Ерте кездегi қауым жетекшiлерiнiң қалдырған мәлiметтерi бойынша бұл жазба Матай, Марқа және Лұқа жазған «Iзгi хабарлардан» кейiн, б.з. 80 жылдары шамасында жарық көрiп, тараған. Оны Мәсiх Исаның жақын туысы әрi он екi елшiсiнiң бiрi — Жохан Түркияның батысындағы Ефес қаласында жазды. Ол Құтқарушымыздың осы дүниеге келу себебiн тереңiрек баяндайды.
Сол кездегi дәстүрге сай, Жохан өзi үшiн «Иса жақсы көрген шәкiрт» деген жанама есiмдi қолданады. Бұл — Иса басқа шәкiрттерiн кем көрген дегендi бiлдiрмейдi, керiсiнше, Жоханның өз Ұстазының сүйiспеншiлiгiн ерекше сезiммен қабылдағанын көрсетедi. Онымен бiрге жүрiп, басынан өткен көп оқиғалардан Мәсiхтiң тегiн адам емес екенiн айқындай түсетiн деректердi таңдап алған. Мәсiх зейiн қоюшылар, шәкiрттерi және қарсыластарымен болған сұхбаттарында Өзiнiң көктен келген Билеушi екенiн жариялап, адамдарды шынайы өмiр жолына түсуге шақырады.
Бұл кiтапта пәлсапалық сарын да бар. Сонымен қатар, Исаның шексiз сүйiспеншiлiкпен жасаған iс-әрекеттерi, Оның адамзат үшiн құрбандық өлiмi мен қайта тiрiлуi туралы көзi көрген куәгерлердiң мәлiметтерi жазылған. Жоханның Iзгi хабарын естiп, оқыған көптеген жұртшылық Мәсiхке жүректерiнен орын берiп, Оның ақиқат жолымен жүрiп келедi.
Иса Мәсiх — Құдайдың адамзатқа ойын бiлдiрген «Сөзi»
1Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай едi.
2Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын.
3Құдай бәрiн Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.
4Сөз өмiрдiң бастауы болған. Сол өмiр адамзат үшiн Нұр едi.
5Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
6Құдай жiберген Жақия есiмдi адам болды.
7Ол Нұрдың куәсы болып, барлық адамдарды Соған сендiру үшiн келдi.
8Жақияның өзi Нұр емес едi, ол Нұр туралы хабарлау үшiн келген болатын.
9Әр адамға сәулесiн түсiретiн шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты.
10Ол бұл дүниеде бар едi, бiрақ әлемдi жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ.
11Өзi таңдап алған халқына келгенiмен, олар Оны қабылдамады.
12Бiрақ Оны қабылдап, Оған сенiм артқандардың бәрiн Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты еттi.
13Бұлар табиғи жолмен, пенденiң қалауы бойынша бұл дүниеге келгендiктен емес, Құдай оларға шынайы өмiр бергендiктен ғана Оның рухани балалары болды.*
14Сөз адамға айналып, арамызда өмiр сүрдi. Сонда бiз Әкенiң жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдiк: Ол рақымдылық пен шындыққа толы едi.
15Жақия Ол туралы дауыстап куәлiк етiп:
— Менен кейiн Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткенi Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кiсiм Осы, — дедi.
16Оның шексiз рақымынан бәрiмiз молынан жарылқанып келемiз.
17Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы бердi, ал рақым мен шындық бiзге Иса Мәсiх арқылы жеттi.
18Құдайды ешкiм ешқашан көзiмен көрген емес. Әкесiмен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бiзге Оны жақыннан танытты.
Жақия пайғамбардың Мәсiх пен өзi туралы айтқаны
19Ал Жақия былай деп куәлiк берген едi: яһудилердiң басшылары дiни қызметкерлер мен көмекшiлердi Иерусалим қаласынан Жақияға жiберiп, «Сен кiмсiң?» деп сұратқан кезде ол жауап беруден бас тартпай:
20— Мен (Құдай жiберемiн деп уәде берген Құтқарушы) Мәсiх емеспiн, — деп ашық айтты.
21Олар:
— Онда сен кiмсiң? (Мәсiхтен бұрын қайтып келуге тиiстi) Iлияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады.
— Жоқ, ол емеспiн.
— Мүмкiн, сен (Мұса Құдай жiбередi деген) пайғамбар шығарсың?
— Жоқ, — деп жауап бердi.
22Олар:
— Бiздi жiбергендерге жауап беруiмiз үшiн кiм екенiңдi айтшы? — деп сұрады. — Өзiң туралы не дейсiң? —
23Сонда Жақия:
— Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып жол салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмiн, — дедi.
24Бұл жiберiлген кiсiлер парызшылдар қауымынан едi.
25Олар Жақияға тағы да сұрақ қойып:
— Егер сен не Мәсiх, не Iлияс, не келуге тиiстi пайғамбар болмасаң, нелiктен адамдарды (Құдай жолына түсiрiп) суға шомылдыру рәсiмiнен өткiзесiң? — дедi.
26Жақия оларға:
— Мен тек суға шомылдыру рәсiмiн ғана орындаймын; ал араларыңда сендер танымайтын Бiреу тұр.
27Ол менен кейiн келе жатыр, бiрақ мен Оның құлы болып кебiсiн әперуге де тұрмаймын, — деп жауап бердi.
28Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсiмiн орындап жүрген Иордан өзенiнiң шығысындағы Бетанияда болған.
Құдайдың адамдарды құтқару үшiн құрбандыққа жiберген «Тоқтысы»
29Келесi күнi Жақия өзiне қарай келе жатқан Исаны көрiп:
— Қараңдар, Мынау Құдайдың құрбандыққа жiберген «Тоқтысы»! Ол адамзаттың күнәсын өз мойнына артып, сол үшiн жанын қияды.
30«Менен кейiн Бiреу келе жатыр, Оның жолы менен үлкен, өйткенi Ол мен тумастан бұрын бар болатын» дегенiмде, Сол туралы айтқан едiм.
31Мен де Оның шынымен кiм екенiн бiлмейтiн едiм. Бiрақ Оны Исраил халқына таныстырып, адамдарды шомылдыру рәсiмiнен өткiзу үшiн осы жерге келдiм, — дедi.
32Содан кейiн Жақия куәлiк етiп:
— Мен Киелi Рухтың көгершiн бейнесiнде көктен түсiп, Исаға қонғанын көрдiм.
33Исаны бұрын шынымен танымайтын едiм; бiрақ менi шомылдыру рәсiмiн орындауға жiберген Құдай маған: «Киелi Рухтың Бiреуге қонғанын көргенде, Киелi Рухқа Шомылдырушының Соның Өзi екенiн бiлесiң», — деген болатын.
34Мен Киелi Рухтың Исаға қонғанын көрiп, Оның Құдайдың рухани Ұлы екенiне куәгер болдым, — дедi.
Исаның алғашқы шәкiрттерiн таңдауы
35Келесi күнi Жақия мен оның екi шәкiртi тағы сол жерде тұрды.
36Ол қастарынан өтiп бара жатқан Исаны көрiп: «Қараңдар, Мынау — Құдайдың құрбандыққа жiберген Тоқтысы!» — дедi.
37Екi шәкiртi Жақияның айтқанын естiп, Исаның соңынан ере бастады.
38Иса бұрылып, олардың Өзiне ергенiн көрiп:
— Сендер не iздеп жүрсiңдер? — дедi. Олар Исадан:
— Раббы! — арамей тiлiндегi мағынасы «Ұстазым!» — Сiз қайда тұрып жатырсыз? — деп сұрады.
39Иса:
— Келiңдер де көрiңдер! — дедi. Олар келiп, тұрған жерiн көрдi де, сол күнi Онымен бiрге болды. Уақыт түстен кейiнгi сағат төрттер шамасы едi.
40Жақиядан Иса туралы естiп, Оған ерген екеуiнiң бiрi Шимон Петiрдiң iнiсi Әндiр едi.
41Ол ең алдымен ағасы Шимонды тауып алып:
— Бiз Мәсiхтiң Өзiн таптық! — дедi. Ал «Мәсiх» Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша дегендi бiлдiредi.
42Содан кейiн Әндiр Шимонды Исаға ертiп келдi. Иса Шимонға қарап:
— Сен Жоханның ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың, — дедi. Кефа грекше — Петiр, яғни «Тас».
43Келесi күнi Иса Ғалилея аймағына бармақшы болды. Фiлiптi тауып, оған: «Менiң шәкiртiм болып, соңымнан ер», — дедi.
44Фiлiп те Әндiр мен Петiр тұратын Бетсайда қаласынан едi.
45Фiлiп Натанайылды тауып алып, оған:
— Бiз Мұса Тауратта жазған, басқа пайғамбарлар да өз жазбаларында айтып кеткен Мәсiхтi таптық! Ол — назареттiк Жүсiптiң ұлы Иса! — дедi.
46Бiрақ Натанайыл:
— Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсiң? — деп жауап қатты. Фiлiп оған:
— Келiп, өзiң көр! — дедi.
47Иса өзiне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде:
— Мынау — қулық-сұмдығы жоқ, нағыз исраилдiк, — дедi.
48Натанайыл:
— Сiз менi қайдан бiлесiз? — деп сұрады. Иса:
— Сенi Фiлiп шақырмай тұрып, iнжiр ағашының астынан көрiп едiм, — дедi.
49Натанайыл (өзiн Исаның iнжiр ағашының қалың жапырағының астынан көре алғанына қайран қалды да):
— Ұстаз, Сiз Құдайдың рухани Ұлысыз, Исраилдiң Патшасысыз! Соған көзiм жеттi, — деп жауап бердi.
50Иса оған:
— Мен «сенi iнжiр ағашының астынан көрдiм» дегендi ғана айтқанда, Маған сенiп қалдың. Әлi бұдан да зорды көресiң! — дедi.
51— Сендерге өте маңызды шындықты айтайын:* бұдан былай көктiң ашылғанын көресiңдер! Сонда Құдайдың перiштелерi аспанға көтерiлiп және Құдай тағайындаған Билеушi — Маған бұдан былай көктiң ашылғанын көресiңдер! Сонда Құдайдың перiштелерi аспанға көтерiлiп және Құдай тағайындаған Билеушi — Маған** түсiп келiп тұратын болады.
Исаның Қана қаласындағы тойда iстеген кереметi
1Екi күннен кейiн Ғалилея аймағының Қана қаласында бiр үйлену тойы болды. Исаның шешесi сонда едi,
2Иса да шәкiрттерiмен бiрге шақырылды.
3Шарап* таусылып қалып, Исаның шешесi Оған:
— Олардың шарабы қалмады, — дедi.
4Иса:
— Апа, Маған оны не үшiн айтасыз? (Керемет жасау үшiн көктегi Әкем белгiлеген) уақытым әлi келген жоқ, — деп жауап бердi.
5Дегенмен шешесi қызметшiлерге:
— Ол не айтса, соны iстеңдер! — деп ескерттi.
6Сол жерде яһудилердiң дәстүрi бойынша дiни тазару салтына арналған, iшiне он шелектей су сыятын алты тас күбi тұр едi.
7Иса қызметшiлерге:
— Күбiлердi суға толтырыңдар! — дедi. Олар күбiлердi суға ернеулете толтырды.
8— Аздап алып, асабаға апарыңдар! — дедi Иса. Олар апарып берiп,
9асаба шарапқа айналған әлгi суды татып көрдi. Бiрақ асаба оның қайдан екенiн бiлген жоқ, мұны тек суды шөмiштеп алған қызметшiлер ғана бiлетiн. Асаба таңғалды да, күйеу жiгiттi шақыртып алып:
10«Әркiм алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрiн бередi. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейiн сақтап қойыпсың!» — дедi.
11Осылай Иса кереметтерiнiң алғашқысын Ғалилеядағы Қана қаласында жасап, Өзiнiң ұлылығын көрсеттi. Ал шәкiрттерi Оған сендi.
12Содан кейiн Иса шешесi, iнiлерi және шәкiрттерiмен бiрге Қапарнаумға барып, сол қалада бiрнеше күн тұрды.
Ғибадатхананы алып-сатарлардан тазарту
13Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындағанда, Иса Иерусалимге барды.
14Ғибадатхана алаңында (құрбандыққа шалынатын) өгiз, қой, көгершiн сатушыларды және шетелдiк ақшаны (зекет беру үшiн жергiлiктi ақшаға) айырбастаушыларды бақылады.
15Кендiрден қамшы өрiп алып, сатушылардың бәрiн қой, өгiздерiмен бiрге ғибадатхана ауласынан қуып шықты. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерiн аударып тастады.
16Көгершiн сатушыларға бұрылып:
— Мыналарыңды бұл арадан алып кетiңдер! Көктегi Әкемнiң киелi үйiн базарға айналдырмаңдар! — дедi.
17Сонда шәкiрттерi «Сенiң үйiңнiң қамын жеп, азапқа түсемiн» деген Киелi жазбадағы сөздердi естерiне түсiрдi.
18Ал яһуди басшылары Оған:
— Осыны iстеуге қақыңның барын қандай кереметпен дәлелдемексiң? — дедi.
19Иса оларға:
— Мына киелi үйдi бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын, — деп жауап қатты.
20Яһудилер:
— Бұл киелi үй қырық алты жыл бойы салынды. Ал Сен оны үш күннiң iшiнде қайта тұрғызбақшымысың? — дедi.
21Бiрақ Иса «киелi үй» дегенде Өзiнiң денесi туралы айтқан едi.
22Сондықтан Иса өлiмнен қайта тiрiлген кезде шәкiрттерi Оның осылай дегенiн естерiне түсiрiп, Киелi кiтапта жазылған және Исаның Өзi айтқан пайғамбарлық сөздерге сендi.
23Құтқарылу мейрамы кезiнде Иса Иерусалимде болғанда, кереметтерiн көрген көп адам Оған сендi.
24-25-25 Алайда бәрiнiң ойы мен ниетi құбылмалы екенiн бiлiп, Иса оларға сене қоймады. Адам баласының көңiлiндегiсiн толық бiлгендiктен, бiреудiң Өзiне мәлiмет беруiн қажет етпедi.
Нiкөдемнiң сұрағы: Құдайға қалай жақындауға болады?
1Парызшылдар арасында яһуди халқының Нiкөдем есiмдi басшысы бар едi.
2Ол Исаға түнде келiп:
— Ұстаз, Сiздiң Құдайдан келген мұғалiм екендiгiңiздi бiлемiз, себебi Сiздiң кереметтерiңiздi Құдайдың қолдауынсыз ешкiм де жасай алмайды, — дедi.
3Иса:
— Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын: кiмде-кiм қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығына кiре алмайды, — дедi.
4Нiкөдем:
— Есейген адам қалайша қайта туылады? Шешесiнiң құрсағына енiп, екiншi рет дүниеге келуi мүмкiн бе? — деп сұрады.
5Иса:
— Саған өте маңызды шындықты айтайын: кiмде-кiм судан және Киелi Рухтан туылмаса, Құдайдың Патшалығына кiре алмайды.
6Тәннен — тән, Рухтан — рух туады.
7Менiң «қайтадан туылуға тиiссiңдер» дегенiме таңданба!
8Жел қалаған жерiнде соғады: оның гуiлiн естисiң, бiрақ қайдан келiп, қайда кеткенiн бiлмейсiң. Киелi Рухтан туылған әр адамның басынан өткенi де осыған ұқсас, — дедi.
9Нiкөдем:
— Бұл қалай болады? — деп сұрағанда
10Исаның жауабы мынау болды:
— Исраилдiң дiн мұғалiмi бола тұра, осыны бiлмейсiң бе?
11Саған өте маңызды шындықты айтайын: бiз бiлгенiмiз туралы сөйлеп, көргенiмiз туралы куәлiк етемiз, алайда сендер куәлiгiмiздi қабыл алмайсыңдар.
12Мен сендерге жерде болып жатқандарды айтқанда сенбейсiңдер, ал егер көктегi рухани нәрселер туралы сөйлесем, қалай сенбексiңдер?
13Көктен келген Билеушiден басқа ешкiм көкке шыққан жоқ, (Ол көкте тұрушы).
14Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтерiп қойған. Дәл солай көктен келген Билеушi де көтерiлiп қойылуға тиiс.
15Сонда Оған сенушi әркiм мәңгiлiк өмiрге ие болады.
16Өйткенi Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендiктен, Өзiнiң жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа бердi. Ендi Оған сенушi әркiм жаны тозаққа түспей, мәңгiлiк өмiрге ие болады.
17Құдай Өзiнiң рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жiбердi.
18Оған сенушiлер қияметте сотталмайды, ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтiндер әлдеқашан сотталған.
19Ал соттың мәнi мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келдi, бiрақ адамдар Одан гөрi түнектi жақсы көрдi, себебi олардың iстерi жаман едi.
20Жамандық iстеген әркiм Нұрды жек көрiп, жасаған iстерi әшкереленбес үшiн Нұрға жоламайды.
21Ал шындыққа сай өмiр сүретiн әркiм өз iстерiнiң Құдайдың көмегiмен жасалғандығы көрiнiп тұрсын деп Нұрға шығады.
Жақияның Исаға жол берiп, қастерлеуi
22Бұдан кейiн Иса шәкiрттерiмен яһуди аймағына барып, сонда бiраз уақыт бiрге болып, терiс жолдан қайтқан кiсiлердi шомылдыру рәсiмiнен өткiзiп жүрдi.
23Ал Жақия Сәлiм қаласына жақын Енонда шомылдыру рәсiмiн орындап жүрдi, өйткенi ол жерде су мол едi; адамдар келiп, өздерiн шомылдыртты.
24Сол кезде Жақия әлi абақтыға жабылмаған болатын.
25Осы уақытта Жақияның шәкiрттерi мен кейбiр яһудилер арасында дiни тазару салттары туралы айтыс туды.
26Олар Жақияға келiп:
— Ұстаз, өткенде Иорданның арғы жағында сiзбен бiрге болып, өзiңiз куәлiк берген Адам шомылдыру рәсiмiн орындауда. Жұрттың бәрi де Соған барып жатыр! — дедi.
27Жақия былай жауап бердi:
— Құдай бермесе, ешкiм еш нәрсе ала алмайды.
28«Мен Мәсiхтiң Өзi емеспiн, тек Оның алдынан жiберiлген хабаршысы ғанамын» деп айтқаныма сендер өздерiң куәсыңдар.
29Қалыңдығы бар кiсi — күйеу жiгiт қой. Ал күтiп тұрған досы оның даусын естiп, қуанады. Қазiр менiң қуанышым қойныма сыймай тұр.*
30Мәсiхтiң беделi артып, ал менiкi төмендеуге тиiс.
31Көктен келген Ол бәрiнен де ұлы, ал жерден пайда болған мен жердiкiмiн, сондықтан жер тiлiнде сөйлеймiн. Көктен келген Мәсiх бәрiнен де ұлы!
32Ол Өзiнiң көкте көрiп, естiгенiне куәлiк етедi. Алайда Оның хабарын ешкiм қабылдамайды;
33бiрақ соны қабылдағандар Құдайдың Өзiн шындық деп мойындайды.
34Құдай жiберген Мәсiх Оның хабарын жариялайды, өйткенi Құдай Оған Киелi Рухын шексiз бередi.
35Әкесi Ұлын сүйiп, Оның қолына бар билiктi тапсырған.
36Құдайдың рухани Ұлына сенушiлер мәңгiлiк өмiрге ие. Ал Оны тыңдамағандар шын өмiрдi көрмей, Құдайдың төнiп тұрған қаһарына ұшырайды.
Құдайға сиыну туралы самариялық әйелмен әңгiме
1Иса Жақиядан гөрi көбiрек шәкiрттер тауып, шомылдыру рәсiмiнен өткiзiп жатыр деген хабар парызшылдарға жеттi.
2Шынында оны iстеп жүрген Исаның Өзi емес, шәкiрттерi едi.
3Сондай хабардың парызшылдарға жеткенiн бiлген Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды.
4Құдайдың еркiмен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиiстi болды.
5Сөйтiп Самариядағы Сихар қаласына келдi. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз баласы Жүсiпке мұра етiп қалдырған жерiне жақын орналасқан.
6Сол жерде «Жақып құдығы» бар едi. Жол жүрiп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кеттi. Түс мезгiлi болатын,
7-8 ал шәкiрттерi қалаға тамақ алуға кеткен едi. Сол кезде құдықтан су алу үшiн самариялық бiр әйел келдi. Иса одан:
— Маған iшетiн су бершi, — деп сұрады.
9Самариялық әйел:
— Өзiң яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деп таңғалды. Себебi яһудилер (дiни сенiм бойынша арамданбау үшiн) самариялықтармен араласпайды.
10Сонда Иса:
— Егер Құдайдың өзiңе не сыйлағысы келгенiн және су сұраған Адамның кiм екенiн бiлсең, сен Оның Өзiнен су сұрар едiң. Сонда Ол саған «өмiр суын» берер едi, — деп жауап бердi.
11— Мырза, құдықтан су алатын Сiздiң ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмiр суын қайдан аласыз?
12Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзi де, балалары да, малы да одан су iшкен, — дедi әйел.
13Иса оған былай дедi:
— Мына судан iшкен адам тағы шөлдейдi.
14Ал кiмде-кiм Мен беретiн «судан» iшсе, ол мәңгi-бақи шөлдемейтiн болады. Мен беретiн «су» оның iшiнде мәңгiлiк өмiр сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. —
15Сонда әйел:
— Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға осында келе бермеуiм үшiн маған осы судан берiңiзшi! — деп сұрады.
16Иса оған:
— Барып, күйеуiңдi шақыр, өзiң де кел! — дедi.
17— Күйеуiм жоқ, — дедi әйел. Ал Иса оған:
— Күйеуiм жоқ деп шыныңды айттың.
18Бес рет күйеуге шықтың, ал қазiргiң күйеуiң емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап бердi.
19Сонда әйел:
— Мырза, Сiздiң пайғамбар екенiңiзге көзiм жетiп тұр!
20Ал ендi, бiздiң ата-бабаларымыз мына таудың басында мiнажат еткен, ал сiздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиiс дейсiздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады.
21Иса оған былай дедi:
— Айтқаныма илан: көктегi Әкеге осы таудың басында және Иерусалимде ғана сиынбайтын замандарың да келе жатыр.
22Сендер өздерiң бiлмейтiн Бiреуге табынып келесiңдер, ал бiз Кiмге табынып жүргенiмiздi бiлемiз, өйткенi Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ.
23Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенелiп, Әкеге шындап бас ұрып сиынатын уақыты болады, тiптi келе жатыр: Әке осындай бас ұрып сиынушыларды қалайды.
24Құдайдың Өзi — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенелiп, шындықпен сиынуға тиiс. —
25Сонда әйел:
— Мәсiх деген Құтқарушы Патшамыздың келетiнiн бiлемiн. Ол келгенде бiзге бәрiн ашық айтады, — дедi.
26Иса:
— Сенiмен сөйлесiп тұрған Мен Соның Өзiмiн, — деп әйелге жауап бердi.
Пiсiп тұрған астық туралы астарлы сөз
27Сол арада шәкiрттерi қайтып келiп, Исаның бiр әйелмен сөйлесiп отырғанына таңғалды. Бiрақ ешқайсысы «Одан ненi сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесiз?» деп сұраған жоқ.
28Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайтты да, жұртқа:
29«Жүрiңдер, менiң құпия iс-әрекеттерiмнiң бәрiн дәл айтып берген Кiсiнi көрiңдер! Ол Құдай жiберген Мәсiх емес пе екен?» — дедi.
30Олар қаладан шығып, Исаға қарай бет алды.
31Осы екi арада шәкiрттерi:
— Ұстаз, тамақ iшiп алыңыз, — деп өтiндi.
32Ал Иса:
— Менiң сендер бiлмейтiн тамағым бар, — дедi.
33Шәкiрттерi:
— Оған бiреу тамақ әкеп берген бе? — дестi.
34Иса оларға астарлап былай дедi:
— Өзiмдi Жiбергеннiң еркiн iске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған нәр болады.
35Сендер «төрт айдан кейiн егiн орамыз» дейсiңдер. Ал Мен сендерге былай деймiн: көздерiңдi ашып, егiндiктерге қараңдар, олар жинауға дайын пiсiп тұр.
36Қазiр-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгiлiк өмiрге арналған өнiмдi жинап жатыр. Осылай егiндi еккен де, жинаған да бiрге қуанады.
37«Бiреу еккендi бiреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр.
38Мен сендердi Маған адам әкелу үшiн өздерiң еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс iстедi, ал сендер олардың еңбегiнiң жемiсiн көрiп жатырсыңдар.
39Сол қаладағы самариялықтардың көпшiлiгi әлгi әйелдiң «Ол менiң құпия iс-әрекеттерiмнiң бәрiн дәл айтып бердi» деп куәлiк еткен сөзi арқылы Исаға сене бастаған едi.
40Сондықтан олар Исаның қасына келгенде Оның өздерiмен бiрге қалуын өтiндi. Содан Иса екi күн сол жерде болды.
41Оның сөзiн естiп, тағы көбiрек кiсiлер Исаға сендi де, әйелге:
42— Бiз ендi тек сенiң айтқаның бойынша сенiп қоймай, Оның сөзiн өзiмiз естiп, шынында дүниенi Құтқарушы Осы екенiн бiлдiк, — дедi.
Патша қызметкерi баласының сауықтырылуы
43Екi күннен кейiн Иса сол жерден әрi қарай Ғалилеяға кеттi.
44Ал Оның Өзi: «Пайғамбардың өз елiнде қадiрi жоқ» деп ашық айтқан едi.
45Бiрақ Иса Ғалилеяға келгенде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады. Өйткенi олар да Иерусалимдегi Құтқарылу мейрамына барып, Исаның iстеген барлық кереметтерiн көрген едi.
46Сөйтiп Иса үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келдi. Сол кезде Қапарнаумда баласы ауырып жатқан патша сарайының бiр қызметкерi бар екен.
47Ол Исаның Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгенiн естiп, Оған барды да:
— Келiп, баламды сауықтырып берсеңiз! Ол өлiм аузында жатыр, — деп өтiндi.
48Иса:
— Құдiретiмдi дәлелдейтiн кереметтерiмдi көрмесеңдер, Маған сенбейсiңдер, — дедi.
49Ал баланың әкесi Оған:
— Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келiңiзшi! — деп жалбарынды.
50Сонда Иса:
— Үйiңе бара бер, балаң аман-сау! — дедi. Ол Исаның айтқан сөзiне сенiп, кетiп қалды.
51Келесi күнi жолшыбай оның қызметшiлерi кездесiп:
— Балаңыз аман-сау, — дедi.
52Сонда ол қызметшiлерiнен баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын сұрады. Олар:
— Кеше түс кезiнде сағат бiрде ыстығы қайтты, — дедi.
53Сонда әкесi Исаның өзiне «балаң аман-сау» деген кезi дәл сол сәтте болғанын бiлiп, үй iшiмен Исаға сендi.
54Осылай Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгеннен кейiн екiншi рет керемет iс жасап, Өзiнiң құдiретiн танытты.
Исаның Бетездадағы науқасты сауықтыруы,
1Бiраз уақыттан кейiн яһудилердiң тағы бiр мейрамы болып, Иса соған қатысу үшiн Иерусалимге өрлеп барды.
2Қаланың Қой қақпасының қасында еврейше Бетезда деп аталатын хауыз бар, оның төңiрегiне бағаналы бес ғимарат салынған.
3Оларда соқырлар, ақсақтар, сал болып ауырғандар, тағы басқа көптеген науқастар жататын. (Бұлар судың шайқалғанын күтетiн.
4Себебi Құдай жiберген бiр перiште анда-санда хауызға түсiп, суды шайқағаннан кейiн алғаш шомылған адам қандай ауыруы болса да, жазылып шығады екен.)
5Бұл жерде отыз сегiз жылдан берi ауру бiр кiсi бар едi.
6Иса оның жатқанын көрiп, көптен ауру екенiн бiлген соң:
— Сауыққың келе ме? — деп дауыстады.
7Науқас:
— Иә, Мырза, бiрақ менi су қозғалғанда хауызға түсiретiн адам жоқ. Жеткенiмше, басқа бiреу менен бұрын түсiп қояды, — деп жауап бердi. Иса:
8— Түрегел, төсенiшiңдi ал да, жүре бер, — дедi.
9Әлгi кiсi сол сәтте-ақ ауруынан жазылып, төсенiшiн алды да, жүрiп кеттi.
Бұл оқиға (яһудилердiң демалысы) сенбi күнi болған едi.
10Сондықтан яһуди басшылары жазылған адамнан:
— Сенбi емес пе? Төсенiшiңдi көтерiп жүргенiң не? Бүгiн жұмыс iстеуге болмайды ғой! — дедi. Ол:
11— Менi сауықтырған Адам: «Төсенiшiңдi ал да, жүре бер» деген едi, — деп жауап қатты.
12— «Төсенiшiңдi ал да, жүре бер» дейтiн Ол кiм Өзi? — дедi олар.
13Ал жазылған кiсi Оның кiм екенiн бiлген жоқ. Өйткенi сол жерде халық көп болғандықтан, Иса ешкiмге бiлдiрмей кетiп қалған едi.
14Кейiннен Иса әлгi кiсiнi ғибадатханада жолықтырып:
— Мiне, сен жазылдың. Бұрынғыдан да жаман болғың келмесе, бұдан былай күнә жасаушы болма! — дедi.
15Әлгi кiсi яһуди басшыларына барып, өзiн Исаның сауықтырғанын айтты.
16Иса мұны дiни демалыс күнi жасағандықтан, олар Оны қуғындады.
17Бiрақ Иса оларға: «Әкем еңбектен қол үзбейдi, сондықтан Мен де үздiксiз еңбек етемiн», — дедi.
18Бұдан кейiн яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтiрмекшi болды. Себебi Ол солардың демалыс күнi туралы ережелерiн ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем»* деп, Өзiн Құдаймен теңестiрдi.
Құдайдың рухани Ұлының билiгi
19Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкесiнiң iстегенiн көрмесе, Оның рухани Ұлы өздiгiнен ештеңе iстей алмайды. Өйткенi Әкесiнiң жасап жатқанын Ол да дәл солай жасайды.
20Әкесi Оны сүйедi, сондықтан Өзi iстегенiнiң бәрiн Оған көрсетедi; сендер таңғалатындай бұдан да зор кереметтердi әлi де көрсететiн болады.
21Себебi Әкесiнiң өлгендердi тiрiлтiп жан беретiнiндей, Ұлы да Өзiнiң қалағандарын тiрiлтедi.
22Әкенiң Өзi ешкiмдi соттамай, барлық сотты Оған тапсырған.
23Осылайша бәрi Әкенi қалай қадiрлесе, Ұлын да солай қадiрлесiн. Ал кiмде-кiм Ұлын құрметтемесе, Оны жiберген Әкесiн де құрметтемейдi.
24Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: кiмде-кiм сөзiме құлақ асып, Менi Жiбергенге сенсе, сол мәңгiлiк өмiрге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды, керiсiнше, рухани өлiмнен шынайы өмiрге өттi.
25Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: рухани өлiлер Құдайдың рухани Ұлының даусын естiп, Оған сенетiн уақыт болады, тiптi сол уақыт келдi де; ал даусына құлақ салғандар тiрiледi.
26Себебi Әкенiң Өзi өмiрдiң қайнары екендiгiндей, Ұлына да өмiрдiң қайнары болуды сыйлады.
27Ол көктен келген Билеушi болғандықтан, Әкесi Оған қиямет сотын жүргiзу билiгiн де тапсырған.
28Бұған таңданбаңдар, өйткенi қабiрдегiлердiң бәрi Құдайдың рухани Ұлының даусын еститiн уақыт болады.
29Сонда өлгендер қабiрден шығады: жақсылық жасағандары мәңгi өмiр сүру үшiн, ал жамандық жасағандары сотталу үшiн тiрiледi.
30Мен өздiгiмнен ештеңе iстей алмаймын. Әкемнен естiгенiм бойынша соттаймын. Менiң сотым әдiл, өйткенi өз еркiмдi емес, Менi жiберген Әкемнiң еркiн орындаймын.
Исаның шынайы болмысы туралы айғақтар
31Егер Мен Өзiме Өзiм куә болсам, онда куәлiгiм жеткiлiксiз болар едi.
32Маған куәгер болатын басқа Бiреу бар, Оның куәлiгiнiң шындық екенiн бiлемiн.
33Рас, сендер Жақияға өкiлдерiңдi жiбердiңдер, ол Мен жөнiндегi шындықтың куәсы болды.
34Өзiм туралы адамның куәлiгiн қажет етпесем де, мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын.
35Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ iспеттi едi, ал сендер бiраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келдi.
36Алайда Менiң Жақия берген куәлiктен де үлкенiрек куәлiгiм бар: Әкем Маған орында деп тапсырған, Мен iстеп жүрген игi iстерiм Менi Соның жiбергендiгiне айғақ.
37Менi жiберген Әкемнiң Өзi де Мен туралы куәлiк еттi. Бiрақ сендер ешқашан Оның даусын естiп, бейнесiн көрген емессiңдер.
38Оның сөзi де жүректерiңнен орын алған емес, сол себептi Оның жiберген Ұлына сенбейсiңдер.
39Рас, сендер киелi жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгiлiк өмiрге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлiк етедi!
40Алайда сендер шынайы өмiрге ие болу үшiн Маған келуден бас тартасыңдар.
41Мен адамдардан құрмет күтпеймiн;
42бiрақ жүректерiңде Құдайға деген сүйiспеншiлiктiң жоқ екенiн бiлемiн.
43Әкемнiң атынан келсем де, Менi қабылдамайсыңдар. Ал басқа бiреу өз атынан келгенде, сендер оны қабылдайсыңдар.
44Бiр-бiрiңнен құрмет күтiп, жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметтi iздемей жүрген сендер Менiң Құдайдан келгенiме қалайша сене аласыңдар?
45Мен сендердi Әкемнiң алдында айыптайды деп ойлап қалмаңдар. Айыптаушы бар: ол — сендер үмiт артып жүрген Мұса пайғамбар.
46Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едiңдер, өйткенi ол Мен туралы жазып кеткен.
47Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсiңдер, ендеше Менiң сөздерiме қалай сене аласыңдар?
Исаның бес мыңнан астам адамды тамақтандыруы
1Бiраз уақыттан кейiн Иса Ғалилея көлiнiң шығыс бетiне жөнелдi. Сол көл Тiберия көлi деп те аталады.
2Ауруларға жасаған кереметтерiн көргендiктен көп халық Исаға ердi.
3Ол тауға шығып, сол жерде шәкiрттерiмен отырды.
4Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын.
5Иса басын көтерiп қарағанда, үлкен тобырдың Өзiне қарай келе жатқанын көрiп, Фiлiпке:
— Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — дедi.
6Иса осы сөзiн оны сынау үшiн айтты, себебi не iстемекшi болғанын Өзi бiлiп тұрды.
7Фiлiп Оған:
— Бiзде тiптен екi жүз күндiк жалақыға келетiн нан болып, әркiм бiр жапырақтан жегеннiң өзiнде бәрiне бiрдей жетпес едi, — деп жауап бердi.
8Сонда басқа бiр шәкiртi, Шимон Петiрдiң iнiсi Әндiр, Исаға былай дедi:
9— Осында бiр бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екi кепкен балығы бар. Бiрақ олар осынша көп кiсiге не болады? —
10Ал Иса:
— Адамдарды жайғастырып отырғыза берiңдер! — дедi. Сол жерде шөп қалың болып, шамамен бес мың ер адам жайғаса алды.
11Иса күлшелердi алып, шүкiрлiк еттi де, жайғасқандарға үлестiрдi; кепкен балықтардан да қалағандарынша бердi.
12Бәрi жеп тойған соң, Иса шәкiрттерiне: «Рәсуа болмас үшiн нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — дедi.
13Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екi себеттi толтырды.
14Адамдар Иса жасаған осы кереметтi көргенде:
— Дүниеге келуге тиiс Пайғамбар — шынымен Осы! — дестi.
15Олардың Өзiн патша ету үшiн келiп, қапысызда ұстап алмақшы болғанын бiлiп, Иса тағы да жалғыз Өзi тауға кетiп қалды.
Исаның көлде қауiпке ұшыраған шәкiрттерiне көмекке келуi
16Кешке Исаның шәкiрттерi көлге барып,
17бiр қайыққа мiнiп, көлдiң батыс жағындағы Қапарнаумға қарай жүрiп кеттi. Қараңғы түскен кез едi, ал Иса оларға әлi келген жоқ болатын.
18Сонда қатты жел соғып, көлдiң астан-кестенi шығып, толқи бастады.
19Олар бес-алты шақырымдай жүргеннен кейiн, көл бетiмен жаяу жүрiп қайыққа таяп қалған Исаны көрiп, қорқып кеттi.*
20Ал Иса шәкiрттерiне: «Қорықпаңдар, келе жатқан Менмiн ғой!» — деп көңiлдерiн орнықтырды.
21Сонда шәкiрттерi Оны қайыққа мiнгiзiп алғылары келдi. Сол сәтте-ақ қайық олар бет алған жағаға жетiп қалды.
Иса — шынайы өмiр сыйлайтын рухани «нан»
22Келесi күнi көлдiң шығыс бетiнде қалған халық Исаның шәкiрттерi мiнген жалғыз қайықтан басқа ешбiр қайықтың болмағанын естерiне түсiрдi. Исаның шәкiрттерiмен бiрге қайыққа мiнбей, тек өздерiнiң ғана кетiп қалғанын бiлдi.
23Иемiз шүкiрлiк еткеннен кейiн халық нан жеп тойған кешегi жерге басқа да қайықтар Тiберия қаласынан жақындап келiп жатты.
24Иса мен шәкiрттерiнiң бұл жерде жоқ екенiн бiлетiн жұрт әлгi қайықтарға мiнiп, Исаны iздеп Қапарнаумға беттедi.
25Олар Оны көлдiң батыс бетiнен тапқанда:
— Ұстаз, бұл жерге қашан келдiңiз? — деп сұрады.
26Иса былай деп жауап бердi:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Құдайдың өздерiңе кереметтер арқылы не бiлдiргенiн түсiнгiлерiң келмей, тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Менi iздеп жүрсiңдер.
27Уақытша тамаққа емес, мәңгiлiк өмiр беретiн рухани нәрге ұмтылыңдар! Оны сендерге көктен келген Мен ғана бере аламын, өйткенi Құдай Әке Маған билiгiн бердi. —
28Сонда олар:
— Құдайдың еркiн iске асыру үшiн не iстеуiмiз керек? — деп сұрады.
29Иса:
— Ол Жiбергенге сенiңдер, Құдайдың еркi сол, — дедi.
30Олар:
— Өзiңiздi Құдай жiбергенiне көзiмiздi жеткiзiп, сенуiмiз үшiн қандай керемет көрсетесiз, не iстейсiз?
31«Оларға жейтiн нанды көктен бердi» деп Забурда жазылғандай, ата-бабаларымыз айдалада тәттi нан жеп жүрдi, — деп жауап бердi.
32Ал Иса:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: көктен нан берген — Мұса пайғамбар емес; қазiр де көктен шынайы «нанды» берiп тұрған — Менiң Әкем.
33Себебi көктен түсiп, адамзатқа өмiр Берушi — «Құдайдың наны», — дедi.
34Олар:
— Мырза, бiзге әрқашан осындай нан берiп тұрыңызшы! — дедi.
35Сонда Иса оларға былай дедi:
— Шынайы өмiр сыйлайтын «нан» Менмiн. Маған келгендер рухани нәрден тарықпай, сенгендер ешқашан шөлдемейтiн болады.
36Бiрақ Мен сендерге: «Менi көрдiңдер, алайда сенбейсiңдер» дегенмiн.
37Әкем қарамағыма берген адамдардың барлығы Маған келедi, ал Мен Өзiме келгендердi ешқашан қуып жiбермеймiн.
38Көктен өз еркiмдi емес, Менi жiберген Әкемнiң еркiн орындау үшiн келдiм.
39Ал Әкемнiң еркi — Оның қарамағыма берген адамдарының бiрде-бiреуiн тозаққа түсiрмей, бәрiн де ақырғы күнi қайта тiрiлтуiм.
40Себебi Әкемнiң еркi мынау: Өзiнiң рухани Ұлын көрiп, Оған сенген барлық адамдарға мәңгiлiк өмiр сыйлауы. Мен соларды ақырғы күнi қайта тiрiлтiп аламын.
41Сонда Исаның көктен түскен «нан» Менмiн дегенiне яһудилер күңкiлдеп, наразылық бiлдiрдi:
42— Мынау әке-шешесiн бiз бiлетiн Жүсiп ұлы Иса емес пе? Онда Ол қалайша «Мен көктен түстiм» дейдi? —
43Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Өзара күңкiлдеспеңдер!
44Менi жiберген Әкем Өзiме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күнi қайта тiрiлтiп аламын.
45Пайғамбарлар жазбаларында «Құдай олардың бәрiн үйретедi» делiнген. Әкемдi тыңдап, Одан тәлiм алған әркiм Маған келедi.
46Әрине, Құдайдан Келгеннен басқа ешкiм Әкенi көрген емес, Әкенi көрген — Сол ғана.
47Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кiм Маған сенсе, сол мәңгiлiк өмiрге ие.
48Шынайы өмiр сыйлайтын «нан» Менмiн.
49Ата-бабаларың айдалада манна нанын жесе де, ақырында өлдi.
50Бiрақ қазiргi көктен түскен «нан» мынадай: одан «жеген» адам рухани өлiмге душар болмайды.
51Көктен түскен «тiрi нан» Менмiн. Одан «жеген» әркiм мәңгiлiк өмiрге ие болады. Бұл «нан» — Менiң тәнiм, оны адамзат шынайы өмiрге ие болсын деп құрбан етемiн.
52Сонда яһудилер өзара:
— Бұл қалайша бiздiң «жеуiмiз» үшiн өз тәнiн қиып бере алады? — деп айтыса бастады.
53Иса оларға былай дедi:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушiнiң тәнiн «жеп», қанын «iшпесеңдер», сендерде шынайы өмiр болмайды.
54Кiмде-кiм Менiң тәнiмдi «жеп», қанымды «iшсе», ол мәңгiлiк өмiрге ие болады, Мен оны ақырғы күнi қайта тiрiлтемiн.
55Себебi тәнiм — шынайы рухани «азық», ал қаным — шынайы рухани «сусын».
56Тәнiмдi «жеп», қанымды «iшкен» әркiм Менiмен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен солай тұрамын.*
57Мәңгi тiрi Әкем Менi жiбердi және Мен Ол арқылы өмiр сүремiн; сол сияқты тәнiмдi «жеген» кiсi де Мен арқылы шынайы өмiр сүредi.
58Ендеше, көктен түскен «нан», мiне, осындай; ол ата-бабаларымыз жеген манна сияқты емес: олар ақырында өлген; бiрақ «рухани нанды» жеген әркiм мәңгi өмiр сүредi. —
59Иса мұны Қапарнаумдағы мәжiлiсханада тәлiм бергенде айтты.
Исаның сөздерi шынайы өмiрге жеткiзедi
60Осыны естiген шәкiрттерiнiң көбi:
— Мынау жанға батар сөз екен, оны кiм тыңдай алады? — дедi.
61Бұл туралы наразылықты байқап қалған Иса оларға былай дедi:
— Осы шымбайларыңа батып тұр ма?
62Ал Билеушi ретiнде көктен келген Менiң бұрын болған сол жерiме көтерiлгенiмдi көрген кезде не айтасыңдар?
63Шынайы өмiр берушi — Киелi Рух, ал бұған тән еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерiм арқылы рухани өмiрге ие бола аласыңдар.
64Бiрақ iштерiңдегi кейбiреулерiң сенбейсiңдер. — Себебi сенбейтiндердiң кiм екенiн және Өзiне кiмнiң опасыздық жасайтынын Иса әуел бастан бiлдi.
65Сол себептен Ол былай дедi:
— «Әкем қабiлет бермесе, ешкiм Маған келе алмайды» деп Мен сендерге сондықтан айттым.
66Сол күннен бастап, шәкiрттерiнiң көбi Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтiн болды.
67Сонда Иса он екi елшiсiнен:
— Сендердiң де кеткiлерiң келе ме? — деп сұрады.
68Бұған Шимон Петiр:
— Жоқ, Ием, Сiзден кетсек, кiмге бармақпыз? Мәңгiлiк өмiрге жеткiзетiн сөздер Сiзде.
69Бiз Сiздiң Мәсiх — мәңгi тiрi Құдайдың рухани Ұлы екендiгiңiзге сенiп, соған көзiмiз жеттi.
70Иса оларға:
— Ал осы он екiңдi Мен таңдап алған жоқпын ба? Сонда да iштерiңдегi бiреуiң шайтанның жетегiнде, — дедi.
71Иса Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтып едi. Сол он екiнiң бiреуi болғанмен, кейiн Исаны ұстап бердi.
Туған iнiлерiнiң Исаны түсiнбеуi
1Содан кейiн Иса Ғалилея аймағын аралап жүрдi. Себебi яһуди басшылары Оны өлтiрмекшi болған соң, Иса Яһудея аймағын аралағысы келмедi.
2Бұл — яһуди халқының Шыбық күрке мейрамының қарсаңы едi.
3Сонда Исаның туған iнiлерi Оған:
— Яһудеяға бар, сол жердегi шәкiрттерiң де Сенiң кереметтерiңдi көрсiн.
4Халықтың көзiне түскiсi келген кiсi iстерiн жасырмайды. Сен осындай кереметтер iстедiң, ендi Өзiңдi әлемге таныт, — дедi.
5Себебi өз iнiлерi Оған сенбейтiн.
6Сонда Иса оларға былай дедi:
— Өзiмдi халыққа танытатын уақытым әлi келген жоқ; ал сендер үшiн қай мезгiл болса да дер кез.
7Осы күнәкар дүние сендердi жек көре алмайды. Ал ол Менi жек көредi, себебi Мен оның iстерiнiң жаман екенiн әшкерелеп жүрмiн.
8Мейрамға бара берiңдер! Мен қазiр бұл мейрамға бармаймын, себебi Өзiмдi танытатын уақытым әлi келген жоқ. —
9Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды.
Исаның шыбық күрке мейрамындағы тәлiмi
10Iнiлерi мейрамға кеткен соң, халық көзiнен тасаланып Иса да жолға шықты.
11«Ол қайда?» — деп, яһуди басшылары Оны мерекеде iздеп жүрдi.
12Келген жұрт Ол туралы анау-мынау күңкiл сөз айтып жатты. Бiреулерi: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — дедi.
13Бiрақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкiм Ол туралы ашық айтпады.
14Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатханаға барып, жұртқа тәлiм бердi.
15Яһуди дiндарлары таңғалып:
— Арнайы дайындықсыз Мынау Киелi жазбаларды қалай түсiне алады? — дедi.
16Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Iлiмiм Менiкi емес, Менi Жiбергендiкi.
17Соның еркiн орындағысы келген әркiм осы iлiм Құдайдан ба, әлде Мен өз бетiммен сөйлеп тұрмын ба, соны бiлетiн болады.
18Өз бетiмен сөйлеген әркiм өзiнiң ғана беделiн ойлайды. Ал Өзiн Жiбергеннiң беделiн ойлаған Кiсiге сенуге болады, Оның ойында әдiлетсiздiк жоқ.
19Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе едi? Шындығында бiрде-бiреуiң сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Менi өлтiрмексiңдер? —
20Жұрт Оған:
— Жын соқты ма? Кiм Сенi өлтiрмек? — дедi.
21Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Мен демалыс күнi бiр керемет iс жасадым, ал бәрiң соған абыржулысыңдар.
22Мұса сүндеттеудi бұйырды, расында бұл рәсiм Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейiнгi сегiзiншi күнi, демалыс күнi болса да, сүндеттей бересiңдер.
23Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күнi де сүндеттелiп келедi. Ендеше бiреудi демалыс күнi ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшiн қалайша Маған ашуланасыңдар?
24Сырт көрiнiсiне ғана қарамай, әдiл шешiңдер!
Иса туралы пiкiрталас: Құдай уәде еткен Құтқарушы Мәсiх Сол ма?
25Сонда бiрнеше иерусалимдiктер былай дедi:
— Басшылар өлтiремiз деп жүрген кiсi Осы емес пе?
26Қараңдар, Ол емiн-еркiн де ашық сөйлейдi, ал Оған ештеңе демейдi. Сонда Оның Мәсiх екенiне басшылардың көздерi шынымен жеткенi ме?
27Мәсiх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкiм бiлмейдi. Ал Мынаның қай жерлiк екенiн бiлемiз ғой.
28Сол кезде ғибадатханада тәлiм берiп отырған Иса қатты дауыспен:
— Менiң кiм екенiмдi, қайдан шыққанымды бiлесiңдер ме? Мен өз бетiммен келген жоқпын. Бiрақ Менi жiберген — сендер бiлмейтiн Ақиқаттың Өзi.
29Ал Мен Оны бiлемiн, себебi Содан келдiм, Менi Сол жiбердi, — дедi.
30Сол кезде бiреулер Оны тұтқындамақ болса да, Оған қарсы ешқайсысы қол көтермедi, өйткенi Исаның өз жанын қиятын уақыты әлi жетпеген едi.
31Ал халықтың көбi: «Құтқарушы Мәсiх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймiсiң?» — деп, Исаға сене бастады.
32Халық арасында осындай күңкiл болғаны парызшылдардың құлағына жеттi. Сонда басты дiни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жiбердi.
33Ал Иса:
— Тағы бiразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейiн Өзiмдi Жiбергенге қайта ораламын.
34Менi iздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебi Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — дедi.
35Сонда яһуди басшылары өзара былай дестi:
— Бiз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға да тәлiм бермекшi ме?
36Оның «Менi iздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер келе алмайсыңдар» дегенi не сөз?
Қайнаған қызық жаңа өмiр
37Мейрам соңындағы ең ұлы күнi Иса ел алдында тұрып:
— Кiмнiң жаны шөлдесе, сол Маған келiп, «iшсiн»!
38Бұл туралы Киелi жазбаларда «Кiм Маған сенсе, соның жүрегiнен өмiр беретiн «су» тасқындап ағады» делiнген, — дедi.
39Иса мұны Киелi Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейiнiрек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлi бiлдiрмегендiктен, Өзiнiң Киелi Рухын сенушiлерге әлi қондырмаған едi.
40Исаның сөзiн естiген кейбiреулер:
— Шынында да Бұл — келуге тиiстi Пайғамбар, — дедi.
41Басқалары:
— Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсiх, — дегендi айтты. Ендi бiреулерi:
— Әлде Мәсiх Ғалилея аймағынан келушi ме едi?
42Киелi жазбаларда Мәсiх Дәуiт патша әулетiнен, оның ата мекенi Бетлехемнен шығады делiнген емес пе? — дедi.
43Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды.
44Бiрнешеуi Оны тұтқындамақ болса да, Оған қарсы ешқайсысы қол көтермедi.
Яһуди басшыларының Исаға сенуден бас тартуы
45Исаны тұтқындауға жiберiлген сақшылар қайтып келгенде, басты дiни қызметкерлер және парызшылдар олардан:
— Неге Оны алып келмедiңдер? — деп сұрады.
46Сақшылар:
— Бiрде-бiр адам Ол сияқты сөйлеген емес! — дедi.
47Сонда парызшылдар:
— Ол сендердi де алдап кеткен бе?!
48Әлде басшылар мен парызшылдардың iшiнде Оған сенетiн бiреу болғаны ма?!
49Оған Таурат заңын бiлмейтiн, қарғыс атқан халық қана сенедi! — дедi.
50Парызшылдардың бiреуi — бiрде түн iшiнде Исаға келiп кеткен Нiкөдем де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып:
51— Заңымыз бойынша бiреуден жауап алып, тексермей, оған үкiм шығаруға бола ма? — дедi.
52Олар Нiкөдемге:
— Әлде сен де ғалилеялық шығарсың? Киелi жазбаларды оқы: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны бiлiп қой! — дедi.
53Сосын бәрi өз үйлерiне кеттi.
Дiндарлардың екi жүздiлiгiнiң әшкереленiп, күнәкар әйелдiң кешiрiлуi
1Иса Зәйтүн тауына қарай кеттi.
2Ертеңiне қалаға қайта келiп, ғибадатханаға барды; бүкiл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, жұртқа тәлiм бердi.
3Сол кезде бiрнеше дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар неке адалдығын бұзып жатқан жерiнде ұсталған бiр әйелдi алып келiп, ортаға тұрғызып қойды.
4Исаға қарап:
— Ұстаз, мына әйел ойнас жасап, қылмыс үстiнде ұсталды!
5Таурат заңында Мұса бiзге: «Мұндайлар тас лақтырылып өлтiрiлсiн» деп бұйырған. Сiз бұған не айтасыз? — дедi.
6Олар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшiн осыны айтқан едi. Бiрақ Иса еңкейiп, саусағымен жерге жазып, оларға көңiл бөлмедi.
7Әлгiлер сұрай берген соң, Ол басын көтерiп:
— Араларыңда кiмде-кiм күнәсыз болса, сол әйелге бiрiншi болып тас лақтырсын, — деп,
8тағы да еңкейiп, саусағымен жерге жазып отыра бердi.
9Олар Оның сөзiн естiгеннен кейiн ұялып, алдымен үлкендерi, содан кейiн басқалары бiрiнен соң бiрi шығып кеттi. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды.
10Басын көтерiп, одан:
— Әйел, айыптаушыларың қайда кеттi? Саған ешкiм үкiм шығарған жоқ па? — деп сұрады.
11— Ешқайсысы да, Мырза.
— Мен де саған үкiм шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасама! — дедi Иса.
Көктен түскен «Құдай Нұры»
12Иса тағы бiр жолы халыққа сөйлеп отырғанда былай дедi:
— Мен дүние үшiн Нұрмын. Маған ерген кiсi ендi түнекте жүрмей, шынайы өмiрдiң Нұрына ие болады, — дедi.
13Сонда парызшылдар Оған:
— Сен Өзiңе куәсың, сондықтан куәлiгiң жарамайды, — дедi.
14Иса былай деп жауап бердi:
— Мен Өзiме куә болсам да, куәлiгiм жарап тұр. Себебi Мен қайдан келгенiмдi, қайда баратынымды бiлемiн. Ал сендер Менiң қайдан келгенiмдi, қайда баратынымды бiлмейсiңдер.
15Күнәкар адамның пiкiрiнше үкiм айтып тұрсыңдар, ал Мен ешкiмге үкiм айтып тұрған жоқпын.
16Егерде үкiм айтсам, үкiмiм жарар едi, себебi Мен жалғыз емеспiн, Өзiмдi жiберген Әкеммен бiргемiн.
17Сендердiң заңдарыңда да «Екi адамның куәлiк бергенi жарайды» деп жазылған ғой.
18Мен Өзiме куәмын, ал Менi жiберген Әкем де Маған куә.
19Сонда олар:
— Әкең қайда? — деп сұрады. Иса оларға:
— Сендер Менi де, Әкемдi де бiлмейсiңдер. Егер Менi бiлсеңдер, онда Әкемдi де бiлер едiңдер, — дедi.
20Осы сөздi Иса ғибадатхананың қазынасы сақталатын қойманың жанында тәлiм берiп отырғанда айтты. Алайда Оны ешкiм тұтқындаған жоқ, өйткенi Исаның өз жанын қиятын уақыты әлi жетпеген едi.
Исаның шыққан және қайтып баратын орны
21Иса халыққа тағы бiр жолы былай дедi:
— Мен бұл жерден кетемiн. Сендер Менi iздейсiңдер, әрi күнәларыңды арқалап өлесiңдер. Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар. —
22Сонда яһуди дiндарлары бiр-бiрiне:
— «Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар» дегенi Оның Өзiн өлтiрмек болғаны ма? — дестi.
23Иса оларға былай дедi:
— Сендер жерденсiңдер, Мен көктенмiн. Сендер осы күнәкар дүниенiң адамысыңдар, ал Мен осы дүниелiк емеспiн.
24Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесiңдер» дедiм. Өйткенi егер Менiң Сол екенiме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетiн боласыңдар. —
25Олар Исадан:
— Осы Сен кiмсiң? — деп сұрады. Иса:
— Сендерге ең алғашынан не айтсам, Мен дәл Солмын.
26Сендер туралы айтып, үкiм шығаратын жайттарым көп. Бiрақ Менi Жiберген — Хақ, Одан естiгендерiмдi дүниеге бiлдiремiн, — деп жауап бердi.
27Олар Оның көктегi рухани Әкесi туралы айтып тұрғанын түсiнген жоқ.
28Сондықтан Иса былай дедi:
— Сендер көктен келген Билеушiнi (айқышқа шегелеп) жоғары көтерiп қойған кезде Менiң Сол екенiмдi, әрi еш нәрсенi өз еркiммен iстемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтiнiмдi ұғатын боласыңдар.
29Менi жiберген Ол Өзiммен бiрге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын iстейтiндiктен, Әкем Менi жалғыз қалдырмайды.
30Иса осыны айтып тұрғанда, көптеген адамдар Оған сендi.
Азат адам немесе құл: Мәсiх сыйлайтын азаттық
31Сонда Иса Өзiне сенген яһудилерге былай дедi:
— Егер сендер айтқандарымды естерiңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менiң шәкiрттерiм боласыңдар.
32Сонда ақиқатты бiле түсесiңдер, ал ақиқат сендердi азаттыққа жеткiзедi. —
33Олар:
— Бiз Ыбырайымның ұрпағымыз, ешқашан да бiреудiң құлы болған емеспiз! Қалайша бiзге «азаттыққа жетесiңдер» деп айта аласың? — дедi.
34Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кiм күнә жасаса, сол — күнәның құлы.
35Ал құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйiнде мәңгi қалады, себебi оның ұлы ретiнде еркi бар.
36Сонымен егер Құдайдың рухани Ұлы сендердi азаттыққа жеткiзсе ғана, шынымен азат боласыңдар.
37Сендердiң Ыбырайымның ұрпағы екендерiңдi бiлемiн. Алайда Менi өлтiрмексiңдер, себебi айтқандарыма жүректерiңнен орын бермедiңдер.
38Мен Әкемнiң көрсеткендерi туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендерiңдi iстейсiңдер.
39Олар:
— Бiздiң түп атамыз — Ыбырайым ғой, — деп жауап бердi. Иса оларға былай дедi:
— Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпағы болсаңдар, Ыбырайым секiлдi әрекет етер едiңдер.
40Алайда Құдайдан естiген ақиқатты сендерге жеткiзген Менi өлтiргiлерiң келедi. Ондай нәрсенi Ыбырайым iстеген жоқ.
41Сөйтiп рухани аталарың не iстесе, соны iстеп жүрсiңдер.
— Бiз некесiз туғандар емеспiз! Бiздiң бiр ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай! —
42Иса оларға былай дедi:
— Рухани аталарың Құдай болса, Менi жақсы көрер едiңдер. Өйткенi Мен осында Құдайдан келдiм. Өз бетiмше келген жоқпын, Менi Құдай жiбердi.
43Менiң айтып тұрғанымды неге түсiнбейсiңдер? Себебi Менiң сөзiмдi естiп тұра алмайсыңдар.
44Сендердiң рухани аталарың — әзәзiл, соның құмарлықтарын орындағыларың келедi. Ол әуел бастан кiсi өлтiрушi болып келедi, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткенi онда ақиқат жоқ. Ол өтiрiктi өз болмысына сай айта бередi, себебi ол — өтiрiкшi, өтiрiктiң бастауы.
45Мен ақиқатты айтқандықтан Маған сенбейсiңдер.
46Iштерiңдегi қайсың Менi күнә жасадың деп әшкерелей аласың? Ал егер ақиқатты айтсам, неге Маған сенбейсiңдер?
47Кiмде Құдайдың рухани өмiрi болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмiрi болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар.
Мәсiхтiң мәңгiлiк болмысы
48— Самариялық екенсiң, iшiңде жының бар деп айтып тұрғанымыз дұрыс емес пе? — деп әлгi яһудилер Исаға тiл тигiздi.
49— Iшiмде жын жоқ! Тек Әкемдi құрметтеймiн, ал сендер Менi қорлайсыңдар.
50Құрметке бөленуге тырыспаймын, ол жағын ойластыратын Әкем бар. Арамыздағы төрелiктi айтатын да Сол.
51Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Менiң сөзiмдi берiк ұстанатын кiсi мәңгi өлмейдi, — деп жауап бердi Иса.
52Ал яһуди дiндарлары Оның айтқанын түсiнбей:
— Iшiңде жынның бар екенiне көзiмiз жеттi. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен «Менiң сөзiмдi берiк ұстанатын кiсi мәңгi өлмейдi» дейсiң!
53Әлде Сен өлiп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдiреттiмiсiң? Пайғамбарлар да өлiп қалған. Өзiңдi кiммiн деп тұрсың? — дедi.
54Иса бұған жауап ретiнде былай дедi:
— Менiң Өзiмдi құрметтеуiм түк болмас едi; Менi құрметтеушi — өз Әкем. Сендер Оны «бiздiң Құдайымыз» десеңдер де,
55Оны бiлмейсiңдер; ал Мен Оны бiлемiн. Егер Оны бiлмеймiн десем, сендер сияқты өтiрiкшi болар едiм. Бiрақ Мен Оны бiлемiн және Оның айтқандарын ұстанамын.
56Түп аталарың Ыбырайым Менiң дүниеге келетiн күнiмдi көретiнiне шаттанды; ол сол күндi көрiп, қуанды да.
57— Сен әлi елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдiм дейсiң бе? — дедi олар.
58Иса оларға былай жауап бердi:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгi) Бар Болушы Менмiн!
59Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтiру үшiн жерден тас алды. Бiрақ Иса бiлдiртпей ғибадатханадан шығып кеттi.
Соқыр болып туған адамның сауығуы
1Иса өтiп бара жатып, туғаннан соқыр бiр адамды көрдi.
2Сонда шәкiрттерi Исадан:
— Ұстаз, мынаның зағип болып туғанына өз күнәсы себеп болды ма, әлде ата-анасынiкi ме? — деп сұрады.
3Иса:
— Оған өзiнiң де, ата-анасының да күнәсы себеп болған жоқ. Қайта, оның өмiрiнен Құдайдың құдiреттi iсi көрiнбек! — деп жауап бердi.
4Сөзiн астарлап жалғастырып: — Жарық барда, Менi Жiбергеннiң тапсырған игi iстерiн iстеуiмiз керек. Қараңғы түскен соң, ешкiм еш нәрсе iстей алмайды.
5Осы дүниеде тұрған шағымда Мен адамзат үшiн Құдайдың Нұрымын, — дедi.
6Осылай дегеннен кейiн Ол жерге бiр түкiрiп, содан балшық жасап, зағиптың көзiне жақты да:
7— Силоғам тоғанына бар да, жуып таста! — деп тапсырды. Силоғам аударғанда «Жiберiлген кiсi» деген сөз. Зағип барып, бетiн жуды, сонда көзi ашылып, үйiне қайта оралды.
8Көршiлерi мен оның бұрын қайыршы болып жүргенiн көргендер бiр-бiрiне: «Мынау осы жерде қайыр сұрап отырған адам емес пе?» — деп, қайран қалысты.
9Кейбiреулерi: «Сол», — десе, басқалары: «Жоқ, бұл соған ұқсас қана», — дедi. Әлгi адам: «Мен соның өзiмiн!» — дедi.
10Сонда кiсiлер одан:
— Көзiң қалай көрiп кеттi? — деп сұрады. Ол:
11— Иса есiмдi Адам балшық жасап, көзiме жағып: «Силоғам тоғанына бар да, жуып таста!» — дедi. Мен барып, бетiмдi жуып едiм. Сол сәтте көзiм көретiн болды! — деп жауап бердi.
12— Ол Адам қайда? — деп сұрады олар. Анау:
— Мен бiлмеймiн, — дедi.
Парызшылдардың жазылған зағипты тергеуi
13Содан олар бұрын соқыр болған кiсiнi парызшылдарға алып барды.
14Ал Иса балшық жасап, оның көзiн ашқан күн дiни демалыс күнi болатын.
15Парызшылдар да әлгi кiсiден көзiнiң қалай көретiн болғанын сұрады.
— Ол көзiме балшық жақты. Мен бетiмдi жудым да, көретiн боп шыға келдiм! — дедi ол.
16Сонда парызшылдардың кейбiреулерi: «Бұл Кiсi Құдайдан келген емес, себебi Ол зағипты емдеуiмен демалыс күннiң тәртiбiн бұзды», — десе, басқалары: «Күнәкар кiсi осындай кереметтердi қалай iстей алады?» — дедi. Осылайша олар екi жақ болып бөлiнiп кеттi.
17— Сол Кiсi көзiңдi ашыпты дейдi. Ол туралы не айтасың? — деп, олар зағип болған кiсiге тағы бiр сұрақ қойды. Анау:
— Ол — пайғамбар, — деп жауап бердi.
18Алайда яһуди дiндарлары көзi ашылған кiсiнiң соқыр болып, ендi көретiндiгiне әке-шешесiн шақыртқанша сенген жоқ.
19Сондықтан олардан:
— Соқыр боп туды деген балаларың мынау ма? Ендi ол қалайша көретiн болды? — деп сұрады.
20Әке-шешесi оларға:
— Бұның баламыз екенiн және соқыр боп туғанын бiлемiз.
21Ал ендi ол қалай көретiн болды, соны бiлмеймiз. Көзiн кiм ашқанын да бiлмеймiз. Өзiнен сұраңыздар, бала емес қой, өзi айтып берсiн, — дедi.
22Әке-шешесi яһуди басшыларынан қорыққандықтан осылай дедi, өйткенi солар: «Кiм Исаны Құтқарушы Мәсiх деп таныса, сол мәжiлiсхана қауымынан шығарылсын!» — деп келiсiп қойған болатын.
23Осы себептен әке-шешесi «өзiнен сұраңыздар, бала емес қой» деген едi.
24Сонда парызшылдар зағип болған жiгiттi екiншi рет шақырып алып:
— Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кiсiнiң күнәкар екенiн бiлемiз, — деп тергедi.
25— Ол күнәкар ма, жоқ па, соны бiлмеймiн. Бiлетiнiм бiр-ақ нәрсе: мен соқыр едiм, ендi көретiн болдым! — деп жауап бердi ол.
26Сонда олар тағы да:
— Ол саған не iстедi? Көзiңдi қалай ашты? — деп сұрады.
27— Мен сiздерге жаңа айттым ғой, бiрақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естiгiлерiңiз келедi? Мүмкiн, сiздер де Соның жолын қуушы болғыларыңыз келетiн шығар? — деп жауап қайырды ол.
28Сонда парызшылдар оны балағаттап:
— Соның жолын қуушы сенсiң, ал бiз Мұса пайғамбардың жолын қуушымыз!
29Құдайдың Мұсамен сөйлескенiн бiлемiз, ал Ананың қайдан келгенiн бiлмеймiз, — дедi.
30— Оның қайдан келгенiн бiлмейтiндерiңiз қызық екен. Ол менiң көзiмдi ашты ғой.
31Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бiрақ кiм Оны қастерлеп, еркiн орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын бiлемiз.
32Дүние жаратылғаннан берi iштен соқыр боп туған кiсiнiң көзiн бiреу ашты дегендi бұған дейiн ешкiм естiген емес.
33Құдайдан келмесе, осы Кiсi ештеңе де iстей алмас едi! — деп нық жауап бердi бұрынғы зағип.
34Әлгiлер бұған қарсы шығып:
— Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, ендi бiзге ақыл үйретпексiң бе?! — деп, оны мәжiлiсханадан қуып шықты.
Рухани соқырлық
35Иса дiндарлардың әлгi кiсiнi қуып жiбергенi туралы естiдi. Тауып алған соң, одан:
— Көктен келген Билеушiге сенесiң бе? — деп сұрады.
36— Мырза, Соның кiм екенiн айтыңызшы, мен Оған сенейiн.
37— Сен Оны көрдiң, сенiмен сөйлесiп тұрған — Соның Өзi.
38— Ием, Сiзге сенем! — деп, әлгi адам Оның аяғына жығылды.
39Иса:
— Мен бұл дүниеге «соқырлардың» көзi ашылсын, ал «көретiндер» «соқыр» болсын деп, айыру үшiн келдiм, — дедi.
40Бұл сөздi қасында тұрған бiрнеше парызшылдар да естiп:
— Сонда бiз де «соқырмыз» ба? — деп сұрады.
41Иса оларға:
— Егерде соқыр болсаңдар, кiнәларың болмас едi. Ал қазiр сендер «көзiмiз көредi» деп мақтанғандықтан, кiнәларың мойындарыңда қалады, — дедi.
Бағушы мен қойлары туралы астарлы сөз
1— Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: кiм қой қораға есiктен емес, өзге жерден кiрсе, сол — ұры, әрi қарақшы.
2Ал кiм есiктен кiрсе, қойлардың бағушысы — сол.
3Қарауыл оған есiк ашып, қойлар оның даусын естiп таниды. Бағушы өз қойларын атымен шақырып, далаға шығарады.
4Шығарған соң олардың алдында жүрiп отырады, ал қойлары соңынан ередi, өйткенi олар оның даусын таниды.
5Бөтен кiсiнiң соңынан ермей, одан қашады, себебi оның даусын танымайды.
6Осы астарлы сөздi Иса яһуди дiндарларына айтып бердi, бiрақ олар Оның не айтқанын түсiнген жоқ.
аңа өмiрдiң «қақпасы»
7Сондықтан Иса сөзiн жалғастырып былай дедi:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: қойлар кiретiн «қақпа» Менмiн.
8Менен бұрын келгендердiң бәрi ұрылар әрi қарақшылар болатын. Бiрақ қойлар оларға бағынған жоқ.
9Мен «қақпамын», Менен кiргендер құтқарылады. Олар емiн-еркiн кiрiп-шығып, жайылым табады.
10Ұры ұрлап, сойып, құрту үшiн келедi. Ал Мен адамдар шынайы өмiрге ие болсын және өмiрi рухани игiлiкке толы ағыл-тегiл мол болсын деп келдiм.
Мәсiхтiң өз қарамағындағыларына iзгi бағушыдай қамқорлық жасауы
11Мен «iзгi Бағушымын»: iзгi Бағушы қойлары үшiн жанын қияды.
12Ал бағушы емес жалданған адам қойлар өзiнiкi болмағандықтан, қасқырды көрсе, отарын тастай қашады. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жiбередi.
13Жалшы отарын тастай қашады, өйткенi ол — жай жалданушы, қойлардың қамын ойламайды.
14-15 Мен «iзгi Бағушымын». Әкемнiң Менi, Менiң Әкемдi жақсы бiлетiнiм сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы бiлемiн, олар да Менi жақсы бiледi. Солар үшiн жанымды қиямын.
16Бұл отардан басқа да қойларым бар, соларды да алып келуiм керек. Олар даусымды естiп таниды, сонда барлығы бiр-ақ Бағушысы бар бiртұтас отар болады.
17Әкем Менi жақсы көредi, себебi Мен жанымды қиямын, сөйтiп оны қайтадан аламын.
18Жанымды ешкiм Менен тартып алмайды, оны өз еркiммен қиямын. Қиятын да, қайтып алатын да билiгiм бар. Бұл — Маған Әкем тапсырған мiндет.
19Осы сөзге бола яһудилер тағы да екi жақ болып айтысып кеттi.
20Көпшiлiгi: «Оны жын соғыпты, сандырақтап тұр! Неменеге тыңдап тұрсыңдар?» — десе,
21басқалар: «Бұл жындының сөзi емес! Жын соқырдың көзiн аша ала ма?!» — деп қарсылық бiлдiрдi.
22Бұдан кейiн Иерусалимде Киелi үй мейрамы болды. Мезгiл қыстың кезi едi.
23Сонда Иса ғибадатхананың Сүлеймен патша атындағы бағаналы ғимаратында әрi-берi жүрдi.
24Яһуди дiндарлары Оны қоршап алып:
— Қашанға дейiн бiздi елiктiрiп, алаңдатып қоясыз? Құтқарушы Мәсiх болсаңыз, ашығын айтыңыз! — деп талап еттi.
25Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Мен оны айттым ғой, ал сендер сенбедiңдер. Әкемнiң атынан iстеп жүрген iстерiм Менiң Сол екенiме айғақ.
26Бiрақ сендер сенбейсiңдер, себебi Менiң «отарымнан» емессiңдер.
27Өз «қойларым» даусымды естiп, бағынады. Мен оларды жақсы бiлемiн, олар Маған ерiп жүредi.
28Соларға мәңгiлiк өмiр беремiн. Олар ешқашан құрымайды, ешкiм оларды Менiң қолымнан тартып алмайды.
29Оларды Маған берген Әкем бәрiнен де ұлы. Ешкiм соларды Әкемнiң қолынан да тартып ала алмайды.
30Әкем Екеуiмiз бiртұтаспыз.
Иерусалимдiк дiндарлардың Исаны айыптап,
31Сонда дiндар яһудилер Оны тас лақтырып өлтiру үшiн тағы да жерден тас алды.
32Иса оларға:
— Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игi iстер iстедiм. Солардың қайсысына бола Менi тас лақтырып өлтiрмексiңдер? — деп сұрақ қойды.
33Дiндар яһудилер:
— Сенi игi iсiң үшiн емес, Құдайды қорлағаның үшiн тас лақтырып өлтiрмекпiз. Сен адам бола тұра, Өзiңнен Құдай жасағың келедi! — дедi.
34Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Өздерiң де құрметтейтiн Таурат заңында: «Мен айттым: сендер құдайсыңдар» деп жазылған.
35Сонымен Құдай Өзiнiң сөзi жеткендердi «құдайсыңдар» деген. Ал Киелi жазбалардың күшiн жоюға болмайды ғой.
36Онда Әкемнiң Өзi ерекше тағайындап, дүниеге жiберген Мен «Құдайдың рухани Ұлымын» десем, қалайша «Құдайды қорладың» деп айта аласыңдар?
37Әкемнiң Маған тапсырған iстерiн iстеп жүрмесем, Маған сенбей-ақ қойыңдар.
38Ал егер Мен оларды iстеп жүрсем, Өзiме сенгiлерiң келмесе де, iстеген iстерiме сенiңдер! Осылай сендер Әкемнiң Менiмен, Менiң Әкеммен тығыз байланыста екенiмiздi түсiнесiңдер.
39Содан олар Исаны тағы да ұстап алмақшы болды, бiрақ Ол араларынан сытылып шығып кеттi.
40Мұнан кейiн Иса қайтадан Иордан өзенiнiң арғы бетiне, бұрынырақ Жақия пайғамбар шомылдыру рәсiмiн орындаған жерге барып, сонда қалып қойды.
41Оған көп адамдар келiп: «Жақия ешқандай керемет iстеген жоқ. Бiрақ оның мына Кiсi туралы айтқандарының бәрi де шындық!» — дедi.
42Сол жерде жиналғандардың көбi Исаға сендi.
Елазардың ауырып, қайтыс болуы
1Сол кезде Елазар деген бетаниялық кiсi қатты ауырып жатты. Бұл ауылда Мәриям мен оның әпкесi Марта тұратын.
2Кейiнiрек Исаның аяғына иiсмай жағып, шашымен құрғатқан осы Мәриям едi. Қазiр оның бауыры Елазар науқастанып жатты.
3Сонда апалы-сiңлiлi екеуi:?
— Мырза, Сiз жақсы көретiн кiсi ауырып жатыр, — деп Исаға Елазар туралы хабар жiбердi.
4Иса мұны естiгенде:
— Бұл аурудың соңы өлiмге соқтырмайды, қайта, Құдайды ұлылыққа бөлеу үшiн септiгiн тигiзедi: ол арқылы Құдайдың рухани Ұлының құдiреттi ұлылығы көрiнедi, — дедi.
5Иса Мартаны, оның сiңлiсi мен Елазарды жақсы көрушi едi.
6Елазардың науқастанып жатқанын естiсе де, сол кезде болған жерiнде тағы да екi күнге қалып қойды.
7Содан кейiн ғана Иса шәкiрттерiне:
— Яһудея аймағына қайта барайық! — дедi.
8Олар:
— Ұстаз, яһуди дiндарлары күнi кеше ғана Сiздi тас лақтырып өлтiргiсi келмеп пе едi? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба? — дедi.
9Иса:
— Бiр күнде он екi сағат бар емес пе? Адам жолмен күндiз жүрсе, сүрiнбейдi, өйткенi ол бұл дүниенiң жарығын көредi.
10Ал егер түнекте жүрсе, сүрiнедi, себебi онда жарық жоқ, — деп астарлап жауап бердi.
11Мұнан кейiн сөзiн жалғастырып: — Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын, — дедi.
12Шәкiрттерi:
— Мырза, ұйықтағаны жақсы, сонда сауығады! — дедi.
13Иса астарлап сөйлеп, Елазардың өлгенiн айтқан едi, ал олар кәдiмгi ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды.
14Сонда Иса жасырмай:
— Елазар өлдi, — дедi.
15— Бiрақ Өзiмнiң сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшiн қуанамын; осылай берiк сенiмге жетесiңдер. Ендi Елазарға барайық!
16Сыңарлас деп аталатын Тома басқа шәкiрттерге: «Бiз де барып, Онымен бiрге өлейiк», — дедi.
Елазардың қайта тiрiлуi — Мәсiхтiң құдiретiнiң белгiсi
17Иса Бетания ауылына жеткенде, Елазардың өлiп, қабiрге қойылғанына төрт күн болғанын естiдi.
18Бетанияның Иерусалимнен қашықтығы үш-ақ шақырымдай болғандықтан,
19қаладан көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңiл айтуға келген екен.
20Исаның келе жатқанын естiген Марта алдынан шықты; Мәриям үйде отыра бердi.
21Марта Исаға:
— Ием, Сiз осында болсаңыз, бауырым өлмес едi!
22Бiрақ қазiр де не сұрасаңыз да, Құдайдың оны Сiзге беретiнiн бiлемiн, — дедi.
23— Бауырың қайта тiрiледi, — деп жауап бердi Иса.
24Сонда Марта:
— Ақырғы күнгi қайта тiрiлуде оның да тiрiлетiнiн бiлемiн, — дедi.
25Ал Иса оған:
— Қайта тiрiлу мен шынайы өмiр — Менмiн. Маған сенетiн адам өлсе де, шынайы өмiр сүретiн болады.
26Осылай өмiр сүрiп, Маған сенген әрбiр адам ешқашан да рухани өлмейдi. Бұған сенесiң бе? — дедi.
27Марта:
— Иә, Ием, Сiздiң пайғамбарлар дүниеге келедi деп алдын ала айтқан Мәсiх, Құдайдың рухани Ұлы, екенiңiзге сенемiн, — дедi.
28Осылай деген ол барып, басқаларға бiлдiрмей Мәриямға:
— Ұстаз осында, сенi шақырып жатыр, — дедi.
29Мәриям мұны естiсiмен асығыс тұрып, Оған қарсы шықты.
30Бiрақ Иса әлi де ауылға кiрмей, Мартаға кездескен жерiнде болатын.
31Мәриямның қасында көңiл айтып отырған яһудилер оның асығыс тұрып, сыртқа шығып кеткенiн көргенде соңынан ере шығып: «Қабiрдiң басына барып жоқтау айтады», — деп ойлады.
32Мәриям Иса тұрған жерге келiп, аяғына жығыла:
— Ием, Сiз осында болсаңыз, бауырым өлмес едi! — дедi.
33Мәриям мен оған ерген яһудилердiң жоқтау айтқанын көргенде, Иса iштей қатты қайғырып, толқып кеттi.
34Олардан:
— Оны қай қабiрге қойдыңдар? — деп сұрады.
— Иемiз, келiп көрiңiз, — дедi олар.
35Иса көзiне жас алды.
36Яһудилер:
— Қараңдар, Ол Елазарды қалай жақсы көрген! — дедi.
37Бiрақ iштерiндегi кейбiреулерi:
— Соқырдың көзiн ашқан Ол оны да ажалдан арашалап алып қала алмас па едi? — дедi.
38Иса тағы да қатты ашуланып, қабiрдiң басына келдi. Қабiр аузы таспен жабылған үңгiр екен.
39Иса:
— Тасты алып тастаңдар! — деп бұйырды. Бiрақ марқұмның әпкесi Марта:
— Ием, ол иiстенiп барады, жатқанына төрт күн болды! — деп қарсылық бiлдiрдi.
40— Егер Маған сенсең, Құдайдың құдiреттi ұлылығын көресiң деп саған айтпап па едiм? — дедi Иса.
41Сонда олар тасты үңгiрдiң аузынан алып тастады. Иса көзiн көкке қадап:
— Әке, тiлегiмдi қабыл алғаның үшiн Саған ризамын!
42Тiлегiмдi ылғи қабыл алатыныңды бiлемiн. Алайда айнала қаумалаған жұрт Менi Өзiңнiң жiбергенiңе сенсiн деп мұны айтып тұрмын, — дедi.
43Осылай дегеннен кейiн: — Елазар, шық! — деп қатты дауыспен бұйырды.
44Сонда марқұм қабiрден шықты! Оның аяқ-қолы кебiнге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған едi. Иса қасындағыларға:
— Кебiнiн шешiп жiберiңдер, жүре берсiн! — деп тапсырды.
Жоғарғы кеңестiң Исаны өлтiру туралы шешiмi
45Мәриямға келген яһудилердiң көбi Исаның керемет iсiн көрiп, Оған сендi.
46Бiрақ кейбiреулерi парызшылдарға барып, Исаның не iстегенiн айтып бердi.
47Сонда басты дiни қызметкерлер мен парызшылдар Жоғарғы кеңестiң мәжiлiсiн шақырып:
— Бiз не iстеймiз? Мына Кiсi көп кереметтер жасап жүр.
48Оны осылай қалдырсақ, бәрi Соған сенетiн болады. Сонда римдiктер келiп, киелi үйiмiз бен ұлтымызды бiздiң қолымыздан тартып алып жүрер! — дестi.
49Олардың бiреуi, сол жылы бас дiни қызметкер болған Қаяфа, тiл қатып:
— Сендер түк бiлмейсiңдер ме?
50Бүкiл ұлтымыздың құрып кетуiнен гөрi, бiзге халық үшiн бiр Адамның өлгенiнiң жақсы екенiн ойламайсыңдар ма? — дедi.
51Бұл сөздi ол өздiгiнен айтқан жоқ, қайта, сол жылы бас дiни қызметкер болғандықтан: «Иса халқымыз үшiн өлуге тиiс» деп алдағыны болжады.
52Ал Иса Исраил халқы үшiн ғана емес, сондай-ақ жер жүзiне таралған басқа халықтардың ендi Құдайдың рухани балалары болғандары үшiн де өлуге тиiстi болды. Ондағы мақсаты — екi жақты жинап, бiрiктiру едi.
53Сол күннен бастап олар Исаны өлтiру туралы берiк байламға келдi.
54Сондықтан Иса бұдан былай яһудилердiң арасында ашық жүрмей, айдалаға жақын жердегi Ефрем деген қалашыққа кетiп, сонда шәкiрттерiмен бiрге болды.
55Яһуди халқының Құтқарылу мейрамы жақындап қалған едi. Бүкiл елден көптеген кiсiлер мейрам алдындағы дiни тазару салтын орындау үшiн Иерусалимге өрлеп бара жатты.
56Олар Исаны iздестiрiп жүрдi. Қалаға жеткеннен кейiн: «Қалай ойлайсыңдар? Ол мейрамға келер ме екен?» — деп ғибадатханада әңгiмелесiп тұрды.
57Себебi басты дiни қызметкерлер және парызшылдар: «Оның қайда жүргенiн көрген бiреу болса, тұтқындау үшiн бiзге хабар берсiн!» — деп жарлық берiп қойған едi.
Исаға Бетанияда көрсетiлген құрмет
1Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзi өлiмнен қайта тiрiлтiп алған Елазар тұратын.
2Осы жерде Исаға арнап қонақасы берiлдi. Марта қызмет еттi. Дастарқандас болғандардың iшiнде Елазар да Исамен бiрге отырды.
3Ал Мәриям нард деген өсiмдiктен жасалған таза, өте құнды иiсмайға толы құтыны алды. Осы иiсмайды Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй iшiнде майдың жұпар иiсi аңқып кеттi.
4Исаның шәкiрттерiнiң бiрi, кейiнiрек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот:
5— Неге бұл иiсмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпiрлерге үлестiрiп бермеген? Оның құны жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық бiлдiрдi.
6Бұл сөздi Яһуда мүсәпiрлердiң қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы салатын әмиян өзiнiң қолында болып, Яһуда түскен ақшаға қол сұғып жүрдi.
7Иса оған:
— Мәриямға тиме! Ол осыны iстеуiмен Менiң денемдi қабiрге салатын күнгi майлау салтын алдын ала орындады.
8Мүсәпiрлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймiн, — деп, оны қайтарып тастады.
9Исаның Бетанияда екенiн бiлген көптеген яһудилер Иса үшiн ғана емес, Ол тiрiлтiп алған Елазарды көру үшiн де осында келдi.
10Басты дiни қызметкерлер оны да өлтiру туралы ақылдасты.
11Өйткенi Елазардың басынан өткен кереметке бола көптеген яһудилер олардан безiп, Исаға сенiм артты.
Исаның Иерусалимге бейбiт Патша ретiнде кiруi
12Келесi күнi мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетiнiн естiп,
13қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны:
«Тәңiр мадақталсын! Иемiздiң атынан келе жатқан Исраилдың Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды.
14Иса бiр тайқар есектi тауып алдыртып, соған мiнген едi. Пайғамбарлар жазбаларында бұл туралы алдын ала былай делiнген:
15«Қорықпа, Иерусалим халқы! Қара, сенiң Патшаң тайқарға мiнiп келе жатыр!»
16Шәкiрттерi бұны сол кезде түсiнген жоқ. Дегенмен Иса қайта тiрiлiп, көкке көтерiлiп, Өзiнiң ұлылығына ие болғанда олар бұл сөздердiң Иса туралы жазылып, халықтың Оны осылай қарсы алғанын еске алды.
17Иса Елазарды қабiрден шақырып, өлiмнен қайта тiрiлтiп алған кезде бiрге болған көп кiсiлер бұған куәлiк еттi.
18Осындай керемет жасағанын естiген жұрт сондықтан да Оның алдынан шықты.
19Ал парызшылдар өзара: «Көрiп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрi Оның соңынан ерiп кеттi!» — дестi.
Исаның шетелдiктермен кездесiп, Өзiнiң құрбан болуы туралы алдын ала айтуы
20Мейрам кезiнде Иерусалимде Құдайға ғибадат етуге келгендердiң iшiнде бiрнеше гректер де бар едi.
21Олар Ғалилея аймағындағы бетсайдалық Фiлiпке келiп: «Мырза, Исаны көргiмiз келедi», — деген тiлек бiлдiрдi.
22Фiлiп оны Әндiрге барып айтты, содан екеуi Исаға жеткiздi.
23Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Көктен келген Менiң ұлылыққа жететiн уақытым келдi.
24Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәнi жерге егiлiп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егiлiп, көктеп, өзi жойылса, сонда ғана одан көп өнiм өсiп шығады.
25Кiм өз өмiрiн бәрiнен артық көрсе, сол шынайы өмiрден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмiрiн Құдай үшiн қиған әркiм оны мәңгiлiк өмiр үшiн сақтайды.
26Кiм Маған қызмет еткiсi келсе, сол Маған ерсiн. Мен қайда болсам, қызметшiм де сонда болады. Ал Маған қызмет етiп жүрген әркiмдi Әкем құрметтейдi.
27«Қазiр көңiлiм қатты толқу үстiнде. Мен не айтайын? Әке, Менi осы күннен құтқара гөр. Алайда бұл күнге осыны бастан кешiру үшiн жеттiм ғой.
28Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткiзе гөр!» — дедi Иса. Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткiздiм және одан әрi де жеткiзе беремiн», — деген үн естiлдi.
29Сол жерде тыңдап тұрған халықтың iшiнен кейбiреулерi:
— Күн күркiредi, — десе, басқалары:
— Оған бiр перiште тiл қатқан шығар, — дедi.
30Иса оларға:
— Көктегi үн Мен үшiн емес, сендер үшiн естiлдi, — дедi.
31— Ендi осы күнәкар дүние сотталады! Ендi осы дүниенiң әмiршiсi қуылады!
32Ал Менi айқышқа көтерiп қойғаннан кейiн, адамдардың бәрiн Өзiм арқылы құтқарылуға шақырамын, — дедi.
33Бұл сөздi Иса Өзiнiң қандай жолмен өлуге тиiс екенiн бiлдiру үшiн айтты.
34Жиналған жұрт Исадан:
— Таурат заңынан бiз «Мәсiх мәңгi өмiр сүредi» деп үйрендiк. Қалайша көктен келген Билеушiнi айқышқа көтерiп қою керек дейсiз? Сiз айтып тұрған «көктен келген Билеушi» кiм? — деп сұрады.
35Иса оларға былай деп жауап қайтарды:
— «Нұр» тағы бiраз уақыт сендермен бiрге болады. Өздерiңдi қара түнектiң баспауы үшiн «Нұр» барда жүре берiңдер. Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын бiлмейдi.
36Қастарыңда «Нұр» барда Соған сенiңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай дедi де, жұрт көзiнен тасаланып кетiп қалды.
Исраилдiктердiң сенбеушiлiгi, әрi Исаның тағы да сенiмге шақыруы
37Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшiлiк Оның Мәсiх екендiгiне сенген жоқ.
38Сонымен Ишая пайғамбардың мына тәрiздi алдын ала айтқандары дәл келдi:
«Ием, хабарымызға азғана кiсiлер сендi! Жаратқан Иенiң құдiреттi iстерi кiмге ашық көрсетiлдi?»
39Ишая пайғамбар тағы бiр жерде көпшiлiктiң нелiктен сене алмағандығы туралы мына тәрiздi сөздер айтқан:
40Ол көздерiн соқыр, жүректерiн қасарысқан сезiмсiз қылған. Сол себептен көздерi көрмейдi, жүректерi түсiнбейдi, өздерi терiс жолдарынан қайтпайды, әйтпесе оларды рухани дертiнен сауықтырар едiм.
41Ишая пайғамбар Исаның ұлылығын алдын ала көргендiктен Ол туралы осылай деп айтып кеткен едi.
42Ал Исраилдiң басшы адамдарының көбi Исаға сендi, бiрақ парызшылдар мәжiлiсханадан шығарып жiбермесiн деп Оны ашық мойындаған жоқ.
43Себебi олар Құдай беретiн құрметтi емес, адамнан көретiн құрметтi көбiрек ұнататын.
44Иса дауыстап былай дедi: «Маған сенген кiсi Өзiме ғана емес, Менi Жiбергенге де сенедi.
45Менi көрген кiсi Менi Жiбергендi де көредi.
46Мен — Өзiме сенген әркiм қара түнекте қалмасын деп дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын».
47Кiм хабарымды естiп, оны ұстанбаса, ондайды қазiр соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшiн емес, құтқару үшiн дүниеге келдiм.
48Бiрақ Менi елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен бiлдiрген хабар оларды қиямет күнi айыптайтын болады.
49Себебi Мен өздiгiмнен айтқан жоқпын, ненi және қалай айтуға тиiстi екенiмдi Менi жiберген Әкем Маған тапсырды.
50Ол Маған тапсырған сөздердiң мәңгiлiк өмiр сыйлайтынын бiлемiн. Мен не айтсам да, Әкемнiң тапсырғанындай айтамын».
Кiшi пейiлдiлiктiң үлгiсi
1Құтқарылу мейрамының қарсаңы едi. Иса Өзiнiң бұ дүниеден кетiп, Әкесiне баратын күнiнiң жақындап қалғанын бiлдi. Бұ дүниедегi өз адамдарын өте жақсы көргендiктен, Иса оларға деген сүйiспеншiлiгiн ақырына дейiн iсiмен де толық көрсеттi.
2Иса шәкiрттерiмен бiрге кешкi тамаққа отырды. Бұған дейiн шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың көңiлiне Исаға опасыздық жасауды ұялатып қойған едi.
3Бiрақ Иса Әкесiнiң бүкiл билiктi өз қолына берiп қойғанын, сондай-ақ Өзiнiң Құдайдан келiп, Оған тағы қайтып баратынын да бiлдi.
4Содан ол дастарқан басынан тұрып, сырт киiмiн шештi де, алжапқышты белiне байлады.
5Бұдан кейiн шылапшынға су құйып, шәкiрттерiнiң аяқтарын жуып, белiне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады.
6Шимон Петiрдiң қасына келгенде, ол Исадан:
— Ием, Сiз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады.
7Иса оған:
— Не iстеп тұрғанымды сен қазiр емес, кейiнiрек түсiнесiң, — дедi.
8Петiр:
— Мен Сiзге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық бiлдiрдi. Иса:
— Егер сенi жумасам, онда Менiмен тығыз қатынаста бола алмайсың, — деп жауап бердi.
9Сонда Шимон Петiр:
— Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтiндi. Иса астарлап:
10— Шомылған кiсi тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер де тазасыңдар, бiрақ бәрiң емес, — дедi.
11Ол Өзiне кiмнiң опасыздық жасайтынын бiлдi, сондықтан «бiрақ бәрiң емес» деп қосты.
12Шәкiрттерiнiң аяғын жуып, сырт киiмiн киiп, орнына отырғаннан кейiн Иса:
— Сендерге не iстегенiмдi түсiнесiңдер ме? — деген сұрақ қойды.
13—?Маған «Ұстаз», «Ием» дейсiңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебi Мен Солмын.
14Ал егер Мен Иелерiң және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бiр-бiрiңе сондай қызмет көрсетуге тиiссiңдер!
15-16-16 Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшiнiң жолы қожайынынан үлкен емес, елшiнiң жолы да өзiн жiбергендiкiнен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсiн деп, үлгi көрсеттiм.
17Осыны бiлiп, солай iс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!
Исаның соңғы кешкi ас кезiнде сатқынның кiм екенiн бiлдiруi
18— «Сендер тазасыңдар» деген сөздi бәрiң туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзiм бiлемiн, бiрақ Киелi жазбадағы мына сөз орындалу керек: «Менiмен дастарқандас болып нанымды жеп жүрген кiсi ендi аяғын көтерiп, Менi теуiп жiберейiн деп дайын тұр».
19Мұны осы сөз әлi орындалмас бұрын айтып тұрмын. Кейiн орындалған соң, Менiң мәңгi Бар Болушы екенiме сендер сенсiн деймiн.
20Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кiм Мен жiберген адамды қабылдаса, соның Менi қабылдағаны. Ал кiм Менi қабылдаса, оның Менi Жiбергендi де қабылдағаны, — дедi Иса.
21Осы сөзден кейiн Иса iштей қатты толқып, салмақтап:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы бiреуiң Маған опасыздық жасайтын болады, — дедi.
22Шәкiрттерi Исаның кiмдi айтып тұрғанын ұқпай, бiр-бiрiне аң-таң болып қарасты.
23Исаның жақсы көретiн шәкiртi дастарқан басында Оған қарай жантайып жатушы едi.
24Шимон Петiр Исаның кiмдi айтқанын сұрап бiлшi деп жаңағы шәкiртке ымдап белгi бердi.
25Анау Исаға бұрылып:
— Мырза, сол адам кiм?» — деп сұрады.
26Иса:
— Үзiм нанды табақтағы тұздыққа батырып, кiмге берсем, ол — сол кiсi, — дедi. Содан кейiн қолындағы бiр үзiм нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға бердi.
27Яһуда нанды алысымен көңiлiн шайтан билеп алды.
Иса Яһудаға: «Не iстегiң келсе, соны тезiрек iсте!» — дедi.
28Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенiн түсiнген жоқ.
29Яһуда ортақ қаржыны ұстайтындықтан, кейбiреулерi Иса: «Мейрамға не керектiң бәрiн сатып ал!» немесе «Мүсәпiрлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады.
30Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кеттi. Сыртта қараңғы түн едi.
Исаның берген жаңа өсиетi және Петiрге арнаған сөзi
31Яһуда шығып кеткеннен кейiн, Иса былай дедi:
— Ендi Билеушi ретiнде көктен келген Мен ұлылыққа кенелемiн, Өзiм арқылы Құдайдың ұлылығы да көрiнедi.
32Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде Құдай да Менiң ұлылығымды паш етедi. Бұл көп кешiкпей орындалады.
33Балаларым, ендi аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейiн Менi iздейсiңдер. Яһудилерге айтқан сөзiмдi қазiр сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар.
34Сендерге бiр жаңа өсиет айтамын: бiрiңдi бiрiң жақсы көрiңдер! Мен өздерiңдi сүйгендей, сендер де бiр-бiрiңдi сүйiңдер!
35Менiң шәкiрттерiм екендiктерiңдi елдiң бәрi өзара сүйiспеншiлiктерiңнен бiлетiн болады.
36Шимон Петiр:
— Мырзам, Сiз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда Иса:
— Мен баратын жерге сен қазiр ере алмайсың, кейiнiрек соңымнан келесiң, — дедi.
37Петiр:
— Мырза, Сiзге қазiр нелiктен ере алмаймын? — деп сұрады. — Сiз үшiн жанымды қиюға дайынмын! —
38Иса оған былай жауап бердi:
— Мен үшiн жан қиямын дейсiң бе? Саған шындығын айтайын: осы түнi әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!
Құдайға апаратын жол — Иса Мәсiх
1— Көңiлдерiң толқымасын! Құдайға сенiңдер және Маған да сенiңдер!
2Көктегi Әкемнiң үйiнде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едiм ғой. Ендi сол жерден сендер үшiн орын дайындауға бара жатырмын.
3Барып, дайындап болғаннан кейiн қайтып келiп, Өзiм болатын жерде сендердi де болсын деп қасыма алып кетемiн.
4Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да бiлесiңдер, — дедi Иса. Тома:
5— Ием, қайда бара жатқаныңызды бiлмеймiз. Онда бiз жолды қалай бiлемiз? — деп сұрады.
6Иса оған:
— Жол, шындық және шынайы өмiр Менмiн. Мен арқылы болмаса, ешкiм де Әкеге бара алмайды.
7Менi жақыннан танысаңдар, Әкемдi де бiлер едiңдер. Оны қазiрден бастап бiлесiңдер және көрдiңдер де, — дедi.
8— Мырзам, бiзге Әкенi көрсетiңiз, бiзге сол да жеткiлiктi, — дедi Фiлiп.
9Иса былай деп жауап бердi:
— Мен көптен берi қастарыңдамын, сонда да Менi шынымен бiлген жоқсың ба, Фiлiп? Кiм Менi көрсе, соның Әкенi де көргенi. Бiзге Әкенi көрсетiңiз деп неге айтасың?
10Менiң Әкеммен, Әкемнiң Менiмен тығыз байланыста екенiмiзге сенбейсiң бе? Сендерге айтып жүрген сөздерiм Өзiмдiкi емес, Әкемдiкi. Сол сияқты Менiмен тығыз байланыстағы Әкем Өзiнiң iстерiн де Мен арқылы iстеп жатыр.
11Менiң Әкеммен, Әкемнiң Менiмен тығыз байланыста екенiмiзге* сенiңдер! Әйтпесе iстеген кереметтерiме сүйенiп Маған сенiңдер.
12Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенушi де iстейдi, тiптi одан да зорларын iстейдi, себебi Мен Әкеме барамын.
13Менiң атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенiң ұлылығы Өзiнiң рухани Ұлы арқылы көрiнедi.
14Менiң еркiме мойынсұнып бiр нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын.
Құдай Рухының сенушiлерге қонуы туралы уәде
15Сендер Менi сүйсеңдер, өсиеттерiмдi орындаңдар!
16Мен көктегi Әкемнен сендермен мәңгi бiрге болатын Қамқоршыны жiберуiн өтiнемiн,
17Ол — шындықты бiлдiретiн Киелi Рух. Күнәкар дүние Киелi Рухты қабылдай алмайды, себебi Оны көрмейдi әрi бiлмейдi. Ал сендер Оны бiлесiңдер, өйткенi Киелi Рух сендермен бiрге тұрып, жан дүниелерiңнен орын алады.
18Мен сендердi жетiмсiретпей, қайта ораламын.
19Ендi аз уақыт қалды, содан кейiн осы күнәкар дүние Менi көрмейдi, ал сендер Менi көресiңдер. Мен қайта тiрiлемiн, сондықтан сендер де мәңгiлiк өмiрге ие боласыңдар.
20Сол күнi сендер Менiң Әкеммен, сендердiң Менiмен, Менiң де сендермен тығыз байланыста екенiмiздi түсiнесiңдер.
21Өсиеттерiмдi көңiлдерiне сақтап, орындап жүргендер — Менi сүйетiндер. Оларды Әкем де сүйедi. Мен де соларды сүйiп, Өзiмдi оларға жақынырақ таныстырамын. —
22Исқариот емес, өзге Яһуда Исадан:
— Мырзам, Сiз қалайша осы дүниеге емес, тек бiзге ғана Өзiңiздi таныстырмақсыз? — деп сұрады.
23Иса былай деп жауап бердi:
— Кiм Менi сүйсе, айтқандарымды берiк ұстанады және Әкем оны сүйедi. Бiз сондай кiсiлерге келiп, өмiрлерiнен орын аламыз.
24Менi сүймегендер сөздерiмдi берiк ұстанбайды. Сендердiң естiп жүргендерiң — Өзiмнiң емес, Менi жiберген Әкемнiң сөздерi.
25Мен бұл сөздердi әлi қастарыңда жүрген кезде айтып тұрмын.
26Ал Әкем Менiң атымнан Қамқоршыларың — Киелi Рухты жiбередi. Ол Менiң сендерге айтқан сөздерiмнiң бәрiн естерiңе салып, рухани өмiрлерiңе керектiң бәрiн үйретедi.
27Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзiмнiң тыныштығымды беремiн. Менiң беретiнiм осы дүниенiң беретiн өткiншi тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңiлдерiң қобалжып, қорықпаңдар.
28Менiң өздерiңе былай дегенiмдi естiгенсiңдер: Мен кетемiн, кейiн сендерге қайтып келемiн. Егер Менi шын көңiлмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетiнiме қуанар едiңдер; себебi Әкем Менен ұлы.
29Сендердiң осылар iске асқан кезде Менiң айтқандарыма шын сенулерiң үшiн бұларды қазiр алдын ала айтып тұрмын.
30Ендi сендерге көп айтпақ емеспiн. Осы күнәкар дүниенiң әмiршiсi (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның Маған билiгi жүрмейдi.
31Бiрақ осы дүние Менiң көктегi Әкемдi сүйетiнiмдi бiлсiн деп Соның тапсыруы бойынша iс-әрекет жасаймын.
Ендi тұрыңдар, бұл жерден кетейiк! — деп Иса сөзiн аяқтады.
Жүзiм бұтасы мен сабақтары туралы астарлы әңгiме
1— Мен «шынайы жүзiм бұтасымын», ал көктегi Әкем «жүзiм өсiрушi».
2Маған iлiнген, бiрақ рухани жемiс бермейтiн әр «сабақты» Әкем кесiп тастайды, ал өнiм беретiндерiн молырақ берсiн деп тазартады.
3Сол сияқты сендер де Менiң өздерiңе айтқан сөздерiме сенiп, рухани таза болдыңдар.
4Менiмен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздерiңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздiгiнен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жемiс бере алады. Сол секiлдi сендер де Менiмен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнiм бере алмайсыңдар.
5Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менiмен тығыз байланыстағылармен Өзiм де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнiм бермек. Ал Менен бөлiнiп сендер ешбiр игiлiк iстей алмайсыңдар.
6Кiм Менiмен байланыста тұрмаса, сол кесiлiп тасталған сабақтар iспеттi «сыртқа лақтырылып, кеуiп қалады». Кепкен сабақтар кейiн жиналып, отқа жағылып, жанып кетедi.
7Ал егер сендер Менiмен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрi сөздерiм өздерiңмен бiрге болса, қалағандарыңның бәрiн көктегi Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар.
8Егер мол жемiс берсеңдер, Менiң шәкiрттерiм боласыңдар. Сол арқылы Әкемнiң ұлылығы анық көрiнедi.
9Әкем Менi қалай сүйсе, Мен де сендердi солай сүйемiн. Сүйiспеншiлiгiмдi қабылдай берiңдер!
10Менiң Әкемнiң өсиеттерiн орындап, сүйiспеншiлiгiн қабылдап жүргенiмдей, сендер де Менiң өсиеттерiмдi орындасаңдар, сүйiспеншiлiгiмдi қабылдап жүресiңдер.
11Бұларды Менiң көретiн қуанышым сендердiкi де болсын, әрi қуаныштарың мейлiнше толық болсын деп өздерiңе айттым.
12Сендерге айтатын өсиетiм мынау: бiр-бiрiңдi Менiң өздерiңдi сүйгенiмдей сүйiңдер!
13Адамның достарына көрсететiн ең зор сүйiспеншiлiгi — олар үшiн өмiрiн құрбан етуi.
14Егер Менiң тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар.
15Сендердi бұдан былай құл демеймiн, құл иесiнiң не iстеп жүргенiн бiлмейдi. Қайта, сендердi достарым деп атадым, өйткенi Әкемнен естiгендерiмнiң бәрiн сендерге бiлдiрдiм.
16Сендер Менi таңдап алған жоқсыңдар, қайта, Мен сендердi таңдап алдым: өздерiң барып, рухани жемiс берсiн, сол жемiстерiң тұрақты болсын деп тағайындадым. Сонда Менiң атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрiн де бередi.
17Сендерге айтатын өсиетiм мынау: бiр-бiрiңдi сүйiңдер!
Күнәкар дүниенiң өшпендiлiгi
18Күнәкар дүние сендердi жек көрсе, оның сендерден бұрын Менi жек көргенiн бiлiңдер.
19Егер де осы дүниелiк болсаңдар, ол сендердi өз адамдары ретiнде жақсы көрер едi. Бiрақ осы дүниелiк емессiңдер, керiсiнше, Мен сендердi күнәкар дүниенiң iшiнен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендердi жек көредi.
20Мына айтқан сөзiм естерiңде болсын: «құлдың жолы қожайынынан үлкен емес». Күнәкар адамдар Менi қудаласа, сендердi де қудалайды. Олар Менiң сөзiмдi ұстанды ма, жоқ, ендеше сендердiң сөздерiңдi де ұстанбайтын болады.
21Осының бәрiн Менiң атымды мойындағандарың үшiн сендерге iстейдi; себебi олар Менi Жiбергендi танымайды.
22Мен дүниеге келiп, оларға сөйлемесем, онда олар айыпты болмас едi. Ал ендi кiнәларына еш сылтау жоқ.
23Менi жек көргендер сол арқылы Әкемдi де жек көредi.
24Егер Мен басқа ешкiм жасамаған кереметтерiмдi араларында жасамаған болсам, олар айыпты болмас едi. Бiрақ олар кереметтерiмдi көргенмен Өзiмдi де, Әкемдi де жек көредi.
25Алайда солар қадiрлеймiз дейтiн Киелi жазбадағы: «Олар Менi себепсiз жек көрдi» деген сөз осылайша iске асады.
26Мен сендерге Әкемнен бiр Қамқоршыны жiберемiн: сендерге шындықты бiлдiретiн сол Киелi Рух Әкемнен келiп, Мен туралы куәлiк бередi.
27Сендер де куәлiк бересiңдер, себебi қызметiмнiң басынан бастап қасымда болып келесiңдер.
1Сендерге осының бәрiн Маған деген сенiмдерiңнен таймауларың үшiн айттым.
2Дiндар яһудилер сендердi қауымдарынан шығарып жiберетiн болады. Тiптi көздерiңдi құртатын әркiм Құдайға қызмет көрсетiп жатырмын деп ойлайтын күн де туады.
3Олар мұны не Әкенi, не Менi танымағандықтан iстейдi.
4Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердiң бастарыңа сондай күн туғанда Менiң оны алдын ала айтып кеткенiмдi естерiңе түсiрiп, жiгерленулерiң.
Құдай Рухы — Қамқоршы әрi Ұстаз
Мен сендерге қызметiмнiң басында бұларды айтқан жоқпын, себебi өздерiңмен бiрге болдым ғой.
5Ендi Мен Өзiмдi Жiбергенге қайтып кетемiн. Ал бiрде-бiреуiң Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар.
6Қайта, Менiң айтқандарымнан көңiлдерiң жабырқап, мұңайып тұрсыңдар.
7Сендерге шындығын айтайын: Менiң кететiнiм сендер үшiн жақсы! Себебi Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейдi; ал Мен барған соң, Оны сендерге жiберемiн.
8Құдай Рухы келген соң, осы дүниенiң күнәсының, Менiң әдiлдiгiмнiң және Құдай сотының қандай екендiгiне адамдардың көздерiн жеткiзедi:
9олардың күнәсы — Маған сенбейтiндiктерi;
10әдiлдiгiмнiң дәлелi — Менiң Әкеге барып, бұдан былай Менi көрмейтiндiктерiң;
11ал сот — осы күнәкар дүниенiң әмiршiсiнiң (яки шайтанның) сотталғандығы.
12Сендерге айтарым әлi де көп, бiрақ қазiр оның бәрiн тыңдауға төзiмдерiң жете қоймас.
13Алайда шындықты бiлдiретiн Құдай Рухы келгеннен кейiн сендердi бар шындыққа жеткiзедi. Себебi Ол Өзiнен шыққан сөздi емес, көктегi Әкемнен естiгенiн айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды.
14Құдай Рухы Менiң ұлылығымды көрсетедi, себебi Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткiзбек.
15Әкемдегiнiң бәрi Менiкi де. Сондықтан да «Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткiзбек» дедiм.
Уақытша қасiрет және ұлы жеңiс
16— Бiраз уақыттан кейiн Менi көрмейсiңдер, тағы бiраздан кейiн Менi қайта көресiңдер, — дедi Иса.
17Сонда кейбiр шәкiрттерi өзара сөйлесiп:
— Ол бiзге «Бiраз уақыттан кейiн Менi көрмейсiңдер, тағы бiраздан кейiн Менi қайта көресiңдер» дегенде не айтқысы келедi? Әрi «Мен Әкеме барамын» дегенi ненi бiлдiредi?
18Және «бiраз уақыт» деп ненi меңзейдi? Бiз Оның не туралы айтып тұрғанын түсiнбеймiз, — дестi.
19Иса олардың сұрағысы келгенiн бiлiп, былай дедi:
— «Бiраз уақыттан кейiн Менi көрмейсiңдер, тағы бiраздан кейiн Менi қайта көресiңдер» деп айтқаным туралы бiр-бiрiнен сұрасып жатырсыңдар ма?
20Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтып, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бiрақ қайғыларың қуанышқа айналады.
21Әйел босанатын кезде қайғырады, себебi оның қиналатын уақыты жеттi. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келдi деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетедi.
22Сендер де қазiр солай қайғылысыңдар. Бiрақ Мен сендердi қайта көремiн, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкiм тартып ала алмайды.
23Сол кезде Менен бiр нәрсе сұрауларыңның қажетi болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менiң атымнан не сұрасаңдар, Ол соны бередi.
24Бұған дейiн Менiң атымнан* еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Ендi сұраңдар да алыңдар! Сонда шексiз қуанышқа кенелесiңдер.
25Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезiм де келедi.
26Сол уақытта Менiң атымнан сұрайсыңдар; Менiң сендер үшiн Әкеден өтiнуiмнiң қажетi болмайды,
27өйткенi Әкенiң Өзi сендердi сүйедi. Себебi Менi сүйiп, Құдайдан келгенiме сенесiңдер.
28Мен Әкеден жерге келдiм, кейiн жердi тастап, Әкеге қайта ораламын.
29Сонда шәкiрттерi:
— Қазiр астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз.
30Ендi бәрiн бiлетiнiңiзге көзiмiз жеттi, өйткенi Сiзге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенiн сұраудың керегi жоқ. Сондықтан Құдайдан келгенiңiзге сенемiз, — дедi.
31Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Ендi сенесiңдер ме?
32Сендер жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйiне кететiн уақыттарың келедi, тiптi жетiп те қалды, сонда Менi жалғыз қалдырасыңдар. Бiрақ Мен жалғыз емеспiн, себебi көктегi Әкем Өзiммен бiрге.
33Мен бұларды сендер Менiмен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсiн деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресiңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниенi жеңiп шықтым!
Иемiздiң Әкесiне есеп берiп, Өзi үшiн мiнажат етуi
1Иса осыны айтқаннан кейiн, аспанға қарап былай дедi:
— Әке, уақыт жеттi. Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенiң ұлылығыңды көрсете аламын.
2Себебi берген адамдарыңның бәрiне мәңгiлiк өмiр сыйлауым үшiн күллi адамзаттың билiгiн Менiң қолыма тапсырдың.
3Мәңгiлiк өмiр, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзiң жерге жiберген Менi, Иса Мәсiхтi, жақыннан тану.
4Маған тапсырған iсiңдi аяқтап, жерде ұлылығыңды көрсеттiм.
5Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзiңмен бiрге болғанымда ұлылыққа кенелген едiм. Ендi Менi өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр.
Иемiздiң шәкiрттерi үшiн мiнажат етуi
6Сенi Өзiң күнәкар дүниенiң iшiнен айырып берген адамдарға таныттым. Олар Сенiкi едi, Сен Маған оларды бердiң. Олар сөзiңдi берiк ұстанып келедi.
7Маған тапсырғандарыңның бәрiнiң де Сенен шыққанына ендi көздерi жеттi.
8Себебi Мен Өзiң тапсырған хабарды оларға жеткiздiм, олар оны қабыл алды. Сенен келгенiмдi шәкiрттерiм шынымен түсiнiп, Менi Өзiңнiң жiбергендiгiңе сендi.
9Саған бағынбайтын дүние үшiн емес, Өзiң берген шәкiрттерiм үшiн өтiнiп жатырмын, себебi олар Сенiкi.
10Менiкiнiң бәрi Сенiкi, Сенiкiнiң бәрi де Менiкi. Бұл адамдар арқылы Менiң ұлылығым көрiнiп тұр.
11Бұдан былай Мен жерде қалмай, Саған бара жатырмын. Бiрақ олар жерде қалады.
Киелi Әке, Маған берген құдiретiңмен шәкiрттерiмдi қорғай гөр! Екеуiмiздiң бiртұтас екендiгiмiздей, олар да бiртұтас болсын.
12Қастарыңда болған кезiмде оларды Маған берген құдiретiңмен қорғап, аман сақтап жүрдiм. Құрып кетуге тиiстi адамнан басқа бiрде-бiреуiн жоғалтқан жоқпын. Киелi жазбада сол адамның iстейтiнi туралы айтылғандар орындалу үшiн осылай болды.
13Ал ендi Саған бара жатырмын. Бiрақ Менiң қуанышым толығымен шәкiрттерiмнiң де қуанышы болсын деп осы сөздердi әлi де жерде жүрген кезде айтып тұрмын.
14Бұларға Сенiң хабарыңды бiлдiрдiм. Күнәкар дүние оларды жек көрiп келедi, себебi Менiң осы дүниелiк еместiгiм сияқты, бұлар да сондай емес.
15Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын.
16Менiң осы дүниелiк еместiгiм сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенiң адамдары емес.
17Оларды шындығың арқылы Өзiңе бағыштап, таза жүргiзе гөр. Сенiң сөзiң — шындық.
18Менi осы күнәкар дүниеге жiбергенiңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жiберемiн.
19Сенiң шындығың арқылы олардың да Өзiңе бағышталулары үшiн Мен Өзiмдi оларға бола Саған бағыштаймын.
Иемiздiң болашақ сенушiлер үшiн мiнажат етуi
20Мен бұлар үшiн ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетiн барлық адамдар үшiн де өтiнiп тұрмын.
21Әке, Менi Өзiңнiң жiбергендiгiңе адамзаттың сенуi үшiн, Сенiң Менiмен, Менiң де Сенiмен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушiлер де Екеуiмiзбен тығыз байланыста тұрып, бәрi бiртұтас болсын деп өтiнемiн.
22Солар да Бiз сияқты бiртұтас болсын деп, Өзiң Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердiм.
23Мен бұлармен тығыз байланыстамын, ал Сен Менiмен солайсың. Менi Өзiңнiң жiбергенiңе, Менi қалай сүйсең, оларды да солай сүйетiнiңе адамзаттың көзi жету үшiн Маған сенетiндер толық бiрлiкке жетсiн!
24Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзiм болатын жерде болуларын, әрi Өзiң Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерiн қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Менi сүйгендiктен әлем жаратылмастан бұрын сыйлаған едiң.
25Әдiлеттi Әке, осы дүние Сенi түсiнген жоқ, ал Мен Сенi түсiнемiн. Менi Өзiңнiң жiбергенiңе шәкiрттерiмнiң көздерi жеттi.
26Маған деген сүйiспеншiлiгiң солардың iшiнде де болсын және Өзiм де олардың өмiрлерiнен орын алайын деп оларға Сенiң қасиеттерiңдi бiлдiрдiм және бiлдiре беремiн де.
Мәсiхтiң тұтқындалған кезiнде көрсеткен құдiретi
1Осылай Құдайға сиынып мiнажат еткеннен кейiн Иса шәкiрттерiмен бiрге қаладан шығып, Қидрон сайының арғы жағасына өттi. Сол жерде бiр бақ бар едi. Иса шәкiрттерiн ертiп соның iшiне кiрдi.
2Оған опасыздық еткен Яһуда да бұл жердi бiлетiн, себебi Иса осында шәкiрттерiмен жиi жиналушы едi.
3Яһуда римдiк әскердiң бiр тобын және басты дiни қызметкерлер мен парызшылдар жiберген бiрнеше сақшыларды ертiп келдi. Олардың қолдарында шамдары, алаулары және қарулары болды.
4Өзiне не боларын түгел бiлетiн Иса бақтың iшiнен шығып, оларға:
— Кiмдi iздеп жүрсiңдер? — деген сұрақ қойды.
5Олар:
— Назареттiк Исаны! — деп жауап бердi. Иса:
— Ол Менмiн! — дедi. Опасыз Яһуда да солардың қасында тұрған едi.
6Иса оларға «Ол Менмiн!» дегенде, олар кейiн шегiнiп, жерге жығыла кеттi.
7Иса оларға тағы да:
— Кiмдi iздеп жүрсiңдер? — деген сұрақ қойды. Олар:
— Назареттiк Исаны, — деп жауап бердi. Иса:
8— Мен Солмын деп сендерге айттым ғой! Егер Менi iздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тимеңдер, кете берсiн! — дедi.
9Оның «Өзiң Маған бергендердiң бiрде-бiреуiн жоғалтқан жоқпын» деп айтқаны осылайша орындалды.
10Сонда белiне семсер байлап алған Шимон Петiр оны суырып алып, бас дiни қызметкердiң малайына қарай сiлтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсiрдi. Малайдың аты Мәлiк едi.
11Ал Иса Петiрге: «Семсерiңдi қынабына сал! Әкем Маған белгiлеп қойған азапты тартуым керек екендiгiн бiлмеушi ме едiң?» — деп ескерттi.
Мәсiхтiң басты дiни қызметкерлердiң алдындағы адал куәлiгi, ал Петiрдiң Мәсiхтен үш рет тануы
12Әскер тобы мен мыңбасы және яһуди басшыларының сақшылары Исаны ұстап алып, бұғаулады.
13Алдымен Оны Аннасқа апарды, өйткенi Аннас сол жылы бас дiни қызметкер болып тұрған Қаяфаның қайын атасы едi.
14Халық үшiн бiр адамның өлгенi жақсы деп яһуди басшыларына кеңес берген сол Қаяфа болатын.
15Шимон Петiр және Исаның тағы бiр шәкiртi Исаның артынан iлесiп отырды. Бұл шәкiрт бас дiни қызметкермен таныс едi, сондықтан оның сарайының ауласына Исамен бiрге кiрдi.
16Петiр сыртта қақпаның алдында қалды. Жаңағы шәкiрт, бас дiни қызметкердiң танысы, сыртқа шығып, қақпашы қызбен сөйлестi де, Петiрдi iшке кiргiзiп алды.
17Қақпаны ашып-жауып тұрған әлгi қызметшi қыз Петiрден: «Сен де осы Кiсiнiң бiр шәкiртi емессiң бе?» — деп сұрады. Ол: «Жоқ», — дедi.
18Малайлар мен сақшылар жылыну үшiн от жағып, соны айналдыра тұрды, себебi күн суық едi. Петiр де солардың қасына барып, жылынып тұрды.
19Бас дiни қызметкер Исадан Өзiнiң шәкiрттерi мен iлiмi туралы жауап алды.
20Иса оған:
— Мен бүкiл жұрттың алдында ашық айтып келемiн. Әрдайым барлық яһудилер жиналатын мәжiлiсханалар мен ғибадатханада тәлiм берiп жүрдiм. Мен еш нәрсенi бүркемелеп айтқан емеспiн.
21Сұрақтарды неге Менiң Өзiме қойып жатырсыз? Не айтқанымды Менi тыңдағандардан сұраңыз. Менiң не дегендерiмдi солар бiледi ғой, — деп жауап бердi.
22Иса осыны айтқаннан кейiн сонда тұрған сақшылардың бiрi Оның бетiн шапалақпен тартып жiберiп:
— Сен бас дiни қызметкерге қалай-қалай сөйлейсiң? — дедi.
23Иса оған:
— Айтқаным дұрыс болмаса, дәлелде; дұрыс болса, Менi неге ұрасың? — деп жауап бердi.
24Осыдан кейiн Аннас Исаны бұғауланған күйi бас дiни қызметкер Қаяфаға жiбердi.
25Ал Шимон Петiр отқа жылынып тұра бердi. Қасындағылар одан:
— Сен де Ананың бiр шәкiртi емессiң бе? — деп сұрады. Ол:
— Жоқ, — деп мойындамады.
26Сонда бас дiни қызметкердiң малайларының бiрi, Петiр құлағын семсермен шауып түсiрген кiсiнiң туысы:
— Сенi бақта Соның қасынан көрдiм емес пе? — дедi.
27Петiр тағы мойындаған жоқ. Сол сәтте әтеш те шақырды.
Мәсiхтiң римдiк әмiршi Пилаттың алдындағы адал куәлiгi
28Таң сәрiде яһуди дiн басылары Исаны Қаяфаның сарайынан римдiк әмiршiнiң сарайына алып барды. Дiни салтқа сай ластанбау үшiн яһудилер әмiршiнiң сарайына кiрген жоқ, әйтпесе олар Құтқарылу мейрамындағы асқа қатыса алмайтын едi.
29Сондықтан Пилат оларға өзi шығып:
— Мына Кiсiге қандай айып тағып тұрсыңдар? — деген сұрақ қойды.
30Олар:
— Бұл қылмыскер болмаса, Оны сiзге ұстап әкелмес едiк, — деп жауап қайтарды.
31Пилат оларға:
— Сендер Оны алып кетiп, өз заңдарың бойынша соттаңдар! — дедi. Яһудилер:
— Бiреуге өлiм жазасын тартқызу бiзге рұқсат етiлмеген, — деп жауап бердi.
32Өзiнiң қалай өлуге тиiстi екенiн меңзеп көрсеткен Исаның сөзi осылай орындалды.
33Пилат сарайға қайта кiрiп, Исаны шақыртып алып:
— Сен «Яһудилердiң Патшасысың» ба? — деп сұрады.
34Иса:
— Бұл сөздi өзiңiз айтып тұрсыз ба, әлде басқалар сiзге Мен туралы айтты ма? — деп қарсы сұрақ қойды.
35Пилат:
— Мен не, яһудимiн бе? Сенi маған ұстап әкелген өз халқың және басты дiни қызметкерлер ғой. Қандай iстер iстеп едiң? — дедi.
36Иса:
— Менiң Патшалығым бұл дүниелiк емес. Егер ол бұл дүниелiк болса, қызметкерлерiм Менi яһуди басшыларының қолына түсiрмес үшiн күрескен болар едi. Бiрақ Менiң Патшалығым бұл дүниелiк емес, — деп жауап бердi.
37Пилат:
— Сонымен Сен бәрiбiр Патшасың ғой? — деп сұрады. Иса оған:
— Дұрыс айтасыз, Мен Патшамын. Шындықты ашық жариялау үшiн осы дүниеге келдiм. Шындықты жақтаушы әркiм Менiң үнiме құлақ салады, — дедi.
38Пилат Одан:
— Шындық деген не? — деп сұрады. Осыны айтты да, яһуди басшыларына тағы барып, оларға былай дедi:
— Мен Одан ешқандай кiнә таппай тұрмын!
39Ал Құтқарылу мейрамында өз салттарың бойынша сендерге бiр тұтқынды босатып жiберемiн. Сендерге «Яһудилердiң Патшасын» босатып беруiмдi қалайсыңдар ма? —
40Сонда олар:
— Бұны емес, Бараббаны! — деп қатты айқайлап жауап бердi. Ал Барабба ұлтшыл қарақшы болатын.
Мәсiхтiң әдiлетсiз азапталып, өлiмге кесiлуi
1Осыдан кейiн Пилат Исаға дүре соқтырды.
2Бiр топ жасақшы тiкендi бұтақшалардан тәж өрiп, оны Исаның басына кигiзiп, бiр қан қызыл шапанды үстiне желбегей жапты.
3Олар Исаның алдына тұра қалып: «Яһудилердiң Патшасы жасасын!» — деп, шапалақпен бетiнен ұра бердi.
4Пилат қайтадан сыртқа шығып, яһуди басшыларына:
— Қараңдар, мен Оны сендерге әкеле жатырмын: Одан ешқандай кiнә таппай тұрмын, соны бiлiңдер! — дедi.
5Иса басындағы тiкен тәжiмен, үстiндегi қырмызы шапанымен сыртқа шықты. Пилат яһудилерге:
— Қараңдар, сол Адам — Мынау! — дедi.
6Басты дiни қызметкерлер мен олардың сақшылары Исаны көргенде:
— Айқышқа шегеленсiн! Айқышқа! — деп айқай салды.
Пилат оларға:
— Оны өздерiң алып, айқышқа шегелеңдер! Себебi мен Одан ешқандай кiнә таппай тұрмын, — дедi.
7Яһуди басшылары оған:
— Бiздiң Таурат заңымыз бар, сол бойынша Ол өлуге тиiс, себебi Ол Өзiн «Құдайдың рухани Ұлымын» деп жүр, — дедi.
8Пилат осыны естiгенде бұрынғыдан бетер қорқып кеттi.
9Сарайға қайта кiрiп, Исадан:
— Сен қайдан шыққансың? — деп сұрады. Бiрақ Иса оған жауап берген жоқ.
10Сонда Пилат:
— Менiмен сөйлескiң келмей ме? Сенi босатып жiберу де, айқышқа шегелетiп өлтiру де менiң билiгiмде екенiн бiлмейсiң бе? — дедi.
11Иса оған:
— Көктен берiлмесе, Маған билiгiңiз жүрмес едi. Сондықтан Менi ұстап бергеннiң күнәсы сiздiкiнен де үлкен, — деп жауап қайтарды.
12Осы сөзден кейiн Пилат Оны босатып жiберуге тырысты, бiрақ яһуди басшылары:
— Егер Оны босатып жiберсеңiз, Рим патшасының досы емессiз! Өзiн-өзi патшамын деген әркiм Рим патшасына қарсы! — деп айқай салды.
13Осы сөзден кейiн Пилат Исаны сыртқа шығартып, өзi Тастөселген деп аталатын алаңдағы төрелiк тағына отырды; осы алаңның жергiлiктi аты Ғаббата.
14Бұл Құтқарылу мейрамынан бiр күн бұрын түскi сағат он екiлерде болған едi. Пилат яһудилерге:
— Мiне, Патшаларың! — дедi.
15Бiрақ олар:
— Алып кетiңiз Оны, айқышқа шегеленсiн! — деп айқай салды. Пилат оларға:
— Мен айқышқа Патшаларыңды шегелетейiн бе?! — деген сұрақ қойды. Басты дiни қызметкерлер:
— Рим патшасынан басқа ешқандай патшамыз жоқ! — деп жауап бердi.
16Сонда Пилат олардың дегенiне көнiп, Исаны айқышқа шегелеп өлтiруге бұйырды.
Мәсiхтiң айқышқа шегеленiп, жанын құрбан етуi
Сонымен жасақшылар Исаны ұстап алып кеттi.
17Ол айқыш ағашын Өзi арқалап, қаладан шықты да, Маңдайтөбе деп аталатын жерге қарай бет алды; мұның жергiлiктi аты Ғолғота.
18Жасақшылар Исаны басқа екi адаммен бiрге, бiреуiн оң, екiншiсiн сол жағына, ал орталарына Исаны қойып, үш айқыш ағашқа керiп шегелеп, көтерiп қойды.
19Пилат тақтайша жасатып, айқыштың жоғарғы жағына бекiттiрдi. Оның бетiнде «Назареттiк Иса — Яһудилердiң Патшасы» деп жазылған едi.
20Мұны көптеген яһудилер оқыды, себебi Иса айқышқа шегеленген жер қалаға жақын едi, әрi жазу еврейше, латынша және грекше жазылған болатын.
21Ал яһудилердiң басты дiни қызметкерлерi Пилатқа былай дедi:
— «Яһудилердiң Патшасы» емес, «Мынау Яһудилердiң Патшасымын дедi» деп жазыңыз!
22Пилат оларға:
— Мен жазарымды жазып қойдым, — деп жауап қатты.
23Жасақшылар Исаны айқышқа шегелегеннен кейiн Оның сырт киiмдерiн төртеуi тең бөлiсiп, көйлегiн де алды. Ол басынан аяғына дейiн тiгiссiз тұтас тоқылған едi,
24сол себептi олар бiр-бiрiне: «Бұны жыртпай, жеребе тастап, кiмге түсетiнiн шешейiк», — дедi. «Жау жамылғымды бөлiсiп алады, киiмiм үшiн жеребе салады» деген Забурдағы сөз осылай орындалды. Мұны жасақшылар жүзеге асырды.
25Иса шегеленген айқыштың қасында Оның шешесi, нағашы әпкесi, Клеопаның әйелi Мәриям және мағдалалық Мәриям тұр едi.
26Иса шешесiн және оның қасында тұрған Өзiнiң жақсы көретiн шәкiртiн көргенде шешесiне: «Апа, ендi мынау — сiздiң ұлыңыз!» — дедi.
27Содан кейiн шәкiртiне: «Ендi осы кiсi — сенiң анаң!» — дедi. Сол сәттен бастап шәкiртi Исаның шешесiн қамқорлығына алды.
28Тиiстi нәрселердiң бәрiнiң түгел орындалғанын бiлген Иса бұдан кейiн: «Мен шөлдеп тұрмын», — дедi. Забурда алдын ала жазып қалдырылған бұл сөз де осылай iске асты.
29Сол жерде сiрке суына толы құмыра тұрған едi. Жасақшылар бiр сорғышты сiрке суына батырып алып, үсоп бұтағына бекiтiп, Исаның аузына тосты.
30Иса сiрке суын сорғаннан кейiн: «Ендi түгел орындалды!» — дедi де, басын иiп, жан тапсырды.
31Бұл жұма күнi, ал ертеңiндегi сенбi үлкен мейрам болатын. Шегеленгендердiң денелерiн мейрам күнi айқыш ағашта қалдыру яһудилердiң дiни ережелерiн бұзу болып табылар едi. Сондықтан яһуди басшылары Пилатқа барып, шегеленгендердi аяқтарын сындырып өлтiрiп, сүйектерiн айқыштан алып тастауын өтiндi.
32Сонымен жасақшылар келiп, Исамен бiрге шегеленген екi кiсiнiң аяқтарын сындырды.
33Ал Исаның қасына келiп, Оның өлiп қалғанын көрген соң, аяқтарын сындырған жоқ.
34Бiрақ жасақшылардың бiреуi Исаның бүйiрiне найзасын сұғып алды, сол заматта қан мен су шыға келдi.
35Осыны көрген кiсi сендер де сенсiн деп бұған куәлiк бередi. Оның куәлiгiне сенуге болады, ол шындықты айтып тұрғанын бiледi.
36Киелi жазбадағы «Оның ешбiр сүйегi сындырылмасын!» деген сөз орындалуға тиiс едi, бұл солай болды да.
37Киелi жазбалардың тағы бiр жерiнде: «Олар өздерi түйреген Кiсiнi көретiн болады» деп те жазылған.
Сүйектiң қабiрге қойылуы
38Бұдан кейiн ариматеялық Жүсiп деген кiсi Пилатқа барды. Жүсiп Исадан тәлiм алған шәкiртi болғанмен, мұнысын яһуди басшыларынан қорыққанынан жасырып келген едi. Осы кiсi Пилаттан Исаның мәйiтiн айқыштан түсiрiп алуға рұқсат сұрады. Пилат бұған келiстi. Жүсiп барып, сүйектi айқыштан түсiрiп алды.
39Сондай-ақ Нiкөдем де сол жерге келдi. Ол мәйiтке жағатын мүр мен алой шайырының жүз қадақтай қоспасын әкелдi. Нiкөдем бұрын бiр кезде түн iшiнде Исаға келiп кеткен болатын.
40Яһудилердiң жерлеу салты бойынша екеуi мәйiтке осы хош иiстi қоспадан сала отырып оны бәтес орауышқа орады.
41Исаны айқышқа шегелеп өлтiрген жердiң маңында бiр бақ болатын, сонда әлi ешкiм қойылмаған бос қабiр бар едi.
42Яһуди мейрамының қарсаңы болғандықтан және қабiр жақын тұрған соң, олар Исаның сүйегiн соның iшiне апарып қойды.
Мәсiх қайта тiрiлдi!
1Жексенбi күнi әлi қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгiп жасалған) қабiрге келiп, оның аузын бекiткен қақпақ тастың орнынан алынып қалғанын көрдi.
2Мәриям Шимон Петiрге және Исаның жақсы көрген шәкiртiне жүгiрiп барып, оларға: «Иемiздi қабiрден алып кетiптi! Оны қай жерге қойғанын бiлмеймiз! — дедi.
3Петiр мен әлгi шәкiрт дереу қаладан шығып, қабiрге қарай беттедi.
4Екеуi бiрге жүгiре жөнелдi, бiрақ сол шәкiрт Петiрден жылдамырақ болғандықтан қабiрге алдымен жеттi.
5Ол еңкейiп, бәтес орауыштың жатқанын көрдi, бiрақ iшiне кiрмедi.
6Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петiр де келiп, қабiрге кiрдi.
7Ол да бәтес орауыш пен Исаның бетi бүркелген сүлгiнiң жатқанын көрдi. Сүлгi бәтес орауышпен бiрге емес, бүктелген күйi бөлек жатыр екен.
8Сонда бiрiншi болып келген әлгi шәкiрт те қабiрге кiрдi. Ол да соны көрiп, Исаның тiрiлгенiне сендi.
9Сол кезде олар Исаның Киелi жазбаларға сай өлiмнен қайта тiрiлуге тиiс екендiгiн әлi де түсiнбеушi едi.
10Содан кейiн екi шәкiрт тұрған үйлерiне қайта оралды.
Қайта тiрiлген Мәсiхтiң мағдалалық Мәриямға көрiнуi
11Ал Мәриям үңгiрдiң алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабiрдiң iшiне еңкейiп қарағанда,
12аққа оранған екi перiштенiң отырғанын көрдi. Бiреуi Исаның сүйегi қойылған жердiң бас жағында, екiншiсi аяқ жағында отыр екен.
13Перiштелер Мәриямға:
— Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тiл қатты. Ол:
— Мырзамды алып кетiптi, ендi Оны қай жерге қойғанын бiлмеймiн, — дедi.
14Осыны айтқаннан кейiн артына бұрылған Мәриям Исаның тұрғанын көрдi, бiрақ Оны танымады.
15Иса:
— Қарындас, неге жылап тұрсың? Кiмдi iздеп жүрсiң? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап:
— Мырза, Оны алып кеткен Сiз болсаңыз, қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы, мен Оны алып келейiн, — дедi.
16Сонда Иса оған:
— Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып:
— Раббуни! — дедi. Бұл сөз «Ұстазым!» деп аударылады.
17Иса оған:
— Маған қолыңды тигiзбе, себебi Мен әлi Әкеме көтерiлген жоқпын. Одан да бауырластарыма барып, оларға Менiң Әкеме, яғни сендердiң де Әкелерiңе, өз Құдайыма, яғни сендердiң де Құдайларыңа көтерiлетiнiмдi айт! — деп тапсырды.
18Мағдалалық Мәриям шәкiрттерге барып, өзiнiң Иемiздi көргенiн және Оның осы айтқандарын жеткiздi.
Мәсiхтiң шәкiрттерiне келiп, ұлы тапсырманы аманат етуi
19Сол жексенбi күнiнiң кешiнде Исаның шәкiрттерi жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есiктердi бекiтiп алған едi. Кенеттен кiрiп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын бердi.
20Осыны айтқаннан кейiн Иса оларға екi қолы мен бүйiрiн көрсеттi. Шәкiрттерi Иелерi Мәсiхтi көрiп қатты қуанды.
21Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — дедi. — Әкемнiң Өзiмдi осы дүниеге жiбергенi сияқты, Мен де сендердi адамдарға жiберемiн».
22Осылай дегеннен кейiн шәкiрттерiнiң бетiне демiн үрлеп: «Киелi Рухты қабыл алыңдар!
23Кiмнiң күнәларын кешсеңдер, солар кешiрiледi, ал кiмнiң күнәларын кешпесеңдер, солар кешiрiлмейдi», — дедi.
Күмәнданған Томаның Мәсiхтi көрiп, тiрiлгенiне сенуi
24Исаның он екi шәкiртiнiң бiрi, Сыңарлас деп аталып жүрген Тома, Иса келген кезде олардың арасында жоқ едi.
25Басқа шәкiрттер оған:
— Бiз Иемiздi көрдiк, — дегенде, Тома:
— Мен Оның қолдарынан шегелердiң орнын көрмесем, саусағыммен шегелердiң орнын сипап, бүйiрiндегi тыртығын қолыммен ұстап көрмесем, Оның тiрiлгенiне еш сенбеймiн, — деп жауап бердi.
26Бiр аптадан кейiн Исаның шәкiрттерi тағы сол үйге жиналды, олармен бiрге Тома да болды. Есiк бекiтiлген едi, бiрақ Иса кiрiп келiп, орталарына тұра қалды да:
— Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — дедi.
27Содан кейiн Томаға: — Менiң қолыма саусақтарыңды тигiзiп қара, алақаныңды бүйiрiме қой және сенiмсiз болмай, сенетiн бол! — дедi.
28Тома Оған:
— Ием менiң, Құдайым менiң! — дедi.
29Иса:
— Тома, сен Менi көргендiктен Маған сенiп тұрсың. Ал Менi көрмесе де сенетiндер бақытты! — деп жауап бердi.
30Иса шәкiрттерiнiң көз алдында осы кiтапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер iстедi.
31Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсiх, Құдайдың рухани Ұлы екендiгiне сендер сенiп, сенiмдерiң арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмiрге ие болсын деген мақсатпен жазылған.
Мәсiхтiң шәкiрттерiмен көл жағасында кездесуi
1Бұдан кейiн Иса Тiберия көлiнiң жағасында тағы бiр рет шәкiрттерiне көрiндi. Бұл былай болған едi:
2Шимон Петiр, Сыңарлас Тома, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл, Зебедейдiң ұлдары және Исаның тағы басқа екi шәкiртi бәрi бiрге болды.
3Петiр оларға:
— Балық аулауға бара жатырмын, — дедi.
— Бiз де барайық, — дедi олар. Содан сыртқа шығып, қайыққа мiндi. Алайда бұл түнi олар түк ұстаған жоқ.
4Таң сәрiде Иса жағада тұрды, бiрақ шәкiрттерi Оның Сол екенiн бiлмедi.
5Иса оларға:
— Балалар, балықтарың бар ма? — деп үн қатты.
— Жоқ.
6— Ауды қайықтың оң жағынан салыңдар, сонда бiразын ұстайсыңдар, — дедi Иса. Олар ауын тастаған соң түскен балықтың көптiгiнен оны тартып шығара алмады.
7Сол кезде Исаның жақсы көретiн шәкiртi Петiрге: «Бұл — Иемiз ғой!» — дедi.
«Бұл — Иемiз ғой!» дегендi естiгенде, сырт киiмсiз жүрген Шимон Петiр көйлегiн буып алып, суға секiрдi.
8Басқа шәкiрттер де қайықпен жағаға беттедi, олар жағалаудан алыс емес, жүз метрдей жерде жүрген едi. Бұлар балыққа толы ауды сүйретiп келдi.
9Жағалауға шыққан олар күйген ағашпен жағылған отты, оның үстiндегi балық пен нанды көрдi.
10Иса оларға: «Қазiр ұстаған балықтарыңнан әкелiңдер!» — дедi.
11Петiр суға түсiп, үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағалауға шығарды, бiр жүз елу үш балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты.
12Иса оларға: «Ендi келiп, тамақтаныңдар!» — дедi. Шәкiрттердiң ешқайсысының: «Кiмсiз?» деп сұрауға батылы бармады. Себебi олар Оның өздерiнiң Иелерi Мәсiх екендiгiн бiлдi.
13Иса келiп, нан алып, бұларға үлестiрiп, балықтан да бердi.
14Бұл Исаның өлiмнен қайта тiрiлгеннен берi шәкiрттерiне үшiншi рет көрiнуi едi.
Мәсiхтiң Петiрге арнаған тапсырмасы
15Олар тамақтанып алғаннан кейiн, Иса Шимон Петiрден:
— Жохан ұлы Шимон, сен Менi мыналарға қарағанда көбiрек сүйесiң бе? — деп сұрады.
— Иә, Ием, Сiздi жақсы көретiнiмдi бiлесiз ғой.
— Тоқты-қозыларымды бақ!
16Иса екiншi рет:
— Жохан ұлы Шимон, сен Менi сүйесiң бе? — деп сұрады.
— Иә, Ием, Сiздi жақсы көретiнiмдi бiлесiз ғой. — Иса оған:
— Қойларымды бағып жүр! — деп тапсырды.
17Иса үшiншi рет:
— Жохан ұлы Шимон, сен Менi жақсы көресiң бе? — деп сұрады.
Иса: «Сен Менi жақсы көресiң бе?» деп үшiншi рет сұрағандықтан Петiр мұңайып:
— Ием, Сiз бәрiн де бiлесiз, Сiздi жақсы көретiнiмдi де бiлесiз, — дедi. Иса оған:
— Қойларыма қарап жүр!?
18Саған өте маңызды шындықты айтамын: жас кезiңде сен белiңдi өзiң байлап, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың, сонда басқа бiреу белiңдi байлап, барғың келмеген жаққа ерiксiз ертiп кететiн болады, — дедi.
19Иса бұны Петiрдiң Құдайдың ұлылығын қандай өлiмi арқылы паш ететiнiн бiлдiру үшiн айтты. Осыдан кейiн оған: «Мен жүрiп өткен жолмен жүр!» — деп тапсырды.
20Петiр бұрылды да, Исаның жақсы көретiн шәкiртiнiң iлесiп келе жатқанын көрдi. Ол дастарқан басында Исаға қарай жантайып жатып: «Ием, Сiзге опасыздық жасайтын кiм?» — деп сұраған шәкiрт едi.
21Петiр сол шәкiрттi көргенде Исаға:
— Ием, ал мынау ше? — дедi.
22Иса:
— Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенiң не шаруаң бар? Өзiң Мен жүрiп өткен жолмен жүр! — деп жауап бердi.
23Бұдан кейiн бауырластар арасында «сол шәкiрт өлмейдi» деген сөз тарады. Бiрақ Иса Петiрге «өлмейдi» деп айтқан жоқ. «Қаласам, Мен қайтып келгенше ол осында болады, онда сенiң не шаруаң бар?» деген едi.
Соңғы сөз
24Осының бәрiне куә болып, барлығын жазып қалдырған — әлгi шәкiрт. Бiз оның куәлiгiнiң шынайы екенiн бiлемiз.
25Исаның iстеп кеткен көптеген басқа да iстерi бар. Олар туралы толықтай жазса, жазылуға тиiстi кiтаптар, менiң ойымша, бұл дүниеге сыймас едi. (Аумин)