0


Жазба туралы мәлiмет

Осы қасиеттi жазба Iнжiл шарифтегi «Бәрiне арналған хаттардың» бiрi. Олар бiр аймақтың барлық сенушiлер қауымдарына жiберiлгендiктен, жеке қауымдардың аттарымен емес, хат иелерiнiң есiмдерiмен аталады. Осы жазбалар тобына Жоханның, Петiрдiң және Яһуданың хаттары да кiредi.

Бұл сәлемхатты жазған Жақып өзiн «Құдайдың және Иемiз Иса Мәсiхтiң басыбайлы қызметшiсi» деп таныстырады. Ол Исаның бiр шешеден туған iнiлерiнiң үлкенi болатын. Бұлар алғашқыда Исаның уағыздаған Iзгi хабарын түсiнбей, Оның Мәсiх екенiне сенбедi. Алайда Өзiнiң құрбандық өлiмi мен қайта тiрiлуiнен кейiн Иса Жақыппен кездесiп, оған Өзiнiң тiрi екенiн көрсеттi. Сонда Жақып пен iнiлерi Исаға Құтқарушы Иемiз деп сенiп, шешелерi Мәрияммен бiрге Иерусалимдегi алғашқы қауымның мүшелерi болды (Матай 13:55; Жохан 7:2-5; Қорынт. 1-хат 9:5; 15:7; Елшiлер. iстерi 1:14).

Кейiнiрек Жақып осы қауымның құрметтi де беделдi жетекшiлерiнiң бiрiне айналды. Басқа ұлттардан шыққан сенушiлердiң Таурат заңын ұстанулары туралы мәселеге байланысты Сирия мен Иерусалимдегi қауым жетекшiлерiнiң мәжiлiсiнде Жақып екi жақты ымыраға келтiруге ерекше үлес қосты (Елшiлер. iстерi 12:17; 15:13; 21:18; Ғалат. хат 1:19).

Жақып бұл хатын Иса Мәсiхтiң жолына түскен, «басқа халықтар арасына шашырап кеткен» исраилдiктерге арнады. Мүмкiн, олар Степан шейiт болғаннан кейiн қуғын-сүргiнге ұшырап, Финикия өлкесiне, Кипр аралына және Сириядағы Антақия қаласына дейiн бытырап кеткен Иерусалим қауымының мүшелерi болған шығар (Елшiлер. iстерi 8:1,4; 11:19). Өйткенi Жақып олардың жеке iшкi мәселелерiмен жақсы таныс болып, қауым жетекшiсi iспеттi зор беделмен ақыл-кеңес бередi. Иемiз Исаның салтанатты ұлылықпен қайтып келетiнiн естерiне салып, төзiмдi болуға жiгерлендiредi. Олардың сенiмдерi игi iстерiмен нақты көрiнiп, шынайылығын дәлелдеуге тиiс. Сенушiлер байларға жағымпазданбай, мұқтаждықтағы кедейлерге қамқорлық етсiн. Олар, сондай-ақ, бiр-бiрiн өсектеп, бөсiп мақтанғанша, Құдай беретiн даналыққа кенелiп, татуластырушы болсын. Аурулардың сауығып кетулерi және күнәкарлардың терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсулерi үшiн де сиынғандары жөн.

Сүлеймен пайғамбардың «Нақыл сөздерi» мәнерiмен жазылған бұл сәлемхаттың бiрқатар iлiмдерi Иемiз Исаның айтқан «таудағы уағызы» мен астарлы әңгiмелерiнен келтiрiлген. Құдай жолымен жүруге бел буғандар Киелi кiтаптың осы жазбасынан да күнделiктi өмiрлерi үшiн ақыл-кеңес пен жiгер тауып келедi.

1

Арнау және сәлем


1Құдайдың және Иемiз Иса Мәсiхтiң басыбайлы қызметшiсi Жақыптан дүние жүзiне тарап кеткен Исраилдiң он екi руына дұғай сәлем!

Сенiмнiң сыналуына төзiп, адал өмiр сүру жайында


2Бауырластарым менiң, алуан түрлi қиын-қыстау сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар.

3Себебi сенiмдерiңнiң сыналып, берiк те шынайы екендiгiнiң дәлелденуi төзiмдiлiк тудыратынын бiлесiңдер.

4Тек төзiмдiлiктерiң iс жүзiнде соңына дейiн жетуге тиiс, сонда сендер рухани жағынан толықтай жетiлiп, ешбiр кемшiлiктерiң қалмайды.


5Ал егер кейбiреулерiң даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол бередi де; Тәңiрiмiз еш жазғырмай-ақ бәрiне жомарттықпен бере салады.

6Тек шүбәланбай, сенiммен сұрауларың керек. Күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңiз толқынына ұқсас.

7Мұндай кiсi Жаратқан Иеден бiр нәрсе аламын деп күтпесiн:

8ол екi ойлы, барлық iс-әрекетiнде тұрақсыз адам.


9Қарапайым бауырластарың жоғары дәрежесiмен,

10ал бай адам қарапайым дәрежесiмен мақтансын. Өйткенi ол шөп арасындағы жабайы гүл iспеттi бiрден құрып кетпек.

11Күн шығып, аптап ыстық басқанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Дәл солай, бай адам да күнделiктi iс-әрекетiмен шұғылданып жүргенде-ақ қалжырап, құрып кетпек.


12Сынақты төзiмдiлiкпен басынан өткiзiп жатқан әркiм бақытты! Содан өтiп, сенiмдi екендiгi дәлелденгеннен кейiн ол бәйге жүлдесiндей «шынайы өмiрдiң тәжiн» иемденбек. Мұны Тәңiрiмiз Өзiн сүйгендерге сыйлауға уәде еттi.


13Күнәға елiккен ешқайсың да: «Құдай менi елiктiредi» деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елiкпейдi де, ешкiмдi елiктiрмейдi де.

14Қайта, әр адам өз құмарлықтарына елiгiп, торға түсiп, азғырылады.

15Сонда құмарлыққа берiлу күнәны тудырады, ал күнә жасау рухани өлiмге ұшыратады.


16Қымбатты бауырластарым, алданып қалмаңдар:

17көктегi Әкемiз берген қай нәрсе де игi. Нұр шашқан аспан денелерiн жаратқан Ол бiзге Өзiнiң мүлтiксiз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерiнiң көлеңкелерi қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ.

18Ол шынайы хабары арқылы бiзге мәңгiлiк өмiр сыйлап, жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары болуымызды қалады.

Құдайдың хабарын есту және iске асыру


19Ал ендi, қымбатты бауырластарым, мынаны ескерiңдер:

Әркiм тыңдауға жүйрiк, ал сөйлеуге шабан,


Әрi ашулануға баяу болсын.



20Ашу-ызаның жетегiндегi адам Құдайға ұнамды, әдiл iстердi жасай алмайды.

21Ендеше, өздерiңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастап, жүректерiңе себiлiп жатқан Iзгi хабарды кiшi пейiлдiлiкпен қабылдаңдар! Ол сендердi күнәның құлдығынан құтқара алады.


22Құдайдың айтқандарын құр естiп қана қоймай, iске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздерiңдi-өздерiң алдайсыңдар.

23Тәңiрдiң хабарын естiгенмен, iске асырмайтын әркiм айнаға қарап, бет әлпетiн көрген адамға ұқсайды:

24ол өзiне байыппен қарап, былай шыға бере-ақ өз түрiн ұмытып қалады.

25Ал кiм кемелдi тағылымға — күнәның құрсауынан азат ететiн Iзгi хабарға — ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес, жүзеге асырушы болып, iс-әрекетiнде жарылқанбақ.

26Өзiн дiншiлмiн деп санағанмен, тiлiне ие бола алмайтын әркiм өзiн-өзi алдап жүр. Оның дiншiлдiгi еш пайдасыз.

27Құдай Әкемiздiң алдындағы таза да мiнсiз дiншiлдiк — мұқтаждық көрген жетiм-жесiрлердiң қамын ойлап, өзiн осы дүниелiк арамдықтардан кiршiксiз пәк ұстау.

2


1Бауырластарым, сендер салтанатты ұлылыққа бөленген Иемiзге сенгендiктен, адамдарды сыртына қарап алаламаңдар!

2Айталық, қауым жиналыстарыңа алтын жүзiк тағып, жалтыраған сәндi киiм киген кiсi, сондай-ақ, жұпыны киiнген кедей де келдi дейiк.

3Сонда сендер жүзiк таққан байға: «Төрге шығып, жайғасыңыз» деп, ерекше назар аударып, ал мүсәпiрге: «Ана жерге тұр» немесе «Мұнда, аяқ жағыма отыр» дейсiңдер.

4Осылайша адамдарды алалап, жаман пиғылды төрешiлерге айналасыңдар, солай емес пе?


5Қымбатты бауырластарым, ден қойып тыңдаңдаршы! Құдай осы дүниелiк тұрғыдан кедейлердi сенiмдерi арқылы рухани бай болуға, әрi өз Патшалығына кiрiп, үлес алуға таңдаған жоқ па едi? Осы Патшалығын Өзiн сүйетiндерге аманаттауға уәде еттi ғой.

6Ал сендер кедейлердi кемiтiп келесiңдер! Өздерiңдi жәбiрлеп, сотқа тартатындар сол байлар емес пе?!

7Сендерге берiлген қасиеттi есiмдi масқаралайтын да солар ғой.


8Киелi жазбада берiлген «асыл заң» мынау: «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы кiсiнi де солай сүй!» Осыны iс жүзiнде орындасаңдар, дұрыс iстегендерiң.

9Егер адамдарды сыртына қарап алаласаңдар, күнә жасап, Құдайдың заңын бұзушы болып әшкереленесiңдер.

10Тiптi бүкiл Таурат заңын орындай тұра, бiр жерiнде сүрiнген адам оны түгел бұзғандай айыпты.

11Тауратта «Неке адалдығын бұзба!» деп бұйырған Тәңiрiмiз «Кiсi өлтiрме!» деп те айтты. Егерде неке адалдығын бұзбай, кiсi өлтiрсең, бәрiбiр Құдайдың заңын бұзушы болып табыласың.

12Мәсiх сендерге рухани азаттық әкелген өз тағылымы бойынша төрелiк ететiн болады. Сөздерiң мен iс-әрекеттерiң соған сай болсын!

13Мейiрiм көрсетпеген адам мейiрiмсiз сотталмақ. Мейiрiм соттаудан үстем!

Шынайы сенiмнiң нәтижесi — игi iстер


14Бауырластарым менiң, бiреу сенемiн дей тұра, игi iстер жасамаса, онысынан не пайда?! Сондай сенiмi оны Тәңiрдiң қаһарынан құтқара ала ма?

15Айталық, сенушi бауырластарың, не еркек, не әйел заты болсын, киер киiм мен iшер тамаққа зәру жүр дейiк.

16Ал араларыңдағы бiреуiң оларға: «Аман-сау болыңдар! Тоңбай, қарындарың ашпай өмiр сүрiңдер» деп, ал өзi солардың тәндiк қажеттерiн қамтамасыз етпесе, оның тiлегiнен не пайда?!

17Ендеше, сенiм игi iс-әрекет тудырмаса, ол — өлi сенiм.

18Мүмкiн кейбiреу: «Сенiң сенiмiң бар, ал мен игi iстер жасаймын» дер. Игi iстер тудырмайтын сенiмiңнiң шынайылығына көзiмдi жеткiзшi, ал мен жасаған игi iстерiм арқылы сенiмiмдi дәлелдеймiн.

19Сен «жалғыз Құдай бар» деп сенесiң. Мұның дұрыс, алайда жындар да соған сенiп, Оның қаһарынан қорқып дiрiлдейдi.


20Ал сен, түйсiксiз адам, игi iс-әрекетсiз сенiмнiң өлi екенiн ұқпайсың ба?

21Түп атамыз Ыбырайым баласы Ысқақты құрбандыққа ұсынғанда сол iсi арқылы Құдай алдында ақталды емес пе?

22Байқайсың ба: Ыбырайым Құдайға сендi, сондай-ақ Оның айтқаны бойынша әрекет еттi де. Осылайша сол iстегендерi арқылы Ыбырайымның сенiмi кемелiне жеттi.

23Сонда Киелi жазбадағы мына сөздер жүзеге асты: «Ыбырайым Құдайға сендi, сондықтан Оның алдында ақталды» және ол «Құдайдың досы» деген атаққа да ие болды.

24Өздерiң көрiп отырғандай, Тәңiр алдында адамды тек оның сенiмi ғана емес, iстегендерi де ақтайды.


25Сол секiлдi, бұрынырақ жеңiл жүрiстi әйел болған Рахаб та (Құдайға сенiп) барлаушыларды үйiне түсiрiп, басқа жолмен қашырып жiбердi. Рахаб осы iсi арқылы ақталды емес пе?


26Демек, жансыз тәннiң өлi екенiндей, әрекетсiз сенiм де өлi.

3

Өз аузыңа ие бол


1Бауырластарым менiң, бәрiң бiрдей ұстаз болуға ұмтылмаңдар! Иемiздiң бiзге, тәлiм беретiн ұстаздарға, басқалардан гөрi қатаңырақ төрелiк айтатынын бiлесiңдер.

2Бәрiмiз де көп қате жiберемiз. Ал кiм сөзiнде қате жiбермесе, сол денесiн тұтастай меңгере алатын жетiлген адам.


3Мiнiс атын өз еркiмiзге көндiру үшiн жай ғана ауыздық салып, бүкiл денесiн бағындырып, бағыттаймыз.

4Немесе мысалға теңiз кемесiн алайық. Ол қаншама үлкен болса да, күштi желмен ыққанда өте кiшкентай тұтқасымен басқарылып, оны ұстап тұрған кiсiнiң қалаған бағытына жүредi.

5Сол сияқты тiл де дененiң кiшiгiрiм мүшесi бола тұра, ғаламат нәрселермен мақтанады.

От ұшқыны қаншама майда болса да, қалың орманды өртеп жiбере алады!

6Тiл де от iспеттi, әдiлетсiздiк тудырғыш. Дене мүшелерiнiң арасында орналасқан ол бүкiл денемiздi арамдап, өзi тозақ отынан тұтанып, бар өмiрiмiздi де өртеп, құрта алады.


7Әр түрлi аңдар мен құстар, бауырымен жорғалаушылар мен теңiз жануарларын адам өз еркiне бағындырып келдi және бағындыруда.

8Алайда адамдардың ешқайсысы да өз тiлiн бағындыра алмайды. Тiл — бағынуға көнбейтiн жаман нәрсе, кiсi өлтiретiн уға толы.

9Бiз тiлiмiзбен Жаратқан Ие — Құдай Әкеге алғыс айтып, Оны дәрiптеймiз, ал Құдай рухани жағынан Өзiне ұқсас етiп жаратқан адамдарды сол тiлiмiзбен қарғаймыз да!

10Осылайша алғыс та, қарғыс та бiр ауыздан шығады.

Бауырластарым, бұлай болмасын!

11Бұлақ көзiнен бiр мезгiлде тұщы да, ащы да судың шығуы мүмкiн бе?

12Бауырластарым, ойлаңдаршы: өрiк ағашы зәйтүн жемiсiн немесе жүзiм бұтасы өрiк жемiсiн бере ала ма? Әрине, бермейдi. Дәл сол сияқты, ащы су шыққан бұлақтан тұщы су да шықпайды.

Шынайы даналық жанжалға бастамайды


13Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? Сол онысын үлгiлi мiнез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен көрсетсiн.

14Ал егер жүректерiң удай қызғанышқа толып, қара бастарыңның абыройын ойласаңдар, онда даналықтарыңа мақтанбаңдар, әйтпесе шындықты бұрмалайсыңдар.

15Мұндай жалған «даналық» көктен келмейдi, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетiмен жүрген ескi болмысымызға және жын-перiлерге тән.

16Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау болса, тәртiпсiздiк пен зұлымдық атаулы да сол жерде.

17Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейiн ынтымақшыл, төзiмдi, ымырашыл, қайырым мен игi iстер жасағыш, ешкiмдi алаламайтын әдiл қылып, екi жүздiлiктен арылтады.

18Татуластырушылар «тыныштық тұқымын» себушiлер iспеттi. Бұл тұқымның жемiсi болып әдiл мiнез-құлық орнығады.

4


1Ендеше, араларыңдағы қастастық пен дау-жанжал қайдан шығады? Бойларыңдағы соғысып жатқан арам құмарлықтарыңнан туады емес пе?

2Сендер бiр нәрсенi аңсап, иемдене алмайсыңдар; сонда кiсi өлтiретiндей жек көрiп, қызғанасыңдар, ал аңсаған нәрселерiңе қол жеткiзе алмайсыңдар. Жанжалдасып, төбелесесiңдер, бәрiбiр иемденбейсiңдер, өйткенi оны Құдайдан сұрамайсыңдар.

3Сұрасаңдар да, ие бола алмайсыңдар, себебi iзгi ниетпен емес, арам құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшiн сұрайсыңдар.

Құдайға шын жүректен мойынсұнып, бiр-бiрiн жамандамау жайлы


4Әй, опасыздар! Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенiн бiлмейтiн бе едiңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркiм Құдайдың жауына айналады.

5«Өмiрiмiзден орын алған Құдайдың Рухы жалғыз Оны ғана сүйiп, Оған түгелдей бағышталуымызды аңсайды» деген бекерге жазылған деп санайсыңдар ма?

6Ал Тәңiр бiзге (арам құмарлықтарға қарсы тұруға) рақымын ағыл-тегiл молынан сыйлайды. Сол себептен де киелi жазбада былай делiнген:

«Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады,


Ал кiшi пейiлдiлерге рақымын шашады».


7Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар!

Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безiп кетедi.


8Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды. Күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Екi ойлы табансыздар, жүректерiңдi орнықтырыңдар!

9Өкiнiп, зар еңiреп жылаңдар, күлкiлерiң қайғыға, қуаныштарың қасiретке айналсын!

10Жаратқан Иенiң алдында бой ұсыныңдар, сонда Ол сендердi жоғарылатпақ.


11Бауырластарым менiң, бiр-бiрiңдi жамандап қорлауды доғарыңдар! Бауырласты жамандағандарың не үкiмдегендерiң (Иемiздiң сүйiспеншiлiк туралы) өсиетiн қорлап үкiмдегендерiң. Ал өсиеттi үкiмдегенде оны орындаушы емес, соттаушы болып табыласыңдар.

12Өсиеттердi шығарушы да, соттаушы да — Бiреу-ақ. Ол құтқара да, құрта да алады. Маңайыңдағыларды үкiмдейтiн соншама сен кiмсiң?

Өз бетiмен жоспарлап, өткiншi байлыққа сүйенуден сақтандыру


13«Бiз бүгiн-ертең пәлен қалаға барып, сонда бiр жыл тұрып, сауда жасап, олжаға батамыз» дейтiндерiң құлақ түрiңдер:

14сендер тiптi күнi ертең не болатынынан беймәлiмсiңдер! Өмiрлерiң неге ұқсас? Ол әншейiн аз уақытқа көрiнiп, кейiн ғайып болатын бу iспеттi.

15Оның орнына «Құдай бұйыртса, аман болсақ, бiз мынаны iстеймiз, не ананы iстеймiз» дегендерiң дұрыс.

16Ал сендер паңданып мақтанасыңдар. Мұндай даңғойлық атаулы жаман.


17Кiм жасауға тиiстi жақсылықты бiле тұра жасамаса, сол күнәлы.

5


1Сонымен, байлар, құлақ түрiп тыңдаңдар! Бастарыңа төнiп тұрған қасiреттерiңе бола зар еңiреп жылаңдар!

2Дүние-мүлiктерiң шiрiп, киiмдерiң күйеге жем болды,

3алтын мен күмiстерiңдi тот басты. Солардың тоты сендерге қарсы айғақ болып, тәндерiңдi оттай жалмайды. Осы заманның ақыры жақын болса да, өздерiңе қазына жинап келесiңдер!

4Мiне, сендер егiндерiңдi жинаған жұмысшыларға төлемеген тиесiлi жалақылар өздерiңе қарсы айғақ болып шағынып тұр, орақшылардың айқайлаған дауыстары әлемдi билеушi Жаратқан Иенiң құлағына жеттi.

5Сендер бұл дүниеде молшылыққа белшеден батып, рақат кешiп келесiңдер. Құритын күндерiң жетсе де, бордақыланған малдай семiрудесiңдер.

6Тiптi өздерiңе қарсы шықпаған әдiлдердi соттап, өлтiрдiңдер!

Мәсiхтiң қайта оралуын сабырмен күту


7Ендеше, бауырластарым, Иемiз қайтып келетiн кезге дейiн шыдаңдар. Диқанға қараңдаршы: ол егiндiк жерiнен алатын құнды өнiмiн тосып, оны күзгi және көктемгi жаңбырдың суаруын төзiмдiлiкпен күтедi.

8Сендер де сабырмен күтiп, жүректерiң мызғымас табанды болсын. Өйткенi Иемiз жуырда қайтып келмек.


9Сотталмауларың үшiн, бауырластарым, бiр-бiрiңнiң үстерiңнен шағым айтпаңдар. Үкiм шығаратын Иемiздiң жуырда қайта оралатынын бiлесiңдер ғой. Ол есiк алдына келiп қалғандай жақын.


10Бауырластарым менiң, азап шегiп, төзе бiлуде Құдай атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгi алыңдар.

11Сол төзiмдi адамдарды бақытты деп санаймыз. Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естiгенсiңдер, Жаратқан Иенiң ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да бiлесiңдер. Иемiздiң жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!

Бұлтартпай шындықты айту және бауырлас үшiн сиыну


12Ең бастысы, бауырластарым, ант етушi болмаңдар! Көк пен жердiң немесе басқа да нәрселердiң атымен ант етпеңдер. Қайта, сендер «иә» дегенде шынымен иә, «жоқ» дегенде шынымен жоқ болуға тиiстi. Әйтпесе Тәңiр сендердi жауапқа тартпақ.

13Кейбiреулерiң азап шексе, онда Құдайға сиынсын, көңiлдi болғанда мадақтау жырлары мен әндердi айтсын.


14Қайсыбiреуiң ауырып қалса, қауым жетекшiлерiн шақыртсын. Олар маңдайына Жаратқан Иенiң атынан май жағып, оның үстiне қолдарын жайып сиынсын.

15Сенiммен сиынғандарыңа бола Иемiз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтiрiп, сауықтырмақ. Егер ол күнә жасаған болса, кешiрiлмек.

16Сондықтан сауығып кету үшiн, жасаған күнәларыңды бiр-бiрiңе айтып мойындап, бiр-бiрiң үшiн сиыныңдар! Әдiл адамдардың Құдайға сиынуларының күшi орасан зор.


17Iлияс пайғамбар да бiз сияқты пенде болатын. Алайда ол жаңбыр жаумасын деп шын көңiлмен сиынғанда, үш жарым жыл бойы жерге жаңбыр тамбады.

18Ол қайтадан сиынғанда, аспаннан жаңбыр құйылып, жер өнiмiн бердi.


19Бауырластарым, қайсыбiреуiң ақиқат жолынан тайса, басқа бiреуiң оны керi қайтарсын!

20Естерiңде болсын: кiм күнәкарды терiс жолдан қайтарса, сол оның жанын рухани өлiмнен құтқарып, көптеген күнәларының кешiрiлуiне себепшi болады.