0


Жазба туралы мәлiмет

Иса Мәсiхтiң осы өмiрбаянын Құдайдың елшiсi Шимон Петiрдiң жақын серiгi болған Жохан Марқа жазған (Петiр. 2-хаты 5:13). Марқа жас шағынан-ақ Исаның ғажап өмiрi туралы хабардар болса керек. Себебi оның шешесiнiң Иерусалимдегi үйiнде сенушiлер тобы жиналатын. Исаны ұстауға келген тобырдың дабырын естiп, жалғыз жамылғымен шығып, жасақшылардың қолынан сытылып, қашып кеткен жас жiгiт Марқаның өзi болуы да ықтимал (14:51-52).

Бiр кезде Марқа жақын ағасы Барнаба мен Пауыл елшiге ерiп Iзгi хабарды тарату үшiн сапарға шығып, орта жолда Иерусалимге керi қайтқан болатын. Алғашқы қауым жетекшiлерi берген мәлiмдемелерге сай, Марқа кейiнiрек Рим қаласында елшi Шимон Петiрге аудармашы болып көмектестi. Сол қаладағы сенушiлер қауымдарының өтiнiшi бойынша Марқа Петiр елшiнiң Мәсiх туралы айтқан уағыздарын тәптiштеп қағазға түсiрдi. Сол жазғандарының жиынтығы — осы «Iзгi хабар». Оның үлкен бөлiгi Исаның Матай мен Лұқа жазып қалдырған өмiрбаяндарына өте ұқсас. Дегенмен соларға енбеген бiрқатар қызық мәлiметтер де бар. Оларды өз көзiмен көрген куәгердiң, яғни Исаның шәкiртi Петiрдiң айтып бергенi анық.

Римдегi сенушiлер қауымдары қатыгез Нерон патшаның тарапынан мейiрiмсiз қудалауға ұшырап жатты. Марқа оларға осы жазба арқылы Исаны үлгi еттi. Иса өз басына не түсетiнiн бiле тұра Иерусалимге барып, шейiт болудан тайынбады. Ол Өзiнiң соңынан ергендерге олардың да қуғындалуға дайын болулары керектiгiн ескерттi, әрi заманның ақырында Өзiнiң зор құдiрет және салтанатты ұлылықпен көктен қайтып келiп, оларға сыйларын беретiнiн алдын ала бiлдiрдi.

Сонымен қатар Марқа Исаның таңғаларлық батыл да керемет iстерiн ықшамдап нақты суреттеп, Оның Құдай ежелде пайғамбарлары арқылы уәде еткен Құтқарушы Патша «Мәсiх» екенiн көрсеттi. Осы Iзгi хабарда баяндалған Иса Мәсiхтiң ғажап өмiрi мен теңдесi жоқ құрбандық өлiмi ғасырлар бойы сансыз көп адамдарды Өзiне баурап, тура жолына тартып, адал болуға жiгерлендiрiп келедi.

1

Жақия пайғамбардың Мәсiхтiң келуiн жариялауы


1Бұл Құдайдың рухани Ұлы Иса Мәсiх туралы Iзгi хабардың бастамасы жайындағы баяндама.

2Пайғамбарлар жазбаларында Құдайдың мына тәрiздi сөздерi алдын ала жазылған едi:

«Бiлiп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жiберемiн.


Ол жүретiн жолыңды дайындап қояды».



3«Жар салған дауыс шығады айдалада:

Жаратқан Иеге жол дайындаңдар,


Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!»



4Осы сөздерге сай, айдалада шомылдыру рәсiмiн орындаушы Жақия пайғамбар шықты. Ол былай деп уағыз айтты: «Күнәларыңның кешiрiлуi үшiн терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсiңдер, әрi шомылдыру рәсiмiнен өтiңдер!»

5Сонда бүкiл Яһудея аймағы мен Иерусалим қаласынан адамдар Жақияның қасына ағылып келiп жатты. Олар күнәларын мойындаған соң Жақия оларды Иордан өзенiнде шомылдыру рәсiмiнен өткiздi.


6Жақия түйе жүнiнен киiм киiп, қайыс белбеумен белiн буып, шегiрткелердi және жабайы араның балын жеп қоректендi.*

7Ол былай деп те уағыз айтты: «Менен құдiреттi Бiреу соңымнан келе жатыр. Оның құлы болып кебiсiн әперуге де тұрмаймын.

8Мен сендердi суға шомылдыру рәсiмiнен ғана өткiздiм, ал Ол сендердi Құдайдың Киелi Рухына шомылдырады».

Құдайдың Мәсiхке ризашылығын бiлдiруi


9Сол күндерi бұл жерге Ғалилея аймағындағы Назарет қаласынан Иса келдi. Жақия Оны Иордан өзенiнде шомылдыру рәсiмiнен өткiздi.

10Иса судан шыққан бойда көктiң ашылып, Киелi Рухтың көгершiн сияқты Өзiнiң үстiне қонғанын көрдi.

11Көктен: «Сен Менiң сүйiктi рухани Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!» — деген дауыс шықты.


12Мұнан кейiн көп ұзамай Киелi Рух Исаны айдалаға алып барды.

13Жабайы аңдар мекендейтiн сол жерде Иса қырық күн болып, әзәзiл шайтан Оны сынақтан өткiздi. Содан кейiн перiштелер Исаға қызмет көрсеттi.

Мәсiхтiң қызметiне кiрiсiп,


14Жақия пайғамбар тұтқындалғаннан кейiн, Иса Ғалилея аймағына барып, Құдай Патшалығы туралы Iзгi хабарды жариялап:

15«Ендi уақыт жетiп, Құдай Патшалығының жер бетiне орнайтын кезi таяп қалды! Терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсiп, Iзгi хабарға сенiңдер!» — дедi.


16Бiрде Иса Ғалилея көлiнiң жағасымен келе жатып, Шимон мен оның бауыры Әндiрдi көрдi. Балықшы болып күнелтiп жүрген олар көлге ау салып жатты.

17Иса оларға:

— Соңымнан ерiңдер! Мен сендердi балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетiн етемiн, — дедi.


18Екеуi дереу ауларын тастап, Исаға шәкiрт болып ердi.


19Иса тағы бiразырақ жүргеннен кейiн Зебедей ұлдары Жақып пен Жоханды көрдi. Екеуi қайықта ауларын жамап отыр екен.

20Иса оларды да бiрден Өзiне шақырды. Екеуi әкелерi Зебедейдi жұмысшыларымен бiрге қайықта қалдырып, Исаға шәкiрт болып ердi.

Мәсiхтiң уағыз айтып, құдiретiн көрсете бастауы


21Иса шәкiрттерiмен бiрге Қапарнаум қаласына барды. Демалыс күнi Иса мәжiлiсханаға барып, жұртқа тәлiм бере бастады.

22Олар Оның тәлiмiне таңданып, қатты қайран қалды. Себебi Иса оларға дiн мұғалiмдерi сияқты емес, Құдайдан келген ерекше билiкпен тағылым бердi.


23Сол кезде мәжiлiсханада жын соққан бiр кiсi де болды. Ол:


24— Назареттiк Иса, бiзде нең бар? Құртуға келдiң ғой бiздi! Кiм екенiңдi бiлемiн: Сен Құдайдың Киелiсiсiң! — деп айқайлады.

25Иса жынға:

— Үнiңдi өшiр, шық одан! — деп қатаң бұйырды.

26Сонда жын ауру адамды қалшылдатып, қатты дауыспен айқай салып, денесiнен шығып кеттi.

27Барлық жұрт үрейлерi ұшып:

— Бұл немене? Не қылған жаңа iлiм? Ол тiптi жындарға билiкпен бұйрық берiп, олар Оған бағынады ғой! — деп өзара сұрасып, таңғалысты.

28Тез арада Иса туралы хабар сол төңiректегi Ғалилея аймағының барлық жерiне жайылды.


29Көп ұзамай Иса мәжiлiсханадан шығып, Жақып, Жоханмен бiрге Шимон мен Әндiрдiң үйiне барды.

30Шимонның қайын енесi безгекпен ауырып, төсек тартып жатыр екен. Үйдегiлер бiрден бұл туралы Исаға айтып бердi.

31Ол әйелдiң қасына барып, оны қолынан ұстап орнынан тұрғызды. Сол сәтте қызуы басылып, әйел оларды күтiп қызмет ете бастады.


32Күн батып, кеш түсе жұрт науқастар мен жын соққандардың барлығын Исаға алып келдi.

33Күллi қала халқы сыртта, есiк алдына жиналды.

34Иса алуан түрлi аурулармен азап шеккен талай науқастарды сауықтырып, көптеген жындарды қуып шығарды. Өзiнiң Мәсiх екенiн жындар бiлгендiктен, Иса оларды сөйлетпей тастады.


35Ертеңiне таң атпай тұрып, үйден шыққан Иса оңаша бiр жерге барып, мiнажат еттi.

36Ал Шимон мен қасындағылар Исаны iздеп шықты.

37Оны тапқаннан кейiн Оған:

— Елдiң бәрi Сiздi iздеп жүр, — дедi.

38Иса оларға:

— Жақын маңайдағы ауылдар мен қалаларға барайық! Сол жерлерде де уағыз жүргiзейiн. Себебi Мен сол үшiн де осы дүниеге келдiм, — деп жауап бердi.

39Бұдан кейiн Иса бүкiл Ғалилея аймағын аралап жүрiп, мәжiлiсханаларында уағыз айтып, адамдардың бойындағы жындарды қуып шығарды.


40Бiрде алапеспен ауырған бiр кiсi Исаның қасына келдi де, тiзе бүгiп тағзым етiп:

— Егер қаласаңыз, менi құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтiндi.

41Оған жаны ашыған Иса қолын созып, денесiне тигiздi де:

— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — дедi.

42Сол сәтте-ақ ауру адам алапесiнен арылып, тазарды.

43Көп ұзамай Иса оны жолға шығарып:


44— Байқа, бұл туралы ешкiмге де тiс жарушы болма! Бiрақ дiни қызметкерге барып, қарал. Содан кейiн тазаруың үшiн Мұса пайғамбар бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенiң сауыққаныңның дәлелi болады, — деп қатаң тапсырды.

45Алайда әлгi адам сол жерден шығысымен-ақ болған оқиға туралы бүкпесiз айтып, хабарды тарата бастады. Сондықтан Иса бұдан кейiн қалаларға ашық түрде кiре алмай, қала сыртындағы елсiз далада тұратын болды. Ал халық Оның қасына әр жақтан ағылып келiп жатты.

2

Мәсiхтiң күнәларды кешiру билiгi


1Бiрнеше күннен кейiн Иса Қапарнаумға қайта оралды. Жұрт Оның сол қаладағы бiр үйде екенiн естiп-бiлгенде,

2адамдар сонда көптеп жиналып, тiптi есiк алдында тұратын орын да қалмады. Иса оларға Iзгi хабарды жариялады.

3Сонда Оған сал болып ауырған бiр адамды төрт кiсi көтерiп алып келдi.

4Бiрақ халықтың көптiгiнен олар Исаға жақындай алмай, сол үйдiң сыртқы сатысымен жоғары көтерiлiп, жалпақ төбесiн ашты. Жатқан төсенiшiн арқанмен байлап, ауруды төменге Исаның алдына түсiрдi.

5Иса олардың сенiмдерiн көрiп, сал адамға: «Балам, сенiң күнәларың кешiрiлдi!» — дедi.

6Сол жерде отырған бiрнеше дiн мұғалiмдерi:

7«Бұл Кiсi неге солай деп Құдайды қорлайды? Адамның күнәларын жалғыз Құдайдан басқа кiм кешiре алады?» — деп ойланып қалды.

8Олардың осылай ойлап отырғандарын Иса бiрден ұға қойып:

— Неге бұлай ойлайсыздар?

9Сал адамға қайсысын айту оңайырақ: «Сенiң күнәларың кешiрiлдi!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, төсенiшiңдi жинап алып, жүре бер!» деу ме?

10Ал көктен келген Менiң жер бетiнде күнәларды кешiру билiгiмнiң бар екендiгiн бiлулерiңiз үшiн... — деп, сал адамға қарап былай дедi:


11— Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенiшiңдi жинап алып, үйiңе бар!

12Ауру адам сол сәтте-ақ сауығып, орнынан тұрды да, төсенiшiн жинап алып, бәрiнiң көзiнше шығып кеттi! Бар жұрт таңғалысып:

— Ешқашан да мұндайды көрген емеспiз! — деп, Құдайға мақтау айтты.

Мәсiхтiң күнәкарларды терiс жолдан қайтуға шақыруы


13Иса сыртқа шығып, тағы да көл жағасына барды. Күллi жұрт қасына жиналып, Иса оларға тәлiм бердi.

14Сол жерден кетiп бара жатып, Ол салық кеңсесiнiң қасында отырған Әлпей ұлы Леуiнi көрiп, оған: «Соңымнан ер!» — дедi. Сонда ол орнынан тұрып, Исаға шәкiртi болып ердi.


15Кейiн Иса Леуiнiң үйiнде дастарқан басында отырды. Исамен Өзiнiң шәкiрттерi де, көптеген салық жинаушылар мен тағы басқа күнәкарлар да дастарқандас болды. Себебi сондайлар Оған көптеп ерiп жүрдi.

16Ал дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар Исаның салық жинаушылармен және өзге де күнәкарлармен дастарқандас болып тамақ iшiп отырғанын көргенде шәкiрттерiне:

— Ол неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бiрге тамақ iшiп отыр? — деп наразылық бiлдiрдi.

17Мұны естiген Иса оларға былай деп жауап бердi:

— Дәрiгер денi сауға емес, ауру адамға қажет. Мен «әдiлдердi» емес, күнәкарларды (терiс жолдан қайтуға) шақыру үшiн келдiм.

Дiндарлардың ораза және демалыс күнi туралы сұрақтары


18Жақия пайғамбардың және парызшылдардың шәкiрттерi жиi ораза ұстайтын. Кейбiреулер Исаға келiп:

— Жақияның және парызшылдардың шәкiрттерi ораза ұстайды, ал Сiздiң шәкiрттерiңiз неге ораза ұстамайды? — дедi.

19Иса оларға астарлап былай деп жауап бердi:

— Күйеу жiгiт қастарында болғанда тойға келгендер ораза ұстай ала ма? Әрине, ұстай алмайды.


20Бiрақ та «Күйеудi» қастарынан алып кететiн күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады.


21Ескi киiмдi жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескi матадан жұлынып қалып, жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болар едi.

22Сондай-ақ, жас шарапты ескi торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетедi, торсық та пайдадан қалар едi. Керiсiнше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс.


23Бiр демалыс күнi Иса егiндiк арасымен өтiп бара жатқанда шәкiрттерi бiраз масақ үзiп ала бастады.

24Парызшылдар Оған:

— Қараңыз, мыналар демалыс күнi тыйым салынған жұмысты неге iстеп жүр?! — деп наразылық бiлдiрдi.

25Иса оларға былай деп жауап қайырды:

— Дәуiт пайғамбар мен оның қасындағылар қиындық көрiп, ашыққан кезде не iстегенiн оқымап па едiңдер?

26Ол бас дiни қызметкер Абиятардың заманында Құдайдың киелi үйiне кiрiп, дiни қызметкерлерден басқа ешкiмге жеуге болмайтын, тарту ретiнде ұсынылған нандарды өзi де жеп, қасындағыларға да бердi емес пе? —

27Бұдан кейiн Иса: — Адам демалыс күнi үшiн емес, демалыс күнi адам үшiн жаратылған!

28Сондықтан көктен келген Мен демалыс күнiнiң де Иесiмiн, — деп қорытты.

3


1Иса тағы бiрде мәжiлiсханаға барғанда, сол жерде қолы семiп қалған бiр адам да болды.

2Дiншiлдер Исаны айыптайтын сылтау iздеп, Ол әлгi кiсiнi демалыс күнi болса да сауықтырар ма екен деп аңдыды.

3Ал Иса қолы семген адамға: «Ортаға шықшы», — деп,

4сол дiншiлдерге: «Демалыс күнi қайсысын iстеуге болады: жақсылықты ма, әлде жамандықты ма, құтқаруды ма немесе құртуды ма?» — деген сұрақ қойды. Бiрақ олар үндемедi.

5Сонда Иса айналасындағыларға ашулана қарап, жүректерiнiң қасарысқандығына қайғырды. Әлгi кiсiге: «Қолыңды созшы!» — дедi. Сол адам семiп қалған қолын созғанда ол бұрынғы сап-сау қалпына келдi.


6Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, тездетiп Ирод патшаның әулетiнiң жақтастарымен кеңес құрып, Исаның көзiн құрту туралы ақылдасты.

Мәсiхтiң Iзгi хабарды тарататын он екi елшiсiн тағайындауы


7-8 Иса шәкiрттерiмен бiрге көл жағасына кетiп қалды. Оның соңынан Ғалилея аймағынан көп халық iлестi. Исаның iстегендерi жайында естiген адамдар Яһудея, Иерусалим және Идумеядан, Иордан өзенiнiң арғы бетiнен әрi Тир мен Сидон қалаларының маңайларынан да Оған ағылып келiп жатты.

9Қаптап келген тобырдың Өзiн қысып, сығыстырмауы үшiн Иса шәкiрттерiне бiр қайықты дайындатып қойды.

10Себебi Ол көп кiсiлердi сауықтырып жiбергендiктен, әр түрлi дертке ұшырап қиналғандар Оған қолдарын тигiзуге тырысып, жақындай түстi.

11Жын соққандар Оны көргенде аяғына жығылып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың!» — деп айқайлады.

12Алайда Иса оларға Өзiнiң кiм екенiн жариялауға қатаң тыйым салды.


13Бұдан кейiн Иса тауға көтерiлiп, қалаған адамдарын қасына шақырды. Олар таяп келгеннен кейiн

14араларынан он екiсiн Өзiмен бiрге болуға тағайындап, елшiлер деп атады. Оларды уағыз айтуға жiбердi де,

15(ауруларды сауықтырып) жындарды қуып шығару билiгiн бердi.

16Исаның тағайындағандары мыналар едi: Өзi Петiр деп жанама ат қойған Шимон,

17әрi Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан, бұл екеуiне Иса «Боанергес», яғни «Жауар күндей күркiреген жiгiттер» деген жанама ат бердi.

18Сондай-ақ Әндiр, Фiлiп, Барталмай, Матай, Тома, Әлпей ұлы Жақып, Тадей, Дiншiл Шимон

19және кейiн Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.

Құдайдың Киелi Рухына қарсы тұрудан сақтандыру


20Мұнан соң Иса елшiлерiн ертiп бiр үйге барды. Халық қайтадан олардың қастарына көптеп жиналғандықтан, тiптi тамақ iшуге де мұршалары болмады.

21Исаның үй iшi бұны естiп: «Жынданып кеткен шығар» деп ойлап, Оны ұстап алуға шықты.


22Кейбiр дiн мұғалiмдерi де Иерусалимнен келiп, Исаға:

— Оның бойында жындардың әмiршiсi белзебүл (яғни әзәзiл шайтан) бар! Жындарды соның күшiмен қуып шығарады, — деп жала жапты.

23Ал Иса сол дiн мұғалiмдерiн қасына шақырып алып, оларға астарлап былай дедi:

— Шайтан шайтанды қалай қуып шығара алар едi?

24Егер бiр патшалық жiкке бөлiнiп, өзара соғысып жатса, ол төтеп бере алмай, жойылып кетедi.

25Өзара ұрыс-керiсте тұрып жатқан әр үй де құрып кетедi.

26Сол сияқты егер шайтан өзiне қарсы көтерiлiп, соғысса, оның да төтеп бере алмай, жойылатын кезiнiң келгенi.


27Ешкiм де күштiнiң үйiне кiрiп, алдымен соның өзiн байлап тастамай, дүние-мүлкiн тонай алмайды. Тек күштiнi жеңiп, байлап-матап тастағаннан кейiн ғана оның үйiн тонай алады.


28Сендерге маңызды шындықты айтайын: адам баласының жасаған барлық күнәлары мен Құдайды қорлауларының қайсысына болмасын кешiрiм беруге болады.

29Бiрақ Құдайдың Киелi Рухын қорлайтынға ешқашан кешiрiм болмайды, сол күнәсы мәңгi мойнында қалады.

30Иса мұны әлгiлердiң «Оның бойында жын бар» дегендерi үшiн айтты.

Мәсiхтiң рухани отбасы


31Исаның шешесi мен туған бауырлары келiп, сыртта тұрып, Оған кiсi жiберiп шақыртты.

32Сол кезде көп халық Исаны айнала отырған едi. Бiреу Оған:

— Сыртта шешеңiз бен бауырларыңыз келiп, Сiздi шақырып тұр, — дедi.

33Алайда Иса:

— Менiң шешем мен бауырларымның кiм екенiн айтайын ба? — деп,

34айналасында отырғандарға қарап тұрып:

— Мiне, Менiң «шешем» мен «бауырларым»!

35Себебi Құдайдың еркiн орындаушылар Маған бауыр, қарындас, шеше iспеттi, — деп жауап бердi.

4

Түрлi топыраққа себiлген тұқым туралы астарлы әңгiме


1Иса қайтадан көл жағасында тәлiм бере бастады. Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мiнiп, көл бетiнде отырды. Ал барша халық жерде, жағалауда болды.

2Иса оларға астарлы әңгiмелермен көп тәлiм берiп, былай дедi:


3— Тыңдаңдар: бiр диқан тұқым себуге шығыпты.

4Ол сеуiп жүргенде дәндердiң кейбiреулерi жол бойына түсiп қалады. Құстар ұшып келiп, шоқып, жеп қояды.

5Бiраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседi. Топырақ жұқа болғандықтан тұқым тез көктеп шығады.

6Алайда күн шыққан соң күйiп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады.

7Тағы басқа дәндер тiкен арасына түседi. Тiкендер өсiп, оларды тұншықтырып, өсiрмей тастайды. Сондықтан олар жемiс бермейдi.

8Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседi. Бұлар өсiп, толысып, кейбiреулерi отыз, басқалары алпыс, тiптi жүз еседен өнiм бередi. —

9Сонда Иса оларға: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — дедi.

Iзгi хабарды ашық көңiлмен қабылдап, мойынсұну қажет


10Халық тарап кеткеннен кейiн төңiрегiндегiлер мен он екi елшiсi Исадан айтып берген астарлы әңгiмесi туралы сұрады.

11Ол былай дедi:

— Құдай өз Патшалығы туралы сырды бiлудi сендерге бұйырған. Бiрақ сыртта қалғандарға барлығы тек астарлы әңгiмелер арқылы ғана айтылады.


12Осылайша олар көрiп тұрсын, алайда аңғармасын, естiп тұрсын, алайда түсiнбесiн. Әйтпесе олар терiс жолдан қайтып, күнәлары кешiрiлер едi.


13Содан кейiн Иса тыңдаушыларына былай дедi:

— Бұл әңгiменi түсiнбей тұрсыңдар ма? Онда басқа да астарлы әңгiмелердiң бәрiн қалай ұқпақсыңдар?

14Тұқым себушi Iзгi хабардың сөздерiн себедi.

15Жол бойына түскендерi мынадай жайтты бейнелейдi: бiрқатар адамдар Iзгi хабарды естiсiмен-ақ әзәзiл шайтан келiп, олардың жүректерiне себiлген бұл сөздердi ұрлап алып кетедi.

16Сол секiлдi, тастақ жерге себiлгенi мынаны көрсетедi: кейбiреулер Iзгi хабарды естiген бойда оны қуанышпен қабылдайды,

17бiрақ тамыр жаймағандықтан берiк болмайды. Кейiн Iзгi хабарға бола бастарына азап не қуғын түскенде дереу сенiмдерiнен безiп кетедi.

18Тiкен арасына себiлген дәндер болса мынаны бiлдiредi: басқа адамдар Iзгi хабарды естидi,

19алайда бұ дүниелiк тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Өзге құмарлықтар да бойларына сiңiп, Iзгi хабар ескерусiз қалып, тұншығып, өнiм бермейдi.

20Ал құнарлы топыраққа себiлген тұқымдар мынаны бейнелейдi: бiрсыпыра адам Iзгi хабарды тыңдап, қабылдайды. Кейбiреулерi отыз, басқалары алпыс, тiптi жүз еседен өнiм бередi.


21Иса төңiрегiндегi адамдарға тағы былай дедi:

— Шамды бiр ыдыстың не төсектiң астына бүркеп қою үшiн жағып алып келе ме? Қайта, шам қойғышқа қою үшiн алып келмей ме?

22Себебi мәлiм болмайтын ешбiр сыр, жария болмайтын ешбiр құпия жоқ.

23Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! —

24Иса оларға былай деп қосты: — Не тыңдағандарыңа назар аударыңдар! Қандай мөлшерде көңiл бөлсеңдер, өздерiңе сондай мөлшерде түсiнiк берiледi, тiптi үстемелеп те берiледi.

25Өйткенi кiмде бiраз түсiнiк бар болса, соған тағы көбiрек берiледi, ал кiмде жоқ болса, оның өзiмде бар дегенi де одан алынып қойылады.

Құдай Патшалығының өркендеуi туралы


26Иса тағы да былай дедi:

— Құдай Патшалығы мынаған ұқсас: бiреу егiндiкке тұқым сеуiптi.

27Ол ұйықтап жатсын, не жүрiп-тұрсын, бәрiбiр, тұқым күнi-түнi көктеп, өсе бередi. Әлгi адам оның қалай өсiп жатқанын түсiнбейдi.

28Жер өздiгiнен алдымен көк өскiндi, содан кейiн масағын шығарып, соңынан масақты дәнмен толыстырады.

29Егiн толысып пiскенде оратын мезгiлi жетiп, диқан оған дереу орақ салады.


30Бұдан кейiн Иса былай дедi:

— Құдай Патшалығын немен салыстырып, қалай астарлап бейнелеуге болады?

31Ол қыша дәнiне ұқсас: жерге себiлгенде басқа тұқымдардан гөрi кiшкентай болса да,

32көктен шығып өскенде барлық дәндi дақылдардан биiк болып, бұтақтарын кең жаяды. Сонда құстар ұшып келiп, саясында ұя салып, паналай алады.


33Осындай көптеген астарлы әңгiмелермен Иса адамдардың тыңдай алғандарынша Iзгi хабарды уағыздады.

34Оларға астарламай еш нәрсенi айтпады, бiрақ шәкiрттерiне оңашада бәрiн түсiндiрiп отырды.

Мәсiхтiң сұрапыл дауылға тыйым салуы


35Сол күннiң кешiнде Иса шәкiрттерiне: «Көлдiң арғы бетiне өтейiк», — дедi.

36Олар халықты қалдырып, қайықтағы Ұстазын өздерiмен бiрге алып кеттi. Өзге қайықтар да Исаға iлесе шықты.

37Бiраздан кейiн сұрапыл дауыл көтерiлiп, қайық толқын астында қалып, суға тола бастады.

38Иса қайықтың артқы жағында көпшiк жастанып ұйықтап жатты. Шәкiрттерi Оны оятып: «Ұстаз, құритын болдық! Жағдайымызды ойламайсыз ба?» — деп айқайлады.

39Иса тұрып, желге тыйым салып, көлге де: «Тына қал, басыл!» — деп бұйырды. Сонда дауыл басылып, жым-жырт тыныштық орнады.

40Бұдан кейiн шәкiрттерiне қарап:

— Нелiктен соншама қорқасыңдар? Әлi де сенiмдерiң жоқ па? — дедi.

41Олар қатты үрейленiп, бiр-бiрiне:

— Тiптi жел де, көл де бағынатын Бұл кiм Өзi? — деп таңғалысты.

5

Көп жын қинаған бiр адамның азат етiлуi


1Бұдан кейiн Иса мен шәкiрттерi көлдiң арғы бетiндегi Ғадара өңiрiне жеттi.

2Иса қайықтан түсiсiмен-ақ Оған зират арасынан шыға келген, жын соққан бiр кiсi кездесе кеттi.

3Сол адам қабiрге арналған үңгiрлерде тұратын, ешкiм оны тiптi шынжырлармен де байлап қоя алмайтын.

4Талай рет оның аяқ-қолын шынжырлармен және кiсендермен бұғаулап тастаған едi, бiрақ ол шынжырларды сындырып, кiсендердi үзiп, қашып кететiн. Оны бағындыруға ешкiмнiң де күшi жетпедi.

5Сол кiсi күнi-түнi қабiрлердiң арасында және тау-төбелерде айқай салып, өзiн-өзi таспен ұрғылайтын.


6Әлгi адам Исаны алыстан көргенде жүгiрiп келiп, аяғына бас ұрып тағзым еттi де:


7— Құдай Тағаланың рухани Ұлы Иса, менде нең бар? Құдай үшiн жалынамын: менi азаптай көрме! — деп қатты дауыспен айқай салды.

8Себебi Иса:

— Жын, шық бұл кiсiден! — деп бұйырған едi.

9Бұдан кейiн:

— Атың кiм? — деп сұрағанда ол:

— Атым «Үлкен топ», себебi бiз көппiз, — деп жауап бердi.


10Жындар өздерiн сол төңiректен қуып шығармауын қадала өтiндi.

11Сол жерде төбе беткейiнде үлкен бiр қора шошқа жайылып жүрген болатын.

12Жындар: «Бiздi шошқаларға жiбере гөр, соларға енейiк», — деп сұрады.

13Иса жол бергенде жындар сол кiсiден шығып, әлгi екi мыңдай хайуанға ендi. Сонда олар құлама тiк жардан көлге қарғып, суға кетiп, қырылып қалды.


14Бақташылары қашып кетiп, болған оқиғаны қала мен ауылдарда айтып бердi. Халық соны көруге жолға шығып

15Исаға келдi. Олар бұрын жын буған кiсiнiң ақыл-есi кiрiп, киiнiп, сол жерде отырғанын көргенде қорқып кеттi.

16Болған оқиғаны өз көздерiмен көргендер оларға жын қинаған адаммен не болғанын әңгiмелеп, шошқалар туралы да айтып бердi.

17Сонда жұрт Исадан: «Бiздiң жерiмiзден кете көрiңiз!» — деп өтiндi.


18Иса қайыққа мiнгенде, жындарынан арылған кiсi Одан: «Сiзбен бiрге болайыншы», — деп сұрады.

19Бiрақ Иса рұқсат бермей:

— Үйiңе қайтып, туысқандарың мен дос-жарандарыңа Жаратқан Иенiң өзiңе не iстегенiн, қалай рақым еткенiн айтып бер! — дедi.

20Әлгi адам барып, Исаның өзiне не iстегенiн Онқала аймағында жариялай бастады. Естiгендердiң бәрi таңданып, қайран қалысты.

Мәсiхтiң ауруға және өлiмге жүргiзген үстемдiгi


21Иса қайықпен көлдiң батыс жағына қайтып оралғанда қасына көп халық жиналды. Иса көл жағасында тұрды.

22Сонда Жайыр есiмдi бiр мәжiлiсхана жетекшiсi келдi. Ол Исаны көргенде аяғына жығылып:

23«Жас қызым өлiм аузында жатыр. Сауығып, тiрi қалуы үшiн барып, оған қолыңызды тигiзе көрiңiз!» — деп өтiндi.

24Иса онымен бiрге жүрдi. Көптеп iлескен халық Оны жан-жақтан қыспақтады.

25Тобырдың iшiнде он екi жыл бойы қан кетiп ауырған бiр әйел бар едi.

26Ол көп дәрiгерлерге емделiп талай азап шегiп, бар мал-мүлкiн жұмсаса да, одан еш шипа болмай, керiсiнше, халi бұрынғысынан бетер нашарлай түскен болатын.

27Иса туралы хабарды естiген әйел тобырдың iшiнде Оның арт жағынан жақындап келiп, шапанына қолын тигiздi.

28Себебi ол өзiне-өзi: «Ең болмағанда киiмiне қолымды тигiзсем, сауығып кетер едiм» деген болатын.

29Сол сәтте-ақ қаны тоқтап, әйел қинап келген дертiнен сауыққанын сезiндi.

30Ал Иса Өзiнен бiраз сауықтыру құдiретiнiң шыққанын сезiп, дереу жұртқа бұрылып:

— Шапаныма қолын тигiзген кiм? — деп сұрады.

31Шәкiрттерi Оған:

— Тобырдың Сiздi қаумалап, қыспақтап тұрғанын көре тұра, Маған қолын тигiзген кiм деп қалай сұрайсыз?! — дедi.

32Ал Иса мұны iстеген адамды көру үшiн айналасына көз жүгiрттi.

33Өзiне не болғанын бiлген әйел қорыққаннан дiрiлдеп, Исаның алдына келдi. Аяғына жығылып, шындығын түгелдей айтып бердi.

34Иса оған:

— Замандас, сенiмiң арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қинаған дертiңнен айықтың! — дедi.


35Иса осыны айтып тұрғанда мәжiлiсхана жетекшiсiнiң үйiнен кiсiлер келiп: «Қызыңыздан айырылып қалдық. Ендi Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз», — деп хабарлады.

36Алайда Иса айтқандарын естiп, жетекшiге: «Қорықпа, тек сенiмiң болсын!» — дедi.


37Содан Ол Петiр, Жақып және оның iнiсi Жоханнан өзге ешкiмдi ертпей,

38мәжiлiсхана жетекшiсiнiң үйiне барды. Сол жерден абыржығандар мен зар жылап жоқтау айтқандарды көрдi.

39Иса үйге кiрiп, оларға: «Неге абыржып, жылайсыңдар? Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр», — дедi.

40Олар Оның айтқанына күлдi. Бiрақ Иса барлығын сыртқа шығарып жiберiп, тек қыздың әке-шешесiн және Өзiнiң қасында жүргендердi ғана ертiп, қыз жатқан бөлмеге кiрдi.

41Қыздың қолынан ұстап тұрып, оған: «Талифа куми!» — дедi. Бұның мағынасы: Қызым, саған айтамын, тұра ғой!

42Он екi жасар қыз бала сол сәтте-ақ орнынан тұрып, жүре бастады! Мұны көргендер үрейлерi ұшып, қайран қалысты.

43Ал Иса оларға бұл туралы ешкiмге тiс жармауды қатты ескерттi де, «Оған тамақ берiңдер!» — деп бұйырды.

6

Назареттiктердiң кеуде көтерiп, қасарысулары


1Иса сол жерден кетiп, Өзiнiң өскен жерiне барды. Шәкiрттерi қасына ерiп жүрдi.

2Демалыс күнi Иса мәжiлiсханада тәлiм бере бастады. Тыңдап отырғандардың көбi қатты таңданып, өзара былай дестi:

— Мұның бәрi Бұған қайдан бiткен? Оған қонған не қылған даналық? Осындай құдiреттi iстер қалайша қолынан келедi?

3Өзi тек ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы, Жақып, Жүсiп, Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой. — Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды.


4Сонда Иса оларға: «Өз елi мен үй iшiнен өзге жерде пайғамбар қадiрсiз қалмас», — дедi.

5Содан да Иса сол жерде бiрқатар науқас адамдарға қолын тигiзiп сауықтырғаны болмаса өзге кереметтер жасай алмады,

6әрi жұрттың сенбеушiлiгiне таңданып қалды.

Он екi елшiнiң Құдай Патшалығын жариялауға жiберiлуi

Бұдан кейiн Иса сол өңiрдегi ауылдарды аралап, халыққа тәлiм бердi.

7Он екi елшiсiн қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын билiк бердi. Елшiлердi екi-екiден жiбермек болып,

8оларға былай деп тапсырды: «Жолға тек таяқтан басқа ештеңе алмаңдар: нан, дорба әрi қалталарыңда ақша да болмасын,

9жай аяқ киiм киiп, артық киiм алмаңдар! —

10Оларға тағы былай дедi:

— Бiр жерде қай үйге түссеңдер, қайтадан жолға шыққанша сонда қалыңдар.


11Егер бiр жерде сендердi қабылдамаса және айтқандарыңа құлақ салмаса, сол жерден шығып кетiп бара жатқанда оларға ескерту болсын деп аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар! (Сендерге шындығын айтайын: қиямет соты күнi сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тiптi Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңiлiрек болады-ау!)»


12Сонымен елшiлер жолға шығып, халыққа терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсудi уағыздап жүрдi.

13Адамдардан қыруар жындарды қуып шығарып, көптеген науқастарға май жағу рәсiмiн жасап сауықтырды.

Жақия пайғамбардың шейiт болуы


14Исаның атағы кең тарағандықтан, Ол туралы Ирод (Антипас) патша да естiдi. Кейбiр кiсiлер: «Бұл шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия екен. Өлiмнен қайта тiрiлiптi, сол себептен де сондай құдiреттi iстер жасайды», — десе,

15басқалары: «Ол — дүниеге қайтып келген Iлияс пайғамбар», — дедi. Ал тағы басқалар: «Ол — пайғамбар, ежелде өмiр сүрген пайғамбарларға ұқсайды», — деп болжады.

16Ал Ирод бұларды естiгенде: «Бұл — өзiм басын шаптырған Жақия, ол қайта тiрiлдi!» — дедi.


17Өйткенi Ирод кiсi жiберiп, Жақияны ұстатып, түрмеге жаптырған едi. Ирод туған бауыры Фiлiптiң әйелi Иродияны тартып алып, соған үйленген болатын.

18Ал Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп жамандығын әшкерелеген едi.

19Содан Иродия Жақияға кек сақтап, оны өлтiрмекшi болды, бiрақ мұнысын жүзеге асыра алмады.

20Себебi Жақияның әдiл, қасиеттi адам екенiн бiлген Ирод одан қорқып, оны қорғап-қолдап жүрдi. Ол Жақияны тыңдаған сайын қатты абыржыса да, оған ризашылықпен ден қоятын.


21Ақырында Иродияға зұлым ниетiн жүзеге асырудың орайы түскен едi. Ирод өзiнiң туған күнiнде уәзiрлерi, мыңбасылары және Ғалилеяның өзге көрнектi адамдарына арнап той жасады.

22Иродияның қызы тойға келiп, би билеп, патшаға және оның қонақтарына қатты ұнады.

Сондықтан патша бойжеткенге: «Менен қалағаныңды сұра, беремiн», — дедi.

23Тағы да оған: «Не қаласаң да сұра, тiптi патшалығымның жартысына дейiн беремiн», — деп ант бердi.


24Қыз шығып, шешесiне:

— Не сұрасам болар екен? — дедi. Шешесi:

— Шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақияның басын сұра! — деп жауап бердi.


25Қыз дереу патшаға жүгiрiп барып: «Шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақияның басын дәл қазiр табаққа салып, тарту етуiңiздi қалаймын», — дедi.


26Патша еңсесi түсiп қатты қапаланды, алайда бiрге отырған қонақтарының алдында ант бергендiктен, қыздың өтiнiшiн аяқсыз қалдырғысы келмедi.

27Дереу бiр жасақшысын жiберiп: «Жақияның басын алып кел!» — деп бұйырды.

28Ол түрмеге барып, Жақияның басын шауып, табаққа салып әкелiп, қызға ұсынды. Қыз оны шешесiне апарып бердi.


29Жақияның шәкiрттерi мұны естiгенде келiп, сүйегiн алып кетiп, қабiрге қойды.

Мәсiхтiң бес мыңнан астам адамды тамақтандыруы


30Исаның жiберген елшiлерi қайта оралып, бәрi жиналған соң, жасаған iстерi мен берген тәлiмдерi туралы Оған түгелдей баяндады.

31Сонда Иса: «Тек өздерiң ғана Маған ерiп оңаша бiр жерге барып, бiраз тынығып демалыңдар!» — дедi. Себебi келiп-кетiп жатқан жұрт көп болғандықтан, олардың тамақтануға да мұршалары болмады.


32Сонымен олар жалғыз өздерi ғана қайықпен оңаша бiр жерге жөнелдi.

33Ал олардың кетiп бара жатқандарын жұрт байқап қалды. Көпшiлiгi оларды танып, бүкiл қалалардан шығып, жаяу жүгiрiп, баратын жерлерiне олардан бұрын жеттi.

34Иса қайықтан түскенде жиналған үлкен тобырды көрiп, жаны ашыды. Себебi олар бағушысы жоқ қойлар сияқты едi. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлiм бердi.


35Бiршама уақыт өткеннен кейiн шәкiрттерi Исаның қасына келiп:

— Бұл — құлазыған айдала, ал кеш түсiп барады!

36Адамдарды таратып жiберiңiз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елдi мекендерге барып, тамақ сатып алсын, — дедi.

37Бiрақ Иса:

— Оларға тамақты сендер берiңдер! — деп жауап қатты. Сонда шәкiрттерi:

— Әлде бiз барып, екi жүз күндiк жалақыға нан сатып алып, бұларды тамақтандырайық па? — деп сұрады.


38Ал Иса оларға:

— Қанша нандарың бар? Барып, қарап келiңдер! — деп тапсырды. Бiлiп келген олар:

— Бес күлше нан мен екi кепкен балық бар екен, — дедi.


39Сонда Иса шәкiрттерiне адамдарды топ-топқа бөлiп, көгалдың үстiне жайғастыруды тапсырды.

40Сонымен жұрт жүзден, елуден топтасып жайғасты.

41Иса бес күлше мен екi кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкiршiлiк еттi. Нанды халыққа тарату үшiн үзiп-үзiп, шәкiрттерiне бере бердi, екi балықты да бәрiне бөлiп, үлестiрдi.

42Барлығы да жеп тойды.

43Соңында олар нан үзiмдерi мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда он екi себет толды.

44Ал тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай едi.

Көл бетiнде және сол маңайда орын алған кереметтер


45Көп кешiкпей Иса халықты таратып жiбермек болып, шәкiрттерiне қайыққа мiнiп, Өзiнен бұрын көлдiң солтүстiк жағасындағы Бетсайдаға баруға бұйырды.

46Ол жұртты таратып жiбергеннен кейiн мiнажат ету үшiн бiр төбенiң басына шықты.


47Кеш түскенде қайық көл ортасында едi, ал Иса құрлықта жалғыз тұрды.

48Сонда Ол суды есiп бара жатқан шәкiрттерiнiң қиыншылыққа тап болғанын көрдi, себебi жел қарсы соғып тұрған едi. Таңғы сағат үш шамасында Иса оларға көл бетiмен жақындап келiп, қастарынан өтiп кетпекшi болды.

49Оның көл үстiнде жаяу жүргенiн байқап қалып, шәкiрттерi елес екен деп ойлап, айқайлап жiбердi.

50Өйткенi бәрi де Оны көрiп, қорқып кеттi. Иса оларға дереу тiл қатып: «Қорықпаңдар, бұл Менмiн ғой! Үрейлерiң ұшпасын!» — деп көңiлдерiн орнықтырды да,

51олардың қайығына мiндi. Сонда жел де басылды. Шәкiрттерi қатты қайран қалып, аң-таң болды.

52Себебi нанмен болған кереметтi түсiнбеген олар Исаның кiм екенiн әлi де шын жүректен ұқпаған едi.


53Сонымен олар көлден өтiп, Генесәрет қаласының маңына жетiп, жағаға тоқтады.

54Қайықтан түсiсiмен Исаны халық бiрден-ақ таныды.

55Олар бүкiл төңiректi жүгiре аралап, Оның жүрген жерiн бiлiп алып, ауру-сырқауларды жатқан төсенiштерiмен көтерiп сонда әкеле бастады.

56Иса қай жерге бармасын — қай ауылға, қалаға не елдi мекенге барса да, жұрт ауру-науқастарды әкелiп, базар алаңдарына орналастырды. Исадан ең болмағанда шапанының шетiне қол тигiзуге рұқсат етуiн сұрады. Қол тигiзгендердiң бәрi де сауығып кетiп жатты!

7

Рухани тазалық пен арамдық туралы


1Бiрде парызшылдар және Иерусалимнен келген бiрнеше дiн мұғалiмдерi Исаның қасына жиналған едi.

2Олар Оның кейбiр шәкiрттерiнiң дiни қол жуу рәсiмiн орындамай нан жеп отырғандарын байқады.

3Себебi парызшылдар, тiптi яһудилердiң бәрi дерлiк, ата-бабаларынан қалған әдет-ғұрыпқа сай қол жуу рәсiмiн ұқыптылықпен орындамай тамақ iшпейтiн.

4Базардан қайтып келгеннен кейiн олар суға түсу рәсiмiнен өтпейiнше дастарқан басына да отырмайтын. Сондай-ақ, ыдыс-аяқтары мен құмыраларын, қазандары мен орындықтарын да дiни рәсiмге сай жуып-шаюды, әрi сол секiлдi тағы басқа көптеген дәстүрлi салттарды берiк ұстанатын.

5Сонда парызшылдар мен дiн мұғалiмдерi Исаға:

— Шәкiрттерiңiз неге ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрдi ұстанбайды? — деген сұрақ қойды. — Олар қол жуу рәсiмiн орындамай-ақ тамақтанады екен!


6Исаның жауабы мынау болды:

— Екi жүздi сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен! Оның жазбасында былай делiнген ғой: «Бұл халық Менi тек аузымен сыйлайды, ал жүректерi Менен тым алшақ.

7Адам баласы шығарған ережелердi үйретiп, Менi құр босқа құрметтегенсидi!»


8Себебi сендер Құдайдың өсиеттерiнен бас тартып, адам ойынан туған дәстүрлердi ұстанып жүрсiңдер, — дедi.

9Иса сөзiн жалғастырып оларға мынаны да айтты:

— Өз дәстүрлерiңдi сақтау үшiн Құдайдың өсиеттерiн былай қойып, оларды менсiнбеулерiң қандай «жақсылық»?!

10Құдай Мұса пайғамбар арқылы: «Ата-анаңды сыйла!» және: «Кiм әкесiн не шешесiн жамандаса, сол өлтiрiлсiн!» деп бұйырған едi ғой.

11Бiрақ сендер: «Бiреу әкесiне не шешесiне: менен көрмек игiлiктерiңiздi құрбан еттiм, яғни Құдай жолына бағыштадым десе,

12сол адамның әке-шешесiне ешқандай көмек бермеуiне де болады» деп үйретесiңдер.

13Осылайша өз дәстүрлерiңдi орнатып, Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! Бұған ұқсас тағы басқа да терiс қылықтарды көптеп iстеп жүрсiңдер.


14Иса қайтадан барлық жұртты қасына шақырып алды да, оларға былай дедi:

— Бәрiң де сөзiме құлақ салып, жақсылап ұғынып алыңдар:

15-16 адам бойына сырттан енген еш нәрсе де оны арамдай алмайды. Керiсiнше, iшiнен шыққандары адамды арамдайды. (Құлағы барлар жақсылап тыңдасын!)


17Иса халықтың қасынан кетiп, бiр үйге кiргеннен кейiн шәкiрттерi жаңағы астарлап айтқандарының мәнiсiн сұрады.


18— Әлде сендер де түсiнбей тұрсыңдар ма? — деп жауап бердi Иса. — Бойына сырттан енген еш нәрсе де адамды арамдай алмайды. Мұны шынымен ұқпайсыңдар ма?

19Себебi ол жүрекке емес, тек асқазанға жетiп, кейiн денеден шығып кетедi. — Осылай Иса барлық тағамдардың да адал екенiн айтты.

20Ол тағы да былай дедi: — Адамды арамдайтын — оның iшкi дүниесiнен шыққандары!

21Себебi адамның iшкi дүниесiнен, яғни оның жүрегiнен шығатындар мыналар: жаман ойлар, азғындық, неке адалдығын бұзу, кiсi өлтiру,

22ұрлық, ашкөздiк, зұлымдық, алдаушылық, жүгенсiздiк, қызғаныш, жамандау, тәкаппарлық және ақымақтық.

23Осындай жамандықтардың бәрi адамның iшкi дүниесiнен шығып, оның өзiн арамдайды.

Шетелдiк әйелдiң Мәсiхке деген зор сенiмi


24Иса сол жерден жолға шығып, Тир (мен Сидон) аймағына барды. Өзiн жергiлiктi халыққа танытқысы келмей, бiр үйге кiрдi. Алайда Ол бейтаныс болып қала алмады.

25-26 Себебi Оның келгенi туралы естiген бiр әйел дереу жақындап, аяғына жығылып тағзым еттi. Әйел Исраил халқынан емес, Құдайға сенбейтiн Сириядағы Финикия өлкесiнен болатын. Оның жын соққан жас қызы бар едi. Әйел Исадан қызындағы жынды қуып шығаруын сұрады.

27Бiрақ Иса оған:

— Алдымен «балалар» жеп тойсын: «Балалардың нанын алып қойып, үй күшiктерiне тастау дұрыс емес», — дедi. Әйел:


28— Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшiктерi» де сәбилердiң дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенедi ғой? — деп жауап бердi.

29Сонда Иса:

— Мұны дәл айттың. Сол үшiн үйiңе қайта бер, жын қызыңның бойынан шығып кеттi, — дедi.

30Әйел үйiне қайта оралған соң қызының жынынан арылып, төсекте тыныш жатқанын көрдi.

Мәсiхтiң көптеген шетелдiктердi сауықтырып, тамақтандыруы


31Иса Тирдан кетiп, Сидон арқылы Ғалилея көлiне оралып, Онқала аймағына барды.

32Сол жерде Исаға саңырау, тiлi мүкiс бiреудi алып келiп, үстiне қолын қойып, бата беруiн өтiндi.

33Иса әлгiнi көпшiлiктен былайырақ алып шығып, екi саусағын оның құлақтарына тықты. Бұдан кейiн түкiрiп тастап, қолын кемтардың тiлiне тигiзiп,

34аспанға қарап күрсiнiп, оған: «Еффата!» (яғни: Ашыл!) — дедi.

35Сол сәтте-ақ адамның құлақтары ашылып, тiлiнiң байлауы шешiлiп, айқын сөйлеп кеттi.


36Иса жұртқа бұл туралы тiс жармауға бұйырды. Алайда Ол неғұрлым қатаң тыйым салғанмен, халық болған оқиғаны соғұрлым кеңiрек жариялады.

37Олар әбден қайран қалып: «Ол iстеген әр нәрсе де керемет жақсы! Тiптi саңырауларды еститiн, мылқауларды сөйлейтiн қылады!» — деп таңғалысты.

8


1Сол күндерi қайтадан халық көп жиналып, жейтiн тамақтары болмады. Иса шәкiрттерiн қасына шақырып:


2— Халыққа жаным ашиды. Үш күннен берi қасымда болып, жейтiн азықтары қалмады.

3Оларды аш күйлерiнде үйлерiне қайтарып жiберсем, жолшыбай әлсiреп, құлап қалар. Өйткенi бiрқатары тым қашықтан келдi, — дедi.

4Шәкiрттерi:

— Осы құлазыған айдалада бұларды тамақтандыруға жететiн нанды қайдан табуға болады? — деп жауап қайырды.

5Иса:

— Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда олар:

— Жетi күлше, — дедi.

6Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды. Жетi күлшенi қолына алып, шүкiршiлiк еттi. Оларды адамдарға тарату үшiн үзiп-үзiп, шәкiрттерiне бердi. Олар халыққа үлестiрдi.

7Бiрнеше кепкен ұсақ балықтары да болды. Иса оларды да алып, шүкiршiлiк етiп, жұртқа үлестiруге бұйырды.

8-9 Шамамен төрт мыңдай отбасы тамақтанып, тойып алды. Кейiн қалдықтарды жинап алғанда жетi үлкен себет толды. Соңынан Иса халықты таратып жiбердi.

Дiндарлардың екiжүздiлiгiнен сақтанып, Мәсiхке шынайы сену жайлы ескерту


10Көп ұзамай Иса шәкiрттерiн ертiп қайыққа мiнiп, Далманутаның маңына жөнелдi.

11Сол жердегi парызшылдар Исаның қасына келiп, Онымен айтыспақшы болды. Оның билiгiн сынау үшiн көктiң құдiретiмен бiр кереметтi көрсетуiн талап еттi.

12Иса iштей терең күрсiнiп, оларға:

— Осы ұрпақ не үшiн керемет көрсетуiмдi талап етедi? Сендерге шындығын айтайын: бұл ұрпаққа ешбiр керемет көрсетiлмейдi! — дедi.


13Оларды тастап, қайтадан қайыққа мiнiп, көлдiң ар жағына қарай жүзiп кеттi.


14Шәкiрттерi нан әкелудi ұмытып кеткендiктен, қайықта тек бiр күлше ғана болды.

15Иса оларға:

— Абайлаңдар, парызшылдардың және Иродтың «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескерттi.


16Шәкiрттерi өзара пiкiрлесiп:

— Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — дестi.

17Иса оларын бiле қойып, былай деп сұрады:

— Нанымыз жоқ деп неге пiкiрлесiп отырсыңдар? Жасағандарымды әлi де түсiнбей, олардың мәнiсiн ұқпайсыңдар ма? Әлде жүректерiң қасарысқан ба?


18Көздерiң болғанмен көрмей, құлақтарың болғанмен естiмейсiңдер ме? Кәне, естерiңе түсiрiңдершi:

19Мен бес күлше нанды бес мың адамға үлестiрiп бергенiмде, қалдықтардан неше себет жинап едiңдер? — Шәкiрттерi:

— Он екi, — дедi.


20— Әрi жетi күлшенi төрт мың адамға үлестiргенiмде артылып қалғаны қанша үлкен себет болды? — Олар:

— Жетеу, — дегенде

21Иса:

— Сендер әлi де ұқпай тұрсыңдар ма? — деген сұрақ қойды.

Бетсайдадағы зағиптың көзiнiң ашылуы


22Сонымен олар Бетсайда қаласына жеттi. Сонда адамдар бiр зағипты алып келiп, Исадан Оған қолын тигiзiп сауықтыруын өтiндi.

23Иса зағипты қолынан ұстап, ауылдан жетелеп шықты. Көзiне түкiрiп, үстiне қолын қойып:

— Бiрдеңе көресiң бе? — деп сұрады.

24Әлгi кiсi көз тiгiп:

— Адамдарды көрiп тұрмын! Олар жүрiп бара жатқан ағаш дiңдерiне ұқсайды, — дедi.

25Иса зағиптың көздерiне қайтадан қолын тигiзiп, қарауға бұйырды. Сонда оның көзi ашылып, бәрiн де анық көрдi.

26Иса:

— Мына ауылға кiрме (ондағы ешкiмге болған оқиға туралы тiс жарма)! — деп ескертiп, үйiне қайтарып жiбердi.

Иса шынында кiм, Оның жолы қандай болмақ?


27Иса шәкiрттерiн ертiп Фiлiп-Кесариясы қаласының маңындағы ауылдарға бара жатқанда жолшыбай оларға:

— Жұрт Менi кiм деп жүр? — деген сұрақ қойды.

28Олар:

— Бiреулерi Сiздi шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия, ал басқалары Iлияс пайғамбар, тағы басқалары ежелгi пайғамбарлардың өзге бiреуi деп жүр, — дедi.


29Сонда Иса:

— Ал сендер Менi кiм дейсiңдер? — деп сұрады. Петiр Оған жауап берiп:

— Сiз Мәсiхсiз! — дедi.


30Иса оларға Өзiнiң кiм екенi жөнiнде ешкiмге тiс жармауларын ескертiп,

31былай деп тәлiм бере бастады:

— Көктен келген Билеушi, Мен, көп азап шегуге тиiспiн: рубасылар, басты дiни қызметкерлер және дiн мұғалiмдерi Өзiмнен бас тартып, Менiң өлтiрiлуiм, бiрақ содан кейiнгi үшiншi күнi қайта тiрiлуiм қажет!


32Иса мұны бүкпесiз ашық айтқан едi. Сонда Петiр Исаны былайырақ оңашаға алып шығып, қарсылық бiлдiре бастады.

33Бiрақ Иса бұрылып, шәкiрттерiн көрiп, Петiрге: «Менен аулақ кет, әзәзiл! Сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың!» — деп тыйым салды.


34Бұдан кейiн Иса халықты және Өзiнiң шәкiрттерiн қасына шақырып алып, мынаны айтты:

— Маған ерiп шәкiртiм болғысы келген әркiм өз еркi бойынша өмiр сүруiн қойсын, әрi айқышын арқалаған кiсiдей азапты өлiмге дайын болып Менiң жолыммен жүрсiн!


35Себебi кiм өмiрiмдi сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмiрiн Мен үшiн және Iзгi хабар үшiн қиған әркiм оны мәңгi аман сақтап қалады.

36Адам бүкiл дүниеге ие болып, сол себептi өмiрiнен айырылса, бұдан оған не пайда?

37Адам өз өмiрi үшiн қандай құн төлей алады?

38Себебi кiм осы опасыз, күнәкар ұрпақ арасында Менi және айтқан сөздерiмдi танудан бас тартса, Мен де Билеушi ретiнде Әкемнiң салтанатты ұлылығымен Оның қасиеттi перiштелерiн ертiп көктен қайтып келген кезiмде сол адамды танудан бас тартамын.

9

Мәсiхтiң нұрлы салтанатымен үш елшiсiне көрiнуi


1Иса жиналғандарға:

— Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбiреулерiң Құдай Патшалығының құдiретпен келуiн өз көздерiңмен көрмей, өлмейсiңдер, — дедi.


2Иса осыдан алты күннен кейiн Петiр, Жақып пен Жоханды ертiп алып, бiр биiк таудың басына оңаша көтерiлдi. Сонда Оның сыртқы түрi үш елшiсiнiң көз алдында өзгерiске түстi.

3Киiмдерi жарқырап, жер бетiндегi бiрде-бiр шебер ағарта алмайтындай тым аппақ болып кеттi.

4Сонда (ежелде өмiр сүрген) Iлияс пайғамбар мен Мұса пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлестi.


5Сол кезде Петiр Исаға: «Ұстаз, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Бiреуiн Сiзге, бiреуiн Мұсаға, бiреуiн Iлиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп тiл қатты.

6Себебi үш елшiнi үрей билегендiктен Петiр не айтарын бiлмедi.

7Сонда бiр бұлт пайда болып, оларға көлеңкесiн түсiрiп, бұлт iшiнен: «Бұл — Менiң сүйiктi (рухани) Ұлым. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.

8Кенет жан-жақтарына қараған елшiлер қастарынан Исадан басқа ешкiмдi де көрмедi.


9Таудан түсiп бара жатқанда Иса оларға, көктен келген Билеушi өлiмнен қайта тiрiлгенше, бұл көргендерi туралы ешкiмге тiс жармауға бұйырды.

10Үшеуi осы айтылғанды естерiне сақтап, «өлiмнен қайта тiрiлгенше» деген сөздiң мәнiн өзара сұрасты.

11Кейiнiрек олар Исаға:

— Дiн мұғалiмдерiнiң «алдымен Iлияс пайғамбар дүниеге қайтып келуге тиiс» деулерi қалай? — деген сұрақ қойды.


12— Iлиястың алдымен келiп, бәрiн қалпына келтiретiнi рас. Ал көктен келген Билеушi Киелi жазбаларға сай көп азап шегiп, қорлануға тиiс.

13Бiрақ сендерге шындығын айтайын: Iлияс келген де едi! Алайда ол туралы Киелi жазбада алдын ала айтылғандай, адамдар оған ойына келгендерiн iстедi, — деп жауап бердi.

Мәсiхтiң жын азаптаған баланы сауықтыруы


14Иса үш елшiсiмен қалған шәкiрттерiне қайта оралғанда, қалың тобырды және шәкiрттерiмен айтысып тұрған дiн мұғалiмдерiн көрдi.

15Күллi тобыр Исаны көрiсiмен қатты таңғалып, Оны қарсы ала жүгiрдi.

16Иса олардан:

— Бұлармен не туралы айтысып жатырсыңдар? — деп сұрады.

17Халықтың арасынан бiреу:

— Ұстаз, жын соққан, мылқау ұлымды Сiзге көрсету үшiн осында әкелген едiм.

18Жыны қайда ұстаса, сол жерде алып ұрады. Баланың аузынан көбiк ағып, тiстерiн шықырлатып, сiресiп қатып қалады. Шәкiрттерiңiзден жынды қуып шығуларын сұраған едiм, бiрақ олардың қолынан келмедi! — деп жауап бердi.

19Сонда Иса:

— Ей, сенбейтiн ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын? Қанша уақыт сендерге төзбекпiн? Кәне, әкелiңдер оны Маған! — дедi.

20Содан олар баланы қасына алып келдi. Жын Исаны көрiсiмен-ақ баланы қалшылдата бастады. Бала жерге құлап түсiп, аузынан көбiк шаша дөңбекши бердi.

21Иса оның әкесiнен:

— Ұлың қашаннан берi мұндай? — деп сұрады.

— Кiшкентай кезiнен берi.

22Жын оны құртпақ болып, жиi-жиi отқа да, суға да құлатып келедi. Қолыңыздан келсе, бiздi мүсiркеп жәрдем ете көрiңiз! — дедi әкесi.

23Иса оған:

— Қолыңыздан келсе деген не сөз? Сенушiге бәрi де мүмкiн, — деп жауап бердi.


24Баланың әкесi (көзiне жас алып):

— Мен сенемiн. Сенiмiм жетiспегенде оны нығайта көрiңiз! — деп дауыстап жiбердi.


25Тағы бiрталай халықтың жүгiрiп келiп, жиналып жатқанын байқаған Иса жынға қатаң бұйрық берiп:

— Саңырау, мылқау қылатын жын, саған бұйырамын: бұдан шық! Ендi еш уақытта оған жолама! — дедi.

26Жын шыңғырып жiберiп, баланы қатты қалшылдатты да, шығып кеттi. Бала өлiп қалғандай сұлық жатты. Сондықтан жұрттың көбi оны өлдi дестi.

27Бiрақ Иса қолынан демеп көтергенде, бала орнынан тұрды.


28Иса үйiне кiрген соң шәкiрттерi оңашада:

— Нелiктен бiз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрағанда, Иса былай дедi:


29— Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мiнажат ету (және ораза ұстау) арқылы ғана қуып шығаруға болады.

Мәсiхтiң алдындағы азапты жол,


30Олар сол жерден кетiп, Ғалилея арқылы жол жүрдi. Иса мұны ешкiмнiң бiлгенiн қаламады,

31себебi Ол шәкiрттерiне тәлiм берiп жүрдi. (Өз басынан өткiзетiндерi туралы) былай дедi: «Көктен келген Билеушiнi адамдардың қолына ұстап бередi. Солар Оны өлтiредi. Бiрақ содан кейiнгi үшiншi күнi Ол қайта тiрiледi».

32Шәкiрттерi бұл сөздердiң мағынасын ұғынбаса да, Исаға сұрақ қоюға батылдары бармады.


33Олар Қапарнаум қаласына келiп, бiр үйге түскеннен кейiн Иса:

— Жолшыбай не туралы пiкiрлестiңдер? — деп сұрады.

34Шәкiрттерi үндеген жоқ, өйткенi жолшыбай келе жатып: «Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?» — деп өзара пiкiрлескен болатын.


35Иса жайғасып отырғаннан кейiн он екi елшiсiн шақырып алып:

— Кiм ең бастыларың болғысы келсе, сол бәрiңнен де кiшiк болып, бәрiңе қызмет ете берсiн! — дедi.

36Бiр кiшкентай баланы алып, орталарына тұрғызып қойды. Оны құшақтап:


37— Кiм Менiң атымнан осындай бiр сәбидi қабылдаса, соның Менi де қабылдағаны. Ал кiм Менi қабылдаса, оның тек Өзiмдi ғана емес, Менi Жiбергендi де қабылдағаны, — дедi.


38Сонда Жохан:

— Ұстаз, Сiздiң атыңыздан адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан бiреудi көрдiк. Оған тыйым салдық. Ол бiзге ерiп жүрген жоқ қой, — дедi.

39Исаның жауабы мынау болды:

— Оған тыйым салмаңдар! Менiң атымнан керемет iстеген бiреу жуыр маңда Менi қаралап, жамандай қоймас.

40Бiзге қарсы болмағанның бiзге жақтас болғаны.


41Сендерге шындығын айтайын: кiм сендерге Мәсiхтiң жолымен жүргендерiң үшiн ең болмағанда бiр тостаған су берсе, ол алатын сыйынан құр алақан қалмайды.

42Алайда кiм Маған сенетiн осы кiшкенелердiң бiреуiн терiс жолға түсiрсе, ол үшiн мойнына диiрменнiң тасы байланып, теңiзге лақтырылғаны жақсырақ болар едi-ау!


43-45 (Иса сөзiн жалғастырып, астарлы сөздермен былай дедi:) — Егер сенi өз қолың не аяғың (сияқты өте қажеттi нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшiн шауып тасталғандай жоқ болсын. Екi қол-аяқпен мәңгi сөнбес тозақ отына тасталғаннан гөрi сыңар аяқ-қолмен мәңгiлiк өмiрдi иемденгенiң артық болар едi.*

46-47 Егерде сенi көзiң (секiлдi өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшiн ойып тасталғандай жоқ болсын.* Екi көзiңмен тозақ отына лақтырылғаннан гөрi сыңар көзбен Құдай Патшалығына кiргенiң артық болар едi.

48Тозақта тәндерiн кемiретiн құрттар да өлмейдi, от та сөнбейдi.


49Шалынған құрбандықтардың тұзбен тазартылатыны сияқты, әрқайсың да азап отынан өтесiңдер.

50(Тағамды бұзылудан сақтау үшiн) тұз пайдалы. Ал егер тұз өз күшiнен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтiруге болады? Ендеше жан дүниелерiңде тазартатын «тұз» болсын! Осылай өзара тату-тәттi өмiр сүрiңдер!

10

Отбасы жайлы тәлiм


1Иса сол жерден шығып, Яһудея аймағына және Иордан өзенiнiң шығыс бетiне барды. Қасына қайтадан халық жиналып, Иса Өзiнiң әдетi бойынша оларға тәлiм бердi.

2Бiрнеше парызшыл келiп, Исаны сынамақ болып:

— Күйеуiнiң әйелiнен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды.

3Иса:

— Мұса пайғамбар сендерге не бұйырған? — деп жауап қайырды.


4— Мұса пайғамбар егер күйеуi арнайы куәлiк қағазын жазып берсе, әйелiнен ажырасуына болады деп (Тауратта) рұқсат еткен ғой! — дедi олар.

5Сонда Иса былай деп жауап қатты:

— Жүректерiңнiң Құдайдың еркiне мойынсұнбай қасарысқандығына бола Мұса сендерге осы ереженi жазып қалдырған.

6Алайда жаратылыс басталуында-ақ «Құдай адамды бiрiн еркек, бiрiн әйел қылып жаратты».

7«Сондықтан еркек әке-шешесiн тастап,

8әйелiне қосылады, сөйтiп екеуi бiртұтас болады»* (деп те Тауратта жазылған). Осылайша олар ендi екеу емес, бiртұтас!

9Сонымен Құдай қосқандарды адам баласы ажыратпасын!


10Үйде шәкiрттерi Исаға бұл туралы тағы да сұрақ қойғанда

11Ол:

— Кiм әйелiнен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады.


12Егер әйел күйеуiнен ажырасып, басқаға тисе, оның да неке адалдығын бұзғаны, — дедi.


13Қолын тигiзiп бата берсiн деп, жұрт Исаға балаларын алып келдi. Бiрақ шәкiрттерi оларға тыйым салды.

14Мұны байқаған Иса наразы болып:

— Балалардың Маған келуiне жол берiңдер, оларға кедергi жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшiн.

15Сендерге шындығын айтайын: кiм Құдай Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кiре алмайды, — дедi.

16Балаларды құшақтап, үстерiне қолын қойып бата бердi.

Байлықтың қаупi әрi Мәсiхтiң азапты жолындағы игiлiктер


17Иса сапарға шыққанда, бiр жiгiт алдынан жүгiрiп шығып, Оған тiзесiн бүгiп тағзым еттi де:

— Iзгi Ұстаз! Мәңгiлiк өмiрге ие болу үшiн не iстеуiм керек? — деген сұрақ қойды.


18Иса оған:

— Менi неге iзгi дейсiң? Құдайдан басқа ешкiм де iзгi емес.

19Оның өсиеттерiн бiлесiң ғой: «Неке адалдығын бұзба, кiсi өлтiрме, ұрлық жасама, өтiрiк айтпа, ешкiмнiң ақысын жеме, ата-анаңды сыйла!» — дедi.

20Жiгiт:

— Ұстаз, бұлардың бәрiн де жастайымнан орындап келемiн, — деп жауап бердi.

21Иса оған қарап тұрып, сүйiспеншiлiкпен:

— Саған бiр нәрсе жетiспейдi: барып, қолыңдағы мал-мүлкiңдi сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестiрiп бер, сонда сенiң қазынаң көкте болады. Өзiң қайтып келiп, шәкiртiм болып соңымнан ер! — дедi.


22Бұл сөзге жiгiт еңсесi түсiп қапаланып, сол жерден кетiп қалды. Себебi ол аса дәулеттi болатын.


23Иса айнала қарап, шәкiрттерiне: «Мал-мүлiкке бай адамдардың Құдай Патшалығына кiруi қандай қиын!» — дедi.

24Оның айтқандарына шәкiрттерi қайран қалды. Ал Иса тағы да:

— Жiгiттер! Байлықтарына сенгендер үшiн Құдай Патшалығына кiру қандай қиын!

25Байдың Құдай Патшалығына кiруiнен гөрi түйенiң ине көзiнен өтуi оңай, — деп қосты.

26Олар аса қатты таңғалып, өзара:

— Ендеше кiм (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады? — дестi.

27Иса оларға қарап:

— Бұл адам қолынан келмегенмен, Құдайдың қолынан келедi. Оның қолынан бәрi де келедi! — дедi.


28Петiр Исаға:

— Мiне, бiз барлығын тастап, Сiздiң соңыңыздан ерiп жүрмiз, — дей бастап едi.

29Иса жауап қатып:

— Сендерге шындығын айтайын: Маған және Iзгi хабарға бола үй-жайын, туған бауырларын, әке-шешесiн, әйелiн, бала-шағасын не жер-суын тастап шыққан әркiмге


30сол үшiн осы заманда қуғын-сүргiн көргеннiң өзiнде де үй-жай, аға-iнi, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қайтарылады, әрi келер заманда ол мәңгiлiк өмiрге ие болады.


31Сол кезде көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады, — дедi.

Мәсiхтiң iзгiлiктi де азапты жолы


32Сол кезде олар Иерусалимге көтерiлетiн жолмен өрлеп бара жатты. Иса алдарында жүрдi, ал шәкiрттерi таңдана абыржып, соңынан ерген жұрт та қорқып келе жатты. Иса қайтадан он екi елшiсiн қасына шақырып алып, оларға (Өзiнiң басынан өткiзетiндерi туралы) айта бастады:

33«Ендi Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушiнi басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерiне сатып кетедi. Олар Оны өлiмге кесiп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап бередi.

34Солар Оны мазақ етiп, бетiне түкiрiп, қамшымен сабайды, ақырында өлтiредi. Алайда Ол үшiншi күнi қайта тiрiледi!»


35Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан Исаның қасына келiп:

— Ұстаз, Сiзден бiр өтiнiшiмiз бар, соны орындасаңыз екен, — дедi. Иса:


36— Сендер үшiн не iстегенiмдi қалайсыңдар? — деп сұрады. — Олар:


37— Бұдан кейiн салтанатты ұлылығыңызға ие болған кезде бiрiмiзге оң, екiншiмiзге сол жағыңызға отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тiлек бiлдiрдi.

38Алайда Иса жауап берiп:

— Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан iшiп», (азапты) «шомылудан» өтпекпiн! Ал сендер солай iстей аласыңдар ма? — дедi.


39Екi шәкiрт:

— Иә, iстей аламыз, — дегенде Иса:

— Мен iшетiн «тостағаннан» сендер де iшiп, Мен өтетiн «шомылудан» сендер де өтетiн боласыңдар.


40Бiрақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менiң қолымда емес. Көктегi Әкем кiмге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзiн аяқтады.


41Қалған он елшi мұны естiгенде Жақып пен Жоханға наразы болды.

42Иса оларды шақырып алып, былай дедi:

— Билеушiлерi деп саналатындар қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелерi де соларға қатаң әмiр жүргiзедi, соны бiлесiңдер.

43Бiрақ сендердiң араларыңда ондай болмасын! Керiсiнше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелерiңе қызмет ете берсiн!

44Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол бәрiңе құл iспеттi қызмет көрсете берсiн!

45Себебi Мен де Құдай тағайындаған Билеушi бола тұра Өзiме қызмет еткiзу үшiн емес, Өзiм қызмет етiп, көптеген адамдардың азаттық төлемiн өтеп жанымды қию үшiн осы дүниеге келдiм.

Зағип Бартiмейдiң көзi ашылып, Исаға еруi


46Иса шәкiрттерiмен Иерихон қаласына жеттi. Олар халықтың үлкен тобымен бiрге қаладан шығып бара жатқанда, жол жиегiнде бiр зағип қайыр сұрап отырған едi. Оның есiмi Тiмей ұлы Бартiмей болатын.

47Бартiмей өтiп бара жатқанның назареттiк Иса екенiн естiп: «Дәуiттiң Ұрпағы Иса, маған рақым ете көрiңiз!» — деп айқайлай бастады.

48Көпшiлiгi оған ұрсып, үндемеуге бұйырды; бiрақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуiттiң Ұрпағы, маған рақым ете көрiңiз!» — деп жалбарынды.

49Иса тоқтай қалып: «Шақырыңдар оны!» — деп бұйырды. Олар зағипқа: «Көтер еңсеңдi, түрегел! Ол сенi шақырып жатыр», — дедi.

50Ол жамылғысын шеше ұшып тұрып, Исаға жетiп келдi.

51Иса:

— Өзiңе не iстегенiмдi қалайсың? — деп сұрады. Зағип:

— Ұстаз, көзiмдi көретiн етсеңiз екен! — деп өтiндi.

52Иса оған:

— Жүре бер, сен сенiмiң арқылы құтқарылдың, — дедi. Сол сәтте-ақ оның көзi ашылып, көретiн болды! Содан Бартiмей Исаға ерiп, жолға шықты.


11

Мәсiхтiң салтанатпен Иерусалимге кiрiп, ғибадатхананы арамдықтан тазартуы


1Олар Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейiндегi Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындап келдi. Сонда Иса шәкiрттерiнiң екеуiн жұмсап,

2мынадай тапсырма бердi:

— Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кiрген бойда байлаулы тұрған, әлi ешкiм мiнбеген бiр тайқар есектi көресiңдер. Соны шешiп алып келiңдер!

3Егер қайсыбiреу сендерден «Бұл не қылғандарың?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек, жуық арада керi қайтарып жiбередi» деп жауап берiңдер!


4Екi шәкiрт барғанда көше бойындағы бiр үйдiң қақпасына байлаулы тұрған жас есектi тауып, шылбырын шештi.

5Сол жерде тұрғандардың кейбiреулерi: «Тайқарды шешiп не iстемексiңдер?» — деп сұрады.

6Екi шәкiрт Исаның айтқанындай жауап берiп, әлгiлер оларға кедергi жасамай, жайларына жiбердi.

7Олар есектi Исаға алып келiп, үстiне шапандарын жапқаннан кейiн Иса оған мiндi.


8Көптеген адамдар жамылғыларын жолға жайса өзгелерi даладан жапырақты бұтақшаларды кесiп алып, соларды төсеп отырды.

9Алды-артынан ерiп жүргендер қатты дауыспен былай деп айқай салды:

«Тәңiр мадақталсын!»

«Жаратқан Иенiң атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!»



10«Арғы тегiмiз Дәуiттiң қайта орнайтын патшалығы жарылқанған!»

«Заңғар көкте де Тәңiр мадақталсын!»



11Осылай Иса Иерусалимге кiрдi. Ғибадатханаға барып, оны айнала қарап шықты. Кеш батқанда он екi елшiсiн ертiп қаладан шығып, Бетанияға барды.


12Келесi күнi олар Бетаниядан шыққанда Исаның қарны ашты.

13Алысырақтан жапырақ жайған iнжiр ағашын көрiп, жемiсiнiң бар-жоғын байқау үшiн қасына барды. Бiрақ одан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Жемiс беретiн маусымы әлi болмаған едi.

14Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгi ешкiм де жемiсiңнен дәм татпасын!» — дедi. Шәкiрттерi осы айтқандарын естiдi.


15Сонымен олар Иерусалимге жеттi. Иса ғибадатхана алаңына кiрiп, ондағы сатушылар мен алушыларды қуып шығара бастады. Шетелдiк ақшаны (зекет беру үшiн жергiлiктi теңгелерге) айырбастаушылардың үстелдерi мен (құрбандыққа шалынатын) көгершiн сатушылардың орындықтарын аударып тастап,

16жүк көтергендердiң ғибадатхана ауласымен өтулерiне де тыйым салды.

17Оларға:

— Киелi жазбада: «Менiң киелi үйiм барлық ұлттардың Өзiме сиынатын үйi деп аталатын болады!» делiнген емес пе? Бiрақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар! — деп тәлiм бердi.


18Мұны дiн мұғалiмдерi мен басты дiни қызметкерлер естiп, Исаның көзiн құртпақ болды. Себебi жұрттың бәрi Оның тәлiмiне қайран қалғандықтан, олар Исадан қорқып жүрдi.

19Кеш түсе Иса шәкiрттерiн ертiп қаладан шығып кеттi.

Құдайға сенiммен, таза жүрекпен сиынудың зор күшi


20Ертеңгiсiн олар iнжiр ағашының жанынан өткенде оның тамырына дейiн қурап, солып қалғанын көрдi.

21Осы оқиға есiне түскен Петiр Исаға:

— Ұстаз, қараңызшы, Өзiңiз қарғаған iнжiр ағашы қурап, солып қалыпты! — дедi.

22Иса шәкiрттерiне былай деп жауап бердi:


23— Құдайға сенiңдер! Сендерге шындығын айтайын: бiреу мына тауға «Орныңнан көтерiлiп, теңiзге лақтырыл!» деп, айтқанының iске асатынына жүрегiнде еш күмәнданбай сенсе, сол өтiнiшi орындалады.

24Сондықтан сендерге былай деймiн: Құдайға сиынып (Оның еркiне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сенiңдер! Сонда ол орындалмақ.


25Ал сиынып тұрған кездерiңде бiреуге өкпелерiң болса, оны кешiрiңдер! Сонда көктегi Әкелерiң сендердiң де күнәларыңды кешiредi.

26(Егер өздерiң кешiрмесеңдер, көктегi Әкелерiң сендердiң де күнәларыңды кешiрмейдi.)

Мәсiхтiң билiгi туралы сұрақ


27Олар тағы да Иерусалимге келдi. Иса ғибадатхананың iшiнде жүргенде, бiрқатар басты дiни қызметкерлер, дiн мұғалiмдерi мен рубасылары қасына келiп:


28— Бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүрсiз? Оларды iстеуге Сiзге кiм билiк бердi? — деген сауал қойды.

29Исаның жауабы мынау болды:

— Мен де бiр сұрақ қояйын, соған жауап берiңiздер! Содан кейiн сiздерге бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүргенiмдi айтып беремiн:

30Жақия жасаған шомылдыру рәсiмi көктiң еркiмен болып па едi, әлде адамның еркiмен бе? Маған жауап берiңiздер! —

31Олар өзара пiкiрлесiп былай дестi:

— Егер «көктiң еркiмен» десек, Ол: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедiңiздер?» дейтiн болар.

32Ал «адамның еркiмен» десек... — олар халықтан қорықты, себебi бүкiл жұрт Жақияны нағыз пайғамбар деп санайтын.

33Сондықтан Исаға:

— Оны бiлмеймiз, — деп жауап бердi. Иса:

— Олай болса, Мен де сiздерге бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүргенiмдi айтпаймын, — дедi.

12


1Сонда Иса оларға астарлап мынаны айтып бердi:

— Бiр кiсi жүзiм бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап, жүзiм шырынын сығып алатын орын жасап, күзет мұнарасын салады. Кейiн бағын жүзiмшiлерге жалға тапсырып, өзi басқа жаққа сапарға аттанады.

2Мерзiмi жеткенде бақтың өнiмiнен тиiстi үлесiн алу үшiн жүзiмшiлерге бiр қызметшiсiн жұмсайды.

3Бiрақ олар оны ұстап алып, ұрып-соғып, құр қол қайтарып жiбередi.

4Бақ иесi өзге бiр қызметшiсiн жұмсайды. Олар оның басын таспен ұрып жарақаттап, намысына тиiп қорлап, қайтарып жiбередi.

5Тағы басқа бiреудi жұмсаса, әлгiлер оны өлтiрiп тастайды. Қожайын жiберген өзге де көптеген қызметшiлердiң кейбiреулерiн ұрып-соғып, басқаларын өлтiрiп тастайды.


6Бақ иесiнiң жұмсайтын тағы бiр адамы — өзiнiң сүйiктi ұлы қалады. Ақыр соңында «Менiң ұлымнан ұялар» деп, оны да жұмсайды.

7Бiрақ сол жүзiмшiлер өзара: «Бұл мұрагер ғой! Кәне, жүрiңдер, оны өлтiрейiк, сонда мұрасы бiздiкi болады!» — деседi де,

8оны ұстап алып, өлтiрiп, бақ сыртына лақтырып тастайды.


9Ендi жүзiмдiктiң иесi не iстемек? Келiп, жүзiмшiлердi өлтiрiп, бағын өзгелерге тапсырмақ.

10Киелi жазбадан мынаны оқымап па едiңдер:

«Құрылысшылар керегi жоқ


Деп бас тартқан Тас


Ендi үйдiң басты iргетасына айналды!


11Осы көз алдымыздағы ғажап керемет iс —

Жаратқан Иемiздiң жүзеге асырғаны!»



12Исаның өздерi туралы астарлап айтқанын ұққан дiн басылары Оны ұстап алмақ болды. Алайда халықтан қорыққандықтан Исаны тастап, жөндерiне кеттi.

Патшаға салық төлеу әрi қайта тiрiлу жайлы сауалдар


13Кейiнiрек басшылар қитұрқы сұрақ қойып, сөзiнен ұстау үшiн Исаға бiрнеше парызшылдар мен Иродтың жақтастарын жiбердi.

14Олар Исаға келiп, былай дедi:

— Ұстаз, Сiздiң әдiл екенiңiздi бiлемiз. Бiреуге жағыну ниетiнен аулақ болып, ешкiмнiң бет-жүзiне қарамай, жұртты шынымен Құдай жолына үйретесiз. Ал ендi, Рим патшасына алым-салық төлеуiмiз дұрыс па, әлде бұрыс па?


15Оларды өтеуiмiз қажет пе, жоқ па?

Бiрақ олардың екiжүздiлiгiн бiле қойған Иса:

— Менi азғырып, сынамақсыңдар, ә? Бiр күмiс теңгенi алып келiңдершi, көрейiн, — дедi.

16Олар бiреуiн әкелiп бердi. Иса:

— Мына сурет пен жазу кiмдiкi? — деп сұрады. Олар:

— Римдiк патшанiкi, — дегенде,

17Иса:

— Олай болса, патшаға тиiстiсiн патшаға, ал Құдайға тиiстiсiн Құдайға берiңдер! — деп тұжырымдады. Олар Исаға таңданып қайран қалды.


18Өлiмнен қайта тiрiлу жоқ деушi саддукейлер ұйымының кейбiр мүшелерi де Исаға келiп, мына сұрақты қойды:


19— Ұстаз, Мұса пайғамбар бiзге: «Егер бiреудiң үйленген бауыры соңынан бала қалдырмай өлсе, онда сол адам оның жесiрiне үйленiп, марқұм бауырына ұрпақ қалдырсын!» деп жазып тапсырған.

20Ағайынды жетi жiгiт бар едi. Солардың тұңғышы үйленiп, соңынан бала қалдырмай өлдi.

21Жесiрiне екiншiсi үйленiп, ол да соңынан бала қалдырмай бұ дүниеден өттi. Үшiншiсiмен де солай болды.

22Сол әйелге жетеуi де үйленiп, бала қалдырмай өлдi. Ең соңында әйелдiң өзi де көз жұмды.

23Ендеше қиямет күнi қайта тiрiлгенде әйел қайсысынiкi болады? Ол жетеуiнiң де әйелi болған едi ғой!


24Иса оларға былай деп жауап қайырды:

— Киелi жазбаларды және Құдайдың құдiретiн ұқпағандықтан жаңылып жүрсiңдер, солай емес пе?

25Себебi өлiмнен қайта тiрiлгеннен кейiн адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. Олар көктегi перiштелер iспеттi болады.


26Ал өлгендердiң қайта тiрiлуi жайында Мұса пайғамбардың қалдырып кеткен Таурат кiтабының «тiкендi бұта» туралы тарауында Құдайдың оған: «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенiн оқымап па едiңдер?

27Демек Ол өлгендердiң емес, тiрiлердiң Құдайы! Мүлдем жаңылып тұрсыңдар!

Құдайдың басты өсиетi және Мәсiхтiң шынайы болмысы туралы


28Бiр дiн мұғалiмi жақындап келiп, олардың айтысып жатқандарын тыңдап тұрған едi. Исаның жақсы жауап бергенiне көзi жетiп, Оған:

— Өсиеттердiң ең бастысы қайсысы? — деген сұрақ қойды.

29Исаның жауабы мынау болды:

— Бәрiнiң ең бастысы мынау: «Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!

30Құдай Иеңдi шын жүректен, бүкiл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!» Бұл басты өсиет.

31Ал екiншiсi (де сол сияқты): «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» Бұлардан жоғары өсиет жоқ. —

32Сонда дiн мұғалiмi Исаға былай дедi:

— Сiздiкi дұрыс, Ұстаз! «Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ» деп шындығын айттыңыз.

33Оны шын жүректен, барлық ақыл-оймен, бүкiл жан дүниесiмен, бар күш-қуатпен сүю, әрi маңайындағы адамды өзiндей сүю Құдайға арналған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың бәрiнен де жоғары. —

34Ұғымды жауап бергенiн көрген Иса оған:

— Құдай Патшалығынан алыста емес екенсiң, — дедi.

Бұдан кейiн Исаға сұрақ қоюға ешкiмнiң батылы бармады.


35Иса ғибадатханада тәлiмiн жалғастырып былай дедi:

— Дiн мұғалiмдерiнiң Мәсiхтi «Дәуiттiң Ұрпағы» деулерi қалай?

36Дәуiттiң өзi Киелi Рухтың жетелеуiмен

«Жаратқан Ие менiң Иеме былай дедi:


Мен сенiң жауларыңды табаныңның астына


Салып бергенiмше өзiң отыр оң жағымда!»


— деген ғой.*

37Сонымен, Дәуiттiң өзi Мәсiхтi «Ием» деп атаған соң, қалайша Ол Дәуiттiң Ұрпағы ғана болады?

Дiн мұғалiмдерiнiң өзiмшiлдiгi,

Жиналған көпшiлiк Исаға сүйсiне құлақ салып тыңдады.

38Ол соларға тағы былай деп тәлiм бердi:

— Дiн мұғалiмдерiнен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киiп, базарларда жұрттың өздерiне сәлем берiп, құрмет көрсетуiн,

39әрi мәжiлiсханаларда сыйлы орында отырып, қонақасыларда төрде жантаюды ұнатады.

40Сондай-ақ жесiр әйелдердiң үй-жайын iшiп-жеп тауысып, әдейi көзге түсу үшiн ұзақ сиынып мiнажат етiп жүр. Бұлар бәрiнен бетер қатаң жазаланатын болады-ау! — дедi.


41Содан кейiн Иса құдайы сыйлықтарға арналған сандықтардың қарсы бетiне отырып, жұрттың оған қалай ақша салғанын бақылады. Көптеген байлар молынан салды.

42Ал келген бiр бейшара жесiр әйел жалпы құны төрт теңгелiк екi бақырды салды.

43Иса шәкiрттерiн қасына шақырып алып: «Сендерге шындығын айтамын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесiр көп салды!

44Себебi басқалардың бәрi өздерiнен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзi бейшара бола тұра, күнелтетiн нәрсесiнiң бәрiн аямастан бердi», — дедi.

13

Ғибадатхананың болашақта қиратылып, сенушiлердiң қудалануы


1Иса ғибадатханадан шыққанда шәкiрттерiнiң бiрi Оған:

— Ұстаз, қараңызшы: тастар қалай әшекейленген, ғимараттар қандай тамаша! — дедi.

2Ал Иса оған:

— Мына зәулiм ғимараттарды көрiп тұрсың ғой? Бұлардың бәрiнiң қаланған бiрде-бiр тасы қалмай күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды.

3Кейiнiрек Иса Зәйтүн тауының ғибадатханаға қарама-қарсы беткейiнде отырғанда, Петiр, Жақып, Жохан және Әндiр Оған оңашада мына сұрақты қойды:


4— Бiзге айтыңызшы: бұл қашан болады? Осының бәрiнiң iске асатын кезiн қандай белгi бiлдiрмек?

5Иса оларға жауап берiп былай дедi:

— Сақ болыңдар, ешкiм сендердi алдап, терiс жолға түсiрмесiн!

6Себебi көп кiсiлер Менiң атымды жамылып келiп: «(Құтқарушы Мәсiх) Менмiн!» деп, көпшiлiктi алдап азғыратын болады.

7Жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы естiгенде зәрелерiң ұшпасын! Олар болуға тиiстi, бiрақ заманның ақыры бұл емес.

8Себебi ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлi жерлерде жер сiлкiнiстер мен ашаршылық (және дүрлiгiс) болады. Бұлардың бәрi жаңа дәуiр туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы iспеттi.*

9Өздерiңе сақ болыңдар! Жұрт сендердi соттарға ұстап берiп, мәжiлiсханаларда дүре соғатын болады. Менiң жолыма түскендерiң үшiн әмiршiлер мен патшалар алдына да апарыласыңдар. Осылайша солардың алдында Мен туралы ашық айтасыңдар.


10Осы заманның ақыры болмас бұрын Iзгi хабар барлық ұлттарға да уағыздалуға тиiс.

11Ал сендердi сотқа апарып, ұстап бергенде, не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Сол сәтте ауыздарыңа салынған сөздердi айтыңдар! Осылай өздерiң емес, сендер арқылы Киелi Рух сөйлейтiн болады.

12Сонда тiптi бауыры өз бауырын, әке өз баласын ажалға ұстап берiп, балалары да әке-шешелерiне қарсы көтерiлiп, оларды өлiмге душар етедi.

13Менiң атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендердi жек көретiн болады. Ал ақырына дейiн табандылық көрсеткен әркiм құтқарылады.


14Сендер (Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, Құдайдың киелi үйiн) арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенiң тұрмауға тиiстi жерде тұрғанын көргенде — мұны оқыған мәнiн ұғып алсын! — Яһудея аймағында тұратындарың сол сәтте-ақ тауларға қашып, құтылыңдар!

15Кiм үй төбесiнде болса, сол бiр нәрсесiн алуға үйге кiрместен, сыртқы сатымен төмен түсiп, бiрден қашып құтылсын!

16Кiм далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйiне қайтпастан, қашып кетсiн!


17Сол күндерi жүктi және бала емiзiп жүрген әйелдер қандай қасiретке ұшырайтын болады!

18Бұл кез қыс мезгiлi болмасын деп Құдайдан сұраңдар.

19Себебi сол күндерi жаратылыс басталғаннан берi күнi бүгiнге дейiн ешқашан болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседi.

20Егерде Жаратқан Ие бұл күндердiң санын қысқартпағанда, ешбiр жан құтқарыла алмас едi. Бiрақ Ол Өзiнiң таңдап алған адамдарына бола сол кезеңдi қысқартып қойған.


21Сол кезде бiреу сендерге: «Мiне, Мәсiх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар!

22Себебi жалған «мәсiхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкiн болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, терiс жолға адастыру үшiн кереметтер мен ғажаптарды көрсететiн болады.

23Ал өздерiң сақ болыңдар! Мен сендерге барлығын да алдын ала айтып тұрмын.

Мәсiхтiң қайтып келуiне дайын болу қажет


24Бiрақ сол күндерi, сол бiр қиын-қыстау кезеңнен кейiн «күндi қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады.

25Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштерi шайқалады».


26Сонда адамдар Менiң Билеушi ретiнде ғаламат құдiретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттарда көктен келе жатқанымды көредi.

27Мен перiштелерiмдi жiберiп, әлемнiң о шетiнен бұ шетiне дейiн, дүниенiң төрт бұрышынан Өзiмнiң таңдап алған адамдарымды жинап әкелетiн боламын.


28Iнжiр ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын бiлесiңдер.

29Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болғанын көргенде Менiң Құдай тағайындаған Билеушi ретiнде таяп, есiк алдына келiп қалғанымды түсiнесiңдер.

30Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ мұның бәрi iске асады.

31Аспан мен жер жойылатын болады, бiрақ Менiң сөздерiм еш жойылмайды.


32Ал сол күннiң, сол сәттiң қашан болатынын ешкiм бiлмейдi, бұл жайт көктегi перiштелерге де, Құдайдың рухани Ұлына да белгiлi емес, жалғыз Оның Әкесiне ғана мәлiм.

33Ұдайы сақ та сергек болыңдар, (Құдайға сиыныңдар!) Себебi Менiң қайтып келген кезiмнiң қашан болатынын бiлмейсiңдер.


34Бұл сапарға шықпақ болған бiр кiсiнiң әрекетiне ұқсас: ол кетер алдында үй-жайын басқаруды қол астындағы қызметшiлерiне аманаттайды. Әрқайсысына атқаратын жұмыстарын үлестiрiп берiп, қақпашыға сергек күзетуiн тапсырады.

35Сондықтан сергек болыңдар! Үй иесiнiң қашан келетiнiн: кешке ме, түн ортасында ма, әтеш шақырған кезде ме, әлде таң ата ма, қызметшiлерi бiлмейдi. (Сондай-ақ, сендер де Менiң қашан қайтып келетiнiмдi бiлмейсiңдер.)


36Кенеттен келе қалған кезiмде рухани ұйықтап жатпаңдар!

37Сендерге айтқанымды бәрiне де айтамын: сергек болыңдар!

14

Мәсiхтiң құрбандық өлiмiне даярлық


1Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамына екi-ақ күн қалған едi. Басты дiни қызметкерлер және дiн мұғалiмдерi Исаны айламен қолға түсiрiп, өлтiрудiң жолын қарастырды.

2Себебi олар: «Мұны мейрам күндерi iске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлiк шығып жүрер», — дестi.


3Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйiнде дастарқан басында жантайып отырған едi. Сонда нард деген өсiмдiктен жасалған таза, аса құнды иiсмайға толы мөлдiр тас құтысы бар бiр әйел келiп, құтының аузын сындырып, иiсмайды Исаның басына құйды.

4Отырғандардың кейбiреулерi бұған наразы болып, бiр-бiрiне:

— Иiсмайды бұлай ысыраптаудың қажетi қанша?

5Оны бiр жылдық жалақыдан да көп ақшаға сатып, түскен ақшаны мүсәпiрлерге үлестiруге болатын едi ғой! — десiп, әйелдi сөгiп тастады.

6Бiрақ Иса оларға былай дедi:

— Бұл кiсiге тимеңдер! Оны неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.

7Мүсәпiрлер әрдайым қастарыңда ғой, оларға қалаған кезде қайырым көрсете аласыңдар. Ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймiн.

8Бұл әйел қолынан келгенiн iстеп, Менiң денеме қабiрге қоярдағы майлау салтын алдын ала орындады.

9Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкiл дүние жүзiнде осы Iзгi хабар уағыздалғанда бұл әйелдi де еске алып, iстегенiн айтатын болады.


10Ал он екi елшiнiң бiреуi, Яһуда Исқариот, Исаны ұстап беру ниетiмен басты дiни қызметкерлерге барды.

11Мұны естiгенде олар қатты қуанып, сол үшiн Яһудаға күмiс ақша беруге уәде еттi. Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудiң қолайлы сәтiн аңдыды.

Құтқарылу мейрамындағы ас


12Ашымаған нан мейрамының бiрiншi күнi әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсiрiп, бiр тоқтыны құрбандыққа шалатын. Сол кезде шәкiрттерi Исадан:

— Мейрам асыңызды қай жерге әзiрлеуiмiздi қалайсыз? — деп сұрады.

13Иса олардың екеуiн жұмсап:

— Қалаға барыңдар. Сонда сендерге құмырамен су алып бара жатқан бiр адам кездеседi. Оның артынан ерiп,

14ол кiрген үйдiң иесiне: «Ұстазымыз сiзге сәлем айтып, Маған шәкiрттерiммен бiрге отырып мейрам асын iшуге болатын қонақ бөлмеңiз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.

15Үй иесi сендерге жоғарғы қабаттағы, еденiне төсенiштер төселiп, даярланған кең қонақ бөлменi көрсетедi. Асты бiзге сол жерге дайындаңдар, — дедi.

16Шәкiрттер жолға шығып, қалаға келгенде бәрi де Исаның айтқанындай болды. Мейрам асын сонда даярлады.


17Кеш түсе Иса он екi шәкiртiмен бiрге келдi.

18Дастарқан басында тамақ iшiп отырғанда Иса оларға:

— Сендерге шын айтамын: Менiмен бiрге тамақ iшiп отырған араларыңдағы бiреуiң Маған опасыздық жасайды, — дедi.


19Олар еңселерi түсiп, абыржып, бiрiнен соң бiрi:

— Сол адам мен емес пе екенмiн? — деп сұрай бастады.

20Иса жауап берiп:

— Ол осы он екiңнiң бiрi, табақтағы тұздыққа Менiмен бiрге бiр үзiм нанын батырып алып жатқан бiреуiң.

21Көктен келген Мен Киелi жазбаларда Өзiм туралы алдын ала айтылған жолмен жүремiн. Алайда Менi ұстап беретiн адам қасiретке қалады-ау! Сол кiсi үшiн ешқашан дүниеге келмегенi жақсы болар едi, — дедi Иса.

Исаның құрбан болуы — Жаңа келiсiмнiң негiзi


22Олар тамақ iшiп отырғанда Иса қолына нан алып, бата бердi. Нанды үзiп, шәкiрттерiне берiп жатып:

— Алып жеңдер, бұл Менiң денем, — дедi.


23Иса тостағанды да алып, шүкiршiлiк етiп, оларға бердi. Одан бәрi де iштi.

24Иса оларға:

— Бұл — көптеген адамдар үшiн төгiлiп, (Жаңа) келiсiмдi бекiтетiн Менiң қаным.


25Сендерге шын айтамын: Мен Құдай Патшалығында жаңа түрде iшетiн күнiме дейiн ендi қайтып жүзiм шырынынан iшпеймiн, — дедi.

26Құдайды мадақтау әнiн айтқаннан кейiн олар сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай кеттi.

Мәсiхтiң жалғыздығы және мiнажат етiп рухани күресуi


27Иса шәкiрттерiне қарап былай дедi:

— (Бүгiн түнде) бәрiң де Менен безiп кетесiңдер. Себебi «Бақташыны ұрып өлтiремiн, сонда қойлары бытырап кетедi» делiнген.


28Бiрақ Мен қайта тiрiлгеннен кейiн сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —

29Ал Петiр:

— Бәрi безiп кетсе де, мен олай етпеймiн! — дедi.

30Иса оған:

— Саған шындығын айтайын: осы түнi-ақ әтеш екi рет шақырғанша сен Менен үш рет танасың! — деп жауап қайтарды.

31Алайда Петiр одан бетер құлшына:

— Маған Сiзбен бiрге өлуге тура келсе де, Сiзден еш танбаймын! — дедi. Барлық шәкiрттерi де осыны айтты.


32Олар бақшасы бар Гетсимани атты жерге келгенде Иса шәкiрттерiне: «Мен сиынып мiнажат еткенше осы жерде отыра тұрыңдар», — деп тапсырды.

33Петiр, Жақып пен Жоханды Өзiмен бiрге ала кетiп, жаны түршiгiп қатты қинала бастады.

34Үш шәкiртiне: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, ұйықтамай сергек болыңдар!» — дедi.


35Содан әрiрек барып, жерге жығылды. Мүмкiн болса азапты кезең Өзiне жоламай айналып өтуiн сұрап:

36«О, Абба, Әкем! Сенiң қолыңнан бәрi де келедi. (Қаһарыңа толы) мына тостағанды Маған жолатпай алып кете гөр. Бiрақ Менiң емес, Сенiң еркiң болсын!» — деп мiнажат еттi.


37Қайтып келгенде Иса шәкiрттерiнiң ұйықтап жатқанын көрдi. Петiрге: «Шимон, ұйықтап жатырсың ба? Ең болмағанда, бiр сағат ұйықтамай отыра алмағаның ба?

38Азғырылмау үшiн сергек болып сиынып мiнажат етiңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — дедi.


39Тағы да шеткерi барып, Иса сиынып бұрынғы сөздерiн қайталап мiнажат еттi.

40Бұдан кейiн оралғанда шәкiрттерi қайтадан ұйықтап жатты, себебi көздерiн ұйқы басқан едi. Олар Исаға не деп жауап берудi бiлмедi.


41Иса үшiншi рет оңаша сиынып, қайтып келгеннен кейiн шәкiрттерiне:

— Әлi де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Жетер ендi, уақыт болды. Құдай тағайындаған Билеушi күнәкарлардың қолына ұстап берiлейiн деп жатыр.

42Мiне, Менi ұстап берушi таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейiк! — дедi.

Мәсiхтiң өз еркiмен тұтқынға түсуi


43Иса әлi де осылай айтып тұрғанда, он екi елшiнiң бiреуi — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған бiр топ адамды сол жерге ертiп келдi. Бұларды басты дiни қызметкерлер, дiн мұғалiмдерi және рубасылары жiберген болатын.


44Исаға опасыздық жасаушы белгi беру туралы: «Кiмнiң бетiнен сүйсем, Ол — Соның Өзi. Сол Адамды ұстап алып, абайлап әкетiңдер», — деген едi.

45Яһуда келген бойда Исаның қасына барып: «Ұстаз!» — деп, Оның бетiнен сүйдi.

46Сонда жасақшылар Исаға тап берiп, Оны ұстап алды.

47Сол жерде тұрғандардың бiреуi семсерiн суырып алып, бас дiни қызметкердiң малайына қарай сiлтеп қалғанда оның бiр құлағын шауып түсiрдi.


48Ал Иса келгендерге: «Қарақшыға қарсы аттанғандай, Менi ұстауға семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?

49Күн сайын ғибадатханада тәлiм берiп қастарыңызда болғанымда Менi ұстап алған жоқсыздар. Бiрақ Киелi жазбаларда алдын ала бiлдiрген iстер осылай жүзеге асуға тиiс!» — дедi.


50Сол сәтте шәкiрттерiнiң бәрi Оны тастап, қаша жөнелдi.

51Жалаңаш денесiне кенеп жамылғы ғана оранған бiр жас жiгiт Исаның артынан iлесiп отырды. Жасақшылар оны ұстап алды.

52Алайда ол жамылғысын тастай сала, қолдарынан сытылып шығып, жалаңаш қашып кеттi.

Жоғарғы кеңестiң әдiлетсiз соты


53Исаны бас дiни қызметкерге апарды. Сол жерге барлық басты дiни қызметкерлер, рубасылары және дiн мұғалiмдерi жиналды.

54Петiр Исаға алыстан iлесе отырып, бас дiни қызметкердiң сарайының iшкi ауласына дейiн барды. Бұл жерде сақшылармен бiрге отырып, отқа жылынды.


55Сол кезде басты дiни қызметкерлер мен бүкiл Жоғарғы кеңес Исаны өлiмге кесу үшiн Оған қарсы айғақ iздестiрдi, бiрақ ештеңе таба алмады.

56Көптеген адамдар Исаға қарсы жалған куәлiк бердi, алайда олары бiр-бiрiне сәйкес келмедi.

57Ақырында кейбiреулерi тұрып:


58— Бiз Бұның: «Мен қолдан жасалған мына киелi үйдi бұзып, қолдан жасалмаған басқасын үш күнде қайта тұрғызамын» дегенiн естiдiк, — деп жалған куәлiк келтiрдi.

59Алайда бұл жайындағы айтқандары да өзара сәйкес келмедi.


60Сонда бас дiни қызметкер ортаға шығып, Исаға:

— Ешқандай жауап бермейсiң бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлiк берiп тұр? — деген сауал қойды.

61Бiрақ Иса еш жауап берместен үндемедi. Бас дiни қызметкер Оған тағы да сұрақ қойып:

— Сен Мадақталғанның рухани Ұлы — Мәсiхсiң бе? — дедi.


62Иса:

— Мен Солмын. Менiң Билеушi ретiнде Құдiрет Иесiнiң оң жағында отырғанымды әрi аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлi көретiн боласыздар! — деп жауап бердi.


63Сонда бас дiни қызметкер шапанының өңiрiн айыра жыртып:

— Ендi куәгерлердiң қажетi қанша?

64Тәңiрдi қорлағанын өз құлақтарыңызбен естiдiңiздер. Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады.

Жиналғандардың барлығы да Оны өлiм жазасына лайық деп шештi.


65Бiрқатары Оған түкiре бастады да, бетiн бүркеп, жұдырықтап: «Әй, пайғамбар болсаң, кiм Сенi ұрды, бiзге айтып бершi!» — деп келекеледi. Бұдан кейiн Исаны сақшылар қолға алып, соққылады.


66Бұл кезде Петiр төменде, сарайдың iшкi ауласында, отырған едi. Бас дiни қызметкердiң бiр қызметшi қызы өтiп бара жатып,

67отқа жылынып отырған Петiрдi көрдi. Оған қадала қарап:

— Сен де назареттiк Исамен бiрге жүретiн едiң ғой! — дедi.

68Алайда Петiр:

— Не деп тұрғаныңды бiлмеймiн де, түсiнбеймiн де, — деп мойындамады. Содан ол iшкi ауладан шығып, қақпа жағына жылжи бердi.* Сонда әтеш шақырды.


69Қызметшi қыз Петiрдi тағы да көрiп, сол жерде тұрғандарға: «Мынау солардың бiрi!» — дей бастады.

70Бiрақ Петiр қайтадан мойындамады.

Сәл кейiнiрек сонда тұрғандар да оған:

— Сен шынымен солардың бiрiсiң, ғалилеялықсың ғой! (Қалай сөйлегенiңнен-ақ көрiнiп тұр!) — дедi.

71Петiр:

— Сендер айтып тұрған сол Адамды бiлмеймiн! — деп ант iшiп, қарғана бастады.

72Сол сәтте-ақ әтеш екiншi рет шақырып, Петiрдiң есiне Исаның «Әтеш екi рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзi түстi. Сонда ол қатты налып, жылады.

15

Римдiк әмiршi Пилаттың әдiлетсiз үкiмi


1Таң атысымен-ақ басты дiни қызметкерлер, рубасылар және дiн мұғалiмдерi, яғни бүкiл Жоғарғы кеңес ақылдасып, шешiм қабылдады. Олар Исаны байлатып, римдiк әмiршi Пилатқа алып барып, табыс еттi.

2Пилат Исаға:

— Сен яһудилердiң Патшасысың ба? — деген сұрақ қойды. Ол:

— Өзiңiз айтып тұрсыз, — деп жауап бердi.

3Басты дiни қызметкерлер Исаға көптеген айып тақты.

4Пилат Оған тағы сауал қойып:

— Ешбiр жауап бермейсiң бе? Қарашы, Саған қаншама көп айып тағып тұр! — дедi.

5Бiрақ Иса бұған да еш жауап қайтармады, сондықтан Пилат қайран қалды.


6Әмiршi әдетте мейрам құрметiне яһудилер сұраған бiр тұтқынды оларға босатып беретiн.

7Сол тұста бүлiк кезiнде кiсi өлтiрген Барабба есiмдi бiреу сыбайлас көтерiлiсшiлерiмен бiрге түрмеде отырған едi.

8Халық алға қарай ұмтылып, Пилаттан әдеттегiдей бiр тұтқынды босатуын дауыстап сұрай бастады.

9Пилат оларға жауап берiп:

— Сендерге «Яһудилердiң Патшасын» босатып беруiмдi қалайсыңдар ма? — деген сұрақ қойды.

10Ол басты дiни қызметкерлердiң Исаны күншiлдiктен ұстап бергендiгiн жақсы түсiндi.

11Бiрақ басты дiни қызметкерлер халық тобырын әмiршiден Исаның орнына Бараббаны босатып беруiн талап етуге арандатты.

12Пилат оларға:

— Ендеше сендер «Яһудилердiң Патшасы» деп атаған Адамға не iстеуiмдi қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда

13олар қайтадан айқай салып:

— Айқышқа шегеленсiн! — деп жауап қатты.

14Пилат:

— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деп сұрады. Бiрақ олар:

— Айқышқа шегеленсiн! — деп бұрынғыдан бетер шулап кеттi.


15Сонда Пилат халықтың көңiлiнен шыққысы келiп, оларға Бараббаны босатып бердi. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейiн айқышқа шегелеп өлтiру үшiн жасақшылардың қолдарына тапсырды.

Мәсiхтiң азапты құрбандығы


16Жасақшылар Исаны әмiршiнiң ордасы болған сарайдың iшкi ауласына алып барып, сонда бүкiл әскер бөлiмiн жинады.

17Олар Исаға қызыл шапан жауып, тiкендi бұтақшалардан тәж өрiп, басына кигiздi.

18Оған: «Яһудилердiң Патшасы жасасын!» — деп сәлем бере бастады.

19Исаның басын таяқпен ұра берiп, бетiне түкiрiп, алдына тiзе бүгiп тағзым еткенсiдi.

20Мазақтап болғаннан кейiн Оның үстiндегi қызыл шапанды шешiп алып, өз киiмiн кигiздi.

Содан кейiн жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп өлтiру үшiн қала сыртына қарай алып кеттi.

21Жолшыбай олар даладан қарсы келе жатқан Шимон есiмдi күренелiк бiреуге тап болып, оны Исаның айқышын арқалап жүруге мәжбүр еттi. Сол Шимон Ескендiр мен Руфтың әкесi болатын.

22Осылай Исаны Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе» деген жерге алып барды.

23Оған iшуге мүр шөбi қосылған сiрке суын ұсынды, бiрақ Ол iшпедi.


24Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керiп шегелеп, тiк көтерiп қойды. Содан кейiн әрқайсысы үлесiн алу үшiн Оның киiмдерiн жеребе тастап бөлiстi.

25Исаны айқышқа шегелегенде сағат тоғыз болатын.

26Оған тағылған «Яһудилердiң Патшасы» деген айып бiр тақтайшаға жазылған едi.


27Исамен бiрге екi қарақшыны да, бiреуiн оң, екiншiсiн сол жағындағы айқыш ағаштарға керiп шегелеп, тiк көтерiп қойды.

28(Киелi жазбада: «Ол қылмыскерлердiң қатарында саналды» деп алдын ала айтылған сөз осылай iске асты.)

29Қасынан өтiп бара жатқандар бастарын шайқап: «Әй, киелi үйдi бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы!

30Айқыштан түсiп, Өзiңдi құтқарып ал!» — деп Оны келеке еттi.

31Сол секiлдi басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерi де Оны мазақтап бiр-бiрiне: «Мынау басқаларды құтқарыпты, бiрақ Өзiн құтқара алмайды екен!

32«Исраилдiң Патшасы Мәсiх» қазiр-ақ айқыштан түссiн! Көзiмiзбен көрейiк, сонда Оған сенемiз», — дестi. Жанындағы айқыштарға шегеленгендер де Исаны балағаттап тiлдедi.


33Тал түсте бүкiл жердi қараңғылық басып, ол үш сағатқа созылды.

34Сағат үште Иса қатты дауыспен айқайлап: «Iлой, Iлой! Лама сабахтани?» — дедi. Өз тiлiнде бұл «Құдайым, Құдайым! Нелiктен Менi жалғыз қалдырдың?» дегендi бiлдiредi.


35Сол жерде тұрғандардың кейбiреулерi мұны естiгенде: «Қараңдар, Iлияс пайғамбарды шақырып жатыр», — дестi.


36Бiреуi жүгiрiп барып, бiр сорғышты сiрке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға iшуге ұсынып: «Күте тұрайық, Iлияс келiп, Оны түсiрiп алар ма екен көрейiк!» — деп кекеттi.


37Ал Иса қатты дауыстап жiберiп, жан тәсiлiм еттi.

38Сол сәтте киелi үйдегi шымылдық жоғарыдан төменге дейiн қақ айырылып, екiге бөлiндi.

39Қарсы алдында тұрған жүзбасы Исаның осылай жан тәсiлiм еткенiн көргенде: «Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — дедi.


40Сол жерде алысырақтан қарап тұрған әйелдер де болды. Араларында мағдалалық Мәриям, кiшi Жақып пен Жүсiптiң шешесi Мәриям және Салома бар едi.

41Олар Иса Ғалилеяда болған кезiнде Оған ерiп, қызмет етiп жүретiн. Сондай-ақ Онымен бiрге Иерусалимге келген басқа да көптеген әйелдер сол жерде тұрды.


42Бұл күн дiни демалыс күнiнiң алдындағы әзiрлiк күнi, жұма болатын. Сондықтан кеш түспес бұрын

43ариматеялық Жүсiп батылдықпен Пилатқа барып, одан Исаның мәйiтiн қабiрге қоюға рұқсат сұрап алды. Жоғарғы кеңестiң беделдi мүшесi болған Жүсiп Құдай Патшалығының орнауын аңсап күтiп жүрген жан едi.

44Пилат Исаның тез өлiп қалғанына таңданды. Жүзбасыны шақырып алып, одан: «Ол өлгелi көп болды ма?» — деп сұрады.

45Жүзбасыдан бiлiп алғаннан соң, сүйектi Жүсiпке бергiздi.

46Жүсiп бәтес кебiн сатып алып келiп, Исаның мәйiтiн айқыштан түсiрiп, кебiнге орап, әк жартастан үңгiп жасалған қабiрге апарып қойды. Содан кейiн қақпақ тасын домалатып әкелiп, қабiрдiң кiреберiс аузын жауып тастады.

47Мағдалалық Мәриям мен Жүсiптiң шешесi Мәриям мәйiттiң қайда қойылғанына қарап тұрды.

16

Мәсiх қайта тiрiлдi!


1Сенбi күнi өткеннен кейiн мағдалалық Мәриям, Жақыптың шешесi Мәриям және Салома Исаның сүйегiне май жағу салтын орындау үшiн иiсмайлар сатып алды.

2Олар жексенбi күнi ертемен, күн шыға қабiрге бара жатқанда:

3«Бiзге қабiр аузындағы қақпақ тасты кiм домалатып ашып берер екен?» — дестi.


4Олар келiп қараса, тастың домалатылып, былай қойылғанын көрдi. Ал тас тым үлкен болатын.

5Iшке кiрген әйелдер оң жақта отырған ақ киiмдi бiр жас жiгiттi көрiп, абыржып қорқып кеттi.

6Бiрақ ол бұларға қарап былай дедi:

— Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленген назареттiк Исаны iздеп жүрсiңдер ғой. Ол мұнда жоқ, қайта тiрiлiп кеттi! Оның қойылған орнын қараңдар!

7Ал ендi барып, шәкiрттерiне және Петiрге мынаны жеткiзiңдер: Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сендерге Өзi айтқандай, сол жерден Оны көресiңдер.


8Әйелдер бойларын қорқыныш билеп, қатты дiрiлдеп, қабiрден шығып, қаша жөнелдi. Зәрелерi ұшқан олар сол сәтте ешкiмге ештеңе айтпады.

Мәсiхтiң елшiлерiне ұлы аманат тапсырып, көкке көтерiлуi


9Жексенбi күнi таң сәрiде қайта тiрiлген Иса ең алдымен мағдалалық Мәриямға көрiндi. Бiр кезде Иса оның бойынан жетi жынды қуып шығарған болатын.

10Мәриям Исаға ерiп жүрген, қазiр Оны жоқтап аза тұтқан шәкiрттерiне барып, бұл жайтты хабарлады.

11Алайда олар Мәриямның: «Иса тiрi! Мен Оны көрдiм!» дегенiн естiгенде нанбады.


12Бұдан кейiн Иса олардың екеуiне бiр ауылға кетiп бара жатқан кездерiнде жолшыбай басқа бiр кейiпте көрiндi.

13Олар қайта оралып келiп, қалған шәкiрттерiне айтып бердi, алайда солар бұл екеуiне де сенбедi.


14Ақыр соңында, кешкi асқа отырған кездерiнде, Иса он бiр елшiсiнiң өздерiне де көрiндi. Оларға қайта тiрiлген Өзiн көргендерге нанбай, қиқарлық танытқандары үшiн наразылық бiлдiрiп,

15тағы былай дедi:

— Бүкiл жер бетiндегi күллi адамдарға барып, Iзгi хабарды жариялаңдар!


16Кiм сенiп, шомылдыру рәсiмiнен өтсе, сол құтқарылады. Ал кiм сенбесе, сотталады.

17Сенушiлер Құдайдың құдiретiн көрсететiн мынадай кереметтердi iстемек: Менiң атыммен жындарды қуып шығарып, жаңа тiлдерде сөйлейдi.

18Егерде қолдарымен улы жылан ұстап не у iшiп қойса, содан ешқандай зақым көрмейдi. Ауру адамдардың үстiне қолдарын қойса, олар сауығып кетедi.


19Сонымен Иемiз Иса олармен сөйлесiп болған соң көкке көтерiлiп, Құдайдың оң жағына жайғасты.

20Ал шәкiрттерi барлық жерлерге барып, Iзгi хабарды жариялап жүрдi. Иемiз оларға жар болып, Өзiнiң құдiретiн көрсететiн кереметтерi арқылы уағыздалған хабарды растап бекiттi. (Аумин)