0


Жазба туралы мәлiмет

Бұл «Лұқа жазған Iзгi хабардың» жалғасы.

Иса Мәсiх көкке қайтар алдында елшiлерiне Иерусалимнен бастап жер шарының түкпiр-түкпiрiндегi бүкiл адамзатқа Iзгi хабарды жеткiзу жайындағы ұлы тапсырманы мiндеттедi. Бұл iсте қабiлет беру үшiн Құдай оларға Өзiнiң Киелi Рухын дарытты. Соның жерге түсiп, елшiлер және өзге сенушiлер арқылы әрекет еткенi — осы жазбаның басты тақырыбы.

Iзгi хабардың уағыздауымен сенушiлер қауымдары пайда болды. Құдай оларға яһудилерден басқа ұлт адамдарын да қабылдатып, содан туындаған мәселелердiң шешiмiн көрсеттi.

Мәсiхшiлердi қатты қудалап жүрген Саул (яки Пауыл) өкiнiп, Мәсiх жолына түсiп, кейiн серiктерiмен бiрнеше елдерге сапарға шығып, Iзгi хабарды уағыздады.

«Елшiлердiң iстерi» жаңа сенушiлер қауымдарының алғашқы отыз жылғы тарихын баяндайды. Олар мәдениетi мен дiнi әр түрлi халықтар арасында Мәсiх туралы Iзгi хабарды уағыздап, кең-байтақ Рим патшалығының астанасына дейiн жариялады. Барған жерлерiнде жаңа қауымдар пайда болды.

Тәптiштеп баяндалған жазбадан мұның бәрiнiң де тек адам баласының iсi емес, Құдай Рухының жасаған кереметi екендiгi айқын көрiнiп тұр.

1

Арнау және кiрiспе


1-2 Қымбатты Теофил!

Бiрiншi кiтабымда* мен Иса қызметiне кiрiскен уақыттан бастап, Оның көкке көтерiлген күнiне дейiнгi аралықта не iстеп, не үйреткенi туралы түгел баяндадым. Ол көтерiлмес бұрын Киелi Рухтың жетелеуiмен таңдап алған елшiлерiне нұсқауларын бердi.


3Азапталып өлгеннен кейiн оларға адам сенетiн көп дәлелдер арқылы Өзiнiң тiрi екенiн көрсеттi: қырық күн бойы елшiлерiне көрiнiп, Құдай Патшалығы туралы айтып жүрдi.

Исаның шәкiрттерiне Құдай Рухының күшiмен Өзiне куә болуды тапсыруы


4Елшiлерiн жинап алған кезде Иса оларға былай деп бұйырды:

— Иерусалимнен кетпей, Әкенiң өз уәдесiн орындауын тосыңдар! Мен сендерге сол туралы айтқан едiм ғой.

5Жақияның шомылдыру рәсiмi сумен болатын, ал ендi бiраз күнде сендер Киелi Рухпен шомылдырыласыңдар.* —

6Сондықтан олар Исаның қасына жиналғанда Одан:

— Иемiз, Исраил елiнiң патшалығын осы кезде қайта орнатасыз ба? — деп сұрады.

7Иса оларға былай дедi:

— Әкем өз еркiмен белгiлеп қойған мерзiмдер мен кездердi бiлу сендерге бұйырмаған.

8Бiрақ сендер Киелi Рух өздерiңе қонғанда Оның құдiретiн қабылдайсыңдар, сөйтiп Иерусалимде, бүкiл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердiң шетiне дейiн Маған куә боласыңдар.

Исаның көкке көтерiлуi, Оның қайта оралуы жайлы уәде


9Иса осылай дедi де, олардың көзiнше жоғары көтерiлiп кетiп, бiр бұлт Оны көзден таса қылды.

10Олар аспанға қадала қарап тұрған кезде кенеттен ақ киiмдi екi жiгiт қастарында пайда болды. Оларға:


11— Ғалилеялықтар, неменеге бұл жерде аспанға қарап тұрсыңдар? Жаңа қастарыңнан көкке көтерiлiп, Құдай қабылдаған Иса көз алдарыңнан көкке қалай кетсе, тура солай қайтып келедi, — дедi.

Сенушiлер қауымының Құдайға сиынып, Матияның елшiлiкке тағайындалуы


12Содан кейiн елшiлер бiр шақырым жердегi Зәйтүн тауы деген төбеден Иерусалимге қайта оралды.

13Қалаға кiргеннен кейiн олар өздерi қонып жүрген жоғарғы бөлмеге көтерiлдi. Бұлар: Петiр мен Жохан, Жақып пен Әндiр, Фiлiп пен Тома, Барталмай мен Матай, Әлпей ұлы Жақып пен Дiншiл Шимон* және Жақып ұлы Яһуда.

14Олар бiрнеше әйелдермен, Исаның шешесi Мәриям және Оның iнiлерiмен бiрге ниеттес көңiлмен сол жерде ұдайы Құдайға сиынып мiнажат ететiн.


15Сол күндердiң бiрiнде жиналған жүз жиырмадай бауырластарының ортасында тұрып, Петiр былай дедi:


16— Бауырластар! Исаны тұтқындағандарға жол көрсетушi болған Яһуда туралы Киелi Рухтың ежелде Дәуiт арқылы алдын ала айтқан Киелi жазбалардағы сөзi орындалуға тиiстi едi.

17Яһуда да бiз сияқты елшi болып, қызметке бiрге тағайындалған болатын.

18Iстеген қылмысының ақысына ол бiр танап жер сатып алды; кейiн сол жерiнде етпетiнен құлап, қарны жарылып, iшектерi ақтарылып, арам өлдi. —

19Бұл оқиға Иерусалим тұрғындарының бәрiне мәлiм болды. Сондықтан олар сатып алынған осы жердi өз тiлдерiнде «Хакелдама», яғни «Қанды жер» деп атады. —

20Ал Забур жырларында:

«Мекенi оның қаңырап бос қалсын,


Сонда тұратын ешкiм де болмасын!»


«Мiндетi оның басқаға тапсырылсын!» —



21Сондықтан Иемiз Исаның қайта тiрiлгенiне куә болып жүрген бiзге тағы бiр кiсi қосылуға тиiстi. Бұл — Иемiз бiзбен бiрге тұрған кезде ылғи қасымызда жүрген,

22атап айтқанда, Жақия пайғамбар адамдарды тәубеге шақырып, шомылдыру рәсiмiнен өткiзген кезден бастап, Иса бiзден кетiп, Оны көкте Құдай қабылдап алған мезгiлге дейiн бiзбен бiрге болған азаматтардың бiреуi болу керек.


23Сонымен олар екi жiгiттi: жанама аты Иуст Барзабас деп те аталған Жүсiптi және Матияны ұсынып,

24былай деп Құдайға сиынды:

— Уа, Жаратқан Ие, Сен барлық адамдардың көңiлiндегiсiн бiлесiң. Сен елшiлiк қызметтi мойнына алуға осы екеуiнiң қайсысын таңдап алғаныңды бiлдiре көр.

25Себебi Яһуда бұл қызметтi тастап, өзiне лайықты жерiне кеттi.


26Олар екеуiне жеребе салғанда жеребе Матияға түстi. Осылайша ол он бiр елшiнiң қатарына қосылды.

2

Киелi Рухтың қонуы


1Алғашқы өнiм мейрамы* келгенде, сенушiлердiң бәрi бiрге болды.

2Сонда кенеттен көктен бiр қатты дауыл соққандай шу естiлiп, олар отырған бүкiл үйдi алып кеттi.

3Оларға жалындай жалаңдаған тiлдер көрiндi де, бөлiнiп-бөлiнiп әрқайсысының үстiне бiр-бiрден қонды.

4Бәрi Киелi Рухқа кенелiп, Оның өздерiне берген дарынына қарай бөтен тiлдерде сөйлей бастады.


5Иерусалимде дүниенiң төрт бұрышындағы әр елден келген, Құдайды қастерлейтiн яһудилер тұратын.

6Осы шу естiлгенде көптеген халық сол жерге жиналып, аңтарылып тұрып қалды. Себебi әрбiреуi тыңдағанда сенушiлердiң мұның өз тiлiнде сөйлеп тұрғанын естiдi.

7Халық қатты таңғалып: «Мына сөйлеп жатқандардың бәрi ғалилеялықтар емес пе? — дестi.

8— Бұлар қалайша бiздiң өз тiлдерiмiзде сөйлеп жатыр?*

9Арамызда парттар, медтер және еламдықтар бар, Месопотамия, Яһудея және Қападоқияда, Понтус пен Азия,*

10Фрүгия мен Памфүлия аймақтарында, Мысырда және Либияның Күренеге жақын өлкелерiнде тұратындар бар; арамызда Римнен келген қонақтар — яһудилер және яһуди дiнiне кiргендер, сондай-ақ

11криттiктер мен арабтар да бар. Бiрақ әрқайсымыз сол кiсiлердiң өз тiлдерiмiзде Құдайдың ұлы iстерiн жариялап жатқанын естiп тұрмыз!»


12Бәрi аң-таң болып не iстерiн бiлмей, бiр-бiрiнен: «Бұл ненi бiлдiредi?» — деп сұрады.

13Ал кейбiреулерi мысқылдап: «Сiре, олар тәттi шарапқа тойып алған шығар», — дестi.

Петiрдiң жиналған көпшiлiкке уағыз айтуы


14Сонда Петiр өзге он бiр елшiмен бiрге орнынан тұрып, даусын көтерiп, сөйлеп кеттi:

— Уа, халайық, яһудилер мен Иерусалимнiң барлық тұрғындары! Сендерге мұның мәнiсiн түсiндiрейiн, сөзiме құлақ тiгiңдер!


15Бұлар сендер ойлағандай iшiп алған емес, қазiр уақыт таңертеңгi тоғыз ғой.

16Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына сөз ендi орындалып жатыр:

17«Құдай былай дейдi: осы заманның аяғында Мен өзiмнiң Рухымды бүкiл адамзаттың үстiне төгемiн. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жiгiттерiң аян, қарттарың түс көредi.

18Сол күндерi Мен құл-күңдерiмнiң үстiне Киелi Рухымды төгемiн, олар да пайғамбарлық сөз айтады.

19Мен аспан мен жерде қан, от және бұрқыраған түтiн сияқты кереметтер мен ғажап iстердi көрсетемiн.*

20Иенiң ұлы да салтанатты күнi келмей тұрып, күн түнекке, ай қанға айналады.

21Ал Иемiзге сиынған әркiм құтқарылады».*


22Исраилдiктер, мына сөздi тыңдаңдар: Құдай назареттiк Исаға сендердiң алдарыңда құдiретпен кереметтер жасатқан едi. Ол солар арқылы Өзiнiң Исаны жiбергендiгiне куәлiк бердi; Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда iстедi, соны өздерiң бiлесiңдер.

23Ол Құдайдың еркiмен және алдын ала бiлуiмен құрбан етiлдi: сендер Оны Тәңiрге сенбейтiн шетелдiктердiң қолымен айқышқа шегелетiп өлтiрттiңдер.

24Бiрақ Құдай Исаны өлiм тұзағынан* босатып, тiрiлтiп алды. Өйткенi Оның өлiм құрсауында қалуы мүмкiн емес болатын.

25Дәуiт пайғамбар Ол туралы былай деген:

«Ықылас-ниетiм әрдайым Иемде,


Оң жағымда маған жар боп келедi:


Жағдайым шайқалмайды ешбiр кезде.



26Содан жүрегiм шаттыққа толады,

Мәз-мейрам боп тiлiмнен бал тамады,


Саған сенгенiмнен тәнiм тыншиды.



27О дүниеге қимайсың жанымды,

Қасиетiңнiң тәнiн де шiрiтпейсiң.



28Шын өмiр жолын маған көрсетесiң,

Көз алдыңда қуанышқа бөлейсiң».*


29Бауырластар, мен сендерге бабамыз Дәуiт туралы еш қаймықпай ашық айта аламын: ол өлiп, жерлендi, оның қабiрi бiздiң елiмiзде күнi бүгiнге дейiн сақталып келедi.

30Ал Дәуiт пайғамбар болғандықтан және Сенiң тағыңа бiр Ұрпағыңды отырғызамын деп Құдайдың өзiне ант еткенiн бiлгендiктен,

31ол келешекке көз жiберiп, Мәсiхтiң қайта тiрiлуi туралы алдын ала былай деген болатын: Оның жаны о дүниеге қиылмады, тәнi де шiрiп кетпедi.

32Осы Исаны Құдай қайта тiрiлтiп алды, бiз бәрiмiз соған куәмыз!


33Иса Құдайдың құдiретiмен көкке көтерiлiп, Әкеден уәделi Киелi Рухты алған соң, Оны бiздiң үстiмiзге төктi, мұны өздерiң естiп және көрiп тұрсыңдар.

34Себебi Дәуiттiң өзi көкке көтерiлiп кеткен жоқ, ол Забурда былай деген ғой:

35Жаратқан Ие менiң Иеме былай деп айтты:

«Мен аяғыңның астына дұшпандарыңды


Жығып бергенiмше отыр оң жағымда».



36Сондықтан бүкiл Исраил елi мынаны анық бiлсiн: Құдай сендер айқышқа шегелеткен осы Исаны «Иемiз» және «Мәсiх» етiп тағайындады!*


37Халық мұны естiгенде қатты өкiнiп, Петiр мен басқа елшiлерден:

— Бауырластар, бiз ендi не iстеуiмiз керек? — деп сұрады.

38Петiр оларға былай деп жауап бердi:

— Әркiм күнәсының кешiрiлуi үшiн терiс жолдан қайтып, шомылдыру рәсiмiнен өтсiн! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Оның Киелi Рухын қабылдайсыңдар.

39Себебi бұл уәде сендерге, балаларыңа және Құдай Иемiз шақыратын алыстағылардың бәрiне арналған.

40Петiр тағы көптеген сөздермен оларға:

— Мына азғын ұрпақ (тартатын Құдайдың қаһарынан) құтқарылыңдар! — деп жалына ескерттi.


41Оның сөзiн қабылдағандар шомылдыру рәсiмiнен өттi. Осылайша бұл күнi қауымға үш мыңдай адам қосылды.

Мәсiхке сенушiлердiң қауымдық өмiрi


42Олар елшiлердiң берiп жүрген тәлiмiн, араларындағы қарым-қатынастарын, нан үзу рәсiмiн* және Құдайға сиынуды берiк ұстанып, жалғастыра бердi.


43Елдiң бәрiн үрей биледi, себебi елшiлер арқылы Құдайдың құдiретiн көрсеткен көптеген керемет iстер болып жатты.

44Мәсiхке сенушiлердiң бәрi бiртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады;

45(қажет болғанда) мал-мүлкiн сатып, содан әркiмге керегiнше берiп отырды.

46Олар күн сайын ғибадатханада бiр кiсiдей бiрге болды; сонымен қатар өз үйлерiнде де бас қосып, нан үзу рәсiмiн орындап, ақ көңiлмен қуана отырып, бiрге тамақ iшiп,

47Құдайды дәрiптедi. Оларды бүкiл халық ұнатты. Иемiз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды.

3

Петiрдiң сал қайыршыны сауықтыруы


1Осы күндердiң бiрiнде Петiр мен Жохан күндiзгi сағат үште* мiнажат ету үшiн ғибадатханаға өрлеп бара жатты.

2Кiсiлер ана құрсағынан сал болып туған бiреудi күн сайын ғибадатхананың «Көрiктi қақпасының» қасына көтерiп алып келiп, отырғызып қоятын. Сол жерде ол ғибадатхана ауласына енгендерден қайыр сұрайтын.

3Кiрiп келе жатқан Петiр мен Жоханды көргенде, әлгi олардан қайыр сұрады.

4Бұлар оған көз салып, Петiр: «Бiзге қара!» — дедi.

5Ол екеуiне қадала қарап, бiр нәрсе берер деп үмiттенiп қалды.

6Бiрақ Петiр:

— Менде күмiс пен алтын жоқ. Дегенмен саған барымды беремiн: назареттiк Исаның атынан* айтамын: орныңнан тұрып, жүрiп кет! — дедi.


7Оны оң қолынан ұстап, еңсесiн көтердi. Сол сәтте аяғы мен тiзесiне күш бiтiп,

8ол ұшып тұрып, жүрiп кеттi. Солармен бiрге ғибадатхана ауласына кiрiп, әрi-берi жүрiп, секiрiп, Құдайды мадақтаумен болды.

9Күллi жұрт оның жүрiп кеткенiн және Құдайды мадақтағанын көрдi.

10Олар бұның ғибадатхананың «Көрiктi қақпасының» жанында отырып, қайыр сұрайтын кiсi екенiн танып, онымен болған оқиғаға таңғалып, қатты абыржыды.

Петiрдiң ғибадатхана алаңына жиналған


11Әлгi кiсi Петiр мен Жоханнан екi елi ажырамай қойды; аң-таң болған бүкiл жұрт солардың қасына, Сүлеймен атындағы бағаналы залда жиналды.

12Мұны көрген Петiр халыққа бұрылып былай дедi:

— Уа, исраилдiктер, сендер бұған неменеге таңғалып тұрсыңдар? Мынаның жүрiп кетуiне өз күшiмiзбен немесе құдайшылдығымызбен себепшi болғандай бiзге неге қарай қалдыңдар?

13Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы, яғни бiздiң ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы Өзiнiң Қызметшiсi* Исаны ұлылыққа бөледi. Соны Пилат босатып жiбермекшi болғанмен, сендер опасыздық жасап, Пилаттың алдында Одан бас тарттыңдар.

14Қасиеттi және әдiл Кiсiден бас тартып, бiр қанiшердiң босатылуын талап еттiңдер;

15ал шынайы өмiрдiң қайнар көзiн өлтiрттiңдер! Бiрақ та Құдай Оны өлiмнен қайта тiрiлтiп алды, бұған бiз куәмыз!


16Ал ендi, өздерiң танып, көрiп жүрген мына кiсiге Исаның құдiретi әл-қуат бердi, өйткенi бiз Оның есiмiне сендiк.* Иә, Иса берген сенiм сендердiң көз алдарыңда оның денсаулығын түгел қалпына келтiрдi.


17Бауырластар, сендер де, басшыларың да бiлместiк iстегендерiңдi бiлемiн.

18Ал Құдай барлық пайғамбарлардың аузымен Өзi жiберетiн Құтқарушы Мәсiх азапталады деп алдын ала жариялатқан сөзiн осылайша жүзеге асырды.

19Сондықтан терiс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешiрiп,

20сендерге рухтарыңды жаңғыртатын мезгiлдi берiп, алдын ала тағайындаған Мәсiх Исаны жiбередi.

21Барлық нәрсе қалпына келетiн уақытқа дейiн Құдай Мәсiхтi Өзiне қайтарып алды. Сол күндердi Тәңiр қасиеттi пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялап қойды.

22Мұса ата-бабаларымызға былай деген едi ғой: «Құдай Иемiз сендерге мен сияқты бiр Пайғамбарды бауырластарыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрiн тыңдаңдар.

23Кiм осы Пайғамбарды тыңдамаса, ол халқының iшiнен аластатылып, көзi жойылсын».

24Самуилден бастап одан кейiнгi барлық пайғамбарлар да осы күндерi болған оқиғаларды алдын ала жариялаған.


25Сендер пайғамбарлардың ұрпағысыңдар, Тәңiрдiң ата-бабаларыңмен жасасқан келiсiмiн мұра етесiңдер. Ол Ыбырайымға: «Сенiң ұрпағың арқылы жердегi барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады»* деген едi ғой.

26Сондықтан Құдай Өзiнiң Қызметшiсiн тiрiлтiп, әрқайсыңды зұлымдықтарыңнан қайтарып, жарылқау мақсатында ең алдымен сендерге жiбердi.

4

Екi елшi жоғарғы кеңес алдында


1Петiр мен Жохан жиналған жұртқа әлi де сөйлеп тұрған кезде оларға дiн басылары, ғибадатхана сақшыларының басшысы және өзге саддукейлер де келдi.

2Олар екеуiнiң халыққа тәлiм берiп, Иса өлiмнен қайта тiрiлдi* деп жариялап жүргендерiне наразы болды.

3Петiр мен Жоханды тұтқындап, келесi күнгi таңертеңге дейiн абақтыда ұстады. Себебi мезгiл кеш болып қалған едi.

4Петiрдiң уағызын тыңдағандардың көбi сенiмдi қабылдап, қауымдағы ер адамдардың саны бес мың шамасында болды.


5Келесi күнi таңертең яһудилердiң бастықтары, рубасылары және дiн мұғалiмдерi Иерусалимде жиналды.

6Бас дiни қызметкер Ханна мен Қаяфа, Жохан, Ескендiр, бас дiни қызметкер әулетiнiң тағы басқа кiсiлерi де түгел осында келдi.

7Олар екеуiн ортаға шығарып:

— Сендер мұны қандай күшпен, кiмнiң атынан iстедiңдер? — деп сұрады.

8Киелi Рухқа ерекше кенелген Петiр оларға былай жауап бердi:

— Халықты басқарушылар мен рубасылары!

9Бiз бүгiн: «Ол кiм арқылы сауықты?» деп, ауруға жасаған жақсылығымыз үшiн тергелмек болып жатырмыз.

10Ендеше бәрiңiз бiлiңiздер, бүкiл Исраил халқына да мәлiм болсын: сiздер айқышқа шегелеп өлтiрген, ал Құдай өлiмнен қайта тiрiлткен назареттiк Иса Мәсiхтiң атынан* мына кiсi сауығып, қарсы алдарыңызда тұр.


11Иса — «құрылысшылар, — яғни сiздер, — керегi жоқ деп бас тартқан Тас. Ол ендi үйдiң басты iргетасына айналды!»*


12Исадан басқа ешкiм де бiздi (Құдайдың қаһарынан) құтқара алмайды! Аспан астында бiздi құтқаратын басқа ешкiмнiң есiмi адамдарға бұйырмаған!


13Кеңес мүшелерi Петiр мен Жоханның батылдығын көрiп, олардың арнайы дiни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар екенiн байқаған соң, таңғалды. Сондай-ақ екеуiнiң Исаның шәкiртi болғанын бiлiп,

14қастарында тұрған сауыққан кiсiнi көрiп, қарсы ештеңе айта алмады.

15Оларға: «Жоғарғы кеңестен шығыңдар!» — деп бұйырды да, өзара ақылдасып:

16«Мына кiсiлерге не iстесек екен? Олар арқылы бiр кереметтiң жасалғаны анық, бұл Иерусалимнiң бүкiл тұрғындарына белгiлi, онымен таласа алмаймыз.

17Дегенмен бұл iс халыққа одан бетер тарап кетпес үшiн, бұдан былай сол Есiмдi атап ешкiмге сөйлемеңдер, олай етпеген күнде жазаға тартамыз деп қатаң тыйым салайық», — дестi.

18Әлгiлердi шақырып алып, оларға:

— Исаның атымен ешқандай уағыз айтпаңдар да, тәлiм бермеңдер де! — деп тыйым салды.

19Бiрақ Петiр мен Жохан оларға:

— Құдайды емес, сiздердi тыңдау Оның алдында жөн болар ма екен, оны өздерiңiз шешiңiздер.

20Ал бiз көрiп-естiгендерiмiз туралы үнсiз қала алмаймыз, — деп жауап бердi.


21Жоғарғы кеңес болған оқиғаға бола Құдайды дәрiптеп жүрген халықты ескерiп, екi елшiнi жазалаудың ретiн таппай, оларды қорқыта түсiп, жөнiне жiбердi.

22Себебi ауруынан сауығып, кереметтi басынан кешiрген кiсiнiң жасы қырықтан асып кеткен едi.

Сенушiлердiң Құдайдан батылдық сұрап сиынуы


23Өздерiн босатқаннан кейiн Петiр мен Жохан қауымдастарына барып, басты дiни қызметкерлер мен рубасыларының өздерiне айтқандарын түгел баяндап бердi.

24Сенушiлер осыны естiгенде ниеттес көңiлмен Құдайға сиынып, дауыстап былай дедi:

— Уа, Әлемнiң Әмiршiсi, көк пен жердi, теңiздi және олардағы нәрселердiң бәрiн жаратқан Сенсiң!

25Өзiңнiң қызметшiң — арғы атамыз Дәуiттiң аузымен Киелi Рух арқылы былай дедiң:

«Неге халықтар жатыр ашуланып,


Ұлттар iске аспайтын жоспар құрып?



26Тәңiр мен Оның қойған Патшасына

Әлемнiң патшалары қарсы тұрып,


Әкiмдер кеңесiп жатыр бiрiгiп».*


27Рас, осы қалада Ирод пен Понти Пилат Өзiңе бағынбайтын ұлттармен және Исраилдiң руларымен бiрiгiп, Өзiң Патша етiп тағайындаған қасиеттi Қызметшiң Исаға қарсы одақтасты.

28Алайда олардың iске асырғаны — Сенiң құдiреттi еркiң алдын ала белгiлеген жоспарың ғана.


29Ал ендi, Иемiз, олардың қоқан-лоқысын көрiп, құлдарыңа сөзiңдi зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!

30Қасиеттi Қызметшiң Исаның атынан ауруларды сауықтырып, керемет iстер жасап, құдiретiңдi көрсете гөр!*


31Олар сиынып болғаннан кейiн өздерi жиналып отырған жер қозғалып кеттi. Бәрi Киелi Рухқа кенелiп, Құдай сөзiн батылдықпен уағыздады.

Сенушiлердiң өзара тату болып, бiр-бiрiне жәрдем көрсетуi


32Сенушiлердiң қауымы тонның iшкi бауындай өзара жақын, тату болды.* Ешкiм қолындағы мал-мүлкiн өз меншiгiм демей, олар барлығын бөлiстi.

33Елшiлер Иемiз Исаның қайта тiрiлгендiгi туралы зор жiгермен куәлiк бердi. Осылайша олардың бәрiне Құдайдың мол рақымы жауды.


34Араларында жоқшылық көрген ешкiм болған жоқ. Себебi жерi немесе үйлерi барлар керек болғанда меншiктерiн сатып, ақша түсiрiп,

35оны елшiлердiң алдына әкелiп қойып отырды. Осыдан әркiмге керегiнше берiлдi.

36-37 Мысалы, Леуi руынан шыққан кипрлiк Жүсiптiң де егiстiк жерi бар болатын; елшiлер оған Барнаба — аударғанда Жiгерлендiрушi деген ат қойған едi. Сол кiсi өзiнiң меншiктi жерiн сатып, түскен ақшаны алып келiп, елшiлердiң алдына қойды.

5

Екi жүздi ерлi-зайыптының жазалануы


1Анани есiмдi кiсi мен әйелi Зәпира да бiр танап жерлерiн сатты.

2Анани түскен ақшаның бiр бөлiгiн жасырып алып қалып, тек қалғанын ғана елшiлердiң алдына апарып қойды. Бұл жайлы әйелi де хабардар болды.


3Сонда Петiр Ананиға былай дедi:

— Анани, неге жүрегiңе шайтанды ұялатып, Киелi Рухты алдап, жерiңнен түскен ақшаның бiр бөлiгiн жасырып алып қалдың?

4Ол сенiң меншiгiң болып қалмайтын ба едi? Сатқаннан кейiн де түскен ақшаға еркiн ие болатын едiң ғой. Бұлай iстеуге нелiктен бел байладың? Сен тек адамды емес, Құдайды да алдамақ болдың.


5Анани осы сөздердi естiсiмен құлап түсiп, жан тапсырды. Мұны естiгендердiң бәрiн қатты үрей биледi.

6Жас жiгiттер орындарынан тұрып, денесiн кебiнге орап, алып шығып, қабiрге қойды.


7Шамасы үш сағат өткенде оның әйелi келдi, ол не болғанын әлi бiлмеушi едi.

8Петiр одан:

— Айтшы, сендер жердi осы бағаға саттыңдар ма? — деп сұрады. Ол:

— Иә, сол бағаға, — деп жауап бердi.

9Сонда Петiр:

— Қалайша сендер Иемiздiң Рухын алдауға бола ма, жоқ па деп сынауға келiстiңдер? Мiне, күйеуiңнiң сүйегiн қабiрге қойғандар есiктен кiрiп келе жатыр, олар сенi де алып шығады, — дедi.


10Әйел лезде-ақ Петiрдiң алдына құлап түсiп, жан тапсырды. Iшке кiрген жас жiгiттер оның өлiп қалғанын көрiп, алып шығып, күйеуiнiң қасына қойды.

11Бүкiл қауымды және осыны естiгендердiң бәрiн де қатты үрей биледi.

Елшiлердiң көп кереметтер жасауы


12Ал Иемiз елшiлерi арқылы ел iшiнде көп кереметтер iстеп, құдiретiн көрсеттi. Сенушiлердiң барлығы ниеттес көңiлмен ғибадатханадағы Сүлеймен залына жиналып жүрдi.

13Бөтендерден ешкiмнiң де оларды мазалауға* батылы бармады, ал халық бұларды дәрiптедi.

14Барған сайын көп кiсiлер — әйелдер мен еркектер топ-тобымен Иемiздiң қауымына қосылып жатты.

15Жандарынан өткенде Петiрдiң, тым болмаса, көлеңкесi түссiн деп ауруларды көшеге шығарып, төсенiштер мен зембiлдерге жатқызып қойды.

16Иерусалимнiң маңайындағы қалалардан да жұрт ағылып, аурулары мен жын қинаған кiсiлерiн алып келдi. Солардың бәрi сауығып кеттi.

Елшiлердiң қамалып, таңғажайып босатылуы және жоғарғы кеңесте Исаны мойындауы


17Сол кезде бас дiни қызметкер мен оның жақтастарының бәрi, яғни саддукейлер тобының мүшелерi, елшiлердi қызғаныштан көре алмай, iштерi күйдi.

18Оларды ұстатып, мемлекеттiк түрмеге қаматты.

19Ал Жаратқан Иенiң бiр перiштесi түнде түрменiң қақпаларын ашып, оларды шығарды да:

20«Ғибадатханаға барып, халыққа осы Жаңа өмiр жайлы Iзгi хабарды түгел жариялаңдар!» — дедi.

21Олар айтқанын орындап, таң ата ғибадатханаға барып, халыққа тәлiм бердi.

Осы екi арада жақтастарын ертiп келген бас дiни қызметкер жоғарғы кеңестi — Исраил басшыларының бүкiл мәжiлiсiн жинап алды. Елшiлердi алып келуге түрмеге адамдарын жiбердi.

22Қызметшiлер оларды түрмеден таппай, қайта оралды.

23«Бiз түрменiң мұқият бекiтiлгенiн, күзетшiлердiң қақпалардың алдында тұрғанын анықтадық. Бiрақ ашқанда iшiнен ешкiмдi таппадық», — деп баяндады.

24Ғибадатхана сақшыларының бастығы мен басты дiни қызметкерлер мұны естiгенде оның немен аяқталарын бiлмей, аң-таң болды.


25Ал бiреу келiп: «Сiздер түрмеге жапқан кiсiлер ғибадатханада халыққа тәлiм берiп тұр!» — деп мәлiмдедi.

26Сақшылар бастығы қасындағы адамдарымен сол жерге барып, елшiлердi алып келдi. Бiрақ зорлық болған жоқ, себебi тас лақтырып өлтiрер деп халықтан қорықты.

27Келген, жоғарғы кеңестiң алдында тұрған елшiлердi бас дiни қызметкер тергеуге алды.


28— Бiз сендерге сол Адамның атынан тәлiм беруге қатаң тыйым салған жоқпыз ба? Алайда сендер iлiмдерiңдi бүкiл Иерусалимге таратыпсыңдар. Осылайша сол Адамның қанын бiзге жаппақсыңдар, — дедi ол.

29Петiр мен өзге елшiлер былай деп жауап бердi:

— Адамдарды емес, Құдайды көбiрек тыңдау керек!

30Ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы сiздер ағашқа iлiп өлтiрген Исаны қайта тiрiлтiп,

31Көсем және Құтқарушы ретiнде Өзiнiң оң жағындағы ең құрметтi орынға көтерiп, отырғызды. Осылай Ол Исраилдiң бетiн терiс жолдан қайтарып, күнәларын кешiрмек.

32Бiз де, Киелi Рух та бұл оқиғаларға куәмыз. Құдай осы Киелi Рухын Өзiне бой ұсынғандарға сыйға бередi.


33Жоғарғы кеңес осыны естiгенде қатты ашуланып, оларды өлтiретiн ойлары болды.

34Алайда араларындағы Гамалиел есiмдi бiр парызшыл* орнынан тұрды; ол елдiң бәрi қатты сыйлаған заң мұғалiмi* болатын. Гамалиел елшiлердi бiраз уақытқа залдан шығаруға бұйырып,

35сөз сөйлей бастады:

— Қадiрлi исраилдiктер, елдестерiм, мына кiсiлерге не iстегiлерiң келетiнiн жақсылап ойланыңыздар!

36Өздерiңiз бiлетiндей, бiраз жыл бұрын Теуда ел алдына шығып, өзiн ұлы көсеммiн деп* жариялап, оған төрт жүзге жуық адам қосылды. Бiрақ ол өлтiрiлiп, ергендер шашырап, жоқ болып кеттi.**

37Одан кейiн халық санағы кезiнде ғалилеялық Яһуда ел алдына шығып, соңынан көп халық ертiп, көтерiлiске шығарды. Оның да көзi құртылып, оған ергендер қуылып, тарап кеттi.

38Ал ендi сiздерге айтатыным мынау: бұл кiсiлерге тимеңiздер, босатып жiберiңiздер. Себебi егер бұл әрекет адам бастаған iс болса, ол өзiнен-өзi құриды,

39бiрақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тiптi Құдайға қарсы күресетiн боласыздар.

Гамалиелдiң сөзi қошталды.

40Елшiлердi шақыртып, дүре соқтырып, тағы да Исаның атынан уағыз айтуға қатты тыйым салған соң босатып жiбердi.

41Жоғарғы кеңестен шыққан елшiлер Иемiздiң аты үшiн қорлық көруге лайық деп саналғандарына қуанды.


42Олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде* тәлiм берiп, Исаның Мәсiх екендiгiн уағыздауларын тоқтатқан жоқ.

6

Қауымның жетi қызметшiсiнiң тағайындалуы


1Мәсiх жолын қуушылардың* саны өсiп келе жатқан осы күндерi грекше сөйлейтiн шетелдiк яһудилер жергiлiктiлермен ренжiсiп қалды, себебi күнделiктi тамақпен қамтамасыз еткен кезде олардың жесiрлерi ескерiлмей қалып жүр едi.

2Сонда он екi елшi Мәсiх жолын қуушылардың бүкiл қауымын жинап алып, былай дедi:

— Егер бiз Құдай сөзiн уағыздау қызметiне салғырт қарап, дастарқан жасаумен айналыссақ, бұл дұрыс болмас едi.

3Бауырластар, жақсы аты шығып жүрген, Киелi Рух пен даналыққа бөленген жетi жiгiттi орталарыңнан таңдап алыңдар! Оларға осы мiндеттi жүктемекпiз.

4Ал бiз Құдайға сиынып, Оның сөзiн уағыздап, тәлiм беру қызметiмiздi жалғастыра берейiк.


5Бұл ұсыныс бүкiл қауымнан қолдау тапты. Олар Құдайға жан-тәнiмен сенетiн, Оның Киелi Рухына бөленген Степан есiмдi кiсiнi, сонымен қатар Фiлiп, Прохор, Нықанор, Тимон, Пәрмен және Нықоланы таңдап алды; Нықола Антақиядан* келген, яһуди дiнiне кiрген жат ұлттық болатын.

6Оларды елшiлердiң алдына алып келдi де, Тәңiрге сиынып, үстерiне қолдарын қойып, баталарын бердi.


7Сонда Құдай сөзi кеңiнен тарап, Иерусалимде Мәсiх жолын қуушылардың саны көбейе бердi. Дiни қызметкерлердiң үлкен бiр тобы да Мәсiхке мойынсұнып, сене бастады.

Степанның тұтқындалуы


8Құдайдың рақымы мен құдiретiне кенелген Степан халық арасында ұлы кереметтер жасап жүрдi.

9Ал «Құлдықтан босатылғандардың» мәжiлiсхана қауымының кейбiр мүшелерi Күрене, Ескендiрия, Кiликия және Азия өлкелерiнен келген яһудилермен бiрiгiп алып, Степанға қарсы шығып, айтыса бастады.

10Бiрақ оның даналығына қарсы еш нәрсе iстей алмады, себебi ол Киелi Рухқа сүйенiп сөйлейтiн.

11Сонда олар жасырын келiсiм жасап: «Бiз оның Мұса пайғамбарға және Құдайдың Өзiне қарсы қорлық сөз айтқанын естiдiк», — деп өтiрiк жала жапқызды.


12Осылай олар халықты, басшылар және дiн мұғалiмдерiн елiртiп қойды; оны бас салып, зорлықпен сүйреп, жоғарғы кеңестiң алдына апарды.

13Сол жерде Степанға жала жауып, оны жалған куәларға қаралатып:

— Мына кiсi үнемi осы киелi үй* мен Таурат заңына тiл тигiзiп жүр!


14Бiз оның былай деп жүргенiн естiдiк: «Назареттiк Иса осы киелi үйдi талқандап, Мұса қалдырған қасиеттi дәстүрлердi өзгертедi», — деп айтқызды.


15Жоғарғы кеңесте отырғандардың бәрi оған көз тiгiп қарап отырғанда Степанның бет-жүзiнiң перiштенiкiне ұқсас екенiн көрдi.*

7

Степанның жоғарғы кеңес алдындағы сөзi


1Бас дiни қызметкер Степаннан:

— Осы рас па? — деп сұрады.

2Ол былай деп жауап бердi:

— Қадiрлi ағайындар мен ақсақалдар, сөзiме құлақ түрiңiздер! Арғы атамыз Ыбырайым Харан деген жерге әлi орын теппей тұрып, Месопотамияда жүрген кезiнде оған салтанатты ұлылыққа бөленген Құдай аян берiп:

3«Сен елiңдi, туған-туысқандарыңды тастап, Мен өзiңе көрсететiн елге көш!»* — деген.


4Сонда Ыбырайым пайғамбар Халдей елiн* тастап, Харанды мекендедi. Әкесi өлгеннен кейiн Құдай оны сол жақтан сендер қазiр тұрып жатқан осы жерге көшiрдi.

5Дегенмен Құдай оған бұл елден мұра бермеген, тiптi бiр сүйем жер де бермеген. Алайда Ол: «Осы жердi Мен өзiңе және ұрпақтарыңа сыйлаймын», — деп уәде берген едi,* бiрақ сол кезде Ыбырайымнан бала жоқ болатын.

6Құдай: «Сенiң ұрпақтарың жат жерде келiмсектер ретiнде жүрiп, төрт жүз жыл бойы құлдықта болып, жәбiрленедi.

7Бiрақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Содан кейiн олар көшiп келiп, Маған осы жерде қызмет ететiн болады»,* — дедi.

8Сол кезде Құдай Ыбырайыммен қасиеттi келiсiм жасап, сүндеттеу рәсiмiн оның белгiсi қылды. Осылайша Ыбырайым Ысқаққа әке болып, оны сегiзiншi күнi сүндеттедi. Ысқақтан Жақып туып, Жақып (бiздiң халқымыздың) он екi рубасының әкесi болды.


9Рубасылары қызғаныштан (туған бауырлары) Жүсiптi Мысырға сатып жiбередi. Бiрақ Құдай жар болып, оны басына түскен қиыншылықтың бәрiнен құтқарады.

10Жүсiпке даналық сыйлап, Мысырдың патшасы перғауынның ықыласына бөлеп, перғауын оны Мысырға және өзiнiң бүкiл сарайына әмiршi етiп қояды.*


11Бiр кезде бүкiл Мысыр мен Қанахан елдерi жұтқа ұшырап, қатты қиыншылық көрiп, ата-бабаларымыз азық-түлiксiз қалады.

12Мысырдан астық табуға болады дегендi естiген Жақып ұлдарын* сол жаққа жiбередi; бұл олардың алғашқы сапары болатын.

13Олар екiншi рет сапарлап барғанда, Жүсiп бауырларына өзiнiң кiм екенiн ашады, осылайша перғауын оның шыққан тегiн бiлiп алады.

14Жүсiп әкесi Жақып пен барлық қандас туысқандарын — жалпы саны жетпiс бес жанды өзiне шақыртып алады.

15Осылай Жақып Мысырға көшiп барады. Ол да, оның ұлдары да сонда өлiп,

16Сихем деген жерге апарылып, қабiрге қойылады. Қабiрдi Ыбырайым Сихемдегi Хемордың балаларынан күмiс ақшаға сатып алған болатын.*


17Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесiнiң орындалатын мерзiмi жақындаған сайын Мысырдағы ұрпақтары өсiп, көбейе бередi.

18Бұл жағдай Жүсiптi бiлмейтiн бiр бөтен патша Мысырға билiк құрғанға дейiн созылады.

19Сол патша халқымызға зұлым болып, аталарымызға қысымшылық көрсетiп, оларды жаңа туған нәрестелерiн тiрi қалмау үшiн тастап кетуге мәжбүр етедi.*


20Осы кезде Мұса пайғамбар дүниеге келедi. Құдайдың көз алдында ерекше бала болған ол үш ай бойы ата-анасының үйiнде өседi.

21Бұлар оны амалсыздан тастап кеткенде перғауынның қызы бауырына басып, сәбидi туған баласындай тәрбиелейдi.

22Осылай Мұса мысырлықтардың бүкiл даналығын оқып-үйренiп, сөзi мен iсiнiң арқасында ықпалды адам болады.


23Мұса қырық жасқа келгенде исраилдiк ұлттастарымды көрсем деген ойға келiп,

24соларға барғанда бiреуiне бiр мысырлықтың қол жұмсап жатқанын көредi. Соған болысып, әдiлетсiздiктiң есесiн қайтарып жүрiп, мысырлық жiгiттi өлтiрiп алады.

25Мұса Құдайдың менiң қолым арқылы өздерiне азаттық алып беретiнiн ұлттас ағайындарым түсiнер деп ойлайды. Бiрақ олар мұны түсiнген жоқ.


26Келесi күнi екi исраилдiктiң төбелесiп жатқанын көргенде Мұса оларды татуластырғысы келiп: «Жiгiттер, сендер бауырлассыңдар ғой! Қойыңдар, бiр-бiрiңдi неге жәбiрлейсiңдер?» — дейдi.

27Бiрақ елдесiн жәбiрлеушi жiгiт Мұсаны итерiп жiберiп: «Кiм сенi бiзге басшы әрi төрешi етiп тағайындады?

28Сен немене, кешегi мысырлықты өлтiргендей, менi де өлтiрмексiң бе?» — дейдi.

29Мұса бұл сөзден шошып, қашып кетедi. Мадиян* елiнде кiрме ретiнде тұрып, екi балаға әке болады.


30Қырық жылдан кейiн Синай тауының маңындағы айдалада жүргенде, Мұсаға жанып жатқан бiр тiкендi бұтаның жалынынан перiште көрiнедi.

31Мұны байқаған Мұса көрiнiске қатты таңғалады. Анықтап қарауға жақындағанда Жаратқан Иенiң:

32«Мен ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» деген даусын естидi. Бұдан қорқып, дiрiлдеп кеткен Мұсаның қарауға дәтi бармайды.

33Сонда Иемiз оған былай дейдi: «Аяғыңды шеш! Сен тұрған осы жер киелi.

34Мен халқымның Мысырда шеккен жәбiрiне назар аударып келемiн, күңiренген күрсiнiстерi құлағыма жеттi. Сондықтан оларды азат ету үшiн көктен түстiм. Кәне, жүр, Мен сенi Мысырға жiберемiн!»*


35«Кiм сенi бiзге басшы, әрi төрешi етiп тағайындады?» деп, бауырластары бас тартқан кiсi осы Мұса едi. Бiрақ тiкендi бұтада аян берген перiште арқылы Құдайдың Өзi оны басшы және құтқарушы ретiнде жiбердi.

36Осы Мұса бауырластарын алып шығып, Мысырда және Қызыл теңiзде, одан кейiн қырық жыл бойы айдалада көшiп-қонып жүргенде, Тәңiрдiң құдiретiн көрсететiн кереметтер жасады.

37Исраилдiң үрiм-бұтағына: «Құдай мен сияқты пайғамбарды бауырластарыңның арасынан шығарады», — деген кiсi осы Мұса едi.

38Синай тауының басында өзiне сөйлеген перiштенiң сөздерiн ата-бабаларымызға айдаладағы жиналысында жеткiзген кiсi де осы Мұса болатын. Сонда ол шынайы өмiрге жөн сiлтейтiн сөздердi бiзге тапсыру үшiн қабылдап алған едi.*


39Бiрақ ата-бабаларымыз Мұсаны тыңдағысы келмей, кеудесiнен итерiп, есiл-дерттерi Мысырға ауып кеттi.

40Олар Һароннан: «Бiзге алдымызда жүрiп отыратын тәңiр мүсiндерiн жасап берiңiз! Бiздi Мысыр жерiнен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын бiлмеймiз», — деп талап еттi.*

41Олар сол күндерi жас бұқаның мүсiнiн жасап, оған құрбандық шалып, өз қолдарынан шыққан «тәңiрге» қатты қуанып, көңiлдерiн көтердi.


42Ал Құдай халықтан сырт айналып кеттi де, оларды аспан денелерiне құлшылық етуге қалдырды. Осы туралы Пайғамбарлар жазбаларында былай деп жазылған: «Исраил ұрпақтары, сендер қырық жыл бойы айдалада құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларды Маған бағыштадыңдар ма?

43Жоқ, сендер Молох тәңiрiнiң мүсiнi орналасқан шатырды және Ремфан жұлдызының бейнесiн бiрге алып жүрдiңдер; бұларды бас иiп құлшылық ету үшiн жасап алған едiңдер. Сондықтан Мен сендердi жер аударып жiберемiн», Бабылдан ары!*


44Айдалада ата-бабаларымыз Құдаймен жасаған келiсiмнiң куәлiктерi сақталған шатыр араларында бар болатын. Бұл киелi шатыр Құдайдың берген әмiрiмен тура Мұса көрген үлгiге сай жасалған едi.

45Кейiн Құдай Қанахандағы халықтарды қуып жiберiп, аталарымыз Ешуаның жетекшiлiгiмен солардың жерiн иемденiп алған кезде киелi шатырды осында әкелдi. Бұл Дәуiт пайғамбардың заманына дейiн ұласты.

46Құдайдың ризашылығына ие болған Дәуiт Жақыптың ұрпақтары сиынып жүрген Құдайының жер бетiндегi мекендейтiн киелi үйiн салу үшiн Оның Өзiнен рұқсат сұрады.

47Бiрақ киелi үйдi Дәуiт емес, оның ұлы Сүлеймен* салып кеттi.


48Алайда Құдай Тағала адам салған үйде тұрмайды. Ишая пайғамбар Оның былай деп айтқанын жазып қалдырды:

49«Көк — Менiң тағым, ал жер — табан тiренiшiм.

Сендер Маған қандай үй салып бермексiңдер?


Немесе демалатын орным қай жер болмақ?



50Мұның бәрi өз қолымнан шықты емес пе?»


51Ей, қасарысқандар! Құдайға шын жүректен бағынбай, Оның сөзiне құлақ салмайтын сiздер болып тұрсыздар. Ата-бабаларыңызға ұқсап Киелi Рухқа әлi де қарсы шығып келе жатырсыздар.

52Ата-бабаларыңыз пайғамбарлардың қайсысын қудаламап едi! Олар Құдайдың әдiл Қызметшiсiнiң келуiн алдын ала жариялаған хабаршыларын өлтiрдi. Сiздер ендi Соның Өзiн ұстап берген сатқын, өлтiрген қанiшер болдыңыздар!

53Перiштелердiң қызметi арқылы Таурат заңын қабылдағанмен, оны ұстанбай келесiздер!

Степанның өлтiрiлiп, қауымның қудалануы


54Мұны естiген кеңес мүшелерiн ашу кернеп, Степанға тiстерiн қайрады.

55Ал Киелi Рухқа кенелген ол көкке қадала қарап, Құдайдың нұрлы салтанатын және Исаның Оның оң жағында тұрғанын көрдi.

56Сонда ол:

— Мiне, ғажап, көктiң ашылғанын және көктен келiп, кеткен Билеушiнiң* Құдайдың оң жағындағы құрметтi орнында тұрғанын көрiп тұрмын! — деп дауыстап жiбердi.


57Ал олар құлақтарын жауып алып, қатты шу шығарды. Бәрi бiрдей оған бас салды да,

58қаладан сүйреп шығарып, тас лақтыра бастады. Куәгерлер шапандарын шешiп, Саул есiмдi жас жiгiтке бере салды.

59Олар тас лақтырып ұрып жатқанда, Степан: «Ием Иса, рухымды Өзiңе ала гөр! — деп сиынды.

60Тiзерлеп отыра қалған ол қатты дауыстап: — Ием, олардың бұл күнәсын мойындарына арта көрме!» — дедi. Осыларды айтысымен жан тапсырды.

8


1Саул да Степанды өлтiрудi қоштаған едi. Сол күннен бастап Иерусалимдегi сенушiлер қауымын қатты қудалау басталды. Елшiлерден басқалардың бәрi Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кеттi.

2Ал Құдайды қастерлейтiн бiрнеше кiсi Степанды қабiрге қойып, қатты аза тұтып жоқтады.


3Саул болса, қауымға қырғидай тидi; үй-үйдi аралап, әйелдер мен еркектердi сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды.

Iзгi хабардың Самарияға жетуi


4Бытырап кеткен сенушiлер ел аралап, Iзгi хабарды таратып жүрдi.

5Қауым қызметшiсi Фiлiп Самарияның астанасына* келiп, оның тұрғындарына Мәсiх туралы Iзгi хабарды жариялады.

6Елдiң бәрi Фiлiптiң жасаған кереметтерiн естiп-көргенде, айтқан сөздерiн зейiн қойып тыңдады.

7Көп кiсiлердiң буып жүрген жындары қатты айқайлап шығып, көптеген сал, мүгедек болғандар сауығып,

8қала халқы үлкен қуанышқа кенелдi.


9Осы қалада бұрыннан сиқырлықпен айналысып келген Шимон есiмдi кiсi тұрушы едi; ол ұлы адаммын деп мақтанып, Самария халқын таң қалдыратын.

10Қатардағылардан бастап атақтыларға дейiн бәрi оны жоғары санап: «Мына кiсiде Ұлы күш деген Құдайдың құдiретi бар» деп ойлайтын.

11Шимон оларды едәуiр уақыт сиқырлық өнерiмен баурап алғандықтан, халық оны пiр тұтты.

12Ал Фiлiп Құдай Патшалығы және Исаның Мәсiх екендiгi туралы Iзгi хабарды жариялағанда, адамдар оған сенiп, көптеген ерлер мен әйелдер Мәсiх жолына түсiп, шомылдыру рәсiмiнен өттi.

13Шимон да сенiп, осы рәсiмнен өтiп, Фiлiптен бiр елi қалмай қойды. Құдайдың құдiретiн танытатын ұлы кереметтердi байқағанда қайран қалып жүрдi.

Киелi Рухтың самариялықтарға қонуы, әрi сиқыршы Шимонның қатты сөгiс алуы


14Иерусалимдегi елшiлер Самарияның халқы Құдайдың Iзгi хабарын қабыл алғанын естiгенде, оларға Петiр мен Жоханды жiбердi.

15Екеуi келген соң, Киелi Рухты қабылдасын деп солар үшiн Тәңiрге сиынды.

16Себебi Киелi Рух әлi олардың ешқайсысына қонбаған едi. Олар тек Иемiз Исаның атынан* шомылдыру рәсiмiнен өткен болатын.

17Екi елшi олардың үстерiне қолдарын қойғанда, самариялық сенушiлер де Киелi Рухты қабылдады.


18Елшiлердiң алақан тигiзуi арқылы Киелi Рух берiлгенiн байқаған Шимон оларға ақша ұсынып:


19— Маған да осындай билiк берiңдершi, үстiне қолымды қойған әркiм Киелi Рухты қабылдап жүрсiн, — дедi.

20Петiр оған былай жауап бердi:

— Құдайдың беретiн дарынын ақшаға сатып аламын дегенiң үшiн ақшаң өзiңмен бiрге құрысын.

21Осы қызметтi жасауға сенiң қақың жоқ*, себебi Құдай алдында көңiлiң таза емес.

22Сондықтан осы жаман қылығыңа өкiнiп, Құдайға сиынып жалбарын! Мүмкiн, Ол көңiлiңдегi қара ниетiңдi кешiрер.

23Жаман қызғаныш пен әдiлетсiздiкпен шырмалғандығыңды* байқаймын. —

24Ал Шимон олардан:

— «Айтқандарыңның бiрi де басыма келмесiн деп сендер мен үшiн Құдайға жалбарыныңдар!» — деп өтiндi.


25Екi елшi халық алдында Иемiз туралы Iзгi хабарға куәлiк келтiрiп, уағызын аяқтағаннан кейiн, Иерусалимге қайта оралып, жол-жөнекей Iзгi хабарды Самарияның көптеген ауылдарында уағыздай жүрдi.

Ефиопиялық уәзiрдiң Мәсiх жолына түсуi


26Бiр күнi Жаратқан Иенiң перiштесi Фiлiпке: «Түрегелiп, түс кезiнде* Иерусалимнен Газаға баратын елсiз жолға шық!» — деп әмiр еттi.

27Фiлiп тұрып, жүрiп кеттi. Жолда оған бiр эфиопиялық* кез болды. Бұл Эфиопияның әйел патшасы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзiрi екен. Ол Иерусалимге Құдайға құлшылық етуге келiп,

28ендi елiне қайтып бара жатқанда, күймесiнде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отыр екен.

29Киелi Рух Фiлiпке: «Күймеге жақындап, қатарласып жүр!» — дедi.

30Фiлiп күймеге жүгiрiп барғанда, ананың Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырғанын естiп, одан:

— Оқығаныңыз түсiнiктi ме? — деп сұрады.

31Ол:

— Бiреу түсiндiрмесе, қайдан түсiнейiн? Күймеге мiнiп, қасыма отырыңызшы, — деп Фiлiптен өтiндi.


32Жазбадан оқып отырған жерi мынау едi:

«Оны қой сияқты шалатын жерге алып барды,


Қырқып жатқанда маңырамайтын тоқты секiлдi


Ол тiс жармады.



33Ол қорланып, әдiл сотталу құқығынан айырылды.

Одан тарайтын ұрпақ туралы кiм мәлiмет бере алады?


Өйткенi Оның жаны бұл дүниеден аластатылды».*


34Уәзiр Фiлiптен:

— Өтiнемiн, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздердi өзi туралы айтып тұр ма, әлде басқа бiреу туралы ма? — деп сұрады.

35Сонда Фiлiп Киелi жазбаның осы жерiнен бастап, Иса туралы Iзгi хабарды айтып бердi.


36Жолда осылай келе жатып, олар бiр суға тап болды. Уәзiр сонда:

— Мынау су ғой, менiң шомылдыру рәсiмiнен өтуiме бола ма?» — дедi.

37(Сонда Фiлiп:

— Шын көңiлiңiзбен сенсеңiз, болады, — деп жауап бердi. Бұған Ол:

— Мен Исаның Құдай Ұлы екенiне сенемiн, — дедi.)

38Ол күйменi тоқтатуға бұйырды; екеуi суға түсiп, уәзiрдi рәсiмнен өткiздi.

39Олар судан шыққанда Жаратқан Иенiң Рухы Фiлiптi бiлдiрмей алып кеттi, содан қайтып уәзiр оны көрген жоқ, солай болса да, қуанған ол өз жөнiне кеттi.


40Бұдан кейiн жұрт Фiлiптi Азоттан көрдi, сол жерден ел аралап, Кесарияға жеткенше Iзгi хабарды барлық қалаларға таратып жүрдi.

9

Сенiмнiң қас жауы Саулдың Исаға


1Ал Иемiздiң жолын қуушыларға* қарсы өлтiрем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлiгiн әлi де үдеткен Саул бас дiни қызметкерге жолығып,

2(Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжiлiсханаларына арнап хат жазуын сұрады; сол жерден еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендердi тапса бұғаулап, Иерусалимге алып келмекшi едi.

3Осы ниетпен кетiп бара жатып, Дамаскiге жақындап қалғанда, оған көктен түскен бiр жарық кенеттен нұрын төгiп жiбердi.

4Саул жерге құлап түсiп, «Саул, Саул! Неге Менi қудалайсың?» — деген дауысты естiдi.

5Саул:

— Сен кiмсiң, Ием? — деп сұрады. Ол:

— Мен сен қудалап жүрген Исамын!

6Тұр да, қалаға бар! Не iстеуге тиiс екенiң саған сол жерде айтылады! — дедi.


7Саулдың сапарлас жiгiттерi үндемей тұрып қалды, себебi олар бiр дауысты естiгендей болғанмен ешкiмдi көрмедi.

8Саул түрегелiп, көзiн ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан оны Дамаскiге дейiн қолынан ұстап, жетектеп барды.

9Ол үш күн бойы көзi көрмей қалып, тамақ та iшiп-жемедi.


10Сол кезде Дамаскiде Исаның жолын қуушы Анани есiмдi кiсi тұратын. Иемiз соған аян берiп:

— Анани! — дедi. Ол:

— Тыңдап тұрмын, Ием! — дедi.


11— Тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар, сол жерде Яһуданың үйiнен тарстық Саул деген кiсiнi сұра! Қазiр ол Тәңiрге сиынып жатыр.

12Мен оған Анани есiмдi бiреудiң кiрiп келiп, көзiн ашу үшiн үстiне қолын қойғанын көз алдына елестетiп, аян бердiм, — дедi Иемiз.

13Бiрақ Анани:

— Ием, талайлардан осы кiсi Иерусалимде Сенiң халқыңа* қаншама көп жамандық iстегенi туралы хабар алдым.


14Ол басты дiни қызметкерлерден Сенiң атыңа сиынғандардың* бәрiн осы жерде де тұтқындауға өкiлеттiк алыпты, — деп жауап бердi.

15Бiрақ Иемiз оған:

— Бар! Ол — Менiң атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшiн таңдап алған қызметшiм.

16Ал Менiң атыма бола қаншама азап шегуге тиiс екенiн Мен оған бiлдiремiн, — деп айтты.


17Анани жолға шығып, әлгi үйге кiрдi. Саулдың үстiне қолын қойып:

— Бауырласым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иемiз Исаның Өзi көзiң қайтадан көрсiн, сен Киелi Рухқа кенелсiн деп менi жiбердi, — дедi.

18Сол сәтте-ақ ол көзiнен перде алынғандай, көре бастады. Орнынан тұрып, шомылдыру рәсiмiнен өттi де,

19тамақ iшiп, күшiне қайта ендi.

Саулдың Дамаскiде және Иерусалимде уағыз айтуы

Бiрнеше күн бойы Саул Мәсiх жолын қуушылармен бiрге Дамаскiде болды.

20Көп кешiкпей ол сол қаладағы яһуди мәжiлiсханаларында Исаның Құдай Ұлы екенi туралы уағыздай бастады.

21Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып:

— Иерусалимде Исаның атын мойындағандарды* аямай өлтiрген кiсi осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты дiни қызметкерлерге ұстап беру үшiн келген жоқ па? — дестi.


22Бiрақ Саул одан бетер рухани күшейе түсiп, «Иса — Құтқарушы Мәсiх» деп дәлелдеп, Дамаскiде тұратын яһудилердi қатты таңғалдырды.


23Едәуiр уақыт өткеннен кейiн яһудилер оны өлтiруге сөз байласты,

24алайда Саул олардың құпия ниетiн бiлiп қойды. Аналар оның көзiн құрту үшiн күнi-түнi қала қақпаларын аңдығандықтан,

25бауырластары Саулды бiр түнi кәрзеңкеге салып, қаланы қоршаған қамалдан төмен түсiрiп жiбердi.


26Осылайша Саул Иерусалимге жетiп, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бiрақ бәрi қорқып, оның шынымен-ақ Исаның жолына түскенiне сене алмады.

27Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшiлерге ертiп келдi. Оларға Саулдың жолда Иемiздiң аянын көрiп, Оның сөзiн естiгенiн* және Дамаскiде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгiмелеп бердi.

28Содан бастап Саул Иерусалимдегi сенушiлермен емiн-еркiн араласып, Иемiз Иса туралы ашық түрде уағыз айтып жүрдi.

29Ол грекше сөйлейтiн яһудилермен де айтысып, олар мұның көзiн жоюға әрекеттендi.

30Осыны естiген бауырластар Саулды Кесарияға алып кетiп, одан ары Тарсқа жөнелттi.


31Сөйтiп сенушiлер қауымы бүкiл Яһудея, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндердi басынан кешiп, рухани күшейiп, Иемiздi қастерлеп, Киелi Рухтың қолдауымен* көбейiп жатты.

Петiрдiң сал адамды сауықтырып, өлген әйелдi қайта тiрiлтуi


32Ал Петiр болса, ел аралап жүрiп, жол-жөнекей Лүддадағы Құдайдың адамдарына келдi.

33Ол сол жерде сегiз жыл бойы сал болып жатқан Еней есiмдi кiсiнi көрдi.

34Петiр оған: «Еней, Құтқарушы Мәсiх Иса сенi құлантаза сауықтырады! Тұр да, төсегiңдi жина!» дедi. Ол сол сәтте түрегелдi.

35Лүдда қаласы мен Сарон жазығындағы бүкiл ел мұны көрiп, терiс жолдарынан қайтып, Иемiздiң жолына түстi.


36Иоппе* қаласында Мәсiх жолын қуушы Табита есiмдi бiр әйел тұратын. Табита «Елiк» деп аударылады. Ол кәрiп-қасерлерге көмектесiп, көптеген игi iстер жасайтын.

37Сол күндерi Табита ауырып, өлiп қалады. Оның денесiн арулап, жоғарғы бөлмеге апарып қояды.

38Мәсiх жолын қуушылар Петiрдiң Иоппеге жақын жердегi Лүддада екенiн бiлiп, оған: «Тезiрек бiзге келiңiз!» — деген өтiнiшпен екi жiгiттi жiбередi.

39Петiр олармен жүрiп кетедi. Келген соң, оны жоғарғы бөлмеге алып барады. Сол бөлменiң iшiнде оны қайғырып жүрген жесiрлер ортаға алып, марқұмның тiрi кезiнде тiгiп берiп кеткен шапандары мен көйлектерiн көрсетiп жылаумен болады.

40Петiр оларды сыртқа шығарып жiберiп, тiзерлеп отырып, Құдайға сиынады. Бұдан кейiн мәйiтке бұрылып: «Табита, тұр!» — дейдi. Табита көзiн ашып, Петiрдi көрiп, түрегелiп отырады.

41Петiр оған қолын ұсынып, орнынан тұруға көмектеседi. Жесiрлер мен басқа да сенушiлердi шақырып, қайта тiрiлген Табитаны көрсетедi.


42Бұл оқиға бүкiл Иоппеге мәлiм болып, көптеген кiсi Иемiзге сендi.

43Осыдан кейiн Петiр бiрнеше күн Иоппеде Шимон есiмдi терi илеушiнiң үйiнде тұрып қалды.

10

Римдiк жүзбасы Корнелдiң Петiрмен кездесуi


1Сол кезде Кесарияда Корнел есiмдi кiсi тұратын, ол «Италиялық жасақ» деп аталған әскер бөлiмiнiң жүзбасы едi.

2Үй-iшiмен шын жүректен Құдайды қастерлейтiн Корнел яһуди халқының кәрiп-қасерлерiне көп қайырымдылық жасап, ұдайы Құдайға сиынып мiнажат етiп жүретiн.

3Бiр күнi түс қайта сағат үш шамасында ол Құдайдың бiр перiштесiнiң үйге кiрiп, аян берiп,

— Корнел! — деп тiл қатқанын анық көрдi.

4Оған көз салып, шошып кеткен жүзбасы:

— Мырза, не iстеуiм керек? — деп сұрады. Перiште:

— Сенiң еткен мiнажатың және кәрiп-қасерлерге берген қайыр-садақаң Құдай алдына жеттi, Ол соларды мейiрлене ескередi.

5Бiреулердi Иоппеге жiберiп, Шимон Петiр дегендi шақырт,

6ол теңiз жағасында тұратын терi илеушi Шимонның үйiнде тұрып жатыр, — деп жауап бердi.


7Өзiмен сөйлескен перiште ғайып болып кеткеннен кейiн Корнел қызметшiлерiнiң екеуiн және өзiне қызмет етiп жүрген жасақшыларының бiрiн шақырып алды; ол да Құдайды қастерлейтiн кiсi едi.

8Бұларға бәрiн айтып түсiндiрiп, Иоппеге жiбердi.


9Келесi күнi бұлар қалаға жақындап қалғанда, Петiр түс кезiнде мiнажат ету үшiн үйдiң төбесiне көтерiлдi.

10Оның қарны ашып, тамақ жегiсi келiп кеттi. Ас дайындалып жатқан кезде ол бiр ерекше күйге енiп,

11көктiң ашылып, одан дастарқанға ұқсас нәрсенiң төмендеп келе жатқанын көрдi; ол төрт бұрышынан ұсталған күйi жерге қарай түсiрiлiп келе жатты.

12Iшiнде алуан түрлi төрт аяқты жануарлар, бауырымен жорғалаушылар және жабайы құстар бар екен.

13Бiр дауыс:

— Петiр, тұр, бiреуiн сойып же! — дедi.

14Петiр:

— Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ* жеген емеспiн, — дедi.


15Дауыс екiншi рет естiлiп:

— Сен Құдай тазалағанды арам деп айтпа!* — дедi.


16Осы үш рет қайталанып, дастарқан дереу жоғары көтерiлiп кеттi.


17Петiр көрген аянының ненi бiлдiретiнiн түсiне алмай тұрғанда, Корнел жiберген жiгiттер Шимонның үйiн iздеп, қақпа алдына тоқтады.

18Олар: «Осы үйде Шимон Петiр деген қонақ бар ма екен?» — деп дауыстап сұрады.

19Петiр көрген аяны туралы әлi ойланып тұрғанда, Киелi Рух оған: «Қарашы, сенi үш жiгiт iздеп келдi.

20Орныңнан тұрып, жерге түс, ойланбай-ақ солармен бiрге жолға шық! Себебi оларды Мен жiбердiм», — дедi.

21Петiр төмен түсiп, жiгiттерге жолығып:

— Сендер iздеп жүрген кiсi менмiн. Бұл жерге не себептен келдiңдер? — деп сұрады.

22Олар былай дедi:

— Бiздi Корнел есiмдi жүзбасы жiбердi. Ол әдiл, Құдайды қастерлейтiн және бүкiл яһуди халқы сыйлайтын кiсi. Оған Құдайдың перiштесi: «Петiрдi үйiңе шақыр, не айтады екен, соны тыңда!» — деп бұйырды.

23Петiр оларды үйге шақырып, қонақ қылды. Келесi күнi дайындалып, солармен бiрге жолға шықты. Иоппедегi бауырластарының бiразы оған ерiп жүрдi.


24Бiр күннен кейiн олар Кесарияға жеттi. Корнел барлық туған-туысқандары мен жақын достарын үйiне шақырып, бұларды күтiп отыр екен.

25Петiр үйiне кiргенде Корнел оның алдынан шығып құрметтеп, аяғына жығылды.

26Петiр: «Түрегелiңiз, мен де сiз сияқты пендемiн», — деп, оны тұрғызып алды.

27Корнелмен сөйлескен бойы үйге кiрдi. Үй толы кiсi екенiн көрiп,

28оларға былай деп тiл қатты:

— Сiздер мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен сөйлесуге немесе үйiне кiруге дiнiмiздiң ережелерi арқылы тыйым салынғанын бiлесiздер. Бiрақ Құдай маған ешбiр адамға «қасиетсiз және арам» деп қарамау керек екенiн бiлдiрдi.

29Сондықтан мен шақыруларыңыздан бас тартпай, осы жерге келiп тұрмын. Ал ендi менi не себептен шақырғандарыңызды бiлгiм келедi.


30Сонда Корнел былай дедi:

— Үш күн бұрын* мен үйде Құдайға сиынып мiнажат етiп отыр едiм. Уақыт қазiргi сияқты түстен кейiнгi сағат үштiң кезi болатын. Кенеттен киiмдерi жарқыраған бiр ер адам алдыма тұра қалып:


31«Корнел, сенiң мiнажатың Құдайдың құлағына жетiп, берген қайыр-садақаңды Ол мейiрлене ескередi.

32Иоппеге жiберiп, Шимон Петiрдi шақырт, ол теңiз жағасындағы терi илеушi Шимонның үйiнде тұрып жатыр», — дедi.

33Содан мен сiзге дереу кiсi жiбердiм, келгенiңiз өте жақсы болды. Қазiр бәрiмiз осы жерде Құдай алдында отырып, Оның сiзге сөйлетiп қойған сөзiн тыңдағымыз келедi.

Петiрдiң Кесариядағы уағызы


34Сонда Петiр былай деп сөзiн бастады: «Құдайдың адамның бет-жүзiне қарамайтынын ендi шынымен бiлiп алдым.

35Ол әр ұлттың Өзiн қастерлеп, әдiлетке сай әрекет ететiндерiн қабылдайды.

36Құдай Исраил халқына Өзiнiң Иса Мәсiх арқылы адамзатпен татуласуы жайлы Iзгi хабарды жiбердi: Мәсiх — бәрiнiң де Иесi!

37Жақия адамдардың шомылдыру рәсiмiнен өтуi туралы уағыз айтқан едi; Ғалилеядан бастап барлық яһуди елiнде содан кейiн болған оқиғаларды бiлесiздер:

38Құдай Киелi Рухы мен құдiретiн назареттiк Исаға дарытты. Ол игi iстер жасап, шайтан буғандарды айықтырып, ел аралап жүрдi, өйткенi Құдай Оған жар болды.

39Бiз Исаның яһуди елiнде және Иерусалимде iстеген iстерiнiң бәрiне куәмыз; ақыр соңында Оны ағашқа iлiп, өлтiрдi.

40Ал үшiншi күнi Құдай Оны қайта тiрiлтiп алып,

41бүкiл халыққа емес, Өзi куә болуға алдын ала таңдап алған бiзге көрсеттi. Иса өлiмнен қайта тiрiлгеннен кейiн бiз Онымен бiрге тамақ iшiп-жедiк.

42Ол бiзге адамдарға айтып, Құдайдың тiрiлер мен өлiлердi соттауға тағайындаған Кiсiсiнiң Өзi екенiн жариялап, куәлiк келтiруге әмiр еттi.

43Барлық пайғамбарлар Иса туралы: «Оған сенген әркiмнiң күнәлары Оның арқасында кешiрiледi» дегенге алдын ала куәлiк келтiрген.


44Петiр осы сөздердi әлi айтып тұрған кезде, Киелi Рух сөзiн тыңдап тұрғандардың бәрiне қонды.

45Петiрмен бiрге келген сенушi яһудилер* Киелi Рухтың басқа ұлт адамдарына да құйылғандығына қатты таңғалды.

46Себебi олар аналардың әр түрлi тiлдерде* сөйлеп, Құдайды мадақтап тұрғандарын естiдi. Сонда Петiр:


47— Мыналардың суға шомылдыру рәсiмiнен өтулерiне тыйым салуға бола ма? Олар да Киелi Рухты бiз сияқты қабылдады ғой! — деп жауап берiп,

48оларды Исаның атынан* шомылдыру рәсiмiнен өткiзуге бұйырды. Содан кейiн олар Петiрден бiрнеше күнге қалуын өтiндi.

11

Петiрдiң болған жайды Иерусалимде баяндауы


1Яһуди аймағындағы елшiлер мен бауырластар Құдайдың Iзгi хабарын басқа ұлттың адамдары да қабылдағанын естiп бiлдi.

2Петiр Иерусалимге қайтып келгенде, Мәсiхке сенушi яһудилер* оны:


3— Сен сүндеттелмеген адамдарға барып, солармен бiрге тамақ iшiпсiң, — деп жазғырды.

4Сонда Петiр оларға оқиғаның қалай болғанын рет-ретiмен әңгiмелеп бердi:


5— Мен Иоппе қаласында мiнажат етiп отырғанда, ерекше күйге енiп, аян көрдiм: үлкен дастарқанға ұқсас бiр нәрсе төрт бұрышынан ұсталған күйi көктен түсiрiлiп, қасыма төмендеп келе жатты.

6Iшiне анықтап қарағанымда төрт аяқты жануарлар, жабайы аңдар, бауырымен жорғалаушылар және жабайы құстарды көрiп,

7«Петiр, тұр, бiреуiн сойып же!» — деген дауысты естiдiм.

8Ал мен оған: «Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспiн», — дедiм.

9Көктен естiлген жаңағы дауыс тағы да: «Сен Құдай тазалағанды арам деп айтпа!» дедi.

10Осы үш рет қайталанып, бәрi қайтадан көкке тартылып кеттi.


11Дәл сол кезде мен болған үйдiң алдына Кесариядан маған жiберiлген үш кiсi келдi.

12Киелi Рух ойланбастан солармен бiрге кетуiм керек екенiн маған айтып бұйырды. Мына алты бауырласым да iлесiп барып, осылай сол адамның үйiне кiрдiк.

13Ол үйiнде отырғанда перiштенiң аян берiп: «Бiреулердi Иоппеге жiберiп, Шимон Петiр дегендi шақырт!

14Ол саған Iзгi хабар айтады, сол арқылы өзiң де, бүкiл үй-iшiң де құтқарыласыңдар», — дегенiн бiзге әңгiмелеп бердi.

15Мен сөйлей бастағанда, тура о баста бiзге қонғандай, олардың үстiне де Киелi Рух қонды.

16Сонда Иемiздiң мына сөзi есiме түстi: «Жақияның шомылдыру рәсiмi сумен болса, сендер Киелi Рухпен шомылдырыласыңдар».

17Сондықтан, егер Құдай бiзге берген сыйын Иемiз Иса Мәсiхке сенетiн оларға да берсе, онда мен Құдайға қарсы келетiн кiммiн?


18Аналар осыны естiгенде тыныштанып:

— Сонымен Құдай басқа ұлттардың да терiс жолдан қайтып, шынайы өмiрге ие болуына мүмкiндiк бердi, — деп Құдайды мадақтай бастады.

Антақиядағы алғашқы «мәсiхшiлер» қауымы


19Степан өлгеннен кейiн қуғынға ұшырап, бытырап кеткен сенушiлер Финикия өлкесiне, Кипр аралына және Сириядағы Антақия қаласына дейiн барып, Iзгi хабарды тек яһудилерге ғана уағыздап жүрдi.

20Бiрақ кейбiр кипрлiк және күренелiк сенушiлер Антақияға келiп, Иемiз Иса туралы Iзгi хабарды басқа ұлттың адамдарына да* айтып жүрдi.

21Құдай оларға құдiретiн дарытқандықтан көп кiсiлер терiс жолдарынан қайтып, Иемiздiң жолына түстi.


22Бұл жайында Иерусалимдегi қауым да құлақтанып, Антақияға Барнабаны жiбердi.

23Ол келiп, сол кiсiлерге деген Құдайдың рақымын көрген соң қатты қуанып, бәрiне Иемiзге шын көңiлден адал болыңдар деп жiгер бердi.

24Өйткенi Барнаба Киелi Рухпен сенiмге мол кенелген жақсы кiсi едi. Осылай Иемiздiң қауымына көп халық қосылды.


25Содан кейiн Барнаба Саулды iздеу үшiн Тарсқа барып,

26оны тауып, Антақияға алып келдi. Сол жердегi қауымда екеуi бiр жылдай болып, көп кiсiлерге тәлiм бердi. Антақияда Исаның жолын қуушылар алғаш рет «мәсiхшiлер» деп аталды.

Антақия қауымының яһуди аймағындағы мәсiхшiлерге жәрдем жiберуi


27Осы кезде Иерусалимнен Антақияға бiрнеше пайғамбар* келдi.

28Солардың iшiнен Агаб деген бiреуi орнынан тұрып, Киелi Рухтың бүкiл жердi аштық жайлайды деген хабарын жеткiздi. Бұл аштық Клаудидiң патшалық құрған кезiнде болды да.

29Сондықтан Иемiздiң жолын қуушылар әрқайсысы өзiнiң шамасы келгенше яһуди аймағындағы бауырластарына жәрдем жiберуге шешiм қабылдады.

30Олар осылай iстеп, жинағандарын Иерусалим қауымының жетекшiлерiне Барнаба мен Саул арқылы жөнелттi.

12

Елшi Жақыптың өлтiрiлiп,


1Шамамен осы кезде Ирод (Агриппа) патша* қауымның кейбiр мүшелерiн қолға түсiрiп, зорлық-зомбылық көрсетiп,

2Жоханның туған ағасы Жақыпты* семсермен шауып өлтiрттi.


3Осы қылығы яһудилерге ұнағанын көрген ол Петiрдi де ұстатты. Бұл Ашымаған нан мейрамы күндерi едi.

4Осылай Петiрдi тұтқындатқан соң Ирод оны түрмеге жаптырып, төрт топқа бөлiнген он алты жасақшыға күзеттiрiп қойды да Құтқарылу мейрамынан кейiн оны халықтың алдына шығарып, соттамақ болып ниеттендi.

5Сонымен Петiр абақтыда күзетiлдi, ал қауым ол үшiн Құдайға қызу жалбарынып, сиынумен болды.


6Ирод оны халық алдында соттайтын күнi түнде Петiр екi жасақшының ортасында екi шынжырмен байлаулы ұйықтап жатыр едi, есiктiң алдында да қарауыл абақтыны күзетiп тұрды.

7Кенеттен Жаратқан Иенiң бiр перiштесi пайда болып, қапас жарқырап кеттi. Перiште Петiрдi бүйiрiнен түртiп оятып: «Тезiрек тұр!» — дегенде, оның қолдарын байлаған шынжырлар сыпырылып түстi.

8Перiште: «Белiңдi буынып, аяғыңа да ки!» — дедi. Петiр мұны орындағаннан кейiн, перiште: «Шапаныңды жамылып, маған ер!» — дедi.

9Сонда Петiр оған iлесiп, қапастан шықты. Перiштенiң iстегенi өңiмде емес, түсiмде болып жатыр екен* деп ойлады.

10Олар бiрiншi және екiншi қарауылдан өтiп, қалаға шығатын темiр қақпаға келгенде, қақпа бұларға өзiнен-өзi ашыла кеттi де, екеуi сыртқа шықты. Бiр көшемен жүрiп бара жатқанда кенеттен перiште Петiрдiң қасынан ғайып болды.


11Петiр өзiне-өзi келгеннен кейiн: «Иемiздiң перiштесiн жiберiп, менi Иродтың қолынан және яһуди халқы күткеннiң бәрiнен құтқарғанын ендi шынымен бiлiп тұрмын», — дедi.

12Осыны аңғарған ол Жохан Марқаның* шешесi Мәриямның үйiне барды. Сол жерде көп бауырластар Құдайға сиынып мiнажат етуге жиналған едi.

13Петiр сыртқы есiктi қаққанда, Рода есiмдi қызметшi қыз кiм екенiн бiлу үшiн құлағын тосты.

14Ол Петiрдi даусынан танып, қуанғанынан қақпаны ашпастан үйге жүгiрiп барып:

— Қақпаның алдында Петiр тұр, — деп хабарлады.

15Ал үйдегiлер:

— Есiң дұрыс па өзi? — деп, оған сенбедi. Бiрақ ол:

— Рас, рас! — деп тұрып алды.

— Бұл оның перiштесi* шығар, — дестi олар.


16Петiр үздiксiз қағып тұрды. Ақырында олар ашып, оны көргенде, қатты таңғалды.

17Петiр сабыр етiңдер деп қолын сiлтеп, Иемiздiң оны түрмеден қалай шығарғанын әңгiмелеп бердi. «Осыны Жақыпқа* және басқа бауырластарға айтыңдар!» — деп, үйден шығып, басқа жаққа кетiп қалды.


18Таң атқанда қарауылдағылар Петiрге не болғанын түсiнбей қатты састы.

19Ирод оны iздеуге бұйырып, таппаған соң күзетшiлердi тергеп, өлiмге кестi.

Ирод Агриппа патшаның жаман өлiмi

Бұдан кейiн Ирод яһуди елiнен Кесарияға барып, сонда бiраз уақытқа тоқтады.

20Ол Тир мен Сидонның тұрғындарына қатты өшiгiп алған болатын. Екi қала келiсiп, өкiлдерiн жiбердi. Бұлар патшаның уәзiрi Бластты өздерiн жақтауға көндiргеннен кейiн бiтiмге келейiк деп өтiндi, себебi олардың аймақтары патша елiнен азық-түлiк алып тұрушы едi.


21Белгiленген күнi Ирод патшалық сән-салтанатпен киiнiп, мiнбедегi тағына отырды да, өкiлдерге арнап сөз сөйледi.

22Жиналған халық оған: «Адам емес, құдай сөйлеп тұр!» — деп айқайлай бердi.

23Ирод Құдайға тиiстi құрметтi көрсетпегендiктен, Иемiздiң перiштесi оған дереу жаза жiбердi: ол тiрiдей құртқа жем болып өлдi.


24Ал Құдай сөзi кеңiнен тарап, сенушiлердiң саны өсе бердi.

25Барнаба мен Саул өздерiне жүктелген мiндеттi Иерусалимде орындап болып, Жохан Марқа есiмдi жiгiттi ертiп, (Антақияға) қайта оралды.

13

Құдайдың Барнаба мен Саулды шетелге жiберуi


1Антақиядағы сенушiлер қауымында бiрнеше пайғамбарлар* мен ұстаздар бар едi: Барнаба, Қара деп аталған Шимон, күренелiк Лұси, өлке әкiмшiсi Иродпен бiрге тәрбиеленген Манаин және Саул.

2Олар Иемiзге сиынып, ораза тұтып отырғанда Киелi Рух: «Мен шақырған iске Барнаба мен Саулды Маған бөлек шығарып берiңдер!» — дедi.

3Сонда бәрi ораза тұтып мiнажат етiп, екеуiнiң үстерiне қолдарын қойып, баталарын бердi де, жолға шығарып салды.

Елшiлер Кипр аралында


4Сөйтiп Киелi Рух жiберген екi елшi Селеукиге барып, сол жерден кемеге отырып, Кипрге жүрiп кеттi.

5Салами қаласына келген соң, яһуди мәжiлiсханаларында Құдай сөзiн уағыздады. Жохан (Марқа) бiрге болып, оларға көмектесiп жүрдi.

6Бүкiл аралды аралай отырып, Пат қаласына келген олар Барешуа есiмдi яһудиге кездестi: ол сиқыршы, жалған пайғамбар

7және Серги Пауыл есiмдi арал әмiршiсiмен дос болып жүр екен. Әмiршi ақылды кiсi болатын, ол Құдай сөзiн естiгiсi келiп, Барнаба мен Саулды өзiне шақырды.

8Бiрақ әлгi сиқыршы Елүма — грек тiлiнде оның аты солай — оларға қарсы шығып, әмiршiнiң Құдай Сөзiне сенуiн терiске шығаруға тырысты.


9Сонда Пауыл деп те аталатын Саул* Киелi Рухқа кенелiп, сиқыршының бетiне қадала қарап тұрып, былай дедi:

10«Ей, шайтанның баласы, барлық әдiлдiктiң жауы! Сенiң iшiң әр түрлi өтiрiк пен зұлымдыққа толы. Жаратқан Иенiң тура жолын терiске шығаруды қоясың ба, жоқ па?

11Ендi Құдайдың құдiретiне ұшырап,* соқыр болып, бiрталай уақыт күн сәулесiн көрмейсiң!»

Сол сәтте оны қара түнек басып, қолынан ұстап жетектейтiн адам iздеп, сипаланды да қалды.

12Мұны көрген әмiршi Иемiз туралы iлiмге таңғалып, сендi.

Пауылдың Кiшi Азияның Антақия қаласындағы уағызы


13Пауыл мен оның сапарластары Паттан кемеге мiнiп, Памфүлия аймағындағы Перге қаласына келдi. Жохан (Марқа) олардан сол жерде айырылысып, Иерусалимге қайтып кеттi.

14Ал екi елшi Пергеден ары кетiп, Пiсидия аймағындағы Антақияға келдi. Демалыс күнi* олар яһуди мәжiлiсханасына келiп, отырды.

15Таураттан және пайғамбарлар жазбаларынан үзiндiлер оқылған соң, мәжiлiсхана басшылары оларға:

— Бауырластар, егер сендер жамағатқа жiгер беретiн сөз айтамын десеңдер, айта берiңдер! — дедi.

16Сонда Пауыл тұрды да, қолымен тыныштыққа шақырып, сөйлеп кеттi:

— Исраилдiктер мен басқа ұлттың Құдайды қастерлеушiлерi, құлақ түрiңдер!

17Бiздiң Исраил халқымыз сиынатын Құдай ата-бабаларымызды таңдап алды. Халқымыздың Мысырда жат жерлiк болған кезiнде Ол оның санын көбейтiп, керемет күшпен сол елден алып шықты.

18Қырық жылдай уақыт бойы Құдай айдалада көшiп-қонып жүрген оларға қамқор болған соң,

19Қанахан елiнде жетi ұлтты жоқ қылып, таңдап алған өз халқына солардың жерiн меншiкке бердi.

20Содан кейiн Самуил пайғамбар келгенше Құдай оларға төрт жүз елу жыл бойы билердi* жiбердi.

21Халық патша сұрағанда, Құдай оларға қырық жылға Бунямин руының жiгiтi Қиштың ұлы Саулды бердi.

22Оны тақтан түсiргеннен кейiн, оларға патшалыққа Дәуiт пайғамбарды берiп, ол туралы «Мен көңiлiмнен шыққан адамды таптым, ол — Есей ұлы Дәуiт; сол Менiң қалағанымның бәрiн орындайды», — дедi.

23Құдай Дәуiтке уәде еткендей оның әулетiнен Исраил халқы үшiн Құтқарушы* ретiнде Исаны шығарды.

24Ол келместен бұрын, Жақия пайғамбар Исраил халқына: «Терiс жолдан қайтып, шомылдыру рәсiмiнен өтiңдер!» — деп уағыз айтып жүрген едi.

25Өз қызметiнiң соңғы кезiнде Жақия пайғамбар: «Сендер менi кiм деп ойлайсыңдар? Мен Ол емеспiн! Қараңдар, Ол менен кейiн келе жатыр. Бiрақ мен Оның құлы болып кебiсiн беруге де тұрмаймын»,* — дейтiн.


26Бауырластар, Ыбырайым атаның әулетiнен тарағандар мен басқа ұлттың Құдайды қастерлеушiлерi! Құтқарылу туралы хабар бiзге жiберiлдi,

27себебi Иерусалимнiң тұрғындары және олардың басшылары Исаны танымай, соттады. Сол iсi арқылы олар пайғамбарлардың бiз демалыс күндерi оқып жүрген, алдын ала айтқан сөздерiн жүзеге асырды.

28Одан өлiм жазасын тартқызатындай кiнә таба алмағанмен олар Пилаттан Оны өлтiрудi талап етiп, дегендерiн орындатты.

29Сол туралы Киелi жазбаларда айтылғанның бәрi жүзеге асқаннан кейiн, Исаның денесi айқыштан түсiрiлiп, қабiрге қойылды.

30Алайда Құдай Оны өлiмнен қайта тiрiлтiп алды!

31Бұдан кейiн Иса Өзiне Ғалилеядан Иерусалимге ерiп келген кiсiлерге көп күн бойы көрiнiп жүрдi; қазiр олар халық алдында Оның куәлары болып жүр.


32Бiз екеуiмiз сендерге осы Iзгi хабарды уағыздаймыз: Құдай ата-бабаларымызға берген уәдесiн

33солардың ұрпақтары — бiз үшiн Исаны өлiмнен қайта тiрiлту арқылы орындады. Забурдың екiншi жырында мынаған ұқсас жазылған:

«Сен Менiң рухани Ұлымсың,


Бүгiн Әкең екендiгiмдi жарияладым».*


34Оның денесiн еш уақытта шiрiтпеу үшiн қайта тiрiлттi, бұны Оған мына сөздермен алдын ала бiлдiрген болатын:

«Мен Дәуiтке уәде еткен,


Қасиеттi де сенiмдi игiлiктердi Саған беремiн».



35Өйткенi Дәуiт Забурдың басқа жырында Құдайға арнап былай деп жазған:

«Қасиеттiңнiң* тәнiн де шiрiтпейсiң».


36Дәуiттiң өзi заманында Құдайдың еркi бойынша халқына қызмет еткен соң дүниеден өтiп, ата-бабаларының қасына қойылып, денесi шiрiп кеттi.

37Алайда Дәуiт айтып тұрған «адал Кiсiнi» Құдай өлiмнен қайта тiрiлтiп алғандықтан, Оның денесi шiрiген емес.


38Сондықтан, бауырластар, мынаны бiлiп алыңдар: бiз сендерге Құдай күнәларыңды осы Кiсiнiң құрбандығы арқылы кешiретiнiн жариялаймыз.

39Мұса қалдырған Таурат заңын орындасаңдар да, күнәларыңнан шынайы ақтала алмадыңдар. Ал ендi Исаға сенген әркiм бар күнәларынан Исаның құрбан болғандығы арқылы ақталады.


40Сонымен байқаңдар, пайғамбарлар жазбаларындағы мына сөздер бастарыңа келмесiн:

41«Сақтаныңдар, Құдайдың айтқанын менсiнбейтiндер,

Таңғалыңдар да үрейленiңдер!


Себебi көздерiң тiрi тұрғанда Мен,


Бiреу айтса сендер сенбейтiн,


Үрей туғызатындай iс жасаймын».*


42Пауыл мен Барнаба мәжiлiсханадан шығарда келесi демалыс күнi осы туралы тағы да айтуға шақырылды.

43Жиналыс тарап кеткен соң, көптеген яһудилер мен басқа ұлттың Құдайды қастерлеушiлерi Пауыл мен Барнабаға ерiп жүрдi. Бұл екеуi олармен сөйлесiп, «Құдайдың рақымынан таймаңдар!» — деп мықтап ескерттi.


44Келесi демалыс күнi Иемiз туралы Iзгi хабарды тыңдау үшiн қала халқының басым көпшiлiгi мәжiлiсханаға жиналды.

45Яһудилер осынша көп адамдарды көргенде, қызғанып кетiп, Пауылдың айтқандарына қарсы сөйлеп, оған тiл тигiздi.

46Сонда Пауыл мен Барнаба оларға нығарлап сөйлеп былай дедi:

— Құдайдың Iзгi хабарын алдымен сендерге уағыздауымыз керек едi. Алайда оны қабылдамай, өздерiңдi мәңгiлiк өмiрге лайық санамайтын болсаңдар, онда басқа ұлттарға бет бұрамыз!

47Себебi Иемiз бiзге мынадай әмiр бердi:

«Жер бетiндегi барлық елдердi құтқаруың үшiн*

Сенi басқа ұлттарға да Нұр болуға белгiледiм».



48Басқа ұлттың кiсiлерi мұны естiгенде қуанып, Иемiз туралы Iзгi хабарды мадақтай бастады. Мәңгiлiк өмiрге ие болады деп Құдай белгiлеп қойғандар Мәсiхке сенiп, Оның жолына түстi.

49Иемiздiң Iзгi хабары бұдан кейiн сол өңiрге түгел тарады.


50Бiрақ яһудилер басқа ұлттың Құдайды қастерлейтiн беделдi әйелдерi мен қала басшыларын Пауыл мен Барнабаға қарсы арандатып қойды; олар екi елшiнi қуалап, сол өңiрден қуып шығарды.

51Елшiлер оларға қарсы куәлiк ретiнде аяқтарының шаң-тозаңын қағып тастап,* Қония қаласына жүрiп кеттi.

52Ал жергiлiктi сенушiлер қуанышқа және Киелi Рухқа молынан кенелдi.

14

Қонияда Iзгi хабарды тарату


1Қонияда да екi елшi яһуди мәжiлiсханасына барғанда, уағыз айтқандары сондай, яһудилер мен басқа ұлттық кiсiлердiң көбi Иемiзге сендi.

2Ал сенбейтiн яһудилер басқа ұлт адамдарын қоздырып, бауырластарға қарсы өшiктiрiп қойды.

3Дегенмен екi елшi едәуiр уақыт сол жерде болып, Иемiз туралы батыл сөйлеп жүрдi. Ол елшiлерге кереметтер жасайтын құдiреттi күш берiп, Өзiнiң рақымдылығы туралы Iзгi хабарды растады.


4Қала тұрғындары екi жақ боп бөлiнiп, бiр жағы сенбейтiн яһудилердi, басқалары елшiлердi қолдады.

5Басқа ұлт адамдары мен яһудилердiң бiрсыпырасы басшыларымен бiрiгiп, елшiлерге бiрден тап берiп, азаптап, тас лақтырып өлтiрмекшi болғанда,

6елшiлер бұл туралы бiлiп қойып, Лиқаония аймағындағы Лүстра мен Дербе қалаларының маңайына қашып кетiп, құтылды.

7Сол жерде Iзгi хабарды уағыздады.

Сал адамның сауығуы, ал елдестерiнiң


8Лүстрада екi аяғы да бүкiр бiр адам тұратын, ол туғаннан сал болып, ешқашан жүрiп көрмеген едi.

9Сол Пауылдың айтқан уағызын тыңдап отырды. Оған көзi түсiп, сауығамын деген сенiмiн байқаған Пауыл

10қатты дауыстап: «Тiк тұр аяғыңа!» — дедi. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүрiп кеттi.


11Пауылдың iстегенiн көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тiлiнде айқайлап: «Тәңiрлер адам кейпiне енiп, бiзге көктен түстi! — дедi.

12Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебi сөз тiзгiнi Пауылдың қолында едi.*

13Қаланың сыртында Зевске арналған ғибадатхана бар болатын, сондағы дiни қызметкер гүлдестелермен әшекейленген бұқаларды қала қақпасының алдына алып келiп, халықпен бiрге құрбандыққа шалмақшы болды.


14Барнаба мен Пауыл осыны естiгенде киiмдерiн жыртып, наразылықтарын бiлдiрдi. Көпшiлiктiң арасына жүгiрiп барып, қатты дауыспен былай дедi:

15«Ей, азаматтар, неге бұлай iстейсiңдер? Бiз де сендер сияқты пенделермiз! Бiз сендерге түкке тұрмайтын тәңiр бейнелерiн тастап, аспан мен жердi, теңiздi және олардағы бар нәрселердi жаратқан тiрi Құдайға бет бұрсын деп, Iзгi хабарды әкелдiк.

16Құдай өткен ұрпақтардың кезiнде барлық ұлттарды өз беттерiмен жiберсе де,

17Өзiнiң бар екендiгiне игi iстерiмен анық куәлiк келтiруiн тоқтатпады: аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезiнде өнiм берiп, мол азық сыйлап, жанымызды қуанышқа толтырады».


18Осы сөздермен олар халықты өздерiне құрбандық шалмай үйлерiне қайтуға әрең дегенде көндiрдi.


19Ал Антақия мен Қониядан бiрқатар яһудилер Лүстраға келдi. Олар халықты көндiрiп,* Пауылды тас лақтырып ұрып кеттi. Өлiп қалды деп ойлап, оны қаладан сүйреп тастады.

20Бiрақ қасына сенушiлер жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтты. Келесi күнi ол Барнабамен бiрге Дербеге жүрiп кеттi.

Елшiлердiң жаңа қауымдарды жiгерлендiрiп,


21Екi елшi Дербе қаласында Iзгi хабарды уағыздап, көптеген адамдарды Мәсiх жолына түсiрдi. Содан кейiн Лүстраға, Қонияға және Антақияға қайтып,

22барлық жерде Мәсiх жолын қуушылардың жан дүниелерiн нығайтып: «Сенiмдерiңе адал болыңдар! Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше әлi талай азап шегемiз», — деп ескерттi.

23Әр қауымға жетекшiлер тағайындап, үстерiне қолдарын қойған соң, ораза тұтып мiнажат етiп, қауымдарды өздерi сенген Иемiздiң қамқорлығына тапсырды.


24Содан кейiн екi елшi Пiсидияны аралап өтiп, Памфүлия аймағына келдi.

25Пергеде Иемiздiң Iзгi хабарын уағыздаған соң, Анталияға қарай төмендедi.

26Сол жерден кемеге отырып, Антақияға қайтып барды; жергiлiктi қауым атқарып келген жұмыстары үшiн оларды Құдайдың рақымына тапсырған болатын.

27Қайтып келген екi елшi қауымды жинап, өздерi арқылы Құдайдың не iстегенiн, әсiресе, басқа ұлттардың Мәсiхке сенуiне жол ашқанын түгел айтып бердi.

28Осыдан кейiн бiрталай уақыт сол жердегi сенушiлермен бiрге болды.

15

Басқа ұлт сенушiлерi ұстанатын ережелер туралы Иерусалимдегi үлкен мәжiлiс


1Яһуди аймағынан Антақияға бiрнеше кiсi келiп, бауырластарға: «Егер Мұсаның дәстүрi бойынша сүндетке отырмасаңдар, құтқарыла алмайсыңдар», — деп тәлiм бере бастады.

2Пауыл мен Барнаба олармен келiспей, қызу айтысып қалған соң, Пауыл мен Барнабаға және қауымның өзге де бiрнеше мүшелерiне Иерусалимдегi елшiлер мен қауым жетекшiлерiне барып, осы мәселе жөнiнде ақылдассын деген тапсырма берiлдi.


3Қауым сапарға шығарған өкiлдер жолда Финикия мен Самарияға тоқтап, сол аймақтардағы бауырластарға басқа ұлттық кiсiлердiң Құдай жолына түскендерiн айтып берiп, оларды қатты қуантып тастады.

4Иерусалимге келген өкiлдердi қауым мүшелерi, елшiлер және қауым жетекшiлерi жылы қарсы алды. Бұлар өздерi арқылы Құдайдың не iстегенiн түгел айтып бердi.

5Бiрақ парызшылдар тобына жатқан кейбiр сенушiлер шығып: «Басқа ұлт адамдарының сүндетке отырып, Мұса арқылы берiлген Таурат заңын орындауларын талап ету керек», — дедi.


6Сонда елшiлер мен қауым жетекшiлерi осы мәселе жөнiнде мәжiлiске жиналды.

7Ұзақ талқылаудан кейiн Петiр орнынан тұрып, былай дедi:

— Бауырластар! Құдайдың менi ертеде орталарыңнан басқа ұлттарға Iзгi хабарды есiткiзiп, оған сендiру үшiн таңдап алғаны сендерге мәлiм.

8Адамның көңiлiндегiсiн бiлетiн Құдай тура бiзге дарытқандай, басқа ұлттық сенушiлерге де Киелi Рухты сыйға берiп, сол арқылы Өзiнiң оларды қабылдағанына куәлiк еттi.

9Ол жүректерiн сенiмдерi арқылы тазартып, олар мен бiздiң арамызға ешбiр айырма қоймады.

10Олай болса, нелiктен сендер Құдай тыйым салған iс iстеп еркiнсiп, басқа ұлттық сенушiлердiң мойындарына не бiз, не ата-бабаларымыз көтере алмайтын ауыр жүк* артасыңдар?

11Себебi бiз Иемiз Исаның рақымымен дәл олар сияқты құтқарылғанымызға сенемiз.


12Сонда көпшiлiк үндемей қалды да, Пауыл мен Барнабаның өздерi арқылы басқа халықтар арасында Құдайдың кереметтер жасап, құдiретiн көрсетуi туралы хабарын тыңдады.

13Олар баяндамаларын аяқтағанда Жақып сөз алып, былай дедi:

— Бауырластар, сөзiме құлақ түрiңдер!

14Шимон Петiр* бiзге Құдайдың ең алдымен басқа ұлттарға деген ықыласын көрсетiп, олардың арасынан Өзiнiң атымен аталған халқын таңдап алғаны туралы түсiндiрiп бердi.

15Бұл пайғамбарлардың жазып қалдырған мына сөздерiмен үндесiп жатыр:

16«Жаратқан Ие былай дейдi:

Содан кейiн Мен қайтып келiп,


Дәуiттiң құлап қалған үйiн қайтадан тұрғызып,


Қираған қабырғаларын қаластырып,


Қайта қалпына келтiремiн.*



17Осылай қалған адамдар,

Меншiгiм болуға тағайындаған барлық басқа ұлттар да


Өз Иелерi — Маған жақындауға ұмтылсын.


Бұны айтқан Жаратқан Ие оны iске асырады».*


18Бұл атам заманнан берi белгiлi. —

19Жақып сөзiн жалғастырып, былай дедi: — Терiс жолдан қайтқан басқа ұлттық кiсiлерге босқа салмақ салмауымыз керек.

20Қайта, бiз оларға хат жазып: «Адам жанын арамдайтын жалған тәңiрлерден,* неке адалдығын бұзудан, арам өлген малдың етiнен және қаннан аулақ жүрiңдер!» — деп ескертейiк.

21Себебi атам заманнан берi Мұса арқылы берiлген Таурат заңының осы ережелерi барлық қалаларда уағыздалып, мәжiлiсханаларда сенбi сайын оқылып, келедi».

Мәжiлiстен басқа ұлттық сенушiлерге жолданған хат


22Сонда елшiлер және жетекшiлер бүкiл қауыммен бiрге араларынан бiрнеше кiсiнi таңдап алып, Пауыл мен Барнабаға ертiп Антақияға жiберуге шешiм қабылдады. Олар бауырластардың iшiндегi беделдi Барсаба Яһуда мен Сыйласты таңдап алып,

23қолдарына мына хатты тапсырды:

«Елшiлер мен қауым жетекшiлерi — сендердiң бауырластарыңнан басқа ұлттан шыққан антақиялық, сириялық және кiликиялық бауырластарға дұғай сәлем!


24Арамыздан кейбiреулер сендерге барып, iрiткi салып, (сүндетке отырып, Таурат заңын орындау керек деп) көңiлдерiңдi бұзып жүр дегендi естiдiк. Бiз оларға ешқандай тапсырма берген жоқпыз.

25Сондықтан бiз келiсiп, адамдарды таңдап алып, сүйiктi бауырластарымыз Барнаба мен Пауылға ертiп, сендерге жiберуге ұйғардық;

26бұл екеуi Иемiз Иса Мәсiхке өмiрлерiн бағыштап, тәуекел еткен адамдар.

27Сендерге қаулыны ауызша түсiндiрсiн деп, Яһуда мен Сыйласты да жiберiп отырмыз.


28Киелi Рухтың бiлдiруiмен бiз сендерге төмендегi қажеттi ережелерден басқа ешқандай салмақ салмауымыз керек деп шештiк:*

29жалған тәңiрлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етiнен және неке адалдығын бұзудан* аулақ жүрiңдер! Осы нұсқауларды ұстансаңдар, жақсы iстейсiңдер. Қош-сау болыңдар!»


30Жiберiлгендер жолға шығып, Антақияға жеттi. Бүкiл қауымды шақыртып алған соң, хатты табыстады.

31Олар соны оқып бiткенде берiлген нұсқауға қуанып қалды.

32Пайғамбарлық дарыны да бар Яһуда мен Сыйлас жиналған бауырластарға ұзақ сөз сөйлеп, жiгерлендiрiп, сенiмдерiн бекiттi.

33-34 Олар сол жерде бiраз уақыт болған соң, бауырластар амандық пен тыныштық тiлеп, оларды жiбергендерге қайтарды.*

35Пауыл мен Барнаба Антақияда тұрып, көптеген басқа кiсiлермен бiрге қауымға тәлiм берiп, ел арасында Иемiздiң Iзгi хабарын таратып жүрдi.

Пауылдың Барнабадан бөлiнiп, Сыйласпен


36Едәуiр уақыт өткеннен кейiн Пауыл Барнабаға: «Бiз Иемiздiң хабарын уағыздаған барлық қалалардағы бауырластарға барып, қалай тұрып жатқанын көрейiк!» — дедi.

37Барнаба Жохан Марқаны да алып кеткiсi келдi,

38бiрақ Пауыл оны ертудi мақұлдаған жоқ, себебi бұрын Жохан олардан Памфүлия аймағында қалып қойып, бiрге бастаған iсiн жалғастырмай тастап кеткен едi.

39Осы мәселе айтысқа ұласып, олар бiр-бiрiнен бөлiнiп кеттi. Барнаба Марқаны алып, Кипрге жүзiп кетсе,

40Пауыл Сыйласты таңдап, бауырластарының Құдайдың рақымына аманаттауымен жолға шықты.

41Сирия мен Кiликияны аралап жүрiп, сол өңiрдегi қауымдарды нығайтты.

16

Тiмотенiң елшiлерге қосылуы және Пауылдың аян көруi


1Пауыл Дербе мен Лүстраға да келдi. Сол жерде Тiмоте* есiмдi Мәсiх жолын қуушы жас жiгiт тұрады екен. Оның шешесi Мәсiхке сенетiн яһуди әйел, ал әкесi грек болған.

2Тiмоте туралы Лүстра мен Қониядағы бауырластар жақсы пiкiрде едi.

3Пауыл оны сапарға бiрге алып шыққысы келгендiктен, алдымен сүндетке отырғызды. Мұны сол өңiрдегi яһудилер үшiн жасады, өйткенi олар Тiмотенiң әкесiнiң грек екенiн бiлетiн.*

4Олар қалаларды аралап, Иерусалимдегi елшiлер мен жетекшiлер қабылдаған шешiмдi сенушiлерге таныстырып, орындауын тапсырды.

5Сөйтiп қауымдардың сенiмi күшейiп, сенушiлердiң саны күн сайын арта бердi.


6Киелi Рух Пауылға және жолдастарына Азия аймағында* уағыздауға тыйым салғандықтан, олар Фрүгия және Ғалатия аймақтарын аралай жүрдi.

7Мүзияға келгеннен кейiн, Бiтүнияға кiрмекшi едi, бiрақ Исаның Рухы* рұқсат бермедi.

8Сондықтан олар Мүзиядан өтiп, Трояға* келдi.

9Сол түнде Пауылға бiр македониялық кiсi аян бердi. Ол: «Македонияға келiп, бiзге көмектес», — деп өтiнiп тұр екен.

10Осы аяннан кейiн, бiздi Құдай соларға Iзгi хабарды уағыздауға шақырып жатыр деген қорытындыға келiп, Македонияға барудың жолын iздедiк.*

Еуропадағы алғашқы мәсiхшiлер —


11Троядан кемемен шығып, тура Самотрак аралына, келесi күнi Неаполға жүзiп келдiк.

12Сол жерден Фiлiпiге тарттық, бұл — Македонияның осы аймағының басты қаласы, римдiктердiң елдi қонысы. Бiрнеше күн осында тұрдық.

13Сенбi күнi қала сыртындағы өзенге бардық, бұл жерде әдетте Құдайға сиынып мiнажат ететiн. Бiз отыра қалып, жиналған әйелдермен сөйлесе бастадық.

14Солардың арасында Лүдия есiмдi әйел болды, ол Тиятир қаласынан келген, қызыл мата сатушы едi; ұлты басқа болса да, Құдайды қастерлейтiн. Иемiз оның жүрегiн жiбiтiп, Пауылдың айтқан сөзiне құлақ түргiзiп, қабылдатты.

15Лүдия үй iшiмен бiрге Мәсiх жолына түсiп, шомылдыру рәсiмiнен өткеннен кейiн бiзге: «Егер менi Иеге сенушi деп мойындасаңыздар, менiң үйiме келiп, тұрыңыздар», — деп қояр да қоймай өтiнгендiктен, бiз келiстiк.

Пауыл мен Сыйластың тұтқындалуы, түрме бастығының Иемiзге бет бұруы


16Бiр жолы бiз мiнажат етуге бара жатқанда, сәуегейлiк жасайтын жыны бар бiр малай қыз жолықты. Ол көрiпкелдiгiмен қожайындарына көп кiрiс түсiредi екен.

17Қыз Пауыл мен бiзден қалмай: «Мына кiсiлер — Құдай Тағаланың құлдары, олар сендерге құтқарылу жолын уағыздайды!» — деп айқайлап жүрдi.

18Ол бiрнеше күн осылай еттi. Ақырында Пауыл ашуланып, артына бұрылып, жынға: «Иса Мәсiхтiң атынан саған бұйырамын: оның бойынан шық!» — дедi. Сол сәтте жын одан шығып кеттi.


19Қыздың қожайындары пайданың көзiнен айырылғанын көргенде Пауыл мен Сыйласты ұстап алып, базар алаңындағы қала әкiмшiлiгiне сүйреп апарды.

20Екеуiн римдiк басшыларға алып келiп: «Мыналар — яһудилер, қалаға iрiткi салып жүр!

21Олар уағыздап жүрген дәстүрлердi бiзге Рим азаматтарына, қабылдап, орындауға болмайды», — дедi.


22Жиналған топ та оларға қарсы шықты. Римдiк басшылар киiмдерiн үстерiнен жұлып алғызып, тал шыбықпен дүре соғуға бұйырды.

23Оларды қатты сабап, түрмеге тастап, бастығына: «Бұларды жақсылап күзет!» — деп әмiр еттi.

24Осындай бұйрық алған түрме бастығы екеуiн iшкi зынданға бекiтiп, аяқтарын ағашпен қысып тастады.


25Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәрiптедi. Басқа тұтқындар мұны тыңдап жатты.

26Кенеттен жер қатты сiлкiнiп, түрменiң iргесi шайқалып кеттi. Сол сәтте барлық есiктер ашылып, бүкiл тұтқындардың аяқтарындағы шынжырлары сытылып түсiп қалды.

27Түрме бастығы ұйқысынан оянып, есiктердiң ашық екенiн көргенде, семсерiн суырып алып, өзiн өлтiрмекшi болды. Себебi ол тұтқындардың бәрi қашып кеттi деп ойлады.

28Бiрақ Пауыл:

— Өзiң залал келтiрме! Бәрiмiз осындамыз! — деп айқайлап жiбердi.

29Ол шам жағуға бұйырып, iшке қарай тұра жүгiрдi де, қалшылдап-дiрiлдеп Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды.

30Екеуiн сыртқа шығарып:

— Мырзалар, құтқарылуым үшiн не iстеуiм керек? — деп сұрады. Олар:


31— Иемiз Иса Мәсiхке сен, сонда өзiң де, үй iшiң де құтқарыласыңдар! — дедi де,

32оған және үйiндегiлерге Иемiздiң Iзгi хабарын айтып бердi.

33Түрме бастығы оларды түннiң сол сағатында-ақ өз үйiне апарып, жараларын жуды. Өзi де, бүкiл от басы да Иемiздiң жолына түсiп, дереу шомылдыру рәсiмiнен өттi.

34Екi елшiнi қонақ бөлмесiне кiргiзiп, дастарқан жасап, барлық үй iшiмен бiрге Құдайға сенгендерiне қатты қуанды.


35Таң атқанда қала басшылары: «Әлгi адамдар босатылсын!» — деген бұйрықпен сақшыларды түрмеге жiбердi.

36Түрме бастығы Пауылға мұны бiлдiрiп:

— Қала басшылары сендердi босатсын деген хабар жiбердi. Сондықтан ендi шығып, амандықпен кетiңдер! — дедi.

37Ал Пауыл сақшыларға бұрылып:

— Олар бiздi римдiк азаматтар болсақ та, бүкiл ел алдында үкiмсiз сабап, түрмеге жапты, ендi бiздi жасырын қуып жiбергiсi келе ме? Болмайды! Бiздi өздерi келiп, шығарсын! — дедi.


38Сақшылар бұл туралы қала басшыларына айтып бердi. Пауыл мен Сыйлас екеуiнiң римдiк азаматтар екенiн естiгенде әкiмшiлердiң зәрелерi ұшып,

39түрмеге келдi. Екеуiнен кешiрiм сұрап, түрмеден алып шығып, қаладан кетулерiн өтiндi.

40Шыққан соң Пауыл мен Сыйлас алдымен Лүдияның үйiне барып, бауырластарымен кездесiп, оларды жiгерлендiрдi. Бұдан кейiн жолға шықты.

17

Салониқа мен Береяда қауымдардың пайда болуы


1Амфипол мен Апполонияны аралап өткеннен кейiн, елшiлер Салониқа қаласына келдi, онда яһудилердiң мәжiлiсханасы бар едi.

2Әдетiнше Пауыл соған барды. Ол жерде үш демалыс күнi солармен Киелi жазбалар туралы пiкiр алысып,

3оларды түсiндiрiп, Құтқарушы Мәсiхтiң азап шегiп, өлiп, одан қайта тiрiлуге тиiстi екенiн дәлелдедi. Ол: «Мен сендерге уағыздап жүрген Иса — Мәсiхтiң Өзi», — дедi.

4Яһудилердiң бiрнешеуi, бұған қоса Құдайды қастерлейтiн гректердiң үлкен бiр тобы және көптеген беделдi әйелдер Исаға сенiп, Пауыл мен Сыйласқа қосылды.


5Ал сенбейтiн яһудилер қызғаныштан ызаланып. базарда жүрген бiрнеше бұзықтарды жалдап, ел жинап, қаланы дүрлiктiрдi. Олар Ясонның үйiне шабуыл жасап, жиналған тобырдың алдына шығару үшiн Пауыл мен Сыйласты iздедi.

6Екеуiн таппаған соң, Ясонды және басқа бiрнеше бауырластарды қаланың әкiмшiлерiне алып келiп:

— Мына бүкiл әлемде төңкерiс жасаушылар мұнда да келiптi!

7Ясон оларды үйiне қондырды. Бұлар римдiк патшамыздың әмiрлерiне қарсы шығып, Иса деген басқа Патшаны құрметтейдi! — деп айғай салды.

8Мұны естiген халық пен қала әкiмшiлерi қатты абыржыды.

9Ясоннан және басқалардан кепiлдiк алғаннан кейiн, оларды босатып жiбердi.


10Бауырластар Пауыл мен Сыйласты дереу сол түнi-ақ Береяға жөнелтiп жiбердi. Осы қалаға келiсiмен олар яһуди мәжiлiсханасына барды.

11Мұндағылар салониқалықтарға қарағанда пейiлдерi кеңiрек екен. Олар Iзгi хабарды шын көңiлмен қабылдап, шындығына көздерiн жеткiзу үшiн күн сайын Киелi жазбаларды зерттедi.

12Осылай олардың көбi Мәсiх Исаға сендi, араларында халыққа қадiрлi грек әйелдерi мен еркектерi де аз болған жоқ.

13Ал салониқалық яһудилер Пауылдың Береяда Құдайдың Iзгi хабарын уағыздап жүргенiн бiлiп алған соң, сол жерге де барып, халықты дүрлiктiрiп, әлек салды.

14Бауырластар Пауылды дереу теңiз жағасына жөнелтiп жiбердi, ал Сыйлас пен Тiмоте Береяда қалды.

15Пауылды шығарып салушылар Афиныға дейiн барды да, оның Сыйлас пен Тiмотеге арналған: «Тезiрек келiңдер!» — деген тапсырмасын алып, қайтып кеттi.

Пауылдың Афиныдағы философтарға сөйлеген сөзi


16Пауыл Афиныда жолдастарын күтiп жүргенде қаладағы қаптаған тәңiр бейнелерiн көрiп, iштей қапа болып, ашуланды.

17Ол мәжiлiсханада яһудилермен және Құдайды қастерлейтiн гректермен әңгiмелесiп, күн сайын базарда кездейсоқ жолыққандармен де сөйлесiп жүрдi.

18Бiр жолы эпикурей және стоик философтар* онымен айтыса бастады. Кейбiреулерi: «Мына бiлгiшсiнген мылжың не дегiсi келедi?» — десе, басқалары: «Ол бөтен тәңiрлердi уағыздап жүрген сияқты», — дедi. Өйткенi Пауыл Иса және қайта тiрiлу туралы Iзгi хабарды жариялауда едi.

19Олар Пауылды Ареопаг төбесiне* алып барып, одан: «Сiз уағыздап жүрген жаңа iлiм қандай, бiлуге бола ма?

20Айтып жүргенiңiз құлағымызға оғаш естiледi, сондықтан оның не екенiн бiлгiмiз келедi», — деп сұрады.

21Себебi барлық афинылықтар мен сол жерде тұратын шетелдiктер бiр жаңалық естуге немесе айтып беруге құштар болушы едi.

22Сонда Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, жиналғандарға былай дедi:

— Афинылықтар! Сiздердiң айрықша дiншiл екендерiңiздi байқадым.

23Қасиеттi орындарыңызды аралап, қарап жүргенде «Бейтаныс құдайға» деген жазуы бар құрбандық жасайтын орынды да көрдiм. Өздерiңiз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген осы Құдайды уағыздап жүрмiн.

24Ол — әлемдi және ондағының бәрiн жаратқан Құдай, көк пен жердiң Иесi, сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелi үйлерде тұрмайды.

25Құдай пенделердiң Өзiне қызмет етуiне де зәру емес, қайта, Оның Өзi барлығына өмiр, дем және қажеттiнiң бәрiн сыйлайды.

26Ол бiр адамнан бар ұлттарды таратып, бүкiл жер жүзiне мекендетiп, олардың мерзiмдерi мен тұратын жерлерiнiң шектерiн белгiлеп қойған.


27Құдай бұны адамдар Өзiн iздесiн, мүмкiн, қарманып жүргендей iздестiрiп, тауып алсын деп iстедi. Ол әрқайсымыздан алыс емес,

28себебi Оның арқасында бiз өмiр сүрiп, әрекет етiп жүрмiз. Сол сияқты кейбiр ақындарың да: «Бiз Оның ұрпағымыз» деген.

29Бiз Құдайдың ұрпағы* болсақ, Оның болмысы алтын, күмiс немесе тас мүсiнге ұқсайды деп ойламайық, бұлар — адамның өнерi мен тапқырлығынан туған бейнелер ғана.


30Өткен дәуiрлерде Құдай мұндай ұғымсыздыққа сабырлылық көрсеттi, алайда қазiр Ол барлық жерде адамдардың бәрiне терiс жолдан қайтсын деп бұйырады.

31Себебi Ол бұл дүниенi әдiлдiкпен соттайтын күнiн белгiлеп, сотты жүргiзетiн Кiсiнi тағайындап қойды. Барлық адамзат үшiн соның дәлелi болсын деп Құдай бұл Кiсiнi өлiмнен қайта тiрiлтiп алды!


32Өлiмнен қайта тiрiлу туралы естiгенде кейбiреулерi мазақтаса, өзгелерi:

— Бұл туралы сiздi тағы да тыңдаймыз, — дедi.


33Сонымен Пауыл орталарынан кетiп қалды.

34Кейбiр адамдар оған қосылып, сенiмдi қабылдады, бұлардың арасында Ареопаг қоғамының мүшесi Дионис, сондай-ақ Дамар есiмдi әйел және тағы басқалар да болды.

18

Қорынттағы қауымның құрылуы


1Бұдан кейiн Пауыл Афиныдан шығып, Қорынт* қаласына бет алды.

2Сол жерде ол Ақила есiмдi понттық яһудиге кездестi. Ол әйелi Прискиламен жақында Италиядан келген екен, себебi Клауди патша барлық яһудилердiң Рим қаласынан кетуiн бұйырған едi.* Пауыл екеуiмен байланысып,

3әрiптес болғандықтан, бiрге тұрып, бiрге жұмыс iстедi. Ортақ кәсiптерi шатыр жасау едi.

4Әр сенбi сайын ол мәжiлiсханада сөз сөйлеп, яһудилер мен гректердi Iзгi хабарға сендiрдi.


5Македониядан Сыйлас пен Тiмоте келген соң, Пауыл өзiн түгелдей уағыз жұмысына арнап, яһудилерге Исаның Құтқарушы Мәсiх екенiне куәлiк келтiрумен болды.*

6Яһудилер оған қарсы шығып, тiл тигiзгеннен кейiн, Пауыл киiмдерiнiң шаңын қағып тастап, оларға былай дедi: «Обалдарың өздерiңе,* менiң ар-ұжданым таза! Қазiрден бастап басқа ұлттарға барамын».


7Пауыл осыны айтты да, мәжiлiсханадан шығып, соған көршiлес тұрған Тит Иусттың үйiне барды. Ол Құдайды қастерлейтiн басқа ұлттық едi.

8Мәжiлiсхана басшысы Крисiп және оның үй iшi түгелдей Иемiзге сендi. Пауылдың уағызын тыңдаған көптеген қорынттықтар сенiмдi қабылдап, шомылдыру рәсiмiнен өттi.


9Бiр түнi Иемiз Пауылға аян берiп: «Қорықпа! Үнсiз қалмай айта бер!

10Мен саған жар боламын. Ешкiм де саған бас салып, зиян келтiре алмайды, өйткенi бұл қалада Менiң халқым көп», — дедi.

11Сондықтан Пауыл бiр жарым жыл сол жерде қалып, Құдайдың Iзгi хабарын уағыздап жүрдi.


12Ал Галлио Ахая өлкесiнiң* әмiршiсi болғанда дiндар яһудилер бiрiгiп Пауылға қарсы шығып, оны сот алдына алып барды да:


13— Мына кiсi адамдарды заңға қайшы жолмен Құдайға құлшылық етуге үгiттеп жүр, — деген айып тақты.

14Пауыл ендi сөйлейiн дегенде, Галлио яһудилерге қарап былай дедi:

— Яһудилер, егер оны белгiлi бiр қылмыс жасап, зұлымдық iстедi деп айыптасаңдар, шағымдарыңа құлақ асар едiм.

15Ал бұл жерде бiр iлiм, атақтар және өз заңдарың туралы айтыс болып жатқандықтан, оны өздерiң қараңдар, мұндай мәселеге мен төрелiк еткiм келмейдi.


16Осымен Галлио оларды соттан қуып жiбердi.

17Олар мәжiлiсхана басшысы Состендi ұстап алып, сот алдында сабап тастады. Ал Галлио бұған көңiл де бөлген жоқ.

Иерусалим мен Антақияға қайта оралуы


18Пауыл тағы Қорынтта аялдағаннан кейiн бауырластармен қоштасып, Прискила мен Ақиланы ертiп кемемен Сирияға қарай жүрiп кеттi. Осыдан бұрын ол Құдай алдында ант бергендiктен, Кенiхреяда шашын алғызып тастады.

19Ефеске жеткенде Прискила мен Ақиланы сол қалаға қалдырып кеттi. Өзi мәжiлiсханаға барып, яһудилермен әңгiмелестi.

20Олар Пауылдың осында ұзағырақ болуын өтiндi, бiрақ ол бұған келiспей:

21«(Алдағы мейрамды қалайда Иерусалимде тойлауым керек, бiрақ) Құдай қаласа, сендерге кейiнiрек қайтып келемiн», — дедi. Олармен қоштасып, кемемен Ефестен жүрiп кеттi.

22Кесарияға жетiп, (Иерусалимге) өрледi. Ол жердегi қауымға сәлем берген соң, (Сириядағы) Антақияға қарай бағыт алды.

23Бұл қалада бiраз болып, тағы да жолға шықты; Ғалатия мен Фрүгия аймақтарын аралап, Иемiздiң жолын қуушылардың бәрiн жiгерлендiрiп, нығайтты.

Аполлостың Ефес пен Қорынттағы қызметi


24Сол екi арада Ефеске Аполлос есiмдi ескендiриялық* яһуди келдi. Ол Киелi жазбалардан молынан хабардар, сөзге ұста, парасатты кiсi болатын.

25Иемiздiң жолы туралы негiзгi тәлiм алған Аполлос Жақияның шомылдыру рәсiмiн ғана бiлсе де, Иемiз Иса туралы қызу сөйлеп, ұқыпты үйрететiн.

26Аполлос мәжiлiсханада батыл сөйлей бастады. Оны тыңдаған Прискила мен Ақила үйiне шақырып, Тәңiр жолын толығырақ түсiндiрiп бердi.

27Аполлос Ахаяға бармақшы болғанда, бауырластар сол аймақтағы Мәсiх жолын қуушыларға оны қабылдауға кепiлдiк хат жазып бердi. Аполлос сонда жеткен соң Тәңiрдiң рақымымен сенгендерге үлкен көмек көрсеттi.

28Себебi ол ашық айтыстарда Исаның Құтқарушы Мәсiх екенiн Киелi жазбаларға сүйене отыра дәлелдеп, яһудилердiң ой-пiкiрлерiнiң дұрыс еместiгiн әшкереледi.

19

Жақияның жолын қуушылардың Мәсiхке мойынсұнып, Киелi Рухты қабылдауы


1Аполлос Қорынтта болған кезде Кiшi Азияның таулы өңiрлерiн аралап жүрген Пауыл Ефеске келiп, сол жерде Тәңiрдiң жолын қуушы бiрнеше кiсiлерге кездестi.

2Пауыл олардан:

— Сендер сенген кезде, Киелi Рухты қабылдадыңдар ма? — деп сұрады. Олар:

— Киелi Рухтың бар екендiгi туралы естiген де емеспiз, — деп жауап бердi.

3Ал Пауыл:

— Кiмнiң шомылдыру рәсiмiнен өттiңдер? — деп сұрады.

— Жақияның рәсiмiнен, — деп жауап бердi олар.

4Сонда Пауыл былай дедi:

— Жақия адамдарды терiс жолдан қайтарып шомылдыру рәсiмiнен өткiзгенде оларға: «Менен кейiн келетiн Кiсiге сенiңдер!» — деп айтты. Сол Кiсi Иса болатын, — дедi.


5Олар осыны естiгенде Иемiз Исаның атымен* шомылдыру рәсiмiнен өттi.

6Пауыл үстерiне қолын қойғанда, оларға Киелi Рух қонды; бұлар бөтен тiлдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткiзе бастады.*

7Олар шамамен он екi ер адам едi.

Құдайдың құдiретiнiң Ефестегi


8Пауыл үш ай бойы мәжiлiсханаға барып, именбей, емiн-еркiн уағыз айтып, адамдармен сөйлесiп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерлiктей дәлел келтiрiп бердi.

9Ал кейбiреулерi қасарысып, Иемiзге сенгiсi келмей, Оның жолына ел алдында тiл тигiзген соң, Пауыл олардан сенушiлердi бөлiп, алып, Тиран есiмдi кiсiнiң дәрiсханасында күн сайын тәлiм бердi.

10Бұл екi жылға созылып яһудилер болсын, гректер болсын Азия аймағының барлық тұрғындары Иемiз туралы Iзгi хабарды естiдi.

11Құдай Пауыл арқылы айрықша құдiреттi кереметтер де жасады:

12тiптi Пауылдың жұмысқа киген алжапқышын немесе бет орамалын алып, науқастардың үстiне жапса, олар ауруларынан айығып, бойларын буған жындарынан құтылды.


13Ал ел аралап, адамдардан жындарын қуып шығарушы кейбiр яһудилер жын буғандар үшiн дұға оқып, Иемiз Исаның атын қолдана бастады: «Саған Пауыл уағыздап жүрген Иса арқылы бұйырамын», — дедi.

14Бұны iстеп жүрген бас дiни қызметкер әулетiнен шыққан Скеуаның жетi ұлы болатын.

15Бiрақ жын бұларға тiл қатып:

— Исаны бiлемiн, Пауыл да маған таныс, ал сендер кiмсiңдер? — дедi де,

16жыны бар кiсi оларды бас салып жығып, бәрiн де жеңiп шықты. Аналар сол үйден жалаңаш, ұрылған-соғылған күйi қашып шықты.


17Бұл оқиға Ефесте тұратын барлық яһудилер мен гректерге мәлiм болып, бәрiн үрей биледi. Ал Иемiз Исаның даңқы арта түстi.

18Сенушiлердiң көбi келiп, жасаған күнәларын ашық мойындады.

19Бақсы-балгерлiкпен айналысатын бiрсыпыра адам сиқырлық кiтаптарын әкелiп, көпшiлiктiң алдында өртеп жiбердi. Кiтаптардың құнын есептегенде, елу мың күмiс теңге* болды.

20Иемiздiң Iзгi хабары осылай кең тарап, құдiретiн көрсеттi.

Ефестегi жалған тәңiрге табынатын зергерлер бастаған бүлiк


21Осы оқиғалардан кейiн Пауыл Киелi Рухтың жетелеуiмен (грек елiнiң) Македония мен Ахая өлкелерi арқылы Иерусалимге баратын тоқтамға келдi. «Сонда болғаннан кейiн Римге де соғуға тиiстiмiн», — дедi.

22Көмекшiлерiнiң арасынан Тiмоте мен Ераст екеуiн Македонияға жiберiп, өзi тағы бiраз уақыт Азия аймағында қала тұрды.


23Сол кезде (аймақ орталығы) Ефесте Иемiздiң жолына қарсы үлкен толқу болып жатты.

24Деметiр есiмдi күмiс зергерi жергiлiктi шеберлерге әйел тәңiр Артемидаға арналған киелi үйдiң күмiс кейiптерiн жасатып, олардың көп кiрiс келтiрулерiне жағдай туғызған едi.

25Деметiр шеберлердi және олардың көмекшiлерiн жинап алып, оларға былай дедi:

— Жiгiттер, осы кәсiбiмiз арқылы күн көретiнiмiздi бiлесiңдер.

26Сендер мына Пауыл дегеннiң Ефесте ғана емес, тiптi бүкiл Азиядағы көптеген кiсiлердi өз дегенiне көндiрiп, адастырып жүргенiн естiп-көрiп жүрсiңдер. Ол адамдарға қолдан жасалған тәңiрлер шынайы құдай емес дегендi айтып жүр.

27Бұл бiздiң кәсiбiмiздiң жақсы атына ғана қауiп туғызбай, ұлы әйел тәңiр Артемидаға арналған ғибадатхана да өз беделiнен ада болып, тiптi Азия мен бүкiл дүние жүзi табынатын әйел тәңiрдiң өзi де атақ-даңқынан айырылып қалады! —

28Олар осыны естiгенде, ашу кернеп:

— Ефестiң Артемидасы жасасын! — деп айқайлай бастады.

29Бүкiл қала қозғалысқа түсiп, адамдар Пауылдың Гай мен Арыстарқ есiмдi македониялық серiктерiн бiрге сүйреп, бәрi ойын-сауық алаңына қарай лап қойды.

30Пауыл халық алдына шыққысы келiп едi, бiрақ сенушiлер оны жiберген жоқ.

31Пауылмен достасқан Азия аймағы әкiмшiлiгiнiң кейбiр уәкiлдерi де оған алаңға жоламасын деген хабар жiбердi.


32Жиналғандар ананы, мынаны айтып айқайлап, шым-шытырық болды. Көпшiлiгi бұл жерге не үшiн жиналғандарын да бiлген жоқ.

33Яһудилердiң ұсынысымен* Ескендiр тобырдың iшiнен алға шығарылды. Ескендiр қолымен тыныштыққа шақырып, халыққа арнап сөз сөйлемек болды.

34Ал жиналғандар оның яһуди екенiн бiлгенде, бәрi бiрауыздан екi сағат бойы:

— Ефестiң Артемидасы жасасын! — деп айқайлап тұрып алды.

35Ақыр соңында қала хатшысы елдi тыныштандырып, былай дедi:

— Ефестiк ер азаматтар! Ұлы Артемиданың «көктен түскен бейнесiнiң» және оған арналған ғибадатхананың сақтаушысы — Ефес қаласы, оны әлемде кiм бiлмейдi?

36Бұл — даусыз нәрсе. Сондықтан тыныштық сақтап, еш ағаттық iстемегендерiң дұрыс!

37Мына кiсiлердi осында алып келдiңдер, олар ғибадатхананы тонаған да емес, әйел тәңiрлерiне тiл тигiзген де емес.

38Егер де Деметiр мен оған ерiп келген шеберлердiң бiреудiң үстiнен шағымдары болса, ол үшiн сот мәжiлiстерi және өлке әмiршiлерi бар. Өзара арыз-шағымдарын сонда апарсын!

39Тағы басқа мәселелерiң болса, ол заңды мәжiлiсте шешiледi.

40Бүгiнгi оқиғаға байланысты басымызға көтерiлiске шықтыңдар деген айып төнiп тұр. Ал осы толқу жөнiнде бiздi ақтап алар еш сылтау жоқ.

Ол осылай деп, жиналысты таратып жiбердi.

20

Македония мен грек елiн аралау


1Бүлiк басылғаннан кейiн Пауыл Иемiздiң жолын қуушыларды шақырып алды да, оларды жiгерлендiре сөйлеп, қоштасып, Македонияға жүрiп кеттi.

2Жолындағы сенушiлерге зор жiгер берген уағыздар айтып, грек елiне беттедi.

3Сонда ол үш ай болды. Кемемен Сирияға кетер алдында яһудилер оның өмiрiне қастандық жасайтын болған соң, Пауыл Македония арқылы қайтуға шешiм қабылдады.

4Оған Азия аймағына дейiн береялық Пирдiң ұлы Сопатер, сондай-ақ салониқалық Арыстарқ пен Секунд, дербелiк Гай мен Тiмоте және азиялық Түхiк пен Трофим ерiп жүрдi.

5Бұлар алға озып кетiп, бiздi* Троядан тосып алды.

6Ашымаған нан мейрамынан кейiн* Фiлiпiден кемемен шығып, бес күнде Троядағы соларға жеттiк. Онда жетi күн аялдадық.

Троядағы қауыммен кездесу, бiр жiгiттiң өлiп, тiрiлуi


7Жексенбi күнi бiз сенушiлермен бiрге нан үзу рәсiмiн жасауға жиналып, Пауыл олармен пiкiрлестi. Келесi күнi жол жүретiндiктен, оның уағызы түн жарымына шейiн созылды.

8Бiз отырған жоғарғы бөлмеде көп шам жанып тұрды.

9Ашық терезенiң алдында Еутiх есiмдi жас жiгiт отырған едi. Пауылдың сөзi ұзаққа созылып кеткен соң, Еутiх қатты ұйықтап кетiп, үшiншi қабаттан құлап түстi. Оны жерден көтерiп алғанда, денесiнде жан жоқ екен.

10Пауыл төмен түсiп, жiгiттiң үстiне жата қалып, құшақтап: «Уайымдамаңдар, ол тiрi!» — дедi.


11Бұдан кейiн Пауыл қайта көтерiлiп, қауыммен нан үзу рәсiмiн орындап, тамақ iштi. Таң атқанша солармен әңгiмелесiп отырды да, қоштасып, сапарға шығып кеттi.

12Ал жас жiгiттi аман-есен үйiне алып барды, бұл оларға үлкен дем бердi.

Ефестегi қауым жетекшiлерiне арналған


13Ал бiз болсақ, алға кетiп, кемемен Асқа жеттiк, осы жерден Пауылды мiнгiзiп алуымыз керек едi. Өзi Асқа дейiн жаяу жүргiсi келгендiктен осылай болсын деген болатын.

14Аста оны кездестiрiп, кемеге мiнгiзiп, Мiтiлинге аттандық.

15Келесi күнi одан шығып Хиос аралының маңына жеттiк. Бiр күн өткен соң Самос аралына,* тағы бiр күннен кейiн Мiлит қаласына келдiк.

16Азия аймағына барып келуге уақытты өткiзiп алмау үшiн Пауыл Ефеске соқпайын деп шешкен едi. Себебi ол мүмкiндiгiнше Алғашқы өнiм мейрамын Иерусалимде қарсылауға асықты.


17Сондықтан ол Мiлиттен Ефеске кiсi жiберiп, қауым жетекшiлерiн шақыртты.

18Бұлар қасына келген соң, Пауыл оларға былай дедi:

— Азияға алғаш келген күннен бастап, араларыңда қалай тұрғанымды өздерiң бiлесiңдер.

19Еш мансап қумай, кiшiпейiлдiкпен, көз жасымды төгiп, яһудилердiң қастандықтарының кесiрiнен болған ауыр азапқа қарамастан, Иемiзге қызмет етiп келдiм.

20Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлiм берiп жүргенде сендерге пайда болатын еш нәрсенi қалдырмай, бәрiн түгел айттым.

21Яһудилер мен гректерге: «Күнәларыңа өкiнiп, Құдайға бет бұрып, Иемiз Исаға сенiңдер!» — дедiм.


22Қазiр Киелi Рухтың жетелеуiмен Иерусалимге бара жатырмын, онда менi не күтiп тұрғанын бiлмеймiн.

23Тек әрбiр қалада Киелi Рух менi түрме және азап күтiп тұрғанын бiлдiредi.

24Бiрақ мен өз жанымды ойламай, тиiстi өмiр жолыммен жүре отырып, Иемiз Исаның маған тапсырған iсiн аяқтасам, Құдайдың рақымы туралы Iзгi хабарды уағыздап жеткiзсем болғаны.

25Менiң бiлетiнiм мынау: өзiм араласып жүрген, Құдай Патшалығы туралы уағыз айтқан сендердiң бәрiң менi бұдан былай көрмейсiңдер.

26Сондықтан бүгiн сендерге салтанатты түрде ешкiмнiң қанын* мойныма жүктемеймiн деп мәлiмдеймiн.

27Себебi мен уағыз айтқанда ештеңенi жасырмай Құдайдың еркiн түгел жарияладым.


28Ендi өздерiңе де, Киелi Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иемiздiң өз қанын төгiп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!*

29Мен кеткен соң жауыз қасқырлар келiп, қойларды аямайтынын бiлемiн:

30тiптi өз араларыңнан жалған iлiмдердi уағыздап, Мәсiх жолымен жүргендердi терiс жолға азғырушылар шықпақ.

31Сондықтан сақ болыңдар! Күн-түн демей, үш жыл бойы үзбестен әрқайсыңа нұсқау берiп, көз жасымды көл еткенiм естерiңде болсын.


32Ал ендi сендердi Құдайға және Оның рақымын бiлдiретiн сөзiне аманаттаймын. Өздерiңдi нығайтып, қиямет күнi Өзiнiң барлық адамдарымен бiрге сендерге де уәде еткен жарылқауларын беруге* Оның құдiретi жетедi.


33Мен ешкiмнен алтын, күмiс, киiм-кешек сұрап алған емеспiн.

34Өзiмдi және көмекшiлерiмдi осы екi қолыммен жұмыс iстеп, асырағанымды бiлесiңдер.

35Барлығында ауыр еңбек ете жүрiп, «Алғаннан гөрi берген бақытты» деген Иемiз Исаның сөзiн есiмде ұстап, мүсәпiрлерге жәрдемдесу керек екенiн үлгi етiп көрсеттiм.


36Осылай дегеннен кейiн ол бәрiмен бiрге тiзе бүгiп, мiнажат еттi.

37Бәрi жылап, оны құшақтап сүйдi.

38Оларға айрықша ауыр тигенi оның «менi ендi көрмейсiңдер» дегенi болды. Содан кейiн Пауылды кемеге шығарып салды.

21

Пауылдың Иерусалимге сапары


1Олардан айырылысқаннан кейiн бiз теңiзге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңiнде Родосқа, ал одан Патараға жеттiк.

2Сол қаладан Финикия елiне тiке баратын бiр кеме тауып алып, соған отырып, жүрiп кеттiк.

3Кипр аралы көрiнгенде, оны оңтүстiк жағынан айналып өтiп, Сирияны беттедiк те, Тирге келiп тоқтадық, себебi кеме сол қалаға жүгiн түсiретiн едi.

4Иемiздiң жолын қуушыларды тауып алып, олармен жетi күн болдық. Киелi Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей бердi.

5Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды ары қарай жалғастырдық. Бәрi әйелдерiмен, бала-шағасымен бiздi қала сыртына дейiн шығарып салды; жаға бойында тiзе бүгiп, мiнажат еттiк.

6Бiр-бiрiмiзбен қош айтысқаннан кейiн бiз кемеге отырдық, ал олар үйлерiне қайтты.


7Тирден шығып Птолемай қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бiр күн бiрге болдық.

8Ертеңiне Кесарияға бардық. Ол қалада бiз Иерусалим қауымының жетi қызметшiсiнiң бiрi — Iзгi хабарды уағыздаушы Фiлiптiң* үйiне түсiп, сонда қалдық.

9Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен.*


10Бiз Кесарияда бiрнеше күн болғаннан кейiн яһуди аймағынан Агаб есiмдi пайғамбар келдi.

11Қасымызға жақындаған ол Пауылдың белбеуiн алып, онымен өз аяқ-қолын байлады да:

— Киелi Рух былай дейдi: осы белбеудiң иесiн Иерусалимдегi яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап бередi, — дедi.

12Осыны естiген бiз және жергiлiктi бауырластар Пауылдан:

— Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтiндiк.

13Бiрақ ол:

— Неменеге жылап, жүрегiмдi ауыртып тұрсыңдар? Мен Иемiз Иса үшiн Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгiл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап бердi.


14Оны көндiре алмағаннан кейiн, бiз тынышталып: — Иемiздiң еркi болсын! — дедiк.


15Осыдан кейiн бiз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледiк.

16Кесариядан бiрнеше бауырластар ерiп, бiздi бастапқы кезден берi Иемiздiң жолын қуып келген Мынасон есiмдi кипрлiкке алып барды; соның үйiнде бiзге қонуға тура келдi.

Иерусалимдегi қауым жетекшiлерiнiң


17Иерусалимге жеткенде, бауырластар бiздi құшақ жая қарсы алды.

18Ертеңiне Пауылмен бiрге Жақыпқа бардық, қауымның барлық жетекшiлерi де сонда жиналды.

19Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзiнiң қызметi арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не iстегенiн егжей-тегжейлi айтып бердi.

20Оны тыңдап болған соң, бәрi Құдайды дәрептедi. Содан кейiн Пауылға былай дедi:

— Бауырым, мынаны бiлесiң: сан мыңдаған яһудилер Иемiзге сенедi, бәрi де Таурат заңын қатаң ұстанушылар.

21Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллi яһудилерге: Мұса арқылы берiлген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретiп жүр», — деген хабар алды.

22Ал бұған не iстейiк? Халықтың сенiң осында екенiңдi бiлiп, жиналатыны сөзсiз.

23Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын* берген төрт кiсi бар.

24Соларды ертiп алып, тазару рәсiмiн бiрге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшiн қажеттi құрбандықтың құнын төлей сал. Сонда бәрi сен туралы естiгендерiнiң жалған екенiне, қайта өзiңнiң де Таурат заңын орындап жүргенiңе көз жеткiзетiн болады.


25Ал басқа ұлттық сенушiлерге келсек, бiз қабылдаған шешiмiмiз туралы жазып жiбердiк қой: олар жалған тәңiрлерге арнаған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етiнен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиiс.*


26Сонымен Пауыл келесi күнi әлгi кiсiлердi ертiп алып, бiрiншi тазару рәсiмiнен бiрге өттi. Содан кейiн ғибадатханаға барып, тазару мерзiмiнiң аяқталып, әрқайсысы үшiн құрбандық шалынатын күндi дiни қызметкерге хабарлады.

Ғибадатхана алаңындағы толқу және Пауылдың тұтқындалуы


27Тазару рәсiмiнiң жетiншi күнi аяқталғанда, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көрiп, халықты оған қарсы айдап салып, оны ұстап алып айқайлап:


28«Исраилдiк ер азаматтар, келiп, көмектесiңдер! Мынау кiсi барлық жерде бiздiң халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы iлiмiн таратып жүр. Оның үстiне шетелдiктердi* ғибадатханаға кiргiзiп, киелi жердi қорлады, — дедi.


29Себебi олар осының алдында Пауылдың қалада ефестiк Трофиммен бiрге жүргенiн көрiп, соны ғибадатхананың iшкi алаңына* алып келген деп ойлады.

30Бүкiл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Пауылға бас салып, ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды.


31Олар Пауылды өлтiрмекшi болып жатқанда, Рим әскерiнiң мыңбасына: «Бүкiл Иерусалим бүлiк шығарып жатыр!» — деген хабар жеттi.

32Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты.* Аналар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде Пауылды ұруларын доғарды.

33Мыңбасы жақындап келiп, Пауылды тұтқынға алды да, екi шынжырмен қол-аяғын байлауға бұйырды. Бұдан кейiн Пауылдың кiм екенiн, оның не iстегенiн сұрады.

34Жиналған тобырдың iшiнен бiреу анау деп, бiреу мынау деп айқайлап, осы аласапыранда жөндi жауап ала алмаған соң Пауылды қамалға айдауға әмiр еттi.

35Пауыл баспалдаққа жетiп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтерiп жүрулерiне тура келдi.

36Өйткенi үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтiрiңдер!» — деп айқайлай бердi.


37Жасақшылар Пауылды қамалға кiргiзейiн дегенде, ол мыңбасыға:

— Сiзге бiр сөз айтуға бола ма? — дедi. Анау қатты таңғалып:

— Сен грекше бiлесiң бе?

38Демек, сен бiраздан бұрын көтерiлiс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессiң ғой? — деп сұрады.

39Пауыл:

— Жоқ, мен яһудимiн, Кiликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етсеңiзшi, — дедi.

40Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрып, қолын көтерiп, халыққа белгi бердi. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше* сөзiн бастады:

22

Пауылдың ғибадатхана алдында өз халқына арнаған сөзi


1— Бауырластар және ақсақалдар! Өзiмдi алдарыңызда ақтайтын сөзiме құлақ салыңыздар! —

2Пауылдың еврейше сөйлегенiн естiгенде олар бұрынғыдан бетер тынышталып тыңдай қалды. Сонда Пауыл былай дедi:

3— Мен яһудимiн, Кiликияның Тарс қаласында тудым, бiрақ осы қалада өсiп. атақты Гамалиелден тыңғылықты* тәлiм алдым. Ата-бабаларымыздың Таурат заңын мұқият сақтай отырып, осы тұрған өздерiңiз сияқты Құдай үшiн жан-тәнiммен ұмтылдым.


4Сол iлiмдi ұстанушыларды өлгенше қудалап, еркек болсын, әйел болсын бұғаулап, түрмеге жапқыздым.

5Бұл iсiме бас дiни қызметкер мен бүкiл ақсақалдар кеңесi куә; тiптi мен олардан Дамаскiдегi бауырларымызға арналған хат алып, сондағыларды тұтқындап, Иерусалимге айдап әкелiп, жазалау үшiн сол жаққа бардым.


6Жолда Дамаскiге жақындап қалған маған түске жақын кенет көктен көз қарықтырар нұр сәулесiн шашып жiбердi.

7Мен жерге құлай кеттiм де, маған: «Саул, Саул! Менi неге қудалайсың?» — деген дауысты естiдiм.

8Мен: «Сен кiмсiң, Ием?» — деп сұрадым. Ол: «Мен — сен қудалап жүрген назареттiк Исамын», — дедi.

9Қасымдағы серiктерiм сәуленi көрсе де, маған сөйлеген дауысты естiмептi.

10Содан кейiн мен: «Ием, не iстеуiм керек?» — деп сұрадым. Иемiз маған: «Орныңнан тұр да, Дамаскiге бар! Сол жерде Менiң саған iстеуге белгiлеп қойғанымды айтады», — дедi.

11Жарқ еткен нұрдан көзiм қарығып соқыр болып қалғандықтан, серiктерiм менi қолымнан жетектеп жүрдi. Осылайша Дамаскiге жеттiм.


12Сол жерде Анани деген бiреу қасыма келдi. Өзi Таурат заңын мұқият ұстанатын, қаладағы барлық яһудилерге сыйлы кiсi екен.

13Ол жақындап: «Саул бауырласым, көзiң ашылсын!» — дедi. Сол сәтте-ақ оны көрдiм.

14Анани маған тағы былай дедi: «Ата-бабаларымыздың Құдайы сенi Өзiнiң еркiн бiлсiн, әдiл Кiсiсiн көрiп, Соның аузынан шыққан сөзiн естiсiн деп таңдап алған болатын.

15Өйткенi сен барлық адамдарға көрiп-естiгенiң туралы куә болып тұрасың.

16Бөгелме! Тұр, Иемiздiң атын айтып сиынып, шомылдыру рәсiмiнен өтiп күнәларыңнан арыл!» — дедi.


17Мен Иерусалимге қайтып келiп, ғибадатханада мiнажат етiп тұрғанда, ерекше күйге енiп,

18Оны көрдiм. Ол маған: «Тезiрек Иерусалимнен кет, себебi олар сенiң Мен туралы куәлiгiңдi қабылдамайды», — дедi.

19Мен Оған: «Ием, Саған сенгендердi түрмеге жауып, мәжiлiсханаларда дүре соқтырған мен екенiмдi олар бiледi

20және Сенiң куәгерiң Степанның қаны төгiлiп жатқанда, оны өлтiргендердi жақтап, шапандарын күзетiп қастарында тұрдым», — дедiм.

21Сонда Иемiз маған: «Жолға шық, мен сенi алысқа басқа ұлттарға жiберемiн!» — дедi.


22Жиналған халық осыған дейiн Пауылды тыныш тыңдап тұрған едi. Бiрақ ол соңғы сөзiн айтқанда, олар:

— Бұл адам жер бетiнен құртылсын, ол ендi тiрi жүрмесiн! — деп айқайлап кеттi.


23Олар осылайша шулап, шапандарын шешiп, шаңды аспанға атып жатқан кезде,

24мыңбасы Пауылды қамалға кiргiзсiн деп бұйырды. Оған дүре соқтырып, халық неге айқайлап қарсы болып жатқанын одан сұрастырып бiлiп алуға әмiр еттi.

25Аяқ-қолын байлап болып, дүре соғайын деп жатқанда, қасында бақылап тұрған жүзбасыдан Пауыл:

— Соттың үкiмiнсiз-ақ Римнiң азаматына дүре соғуыңызға бола ма? — деп сұрады.

26Жүзбасы осыны естiгенде, мыңбасына жүгiрiп барып:

— Не iстейiн деп жатырсыз? Мына кiсi Римнiң азаматы екен! — дедi.

27Әскербасы Пауылға келiп:

— Айтшы, шынымен Римнiң азаматысың ба? — деп сұрады. Ол:

— Иә, — дедi.

28Сонда мыңбасы:

— Мен осы азаматтығымды көп ақшаға сатып алдым, — дедi.

— Ал мен туғаннан Римнiң азаматымын, — дедi Пауыл.

29Оны қинап тергемекшi болғандар дереу әрiрек шегiнiп тұрды. Пауылдың Рим азаматы екенiн бiлгенде, оны байлатып тастаған мыңбасы да қорқып кеттi.

Пауыл жоғарғы кеңес алдында


30Келесi күнi әскербасы Пауылды босатып, яһудилердiң оны не үшiн айыптайтынын бiлу үшiн басты дiни қызметкерлер мен жоғарғы кеңес жиналсын деп бұйырды. Содан кейiн Пауылды қамалдан алдыртып, солардың алдына тұрғызып қойды.

23


1Пауыл жоғарғы кеңеске тiке қарап:

— Бауырластар! Бүгiнге дейiн мен Құдай алдында ар-ұжданым кiршiксiз таза өмiр сүрiп келдiм, — дедi.

2Ал бас дiни қызметкер Анани Пауылдың қасында тұрғандарға оны аузынан ұруға бұйырды.

3Сонда Пауыл оған:

— Әктелген қабырға, сiздi Құдай ұрады!* Осы жерде менi Таурат заңы бойынша соттау үшiн отырғанмен, заңды бұзып менi ұрғыздыңыз, — дедi.


4Қасында тұрғандар:

— Құдайдың бас дiни қызметкерiне ұрсуға қалай батылың барады? — дедi.

5Пауыл:

— Бауырластар, оның бас дiни қызметкер екенiн бiлмедiм!* Киелi жазбада: «Халқыңның басшысын жамандама!» делiнген ғой, — деп жауап бердi.


6Жоғарғы кеңестiң бiр бөлiгiнiң саддукейлер, ал қалғандарының парызшылдар екенiн бiлген Пауыл дауыстап:

— Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетiненмiн де. Өлгендердiң қайта тiрiлуiне үмiт етiп жүргенiм үшiн сотталып жатырмын! — дедi.

7Осы сөзден кейiн парызшылдар мен саддукейлер айтысып қалды да, жиналғандар екiге бөлiнiп кеттi.

8Себебi саддукейлер ешқандай қайта тiрiлу де, перiште де, рух та жоқ десе, парызшылдар бұлардың бәрiн мойындайды.

9Жиналыс айғай-шуға ұласты. Парызшылдардың кейбiр дiн мұғалiмдерi орындарынан тұрып:

— Бұл кiсiден ешқандай жамандық таппай тұрмыз. Оған бiр рух немесе перiште аян берген болса, (Құдайға қарсы шықпаймыз) — деп қызулана айтысты.


10Айтыс үлкен жанжалға айналып, олар Пауылды паршалап қояр деп қауiптенген мыңбасы жасақшыларға төмен түсiп, оны аналардың араларынан күшпен алып, қамалға апаруға бұйырды.

11Сол түнi Иемiз Пауылдың жанында пайда болып:* «Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиiстiсiң», — дедi.

Пауылға қарсы астыртын сөз байласу және


12Келесi күнi таңертең бiрсыпыра яһудилер жасырын жиналып, Пауылды өлтiргенше бiз ешқандай тамақ iшiп-жемеймiз деп қарғанып ант берiстi.

13Бұл ант байланысқан топта қырықтан аса адам бар едi.

14Олар басты дiни қызметкерлер мен рубасыларына барып:

— Пауылды өлтiргенше нәр татпаймыз деп қарғанып ант берiстiк.

15Сонымен жоғарғы кеңес ретiнде мыңбасыға хабарлап: «Пауылдың iсiмен жақынырақ танысқымыз келедi» деген сылтаумен оны өздерiңiзге әкелдiртiңiздер. Ал бiз оны осында жеткiзбей жолшыбай өлтiруге дайын тұрамыз», — дедi.


16Бұл қаскүнемдiк туралы Пауылдың немере iнiсi* бiлiп қойды. Қамалға кiрiп, Пауылға барды да, осы туралы хабарлады.

17Пауыл бiр жүзбасын шақырып алып, оған: «Мына жас жiгiттi мыңбасыға апарыңызшы, оған айтатын хабары бар», — дедi.

18Ол баланы ертiп, мыңбасыға кiрiп:

— Әлгi тұтқын Пауыл менi шақыртып алып, мына жас жiгiттi өзiңiзге әкелуiмдi өтiндi. Оның сiзге айтатын бiрдеңесi бар екен, — дедi.

19Мыңбасы жiгiттiң қолынан ұстап, оңашаға шығарып:

— Маған не айтайын деп едiң? — деп сұрады.

20Ол:

— Яһудилер өзара келiсiп, Пауылдың iсiн одан да мұқият тексеру сылтауымен оны ертең жоғарғы кеңеске апаруыңызды сұрамақ.

21Ал сiз бұған келiспеңiз, өйткенi олардың қырықтан аса адамы оны бiр тасада аңдуда. Бұлар Пауылды өлтiрмей еш нәрсе iшiп-жемеймiз деп анттасты, ендi келiсiмiңiздi күтiп, дайын отыр, — дедi.

22Мыңбасы жас жiгiтке ескертiп:

— Маған айтқандығың туралы ешкiмге де тiс жарма! — деп қайтарып жiбердi.

23Жүзбасылардың екеуiн шақырып алып:

— Кешкi сағат тоғызға екi жүз сарбаз, жетпiс атты әскер және екi жүз мергендi Кесарияға баруға дайындаңдар!

24Пауылға мiнуге көлiк дайындап, әмiршi Феликске аман-есен апару жағын қадағалаңдар! — деп бұйырды да,

25төмендегiдей хат жазды:


26«Жоғары мәртебелi әмiршi Феликске Клауди Лүсиден сәлем!


27Мына кiсiнi яһудилер ұстап алып, өлтiрейiн деп жатқан сәтте мен оның Рим азаматы екенiн бiлiп, жасақшылармен үстiнен түсiп, құтқарып алдым.

28Не үшiн айыптайтындарын бiлмек болып, оны солардың жоғарғы кеңесiне алып бардым.


29Сонда аңғарғаным, олар мұны өз заңдары туралы даулы мәселелерге бола айыптайды екен, бiрақ оған өлiм жазасына кесетiндей немесе түрмеге жабатындай ешбiр кiнә таққан жоқ.

30Мен оған қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылғанын бiлiп қалып, оны дереу сiзге жiберiп отырмын. Айыптаушыларға тағатын кiнәларын өзiңiзге апаруға бұйырдым. Қош-сау болыңыз!»


31Сарбаздар бұйрықты орындап, Пауылды сол түнi Антипатриге жеткiздi.

32Келесi күнi тұтқынды атты жасақпен әрi қарай жөнелтiп, өздерi қамалға қайтып кеттi.

33Кесарияға келiсiмен хатты тапсырған атты жасақ Пауылды әмiршiге табыс еттi.

34-35 Әмiршi хатты оқып, Пауылдан қай аймақтан екенiн сұрап, Кiликиядан екенiн бiлiп алды: «Сенi айыптаушыларың келгенде тергеймiн», — деп шешiп, оны Иродтың сарайында ұстауға бұйырды.

24

Әмiршi Феликстiң алдындағы тергеу


1Бес күннен кейiн бас дiни қызметкер Анани бiрнеше рубасыларымен және Тертулла есiмдi шешен заң қызметкерiмен бiрге Пауылды әмiршiнiң алдында айыптау үшiн Кесарияға келдi.

2Пауыл iшке шақырылғаннан кейiн, Тертулла оған қарсы айыптау сөзiн былай деп бастады:


3— Жоғары мәртебелi әмiршi Феликс! Сiздiң қамқорлығыңыздың арқасында бiздiң ел бейбiт өмiр сүрiп, халқымыздың тұрмысы жақсара түсуде, мұны әрқашанда және барлық жерде алғыс айта отырып мойындаймыз.

4Ал уақытыңызды босқа алмайын, Бiзге мейiрiмдiлiк көрсетiп, бiразырақ уақыт сөзiме құлақ түруiңiздi өтiнемiн.

5Бiз мына кiсiнi iндеттей қауiптi, дүние жүзiндегi яһудилердiң iшiнде бүлiк бастаушы әрi «Назареттiктер» деген дiни бағыттың жетекшiсi деп таптық.

6Ол тiптi ғибадатхананы арамдауға ұмтылған кезде оны ұстап алдық, (Өз заңымыз бойынша соттамақ болдық.

7Бiрақ мыңбасы Лүси оны үлкен зорлықпен қолымыздан тартып, өзiңiзге жолдады да,

8айыптаушыларына сiзге баруға бұйырды.) Тергеген кезде, не үшiн кiнәлайтынымызды оның өз аузынан естисiз.


9Яһуди басшылары да мұнымен келiсiп, айыптауға қосылып, айтылғанның бәрiн растады.


10Әмiршiнiң берген белгiсi бойынша, Пауыл жауап берiп былай дедi:

— Сiздiң көп жылдан берi осы елде сот екенiңiздi бiлгендiктен, өзiмдi алдыңызда ақтай алатыныма қуанамын.

11Осыдан он екi күн бұрын мiнажат ету үшiн Иерусалимге келгенiме өзiңiз көз жеткiзе аласыз.

12Не ғибадатханада, не мәжiлiсханаларда, не қалада ешкiм менiң бiреумен айтысып тұрғанымды я болмаса, ел iшiне iрiткi салып жүргенiмдi көрген емес.

13Айыптаушылар маған қазiр таққан кiнәларын еш дәлелдей алмайды.

14Бiрақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар дiни бағыт деп атаған iлiм бойынша қызмет етiп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәрiне де сенетiнiмдi мойындаймын.

15Құдай қиямет күнi сенушiлердi де, күнәкарларды да қайта тiрiлтедi деп күтiп,* мен де олар сияқты Оған үмiтiмдi артамын.

16Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшiн ұмтылып келемiн.


17Осы жолы Иерусалимге халқым үшiн қайыр-садақа берiп, Құдайға құрбандық шалу мақсатымен, араға ұзақ жыл салып, келдiм.

18Ғибадатханада тазару рәсiмiнен өтiп жүрген кезде қасымда жиналған ел де, айғай-шу да болған жоқ.

19Азия аймағынан келген бiрнеше яһудилер менi сонда көрген, олардың маған тағатын айыбы болса, онда осы жерге сiздiң алдыңызға келiп, менi айыптаулары керек едi.

20Я болмаса, мұнда отырған кiсiлер жоғарғы кеңестiң алдында айыпкер ретiнде тұрғанымда менен қандай кiнә тапқандарын айтсын.

21Мүмкiн, менiң кiнәм сол жерде болғанда: «Менi бүгiн сiздердiң алдарыңызда өлгендердiң қайта тiрiлуiне сенетiнiм үшiн соттап жатыр», деп айтқан сөзiм болар.


22Иемiздiң iлiмi туралы жақсы бiлетiн Феликс iстiң қаралуын басқа күнге ауыстырып: «Мәселелерiңдi мыңбасы Лүси келгенде шешемiн», — дедi.

23Және жүзбасыға: «Пауылды қамап ұста, бiрақ көбiрек еркiндiк бер, жақындарының келiп, қамқорлық жасап тұруларына тыйым салма!» — деп бұйырды.


24Бiрнеше күннен кейiн Феликс Друзилла есiмдi яһуди әйелiмен келдi де, Пауылды шақыртып алып, Мәсiх Исаға сену туралы айтқандарын тыңдады.

25Бiрақ Пауыл әдiлдiк, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы айта бастағанда, Феликс үрейленiп: «Ендi бара бер, ретi келгенде, сенi тағы шақыртып аламын», — дедi.

26Ол өзiн босату үшiн пара берер ме деп үмiттенiп, Пауылды жиi-жиi алдыртып, сөйлесiп отырды.

27Екi жылдан кейiн Феликстi Порси Фест ауыстырды. Яһудилерге жағынғысы келген Феликс Пауылды түрмеден шығармай кеттi.

25

Пауылдың римдiк патша алдында


1Яһуди аймағының әмiршiсi қызметiне кiрiскенiне үш күн өткенде Фест Кесариядан Иерусалимге барды.

2Иерусалимде оған басты дiни қызметкерлер мен басқа да беделдi яһудилер келiп, Пауылға тағатын айыптарын айтып:

3«Пауылды Иерусалимге ауыстырып берiңiз», — деп, Фесттен жақсылық жасауын сұрады. Өйткенi олар жолда оған шабуыл жасап, өлтiртпек болды.

4Ал Фест Пауылдың қазiр Кесарияда түрмеде отырғанын, өзiнiң жақын арада сол жаққа қайта баратынын айтты.

5«Сондықтан, — дедi ол, — орталарыңнан өкiлеттiлер менiмен бiрге барып, егер жаңағы кiсiнiң iстеген қылмысы болса, оған сол жерде айып тағуларыңызға болады».

6Фест солармен бiрге он шақты күн Иерусалимде болған соң, Кесарияға қайтып келдi де, бiр күннен кейiн соттың орындығына отырып, Пауылды алдырды.

7Иерусалимнен келген яһудилер Пауылды қоршап алып, көптеген ауыр-ауыр айып тақты, бiрақ оларын дәлелдей алмады.

8Бұларға қарсы Пауыл өзiн ақтап сөйлеп былай дедi:

— Мен не яһуди халқының заңына, не ғибадатханаға, не римдiк патшаға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқпын!


9Яһудилерге жағынғысы келген Фест Пауылдан:

— Сен Иерусалимге барып, тағылған айып бойынша сол жерде менiң көз алдымда сотталуға келiсесiң бе? — деп сұрады.

10Ал Пауыл:

— Мен мұнда Рим патшасы сотының алдында тұрмын, сондықтан осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге ешқандай әдiлетсiздiк iстеген жоқпын, оны өзiңiз жақсы бiлесiз.

11Мен кiнәлы болып, өлiмге қиятындай қылмыс жасаған болсам, онда өлiмнен бас тартпас едiм. Ал егер мыналардың таққан кiнәлары жазықсыз болса, онда ешкiм менi бұлардың қолына ұстап бере алмайды. Римдiк патша алдында сотталуымды талап етемiн», — деп жауап бердi.


12Сонда Фест ақылшыларымен кеңесiп:

— Римдiк патша алдында сотталуды талап еттiң бе, патша алдына барасың да!» — деп шештi.

Әмiршi Фестiң яһуди патшасы Агриппаға Пауыл туралы мәлiмет беруi


13Бiрнеше күннен кейiн Фестке сәлем беру үшiн Агриппа патша* қарындасы Берникемен Кесарияға келдi.

14Олар сонда бiрнеше күн болған кезде, Фест патшаға Пауылдың iсi туралы былай деп мәлiмет бердi:

— Осында Феликс түрмеге жапқан бiр кiсi бар.

15Мен Иерусалимде болғанда, яһудилердiң басты дiни қызметкерлерi мен рубасылары оған айып тағып, үкiм шығаруымды талап еттi.

16Оларға: «Айыпталушы айыптаушылармен кездеспей және өзiн қорғауға мүмкiндiгi болмай тұрып, адамды ұстап беру римдiктердiң салтына қайшы келедi», — дедiм.

17Олар менiмен бiрге осы жерге келген соң, кешiктiрмей келесi күнi соттың орындығына отырып, әлгi кiсiнi алдырдым.

18Айыптаушылар шығып сөйлеп, оған қарсы мен күткендей ешқандай айып тақпай,

19олардың өз тәңiрiне табынушыларына қатысты мәселе бойынша, сондай-ақ өлiп қалған, бiрақ Пауыл тiрiлдi деп айтқан Иса есiмдi Бiреу туралы айтысып қалды.

20Мен бұл мәселе жөнiнде не iстерiмдi бiлмей, Пауылдан: «Иерусалимге барып, сонда сотталуға келiсесiң бе?» — деп сұрадым.

21Бiрақ ол өзiнiң iсiн римдiк патша шешсiн деп талап еткен соң, мен оны соған жiбергенше түрмеде ұстауға бұйырдым.

22Сонда Агриппа Фестке:

— Ол кiсiнi тыңдағым келедi, — дедi.

— Оны ертең-ақ тыңдайсыз, — деп, Фест жауап бердi.


23Келесi күнi Агриппа мен Бернике сән-салтанатпен сот залына келдi, олармен бiрге мыңбасылар және қаланың атақтылары болды. Фесттiң әмiрi бойынша Пауылды алып келдi.

24Фест сөз алып, былай дедi:

— Агриппа патша және бiзбен бiрге отырған мырзалар!

Алдарыңызда Иерусалимдегi және осы жердегi бүкiл яһуди халқы тiрi қалдырмау керек деп, маған қатты дауыстап, өтiнiш жасаған адам тұр.

25Ал мен оның өлiм жазасына кесер қылмысы жоқ деп таптым. Бiрақ өзi римдiк патша сотын талап еткендiктен, оны соған жөнелтпек болып шештiм.

26Ал ендi тақсыр иеге ол туралы жазатын нақты мәлiметiм жоқ, сондықтан оны сiздердiң алдарыңызға, әсiресе, өзiңiзге, Агриппа патша, алдырып отырмын. Тергеу соңында мен қандай мәлiмет жазып беретiнiмдi бiлсем деймiн.

27Тұтқынды айыбын көрсетпей Римге жiберу, менiң ойымша, ақылға сыймайтын iс.

26

Пауылдың Агриппа патшаға Iзгi хабарды түсiндiруi


1Агриппа Пауылға:

— Өзiңдi ақтап сөйлеуге рұқсат, — дедi. Сонда Пауыл қолын созып, қорғау сөзiн бастады:


2— Жоғары мәртебелi Агриппа патша, бүгiн алдыңызда тұрып, яһуди басшыларының таққан айыбына қарсы өзiмдi қорғап сөйлеп тұрғаныма қуанамын.

3Өйткенi сiз яһудилердiң барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерiн жақсы бiлесiз. Сондықтан сөзiме шыдамдылықпен құлақ түруiңiздi өтiнемiн.


4Жас кезiмнен бастап Иерусалимде тұрып, халқым iшiнде қандай өмiр сүрiп келе жатқаным яһудилердiң бәрiне мәлiм.

5Олар менi көптен берi таниды, егерде шындықты мойындағылары келсе, менiң парызшыл ретiнде дiнiмiздiң ең қатал бағытын ұстанатындардың қатарына жатқанымды бiледi.

6Бүгiн сот алдында тұруымның себебi — Құдайдың бiр кезде ата-бабаларымызға берген уәдесiне үмiт артуым.

7Осы уәденiң орындалуына халқымыздың он екi руы да күндiз-түнi Құдайға қызмет етiп, үмiт етедi. О, патшам, бүгiн яһудилер менi содан үмiткер болғаным үшiн айыптап отыр.

8Сiздер неге Құдайдың өлгендердi қайта тiрiлтуiнiне сенбейсiздер?


9Рас, баяғыда мен де назареттiк Исаға қарсы күресудi мiндетiм деп ойладым.

10Иерусалимде осымен айналысып, бас дiни қызметкерден арнайы өкiлеттiк алып, Құдайдың көптеген адамын* түрмеге жаптырдым. Оларды өлiм жазасына кескенде, бұған да келiсiп, дауыс берiп отырдым.

11Барлық мәжiлiсханаларды аралап жүрiп, сондайларды талай рет азапқа салып, оларға Иемiздiң атын қорлатуға тырыстым. Ашу-ызаға кернелгенiм сонша, оларды шетелдiк қалаларға барып та қудаладым.


12Бiр жолы осы мақсатпен бас дiни қызметкерден өкiлеттiк пен тапсырма алып, Дамаскiге бара жатыр едiм.

13О, патшам, жолда мен тал түсте күн сәулесiнен жарық, көктен түскен нұр көрдiм. Оның сәулесi өзiме де, серiктерiме де түстi.

14Бәрiмiз жерге құлап түстiк. Сол кезде бiр дауыстың маған еврейше: «Саул, Саул, Менi неге қудалайсың? Иеңе қарсы шығып* азапқа қаласың», — дегенiн естiдiм.

15Мен: «Ием, Сен кiмсiң?» — деп сұрадым. Иемiз маған: «Мен өзiң қудалап жүрген Исамын.

16Түрегел, сенi Өзiме нөкер қылу үшiн келдiм, бұдан былай сен Менен көргенiңе және саған кейiн көрсететiндерiме басқалар үшiн куә болуға тиiстiсiң.

17Сенi өз халқыңа да, басқа ұлттарға да жiберiп, жасайтын қастандықтарынан құтқарамын:

18олар түнектен нұрға, шайтанның құрсауынан Құдайға бет бұрулары үшiн сен олардың көздерiн аш! Сонда олар Маған сенiп, күнәлары кешiрiлiп, Құдай халқының арасынан орындарын* алады», — дедi.


19Мiне, осы себептен мен, Агриппа ағзам, көктен түскен көрiнiсте маған Бұйырғанға бағынбай тұра алмадым.

20Керiсiнше, алдымен Дамаск пен Иерусалимнiң, одан кейiн бүкiл яһуди елiнiң тұрғындары мен басқа ұлт адамдарына да: «Терiс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрып, бұған лайықты iс iстеңдер!» — деп уағыз айтып жүрдiм.

21Яһудилердiң менi ғибадатханада ұстап алып, өлтiргiлерi келген себебi — осы.

22Құдай қорғап-қолдап келгендiктен мен күнi бүгiнге дейiн берiк тұрып үлкен-кiшi бәрiне куәлiк етемiн. Мұса мен басқа да пайғамбарлар алдын ала айтып кеткендердi ғана үйретiп жүрмiн,

23атап айтқанда, Құтқарушы Мәсiх азапталып, Бiрiншi болып өлiмнен тiрiлiп, Исраил халқына және басқа ұлттарға Iзгi хабарды жариялап, көздерiн ашуға тиiстi болды.


24Пауыл өзiн ақтап, осылай сөйлеп тұрғанда Фест қатты дауыстап:

— Есiң дұрыс емес, Пауыл! Көп оқып, ақылыңнан адасқансың! — дедi.

25Пауыл оған:

— Есiм дұрыс, қадiрлi Фест, мен ой елегiнен өткен шынайы сөздердi айтып тұрмын!

26Патша ағзам мұның бәрiн бiледi, сондықтан оған бұларды еркiн айтып тұрмын. Болған жайттардың ешқайсысы одан жасырын емес, соған сенiмдiмiн, себебi олар тасада өткен жоқ.

27Агриппа патша, сiз пайғамбарлардың айтқандарына сенесiз бе? Оларға сенетiңiздi бiлемiн, — дедi.

28Сонда Агриппа Пауылға:

— Аз уақыттың iшiнде менi мәсiхшi болуға* көндiрмексiң бе? — дедi.


29Пауыл оған:

— Аз ба, көп пе, әйтеуiр бiр уақытта өзiңiз де, менi бүгiн тыңдап тұрғандардың бәрi де бұғауланған күйiмнен басқа дәл мен сияқты болсын деп Құдайдан сұраймын, — дедi.


30Пауыл осыны айтқанда патша орнынан көтерiлдi; онымен бiрге әмiршi, Бернике және залда отырғандар түгел тұрды.

31Олар шығып бара жатқанда, бiр-бiрiне:

— Мына кiсi не өлiмге кесер, не түрмеге жабар қылмыс жасаған жоқ, — дестi.

32Агриппа да Фестке:

— Римдегi патша сотын талап етпегенде, мұны босатып жiберуге болар едi, — дедi.

27

Пауыл мен серiктерiнiң кемемен Римге


1Сонымен бiздiң Италияға баратынымыз шешiлген соң, Пауылмен тағы бiрнеше тұтқындарды римдiк патша атындағы әскер бөлiмiнiң Юли есiмдi жүзбасына табыстады.

2Адрамитилық* кемеге мiнiп, теңiзге шықтық, ол жол-жөнекей Азия аймағының кемежайларына кiретiн болды. Бiзге Салониқадан македониялық Арыстарқ ере жүрдi.

3Келесi күнi Сидонға келдiк. Жүзбасы Пауылға жақсы қарап, оған достарына барып келiп, солардың оның сапар кезiндегi қажеттерiн қамтамасыз етулерiне рұқсат бердi.

4Сидоннан әрi қарай кетiп, алдымыздан қарсы соққан желден қашып, Кипр аралының ық жағымен жүрдiк.

5Теңiздi Кiликия және Памфүлия өлкелерiн бойлай кесiп өтiп, Лүкиядағы Мүраға жеттiк.

6Сол жерден жүзбасы Италияны бетке алған ескендiриялық кеменi тауып алып, бiздi осы кемеге мiнгiздi.

7Көп күн бойы ақырын жүрiп отырып, зорға дегенде Книд қаласының маңайына жеттiк. Жел қарсы соққандықтан Крит аралының ық жағымен, Салмон қаласының маңынан өттiк.

8Жағалаумен жүре отырып, әзер дегенде Ласея қаласына жақын Сұлу кемежай деген жерге келдiк.

9Осы екi арада талай уақыт артта қалып, тiптi яһудилердiң күзгi оразасы өтiп кеткен едi. Сондықтан кемемен жүзу қауiптi бола бастады. Сол себептен Пауыл оларға ескертiп:


10— Ер азаматтар, бiздiң сапарымыз жүк пен кеме үшiн ғана емес, өз өмiрiмiз үшiн де қауiптi де өте зиянды болайын деп тұрғанын бiлемiн», — дедi.

11Бiрақ жүзбасы Пауылдың сөзiнен гөрi кеменiң жүргiзушiсi мен иесiне көбiрек сендi.

12Оның үстiне кемежай қыстауға ыңғайлы болмаған соң, кемедегiлердiң көпшiлiгi әрi жүре берейiк, қыстау үшiн Феникске жетейiк деген шешiм қабылдады, бұл криттiк кемежай оңтүстiк батыс пен солтүстiк батысқа қарай орналасқан болатын.

13Оңтүстiктен бiр әлсiз жел соғып едi, олар мақсатымызды орындай аламыз деген оймен зәкiрлерiн көтерiп алып, Криттi жағалап жүзiп кеттi.

Кеменiң қатты дауылға ұшырап, қирауы


14Аз уақыттан кейiн арал жақтан Солтүстiк шығыс деп аталатын қара дауыл соғып,

15кемемiздi сүйрей жөнелдi. Дауылға қарсы тұрар шамамыз болмаған соң, кеменi толқынға тапсырып, кете бардық.

16Клауда деген кiшкентай аралдың ық жағымен жүрген кезде, зорға дегенде кеме артындағы байлаулы қайықты үстiне тартып, шығарып үлгердiк.

17Бұдан соң теңiзшiлер кеменi кендiр арқанмен белдiктеп байлап қойып, Сирт қойнауында* қайраңдап қалудан қауiптенiп, желкендердi түсiрiп, қалқып жүре бердiк.

18Дауылдан әбден ұрылып-соғылып теңiзшiлер келесi күнi жүктiң бiразын түсiрсе,

19үшiншi күнi өз қолдарымен кеменiң керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды.

20Бiрнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрiнбедi, ал дауылдың долданғаны сондай, құтқарыламыз ба деген үмiтiмiз де үзiле бастады.


21Көптен берi ешкiм нәр татпаған соң, Пауыл ортаға шығып:

— Ей, ер азаматтар, менi тыңдап, Криттен шықпауларың керек едi, сонда осындай қатерге бас тiгiп, зиян шекпеген болар едiңдер.

22Ал ендi батылданыңдар деп ескертемiн, себебi ешқайсыңның өмiрлерiң қиылмай, тек кеме ғана құриды.

23Неге десеңдер, өзiм қызмет етiп, Соның меншiгiмiн деп жүрген Құдайымның бiр перiштесi өткен түнi жанымда пайда болып:

24«Қорықпа, Пауыл! Сен римдiк патшаның алдына баруға тиiстiсiң! Бiлiп қой: Құдай тiлегiңдi ескерiп, сапарластарыңды өлiмнен аман алып қалады,* — дедi.

25Сондықтан, ер азаматтар, батыл болыңдар! Мен Құдайға сенемiн, маған қалай айтылса, солай болады да.

26Бiрақ бiз бiр арал маңындағы қайраңға отырып қалуға тиiспiз, — дедi.


27Адрият теңiзiнде сандалып жүргенiмiзге он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешiлер құрлыққа жақындағанымызды шамалады.

28Олар өлшеуiштi суға түсiрiп, судың отыз жетi метр* терең екендiгiн анықтады; сәлден кейiн тағы өлшеп, жиырма жетi метр деп тапты.

29Жартасқа соғылып қалудан қауiптенген теңiзшiлер кеменiң артынан суға төрт зәкiр тастап, таңның атуын асыға күттi.

30Алдыңғы жақтан да зәкiр тастаймыз деп сылтауратқан теңiзшiлер қайықты суға түсiре бастады. Бiрақ олар мұны кемеден қашып кету үшiн iстедi.

31Сол себептi Пауыл жүзбасы Юли мен жасақшыларға: «Егер мыналар кемеде қалмаса, сендерге құтқарылу жоқ», — дедi.

32Сонда жасақшылар қайықты байлап қойған арқандарды кесiп, оны теңiзге құлатты.


33Таң атар алдында Пауыл адамдарды бiр нәрсе жеп алуға шақырып:

— Бастарыңа қауiп төнiп, нәр татпай жүргендерiңе бүгiн он төрт күн болды.

34Сондықтан жүрек жалғап алыңдар деймiн. Бұл құтқарылуларың үшiн қажет. Ешқайсыңның бiр тал шашы да шығын болмайды.


35Осылай деп, бiр нанды алды да, елдiң көзiнше Құдайға шүкiршiлiк айтып, бiр жапырағын үзiп, жей бастады.

36Содан адамдар жiгерленiп, тамақтанып алды.

37Кемеде жалпы саны екi жүз жетпiс алты кiсi едiк.

38Бәрi тойып алған соң, кеменi жеңiлдету үшiн жүк қоймасында қалған астықты теңiзге лақтырып тастады.


39Таң атқанда теңiзшiлер келген жердi таныған жоқ. Жағасы жайлы шығанақты көрiп, мүмкiн болса, кеменi сол жерге тақап тоқтатуға ұйғарды.

40Зәкiрлердiң арқандарын кесiп, теңiзге тастады да, кеменiң рулiн байлаған қайысты босатып, алдыңғы желкендi жоғары көтерiп, жағаға бет алды.

41Алайда бiр таяз жерге тап болып, кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды, ал артын лықсыған толқындар соққылап, сындыра бастады.


42Тұтқындар жүзiп қашып кетпесiн деп, жасақшылар оларды өлтiрiп тастамақ болды.

43Бiрақ Пауылды аман алып қалғысы келген жүзбасы олардың ниетiн iске асыруларына тиым салып: «Жүзе бiлетiндер бiрiншi болып теңiзге секiрiп түсiп, құрлыққа жүзiп шықсын,

44ал қалғандары тақтайлар және кеменiң басқа да бөлшектерiне қарманып, жағаға жетсiн!» — деп бұйырды. Сөйтiп барлығы да аман-есен жағаға жетiп алды.

28

Мальта аралында қыстап шығып,


1Ендi құтқарылғаннан кейiн бiз аралдың Мальта екенiн бiлдiк.

2Тұрғындары әдеттен тыс адамгершiлiк танытып, от жағып, бiздi өздерiне шақырды, себебi жаңбыр жауып, күн суытып кеткен едi.

3Пауыл бiр құшақ отындық ағаш жинап әкелiп, отқа тастағанда, шыбықтардың арасынан ыстыққа шыдамаған бiр улы жылан атып шығып, оның қолынан тiстеп, ұстап алды.

4Жергiлiктi тұрғындар оның қолындағы салбыраған жыланды көргенде бiр-бiрiне: «Мынау сөзсiз кiсi өлтiрген бiр қанiшер болар. Теңiзден құтылған оны әдiлет тәңiрi тiрi қалдырмас», — дедi.


5Бiрақ ол жыланды отқа лақтырып жiберiп, ешқандай зиян шекпедi.

6Айнала тұрғандар ендi Пауылдың денесi iсiп кетедi немесе өлiп, жерге бiр-ақ құлайды деп, едәуiр күтiп тұрды, бiрақ оған ештеңе болмағанын көрген соң, ойларын өзгертiп: «Мынау бiр құдай болар!» — дестi.


7Жақын маңда арал әкiмшiсi Публи дегеннiң меншiктi жерi бар екен. Сол кiсi бiздi қабылдап, үш күн бойы жылы қабақ танытып, үйiнде қонақ қылды.

8Публидiң әкесi ыстығы көтерiлiп, iшi өтiп, төсек тартып ауырып жатыр екен. Пауыл оның бөлмесiне барып, Құдайға сиынып, үстiне қолын қойды да, ауруынан сауықтырып жiбердi.

9Содан кейiн тағы басқа ауырып жүрген, осы туралы естiген арал тұрғындары да Пауылға келiп, айығып кетiп жатты.

10Сол үшiн олар бiзге көп құрмет көрсетiп, сапарымызды әрi қарай жалғастырарда қажет нәрсенiң бәрiмен қамтамасыз еттi.


11Үш айдан кейiн бiз аралда қыстап қалған, диоскурлардың* таңбасы бар ескендiриялық кемеге мiнiп, теңiзге шықтық.

12Сиракузға тоқтап, мұнда үш күн аялдадық.

13Сол жерден айналып жүрiп, Региге келдiк, келесi күнi қайтадан сапарымызды жалғастырып, оңтүстiктен соққан желмен екi күн жүрiп, Путеолға жеттiк.

14Бұл жерден бауырластар тауып, олар бiзден жетi күн қалыңдар деп өтiндi. Содан кейiн Римге жол тарттық.

15Ол жақтағы бауырластар бiз туралы хабар алып, Аппи базары мен Үш қонақ үй деген жерлерге дейiн келiп, алдымыздан қарсылап шықты. Пауыл оларды көргенде Құдайға шүкiрлiк айтып, жiгерленiп қалды.


16Бiз Римге келген соң, (жүзбасы тұтқындарды патша сарайы сақшыларының бастығына тапсырып ал) Пауылға бiр күзетшi жасақпен бiрге жеке үйде тұруға рұқсат берiлдi.

Пауылдың Римде Iзгi хабарды уағыздауы


17Үш күннен кейiн Пауыл яһудилердiң беделдiлерiн өзiне шақырып алды. Жиналған соң, оларға былай дедi:

— Қымбатты бауырластар! Халқымызға, ата-бабаларымыздың әдет-ғұрыптарына қарсы ешқандай жамандық жасамасам да, Иерусалимде тұтқындалып, римдiктердiң қолына тапсырылдым.

18Бұлар iсiмдi тексерiп, өлiм жазасына кесетiндей кiнәм жоқ болған соң, босатып жiбергiлерi келдi.

19Бiрақ яһудилер бұған қарсы болғандықтан, римдiк патша сотын талап етуге мәжбүр болдым, мұнымен мен өз халқымды айыптайын деп отырған жоқпын.

20Осы себептi бетпе-бет сөйлесу үшiн өздерiңiздi шақыртып алдым. Себебi берген уәдесiн* Құдай орындайды деген Исраилдiң үмiтi үшiн мен бұғаулы жүрмiн. —

21Олар бұған:

— Бiз яһуди аймағынан сiз туралы ешқандай хат алған жоқпыз. Бiрде-бiр бауырлас ресми түрде немесе жеке өз атынан жаманат хабар айтып келген де емес.

22Ендi сiзден өз ойыңызды естiгiмiз келедi, өйткенi осы алған бағытыңызға қай жерде де қарсы сөйлеушiлердiң бар екенiн бiлемiз, — дедi.


23Олар оған бiр күндi белгiлеп, оның үйiнде алғашқыдағыдан да көп болып жиналды. Пауыл таңертеңнен кешке дейiн оларға Құдай Патшалығы туралы куәлiк келтiрiп, Мұса арқылы берiлген Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазуларына сүйене отырып, оларды Иса туралы сендiруге тырысты.

24Кейбiреулерiн айтқанымен сендiрсе, басқалар сенбей қалды.

25Сөйтiп олар өзара бiр пiкiрге келмей, екiге бөлiнiп кеттi. Қоштасарда Пауыл оларға салмақтап былай дедi:

— Киелi Рухтың Ишая пайғамбар арқылы ата-бабаларыңызға:

26«Мына халыққа барып, оған былай де:

Естисiң, сонда да еш ұқпайсың,


Қарайсың, сонда да еш көрмейсiң!



27Себебi бұл халықтың жүректерi сезiмсiз болып қалған,

Құлақтары мүкiс тартып, көздерiн жұмып алған.


Әйтпесе көздерi көрiп, құлақтары естiп,


Жүректерi ұғып, Маған бет бұрар едi,


Сонда Мен оларды сауықтырар едiм»,



28Бiлiп қойыңыздар: сондықтан да Құдай құтқарылуды басқа ұлттарға жiбердi, олар бұл хабарды зейiнмен тыңдайды. —

29(Ол осыны айтқаннан кейiн, яһудилер бiр-бiрiмен қатты айтысып, тарап кеттi.)


30Ал Пауыл өзiнiң жалдап алған үйiнде толық екi жыл тұрып, өзiне келгендердiң бәрiн қабылдап,

31Құдай Патшалығын еш бөгетсiз, батыл уағыздап, Иемiз Иса Мәсiх туралы тәлiм берiп жүрдi.