймын.

20Ал ендi, өзiм қаламайтын жамандықты жасағанымда бұны iстеген мен емес, бойымдағы күнәкар құмарлық.

Күнәлы құмарлықтан құтқаратын құдiрет иесi — Мәсiх


21Осылай мен байқаған заңдылық мынау: жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады.

22Iштей Құдай заңына ризамын,

23бiрақ бойымда басқа бiр заңдылықтың да бар екенiн байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, менi бойымдағы күнәкар құмарлыққа кiрiптар етедi.

24Сорлы басым-ай! Өлiм әкелетiн күнәлы тәнiмнен менi кiм құтқара алады?

25Құдайға шүкiр, Иемiз Иса Мәсiх арқылы (бойымыздағы күнәкар құмарлықтың құлдығынан құтқарыла аламыз)!

Сонымен, жағдайым мынадай: ақыл-ойыммен Құдайдың заңын орындағым келедi, ал ескi күнәкар болмысымның кесiрiнен күнәлы құмарлыққа кiрiптармын.

8

Күнәның құлдығынан азат етушi — Киелi Рух


1Ендi Иса Мәсiхпен тығыз байланыстағы адамдарға Құдай жазалау үкiмiн шығармайды. (Олар өздерiнiң ескi күнәлы болмысының емес, Құдайдың Киелi Рухының қалауына сай өмiр сүредi.)

2Себебi Иса Мәсiхпен тығыз байланыстырып, жаңа өмiр сыйлаған Киелi Рух менi күнәкар құмарлық пен рухани өлiмнiң күштеуiнен азат еттi.

3Бiздiң ескi күнәкар болмысымыз (Таурат заңын мүлтiксiз орындауға) дәрменсiз болғандықтан, осы заң iстей алмағанды Құдайдың Өзi iстедi: Ол Өзiнiң рухани Ұлын күнәмыздың төлемiн өтеп құрбандық болу үшiн күнәлы бiздердiң денемiздей денемен осы дүниеге жiбердi. Бiздiң күнәмызға бола Құдай Оған үкiм шығарып, Оның денесiне өлiм жазасын тартқызды.

4Ондағы мақсаты — бiздiң ескi күнәкар болмысымыздың еркi бойынша емес, Киелi Рухтың еркiне сай өмiр сүрiп, Құдай заңының әдiл талаптарын орындауымыз.


5Өзiнiң ескi күнәкар болмысының еркi бойынша өмiр сүретiн әрбiр жан сол болмысының қалауын жүзеге асыруға ұмтылады. Ал Киелi Рухтың жетелеуiмен өмiр сүретiндер Киелi Рухтың қалауын орындауға ниет етедi.

6Күнәкар болмыстың қамын ойлау мәңгiлiк өлiмге, ал Киелi Рухтың еркiн орындау шынайы өмiр мен тыныштыққа жеткiзедi.

7Ескi күнәкар болмысымыздың ниетi Құдайға қас, ол Құдайдың заңына бағынбайды, бағына алмайды да.

8Сондықтан ескi күнәкар болмысының еркiмен өмiр сүретiндер Құдайға ұнай алмайды.


9Бiрақ Құдайдың Рухы өмiрлерiңнен орын алғандықтан, сендер ескi күнәкар болмыстарыңның емес, Құдай Рухының жетелеуiмен өмiр сүрудесiңдер. Ал бойында Мәсiхтiң Киелi Рухы жоқ адам — Мәсiхтiң адамы емес.

10Егерде Мәсiх (Өзiнiң Рухы арқылы) өмiрлерiңнен орын алған болса, онда тәндерiң күнәның кесiрiнен ажалды болғанмен, рухтарың ақталудың арқасында мәңгiлiк өмiрге ие.

11Өлiмнен Иса Мәсiхтi қайта тiрiлткен Құдайдың Киелi Рухы өмiрлерiңнен орын алғандықтан, сол Рухы арқылы сендердiң денелерiңдi де өлiмнен тiрiлтiп алатын болады.


12Сондықтан, бауырластар, ескi күнәкар болмысымыздың еркiмен өмiр сүруге мiндеттi емеспiз!

13Өйткенi егер оның еркiне сай өмiр сүрсеңдер, Құдайдан ажырап, мәңгiлiк өлiмге ұшырайсыңдар. Ал егер Киелi Рухтың күшiмен күнәкар болмыстарыңның iс-әрекетiнен мүлдем бас тартсаңдар, шынайы өмiр сүресiңдер.

14Өйткенi Құдай Рухының жетелеуiмен жүретiндер — Құдайдың рухани балалары.


15Сендер өздерiңдi құл етiп, қайтадан қорқытып жүретiн рухты емес, Тәңiрдiң рухани баласы еткен Киелi Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы бiз Тәңiр Иеге сиынғанда «Әке, Әке!» деп шақырамыз.

16Киелi Рух Құдайдың рухани баласы екенiмiздi өз рухымызға растайды.

17Рухани баласы болғандықтан, Оның бiзге дайындап қойған мәңгiлiк игiлiктерiне де ие боламыз: Құдай Мәсiхке сыйлағандары iспеттi игiлiктердi бiзге де сыйламақ. Егер Мәсiхтiң жолында жүрiп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игiлiктердi қабылдаймыз.

Құдай бiзге болашақта беретiн салтанатты ұлылық


18Болашақта бiз үшiн анық көрiнетiн салтанатты ұлылықпен салыстырғанда, қазiргi заманның азаптарының түк емес екендiгiне әбден сенемiн.

19Бүкiл жаратылыс Құдай Өзiнiң рухани балаларын анық көрсететiн күндi сағына күтiп отыр.

20Өйткенi жаратылыс өз еркiмен емес, Құдайдың үкiмiмен өткiншiлiкке бағынды.

21Солай бола тұра, Құдай бiзге болашақта жаратылыс та өткiншiлiктiң құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетедi деген үмiт бердi.


22Қазiрге дейiн бүкiл жаратылыстың толғақ азабы секiлдi бейнет шегiп, ыңқылдай күрсiнiп жатқанын бiлемiз.

23Бiрақ ол ғана емес, Құдайдың алғашқы сыйы ретiнде Киелi Рухты қабылдаған бiз де iштей ыңқылдай күрсiне отырып, Құдай бiздi рухани баласы ретiнде Өзiне алатын, осылай тәнiмiздi өткiншiлiктен азат ететiн күндi сағына күтудемiз.

24Құтқарылғаннан берi бiздiң осындай үмiтiмiз бар. Ал орындалған үмiттi ешкiм үмiт демейдi, өйткенi ол iске асқанда үмiт болудан қалады.

25Ендi бiз әлi де орындалмаған нәрсеге үмiт артқандықтан, оны сабырмен сағына күтемiз.

Әлсiреген бiздi Құдайдың Киелi Рухы қолдайды


26Сонымен қатар әлсiреген бiздi Киелi Рух та қолдайды. Тәңiр Иеден не тiлейтiнiмiздi дұрыстап бiлмесек те, Киелi Рухтың Өзi бiз үшiн өтiнiш етiп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсiнiсiмiздi Оған жеткiзедi.

27Ал Тәңiр Ие адам жүрегiнiң түкпiр-түкпiрiндегiнi бiледi. Киелi Рух Құдайдың адамдары үшiн Оның еркiне сай өтiнiш жасағанда Құдай Киелi Рухтың ниетiн де түгелдей түсiнедi.

Құдайдың сүйiспеншiлiгiнен бiздi еш нәрсе ажырата алмайды


28Тағы да мынаны бiлемiз: барлық жағдайларда Құдай Өзiн сүйетiндердiң игiлiгi үшiн әрекет етедi, себебi Ол бiздi өз мақсатына сай таңдап алды.

29Құдай алдын ала бiлетiн бiздердi рухани Ұлының үлгiсiне ұқсасын, осылайша Өзiнiң рухани Ұлы көптеген бауырластарының арасындағы тұңғышы iспеттi аса қадiрлi болсын деп бұрыннан белгiлеп қойған едi.

30Құдай кiмдердi бұрыннан белгiлеп қойса, соларды шақырып алды, шақырып алғандарын ақтап та алды, ақтап алғандарына ұлылық та сыйлады.


31Бұл жайында не деймiз? Құдай жақтаса, бiзге кiм қарсы шыға алады?!

32Ол Өзiнiң жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны бiз үшiн өлiмге қиды. Ендеше Онымен бiрге бiзге қажеттiнiң бәрiн қалайша сыйламайды?

33Құдайдың таңдап алғандарына кiм айып таға алады? Құдайдың Өзi оларды ақтайды,

34ендеше кiм үкiм шығара алады? Мәсiх Иса бiз үшiн өлдi, Ол қайта тiрiлдi де, Құдайдың оң жағынан орын алып, бiздi қолдауда.


35Мәсiхтiң сүйiспеншiлiгiнен бiздi не айыра алады? Азап-бейнет пе, қудалану мен аштық-жалаңаштық па, әлде қауiп пен семсер ме?

36Киелi жазбаларда «Сен үшiн бiз күнде өлiммен бетпе-бет келемiз; бiзге сойылатын қой ретiнде қарайды» делiнген.

37Ал осының бәрiнде бiз өзiмiздi шексiз сүйетiн Иемiздiң арқасында ұлы жеңiске жетемiз.


38Мен мынаған нық сенемiн: өлiм де, өмiр де, перiштелер де, жын-перiлер де, бүгiнгi күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де,

39не үстiмiздегi, не астымыздағы ешқандай күш те, тiптi жаратылыстың басқа ешбiр нәрсесi де бiздi Құдайдың Иемiз Иса Мәсiх арқылы көрсетiп жүрген сүйiспеншiлiгiнен айыра алмайды!

9

Елшiнiң яһудилер жайлы уайымы


1Мен Мәсiхпен тығыз байланыстағы адам ретiнде жалған емес, шындығын айтып отырмын, Киелi Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә:

2қасiретiм зор, жүрегiм үздiксiз сыздайды;

3егер қанымыз бiр бауырлас яһуди халқының сенiмге келуi үшiн менiң қарғысқа ұшырап, Мәсiхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едiм.

4Олар — Құдай рухани баласы ретiнде қабылдап, Өзiнiң салтанатты ұлылығын көрсетiп, әлденеше келiсiм жасасқан Исраил халқы. Таурат заңы, киелi үйдегi қызмет және Құдайдың уәделерi де солардың үлесiнде.

5Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және оның ұлдары осы халықтың түп аталары болған. Мәсiхтiң Өзi де адам кейпiнде олардың Ұрпағы болып дүниеге келдi. Ол — Құдай, бүкiл жаратылыс Оның қолында, Ол мәңгi мадақтала берсiн! Аумин.

Құдайдың өз еркiмен қызметшiлерiн таңдап алуы


6Ал яһудилердiң көпшiлiгiнiң Мәсiхтi мойындамағандығы Құдайдың берген сөзiн орындамағанын бiлдiрмейдi. Исраилден тарағандардың бәрi бiрдей шынайы Исраил қауымы емес қой;

7Ыбырайымнан тарағандардың бәрi бiрдей оның Құдай таңдап алған ұрпағы да емес. Қайта, Құдай Ыбырайымға: «Сенiң ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады», — дедi.

8Олай болса, Ыбырайымның кiндiгiнен тараған балалардың бәрi емес, тек Ысқақ сияқты Құдайдың уәдесi бойынша дүниеге келген үрiм-бұтағы ғана нағыз ұрпағы деп есептеледi.

9Өйткенi Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесi былай болған: «Келесi жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемiн. Сонда әйелiң Сараның ұлы болады».


10Рабиға жөнiнде де тура осылай болды. Оның екi ұлы бiр әкеден, яғни түп атамыз Ысқақтан туған.

11Бiрақ егiз ұлдары (Есау мен Жақып) дүниеге келмей, әрi не жақсылық, не жамандық жасамай тұрған кезде-ақ, Құдай екеуiнiң бiреуiн таңдап алды.

12Бұл жерде Құдайдың адамдарды iстеген iстерi бойынша емес, Өзiнiң еркi бойынша таңдап алуы айқын көрiнедi. Ол Рабиғаға: «Ағасы iнiсiнiң қызметшiсi болмақ», — деген хабар жiбердi.

13Сол сияқты Оның: «Мен Жақыпты ұнаттым, ал Есауды жаратпадым», — дегенi де жазылған.


14Бұл ненi бiлдiредi? Әлде Құдайдың әдiлетсiз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!

15Құдай Мұса пайғамбарға: «Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейiрiмiмдi шашамын», — деген.

16Яғни Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетiне емес, Құдайдың рақымына байланысты.

17Тауратта Өзiне қарсы шыққан Мысыр патшасы перғауынға Құдайдың былай дегенi де жазылған: «Саған (iстейтiнiм арқылы) құдiретiмдi көрсетiп, бүкiл жер жүзiне атымды шығару үшiн ғана сенi патша етiп қойдым».

18Сонымен, Құдай Өзi қалағандарына рақымын төгiп, ал жаратпағандарын қасарыстырып қояды.


19Мүмкiн, бiреулерiң маған: «Олай болса, Құдай бiздi неге кiнәлайды? Оның еркiне кiм қарсы шыға алар едi?» деп айтарсыңдар.

20Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтiндей сен кiмсiң?! Жаратылған нәрсе өзiн жаратқанға: «Неге менi осылай жараттың?» деп айта ма?

21Қайта, құмырашы бiр балшықтан алып, бiреуiн сән-салтанатқа, келесiсiн қарапайым қолданысқа арнап екi ыдыс жасаймын десе, ерiктi емес пе?


22Ал мынаған не дейсiңдер: Құдай бiреулерiне күнәлары үшiн қаһарын төгiп, құдiретiн көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, солардың жаман iс-әрекеттерiне үлкен сабырлықпен шыдап келген едi.

23Ал басқалары арқылы Құдай Өзiнiң шексiз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төктi. Бұларды Ол көктегi салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған едi.

24Осы үшiн Құдай яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да бiздi шақырды.

25Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Өз халқым еместi ендi халқым деймiн, сүймегенiмдi сүйiктiм деп атаймын».

26Және: «Менiң халқым емессiңдер деген жердiң өзiнде олар ендi тiрi Құдайдың рухани балалары деп аталады».


27Ишая пайғамбар Исраил жайында дауыстап былай деген: «Исраилдiң ұрпақтары теңiз жағасындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болса да, олардың тамтығы ғана құтқарылады.

28Тәңiр Ие бұл үкiмiн жер бетiнде тездеп, (асқан әдiлдiкпен) бiржола iске асырады».

29Ишаяның алдын ала айтып кеткен мына сөзi де дәл келдi: «Әлемнiң Иесi бiраз ұрпағымызды тiрi қалдырмағанда, бiз де ежелгi Содом мен Ғомора қалаларының кебiнiн киiп, толықтай жойылған болар едiк».

Исаға сенiп, Оны Құтқарушы Ие ретiнде мойындау қажеттiгi


30Бұған не дей аламыз? Құдай алдында ақталуға тырыспаған басқа ұлт адамдары сенiмдерi арқылы ақталды,

31бiрақ Таурат заңын орындау арқылы ақталуға тырысқан Исраил халқы бұл мақсатқа жете алмады.

32Неге жете алмады? Себебi олар сенiм арқылы емес, өз еңбектерi арқылы ақталмақ болды. Сондықтан Мәсiх олар үшiн сүрiндiретiн «кедергi тас» iспеттi болды.

33Бұл туралы да алдын ала жазылған едi. «Мiне, Мен Сион қаласында кедергi тасты орнатамын. Бұған көбi сүрiнiп, құлайды. Оған сенiмiн артқандар ұятқа қалмайтын болады».

10


1Бауырластарым, жүрегiмнiң тiлегi және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдiктердiң құтқарылуы.

2Олардың Құдай үшiн ынта көрсетiп жүргендерiне куәмын, алайда ынталары дұрыс түсiнiкке негiзделмеген.

3Өйткенi олар Құдайдың адамды ақтау жолын ұқпай, өздерiнiң әдiлдiгiн орнатуға тырысты, осылайша Тәңiр Иенiң дайындаған ақтау жолын мойындамай қойды.

4Адамдардың Таурат заңын ұстануға ұмтылысын Мәсiх тоқтатты, ендi Оның құрбандық өлiмiне сенетiндер ақталады.


5Таурат заңын орындау арқылы ақталу туралы Мұса пайғамбар былай деп жазған: «Оны бұлжытпай орындайтын адам сол арқылы өмiр сүредi».

6Ал сенiм жолымен ақталу туралы Тауратта былай делiнген: «Көкке кiм көтерiледi? — Яғни Мәсiхтi көктен кiм алып келедi? — деп сұрама,

7немесе: — Түпсiз тұңғиыққа кiм түседi? — Яғни Мәсiхтi өлiмнен кiм алып келедi? — деп жүрегiңде айтпа».

8Қайта, сенiм жолымен ақталған адам былай дейдi: «Бұл сөз саған өте жақын, ол аузыңда және жүрегiңде».

Сенiм туралы бiз жариялап жүрген сөз — осы.

9Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегiңде Құдайдың Оны өлiмнен қайта тiрiлткенiне сенсең, онда құтқарыласың.

10Себебi Мәсiхке жүрегiмен сенуi арқылы адам күнәсынан ақталып, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады.

11Киелi жазбада «Оған сенген кiсi ұятқа қалмайды» делiнген ғой.

12Бұл жерде яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ, олардың жалғыз бiр Жаратқан Иесi бар: Ол Өзiне сиынғандардың бәрiне де шексiз рақымды.

13Себебi: «Иемiзге сиынған әркiм құтқарылады» деп те жазылған.


14(Ал ендi былай деулерiң де мүмкiн:) «Олар Иемiзге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естiмесе, қалай сенедi? Оны ешкiм уағыздамаса, қайдан естидi?

15Ал Құдай жiбермесе, қалай уағыздайды? «(Татулық туралы) iзгi хабар жеткiзушiлердiң келгенi қандай тамаша!» деп жазылған ғой».


16Бiрақ Iзгi хабарды Құдай жiбергенмен, исраилдiктердiң бәрi бiрдей оған сенiп, қабылдаған жоқ. Осы туралы Ишая пайғамбар былай деген: «Ием, бiздiң хабарымызға азғана кiсiлер сендi».

17Сонымен, сенiм хабарды естуден келедi, ал естудiң өзi Мәсiхтiң сөзiн жариялаудан болады.

18Ендi: «Әлде олар хабарды естiген жоқ па?» деп сұрағым келiп тұр. Әрине, естiген. «Үндерi бүкiл жер бетiне жайылып, сөздерi дүниенiң түкпiр-түкпiрiне таралды» деп жазылған ғой.

19Онда мен: «Мүмкiн, Исраил халқы түсiнбеген шығар?» деп сұраймын. Тiптi басқа ұлт адамдары оны түсiндi! Мұса пайғамбар мұны бiрiншi болып алдын ала айтты: «Мен халық сияғы жоқ бөтендер арқылы қызғаныштарыңды оятамын, сендер ақылсыз дейтiн халыққа өздерiңдi ашуландырамын дейдi Құдай».

20Ишая пайғамбар батылдықпен бұл туралы «Iздемегендер Менi таба алды. Мен туралы сұрамағандарға Өзiмдi көрсеттiм» деген Құдайдың сөзiн айтты.

21Ал Исраил халқы жайында Құдай былай деген: «Мен құлақ аспайтын, қасарысқан халықты күнi бойы қол созып шақырумен болдым».

11

Құдай Исраил халқынан бiржола бас тартқан жоқ


1Ал ендi мынаны сұрайын: «Құдай өз халқынан бiржола бас тартты ма?» Жоқ, мүлдем олай емес! Мен өзiм де исраилдiкпiн, Ыбырайымның ұрпағынан, Бунямин руынан тарағанмын, алайда Мәсiхке сенемiн.


2Демек, Құдай баяғы заманда ерекше таңдап алған халқынан бiржола бас тартқан жоқ. Iлияс пайғамбар туралы Киелi жазбада не айтылғаны естерiңде ме? Ол Құдай алдында Исраил туралы былай деп шағым айтқан:

3«Ием, олар Сенiң пайғамбарларыңды өлтiрiп, құрбандық үстелдерiңдi төңкердi. Жалғыз өзiм ғана қалдым, олар менi де өлтiрмекшi».


4Құдайдың оған берген жауабы былай емес пе: «Менiң (жалған тәңiр) Бағал алдында тiзе бүкпеген әлi де жетi мың адамым бар».

5Сол сияқты, қазiрдiң өзiнде де Құдай Исраил халқының iшiнен рақым етiп таңдап алған шағын тобы Мәсiхке сенедi.

6Ал Құдай рақым етiп таңдаған болса, онда оларды еңбектерi үшiн таңдамағаны, әйтпесе рақым нағыз рақым болмас едi.


7Бұның мәнiсi не? Исраил халқы көздеген мақсатына жеткен жоқ, бiрақ оның iшiнен таңдап алынғандар оған жеттi. Қалғандары қасарысып, сене алмай қалды.

8Бұл туралы былай деп жазылған ғой: «Құдай олардың санасын ұйықтатты. Олар көздерi болғанмен шындықты көрмейдi, құлақтары болғанмен Құдай сөзiн естiмейдi, әлi күнге дейiн солай».

9(Қас жауларын Тәңiр Ие дәрменсiз қылсын деп сұраған кезде) Дәуiт пайғамбардың айтқаны мынау болды: «Лайым олар дастарқанға отырғанда торға түсiп, тұтқындалып, жазалансын!

10Лайым көздерi соқыр болып түк көрмей, өмiр бойы бейнеттен бүкшеңдеп жүрсiн!»

Басқа ұлт адамдарының құтқарылуы және елшiнiң Исраил халқы жайлы үмiтi


11«Ал ендi, яһудилер Мәсiхтi қабылдамай күнә жасағанда Құдайдан бiржола безiп кеттi ме?» — деп сұрасам деймiн. Жоқ, мүлдем олай емес! Алайда олардың безiп кетуi арқылы басқа халықтарға құтқарылу жолы ашылды. Құдай осылай исраилдiктердiң қызғанышын оятпақ.

12Ендеше, бұлардың безiп кеткендiктерi қалған адамзатты рухани байлыққа жеткiзсе, әрi зиян шеккендiктерi басқа халықтарға пайдалы болса, онда толықтай құтқарылулары адамзатқа одан да зор игiлiк әкелмек!


13Басқа ұлт адамдары, ендiгi сөзiм сендерге арналады. Мен Мәсiхтiң басқа халықтарға жiберген елшiсi ретiндегi қызметiмдi құрметтеймiн,

14осылайша ұлттастарымның қызғанышын оятып, олардың да бiрсыпырасын құтқарсам деп үмiттенемiн.

15Егер Құдайдың бұлардан бас тартуы арқылы басқа халықтар үшiн Онымен татуласудың жолы ашылса, онда Құдайдың исраилдiктердi қайтадан қабылдауы қандай болады? Бұл оқиға өлiмнен қайта тiрiлумен бiрдей болмақ!

16Мысалы, алғашқы өнiмнен пiсiрiлiп, Құдайға ұсынылатын нанның қасиеттi болатынындай, соның қалған қамыры да қасиеттi. Сол сияқты, ағаштың түбiрi қасиеттi болғанындай, оның бұтақтары да қасиеттi.


17Ал Құдай «асыл тұқымды зәйтүн ағашының бiрнеше бұтақтарын», яғни яһудилердiң көпшiлiгiн, сындырып тастап, қалғандарының арасына басқа ұлттық сендердi телiп кiрiктiрдi. Сендер жай ғана «жабайы зәйтүн ағашынан» болсаңдар да, ендi «асыл ағаштың» шырынынан нәр алып жатырсыңдар!

18Солай болғандықтан, сындырып алып тасталған сол «бұтақтарға бола мақтанып шiренбеңдер! Ал егер бiреуiң шiрене қалсаң, бiлiп қой: «түбiрге» сен нәр бермейсiң, қайта, «түбiр» саған нәр берiп тұр.


19Ал сен: «Құдай менi телiп кiрiктiру үшiн бұрынғы бұтақтарды сындырып алып тастады ғой», — дерсiң.

20Дұрыс! Құдай сол яһудилердi Мәсiхке сенбеген соң («асыл ағаштан», яғни Құдай халқынан) сындырып алып тастады. Ендi олардың орнында сен тұрсың, өйткенi Мәсiхке сенесiң. Ендеше өр көкiрек болмай, сақ бол!

21Әйтпесе, тiптi «табиғи бұтақтарды» аямаған Тәңiр Ие сенi де аямайтыны сөзсiз.


22Сонымен, Құдайдың мейiрiмiн әрi қатаңдығын көре аласың: Ол Өзiне мойынсұнбай, сынып түскендерге қатаңдық танытты. Ал егер сен Оның мейiрiмiн бағалай бiлсең, соған кенеле бересiң. Бiрақ егер Оған мойынсұнудан бас тартсаң, сен де кесiлiп тасталасың.

23Ал сол яһудилер сенбеушiлiктерiнен бас тартса, олар қайтадан телiнiп кiрiктiрiледi. Құдайдың оларды тағы да телитiн құдiретi бар ғой.


24Өйткенi сендер «жабайы зәйтүн ағашынан» кесiлiп алынып, қалыптасқан дағдыға қайшы «асыл тұқымды зәйтүн ағашына» телiнгендiктен, өзiнiң «табиғи бұтақтары» болғандар (яғни яһудилер) сол «ағашқа» оп-оңай-ақ «телiнбей» ме?!

Құдайдың құтқару жоспарындағы шексiз даналығы


25Бауырластарым, сендер өздерiңдi дәрiптемесiн деп, мына құпия жоспарды ашқым келедi: басқа ұлт адамдарының Құдай белгiлеген саны Оның Патшалығына түгелдей кiрiп болғанша, Исраил халқының бiр бөлiгi қасарысып, сенуден бас тартатын болады.

26Осылай күллi Исраил құтқарылмақ. Бұл туралы Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылған едi: Сионнан Құтқарушы келедi. Ол Жақыптың ұрпақтарын терiс жолдарынан қайтарады.

27Күнәларын кешiрген кезде Менiң олармен жасайтын келiсiмiм осы болады.


28Сол яһудилер Iзгi хабарды қабылдамағандықтан олар Құдаймен қас, бұның пайдасы сендерге тиюде. Дегенмен Тәңiр Ие ата-бабаларын таңдап алғандықтан, олардың өздерiн де сүйедi.

29Себебi Құдай уәде берiп, таңдап алғандығынан таймайды.


30Басқа ұлттық сендер бұрын Құдайға мойынсұнбайтын едiңдер, ал қазiр яһудилердiң мойынсұнбағандығынан Оның рақымына ие болдыңдар.

31Сол секiлдi бұл яһудилер де қазiр Құдайға бағынбай жүр, бiрақ Ол сендерге рақым етуi арқылы оларға да өз рақымын қабылдатпақ.

32Сонымен Құдай барлық адамдардың Өзiне мойынсұнбай, құлдықта жүргендерiн әшкереледi. Осылай Ол бәрiне де рақымын көрсетпек.

33О, неткен бай Құдайдың даналығы,

Неткен терең Оның бiлiк-парасаты!


Шешiмдерiне адам ақылы жетпес,


Жолдарын Оның ешкiм зерттеп бiтпес!



34«Кiм Тәңiрдiң ақыл-парасатын ұққан,

Кеңесшiсi боп бағыт бердi Оған?»



35«Есесiн қайтарып алам деп Құдайдан,

Кiм алдымен бiр нәрсесiн берген Оған?»



36Себебi әлемнiң бәрi Құдайдан,

Ол арқылы, Ол үшiн пайда болған.

Лайым Құдай мәңгiлiк мадақталсын! Аумин.



12

Өмiрлерiңдi Құдайға бағыштаңдар


1Сонымен, бауырластарым, бiзге осындай мол мейiрiмiн төккенi үшiн өздерiңдi Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмiрлерiң Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тiрi құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерiң осы болады.

2Бұл күнәкар дүниенiң өмiр сүру салтын үлгi етпеңдер, қайта, ой-тiлектерiң Құдайдың жаңартуымен түбегейлi өзгерсiн! Осылай сендер Оның еркiн — ненiң игiлiктi, ұнамды және кемелдi екенiн ажырата бiлетiн боласыңдар.

Киелi Рух қауымға беретiн дарындар


3Тәңiрiмiз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбiреуiңе айтамын: өздерiң туралы тиiстiсiнен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенiм арқылы әрқайсыңның үлестерiңе қандай рухани дарындар тигенiн ойлай отырып, өздерiңдi саналы түрде бағалаңдар.

4Денемiздiң мүшелерiнiң көп, әрi олардың атқаратын қызметтерiнiң әр түрлi екенiндей,

5бiз бәрiмiз де көптiгiмiзге қарамастан Мәсiхтiң рухани денесiмiз, осылай өзара байланысқан мүшелерiмiз.


6Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық: пайғамбарлық сөз сөйлеу дарының болса, хабардың Құдайдан келгендiгiне деген сенiмiңе сай оны жеткiз.

7Сыбағаңа қызмет ету тиген болса, соныңды атқар, рухани тәлiм беру дарының болса, оны қолдана бер.

8Кiмде жiгерлендiрушi дарын болса, сонысын орындай берсiн, мұқтаждарға жәрдем таратушы да онысын ақ пейiлмен атқарсын. Жетекшiлiк етiп жүргендер шынайы еңбекқорлық көрсетсiн және қайырымдылық жасайтындар оны қуанышпен iстесiн.

Киелi Рухтың қуатындағы қауымның өмiрi


9Сүйiспеншiлiктерiң адал болуы керек. Жамандықтан аулақ жүрiп, жақсылықтан ажырамаңдар.

10Бiр-бiрiңдi бауырлардай сүйiп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар.

11Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесiн, Иемiздiң қызметiнде жүрiп, рухтарың жалындай берсiн!

12Лайым үмiттенiп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар.

13Мұқтаждыққа душар болған Оның адамдарына көмектесiп, ынтамен қонақжайлылық танытыңдар!


14Өздерiңдi қудалағандарға Құдайдан жақсылық тiлеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды берiңдер!

15Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақ болыңдар!

16Өзара ынтымақтас болыңдар; өр көкiрек емес, кiшiпейiл болып, өздерiңдi басқалардан ақылды санамаңдар!


17Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Iс-әрекеттерiңнiң жұрт алдында әдептi болуына тырысыңдар.

18Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар.

19Сүйiктi бауырластарым, кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелi жазбада Жаратқан Иенiң: «Кек алу — Менiң iсiм, есесiн Мен қайтарамын» дегенi жазылған ғой.

20Сонымен, «Жауың ашықса, оны тамақтандыр, шөлдесе, сусын бер! Бұлай еткенiң — оны өз қылығына ұялтып, өкiндiргенiң».

21Осылайша жамандықтан жеңiлмей, оны жақсылықпен жеңiп шық!

13

Үкiметке бағыну туралы


1Әрқайсың мемлекеттiк билiгi барларға бағыныңдар! Себебi мемлекеттiк билiктiң бәрi негiзiнде Құдайдан; қазiргi билiктi де Құдай орнатқан.

2Сондықтан, билiкке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртiбiне қарсы тұрады. Мұндай қарсыластар жазаларын тартатын болады.

3Ел билеушiлерден жақсылық iстегендер емес, жамандық iстегендер қорқуға тиiс. Билiк иесiнен қорықпай жүргiң келсе, жақсылық iстей бер, сонда одан мақтау аласың.

4Өйткенi ол сенiң мүддең үшiн Құдайға қызмет етушi. Ал егер жамандық iстесең, қорыққаның жөн, ол семсерiн белiне бекер байлап жүрген жоқ. Билiк иесi — Құдайдың қылмыскерге жазасын тартқызатын қызметшiсi ғой.

5Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарыңның таза болуы үшiн де мойынсұнуларың керек.


6Сондықтан да алым-салық төлеп тұрсыңдар, себебi билiк иелерi — Құдайдың қызметiндегiлер, олар ел басқарумен үздiксiз айналысуда.

7Әркiмге тиiстiсiн берiңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшiлерге төлеп, сый-құрмет пен қадiрдi — тиiстiлерге көрсетiңдер.

Пәк өмiрмен Мәсiхтiң қайта оралуын асыға күту


8Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсiресе, бiр-бiрiңдi сүю парызын өтеп тұрыңдар. Кiсiнiң өзгенi сүюi Құдай заңын да орындағаны.

9«Неке адалдығын бұзба, кiсi өлтiрме, ұрлық жасама, сұқтанба» және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы кiсiнi де солай сүй».

10Сүйiспеншiлiкке кенелген адам маңайындағыларға жамандық iстемейдi. Сондықтан сүйiспеншiлiк көрсету — Құдай заңын орындау.


11Осыны iске асырыңдар, себебi қандай заманда өмiр сүрiп жатқанымызды бiлесiңдер. Қазiр рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келдi. Бiздiң Мәсiхке сене бастаған кезiмiзден гөрi қазiр құтқарылуымыз жақынырақ тұр.

12Түнгi уақыт бiтуге таяп қалды, ал Мәсiхтiң күнi жақындады. Сондықтан қара түнектегi жаман iстерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық!

13Күндiзге жарасатындай әдетпен өмiр сүрейiк: шектен тыс той-думанға, маскүнемдiкке, неке адалдығын бұзуға, азғындыққа, дау-дамайға әрi күндестiкке салынбайық!

14Одан да Иемiз Иса Мәсiхке берiле түсiп, Оны үлгi етiңдер. Ескi болмыстарыңның күнәкар құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!

14

Әр түрлi көзқарастағы қауым мүшелерiнiң өзара ынтымақтастығы


1Сенiмi әлсiз бауырластарды ой-пiкiрлерi жөнiнде таласпай қауымдарыңда қабыл алыңдар!

2Мысалы, бiреу «маған тамақтың бәрiн де жеуге болады» деп сенсе, соған күмәнданатын басқа бiреу көкөнiс қана жейдi.

3Ет жейтiн бауырлас одан бас тартқанды қорламасын, ал еттен бас тартқан бауырлас оны жейтiндi айыптамасын, өйткенi Құдай оны да қабылдады.

4Басқа Бiреудiң қызметшiсiн айыптауға қандай қақың бар?! Қызметшiсiн ақтау не айыптау — Иесiнiң iсi. Бауырласың ақталады, әрi терiс жолға түсуден сақталады, себебi оны сенiм жолында ұстауға Тәңiрдiң құдiретi жеткiлiктi.


5Кейбiреулер бiр күндi басқасынан қасиеттiрек, ал өзгелерi күндердiң бәрiн бiрдей қасиеттi деп санайды. Әрқайсысы осы мәселелер жайында күмәны болмау үшiн олардың дұрыстығын ойлап, бiр нақты шешiмге келуi керек.

6Бiр күндi екiншiсiнен қасиеттiрек көретiн кiсi оны Иемiз үшiн iстейдi, ал күндердi бiрдей көретiннiң ниетi де солай. Ет жейтiн де мұнысын Иемiздi құрметтеу үшiн iстейдi, ол жеген тамағы үшiн Құдайға шүкiрлiк етедi ғой. Одан бас тартқан да солай, ол да Құдайға шүкiрлiк етедi.


7Ешқайсымыз тек өзiмiз үшiн ғана өмiр сүрмеймiз де, өлмеймiз де.

8Себебi өмiр сүрсек те, өлсек те, Иемiздiң меншiгiмiз.


9Мәсiх бәрiнiң де: өлгендер мен тiрiлердiң Иесi болу үшiн өлiп, қайта тiрiлдi.

10Олай болса, мұндай ережелердi* орындамайтын бауырласыңды айыптауға қандай қақың бар? Немесе оларды орындап жүрген бауырласыңа менсiнбей қарауға қандай қақың бар? Бәрiмiз де Құдайдың қиямет сотының алдында тұрып, орындамайтын бауырласыңды айыптауға қандай қақың бар? Немесе оларды орындап жүрген бауырласыңа менсiнбей қарауға қандай қақың бар? Бәрiмiз де Құдайдың қиямет сотының алдында тұрып,** әшкереленетiн боламыз.

11Киелi жазбада мынау iспеттi айтылған: «Жаратқан Ие былай дейдi: Менiң алдымда барлық адамдар тiзелерiн бүгiп, тiл бiткен пенде Құдай екенiмдi мойындайтын болады деп өз атыммен ант етемiн».

12Демек, әрқайсымыз Құдай алдында өз iс-әрекетiмiз үшiн есеп беремiз.

Бауырласыңның адасуына себепшi болма!


13Ендеше бiр-бiрiмiздi айыптауды тоқтатайық! Қайта, бауырласыңды iстегендерiң арқылы тура жолдан тайдырып, азғындыққа түсiрмеуге шешiм қабылдаңдар!

14Мен Иса Мәсiхпен тығыз байланыста жүрiп, ешқандай тамақтың өзiнен-өзi арам еместiгiне кәмiл сенемiн. Алайда бiреу қайсыбiр тағамды арам деп санаса, онда ол сол кiсi үшiн арам.

15Ал егер сенiң ондай тамақты жеуiң бауырласыңның ар-ұжданы мен сенiмiне нұқсан келтiрсе, бұл iсiң сүйiспеншiлiкке жатпайды. Тамаққа бола бауырласыңды терiс жолға түсiрме! Мәсiх өз жанын сол бауырласың үшiн де қиды.

16Iстерiңе бола жұрттың Iзгi хабарды ғайбаттауына жол бермеңдер!


17Құдай Патшалығы iшiп-жеуде емес, Киелi Рухтың күшiмен әдiл, өзара тату, қуанышты өмiр сүруде.

18Мәсiхке осылай қызмет еткендер Құдайға ұнамды, адамдарға қадiрлi болады.


19Ендеше өзара тату жүрiп, бiр-бiрiмiздiң рухани өсуiмiзге көмектесетiннiң барлығына жан-тәнiмiзбен ұмтылайық!

20Жейтiн тамаққа бола бауырластар өмiрiндегi Құдайдың iсiн бұзба! Тамақтың бәрi де адал. Бiрақ бiреудiң кейбiр тағамды iшiп-жеуi басқа сенушiлердiң өздерiнiң ар-ұждандарына қайшы iс iстеулерiне түрткi болуы дұрыс емес!

21Егер ет жеу, шарап iшу немесе басқа нәрсе iстеу бауырласыңның сенiм жолынан тайып, азғындыққа елiгiп, рухани әлсiреуiне себеп болса, ондай нәрселерден бас тартқаның жөн.


22Осы мәселе жайында ұстанған сенiмiң жеке өзiң мен Құдай арасында болсын. Өзiнiң дұрыс деп таңдағанын iстегенде ар-ұжданы айыптамайтын адам бақытты!

23Ал бiр тамақты жеп отырып, мұным дұрыс емес пе деп күмәнданған адам айыпталады. Себебi ол соны сенiммен iстеген жоқ. Адамның дұрыс екендiгiне күмәны бола тұра iстеген iстерiнiң бәрi де күнә.


24Менiң Иса Мәсiх туралы уағыздаған Iзгi хабарыма деген сенiмдерiңдi нығайтуға Құдай құдiреттi. Бұл хабар ерте заманнан құпия болып келгенмен,

25қазiргi уақытта ашылып жатыр. Барлық халықтар Мәсiхке сенiп, Оған мойынсұнулары үшiн, осы хабар мәңгiлiк Құдайдың бұйрығы бойынша Пайғамбарлар жазбаларының уағыздалуы арқылы оларға жариялануда.

26Даналықтың бiрден-бiр Иесi — Құдайдың даңқы Иса Мәсiх арқылы мәңгi арта берсiн! Аумин.

15

Қауым өмiрiндегi бiрлiк пен татулық


1Сенiмi берiк бiздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес iс-әрекеттерiне төзiп, оларға көмектесуге тиiспiз. Тек өзiмiзге ұнайтынды ғана емес,

2маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды да iстеп, олардың рухани өсуiне себепшi болуымыз керек.

3Мәсiх те Өзiне емес, көктегi Әкеге ұнайтынды iстедi. Забурда алдын ала былай деп жазылған: «Сенi қорлаушылардың ғайбат сөздерi Маған тидi».

4Киелi жазбалардағылардың бәрi бiзге тәлiм болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмiтiмiздi үзбеу үшiн олар арқылы табандылық пен жiгерлiлiкке үйренемiз.

5Табандылық пен жiгердiң бастауы — Құдай. Ол сендердi Мәсiх Исаның үлгiсiне сай өзара татулыққа жеткiзе көрсiн.

6Осылай ынтымақпен өмiр сүрiп, Иемiз Иса Мәсiхтiң Әкесi — Құдайды мадақтай аласыңдар.


7Сонымен, Мәсiх өздерiңдi қалай қабылдаса, сендер де бiр-бiрiңдi солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар!

8Сендерге айтамын: Құдайдың адалдығын дәлелдеу үшiн Мәсiх Исраил халқына қызмет етiп, осылай Құдайдың ата-бабаларымызға берген уәдесiн iске асырды.

9Сонымен қатар, Оның iсi басқа ұлттық сенушiлердiң Құдайдың өздерiне деген мейiрiмiн мадақтауларына да себепшi болды. Өйткенi Киелi жазбаларда былай делiнген: «Сондықтан Сенi ұлттар арасында мақтаймын, Сенiң атыңа, арнап ән-жырымды айтамын».

10Киелi жазбалардың тағы бiр жерiнде мынадай сөздер бар: «Басқа ұлттар, Оның халқымен бiрге шаттаныңдар!»

11Сонымен қатар: «Тәңiрдi дәрiптеңдер, күллi ұлттар, Оны мадақтаңдар, барлық халықтар!» — деп те жазылған.

12Ишая пайғамбар былай деген: Есей ұлы Дәуiт патшаның «тамырынан» өскiндей шыққан Ұрпақ халықтарға билiк құрады. Басқа ұлттар Оған үмiтiн артады.


13Үмiтiмiздiң бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәрiңдi қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсiн! Өздерiң Оған сене отырып, Киелi Рухтың құдiретiмен үмiттерiң молая түссiн!

Iзгi хабарды уағыздаудағы Пауылдың мiндетi


14Бауырластар, сендердiң ниеттерiңнiң iзгiлiктi болып, өздерiңе керектiлердiң бәрiн де бiлiп, бiр-бiрiңе бағыт-бағдар көрсете алатындарыңа кәмiл сенемiн.

15Бұған қарамастан мен осы хатымда бiрқатар мәселелердi естерiңе түсiрiп, едәуiр ашық жаздым. Себебi Құдай маған рақым етiп, мынадай мiндеттi тапсырды:

16басқа халықтар арасында Иса Мәсiхке дiни қызметкер iспеттi қызмет етiп, Құдайдың Iзгi хабарын жариялау, осылайша басқа ұлт адамдарының өмiрлерiн Киелi Рух арқылы Құдайға бағышталған, «тiрi құрбандық» секiлдi Оған ұнамды қылу.


17Сондықтан мен Иса Мәсiхпен тығыз байланыста жүрiп, Құдай үшiн атқарған жұмысымды мақтан тұтамын.

18Мәсiхтiң өзiм арқылы iстегендерiнен басқа еш нәрсе туралы айтуға батылым жетпейдi: басқа халықтардың Iзгi хабарды естiп, мойынсұнулары үшiн Киелi Рухтың құдiретiмен сөйлеп, әрекеттенiп,

19уағыздайтындарым Құдайдың хабары екенiн растайтын құдiреттi кереметтер жасап келдiм. Сөйтiп Иерусалимнен Iллирик өлкесiне дейiнгi үлкен шеңберге ұқсас саяхатымда Мәсiх туралы Iзгi хабарды сол өлкелерде жариялау мiндетiмдi толығымен орындадым.


20Осылай жүргенде уағыздау жұмысын Мәсiхтiң аты әлi де белгiсiз жерлерде жүргiзуге тырыстым. Басқа кiсiнiң қалап қойған iргетасын пайдаланып үйiн салған бiреудей өзгелердiң бастаған iстерiне араласқым келмедi. Қайта, Ишая пайғамбардың алдын ала айтқаны орындалып отыр:

21Ол туралы хабар алмағандар көредi, ештеңе естiмегендер түсiнедi.

Елшiнiң сапар жоспарлары


22Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы мiндетiм едi.

23Ал ендi бұл өлкелерде менiң уағыз жүргiзуге тиiс жерлерiм қалмағандықтан, оның үстiне көп жылдан берi сендердi көрсем деп аңсағандықтан,

24Испанияға аттанғанда өздерiңе соқпақпын. Себебi мен сапар барысында сендердi көрiп, бiраз уақыт бiрге болып қуанышқа кенелгеннен кейiн, сендер менi солай қарай шығарып саларсыңдар деген үмiтiм бар.


25Алайда дәл қазiр Иерусалимге сапар шегiп, Құдайдың сол жердегi адамдарына қызмет көрсетпекпiн.

26Македония мен Ахаядағы қауымдар Құдайдың Иерусалимдегi адамдарының арасындағы мұқтаждары үшiн ақша жинауды дұрыс деп тауып, оны зор ынтамен ұйымдастырды.

27Бұлай iстеудi өздерi шештi, шынында да олар исраилдiк қауымдар алдында қарыздар ғой: басқа ұлт сенушiлерi Құдайдың бұрыннан таңдап алған Исраил халқының «рухани қазыналарынан» үлес алғандықтан, олар өз кезегiнде исраилдiктермен бұ дүниелiк игiлiктерiмен де бөлiсуге тиiс.

28Осыны орындап, жинағаннан түскен «өнiмдi» аман-есен апарып тапсырған соң, Испанияға беттеп, жол-жөнекей сендерге соқпақпын.

29Сол кезде Мәсiхтiң жарылқауын молынан ала келетiнiме күмәным жоқ.


30Бауырластар, сендерден Иемiз Иса Мәсiхтiң атымен және Киелi Рухтың сүйiспеншiлiгiмен өтiнемiн: Құдайға мен үшiн сиына отырып, рухани күресiме ат салысыңдар!

31Ол менi Яһудея аймағындағы сенбеушiлерден құтқарсын, әрi Иерусалимдегi қызметiм Құдайдың адамдарына ұнамды болсын.

32Осылай мен, Құдай қаласа, қуана-қуана сендерге келiп, бiрге болып, көңiлiмдi орнықтырамын.

33Тыныштық сыйлайтын Құдай бәрiңе де жар болсын! Аумин.

16

Жеке кепiлдiк пен сәлемдер


1Сендерге бауырласымыз Фөбе апайды ұсынамын, ол — Кенiхреядағы қауымның қызметшiсi.

2Оны Иемiздiң кiсiсi ретiнде Құдайдың адамдарына лайықты қабылдап, мұқтаж нәрселерiмен қамтамасыз етiңдер! Бұл кiсi көп адамдарға қамқорлық жасап келедi, солардың арасында мен де бармын.


3Мәсiх Исаның қызметiндегi әрiптестерiм Прискила мен Ақилаға сәлем айтыңдар.

4Олар мен үшiн өмiрiн қиюға дайын болды. Бұған өзiм ғана емес, халықтардың күллi қауымдары да алғыс айтуда. Екеуiнiң үйiнде бас қосатын қауымға да сәлемiмдi жеткiзiңдер.


5Азия өлкесiнде Мәсiх жолына түскен алғашқылардың бiрi болған сүйiктi Епенетке де сәлем.

6Сендер үшiн жан аямай қызмет еткен Мәриямға да сәлем айтыңдар.


7Түрмеде бiрге отырған ағайындарым Андроник пен Юнияға да сәлем. Елшiлер арасында абыройлары ерекше, олар менен бұрын Мәсiх жолына түстi.

8Мен Иемiзбен байланысымызда ерекше жақсы көретiн Амплиға да сәлем.

9Мәсiхтiң қызметiндегi әрiптесiмiз Ұрбанға және қымбатты досым Стахиға сәлемiмдi жеткiзiңдер.

10Мәсiхке деген сенiмi дәлелденген Апеллеске де сәлем. Аристобулдың от басына сәлем айтыңдар.

11Тумам Иродионға, Иемiздiң қарамағындағы Нарқистың үй iшiндегiлерге де сәлем.

12Иемiз үшiн құлшына жұмыс iстеп жүрген Трифена мен Трифозаға сәлем айтыңдар, Иемiз үшiн көп еңбек сiңiрген қымбатты Персидаға сәлем.

13Иемiздiң таңдаулысы Руфқа және оның маған да ана болған шешесiне сәлем.

14Асинкритке, Флегонтқа, Ерiмге, Патробқа, Ермиге және олардың қасындағы бауырластарға да сәлем жолдаймын.

15Филолог пен Юлияға, Нире мен оның қарындасына және Олимпанға, сондай-ақ олардың қастарындағы Құдайдың барлық адамдарына сәлем айтыңдар.

16Шын жүректен бiр-бiрiңнiң беттерiңнен сүйiп, сәлемiмiздi жеткiзiңдер. Мәсiхтiң осындағы барлық қауымдары сендерге сәлем жолдауда.


17Бауырластар, сендерге өтiне айтарым: жiк шығарып, өздерiңе үйреткен iлiмге қарсы араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүрiңдер!

18Мұндайлар Иемiз Иса Мәсiхке қызмет етпейдi, қайта, қарындарының ғана қамын ойлап, жағымпазданып, майда да сылдыр сөздерiмен тәжiрибесiздердi алдайды.

19Сендердiң Құдайға мойынсұнғандықтарың әлемге әйгiлi болды. Сондықтан сендер үшiн қуаныштымын, әрi жақсылыққа дана, жамандықтан аулақ болуларыңды тiлеймiн.

20Тыныштық сыйлайтын Құдай жуық арада шайтанды аяқтарыңа жығып бермек. Иемiз Иса Мәсiх сендерге жар болып, рақымын жаудыра көрсiн! Аумин.


21Қызметкерiм Тiмоте және ағайындарым Луси, Ясон және Сосипатыр сәлем айтуда.

22Осы хатты (Пауыл үшiн) қағазға түсiрiп отырған мен, Терти, Иса Мәсiхпен жүрген сендерге сәлем жолдаймын.


23Маған және бүкiл қауымға қонақжайлылық танытқан Гайдан да сәлем. Осы қаланың қазына бастығы Ераст пен бауырласымыз Кварт та сәлем айтуда.


24(Бәрiңе де Иемiз Иса Мәсiх жар болып, рақымын жаудыра көрсiн! Аумин.)