0


Жазба туралы мәлiмет

Хат иесi Шимон Петiр бастапқыда Иса Мәсiхтiң Исраил халқына елшiлерi болуға тағайындаған он екi шәкiртiнiң бiрi едi. Өзiнiң құрбандық өлiмi мен қайта тiрiлуiнен кейiн Мәсiх оларға күнә мен шайтанның құлдығынан құтқарылудың Iзгi хабарын әлемнiң барлық халықтарына жеткiзудi аманаттады. Алғашқы өнiм мейрамында сенушiлерге көктен Киелi Рух құйылған кезде таң-тамаша қалған қалың тобыр Құдайдың Мәсiх арқылы жасаған керемет iстерi жайында өздерiнiң сан алуан ана тiлдерiнде естiдi. Көптеген тыңдаушылар күнәлары үшiн опық жеп, Мәсiхтiң жолына түсе бастады. Олардың араларында бүгiнгi Түркиядағы Анадолудан келген көп кiсiлер де бар болатын (Елшiлер. iстерi 1:8; 2:5-10).

Елшi бұл хатын солтүстiк Анадолу аймақтарындағы «шашыраған сенушiлерге» жолдады. Олардың бәрiне Iзгi хабар Алғашқы өнiм мейрамындағы Петiрдiң уағыздарын тыңдағандар арқылы жеттi ме, әлде Пауыл елшi немесе тағы басқа уағызшылар арқылы жеттi ме, сол туралы нақты хабарымыз жоқ.

Петiр хатын Пауыл елшiнiң бұрынғы серiгi Сыйласқа айтып отырып жаздырған. Мазмұны Пауылдың ефестiк және қолостық сенушiлерге арналған хаттарына ұқсап, солармен толықтай үндеседi. Iнжiл шарифтiң осы бөлiктерiн жазған кезде екi елшiнi де Құдай Рухының жетелегенi анық.

Елшi хатында сенушiлердi Құдайдың рақымы туралы шынайы хабарға адал болып қала беруге жiгерлендiредi. Қуғын-сүргiнге түсiп, азап шегiп жүргендердi жұбатып, олардың назарын бiздегi зор үмiтке: Мәсiхтiң салтанатты ұлылықпен қайта оралып, өз халқын бүкiл азап пен жамандықтан құтқаратынына аударады. Ендi олар Мәсiхтiң өздерi үшiн өмiрiн қиып, қасиеттi қанын төккенiн ұдайы естерiнде ұстап, пәк таза өмiр сүруге тиiс. Шынайы кiшi пейiлдiлiктiң үлгiсi — Мәсiх. Оның iзбасарларының да өз отбастарында, қоғамдық орындарда, көпшiлiк арасында, сондай-ақ қауымда лайықты мiнез-құлық көрсеткендерi жөн. Ал Құдай оларға, Өзiнiң таңдаулы халқына, рақымын жомарттықпен мәңгi-бақи жаудырмақ.

1

Арнау және сәлем


1Иса Мәсiхтiң елшiсi Петiрден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлiк болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бiтүния аймақтарында шашыраған (сенушiлерге дұғай сәлем.)

2Құдай Әке сендердi алдын ала танып, Өзiнiң Киелi Рухымен Иса Мәсiхке бағынатын, Оның құрбандық өлiмiнде төгiлген қаны арқылы тазарған, меншiктi де қасиеттi халқы болуға таңдап алған едi. Рақым, амандық пен тыныштық сендерге молынан жауа берсiн!

Сөнбес үмiт бергенi үшiн Құдайды дәрiптеу


3Иемiз Иса Мәсiхтiң Әкесi — Құдай мадақталсын! Ол бiзге зор мейiрiм көрсетiп, рухани қайта туғызып, жаңа өмiр сыйлады және Иса Мәсiхтi өлiмнен қайта тiрiлтуiмен бiздi сөнбес үмiтке кенелттi.

4Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игiлiгiн иемденуiмiздi күтемiз. Ешқашан шiрiп бұзылмайтын, өшiп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшiн көкте дайын тұр.

5Құдай Өзiне сенушi сендердi құдiреттi күшiмен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрiнбек.


6Қазiр сендерге бiраз уақыт азап шегiп, қуғын-сүргiн көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмiтке қуаныңдар!

7Азап шегулерiңнiң мақсаты — шын жүректен сенгендерiңдi дәлелдеу. Жойылып кетуi мүмкiн алтын отқа балқытылған кезде сыналып, тазаланады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенiмдерiң де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берiк те шынайы екендiгi дәлелденедi. Сонда Иса Мәсiх қайта оралып, анық көрiнетiн күнi Құдай сендердi мадақтап, даңқ пен құрметке бөлемек.


8Мәсiхтi өз көздерiңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйiп келесiңдер. Қазiр де көре алмағанмен, Оған сенесiңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы, керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар.

9Ақыр соңында сенiмдерiңнiң нәтижесi — жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар.


10Құдайдың сендерге беретiн рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлардың мұқият iзденiстерi мен зерттеулерi осы құтқарылу жайында болатын.

11Оларға дарыған Мәсiхтiң Киелi Рухы Оның төзуге тиiстi азаптары мен бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнiнде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын бiлуге тырысты.

12Бiрақ Құдай оларға осы пайғамбарлық қызметтерiн өздерi үшiн емес, сендер үшiн атқарғандықтарын анық бiлдiрдi. Ал қазiргi заманда уағыздаушылар Мәсiх туралы Iзгi хабарды көктен жiберiлген Киелi Рухтың жетелеуiмен сендерге әкелдi. Осы тамаша хабарға тiптi перiштелер де қызығып, түсiнуге ұмтылады.

Таза өмiр сүруге шақыру


13 Сонымен, ақыл-ойларыңды iс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсiх салтанатпен қайтып келгенде көрсететiн рақымға толығынан үмiт артыңдар!

14 Құдайдың рухани балалары ретiнде Оған бағыныңдар; бұрын Оның шынайы хабарын бiлмей, өмiрлерiң жаман iстерге жетелейтiн құштарлықтың билiгiнде болып келдi. Бұған ендi жол бермеңдер!

15 Қайта, өздерiңдi шақырған Құдайдың қасиеттi болғаны сияқты, сендер де бүкiл iс-әрекеттерiңде қасиеттi болыңдар!

16 Киелi жазбада Оның «Қасиеттi болыңдар, себебi Мен қасиеттiмiн!» дегенi бар ғой.


17Сендер әр адамды бет-жүзiне қарамай әдiл соттайтын Құдайға «Әкем» деп сиынасыңдар. Ендеше жер бетiнде жат жерлiк болып сүретiн өмiрлерiңдi Оны терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды iстеуден шошынып өткiзiңдер!

18Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмiр салтынан

Азат болуларың үшiн не төленгенiн бiлесiңдер:


Күмiс, алтын сияқты өткiншi заттар емес,



19Құдайдың мiнсiз де мүлтiксiз «Тоқтысы» —

Мәсiхтiң Өзi құрбан болып,


Баға жетпес қанын төгуiмен


Құтқарылуларыңның құнын төледi.



20Құдай әлемдi жаратпастан бұрын-ақ

Мәсiхтi бұл мақсатқа таңдап белгiлеп едi,


Ал заманның аяғында Оны сендер үшiн ашық көрсеттi.



21Мәсiх арқылы Құдайға сендiңдер,

Ол Оны өлiмнен қайта тiрiлтiп,


Ұлылыққа кенелткен едi,


Сол себептi сенiмдерiң мен үмiттерiң


Бiр Құдайға бағышталып келедi.



22Шынайы хабарға мойынсұнып, күнәдан тазарған сендер бауырластарыңа деген нағыз сүйiспеншiлiкке кенелдiңдер. Ендi бiр-бiрiңдi үздiксiз, шын жүректен сүйiңдер!

23Рухани қайта туылып, жаңа өмiрге иесiңдер ғой. Бұл шiрiп кететiн табиғи тұқым арқылы жүзеге асқан жоқ, қайта, сендер ешқашан құрымайтын «рухани тұқым» — Құдайдың өмiр беретiн мәңгiлiк сөзiн қабылдағанда қайта туылып, жаңа өмiрге ие болдыңдар.

24«Күллi пенде атаулы шөп секiлдi,

Бар салтанаты да дала гүлдерi iспеттi:


Шөп сарғайып қурап, гүлдер солады,



25Ал Жаратқанның сөзi мәңгi қалады!»

2


1Сондықтан барлық жамандық атаулыдан арылып, бұдан былай алдамшы, екi жүздi, күншiл немесе басқаны қаралаушы болмаңдар!

2Жаңа туған сәбидiң сүтке шөлiркегенiндей, әрдайым Құдай сөзiнiң «таза сүтiне» құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсiп, күнәның құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар.

3Себебi «Иемiздiң қандай iзгi екенiн» өздерiң бiлiп алдыңдар.

Қасиеттi қауымның мәңгiлiк iргетасы


4Иемiз Мәсiх — адамдар «керегi жоқ деп бас тартқан», бiрақ Құдай бағалы деп таңдаған «тiрi Тас» iспеттi. Оған келген

5сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тiрi тастар сияқтысыңдар, әрi Иса Мәсiхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қызмет атқарудасыңдар.

6Себебi Киелi жазбада Құдайдың мына сөзi де бар:

«Мiне, Мен аса құнды Тасты таңдап алдым,


Оны Сиондағы (киелi үйдiң) бұрышының


Iргетасы ретiнде орнатып қойдым.


Ендi ұятқа қалмайтын болады


Оған сенiмiн артқан ешкiм!»


7Сенетiн сендер үшiн осы «Тас» (Иса Мәсiх) ерекше қымбат. Ал сенбейтiндерге байланысты былай деп жазылған:

«Құрылысшылар керегi жоқ деп бас тартқан Тас


Ендi үйдiң басты iргетасына айналды!»

«Ол — адамдарды сүрiндiретiн,


Құлдырататын жартас сияқты».


8 Олар Мәсiх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрiнiп, құлдырап», терiс жолға түсiп кетедi. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгiлi едi.


9Ал сендер өздерiңдi қара түнектен тамаша нұрына шақырған Тәңiрдiң қасиеттiлiгi мен ұлы iстерiн мадақтап жариялауға таңдалған нәсiлсiңдер. Патшаның дiни қызметкерлерi, қасиеттi ұлт — Құдайдың меншiктi халқы болдыңдар!

10Бiр кезде бiртұтас халық емес едiңдер, ал қазiр Құдайдың халқысыңдар. Бiр кезде Оның қайырымдылығын бiлмеген едiңдер, ал қазiр қайырымына бөлендiңдер.

Сенушiлердiң қоғам мен отбасындағы мiнез-құлқы


11Қымбатты бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлiк адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемiн: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар!

12Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмiр сүрiңдер! Олар сендердi жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерiмен көрiп жүрген игi iстерiңе бола, Тәңiр бiздi құтқаруға келген күнi олар Оны мадақтайтын болады.


13Сонымен, сендер Жаратқан Иенiң меншiгi болғандықтан, Ол тағайындаған әрбiр билiк иесiне мойынсұныңдар! Ел басшысы ретiнде патшасына да,

14оның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық iстегендердi мадақтауға бекiтiп жiберген әкiмдерiне де бағыныңдар!

15Құдай сендердiң игiлiк iстеулерiң арқылы ақымақ адамдардың (сенушiлер туралы) надан әңгiмелерiн тойтаруларыңды қалайды.

16Рухани азатсыңдар, соған сай өмiр сүрiңдер! Дегенмен осы еркiндiктерiңдi жамандық жасауға сылтау ретiнде пайдаланбаңдар, қайта, Құдайдың адал қызметшiлерi болып өмiр кешiңдер!

17Әркiмге лайықты құрмет көрсетiңдер: рухани бауырластарыңды сүйiңдер, Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды iстеуден шошыныңдар, патшаны қадiрлеңдер!


18Сендер, басыбайлы қызметшiлер, қожайындарыңа мойынсұныңдар; тек мейiрiмдi де ақ пейiлдiлерiне ғана емес, сондай-ақ, жәбiрлеушiлерiне де толық құрмет көрсетiңдер!

19Кейбiреулерiң әдiлетсiз қиналғанда Құдайдың еркi солай екенiн бiлгендiктен азапқа төзе берсеңдер, Ол соған риза.

20Бiрақ егер жасаған жамандықтарыңа лайықты соққыға шыдасаңдар, оның несi мадақтарлық? Ал жақсылық жасай тұра азап шегiп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды.

21Ол сендердi сол үшiн де шақырды. Мәсiхтiң Өзi бiзге бола азап шегiп, үлгi қалдырды, сондықтан Оның iзiмен жүруiмiз керек.

22«Ол бiрде-бiр күнә жасаған да емес,

Аузынан өтiрiк шыққан да емес».


23Мәсiх Өзiне тiл тигiзгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол iсiн әдiл Соттаушыға тапсырды.

24Бiз күнәның құлдығынан құтылып, әдiлеттi өмiр сүре алуымыз үшiн Мәсiх айқыш ағашта күнәларымыздың айыбын өз тәнiнде көтерiп тұрды. Осылай Оның жаралары арқылы (рухани дертiмiзден) сауықтық.

25Өз бетiмен жүрiп, адасып кеткен қой сияқты едiңдер, ал қазiр өздерiңдi бағып жетелеп, жандарыңды қорғап жүретiн «Бағушыларыңа» қайта оралдыңдар.

3


1Сол сияқты сендер, әйелдер, күйеулерiңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулерiңнiң кейбiреулерi Құдай сөзiне құлақ аспаса да, айтқан сөздерiңмен емес, игiлiктi мiнез-құлықтарыңмен оларды Мәсiхтiң иелiгiне айналдырыңдар.

2Олар таза да iзеттi мiнез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ.

3Сендердiң көрiктерiң сыртқы әшекейлерге: шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемi киiмдер киюге тәуелдi болмасын.

4Қайта, көрiктерiң көңiлдерiңдегi көзге көрiнбес iзгi қасиеттерiңнен тұрсын; мейiрiмдi де сабырлы жан дүниелерiңнiң мәңгi солмайтын көркi Құдай алдында аса бағалы.

5Ежелгi заманда үмiттерiн Құдайға артып, Оған бағышталған әйелдер өздерiн дәл осылайша әшекейлеген.

6Солардың бiрi Сара едi; ол Ыбырайымның айтқандарына құлақ асып, оны қожайыным деп атайтын. Егер сендер ешқандай қорқынышқа көнбей, адал өмiр сүрсеңдер, Сараның рухани ұрпағы боласыңдар.


7Сол секiлдi сендер, күйеулер, әйелдерiңе iлтипат пен қамқорлық көрсетiп бiрге өмiр кешiңдер! Жан-тәндерiнiң нәзiк екенiн түсiне отыра, оларды ерекше қастерлей бiлiңдер, себебi Құдай рақым етiп сыйлаған мәңгiлiк өмiрдi сендермен бiрге олар да иемденедi. Тәңiрге сиынған кездерiңде ештеңе кедергi болмас үшiн де осылай iстеңдер!

Әдiлдiк үшiн азап шегу


8Қорыта айтқанда, бәрiң де өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас, бiр-бiрiңдi туған бауырлардай сүйетiн, қайырымды да кiшi пейiл болыңдар.

9Жамандыққа жамандықпен, қорлыққа қорлықпен емес, ақ батамен жауап берiңдер. Себебi Құдай сендердi шақырғанда Өзiнiң ақ батасына ие болсын деп мақсат еткен едi.


10Былай деп жазылған ғой:

«Өмiрдi жақсы көрiп, игiлiкпен өткiзудi қалағанның


Аузынан шықпасын жаман сөз, доғарсын жалған айтуын!



11Жамандықтан жалтарып, жасай берсiн жақсылық.

Тыныштыққа ұмтылып, орната берсiн татулық.



12Себебi Жаратқанның назары адалдарда,

Ол құлақ салады солар сиынғанда,


Ал жамандық жасайтындарға


Тәңiр әбден терiс қарайды да».



13Егер жақсылық жасауға ынталы болсаңдар, кiм сендерге нұқсан келтiрмек?

14Тiптi әдiлдiк үшiн азап шегетiн болсаңдар да, соларың арқылы жарылқанасыңдар. «Өздерiңдi қорқытқандардан еш қаймықпаңдар не уайымдамаңдар!»

15Қайта, жүректерiңнен Мәсiхке қасиеттi Иемiз деп ерекше орын берiңдер! Iштерiңдегi үмiттi түсiндiрудi сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болыңдар. Тек iлтипат, құрмет танытып сөйлеңдер.

16Мәсiх жолындағы сендердiң iзгi жүрiс-тұрыстарың туралы жаман айтып, айыптағандар өздерiнiң айтқандарынан ұялатындай болу үшiн ар-ұждандарыңды таза ұстаңдар.

17Егерде жақсылық жасай тұра, азап шегулерiң Құдайдың еркi болса, бұл жамандық жасап, азап шеккеннен әлдеқайда жақсы.


18Мәсiх те әдiл бола тұра, әдiлетсiздер үшiн азап шектi. Ол бiздi Құдаймен табыстыру үшiн күнәларымызға бола бiржола өмiрiн қиды; тәнiнде өлтiрiлдi, ал рухани денемен тiрiлдi.


19Осы рухани денесiмен Мәсiх о дүниеге де барды. Ол сол жерде, өлген адамдардың жандары қамалған орында оларға Өзiнiң жеңiсiн жариялады.

20Бұдан көп бұрын, Нұх пайғамбар кемесiн жасап жатқан кезде, Құдай терiс жолдан қайтуларын сабырлықпен күткен едi. Бiрақ олар Тәңiрге мойынсұнған жоқ. Тек азғана — сегiз-ақ кiсi кемеге кiрiп, топан судан құтқарылды.

21Бұл жайт қазiргi замандағы суға шомылдыру рәсiмiнiң алдын ала берiлген белгiсi болды. Сол рәсiм денемiздегi кiрдi жуып тазартуды емес, таза ар-ұжданмен Құдайға бағышталу жайында берген уәдемiздi бiлдiредi. Осылай ол сендердi Иса Мәсiхтiң өлiп, қайта тiрiлуi арқылы күнәның құлдығынан құтқарады.

22Ал Мәсiх көкке көтерiлiп, Құдайдың оң жағындағы құрметтi орнына жайғасып отырды. Перiштелер, рухани билеушiлер және күш атаулылар Оған бағынышты.

4

Құдайға бағышталған жаңа өмiр


1Сонымен, Мәсiхтiң Өзi тәнiмен азап шеккендiктен, сендер де (жақсылық үшiн азап шегуге дайын) болыңдар, осындай ой-ниет өздерiңдi қорғайтын қалқан iспеттi. Тәнi азап шегiп жатқан сенушi күнәлы құмарлықтарына берiлмейдi.

2Бұдан былай осы дүниедегi өмiрiңнiң қалған кезеңiн ескi күнәкар болмыстарыңның құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркiне бағынып өткiзулерiң керек.

3Өткен кезде сендер ұзақ уақыттарыңды Оған мойынсұнбайтындарға ұнайтынды жасап өткiздiңдер: өмiрлерiң жүгенсiздiк, нәпсiқұмарлық, маскүнемдiк, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен және Құдайға жек көрiнiштi жалған тәңiрлерге құлшылық етумен өтiп келдi.

4Ендi сол құдайсыздар өздерiнiң иiрiп, тартып әкететiн азғын өмiр салттарына қосылмағандықтарыңа таңғалып, налып, сендердi жамандайды.

5Қиямет сотында олар тiрiлер мен өлiлерге үкiм шығаруға дайын тұрған Иемiзге есеп бермек.

6Iзгi хабардың кейiн өлген сенушiлерге де уағыздалғандығының себебi мынау: Тәңiр адамзатқа күнәкарлығы үшiн ажалды етiп үкiм шығарғандықтан, сол сенушiлердiң де тәндерi өлдi, бiрақ жандары Құдайдың еркi бойынша мәңгi тiрi болмақ.


7Күллi дүние атаулының ақыры таяп келедi. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшiн байсалды да салауатты болыңдар!

8Ең бастысы бiр-бiрiңдi шынайы сүйiңдер, сондай сүйiспеншiлiк адамдардың көптеген күнәларын кешiредi.

9Ешбiр наразылықсыз өзара қонақжай болыңдар.

10Тәңiр рақым етiп сыйлаған алуан түрлi рухани дарындарыңды жақсылап қолдана отырып, әрқайсыларың қабылдаған дарыныңмен бiр-бiрiңе адал қызмет етiңдер:

11уағыз айтатындарың Құдай сөзiн уағыздай берiңдер; қызмет көрсететiндерiң Тәңiрдiң өздерiңе берген күш-қуатымен қызмет ете берiңдер! Осылайша барлық iсте де Құдай Иса Мәсiх арқылы мадақталсын. Ұлылық, даңқ пен билiк мәңгi Онiкi! Аумин.

Мәсiхшi ретiнде азап шегудегi төзiмдiлiк


12Қымбатты бауырластарым, өздерiңнiң «от кешiп» ауыр азап шегiп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар.

13Қайта, неғұрлым көбiрек Мәсiх секiлдi азап шексеңдер, соғұрлым көбiрек қуаныңдар. Сонда Мәсiх салтанатты ұлылықпен қайта оралып, ашық көрiнген кезде де шаттанып қуанатын боласыңдар.

14Мәсiхтiң атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебi ұлылыққа бөлейтiн Құдай Рухы сендерге орнығады.


15Алайда егер қайсыбiреулерiң азап шексеңдер, бұл, әрине, кiсi өлтiрiп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиiс!

16Ал мәсiхшi болғандарың үшiн жәбiрленсеңдер, одан ұялмаңдар, керiсiнше, Мәсiхтiң атынан соған төзiп, Құдайды мадақтаңдар.


17Осылай Тәңiрдiң ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келдi. Ал сот бiзден басталса, онда Құдайдың Iзгi хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ!

18Киелi жазбада былай делiнген ғой:

«дiлдердiң өзi зорға құтқарылғанда,


Құдайсыздармен, күнәкарлармен не болмақ?!»


19Сонымен, Құдайдың еркi бойынша азап шегiп жүргендерiң, жандарыңды әрдайым уәдесiн орындайтын Жаратқан Иеге сенiп тапсырып, игi iстер жасай берiңдер!

5

Құдайдың рухани «отары» мен «бағушылары»


1Араларыңдағы қауым жетекшiлерi! Мен өзiм де сендермен қызметтес қауым жетекшiсiмiн, Мәсiхтiң шеккен азаптарының куәсымын, Ол қайта оралғанда ашық көрiнетiн салтанатты ұлылығын бөлiсетiн де боламын. Сендерге ескертетiнiм мынау:

2Құдайдың өздерiңе сенiп тапсырған рухани «отарын» (яғни қауымын) қамқорлап бағыңдар! Мұны лажсыздан емес, шын көңiлден, Құдайдың еркiне сай орындап, аш көз пайдақорлықпен емес, адал ынта-жiгермен iстей берiңдер.

3Тәңiрдiң меншiктi қауымдарына өктемдiк жүргiзбей, қайта, рухани «отарға» үлгi-өнеге болыңдар!

4Осылай iстесеңдер, «Бас Бағушымыз» (Мәсiх) қайтып келiп, анық көрiнгенде ешқашан солмайтын «салтанат тәжiн» жүлде ретiнде Оның қолынан аласыңдар.


5Сол сияқты, сендер де, жастар, жетекшiлерге мойынсұныңдар! Бәрiң де арақатынастарыңда әрдайым кiшi пейiлдiлiк танытыңдар!

«Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады,


Ал кiшi пейiлдiлерге рақымын шашады»


6Сонымен, Құдайдың құдiреттi қолының астына бой ұсыныңдар; Өзi белгiлеген уақыты жеткенде сендердi жоғарылатпақ.

7Барлық уайымдарыңды Құдайға сенiп тапсырыңдар, себебi Ол қамдарыңды ойлайды!


8Салауатты да сергек болыңдар! Сендердiң қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кiмдi жалмасам деп торуылдап жүр.

9Сенiмдерiңе берiк болып, оған төтеп берiңдер! Дүниенiң төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарыңның да дәл сондай азаптарды шегуге мәжбүр екенiн бiлесiңдер ғой.

10Ал барлық рақымның қайнар көзi, Құдай, бiразырақ уақыт азап шегiп жатқан сендердi қайтадан жетiлдiрiп, нығайтып, қуатты да табанды етпек. Себебi Ол сендердi Мәсiх Иса арқылы Өзiнiң салтанатты ұлылығын мәңгi бөлiсуге шақырды.

11Оның билiгi мәңгiлiк бола берсiн! Аумин.

Соңғы сәлемдер мен ақ бата


12Мен бұл қысқа сәлемхатымды адал бауырласымыз деп сенетiн Сыйласқа жаздырдым. Сендердi жiгерлендiрiп, Құдайдың шынайы рақымы осы айтқандарымдай екенiне куәлiк етiп, сендiргiм келедi. Бұл рақымды қабылдай берiңдер!


13Бабылдағы бiрге таңдалған қауым, сондай-ақ менiң рухани ұлым Марқа да сендерге сәлем жолдауда.

14Сүйiспеншiлiктерiңдi бiлдiрiп, бiр-бiрiңмен амандасып, сәлемiмiздi жеткiзiңдер. Мәсiх Иса Өзiмен тығыз байланыстағы сендердiң бәрiңе амандық пен тыныштық сыйлай берсiн! Аумин.