0


Жазба туралы мәлiмет

Осы қысқа сәлемхатты жазған Яһуда өзiн Жақыптың iнiсi деп атаған. Себебi туған ағасы Жақып Иерусалимдегi қауымның танымал жетекшiсi болып, Iнжiлдегi хаттардың бiреуiн жазған едi. (Марқа 6:3; Жақып. хаты 1:1; Жақыптың хаты туралы мәлiмет.)

Яһуданың хаты мен Петiрдiң екiншi хатының бiрқатар ұқсастықтары бар. Хат иелерi бiр-бiрiмен байланыста болып, Құдай Рухының жетелеуiмен бiреуi екiншiсiнен кейбiр үзiндiлердi алып, аздап өзгертiп қолданған.

Хат Құдай Әкеге және Құтқарушымыз Иса Мәсiхке сенушiлерге жолданған. Яһуда онда құтқарылу туралы жазуға ниеттенген болатын, алайда Киелi Рух оны қауымдарға енiп алған жалған ұстаздардың қате iлiмдерi мен азғын өмiр салттары туралы ескертiп жазуға жетеледi. Бұлар сенушiлерге Құдайдың рақым етiп, күнәларын кешiруi туралы мүлдем қате пiкiрлер үйретуде едi. Сондықтан Яһуда мәсiхшiлердi оларға мықтап қарсы тұруға, әрi кiршiксiз таза өмiр сүрiп, шынайы Iзгi хабарды берiк ұстануға жiгерлендiредi.

Арнау және сәлем


1

1Иса Мәсiхтiң басыбайлы қызметшiсi, әрi Жақыптың туған iнiсi Яһудадан Құдай Әке сүйiспеншiлiкпен Өзiнiң қасиеттi халқы болуға шақырған, Иса Мәсiх аман сақтап жүрген сенушiлерге дұғай сәлем:

2Ол сендерге шапағатын жаудырып, амандық, тыныштық пен сүйiспеншiлiктi молынан сыйлай көрсiн!

Алдамшы ұстаздарға төнген кәрлi үкiм


3Қымбатты бауырластар, мен бар ынтаммен бәрiмiзге ортақ құтқарылу туралы хат жазбақшы едiм. Алайда Құдайдың өз халқына бiржола аманаттаған, бәрiмiз сенетiн шынайы iлiмiн қорғауды ескертiп жазуымды қажет деп есептедiм.

4Себебi араларыңа бiрқатар адамдар бiлдiртпей ұрланып енiп алыпты. Осы арсыздар сотталуға баяғыда-ақ белгiленген болатын. Олар азғындықтарына сылтау ету үшiн Құдайымыздың рақымы туралы Iзгi хабарды бұрмалап, Иса Мәсiхтi бiрден-бiр Әмiршiмiз әрi Иемiз деп мойындамайды.


5Сендер атам замандағы мына жайттарды түгел бiлсеңдер де, оларды қайтадан естерiңе салып өткiм келедi: Жаратқан Ие өз халқын Мысырдан құтқарып алған едi, ал кейiн көпшiлiгi қасарысып, сенбегенде Ол солардың көздерiн құртты.

6Сондай-ақ, өздерiнiң билiк жүргiзуге тиесiлi орындарын сақтамай, мекен-тұрағын тастап кеткен перiштелердi де ескерiңдер: Иемiз оларды соттайтын ұлы күн жеткенше тозақтың қара түнегiнде мәңгi шынжырлап сақтап отыр.


7Сол сияқты, Содом, Ғомора мен маңайындағы қалаларды ұмытпаңдар: тұрғындары жыныстық азғындықпен әуестенiп, табиғатқа қайшы ұятсыздықтарға салынғандары үшiн жазаланды. Сонымен олар мәңгiлiк отта азап шегетiндердiң мысалы болды.


8Дәл осылайша, араларыңдағы сол «түс көрушiлер» өз тәндерiн масқаралап, ешбiр билiктi елемей, абыройлы билеушiлердi балағаттап жүр.

9Ал тiптi бас перiште Михайл Мұса пайғамбардың мәйiтi туралы шайтанмен айтысқанда, оны балағат сөзбен айыптауға дәтi бармады. «Жаратқан Ие саған жазаңды тартқызсын!» — деп қана қойды.

10Бiрақ сол алдамшылар өздерi ұға алмаған нәрселер туралы жаман сөз айтып, қарсыласады. Олар жабайы аңдар сияқты ақылдарымен емес, түйсiктерiмен ғана ұғатын нәрселерi арқылы құртылып кетпек.

11Бұлар қасiретке қалмақ! Олар Қабыл таңдаған жолмен жүрiп, Балағам iспеттi алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа берiледi де, Қорах сияқты қиқарлықпен (қауым жетекшiлерiне қарсы) бас көтергендерi үшiн құртылмақ.


12Осындайлар кешкi достық дастарқандарыңа еш қаймықпастан келiп, тойынып алып, сендердi лас дақтар сияқты масқаралайды. Олар жаман шопандай тек өз қамдарын ғана жейдi; жел айдаған жаңбырсыз ақша бұлт iспеттi, әрi күзде жемiс бермейтiн, тамырымен жұлынған, бiржола өлген ағаш секiлдi ешбiр пайда келтiрмейдi.

13Қайта, олар ұятсыз iстерiн паш етiп, көбiк шашып, қоқыр-соқыр әкелiп жатқан теңiздiң буырқанған толқындарына ұқсайды. Аққан жұлдыздай уақытша жарқыраған осы азғырушылар үшiн тозақтың ең қараңғы қапастары дайын тұр.


14Олар туралы адамзаттың жетiншi атасы Енох былай деп алдын ала айтқан едi: «Тыңдаңдар, Иемiз Өзiнiң он мыңдаған қасиеттi нөкерлерiн ертiп көктен түспек!

15Ол бәрiн де соттап, әдiлетсiздердiң зұлымдықпен iстеген барлық жаман iстерiн де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан бүкiл кәрлi сөздерiн де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады».

16Мұндайлар ұдайы наразылық бiлдiрiп, күңкiлдеп жүредi. Олар жаман құмарлықтарына салынып, бас пайдалары үшiн мақтанып, өзгелерге жағымпазданады.

Таза өмiр сүрiп, рухани дамып, күнәкарларды құтқару туралы


17Ал сендер Иемiз Иса Мәсiхтiң елшiлерiнiң алдын ала айтып кеткендерiн естерiңе түсiрiңдершi, қымбатты бауырластарым!

18Олар сендерге: «Осы соңғы заманда өздерiнiң арсыз құмарлықтарына салынып, шынайы iлiмдi келемеждеп жүрген адамдар шығады!» — деген едi.

19Қауымдарға жiк салатын мұндайларда Киелi Рух болмайды, қайта, олар күнәкар болмыстарының жетегiнде жүредi.


20Ал сендер, қымбатты бауырластарым, өздерiң сенетiн Тәңiрдiң қасиеттi iлiмiнiң негiзiнде рухани өсiп толысуға ұмтылыңдар: Киелi Рухтың жетелеуiмен сиыныңдар,

21әрдайым Құдайдың сүйiспеншiлiгiне бөленiп, жамандық атаулыдан сақтаныңдар, әрi Иемiз Иса Мәсiхтiң қайта оралғанда өздерiңе шапағатын тигiзiп, мәңгiлiк өмiрге жеткiзуiн аңсап күтiңдер!

22Iзгi хабарға күмәнданып жүргендерге қайырымды болып,

23ынта-жiгермен тозақ отынан құтқарып алыңдар! Ал (жалған iлiмдердi ұстанған) басқаларға аяушылық танытқанда, күнәның ықпалынан шошынып, олардың азғын болмыстарынан бастау алатын арам iстерiнен жиренiп, аулақ жүрiңдер!


24Сендердi адасып кетуден сақтап, Өзiнiң нұрлы салтанаты көрiнген күнi қуанышпен, мүлтiксiз таза күйлерiңде өз алдына тұрғызуға

25бiрден-бiр Құдайымыздың құдiретi жетедi. Ол бiздi Иемiз Иса Мәсiх арқылы құтқарған едi ғой. Даңқ пен ұлылық, құдiрет пен билiк күллi өткен дәуiрлерде болғандай, қазiр де, мәңгiлiк те Онiкi! Аумин.