0


Жазба туралы мәлiмет

Iнжiл шарифтегi осы үшiншi жазбаны б.з. бiрiншi ғасырының 60-85 жылдары Лұқа есiмдi дәрiгер жазған. Осы бiлiмдi де құдайшыл ғұлама Иса Мәсiхтiң алғашқы он екi шәкiртiнiң бiреуi болмағанмен, Мәсiхтiң тура жолымен жүрiп, Пауыл елшiмен және оның қызметтестерiмен сапарлас әрi тағдырлас болды (Қолос. хат 4:14; Фiлимон. хат 24; Тiмоте. 2-хат 4:11; Елшiлер. iстерi 16:10; 20:5; 21:1; 27:1). Лұқа Исаның елшiлерiнiң айтқандары мен жазғандарын тәптiштеп жинап, реттеп, тағы басқа куәгерлердiң өз көздерiмен көрiп, құлақтарымен естiгендерiн қосты. Олардың араларында Исаның шешесi Мәриям да болып, басынан өткiзген жайттардың бәрiн Лұқаға айтып берген болса керек (2:19,51; Елшiлер. iстерi 1:14; 21:17). Осылайша Лұқа Құдайдың Киелi Рухының жетелеуiмен Иса Мәсiхтiң өмiрi мен iлiмi туралы қолыңыздағы аса құнды естелiктi жазып қалдырды. Жаратқан Иенiң еркiне сай бұл жазба Iнжiл шарифке, яғни Киелi кiтапқа енiп, мәңгiлiкке сақталып келедi.

Сол заманда қалыптасқан дәстүрге сай, Лұқа бұл еңбегiн көшiрiп көбейтiп, таратудың шығындарын мойнына алған дәулеттi досы Теофилге арнады. Лұқа сол кiсiге және өзге де оқырмандарға өздерi танып бiлген Мәсiхтiң iзгiлiктi iлiмiнiң берiк негiзiн ұғындыруды мақсат еттi (1:1-4).

Лұқа өзiнiң түбегейлi, тарихи дәл суреттеуiнде Иса Мәсiхтiң барлық халықтардың адамдарын күнәның құлдығынан және Құдайдың қаһарынан құтқару үшiн осы дүниеге келгенiн көрсетуге мән бердi. Мәсiхке сенiмдерiн артқандар күнәлары кешiрiлiп, аурулары жазылып, қайрат-жiгерге кенелген бақытты адамдар болды. Сондықтан да сенушiлердiң Iзгi хабарға деген шексiз зор қуанышы шығарманың өн бойынан сезiлiп отырады.

1

Арнау


1-2 Қадiрлi Теофил! Iзгi хабарды уағыздаушылар арамызда әбден белгiлi болған оқиғаларды басынан бастап өз көздерiмен көрiп, бiзге қалай айтып жеткiзсе, дәл солай әңгiмелеп беруге көп адамдар кiрiсiп кеттi.

3-4 Олар iспеттi мен де өзiңiз үйренген осы iлiмнiң берiк негiзiне әбден көз жеткiзуiңiз үшiн бәрiн басынан бастап ұқыпты зерттеп, рет-ретiмен жазып берсем игi болар едi деп ұйғардым.

Жақия пайғамбардың дүниеге келетiнi туралы алдын ала бiлдiру


5Яһудея елiнiң патшасы Иродтың заманында дiни қызметкерлердiң Абия тобында Зәкәрия есiмдi бiреу бар болатын. Әйелi Елiзабет Һарон әулетiнен едi.

6Екеуi де Құдай алдында әдiл жандар болып, Жаратқан Иенiң* барлық өсиеттерi мен ережелерiне сай қалтқысыз өмiр сүрiп жатты.

7Елiзабет құрсақ көтермегендiктен, балалары болмады. Ал екеуiнiң жасы ұлғайып та қалған едi.


8Бiр күнi Зәкәрия өз тобының кезегi келiп, Құдайға қызмет атқарып тұрғанда,

9дiни қызметкерлер дағдылы әдет бойынша ортаға жеребе тастап, атқаратын мiндеттерiнiң ретiн бөлiстi. Сонда Жаратқан Иенiң киелi үйiне кiрiп, Оған тарту ретiнде хош иiстi шайыр түтету мiндетi Зәкәрияның үлесiне тидi.

10Ол шайырды түтеткен уақытта сыртта қалың жамағат Құдайға сиынып мiнажат етiп тұрды.


11Сол заматта Зәкәрияға Жаратқан Иенiң бiр перiштесi көрiнiп, түтету үстелiнiң оң жағында тұра қалды.

12Зәкәрия оны көргенде абыржып, зәресi ұшып кеттi.

13Бiрақ перiште оған тiл қатып былай дедi:

— Зәкәрия, қорықпа! Тiлегiң қабыл болып, әйелiң Елiзабет саған ұл туып бередi. Оның атын Жақия деп қоясың.

14Төбең көкке жете қуанып, шаттанасың, көпшiлiк те оның дүниеге келгенiне қуанады.

15Ол Жаратқан Иенiң алдында мәртебелi болып, шарап, сыра атаулыдан аулақ жүретiн болады. Ана құрсағында жатқанда-ақ Киелi Рухқа кенеледi.

16Исраилдiктердiң көбiн қайтадан Құдай Иелерiне келтiредi.

17Iлияс* пайғамбарға дарыған Құдай Рухы мен күшiне ол да бөленiп, Иемiздiң алдынан жүретiн болады. Әкелердi балаларымен татуластырып, қырсықтарды әдiлдердiң тура жолына бет бұрғызады. Осылай халықты Иемiздiң келуiне әзiрлейдi.


18Алайда Зәкәрия перiштеге:

— Бұған қалай көз жеткiзе аламын? Өзiм қартайдым, әйелiмнiң де жасы ұлғайды ғой, — деп жауап қайтарды.

19Перiште:

— Мен Құдайға қызмет етушi Жәбiрейiлмiн. Ол менi саған осы iзгi хабарды жеткiзуге жiбердi.


20Ал сен мезгiлiнде орындалатын сөздерiме сенбегендiктен, олар жүзеге асатын күнге дейiн сөйлей алмайтын мылқау болып қаласың, — дедi.


21Осы екi арада жамағат Зәкәрияның киелi үйде кiдiрiп қалғанына таңданып, тосып тұрған едi.

22Ол сыртқа шыққанда тiлi күрмелiп оларға сөйлей алмай қалды. Сонда жұрт оның киелi үйде аян көргенiн ұқты, себебi Зәкәрия оларға ыммен белгi берiп, мылқау күйiнде қала бердi.


23Өзiнiң киелi үйдегi қызмет атқару күндерi бiткеннен кейiн Зәкәрия үйiне қайтты.


24Бұдан кейiн әйелi Елiзабет құрсақ көтерiп, бес ай бойы жұрт көзiнен тасаланып жүрдi.

25«Жаратқан Ие бұл күндерi маған назар аударып, менi адамдар арасында ұятқа қалдырмау үшiн осылай жарылқады!» — деп Елiзабет Тәңiр Иеге ризашылығын бiлдiрдi.

Құтқарушымыз Исаның дүниеге келетiнi


26Алтыншы айда Құдай Жәбiрейiл перiштенi Ғалилея аймағының Назарет қаласындағы бiр қызға жiбердi.

27Қыздың есiмi Мәриям болатын, ол Дәуiттiң әулетiнен шыққан Жүсiп есiмдi жiгiтке айттырылған едi.

28Перiште үйге кiрiп, оған:

— Сәлем саған, Құдай жарылқаған жан, Жаратқан Ие саған жар! — деп тiл қатты.


29Мәриям перiштенi көрiп, оның айтқан сөздерiне қатты абыржып, бұл қандай сәлемдесу деп ойланып тұрып қалды.

30Ал перiште оған:

— Қорықпа, Мәриям, саған Құдай рақымын түсiрдi.

31Ендi құрсақ көтерiп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың.

32Ол өте мәртебелi болып, Құдай Тағаланың* рухани Ұлы** деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуiттiң тағын сыйлайды.

33Иса Жақыптың үрiм-бұтағына мәңгi-бақи Патшалық құратын болады. Оның Патшалығының шегi болмайды, — дедi.


34Сонда Мәриям:

— Бұл қалай болады? Мен еркекпен жақындасқан емеспiн ғой, — деп сұрады.

35Перiште оған былай деп жауап бердi:

— Сенiң үстiңе Киелi Рух келiп, Құдай Тағаланың құдiретi саған көлеңкесiн түсiредi. Сондықтан да сен табатын Киелi Бала «Құдайдың рухани Ұлы» деп аталмақ.


36Бұрын құрсақ көтермейдi деп саналған жақын апаң Елiзабет те қартайған шағында ұл бала табатын болады. Алты айдан берi оның аяғы ауыр.

37Себебi Құдайдың ешбiр сөзi де жүзеге аспай қалмас!


38Сонда Мәриям:

— Мен Жаратқан Иенiң күңiмiн; айтқаныңыз болсын! — дедi. Бұдан кейiн перiште оның қасынан ғайып болды.

Елiзабет пен Мәриямның Жаратқан Иенi мадақтауы


39Сол күндерi Мәриям жолға жиналып, Яһуда руының таулы өңiрiндегi бiр қалаға жедел жүрiп кеттi.

40Сол жерде ол Зәкәрияның үйiне түсiп, Елiзабетпен амандасты.

41Елiзабет Мәриямның берген сәлемiн естiгенде, iшiндегi нәрестесi тыпырлап кеттi. Елiзабет Киелi Рухқа кенелiп,

42былай деп дауыстады:

— Құдай әйелдердiң арасында сенi жарылқап, құрсағыңдағы Нәрестенi де жарылқаған!

43Иемнiң шешесi маған келетiндей мен сонша кiммiн?

44Көрдiң бе, сәлем берген даусың құлағыма жеткенде, iшiмдегi балам қуанып, тыпырлап қоя бердi!

45Жаратқан Иеге сенген сен бақыттысың, Оның саған айтқаны жүзеге аспақ!


46Сонда Мәриям былай дедi:

— Жан дүнием Иемдi мадақтайды,



47Құтқарушым Құдайға қуанады:

48Күңiнiң қарапайым дәрежесiне

Құдай рақыммен назар аударады.


Бұдан былай менi күллi ұрпақтар


«Құдай жарылқаған жан» деп атайды:



49Есiмi киелi Құдiреттi Құдай

Маған керемет ұлы iстер жасайды!



50Рақымы Өзiн қастерлеушiлердiң

Ұрпағынан ұрпағына жалғасады;



51Өз қолының құдiретiн танытып,

Паңдардың ойларын шашыратады.



52Билiк иелерiн тақтан құлатып,

Атақсыздарды жоғарылатады.



53Ашыққандарды игiлiкке кенелтiп,

Байларды құр қол қуып жiбередi.



54Тәңiр өз қайырымын ескерiп,

Қызметшiсi Исраилдi қамқорлайды:



55Ежелгi ата-бабаларымызға,

Ыбырайым мен оның ұрпақтарына,

Құдай осылай айтқан болатын да.



56Мәриям үш айдай Елiзабетпен бiрге тұрғаннан кейiн үйiне оралды.

Жақия пайғамбардың дүниеге келуi


57Елiзабеттiң босанатын уақыты жетiп, ұл тапты.

58Көршiлерi мен туыстары Жаратқан Иенiң оған қайырымдылық жасағанын естiп, қуанышына ортақтасты.

59Сегiзiншi күнi олар баланы сүндеттеуге келiп, оған Зәкәрия деп әкесiнiң атын қоймақшы болды.

60Бiрақ шешесi бұған:

— Жоқ, оның есiмi Жақия болады! — дедi.

61Олар:

— Туысқандарыңыздың арасында сондай есiмдi ешкiм жоқ едi ғой! — деп,

62әкесiнен нәрестеге қандай ат қойғысы келетiнiн ымдап сұрады.

63Ол бiр жазу тақтайшасын сұрап алып, «Оның есiмi Жақия болады!» деп жазды. Бұған бәрi де таңғалысты.


64Сол сәтте-ақ Зәкәрияға қайтадан тiл бiтiп, Құдайды мадақтай бастады.


65Ал төңiрегiнде тұрған халықтың бәрi үрейленiп қалды; осы оқиғалар Яһудея елiнiң бүкiл таулы өңiрiне әңгiме болып кеттi.

66Естiгендердiң бәрi оны көңiлдерiне түйiп: «Бұл нәресте кiм болар екен?» — дестi. Себебi Жаратқан Иенiң Өзi Жақияны қолдап, қорғап жүрдi.

Зәкәрияның мадақтау жыры мен


67Баланың әкесi Зәкәрия Құдайдың Киелi Рухына кенелiп, Оның хабарын жеткiзiп былай дедi:

68«Исраилдiң сиынатын Құдайы

Мадақтала берсiн: Жаратқан Иесi!


Ол таңдап алған халқына келедi,


Оны құтқарып ап азат етедi!



69Құлы Дәуiттiң әулетiнен бiзге

Мықты Құтқарушыны шығарады.


70Киелi пайғамбарларына Ол ежелде

Осылай алдын ала айтқызды.



71Ондағы мақсаты — бар жауымыздан,

Бiздi жек көретiндердiң қолынан


Құтқарып ап азат ету бiздердi.



72Құдай арғы ата-бабаларымызға

Осылай шапағатын танытады,


Олармен жасаған өз қасиеттi


Келiсiмiн ендi есiне алады,



73Түп атамыз Ыбырайымға Өзi

Берген антын есiне түсiредi.



74Бiзге жаулардың қолынан құтылып,

Өзiне еш алаңсыз қызмет етiп,



75Жаратқан Иемiздiң көз алдында

Қасиеттi де әдiл өмiр сүруге

Мәңгi мүмкiндiк беретiн болады.



76Осылай сен, балам, Құдай Тағаланың

Пайғамбары деп аталатын боласың.


Дайындауға Иемiздiң жүрер жолын:



77Өзiнiң таңдаған халқын құтқарып,

Күнәсын кешiретiнiн хабарлайсың,


Оның алдынан жүретiн боласың:



78-79 Құдайымыздың мейiрiмдi рақымымен

Бейбiт жолға бағыттап бетiмiздi


Алшақ қара түнектегi бiздерге


Жаратқан Иенiң нұрын төгуге


Шұғылалы Таң, мiне, атып келедi!»


80Ал Жақия ер жүрек, зейiндi бала болып есейе бердi. Исраил халқының алдына келiп көрiнгенше ол айдалада тұрды.

2

Құтқарушы Исаның дүниеге келуi


1Сол күндерi Римнiң Август патшасы жер жүзiнiң барлық тұрғындарына салық төлеу үшiн тiзiмге тiркелуге бұйрық бердi.

2Бұл Сирияны Кирини басқарған замандағы алғашқы халық санағы болатын.

3Сонда әркiм тiзiмге тiркелу үшiн өз қаласына барды.


4Жүсiп те Ғалилеядағы Назарет қаласынан жолға шығып, Дәуiт патшаның туған қаласына, Яһудея аймағындағы Бетлехемге, тiзiмге тiркелуге барды. Себебi Жүсiп Дәуiттiң әулетi мен руынан шыққан едi.

5Аяғы ауыр әйелi Мәриям оған ерiп жүрдi.

6Олар Бетлехемде болған кезде Мәриямның босанатын уақыты жетiп,

7тұңғыш Ұлын тапты. Оны құндақтап, қорадағы шөп салатын ақырға жатқызды. Себебi қонақ үйде оларға орын болмады.

Малшыларға жеткiзiлген Iзгi хабар


8Сол өңiрде малшылар жүретiн. Олар далада түнеп, малдарын күзетiп жатты.

9Кенеттен қастарына Жаратқан Иенiң перiштесi келiп, Иемiздiң сәулелi салтанаты төңiректерiне нұрын төгiп жiбердi. Малшылар зәрелерi ұша қорықты.

10Ал перiште оларға тiл қатып: «Қорықпаңдар! Мен сендерге үлкен қуаныш жариялаймын, ол қуаныш барлық халыққа да ортақ:

11бүгiн Дәуiттiң қаласында сендердiң Құтқарушыларың дүниеге келдi, Ол — Иемiз Мәсiх!

12Мұның сендер үшiн белгiсi мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестенi көресiңдер», — дедi.


13Кенеттен перiштенiң қасына көктегi перiштелердiң үлкен бiр тобы қосылып, Құдайды былай деп дәрiптедi:

14«Заңғар көкте Құдай мадақталсын!

Жер жүзiнде Өзi риза болған адамдарға амандық болсын!»


15Бұдан кейiн перiштелер көкке көтерiлiп, малшылардың қасынан алыстап кеттi. Ал малшылар өзара сөйлесiп: «Кәне, Бетлехемге барайық! Сол жерде не болғанын, Жаратқан Иенiң бiзге бiлдiргенiн көрейiк», — дедi.


16Олар тездетiп барып, Мәриям мен Жүсiптi және ақырда жатқан Нәрестенi тапты.

17Оны көрген соң, малшылар осы Нәресте туралы алған хабарды сол жердегiлерге айтып бердi.

18Мұны естiгендердiң бәрi малшылардың әңгiмесiне қайран қалысты.

19Ал Мәриям осы сөздердiң барлығын көңiлiне түйiп, есiне сақтады.

20Малшылардың көрiп-естiгендерi түгелдей перiштенiң айтқанындай болған соң, олар Құдайды құрметтеп, мадақтап, қайтып кеттi.


21Сегiз күн өткеннен кейiн Нәрестенi сүндеттейтiн мезгiл жеткенде, Оның атын Иса деп қойды. Шешесi құрсақ көтермес бұрын перiште оған осы есiмдi айтқан едi.

Қарт пайғамбарлар Шимон мен Аннаның


22Мұса арқылы берiлген Таурат заңына* сәйкес дiни тазару** кезеңi бiткенде, әке-шешесi Исаны Жаратқан Иенiң алдына апару рәсiмiн орындау үшiн Иерусалимге алып келдi.

23Себебi Иемiз берген Таурат заңында: «Әрбiр тұңғыш ер бала Жаратқан Иеге арналсын!» деп жазылған.

24Олар Таурат заңында тағы да айтылғандай, «орман кептерiнiң бiр жұбын немесе көгершiннiң екi балапанын» құрбан етпекшi де болды.


25Сол кезде Иерусалимде Шимон есiмдi кiсi тұратын. Ол Исраилдiң көрген азабынан құтқарылуын аңсап күтiп келген әдiл, Құдайды қастерлейтiн, Киелi Рух қонған жан едi.

26«Жаратқан Ие жiберген Құтқарушы Мәсiхтi көрмей тұрып өлмейсiң», — деп оған Киелi Рух алдын ала айтқан болатын.


27Ендi Шимон Киелi Рухтың жетелеуiмен ғибадатханаға барды. Таурат заңына сәйкес рәсiмдердi атқару үшiн әке-шешесi Сәби Исаны ғибадатханаға әкелгенде,

28Шимон Оны қолына алып, Құдайды былай деп мадақтады:

29«Уа, Әлемнiң Әмiршiсi, сонымен Сен ендi,

Өзiң алдын ала айтқандай, мендей пендеңдi


Жақсылықпен о дүниеге аттандырасың.


30-32 Күллi ұлттар үшiн жiберген Құтқарушыңды —

Саған бағынбаған ұлттардың көзiн ашатын,


Әрi халқың Исраилдiң даңқын шығаратын


Нұрыңды мен қазiр өз көзiммен көрiп тұрмын!»



33Жүсiп те, Нәрестенiң шешесi Мәриям да Ол туралы айтқандарға қайран қалды.

34Шимон оларға батасын берiп, Мәриямға былай дедi: «Осы Бала Исраилдегi көп адамдардың құлдырауына, ал басқалардың жоғарылауына себепшi болады. Ол Құдайдың еркiн бiлдiрiп, көбi Оған қарсы шығады.

35Сонда жүрек түкпiрлерiндегi ой-ниеттерi бiлiнiп қалады. Ал, Мәриям, сенiң жаның жүрегiңдi қылышпен тiлгiлегендей қатты ауыратын болады».


36Осы жерде Ашир руынан шыққан Фануел қызы Анна пайғамбар да бар едi. Ол кезiнде күйеуге тиiп, онымен жетi жыл отасқан, ендi жасы ұлғайған қарт адам болатын.

37Сексен төрт жастағы жесiр ораза тұтып, күнi-түнi Құдайға сиынып мiнажат етiп, ғибадатханадан шықпайтын.

38Бұл кiсi де сол сәтте-ақ келiп, Жаратқан Иенi мадақтады. Содан ол Иерусалимнiң құтқарылуын аңсап күтiп жүргендердiң бәрiне осы Нәресте туралы хабарды жеткiздi.


39Мәриям мен Жүсiп Жаратқан Ие бұйырған Таурат заңына сай бәрiн орындап болғаннан кейiн Ғалилеядағы өз қалалары Назаретке қайтып барды.

40Бала өсiп, күш жинап, даналыққа кенеле бердi. Құдайдың шапағаты Оның үстiнде болды.

Он екi жасар Иса ғибадатханада


41Әке-шешесi жыл сайын Құтқарылу мейрамын мерекелеу үшiн Иерусалимге баратын.

42Иса он екi жасқа толғанда олар әдет бойынша мейрамды мерекелеуге тағы да Иерусалимге келдi.

43Мейрам күндерi бiтiп, әке-шешесi қайтып кеттi, ал жас өспiрiм Иса Иерусалимде қалып қойды. Жүсiп пен Мәриям мұны бiлмей,

44Исаны басқа жолаушылармен бiрге келе жатыр деп ойлады. Бiр күндiк жол жүргеннен кейiн Оны туысқандары мен таныстарының арасынан iздей бастады.

45Таппаған соң Иерусалимге қайта барды.

46Үш күннен кейiн Исаны ғибадатханада ұстаздардың ортасынан айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерiнен тапты.

47Тыңдап отырғандардың бәрi Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты.


48Әке-шешесi Оны көргенде аң-таң болды. Шешесi:

— Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуiмiз қатты алаңдап, Сенi iздеп келдiк! — дедi.

49Иса:

— Менi неге iздедiңiздер? Менiң Әкемнiң iсiмен шұғылданғаным жөн, әлде мұны бiлмедiңiздер ме? — деп жауап бердi.


50Бiрақ әке-шешесi Оның айтқан сөздерiн түсiнбедi.


51Иса Назарет қаласына бiрге оралып, оларға мойынсұнып жүрдi. Осы сөздердiң бәрiн шешесi көңiлiне түйiп алды.

52Ал Исаның ойы да, бойы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта түстi.

3

Мәсiхке жол дайынаушы Жақия пайғамбардың жүргiзген уағызы


1Рим патшасы Тiберидiң билiк құрғанынан кейiнгi он бесiншi жылында, Яһудея аймағын Понти Пилат билеп, Ирод Антипас — Ғалилея аймағының әкiмi, оның бауыры Фiлiп — Итурея мен Трахонит аймақтарының әкiмi, Лүсани — Абiлине аймағының әкiмi,

2ал Ханна мен Қаяфа — басты дiни қызметкерлер болып тұрды. Сол кезде айдалада Зәкәрия ұлы Жақияға Жаратқан Ие аян берiп, (оны пайғамбарлық мiндетiне кiрiстiрдi).

3Содан бастап, Жақия Иордан бойындағы барлық өңiрдi аралап, былай деп уағыз айтты: «Күнәларыңның кешiрiлуi үшiн терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсiңдер, әрi шомылдыру рәсiмiнен өтiңдер!»

4Бұл Ишая пайғамбардың жазбасында сақталған мынадай сөздерiне сай болды.

«Жар салған дауыс шығады айдалада:


Жаратқан Иеге жол дайындаңдар!


Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!



5Жолдағы сай-салалар толтырылсын,

Тау-төбелер болса аласартылсын!


Бұралаң жерлерi де түзетiлiп,


Бұдыр жолдар түгелдей тегiстелсiн!



6Сонда бар адамзат көре алады

Құдай Ие жiберген құтқаруды!»


7Жақия шомылдыру рәсiмiнен өтуге келген халыққа былай дедi:

— Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегi қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кiм үйреттi?


8Егер шынымен терiс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты iс iстеңдер! Және «бiздiң түп атамыз — Ыбырайым» деп бекер мақтанбаңдар! Мен сендерге айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.

9Қазiрдiң өзiнде-ақ ағаш түбiнде балта дайын тұр! Жақсы жемiс бермейтiн әрбiр ағаш шабылып, отқа тасталады!


10Халық Жақиядан:

— Ендi бiздiң не iстеуiмiз керек? — деп сұрады.

11Жақия оларға:

— Кiмнiң екi көйлегi болса, бiреуiн киiмi жоққа берсiн, кiмнiң азығы болса, ол да солай iстесiн! — дедi.


12Өздерiн шомылдыру рәсiмiнен өткiзуге келген салық жинаушылар да:

— Ұстаз, бiздiң не iстеуiмiз керек? — деп сұрады.

13Ол:

— Белгiленген мөлшерден артық еш нәрсе талап етпеңдер! — деп жауап бердi.

14Жасақшылар да:

— Ал бiздiң не iстеуiмiз керек? — деген сұрақ қойғанда Жақия оларға:

— Ешкiмге зорлық жасамаңдар, жала жауып тонамаңдар да! Өз жалақыларыңа қанағаттаныңдар! — деп тапсырды.


15Халық Құтқарушы Патша Мәсiхтiң келуiн күтiп, барлығы

16Жақия бәрiне былай деп жауап бердi:

— Мен сендердi суға шомылдыру рәсiмiнен ғана өткiземiн. Ал менен құдiреттi Бiреу келе жатыр. Оның құлы болып кебiсiн әперуге де тұрмаймын.* Ол сендердi Киелi Рухқа және отқа Ол сендердi Киелi Рухқа және отқа** шомылдырады.

17Ол бидайды желпушiге ұқсайды: күрегi қолында, қырманын тазартып, бидайын жинап, қамбасына құяды, бiрақ қауызын тозақтың сөнбес отына жағады!


18Жақия халыққа тағы басқа да насихат айтып, Iзгi хабарды жариялап жүрдi.


19Алайда Жақия аймақ әкiмi Иродтың туған бауырының әйелi Иродияны тартып алғанын және өзге де көптеген жаман қылықтарын әшкерелегендiктен,

20Ирод бұрынғы зұлымдықтары аз болғандай бұған қоса Жақияны түрмеге жаптырды да.

Құдайдың шомылдыру рәсiмiнен өткен Мәсiхке ризашылығын бiлдiруi


21Қалың жұрт шомылдыру рәсiмiнен өтiп жатқан кезде Иса да сол рәсiмнен өттi. Ол мiнажат еткенде көк ашылып,

22көгершiн бейнесiндегi Киелi Рух Оның үстiне қонды. Көктен: «Сен Менiң сүйiктi рухани Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!» — деген дауыс шықты.

Жүсiптiң ата-тегiнiң шежiресi


23Иса Өзiнiң қызметiн бастаған кезде жасы шамамен отызда едi. Жұрттың ойынша Ол Жүсiптiң ұлы болатын. Ал Жүсiптiң шыққан ата-тегi мынау: Жүсiп Елiден,

24Елi Маттаттан, Маттат Леуiден, Леуi Мәлкiден, Мәлкi Жанайдан, Жанай Жүсiптен,

25Жүсiп Мататиядан, Мататия Амостан, Амос Нағұмнан, Нағұм Еслiден, Еслi Нағайдан,

26Нағай Мақаттан, Мақат Мататиядан, Мататия Семейден, Семей Жүсiптен, Жүсiп Яһудадан,

27Яһуда Жохананнан, Жоханан Ресадан, Реса Зоробабелден, Зоробабел Салателден, Салател Нерiден,

28Нерi Мәлкiден, Мәлкi Аддидан, Адди Қосамнан, Қосам Елмодамнан, Елмодам Ерден,

29Ер Ешуадан, Ешуа Елiезерден, Елiезер Жорымнан, Жорым Мататтан, Матат Леуiден,

30Леуi Шимеоннан, Шимеон Яһудадан, Яһуда Жүсiптен, Жүсiп Жонамнан, Жонам Елiәкiмнен,

31Елiәкiм Мелеадан, Мелеа Менаннан, Менан Мататадан, Матата Натаннан, Натан Дәуiттен,

32Дәуiт Есейден, Есей Ғабиттен, Ғабит Боғоздан, Боғоз Салмоннан, Салмон Нағасоннан,

33Нағасон Әминадаптан, Әминадап (Админнан, Админ Арнидан,

34Яһуда Жақыптан, Жақып Ысқақтан, Ысқақ Ыбырайымнан,

35Нахор Серуктен, Серук Рәгуден, Рәгу Пелектен, Пелек Еберден, Ебер Шелахтан,

36Шелах Қайнаннан, Қайнан Арпақсаттан, Арпақсат Шамнан, Шам Нұхтан, Нұх Ләмехтен,

37Ләмех Мәтусаладан, Мәтусала Енохтан, Енох Иәреттен, Иәрет Мақалалелден, Мақалалел Қайнаннан,

38Қайнан Еностан, Енос Сеттен, Сет Адам атадан тарады, ал Адам атаны Құдай жаратқан.

4

Исаның айдалада сынақтан өтiп, әзәзiлдi жеңiп шығуы


1Киелi Рухқа кенелген Иса Иорданнан қайтқанда Киелi Рух Оны айдалаға апарып тастады.

2Сол жерде әзәзiл шайтан Оны қырық күн бойы сынады. Иса сол күндерi еш нәр татпай, осы мерзiм аяқталған кезде әбден ашықты.


3Сонда шайтан Оған:

— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тас нанға айналсын деп бұйыра гөр, — дедi.

4Иса оған жауап қатып:

— Киелi жазбада «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың әрбiр сөзiмен өмiр сүредi» деп жазылған ғой! — дедi.


5Бұдан кейiн шайтан Оны ертiп биiк бiр жерге шығарып, әп-сәтте әлемнiң барлық мемлекеттерiн көрсетiп:


6— Осы мемлекеттердiң бүкiл билiгiн, олардың сән-салтанатын Саған беремiн. Бұл билiк маған тапсырылған, оны көңiлiм қалағанға беремiн.

7Сонымен маған ғибадат етсең бәрi де Сенiкi болады, — дедi.

8Иса оған былай жауап қатты:

— (Кет қасымнан, шайтан!) «Құдай Иеңе ғибадат етiп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп жазылған ғой!


9Сонда шайтан Оны Иерусалим қаласына апарып, ғибадатхананың төбесiне шығарып, былай дедi:

— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына жерден төмен қарай секiре гөр!


10Өйткенi Киелi жазбада «Перiштелерiне Ол Сенi қорғауға бұйрық бередi.

11Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшiн олар Сенi қолдарына көтерiп алып жүредi» деп жазылған ғой. —

12Иса оған жауап қайтарып:

— «Құдай Иеңдi еркiнсiп сынама!» деп айтылған ғой! — дедi.


13Шайтан барлық сынақтарын бiтiрген соң уақытша Оның қасынан кетiп қалды.

Исаның Ғалилеяда Iзгi хабарды жариялауы, ал Назарет халқының қиқарлық танытуы


14Киелi Рухтың құдiретiне кенелген Иса Ғалилеяға қайтып келдi. Ол туралы хабар бүкiл төңiрекке тарап кеттi.

15Иса мәжiлiсханаларда жұртқа тәлiм берiп, бәрi Оны мадақтады.


16Өзi өскен Назарет қаласына келген соң Иса әдетiнше демалыс күнi мәжiлiсханаға барды. Киелi жазбалардан оқып беру үшiн орнынан тұрғанда

17Оған Ишая пайғамбардың жазбасы берiлдi. Иса жазбаны ашып, мына жерiн тауып, жамағат алдында оқып бердi:

18«Жаратқан Ие Маған Өзiнiң Рухын қондырды. Менi жарлыларға Iзгi хабар жеткiзуге тағайындап, тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындарын жар салуға жiбердi. Менi езiлгендердi қанаудан азат етуге

19және Жаратқан Иенiң кешiрiм беретiн мейiрiмдiлiк жылын жариялауға да жiбердi».


20Иса жазбаны қайтадан орап, қызметшiге қайтарып бердi де, орнына отырды. Мәжiлiсханадағы бүкiл халық Оған көз тiктi. Иса:


21— Сiздер естiген осы сөздер бүгiн орындалды, — деп оларға уағыз айта бастады.

22Бәрi Оған ризашылық бiлдiрiп, аузынан шыққан ұнамды сөздерiне таңғалып,

— Мынау Жүсiптiң баласы емес пе? — деп сұрады.

23Иса оларға былай жауап бердi:

— Әрине Маған «Дәрiгер болсаң, өзiңдi емде» деген мәтелдi келтiрiп, «Қапарнаумда жасаған керемет iстерiң туралы естiдiк. Мына ата мекенiңде де сондайларды iсте!» дерсiздер.

24Сiздерге шындығын айтамын: өз елiнде ешбiр пайғамбардың қадiрi болмайды.

25Естерiңiзде болсын: Iлияс пайғамбардың тұсында үш жыл алты ай бойы ешқандай жауын жаумай, барлық жерде қатты ашаршылық болған кезде Исраил елiнде жесiр қалған әйелдер көп едi.

26Бiрақ Құдай Iлияс пайғамбарды солардың ешқайсысына емес, тек шетелдiк Сидон елiнiң Сарепта қаласындағы бiр жесiр әйелге жiбердi.

27Сондай-ақ Елiшә пайғамбардың тұсында алапеспен ауырған кiсiлер Исраилде көп едi. Бiрақ сириялық Нағыманнан басқа ешкiм ауруынан жазылған жоқ.


28Мұны естiгеннен кейiн мәжiлiсханадағы адамдардың бәрi қатты ашуланды.

29Орындарынан тұрып, Оны қаладан қуып шығып, қала тұрған таудың тiк жарынан құлатпақ болып төбесiне алып барды.

30Бiрақ Иса араларынан өтiп шығып, кетiп қалды.

Қапарнаумдағы аурулар мен жын қинағандардың дерттерiнен арылуы


31Содан Иса Ғалилеядағы Қапарнаум қаласына ылдилап барды. Сол жерде демалыс күнi халыққа тәлiм бердi.

32Ол Құдайдан келген ерекше билiкпен сөйлегендiктен жұрт Оның тәлiмiне қатты қайран қалды.


33Мәжiлiсханада жын соққан бiр кiсi де болды. Сол қатты дауыстап:


34— Тоқта, назареттiк Иса, бiзде нең бар? Бiздi құртуға келдiң ғой. Кiм екенiңдi бiлемiн: Сен Құдайдың Киелiсiсiң, — деп айқайлады.

35Бiрақ Иса жынға:

— Үнiңдi өшiр, шық одан! — деп қатаң бұйырды. Жын ол кiсiнi мәжiлiсхананың ортасына құлатып тастағанмен оған еш зиян келтiрместен денесiнен шығып кеттi!

36Барлық жұрт үрейлерi ұшып:

— Бұл не деген сөз? Ол жындарға билiкпен және құдiретпен бұйрық берiп, олар шығып кетедi ғой! — деп таңғалысты.

37Бұдан кейiн Иса туралы хабар төңiректегi барлық жерге жайылды.


38Мәжiлiсханадан шыққан соң Иса Шимонның үйiне барды. Соның қайын енесi безгекпен қатты ауырып, төсек тартып жатыр едi. Үйдегiлер Исадан оған көңiл бөлуiн өтiндi.

39Иса әйелдiң қасына барып, қызуға тыйым салды. Сонда қызуы басылып, әйел дереу орнынан тұрып, оларды күтiп қызмет ете бастады.


40Күн бата бүкiл жұрт әр түрлi науқастармен ауырған адамдарын Исаға алып келдi. Ол солардың әрқайсысының үстiне қолын қойып, сауықтырып жiбердi.

41Көп адамдардың бойындағы жындар шығып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың», — деп айқайлады. Өзiнiң Мәсiх екендiгiн бiлгендiктерiне бола Иса жындарға тыйым салып, сөйлетпей тастады.


42Таң атқанда Иса үйден шығып, оңаша бiр жерге барды. Халық Оны iздеп, қасына келiп:

— Бiздi тастап кетпеңiз, — деп, Оны тоқтатпақшы болды.

43Бiрақ Иса оларға:

— Құдай Патшалығы туралы Iзгi хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиiстiмiн. Мен сол үшiн осында жiберiлдiм, — дедi.


44Бұдан кейiн Ол Ғалилея аймағындағы мәжiлiсханаларда уағыз айтты.

5

Шәкiрттердiң керемет көп балық аулауы,


1Бiр күнi Иса Генесәрет көлiнiң жағасында тұрғанда, халық Құдай сөзiн тыңдау үшiн Оның қасына жиналып, иiн тiресiп тұрды.

2Иса көл жиегiнде тұрған екi қайықты көрдi, одан түскен балықшылар ауларын жуып жатты.

3Екi қайықтың бiрi Шимондiкi едi. Иса оған мiнiп, Шимоннан жағадан арырақ жүзiп барып тұруын сұрады да, отырып, қайық үстiнен халыққа тәлiм бердi.


4Сөзiн бiтiргеннен кейiн Шимонға:

— Көлдiң терең жерiне жүзiп барып, балыққа ау сал, — дедi.

5Шимон:

— Ұстаз, бiз түнi бойы еңбектенiп, түк ұстай алған жоқпыз! Бiрақ Сiз айтқан соң ауларды тағы да салып көрейiн, — деп жауап бердi.


6Ауларын салғанда өте көп балық ұстады, балықтың көптiгiнен аулары жыртыла бастады.

7Екiншi қайықтағы жолдастарын қол бұлғап, көмекке шақырды. Олар келiп, екi қайықты да балыққа толтырды: тiптi қайықтары суға бата бастады!

8Мұны көрген Шимон Петiр Исаның аяғына жығылып:

— Ием, қасымнан кете көрiңiз, мен күнәкар адаммын! — дедi.

9Себебi өзi де, қасындағылардың бәрi де осынша көп балық ұстағандарынан үрейлерi ұша аңтарылды.

10Шимонның серiктерi Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан да сондай күйде едi. Сонда Иса Шимонға:

— Қорықпа! Балық аулағаның сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетiн боласың, — дедi.


11Екi қайықты жағаға шығарғаннан кейiн олар бәрiн тастап, Исаға шәкiрт болып ердi.

Алапес адамның сауығуы


12Иса сол маңайдағы қалалардың бiрiнде болғанда үстi-басын алапес қаптаған адам келе жатты. Исаны көрген ол аяғына жығылып:

— Мырза! Егер қаласаңыз, менi құлантаза сауықтыра аласыз, — деп жалбарынды.

13Иса қолын созып, денесiне тигiздi де:

— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — дедi. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесiнен арылды.

14Иса оған мынадай бұйрық бердi:

— Бұл туралы ешкiмге де тiс жарушы болма! Бiрақ дiни қызметкерге барып, қарал. Содан кейiн тазаруың үшiн Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенiң сауыққаныңның дәлелi болады, — дедi.


15Алайда Иса туралы хабар бұрынғыдан да бетер тарап кеттi. Көптеген халық Оны тыңдап, ауруларынан жазылу үшiн ағылып келiп жатты.

16Ал Иса жиi елсiз далаға кетiп, мiнажат етiп жүрдi.

Бiр мүгедектiң сауығып, күнәларының кешiрiлуi


17Бiр күнi Иса тәлiм берiп отырғанда Ғалилея мен Яһудея аймақтарының барлық ауылдарынан әрi Иерусалим қаласынан келген парызшылдар және Таурат заңын үйретушi ғұламалар Оның қасында отырды. Иса Жаратқан Иенiң ауруларды сауықтыратын құдiретiне кенелген едi.


18Сол кезде бiрнеше кiсi сал болып ауырған бiр адамды төсенiшiмен көтерiп алып, Исаның алдына апару үшiн үйге кiргiзейiн деп жатты.

19Халықтың көптiгiнен iшке кiруге жол таба алмаған олар үйдiң сыртқы сатысымен үстiне шығып, жалпақ төбесiн ашты. Сол жерден сал адамды жатқан төсенiшiмен ортаға, Исаның алдына түсiрдi.


20Олардың сенiмiн көрген Иса сал адамға:

— Пендем, сенiң күнәларың кешiрiлдi, — дедi.


21Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар:

— Құдайды қорлайтын Бұл кiм Өзi? Күнәларды жалғыз Құдайдан басқа кiм кешiре алады? — деп ойланып қалды.

22Олардың осылай ойлағандарын ұға қойған Иса:

— Неге бұлай ойлайсыздар?

23Қайсысын айту оңайырақ: «Сенiң күнәларың кешiрiлдi!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме?

24Ал көктен келген Менiң жер бетiнде күнәларды кешiруге билiгiм бар екендiгiн бiлулерiңiз үшiн..., — деп, сал адамға қарап: — Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенiшiңдi жинап алып, үйiңе бар! — дедi.


25Ауру адам олардың көзiнше дереу тұрды да, жатқан төсенiшiн жинап алып, Құдайды мадақтап үйiне кеттi!

26Осыны көргендердiң бәрi қатты қайран қалып, үрейлендi: «Бiз бүгiн ғажап iстер көрдiк!» — десiп, Құдайға мақтау айтты.

Салықшы Матай Леуiнiң шәкiрттерге қосылуы


27Осыдан кейiн Иса сыртқа шығып, салық кеңсесiнiң қасында отырған Леуi есiмдi салық жинаушыны көрiп, оған: «Соңымнан ер!» — дедi.

28Леуi орнынан тұрып, бар нәрсесiн тастап, Исаға шәкiртi болып ердi.


29Кейiн Леуi үйiнде Исаға арнап үлкен қонақасы бердi. Сонда көптеген салық жинаушылар және басқалар да Исамен дастарқандас болды.

30Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар күңкiлдеп, Исаның шәкiрттерiне:

— Неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бiрге тамақ iшiп-жеп отырсыңдар?! — деп наразылық бiлдiрдi.

31Иса оларға былай деп жауап бердi:

— Дәрiгер денi сауға емес, ауру адамға қажет.

32Мен «әдiлдердi» емес, күнәкарларды терiс жолдан қайтуға шақыру үшiн келдiм.

Той басталды!


33Әлгi дiншiлдер Исаға:

— Жақияның шәкiрттерi жиi ораза ұстап мiнажат етедi, парызшылдардың шәкiрттерi де солай iстейдi. Ал Сiздiң шәкiрттерiңiз неге ораза ұстамай-ақ тамақ iшедi? — дедi.

34Иса оларға астарлап жауап берiп:

— Күйеу жiгiт қастарында болғанда тойға келгендерге ораза ұстатып қоюға бола ма?


35Бiрақ та «Күйеудi» қастарынан алып кететiн күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады, — дедi.


36Оларға тағы да астарлап былай дедi:

— Жаңа киiмнен жамау жыртып алып, ескi киiмге жамамас. Олай етсе, жаңа киiм жыртылып, жамау ескiге жараспас та едi.


37Сондай-ақ, жас шарапты ескi торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетедi, торсық та бүлiнедi.

38Керiсiнше, жас шарапты жаңа торсыққа құю керек. (Сонда екеуi де аман қалады.)

39Ал ескi шарапты iшкен әркiм: «Ескiсi жақсырақ», — деп жаңасын сұрамайды.

6

Дiни демалыс күнi жайындағы мәселе


1Бiр демалыс күнi Иса егiндiк арасымен өтiп бара жатқанда, шәкiрттерi бiраз масақ үзiп алып, қолмен үгiп жедi.

2Кейбiр парызшылдар:

— Сендер демалыс күнi iстеуге тыйым салынған жұмысты неге iстеп жүрсiңдер?! — деп наразылық бiлдiрдi.

3Иса оларға былай деп жауап қайырды:

— Дәуiт пайғамбар мен оның қасындағылар ашыққан кезде не iстегенiн оқымап па едiңдер?

4Ол Құдайдың киелi үйiне кiрiп, дiни қызметкерлерден басқа ешкiмге жеуге болмайтын, тарту ретiнде ұсынылған нандарды алып, өзi де жеп, қасындағыларға да бердi емес пе? —

5Бұдан кейiн Иса: — Көктен келген Мен демалыс күнiнiң де Иесiмiн, — деп қорытты.


6Иса басқа бiр демалыс күнi мәжiлiсханаға барып, тәлiм берiп отырған едi. Сол жерде оң қолы семiп қалған бiр адам да болды.

7Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар Исаны айыптайтын сылтау табуға тырысып, Ол демалыс күнi болса да ауруларды сауықтырар ма екен деп аңдыды.

8Бiрақ осындай ойларын бiлген Иса қолы семген адамға: «Түрегелiп, ортаға шықшы!» — дедi. Ол тұрып, ортаға шықты.

9Сонда Иса оларға былай дедi: «Сендерден сұрап тұрмын, демалыс күнi қайсысын iстеуге болады: жақсылықты ма не жамандықты ма? Бiреудiң жанын құтқаруды ма немесе құртуды ма?» —

10Иса айналасында отырғандардың бәрiне қарады да, әлгi кiсiге: — «Қолыңды созшы!» — дедi. Сол адам семiп қалған оң қолын созғанда ол бұрынғы сап-сау қалпына келдi.


11Ал ана дiншiлдер болса қатты ашуланып, Исаға қарсы не iстесек екен деп өзара ақылдасты.

Исаның Iзгi хабарды тарататын он екi елшiсiн таңдауы


12Сол күндерi Иса мiнажат ету үшiн тауға шығып, түнi бойы сиынумен болды.

13Таң атқан соң шәкiрттерiн қасына шақырып, араларынан он екiсiн таңдап алды да, оларды елшiлер деп атады.

14Олар: Өзi Петiр деген жанама ат қойған Шимон және оның iнiсi Әндiр, Жақып пен Жохан, Фiлiп пен Барталмай.

15Матай мен Тома, Әлпей ұлы Жақып пен жұрт Дiншiл деп атаған Шимон,

16Жақып ұлы Яһуда және кейiн Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.

Исаның бiр тау беткейiндегi уағызының басталуы


17Иса олармен бiрге таудан төмен түсiп, беткейдегi бiр жазыққа келдi. Оның қасына көптеген шәкiрттерi және бүкiл Яһудея аймағынан, Иерусалим қаласынан және Жерорта теңiзi жағалауындағы Тир мен Сидон аймақтарынан келген көп халық жиналды.

18Олар Исаны тыңдауға және ауруларынан сауығуға келгендер болатын. Жын қинаған адамдар да келiп, жындарынан арылып кетiп жатты.

19Бүкiл халық Исаға қолын тигiзуге ұмтылды, себебi Одан құдiрет шығып, бәрiн де сауықтырып жатты.

Шынайы бақыт және қасiрет


20Сол кезде Иса шәкiрттерiне қарап былай дедi:

— Жарлылар, сендер бақыттысыңдар;

Құдайдың Патшалығы өздерiңе арналған!


21Қазiр ашыққандар, сендер бақыттысыңдар:

себебi тойынатын боласыңдар!

Қазiр қайғырып жылағандар, сендер бақыттысыңдар:


себебi қуана күлетiн боласыңдар!



22Адамдар көктен келген Маған бола

сендердi жек көрiп, орталарынан аластатып,


қорлап, аттарыңа кiр келтiрсе, бақыттысыңдар:



23сол күнi қуана секiрiп шаттаныңдар,

себебi көкте сендердi зор сыйларың күтiп тұр!


Солардың ата-бабалары бұрынғы пайғамбарларға да солай iстеген.


24Алайда, байлар, сендер қасiретке қаласыңдар:

себебi рақаттың дәмiн толығымен татып келдiңдер!



25Қазiр қарны тоқтар, қасiретке қаласыңдар:

сендер ашығатын боласыңдар!


Қазiр күлгендер, қасiретке қаласыңдар:


сендер еңiреп жылайтын боласыңдар!



26Егер барлық жұрттан мақтау естiп жүрсеңдер,

қасiретке қаласыңдар:


олардың ата-бабалары жалған пайғамбарларға да солай iстеген.


Жауларын жақсы көру


27Бiрақ, Менi тыңдаушылар, сендерге айтамын:

жауларыңды жақсы көрiңдер!


Өздерiңдi жек көретiндерге жақсылық жасап,



28қарғайтындарға игiлiк тiлеп,

өкпелететiндер үшiн Тәңiр Иеге сиынып мiнажат етiңдер!



29Бетiңнiң бiр жағын ұрғанға

екiншi жағыңды да тос!


Шапаныңды тартып алғанның


көйлегiңдi де алуына кедергi жасама!


30Сұраған әркiмге мұқтажын бер,

өзiңдiкiн тартып алғаннан оны қайта сұрама!



31Адамдар өздерiңе қалай iстесiн десеңдер,

сендер де оларға солай iстеңдер!



32Егер өздерiңдi жақсы көргендердi ғана жақсы көрсеңдер, сол үшiн Тәңiрден қандай сый алмақсыңдар? Өздерiн жақсы көргендердi күнәкарлар да жақсы көредi.


33Егер өздерiңе жақсылық iстегендерге ғана жақсылық iстесеңдер, сол үшiн қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да iстейдi.


34Егер сол кiсiден қайтарып алармын деген үмiтпен қарыз берсеңдер, ол үшiн қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерiн түгелдей қайтарып алу үшiн күнәкарлар да өзi сияқтыларға қарыз бередi.


35Бiрақ сендер жауларыңды да жақсы көрiңдер! Жақсылық iстеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз берiңдер! Сонда көктегi сыйларың зор болып, Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тiптi рақмет айтуды бiлмейтiндер мен жамандарға да мейiрiмдi.

36Сонымен көктегi Әкелерiң қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар!

Басқаларды айыптауға асықпау


37Басқаларға үкiм айтпаңдар, сонда сендерге де үкiм шығарылмайды. Айыптамаңдар, әйтпесе өздерiң де айыпталасыңдар, кешiрiңдер, сонда сендер де кешiрiлесiңдер.


38Берiңдер, сонда сендерге де берiледi: шайқап, нығыздап толтырып, тасып-төгiлген мөлшерде салып берiледi. Қандай өлшемдi қолдансаңдар, Құдай сендерге де сонымен өлшеп бередi.


39Иса оларға астарлап тағы былай дедi:

— Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Екеуi де орға құлап түспей ме?

40Шәкiртi ұстазынан жоғары емес. Ал бiлiмiн жетiлдiрген әркiм өз ұстазындай болады.


41Неге бауырыңның көзiндегi тiкендi көре тұра, өз көзiңдегi бөрененi байқамайсың?

42Өз көзiңдегi бөрененi көрместен: «Бауырым, кәне, көзiңнен тiкендi алып тастайын» деп қалай айта аласың? Әй, екi жүздi! Әуелi өз көзiңнен бөрененi алып таста, бауырыңның көзiндегi тiкендi содан кейiн анық көрiп, алып тастарсың.

Ағаш жемiсiмен, адам iсiмен танылар


43Жаман жемiс беретiн жақсы ағаш жоқ, жақсы жемiс беретiн жаман ағаш та жоқ.

44Әр ағаш өзiнiң жемiсiмен танылар: «шомырттан өрiк, жабайы бұтадан жүзiм жиналмас».

45Iзгi адам жан дүниесiндегi игiлiктi қазынадан игiлiк алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесiнен арамдық алып шығады. Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар.

Берiк негiз бен тайғақ негiз


46Егер сендер айтқанымды орындамасаңдар, несiне Менi «Мырза, Ие!» дейсiңдер?

47Маған келiп, айтқандарымды тыңдап, орындаған әркiмнiң қандай адамға ұқсайтынын сендерге айтайын:

48ол жердi терең қазып, iргетасын жартасқа қалап, үй салған адамға ұқсайды. Сел басып, тасыған өзен бұл үйдi соққылағанда оны қозғалта алмады. Себебi оның iргетасы жартасқа қаланған едi.


49Алайда айтқандарымды естiсе де, орындамаған кiсi үйiн iргетассыз жай жерге салған адамға ұқсайды. Тасыған өзен бұл үйдi соққылағанда ол сол заматта-ақ опырылып құлап, тас-талқан болады.

7

Римдiк жүзбасының зор сенiмi


1Өзiн тыңдап тұрған халыққа барлық сөзiн айтып бiтiргеннен кейiн Иса Қапарнаум қаласына кiрдi.

2Бiр римдiк жүзбасының жақсы көретiн қызметшiсi ауырып, хал үстiнде жатқан едi.

3Жүзбасы Иса туралы хабар алған болатын. Сол себептi келiп, қызметшiсiн сауықтырып құтқаруын өтiну үшiн Исаға яһудилердiң бiрнеше ақсақалдарын жiбердi.

4Олар Исаның қасына келгенде жалбарына өтiнiп: «Жүзбасы жәрдем беруiңiзге тұратын кiсi.

5Елiмiздi жақсы көредi, тiптi бiзге мәжiлiсхана да салып бердi», — дедi.


6Иса олармен бiрге жүрдi. Ол үйге жақындап қалғанда, шетелдiк жүзбасы Оған достарын жiберiп, мынаны айтқызды:

— Келiп әуре болмай-ақ қойыңыз, Мырза. Мен Сiздiң шаңырағымның астына келуiңiзге лайық емеспiн.


7Сондықтан да өзiмнiң Сiзге келуiмдi жөн көрмедiм. Тек бiр сөз айтсаңыз болды, қызметшiм сауығып кетедi.

8Мұны бiлемiн, себебi мен де бiреудiң қол астындамын, өзiме бағынышты жасақшыларым да бар. Бiреуiне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келедi, қызметшiме: «Мынаны iсте!» дегенiмде, ол соны орындайды.


9Мұны естiген Иса таңғалып, соңынан ерiп келе жатқан халыққа бұрылып: «Сендерге шындығын айтайын: Маған осындай сенiм артқан кiсi Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!» — дедi.


10Жiберiлгендер жүзбасының үйiне қайтып келгенде ауру қызметшiсiнiң сауығып кеткенiн көрдi.

Жесiр әйелдiң өлген баласының тiрiлуi


11Бiраздан кейiн Иса Наин атты қалаға барды. Оған шәкiрттерi және көп халық ерiп жүрдi.

12Иса қала қақпасына жақындаған кезде жұрт бiреудiң сүйегiн жерлеуге алып шығып келе жатты. Бұл бiр жесiр әйелдiң жалғыз ұлы екен. Жесiрге қаладан көп халық iлесiп шығып келе жатты.


13Иемiз Иса әйелдi көргенде оған жаны ашып: «Жыламаңыз!» — дедi.

14Жақындап келiп, табытқа қолын тигiздi. Табыт көтергендер тоқтағанда Ол: «Балам, саған айтамын, түрегел!» — дедi.

15Сонда өлген жiгiт түрегелiп отырып, сөйлей бастады! Иса оны шешесiне табыс еттi.


16Жұрттың бәрiн үрей биледi. Олар: «Арамыздан ұлы Пайғамбар шықты!» «Құдай өз халқына игiлiк iстеуге келдi!» — деп Құдайды мадақтады.

17Иса туралы осындай әңгiме бүкiл Яһудея аймағына және барлық төңiрекке тарап кеттi.

Жақия пайғамбардың сұрағы


18Бұл туралы Жақия пайғамбар шәкiрттерiнен хабар алып тұрды.

19Жақия олардың екеуiн шақырып алды да, Иемiз Исаға жiберiп, Одан: «Келетiнi ежелден-ақ уәде етiлген Құтқарушымыз шынымен Сiз бе? Әлде басқа бiреудi күтуiмiз керек пе?» — деп сұратты.

20Олар Исаға келiп:

— Шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия бiздi: «Келетiнi ежелден-ақ уәде етiлген Құтқарушымыз шынымен Сiз бе? Әлде басқа бiреудi күтуiмiз керек пе?» деп сұрауға жiбердi, — дедi.

21Сол сәтте Иса көптеген адамдарды ауру-сырқауларынан сауықтырып, жындарынан арылтып, көп зағиптарға рақым етiп көздерiн ашып жатты.


22Сонда Иса жiберiлген кiсiлерге:

— Сендер көрiп-естiгендерiңдi Жақияға барып, айтып берiңдер: зағиптар көрiп, сал болғандар жүрiп, алапестер құлан-таза сауығып, саңыраулар естiп, өлгендер қайта тiрiлiп, жарлыларға Iзгi хабар жарияланып жатыр.

23Ал Маған деген сенiмiнен бас тартпаған әркiм бақытты! — дедi.


24Жақияның жiберген адамдары қайтып кеткеннен кейiн, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады:

— Сендер айдалаға не көруге бардыңдар? Жел тербеткен бiр қамысты ма? (Жақия ондай емес!)

25Тегi, не көруге бардыңдар? Қымбат киiм киген бiреудi ме? Жоқ, қымбат киiм киiп, молшылықта өмiр сүрiп жатқандар патша сарайларында тұрады ғой.

26Сонда не көруге бардыңдар? Бiр пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын, Жақия тiптi пайғамбардан да артық!

27Құдайдың Киелi жазбадағы мына тәрiздi сөздерi Жақияның өзiн алдын ала бiлдiрген едi: «Бiлiп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жiберемiн. Ол жүретiн жолыңды дайындап қояды».

28Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының iшiнде Жақиядан жолы үлкен ешкiм болған емес. Бiрақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онiкiнен үлкен.


29Мұны тыңдаған бүкiл халық, тiптi салықшылар да Құдайдың әдiлдiгiн мадақтады. Олар Жақия орындаған шомылдыру рәсiмiнен өткен болатын.

30Алайда парызшылдар және Таурат заңын үйретушi ғұламалар бұл рәсiмнен өтпей, Құдайдың өздерiне арнаған мақсатын қабылдамады.


31Иемiз Иса тағы былай дедi:

— Ендеше қазiргi ұрпақтың кiсiлерiн кiмге ұқсатайын, олар кiмге ұқсас?

32Олар қырсық балалар сияқты далада отырып, бiр-бiрiне айқайлап:

«Сендер үшiн сыбызғы тартсақ та, би билемедiңдер,


Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңiремедiңдер!»



33Өйткенi шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия пайғамбар келгенде кәдiмгi тамақтарды iшiп-жемедi. Сендер оны «жынды» дейсiңдер.

34Ал Мен, көктен келген Билеушi, кәдiмгi тамақтарды iшiп-жеймiн. Сонда сендер: «Мынау тамақ жеп, шарап iшудi жақсы көредi, әрi салықшылармен, күнәкарлармен дос!» деп жамандайсыңдар.

35Алайда даналық оны қабылдағандардың iстерiмен ақталады, — дедi.

Парызшыл кiсi және күнәкар әйел


36Бiрде парызшылдар тобының бiр мүшесi Исаны тамаққа шақырды. Ол парызшылдың үйiне келiп, дастарқан басына жантайды.

37Қалада тұратын бiр күнәкар әйел Исаның парызшылдың үйiнде дастарқан басында отырғанын естiп, иiсмайға толған мөлдiр тас құтысын алып келдi.

38Исаның аяқ жағында тұрып, жылай бердi де, көз жасын Оның аяғына төгiп, шашымен сүрте бастады. Сосын аяқтарын сүйiп, үстiне иiсмай құйды.


39Исаны қонаққа шақырған парызшыл мұны көргенде iштей: «Егер Бұл нағыз пайғамбар болса, Өзiне қолын тигiзгеннiң кiм екенiн және қандай әйел екенiн бiлер едi. Ол күнәкар қатын ғой», — дедi.

40Иса оған:

— Шимон, саған айтайын деген бiр ауыз сөзiм бар, — деп үн қатты.

— Айта берiңiз, Ұстаз! — дедi ол.

41Сонда Иса:

— Қарыз берушi бiр адамның екi кiсiде ақшасы болыпты. Олардың бiреуi бес жүз күмiс теңгеге, ал екiншiсi елуге борышты екен.


42Олардың қарызын қайтаратын еш нәрселерi болмағандықтан, сол адам екеуiнiң де қарызын кешiптi. Айтшы, кәне, бұлардың қайсысы оны көбiрек жақсы көредi? — деген сұрақ қойды.

43Шимон:

— Көбiрек қарызы кешiрiлгенi деп ойлаймын, — дедi. Иса оған:

— Дұрыс айттың, — дедi.

44Содан әйелге бұрылып, Шимонға тағы былай дедi:

— Мына әйелдi көрiп тұрсың ба? Мен үйiңе кiргенде, сен Маған аяғымды жуатын су бермедiң. Ал ол көз жасын аяғыма төгiп, шашымен сүрттi.

45Сен Менi сүймедiң. Ал ол Мен келгеннен берi аяғымды тоқтамастан сүйiп отыр.

46Сен басыма май құйып құрмет көрсетпедiң. Ал ол тiптi аяғыма иiсмай құйды.

47Сондықтан саған айтамын: оның көптеген күнәлары кешiрiлдi, бұл оның зор сүйiспеншiлiгiнен көрiнiп тұр. Ал кiмге аз кешiрiлсе, сол аз жақсы көредi де. —

48Және әйелге: — Сенiң күнәларың кешiрiлдi! — дедi.


49Сонда Исамен бiрге дастарқан басында жантайған кiсiлер iштерiнен: «Күнәларды да кешiретiн Бұл кiм Өзi?» — деп ойлады.

50Бiрақ Иса әйелге:

— Сен сенiмiң арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — дедi.


8

Мәсiхтiң жолына түскен әйелдер


1Бұдан кейiн Иса қалалар мен ауылдарды аралап, уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы Iзгi хабарды жариялады. Оған он екi елшiсi

2және көптеген әйелдер ерiп жүрдi. Бұлардың бiрнешеуiн Иса қинаған жындарынан арылтып, ауруларынан сауықтырған болатын. Олар жетi жынынан арылған мағдалалық Мәриям,

3Иродтың сарай басқарушысы Қузаның әйелi Жоханна, Сузанна және көптеген басқалары. Олар қолдарындағы барымен Исаға және шәкiрттерiне қызмет көрсеттi.

Құдай сөзiне құмар болып тұру керек:


4Көп қалалардың тұрғындары Исаның қасына келiп, үлкен топ жиналған едi. Иса оларға мына астарлы әңгiменi айтып бердi:


5— Бiр диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуiп жүргенде дәндердiң кейбiреулерi жол бойына түсiп, тапталып қалады. Құстар ұшып келiп, шоқып, жеп қояды.

6Бiраз тұқым тастақ жерге түседi. Көктеп шыққаннан кейiн ылғал жетпегендiктен қурап қалады.

7Кейбiр дәндер тiкен арасына түседi. Бiрге өскен тiкендер оларды тұншықтырып, өсiрмей тастайды.

8Ал кейбiреулерi құнарлы топыраққа түседi. Бұлар өсiп, жүз еседен өнiм бередi. — Мұны айтқаннан кейiн Иса дауыстап: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — дедi.


9Сонда шәкiрттерi Исадан:

— Бұл астарлы әңгiменiң мағынасы қалай? — деп сұрады.

10Иса оларға былай дедi:

— Құдай өз Патшалығы туралы сырларды бiлудi сендерге бұйырған. Бiрақ басқалар көрiп тұрса да шынымен көрмесiн, естiп тұрса да түсiнбесiн деп, оларға сол құпиялар астарлы әңгiмелер арқылы айтылады.


11Ал әңгiменiң мағынасы мынадай: тұқым Құдайдың Iзгi хабарын бiлдiредi.

12Жол бойына түскендерi Iзгi хабарды былай тыңдайтын адамдарды бейнелейдi: оларға әзәзiл шайтан келiп, сенбесiн, құтқарылмасын деп, жүректерiне қонған сөздердi ұрлап алып кетедi.


13Ал тастақ жерге түскендерi мынаны көрсетедi: адамдар Iзгi хабарды естiген бойда оны қуанышпен қабылдайды, бiрақ тамыр жаймағандықтан уақытша ғана сенедi. Олар сынақтан өтiп жүрген кезде сенiмдерiнен безiп кетедi.


14Тiкен арасына түскен дәндер болса, мынаны бiлдiредi: адамдар Iзгi хабарды естидi. Алайда былай шыға бере, тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлық пен ләззаттың қызығына алданады. Осылайша Iзгi хабар ескерусiз қалып өнiмi пiсiп үлгермейдi.


15Ал құнарлы топыраққа себiлген тұқым мынаны бейнелейдi: бiрсыпыра адам Құдайдың хабарын тыңдап, iзгi, таза жүректерiнде сақтап, шыдамдылықпен өнiм бередi.


16Ешкiм шам жаққан соң оны ыдыспен бүркемейдi, не төсек астына да қоймайды. Қайта, үйге кiргендерге жарығы түсу үшiн шам қойғышқа қояды.

17Себебi мәлiм болмайтын ешбiр сыр, жарыққа шығып, жария болмайтын ешбiр құпия жоқ.


18Сондықтан қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар! Өйткенi кiмде бiраз түсiнiк бар болса, соған тағы көбiрек берiледi, ал кiмде жоқ болса, оның өзiмде бар дегенi де одан алынып қойылады, — дедi Иса.

Мәсiхтiң шын мәнiндегi туысқандары


19Исаның шешесi мен туған бауырлары келiп, халықтың көптiгiнен Оған жақындай алмады.


20Бiреу Исаға: «Сыртта шешеңiз бен бауырларыңыз келiп, Сiзбен жолығамыз деп тұр» — дедi.

21Алайда Иса:

— Құдай сөзiн тыңдап, орындаушылар ғана Маған шеше мен бауырлар iспеттi! — деп жауап қайырды.

Қатты дауыл


22Бiр күнi Иса шәкiрттерiн ертiп қайыққа мiнiп: «Көлдiң арғы бетiне өтейiк», — дедi. Осылай олар жағадан аттанды.

23Жүзiп бара жатқанда, Иса ұйықтап қалды. Сол кезде тау жақтан қатты дауыл көтерiлiп, көлге соқты. Қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. Оларға зор қауiп төндi.

24Шәкiрттерi Исаға жақындап, Оны оятып:

— Ұстаз! Ұстаз! Құритын болдық! — деп айқайлады. Иса орнынан тұрып, жел мен судың долдануына тыйым салды. Олар басылып, тыныштық орнады.

25Иса шәкiрттерiне:

— Сенiмдерiң қайда? — дедi. Олар үрейленiп, аң-таң болып, бiрiне-бiрi: «Тiптi желге де, суға да бұйрық беретiн Бұл кiм Өзi? Олар Оған бағынады ғой!» — дестi.

Ғадарадағы жын қинаған кiсiнiң одан босатылуы


26Сонымен Иса мен шәкiрттерi Ғалилея аймағының қарсы бетiндегi Ғадара өңiрiне жүзiп жеттi.

27Иса жағаға шығысымен-ақ Оған сол қалалық бiр кiсi кездесе кеттi. Жын соққан осы адам көп уақыттан берi киiм-кешек кимей, үйде емес, қабiрге арналған үңгiрлерде тұрып жүрген болатын.

28Ол Исаны көргенде айқай сала аяғына жығылды да, қатты дауыстап:

— Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса! Менде нең бар? Саған жалынамын: менi азаптай көрме! — дедi.

29Себебi Иса жынға: «Шық бұл кiсiден!» — деп бұйырған болатын. Жын сол адамды көптен берi қинап келген едi. Жұрт оны шынжырлармен және кiсендермен бұғаулап тастаса да, ол бұғауларын үзiп, жын оны айдалаға айдап кететiн едi.


30Иса одан:

— Атың кiм? — деп сұрағанда ол:

— «Үлкен топ», — дедi. Себебi сол адамға көптеген жындар кiрiп алған болатын.


31Олар Исадан: «Бiзге тұңғиық шыңырауға түсуге бұйыра көрме», — деп өтiндi.


32Сол жерде төбе беткейiнде үлкен бiр қора шошқа жайылып жүрген болатын. Жындар соларға енуге рұқсат сұрады. Иса жол бергенде

33жындар кiсiден шығып, әлгi хайуандарға ендi. Сонда олар құлама тiк жардан көлге қарғып, суға кетiп, қырылып қалды.


34Мұны көрiп тұрған бақташылары қашып кетiп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып бердi.

35Халық соны көру үшiн жолға шығып Исаға келдi. Олар жындары шыққан кiсiнiң ақыл-есi кiрiп, киiнiп, Исаның аяқ жағында отырғанын көргенде қорқып кеттi.

36Болған оқиғаны өз көздерiмен көргендер бұрын жын қинаған кiсiнiң қалай жазылғаны туралы әңгiмелеп бердi.

37Сонда Ғадара аймағының бүкiл халқы зәрелерi ұшып, Исадан: «Бiздiң жерiмiзден кете көрiңiз», — деп өтiндi. Ол қайыққа мiнiп, қайтып кеттi.


38Жындарынан арылған кiсi Исадан: «Сiзбен бiрге болайыншы», — деп сұраған едi. Бiрақ Иса:


39— Үйiңе қайтып, оларға Құдайдың өзiңе не iстегенiн айтып бер! — деп оны үйiне жiбердi. Әлгi адам барып, Исаның өзiне не iстегенiн бүкiл қалаға жариялады.

Мәсiхтiң ауруға және өлiмге деген үстемдiгi


40Иса көлдiң бер жағына қайтып оралғанда халық Оны қарсы алды; бәрi де Оны күтiп тұрған едi.

41Сонда мәжiлiсхананың Жайыр есiмдi жетекшiсi келiп, Исаның аяғына жығылды да, үйiне кiруiн өтiндi.

42Ол кiсiнiң он екi жас шамасындағы жалғыз қызы бар едi, сол өлiм аузында жатқан болатын. Иса Жайырдың үйiне бара жатқанда халық Оны жан-жақтан қаумалап қыспақтады.


43Тобырдың арасында он екi жыл бойы қан кетiп ауырған бiр әйел бар едi. Ол бар мал-мүлкiн дәрiгерлерге жұмсағанмен, бiреуi де оны емдеп жаза алмады.

44Әйел Исаның арт жағынан жақындап келiп, шапанының шетiне қолын тигiздi. Сол сәтте-ақ қаны тоқтады.

45Иса:

— Маған қолын тигiзген кiм? — деп сұрады. Елдiң бәрi де тигiзбедiк деген соң, Петiр мен оның қасындағылар:

— Ұстаз! Халық Сiздi қаумалап қыспақтап тұр, ал Сiз: «Маған қолын тигiзген кiм» дейсiз бе?! — дедi.

46Бiрақ Иса:

— Бiреу Маған қолын тигiздi! Өйткенi Менен бiраз сауықтыру құдiретiнiң шыққанын сездiм, — дедi.


47Әлгi әйел iстеген iсiн жасыра алмайтынын бiлген соң қалтырап-дiрiлдеп келiп, Исаның аяғына жығылды. Өзiнiң қандай себеппен қолын тигiзгенiн және сол сәтте-ақ қалай сауығып кеткенiн бүкiл халықтың алдында айтып бердi.

48Иса оған:

— Замандас, сенiмiң арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — дедi.


49Иса осыны айтып тұрғанда мәжiлiсхана жетекшiсiнiң үйiнен бiреу келiп, оған:

— Қызыңыздан айырылып қалдық. Ендi Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз, — деп хабарлады.

50Бiрақ Иса мұны естiп, Жайырға:

— Қорықпа, тек сенiмiң болсын, сонда қызың аман қалады, — дедi.


51Оның үйiне жеткенде Иса Петiр, Жохан, Жақып және қыздың әке-шешесiнен басқа ешкiмнiң үйге кiруiне рұқсат бермедi.

52Жұрттың бәрi жылап, жоқтау айтып тұрған едi. Алайда Иса: «Жыламаңдар, ол өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — дедi.

53Қыздың өлгенiн бiлетiн олар Исаның айтқанына күлдi.

54Бiрақ Ол (солардың бәрiн сыртқа шығарды да) қыздың қолынан ұстап тұрып, дауыстап: «Қызым, тұра ғой!» — дедi.

55Сонда қыздың жаны қайтып кiрiп, ол дереу орнынан тұрды! Иса: «Оған тамақ берiңдер», — деп бұйырды.

56Қыздың әке-шешесi қатты қорқып, қайран қалды. Ал Иса оларға бұл оқиға жайлы ешкiмге тiс жармауды ескерттi.

9

Исаның елшiлерiне тапсырма беруi


1Иса он екi елшiсiн қасына шақырып алып, оларға барлық жындарды қуып шығарып, ауруларды сауықтыратын құдiрет пен билiк бердi.

2Оларды Құдай Патшалығын уағыздап, науқастарды сауықтыруға жiберiп,

3былай дедi: «Жолға артық еш нәрсе алмаңдар, таяқ, дорба, нан, ақша, артық киiмдерiң болмасын.

4Қай үйге түссеңдер, сонда қонып, сол үйден жолға шығыңдар.

5Егер бiр жерде сендердi қабылдамаса, сол қаладан шығып кетiп бара жатқанда оларға ескерту болсын деп аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар».


6Елшiлер жолға шығып, ауыл-ауылды аралады. Әр жерде Iзгi хабарды жариялап, ауруларды сауықтырды.

Аймақ әкiмi Иродтың Иса жайындағы сұрағы


7Аймақ әкiмi Ирод (Антипас) Исаның iстегендерiнiң бәрiн естiп, абыржып аң-таң болды. Себебi кейбiр кiсiлер: «Бұл өлiмнен қайта тiрiлген Жақия екен» десе,

8басқалары: «Iлияс пайғамбар қайтып келiптi» дедi. Тағы басқалар: «Ертеде өмiр сүрген өзге пайғамбарлардың бiрi қайта тiрiлiптi», — деп болжады.

9Сонда Ирод: «Жақияның басын өзiм шаптырған едiм. Ал осы естiгендерiмдi iстеп жүрген бұл Кiсi кiм екен?» — деп, Оны көруге құмартты.

Мәсiхтiң бес мыңнан астам адамды тамақтандыруы


10Исаның жiберген елшiлерi қайтып келiп, жасаған iстерi туралы Оған баяндады. Иса оларды ертiп алып, Бетсайда деген қаланың маңындағы оңаша бiр жерге жөнелдi.

11Мұны бiлiп алған халық Оның соңынан iлестi. Иса оларды қабылдап, Құдай Патшалығы туралы уағыз айтып, ауруынан айығуға мұқтаждарды сауықтырды.


12Күн кеш бола бастағанда он екi елшiсi Исаның қасына келiп:

— Халықты таратып жiберiңiз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елдi мекендерге барып, жатар орын мен жейтiн тамақ тапсын. Мұнда құлазыған айдаладамыз ғой! — дедi.

13Бiрақ Иса:

— Оларға тамақты сендер берiңдер! — деп жауап қатты. Шәкiрттерi:

— Бiзде бес күлше нан мен екi кепкен балықтан басқа ештеңе жоқ. Әлде мына адамдардың бәрiне тамақ сатып алуға барайық па? — деп сұрады.


14Себебi сол жерде бес мыңдай ер адам болатын. Ал Иса шәкiрттерiне:

— Оларды елу-елуден топқа бөлiп, жайғастырып отырғыза берiңдер! — дедi.

15Шәкiрттерi бәрiн солай етiп отырғызды.

16Иса бес күлше нан мен екi кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкiршiлiк еттi. Халыққа тарату үшiн үзiп-үзiп, шәкiрттерiне бере бердi.

17Барлығы да жеп тойды. Соңында нан мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екi себет толды.

Иса — шынында Кiм?


18Бiр күнi Иса оңаша жерде мiнажат етiп отырғанда шәкiрттерi қасында болатын. Сонда Иса оларға мынадай сұрақ қойды:

— Жұрт Менi кiм деп жүр?

19Шәкiрттерi:

— Бiреулерi Сiздi шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия, ал басқалары Iлияс пайғамбар, тағы басқалары ежелгi пайғамбарлардың өзге бiреуi қайта тiрiлiптi деп жүр, — дедi.


20Сонда Иса:

— Ал сендер Менi кiм дейсiңдер? — деп сұрады. Петiр Оған жауап берiп:

— Сiз Құдай тағайындаған Мәсiхсiз, — дедi.


21Алайда Иса оларға бұл туралы ешкiмге тiс жармауды қатты ескертiп,

22тағы былай дедi:

— Көктен келген Билеушi, Мен, көп азап шегуге тиiспiн: рубасылар, басты дiни қызметкерлер және дiн мұғалiмдерi Өзiмнен бас тартып, Менiң өлтiрiлуiм, бiрақ содан кейiнгi үшiншi күнi қайта тiрiлуiм де қажет!

Мәсiх жолына толықтай бағышталу қажеттiгi


23Бұдан кейiн Иса халықтың бәрiне мынаны айтты:

— Маған ерiп шәкiртiм болғысы келген әркiм өз еркi бойынша өмiр сүруiн қойсын, әрi айқышын арқалаған кiсiдей азапты өлiмге күн сайын дайын болып Менiң жолыммен жүрсiн!*


24Себебi кiм өмiрiмдi сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмiрiн Мен үшiн қиған әркiм оны мәңгi аман сақтап қалады.

25Адам бүкiл дүниеге ие болып, сол себептi өзiн жойып жiберсе яки өзiне мәңгiлiк зиян келтiрсе, бұдан оған не пайда?

26Себебi кiм Менi және айтқан сөздерiмдi танудан бас тартса, Мен де Билеушi ретiнде Өзiмнiң, Әкемнiң және қасиеттi перiштелердiң салтанатты ұлылығымен көктен қайтып келген кезiмде сол адамды танудан бас тартамын.

Мәсiхтiң Патшалық салтанатымен үш елшiсiне көрiнуi


27«Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбiреулерiң Құдай Патшалығын өз көздерiңмен көрмей, өлмейсiңдер», — дедi Иса.


28Бұл сөздердi айтқаннан шамамен сегiз күн өткеннен кейiн Иса Петiр, Жохан мен Жақыпты ертiп алып, сиынып мiнажат ету үшiн бiр тау басына шықты.

29Иса сиынып жатқанда, Оның бет-әлпетi өзгерiске түсiп, киiмi аппақ болып найзағайдың отындай жалтырап тұрды.

30Мiне, екi адам Онымен сөйлесiп тұр. Бұлар (ежелде өмiр сүрген) Мұса пайғамбар мен Iлияс пайғамбар едi.

31Салтанатты ұлылықпен көрiнген екеуi Исаның Иерусалим қаласында (Құдайдың еркiн орындап) бұ дүниеден өтуге тиiстi екендiгi туралы айтты.


32Ал Петiрдi және қасындағы жолдастарын ұйқы басқан едi. Олар оянғанда Исаның салтанатты ұлылығын да, Онымен бiрге тұрған екi кiсiнi де көрдi.

33Сол екеуi Исаның қасынан кете бастағанда, Петiр Оған: «Ұстаз, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Бiреуiн Сiзге, бiреуiн Мұсаға, бiреуiн Iлиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп тiл қатты. Ол өзiнiң не айтқанын бiлген де жоқ.

34Петiр осыны айтып тұрған кезде-ақ бiр бұлт келiп, оларға көлеңкесiн түсiрдi. Бұлттың құшағына кiргенде шәкiрттер қорқып кеттi.

35Сонда бұлт iшiнен: «Бұл — Менiң таңдап алған рухани Ұлым. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.

36Дауыс шыққаннан кейiн Иса жалғыз Өзi қалды.

Ал шәкiрттерi осында көргендерi туралы сол күндерi ешкiмге де тiс жарып айтқан жоқ.

Жын азаптаған баланың сауығуы


37Келесi күнi Иса үш елшiсiмен таудан түскенде, Исаны қалың тобыр қарсы алды.

38Сол сәтте тобырдың арасынан бiреу дауыстап былай дедi:

— Ұстаз, Сiзден өтiнемiн: менiң ұлыма назар аудара көрiңiз! Ол жалғыз балам.

39Жыны ұстағанда, қапыда шыңғырып жiбередi. Жын оны қалтыратып, аузынан көбiгiн ағызып азаптап, одан зорға дегенде кетедi.

40Шәкiрттерiңiзден жынды шығарып тастаңдар деп өтiнген едiм, бiрақ қолдарынан келмедi. —

41Сонда Иса:

— Ей, сенбейтiн, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болып, сендерге төзбекпiн? Кәне, әкел мұнда ұлыңды! — дедi.

42Бала келе жатқанда жын оны жерге жығып, қалшылдатты. Иса жынға қатаң тыйым салып, баланы сауықтырып, әкесiне тапсырды.

43Бәрi де Құдайдың ұлы құдiретiне қайран қалды.

Мәсiхтiң Өзiнiң өлiп тiрiлетiнiн екiншi рет бiлдiруi

Бүкiл халық Исаның барлық iстерiне таңырқап тұрғанда, Ол шәкiрттерiне (өз басынан өткiзетiндерi туралы) былай дедi:

44«Бұл сөздерiмдi құлақтарыңа құйып алыңдар: көктен келген Билеушiнi адамдардың қолына ұстап бередi!»


45Шәкiрттерi Исаның осы айтқандарын түсiнбедi. Мәнi өздерiне жасырын болғандықтан ұға алмады. Алайда сол туралы Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады.

Мәсiх жолын қуушылардың ең үлкенi кiм?


46Шәкiрттердiң арасында: «Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?» — деген пiкiр туды.

47Олардың ойындағысын ұққан Иса бiр кiшкентай баланы алып, жанына тұрғызып қойып:


48— Кiм осындай сәбидi Менiң атымнан қабылдаса, соның Менi де қабылдағаны. Ал кiм Менi қабылдаса, оның Менi Жiбергендi де қабылдағаны. Естерiңде болсын: араларыңда ең кiшiк кiм болса, ең ұлыларың сол, — дедi.


49Сонда Жохан:

— Ұстаз, Сiздiң атыңыздан адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан бiреудi көрдiк. Оған тыйым салдық. Ол бiзбен бiрге Сiзге ерiп жүрген жоқ қой, — дедi.

50Иса Жоханға:

— Оған тыйым салмаңдар! Сендерге қарсы болмағанның сендерге жақтас болғаны, — деп жауап бердi.

Исаның Иерусалимге соңғы рет сапарға шығуы,


51Иса көкке көтерiлетiн күнi жақындаған кезде Иерусалимге баруға бел буды.

52Өзiнiң алдынан хабаршыларын жiбердi. Олар Исаға түнейтiн орын дайындау үшiн самариялық бiр ауылға барды.

53Бiрақ Иса Иерусалимге бет алғандықтан самариялықтар Оны қабылдамады.

54Шәкiрттерi Жақып пен Жохан мұны көрiп:

— Мырза, мақұл көрсеңiз, (Iлияс пайғамбар iстегендей) көктен от түсiп, оларды жойсын деп бұйырайық, — дедi.


55-56 Бiрақ Иса екi шәкiртiне бұрылып, оларға тыйым салды. Содан кейiн олар басқа ауылға беттедi.

Мәсiх жолымен жүруге белдi бекем буу


57Иса шәкiрттерiн ертiп жолда кетiп бара жатқанда бiр кiсi Оған:

— Мырза, қайда барсаңыз да, мен Сiзге еремiн, — дедi.

58Иса оған:

— Түлкiнiң iнi бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушiнiң бас тiрейтiн тұрағы да жоқ, — деп жауап бердi.


59Басқа бiреуге Иса:

— Маған шәкiрт болып ер! — дедi. Ол:

— Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегiн жерлеп келейiн. Рұқсат етiңiзшi, — деп сұранғанда

60Иса:

— Өлгендерiн жерлеудi (рухани) өлiлерге қалдыр, ал сен ел аралап, Құдай Патшалығы туралы Iзгi хабарды жарияла! — деп тапсырды.


61Тағы басқа бiреу Исаға:

— Мырза, мен Сiзге еремiн. Бiрақ алдымен қайтып барып, үй-iшiммен қоштасып келуге рұқсат етiңiзшi, — дедi.

62Иса оған:

— Артына қарай берген соқашыдай жалтақ адам Құдай Патшалығы үшiн тиiмсiз, — деп жауап бердi.


10

Исаның жетпiс хабаршысын жiберуi


1Содан кейiн Иемiз Иса тағы басқа жетпiс шәкiртiн таңдап алып, оларды Өзi баратын барлық қалалар мен ауылдарға Өзiнен бұрын екi-екiден жiберiп, былай деп тапсырма бердi:


2— Оратын егiн көп, бiрақ жұмысшылар аз. Сондықтан егiннiң Иесiнен оны жинап алатын жұмысшылар жiберуiн өтiнiңдер!

3Ендеше барыңдар! Естерiңде болсын: Мен сендердi қасқырлар арасына жiберiлген қозылар сияқты жiберiп отырмын.

4Ақша салатын қалта, жол дорба, артық аяқ киiм алмаңдар, жолда ешкiмге сәлем берем деп кiдiрiп те қалмаңдар.


5Бiр үйге кiргенде әуелi: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата берiңдер.

6Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кiсi болса, берген баталарың соған қонады, әйтпесе өздерiңе қайтып келедi.

7Сол үйде тұрып, олар берген тамақты iшiп-жеңдер. Себебi еңбек еткен ақысын алуға лайық. Үйден-үйге көшiп жүрмеңдер!


8Барған қалаларыңның тұрғындары сендердi қабылдаса, берген тамақты iшiп,

9ондағы ауруларды сауықтырыңдар. Кiсiлерге: «Құдай Патшалығының араларыңда орнайтын кезi таяп қалды!» деп бiлдiрiңдер.


10Ал егер барған бiр қаланың тұрғындары сендердi қабылдамаса, жолға шығып:

11«Сендерге ескерту болсын деп қалаларыңнан аяғымызға жұққан шаң-тозаңды қағып тастап кетемiз. Алайда Құдай Патшалығының таяп қалғанын бiлiңдер!» деңдер.

12Сендерге шын айтамын: қиямет соты күнi сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тiптi Содом халқының жазасы жеңiл болады-ау!


13Ей, Хоразин қаласы, қасiретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасiретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдiк) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан беттерiн тырнап, шаштарын жұлып қайғырып, терiс жолдарынан қайтқан болар едi.

14Қиямет сотында Тир мен Сидон елдерiнiң тартатын жазасы сендердiкiнен жеңiл болмақ!

15Ал, Қапарнаум қаласы, сенiң атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсiз тұңғиыққа құлайсың!


16Кiм сендердi тыңдаса, соның Менi тыңдағаны. Кiм сендердi қабылдамаса, оның Менi де қабылдамағаны. Ал кiм Менi қабылдамаса, оның Менi Жiбергендi де қабылдамағаны.


17Жетпiс хабаршы қайтып келгенде қуана-қуана былай дедi:

— Ием, Сiздiң атыңызды атағанда тiптi жындар да бiзге бағынады!

18Сонда Иса оларға:

— Шайтанның найзағайша көктен құлап түскенiн көрдiм.

19Естерiңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып, жаудың барлық күшiн жеңетiн билiк бердiм. Ендi сендерге еш нәрсе де зиянын тигiзе алмайды.

20Дегенмен жындардың өздерiңе бағынғандығына емес, есiмдерiңнiң көктегi кiтапқа тiркелгендiгiне қуаныңдар, — дедi.


21Иса сол кезде Киелi Рухтың қуанышына кенелiп: «Көк пен жердiң Иесi — Әке! Осы жайларды данышпандар мен бiлгiштерден жасырып қалып, оларды бiлiмсiздерге ашып көрсеткенiң үшiн Сенi дәрiптеймiн. Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп мақтау айтты.


22— Маған бәрiн де Әкем сенiп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кiм екенiн Әкесiнен өзге ешкiм де бiлмейдi. Әкенiң кiм екенiн де жалғыз рухани Ұлы ғана бiледi, әрi Ол Әкесiн кiмдерге бiлдiргiсi келсе, солар да Оны жақыннан таниды, — дегеннен кейiн

23Иса шәкiрттерiне бұрылып, оңаша былай дедi:

— Сендер көрiп жүрген керемет нәрселердi көргендерiң үшiн бақыттысыңдар.


24Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердiң көрiп жүргендерiңдi көргiлерi келдi, бiрақ көре алмады, сендер естiп жүрген сөздердi естiгiлерi келдi, бiрақ ести алмады.

Қайырымды самариялық туралы астарлы сөз


25Сол кезде Таурат заңын үйретушi бiр ғұлама Исаның ұстанған iлiмiн сынамақшы болды. Ол орнынан тұрып:

— Ұстаз, мәңгiлiк өмiрге жетуiм үшiн не iстеуiм керек? — деп сұрағанда

26Иса оған:

— Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсiң? — деген сауал қойды.


27— «Құдай Иеңдi шын жүректен, бүкiл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» Және «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» делiнген.

28Иса оған:

— Дұрыс жауап бердiң. Осылай iсте, сонда мәңгi өмiр сүресiң, — дедi.


29Бiрақ өзiн ақтағысы келген ғұлама Исадан:

— Сонда «маңайымдағы адам» кiм болғаны? — деп сұрады.

30Иса оған былай жауап бердi:

— Бiр адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетiп бара жатып, қарақшылардың қолына түсiптi. Қарақшылар оның киiмдерiн сыпырып алып, өзiн жарақаттап, шала-жансар етiп тастап кетiптi.

31Бiр дiни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтiп кете бередi.

32Дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшiсi де оған қарап, қасынан өтiп кете бередi.


33Содан кейiн бұл жерге жолаушылап бара жатқан бiр самариялық келедi. Әлгi адамды көргенде оған жаны ашып,

34қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегiне мiнгiзiп, қонақ үйге әкелiп, күтедi.

35Ертеңiнде жолға шығарда қонақ үйдiң иесiне екi күмiс теңге берiп: «Мына кiсiге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймiн» дейдi.


36Ал ендi, қарақшылардың қолына түскен кiсiге бұл үшеуiнiң қайсысы «маңайындағы адам» болды деп ойлайсың? — деп Иса сол ғұламаға сұрақ қойды. Ол:

37— Әрине, оған қайырымдылық көрсеткенi, — дедi. Сонда Иса оған:

— Сен де солай iстейтiн бол! — деп тапсырды.

Марта мен Мәриям: адамға шынында не керек?


38Иса шәкiрттерiмен бiрге жол жүрiп бара жатып, бiр ауылға кiрдi. Сол жерде Оны Марта есiмдi әйел үйiне шақырып, қонақ еттi.

39Мартаның Мәриям деген сiңлiсi бар едi. Ол Исаның аяқ жағына отырып алып, сөзiне құлақ салды.

40Ал қонақты жақсылап күтудiң қамын ойлаған Марта зыр жүгiрiп қызмет еттi. Арасында Исаға келiп:

— Мырза, сiңлiмнiң барлық жұмысты маған қалдырғанына жайбарақат қарап отырасыз ба? Ол маған көмектессiн, айтыңызшы! — дедi.

41Ал Иса:

— Марта, Марта, сенiң уайымың да, бейнетiң де көп.

42Ал керегi бiр-ақ нәрсе ғой: Мәриям игiлiктi жағын таңдап алды, оны содан ешкiм айыра алмайды, — дедi.

11

Құдайға сиыну туралы насихат


1Бiр күнi Иса қайсыбiр жерде мiнажат етiп отырды. Онысын аяқтаған кезде шәкiрттерiнiң бiрi Оған:

— Мырза! Жақия шәкiрттерiне мiнажат етудi үйреткендей, Сiз де бiзге үйретсеңiзшi, — дегенде,

2Иса оларға былай дедi:

— Сендер Құдайға сиынғанда мына iспеттi мiнажат етiңдер:

Көктегi Әкемiз!


Сенiң киелi есiмiң қастерлене берсiн,


Патшалығың осында орнасын!

(Сенiң еркiң көкте орындалғандай,


Жер бетiнде де орындала берсiн!)



3Күнделiктi нанымызды әр күнi бере гөр.

4Бiзге күнә жасаған әркiмдi кешiргенiмiздей,

Сен де күнәларымызды кешiре гөр.


Азғырылуымызға жол бермей,


(Жамандықтан бiздi сақтай гөр. Аумин.)

Құдайдан сенiп тұрып сұраңдар!


5Иса сөзiн жалғастырып оларға былай дедi:

— Араларыңдағы бiреуiңнiң досы бар дейiк. Сол түн ортасында оған барып: «Досым, маған қарызға үш күлше нан бере тұршы.

6Жолаушылап бiр жолдасым келiп қалған едi, соған беретiн еш нәрсем болмай тұр» дейдi.

7Сонда үй иесi iштен дауыстап: «Менi мазалама! Есiгiм бекiтулi, балаларым да, өзiм де жатып қалдық. Ендi тұрып, саған ештеңе бере алмаймын» деп жауап бередi.


8Сендерге айтамын, сол үй иесi төсегiнен тұрып, сұрағанын тiптi дос болғаны үшiн бермесе де, көршiсi қадалып сұрап тұрып алғандықтан ақыры оған қажетiнiң бәрiн бередi.


9Сондықтан сендерге былай деймiн: Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) бередi; iздеңдер, сонда табасыңдар; есiктi қағыңдар, сонда сендерге ашылады!

10Себебi сұрай берген әркiм алады, iздей берген табады, есiк қағып тұрғанға ашылады.


11Араларыңдағы қандай әке балық сұраған баласына жылан берер едi?

12Не жұмыртқа сұраса, шаян берер ме едi?

13Сонымен өздерiң күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды бiлсеңдер, көктегi Әкенiң Өзiнен сұрағандарға Киелi Рухын сыйлайтыны ешбiр шүбәсыз!

Құдай Рухына қарсы тұрмауды ескерту


14Бiр күнi Иса бiреудi мылқау қылып қойған жынды сол кiсiден қуып шығарды. Жын шыққан соң мылқау сөйлей бастады! Жұрт бұған қайран қалды.

15Бiрақ кейбiреулерi: «Анау жындарды солардың әмiршiсi белзебүлдiң (яғни әзәзiл шайтанның) күшiмен қуып шығарады!» — деп жала жапты.


16Басқалары Оның билiгiн сынау үшiн Исадан көктiң құдiретiмен бiр кереметтi көрсетуiн талап еттi.

17Бiрақ ойларын бiлген Иса оларға былай деп жауап қайырды:

— Жiкке бөлiнiп, өзара соғысып жатқан әрбiр патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрыс-керiсте тұрып жатқан әр үйдiң шаңырағы ортасына түсiп күйрейдi.

18Егер шайтан өзiне-өзi қарсы соғысса, оның патшалығы қалай жойылмай тұра алар едi? Ал сендер Менi: «Жындарды белзебүлдiң (яғни шайтанның) күшiмен қуып шығарады» дейсiңдер.

19Егер Мен жындарды соның күшiмен шығаратын болсам, онда сендердiң шәкiрттерiң оларды кiмнiң күшiмен қуып шығарады? Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкiрттерiң әшкерелейдi!

20Бiрақ шынында Мен жындарды Құдайдың құдiретiмен қуып шығарамын, демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған!


21Күштi бiреу үйiн қару-жарақпен күзеткенде оның дүние-мүлкi қауiпсiз.

22Бiрақ одан да күштi басқа Бiреу шабуыл жасап, жеңсе, әлгiнiң сенiп жүрген бүкiл қару-жарағын тартып алып, қолға түскен олжасын үлестiрiп жiбередi.


23Кiм Менiмен бiрге болмаса, сол Маған қарсы; кiм Менiмен бiрге жинамаса, сол шашады.


24Жын адамнан шыққаннан кейiн шөл даланы кезiп, баспана iздеп, таппайды. Сонда ол: «Шыққан үйiме қайта оралайын» дейдi.

25Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты.

26Сонда жын барып, өзiнен бетер жауыз тағы жетi жынды ертiп келiп, үйге кiрiп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгi адамның кейiнгi жағдайы бұрынғысынан да мүшкiл болады.


27Иса бұларды айтып тұрғанда, бiр әйел халықтың арасынан қатты дауыспен:

— Сiздi көтерген құрсақ, Сiзге нәр берген ана бақытты! — дедi.

28Бiрақ Иса оған:

— Құдай сөзiн естiп, оны орындаушылар одан бетер бақытты! — дедi.

Жүнiс пайғамбардың кереметi


29Айналасына ел көптеп жиналғанда Иса сөзiн былай деп бастады: «Осы ұрпақ жаман ұрпақ! Ол (билiгiмдi дәлелдейтiн) бiр керемет көрсетуiмдi талап етедi. Бiрақ оған Жүнiс пайғамбардың кереметiнен басқасы көрсетiлмейдi!

30Себебi (ежелгi заманда) Жүнiс пайғамбардың Ниневи қаласының тұрғындарына керемет белгi болып көрiнгенiндей, көктен келген Билеушi де осы ұрпаққа керемет белгi болып көрiнетiн болады.


31Ежелгi Оңтүстiк Арабияның патшайымы қиямет күнi осы ұрпақтың адамдарымен бiрге сот алдында тұрып, олардың қиқарлығын әшкерелейдi. Себебi патшайым Сүлейменнiң даналық сөздерiн тыңдау үшiн жердiң қиыр шетiнен келдi. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесi зор Бiреу бар! (Алайда сендер Оған құлақ аспайсыңдар!)


32Ниневидiң тұрғындары да қиямет кезiнде осы ұрпақпен бiрге сот алдында тұрып, оның қиқарлығын әшкерелейдi: олар Жүнiс уағыздағанда терiс жолдарынан қайтып, Құдайдың жолына түстi. Ал мұнда Жүнiс пайғамбардан да мәртебесi зор Бiреу бар! (Алайда сендер терiс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!)»

Жарық және көз туралы астарлы сөздер


33Ешкiм де шам жаққан соң оны жасырын жерге немесе бiр ыдыстың астына қоймайды. Қайта, үйге кiргендер жарығын көрсiн деп шам қойғышқа қояды.


34Дененiң «шамы» — көз.* Көзiң кiршiксiз таза болғанда өмiрiң түгелдей нұрға кенеледi. Ал егер аш көз болсаң, өмiрiңдi қараңғылық басады.**

35Сондықтан өмiрiңде нұр орнына қараңғылық болмасын, байқа!

36Егерде бүкiл өмiрiң нұрға кенелiп, қараңғы жерiң қалмаса, онда ол шамның саған сәулесiн төккенi секiлдi түгелдей жарық болады, — дедi Иса.

Дiндар болса да құдайсыз


37Иса сөзiн аяқтағанда бiр парызшыл кiсi Оны түскi тамаққа үйiне шақырды. Иса барып, дастарқан басына жантайды.

38Оның тамақ iшер алдында дiни қол жуу рәсiмiн орындамағанын көрiп, парызшыл таңғалды.

39Алайда Иемiз оған былай дедi:

— Парызшылдар, сендер ыдыс-аяқтарыңа сыртқы тазарту рәсiмiн жасай бересiңдер, бiрақ iшкi дүниелерiң алдамшылық пен арамдыққа толы!

40Ей, түйсiксiздер, сыртын Жаратқан iшiн де жаратты емес пе?

41Ең дұрысы мынау: иелiктерiңнен мұқтаждарға қайыр берiңдер! Сонда барлық нәрселерiң де адал болады.


42Бiрақ, парызшылдар, сендер қасiретке қаласыңдар! Тiптi жалбыз, тасшөп және басқа да әр түрлi майда-шүйде дәмдеуiш шөптердiң оннан бiрiн садақаға бересiңдер, бiрақ та әдiлдiкке және Құдайға деген сүйiспеншiлiкке көңiл бөлмейсiңдер. Бiрiншiсiн де iстеп, екiншiсiн де қалдырмауларың дұрыс болар едi.


43Парызшылдар, сендер қасiретке қаласыңдар! Мәжiлiсханаларда төрде отыруды, әрi базарларда жұрттың өздерiңе сәлем берiп, қошеметтеуiн ұнатасыңдар.

44(Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер), сендер қасiретке қаласыңдар! Белгi қойылмаған молаларға ұқсайсыңдар: жұрт олардың қабiр екенiн бiлмей, үстiмен жүрiп арамданады.


45Сонда Таурат заңын үйретушi ғұламалардың бiрi:

— Ұстаз! Бұл сөзiңiз бiздi де ренжiтедi, — дедi.

46Иса бұған былай деп жауап бердi:

— Таурат заңын үйретушi ғұламалар, сендер де қасiретке қаласыңдар! Адамдардың мойындарына көтеруге ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды арқалатып қоясыңдар, бiрақ өздерiң сол жүктерге саусақтарыңның ұшын да тигiзбейсiңдер.


47Сендер қасiретке қаласыңдар! Ата-бабаларың өлтiрген пайғамбарларға әдемiлеп мазар саласыңдар,

48осылайша ата-бабаларыңның iстерiне куә болып, тiптi олармен келiсесiңдер. Ата-бабаларың пайғамбарларды өлтiрдi, ал сендер соларға мазар орнатасыңдар.

49Сондықтан да Құдай Өзiнiң даналығымен былай деген: «Мен оларға пайғамбарлар мен елшiлердi жiберемiн. Бiрақ олар солардың кейбiреулерiн өлтiрiп, басқаларын қудалайды».

50Сол үшiн де Әбiлден бастап, құрбандық үстелi мен киелi үйдiң арасында өлтiрiлген Зәкәрияға дейiн, яғни дүние жаратылғаннан берi өлтiрiлген барлық пайғамбарлардың төгiлген қандарының құны осы ұрпақтан талап етiлсiн!

51Сендерге шындығын айтамын: ол осы ұрпақтан талап етiледi!


52Таурат заңын үйретушi ғұламалар, қасiретке қаласыңдар! Сендер (құтқарылу туралы) бiлiмнiң кiлтiн тартып алдыңдар: өздерiң де кiрмедiңдер, кiргiсi келгендерге де кедергi жасадыңдар!


53Иса осыны айтып болып, сол жерден кете бергенде, дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар Оған әр түрлi сұрақтар қойып, жан-жақтан қыспақтады.

54Исаның сөзiнен Оны айыптайтын бiр нәрсе ұстауға тырысып, аузынан шыққан әрбiр сөзiн аңдыды.

12

Құдайға сенiп, шындықты қорықпай мойындаңдар!


1Осы екi арада мыңдаған кiсi жиналып, сығылысып тұрғанда, Иса алдымен шәкiрттерiне қарап былай дедi:

— Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екiжүздiлiктен сақтаныңдар!

2Ашылмайтын сыр, бiлiнбейтiн құпия болмайды.

3Сондықтан қараңғыда айтқандарың жарықта естiледi, үй iшiнде құлаққа сыбырлағандарың жұртқа жария болады.


4Достарым, сендерге айтамын: тәндi өлтiрсе де, кейiн басқа ештеңе iстей алмайтындардан қорықпаңдар!

5Сендерге кiмнен қорқу керек екенiн айтайын: өлтiргеннен кейiн тозаққа түсiре алатын Құдайдан қорқыңдар! Сендерге тағы айтамын: Одан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!


6Бес торғай екi теңгеге сатылмай ма? Дегенмен олардың бiреуiн де Құдай ұмытпайды.

7Тiптi бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгiлi! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшiн сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!


8Сендерге айтамын: Менi адамдар алдында мойындаған әркiмдi Мен де Билеушi ретiнде көктен қайтып келген кезде Құдайдың перiштелерiнiң алдында мойындаймын.

9Бiрақ Менен жұрт алдында танған әркiмнен Мен де Құдайдың перiштелерiнiң алдында танбақпын.


10Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркiмге кешiрiм беруге болады, бiрақ Құдайдың Киелi Рухын қорлаушыға кешiрiм болмайды.


11Адамдар сендердi мәжiлiсханаларға, ел басшыларына және басқа да билiк иелерiне апарған кезде қалай жауап берiп, не айтатындарыңды ойлап уайымға салынбаңдар!

12Не айту керек екенiн сендерге сол сәтте-ақ Киелi Рух үйретедi.

Дүниеқор диқан туралы астарлы сөз


13Жиналған елдiң арасынан бiреу Исаға:

— Ұстаз, мұрамызды менiмен бөлiссiн деп ағама айтыңызшы, — дедi.

14Бiрақ Иса сол кiсiге:

— Кiм Менi сендерге қазы немесе мұраларыңды бөлушi төре етiп қойды? — деп жауап бердi де,

15халыққа қарап: — Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмiрiнiң иесi бола алмайды, — дедi.


16Содан кейiн Иса оларға астарлы әңгiме айтып бердi:

— Бiр бай кiсiнiң егiндiк жерi мол өнiм бередi.

17Ол iшiнен: «Не iстесем екен? Астығымды жинап қоятын жерiм жоқ, — деп ойланады.

18— Былай iстеймiн: қамбаларымды бұзып, үлкейтiп қайтадан саламын. Сонда бүкiл астығым мен мал-мүлкiмдi жинап қоямын.

19Сосын өзiме: көп жылға жететiн мол қорың бар, ендi демалып, iшiп-жеп, көңiлiңдi көтер деймiн».

20Бiрақ Құдай оған: «Ей, түйсiксiз пенде, бүгiн түнде жаның алынады! Сонда сенiң жиып-тергенiң кiмге қалады?» — дейдi.


21Өзi үшiн байлық жинап, бiрақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады.

Күнделiктi өмiрдiң қамын жеп


22Бұдан кейiн Иса шәкiрттерiне қарап былай дедi:

— Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не iшiп-жеймiз деп өмiрлерiңдi, не киемiз деп тәндерiңдi уайымдамаңдар!

23Өмiр тамақтан, тән киiмнен артық қой.

24Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егiн екпейдi де, ормайды да, ешқандай қоймалары мен қамбалары да жоқ, бiрақ Құдай оларды асырайды. Ал сендер құстардан қаншама артықсыңдар!


25Сондай-ақ осындай мәселелердi уайымдап араларыңдағы қайсың өз бойын тiптi бiр қарыс ұзарта алады?

26Сондай кiшкентай нәрсе қолдарыңнан келмесе, неге басқа мәселелердi ойлап уайымдап жүрсiңдер?


27Қызғалдақтардың қалай өсiп тұрғанына көңiл бөлiңдершi: олар еңбек те етпейдi, жiп те иiрмейдi. Сендерге былай деймiн: тiптi Сүлеймен патша өзiнiң бар сән-салтанатында сол гүлдердiң бiрiндей әдемi киiнбеген едi.

28Ал ендi, егер бүгiн далада өсiп тұрған, ертең отқа тасталатын шөптi Құдай солай киiндiрсе, сендердi, әлбетте, одан бетер киiндiредi, сенiмi аздар-ау!


29Сондықтан не iшiп-жеймiз деп ойлап уайымға салынбаңдар!

30Күнәкар дүниенiң бүкiл адамдары сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенiн көктегi Әкелерiң бiледi ғой.

31Ең бастысы, Құдай Патшалығының қамын ойлаңдар, сонда Құдай сендерге солардың бәрiн қосып бередi.

Жоғалмайтын байлыққа ие болу туралы


32Шағын қауым, қорықпа! Әкелерiң сендерге Патшалығын тапсыруға ризалық еткен.

33Мал-мүлiктерiңдi сатып, мұқтаждарға үлестiрiңдер! Осылай өздерiңе «тозбайтын қалта» жасап, таусылмайтын байлықты көкте жинаңдар. Сол жерде оған ұры да жақындамайды, оны күйе де жемейдi.

34Байлықтарың қайда болса, жүректерiң де сонда.

Мәсiхтiң қайтып келуiне әрқашан дайын болыңдар!


35Белдерiң буулы, шамдарың жағулы болсын,

36осылайша сендер қожасының тойдан қайтуын күтiп тұрған қызметшiлерге ұқсаңдар! Олар қожайыны келiп, есiк қағысымен дереу ашуға дайын тұрады.

37Қожайыны келiп, олардың ояу отырғанын көрсе, қызметшiлер бақытты! Сендерге шындығын айтайын: ол белiне алжапқышын байлап алып, оларды дастарқанға шақырады. Өзi қастарына келiп, күтiп қызмет көрсетедi.

38Қожайыны тiптi түн ортасында немесе таң алдында қайтып келгенде олардың ояу отырғанын көрсе, сол қызметшiлер бақытты!


39Мынаны еске алыңдар: егер үй иесi ұрының қай сағатта келетiнiн бiлетiн болса, онда ол үйiн күзетiп, ұрының бұзып кiруiне жол бермес едi.

40Сол сияқты сендер де дайын болыңдар! Өйткенi сендер күтпеген сәтте Мен Билеушi ретiнде көктен қайтып келемiн!


41Сонда Петiр Исадан:

— Мырза, бұл мысалды бiзге ғана айтып тұрсыз ба, әлде елдiң бәрiне де ме? — деп сұрады.

42Иемiз оған былай деп жауап бердi:

— Адал да саналы қызметшiдей болыңдар: қожайыны оны өзге қызметкерлерiнiң үстерiнен қарап, ас-суларын уақтылы үлестiрiп беруге тағайындады.

43Қожайыны оралып келгенде оның солай iстеп жүргенiн көрсе, сол қызметшi бақытты!

44Сендерге шындығын айтайын: оны бүкiл меншiгiн қараушы етiп тағайындамақ.

45Ал егер әлгi қызметшi iштей «қожайыным жуырда келе қоймас» деп, малайлар мен күңдердi ұрып-соғып, iшiп-жеп, маскүнемдiкке салынса,

46онда қожайыны күтпеген күнi, ойламаған сәтте келiп, оны аяусыз жазалап, сенiмсiздердiң кебiнiн кигiзедi.


47Қожайынының еркiн бiле тұра дайын болмаған, оның қалауы бойынша iстемеген қызметшi қатты соққы жейтiн болады.

48Ал оның қалауын бiлмей, жазалауға тұратынды iстеген қызметшi азырақ соққы жейтiн болады. Себебi Құдай кiмге көп берсе, одан көп талап етедi, кiмге көп сенiп тапсырса, одан есептi де көбiрек сұрайды.

Күнәкарлардың әшкереленiп, әдiлдерден бөлектенуi


49Мен дүние жүзiне бiр «отты» тастауға келдiм. Оның қазiрдiң өзiнде жануын тiлер едiм!

50Алдымен азапты «шомылудан» өтуге тиiстiмiн: сол жүзеге асқанша iштей қиналып, оны асыға күтудемiн.


51Менi дүние жүзiне жалған татулық әкелу үшiн келдi деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сендерге шын айтамын: Мен (жақсы мен жаманды бiр-бiрiнен ажырататын) айыруды әкелу үшiн келдiм.

52Бұдан былай: бiр үйде бесеу тұрса, олар бiр-бiрiнен бөлектенiп, үшеуi екеуiне, екеуi үшеуiне қарсы болады.

53(Пайғамбар алдын ала айтқандай) әкесi баласына, баласы әкесiне, шешесi қызына, қызы шешесiне, қайын енесi келiнiне, келiнi қайын енесiне қарсы болады.

Заманның болмысын түсiнiп, кешiкпей күнәдан арылу керек!


54Содан кейiн Иса халыққа қарап былай дедi:

— Батыстан көтерiлген бұлтты көргенде сендер дереу «Жаңбыр жауады» дейсiңдер, солай болады да.

55Оңтүстiктен жел ескенде «Күн ыстық болады» дейсiңдер, ол да солай болады.

56Ей, екi жүздiлер, аспан мен жердiң құбылыстарын түсiне бiлесiңдер, ал қазiргi заманда болып жатқан оқиғаларды нелiктен ұға алмайсыңдар?!


57Ендi не iстеу керектiгiн неге өздерiң шешпейсiңдер?

58Бiреу саған қарсы дау көтерсе, оған ерiп би алдына бара жатқанда уақыт оздырмай жолшыбай онымен татуласып, құтылуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сенi сотқа тартады, ал сот жазалаушыға тапсырып, жазалаушы сенi түрмеге қамайды.

59Саған шындығын айтайын: берешегiңдi соңғы тиынына дейiн төлемейiнше сол жерден шыға алмайсың!

13


1Сол кезде кейбiреулер Исаға келiп, римдiк әмiршi Пилаттың бiрнеше ғалилеялықтарды ғибадатхана алаңында өлтiрткенi, осылай олардың қанының құрбандыққа шалған малдарының қанымен араласып кеткенi туралы айтты.

2Иса мұны айтқандарға былай деп жауап бердi:

— Әлде сендер «Бұл ғалилеялықтар осындай азапқа ұшырағандықтан, олардың күнәсы барлық басқа ғалилеялықтардың күнәсынан көбiрек» деп ойлайсыңдар ма?

3Жоқ, деймiн сендерге, олай емес. Егер терiс жолдарыңнан қайтпасаңдар, бәрiң де осылай құрисыңдар!

4Әлде сендер «Силоғам мұнарасы үстерiне құлап өлген он сегiз кiсiнiң күнәсы Иерусалимнiң барлық басқа тұрғындарының күнәсынан көп болған» деп ойлайсыңдар ма?

5Жоқ, деймiн сендерге, олай емес. Егер терiс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түспесеңдер, бәрiң де осылай құрисыңдар!


6Содан кейiн Иса мына астарлы әңгiменi айтты: «Бiр кiсiнiң жүзiм бағында iнжiр ағашы болыпты. Одан жемiс iздей келiп, түк таба алмай,

7жүзiмшiге:

— Көрдiң бе, мына ағашқа үш жылдан берi келiп, жемiсiн көре алмадым. Оны кесiп таста! Ол босқа орын алып тұр, — дейдi.

8Жүзiмшi оған:

— Мырза, оны биылша қалдырыңыз. Мен оның айналасын қопсытып, қи төгейiн;

9мүмкiн жемiс берiп қалар. Егер бермесе, келесi жылы кестiрiп тастарсыз, — дейдi».

Мүгедек әйелдiң дiни демалыс күнi сауығуы


10Бiр демалыс күнi Иса мәжiлiсханалардың бiрiнде жұртқа тәлiм берiп жатты.

11Сол жерде жын соққандықтан он сегiз жылдан берi орнынан тұра алмай, бүкiрейiп қалған бiр ауру әйел бар едi.

12Иса оны көрiп, қасына шақырды да:

— Замандас, ендi ауруыңыздан құтыласыз, — деп,

13үстiне қолын қойды. Әйел сол сәтте-ақ бойын жазып түрегелiп, Құдайға мақтау айта бастады.

14Бiрақ мәжiлiсхананың бастығы Исаның ауруды дiни демалыс күнi болса да сауықтырғанына ашуланып, жұртқа:

— Жұмыс iстейтiн алты күн бар. Емделуге демалыс күнi емес, басқа күндерi келiңдер! — деп бұйырды.

15Бiрақ Иемiз оған:

— Ей, екi жүздi! Демалыс күнi болса да, әрқайсың өгiзiң мен есегiңнiң байлауын шешiп босатып, суғаруға апарасыңдар ғой?!

16Ал ендi, Ыбырайым атаның мына ұрпағын шайтан он сегiз жылдан берi байлап-матап келдi. Оны сол бұғаудан демалыс күнiне бола босатуға болмай ма? — деп жауап бердi.

17Иса осыны айтқанда, Оған қарсылық көрсеткендердiң бәрi ұялып қалды. Ал басқа жұрт түгелдей Оның iстеген кереметтерiне қуанды.

Құдай Патшалығы кiшкентай боп басталып, үлкейе бермек


18Содан кейiн Иса былай дедi:

— Құдай Патшалығы қандай нәрсеге ұқсас, оны немен салыстырайын?

19Ол бiр адамның бақшасына еккен қыша дәнiне* ұқсас: сол титтей тұқым өскенде биiк болып шығып, ағашқа айналады. Оның бұтақтарына құстар ұшып келiп, паналайды.**


20Иса мынаны да айтты:

— Құдай Патшалығын тағы немен салыстырайын?

21Ол ашытқыға да ұқсас: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы салғанда ол барлық қамырды ашытып, көтередi.

Шынайы өмiрге апаратын есiк


22Иса Иерусалим қаласына қарай сапар шегiп бара жатып, жолындағы қалалар мен ауылдарды аралай жүрiп, жұртқа тәлiм бердi.

23Бiреу Одан:

— Мырза! (Келешектегi қаһарлы жазадан) құтқарылатындар тым аз бола ма? — деп сұрады.


24Сонда Иса жұртқа:

— Тар есiктен кiруге барынша тырмысыңдар! Сендерге шын айтамын: көп адамдар кiруге ұмтылғанмен кiре алмайды.

25Үй Иесi орнынан тұрып, есiктi бекiтiп қоймақ. Артынша сендер сыртта тұрып, есiктi қағып: «Тақсыр Ие, бiзге аша көрiңiз!» — деп дауыстайтын боласыңдар. Бiрақ Ол: «Сендердi (өз адамдарым ретiнде) танымаймын, қайдан екендерiңдi бiлмеймiн», — деп жауап қайтаратын болады.

26Сонда сендер: «Бiз көз алдыңызда iшiп-жедiк, Сiз бiздiң жерiмiзде тәлiм берiп тұрдыңыз ғой», — дей бастайсыңдар.

27Бiрақ Ол: «Сендерге қайталап айтамын, қайдан екендерiңдi бiлмеймiн. Әдiлетсiздiк iстеген бәрiң де, Менен аулақ кетiңдер!» — дейтiн болады.


28Сендер зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн боласыңдар. Себебi Ыбырайым, Ысқақ, Жақып пен барлық пайғамбарлардың да Құдай Патшалығында жүргенiн, ал өздерiңнiң сыртқа қуылғандарыңды көретiн боласыңдар.

29Шығыс пен батыстан, солтүстiк пен оңтүстiктен басқа халықтардың адамдары келiп, Құдай Патшалығындағы дастарқан басына жайғасатын болады!

30Осылай алдыңғы қатарға шығатын соңғылар бар, әрi соңғы болатын алдыңғы қатарлылар да бар, — дедi.

Иерусалимнiң қирайтыны туралы қайғы


31Сол сәтте бiрнеше парызшылдар Исаның қасына келiп:

— Бұл арадан кет, (аймақ әкiмi) Ирод Сенi өлтiрмекшi! — дегенде,


32Иса оларға былай жауап бердi:

— Барып, ол «түлкiге» айтыңдар: «Мен бүгiн және ертең жындарды қуып шығып, ауруларды сауықтырамын, ал үшiншi күнi iсiмдi аяқтаймын».

33Әрине, Мен бүгiн, ертең және бүрсiгүнi де өз жолыммен жүруге тиiстiмiн. Өйткенi бiр пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде қаза табуы жөнсiз.


34Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзiн құртып, Тәңiр өзiңе жiберген хабаршыларды тас лақтырып өлтiретiн Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенiң халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бiрақ сендер одан бас тарттыңдар!

35Сондықтан үйлерiң қаңырап, бос қалдырылады. Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқан Иенiң атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейiн Менi қайтып көрмейсiңдер.

14

Дiни ереженi сақтау мен қайырым көрсетудiң қайсысы маңыздырақ?


1Иса бiр дiни демалыс күнi парызшылдар қауымының қайсыбiр бастығының үйiне дәм татуға келгенде, бәрi Оны бақылап отырды.

2Кенет Оның алдына шемен ауруына ұшыраған бiреу келдi.

3Сонда Иса Таурат заңын үйретушi ғұламалар мен парызшылдарға мына сұрақты қойды:

— Демалыс күнi ауруды сауықтыруға бола ма?


4Олар үндемегенде Иса әлгi адамға қолын тигiзiп, оны сауықтырды да, өз жөнiне жiбердi.

5Мұнан кейiн жиналғандарға:

— Егер бiреуiңнiң есегiң немесе өгiзiң құдыққа түсiп кетсе, оны демалыс күнi болса да, дереу шығарып алмас па едiңдер?! — деген сұрақ қойды.

6Олар бұған жауап бере алмады.

Өзiмшiлдiк және кiшi пейiлдiлiк


7Қонақтардың төрдегi құрметтi орындарды таңдап алып жатқанын байқаған Иса соны мысалға алып, мына насихатты бердi:


8— Бiреу сенi тойға шақырғанда төрдегi құрметтi орынға жантайма. Шақырылғандардың iшiнде жолы сенен де үлкен бiреу болуы мүмкiн.

9Онда екеуiңдi шақырған үй иесi келiп, саған: «Мына кiсiге орныңды бер», — дейдi, ал сен ұялып, амалсыздан ең төменгi орынға барып отырасың.

10Сондықтан қонаққа барғанда ең төменгi орынға отыр. Сонда үй иесi қасыңа келiп: «Досым, жоғары шық», — демек. Осылай дастарқандас болғандардың алдында мәртебең өсiп қалады.


11Өйткенi өзiн-өзi жоғарылатқан әркiм төмендетiледi, ал өзiн төмен ұстаған жоғарылатылады.


12Содан кейiн Иса Өзiн шақырған үй иесiне қарап былай дедi:

— Түскi немесе кешкi қонақасы бергенде дос, бауыр, туысқандарыңды, я болмаса бай көршiлерiңдi шақырма. Себебi олай етсең, олар да сенi қонаққа шақырып, есесiн қайтармақ.

13Керiсiнше, той жасағанда дастарқаныңа жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды шақыр!

14Олар саған есесiн қайтара алмайтындықтан бақытты боласың. Әдiлдер қайта тiрiлетiн қиямет күнi саған есесi қайтарылады, — дедi.

Үлкен тойға шақырылғандар


15Исамен бiрге дастарқандас болғандардың бiрi осыны естiгенде Оған: «Құдай Патшалығындағы тойға қатысатындар бақытты!» — дедi.


16Иса оған астарлап былай дедi: «Бiреу үлкен қонақасын дайындап, көп адам шақырады.

17Тамақ iшетiн уақыт болғанда, шақырғандарына қызметшiсiн жiберiп былай дегiзедi:

— Келiңдер, барлығы дайын тұр!

18Бiрақ бәрi бiрдей кешiрiм сұрап, бiреуi:

— Егiндiк жер сатып алдым, соны барып көруiм керек. Өтiнемiн, маған кешiрiм ете гөр! — десе,

19келесi бiреуi:

— Бес пар өгiз сатып алып едiм, соларды сынап көруге бара жатырмын. Өтiнемiн, менi кешiр! — дейдi.

20Ал тағы бiреуi:

— Мен жаңа ғана үйленген едiм, сондықтан бара алмаймын, — дейдi.


21Қызметшiсi қайта оралып, мұны қожайынына айтып бередi. Үй иесi қаһарланып, қызметшiсiне:

— Тез барып, қаланың үлкендi-кiшiлi көшелерiн аралап, жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды алып кел! — деп бұйырады.

22Кейiнiрек қызметшiсi:

— Мырза, бұйрығыңызды орындадым, бiрақ әлi де бос орын бар, — дейдi.

23Ал қожайыны былай деп тапсырады:

— Қаладан шығып, үлкен жолда, үйлердiң айналасында жүргендердi осында келуге көндiр! Осылайша үйiм толсын.

24Сендерге шындығын айтайын: алдымен шақырылғандардың ешқайсысы да қонақасымнан ауыз тимейдi! (Неге десеңдер, шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз).

Жан-тәнiмен Мәсiх жолымен жүру


25Жолшыбай қара құрым халық ерiп келе жатқанда Иса оларға бұрылып, былай дедi:


26— Кiм Маған келiп, Менi әке-шешесiнен, әйелi мен балаларынан, аға-iнiсi мен апа-қарындастарынан, әрi өз өмiрiнен артық көрмесе, сол Менiң шәкiртiм бола алмайды.

27Кiм айқышын арқалаған кiсiдей өз мүддесiнен бас тартып, тiптi азапты өлiмге дайын болып Менiң соңымнан ерiп жүрмесе, сол Менiң шәкiртiм бола алмайды.


28Сендердiң бiреуiң бiр мұнара салғысы келедi дейiк. Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесiн бiлу үшiн отыра қалып, алдымен кететiн шығынды есептеп алады.

29Олай етпесе, iргетасын қалағаннан кейiн бастаған iстi аяқтай алмас едi. Мұны көргендердiң бәрi:

30«Мынаның құрылысты бастағанымен аяқтауына шамасы жетпедi!» — деп мазақтар едi.


31Немесе бiр патша басқа бiр патшамен соғысатын болса, келе жатқан қарсыласының жиырма мың әскерiне өзiнiң он мыңымен төтеп бере ала ма, жоқ па — алдымен отыра қалып, соны ақылға салмас па едi?

32Шамасы келмейтiн болса, ана патша әлi алыста келе жатқан кезде оған елшiлерiн жiберiп, бiтiм шартын сұрар едi.

33Сол сияқты, сендердiң ешқайсың да бар нәрсеңнен бас тартпай Менiң шәкiртiм бола алмайсыңдар.


34(Тағамды бұзылудан сақтау үшiн) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшiнен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтiруге болады?

35Тiптi жер өңдеуге немесе қиға қосуға жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастайды.

Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!

15

Жоғалып, табылған қой және теңге туралы астарлы әңгiмелер


1Салықшылар мен өзге де күнәкарлар Исаны тыңдау үшiн көптеп қасына жиналатын.

2Бiрақ парызшылдар мен дiн мұғалiмдерi мұны көрiп:

— Мына кiсi күнәкарларды қабылдап, солармен тiптi дастарқандас болады! — деп күңкiлдестi.

3Сонда Иса оларға астарлап былай дедi:


4— Егер араларыңдағы бiреудiң жүз қойы болып, солардың бiрiн жоғалтып алса, ол тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенiн тапқанша iздемей ме?


5Тауып алған соң, оны қуана-қуана иығына салып алады.

6Үйiне келгеннен кейiн: «Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достарын, көршiлерiн шақырады.

7Сендерге шындығын айтайын: сол сияқты, «Маған терiс жолдан қайтудың қажетi жоқ» дейтiн тоқсан тоғыз «әдiл» кiсiден гөрi, терiс жолдан қайтқан бiр күнәкарға көктегiлер көбiрек қуанады!


8Немесе он күмiс теңгесi бар әйел бiреуiн жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйдi сыпырып, бар ынтасымен iздемей ме?

9Тауып алған соң: «Жоғалтқан теңгемдi тауып алдым, менiң қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достары мен көршi-көлемдерiн шақырады.

10Сендерге шын айтамын, Құдайдың перiштелерi терiс

Адасып, қайта оралған ұл туралы астарлы әңгiме


11Иса тағы былай дедi: «Бiреудiң екi ұлы болыпты.

12Кенжесi:

— Әке, маған тиiстi еншiмдi берiңiз! — дейдi. Сонда әкесi мал-мүлкiн оларға бөлiп бередi.


13Бiрнеше күн өткеннен кейiн кiшi ұлы бәрiн жинап алып, алыс бiр елге кетедi де, сонда азғындық жолға түсiп, еншiсiн шашып, ысырап қылады.

14Бәрiн жұмсап бiтiрген кезде сол елде қатты ашаршылық болып, жiгiт мұқтаждық көре бастайды.

15Елдiң бiр тұрғынына барып, жармасып жүрiп, жалшысы болады. Сол оны даласына жiберiп, шошқасын баққызып қояды.

16Жiгiт шошқа жейтiн қабықтар жеп тойсам деп аңсайтын, бiрақ оған соны да бермептi.


17Сонда ол ақылға келiп, iшiнен былай дейдi: Әкемнiң соншама жалшылары нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетiн болдым.

18Қой, жолға шығайын, әкеме қайтып барып: Әке, мен көктегi Құдай алдында да, сiздiң алдыңызда да күнә жасап келдiм.

19Ендi ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспiн. Менi жалшыңыздай қабылдасаңыз екен деймiн.


20Сонымен жiгiт әкесiне баруға жолға шығады. Ол әлi де алыста келе жатқанда әкесi баласын көрiп, оған жүрегi елжiреп, алдынан жүгiрiп шығады. Құшақтап бауырына басады да, бетiнен сүйедi.

21Баласы оған:

— Әке, мен Құдай алдында да, сiздiң алдыңызда да күнә жасап келдiм. Ендi ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспiн, — дейдi.

22Бiрақ әкесi қызметшiлерiне бұйырып:

— Тезiрек ең жақсы шапанды әкелiп, балама жабыңдар, қолына мөрлi жүзiк, аяғына кебiс кигiзiңдер!


23Және бордақыланған өгiзшенi әкелiп, сойыңдар, iшiп-жеп, көңiл көтерейiк!

24Өйткенi менiң мына ұлым өлген едi — тiрiлдi, жоғалған едi — табылды! — дейдi. Сөйтiп көңiлдi тойды бастап жiбередi.


25Ал оның тұңғыш ұлы далада жүр екен. Қайтып келе жатып, үйiне жақындағанда ол қуана ән салып жатқан дауыстарды естидi.

26Қызметшiлердiң бiрiн шақырып алып:

— Бұл не? — деп сұрайды.


27— Iнiңiз қайтып келдi! Әкеңiз оны аман-есен көргенi үшiн бордақыланған өгiзшенi сойып, той жасап жатыр, — деп жауап бередi ол.

28Үлкен ұл ашуланып, үйге кiргiсi келмейдi. Әкесiнiң өзi шығып, оны шақырады.

29Бiрақ ол әкесiне былай деп жауап қатады:

— Мiне, мен сiзге қанша жыл бойы қызмет етiп келе жатырмын, еш уақытта сiзге қарсы шыққан емеспiн. Бiрақ сiз маған достарыммен бiрге отырып көңiл көтеруiм үшiн, тым болмаса, лақ та берген емессiз!

30Алайда бұзылған әйелдермен бiрге болып, мал-мүлкiңiздi шашып-төккен мына балаңыз қайтып келгенде, сiз оған арнап бордақыланған өгiзшемiздi сойып, той жасап жатырсыз!


31— Ұлым, сен әрқашан менiмен бiргесiң. Барлық меншiгiм сенiкi ғой.

32Ал мына iнiң болса, өлген едi — тiрiлдi, жоғалған едi — табылды. Сондықтан қуанып, көңiл көтеруiмiз керек қой! — дейдi әкесi».

16

Құдай аманаттаған мал-мүлiктерiңдi орынды пайдаланыңдар!


1Иса шәкiрттерiне тағы былай дедi: «Бiр байдың үй шаруашылығын басқаратын кiсiсi болған екен. Сол мал-мүлкiңiздi шашып жатыр деген сыбыс байдың құлағына жетедi.

2Бай оны шақырып алып:

— Сен туралы естiп жүргенiм не әңгiме? Жұмысың жайлы есеп бер! Бұдан былай үйiмдi басқара алмайсың, — деп шешедi.


3Басқарушы сонда өзiне-өзi: Ендi не iстесем екен, қожайыным менi жұмыстан босатып тастамақ. Жер қазу қолымнан келмейдi, қайыр сұрауға ұяламын.

4Бiрақ дәл қазiр не iстеу керек екенiн бiлемiн, сонда үй басқарудан босаған кезiмде жұрттың есiгi мен үшiн айқара ашық болады, — дейдi.

5Қожасына қарыздар адамдардың бәрiн жеке-жеке шақырып алып, бiрiншiсiнен:

— Қожайыныма қанша борышың бар? — деп сұрайды.


6— Жүз күбi май, — дейдi ол.

— Борыш қағазыңды ал да, отыра қалып, елу күбi деп жаза сал! — дейдi басқарушы.

7Содан кейiн басқасынан:

— Ал сенiң қанша борышың бар? — деп сұрайды.

— Жүз қап бидай.

— Борыш қағазыңды алып, сексен деп жаза қой! — дейдi соған.


8Қожайыны өтiрiкшi басқарушысының ақыл тауып кеткендiгiн мақтады. Себебi осы күнәкар дүниенiң адамдары өзi сияқтылармен араласқанда Құдайдың нұрлы жолымен жүргендерден гөрi әлдеқайда ақылдырақ әрекет жасайды.

9Сендерге шын айтамын: осы күнәкар дүниелiк байлықтарыңмен жақсылық жасап, өздерiңе достар табыңдар! Сонда бұ дүниеден қайтқан кездерiңде көктегi мәңгiлiк мекендердiң есiгi сендер үшiн айқара ашық болады.


10Кiшкене iсте сенiмдi болған үлкен iсте де сенiмдi, ал кiшкене iсте сенiмсiз болған үлкен iсте де сенiмсiз.

11Сондықтан, егер бұ дүниелiк байлықтарың барда сенiмдi болмасаңдар, сендерге көктегi шынайы байлықты кiм сенiп тапсырады?

12Және егер түпкiлiктi меншiк болмайтын мал-мүлiктерiңдi дұрыс қолданбасаңдар, мәңгi өздерiңдiкi болатын байлықты сендерге кiм табыс етпек?


13Ешбiр қызметшi екi қожайынға бiрдей қызмет ете алмайды. Ол бiреуiн екiншiсiнен артық көрiп, соған бағышталады, ал екiншiсiне немкеттi қарайды. Сол сияқты сендер де Құдайға және байлыққа бiрдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!»


14Бұлардың бәрiн дүниеқор парызшылдар да естiп, Исаны мазақ қылды.

15Ол былай жауап қатты: «Сендер адамдар алдында әдiл болғансып тұрсыңдар, бiрақ Құдай жүрек түкпiрiндегiлерiңдi бiледi. Адамдар бұларыңды жоғары бағалағанмен, Құдай алдында ол — жексұрындық».

Таурат және Iзгi хабар


16«Жақия пайғамбардың уағыздауына дейiн сендерге тура жолды көрсеткен Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары болды. Ал Жақияның уағыздаған кезiнен берi Құдай Патшалығы туралы Iзгi хабар жарияланып келедi. Көптеген адамдар оған кiруге күш салып жүр.

17Дегенмен Таурат заңының бiр кiшкентай сызығының түсiп қалғанынан гөрi аспан мен жердiң жойылып кетуi оңайырақ.


18Әйелiнен ажырасып, басқаны алған әркiм неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ, күйеуiнен ажырасқан әйелдi алған да неке адалдығын бұзады».

Мейiрiмсiз бай мен мүсәпiр Елазар


19«Бiр кiсi бай болып, қымбат қырмызы шапан мен сәндi киiмдер киiп, күн сайын салтанатты той жасап жүретiн.

20Ал қақпасының алдында Елазар есiмдi бiр мүсәпiр жататын, оның тұла бойы түгелдей iрiңдi жара едi.

21Мүсәпiр байдың дастарқанынан түскен қалған-құтқанды жеп тойынсам деп аңсайтын. Тiптi иттер келiп, жараларын жалап кететiн.


22Ақырында мүсәпiр қайтыс болып, перiштелер оны Ыбырайым пайғамбардың қасына апарып салады. Бай да өлiп, жерленедi.

23О дүниеде азап шегiп жүрiп, басын көтерiп қарағанда алыстан Ыбырайым мен оның қасында жантайған Елазарды көредi де,

24қатты дауыспен:

— Ыбырайым ата, маған қайырым қылып, Елазарды жiбере көрiңiз! Ол бармағының ұшын суға малып алып, тiлiмдi салқындатсын. Мына жалынды отта қатты қиналып жатырмын, — деп жалбарынады.


25Бiрақ Ыбырайым былай деп жауап бередi:

— Ей, балам, есiңе түсiршi: сен өмiрiңде ылғи жақсылық көрiп рақаттандың, ал Елазар жамандық көрiп, азап шегiп жүрдi. Ендi ол мұнда жұбаныш тапса, сен онда қиналып жатырсың.

26Оның үстiне сендер мен бiздiң арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өтiп бара алмайды, ар жақтан бiзге де өтiп келе алмайды. —

27Сонда ол:

— Ата, олай болса, сiзден сұраймын: Елазарды әкемнiң үйiне жiбере көрiңiз!

28Себебi бес iнiм бар, соларға барып, олардың да осы азапты жерге түспеулерi үшiн мықтап ескертiп куәлiк етсiн, — деп өтiнедi.

29Ал Ыбырайым:

— Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары оларда бар ғой, соларға құлақ ассын! — дейдi.


30— Жоқ, Ыбырайым ата! Егер өлгендердiң бiреуi барса, онда олар терiс жолдан қайтады, — дейдi ол.

31Сонда Ыбырайым оған:

— Олар Мұса мен пайғамбарларға құлақ аспағанда, өлгендердiң бiреуi қайта тiрiлiп барса да, сенбейдi, — деп жауап бередi».

17

Құдайға берiк сенiп, бауырластарын шексiз кешiру мiндетi


1Иса шәкiрттерiне тағы былай дедi:

— Адамдарды терiс жолға азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсiз. Алайда олар кiмнiң кесiрiнен пайда болса, сол қасiретке қалады!

2Оның мына жай кiсiлердiң бiреуiн терiс жолға түсiргенiнше, мойнына диiрменнiң тасы байланып, теңiзге лақтырылғаны оған жақсырақ болар едi-ау!

3Сондықтан сақтаныңдар!

Егер бауырласың күнә жасаса, оған ескерт. Егерде өкiнiп, терiс жолдан қайтса, кешiрiм ет!

4Ол тiптi күнiне жетi рет саған қарсы күнә жасап, жетi рет келiп, «өкiнiп, терiс жолдан қайттым» десе, кешiрiм ет!


5Сонда елшiлерi Иемiз Исадан:

— Сенiмiмiздi арттыра көрiңiз, — деп өтiндi.

6Иемiздiң жауабы мынау болды:

— Сендердiң түйiрдей ғана сенiмдерiң болса, мына тұт ағашына: «Жерден тамырыңмен қопарылып, теңiзге отырғызыл!» десеңдер, ол айтқандарыңды орындайды.


7Араларыңдағы бiреудiң жер жыртып не мал бағып жүрген малайы бар дейiк. Малай даладан қайтып келгенде қожайыны оған: «Тез келiп, дастарқанға отыра ғой!» дей ме?

8Керiсiнше, оған: «Кешкi тамағымды дайында! Мен iшiп-жеп болғанша, алжапқышыңды байлап алып, маған қызмет ет, содан кейiн өзiң iшiп-жерсiң!» деп бұйырмай ма?

9Әлде бұйрықтарын орындағаны үшiн малайына алғыс айта ма?


10Сендер де солай, өздерiңе бұйырғандардың бәрiн орындағаннан кейiн: «Бiз небары түкке тұрғысыз малаймыз, мiндетiмiздi ғана атқардық» деңдер!

Оннан бiрi ғана алғыс айтты


11Иса Иерусалим қаласына бара жатқанда Самария мен Ғалилея аймақтары арқылы жүрдi.

12Бiр ауылға келгенде, Оған денесiн алапес басқан он кiсi кездестi. Олар алыста тұрып,

13қатты дауыстап:

— Иса, Ұстаз, бiзге қайырым қыла көрiңiз! — деп жалынды.

14Иса оларды көргенде:

— Дiни қызметкерлерге барып, өздерiңдi көрсетiңдер! — дедi. Олар сол жаққа бара жатқанда алапестен құлан-таза айығып кеттi.


15Өзiнiң жазылып кеткенiн көрген солардың бiреуi қатты дауыстап Құдайға мақтау айтып қайтып келдi де,

16Исаның аяғына жығылып, Оған алғысын жаудырды. Ал бұл кiсi самариялық болатын!


17Иса сонда:

— Айыққандар он кiсi емес пе едi, тоғызы қайда?

18Құдайға мақтау айту үшiн мына шетелдiктен басқа ешкiм қайтып келмедi ме? — деп,

19самариялыққа қарап: — Тұр да, жөнiңе жүре бер. Сенiмiң арқылы құтқарылдың! — дедi.

Мәсiх дүниеге қайтып келгенде не болады?


20Парызшылдар Құдай Патшалығының қашан орнайтынын сұрағанда, Иса оларға былай жауап бердi:

— Адамдар Құдай Патшалығының қашан орнайтынын алдын ала бiлмейдi.


21Сондай-ақ оны «Мiне, мұнда!» не «Әне, анда!» деуге болмайды. Себебi Құдай Патшалығы сендердiң жан дүниелерiңде, — дедi.


22Иса шәкiрттерiне тағы былай дедi:

— Көктен келген Менi бiр күн болса да көрсек деп аңсайтын уақыттарың келедi, бiрақ сол кезде Менi көрмейсiңдер.


23Кiсiлер сендерге: «Мiне, Ол мұнда!», я «Әне, Ол анда!» дейтiн болады. Оларға бармаңдар, арттарынан ермеңдер де!


24Өйткенi найзағайдың жарқ етiп, аспанды о шетiнен бұ шетiне дейiн жарқыратып жiберетiнiндей, уақыты болғанда Менiң Билеушi ретiнде көктен қайтып келуiм де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.

25Бiрақ алдымен қазiргi ұрпақ Менен бас тартып, көп азап шегуге тиiспiн.


26Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менiң Билеушi ретiнде көктен қайтып келетiн кезiмде де солай болады:

27Нұх кемеге мiнген күнге дейiн адамдар (Құдайға мойынсұнбай) iшiп-жеп, әйел алып, күйеуге шығып өмiр сүруде едi. Сол уақытта топан су басып, бәрiн де қырып салды.


29Бiрақ Лут Содом қаласынан шыққан күнi көктен от пен күкiрт жауып, бәрiн де қырып салды.

30Мен Билеушi ретiнде көктен келiп, ашық түрде көрiнетiн күнi де тап солай болады!


31Сол күнi үй төбесiндегi адамның заттары iште болса, ол төмен түсiп, үйге кiрiп, алып шықпай-ақ, дереу қашып құтылсын! Сондай-ақ, кiм далада болса, үйiне қайтып келмей-ақ, қашып кете берсiн!

32Луттың әйелiмен болған жайтты естерiңе түсiрiңдер!


33Өмiрiн өзi үшiн сақтауға тырысқан әркiм одан айырылады, ал өмiрiн Құдай үшiн қиған әркiм оны мәңгi аман сақтап қалады.


34Сендерге шын айтамын: сол заманда түнде төсекте жатқан екеудiң бiреуiн перiштелер қабыл алып, екiншiсiн қалдырып кетедi.

35Бiрге диiрмен тартып отырған екi әйелдiң де бiреуiн қабыл алып, екiншiсiн тастап кетедi.

36(Сондай-ақ егiндiкте жүрген екеудiң де бiреуiн қабыл алып, екiншiсiн қалдырып кетедi.)


37Шәкiрттерi:

— Мырза, бұл қай жерде болады? — деп сұрағанда Иса астарлап жауап бердi:

— «Жемтiк қайда болса, құзғындар сонда жиылар». — (Сол сияқты, осы оқиғалардың қай жерде болғаны сол заманда бәрiне айқын болады.)


18

Құдайдан үмiт үзбей сұрай берiңдер!


1Иса шәкiрттерiне әрқашан үмiтiн үзбей Құдайдан сұрай берудiң керектiгiн де астарлап түсiндiрiп

2былай дедi:

— Бiр қалада Құдайдан қорықпайтын, адамнан да ұялмайтын би болыпты.

3Сол қалада бiр жесiр әйел де тұрады екен. Әйел биге қайта-қайта келiп: «Менi дауласқан кiсiмнен қорғай көрiңiз!» — деп өтiнiп сұрай бередi екен.


4Бiрақ би жесiрдi көп уақыт бойы қорғағысы келмейдi. Ақырында ол iшiнен: «Құдайдан қорықпаймын, адамнан да ұялмаймын.

5Алайда мына жесiр маған тыныштық бермегендiктен оның мүддесiн қорғайын. Әйтпесе ол қайта-қайта келiп, мазамды ала берер» деп ойлайды.


6Содан кейiн Иемiз Иса былай дедi:

— Сендер әдiлетсiз бидiң не айтқанын естiдiңдер ғой.

7Ал Құдай Өзi таңдап алған, Өзiне күнi-түнi жалбарына сиынған адамдарының мүдделерiн қорғамай ма? Әлде соны ұзаққа созып жiбере ме?

8Сендерге шын айтамын: Құдай олардың мүдделерiн тезiрек қорғайды! Алайда Мен Билеушi ретiнде көктен қайтып келгенiмде жер бетiнен Өзiме сондай қатты сенетiндердi таба алар ма екенмiн?

Өр көкiрек парызшыл және терiс жолдан қайтқан салықшы


9Өздерiнiң әдiлдiгiне нық сенiп, басқаларды менсiнбей жүрген кейбiр кiсiлерге Иемiз мына астарлы әңгiменi айтып бердi:


10— Екi адам Құдайға сиыну үшiн ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бiрi парызшыл, екiншiсi салық жинаушы екен.

11Парызшыл тұра қалып, iштей былай деп мiнажат етедi: «Я, Құдай! Мен басқа адамдар сияқты қарақшы, жәбiрлеушi, неке адалдығын бұзушы немесе ана салықшыға ұқсап күнәкар болмағаным үшiн Саған ризашылығымды бiлдiремiн.

12Өйткенi мен аптасына екi рет ораза ұстаймын, барлық тапқан табысымның оннан бiр бөлегiн қайыр-садақаға берiп тұрамын».


13Ал салық жинаушы алыста тұрып, тiптi назарын көкке көтеруге де батылы бармай, қолын кеудесiне қойып: «Я, Құдай! Мен күнәкармын, рақым ете гөр!» — деп жалбарынады.

14Сендерге шын айтамын: екеуi үйлерiне қайтқанда парызшыл емес, салық жинаушы Құдайдан кешiрiлiп, ақталған едi. Өйткенi өзiн-өзi жоғарылатқан әркiм төмендетiледi, ал өзiн төмен ұстаған жоғарылатылады.


15Қолын тигiзiп бата берсiн деп, жұрт Исаға нәрестелерiн де алып келдi. Бiрақ мұны көрген шәкiрттер оларды жiбермедi.

16Ал Иса балаларды қасына шақырып алып:

— Балалардың Маған келуiне жол берiңдер, оларға кедергi жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшiн.

17Сендерге шындығын айтайын: кiм Құдай Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кiре алмайды, — дедi.

Адамның байлығы және Құдай сыйлайтын шынайы өмiр


18Басшылардың бiреуi Исадан:

— Iзгi Ұстаз! Мәңгiлiк өмiрге ие болу үшiн не iстеуiм керек? — деген сұрақ қойды.

19Иса оған:

— Менi неге iзгi дейсiң? Құдайдан басқа ешкiм де iзгi емес.

20Оның өсиеттерiн бiлесiң ғой: «Неке адалдығын бұзба, кiсi өлтiрме, ұрлық жасама, өтiрiк айтпа, ата-анаңды сыйла!» — деп жауап бердi.

21Ол кiсi:

— Бұлардың бәрiн жастайымнан орындап келемiн, — дедi.

22Иса мұны естiгенде:

— Саған тағы бiр нәрсе жетiспейдi. Қолыңдағы бар мал-мүлкiңдi сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестiрiп бер, сонда сенiң қазынаң көкте болады. Өзiң қайтып келiп, шәкiртiм болып соңымнан ер! — дедi.


23Бұларды естiгенде әлгi кiсiнiң еңсесi түсiп қапаланды. Себебi ол өте бай болатын.

24Иса оның қайғыланғанын көрiп:

— Мал-мүлiкке бай адамдардың Құдай Патшалығына кiруi қандай қиын!

25Байдың Құдай Патшалығына кiруiнен гөрi түйенiң ине көзiнен өтуi оңай, — дедi.

26Мұны естiгендер:

— Ендеше кiм (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады? — деп сұрады.

27Ал Иса:

— Адам қолынан келмеген нәрселер Құдайдың қолынан келедi, — деп жауап бердi.

28Петiр:

— Мiне, бiз барлығын тастап, Сiздiң соңыңыздан ерiп жүрмiз, — дедi.

29Сонда Иса шәкiрттерiне:

— Сендерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына бола үй-жайы, әке-шешесi, туған бауырлары, әйелi не бала-шағасынан ажыраған әркiмге


30сол үшiн осы заманда қарымтасы бiрнеше есе артығымен қайтарылады, әрi келер заманда мәңгiлiк өмiр де сыйланады, — дедi.

Өзiнiң өлiп, қайта тiрiлетiнiн Исаның үшiншi рет бiлдiруi


31Иса он екi шәкiртiн қасына шақырып алып, оларға өзiнiң басынан өткiзетiндерi туралы айтты:

— Ендi Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Пайғамбарлардың көктен келген Билеушi туралы алдын ала жазып кеткендерiнiң бәрi сол жерде орындалады.


32Оны Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап бередi. Солар Оны мазақ етiп қорлап, бетiне түкiрiп,

33қамшымен сабайды, ақырында өлтiредi. Алайда Ол үшiншi күнi қайта тiрiледi!


34Бiрақ шәкiрттерi Исаның осы айтқанынан ештеңе ұқпады. Бұл сөздерiнiң мәнi олар үшiн құпия болғандықтан түсiнiксiз болып қала бердi.

Зағип кiсiнiң сенiмi


35Иса Иерихон қаласына жақындап қалғанда, жол жиегiнде бiр зағип қайыр сұрап отырған едi.

36Ол қасынан көп кiсiлердiң өтiп бара жатқанын естiп:

— Бұл не? — деп сұрады.

37Жұрт оған:

— Назареттiк Иса келе жатыр! — дедi.

38Сонда әлгi:

— Дәуiттiң Ұрпағы Иса! Маған рақым ете көрiңiз! — деп айқайлады.

39Алда келе жатқандар оған ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бiрақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуiттiң Ұрпағы! Маған рақым ете көрiңiз!» — деп жалбарынды.


40Иса тоқтай қалып, оны қасына алып келуге бұйырды. Зағип жақындағанда Иса одан:


41— Өзiңе не iстегенiмдi қалайсың? — деп сұрады. Ол:

— Тақсыр, көзiмдi көретiн етсеңiз екен! — деп өтiндi.

42Иса оған:

— Көзiң көретiн болсын! Сен сенiмiң арқылы құтқарылдың, — дедi.


43Сол сәтте-ақ оның көзi ашылып, көретiн болды! Ол Құдайға зор ризашылығын бiлдiрiп Исаға ерiп жүрдi. Халықтың бәрi мұны көрiп, Құдайды мадақтады.

19

Салық жинаушы Зақайдың жаңа өмiрге бет алуы


1Иерихонға кiрген Иса қаланың iшiмен өтiп бара жатты.

2Сол жерде Зақай есiмдi кiсi бар едi. Ол салық жинаушылардың бастығы әрi бай адам болатын.

3Зақай Исаның қандай екенiн көргiсi-ақ келiп едi, бiрақ қаумалаған халық көрсетпедi, себебi ол аласа бойлы болатын.

4Исаны көру үшiн алға жүгiрiп барып, бiр тұт ағашына шығып алды, өйткенi Иса сол жолмен өтуге тиiс едi.

5Сол жерге келгенде Иса ағашта отырған Зақайға қарап:

— Зақай, тез төмен түс! Бүгiн Мен сенiң үйiңде болуым керек, — дедi.

6Ол тез төмен түсiп, Исаны қуана қарсы алды.


7Мұны көрiп тұрғандардың бәрi: «Мынау күнәкардың үйiне қонаққа барды!» — деп күңкiлдесе бастады.


8Ал Зақай орнынан тұрып, Иемiзге:

— Мырза, мал-мүлкiмнiң жартысын кәрiп-қасерлерге үлестiрiп бермекпiн. Егер бiреудi алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтарамын, — дедi.

9Сонда Иса:

— Бүгiн осы үй iшi құтқарылды! Бұл адам да Ыбырайым атаның ұрпағынан.*


10Өйткенi Мен тура жолдан адасып кеткендердi iздеп, құтқаруға келдiм,* — деп жауап бердi.

Аманат етiлген зор байлық


11Халық тыңдап отырғанда Иса бiр астарлы әңгiменi қоса айтып бердi. Себебi Өзi Иерусалимге жақындап қалғандықтан олар: «Жуырда Құдай өз Патшалығын жерде орнатады» деп ойлады.

12Сондықтан Иса былай дедi: «Бiр ақсүйек алыс елге барып, сол жерде өз елiнiң патшалығына тағайындалып, қайтып келу үшiн сапарға шықпақшы болыпты.

13Қол астындағы қызметшiлерiнiң онын шақырып алып, әрқайсысына бiр-бiр қадақ күмiс берiп тұрып:

— Мен қайтып келгенше осы қаражатпен жұмыс iстеңдер! — дейдi.


14Ал өз елiнiң азаматтары сол ақсүйектi жек көредi екен. Сондықтан артынан өкiлдерiн жiберiп: «Оның бiзге патша болуын қаламаймыз», — деп сәлем жолдайды.


15Бiрақ та әлгi кiсi патша болып, қайта оралады. Күмiс берген қызметшiлерiнiң қайсысы қанша табыс тапқанын бiлу үшiн оларды өзiне шақыртады.

16Сонда бiрiншiсi келiп:

— Тақсыр, сiздiң бiр қадақ күмiсiңiз он қадақ табыс келтiрдi, — деп есеп бередi.

17Патшасы оны мақтап:

— Жарайсың, жақсы қызметшiм! Кiшкене iсте сенiмдi болдың, ендi он қаланың үстiнен билеушi бол, — дейдi.

18Екiншiсi келiп:

— Сiздiң бiр қадақ күмiсiңiз бес қадақ табыс келтiрдi, — деп есеп бергенде,

19патшасы:

— Ендеше сен бес қаланың билеушiсi бол, — деп бұйырады.


20Ал үшiншiсi келiп былай дейдi:

— Тақсыр, мiнеки, сiздiң қадағыңыз, оны орамалға түйiп сақтап қойдым.

21Сiзден қорықтым, өйткенi қатал адамсыз: өзiңiз салмаған қаржыны иемденiп, екпеген өнiмдi орасыз. —

22Патшасы оған:

— Әй, оңбаған қызметшi! Сенi өз аузыңнан шыққан сөздерiңмен айыптаймын! Менiң салмаған қаржыны иемденiп, екпеген өнiмдi оратын қатал адам екенiмдi бiлдiң ғой?

23Олай болса, неге күмiсiмдi айналымға жiбермедiң? Сонда мен қайтып келгенде оны өсiмiмен қайтарып алатын едiм, — деп жауап берiп,

24қасындағы нөкерлерiне: — Одан қадағын алып, он қадағы барға берiңдер! — деп бұйырады.

25Олар:

— Тақсыр, соның өзiнiң он қадағы бар ғой! — дейдi. Патша:


26— Сендерге айтамын: кiмде бар болса, соған тағы берiледi, ал кiмде жоқ болса, оның қолында бар азы да одан алынып қойылады.

27Ал менi өздерiне патша қылуды қаламаған жауларым болса, оларды осында алып келiп, көз алдымда қырып салыңдар! — дейдi.

Мәсiхтiң салтанатпен Иерусалимге кiруi


28Осыны айтып болған соң Иса Иерусалим қаласына бет алып, өрлеп жүрiп кеттi.

29Зәйтүн тауының беткейiндегi Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындағанда Иса шәкiрттерiнiң екеуiн жұмсап,

30мынадай тапсырма бердi:

— Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кiрген бойда байлаулы тұрған, әлi ешкiм мiнбеген бiр тайқар есектi көресiңдер. Соны шешiп, алып келiңдер!

31Егер қайсыбiреу сендерден: «Бұны неге шешесiңдер?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек» деп жауап берiңдер!


32Жұмсаған екi шәкiртi барып, Исаның айтқанын тауып алды.

33Олар есектi шешiп алып жатқанда, оның қожайындары: «Тайқарды неге шешесiңдер?» — дедi.

34Шәкiрттер: «Ол Мырзамызға керек», — деп жауап бердi.

35Есектi алып келiп, үстiне шапандарын жапқаннан кейiн оған Исаны мiнгiздi.


36Иса iлгерлеген сайын кiсiлер жамылғыларын жолға жайып отырды.

37Ол жолдың Зәйтүн тауынан төмен түсетiн жерiне жақындағанда күллi шәкiрттерi көрген барлық құдiреттi iстерi үшiн зор қуанышпен қатты дауыстап Құдайды мадақтай бастады:

38«Жаратқан Иенiң атынан келе жатқан Патша жарылқанған!»

«Көкте амандық болсын, заңғар көкте Құдай мадақталсын!»


39Халық арасынан кейбiр парызшылдар Исаға:

— Ұстаз, шәкiрттерiңiзге тыйым салыңыз! — дедi.


40Ал Иса:

— Сендерге шын айтамын: егер олар үндемесе, онда жолдағы тастар айқай салар едi, — деп жауап қайырды.

Иерусалимнiң қиратылатынын алдын ала бiлдiру


41Иса қалаға жақындап қалған кезде оған қарап көзiне жас алып былай дедi:


42— Тым болмаса бүгiн өзiңдi ненiң құтқара алатынын бiлсең еттi! Бiрақ қазiр мұны ұға алмайсың.

43Жауларың саған қарсы бекiнiстер құрып, қоршап, жан-жақтан қыспақтайтын күндер басыңа туады.

44Олар сенi қиратып, тұрғындарыңды өлтiредi де, күл-талқаныңды шығарып, жермен-жексен етедi. Себебi Құдайдың өзiңдi құтқаруға келген кезiн түсiнбедiң.

Мәсiхтiң ғибадатхананы саудадан тазартуы,


45Содан кейiн Иса ғибадатхана ауласына кiрiп, ондағы сатушыларды қуып шығарды. Оларға:


46— «Менiң үйiм мiнажат ететiн үй болсын!» деп Киелi жазбада айтылған. Бiрақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар! — дедi.


47Иса күн сайын ғибадатханада халыққа тәлiм берiп жүрдi. Ал басты дiни қызметкерлер, дiн мұғалiмдерi және рубасылар Оның көзiн құртпақ болды,

48бiрақ бұл мақсатты орындаудың ретiн таба алмады. Себебi жұрттың бәрi қасынан кетпей, Исаны тыңдайтын.

20


1Иса ғибадатханада халыққа тәлiм берiп, Iзгi хабарды жариялап жүрген сол күндердiң бiрiнде басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерi рубасылармен бiрге келiп,

2Оған:

— Айтыңызшы, бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүрсiз? Сiзге мұндай билiктi кiм бердi? — деген сауал қойды.

3Иса оларға:

— Мен де сiздерге бiр сұрақ қояйын, соған жауап берiңiздер:

4Жақия орындаған шомылдыру рәсiмi көктiң еркiмен болып па едi, әлде адамның еркiмен бе? — деп жауап қатты.

5Олар өзара ақылдасып былай дестi:

— Егер «көктiң еркiмен» десек, Ол «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедiңiздер?» дейтiн болар.

6Ал егер «адамның еркiмен» десек, бүкiл халық бiздi тас лақтырып өлтiрер. Себебi олар Жақияның пайғамбар екенiне сенедi ғой. Сондықтан олар:


7— Кiмнiң еркiмен болғанын бiлмеймiз, — деп жауап бердi.

8Иса оларға:

— Олай болса, Мен де сiздерге бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүргенiмдi айтпаймын, — деп кесiп айтты.

Опасыз жүзiмшiлер


9Сол кезде Иса халыққа мына астарлы әңгiменi айтып бердi:

— Бiр кiсi жүзiм бағын отырғызады. Оны жүзiмшiлерге жалға тапсырып, өзi ұзақ уақытқа басқа жаққа сапарға аттанады.

10Мезгiлi келгенде бақтың өнiмiнен тиiстi үлесiн берсiн деп жүзiмшiлерге бiр қызметшiсiн жұмсайды. Бiрақ олар оны ұрып-соғып, құр қол қайтарып жiбередi.


11Сонда бақ иесi басқа бiр қызметшiсiн жұмсайды. Олар оны да ұрып, намысына тиiп қорлап, құр қол қайтарып жiбередi.

12Ендi үшiншi қызметшiсiн жұмсайды. Алайда жүзiмшiлер оны да жарақаттап, қуып жiбередi.


13Сонда бақтың иесi: «Ендi не iстейiн? Өзiмнiң сүйiктi ұлымды жiберейiн. Мүмкiн, оны көрiп, ұялар» дейдi.

14Бiрақ жүзiмшiлер ұлын көргенде өзара ақылдасып: «Бұл мұрагер ғой! Кәне, жүрiңдер, оны өлтiрейiк, сонда мұрасы бiздiкi болады!» — деседi де,

15оны бақ сыртына алып шығып, өлтiрiп тастайды.

Ендi жүзiмдiктiң иесi оларға не iстемек?

16Келiп, жүзiмшiлердi өлтiрiп, бағын өзгелерге тапсырмақ.

Мұны естiген халық:

— Оның бетiн ары қылсын! — дедi.

17Иса оларға қарап былай деп жауап бердi:

— Ендеше Забурда жазылған мына сөздiң мағынасы не:

«Құрылысшылар керегi жоқ деп бас тартқан Тас


Ендi үйдiң басты iргетасына айналды!»


18Әлгi Тасқа құлаған әркiм быт-шыт болады!

Үстiне осы Тас құласа жаншылып қалады!

Шетелдiк патшаға салық төлеу дұрыс па?


19Басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерi Исаның бұл астарлы әңгiменi өздерiне тигiзiп айтқанын түсiнiп, сол кезде-ақ Оны ұстап алмақ болды, бiрақ халықтан қорықты.

20Олар Исаны аңди бастап, Оған әдiл болғансып жүретiн жансыздарын жiбердi. Бұлар Оны римдiк әмiршiнiң билiгi мен сотына тапсыру үшiн бiр сөзiнен ұстауға тырысты.

21Жансыздар Исаға:

— Ұстаз, Сiздiң адал көңiлмен сөйлеп, тәлiм беретiнiңiздi бiлемiз. Ешкiмнiң де бет-жүзiне қарамай, жұртты шынымен Құдай жолына үйретесiз.

22Ал ендi, Рим патшасына алым-салық төлеуiмiз дұрыс па, әлде бұрыс па? — деген сұрақ қойды.

23Бiрақ Иса олардың арам ойларын бiлiп:

— (Менi азғырып сынамақсыңдар, ә?)

24Маған бiр күмiс теңгенi көрсетiңдершi. Мына сурет пен жазу кiмдiкi? — деп сұрады. Олар:

— Римдiк патшанiкi, — деп жауап бердi.

25Сонда Иса:

— Олай болса, патшаға тиiстiсiн патшаға, ал Құдайға тиiстiсiн Құдайға берiңдер! — деп қорытты.


26Сонымен олар Исаны халықтың алдында сөзiнен ұстай алмады. Қайта, Оның берген жауабына аң-таң болып, үн-түнсiз қалды.

Қайта тiрiлу туралы сұрақ


27Өлiмнен қайта тiрiлу жоқ деушi саддукейлер ұйымының кейбiр мүшелерi де Исаға келiп, мына сұрақты қойды:


28— Ұстаз, Мұса пайғамбар бiзге: «Егер бiреудiң үйленген бауыры соңынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесiрiне үйленiп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын!» деп жазып тапсырған.

29Бiрде ағайынды жетi жiгiт болды. Солардың тұңғышы үйленiп, соңынан бала қалдырмай өлдi.

30Жесiрiне екiншiсi де,

31үшiншiсi де, осылай басқалары да үйленiп, артына бала қалдырмай дүние салды.

32Ең соңында әйел де көз жұмды.

33Ендеше қиямет күнi қайта тiрiлгенде сол әйел қайсысынiкi болады? Ол жетеуiнiң де әйелi болған едi ғой!


34Иса оларға былай деп жауап қайтарды:

— Бұ дүниедегiлер әйел алады, күйеуге шығады.

35Ал өлiмнен қайта тiрiлiп, жұмаққа баруға лайықтылар сол жерде әйел де алмайды, күйеуге де шықпайды.

36Себебi олар қайта тiрiлгеннен кейiн перiштелерге ұқсап, Құдайдың рухани балалары болады.


37Ал өлгендердiң қайта тiрiлетiнiн Мұса да Таурат кiтабының тiкендi бұта туралы тарауында бiлдiрген. Ол онда Жаратқан Иенi «Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы» деп атаған.

38Демек, Жаратқан Ие өлгендердiң емес, тiрiлердiң Құдайы! Оның алдында бәрi де тiрi.


39Кейбiр дiн мұғалiмдерi бұған:

— Ұстаз, Сiз тауып айттыңыз! — дедi.

40Бұдан кейiн Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады.

Мәсiх — Дәуiт пайғамбардың әрi Ұрпағы, әрi Иесi


41Ал Иса оларға мына сұрақты қойды:

— Жұрттың Мәсiхтi «Дәуiттiң Ұрпағы» деулерi қалай?

42Дәуiттiң өзi Забур кiтабындағы бiр жырында:

«Жаратқан Ие менiң Иеме былай дедi:



43Мен сенiң жауларыңды табаныңның астына

Салып бергенiмше өзiң отыр оң жағымда! — деген ғой.


44Ендеше Дәуiт пайғамбар Мәсiхтi «Ием» деп атаған соң, қалайша Ол «Дәуiттiң Ұрпағы» ғана болады?

Дiн басыларының өзiмшiлдiгi, ал бейшара жесiрдiң жомарттығы


45Бүкiл халық тыңдап тұрғанда Иса шәкiрттерiне:


46— Дiн мұғалiмдерiнен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киiп жүрудi жақсы көредi, базарларда жұрттың өздерiне сәлем берiп құрмет көрсетуiн, әрi мәжiлiсханаларда сыйлы орында отырып, қонақасыларда төрде жантаюды ұнатады.

47Сондай-ақ жесiр әйелдердiң үй-жайын iшiп-жеп тауысып, әдейi көзге түсу үшiн ұзақ мiнажат етiп жүр. Бұлар бәрiнен бетер қатаң жазаланатын болады-ау! — дедi.

21


1Иса айналасына қарап, байлардың құдайы сыйлықтарын арнайы сандықтарға салып жатқандарына назар аударды.

2Сондай-ақ бiр бейшара жесiр әйелдiң жалпы құны төрт теңгелiк екi бақырды салғанын көрiп,

3былай дедi: «Сендерге шындығын айтайын: мына бейшара жесiр бәрiнен де көп салды!

4Себебi басқалардың бәрi өздерiнен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзi бейшара бола тұра күнелтетiн нәрсесiнiң бәрiн аямастан бердi».

Ғибадатхананың қиратылуы туралы алдын ала бiлдiру


5Кейбiреулер ғибадатханаға нұсқап оның әдемi тастармен салынып, арнайы сый-тартулармен тамаша әшекейленгенiн айтқанда, Иса былай жауап бердi:

6«Сендер көрiп тұрған мына ғимараттардың қаланған бiрде-бiр тасы қалмай бәрiнiң де күл-талқаны шығатын күндер туады!»

Осы заманның ақырын бiлдiретiн ғажайып белгiлер


7Олар Исадан:

— Ұстаз, бұл қашан болады? Оның iске асатын кезiн қандай белгi бiлдiрмек? — деп сұрады.


8Исаның жауабы мынау болды:

— Сендер алданып, терiс жолға түсiп кетуден сақтаныңдар! Себебi көп адамдар Менiң атымды жамылып келiп: «(Құтқарушы Мәсiх) Менмiн!» және «Ақыр заман жақындап қалды!» дейтiн болады. Сондайлардың соңынан ермеңдер!

9Соғыстар мен көтерiлiстер туралы естiгенде үрейленбеңдер! Алдымен осылар болуға тиiстi, бiрақ заманның ақыры бiр дегеннен бола қоймайды.


10Бұдан кейiн Иса оларға былай дедi:

— Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып,

11түрлi жерлерде қатты жер сiлкiнiстер, ашаршылық және iндеттер болады. Аспанда қорқынышты құбылыстар және үлкен ғажайып белгiлер көрiнедi.

Сенушiлердiң қудаланып, Иерусалимнiң жазалануы


12Ал осының бәрi iске аспас бұрын Менiң жолыма түскендерiңе бола жұрт сендерге зорлық көрсетiп, қудалайды, мәжiлiсхана соттарына ұстап берiп, түрмеге салып, патшалар мен әмiршiлердiң алдына апарады.

13Осылайша сендер Мен туралы ашық айтуға мүмкiндiк аласыңдар.


14Ал ендi, қалай жауап беремiз деп алдын ала ойламаймыз деген берiк шешiмге келiңдер!

15Себебi Мен сендерге жауларың қарсы сөйлеп, дәлел келтiре алмайтындай шешендiк пен даналық дарытамын.


16Сендердi тiптi әке-шешелерiң, бауырларың, туыстарың мен достарың да ұстап берiп, кейбiреулерiңдi өлiмге душар етедi.

17Менiң атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендердi жек көретiн болады.

18Алайда Құдайдың еркiнсiз сендер қылдай да қиянат шекпейсiңдер.

19Табанды болыңдар, сонда шынайы өмiрге жетесiңдер!


20Ал Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезiнiң жақындап қалғанын бiлесiңдер.

21Сол уақытта Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын, Иерусалимдегiлер қаладан шығып, ал маңындағылар қалаға кiрмей, қашып құтылсын!

22Себебi сол кез Құдайдың халықты жазалайтын күндерi. Осылайша Киелi жазбаларда бұл туралы жазылғандардың бәрi де жүзеге аспақ.


23Сол күндерi аяғы ауыр және бала емiзiп жүрген әйелдер қандай қасiретке ұшырайтын болады! Себебi осы ел үлкен апатқа душар болып, халықтың басына қаһарлы жаза түседi.

24Олар қылыштан өледi немесе тұтқындалып, барлық басқа ұлттардың елдерiне айдалады. Құдайға сенбейтiн халықтар өз дәурендерi өткенше Иерусалим қаласын табандарымен таптап, бiлгендерiн iстейтiн болады.

Мәсiхтiң дүниенi соттау үшiн қайтып келуiне дайын болу керек


25Күнде, айда, жұлдыздарда ғажайып белгiлер пайда болып, жерде теңiздер шулап долданады. Содан халықтар зәрелерi ұшып, не iстерiн бiлмей дал болады.

26Аспан денелерi орындарынан қозғалғандықтан адамдар қорқып, әлемге төнетiн апаттарды күтiп естерiнен тана үрейленедi.


27Сол уақытта олар Менiң Билеушi ретiнде ғаламат құдiретпен, салтанатты ұлылықпен бiр бұлтта келе жатқанымды көредi.


28Сендер бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтерiп, жоғары қараңдар, себебi құтқарылуларың жақын! — дедi Иса.


29Содан кейiн Иса тыңдап тұрғандарға мына болашақтағы жағдайды түсiндiрдi:

— Iнжiр ағашы мен барлық басқа ағаштарға қараңдар:

30жапырақтарының шыға бастағанын көргенде жаздың таяп қалғанын бiлесiңдер.

31Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болып жатқанын көргенде Құдай Патшалығының жер бетiнде орнайтын кезiнiң таяп қалғанын бiлетiн боласыңдар.


32Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ мұның бәрi iске асады.

33Аспан мен жер жойылатын болады, бiрақ Менiң сөздерiм еш жойылмайды.


34Алайда өздерiңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделiктi тұрмысты уайымдап, жүректерiң шеменденiп кетпесiн! Әйтпесе Менiң қайта оралатын күнiм сендерге қапылыста келедi.

35Себебi сол күн жер бетiнде тұрғандардың бәрiнiң басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады.

36Алдағы осы апаттардан құтылып, Билеушi ретiнде көктен келген Менiң алдымда тұра алу үшiн әрқашан сергек болып, сиынып мiнажат етiңдер!


37Иса күндiз ғибадатханада тәлiм бердi, ал кешке қаладан шығып, Зәйтүн тауына барып, сол маңайда түнеп жүрдi.

38Таң ата бүкiл халық Исаны тыңдау үшiн ғибадатханаға Оның қасына келетiн.

22

Исаны өлтiру жөнiндегi жоспар


1Бұл кезде Ашымаған нан мейрамы жақындап қалған едi. Ол Құтқарылу мейрамы* деп те аталатын.

2Басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерi Исаның көзiн құртудың жолын қарастырды, себебi олар халықтан қорықты.


3Сонда он екi елшiнiң бiрi — Яһуда Исқариоттың жүрегiне әзәзiл шайтан кiрдi.

4Яһуда барып, басты дiни қызметкерлермен және ғибадатхананың бас сақшыларымен Исаны оларға қалай ұстап беру туралы ақылдасты.

5Олар қатты қуанып, Яһудаға күмiс ақша беруге уәде еттi.

6Ол бұған келiсiп, Исаны жұрт көзiнен таса жерде ұстап берудiң қолайлы сәтiн аңдыды.

Құтқарылу мейрамындағы ас


7Сөйтiп Ашымаған нан мейрамының бiрiншi күнi де жеттi. Сол күнi әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсiрiп, бiр тоқтыны құрбандыққа шалуы қажет болатын.

8Сондықтан Иса Петiр мен Жоханды жұмсап:

— Барып, бiзге мейрам асын әзiрлеңдер, — дедi.


9— Асты қай жерде әзiрлеуiмiздi қалайсыз? — деп сұрады олар.

10Иса:

— Тыңдап алыңдар: қалаға кiргендерiңде сендерге құмырамен су алып бара жатқан бiр адам кездеседi. Соның артынан ерiп, ол кiрген үйге сендер де кiрiп,

11үй иесiне: «Ұстазымыз сiзге сәлем айтып, Маған шәкiрттерiммен бiрге отырып, мейрам асын iшуге болатын қонақ бөлмеңiз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.

12Үй иесi сендерге жоғарғы қабаттағы, еденiне төсенiштер төселген кең қонақ бөлменi көрсетедi. Асты сол жерге дайындаңдар, — дедi.

13Олар барғанда бәрi де Исаның айтқанындай болды. Мейрам асын сонда даярлады.


14Тамақ iшетiн уақыт болғанда Иса елшiлерiмен бiрге дастарқан басына жантайып,

15оларға:

— Мен азап шегер алдында мына Құтқарылу мейрамының асын сендермен бiрге жеудi қатты аңсап едiм.

16Сендерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығында құтқарылу толықтай жүзеге асқанша, Мен осы асты бұдан былай жемеймiн, — дедi.


17Содан кейiн, қолына тостағанды алды да, шүкiршiлiк етiп, оларға:

— Мұны алып, өзара бөлiсiңдер.

18Сендерге айтамын: Құдай Патшалығы орнағанша, Мен ендi қайтып жүзiм шырынынан iшпеймiн, — дедi.

Исаның құрбан болуы — Жаңа келiсiмнiң негiзi


19Содан кейiн Иса қолына нан алып, шүкiршiлiк еттi. Нанды үзiп, оларға берiп жатып:

— Бұл — сендер үшiн құрбандыққа берiлмек денем. Менi естерiңе түсiру үшiн осылай iстеңдер! — дедi.


20Сондай-ақ, кешкi астан кейiн тостағанды да алып:

— Мына тостаған — сендер үшiн төгiлмек қаныммен бекiтiлген Жаңа келiсiм, — дедi.


21— Тыңдап алыңдар: Менi өз қолымен ұстап беретiн опасыз Менiмен бiрге дастарқан басында отыр!

22Көктен келген Мен алдын ала белгiленген жолмен жүремiн. Алайда Менi ұстап беретiн кiсi қасiретке қалады-ау! — дедi Иса.

23Шәкiрттерi:

— Мұны iстейтiн қайсымыз? — деп бiр-бiрiнен сұрай бастады.

Ең маңыздысы — билiк ету емес, қызмет ету


24Сол кезде шәкiрттерiнiң арасында қайсымыздың жолымыз үлкен деген бiр айтыс та басталып кеткен едi.

25Ал Иса оларға былай дедi:

— Патшалар қол астындағы елдердi билеп-төстеп, халықтардың үстiнен қатаң әмiр жүргiзушiлер «жақсылық жасаушылар» деп аталады.


26Бiрақ сендерде ондай болмасын! Керiсiнше, ең ұлыларың ең кiшiлерiңдей, басшылық ететiндерiң қызмет көрсетушiлерiңдей болсын!

27Қайсысының жолы үлкен: дастарқанда отырғанының ба, әлде оған қызмет етушiнiң бе? Әрине, дастарқанда отырғанының. Ал Мен араларыңда қызмет етушi iспеттiмiн.


28Қиындыққа ұшыраған кездерiмде Менiмен бiрге болған сендерсiңдер.

29Сондықтан Әкемнiң Менi Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендердi билiк жүргiзуге тағайындаймын.

30Менiң Патшалығымда дастарқанымнан iшiп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдiң он екi руына билiк жүргiзетiн боласыңдар.

Петiрдiң Мәсiхтен танатыны туралы алдын ала бiлдiру


31Иемiз Иса Шимон Петiрге:

— Шимон, Шимон, сақ бол! Жұрттың бидайды қауызынан ажырататыны сияқты, әзәзiл шайтанға да сендердi сынақтан өткiзуге жол берiлдi.


32Бiрақ Мен сенiмiң таусылмасын деп сен үшiн мiнажат еттiм. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейiн бауырластарыңның сенiмiн нығайтатын бол, — деп ескерттi. Ал Петiр:


33— Мырза, Сiзбен бiрге түрмеге де, өлiмге де баруға дайынмын! — дедi.

34Бiрақ Иса:

— Петiр, саған шындығын айтайын: сен осы түнi-ақ әтеш шақырғанша «Оны танымаймын» деп үш рет Менен танасың, — деп жауап бердi.


35Содан кейiн Иса шәкiрттерiне:

— Сендердi жолға қапшық та, жол дорба да, артық аяқ киiм де алғызбай жұмсап жiбергенiмде бiр нәрседен мұқтаждық көрдiңдер ме? — дегенде, олар:

— Жоқ, еш нәрседен, — деп жауап қайтарды.

36Сонда Иса оларға:

— Ал ендi, кiмнiң ақша қалтасы болса, соны да, жол дорбасын да алып жүрсiн. Кiмнiң семсерi жоқ болса, ол шапанын сатып, семсер алсын.

37Өйткенi сендерге айтамын: пайғамбардың: «Ол қылмыскерлердiң қатарында саналды» деп алдын ала айтқан сөзi Менiң өмiрiмде iске асуға тиiс. Мен туралы алдын ала жазылғанның бәрi де орындалады, — дедi.

38Шәкiрттерi:

— Мырза, қараңыз, мұнда екi семсер бар! — дегенде Иса:

— Жетер ендi! — дедi.

Гетсимани бағындағы iшкi қиналыс және мiнажат


39Иса қаладан шығып, дағдылы әдетi бойынша Зәйтүн тауына кеттi. Шәкiрттерi де Оның артынан ердi.

40Сол жерге жеткеннен кейiн Иса оларға: «Азғырылмау үшiн сиынып мiнажат етiңдер!» — дедi.


41Өзi олардан тас лақтырымдай жерге аулағырақ барып, тiзерлеп отырды. Мiнажат етiп былай дедi:


42— О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) мына тостағанды Маған жолатпай алып кете гөр. Бiрақ Менiң емес, Сенiң еркiң болсын!


43Сонда көктен бiр перiште келiп, Исаға күш бердi.

44Жанталасып жатқанда Иса одан бетер қатты мiнажат еттi. Оның терi қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты.


45Иса сиынуын аяқтап, орнынан тұрды. Шәкiрттерiнiң қасына қайтып келiп, олардың қайғыдан шаршап, ұйықтап қалғанын көрдi.

46Сонда оларға: «Неге ұйықтап жатырсыңдар? Азғырылмау үшiн тұрып, сиынып мiнажат етiңдер!» — дедi.

Тұтқындалу


47Иса әлi де осылай айтып тұрғанда, бiр топ адам көрiндi. Оларды Яһуда есiмдi он екi елшiнiң бiреуi бастап алып келдi. Ол Исаға жақындап, Оны сүймекшi болды. (Себебi Яһуда қасындағылармен «Кiмнiң бетiнен сүйсем, Ол — Соның Өзi» деп келiскен едi.)

48Ал Иса оған: «Яһуда! Сен көктен келген Маған бетiмнен сүйiп тұрып та опасыздық жасайсың ба?» — дедi.


49Исаның қасындағылар ендi не болатынын сезiп:

— Мырза, семсермен шауып тастайық па? — деп сұрады.

50Олардың бiреуi семсерiмен бас дiни қызметкердiң малайына қарай сiлтеп қалып, оң құлағын шауып түсiрдi.

51Бiрақ Иса:

— Тоқтатыңдар, жетер ендi! — деп, малайдың құлағына қолын тигiзiп, сауықтырып жiбердi.


52Иса Өзiн ұстауға келген басты дiни қызметкерлерге, ғибадатхананың бас сақшыларына және рубасыларына:

— Менi ұстауға қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?


53Күн сайын сiздермен бiрге ғибадатханада болғанымда Маған қарсы қол көтерген жоқсыздар. Ал қазiр күндерiңiз туып, қара түнектiң күшi билiгiн жүргiзiп тұр, — дедi.

Бас дiни қызметкердiң сарайында


54Олар Исаны ұстап алып, бас дiни қызметкердiң сарайына апарды. Петiр соларға алыстан iлесiп отырды.

55Сақшылар iшкi ауланың ортасына от жағып, айналдыра жайғасқанда Петiр де араларына барып отырды.

56Бiр қызметшi қыз оның оттың жарығында отырғанын көрдi. Оған қадала қарап:

— Мынау да Онымен бiрге жүрдi! — дедi.

57Бiрақ Петiр қызға:

— Жоқ, Оны танымаймын! — деп мойындамады.

58Бiраздан кейiн тағы бiреу оны көрiп:

— Сен де солардың бiрiсiң! — дедi. Бiрақ Петiр ол кiсiге:

— Бауырым, олай емеспiн! — деп жауап қатты.

59Бiр сағаттай уақыт өткен соң тағы бiр адам:

— Шынымен бұл да Оның қасында жүрдi, өзi ғалилеялық қой! — деп нықтап айтты.

60Бiрақ Петiр сол адамға:

— Не деп тұрғаныңды түсiнбеймiн! — деп жауап қайтарды. Ол осылай айтып тұрған сәтте-ақ әтеш шақырды.

61Иемiз бұрылып, Петiрге қарады. Петiрдiң есiне Иемiздiң «Сен осы түнi-ақ әтеш шақырғанша үш рет Менен танасың» деген сөзi түстi.

62Ол сыртқа шығып, қатты жылады.


63Исаны ұстап тұрған адамдар Оны мазақтап, соққылады.

64Оның бетiн бүркеп, ұрып-соғып: «Әй, пайғамбар болсаң, Сенi кiм ұрды, соны айтып бершi!» деп келекелей сұрады.

65Оны тағы басқа көптеген жаман сөздермен де қорлады.


66Таң атқанда рубасылар, басты дiни қызметкерлер және дiн мұғалiмдерi Жоғарғы кеңеске жиналды. Исаны кеңестiң алдына әкелдiрiп,

67Оған:

— Сен Мәсiхсiң бе? Бiзге айтып бер! — дедi. Иса оларға:

— Мен айтсам да, бәрiбiр сенбейсiздер,

68сiздерге сұрақ қойсам да, бәрiбiр жауап бермейсiздер.

69Ал қазiрден бастап Мен Билеушi ретiнде Құдiреттi Құдайдың оң жағында отыратын боламын! — дедi.

70Олардың бәрi:

— Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса:

— Менiң Сол екенiмдi өздерiңiз айтып тұрсыздар, — деп жауап бердi.

71Олар:

— Бiзге тағы қандай куәлiк қажет? Мұны Оның өз аузынан естiдiк қой, — дестi.

23

Исаның римдiк әмiршiге және Ғалилея әкiмiне берген әдiл куәлiгi


1Жиналғандардың бәрi орындарынан тұрып, Исаны Пилатқа алып барып,

2былай деп айыптай бастады:

— Бiз мына Кiсiнiң халқымызды бүлдiрiп жүргенiн тексерiп, анықтадық. Ол Рим патшасына салық төлемеңдер деп үгiттеп, Өзiн Мәсiхпiн, яғни Патшамын деп жүр!

3Сонда Пилат Исаға:

— Сен яһудилердiң Патшасысың ба? — деген сұрақ қойды. Ол:

— Өзiңiз айтып тұрсыз, — деп жауап бердi.

4Пилат басты дiни қызметкерлер мен жиналған халыққа:

— Мен бұл Адамнан ешқандай кiнә таппай тұрмын, — дедi.

5Бiрақ олар одан бетер нығарлап:

— Бұл Ғалилеядан бастап осы жерге дейiн бүкiл Яһудея бойынша өз iлiмiн таратып, елдi көтерiлiске желiктiрiп жүр! — деп айыптады.


6Пилат Ғалилея аймағы туралы естiгенде:

— Бұл Өзi ғалилеялық па едi? — деп сұрады.

7Осылай Исаның Ирод (Антипас) билеген Ғалилея аймағынан екенiн бiлген соң, Пилат Исаны сол кiсiге жiбердi. Өйткенi Ирод та бұл күндерi Иерусалимде жүрген едi.


8Ирод Исаны көргенiне қатты қуанды, себебi Ол туралы көп естiп, өзiне бiр керемет көрсетер деп үмiттенiп, көптен берi көргiсi келiп жүрген едi.

9Ирод Исаға көптеген сұрақтар қойды, алайда Ол ешқандай жауап бермедi.


10Сол жерде тұрған басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерi Исаны қатты айыптады.

11Сонда Ирод жасақшыларымен бiрге Оны қорлап мазақтап, үстiне әдемi шапан жауып, Пилатқа қайтарып жiбердi.

12Осы уақытқа дейiн қастасып келген Пилат пен Ирод сол күнi татуласып, өзара дос бола қалды.

Әдiлетсiз үкiм


13Пилат басты дiни қызметкерлердi, рубасыларды және халықты шақырып алып,

14былай деп шешiмiн айтты:

— Мына Адамды халықты бүлдiрiп жүр деп, маған алып келдiңiздер. Мiне, мен Оны алдарыңызда тергеп, бұл Адамнан сiздер айыптайтындай ешқандай кiнә таппадым!

15Ирод та солай еттi, өйткенi мен Оны соған жiберген едiм. Демек, Ол өлiм жазасына кесетiндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ.

16Сондықтан Оған дүре соқтырып, босатып жiберемiн.

17(Ал әмiршi мейрам құрметiне оларға бiр тұтқынды босатып беруi керек болатын.)

18Сонда жиналған халық түгелдей:

— Ол өлтiрiлсiн! Орнына бiзге Бараббаны босатып берiңiз! — деп айқайлады.

19Барабба қалада бүлiк шығарып, кiсi өлтiргенi үшiн түрмеге жабылған едi.


20Пилат Исаны қоя бермекшi болып, қайтадан даусын көтере сөйледi.

21Бiрақ олар:

— Айқышқа шегеленсiн, айқышқа! — деп шулап кеттi.

22Пилат оларға үшiншi рет:

— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? Мен Одан өлiм жазасына кесетiндей ешқандай кiнә таппай тұрмын. Сондықтан Оны дүре соқтырып, босатып жiберейiн, — дедi.

23Бiрақ басты дiни қызметкерлер мен халықтың көпшiлiгi бар дауыспен:

— Оны айқышқа шегелетiңiз! — деп айқай салып, талап ете бердi.

Ақырында олар айқайларымен дегендерiне жетiп,

24Пилат талаптары орындалсын деп шештi.

25Бүлiк жасап, кiсi өлтiргенi үшiн абақтыға жабылған адамды олардың сұрауы бойынша босатып жiбердi, ал Исаны тiлектерiне сай өлiмге кесiп, жасақшылардың қолдарына тапсырды.

Үкiмнiң орындалуы


26Олар Исаны жазалайтын жерге айдап бара жатқанда, даладан қалаға келе жатқан Шимон есiмдi күренелiктi ұстап алып, оған айқыш ағашты арқалатып, Исаның соңынан көтертiп қойды.


27Исаға өте көп халық iлесiп, көптеген әйелдер жоқтау айтып еңiрей жылап келе жатты.

28Ал Иса оларға бұрылып, былай дедi:

— Иерусалимнiң әйелдерi, Мен үшiн жыламаңдар, өздерiң мен балаларың үшiн жылаңдар!

29Себебi «Бедеу, бала таппаған, емшек емiзбеген әйелдер бақытты!» дейтiн, азапты күндер келедi.

30Сол уақытта адамдар тау-төбелерге: «Үстiмiзге құлап, бiздi жасырып тастаңдар!» деп жалынатын болады.

31Егер жасыл ағашқа бұлай iстелсе, онда қураған ағашпен не болмақ?


32Жасақшылар Исамен бiрге екi қылмыстыны да өлтiруге алып бара жатты.

33Олар «Маңдайтөбе» деген жерге келгенде Исаны айқышқа керiп шегелеп, көтерiп қойды. Сондай-ақ екi қылмыскердi де, бiреуiн оң, екiншiсiн сол жағына айқыш ағаштарға керiп шегелеп, көтерiп қойды.


34Сонда Иса (көктегi Әкесiне сиынып): «Әке, оларды кешiре гөр! Олар не iстеп жатқандарын түсiнбейдi», — дедi.

Ал жасақшылар жеребе тастап, Исаның киiмдерiн бөлiстi.


35Халық сол жерде осының бәрiне қарап тұрды. Басшылары тiптi Исаны мазақтап: «Мынау басқаларды құтқарыпты. Егер Ол Мәсiх — Құдайдың Таңдаулысы болса, ендi Өзiн құтқарып көрсiн!» — деп келекеледi.

36Жасақшылар да Исаның қасына келiп, Оған сiрке суын ұсынып:

37«Егер яһудилердiң Патшасы болсаңыз, Өзiңiздi құтқара көрiңiз!» — деп Оны табалады.


38Айқыштың үстiңгi жағына «Бұл — Яһудилердiң Патшасы» деп (грек, латын және еврей тiлдерiнде) жазылған тақтайша бекiтiлген болатын.


39Айқышқа iлiнген екi қылмыскердiң бiреуi Исаға тiл тигiзiп:

— Мәсiх болсаң, кәне, Өзiңдi де, бiздi де құтқарып ал! — деп мысқылдады.

40Екiншiсi, керiсiнше, оны тоқтатып:

— Құдайдан қорықпайсың ба? Өзiң де осыған кесiлдiң ғой.

41Бiздiң үкiмiмiз әдiл, iстерiмiзге лайық жаза тартамыз. Ал Бұл еш жамандық iстеген жоқ, — дедi.

42Содан кейiн:

— Иса, Патшалығыңызға кiргенде менi есiңiзге ала көрiңiз, — деп өтiндi.


43Иса оған:

— Саған шындығын айтамын: бүгiн-ақ Менiмен бiрге жұмақта боласың! — дедi.

Исаның қайтыс болып, қабiрге қойылуы


44-45 Бұл уақыт тал түстiң шамасы едi. Сол кезде күннiң жарығы сөнiп, бүкiл жердi қараңғылық басып, ол үш сағатқа созылды. Киелi үйдегi шымылдық ортасынан қақ айырылып, екiге бөлiндi.


46Иса қатты дауыспен айқайлап: «Әке, Сенiң қолыңа рухымды тапсырамын!» — дедi. Мұны айтқаннан кейiн жан тәсiлiм еттi.


47Осы оқиғаларды көрiп тұрған жүзбасы: «Бұл шынымен әдiл Адам болған!» — деп, Құдайды дәрiптедi.

48Қызық көруге жиналған бүкiл халық болған жайттарды көрген соң, опық жеп қайғырып қалаға қайтты.


49Исаның барлық таныстары және Ғалилеядан ерiп келген әйелдер болса, алысырақ жерден осылардың бәрiне қарап тұрды.


50Ал Жоғарғы кеңестiң Жүсiп есiмдi мүшесi бар едi. Яһудея аймағындағы Ариматея қаласынан шыққан осы iзгi де әдiл жан

51Құдай Патшалығының орнауын аңсап күтiп жүрген болатын. Жүсiп Жоғарғы кеңестiң қарары мен iсiне келiспеген де едi.

52Осы кiсi Пилатқа барып, Исаның мәйiтiн қабiрге қоюға рұқсат сұрап алды.

53Сүйектi айқыштан түсiрiп алып, бәтес кебiнге орады. Оны әк жартастан үңгiп жасалған, әлi ешкiм қойылмаған бiр қабiрге апарып қойды.

54Бұл жұма күнгi кеш, яғни дiни демалыс күнiнiң басталар кезi едi.


55Исаға ерiп Ғалилеядан келген әйелдер iлесiп келiп, қабiрге де, оның iшiне мәйiттiң қалай қойылғанына да қарап тұрды.

56Олар қалаға қайтып барып, жұпар заттар мен иiсмайлар дайындап қойып, демалыс күнi Таурат заңының талабына сай тыныштық сақтап, демалды.

24

Иса Мәсiх қайта тiрiлдi!


1Жексенбi күнi әлгi әйелдер дайындаған иiсмайларын алып, (басқа да әйелдермен бiрге) таң сәрiде қабiрге барды.

2Келгенде үңгiр аузындағы қақпақ тастың домалатылып, былай қойылғанын көрдi.

3Iшке кiрген әйелдер Иемiз Исаның сүйегiн таба алмады!

4Олар бұған аң-таң болып тұрғанда, киiмдерi найзағайдай жарқыраған екi ер адам кенеттен қастарына келiп, тұра қалды.

5Әйелдер үрейленiп, жерден көздерiн алмай тұрғанда, әлгi екi кiсi оларға үн қатып:

— Тiрiнi өлiлердiң арасынан неге iздейсiңдер?

6Ол мұнда жоқ, қайта тiрiлiп кеттi! Оның Ғалилеяда жүрген кезiнде сендерге алдын ала айтқандарын естерiңе түсiрiңдер:

7Көктен келген Билеушiнiң күнәкар адамдарға ұстап берiлiп, айқышқа шегеленiп өлтiрiлiп, алайда үшiншi күнi қайта тiрiлуге тиiс екенiн алдын ала бiлдiрген едi ғой.


8Сонда Исаның айтқан сөздерi олардың естерiне түстi.

9Қабiрден қайтып келген олар бұл оқиғаны Оның он бiр елшiсi мен барлық басқа шәкiрттерiне түгелдей хабарлады.

10Мұны елшiлерге айтқан — мағдалалық Мәриям, Жоханна, Жақыптың шешесi Мәриям және олармен бiрге болған басқа әйелдер едi.


11Бiрақ елшiлер бос сөз деп, олардың айтқандарына сенген жоқ.

12(Ал Петiр орнынан тұра сала қабiрге жүгiрiп барды. Ол үңгiрдiң iшiне еңкейiп қарағанда жерде жатқан кебiндi ғана көрдi де, болған оқиғаға таңғалып, қайта оралды.)

Еммаусқа барар жолдағы кездесу


13Тап сол күнi шәкiрттердiң екеуi Иерусалимнен он бiр шақырымдай қашықтықтағы Еммаус деген ауылға бара жатып,

14осы оқиғалар туралы әңгiмелестi.

15Олар өзара сөйлесiп, пiкiр алысып бара жатқанда, Исаның Өзi жақындап келiп, екеуiне қосылды.

16Бiрақ олар Оны тани алмады.


17— Сендер өзара не туралы әңгiмелесiп, қайғыланып келе жатырсыңдар? — деп сұрады Ол. (Бұл сөздi естiгенде олар тұнжырап тұрып қалды.)

18Клеопа есiмдi бiреуi Оған:

— Иерусалимге келген, бiрақ осы күндерi онда не болғанынан еш хабары жоқ жалғыз Сiз шығарсыз? — дедi.

19Иса:

— Не болған едi? — деп сұрады. Олар былай жауап бердi:

— Назареттiк Исамен болған нәрсенi айтамыз. Ол Құдай алдында да, бүкiл халық алдында да сөзiмен де, iсiмен де құдiреттi Пайғамбар болды.

20Алайда бiздiң басты дiни қызметкерлер мен рубасыларымыз Оны өлiмге кестiру үшiн ұстап берiп, айқышқа шегелетiп өлтiрттi.

21Ал бiз, Исраил елiн Құтқарушы — Сол деп үмiттенген едiк. Бұған қоса, осы оқиғаның болғанына бүгiн үшiншi күн.

22Бiрақ арамызда жүрген кейбiр әйелдер бiздi қатты таңғалдырды: олар ертемен қабiрге барып,

23Оның сүйегiн таппапты! Қайтып келгенде сол әйелдер көздерiне перiштелердiң көрiнiп, өздерiне: «Ол тiрi!» дегендерiн айтып бердi.


24Содан кейiн арамыздағы кейбiр ер адамдар қабiрге барып, оның әйелдер айтқандай бос екенiн көрiптi! Бiрақ олар Исаның Өзiн көрген жоқ. —

25Сонда Ол:

— Ей, түйсiксiз шабандарым-ай, пайғамбарлардың алдын ала айтқандарының бәрiне шын жүректен сенбегенсiңдер!

26Мәсiх Өзiнiң салтанатты ұлылығына енуiнен бұрын осындай азаптарды көруге тиiс емес пе едi?! — деп,

27оларға Мұса мен бүкiл пайғамбарлардан бастап, Киелi жазбалардың бәрiнде Өзi туралы айтылғандарды түсiндiрдi.


28Олар бара жатқан ауылға жақындағанда, Иса тоқтамай жүретiн сыңай танытты.

29Бiрақ екi шәкiрт:

— Бiзбен бiрге бола көрiңiз! Күн кеш болды, көп ұзамай қараңғы түседi, — деп қадала өтiндi. Сонда Ол үйге кiрiп, екеуiмен бiрге қалды.


30Дастарқан басына бiрге жайғасқан соң Иса қолына нанды алып, шүкiрлiк етiп, үзiп бердi.

31Сонда олардың көздерi ашылып, Оны таныды. Бiрақ Иса көздерiне көрiнбей қалды.


32Олар бiрiне-бiрi: «Ол жолшыбай бiрге келе жатып, бiзге Киелi жазбалардың мәнiн ашып бергенде жүректерiмiз жалындап кеткен жоқ па едi?» — дестi.

33Сол сәтте орындарынан тұрып, Иерусалимге қайтып, сонда жиналған он бiр елшi мен олардың қасындағы өзге де сенушiлердi кездестiрдi.

34Олар:

— Иемiз шынында да қайта тiрiлiп, Шимонға көрiндi! — дедi.

35Ал ана екеуi жолда не болғанын және дастарқан басында нанды үзген кезде Исаны қалай танығандарын айтып бердi.

Иерусалимдегi үлкен топпен кездесу


36Екi шәкiрт осыны айтып тұрғанда, Иса Мәсiхтiң Өзi жиналғандардың орталарына келiп, тұра қалды да, оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын бердi.

37Олар қатты абыржып қорқып, елес көрiп тұрмыз деп ойлады.

38Бiрақ Иса:

— Неге абыржып тұрсыңдар? Көңiлдерiңе неге ондай шүбәлы ой келедi?

39Қол-аяғыма қараңдар: бұл — Менiң Өзiм. Маған қол тигiзiп денемнiң шынайы екенiне көз жеткiзiңдер! Елестiң етi мен сүйегi болмайды ғой, — дедi де,

40қол-аяғын көрсеттi.


41Олар қуаныштан әлi де сенбей таңырқап тұрғанда Иса:

— Жейтiн бiр нәрселерiң бар ма? — деп сұрады.

42Шәкiрттерi қуырылған балықтан бiр үзiп бердi.

43Иса оны алып, көздерiнше жедi.

Мәсiхтiң шәкiрттерiне ұлы аманат және уәде берiп, көкке көтерiлуi


44Содан кейiн Иса Мәсiх:

— Сендермен бiрге жүрген кезiмде өздерiңе айтқан сөздерiм мынау болатын: Мұсаның Таурат кiтабында, Пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғандардың бәрi орындалуға тиiс, — деп,

45Киелi жазбаларды түсiнуге олардың саналарын оятты. Тағы сөзiн жалғастырып:

46— Былай деп жазылған ғой: Мәсiх азап шегiп өлiп, үшiншi күнi қайта тiрiлуге тиiс.

47Оның атынан Иерусалимнен бастап барлық ұлттарға да терiс жолдан қайтқан адамдардың күнәларын Құдай кешiредi деген хабарды жариялау да қажет.


48Сендер осы жайттарды өз көздерiңмен көрген куәгерлерсiңдер.

49Мiне, Мен Әкем уәде еткен Киелi Рухын сендерге жiберемiн. Ол көктен түсiп, сендердi Өзiнiң құдiретiне бөлегенше Иерусалимде болыңдар! — дедi.


50Мұнан соң Мәсiх сенушiлердi қаладан шығарып, Бетанияның маңына ертiп барды. Сол жерде қолын жайып оларға батасын бердi.

51Батасын берiп тұрғанда олардан бөлiнiп, көкке көтерiлiп кеттi.


52Сенушiлер Мәсiхке тағзым етiп құрмет көрсеткеннен кейiн зор қуанышпен Иерусалимге қайта оралды.

53Содан бастап ұдайы ғибадатханада болып, Құдайды дәрiптеп жүрдi. (Аумин)