Жазба туралы мәлiмет
Батыс Түркиядағы Азия аймағында Диотреф есiмдi өр көкiрек қауым жетекшiсi елшi Жохан жiберген ұстаздарды қабылдамай, тiптi оларды қарсы алған мәсiхшiлердi қауымнан аластатқан едi. Ендi қарт елшi бұл хатын ұстаздарға көрсеткен қонақжайлылығы үшiн Гайды мақтап, Диотрефтi сөкпек ниетпен сол қауымға арнап жазды. Бұл да шамамен б.з. 85-95 жылдары болса керек.
Арнау және сәлем
1Ақсақалдан өзi шын жүректен жақсы көретiн қымбатты Гайға дұғай сәлем!
2Сүйiктi бауырым! Сенiң рухани өмiрiңнiң сау болғанындай, саған барлық жағынан да Құдайдан игiлiк пен денсаулық тiлеймiн.
3Кейбiр бауырластар келiп, сенiң шындыққа адал болып, үнемi шындық жолымен жүрiп келе жатқаныңды хабарлағанда, мен қатты қуандым.
4Рухани балаларымның шындық жолымен жүрiп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ.
Құдайдың адал қызметшiлерiн жылы жүзбен қабылдау
5Сүйiктi бауырым, сен бауырластарымызға, өзiңе бейтаныс болса да, демеу болып, дұрыс iстеп жүрсiң.
6Олар қауым алдында сенiң сүйiспеншiлiгiңе куәгер болды. Мұндайларды Құдайдың адамдарына лайық түрде жолға жабдықтап, шығарып жiберсең, игi болар едi.
7Себебi олар бұл сапарға Оның атын таныту үшiн шықты және құдайсыздардан ешқандай жәрдем алмайды.
8Сондықтан осындай кiсiлердi қолдау — бiздiң мiндетiмiз; шындықты таратуға осылай үлесiмiздi қосамыз.
Өр көкiрек жетекшi мен адал сенушi
9Мен қауымға жазып жiбердiм, бiрақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бiздi мойындамайды.
10Сондықтан барған кезде оның iстегендерiнiң бәрiн есiне саламын: ол бiздi жаман сөзбен өсектеп жүр; ал соған да қанағаттанбай, сапармен келген бауырластарымызды өзi де қабылдамайды, басқаларға да қабылдатпайды. Қарсы алғандарды тiптi қауымнан шығарып тастайды.
11Сүйiктi бауырым, жамандыққа елiктемей, жақсылыққа елiкте! Жақсылық iстейтiн адам Құдайдiкi, ал жамандық жасаушы Құдайды бiлмейдi.
12Деметiр туралы елдiң бәрi жақсы пiкiр айтады. Ол шыңдыққа сай әрекет жасайды. Бiз де соған куәлiк етiп жүрмiз, ал сендер шындықты айтатынымызды бiлесiңдер.
Қоштасу
13Саған әлi де көп нәрсе жазуым керек едi, бiрақ оны жазғым келмейдi.
14Сенi жақын арада көретiн шығармын деген үмiтiм бар, сонда екеуiмiз ауызба-ауыз сөйлесемiз.
15Саған амандық болсын! Бұл жақтағы достарың сәлем айтып жатыр. Сол жақтағы достардың бас-басына сәлем айт!