0


Жазба туралы мәлiмет

Бұл хатты да елшi Жохан б.з. 85-95 жылдарында жазған. Сол заманда бiрқатар уағызшылар мен ұстаздар Iзгi хабарды ел аралап тарататын. Мәсiхшiлер әдет бойынша оларды үйлерiне қондырып, сапарларын жалғастыру үшiн қажет нәрсенiң бәрiмен қамтамасыз етiп отырған.

Осы қонақжайлылықты «Бiлiмпаздық» iлiмiн таратушылар да пайдаланып жүрген едi. Сондықтан қарт елшi осы хатымен қауымдарды сақтандырып, ел аралап жүрген ұстаздардың қандай iлiм уағыздап жүргенiн тексерудi ескертедi. Әйтпесе олардың жалған iлiмдердi таратуға өздерiнiң қалауынсыз атсалысқан жағдайға тап болулары да мүмкiн едi.

Арнау және сәлем


1

1Құдай таңдаған бәйбiше мен оның балаларына ақсақалдан дұғай сәлем! Сендердi шын жүректен жақсы көремiн, бұл жөнiнде мен жалғыз емеспiн, шындықты бiлетiндердiң бәрi де сендердi жақсы көредi,

2өйткенi шындық өзiмiзде қазiр бар және мәңгi бола бередi.

3Құдай Әке мен Оның рухани Ұлы Иса Мәсiх сендерге рақымын, мейiрiмiн және тыныштығын, сонымен қатар шындық пен сүйiспеншiлiгiн берсiн.

Шындық пен сүйiспеншiлiк


4Балаларыңның арасынан шындық жолымен жүрген бiрнешеуiн көргенiме қатты қуандым: Құдай Әке бiзге солай өмiр сүруге өсиет еттi.

5Сондықтан, бәйбiше, мынаны өтiнемiн: бәрiмiз бiр-бiрiмiздi жақсы көрейiк. Мұны жаңа өсиет ретiнде жазып отырған жоқпын, бұл өсиет бiзде бастапқыдан бар.


6Ал осы сүйiспеншiлiк Оның өсиеттерi бойынша жүруiмiзде. Сүйiспеншiлiкке сай әрекет ету керек деген бұл өсиеттi бастапқыдан берi естiп келесiңдер.

Мәсiхке адал болу


7Дүниеге көптеген азғырушылар келе жатыр. Олар Иса Мәсiхтiң жерге адам бейнесiнде келгенiн мойындамайды. Азғырушыларды және Мәсiхке қарсы шығушыларды осыдан бiлуге болады.

8Еңбекпен қол жеткендердi жоғалтпай, Иемiзден толық сыйын алу үшiн байқап жүрiңдер!

9Мәсiхтiң iлiмiмен жүрмей, одан шығып кеткен адамның Құдаймен қатынасы жоқ. Ал Оның iлiмiмен жүргендер Әкемен де, Оның рухани Ұлымен де тығыз байланыста болады.

10Сондықтан да бiреу келiп, осы iлiмге қарсы бiр нәрсе үйретсе, ондайды үйлерiңе кiргiзбеңдер, тiптi сәлемiн де алмаңдар!

11Себебi бiреудiң сәлемiн алған адам соның жамандық iстерiне ортақ болады.

Қоштасу


12Сендерге әлi көп нәрсе айтар едiм, бiрақ оны жазбаша жасағым келмейдi. Өзiм келiп, ауызба-ауыз сөйлессек деп ойлаймын, сонда зор қуанышқа кенелемiз.


13Құдай таңдаған бауырласыңның балалары дұғай сәлем жолдайды.