0


Жазба туралы мәлiмет

Петiр елшiнiң осы екiншi хаты қайтыс боларынан сәл бұрынырақ жазған өсиетi iспеттi (1:12-15). Елшi оны бiрдей сенiмге ие болғандарға арнады. Оларға бұрын да сәлемхат жолдаған болатын (3:1), ол Iнжiл шарифтегi Петiрдiң бiрiншi хаты болуы ықтимал. Олай болса, осы екiншi хатты қабылдайтындар да солтүстiк Анадолудың бiрқатар аймақтарында шашырап тұрып жатқан сенушiлер едi (Петiр. 1-хаты 1:1).

Елшi соңғы өсиетiнде сенушiлердi рухани дамуға шақырады. Оларды, сондай-ақ, болашақта қауымдарға келiп, азғындық тарататын жалған ұстаздардан сақтандырады. Мұндай адамдар Иса Мәсiх қайта оралғанда тиесiлi жазаларын тартпақ. Ал сенушiлер пәк таза өмiр сүрiп, Мәсiхтiң қайтып келген кезiнде қазiргi әлемдi жойып, күнәсыз жаңа аспан мен жердi жаратуын нық сенiммен күткендерi абзал.

1

Арнау және сәлем


1Иса Мәсiхтiң басыбайлы қызметшiсi, әрi елшiсi Шимон Петiрден ортақ сенiмiмiздегiлердiң бәрiне дұғай сәлем. Құдайымыз бен Құтқарушымыз Иса Мәсiхтiң әдiлдiгiне сай бiзге берiлгендей, сендерге де аса құнды сенiм сыйға берiлдi.

2Лайым Құдай мен Иемiз Исаны жақыннан танып бiлген сендерге рақым, амандық пен тыныштық молынан жауа берсiн!

Сенушiнiң табанды мiнез-құлқын дамытып, құтқарылуға таңдалғанын бекiтуi


3Құдай бiздi құдiреттi күшiмен және Оны жақыннан танып бiлуiмiз арқылы Өзiне ұнамды жаңа өмiр сүруiмiзге қажеттiнiң бәрiмен қамтамасыз еттi: Ол бiздi Өзiнiң ұлы да игiлiктi болмысы арқылы меншiктi халқы болуға шақырып,

4мұнысымен бiзге аса құнды да тамаша уәделерiн бердi. Ондағы мақсаты — осы күнәкар дүниелiк адамдар сияқты арам құмарлықтарға салынбай, қайта, олардан құтылып, Құдайдың әдiл болмысын бөлiсуiмiз.


5Сол себептен де мына қасиеттерге кенелуге бар ынталарыңмен ұмтылыңдар: сенiмдерiңде игiлiк көрсетiңдер, ал игiлiк көрсеткенде парасаттылық та танытыңдар,

6парасаттылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын! Ал ұстамдылықтарыңда төзiмдiлiк, төзiмдiлiктерiңде Тәңiрге бағышталғандық,

7Тәңiрге бағышталғандықтарыңда бауырластарыңа деген iзгi ниеттiлiк, ал iзгi ниеттiлiктерiңде шынайы сүйiспеншiлiк танытыңдар!

8Егер осы қасиеттер сендердiң бойларыңда болса және молая түссе, онда рухани өмiрлерiң пайдасыз, өнiмсiз болып қалмай, қайта, Иемiз Иса Мәсiхтi жақынырақ танып бiле бересiңдер.

9Ал кiмде бұлар жоқ болса, сол алыстан көрмейтiнге, тiптi соқырға ұқсайды. Ол өзiнiң өткен кезеңдердегi күнәларынан тазарғанын ұмытқан.


10Сондықтан да, бауырластарым, Құдайдың өздерiңдi меншiктi халқы болуға шақырып, таңдап алғанын өмiрлерiңмен нық бекiтуге ынтамен ұмтылыңдар! Егер солай iстесеңдер, ешқашан да тура жолдан тайып кетпейтiн боласыңдар.

11Осылайша сендерге Иемiз бен Құтқарушымыз Иса Мәсiхтiң мәңгiлiк Патшалығының «қақпасы» айқара ашылып, оған емiн-еркiн кiресiңдер.

Киелi кiтаптағы пайғамбарлар сөздерi мен елшiлер куәлiктерiнiң ақиқаттығы


12Сол себептi, осы айтқандарымды бiлсеңдер де, қабылдаған шынайы iлiмдi берiк ұстансаңдар да, оларды бәрiбiр ұдайы естерiңе салып отырмақпын.

13Көзiмнiң тiрiсiнде соларды естерiңе түсiрiп, рухани дамуларыңа қозғау салып отыруды дұрыс деп санаймын.

14Иемiз Иса Мәсiх өзiме анық бiлдiргенiндей, жуырда осы тәндiк денемдi тастайтыным маған белгiлi.

15Сондықтан мен бұ дүниеден аттанғаннан кейiн де сендер оларды әрдайым есте сақтауларың үшiн қолымнан келгеннiң бәрiн де iстеймiн.


16Бiз сендерге Иемiз Иса Мәсiхтiң құдiретiн және қайта оралуын хабарлағанда, қулықпен қиыстырылған аңыз-ертегiлерге сүйенген жоқпыз. Керiсiнше, Иемiз Иса Мәсiхтiң салтанатты ұлылығын өз көзiмiзбен көрген куәгерлер болдық.

17-18 Иемiз Иса Мәсiхпен бiрге қасиеттi тауда болғанда көктен шыққан бiр дауысты естiдiк. Сонда шексiз ұлылықтың Иесi, Құдай Әке, Мәсiхке арнап: «Бұл — Менiң сүйiктi Ұлым, Мен Оған ризамын», — деп дауыстап, Оны құрмет пен салтанатты ұлылыққа кенелттi.


19Сонымен қатар, бiздерде пайғамбарлардың жазып қалдырған нық сенiмдi сөздерi бар ғой. Бұларға көңiл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта «сәулесiн шашып тұрған шамға» ұқсайды. Таң атып, шолпан жұлдызының пайда болатынындай, ақырында Мәсiх қайтып келiп, жүректерiңе толық түсiнiк құятын болады.

20Ең бастысы, Киелi жазбалардағы пайғамбарлар сөздерiнiң ешқайсысы да пайғамбардың жеке түсiнiгi бойынша туындамағанын бiлiңдер.

21Себебi бұл пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес, қайта, Құдайға бағышталған қасиеттi адамдарға Оның хабарларын айтуға Құдайдың Киелi Рухы қозғау салып отырды.

2

Қауымдарға енiп алмақшы болған жалған ұстаздардан сақтандыру


1Алайда сол заманда Құдай халқының арасында жалған пайғамбарлар да пайда болды. Дәл солай сендердiң араларыңда да жалған ұстаздар болмақ. Олар жiк салғыш зиянды iлiмдердi жасырын енгiзiп, тiптi өздерiнiң күнәларының құнын өтеп жанын құрбан еткен Әлем мiршiсiн де мойындамайды! Сондықтан олар бастарына кенеттен түсетiн қырғынды өздерi шақырып алады.

2Ал көптеген адамдар солардың азғындықтарына ерiп, ақиқат жолын масқаралайтын болады.

3Сол жалған ұстаздар сендердi ашкөздiктен өтiрiк сөздерiмен алдап кетпек. Алайда олардың үкiмi әуелден-ақ бастарына төнiп тұр, жойылулары кешiкпей, сөзсiз iске аспақ!

Тәңiрдiң зұлымдарға қаһарын төгiп, әдiлдердi құтқаруы


4Себебi Құдай күнә жасаған перiштелердi де аяған жоқ. Оларды қияметте сотталуға сақталу үшiн тозақтың қараңғы қапастарына ұстап берiп, шынжырлатып тастады.

5Тәңiр ежелгi дүниенi де аямай, зұлымдар әлемiне топан су жiбердi. Жалғыз құтқарғаны әдiлдiктi уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегiз-ақ адам болды.

6Құдай Содом мен Ғомора қалаларын да үкiмдеп, күл-талқандарын шығарды. Ол солардың мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсеттi.

7Ал арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшiн қатты қиналған әдiл Лутты Тәңiр аман сақтап қалды.

8Сол iзгi жан олардың арасында тұрып, Құдайдың бұйрығына қайшы iс-әрекеттерiн күн сайын көрiп, естiп, өзiнiң әдiлеттi ар-ұжданы алдында азап шектi.

9Бұл солай болғанда, Жаратқан Ие Өзiне ұнамды өмiр сүретiндердi көрiп жатқан қуғын-сүргiннен құтқарып, ал әдiлетсiздердi қиямет соты болатын күнге дейiн сақтап, жазалауды, әрине, бiледi.

10Әсiресе күнәкар болмыстарының арам құмарлықтарының жетегiне ерген, ешбiр билiктi елемейтiндердiң тағдырлары осындай болмақ!

Сондай өжет, қиқар жалған ұстаздар абыройлы билеушiлердi балағаттаудан қаймықпайды.


11Тiптi күш-қуаттары әлдеқайда зор перiштелер де оларды Жаратқан Иенiң алдында ешқандай балағат сөзбен айыптамайды.

12Бiрақ сол алдамшы ұстаздар ақылдарымен емес, тек аулап, өлтiру үшiн туылған жабайы аңдар сияқты түйсiктерiмен ғана жүредi. Өздерi ұға алмаған нәрселер туралы жаман сөз айта бередi. Ақырында жабайы аңдар сияқты олар да жойылып,

13жасаған әдiлетсiз iстерiне лайықты жазаларын тартпақ.

Ұзақты күн тәндiк тәбеттерiн қанағаттандырып, ағыл-тегiл думандатудан ләззат табатын мұндайлар өздерiңмен бiрге тойлауларымен ар-ұяттарыңа дақ түсiрiп, сендердi жұрт алдында масқара етпек.


14Олар ұдайы күнә жасаудың орайын iздеп, көздерiмен әйелдердi iшiп-жеп, сенiмi тұрақсыздарды өздерiне елiктiрiп отырады. (Солардың саны көбейе түссiн деп) ашкөзденiп үйренген мұндайларды Құдайдың қарғысы атқан!

15Олар баяғыдағы Босор ұлы Балағамның жолына түсiп, тура жолдан тайып, адасып кеттi. Балағам әдiлетсiз iсi үшiн алатын сыйын қатты ұнатты,

16бiрақ жаман қылықтары бетiне басылды: оның тiлсiз есегiне тiл бiтiп, адам секiлдi сөйлеп, қиқар пайғамбардың ақымақ әрекетiн тоқтатты.


17Сол жалған iлiмдi таратушылар қауымды алдап, тақыр жерге отырғызатын, кеуiп қалған қайнар көзi және дауыл айдаған, жаңбырсыз ақша бұлт iспеттi. Оларға тозақтың ең қараңғы орындары дайын тұр.

18Себебi бос сөздермен мақтанып жүрген мұндайлар терiс жолмен жүргендердiң арасынан жуырда ғана құтылып шыққан адамдарыңды күнәкар болмыстарының құмарлықтарын әбден қанағаттандыруға елiктiрiп, торларына түсiредi.

19Өздерiн құртатын азғындықтың құлдығындағы олар осындай жандарға бостандықты уәде етедi.

Адам неден жеңiлсе, соның құлы болар.



20Осындайлар Құтқарушы Иемiз Иса Мәсiхтi танып бiлгендерi арқылы арамдықтардан құтылғаннан кейiн қайтадан соның шырмауына түсiп, жеңiлгендiктен, олардың соңғы жағдайы бастапқысынан бетер жаман болмақ.

21Олар үшiн әдiлет жолын танып бiлiп, Мәсiхтiң тапсырған қасиеттi өсиеттерiн қабылдап, кейiн керi бұрылғаннан гөрi, сол жолды мүлде бiлмегендерi жақсы болар едi.

22Бастарынан кешкендерiнде мына тауып айтылған мақал-мәтел жүзеге асады:

«Төбет қайта оралар өзiнiң құсығына»,

«Жуылған шошқа қайтар аунайтын батпағына».



3

Иемiздiң дүниенi соттауға қайтып келуiн күтiп, лайықты өмiр сүру


1Қымбатты бауырластар, бұл менiң сендерге жазған екiншi хатым. Екеуiнде де осы жайттарды естерiңе түсiре отырып, шындап ойлануларыңа түрткi салмақ болдым.

2Өткен замандарда Құдайдың қасиеттi пайғамбарлары айтып кеткен сөздерiн және Иемiз бен Құтқарушымыздың сендерге жiберген елшiлерi арқылы жеткiзген өсиетiн есте сақтауларыңды қалаймын.


3Ең бастысы, осы соңғы заманда арам құмарлықтарына салынып, сендердi келемеждейтiн дамдардың шығатынын бiлiңдер.

4Мұндайлар: «Оның қайтып келетiнi жөнiндегi уәдесiмен не болды, ә? Аталарымыз қайтыс болғаннан кейiн де барлық жайттар еш өзгерiссiз, жаратылыстың басталуынан бергi қалпында қалып келедi», — дейдi.

5Солай ойлағанда олар мыналарды әдейi ескермейдi: Құдайдың бұйрығымен көк баяғыдан берi бар болған, ал жер судан шығып, сумен қалыпқа келтiрiлдi.

6Тәңiрдiң бұйрығына сай топан су кенеттен көне заманғы дүниенi басып, адамзатты жойып жiбердi.

7Сол сияқты Құдай Өзiнiң әмiрiмен осы қазiргi аспан мен жердi де әдiлетсiздердiң сотталып, тозаққа түсетiн күнi отпен қиратуға қалдырып отыр.


8Қымбатты бауырластар, Жаратқан Иенiң алдында бiр күн мың жылдай, ал «мың жыл бiр күндей» екенiн жақсылап ұғып алыңдар.

9Кейбiреулер «Ол кешiгiп, келмей қалды» деп санағанмен, Иемiз уәдесiн орындауын кешiктiрмейдi! Керiсiнше, Ол бiзге төзiмдiлiк танытуда: ешкiмнiң де тозаққа түсуiн емес, барлық адамдардың терiс жолдан қайтып, күнәларына өкiнiп, арылуын қалайды!


10Ұрының табан астынан түсетiнi сияқты, Иемiздiң қайта оралатын күнi де бiлдiртпей кенеттен келмек. Сол күнi аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенiң құрамдас бөлiктерi өртенiп құрып кетедi. Жердiң өзi де, ондағы бүкiл жаратылыс пен адам қолымен iстелгеннiң бәрi де өртенiп жоқ болады.


11Бар дүние осылайша құрып кететiндiктен, сендер қандай болуларың керек? Жүрiс-тұрыстарың Тәңiрге бағышталып, қасиеттi де Оған ұнамды болуға тиiс!

12Себебi сендер Құдайдың алдын ала белгiлеген күнiн сағына күтiп, оны тезiрек келтiргiлерiң келедi. Сол күнi аспан өртенiп құрып, дүниенiң құрамдас бөлiктерi оттың жалынында балқып кетедi.

13Ал бiз Құдайдың уәдесiне сай әдiлдiк орнаған жаңа аспан мен жаңа жердiң пайда болуын күтудемiз.


14Сонымен, қымбатты бауырластар, бұларды күтiп жүргендiктен, Мәсiхтiң алдында тұрғанда Оның сендердi мүлтiксiз пәк таза, тыныштықпен өмiр сүрдi деп табуы үшiн осыған жан сала ұмтылыңдар!

15Иемiз төзiмдiлiк танытуда, себебi Ол адамдарды құтқарғысы келедi, мұны дұрыс ұғыңдар!

Қымбатты бауырласымыз Пауыл да сендерге Тәңiрдiң өзiне сыйлаған даналығымен осы туралы хат жазған болатын.

16Ол бұл мәселеге тоқталып өткен барлық хаттарында да осылай дейдi. Оларда бiрқатар түсiнуге қиын жерлер бар. Шынайы рухани тәлiм алмаған, тұрақсыз адамдар өзге Киелi жазбаларды бұрмалағандары сияқты, бұларды да бұрмалап, қате түсiндiредi. Сол арқылы олар тозаққа түсулерiне өздерi себепшi болады.


17Алайда сендер, қымбатты бауырластар, бұны алдын ала бiлiп, сақ болыңдар: ұяты жоқ, тура жолдан адасқан адамдарға iлесiп, берiк негiздерiңнен айырылып қалып жүрмеңдер!

18Қайта, Иемiз, әрi Құтқарушымыз Иса Мәсiхтiң рақымына кенелiп, Оны жақынырақ танып бiлуде өсе берiңдер!

Даңқ пен құрмет қазiр де, мәңгiлiк те Оған арналсын! Аумин.