Жазба туралы мәлiмет
Иса Мәсiхтiң осы алғашқы өмiрбаянын жазған Матай Леуi Оның он екi шәкiртiнiң және елшiсiнiң бiрi едi. Матайдың бұрынғы кәсiбi салық жинаушы болатын (9:9; 10:3; Марқа 2:14).
Матай Құдай өз халқын құтқару үшiн жiберуге уәде еткен Мәсiхтiң назареттiк Иса екендiгiне өзiмен ұлттас яһудилердiң көздерiн жеткiзудi мақсат етiп қойды. Соны дәлелдеу үшiн Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларынан көптеген үзiндiлер келтiрген. Иса Өзiнiң ғажайып өмiрi, айтқан тамаша сөздерi, жасаған керемет iстерi және теңдесi жоқ құрбандық өлiмi мен қайта тiрiлуi арқылы Таурат заңын орындап, пайғамбарлардың Өзi туралы алдын ала бiлдiргендерiн де түгелдей жүзеге асырды. Ол — «Дәуiттiң Ұрпағы», уәде етiлген Құдай Патшалығының Билеушiсi. Бұл Патшалық осы дүниелiк күшпен құрылған мемлекеттi бiлдiрмейдi. Керiсiнше, Құдай Өзiне мойынсұнған адамдардың өмiрiнде игiлiктi билiгiн жүргiзедi.
Осы жазба Мәсiхтiң Құдай Патшалығы туралы берген тәлiмдерiнiң бес жиынтығын да қамтиды. Оларда сол Патшалықтың негiзi, оның хабаршыларының ерекшелiктерi, Патшалықтың қасиеттерi, оған кiрген адамдардың мiнез-құлықтары және Мәсiхтiң ақырғы заманда Патша ретiнде ұлы салтанатпен қайта оралуы жөнiнде сөз болады. Осы бес тәлiм жиынтығын жазбаның 5-7,10,13,18 және 24-26-тарауларынан табамыз.
Ойшылдар көпшiлiкке кеңiнен мәлiм «таудағы уағызында» Мәсiхтiң жариялаған мiнез-құлық ережелерiн әлем тарихындағы ең ұлы, ең жоғары қағидалар деп атайды. Олар Құдайдың адамдарға тапсырған мiнез-құлқының берiк үлгiсi.
Жаратқан Ие адамнан әлдебiр игi iстер iстеп, едәуiр жақсы болуын талап етiп қана қоймайды. Қайта, оларға Өзi сияқты мүлтiксiз болуды бұйырады. Алайда жалғыз Иса Мәсiх қана осы үлгiге түгелдей сай келдi. Ол адамдарды терiс жолдарынан қайтып, Өзiнен үйренiп, тығыз қарым-қатынаста жүруге шақырды (11:28-29). Олардың Құдай алдында ақталып, шын мәнiнде игiлiктi iстер iстей алулары үшiн Иса өз өмiрiн құрбан еттi.
Алдымен яһудилерге жеткiзiлген «Матай жазған Iзгi хабар» сонымен қатар барлық ұлттарға да арналған. Бұл ондағы баяндалған оқиғалардан да көрiнедi: Шығыстан келген ғұламалар жаңа туған Патшаға тағзым етiп, iзет бiлдiрдi. Таяу Шығыстағы Тир мен Сидон аймағында тұратын әйелдiң қызы сауықтырылды. Шетелдiк жүзбасы қатты ауырып жатқан қызметшiсiн Иса Мәсiхтiң сауықтыра алатынына ғаламат зор сенiм артып, тiлегi қабыл болды. Мәсiхтiң азабы мен өлiмiн қарап тұрған басқа бiр шетелдiк жүзбасы да Оның Құдай жiберген Құтқарушы екенiне көзi жетiп, сендi.
Осы керемет жазба Құдайдың күнәны кешiретiнi туралы Iзгi хабары мен игiлiктi қағидаларын күллi халықтарға жариялап, үйрету туралы Иса Мәсiхтiң iзбасарларына берген ұлы аманатымен аяқталған.
Құдай уәде еткен Құтқарушы Патшаның ата-тегiнiң шежiресi
1Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуiт патшаның әулетiнен шыққан Иса Мәсiхтiң ата-тегiнiң шежiресi былай құралған:
2Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-iнiлерi,
3ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хезрон, Хезроннан Рам,
4Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,
5Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут едi. Ғабиттен Есей,
6Есейден Дәуiт патша, ал Дәуiттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелi болатын.
7Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абиядан Аса,
8Асадан Жосафат, Жосафаттан Жорам, Жорамнан Озия,
9Озиядан Жоқатам, Жоқатамнан Ахаз, Ахаздан Езекия,
10Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия,
11Жосиядан Еқония мен оның iнiлерi тарады.
Бұл, яһуди халқының көпшiлiгi Бабыл елiне жер аударылмас бұрын болған едi.
12Бабылға жер аударылғаннан кейiн Еқониядан Салател, Салателден Зоробабел,
13Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елiәкiм, Елiәкiмнен Азор,
14Азордан Садық, Садықтан Әкiм, Әкiмнен Елиуд,
15Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып,
16Жақыптан Мәриямның күйеуi Жүсiп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келдi, Ол Мәсiх деп аталады.
17Осылай Ыбырайымнан Дәуiтке дейiн он төрт ата, Дәуiттен халықтың Бабыл елiне жер аударылғанына дейiн де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсiхке дейiн де он төрт ата болды.
Құтқарушы Патшаның дүниеге келуi
18Иса Мәсiхтiң дүниеге келуi былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсiпке айттырылған едi. Ал екеуi әлi қосылмай тұрғанда-ақ, Мәриямның Киелi Рухтың құдiретiмен аяғы ауыр екендiгi белгiлi болды.
19Болашақ күйеуi Жүсiп әдiл кiсi болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшiн ешкiмге бiлдiрмей келiсiмдерiнен бас тартпақ болды.
20Бiрақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенiң перiштесi түсiнде аян берiп:
«Дәуiттiң ұрпағы Жүсiп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебi құрсағындағы Баласы Киелi Рухтан.
21Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой, себебi Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — дедi.
22Мұның бәрi Жаратқан Иенiң пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшiн солай болды.
23Ол былай деген: «Бiлiп ал, пәк қыз құрсақ көтерiп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бiзбен бiрге» деген ат қояды».
24Жүсiп оянып, орнынан тұрғаннан кейiн Жаратқан Иенiң перiштесiнiң бұйрығын орындап Мәриямға үйлендi.
25Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсiп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейiн Оның атын Иса деп қойды.
Шетелдiк ғұламалардың Құдай жiберген Патшаға iзет бiлдiруi
1Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келдi. Бiраздан кейiн Иерусалимге шығыстан жұлдыз санаушы ғұламалар келiп:
2«Яһудилердiң жаңа туған Патшасы қайда? Бiз Оның жұлдызының шығыстан туып, жарқырағанын көрiп, Оған iзет бiлдiру үшiн келдiк», — деп сұрастыра бастады.
3Ирод патша мұны естiгенде қатты абыржып, онымен бiрге Иерусалимнiң бүкiл халқы да мазасызданды.
4Патша елдiң барлық басты дiни қызметкерлерi мен дiн мұғалiмдерiн жинап алып, оларға:
— Мәсiх қай жерде дүниеге келуге тиiс? — деген сұрақ қойды.
5Олар былай деп жауап бердi:
— Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиiс. Себебi (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерiн жазып қалдырды:
6«Ал сен, Яһудеяның жерiндегi Бетлехем, елiңнiң басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессiң: сенен Менiң халқым Исраилдi бағатын Көсем шығады».
7Сонда Ирод жат жерлiк ғұламаларды астыртын шақырып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрiнгенi туралы сұрап, бiлiп алды.
8«Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып бiлiңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған iзет бiлдiрейiн», — деп, оларды Бетлехемге жiбердi.
9Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кеттi. Мiне, қызық! Өздерi бұрын шығыста көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердiң үстiне тоқтады.
10Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады.
11Үйге кiргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестенi көрген ғұламалар жерге жүгiне кетiп, Оған иiлiп iзет бiлдiрдi. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтындарын, ладан мен мүр атты хош иiстi заттарын ұсынды.
12Мұнан кейiн түстерiнде көрген аяндағы «Иродқа қайта оралмаңдар!» деген ескертпеге сай ғұламалар өз елдерiне басқа жолмен жүрiп кеттi.
Мәсiхтiң отбасының Мысырға қашып құтылуы
13Ғұламалар кетiп қалғаннан кейiн, Жаратқан Иенiң перiштесi Жүсiпке түсiнде аян берiп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзiм айтқанға дейiн сол жерде қала берiңдер. Себебi Ирод Нәрестенi өлтiру үшiн iздемекшi», — дедi.
14Сонда Жүсiп орнынан тұрып, түн iшiнде Сәбидi анасымен бiрге алып, Мысыр елiне жөнелдi.
15Сол жерде Ирод өлгенге дейiн тұрып қалды. Осылайша Жаратқан Иенiң пайғамбар арқылы: «Рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегенi жүзеге асты.
16Жат жерлiк ғұламалардың өзiнен амалын асырып кеткенiн түсiнгенде Ирод долдана ашуланып, Бетлехемдегi және соның маңайындағы екi жасқа дейiнгi ер балалардың бәрiн де өлтiруге бұйырды. Бұл жасты ол ғұламалардан бiлiп алған мезгiлге сәйкес белгiлеген едi.
17Сонда Тәңiрдiң Еремия пайғамбар арқылы жiберген мына хабары iске асты:
18«Рамақ жерiнде зор қайғы-қасiреттен
Дауыс естiледi зар еңiреген,
Рахила өлген балаларын жоқтап,
Жұбанудан бас тартады зар жылап:
Келмеске кеттi көздерi құртылып».
Мысырдан қайтып, Назаретке орналасу
19Ирод патша өлгеннен кейiн Жаратқан Иенiң перiштесi Мысырда Жүсiпке түсiнде аян берiп:
20«Тұр, Нәресте мен анасын алып, Исраилге қайтыңдар! Себебi Нәрестенiң өмiрiн құртқысы келгендер өлдi», — дедi.
21Жүсiп орнынан тұрып, Нәресте мен анасын алып, Исраил елiне қайта оралды.
22Алайда Иродтың орнына баласы Архелай Яһудеяда билiк құрғанын естiгендiктен Жүсiп сол аймаққа баруға қорықты. Түсiнде алған жаңа нұсқауларға сай Ғалилея аймағына жөнелдi.
23Сол жердегi Назарет қаласына барып, сонда орын тептi. Құдайдың пайғамбарлар арқылы алдын ала бiлдiрген мына тәрiздi сөздерi осылайша жүзеге асты: «Ол назареттiк деп аталатын болады».
Жақия пайғамбардың Мәсiхке жол дайындауы
1Сол заманда шомылдыру рәсiмiн жасаушы Жақия пайғамбар Яһудея аймағындағы айдалаға келiп, былай деп уағыз айтты:
2— Терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсiңдер! Құдай Патшалығының жер бетiне орнайтын кезi таяп қалды!
3Ежелде Ишая пайғамбардың:
«Жар салған дауыс шығады айдалада:
Жаратқан Иеге жол дайындаңдар,
Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!»
4Жақия түйе жүнiнен киiм киiп, қайыс белбеумен белiн буып жүретiн. Жейтiн азығы шегiртке және жабайы араның балы болды.
5Сол уақытта Иерусалим қаласынан, бүкiл Яһудея аймағынан және Иордан жағасындағы барлық өңiрден халық Жақияның қасына ағылып келiп жатты.
6Олар күнәларын мойындап, Жақия оларды Иордан өзенiнде шомылдыру рәсiмiнен өткiздi.
7Сол рәсiмнен өту үшiн келген көптеген парызшылдар мен саддукейлердi көрген Жақия оларға былай дедi:
— Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегi қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кiм үйреттi?
8Егер шынымен терiс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты iс iстеңдер!
9Және «бiздiң түп атамыз — Ыбырайым» деп бекер мақтанбаңдар! Мен сендерге айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.
10Қазiрдiң өзiнде-ақ ағаш түбiнде балта дайын тұр! Жақсы жемiс бермейтiн әрбiр ағаш шабылып, отқа тасталады!
11Мен сендердi терiс жолдан қайтқандарыңның белгiсi ретiнде суға шомылдыру рәсiмiнен ғана өткiземiн. Ал менен кейiн Келетiн менен құдiреттi: Ол сендердi Киелi Рухқа әрi отқа шомылдырады. Оның құлы болып кебiсiн әперуге де тұрмаймын.
12Ол бидайды желпушiге ұқсайды: күрегi қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бiрақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады!
Шомылдыру рәсiмiнен өткен Мәсiхке Құдайдың ризашылығын бiлдiруi
13Сол шамада Иса Жақияның шомылдыру рәсiмiнен өту үшiн Ғалилеядан Иордан өзенiне келдi.
14Бiрақ Жақия Оны тоқтатып:
— Осы рәсiмнен Сiздiң менi өткiзгенiңiз жөн бола тұра, қалайша маған келiп тұрсыз? — дедi.
15Иса оған:
— Қазiр осылай болсын. Сөйтiп Құдайдың әдiл еркiн толық орындауға тиiспiз, — деп жауап бердi. Жақия Оның айтқанына көндi.
16Иса рәсiмнен өтiсiмен дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзiне көгершiн сияқты төмендеп келiп, қонған Құдай Рухын көрдi.
17Сонда көктен: «Бұл Менiң сүйiктi рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естiлдi.
Мәсiхтiң сынақтан өтiп, әзәзiлдi жеңiп шығуы
1Бұдан кейiн Киелi Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуi үшiн айдалаға алып барды.
2Сол жерде қырық күн, қырық түн ораза тұтып, Иса әбден ашықты.
3Сонда азғырушы әзәзiл Оның қасына келiп:
— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — дедi.
4Иса оған былай деп жауап қатты:
— Киелi жазбада «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбiр сөзiмен өмiр сүредi» деп жазылған ғой!
5Мұнан соң шайтан Оны қасиеттi қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесiне шығарып, былай дедi:
6— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секiре гөр! Өйткенi Киелi жазбада «Перiштелерiне Ол Сен туралы бұйрық бередi. Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшiн олар Сенi қолдарына көтерiп алып жүредi» деп жазылған ғой.
7Иса оған жауап қайтарып:
— Алайда «Құдай Иеңдi еркiнсiп сынама!» деп те жазылған ғой! — дедi.
8Содан кейiн шайтан Исаны тағы да ертiп бiр биiк таудың басына шығарды. Оған әлемнiң барлық мемлекеттерi мен олардың сән-салтанатын көрсетiп:
9— Егер аяғыма жығылып табынсаң, бұлардың бәрiн де Саған беремiн, — дедi.
10Сонда Иса:
— Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңе ғибадат етiп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп жазылған ғой! — деген жауап қайтарды.
11Мұнан соң шайтан Оның қасынан кетiп қалды. Ал перiштелер келiп, Исаға қызмет көрсеттi.
Мәсiхтiң өз қызметiне кiрiсiп, алғашқы шәкiрттерiн таңдауы
12Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы естiгенде Иса Ғалилея аймағына жүрiп кеттi.
13Ол Назареттi тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерiнде, көл жағасында орналасқан Қапарнаумға көшiп барып, сонда тұрды.
14Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен сөзi осылай жүзеге асты:
15«Забулон мен Нафталимның мекенi,
Теңiзге баратын жол бойындағы
Әрi Иорданның арғы жағындағы
Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея —
16Ғұмыр кешкен бұл халық қараңғыда
Ендi бiр ғаламат Нұрды көруде.
Түнек басқан елде тұратындарға
Таңның шапағы сәулесiн төгедi!»
17Сол уақыттан Иса: «Терiс жолдан қайтып, Құдай жолына түсiңдер! Себебi Құдай Патшалығының жер бетiне орнайтын кезi таяп қалды!» деп уағыздай бастады.
18Бiрде Ғалилея көлiнiң жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екi жiгiттi: Шимон Петiр мен iнiсi Әндiрдi көрдi. Балықшы болып күнелтетiн олар көлге ау салып жатты.
19Иса оларға: «Соңымнан ерiңдер! Мен сендердi балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетiн етемiн», — дедi.
20Екеуi дереу ауларын тастап, Оған ерiп шәкiрттерi болды.
21Сол жерден әрi қарай кетiп бара жатып, Иса тағы да ағайынды екi жiгiттi: Зебедейдiң ұлдары Жақып пен Жоханды көрдi. Олар әкелерiмен бiрге қайықта ауларын жамап отыр екен.
22Иса оларды да шақырғанда, екеуi дереу қайықты да, әкелерiн де тастап, Исаға шәкiрт болып ердi.
23Бұдан кейiн Иса бүкiл Ғалилея аймағын аралап жүрiп, мәжiлiсханаларында тәлiм бердi. Құдай Патшалығы туралы Iзгi хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды.
24Иса туралы хабар бүкiл Сирия өлкесiне де тарап, жұрт Оған түрлi дерттерi бар қиналып науқастанғандардың бәрiн де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келiп жатты, ал Иса оларды сауықтырды.
25Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрi Иорданның шығыс бетiнен көптеген халық Оның соңынан iлестi.
Таудағы уағыздың басы:
1Жиналған халықты көргенде Иса тауға көтерiлiп, бiр жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкiрттерi қасына келдi.
2Иса оларға былай деп тәлiм бердi:
3— Құдай алдында құр алақан тұрғандар бақытты:
Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған!
4Күнәларына өкiнiп қайғырғандар бақытты:
Құдай оларды жұбататын болады!
5Кiшi пейiлдiлер бақытты:
Олар жердi иемденетiн болады!
6Әдiлдiктi аңсап зарыққандар бақытты:
Олар қанағат табатын болады!
7Мейiрiмдiлер бақытты:
Құдайдың мейiрiмi соларға түседi!
8Жүректерi пәк тазалар бақытты:
Олар Құдайды көретiн болады!
9Татуластырушылар бақытты:
Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!
10Әдiлдiк үшiн қудаланғандар бақытты:
Құдай Патшалығы сондайларға арналған!
11Адамдар сендердi Маған бола қорлап, қудалап,
Әр түрлi жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!
12Қуана шаттаныңдар!
Себебi көкте сендердi зор сыйларың күтiп тұр!
Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған.
«Тұз» және «нұр»: сенушiнiң күнәкар дүниедегi iс-әрекетi
13Сендер жер бетiнде тұз сияқтысыңдар. Ал егер тұз өз күшiнен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтiруге болады? Еш нәрсеге жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастап, аяқ асты ету ғана қалады.
14Сендер дүниеге (Құдай жолын көрсететiн) «нұрсыңдар». Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды.
15Ешкiм шам жағып, оны ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қойып, жарығы үйдегiлердiң бәрiне түседi.
16Сол сияқты, сендердегi «нұр» адамдарға сәулесiн төксiн. Осылайша олар игi iстерiңдi көрiп, көктегi Әкелерiңдi дәрiптесiн.
Киелi жазбалардың толық мағынасы
17Менi Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының күшiн жою үшiн келдi деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшiн емес, толық мағынасында жүзеге асыру үшiн келдiм.
18Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейiнше Таурат заңының бiрде-бiр әрпi, тiптi бiр кiшкентай сызығы да күшiнен айырылмайды, әуелi бәрi де жүзеге асады.
19Сондықтан кiмде-кiм ондағы өсиеттердiң тiптi ең кiшкентайын да бұзып, басқаларды мұнысына үйретсе, соның Құдай Патшалығындағы адамдардың арасында жолы ең кiшкентай болады. Ал өсиеттердi орындап, жұртты соған үйреткендердiң Құдай Патшалығындағы жолы үлкен болады.
20Сендерге былай деймiн: егер Тәңiрдiң әдiл еркiн дiн мұғалiмдерi мен парызшылдардан бетер орындамасаңдар, Оның Патшалығына ешқандай кiре алмайсыңдар!
Жек көру және өлтiру туралы
21Ежелгi адамдарға: «Кiсi өлтiрме! Кiсi өлтiрген әркiм сотталуға тиiс» деп бұйырылғанын естiдiңдер.
22Ал Мен сендерге былай деймiн: кiмде-кiм бауырласына кәрiн төксе, соны Құдай соттайды. Бауырласына «Сенен еш пайда жоқ!» деп балағаттайтын әркiм Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал «Құдайсыз ақымақ!» деп жамандайтындар тозақ отына түседi.
23Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстелiне алып барғанда, егер бауырласыңның өзiңе өкпелеп жүргенi сол жерде есiңе түсiп кетсе,
24алып келгенiңдi сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейiн қайтып келiп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта.
25Бiреу саған қарсы дау көтерсе, оған ерiп сотқа бара жатқанда онымен тезiрек татуласуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сенi сот алдына апарады, ал сот күзетшiге ұстап берiп, күзетшi сенi түрмеге салады.
26Саған шындығын айтамын: берешегiңдi соңғы тиынына дейiн төлемейiнше сол жерден шыға алмайсың!
Неке адалдығы және сөзiнде тұру жайында
27«Неке адалдығын бұзба!» деген өсиеттi де естiдiңдер.
28Ал Мен сендерге былай деймiн: кiм бiр әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегiнде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны.
29(Иса сөзiн жалғастырып, астарлап былай дедi:) Егер «оң көзiң» (секiлдi өте құнды нәрсең) сенi күнәға азғырса, ол сен үшiн «ойып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкiл денеңнiң тозаққа тасталғанынан гөрi бiр мүшесiнен айырылғаның артығырақ болар едi.
30Яки оң қолың (сияқты өте қажеттi нәрсең) сенi күнәға азғырса, ол сен үшiн «шауып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкiл денеңнiң тозаққа тасталғанынан гөрi бiр мүшесiнен айырылғаның артығырақ болар едi.
31«Кiм әйелiнен ажыраспақ болса, оған арнайы куәлiк қағазын беруге тиiс» деген бұйрық та берiлген.
32Ал Мен сендерге былай деймiн: жеңiл жүрiске түспеген әйелiнен ажырасқан әркiм соның неке адалдығын бұзуына себепшi болады. Кiм күйеуiнен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады.
33Ежелде жұртқа: «Анттарыңды бұзбаңдар, Құдай алдында берген уәделерiңдi орындаңдар!» деп бұйырылғанын естiдiңдер.
34Ал Мен сендерге былай деймiн: үстiрт ант етушi болмаңдар! Не көктi атап ант iшпеңдер, ол Құдайдың «тағы»,
35не жермен де ант iшпеңдер, ол Оның «табан тiрерi», не Иерусалиммен де ант iшпеңдер, ол «Ұлы Патшаның қаласы»!
36Өз басыңмен де ант берме, себебi шашыңның бiр талын шын мәнiнде не ағартып, не қарайту қолыңнан келмейдi.
37Қайта, сендердiң «иә» дегендерiң шынымен «иә», «жоқ» дегендерiң шынымен «жоқ» болсын! Бұған қоса айтқандарыңның бәрi жамандықтарыңнан келедi.
Таспен атқанды аспен ат
38Сендер «көзге көз, тiске тiс» дегендi естiдiңдер.
39Ал Мен сендерге былай деймiн: зұлымдық жасағаннан кек алма! Егер бiреу бетiңнiң оң жағын ұрса, оған сол жағыңды да тос.
40Кейбiреу соттасып, көйлегiңдi тартып алғысы келсе, оның шапаныңды да алуына қарсы болма!
41Немесе бiреу сенi бiр шақырым жерге ерiп (жүгiн көтерiп) жүруге мәжбүр етсе, онымен екi шақырым жүр.
42Сұрағанға мұқтажын бер, қарыз алғысы келгенге де терiс қарама.
43Сендер «Маңайыңдағы кiсiнi жақсы көрiп, жауыңды жек көр!» дегендi де естiдiңдер.
44Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көрiңдер! Өздерiңдi қудалағандар үшiн Тәңiр Иеге сиынып мiнажат етiңдер!
45Осылайша көктегi Әкелерiңнiң рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесiн бiрдей түсiрiп, әдiлдерге де, әдiлетсiздерге де жаңбырды бiрдей жауғызады.
46Ал егер өздерiңдi жақсы көретiндердi ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берiлмек? Тiптi күнәкар салықшылар да солай етпей ме?
47Сондай-ақ, өз бауырластарыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше iс iстейсiңдер? Тiптi Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме?
48Сонымен көктегi Әкелерiң қандай мүлтiксiз болса, сендер де сондай мiнсiз болыңдар!
Сенушiнiң Құдай алдындағы өмiрi:
1Байқаңдар, мейiрiмдi iстерiңдi жұрт алдында көзге түсу үшiн iстемеңдер! Әйтпесе сендердiң көктегi Әкеден ешқандай сыйларың болмайды.
2Сондықтан қайыр бергенде оны екi жүздiлер секiлдi жұрт мақтасын деп мәжiлiсханалар мен көшелерде жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
3Ал сендер қайыр бергенде, не iстегендерiңдi сырлас достарың да бiлмесiн!
4Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия iстердiң бәрiн көретiн Әкелерiң сендерге сыйын бермек.
5Құдайға сиынғанда да екi жүздiлердей болмаңдар: олар жұрт көзiне түсу үшiн мәжiлiсханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мiнажат етудi жақсы көредi. Сендерге былай деймiн: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
6Ал сендер мiнажат еткенде өз бөлмелерiңе кiрiп, есiгiн жауып алып, көзге көрiнбейтiн Әкелерiңе сиыныңдар! Сонда құпия iстердiң бәрiн көретiн Әкелерiң сендерге сыйын бермек.
7Құдайға сиынғанда жалған тәңiрлерге құлшылық етушiлер iспеттi құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститiн болады деп есептейдi.
8Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебi көктегi Әкелерiң өздерiң сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенiн бiледi.
9Сонымен Құдайға мына iспеттi мiнажат етiп сиыныңдар:
Көктегi Әкемiз!
Сенiң киелi есiмiң қастерлене берсiн,
10Патшалығың осында орнасын!
Сенiң еркiң көкте орындалғандай,
Жер бетiнде де орындала берсiн!
11Күнделiктi нанымызды бүгiн де бере гөр.
12Бiзге күнә жасағандарды кешiргенiмiздей,
Сен де күнәларымызды кешiре гөр.
13Азғырылуымызға жол бермей,
Жамандықтан бiздi сақтай гөр.
(Патшалық, құдiрет пен ұлылық
Мәңгi-бақи Сенiкi! Аумин.)
14Егер өздерiңе күнә жасағандарды кешiрсеңдер, онда көктегi Әкелерiң сендердi де кешiредi.
15Ал егер басқалардың күнәларын кешiрмесеңдер, онда көктегi Әкелерiң сендердiң де күнәларыңды кешiрмейдi.
16Ораза ұстағанда екi жүздiлердей беттерiңдi тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерiмен жұртқа әдейi бiлдiредi.
17Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтiрiңдер.
18Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрiнбейтiн Әкелерiң ғана бiлетiн болсын. Сонда құпия iстердiң бәрiн де көретiн Әкелерiң сендерге сыйын бермек.
Мәңгi жоғалмайтын байлық жинап, алаңсыз өмiр сүру
19Жер бетiнде өздерiңе дүние-байлық жинамаңдар, оларды күйе жеп, тот басады, немесе ұры бұзып кiрiп, ұрлап кетедi.
20Қайта, өздерiңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейдi, не тот та баспайды, ұры да бұзып кiрiп, ұрлап кетпейдi.
21Байлықтарың қайда болса, жүректерiң де сонда.
22Дененiң «шамы» — көз. Көзiң кiршiксiз таза болғанда өмiрiң түгелдей нұрға кенеледi.
23Ал егер аш көз болсаң, бүкiл өмiрiңдi қараңғылық басады. Сонымен, егер өмiрiңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ!
24Ешкiм екi қожайынға бiрдей қызмет ете алмайды. Олай еткен күнде бiреуiн екiншiсiнен артық көрiп, соған бағышталады, ал екiншiсiне немкеттi қарайды. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бiрдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!
25Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не iшiп-жеймiз деп өмiрлерiңдi, не киемiз деп тәндерiңдi уайымдамаңдар! Өмiр тамақтан, тән киiмнен артық қой!
26Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егiн екпейдi де, орып, қамбаға жинамайды да, бiрақ көктегi Әкелерiң оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессiңдер ме?!
27Сондай-ақ осындай мәселелердi уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тiптi бiр қарыс ұзарта алады?
28Неге киiмдерiңдi ойлап уайымдап жүрсiңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсiп тұрғанына көңiл бөлiңдершi: олар еңбек те етпейдi, жiп те иiрмейдi.
29Сендерге былай деймiн: тiптi Сүлеймен патша өзiнiң бар сән-салтанатында сол гүлдердiң бiрiндей әдемi киiнбеген едi.
30Ал ендi, бүгiн далада өсiп тұрған, ертең отқа тасталатын шөптi Құдай солай киiндiрсе, сендердi, әлбетте, одан бетер киiндiрмей ме, сенiмi аздар-ау!
31Сондықтан не iшiп-жеймiз, не киемiз деп уайымдамаңдар!
32Тәңiрге мойынсұнбағандар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенiн көктегi Әкелерiң бiледi ғой.
33Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әдiл еркiн орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегi Әкелерiң сендерге бұлардың бәрiн қосып бередi.
34Сонымен ертеңгi күн туралы уайымға салынбаңдар! Тәңiр ертеңгi күннiң де қам-қарекетiн ойлайды. Әр күннiң қиыншылығы өзiне жетерлiк.
Басқаны айыптауға асықпай, өз кемшiлiгiне назар аудару
1Құдай өздерiңе үкiм шығармас үшiн сендер басқаларға үкiм айтпаңдар!
2Себебi басқаларға қандай үкiм айтсаңдар, өздерiңе де сондай үкiм шығарылады. Сендер қандай өлшемдi қолдансаңдар, өздерiң үшiн де сондай өлшем қолданылады.
3Неге бауырыңның көзiндегi тiкендi көре тұра, өз көзiңдегi бөрененi байқамайсың?
4Өз көзiңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенiң көзiңнен тiкендi алып тастайын» деп қалайша айта аласың?
5Әй, екi жүздi! Әуелi өз көзiңнен бөрененi алып таста, бауырыңның көзiндегi тiкендi содан кейiн анық көрiп, алып тастарсың.
6Қасиеттiлердi иттерге тастамаңдар, iнжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келiп, өздерiңдi жарып тастамақ.
Сенiммен сұрай берiп, тар қақпадан кiру
7Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) бередi; iздеңдер, сонда табасыңдар; есiктi қағыңдар, сонда сендерге ашылады.
8Себебi сұрай берген әркiм алады, iздей берген табады, есiк қағып тұрғанға ашылады.
9Араларыңдағы қандай кiсi нан сұраған баласына тас берер едi?
10Не балық сұраса, жылан берер едi?
11Сонымен өздерiң күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды бiлсеңдер, көктегi Әкелерiңнiң Өзiнен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбiр шүбәсыз!
12Барлық iсте де басқалар өздерiңе қалай iстесiн десеңдер, сендер де оларға солай iстеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәлiмiне сай.
13Тар қақпадан кiрiңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретiндер көп.
14Ал шынайы өмiрге апаратын қақпа да, жол да тар, соны табатындар аз ғана.
Ағаш жемiсiмен, адам iсiмен танылар
15Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүрiңдер! Олар сендерге қой терiсiн жамылып келедi, бiрақ шынында олар жыртқыш қасқырлар.
16Оларды «жемiстерiнен» (яғни iс-әрекеттерiнен) танисыңдар. «Шомырттан жүзiм жинамас, ошағаннан өрiк те алмас».
17Сол секiлдi әрбiр жақсы ағаш жақсы жемiс, ал жаман ағаш жаман жемiс бередi.
18Жақсы ағаш нашар жемiс, нашар ағаш жақсы жемiс бере алмайды ғой.
19Ал жақсы жемiс бермейтiн әр ағашты кесiп тастап, отқа жағады.
20Сол сияқты, адамдарды да «жемiстерiнен» танып бiлесiңдер.
21Маған: «Мырза, Ие!» дейтiн әркiм емес, көктегi Әкемнiң еркiн орындайтындар ғана Оның Патшалығына кiре алады.
22Көптеген адамдар сол күнi Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенiң атыңмен бiз жұртқа Құдайдың хабарын жеткiзбедiк пе? Сенiң атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едiк?» — деп жалынатын болады.
23Сонда Мен оларға: «Сендердi ешқашан (өз адамдарым ретiнде) таныған емеспiн. Әдiлетсiздiк iстегендер, Менен аулақ кетiңдер!» — деп ашық айтамын.
Таудағы уағыздың соңы:
24Осы айтқандарымды тыңдап, орындаған әркiм үйiн жартасқа салған көреген адамға ұқсас болады.
25Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйдi соққылағанда ол құламайды. Себебi оның iргетасы жартасқа қаланған едi.
26Алайда осы айтқандарымды естiсе де, орындамаған әркiм үйiн құм үстiне салған ақымаққа ұқсайды.
27Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйдi соққылағанда ол опырылып құлап қалады.
28Иса сөзiн аяқтағанда, халық Оның тәлiмiне қатты қайран қалды.
29Себебi Иса оларға өздерiнiң дiн мұғалiмдерi сияқты емес, Құдайдан ерекше билiгi бар Бiреу ретiнде тағылым бердi.
Көптеген аурулар мен жын қинағандардың сауығуы
1Иса таудан түскенде Оның соңынан үлкен тобыр ердi.
2Сонда алапеспен ауырған бiреу Исаның алдына келдi де, тiзе бүгiп тағзым етiп:
— Мырза, егер қаласаңыз, менi құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтiндi.
3Иса қолын созып, денесiне тигiздi де:
— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — дедi. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесiнен арылып, тазарды.
4Иса оған:
— Байқа, бұл туралы ешкiмге тiс жарушы болма! Бiрақ дiни қызметкерге барып, қарал. Содан кейiн Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенiң сауыққаныңның дәлелi болады, — дедi.
5Иса Қапарнаум қаласына кiргенде бiр римдiк жүзбасы алдына келiп:
6— Мырза, қызметшiм үйде сал болып қатты қиналып жатыр, — деген өтiнiш жасады.
7— Жарайды, барып сауықтырайын, — деп жауап бердi Иса.
8Ал римдiк жүзбасы:
— Мырза, мен Сiздiң шаңырағымның астына келуiңiзге лайық емеспiн. Тек бiр сөз айтсаңыз болды, қызметшiм сауығып кетедi.
9Мұны бiлемiн, себебi мен де бiреудiң қол астындамын, өзiме бағынышты жасақшыларым да бар. Бiреуiне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келедi, қызметшiме: «Мынаны iсте!» дегенiмде, ол соны орындайды, — дедi.
10Мұны естiген Иса таңғалып, соңынан ерiп келе жатқандарға қарап:
11Сендерге шындығын айтайын: шығыс пен батыстан келген көптеген шетелдiк адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бiрге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады.
12Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады, — дедi.
13Содан кейiн Иса жүзбасыға:
— Үйiңе қайт, сенiмiңе сай тiлегiң болсын! — дедi.
Сол мезгiлде-ақ оның қызметшiсi ауруынан сауығып кеттi.
14Иса Петiрдiң үйiне келгенде оның қайын енесiнiң безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрдi.
15Иса оның қолына алақанын тигiзгенде қызуы басылды. Әйел орнынан тұрып, оларды күтiп қызмет ете бастады.
16Күн батқанда жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келдi. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жiбердi.
17Осылай Ишая пайғамбардың: Ол «бiздiң қасiретiмiздi Өзiне алды, бiздiң ауруларымызды өз мойнымен көтердi» деп алдын ала айтқаны жүзеге асты.
Мәсiх жолымен жүруге белдi бекем буу
18Иса айналасына халықтың көптеп жиналғанын көрiп, шәкiрттерiне: «Көлдiң арғы бетiне өтейiк», — дедi.
19Бiр дiн мұғалiмi қасына келiп:
— Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сiзге еремiн, — дедi.
20Иса оған:
— Түлкiнiң iнi бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушiнiң бас тiрейтiн тұрағы да жоқ, — деп жауап бердi.
21Шәкiрттерiнiң өзге бiреуi:
— Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегiн жерлеп келейiн. Рұқсат етiңiзшi, — деп сұранғанда
22Иса:
— Маған шәкiрт болып ер! Ал өлгендерiн жерлеудi өлiлерге қалдыр! — деп тапсырды.
Исаның сұрапыл дауылды және жындарды бағындыруы
23Содан кейiн Иса қайыққа мiнiп, шәкiрттерi Оған iлесiп, бәрi жүзiп кеттi.
24Кенеттен сұрапыл дауыл көтерiлiп, қайық толқын астында қалды. Иса бұл кезде ұйықтап жатты.
25Шәкiрттерi Оны оятып:
— Мырза, құтқара көрiңiз! Құритын болдық! — деп айқайлады.
26Иса оларға:
— Сенiмi аздар-ай, нелiктен соншама қорқасыңдар? — дедi де, орнынан тұрып, жел мен көлге тыйым салды. Сонда жым-жырт тыныштық орнады.
27Аң-таң болған қайықтағылар өзара: «Тiптi дауыл мен көл де бағынатын Бұл кiм Өзi?» — дестi.
28Иса шәкiрттерiмен бiрге көлдiң арғы бетiндегi Ғадара өңiрiне жеткенде, Оған жын соққан екi кiсi кездесе кеттi. Қабiрге арналған үңгiрлер арасынан шыға келген олар құтырынған, аса қауiптi болатын. Сондықтан ешкiм сол жолмен жүре алмайтын.
29«Құдайдың рухани Ұлы, бiзде нең бар? Уақытынан бұрын бiздi азаптауға келдiң бе?» — деп айқай салды олар.
30Алысырақта үлкен бiр қора шошқа жайылып жүрген болатын.
31Жындар: «Егер бiздi қумақ болсаң, ана шошқаларға жiбере гөр», — деп өтiндi.
32«Кетiңдер!» — дедi Ол. Жындар сол екi кiсiден шығып, әлгi хайуандарға ендi. Кенеттен олардың бәрi құлама тiк жардан көлге қарғып, суға кетiп, қырылып қалды.
33Бақташылары қашып кетiп, қалаға барып, бастарынан өткен оқиғаны, жын соққан екi кiсiмен не болғанын да жұртқа түгелдей айтып бердi.
34Сонда бүкiл қала халқы Исамен кездесу үшiн шықты. Оны көргенде: «Бiздiң жерiмiзден кете көрiңiз», — деп өтiндi.
Мәсiхтiң күнәны кешiруге деген билiгi
1Иса қайыққа мiнiп, көлдiң батыс жағасына өтiп, Өзi тұрған Қапарнаум қаласына қайта оралды.
2Мiне, бiреулер Оған сал болып ауырған бiр адамды төсегiмен көтерiп алып келдi. Иса олардың сенiмдерiн көрiп, сал адамға: «Жiгерлен, балам, сенiң күнәларың кешiрiлдi!» — дедi.
3Сонда дiн мұғалiмдерi: «Бұл Кiсi Құдайды қорлап тұр ғой!» — деп iштей наразы болды.
4Осы ойларын бiле қойған Иса:
— Неге жамандық ойлайсыздар?
5Қайсысын айту оңайырақ: «Сенiң күнәларың кешiрiлдi!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме?
6Ал Билеушi ретiнде көктен келген Менiң жер бетiнде күнәларды кешiруге билiгiм бар екендiгiн бiлулерiңiз үшiн... — деп, сал адамға қарап: — Орныңнан тұрып, төсенiшiңдi жинап алып, үйiңе бар! — деп тапсырды.
7Ауру адам орнынан тұрды да, үйiне кеттi.
8Мұны көрген халықтың зәрелерi ұшып, олар адамдарға осындай билiк берген Құдайға мақтау айтты.
Мәсiхтiң күнәкарларды терiс жолдан қайтуға шақыруы
9Иса сол жерден кетiп бара жатып, салық кеңсесiнiң қасында отырған Матай есiмдi салықшыны көрiп, оған: «Соңымнан ер!» — дедi. Матай орнынан тұрып, Исаға шәкiртi болып ердi.
10Кейiн Иса оның үйiнде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келiп, Исамен және шәкiрттерiмен дастарқандас болды.
11Мұны көрген парызшылдар Оның шәкiрттерiне:
— Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бiрге тамақ iшiп отыр? — деп наразылық бiлдiрдi.
12Мұны естiген Иса оларға былай деп жауап бердi:
— Дәрiгер денi сауға емес, ауру адамға қажет.
13Сендер Тәңiрдiң: «Құрбандық шалғандарыңнан гөрi мейiрiмдiлiк көрсеткендерiңдi қалаймын» деген сөзiнiң мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әдiлдердi» емес, күнәкарларды (терiс жолдан қайтуға) шақыру үшiн келдiм.
Ораза туралы сұрақ
14Сол кезде Жақия пайғамбардың шәкiрттерi Исаға келiп:
— Бiздер де, парызшылдар да жиi ораза ұстаймыз, ал Сiздiң шәкiрттерiңiз неге ораза ұстамайды? — деп сұрағанда,
15Иса былай деп жауап бердi:
— Күйеу жiгiт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма? Бiрақ та «Күйеудi» қастарынан алып кететiн күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
16Ескi киiмдi жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамауы отырып, ескi матадан жұлынып қалып, жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болар едi.
17Сондай-ақ, жас шарапты ескi торсыққа құймайды. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып, ағып кетедi, торсық та бүлiнедi. Керiсiнше, жас шарапты жаңа торсыққа құяды. Сонда екеуi де сақталады.
Мәсiхтiң ауру мен өлiмнен құтқаратын құдiретi
18Иса оларға осыны айтып отырғанда қасына бiр мәжiлiсхана жетекшiсi келдi. Оған тiзе бүгiп тағзым етiп: «Қызым жаңа ғана қайтыс болды! Бiрақ Сiз барып, қолыңызды тигiзе көрiңiз. Сонда ол тiрiледi», — деп өтiндi.
19Иса орнынан тұрып, шәкiрттерiмен бiрге оған ердi.
20Он екi жыл бойы қансырап қиналып жүрген бiр әйел сол сәтте Исаның арт жағынан жақындап келiп, шапанының шетiне қолын тигiздi.
21Әйел өзiне-өзi: «Тек Оның шапанына ғана қолымды тигiзсем, сауығып кетер едiм» деген болатын.
22Иса бұрылып, оны көрiп: «Замандас, жiгерлен, сенiмiң арқылы құтқарылдың!» — дедi. Дәл сол мезгiлде-ақ әйел сауығып кеттi.
23Иса жетекшiнiң үйiне келгенде азалы әуендер тартып жатқан сыбызғышыларды және абыржыған жоқтаушыларды көрiп, оларға:
24«Бұл жерден шығыңдар! — деп бұйырды. — Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр». — Бiрақ олар Оның айтқанына күлдi.
25Жұрт сыртқа шығарылғаннан кейiн Иса iшке кiрiп, қыздың қолынан ұстады. Сонда ол орнынан тұрды!
26Бұл туралы хабар бүкiл аймаққа тарады.
27Сол жерден кетiп бара жатқанда Исаның соңынан екi зағип кiсi iлесiп:
— Дәуiттiң Ұрпағы, бiзге рақым ете көрiңiз! — деп айқайлап жалбарынды.
28Иса үйге кiргеннен кейiн зағиптар да қасына келдi. Ол:
— Менiң солай iстей алатыныма сенесiңдер ме? — деп сұрағанда олар:
— Иә, Тақсыр, сенемiз, — дедi.
29Сонда Иса:
— Сенiмдерiңе сай болсын! — деп, көздерiне саусағын тигiздi.
30Сонда зағиптардың көздерi ашылып, көретiн болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкiм бiлмесiн!» — деп қатты ескерттi.
31Алайда олар далаға шығып, Иса туралы хабарды сол төңiректегi барлық жұртқа жайды.
32Бұлар кетiп бара жатқанда жұрт Исаның алдына жын соққан бiр мылқауды алып келдi.
33Жыны қуып шығарылғаннан кейiн мылқау сөйлей бастады. Жұрт қайран қалып:
— Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес! — дестi.
34Бiрақ парызшылдар:
— Анау жындарды солардың әмiршiсiнiң күшiмен қуып шығарады! — деп жала жапты.
Мәсiхтiң он екi елшiсiн Iзгi хабарды жариялауға жiберуi
35Бұдан кейiн Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжiлiсханаларда халыққа тәлiм бердi. Патшалық туралы Iзгi хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды.
36Жиналған халық тобырын көргенде оларға Исаның жаны ашыды. Себебi адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын.
37Сонда Ол шәкiрттерiне: «Оратын егiн көп, бiрақ жұмысшылар аз.
38Сондықтан егiннiң Иесiнен оны жинап алатын жұмысшылар жiберуiн өтiнiңдер!» — деп тапсырды.
1Иса он екi шәкiртiн тағы да қасына шақырып алып, оларға жындарды қуып шығаратын әрi барлық ауру-сырқауды сауықтыратын билiк бердi.
2Осы он екi елшiнiң есiмдерi мыналар: алдымен Шимон, ол Петiр деп те аталатын және соның iнiсi Әндiр, Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан,
3Фiлiп пен Барталмай, Тома мен салықшы Матай, Әлпей ұлы Жақып және Тадей (деген Лебей),
4Дiншiл Шимон және кейiн Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.
5Осы он екi елшiсiн Иса төмендегi тапсырмаларымен жiбердi:
— Басқа ұлт адамдарының жерлерiне бармай, самариялық қалаларға да кiрмеңдер.
6Қайта, Исраил халқының адасып кеткен қойларға ұқсас адамдарына барыңдар!
7Аралай жүрiп: «Құдай Патшалығының жер бетiнде орнайтын кезi таяп қалды!» деп уағыздаңдар.
8Ауруларды сауықтырып, өлгендердi қайта тiрiлтiңдер, алапестердi құлантаза айықтырып, жындарды қуып шығарыңдар. Тегiн алдыңдар, тегiн берiңдер де!
9Қалталарыңа алтын, күмiс, бақыр ақша салмаңдар,
10жолға дорба, қосымша киiм, аяқ киiм және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтiн тамағына қақылы ғой.
11Қай қалаға не ауылға кiрсеңдер де, сол жерде өздерiңе түсуге лайық адамды iздестiрiп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйiнде қалыңдар.
12Үйге кiргенде амандасып: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата берiңдер.
13Сол үйдегiлер лайық болса, берген баталарың қонады, ал лайық болмаса, өздерiңе қайтып келедi.
14Егер бiреу сендердi қабылдамаса не сөздерiңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетiп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар.
15Сендерге шын айтамын: қиямет соты күнi сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тiптi Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңiлiрек болады-ау!
16Естерiңде болсын: Мен сендердi қасқырлар арасына жiберiлген қойлар сияқты жiберiп отырмын. Сондықтан жыландай көреген, көгершiндей ақ көңiл болыңдар!
17Жұрттан сақтанып жүрiңдер, олар сендердi соттарға ұстап берiп, өздерiнiң мәжiлiсханаларында дүре соғатын болады.
18Менiң жолыма түскендерiңе бола сендердi әмiршiлер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар.
19Сендердi ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Айтатын сөздерiң сол сәтте ауыздарыңа салынады.
20Осылай өздерiң емес, сендер арқылы көктегi Әкелерiңнiң Киелi Рухы сөйлейтiн болады.
21Сонда тiптi бауыры өз бауырын, әкесi өз баласын ажалға ұстап берiп, балалары да әке-шешелерiне қарсы көтерiлiп, оларды өлiмге душар етедi.
22Менiң атыма бола барлық жұрт сендердi жек көретiн болады. Ал ақырына дейiн табандылық танытқан әркiм құтқарылады.
23Бiр қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Шын айтамын: сендер Исраилдiң барлық қалаларын аралап шықпай жатып-ақ, Мен Билеушi ретiнде көктен қайтып келемiн.
24Шәкiртi ұстазынан, қызметшiсi қожайынынан жоғары емес.
25Шәкiртi ұстазына, қызметшiсi қожайынына ұқсаса, соған қанағат тұтсын. Жұрт «үйдiң Иесiн» белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй iшiне одан бетер жаман ат тақпай ма?
26Сонымен олардан қорықпаңдар! Ашылмайтын сыр, бiлiнбейтiн құпия болмайды.
27Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, құлақтарыңа сыбырланғанды жұртқа жариялаңдар!
28Тәндi өлтiрсе де жанды өлтiре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрi жанды да, тәндi де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!
29Екi торғайды сегiз-ақ тиынға сатпай ма? Дегенмен көктегi Әкелерiңнiң еркiнсiз бiрде-бiр торғай жерге құлап түспейдi.
30Тiптi бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгiлi!
31Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!
32Сонымен Менi адамдар алдында мойындаған әркiмдi Мен де көктегi Әкемнiң алдында мойындаймын.
33Бiрақ Менен жұрт алдында танған әркiмнен Мен де көктегi Әкемнiң алдында танбақпын.
34Менi дүние жүзiне жалған татулық әкелу үшiн келдi деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бiр-бiрiнен ажырататын айыруды әкелу үшiн келдiм.
35Сөйтiп (пайғамбардың алдын ала айтқан мына сөздерiн) жүзеге асыруға келдiм: «Ұлы әкесiне, қызы шешесiне, келiнi енесiне қарсы тұрады.
36Адамның дұшпаны өз үй iшi болады».
37Кiм әке-шешесiн не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менiкi болуға лайық емес.
38Сондай-ақ, кiм айқышын арқалаған кiсiдей өз мүддесiнен бас тартып, тiптi азапты өлiмге дайын болып Менiң соңымнан ерiп жүрмесе, сол Менiкi болуға лайық емес.
39Өмiрiне өзi иелiк еткен әркiм одан айырылады, ал өмiрiн Мен үшiн қиған оған мәңгi иелiк етедi.
40Кiм сендердi қабылдаса, соның Менi қабылдағаны. Ал кiм Менi қабылдаса, оның Менi Жiбергендi де қабылдағаны.
41Бiр пайғамбарды Құдайдың хабаршысы болғандықтан қабылдағандар сол пайғамбар алатын сыйға ие болады, әрi әдiл кiсiнi әдiл болғаны үшiн қабылдағандар соның алатынындай сыйды иемденедi.
42Сендерге шындығын айтайын: атақ-шенi жоқ осылардың бiреуiне Менiң шәкiртiм болғаны үшiн ең болмағанда бiр тостаған салқын су берген әркiм сол үшiн алатын сыйынан құр қалмайды!
Жақия пайғамбардың сұрағы
1Он екi шәкiртiне нұсқау берiп болғаннан кейiн, Иса сол жерден кетiп, тәлiм берiп, уағыздау үшiн Ғалилея қалаларын аралады.
2Тұтқында отырған Жақия пайғамбар Мәсiхтiң жасаған iстерi туралы естiгенде шәкiрттерiн жiберiп, Одан:
3— Келетiнi ежелден-ақ уәде етiлген Құтқарушымыз шынымен Сiз бе? Әлде басқа бiреудi күтуiмiз керек пе? — деп сұратты.
4Иса оларға жауап берiп:
— Сендер көрiп-естiгендерiңдi Жақияға барып, айтып берiңдер:
5соқырлар көрiп, сал болғандар жүрiп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естiп, өлгендер қайта тiрiлiп, жарлыларға Iзгi хабар жарияланып жатыр.
6Ал Маған деген сенiмiнен бас тартпаған әркiм бақытты! — дедi.
7Жақияның адамдары қайтып кеткеннен кейiн, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады:
— Сендер айдалаға не көруге бардыңдар? Жел тербеткен бiр қамысты ма? (Жақия ондай емес!)
8Тегi, не көруге бардыңдар? Қымбат киiм киген бiреудi ме? Жоқ, қымбат киiм кигендер патша сарайларында тұрады ғой.
9Сонда не көруге бардыңдар? Бiр пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тiптi пайғамбардан да артық!
10Киелi жазбада Құдайдың мына тәрiздi сөздерi бар: «Бiлiп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жiберемiн. Ол жүретiн жолыңды дайындап қояды» Бұл жердегi хабаршы — шомылдыру рәсiмiн орындаған Жақия пайғамбардың өзi.
11Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының iшiнде Жақиядан жолы үлкен ешкiм болған емес. Бiрақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онiкiнен үлкен.
12Жақияның уағыздап, шомылдыру рәсiмiн орындаған уақытынан берi қазiрге дейiн Құдай Патшалығы күшпен алға басып, күш салғандар оны иемденуде.
13Барлық пайғамбарлар жазбалары мен Таурат Құдайдың хабарын Жақияға дейiн жеткiзiп келдi.
14Ал қабылдағыларың келсе, Жақия — «келетiнi алдын ала уәде етiлген Iлияс пайғамбар».
15Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
16Ендеше қазiргi ұрпақтың кiсiлерiн кiмге ұқсатайын? Олар қырсық балалар сияқты далада отырып, жолдастарына айқайлап:
17«Сендер үшiн сыбызғы тартсақ та, би билемедiңдер,
Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңiремедiңдер»,
18Өйткенi Жақия пайғамбар келгенде кәдiмгi тамақтарды iшiп-жемедi. Олар оны «жынды» дейдi.
19Ал Мен, көктен келген Билеушi, кәдiмгi тамақтарды iшiп-жеймiн. Сонда олар: «Мынау тамақ жеп, шарап iшудi жақсы көредi, әрi салықшылармен, күнәкарлармен дос!» деп жамандайды. Алайда даналық өзiнен туған iстермен ақталады.
20Сол уақытта Иса Өзiнiң iстеген кереметтерiн көбiрек көрген қалаларды күнәларына өкiнiп, терiс жолдан қайтпағандары үшiн айыптай бастады:
21— Ей, Хоразин қаласы, қасiретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасiретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдiк) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан беттерiн тырнап, шаштарын жұлып қайғырып, терiс жолдарынан қайтқан болар едi.
22Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күнi Тир мен Сидонның тұрғындарының тартатын жазасы сендердiкiнен жеңiлiрек болмақ!
23Ал, Қапарнаум қаласы, сенiң атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсiз тұңғиыққа құлайсың! Егер сенде жасалған кереметтер ежелгi Содом қаласында орын алған болса, ол бүгiнгi күнге дейiн сақталған болар едi.
24Сендерге айтамын: қиямет соты күнi сенiң тартатын жазаңнан тiптi Содом халқының жазасы жеңiл болады-ау!
Қиналып шаршағандарға арналған қуанышты хабар!
25Сол кезде Иса көктегi Әкесiне сиынып: «Көк пен жердiң Иесi — Әке! Осы жайларды данышпандар мен бiлгiштерден жасырып қалып, оларды бiлiмсiздерге ашып көрсеткенiң үшiн Сенi дәрiптеймiн.
26Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп мақтау айтты. Содан кейiн Иса тағы былай дедi:
27«Маған бәрiн де Әкем сенiп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кiм екенiн Әкесiнен өзге ешкiм де бiлмейдi. Әкенiң кiм екенiн де Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана бiлемiн. Әкемдi кiмдерге бiлдiргiм келсе, солар да Оны жақыннан таниды.
28Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар,
Еңселерiн тым ауыр жүк басқандар,
Менiң қасыма келiңдер, барлығың,
Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймiн!
29Бiрге жүрiп, үйренiңдер Өзiмнен,
Жуас, кiшi пейiлмiн шын жүректен,
Тыныштық табады сонда жандарың.
30Себебi ыңғайлы — билiгiм Менiң,
Әрi жеңiл — жүктейтiн мiндеттерiм».
Құдай тағайындаған Билеушiнiң ұлылығы және мейiрбандылығы
1Сол кезде Иса демалыс күнi егiндiк арасымен өтiп бара жатты. Қарындары ашқан шәкiрттерi бiраз масақ үзiп алып, жей бастады.
2Мұны көрген кейбiр парызшылдар Исаға:
— Қараңыз, шәкiрттерiңiз демалыс күнi iстеуге тыйым салынған жұмысты iстеп жүр! — деп наразылық бiлдiрдi.
3Иса оларға былай деп жауап қайырды:
— Дәуiт пайғамбар мен оның қасындағылар ашыққан кезде не iстегенiн оқымап па едiңдер?
4Ол Құдайдың киелi үйiне кiрiп, өзiне де, қасындағыларға да емес, тек дiни қызметкерлерге ғана жеуге болатын, тарту ретiнде ұсынылған нандарды жедi емес пе?
5Сондай-ақ, дiни қызметкерлер ғибадатханада жұмыс iстеп, демалыс күнi туралы ережелердi бұзғанмен сол үшiн айыпталмайтыны жөнiнде Таураттан оқымап па едiңдер?
6Сендерге айтамын: бұл жерде ғибадатханадан да дәрежесi үлкен Бiреу бар.
7Егер Тәңiрдiң: «Құрбандық шалғандарыңнан гөрi мейiрiмдiлiк көрсеткендерiңдi қалаймын» дегенiнiң мағынасын бiлсеңдер, мына кiнәсыздарды айыптамас едiңдер.
8Себебi көктен келген Мен демалыс күнiнiң де Иесiмiн! — деп қорытты.
9Ол жерден кетiп бара жатып, Иса солардың мәжiлiсханасына кiрдi.
10Сол жерде қолы семiп қалған бiр адам да болды. Дiншiлдер Исаны айыптайтын сылтау iздеп, Оған:
— Демалыс күнi болса да ауруды сауықтыруға бола ма? — деген сұрақ қойды.
11Иса оларға жауап берiп:
— Егер бiреуiңнiң жалғыз-ақ қойың болып, ол шұңқырға түсiп кетсе, демалыс күнi болса да шығарып алмас па едiңдер?
12Ал қойдан гөрi адам әлдеқайда артық емес пе?! Ендеше демалыс күнi де жақсылық жасауға болады! — дедi де,
13әлгi кiсiге: — Қолыңды созшы! — деп бұйырды. Сол адам семiп қалған оң қолын созғанда ол екiншiсi сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келдi.
14Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, Исаның көзiн жою туралы кеңес құрды.
Иса ол туралы бiлiп қойып, сол жерден кетiп қалды.
15Оның артынан көп халық ердi. Иса солардың бәрiн ауруларынан сауықтырды.
16Алайда оларға Өзiнiң кiм екенiн жариялауға тыйым салды.
17Осылай Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына тәрiздi сөздерi жүзеге асты:
18«Мiне, Менiң таңдап алған Қызметшiм,
Жаным рақат табатын Сүйiктiм!
Оған қондырамын өз Рухымды.
Ол халықтарға жариялайды әдiлдiктi,
19Еш айтыспайды не айқайламайды,
Оның даусы далада да шықпайды.
20Ол майысқан таяқты сындырмайды,
Бықсыған бiлтенi де сөндiрмейдi,
Әдiлдiктi жеңiске жеткiзедi,
21Оның атына ұлттар үмiттенедi».
Құдайдың Рухына қарсы тұрудан сақтандыру
22Сол кезде жұрт Исаның алдына жын соққан, соқыр да мылқау бiреудi алып келдi. Иса оны сауықтырып, соқыр да мылқау адам әрi көретiн, әрi сөйлейтiн болды!
23Бар жұрт бұған таңғалып, бiр-бiрiне:
— Дәуiттiң Ұрпағы (Мәсiх) Осы шығар? — дестi.
24Бiрақ мұны естiген парызшылдар:
— Анау жындарды тек солардың әмiршiсi белзебүлдiң (яғни әзәзiл шайтанның) күшiмен қуып шығарады! — деп жала жапты.
25Олардың ойындағыларын бiлген Иса:
— Жiкке бөлiнiп, өзара соғысып жатқан әрбiр патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрыс-керiсте тұрып жатқан әр қала не үй де құрып кетедi, — дедi.
26— Сол сияқты егер шайтан өзiн қуып шығарса, оның өзiне-өзi қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалай жойылмай тұра алар едi?
27Егер Мен жындарды белзебүлдiң күшiмен шығаратын болсам, онда сендердiң шәкiрттерiң оларды кiмнiң күшiмен қуып шығарады?! Сондықтан айтқандарыңның бұрыстығын өз шәкiрттерiң әшкерелейдi!
28Бiрақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелi Рухының құдiретiмен қуып шығарамын, демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған!
29Немесе күштiнiң үйiне кiрген бiреу алдымен соның өзiн байлап тастамай, дүние-мүлкiн қалайша тонар едi? Тек күштiнi жеңiп, байлап-матап тастағаннан кейiн ғана оның үйiн тонай алады.
30Кiм Менiмен бiрге болмаса, сол Маған қарсы; кiм Менiмен бiрге жинамаса, сол шашады.
31Ендеше сендерге айтамын: адамдардың жасаған бүкiл күнәлары мен Құдайды қорлауларына кешiрiм беруге болады, бiрақ Құдайдың Киелi Рухын қорлаушыға кешiрiм болмайды.
32Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркiмге кешiрiм беруге болады, бiрақ Құдайдың Киелi Рухына қарсы сөйлейтiндерге не осы заманда, не келешекте кешiрiм болмайды!
33Мынаны мойындауларың қажет: ағаш жақсы болса, жемiсi де жақсы, ал жаман болса, жемiсi де жаман. Ағаш жемiсiмен танылар.
34Улы жыланның тұқымдары! Сендер жаман бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта алар едiңдер? Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар.
35Iзгi адам жан дүниесiндегi игiлiктi қазынадан игiлiк алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесiнен арамдық алып шығады.
36Сендерге шын айтамын: адамдар айтқан әрбiр жағымсыз сөздерi үшiн қиямет сотында жауап бередi.
37Сол кезде сендер айтқан сөздерiңе сай не ақталатын, не айыпталатын боласыңдар.
38Кейбiр дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар сол кезде Исаға:
— Ұстаз, билiгiңiздi дәлелдейтiн бiр кереметтi көрсек деп едiк, — деген өтiнiш жасады.
39Бiрақ Оның жауабы мынау болды:
— Жаман, опасыз ұрпақ билiгiмдi дәлелдейтiн керемет көрсетуiмдi талап етедi. Бiрақ оған Жүнiс пайғамбардың кереметiнен басқасы көрсетiлмейдi:
40Жүнiс үш күн, үш түн дәу балықтың iшiнде болғаны сияқты, көктен келген Билеушi де жер қойнында үш күн, үш түн болады.
41Нiневи тұрғындары қиямет кезiнде осы ұрпақпен бiрге сот алдында тұрып, оны айыптайды: олар Жүнiстiң уағыздаған уақытында терiс жолдарынан қайтты. Ал мұнда Жүнiс пайғамбардан да мәртебесi зор Бiреу бар! (Алайда сендер терiс жолдарыңнан қайтудан бас тартасыңдар!)
42Ежелгi Оңтүстiк Арабияның патшайымы да қиямет күнi осы ұрпақпен бiрге сот алдында тұрып, оның қиқарлығын әшкерелейдi. Себебi әйел патша Сүлейменнiң даналық сөздерiн тыңдау үшiн жердiң қиыр шетiнен келдi. Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесi зор Бiреу бар! (Алайда сендер Оған құлақ аспайсыңдар!)
Құдайға өмiрден орын берiп, Оның еркiн орындау туралы ескерту
43Жын адамнан шыққаннан кейiн шөл даланы кезiп, баспана iздеп, таппайды.
44Сонда ол: «Шыққан үйiме қайта оралайын» дейдi. Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты, алайда бос тұр екен.
45Сонда жын барып, өзiнен бетер жауыз тағы жетi жынды ертiп келiп, үйге кiрiп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгi адамның кейiнгi жағдайы бұрынғысынан да мүшкiл болады. Бiлiп қойыңдар, осы күнәкар ұрпақтың жағдайы да сол секiлдi болады!
46Иса әлi де халыққа сөйлеп тұрғанда, шешесi мен туған бауырлары келiп, сыртта тұрып, Онымен тiлдеспекшi болды.
47Сонда әлдекiм Исаға былай деп хабарлады:
— Сыртта шешеңiз бен бауырларыңыз келiп, Сiзбен сөйлесемiз деп тұр.
48Алайда Иса осыны айтқанға жауап қайырып:
— Менiң шешем, бауырларым кiм екенiн айтайын ба? — деп,
49қолын созып шәкiрттерiн нұсқады: — Мiне, Менiң «шешем» мен «бауырларым»!
50Себебi көктегi Әкемнiң еркiн орындаушылар Маған бауыр, қарындас, шеше iспеттi, — дедi.
Құдайдың хабарына құлақ салу —
1Сол күнi Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды.
2Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мiнiп, соған жайғасты, ал барша халық жағалауда тұрды.
3Иса оларға астарлы әңгiмелермен көп тәлiм берiп былай дедi:
— Бiр диқан тұқым себуге шығыпты.
4Ол сеуiп жүргенде дәндерiнiң кейбiреулерi жол бойына түсiп қалады. Құстар ұшып келiп, шоқып жеп қояды.
5Басқа тұқымдар тастақ жерге түседi. Олар топырағы жұқа болғандықтан тез көктеп шығады.
6Алайда күн шыққан соң күйiп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады.
7Тағы басқа дәндер тiкен арасына түседi. Тiкендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсiрмей тастайды.
8Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседi. Бұлардың бiразы жүз, басқалары алпыс, бiрқатары отыз еседен өнiм бередi.
9Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
10Шәкiрттерi Исаның қасына келiп:
— Жұртқа неге әңгiменi астарлап айтып тұрсыз? — деп сұрағанда
11Оның жауабы мынадай болды:
— Құдай өз Патшалығы туралы сырларды бiлудi оларға емес, сендерге ғана бұйырған.
12Өйткенi кiмде (рухани байлық) бар болса, соған тағы да берiлiп, онiкi асып-тасып кетедi. Ал кiмде жоқ болса, оның өзiмде бар дегенi де одан алынып қойылады.
13Мен бұларға астарлап айтамын, өйткенi олар көрiп тұрса да, шынымен көрмейдi, естiп тұрса да, шынымен естiмейдi де, түсiнбейдi де.
14Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрiздi сөздерi олардың өмiрiнде жүзеге асады:
Естисiңдер, бәрiбiр түсiнбейсiңдер, көресiңдер, бәрiбiр аңғармайсыңдар!
15Өйткенi осы халықтың жүректерi қасарысқан сезiмсiз, құлақтары керең, көздерi жұмылған. Әйтпесе олар көздерiмен көрiп, құлақтарымен естiп, жүректерiмен түсiнiп, терiс жолдарынан қайтар едi. Сонда Мен оларды сауықтырар едiм!
16Ал сендер бақыттысыңдар: көздерiң көрiп, құлақтарың естидi.
17Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар мен әдiл адамдар сендер көрiп жүрген нәрселердi көргiлерi келдi, бiрақ көре алмады, сендер естiп жүрген сөздердi естiгiлерi келдi, бiрақ ести алмады.
18Ендi тұқым сепкен диқан туралы әңгiменiң мағынасын тыңдаңдар:
19бiреу Патшалық туралы хабарды естiп, түсiнбесе, лезде әзәзiл шайтан келiп, сол адамның жүрегiне себiлген бұл сөздердi ұрлап алып кетедi. Жол бойына түскен тұқым — осы.
20Ал тастақ жерге себiлгенi мынаны көрсетедi: адам Iзгi хабарды естiген бойда оны қуанышпен қабылдайды,
21бiрақ тамыр жаймағандықтан берiк болмайды. Iзгi хабарға бола басына азап не қуғын түскенде дереу сенiмiнен безiп кетедi.
22Тiкен арасына себiлген дәндер болса, мынаны бiлдiредi: бiреу Iзгi хабарды естидi. Алайда бұ дүниелiк тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Iзгi хабар ескерусiз қалып, өнiм бермейдi.
23Ал құнарлы топыраққа себiлген тұқым болса, мынаны бейнелейдi: адам Iзгi хабарды тыңдап, түсiнiп, өнiмдi болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнiм бередi.
Құдай Патшалығының өсiп, өркендеуi туралы астарлы әңгiмелер
24Иса халыққа тағы басқа бiр астарлы әңгiменi айтып бердi: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бiр адам егiндiгiне жақсы тұқым себедi.
25Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келiп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетедi.
26Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгi арам шөп те өсiп шығады.
27Сонда қызметшiлерi егiн иесiне келiп:
— Мырза, жерiңiзге сепкенiңiз жақсы тұқым емес пе едi? Бидайық қайдан шықты? — деп сұрайды.
28Ол:
— Мұны iстеген дұшпан кiсi, — деп түсiндiредi.
— Ендеше бiздiң сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба?
29— Жоқ, — деп жауап бередi қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп бидайды бiрге жұлып тастарсыңдар.
30Орылғанша бiрге өсе берсiн. Ал орақ кезiнде егiн жинаушыларға: Өртеп жiберу үшiн алдымен арам шөптердi баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын».
31Иса халыққа тағы мына астарлы әңгiменi де айтып бердi: «Құдай Патшалығы бiр адамның егiстiгiне еккен қыша дәнiне ұқсас:
32қыша дәнi басқа тұқымдардан гөрi титтей болса да, өскенде барлық дәндi дақылдардан биiк болып шығып, ағашқа айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келiп, паналайды».
33Иса оларға астарлап келесi бiр әңгiменi де айтып бердi: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға қосып, араластырғанда аздаған ашытқы барлық қамырды ашытып, көтередi».
34Мұның бәрiн Иса халыққа астарлы әңгiмелермен айтты. Оларға еш нәрсенi де астарсыз уағыздамады.
35Осылай Тәңiрдiң пайғамбар арқылы мына айтқаны жүзеге асты: «Астарлы әңгiмелердi айтуға аузымды ашамын. Әлем жаратылғаннан берi жасырын болып келгендi паш етемiн».
36Бұдан кейiн Иса халықты таратып, үйге кiрдi. Қасына келген шәкiрттерi: «Егiндiктегi арам шөп туралы астарлы әңгiменi түсiндiрiңiзшi», — деп өтiнген соң,
37Иса оларға былай дедi: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеушi.
38Егiндiк — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзiлдiң адамдары.
39Сол арам шөптiң тұқымын шашқан дұшпан — шайтан, орақ кезi — ақыр заман, ал орушылар — перiштелер.
40Арам шөптердi жинап, өртеп жiберетiнi сияқты, ақыр заманда да солай болады:
41көктен келген Билеушi Өзiнiң перiштелерiн жiберiп, Патшалығындағы азғындық пен заңсыздық жасайтындардың бәрiн жинатып,
42жанып тұрған ошақ iспеттi тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады-ау!
43Ал әдiлдер көктегi Әкелерiнiң Патшалығында күн сәулесiндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Құдай Патшалығынан үлес алудың маңыздылығы туралы астарлы әңгiмелер
44«Құдай Патшалығын егiндiк жерге көмiлген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көмiп тастап, қуанғанынан өзiндегi барды түгел сатып жiберiп, соған әлгi егiндiктi сатып алады.
45Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бiр саудагер асыл iнжу-маржан iздеп жүрiп,
46аса құнды бiреуiн тауып алады. Сонда ол өзiнде бардың бәрiн түгел сатып, сол асыл iнжуге ие болады.
47Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлi балықтар түсетiн аумен де салыстыруға болады.
48Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды.
49Ақыр заманда да осылай болмақ: перiштелер келiп, жамандарды әдiлдерден ажыратып,
50жанып тұрған ошақ iспеттi тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады», — деп сөзiн аяқтаған
51Иса:
— Мұның бәрiн түсiндiңдер ме? — деп сұрады. Шәкiрттерi:
— Иә, түсiндiк, Мырза, — деп жауап бердi.
52Иса:
— Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлiм алып, Киелi жазбаларды оқытушы әрбiр ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесiн де шығарып отырған үй иесiне ұқсайды, — деп тұжырымдады.
Назареттiктердiң қиқарлығы және Жақия пайғамбардың шейiт болуы
53Иса осы астарлы әңгiмелердi айтып болғаннан кейiн сол жерден кетiп қалды.
54Өзiнiң өскен жерiне келiп, жұртқа мәжiлiсханада тәлiм бере бастады. Оған бәрi қатты таңданып, өзара былай дестi:
— Бұған мұндай даналық пен құдiрет қайдан бiткен?
55Өзi тек ағаш ұстасының баласы емес пе? Шешесiнiң аты Мәриям, ал iнiлерi Жақып, Жүсiп, Шимон, Яһуда.
56Қарындастарының бәрi де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрi Бұған қайдан бiткен?!
57Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Иса оларға:
— Өз ел-жұрты мен үй iшiнен өзге жерде пайғамбар қадiрсiз қалмас, — дедi.
58Олардың сенбеушiлiгiне бола Иса сол маңда көп кереметтер жасаған жоқ.
1Сол уақытта аймақ әкiмi Ирод Иса туралы хабарды естiп,
2нөкерлерiне: «Бұл шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия екен. Өлiмнен қайта тiрiлiптi, сол себептен де сондай құдiреттi iстер жасайды», — дедi.
3Өйткенi Ирод туған бауыры Фiлiптiң әйелi Иродияға бола Жақия пайғамбарды ұстатып, байлатып, түрмеге жаптырған едi.
4Себебi Жақия: «Туған бауырыңыздың әйелiн тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп, Иродтың күнәсын әшкерелеген болатын.
5Содан Ирод Жақияны өлтiргiсi келдi, бiрақ оны пайғамбар деп қадiрлейтiн халықтан қорықты.
6Бiрде Ирод өзiнiң туған күнiн тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды.
7Ирод оған не сұраса да сыйлауға уәде бердi.
8Қыз шешесiнiң айтып үйретуi бойынша оған: «Шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етiңiз!» — дедi.
9Патша еңсесi түсiп қапаланды, алайда бiрге отырған қонақтарының алдында ант бергендiктен қыздың өтiнiшiн орындауға бұйырды.
10Бiреудi түрмеге жiберiп, Жақияның басын шаптырды.
11Бас табаққа салынып, қызға әкелiндi, қыз оны шешесiне апарып бердi.
12Кейiн Жақияның шәкiрттерi келiп, сүйегiн алып кетiп, қабiрге қойды. Содан Исаға барып, болған жайды жеткiздi.
Мәсiхтiң бес мыңнан астам адамды тамақтандыруы
13Мұны естiгеннен кейiн Иса оңаша болу үшiн қайықпен елсiз бiр жерге жөнелдi. Ал бұл туралы бiлiп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяулап соңынан iлестi.
14Иса қайықтан түскенде жиналған үлкен тобырды көрдi. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды.
15Кеш түсе шәкiрттерi Ұстазының қасына келiп:
— Бұл құлазыған айдала, ал күн кеш болып кеттi! Халықты таратып жiберiңiз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
16Бiрақ Иса:
— Кетулерi қажет емес, оларға тамақты сендер берiңдер! — деп жауап қатты.
17— Бiзде тек қана бес күлше нан мен екi кепкен балық бар. — Иса:
18— Соларды Маған алып келiңдер!— деп,
19халыққа көгалдың үстiне жайғасып отыруды бұйырды. Бес күлше мен екi балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкiршiлiк еттi. Нанды үзiп-үзiп, шәкiрттерiне бере бердi, ал олар халыққа үлестiрдi.
20Барлығы да жеп тойды.
Соңында нан үзiмдерi мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екi себет толды.
21Ал балалар мен әйелдердi есептемегеннiң өзiнде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай едi.
Мәсiхтiң су бетiмен жүрiп, Петiрдiң де солай iстеуге тырысуы
22Көп кешiкпей Иса Өзi халықты таратып жiбермек болып, шәкiрттерiне қайыққа мiнiп, Өзiнен бұрын көлдiң солтүстiк жағасына өтуге бұйырды.
23Жұртты қайтарған соң оңашада сиынып мiнажат ету үшiн бiр төбенiң басына шықты.
Кеш түскенде Иса әлi де сол жерде жалғыз тұрды.
24Ал қайық жағадан бiрталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады.
25Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкiрттерiне көл бетiмен жақындап келдi.
26Оның көл үстiнде жаяу жүргенiн байқап қалып, шәкiрттерiнiң зәрелерi ұшып: «Елес екен!» — деп қатты қорқып, айқайлап жiбердi.
27Иса оларға дереу тiл қатып:
— Қорықпаңдар, бұл Менмiн ғой! Үрейлерiң ұшпасын! — деп көңiлдерiн орнықтырды.
28Петiр:
— Мырза, егер Өзiңiз болсаңыз, онда маған су бетiмен қасыңызға баруға бұйырыңыз, — деп жауап бердi. Иса:
29— Кел! — дегенде, Петiр қайықтан шығып, су үстiмен Исаға қарай беттедi.
30Бiрақ қатты соққан желдi байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да:
— Мырза, менi құтқара көрiңiз! — деп айқайлап жiбердi.
31Иса дереу қолын созып, демеп жiберiп:
— Әй, сенiмi аз неме! Нелiктен (Менiң құдiретiме) күдiктендiң? — дедi.
32Екеуi қайыққа мiнгенде жел де басылды.
33Сонда қайықтағылар:
— Сiз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иiлiп тағзым еттi.
Құдайдың еркi және ата-бабалардан жеткен әдет-ғұрып
34Сонымен олар көлден өтiп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жеттi.
35Сол жердiң тұрғындары Исаны танып қалып, бүкiл төңiрекке кiсi жiберiп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келдi.
36Ең болмаса шапанының шетiне қол тигiзуге рұқсат етуiн сұрады. Қол тигiзгендердiң бәрi де сауығып кетiп жатты!
1Сол кезде Иерусалимнен дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар келiп, Исаға мына сұрақты қойды:
2— Шәкiрттерiңiз неге ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлердi бұзады? Олар қол жуу рәсiмiн орындамай-ақ тамақтанады екен! —
3Исаның жауабы мынау болды:
— Ал сендер неге өз дәстүрлерiңе бола Құдайдың өсиеттерiн бұзасыңдар?!
4Құдай: «Ата-анаңды сыйла!» және «Кiм әкесiн не шешесiн жамандаса, сол өлтiрiлсiн!» деп бұйырған едi ғой.
5-6 Бiрақ сендер: «Бiреу әкесiне не шешесiне: менен көрмек игiлiктерiңiздi Құдай жолына бағыштадым десе, онда ол әке-шешесiн сыйлап, парызын орындауға мiндеттi емес» деп үйретесiңдер. Осылайша өз дәстүрлерiңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар!
7Екi жүздiлер! Сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен:
8«Бұл халық Менi тек аузымен сыйлайды, ал жүректерi Менен тым алшақ.
9Адам баласы шығарған ережелердi үйретiп, Менi құр босқа құрметтегенсидi!»
10Иса жұртты қасына шақырып алып, оларға былай дедi:
— Құлақ салып, жақсылап ұғып алыңдар!
11Адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керiсiнше, аузынан шыққандары адамды арамдайды.
12Кейiнiрек Исаға шәкiрттерi келiп:
— Парызшылдардың осы айтқандарыңызға өкпелеп қалғанын байқадыңыз ба? — деп сұрады.
13Иса оларға:
— Көктегi Әкем екпеген әр өсiмдiк түбiрiмен жұлынып тасталмақ!
14Оларды қойыңдар, өздерi — соқырлардың соқыр жетекшiлерi! Ал соқырды соқыр жетелесе, екеуi де орға құлап түсер, — дедi.
15Сонда Петiр:
— Алдыңғы астарлап айтқандарыңызды түсiндiрiп берiңiзшi, — деп өтiндi.
16— Сендер де әлi түсiнбей тұрсыңдар ма? — деп жауап бердi Иса.
17— Адамның аузы арқылы енген барлық тағамдар тек асқазанға жетiп, кейiн денеден шығып кететiнiн ұқпайсыңдар ма?
18Бiрақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегiнен, яки iшкi дүниесiнен шығады. Адамды арамдайтын, мiне, солар!
19Себебi жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кiсi өлтiру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтiрiк, жамандау.
20Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсiмiн орындамастан тамақ iшу ешкiмдi арам қылмайды.
Шетелдiк әйелдiң Мәсiхке деген ғаламат сенiмi
21Иса сол жерден кетiп, Тир мен Сидон аймағына барды.
22Бұл өңiрден шыққан бiр қанахандық әйел Оған: «Тақсыр, Дәуiттiң Ұрпағы, рақым етiңiз! Қызымды жын соғып, қатты қинап жатыр!» — деп айқайлады.
23Бiрақ Иса оған бiр сөз де айтпады. Сонда шәкiрттерi Ұстазына келiп:
— Мынаның тiлегiн орындап, жiбере салыңыз. Ол соңымыздан қалмастан айқайлап келедi, — деп өтiндi.
24Ал Иса:
— Мен тек адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқына ғана жiберiлгенмiн, — дедi.
25Әйел Оның алдына келiп, иiлiп тағзым етiп:
— Тақсыр, маған көмектесе көрiңiз! — деп жалынғанда,
26Иса оған:
— «Балалардың нанын алып қойып, үй күшiктерiне тастау дұрыс емес», — дедi. Әйел:
27— Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшiктерi» де иелерiнiң дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенедi ғой, — деп жауап бердi.
28Иса:
— Замандас, сенiмiң ғаламат зор екен! Тiлегенiң болсын! — дедi. Сол сәтте-ақ оның қызы сауығып кеттi.
Мәсiхтiң көптеген шетелдiктердi сауықтырып, тамақтандыруы
29Иса сол жерден кетiп, Ғалилея көлiнiң бойымен жүрдi. Бiр төбенiң басына шығып, отырды.
30Қасына қарақұрым халық жиналып, сал болғандар, соқырлар, мылқаулар, мүгедектер және басқа да көптеген ауру-сырқауларды алып келiп, Оның алдына жайғастырды. Иса оларды сауықтырып жiбердi.
31Жұрт мылқаулардың сөйлегенiн, мүгедектердiң сауыққанын, сал болғандардың жүргенiн және соқырлардың көздерiнiң ашылғанын көргенде Исраилдiң сиынатын Құдайын мадақтап дәрiптедi.
32Кейiнiрек Иса шәкiрттерiн қасына шақырып:
— Халыққа жаным ашиды. Мiне, үш күннен берi қасымда болып, жейтiн азықтары қалмады. Оларды аш күйлерiнде қайтарып жiбергiм келмейдi — жолшыбай әлсiреп, құлап қалар, — дедi.
33Шәкiрттерi:
— Осы құлазыған айдалада соншама көп халықты тамақтандыруға жететiн нанды қайдан табамыз? — деп жауап бердi. Иса:
34— Қанша нандарың бар? — деп сұрағанда олар:
— Жетi күлше мен бiрнеше кепкен ұсақ балық қана, — дедi.
35Сонда Иса жұртқа жерге жайғасуға бұйырды.
36Жетi күлше мен балықтарды қолына алып, шүкiршiлiк еттi де, үзiп-үзiп шәкiрттерiне бере бердi. Олар халыққа үлестiрдi.
37Бәрi де тамақтанып, тойып алды.
Соңынан қалдықтарды жинап алғанда жетi үлкен себет толды.
38Әйелдер мен балаларды есептемегеннiң өзiнде төрт мың ер адам тамақтанған болатын.
39Халықты таратып жiберiп, Иса қайыққа мiнiп, Мағдала қаласының маңына кеттi.
Дiндарлардың екiжүздiлiгiнен сақтандыру
1Сол жердегi парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келдi. Оның билiгiн сынау үшiн көктiң құдiретiмен бiр керемет көрсетуiн сұрады.
2Иса оларға жауап берiп:
— Сендер кеште «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар,
3ал таңертең «Бүгiн дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрi бұлыңғыр екен» дейсiңдер. Аспанның құбылыстарын түсiне бiлгенмен, қазiргi заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар!
4Жаман, опасыз ұрпақ керемет көрсетуiмдi талап етедi. Бiрақ оған Жүнiс пайғамбардың кереметiнен басқасы көрсетiлмейдi! — дедi де, оларды тастап, сол жерден кетiп қалды.
5Иса шәкiрттерiмен көлдiң ар жағына өттi. Олар нан ала келудi ұмытып кеткен едi.
6Иса шәкiрттерiне:
— Парызшылдар мен саддукейлердiң «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — дедi.
7Олар өзара пiкiрлесiп:
— Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — дестi.
8Оларын бiле қойған Иса:
— Сенiмi аздар, сендер нанымыз жоқ деп неге пiкiрлесiп отырсыңдар?
9Жасағандарымды әлi күнге дейiн не түсiнбей, не ескермей келесiңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетiп, қалдықтардан неше себет жинап едiңдер?
10Әрi жетi күлше төрт мың адамға жетiп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды?
11Менiң сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердiң ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенiмде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? — дедi.
12Сонда шәкiрттерi Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердiң жалған тәлiмдерiнен сақтандырғанын түсiндi.
Иса шын мәнiсiнде кiм?
13Иса Фiлiп-Кесариясы қаласының маңына келгенде, шәкiрттерiне:
— Көктен келген Билеушiнi жұрт кiм деп жүр? — деген сұрақ қойды.
14Олар:
— Бiреулерi Сiздi шомылдыру рәсiмiн жасаған Жақия, ал басқалары Iлияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгi пайғамбарлардың өзге бiреуi деп жүр, — дедi. Сонда Иса:
15— Ал сендер Менi кiм дейсiңдер? — деп сұрады.
16Шимон Петiр:
— Сiз Мәсiхсiз, мәңгi тiрi Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп жауап бердi.
17Иса оған:
— Сен бақыттысың, Жүнiс ұлы Шимон, саған мұны адам баласы емес, көктегi Әкем бiлдiрдi!
18Бұдан былай сенiң атың Петiр («Тас») болады. Сол iргетастың үстiне Мен Өзiме сенушiлердiң қауымын саламын. Оны тiптi өлiмнiң күштерi де жеңе алмайтын болады.
19Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кiлттердi тапсырамын; жер бетiнде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткенiңдi де көктегi Әкем бекiтпек, — дедi.
20Содан кейiн Иса Өзiнiң Мәсiх екенi туралы ешкiмге тiс жармауды шәкiрттерiне қатты ескерттi.
21Сол кезден бастап Иса Өзiнiң Иерусалимге баруға тиiстi екенiн ашық бiлдiре бастады:
— Ол жерде Мен рубасылар, басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерiнен көп азап шегуге тиiспiн: Менiң өлтiрiлуiм, бiрақ содан кейiнгi үшiншi күнi қайтадан тiрiлуiм де қажет! — дедi.
22Сонда Петiр Оны жеке былайырақ алып шығып:
— Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесiн! — деп қарсылық бiлдiре бастады.
23Иса Петiрге бұрылып:
— Менен аулақ кет, әзәзiл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды.
24Бұдан кейiн Иса шәкiрттерiне мынаны айтты:
— Маған ерiп шәкiртiм болғысы келген әркiм өз еркi бойынша өмiр сүруiн қойсын, әрi айқышын арқалаған кiсiдей азапты өлiмге дайын болып Менiң жолыммен жүрсiн!
25Себебi кiм өмiрiмдi сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмiрiн Мен үшiн қиған әркiм оған (мәңгi) иелiк етедi.
26Адам бүкiл дүниеге ие болып, сол себептi өмiрiнен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмiрiн құтқару үшiн қандай құн төлей алады?
27Себебi Мен перiштелерiмдi ертiп Әкемнiң салтанатты ұлылығымен Билеушi ретiнде көктен қайтып келген кезiмде әркiмге iсiне қарай сыйын беремiн.
28Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбiреулерiң Менiң Құдай тағайындаған Билеушi ретiнде Патшалығымның салтанатымен келуiмдi өз көздерiңмен көрмей, өлмейсiңдер.
Мәсiхтiң Патшалық салтанатымен үш елшiсiне көрiнуi
1Иса осыдан алты күннен кейiн Петiр, Жақып пен оның iнiсi Жоханды ертiп алып, бiр биiк таудың басына оңаша шықты.
2Сонда Оның сыртқы түрi үш елшiсiнiң көз алдарында өзгерiске түстi: бет-әлпетi күндей жарқырап, киiмi нұрланып аппақ сәуле шашты.
3Мiне, (ежелде өмiр сүрген) Мұса пайғамбар мен Iлияс пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесiп тұр.
4Сол кезде Петiр Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Бiреуiн Сiзге, бiреуiн Мұсаға, бiреуiн Iлиясқа арнап үш күрке құрайық», — деп тiл қатты.
5Ол әлi де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бiр нұрлы бұлт оларға көлеңкесiн түсiрiп, бұлт iшiнен: «Бұл — Менiң сүйiктi рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
6Мұны естiген шәкiрттер қатты үрейленiп, етпеттерiнен жерге құлай кеттi.
7Бiрақ Иса қастарына келiп, қолын тигiзiп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңiлдерiн орнықтырды.
8Олар бастарын көтерiп, көздерiн ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкiмдi көрмедi.
9Таудан түсiп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеушi өлiмнен қайта тiрiлгенше бұл көргендерiң туралы ешкiмге тiс жармаңдар!» — деп тыйым салды.
10Кейiнiрек шәкiрттерi Оған:
— Сонда дiн мұғалiмдерiнiң «алдымен Iлияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиiс» деулерi қалай? — деген сұрақ қойды.
11Иса:
— Iлиястың қайтып келiп, бәрiн қалпына келтiретiнi рас.
12Бiрақ сендерге айтайын: Iлияс келген де едi. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерiн iстедi. Көктен келген Билеушi де солай олардың қолдарынан азап шегетiн болады, — деп жауап бердi.
13Сонда шәкiрттерi Оның шомылдыру рәсiмiн орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсiндi.
Мәсiхтiң жын азаптаған баланы сауықтыруы
14Иса үш елшiсiмен жиналған тобырға таяп келдi. Бiр адам Оның қасына жақындап, тiзесiн бүгiп тағзым етiп, былай деп өтiндi:
15— Мырза, менiң ұлымды аяй көрiңiз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегедi. Жиi-жиi отқа да, суға да құлайды.
16Ұлымды шәкiрттерiңiзге әкелген едiм, бiрақ оны сауықтыру қолдарынан келмедi.
17Сонда Иса:
— Ей, сенбейтiн, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын? Қанша уақыт сендерге төзбекпiн? Кәне, әкелiңдер оны Маған! — дедi де,
18жынға қатаң бұйрық бердi. Жын баланың денесiнен шығып, сол сәттен бастап ол сауығып кеттi.
19Кейiнiрек шәкiрттерi оңашада қасына келiп:
— Нелiктен бiз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрағанда,
20Иса былай дедi:
— Сенiмдерiңнiң жеткiлiксiздiгiнен. Сендерге маңызды шындықты айтайын: тарының түйiрiндей ғана сенiмдерiң болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшедi. Қолдарыңнан келмейтiн ештеңе де болмайды.
21(Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мiнажат етiп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.)
22Олар Ғалилеяда жүрген кезде Иса (өз басынан өткiзетiндерi туралы) былай дедi: «Көктен келген Билеушiнi адамдардың қолына ұстап бередi.
23Оны өлтiредi, бiрақ үшiншi күнi Ол қайта тiрiледi». — Сонда шәкiрттерiнiң еңселерi түсiп қатты қапаланды.
Ғибадатхана садақасы және Құдайдың қамқорлығы
24Олар Қапарнаумға келгенде ғибадатхана үшiн садақа ақшасын жинайтындар Петiрге келiп:
— Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол:
25— Иә, төлейдi, — дедi. Петiр үйге кiрген соң, Иса оның алдын орап:
— Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелiк патшалар алым-салықты кiмнен жинайды — өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе? — деген сұрақ қойды.
26— Бөтендерден.
— Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса.
27— Алайда әлгi садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшiн көлге барып, қармақ таста. Iлiнген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бiр үлкен күмiс теңгенi табасың. Соны алып, оларға екеуiмiз үшiн бере сал.
Басқаларды азғырмауды ескерту
1Сол уақытта шәкiрттерi Исаның қасына келiп:
— Құдай Патшалығында кiмнiң жолы ең үлкен? — деген сұрақ қойды.
2Иса бiр кiшкентай баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, былай дедi:
3— Сендерге шындығын айтайын: терiс пiкiрлерiңнен қайтып, бала сияқты (кiшi пейiл) болмасаңдар, Құдай Патшалығына еш кiре алмайсыңдар!
4Кiм өзiн осы сәби сияқты кiшi тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен.
5Кiм Менiң атымнан осындай бiр сәбидi қабылдаса, соның Менi де қабылдағаны.
6Ал кiм Маған сенетiн осы кiшкенелердiң бiреуiн терiс жолға түсiрсе, сол адам үшiн мойнына диiрменнiң тасы байланып, теңiздiң тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар едi-ау!*
7Осы күнәкар дүние адамдарды терiс жолға азғырғаны үшiн қасiретке ұшырайды! Азғыратын жағдайлардың болатыны сөзсiз, бiрақ азғыру кiмнен шықса, сол қасiретке қалады! —
8(Иса сөзiн жалғастырып, астарлап былай дедi:) — Егер сенi өз қолың не аяғың (сияқты өте қажеттi нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшiн шауып, лақтырып тасталғандай жоқ болсын! Екi қол, екi аяқпен мәңгiлiк тозақ отына түскеннен гөрi сыңар қол-аяқпен мәңгiлiк өмiрдi иемденгенiң саған артық болар едi.*
9Егер де сенi «көзiң» (секiлдi өте құнды нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшiн ойып, лақтырып тасталғандай жоқ болсын! Екi көзiңмен тозақ отына түскеннен гөрi сыңар көзбен мәңгiлiк өмiрдi иемденгенiң саған артық болар едi.*
10Сақ болыңдар, осы кiшкенелердiң бiрде-бiреуiн менсiнбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын, олардың перiштелерi көктегi Әкемнiң келбетiн әрдайым көрiп тұрады.
11(Мен, Құдай тағайындаған Билеушi, тура жолдан адасып кеткендердi құтқаруға көктен келдiм.)
12Қалай қарайсыңдар: егер бiреудiң жүз қойы болып, солардың бiрi адасып кетсе, ол тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, адасып кеткенiн iздеп шықпай ма?
13Сендерге шындығын айтайын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрi, табылған оған көбiрек қуанады!
14Дәл сол сияқты, көктегi Әкелерiң де осы кiшкенелердiң ешқайсысының адасып, тозаққа түсуiн қаламайды!
15Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, iстегенi туралы оңаша сөйлесiп, әшкереле! Егерде айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның.
16Ал егер тыңдамаса, қасыңа бiр-екi кiсi ертiп алып, оған тағы бар. «Әрбiр сөз екi не үш куәгердiң айтқандарымен дәлелденуi керек» делiнген.
17Егерде оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушiлер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не салық жинайтын күнәкарға қарағандай қара.
18Сендерге маңызды шындықты айтамын: жер бетiнде тыйым салғандарыңды да, рұқсат еткендерiңдi де көктегi Әкем бекiтпек.
19Мына бiр маңызды шындықты да айтайын: жер бетiнде екеуiң келiсiп, қай нәрсенi болса да көктегi Әкемнен сұрасаңдар, Ол соны бермек.
20Өйткенi екi-үш адам Менiң атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын.
Кешiрiмнiң шегi бар ма?
21Сонда Петiр Исаның қасына жақындап:
— Ием, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешiруiм керек? Жетi ретке дейiн бе? — деп сұрады.
22Иса:
— Жетi емес, жетi қайтара жетпiс ретке дейiн, — деп жауап бердi.
23— Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: бiр патша қызметкерлерiнен есеп алмақшы едi.
24Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күмiске борышты қызметкерiн алып келедi.
25Қарызын төлейтiн ештеңесi болмағандықтан, патша оның өзiн, әйелiн, бала-шағасы мен мал-мүлкiн түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады.
26Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көрiңiз, мен бәрiн де төлеймiн!» деп жалынады.
27Қызметкерiне жаны ашыған патша оны босатып, қарызын кешiредi.
28Алайда қызметкер далаға шыққанда өзiне жүз-ақ күмiс теңгеге борышты бiр қызметтес жолдасын кездестiрiп, оны алқымынан алып, қылғындыра бастайды: «Дәл қазiр маған берешегiңдi қайтар!» деп талап етедi.
29Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрiн де төлеймiн!» деп жалынады.
30Бiрақ ол күткiсi келмей, әлгiнi қарызын төлегенше түрмеге жапқызады.
31Мұны көрген жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып бередi.
32Сонда патша сол қызметкерiн шақырып алып: «Әй, оңбаған қызметшi! Сен өтiнгендiктен мен қарызыңды түгелдей кешiрдiм ғой!
33Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешiруге тиiс емес пе едiң?!» дейдi.
34Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады.
35Мiне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешiрмесеңдер, көктегi Әкем әрқайсыларыңа да солай iстемек!
Отбасы туралы тәлiм
1Иса осы айтқандарын тамамдаған соң Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына, Иордан өзенiнiң шығыс бетiне барды.
2Соңынан халық көптеп ерiп, Иса оларды сол жерде сауықтырды.
3Бiрнеше парызшыл адам қасына келiп, Исаны сынап:
— Кез келген себептен әйелiнен ажырасуға бола ма? — деген сұрақ қойды.
4Оның жауабы мынау болды:
— Сендер Жаратқан Иенiң әуел бастан-ақ «адамды бiрiн еркек, бiрiн әйел қылып» жаратқанын оқымап па едiңдер?
5Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесiн тастап, әйелiне қосылады, сөйтiп екеуi бiртұтас болады».
6Осылайша олар ендi екеу емес, бiртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!
7— Парызшылдар қарсылық бiлдiрiп:
— Олай болса, күйеуi арнайы куәлiк қағазын жазып берсе, әйелiнен ажырасуына болады деген ереженi Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? — дедi.
8Иса оларға былай деп жауап қатты:
— Мұса жүректерiңнiң Құдайдың еркiне мойынсұнбай қасарысқандығына бола әйелдерiңнен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған едi.
9Сендерге айтамын: кiм жеңiл жүрiске түспеген әйелiнен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуiнен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.)
10Сонда шәкiрттерi:
— Егер еркектiң әйелiнiң алдындағы мiндетi осындай болса, онда үйленбеген артық, — дедi. Иса:
11— Бұл айтқандарымды жұрттың бәрi емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады.
12Себебi үйлене алмайтын түрлi адамдар бар: кейбiреулерi некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кiсiлер сондай еткен, ал тағы бiреулерi Құдай Патшалығына көбiрек қызмет ету үшiн некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзiн қорытты.
13Қолын үстiне қойып мiнажат етiп бата берсiн деп, жұрт Исаға балаларын алып келдi. Бiрақ шәкiрттерi оларға тыйым салды.
14Ал Иса: «Балалардың Маған келуiне жол берiңдер, оларға кедергi жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшiн»,* — дедi.
15Балаларға бата берген соң, Иса сол жерден кетiп қалды.
Байлықтың қаупi және Мәсiхтiң азапты жолындағы игiлiктер
16Сол кезде бiреу Исаға келiп:
— Iзгi Ұстаз! Мәңгiлiк өмiрге ие болу үшiн қандай игi iстер iстеуiм керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған:
17— Менен неге игiлiк туралы сұрайсың? Нағыз игiлiктi — Бiреу-ақ. Мәңгiлiк өмiрге ие болу үшiн Оның өсиеттерiн орындайтын бол! — деп жауап бердi. Әлгi кiсi:
18— Қайсыларын? — деп сұрады.
— «Кiсi өлтiрме, неке адалдығын бұзба, ұрлық жасама, өтiрiк айтпа,
19ата-анаңды сыйла!» және «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — дедi Иса.
20Жiгiт:
— Бұлардың бәрiн де (жастайымнан) орындап келемiн. Маған тағы не нәрсе жетiспейдi? — дегенде,
21Иса оған былай жауап бердi:
— Егер мүлтiксiз болғың келсе, барып, мал-мүлкiңдi сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестiрiп бер, сонда сенiң қазынаң көкте болады. Өзiң қайтып келiп, шәкiртiм болып соңымнан ер!
22Бұларды естiген жiгiт еңсесi түсiп, қапаланып кетiп қалды. Себебi ол аса дәулеттi болатын.
23Иса шәкiрттерiне қарап былай дедi:
— Сендерге шындығын айтайын: байлардың Құдай Патшалығына кiруi тым қиын!
24Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кiруiнен гөрi түйенiң ине көзiнен өтуi оңай.
25Мұны естiген шәкiрттерi қатты таңғалып:
— Ендеше кiм (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады? — деген сауал қойды.
26Иса:
— Бұл адам қолынан келмегенмен, Құдайдың қолынан бәрi де келедi, — деп жауап бердi.
27Петiр:
— Мiне, бiз барлығын тастап, Сiздiң соңыңыздан ерiп жүрмiз. Сол үшiн бiздi не күтiп тұр? — деп сұрады.
28Сонда Иса:
— Сендерге шындығын айтайын: әлем жаңарып, Мен Билеушi ретiнде көктен қайтып келiп, салтанатты тағымда отырған кезде сендер де он екi тақта отырып, Исраилдiң он екi руына билiк жүргiзетiн боласыңдар.
29Менiң атыма бола үй-жайы, туған бауырлары,* әке-шешесi, бала-шағасы не жер-суынан ажыраған әркiмге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрi мәңгiлiк өмiр де сыйланады. әке-шешесi, бала-шағасы не жер-суынан ажыраған әркiмге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрi мәңгiлiк өмiр де сыйланады.**
30Сол кезде көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады, — дедi.
Жұмысшылардың жалақысы туралы астарлы әңгiме
1Иса сөзiн жалғастырып былай дедi: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бiр қожайын таң сәрiде жүзiм бағына жұмысшы жалдау үшiн үйiнен шығыпты.
2Жұмысшылармен күнiне бiр күмiс теңгеден төлейтiн болып келiсiп, оларды жүзiмдiгiне жiбередi.
3Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйiнен шығып, базардан әлi де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде
4-5 оларға:
— Сендер де жүзiмдiгiме барыңдар! Тиiстi ақыларыңды төлеймiн, — дейдi.
Олар да сонда кетедi. Қожайын түскi сағат он екi және үш шамасында да солай iстейдi.
6Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бiрнеше адамды көредi.
— Нелiктен сендер күнi бойы бос тұрсыңдар?
7— Бiздi ешкiм жалдаған жоқ.
— Онда сендер де жүзiмдiгiме барыңдар! — дейдi қожайын.
8Кешке ол шаруашылығын басқарушысына:
— Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады.
9Сонда сағат бесте жалданғандар келiп, бiр күмiс теңгеден алады.
10Алғашқы болып келгендер көбiрек алармыз деп үмiттенгенмен, оларға да бiр-ақ күмiс теңгеден тиедi.
11Соны алған олар қожайынға өкпелеп:
12— Соңғылар бiр сағат қана жұмыс iстесе, бiз осындай ыстықта күнi бойы жұмыс iстедiк. Дегенмен сiз бәрiмiзге бiрдей ақы төледiңiз! — деп күңкiлдейдi.
13Қожайын бiреуiне жауап қайтарып:
— Достым, саған әдiлетсiздiк жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бiр күмiс теңгеге келiспеп пе едiк?!
14Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеудi өзiм қалап тұрмын.
15Әлде менiң меншiгiмдi өз қалауымша жұмсауға еркiм жоқ па? Яки оларға мырзалық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейдi.
16Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!
Мәсiхтiң iзгi мақсаты
17Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екi шәкiртiн бөлек шақырып алып, оларға Өз басынан өткiзетiндерi туралы былай дедi:
18«Ендi Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушiнi басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерiне сатып кетедi. Олар Оны өлiмге кесiп,
19Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап бередi. Солар Оны мазақ етiп, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтiредi. Алайда Ол үшiншi күнi қайта тiрiледi!»
20Сол уақытта Зебедейдiң әйелi ұлдарын ертiп Исаның қасына келiп, бiр өтiнiшiн бiлдiрмек болып Оған тiзе бүгiп тағзым еттi. Иса:
21— Сiз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел:
— Патшалығыңызда осы екi ұлымның бiреуiне оң, екiншiсiне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тiлек бiлдiрдi.
22Алайда Иса жауап берiп:
— Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан iшпекпiн». Ал сендер солай iстей аласыңдар ма? — дедi. Екi шәкiрт:
— Иә, iстей аламыз, — дегенде, Иса:
23— Мен iшетiн «тостағаннан» сендер де iшетiн боласыңдар. Бiрақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менiң қолымда емес. Көктегi Әкем кiмге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзiн аяқтады.
24Қалған он елшi мұны естiгенде екi ағайынды жiгiтке қатты наразы болды.
25Иса оларды шақырып алып, былай дедi:
— Билеушiлерi қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелерi де соларға қатаң әмiр жүргiзедi, соны бiлесiңдер.
26Бiрақ сендердiң араларыңда ондай болмасын! Керiсiнше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелерiңе қызмет ете берсiн,
27қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл iспеттi қызмет ете берсiн!
28Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеушi бола тұра Өзiме қызмет еткiзуге емес, Өзiм қызмет етiп, көптеген адамдардың азаттық төлемiн өтеу үшiн жанымды қиюға осы дүниеге келдiм.
Екi зағиптың көздерiнiң ашылып, Мәсiхке еруi
29Иса шәкiрттерiмен Иерихон қаласынан шыққанда Оның соңынан халықтың үлкен тобы iлестi.
30Сонда жол жиегiнде отырған екi зағип кiсi қастарынан Исаның өтiп бара жатқанын естiп: «Тақсыр, Дәуiттiң Ұрпағы, бiзге рақым ете көрiңiз!» — деп айқайлады.
31Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бiрақ екеуi одан бетер айқайлап: «Дәуiттiң Ұрпағы, бiзге рақым ете көрiңiз!» — деп жалбарынды.
32Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып:
— Өздерiңе не iстегенiмдi қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:
33— Тақсыр, көзiмiздi аша көрiңiз! — деп өтiндi.
34Иса оларға жаны ашып, көздерiне қолын тигiздi. Сол шақта-ақ көздерi ашылып, көретiн болды! Содан олар Исаға ерiп жүрдi.
Мәсiхтiң елдiң астанасына салтанатпен кiрiп, ғибадатхананы арамдықтан тазартуы
1Олар Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейiндегi Бетфаге ауылына жақындап келдi. Сонда Иса екi шәкiртiн жұмсап,
2мынадай тапсырма бердi:
— Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кiрген бойда байлаулы тұрған бiр ұрғашы есек пен оның тайқарын көресiңдер. Соларды шешiп, алып келiңдер.
3Егер қайсыбiреу сендерге бiрдеңе дей қалса, оған: «Бұлар Мырзамызға керек» деп жауап берiңдер. Сонда ол дереу жiбере салады.
4Осының бәрi орындалғанда (ежелде Зәкәрия) пайғамбар айтқан мына тәрiздi сөздерi жүзеге асты:
5«Сион халқына мынаны айтыңдар: Мiне, өз патшаң саған келе жатыр! Кiшi пейiлдiлiкпен есекке мiнiп алып, тайқардың — жүк таситын бiр жас көлiктiң үстiнде отыр».
6Екi шәкiрт барып, Исаның тапсырғанындай iстеп,
7ұрғашы есек пен оның тайқарын алып келдi. Олар үстiне шапандарын жапқаннан кейiн Иса тайқарға мiндi.
8Халықтың көбi жамылғыларын жолға жайса, өзгелерi ағаштардан бұтақшалар кесiп алып, соларды төсеп отырды.
9Алды-артынан ерiп жүрген қалың тобыр қатты дауыспен былай деп айқай салды:
«Дәуiттiң Ұрпағы үшiн Тәңiр мадақталсын!»
«Жаратқан Иенiң атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!»
«Заңғар көкте де Тәңiр мадақталсын!»
10Иса Иерусалимге кiрген кезде қала түгелдей толқып:
— Бұл кiм Өзi? — деп сұрасты.
11Оған ерген тобыр:
— Бұл — Иса, Ғалилеядағы Назареттен шыққан пайғамбар! — деп жауап қайырды.
12Иса ғибадатхананың алаңына кiрiп, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрiн де қуып шығарып, ақша айырбастаушылардың үстелдерi мен көгершiн сатушылардың орындықтарын аударып тастап,
13оларға:
— «Менiң үйiм мiнажат ететiн үй деп аталсын!» деп Киелi жазбада айтылған. Бiрақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар! — дедi.
14Соқырлар мен ақсақтар ғибадатханада Оның қасына жиналып, Иса оларды сауықтырды.
15Алайда басты дiни қызметкерлер мен дiн мұғалiмдерi Исаның жасаған тамаша iстерiн және ғибадатхана алаңында балалардың «Дәуiттiң Ұрпағы үшiн Тәңiр мадақталсын!» — деп айқайлағанын көргенде ашуланып,
16Оған:
— Олардың не деп жатқандарын естiп тұрсыз ба? — деп шағым айтты. Ал Иса:
— Иә, естiп тұрмын. «Балалардың, тiптi кiшкентай нәрестелердiң ауыздарымен Өзiңе мадақтау айтқызасың» деп жазылғанды ешқашан оқымап па едiңiздер? — деп жауап қайтарды.
17Сонымен Иса ғибадатханадағы халықты сол жерде қалдырып, қаладан шығып, Бетанияда түнедi.
18Ертеңгiсiн қалаға қайтып келе жатқанда Исаның қарны ашты.
19Жол бойында бiр iнжiр ағашын көрiп, қасына барды. Бiрақ одан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгi ешқандай жемiсiң болмасын!» — дедi. Iнжiр ағашы бiрден қурап, семiп қалды.
20Мұны көрген шәкiрттерi қайран қалып:
— Ағаш қалайша бiрден қурап қалды? — деп сұрасты.
21Иса:
— Сендерге маңызды шындықты айтайын: егер еш күмәнсыз Құдайға сенсеңдер, Менiң осы ағашқа iстегенiмнен де зор нәрсенi iстейтiн боласыңдар. Мына тауға: «Орныңнан көтерiлiп, теңiзге лақтырыл!» — десеңдер, сол орындалады.
22Құдайға сенiммен сиынып (Оның еркiне сай) ненi сұрасаңдар да, Одан аласыңдар, — деп жауап бердi.
Екi жүздi ел басшыларының Мәсiхтiң билiгiн мойындамауы
23Иса ғибадатханаға кiрдi. Жұртқа тағылым берiп жатқан Оның қасына елдiң басты дiни қызметкерлерi мен рубасылары жақындап:
— Бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүрсiз? Сiзге мұндай билiктi кiм бердi? — деген сауал қойды.
24Исаның жауабы мынау болды:
— Мен де сiздерге бiр сұрақ қояйын, соған жауап берсеңiздер, бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүргенiмдi айтып беремiн.
25Жақия орындаған шомылдыру рәсiмi қайдан болып едi: көктiң еркiмен бе, әлде адамның еркiмен бе?
Олар өзара пiкiрлесiп:
— Егер «көктiң еркiмен» десек, Ол бiзден: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедiңiздер?» деп сұрайды.
26Ал «адам еркiмен» десек, халықтың наразылығынан қаймығамыз, барлығы Жақияны пайғамбар деп санайды ғой, — дестi.
27Сондықтан Исаға:
— Оны бiлмеймiз, — деп жауап бердi. Ол:
— Олай болса, Мен де бұл iстердi қандай билiкпен iстеп жүргенiмдi айтпаймын, — деп кесiп айтты.
28— Ал мына оқиғаға қалай қарайсыздар: бiр адамның екi ұлы болыпты. Ол бiреуiне келiп: «Ұлым, бүгiн жүзiмдiкке барып, жұмыс iстешi», — деп тапсырғанда,
29баласы: «Барғым келмейдi», — деп жауап қайырады. Дегенмен кейiнiрек онысына өкiнiп, жұмысқа барады.
30Әкесi екiншiсiне келiп те дәл солай дейдi. Бұл: «Жарайды, әке, барамын», — деп жауап берсе де, бармай қояды.
31Осы екеуiнiң қайсысы әкесiнiң еркiн орындады? — деп сұрады Иса.
— Ел басшылары:
— Бiрiншiсi, — деп жауап бергенде Ол былай дедi:
— Ендеше сiздерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына сiздер емес, (терiс жолдан қайтқан) салықшылар мен азғын әйелдер кiрмек!
32Себебi Жақия әдiлдiк жолын көрсетуге келгенде оған сенбедiңiздер, бiрақ салықшылар мен азғын әйелдер сендi. Ал сiздер тiптi мұны көргеннен кейiн де терiс жолдан қайтып, сенбедiңiздер!
33Тағы бiр астарлы әңгiменi тыңдаңыздар: бiр қожайын жүзiм бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап, жүзiм шырынын сығып алатын орын жасап, күзет мұнарасын салады. Кейiн бағын жүзiмшiлерге жалға тапсырып, өзi басқа жаққа сапарға аттанады.
34Жемiс пiскен мезгiлде өнiмiнен өзiне тиесiлi үлесiн алу үшiн қызметшiлерiн жұмсайды.
35Бiрақ жүзiмшiлер қызметшiлердi ұстап алып, бiреуiн ұрып-соғып, өзгесiн өлтiрiп, тағы бiреуiн таспен атқылайды.
36Қожайын бұрынғыдан да көбiрек қызметшiлерiн жiбередi, бiрақ әлгiлер оларға да алдындағыдай iстейдi.
37Ақыр соңында: «Менiң ұлымнан ұялар» деп, оларға өз ұлын жұмсайды.
38Бiрақ жүзiмшiлер ұлын көргенде өзара: «Бұл мұрагер ғой! Кәне, жүрiңдер, оны өлтiрiп, мұрасына ие болайық!» — деседi де,
39оны ұстап алып, бақ сыртына алып шығып, өлтiрiп тастайды.
40Ендi жүзiмдiктiң иесi келгенде осы жүзiмшiлерге не iстемек? —
41Тыңдап тұрғандар Исаға:
— Бұл зұлымдарды азаптап өлтiрiп, бағын басқаларға тапсырмақ. Олар мерзiмi жеткенде оған тиiстi өнiмiн беретiн болады, — деп жауап бердi.
42Сонда Иса былай дедi:
— Киелi жазбадан мынаны ешқашан оқымап па едiңiздер:
«Құрылысшылар керегi жоқ деп бас тартқан Тас
Ендi үйдiң басты iргетасына айналды!
Осы көз алдымыздағы ғажап керемет iс —
Жаратқан Иемiздiң жүзеге асырғаны!»
43Сондықтан да айтамын: Құдай өз Патшалығын сендерден тартып алып, басқа бiр халыққа тапсырмақ! Олар оның өнiмiн берiп тұратын болады.
44Әлгi Тасқа құлаған әркiм быт-шыт болады!
Үстiне осы Тас құлаған жаншылып қалады!
45Астарлы әңгiмелерiн тыңдаған басты дiни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздерi туралы айтқанын ұғып,
46Оны ұстап алмақшы болды. Алайда Исаны пайғамбар деп қадiр тұтқан халықтан қорқып, батылдары бармады.
Тойға шақырылғандар туралы астарлы әңгiме
1Иса халыққа астарлы әңгiмелер арқылы тәлiм беруiн жалғастырып былай дедi:
2«Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бiр патша баласының үйлену тойын өткiзуге дайындалып,
3қызметшiлерiн шақырылған кiсiлердi алып келуге жiбередi. Алайда сол адамдардың келгiлерi келмейдi.
4Патша басқа қызметшiлерiн жұмсап:
— Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзiрлеп қойдым, өгiздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрi дайын тұр. Тойға келе берiңдер! — дегiзедi.
5Бiрақ олар шақыруды елемей, бiреуi егiндiк жерiне, бiреуi саудасына кетiп қалады.
6Тағы басқалары қызметшiлерiн ұстап алып, қорлап, өлтiрiп тастайды.
7Мұны естiген патша қаһарланып, әскерiн жұмсап, әлгi кiсi өлтiрушiлердiң көздерiн құртып, олардың қаласын өртеп жiбередi.
8Содан кейiн қызметшiлерiне:
— Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты.
9Ендi жол тораптарына барып, кiмдi кездестiрсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келiңдер! — деген жарлық бередi.
10Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кiмдi кездестiрсiн — жаманын да, жақсысын да бәрiн жинап алып келедi. Той болған жер адамдарға лық толады.
11Патша келгендердi көруге кiргенде, тойға сай киiм кимеген бiреудi көрiп,
12одан:
— Достым, мұнда той киiмiнсiз қалай кiрдiң? — деп сұрайды. Ол үнсiз қалады.
13Патша нөкерлерiне:
— Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сол жерде зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады.
14Себебi шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз».
Шетелдiк патшаға салық төлеу және қиямет туралы сұрақтар
15Парызшылдар сол жерден кетiп, Исаны сөзiнен шырмап ұстаудың жолын iздеп ақылдасты.
16Оған Иродтың жақтастарымен бiрге өз шәкiрттерiн жiберiп, мынадай сұрақты қойғызды:
— Ұстаз, Сiздiң әдiл екенiңiздi бiлемiз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретiп, бiреуге жағыну ниетiнен аулақсыз, ешкiмнiң де бет-жүзiне қарамайсыз.
17Ендi бiзге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуiмiз дұрыс па, әлде бұрыс па? —
18Олардың арам ойларын бiлген Иса:
— Екi жүздiлер, Менi азғырып сынамақсыңдар, ә?
19Маған салыққа төлейтiн бiр күмiс теңгенi көрсетiңдершi! — дедi. Олар Оған бiр күмiс теңге әкелiп бердi.
20Иса:
— Мына сурет пен жазу кiмдiкi? — деп сұрады.
21Олар:
— Римдiк патшанiкi, — дегенде, Иса:
— Олай болса, патшаға тиiстiсiн патшаға, ал Құдайға тиiстiсiн Құдайға берiңдер! — деп тұжырымдады.
22Мұны естiген олар аң-таң болып, Исаның қасынан кетiп қалды.
23Өлiмнен қайта тiрiлу жоқ деушi саддукейлер ұйымының кейбiр мүшелерi де сол күнi Исаға келiп, мына сұрақты қойды:
24— Ұстаз, Мұса пайғамбар: «Баласы жоқ бiреу өлсе, соңында қалған жесiрiне ағасы не iнiсi үйленiп, марқұм бауыры үшiн ұрпақ қалдырсын!» деп бұйырған.
25Арамызда жетi ағайынды жiгiт бар едi. Солардың тұңғышы үйленiп, соңынан бала қалдырмай өлiп кеттi. Жесiрiне екiншiсi әмеңгер болып үйлендi.
26Ал мұнымен де, үшiншiсiмен де, тiптi жетеуiнiң бәрiмен де дәл осы сияқты болды.
27Ақыры бәрiнiң соңынан әйел де көз жұмды.
28Ендеше, қиямет күнi қайта тiрiлгенде әйел осы жетеудiң қайсысынiкi болады? Ол солардың бәрiнiң де әйелi болған едi ғой! —
29Бiрақ Иса былай жауап қайырды:
— Киелi жазбаларды және Құдайдың құдiретiн ұқпағандықтан жаңылып жүрсiңдер!
30Себебi өлiмнен қайта тiрiлгеннен кейiн адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды, әрi көктегi Құдайдың перiштелерi iспеттi болады.
31Ал өлгендердiң қайта тiрiлуi жайында Құдайдың:
32«Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенiн оқымап па едiңдер? Демек Ол өлгендердiң емес, тiрiлердiң Құдайы!
33Мұны естiген халық Исаның тәлiмiне таңғалды.
Ең маңызды өсиет және Мәсiхтiң шынайы болмысы туралы
34Исаның саддукейлердi үндетпей қойғанын естiгенде, парызшылдар бас қосып жиналды.
35Кейiн олардың бiреуi, Таурат заңын үйретушi ғұлама, Исаның ұстанған iлiмiн сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды:
36— Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса:
37— «Құдай Иеңдi шын жүректен, бүкiл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!»
38Бұл — ең ұлы да басты өсиет.
39Ал екiншiсi де сол сияқты маңызды: «Өзiңдi қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
40Бүкiл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екi өсиетке негiзделген, — дедi.
41Қасына жиналған парызшылдарға Иса:
42— Мәсiх туралы не ойлайсыздар, Ол кiмнiң Ұрпағы? — деген сұрақ қойды. Олар:
— Дәуiт пайғамбардың — дедi.
43Сонда Иса:
— Ендеше нелiктен Дәуiт Киелi Рухтың жетелеуiмен Оны Ием деп атады? Ол:
44«Жаратқан Ие менiң Иеме былай дедi:
Мен сенiң жауларыңды табаныңның астына
Салып бергенiмше өзiң отыр оң жағымда!»
45Сонымен, Дәуiттiң өзi Мәсiхтi «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуiттiң Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады.
46Ешкiм Исаға жауап берiп, бiр сөз де айта алмады. Бұдан кейiн тағы басқа сұрақтар қоюға ешқайсысының батылы бармады да.
Екi жүздi дiндарларға қатаң ескерту
1Содан кейiн Иса жиналған көпшiлiкке және Өзiнiң шәкiрттерiне былай дедi:
2— Мұса пайғамбардың орнын дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар басты.
3Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бiрақ iстегендерiндей iстемеңдер! Себебi сол айтқандарын олардың өздерi iс жүзiнде орындамайды.
4Халықтың мойнына ыңғайсыз, тым ауыр борыштар жүктеп, соларды көтеруге қол ұштарын да бермейдi.
5Олар барлық дiни жоралғыларды жұрттың көзiне түсу үшiн ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемiн үлкейтiп, шапандарының шашақтарын ұзартады.
6Қонақасыларда төрде жантайып, мәжiлiсханаларда сыйлы орында отыруды ұнатады.
7Базарларда жұрттың өздерiне сәлем берiп құрмет көрсетiп, «ұстаз» деп атағандарын өте жақсы көредi.
8Алайда сендер «ұстаз» деп аталмаңдар! Ұстаздарың Бiреу-ақ, ал бәрiң де өзара бауырлассыңдар.
9Жер бетiндегi ешкiмге «әке» деген рухани атақ бермеңдер! Бiрден-бiр рухани Әкелерiң көкте ғой.
10Өздерiңдi «тәлiмгер» деп те ешкiмге ататпаңдар! Тәлiмгерлерiң Бiреу-ақ, Ол — Мәсiх.
11Араларыңдағы ең ұлыларың бәрiңе де қызмет ете берсiн!
12Себебi өзiн-өзi жоғарылатқан әркiм төмендетiледi, ал өзiн төмен ұстаған жоғарылатылады.
13Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Халық үшiн Құдай Патшалығын құлыптап қоясыңдар: өздерiң де кiрмейсiңдер, кiргiсi келгендерге де жол бермейсiңдер!
14(Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Жесiрлердiң үй-жайын iшiп-жеп тауысып, әдейi көзге түсу үшiн ұзақ мiнажат етiп жүрсiңдер. Сол үшiн де бәрiнен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!)
15Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Бiр-ақ адамды болса да дiнге кiргiзу үшiн жиһан кезiп, су кешесiңдер. Ал кiргiзген соң оны өздерiңнен екi есе бетер терiс жолға салып, тозаққа түсетiн қыласыңдар!
16Көр соқыр жетекшiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Себебi былай деп үйретесiңдер: «Бiреу киелi үйдiң атымен ант етсе, мұнысын орындауға мiндеттi емес. Ал егер киелi үйдегi алтынмен ант етсе, онда сол антын орындауға мiндеттi».
17Соқыр да түйсiксiздер-ау! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиеттi ететiн киелi үй ме?
18Сендер тағы: «Кiм құрбандық үстелiмен ант етсе, антын орындауға мiндеттi емес. Ал егер соның үстiндегi құрбандықпен ант етсе, онысын орындауға мiндеттi» дейсiңдер.
19Соқыр да түйсiксiздер! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиеттi қылатын құрбандық үстелi ме?
20Ендеше, құрбандық үстелiмен ант еткен сол үстелмен және оның үстiндегiлердiң бәрiмен де ант бередi ғой.
21Сол сияқты, киелi үйдiң атымен ант еткен, киелi үймен және онда тұратын Тәңiр Иенiң атымен де ант бередi.
22Сондай-ақ, көктiң атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстiнде отырған Оның Өзiнiң атымен де ант бередi.
23Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Тiптi жалбыз, аскөк, зере сияқты майда-шүйде дәмдеуiш шөптердiң оннан бiрiн садақаға бересiңдер, бiрақ та Таурат заңының әдiлдiк, мейiрiмдiлiк және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңiл бөлмедiңдер. Бiрiншiсiн де iстеп, екiншiсiн де қалдырмауларың дұрыс болар едi.
24«Масаны сүзiп тастап, түйенi түгiмен жұтып қоятын» соқыр жетекшiлер-ай!
25Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсiмiн орындай бересiңдер, бiрақ олардың iшi алдамшылықпен әрi дүниеқоңыздықпен тартып алған тағамдарыңа толы.
26Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшiн алдымен ыдыс-аяқтың iшiн тазартыңдар!
27Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Сыртынан әдемi болып көрiнетiн, бiрақ iшi өлiктердiң сүйектерi мен түрлi шiрiкке толы әктелген молаларға ұқсайсыңдар:
28сырттарыңнан әдiл болып көрiнсеңдер де, iштерiң екi жүздiлiк пен күнәға лық толы!
29Дiн мұғалiмдерi мен парызшылдар, екi жүздiлер, сендер қасiретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемiлеп мазар салып, әдiлдердiң ескерткiштерiн әшекейлеп безендiресiңдер.
30Және: «Бiздер ата-бабаларымыздың заманында өмiр сүрген болсақ, олар сияқты пайғамбарлардың қанын төкпеген болар едiк» дейсiңдер.
31Сол арқылы сендер пайғамбарларды өлтiргендердiң үрiм-бұтағы екендерiңдi мойындап, өздерiңе қарсы куәлiк келтiресiңдер.
32Осылайша ата-бабаларыңның жауыздық iстерiнiң мөлшерiн толықтыра түсесiңдер!
33Жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа түсуден қалай құтылмақсыңдар?
34Сол үшiн де тыңдап алыңдар: Мен сендерге Құдайдың хабарын жеткiзушiлердi, дана адамдарды және киелi жазбаларды үйретушi ғұламаларды жiберемiн. Бiрақ сендер солардың бiреулерiнiң көздерiн құртып, кейбiреулерiн айқышқа шегелетiп өлтiрiп, тағы басқаларын мәжiлiсханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар.
35Сол үшiн де кiнәсыз Әбiлден бастап, өздерiң киелi үй мен құрбандық үстелiнiң арасында өлтiрген Барақия ұлы Зәкәрияға дейiн жер бетiнде төгiлген күллi әдiлдердiң қандарының құны сендердiң мойындарыңа жүктелетiн болады!
36Сендерге шындығын айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледi!
Мойынсұнбаған Иерусалимнiң күйрейтiнi туралы қайғыру
37Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзiн құртып, Тәңiр жiберген хабаршыларды тас лақтырып өлтiретiн Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенiң халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бiрақ сендер одан бас тарттыңдар!
38Сондықтан үйлерiң қаңырап, бос қалдырылады.
39Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқан Иенiң атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейiн Менi қайтып көрмейсiңдер.
1Иса ғибадатханадан шығып кетiп бара жатқанда, шәкiрттерi қасына келiп, ғибадатхананың сәулеттi ғимараттарын нұсқап көрсеттi.
2Бiрақ Иса:
— Мынаның бәрiн көрiп тұрсыңдар ғой? Сендерге шындығын айтайын: бұлардың қаланған бiрде-бiр тасы қалмай бәрiнiң де күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды.
3Кейiнiрек Иса Зәйтүн тауының басында отырғанда шәкiрттерi оңашада қасына келiп:
— Бiзге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сiздiң қайта келуiңiз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгi бiлдiрмек? — деп сұрады.
4Иса былай деп жауап бердi:
— Сақ болыңдар, ешкiм сендердi алдап, терiс жолға түсiрмесiн!
5Себебi көп адамдар Менiң атымды жамылып келiп: «Құтқарушы Мәсiх Менмiн!» деп, көпшiлiктi алдап азғыратын болады.
6Жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы еститiн боласыңдар. Сонда абайлаңдар, зәрелерiң ұшпасын. Олар болуға тиiстi, бiрақ заманның ақыры бұл емес.
7Себебi ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлi жерлерде ашаршылық (пен iндеттер) және жер сiлкiнiстер болады.
8Бұлардың бәрi жаңа дәуiр туар алдындағы толғақтың бастапқы азабы iспеттi.
9Сол кезде жұрт сендердi азаптап, өлтiру үшiн ұстап бередi. Менiң атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендердi жек көретiн болады.
10Сонда көбi сенiмдерiнен танып, өзара опасыздық жасап, бiр-бiрiн жек көредi.
11Талай жалған пайғамбарлар халық алдына шығып, көптеген адамдарды алдап, азғыратын болады.
12Әдiлетсiздiк тым көбейiп кеткендiктен көпшiлiктiң сүйiспеншiлiгi суып кетедi.
13Ал ақырына дейiн табандылық көрсеткен әркiм құтқарылады.
14Құдай Патшалығы туралы осы Iзгi хабар барлық ұлттарға паш етiлу үшiн күллi әлемге уағыздалатын болады. Содан кейiн бұл заманның ақыры келедi.
15Ендеше, Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, киелi үйдi арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенi сол жерден көрсеңдер — мұны оқып отырған әркiм мәнiсiн ұғып алсын! —
16сонда Яһудея аймағындағылар тауларға қашып құтылсын!
17Кiм үй төбесiнде болса, бiр нәрсесiн алу үшiн үйге кiрместен, сыртқы сатымен төмен түсiп, дереу қашып құтылсын!
18Кiм далада жүрсе, ол да шапанын алу үшiн үйiне соқпастан қашып құтылсын!
19Сол күндерi аяғы ауыр және бала емiзiп жүрген әйелдер қандай қасiретке ұшырайтын болады!
20Қашатын кездерiң қыс мезгiлiне немесе дiни демалыс күнiне тура келмесiн деп Құдайдан сұраңдар.
21Себебi сол уақытта әлем жаратылғаннан берi күнi бүгiнге дейiн еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседi.
22Егерде Тәңiр Ие бұл күндердiң санын қысқартпағанда, ешбiр жан құтқарыла алмас едi. Бiрақ Ол Өзiнiң таңдап алған адамдарына бола сол кезеңдi қысқартып қойған.
23Сол кезде бiреу сендерге: «Мiне, Мәсiх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар!
24Себебi жалған «мәсiхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкiн болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, терiс жолға адастыру үшiн ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететiн болады.
25Байқаңдар! Мен сендерге мұны алдын ала айтып тұрмын.
26Сондықтан, сендерге: «Қараңдар, Ол айдалада жүр!» десе, шықпаңдар! Немесе: «Ол iшкi бөлмелерде!» десе де, иланбаңдар!
27Себебi найзағайдың шығыстан басталып, батысқа дейiн жарқырайтыны сияқты, Менiң Билеушi ретiнде көктен қайтып келуiм де (аяқ астынан және ап-айқын) болады.
28«Жемтiк қайда болса, құзғындар сонда жиылар» делiнген емес пе. (Сол секiлдi осы оқиғалардың қай жерде болғаны сол заманда бәрiне мәлiм болады.)
Мәсiхтiң қайтып келуiне дайын болу қажет
29Бұл қиын-қыстау кезеңнен кейiн кенеттен «күндi қараңғылық басып, ай да жарқырамайтын болады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштерi шайқалады!»
30Сол уақытта Менiң Билеушi ретiнде қайтып келуiмнiң ғажайып белгiсi аспаннан көрiнетiн болады. Жер бетiндегi барлық ұлттар үрейленiп, еңiреп жылап, Менiң Билеушi ретiнде ғаламат құдiретпен, салтанатты ұлылықпен бiр бұлтта көктен келе жатқанымды көредi.
31Мен кернейдiң зор үнiмен перiштелерiмдi жiберiп, олар аспанның о шетiнен бұ шетiне дейiн, дүниенiң төрт бұрышынан Менiң таңдап алған адамдарымды жинап әкелетiн болады.
32Iнжiр ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын бiлесiңдер.
33Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде Менiң таяп, есiк алдына келiп қалғанымды бiлесiңдер.
34Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрi iске асады.
35Аспан мен жер жойылатын болады, бiрақ Менiң сөздерiм еш жойылмайды.
36Ал сол күннiң, сол сәттiң қашан болатыны не адам баласына, не көктегi перiштелерге (не Құдайдың рухани Ұлына) емес, жалғыз көктегi Әкеге ғана белгiлi.
37Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менiң Билеушi ретiнде көктен қайтып келетiн кезiмде де солай болады:
38топан судан бұрын, Нұх кемеге мiнген күнге дейiн адамдар (Құдайға мойынсұнбай) iшiп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмiр сүруде едi.
39Топан су басып, бәрiн алып кетiп, қырып салғанша олар ештеңенi ұқпады. Менiң Билеушi ретiнде көктен қайтып келуiмде де осылай болады!
40Сол кезде егiндiкте жүрген екеудiң бiреуiн перiштелер қабыл алып, екiншiсiн қалдырып кетедi.
41Бiрге диiрмен тартып отырған екi әйелдiң де бiреуiн қабыл алып, екiншiсiн тастап кетедi.
42Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күнi қайтып келетiнiн бiлмейсiңдер!
43Мынаны еске алыңдар: егер үй иесi ұрының түннiң қай мезгiлiнде келетiнiн бiлетiн болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кiруiне жол бермес едi.
44Сондықтан өздерiң де дайын болыңдар: сендер күтпеген сәтте Мен Билеушi ретiнде көктен қайтып келемiн!
Адал және опасыз қызметшiлер туралы мысал
45(Иса сөзiн одан әрi жалғастырып былай дедi:)
— Адал да саналы қызметшiдей болыңдар! Қожайыны бiр қызметшiсiн үйiндегi өзге малайларының үстiнен қарап, ас-суларын уақтылы беруге тағайындады.
46Қожайыны оралып келгенде оның өз мiндетiн атқарып жүргенiн көрсе, сол қызметшi бақытты!
47Сендерге шындығын айтайын: оны бүкiл меншiгiн қараушы етiп тағайындамақ.
48Ал егер әлгi қызметшi жаман болып, iштей: «Қожайыным жуырда келе қоймас» деп,
49өзге қызметшiлердi ұрып-соғып, маскүнемдермен бiрге iшiп-жеуге салынса,
50онда қожайыны күтпеген күнi, ойламаған сәтте келiп,
51оны аяусыз жазалап, екi жүздiлердiң кебiнiн кигiзедi. Сонда зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады-ау!
Күйеу жiгiттi қарсы алмақ болған он қыз туралы астарлы әңгiме
1Сол кезде Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жiгiттi қарсы алуға шығыпты.
2Олардың бесеуi ақылды, бесеуi ақылсыз екен.
3Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады.
4Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүредi.
5Күйеу жiгiт ұзақ кешiккендiктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады.
6Бiрақ түн ортасында: «Күйеу жiгiт келiп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!» — деген дауыс естiледi.
7Сонда қыздардың бәрi де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейдi.
8Ақылсыздары ақылдыларына:
— Майларыңнан берiңдершi, шамдарымыз сөнейiн деп жатыр, — дейдi,
9ал олар:
— Бiзге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерiң сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн, — деп жауап бередi.
10Әлгiлер майға кеткенде күйеу жiгiт келiп, дайын тұрғандар онымен бiрге тойға кiрiп кетедi де, есiктер жабылып қалады.
11Кейiн майға кеткендер де келiп:
— Тақсыр мырза! Есiктi аша көрiңiз! — деп өтiнедi.
12Ал күйеу жiгiт оларға:
— Шын айтамын, сендердi танымаймын! — деп жауап бередi.
13Сондықтан сергек болыңдар! Себебi сендер Мен Билеушi ретiнде көктен келетiн күндi де, сәттi де бiлмейсiңдер.
Аманатталған қаржы туралы астарлы әңгiме
14Бұл сапарға шықпақ болған бiр кiсiнiң әрекетiне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшiлерiн шақырып алып, оларға меншiктi қаражатын аманаттап тапсырады да,
15әрқайсысына қабiлетiне қарай, бiреуiне бес, келесiсiне екi, тағы бiреуiне бiр ат басындай күмiс бередi. Содан кейiн сапарына аттаныпты.
16Ат басындай бес күмiс алған қызметшi онысын айналымға жiберiп, үстiне тағы бесеуiн қосып қояды.
17Екi күмiс алғаны да дәл осылай етiп, тағы екеуiн қосып қояды.
18Алайда бiр күмiс алғаны қожайынының қаржысын бiр жерге алып барып, көмiп тастайды.
19Арада көп уақыт өткеннен кейiн қызметшiлердiң қожайыны қайтып келiп, олардың есеп берулерiн талап етедi.
20Бес күмiс алған қызметшi тағы да бесеуiн әкелiп тұрып, былай дейдi:
— Мырзам, сiз маған ат басындай бес күмiс берiп едiңiз. Мiне, солардан тағы бесеу қосымша пайда түсiрдiм. —
21Қожайыны оны мақтап:
— Жарайсың, жақсы да адал қызметшiм! Шағын iсте сенiмдi болып едiң, сенi үлкен iстiң басына қоямын. Ендi қуанышты тойыма кел! — дейдi.
22Екi күмiс алғаны да келiп:
— Мырзам, сiз маған ат басындай екi күмiс берiп едiңiз. Мiне, содан қосымша екеу түсiрдiм, — деп есеп бередi.
23Қожайыны оған да:
— Жарайсың, жақсы да адал қызметшiм! Шағын iсте сенiмдi болып едiң, сенi үлкен iстiң басына қоямын. Ендi қуанышты тойыма кел!* — дейдi.
24Алайда бiр күмiс алғаны келiп:
— Мырзам, сiздiң қатал адам екенiңiздi бiлдiм. Өзiңiз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз.
25Сондықтан қорқып, күмiсiңiздi жерге көмiп тастадым. Мiнеки, соныңыз, — дейдi.
26Қожайыны оған былай деп жауап бередi:
— Әй, оңбаған, жалқау қызметшi! Менiң екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайтынымды бiлдiң ғой!
27Сол үшiн де күмiсiмдi саудагерлерге қарызға беруiң керек болатын. Сонда мен қайтып келгенде өзiмдiкiн өсiмiмен қайтарып алатын едiм.
28Ендеше одан күмiсiн алып, он күмiсi барға берiңдер!
29Себебi кiмде бар болса, соған тағы берiлiп, молая түседi, ал кiмде жоқ болса, оның қолында бар азы да одан алынып қойылады.
30Ал мына түкке тұрғысыз қызметшiнi сыртқа, қара түнекке лақтырып тастаңдар! Сол жерде зар еңiреп жылап, қинала тiстенетiн болады.
Халықтардың ақыр замандағы сотталуы
31— Құдай тағайындаған Билеушi қасиеттi перiштелерiн ертiп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзiнiң салтанатты тағына отыратын болады.
32Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелiнедi. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екi топқа бөлiп,
33«қойларды» оң жағына, «серкелердi» сол жағына қояды.
34Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкiм шығарады:
— Әкем жарылқағандар, келiңдер! Әлем жаратылғаннан берi өздерiңе дайындалған Патшалықтан үлестерiңдi алыңдар!
35Себебi сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенiмде сусын бердiңдер. Бейтаныс болып баспана iздегенiмде Менi үйлерiңе қабылдадыңдар.
36Киiмсiз жүргенiмде киiндiрдiңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келiп тұрдыңдар.
37Сонда әдiлдер Оған:
— Иемiз, қашан Сiздiң ашыққаныңызды көрiп, тамақтандырған едiк? Немесе шөлдегенiңiзде сусын берген едiк?
38Қашан бейтаныс болып, баспана iздеп жүргенiңiздi көрiп, Сiздi қабылдаған едiк? Немесе киiмсiз жүрген Сiздi киiндiрдiк?
39Қай кезде Сiз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келiп тұрдық? — деген сұрақ қояды.
40Патша оларға былай деп жауап бередi:
— Сендерге шындығын айтайын: Менiң мына бауырластарымның тiптi ең маңызсыз болып көрiнген бiреуiне жасаған жақсылықтарыңды шын мәнiнде Маған жасағандарың!
41Бұдан кейiн Патша Өзiнiң сол жағындағыларға да былай деп үкiм шығарады:
— Менен аулақ кетiңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның нөкерлерiне дайындалған мәңгiлiк тозақ отына түсiңдер!
42Себебi сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедiңдер.
43Бейтаныс болып, баспана iздеп жүргенiмде Менi үйлерiңе қабылдамадыңдар. Киiмсiз жүргенiмде киiндiрмедiңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедiңдер. —
44Олар да:
— Иемiз, бiз қашан ашыққаныңызды не шөлдегенiңiздi, бейтаныс болып баспана iздеп, киiмсiз жүргенiңiздi немесе ауырып не түрмеде жатқаныңызды көрiп, Сiзге көмектеспедiк? — деп сұрайды.
45Ол сонда:
— Сендерге шындығын айтайын: мыналардың ең маңызсыз болып көрiнген бiреуiне жасамаған жақсылықтарыңды шын мәнiнде Менiң Өзiме жасамағандарың! — деп жауап беретiн болады.
46Сонымен бұлар мәңгiлiк азап шегуге кетiп, ал әдiлдер мәңгiлiк өмiрдi иемденетiн болады, — дедi Иса.
Мәсiхтiң құрбандық өлiмiне жасалған даярлық
1Иса осы сөздерiн тамамдады да, шәкiрттерiне:
2«Екi күннен кейiн Құтқарылу мейрамы болатынын бiлесiңдер. Сонда адамдар көктен келген Менi айқышқа шегелеп өлтiру үшiн ұстап бередi», — дедi.
3Сол уақытта елдiң басты дiни қызметкерлерi мен
4кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсiрiп, өлтiрудiң жолын қарастырды,
5бiрақ: «Мұны мейрам күндерi iске асыруға болмайды, әйтпесе халық арасында бүлiк шығып жүрер», — дестi.
6Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйiнде дастарқан басында отырған едi.
7Сонда аса бағалы иiсмайға толы мөлдiр тас құтысы бар бiр әйел Исаның қасына жақындап, иiсмайды жантайып жатқан Оның басына құйды.
8Шәкiрттерi осыны көргенде наразылық бiлдiрдi:
— Мұндай ысыраптың қажетi қанша?
9Бұл иiсмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпiрлерге үлестiруге болатын едi ғой!
10Бiрақ мұны ұға қойған Иса оларға былай дедi:
— Әйелдi неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
11Мүсәпiрлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймiн.
12Иiсмайды құюы арқылы ол Менiң денемдi қабiрге қойылуға дайындады.
13Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкiл дүние жүзiнде осы Iзгi хабар уағыздалғанда бұл әйелдi еске алып, iстегенiн айтатын болады.
14Ал Яһуда Исқариот есiмдi он екi елшiнiң бiреуi басты дiни қызметкерлерге барып:
15«Исаны қолдарыңызға түсiрсем, маған не бересiздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күмiс теңге ұсынды.
16Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудiң қолайлы сәтiн аңдыды.
Құтқарылу мейрамындағы ас
17Ашымаған нан мейрамының бiрiншi күнi шәкiрттерi Исаның қасына келiп:
— Мейрам асыңызды қай жерде әзiрлеуiмiздi қалайсыз? — деп сұрады.
18Иса оларға:
— Қаладағы пәленшеге барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкiрттерiммен бiрге сенiң үйiңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты», — дедi.
19Шәкiрттерi Исаның тапсырғанындай iстеп, мейрам асын даярлады.
20Кеш түсе Иса он екi шәкiртiмен бiрге дастарқан басында жантайды.
21Тамақ iшiп отырғанда Иса оларға қарап:
— Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы бiреуiң Маған опасыздық жасайды, — дедi.
22Олар еңселерi түсiп, қатты абыржып бiрiнен соң бiрi:
— Мырза, сол адам мен емес пе екенмiн? — деп сұрай бастады.
23— Табақтағы тұздыққа Менiмен бiрге бiр үзiм нанын батырып алып жатқан бiреуiң Менi ұстап бересiң.
24Көктен келген Мен Киелi жазбаларда Өзiм туралы алдын ала айтылған жолмен жүремiн. Алайда Менi ұстап беретiн адам қасiретке қалады-ау! Сол кiсi үшiн ешқашан дүниеге келмегенi жақсы болар едi! — дедi Иса.
25Оған опасыздық жасайтын Яһуда да:
— Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмiн? — деп сұрағанда Иса:
— Өзiң айтып тұрсың! — деп жауап бердi.
Мәсiхтiң құрбан болуы — Жаңа келiсiмнiң негiзi
26Олар тамақ iшiп отырғанда Иса қолына нан алып, бата бердi. Нанды үзiп, шәкiрттерiне берiп жатып:
— Алып жеңдер, бұл — Менiң денем, — дедi.
27Иса тостағанды да алып, шүкiршiлiк еттi. Оларға соны берiп жатып, былай дедi:
— Мынадан бәрiң де iшiңдер.
28Өйткенi бұл — күнәлары кешiрiлсiн деп көптеген адамдар үшiн төгiлiп, (Жаңа) келiсiмдi бекiтетiн Менiң қаным.
29Сендерге айтамын: Мен Әкемнiң Патшалығында сендермен бiрге жаңасын iшетiн күнiме дейiн ендi қайтып мұндай жүзiм шырынынан iшпеймiн.
30Құдайды мадақтау әнiн айтқаннан кейiн олар сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай кеттi.
Мәсiхтiң жалғыздығы және Әкесiне сиынып рухани күресуi
31Сонда Иса шәкiрттерiне былай дедi:
— Бүгiн түнде бәрiң де басыма түсетiн жайттарға бола Менен безiп кетесiңдер. Себебi (Пайғамбар жазбаларында мына тәрiздi сөздер) жазылған: «Бақташыны ұрып өлтiремiн, сонда отардағы қойлары бытырап кетедi».
32Бiрақ Мен қайта тiрiлгеннен кейiн сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
33Ал Петiр жауап қайырып:
— Басыңызға түсетiн жайттарға бола бәрi безiп кетсе де, мен ешқашан безiп кетпеймiн! — дедi.
34Иса оған:
— Саған шындығын айтайын: осы түнi-ақ әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың! — дегенде,
35Петiр:
— Маған Сiзбен бiрге тiптi өлуге тура келсе де, Сiзден еш танбаймын! — дедi. Барлық шәкiрттерi де осыны айтты.
36Бұдан кейiн Иса олармен бiрге бақшасы бар Гетсимани деген жерге келгенде шәкiрттерiне: «Мен ана жерге барып, сиынып мiнажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды.
37Петiрдi және Зебедейдiң екi ұлын Өзiмен бiрге ала кетiп, қайғырып қинала бастады.
38Үш шәкiртiне: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менiмен бiрге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — дедi.
39Содан әрiрек барып, етпетiнен жығылып:
— О, Әкем, мүмкiн болса, (қаһарыңа толы) мына «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менiң емес, Сенiң еркiңе сай болсын! — деп мiнажат еттi.
40Қайтып келгенде Иса шәкiрттерiнiң ұйықтап жатқанын көрдi. Петiрге: «Сонда ең болмағанда бiр сағат Менiмен бiрге ұйықтамай отыра алмағаның ба?
41Азғырылмау үшiн сергек болып, сиынып мiнажат етiңдер! Рух дайын болғанмен тән осал», — дедi.
42Иса екiншi рет тағы да шеткерi барып, сиынып:
— О, Әке, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенiң еркiң орындалсын! — деп мiнажат еттi.
43Иса оралып келгенде шәкiрттерiнiң қайтадан ұйықтап жатқанын көрдi. Себебi көздерiн ұйқы басқан едi.
44Оларды қалдырып, тағы да барып, үшiншi рет дәл сол сөздерiн айтып сиынды.
45Содан кейiн шәкiрттерiне қайта оралып, былай дедi:
— Әлi де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Ендi уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеушi күнәкарлардың қолына ұстап берiледi.
46Мiне, Менi ұстап берушi таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейiк!
Мәсiхтiң өз еркiмен дұшпандарының қолына түсуi
47Иса әлi де осылай айтып тұрғанда, он екi елшiнiң бiреуi — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бiр топ адамды сол жерге ертiп келдi. Бұларды елдiң басты дiни қызметкерлерi мен рубасылары жiберген болатын.
48Исаға опасыздық жасаушы белгi беру туралы: «Кiмнiң бетiнен сүйсем, Ол — Соның Өзi. Сол Адамды ұстап алыңдар!» — деген едi.
49Яһуда дереу Исаның қасына барып:
— Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетiнен сүйдi.
50Иса оған:
— Достым, сен не үшiн келдiң? — дедi. Сонда жасақшылар жақындап келдi де, Исаға тап берiп, Оны ұстап алды.
51Кенеттен Исаның қасындағыларының бiреуi семсерiн суырып алып, бас дiни қызметкердiң малайына қарай сiлтеп қалғанда, оның бiр құлағын шауып түсiрдi.
52Ал Иса оған:
— Семсерiңдi қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсерiне сенген семсерден өлер.
53Мен қазiр Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екi әскери бөлiмнен астам перiштелерiн жiбередi! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?
54Бiрақ олай iстесем, Киелi жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиiс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар едi?!
55Сол сәтте Иса келген тобырға қарап: «Қарақшыға қарсы аттанғандай, Менi ұстауға семсер мен сойыл алып шыққандарың қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым берiп отырғанымда Менi ұстап алған жоқсыңдар.
56Бiрақ Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшiн осылай болды», — дедi.
Сонда шәкiрттерi Оны тастап, қаша жөнелдi.
Мәсiхтiң Жоғарғы кеңес алдындағы әдiл куәлiгi,
57Исаны ұстап алғандар Оны бас дiни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дiн мұғалiмдерi мен рубасылары жиналған болатын.
58Петiр Исаға алыстан, бас дiни қызметкердiң сарайының ауласына дейiн, iлесе отырып, iшке кiрдi. Iстiң немен бiтетiнiн көру үшiн сақшылардың қасына барып отырды.
59Сол кезде басты дiни қызметкерлер мен бүкiл Жоғарғы кеңес Исаны өлiмге кесу үшiн Оған қарсы жалған айғақтар iздестiрдi.
60Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтiрiк айтқанымен, Оған тағатын бiрде-бiр айып табылмады. Ақырында екi жалған куәгер алға шығып:
61— Мынау: «Құдайдың киелi үйiн бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келедi!» деген болатын, — деп Исаны кiнәлады.
62Сонда бас дiни қызметкер орнынан тұрып:
— Ешқандай жауап бермейсiң бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлiк берiп тұр? — деген сұрақ қойды.
63Бiрақ Иса үндемедi. Сонда бас дiни қызметкер Оған сұрақ қойып:
— Мәңгi тiрi Құдайдың алдында ант етiп, бiзге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсiхсiң бе? — дедi.
64Иса:
— Өзiңiз айтып тұрсыз. Сiздерге мынаны да айтамын: Менiң Билеушi ретiнде Құдiрет Иесiнiң оң жағында отырғанымды әрi аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлi көретiн боласыздар! — деп жауап бердi.
65Сонда бас дiни қызметкер шапанының өңiрiн айыра жыртып:
— Ол Тәңiрге тiл тигiздi! Ендi куәгерлердiң қажетi қанша? Қорлық сөздерiн өз құлақтарыңызбен естiдiңiздер!
66Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар:
— Ол өлiм жазасына лайық! — деп жауап қайтарды.
67Олар Исаның бетiне түкiрiп, жұдырықтап, басқалары жағынан тартып-тартып жiберiп:
68«Әй, Мәсiх, пайғамбар болсаң, Сенi кiм ұрды, соны айтып бершi!» — деп келекеледi.
69Сол кезде Петiр сыртта, сарай ауласында отырған едi. Бiр қызметшi қыз оған жақындап келiп:
— Сен де ғалилеялық Исамен бiрге жүретiн едiң ғой! — дедi.
70Алайда Петiр бәрiнiң алдында:
— Не деп тұрғаныңды бiлмеймiн! — деп мойындамады.
71Содан ол iшкi ауладан шығып, қақпа жағына жылжи бердi. Сонда Петiрдi басқа бiр қызметшi қыз көрiп, маңындағыларға:
— Мынау да назареттiк Исамен бiрге болған! — дедi.
72Петiр тағы да:
— Ол адамды бiлмеймiн! — деп ант iштi.
73Сәл кейiнiрек сонда тұрғандар оның қасына келiп:
— Сен шынымен де солардың бiрiсiң! Қалай сөйлегенiңнен-ақ көрiнiп тұр! — дедi.
74Петiр:
— Сол Адамды еш бiлмеймiн! — деп, ант iшiп қарғанды. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды.
75Петiрдiң есiне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзi түстi. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.
1Таң ата елдiң басты дiни қызметкерлерi мен рубасыларының бәрi Исаны өлтiру туралы кеңесiп, шешiм қабылдады.
2Оны байлатып, әмiршi Пилатқа алып барып, табыс еттi.
Сатқынның ақыры
3Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде өзiнiң iстегенiне өкiнiп, басты дiни қызметкерлер мен рубасыларына берген отыз күмiс теңгелерiн қайтарып тұрып:
4— Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кiнәсыз кiсiнiң қаны төгiлмекшi! — дедi. Олар:
— Онда бiздiң шаруамыз қанша? Бұл өз мәселең, — деп жауап бердi.
5Содан Яһуда ақшаны киелi үйдiң iшiне лақтырып тастап, шығып кеттi де, барып, асылып өлдi.
6Басты дiни қызметкерлер күмiс теңгелердi жинап алып: «Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебi ол төгiлетiн қанға байланысты», — дедi.
7Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егiндiк жерiн сатып алып, оны шетелдiктердiң зираты етпек болып шештi.
8Сондықтан осы жер танабы күнi бүгiнге дейiн «Қанды танап» деп аталады.
9Еремия пайғамбардың мына тәрiздi алдын ала айтқандары сол кезде жүзеге асты: «Олар Ол үшiн исраилдiктер белгiлеген бағаны, отыз күмiс теңгенi алып,
10соған құмырашының егiндiк жерiн сатып алды. Жаратқан Ие маған осылай айтқан едi».
Мәсiхтiң әмiршi алдындағы әдiл куәлiгi,
11Сол уақытта Иса римдiк әмiршiнiң алдында тұрған едi. Ол Исаға:
— Сен «Яһудилердiң Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса:
— Өзiңiз айтып тұрсыз, — дедi.
12Басты дiни қызметкерлер мен рубасылары Өзiн айыптағанда Иса еш жауап бермедi.
13Сонда Пилат Оған:
— Бұлардың Өзiңе қарсы қаншама куәлiктер келтiрiп жатқанын естiмей тұрсың ба? — дедi.
14Алайда Иса олардың бiрде-бiр сөзiне жауап қайтармады. Оның мұнысына әмiршi қатты қайран қалды.
15Мейрам құрметiне әмiршiнiң халық сұраған бiр тұтқынды оларға босатып беретiн салты бар едi.
16Сол кезде Барабба есiмдi, аты шулы бiр тұтқын римдiктердiң түрмесiнде отырған болатын.
17Сонымен яһудилер жиналып болған соң Пилат:
— Қайсысын босатып жiберуiмдi қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсiх деп аталған Исаны ма? — деген сұрақ қойды.
18Яһуди басшыларының Исаны күншiлдiктен өзiне ұстап бергенiн әмiршi жақсы бiлетiн.
19Бұған қоса, Пилат төрелiк тағында отырған осы аралықта әйелiнiң мына сәлемi жеттi: «Сол әдiл Адамға еш жамандық iстей көрме! Мен бүгiн түсiмде Оған бола қатты азап шегiп, қиналдым».
20Бiрақ басты дiни қызметкерлер мен рубасылары халық тобырын Пилаттан Бараббаны босатып, Исаны өлтiрудi талап етуге көндiрiп қойды.
21Әмiршi қайтадан:
— Осы екеуiнiң қайсысын өздерiңе босатып бергенiмдi қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда олар:
— Бараббаны! — деп айқай салды.
22— Ендеше Мәсiх деп аталған Исаға не iстейiн? — деп сұрады Пилат. Бәрi де:
— Айқышқа шегеленсiн! — деп, айқай салды.
23Пилат:
— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деген сұрақ қойды. Халық:
— Айқышқа шегеленсiн! — деп, бұрынғыдан бетер шулап кеттi.
24Ендi ештеңе iстей алмайтынын, керiсiнше, халықтың толқуы өршiп бара жатқанын көрген Пилат су алдырып, жұрт алдында қолын жуып тұрып:
— Мына (әдiл) Адамның төгiлетiн қанына мен кiнәлы емеспiн. Бұл — сендердiң iстерiң! — дедi.
25Бүкiл халық:
— Оның қаны бiздiң және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап бердi.
26Сонда әмiршi оларға Бараббаны босатып берiп, Исаны қамшымен соқтырып, айқышқа шегелеп өлтiру үшiн жасақшылардың қолдарына тапсырды.
Мәсiхтiң қатты азап шегiп жанын қиюы
27Жасақшылар Исаны әмiршiнiң ордасына алып барып, қасына бүкiл әскер бөлiмiн жинады.
28Оның сырт киiмiн шешiп алып, үстiне қызыл шапан жапты.
29Тiкендi бұтақшалардан тәж өрiп, оны басына кигiзiп, оң қолына аса таяқ ұстатып қойды. Исаның алдына тiзе бүгiп тағзым еткенсiп: «Яһудилердiң Патшасы жасасын!» — деп келекеледi.
30Бетiне түкiрiп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен басына ұра бердi.
31Мазақтап болғаннан кейiн Оның үстiндегi шапанды шешiп алып, өз киiмiн қайта кигiздi.
Содан кейiн Исаны айқыш ағашқа шегелеп қою үшiн алып кеттi.
32Қаладан шыға жолшыбай Шимон есiмдi күренелiкке тап болып, оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр еттi.
33Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе» деген жерге жеттi.
34Сонда Исаға iшуге өт қосылған сiрке суын ұсынды, бiрақ дәмiн татқан соң Ол оны iшуден бас тартты.
35Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керiп шегелеп, тiк көтерiп қойғаннан кейiн Оның киiмдерiн жеребе тастап бөлiстi.
36Мұнан соң сол жерде отырып, Оны күзеттi.
37Оған тағылған «Бұл — Яһудилердiң Патшасы Иса» деген айып жазылған тақтайшаны басының үстiңгi жағына айқышқа бекiтiп қойған едi.
38Жасақшылар Исамен бiрге екi қарақшыны да, бiреуiн оң, екiншiсiн сол жағына айқыш ағаштарға керiп шегелеп, тiк көтерiп қойды.
39Қасынан өтiп бара жатқандар бастарын шайқап:
40«Әй, киелi үйдi бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзiңдi құтқарып ал! Егерде Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп, Оны келеке еттi.
41Сол секiлдi басты дiни қызметкерлер де дiн мұғалiмдерi және рубасыларымен бiрге Оны былай деп мазақтады:
42«Мынау басқаларды құтқарыпты, бiрақ Өзiн құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдiң Патшасы болса, Өзiнiң құдiретiмен қазiр-ақ айқыштан түссiн, сонда Оған сенемiз.
43Ол Құдайға үмiтiн артыпты, ендеше Құдай Оны ұнатса, қазiр босатып алсын! Өйткенi Ол Өзiн Құдайдың рухани Ұлымын дедi ғой».
44Жанындағы айқыштарға шегеленген қарақшылар да Оны солай балағаттап тiлдедi.
45Тал түстен бастап бүкiл жердi қараңғылық басып, ол үш сағатқа созылды.
46Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен айқайлап: «Iлой, Iлой! Лама сабахтани?» — дедi. Өз тiлiнде бұл «Құдайым, Құдайым! Нелiктен Менi жалғыз қалдырдың?» дегендi бiлдiредi.
47Сол жерде тұрғандардың кейбiреулерi мұны естiп: «Ол Iлияс пайғамбарды шақырып жатыр», — дестi.
48Солардың бiреуi дереу жүгiрiп барып, бiр сорғышты сiрке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға iшуге ұсынды.
49Басқалары: «Күте тұрайық, Iлияс келiп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейiк!» — деп кекеттi.
50Иса тағы бiр қатты дауыстап жiберiп, жан тапсырды.
51Дәл сол сәтте киелi үйдегi шымылдық жоғарыдан төменге дейiн қақ айырылып, екiге бөлiндi. Жер сiлкiнiп, жартастар жарылып,
52қабiр үңгiрлерi ашылды. Марқұм болған көптеген әдiлдердiң сүйектерi қайта тiрiлiп,
53қабiрлерiнен шықты. Олар кейiнiрек, Иса қайта тiрiлген соң, қасиеттi қалаға барып, көптеген адамдарға көрiндi.
54Қарсы алдында тұрған жүзбасы және онымен бiрге Исаны күзеткендер жер сiлкiнiсi мен барлық болған оқиғаларды көргенде үрейлерi ұшып: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — дедi.
55Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет етiп, Ғалилеядан ерiп келгендер едi.
56Араларында мағдалалық Мәриям және Жақып пен Жүсiптiң шешесi Мәриям, сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесi де бар болатын.
Мәйiттiң мазарға қойылып, күзетiлуi
57Кеш түспес бұрын Жүсiп есiмдi ариматеялық бiр бай кiсi келдi. Өзi де Исадан тәлiм алған шәкiртi едi.
58Жүсiп Пилатқа барып, Исаның мәйiтiн қабiрге қоюға рұқсат сұрап алды. Пилат мәйiттi оған табыс етуге бұйырды.
59Жүсiп сүйектi алып, кiршiксiз таза бәтес кебiнге орап,
60әк жартастан үңгiп жасаған өзiнiң жаңа қабiрiне апарып қойды. Содан кейiн дәу қақпақ тасын домалатып әкелiп, сонымен қабiрдiң кiреберiс аузын жауып тастап, кетiп қалды.
61Сол жерде мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям да қабiрдiң қарсы алдында отырды.
62Келесi күнi, жұманың ертеңiне басты дiни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың қасына жиналып,
63былай дедi:
— Тақсыр, әлгi алдамшы Кiсiнiң тiрi кезiнде: «Үш күннен кейiн қайта тiрiлемiн» дегенi есiмiзге түстi.
64Сондықтан да қабiрдi үшiншi күнге дейiн күзетiп, қауiпсiз етуге бұйыра көрiңiз. Әйтпесе Оның шәкiрттерi (түн iшiнде) келiп, сүйегiн ұрлап алып кетiп, халыққа «өлiмнен қайта тiрiлдi» деп жүрулерi мүмкiн. Сонда соңғы алдау алғашқысынан да бетер болар.
65Пилат бұған:
— Мейлi, қарауыл тобын алыңдар. Барып, қабiрдi өздерiң бiлгендерiңше күзетiп, қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiңдер, — деп шештi.
66Олар барып, мазардың айналасына күзет қойып, қақпақ тасты мөрмен бекiтiп тастады.
Мәсiх қайта тiрiлдi!
1Дiни демалыс өткеннен кейiн жексенбi күнi таң ата мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабiрдi көруге барды.
2Кенет жер қатты сiлкiндi. Өйткенi Жаратқан Иенiң бiр перiштесi аспаннан түсiп, қабiрге жақындап, қақпақ тасты домалатып алып тастады да, үстiне отырды!
3Оның сырт көрiнiсi найзағай iспеттi, ал киiмi қардай аппақ едi.
4Одан зәрелерi ұшқан күзетшiлер дiрiлдеп қалшылдап, өлiп қалғандай құлап түстi.
5Перiште әйелдерге қарап:
— Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленген Исаны iздеп келгендерiңдi бiлемiн.
6Ол мұнда жоқ, Өзi айтқандай қайта тiрiлiп кеттi! Берi келiп, Иенiң жатқан орнын қараңдар!
7Ал ендi тезiрек барып, шәкiрттерiне мынаны жеткiзiңдер: «Иемiз өлiмнен қайта тiрiлдi! Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады, сол жерден Оны көресiңдер». Сендерге айтатыным осы, — дедi.
8Әйелдер әрi қорқып, әрi қатты қуанып, мазардан шыға сала шәкiрттерiне айту үшiн асығып жүгiре жөнелдi.
9Кенеттен Иса олардың алдынан кездесiп: «Сәлем сендерге!» — деп амандасты. Әйелдер Оның қасына жақындап, иiлiп тағзым етiп, аяғына қолдарын тигiздi.
10Иса оларға:
— Қорықпаңдар! Бауырластарыма барып, «Ғалилеяға жөнелсiн, сонда Менi көредi» деген хабарды жеткiзiңдер, — деп тапсырды.
Ел басшыларының таратқан өтiрiгi
11Әйелдер жолда бара жатқанда, күзетшiлердiң кейбiреулерi қалаға кiрiп, басты дiни қызметкерлерге болған оқиғаны түгелдей айтып бердi.
12Сонда олар рубасылармен бiрге жиналып, кеңес құрды. Жасақшыларға едәуiр ақша берiп,
13былай деп бұйырды:
— Халыққа: «Түнде бiз ұйықтап қалғанда шәкiрттерi келiп, мәйiтiн ұрлап кетiптi» деңдер!
14Ал егер бұл туралы қауесет әмiршiнiң құлағына жетсе, бiз оны көндiрiп, сендердi пәледен құтқарып аламыз.
15Пара алған күзетшiлер солардың тапсырғанындай iстедi. Сөйтiп осы жалған лақап яһудилер арасында күнi бүгiнге дейiн таралуда.
Мәсiхтiң сенушiлерге берген ұлы аманаты
16Он бiр шәкiртi Ғалилеяға барып, Иса айтқан тауға көтерiлдi.
17Оны көргенде тағзым етiп, iзет бiлдiрдi, ал бiрқатары әлi де күдiктендi.
18Иса қастарына таяу келiп, былай дедi:
«Маған көк пен жердiң барлық билiгi берiлген!
19Сондықтан күллi халықтарға барыңдар! Оларды Менiң шәкiрттерiм етiп, Құдай Әкенiң, рухани Ұлының және Киелi Рухының атымен шомылдыру рәсiмiнен өткiзiңдер,
20әрi сендерге өсиет еткендерiмнiң бәрiн де ұстануға үйретiңдер! Естерiңде болсын: Мен бұл дүниенiң ақыр соңына дейiн әр күнi өздерiңмен бiрге болып, сендерге жар боламын!» (Аумин)