0


Жазба туралы мәлiмет

Жүнiс пайғамбар Солтүстiк Исраил патшалығындағы Ғат-Хефер қаласында дүниеге келген. Ол Еробоғам II патша (б.з.д. 793-755жылдары) сириялықтарды жеңiп, олардың басып алған жерлерiн қайтарып алады деп Құдайдың атынан алдын ала хабарлады (Патша. 4-ж. 14:25). Алайда осы уәде жүзеге асқаннан кейiн Исраил халқы менменсiп кетедi. Олардың бойында Құдай тек бiздi ғана сүйедi, ал басқа халықтарды жазалайды деген наным берiк қалыптасқан едi.

Жаратқан Ие Жүнiс пайғамбарға жаңа тапсырма бергенде, ол да елдестерi сияқты әрекет етедi: Жүнiс туған халқының қас жауы — Ассур патшалығының астанасын бастарына төнген пәледен сақтандырып, терiс жолдан қайтуға шақырудан бас тартады. Мүмкiн, Құдай дұшпандарымызды кешiрiп, жазаламай жүрер деп ойлап, өз халқы Тәңiр Ие алдындағы ерекше орнынан айырылмаса екен деп уайымдайды (4:2).

Сондықтан Жүнiс бiр алыс жерге қашып кетуге ұйғарады. Алайда Алла Тағаланың назарынан тыс кету мүмкiн еместiгiне оның көзi тез жетедi. Құдай сұрапыл дауыл жiберiп, сапарды болдырмайды, бiрақ керемет iс арқылы пайғамбардың өмiрiн аман сақтап қалады. Кейiн оны қайтадан жаудың астанасы Ниневиге жiбередi, бұл жолы пайғамбар Тәңiр Иенiң хабарын жеткiзедi.

Ниневидiң бүкiл халқы терiс жолдарынан қайтқандықтан Алла Тағала оларды кешiредi. Бұған қатты ренжiген Жүнiске Тәңiр Өзiнiң барлық ұлттардың да қамын ойлайтынын, бәрiн де құтқарғысы келетiнiн бiлдiредi. Бiрнеше ғасырдан кейiн Мәсiх Өзiнiң өлiп, үш күннен кейiн қайта тiрiлуi туралы айтып, Жүнiстiң кереметпен құтқарылуын соның алдын ала берiлген хабары етiп түсiндiредi (2:1,11; Матай 12:40; 16:4). Осылайша Жүнiс пайғамбардың басынан кешкендерi Құдай халқына өте маңызды тәлiм бередi.

1

Жүнiстiң Құдайдан жасырынып қалуға тырысуы


1Аматтай ұлы Жүнiске Жаратқан Иенiң:

2«Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, оны соттамақ екенiмдi жарияла! Олардың зұлым қылықтары Менiң көз алдымда» деген бұйрығы жеттi.


3Сонда Жүнiс жолға жиналды, алайда ол Жаратқан Иенiң назарынан алысқа, Тарсис қаласына қашып кетуге бел буды. Ол Яффа қаласына* барып, сол жерден Тарсиске аттанғалы тұрған кеменi iздеп тапты. Жол ақысын төлеп, кемеге отырып, Жаратқан Иеден қашып кету үшiн Тарсиске жүзiп кеттi.


4Бiрақ Жаратқан Ие теңiзге қатты жел жiберiп, сұрапыл дауыл тұрғызды. Кемеге қирау қаупi төндi.

5Теңiзшiлер үрейленiп, әрқайсысы өзi табынатын тәңiрiне жалбарына сиынды. Олар кеменiң салмағын жеңiлдетiп, қауiптi азайту үшiн жүктердi суға лақтыра бастады.

Бұл кезде Жүнiс кеменiң төменгi қабатына түсiп, қатты ұйқыға кеткен болатын.

6Кеме бастығы оған келiп: «Әй, сен не ғып ұйықтап жатырсың?! Тұрып, Тәңiрiңе жалбарын! Мүмкiн, Ол бiздi ойына алып, ажалдан сақтап қалар», — деп бұйырды.


7Теңiзшiлер өзара: «Жеребе тастап, бiздiң осы пәлеге душар болғанымызға кiмнiң кiнәлы екенiн бiлiп алайық», — дестi. Олар солай iстегенде жеребе Жүнiске түстi.

8Теңiзшiлер оған:

— Бiзге айтып бершi: осы апаттың басымызға түскенiне кiм айыпты? Кәсiбiң не? Қайдан келдiң? Туған елiң қайда? Қай ұлтсың? — деген сұрақтарды жаудырды. Жүнiс:


9— Мен исраилдiкпiн. Көктегi Құдайды, яғни теңiз бен құрлықты жаратқан Тәңiр Иенi қастерлеймiн, — деп жауап қайырып,

10оларға өзiнiң Жаратқан Иеден қашып жүргенiн ашық айтып бердi. Сонда теңiзшiлердiң зәрелерi ұшып сасқалақтап, Жүнiстен: «Неге бұлай iстедiң?!» — деп сұрады.


11Осы екi арада теңiз толқындары күшейген үстiне күшейе түстi. Сондықтан теңiзшiлер Жүнiске:

— Теңiздiң тыншуы үшiн саған не iстеуiмiз керек? — деген сауал қойды.


12— Менi теңiзге лақтырсаңдар, ол басылады. Өйткенi осы сұрапыл дауылға ұшырап отырғандарың менiң кесiрiмнен екенiн бiлемiн, — деп жауап бердi Жүнiс.


13Алайда сол жiгiттер бар күштерiмен есе берiп, кеменi жағаға жеткiзуге тырысты. Бiрақ дауыл долданып, күшейе түсiп, еңбектерi зая кеттi.

14Сондықтан олар Жаратқан Иеге жалбарына сиынып:

— Уа, Жаратқан Ие, мына адамның жанын алу үшiн бiздi де ажалға бұйыра көрме! Ал егер ол кiнәсыз болса, қанын бiздiң мойнымызға жүктей көрме! Себебi Сен, Жаратқан Ие, осыны өз қалауыңа сай iстедiң, — дедi.

15Теңiзшiлер Жүнiстi көтерiп алып, теңiзге лақтырып жiбердi. Сонда буырқанып тұрған теңiз тыныштала қалды.

16Бұдан сол адамдардың зәрелерi ұшып, Жаратқан Иеден қатты қорықты. Оған арнап құрбандық шалып, бұдан былай Жаратқан Иенi қастерлеуге ант бердi.

2

Пайғамбардың апаттан құтқарылып, Тәңiрдi дәрiптеуi


1* Жаратқан Иенiң бұйрығымен бiр үлкен балық Жүнiстi жұтып қойып, ол соның iшiнде үш күн, үш түн бойы жатты.


2Жүнiс балық iшiнен Тәңiр Иесiне сиынып, былай деп мiнажат еттi:

3«Қиын-қыстау кезiмде, Құдай Ием,
Саған сиындым, жауап бердiң де Сен.
Мен тұңғиықтың терең түкпiрiнен
Саған көмек сұрап жалбарынған ем.
Шақырған даусыма құлақ салдың Сен.

4Менi тұңғиыққа, терең теңiздiң
Түбiне Сен лақтырған болатынсың,
Айналам түгел тек ағыстар болып,
Соққылап қарқынды толқындарыңның
Барлығы да өттi мынау басымнан.

5Мен былай деп те айтқан болатынмын:
Аластатылсам да көз алдыңнан,
Киелi үйiңе қарамақпын қайтадан.

6Су басып, теңiз тартып құшағына
Қорқытты, балдырлар оралып басыма.

7Су асты тау түбiне түсiп қалдым,
Сол жерге мәңгi қамалғандай болдым.
Бiрақ Сен, Жаратқан Ие, Құдайым,
Жанымды тұңғиықтан алып қалдың.

8Көңiлiм құлазып, үмiт өшкенде,
Уа, Тәңiрiм, Сенi алдым есiме,
Мiнажатым құлағыңа жеттi де.
Сенiң көктегi киелi үйiңде.

9Жарамсыз да жалған тәңiрлерге
Табынушылар безед өздерiне
Рақым көрсетпек болған Құдайынан.

10Ал мен Саған әнмен шүкiрлiк айтам,
Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам.
Құтқарылу келед тек Жаратқаннан!»


11Үш күннен кейiн Жаратқан Иенiң бұйрығы бойынша балық Жүнiстi жағалауға құсып тастады.

3

Қайтадан берiлген тапсырманың орындалуы


1Бұдан кейiн екiншi рет Жүнiске Жаратқан Иенiң:

2«Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, Менiң өзiңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!» деген бұйрығы жеттi.


3Осы жолы Жүнiс Тәңiр Иенiң айтқанын екi етпей, жолға шығып, Ниневиге барды. Бұл аралап шығуға үш күн уақыт кететiн өте үлкен қала едi.*

4Жүнiс қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейiн Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» — деп жариялап жүрдi.


5Қала халқы Құдайдың хабарына сендi. Олар (күнәларына өкiнiп) ораза жариялап, үлкен-кiшi барлық адамдар азалы киiм* кидi.


6Ниневидiң патшасы бұл туралы естiгенде, ол да (күнәсына опық жеп) тағынан түсiп, патшалық шапанын шешiп тастады да, азалы киiм жамылып, күлге отырды.*

7Ниневи халқына мына әмiрiн жариялатты:

«Бұл — патша мен оның уәзiрлерiнiң бұйрығы:

Күллi халық ораза тұтсын! Барлық адамдар мен жануарлар, iрiлi-ұсақты малдар азық пен сусыннан ауыз тимесiн!

8Адам және жануар атаулы азалы киiм мен жабу жамылсын! Әркiм Құдайға жалынып-жалбарынып сиынсын! Бәрi де жаман мiнез-құлықтары мен сұрапыл iс-әрекеттерiнен бас тартсын!

9Мүмкiн, сонда Құдай райынан қайтып, қаһарын басып, бiз пәледен аман қалармыз!»


10Құдай олардың iстегендерiн көрiп, жаман жолдарынан қайтқандарына көз жеткiздi. Оларға мейiрiмдiлiк танытып, бәрiн құртамын деген райынан қайтты.

4

Құдайдың мейiрiмiне ренжiген Жүнiстiң Одан сабақ алуы


1Алайда Жүнiс бұған қатты кейiп, ашуланды.

2Ол Жаратқан Иеге сиынып былай дедi:

— Уа, Тәңiрiм, мен осылай болатынын елiмде жүргенде-ақ айтпап па едiм? Сондықтан да тездетiп Тарсиске қарай қаштым. Сенiң рақымды да мейiрбанды Құдай екенiңдi бiлдiм: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзiмдiсiң, сүйiспеншiлiгiң шексiз зор. Пәле жiберемiн деген райыңнан қайтуға да дайынсың.

3Уа, Тәңiрiм, ендi жанымды ала гөр. Маған тiрi жүргенше, өлген артық.* —

4Жаратқан Ие оған:

— Сенiң ренжiп, ашуланатындай қандай хақың бар? — деп сұрақ қойды.


5Ал Жүнiс қаладан шығып, оның шығыс жағындағы бiр жерге барып отырды. Өзiне қарапайым күрке жасап, соның көлеңкесiнде қаланың не боларын көрмек болып күттi.

6Сонда Құдай Ие Жүнiске саясы түсiп, оған әлдеқайда қолайлы болу үшiн бiр бұтаны өсiрiп шығарды. Бұта Жүнiске керемет ұнады.


7Бiрақ Құдай келесi күнi таң сәрiде бұтаны кемiретiн құрт жiберiп, содан ол солып қалды.

8Күн көтерiлгеннен кейiн Құдай шығыстан аңызақ жел соққызды. Басын күйдiрген күннiң аптабынан Жүнiс әлсiреп қалды. Ол өлiм тiлеп: «Маған тiрi жүргенше өлген артық!» — деп налыды.

9Құдай оған:

— Бұтаға бола ренжiп, ашуланатындай қандай хақың бар? — деп сұрақ қойды. Жүнiс:

— Менiң тiптi өлгенше ашулануға хақым бар, — дегенде,

10Жаратқан Ие оған былай деп жауап бердi:

— Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп, өсiрмедiң, ол бiр түнде өсiп шығып, келесi түнi жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенiң жаның ашиды.

11Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық,* сондай-ақ көптеген мал бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менiң жаным ашымасын?!