Жазба туралы мәлiмет
Ишая пайғамбарлық қызметiн б.з.д. 740 жылы бастап, өмiрiнiң басым бөлiгiн Иерусалимде өткiздi.
Құдай Өзiне бағынбай, әдiлетсiз iстер жасағаны үшiн Яһуда халқын жазалайтын болды. Бұл туралы оларға Ишая арқылы ескертiп отырды. Бiрақ соқыр да саңырау iспеттi халық жүректерiн қасарыстырып, терiс жолдарынан қайтпады. Сондықтан Құдай оларды жауларына жеңдiрiп, елдерiнiң талқандалуына жол беруге ұйғарды.
Сол тұста кең-байтақ Ассур патшалығы Сирия мен солтүстiк Исраилдi өзiне бағындырмақ болды. Осы көршiлес елдер Яһуда патшасынан өздерiмен одақтасып, Ассур патшалығына қарсы шығуын күш көрсетiп талап еттi. Яһуда патшасы Ахаз бұған көнбей, Ассурдан сол екi елден құтқаруын өтiндi.
Ахаздың бұл iсi Жаратқан Иенiң еркiне қайшы болды (Шежiре 2-ж. 28:5-8,16-21). Шынында да Ассур патшасы Сирия мен солтүстiк Исраилдi жеңгеннен бiрнеше жылдан кейiн бұрынғы одақтасы Яһудаға да қарсы соғысуға аттанып, елдiң басым бөлiгi мен бекiнiстi қалаларын жаулап алды. Астанасы Иерусалим қоршауда қалды. Бiрақ Құдай Яһуданың сол кездегi патшасы Езекияның (б.з.д. 715-686 ж.) мiнажатына құлақ салып, Ассур әскерiн құртып, Иерусалимдi құтқарды (Шежiре 2-ж. 32:1-23).
Бұдан кейiн Езекия менменсiп, Бабыл патшалығымен одақтасты. Құдай Ишая пайғамбар арқылы Езекияға наразылығын бiлдiрдi. Бабыл әскерi болашақта Иерусалимдi жаулап алып, Яһуда халқын Бабылға құлдыққа айдап әкететiнiн ескерттi. Бұл жайт б.з.д. 586 ж. жүзеге асты да.
Соның өзiнде Құдай таңдап алған халқын әлi де сүйдi. Оларға Бабылдың құрсауынан босатпақшы екенiн бiлдiрiп, үмiт бердi. Тәңiр Ие парсы патшасы Кирдiң Бабыл патшалығын талқандап, яһудилердiң өз елдерiне қайтуларына рұқсат ететiнiн де Ишая пайғамбар арқылы алдын ала хабарлады.
Осылай Құдай содан мың жыл бұрын Мұса пайғамбардың заманында жасағанындай, тағы да өз халқын құлдықтан азат етпек болды. Оларға келешекте ежелгi Дәуiт патшаның әулетiнен құтқарушы Патшаның шығатынын бiлдiрдi. «Жас Өскiн» деп аталған осы Патша әдiлдiкпен билiк құрып, бейбiтшiлiк орнатпақ. Алты ғасырдан кейiн Иса Мәсiх бұл дүниеге келiп, Құдайдың уәделерiн терең мәнде iске асырды. Кир патша Яһуда халқын Бабылдың құлдығынан босатқан болса, Мәсiх бүкiл адамзат үшiн күнәның жексұрын құрсауынан құтқарылудың жолын ашты!
Бұл құтқарылудың шарты «Құдайдың әдiл қызметшiсiнiң» күнәның тиiстi жазасын тартуы болды. Әрбiр күнәкар ендi терiс жолынан қайтып, Құтқарушысына сенiм артуға шақырылады. Мұның нәтижесi тек Исраил халқы үшiн ғана керемет болып қоймайды, сондай-ақ басқа халықтар да құтқарылып, «Исраил сиынған Киелi Құдайға» қызмет ететiн болады. Сонда жер бетi зұлымдық атаулыдан арылып, тыныштық пен әдiлдiк орнайды. Күллi адамзат Жаратушы Тәңiр Иеге мойынсұнып, Оны шын жүректен мадақтайтын болады.
Ишая пайғамбардың жазбасы жалпы алпыс алты тараудан тұрады. Бұл басылымға олардың 1-12 және 40-66 тараулары енгiзiлiп отыр.
Кiрiспе
1Бұл — Құдайдың Амос ұлы Ишая пайғамбарға Яһуда елi* мен астанасы Иерусалим туралы бiлдiрген аяндары. Пайғамбар оларды Яһуда елiне Ұзиях, Жотам,** Ахаз және Езекия патшалық құрған кездерде көрдi.
Құдайдың Яһуда халқының күнәсын әшкерелеуi
2Көк пен жер, ден қойып тыңдаңдар,* Жаратқан Ие сөйлеп тұр. Ол былай дейдi: «Мен балалар** асырап алып, өсiрдiм. Алайда олар Маған қарсы шығып, бас көтердi.
3Әр өгiз өз қожайынын таниды, есек те иесiнiң жем салатын астауын бiледi. Бiрақ Исраил Менi танымайды: меншiктi халқым Менiң кiм екенiмдi ұқпайды!*
4О, күнәкар ұлт, мойнында ауыр кiнәсы бар халық, зұлымдардың тұқымы, азғындыққа салынған ұрпақ! Мен Жаратқан Ие, Исраил сиынған Киелi Құдай болсам да, олар Менi менсiнбей, бас тартып, сырт айналып кеттi.
5Нелiктен сендер тағы да соққы жей бермексiңдер? Неге Маған қарсы тұруды қоймайсыңдар?
Халықтың басы түгелдей жара, жүрегi әлсiз.
6Табанынан тас төбесiне дейiн сау жерi жоқ. Тұла бойы толған жарақаттар, қамшының iздерi, жараларыңның ауыздары ашық. Ешкiм оларды жуып, май жағып сылап, таңған емес.
7Елдерiң қаңырап бос қалған, қалаларың өртенiп, қираған. Жат жерлiктер егiстiктерiңнiң өнiмiн көз алдарыңда жеп қояды. Жау қырып-жойып кеткен елдерiң быт-шыт, жұрдай болып жатыр.
8Тек Сион тауындағы Иерусалим қаласы* ғана қалды. Ол жүзiмдiк iшiндегi шатырдай, қауын бақшасындағы күркедей жападан-жалғыз тұрған, жау қоршауға алған қалаға ұқсайды».
9Әлемнiң Иесi бiразымызды тiрi қалдырмағанда, бiз де ежелгi Содом мен Ғомора қалаларының кебiнiн киiп, толықтай жойылған болар едiк.*
Құдай екi жүздiлiктi жек көредi
10Ей, Содомның билеушiлерi сияқты зұлым басшылар, Тәңiр Иенiң хабарын тыңдаңдар! Ғомораның тұрғындарына ұқсаған күнәкар халық, Құдайымыздың тәлiмiне* ден қойыңдар!
11Жаратқан Ие былай дейдi: «Көптеп құрбандық шалуларыңның Мен үшiн қандай мәнi бар? Ұсынған қошқарларыңа, бордақыланған малдарыңның майына әбден тойдым. Құрбандыққа шалған бұқаларың мен қой-ешкiлерiңнiң төгiлген қанына да риза емеспiн.
12Алдыма келу үшiн ғибадатханамның аулаларына кiресiңдер, әкелген құрбандық малдарың оларды аяқтарымен таптап тастайды. Кiм мұны сендерден талап еттi?
13Пайдасыз сый-тартуларыңды Маған бұдан былай ұсынбаңдар! Хош иiстi зат түтетулерiңдi де ұнатпаймын.* Демалыс күндерi мен Жаңа туған ай мерекелерiн** атап, дiни жиындарда бас қосасыңдар. Сонымен қатар зұлымдық та жасай бересiңдер! Осыларыңа бұдан былай төзе алмаймын.
14Сол себептен Жаңа туған ай мен өзге де мерекелерiңдi жаным жек көредi. Олар Мен үшiн ауыртпалыққа айналды, бос рәсiмдерiңе төзуден мезi болдым!
15Сендер қолдарыңды жайып Маған сиынғанда назар аудармаймын. Қаншама көп мiнажат етсеңдер де, Мен құлақ салмаймын. Себебi қолдарың қанға малынған.
16Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Көз алдымда жасап келген зұлым iстерiңдi тоқтатып, жамандық атаулыдан бас тартыңдар!
17Жақсылық iстеудi үйренiп, әдiлдiкке ұмтылыңдар! Зорлық-зомбылық жасағандарды әшкерелеп,* жетiм-жесiрлердi қолдап, мүдделерiн қорғаңдар!»
18Жаратқан Ие былай деп шақырады: «Келiңдер, мәселелерiңдi талқылап, шындығына жетейiк! Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етiп, сендердi қар сияқты аппақ қылмақпын. Қылмыстарың қан қызыл болса да, сендердi кешiрiп, аппақ жүндей ағартпақпын.
19Егер Маған мойынсұнып, тiлiмдi алсаңдар, жердiң жақсы өнiмдерiн жейтiн боласыңдар.
20Алайда қасарысып, Маған қарсы тұра берсеңдер, сендердi жаудың семсерi жалмап қояды». — Жаратқан Иенiң Өзi осылай деген.
Құдайдан безген, опасыз Иерусалим қаласы жайлы қайғыру
21Қарашы, ежелде Құдайға адал болған қала ендi өзiн опасыз әйелдей ұстайды! Бұл қала әдiлдiк пен адалдықтың ордасы болатын, ал қазiр оны кiсi өлтiрушiлер мекендейдi.
22О, Иерусалим, сен күмiстей құнды едiң, ендi қоқысқа ұқсайсың, дәмдi сусындай едiң, сұйылып кеттiң.
23Басшыларың — Құдайға қарсы шыққан бүлiкшiлер, ұры-қарақшылардың сыбайластары! Бәрi де пара алғанды ұнатып, сый-сияпат дәметушiлер. Олар жетiмдердiң мүдделерiн қорғамайды, жесiрлердiң өтiнiштерiне құлақ та салмайды.
24Соған орай Әлемнiң Билеушiсi, Исраилдiң құдiреттi Тәңiр Иесi, былай дейдi: «Ә, бәлем, Мен дұшпандарыма қаһарымды төгiп, қылықтарының есесiн қайтарамын!
25Иә, Иерусалим, саған қарсы қатаң шара қолданамын: зергердiң күмiстi балқытып, сiлтiмен тазартатынындай, Мен де сенi былғайтын қоқыс атаулыңнан арылтып, тазартамын.
26Бұрын iстегенiмдей, саған тағы да әдiл соттар мен кеңесшiлердi тағайындаймын. Сонда сенi «әдiлеттi қала», «адал астана» деп атайтын болады».
27Осылай Тәңiр Ие Сион қаласын күнәларының құрсауынан құтқарып, әдiлдiктi қалпына келтiрмек. Оның опық жеп, терiс жолдан қайтқан тұрғындарын кешiрiп, тура жолға түсiредi.
28Алайда Құдайға қарсы тұрып, күнә жасаушылардың бәрi бiрдей құриды, Тәңiр Иеден безгендер қырылып жойылады!*
29Сендер киелi деген емен ағаштарыңның астында және бау-бақшаларыңның iшiнде жалған тәңiрлерге құлшылық етудi қатты ұнатып, соны таңдаған едiңдер. Мiне, соларыңа бола масқараланасыңдар!
30Жапырақтары қурап кеткен ағашқа, сусыз, кеуiп қалған бау-бақшаға ұқсайтын боласыңдар.
31Күштi адамдарың кепкен дән қауызындай, ал арам қылықтары от ұшқынындай болады. Сонда олар табан астынан жанып, бұл өрттi ешкiм де сөндiре алмайды.*
Құдайдың жаңарған Иерусалим үшiн көздеген мақсаты
1Құдайдың Яһуда елi мен Иерусалим қаласы туралы Амос ұлы Ишаяға аян арқылы бiлдiрген хабары:
2Кейiнгi заманда* Жаратқан Иенiң
Киелi үйi тұрған Сион тауы
Бастысы болады бар тау-төбелердiң.
Бәрiнен де оның атақ-даңқы
Әлдеқайда жоғары боп қалады.
Барлық халықтардың адамдары
Соған қарай ағылатын болады.
3«Ендi жүрiңдер, Жаратқан Иенiң,
Жақыптың халқы сиынған Құдайдың,
Сион тауындағы киелi үйiне
Өрлеп барайық барлығымыз, кәне!
Сол жерде Тәңiр Иемiз бiздерге
Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейiк,
Әдiлеттi еркiн орындай берейiк!» —
Деп, көбi жолға шығады бiрiгiп.
Сөзiн таратады, тәлiмiн* үйретiп
Жаратқан Ие Иерусалимнен,
Сиондағы өз киелi үйiнен.
4Сонда Тәңiр халықтар арасында
Төрелiк етiп, көптеген ұлттарға
Шығаратын болады әдiл үкiмiн.
Ендi олар төс үстiнде қаруын
Қайта соққылап, соқаға қылышын
Айналдырады, ораққа найзасын.
Халықтар ендi қайтып ешқашан да
Бiр-бiрiне қарсы қару көтермейдi,
Олар соғысуды тiптен үйренбейдi.
5Жақыптың үрiм-бұтағы, келiңдер,
Тәңiрдiң нұрында жүрейiк бiздер!
Тәкаппарлардың жазалануы
6О, Тәңiрiм, Сен бiздi — таңдап алған халқыңды, Жақыптың үрiм-бұтағын — тастап кеттiң! Себебi ел iшi шығыстан келген жаман әдет-салттарға толып тұр. Халқың Өзiңе мойынсұнбаған бөтендермен қол алысып, келiсiм жасайды, әрi фiлiстiрлердей сәуегейлiкпен және сиқыршылықпен айналысады.
7Бұл халықтың жерi алтын, күмiске кенелген. Қазынасының шегi жоқ, мiнетiн аттары мен соғыс күймелерi де сансыз көп.
8Осы ел жалған тәңiрлерге* толы, адамдар өз қолдарынан шыққан заттарға табынады!
9Әрбiр адам төмендетiлiп,* бәрi де масқараланады. О, Құдай, соларға кешiрiм бермейсiң!**
10Ей, опасыздар, Жаратқан Иенiң қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан құз-шатқалдардың арасына қашып барып, жердегi шұңқырларға жасырынуға тырысыңдар!
11Менменнiң көзi төмен түсiп, адамзаттың асқақтығы талқандалатын күн туады! Сонда жалғыз Жаратқан Иенiң ғана мерейi үстем болады.
12Әлем Иесiнiң сот жүргiзетiн сол күнi мақтаншақтар мен тәкаппарлар, өзiн-өзi дәрiптеушi әркiм де масқараланып төмендетiледi!
13Ливан тауындағы асқақтаған зәулiм балқарағайлар, Башан* жерiндегi күллi емендер,
14асқар биiк тау-төбелер,
15заңғар мұнаралар мен мықты қамалдардың бәрi бiрдей тегiстелiп, жермен-жексен болады.
16Қандай да алып сауда кемесi* мен көз тартатын әдемi бейне болмасын, барлығы да құртылады.
17Сол күнi адамның өркөкiректiгi басылып, пенденiң менмендiгiне шек қойылып, жалғыз Тәңiр Иенiң ғана мерейi үстем болады!
18Ал жалған тәңiрлер мүлдем ғайып болып жоғалады.
19Жаратқан Ие жердi сiлкiнту үшiн тағынан тұрған сол кезде Оған мойынсұнбағандар құз-шатқалдардың қуыстарына, не жердiң ой-шұңқырларына қашып барып, Жаратқан Иенiң қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан жасырынып қалуға тырысады.
20Сол күн туғанда күнәкарлар табыну үшiн өздерi жасап алған алтын, күмiс тәңiр мүсiндерiн лақтырып, көртышқандар мен жарқанаттарға қалдырып,
21құз-шатқалдардың iшiндегi үңгiрлер мен қуыстарға қашып кiредi. Жаратқан Ие жердi сiлкiнту үшiн тағынан тұрғанда олар Оның қорқынышты қаһарынан әрi айбынды ұлылығынан тығылып қалмақ болады.
22Ендеше өткiншi пендеге* арқа сүйеулерiңдi доғарыңдар! Оның қолында тұрған не бар?
Яһуда елi мен Иерусалимге шығарылған үкiм
1Сондықтан бiлiп алыңдар, ендi Әлемдi Билеушi Тәңiр Ие Иерусалим мен Яһуда елiн барлық сүйенiштерiнен ада етедi: олардың ас-су қорларын жоқ қылып,
2батырлары мен жауынгерлерiн, билерi мен пайғамбарларын, сәуегейлерi мен рубасыларын,
3елубасылары мен лауазымдыларын, кеңесшiлерi мен шебер ұсталарын және бiлгiр бақсыларын* да халық арасынан алып кетедi.
4Тәңiр Ие:
— Бұл елдi жас балаларға басқартамын, жүгенсiз жасөспiрiмдердi билеушiлерi етiп қоямын, — дейдi. —
5Бұдан былай адамдар бiр-бiрiн қанап, әркiм өз жақын-жарандарына қысымшылық жасайды. Жастар паңданып үлкендерге қарсы шығады, қадiрсiздер менменсiп беделдiлердi сыйламайды.
6Сол кезде адамдар ағайындарының бiреуiне жармасып: «Үстiңде киiмiң бар ғой. Бiздiң басшымыз болып, қираған осы жердi қол астыңа алып, қалпына келтiре гөр!» — деп жалынатын болады.
7Бiрақ ол кiсi қарсы шығып: «Халықтың қасiретiн емдеп жазатындай құдiретiм жоқ! Жеуге тамақ, киюге киiм өз үй iшiме де жетiспейдi! Менi басшыларың қыла көрмеңдер!» — деп бас тартпақ.
8Иерусалим қаласы осылай шайқалып, Яһуда елi осылай құлайды! Себебi олар сөздерiмен де, iстерiмен де Жаратқан Иеге қарсы шығып, Оның көз алдында салтанатты ұлылығын менсiнбей келедi.
9Бұлардың бет-әлпеттерi өздерiн әшкерелейдi.* Олар ежелгi Содом халқы сияқты ашықтан-ашық күнә жасап,** соларын мақтан да етедi. Өз бастарына өздерi пәле тiлеген олар қасiретке қалады!
10Ал әдiл жандарға мына iзгi хабарды жеткiзiңдер: олар еңбектерiнiң жемiсiн жеп, игiлiктерiн көредi.
11Бiрақ зұлымдар қасiретке қалады! Басқаға iстеген жамандықтары өз бастарына түседi.
12Балалар* халқыма зорлық-зомбылық көрсетiп, әйелдер оған билiк жүргiзедi. Халқым Менiң! Жетекшiлерiң сендердi адастырып, терiс жолға түсiруде! — дейдi Жаратқан Ие.
13Жаратқан Ие адамзатқа үкiмiн шығаруға дайын тұр.
14Тәңiр Ие таңдап алған халқының рубасылары мен әмiршiлерiн сотқа тартып, оларға айыптарын атап көрсетедi: «Сендер Менiң жүзiмдiгiмдi ойрандадыңдар!* Өз сарайларыңды бейшаралардан тонап алған дүние-мүлiкпен толтырдыңдар.
15Менiң халқыма қысымшылық жасап, кедейлердi езiп-жаншығандарың не?!» — дейдi Әлемдi Билеушi Тәңiр Ие.
Иерусалимнiң қыз-келiншектерiне ескерту
16Жаратқан Ие тағы былай дейдi: «Иерусалимнiң* әйелдерi қандай менмен! Олар бастарын қақшитып, көздерiмен қылымсып жүредi. Қадамдарын кербездене басып, аяқтарындағы сылдырмақтары сыңғыр-сыңғыр етедi.
17Алайда Мен, Тәңiр Ие, Иерусалимнiң әйелдерiн жазалап, бастарына жара қаптатып, таз қыламын».
18Сол кезде Тәңiр Ие Иерусалимнiң әйелдерiн мақтан тұтатын әшекейлерiнен де айырады. Аяқ сылдырмақтары мен шашбауларын, айшықты алқаларын,
19-22 сырға-бiлезiктерiн және бет перделерiн, әдемi бас киiмдерi мен аяқ бiлезiктерiн, белбеулерi мен әтiрлi құтыларын, бой тұмарларын, жүзiктерiн* және мұрындық сырғаларын, сондай-ақ сәндi киiмдерi мен шапандарын, халаттары мен әмияндарын, айналары мен бәтес киiмдерiн, шәлiлерi мен бөкебайларын — бәрiн де Тәңiр Ие олардан алып қояды.
23Сонда хош иiстi иiссуларының орнын сасық иiс басады. Әшекейлi белбеулердiң орнына олар кендiр жiп байлап, тым баптаған шаш орнына тақыр бас болады. Сәндi киiмдер орнына азалы киiм* киiп, сұлулықтың орнын құлдықтың таңбасы басады.
24Иерусалимнiң адамдары семсерден өлiп, батырлары да ұрыста қаза табады.
25Қала қақпаларының басында жоқтау айтылып, жылап-сықтау болады. Қаңырап бос қалған астана тақыр жерде отырған әйелге ұқсап қалады.
Иерусалимнiң болашақ даңқы
1Сол күн туғанда әрбiр ер адамға жетi әйел жармасып, оған: «Нанымызды өзiмiз тауып жеп, киiмiмiздi өзiмiз тауып киемiз. Тек күйеуiмiз болып, масқаралықтан арылта көрiңiз!» — деп жалынып-жалбарынады.
2Сол күндерi Жаратқан Иенiң өсiрiп шығарған «Жас Өскiнi»* салтанатты да қадiрлi болады. Исраил халқының пәледен аман қалғандары осы жердiң өнiмiн мақтан тұтып, даңққа кенеледi.
3Иерусалимде өмiр сүру үшiн тiзiмге тiркелiп, сонда аман қалған әрбiр адам Құдайға бағышталған қасиеттi деп аталады.
4Себебi Тәңiр Ие Сион шаһарының әйелдерiн жан дүниелерiндегi ластан арылтады, әрi қан төккен Иерусалим қаласын әдiлдiкпен соттап, қан дақтарынан отпен тазартады.*
5Содан кейiн Құдай Сион тауының және осында жиналғандардың үстерiнен күндiз бұлт пен түтiн, түнде жалындаған оттың сәулесiн жаратады.* Бұлар салтанатты қаланы тұтастай қалқалап жауып тұрып,
6оны күндiзгi қапырықтан тасалап, дауыл мен жауыннан да қорғайтын болады.
Үмiттi ақтамаған жүзiмдiк жайлы жыр
1Ендi мен Жан досымның атынан Оның жүзiмдiгi жайлы* жырын айтып берейiн:
Досымның жүзiмдiгi құнары асқан
Қыраттың беткейiне орналасқан.
2Досым оның топырағын қопсытып,
Тазартты барлық тастардан арылтып,
Ең таңдаулы сабақтарды отырғызып,
Күзетуге мұнара салды қойып.
Сондай-ақ жүзiм шырынына арнап
Астау жасап қойды әктастан қашап.
Содан жақсы жемiстiң шығуын күттi,
Жүзiмдер бiрақ жабайы боп шықты!
3Сол себептен Досым мынаны айтады:
«Ал, кәне, Иерусалим тұрғындары,
Сондай-ақ Яһуда азаматтары,
Бақша мен Өзiмнiң арамыздағы
Дауымызға төрелiк айтыңдаршы:
4Баққа Мен iстемеген не қалып едi?
Мен одан жақсы жүзiм күткенiмде,
Неден ол сондай нашар өнiм бердi?
5Сендерге бiлдiрем жүзiмдiгiме
Менiң не iстейтiнiмдi келешекте:
Қоршаған шарбағын шауып тастаймын,
Тас дуалын қиратып, талқандаймын,
Мал мен аңдарға таптатып қоямын,
Жүзiмдiктi жермен-жексен қыламын,
6Осылай бақшамды ойрандатамын!
Ендi қайтып сабақтарын қысқартып,
Топырағын өңдемеймiн қопсытып.
Тiкендi бұталар, жантақ, ошаған
Қаптап басып кетедi, әрi оған
Еш уақытта да жаңбыр жауғызбауға
Өзiм бұйыратын болам бұлттарға».
7Әлем Иесiнiң бұл жүзiм бағы —
Исраилден шыққан үрiм-бұтағы,
Әрi Яһуда елiнiң адамдары —
Қуана еккен жүзiм сабақтары!
Құдай бұлардан әдiлдiк күттi,
Ал, мiне, олар жазықсыз қан төктi!
Иемiз олардан адалдық та күттi,
Ал, мiне, жапа шеккендердiң айқайы
Құдайдың құлағына жетiп жатты!
Зұлымдық жасаушылардың шегетiн қасiретi
8Үйлерiңе үй, егiндiктерiңе егiндiк қосып алатындар, қасiретке қаласыңдар! Басқаларға орын қалдырмай, тек өздерiң ғана осы жерде тұрмақсыңдар.
9Әлемнiң Иесiнiң мына сөздерi құлағыма шалынды: «Бiлiп қойыңдар: мына көп үйлер иелерiнен айырылып, әдемi сарайлар да қаңырап бос қалатын болады!
10Сол кезде он сотық* жүзiмдiктен жиналған өнiмнен не бары бiр күбiдей ғана шырын шығады, әрi себiлген он пұт тұқымнан бiр-ақ пұт астық жиналады!»
11Таң ата тұрысымен сыраның соңына түсiп, түннiң бiр уағына дейiн шарапқа қызып мас болып жүретiндер қасiретке қалады!
12Жиын-тойларында домбыра мен жетiген, сылдырмақ пен сыбызғы ойналып, шарап iшiп қызыққа кенеледi. Алайда олар Жаратқан Иенiң құдiретпен жаратқандарына көңiл бөлмейдi, Оның игiлiктi iстерiне де мән бермейдi.
13Сол себептi халқым өз түсiнбеушiлiгiне бола жер аударылады! Оның атақтылары аштыққа ұшырап, қалың көпшiлiк те шөл азабын тартатын болады.
14Бұларға қоса о дүние де құнығып, аузын арандай ашып тұр. Ол елiмiздiң даңқты астанасын тосып тұрып, оның бұқара халқын, шулаған тобыры мен сауық-сайран салғандардың бәрiн бiрдей жұтып қояды.
15Әрбiр пенде төмендетiлiп, бәрi де масқараланып, менменнiң көзi төмен түседi.
16Ал Әлемнiң Иесi оларды соттап, әдiл үкiмiн шығарады. Киелi Құдай осымен Өзiнiң салтанатты ұлылығын, қасиеттiлiгi мен киелiлiгiн ашық паш етедi.
17Сол кезде осы ел ойрандалып, қойлар онда емiн-еркiн жайылады. Жат жерлiк келiмсектер бұрынғы байлардың жерлерiнен тойынатын болады.*
18Әдiлетсiз iстерiне жiптей шандылып байланғандар қасiретке қалады! Олар жалғандыққа шырмалып, күнәларын арқанмен буылғандай арттарынан сүйреп жүр.
19Оның үстiне: «Құдай тездетсiн, iстейтiнiн жылдамдап iстесiн, көрейiк! Исраил сиынған Киелi Құдайдың жоспары жақында жүзеге ассын, Оның көздегенiн бiлiп алайық!» — деп олар мысқылдайды.
20Жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтiндер, қараңғылықты жарық, жарықты қараңғылық деп атайтындар, әрi ащыны тәттi, тәттiнi ащы санайтындар қасiретке қалады!
21Өздерiн сондай дана, парасатты деп есептейтiндер де қасiретке қалады!
22Сол шарап iшкiш «батырлар», iшiмдiктi* күштi етiп дайындаудың «озаттары» қасiретке қалады!
23Олар пара алып, кiнәлыны ақтап, әдiлдi заңды хұқығынан айырады.*
24Сондықтан от тiлiнiң сабанды жалмап, жалынының пiшендi өртеп жiберетiнi сияқты, олар да әп-сәтте ғайып болады. Шөптiң тамырлары шiрiп, гүлдерi қурап, желмен ұшып кететiнiндей, бiрден жойылады. Өйткенi олар Әлем Иесiнiң, Исраил сиынған Киелi Құдайдың, тәлiмiн* мойындамай, Оның сөздерiнен бас тартты.
25Осы себептерден де Тәңiр Ие таңдаған халқына деген қаһарын лаулатып, жазалау үшiн қолын көтерiп тұр. Оның құдiретiнен таулар сiлкiнедi. Сонда өлгендердiң денелерi қоқыстай далаға лақтырылады.
Соның өзiнде Тәңiр Иенiң қаһары әлi де басылған жоқ, Оның құдiреттi қолы жазалау үшiн көтерiлiп тұр!
26Жаратқан Ие алыстағы халықтарға арнап туын көтерiп, ысқырғандай белгi бередi. Сонда әскерлерi жер шетiнен асығыс аттанып, тез жетедi.
27Ешқайсысы шаршамайды да сүрiнбейдi, қалғымайды да ұйықтамайды. Белбеулерi босап, етiктерiнiң баулары да үзiлмейдi.
28Бұл ерлердiң жебелерi үшкiр, садақтары атуға дайын тұр. Мiнген аттарының тұяқтары шақпақ тастай қатты, соғыс күймелерiнiң дөңгелектерi құйындай жүйткидi.
29Сол жауынгерлер шабуыл жасағанда арыстандай ақырады, күштi жас арыстандай айбат шегiп, олжасына бас салып, гүрiлдеп алып кетедi. Оны ешкiм де құтқарып қала алмайды.
30Сол күнi жау Исраилдiң үстiнен буырқанып долданған теңiздей ақырады. Пенде жағаға қарап, қара түнек пен азапты көредi. Қараңғы бұлттар жарықты жауып тастағандай, әркiмнiң де күдерi үзiледi.
Құдайдың Ишаяны пайғамбар етiп тағайындауы
1Ұзиях патша қайтыс болған жылы* аса дәрiптелген, заңғар биiк тағында отырған Тәңiр Иенiң аянын көрдiм. Салтанатты шапанының етегi киелi үйдiң iшiн** алып жатты.
2Тәңiр Иенi айналдыра оттай жалындаған перiштелер* қызмет етiп тұрды. Әрқайсысында алты қанаттан болды, екеуiмен бетiн, тағы екеуiмен денесiн жауып, қалған екеуiмен ұшатын.
3Олар бiр-бiрiне дауыстап: «Әлемнiң Иесi киелi, қасиеттi, қастерлi!* Бүкiл дүние Оның салтанатты ұлылығына кенелген!» — десiп тұрды.
4Олардың бұл айқайынан киелi үйдiң есiк жақтаулары мен табалдырықтары шайқалды. Үй iшi түтiнге толып кеттi.*
5Сонда мен:
— Қасiретке қалдым-ау, ендi құритын болдым! Себебi мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерiм арам.* Және сөйлеген сөздерi арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнiң Иесiн, өз көзiммен көрдiм! — дедiм.
6Осы кезде жалындаған перiштелердiң бiрi құрбандық үстелiнен жанып тұрған көмiр шоғынан көсеумен алып, маған ұшып келдi.
7Шоқты аузыма тигiзiп:
— Мiне, бұл ерiндерiңе тидi. Ендi сен әдiлетсiз iстерiңнен арылып, күнәңның құны төленiп, кешiрiлдiң, — дедi.
8Бұдан кейiн Жаратқан Иенiң:
— Мен кiмдi жiберейiн? Бiздiң хабаршымыз кiм болады? — деген даусын естiдiм.
— Мен бармын, Ием. Менi жiбере гөр, — деп жауап бердiм.
9Сонда Тәңiр Ие маған былай деп бұйырды:
— Осы халыққа барып, мына хабарды жеткiз: «Естисiңдер, бәрiбiр түсiнбейсiңдер, көресiңдер, бәрiбiр аңғармайсыңдар!»
10Осы халықтың жүректерiн қасарысқан сезiмсiз,* құлақтарын керең, көздерiн соқыр қыл! Әйтпесе олар көздерiмен көрiп, құлақтарымен естiп, жүректерiмен түсiнiп, терiс жолдарынан қайтып,** рухани дертiнен сауығар едi.
11— Жаратқан Ие, мұндай жайт қашанға дейiн созылады?* — деп сұрағанымда, Оның жауабы мынау болды:
— Ол, қалалар қирап, қаңырап бос қалғанша, үйлер ешбiр тұрғынсыз, егiндiктер ойрандалып, иесiз қалғанға дейiн созылмақ.
12Сонда Мен, Тәңiр Ие, халықтың бәрiн алысқа қуып жiберiп, бүкiл елдi* талқандатып, айдалаға айналдырамын.
13Елде жұрттың оннан бiрi қалса да, олар да қайтадан жойылады. Алайда үлкен ағаштар кесiлiп тасталғаннан кейiн түбiрлерi қалатыны сияқты, халықтың Өзiме бағышталған тұқымы* оның «түбiрi» iспеттi болып аман қалады.
Сирия мен солтүстiк Исраилдiң шабуылдары
1Яһуда елiнде Жотам ұлы, Ұзиях немересi Ахаз патшалық құрған кезде* Сирия патшасы Ресин мен солтүстiк Исраилдiң патшасы Ремалиях ұлы Пақах** екеуi Иерусалимге қарсы аттанып, шабуыл жасады. Алайда қаланы басып ала алмады.
2Кейiн тағы да «Сирия солтүстiк Исраилмен бiзге қарсы одақтасты!»* деген суық хабар Дәуiттiң әулетiне жеттi. Сонда Ахаз патша мен оның халқының қорыққаны сонша, дауыл шайқаған орман ағаштарындай дiрiлдедi.
3Ал Тәңiр Ие Ишаяға бұйрық берiп былай дедi:
— Сен ұлың Шеяр-Язубты* ертiп алып, қаланың сыртында Ахазбен жолық. Оны Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың соңынан, мата ағартушы шеберлердiң даласына апаратын жол бойынан табасың.
4Ахазға мына хабарымды жеткiз:
«Абай болып, тыныштық сақта! Ана бықсып, шала жанған екi отынның қалдығы сияқты жауларыңнан қорықпа! Ресин мен Сирияның және сол бiр Ремалиях ұлының лаулаған қаһарынан зәрең ұшпасын.
5Рас, Сирия Ефреммен,* оның патшасы Ремалиях ұлымен бiрге саған қарсы зұлым жоспар құрды:
6Кәне, Яһудаға қарсы аттанып, үрейiн ұшырайық! Елдi өзара бөлiсiп алып,* оған Табеил ұлын патша етiп тағайындайық дейдi.
7Алайда Жаратушы Тәңiр Ие мынаны айтады: Бұл ешқашан да жүзеге аспайды!
8Себебi Дамаск тек Сирияның бас қаласы, ал Ресин небары Дамаскiнiң басы ғана болады. Ефремге келсек, ол алпыс бес жылдың iшiнде талқандалып, халық болудан қалады.*
9Самария тек Ефремнiң бас қаласы, ал Ремалиях ұлы жалғыз Самарияның басы ғана бола бередi.
Ал егер сендер сенiмдерiңде берiк тұрмасаңдар, онда өздерiң де (жауға қарсы) берiк тұра алмайсыңдар!»*
10Жаратқан Ие Ахаз патшаға тағы бiр хабар жiберiп:
11— Мен, Құдай Иең, осыны iстейтiндiгiмдi саған дәлелдеуiм үшiн бiр керемет жасауымды сұра! Бұл, жердiң терең тұңғиығынан* немесе аспанның қиыр шетiнен болса да, сұрай бер, — деп бұйырды.
12Бiрақ Ахаз бас тартып:
— Жоқ, мен соны сұрамаймын! Жаратқан Иенi еркiнсiп сынағым келмейдi, — дедi.
13Сонда Ишая оған былай дедi:
— Дәуiттiң әулетi, сөзiме құлақ салыңдар! Адамдардың төзiмiн сынағандарың аз болғандай, ендi Құдайымның да төзiмiн сынамақсыңдар ма?!*
14Ендеше Тәңiрдiң Өзi сендерге осыны iстейтiндiгiн дәлелдейтiн керемет жасайды.
Бiлiп ал, пәк қыз құрсақ көтерiп, ұл туады. Оған Имануил (яғни «Құдай бiзбен бiрге»*) деген ат қояды.
15Нәресте есейiп, жаманнан бас тартып, жақсыны таңдай бiлетiн жасқа келгенде iшетiн тамағы тек айран мен бал болады.*
16Себебi бала ер жетiп, жаманнан гөрi жақсыны таңдай бiлетiн жасқа келместен бұрын-ақ, сенi соншама қатты қорқытқан әлгi екi патшаның елдерi ойрандалады.
17Жаратқан Ие саған, сенiң халқыңа және әкеңнiң әулетiне де ауыр күндердi төндiредi. Солтүстiк Исраил Яһудадан бөлiнiп шыққаннан берi елiң сондай пәленi бұрын-соңды басынан кешпеген едi: Тәңiр сендерге қарсы Ассур патшасын аттандырмақ!
18-19 Сол кезде Жаратқан Ие жауларыңа ысқырып белгi берiп, оларды осы елге шақырып алады. Бәрi де шыбын-шiркей секiлдi Мысырдағы Нiл өзенiнiң алыс салаларынан, әрi жабайы ара сияқты Ассур патшалығынан қаптап келедi. Олар үйiр-үйiрiмен сай-салаларға, құз-шатқалдардың жарықтарына, тiкенектi бұталар мен суаттардың барлығына қонатын болады.
20Сол күндерi Тәңiр Ие Ассур патшасын Евфрат өзенiнiң ар жағынан жалдап алып, жiбередi. Оны ұстарадай қолданып, шаштарың мен аяқтарыңдағы түктерiңдi, тiптi сақал-мұрттарыңды да алғызып тастатып, сендердi масқара қылады.
21Бұл уақыт келгенде шаруа өзiнiң табын-отарларынан тек бiр қашары мен екi қой-ешкiсiн ғана қырғыннан сақтап қала алады. Бiрақ соның өзiнде
22олар (тапталған егiндiктер мен бау-бақшаларда емiн-еркiн жайылып) сүттi мол беретiнi сонша, ол айран ұйытуға да жетедi. Елдегi пәледен аман қалғандар тек айран iшiп, бал жейтiн болады.
23-24 Бұрын құны бiр мың күмiс теңге болған мыңдаған жүзiм бұталары өскен әрбiр жүзiмдiктi сол күндерi тiкендi бұталар мен жантақ, ошаған қаптап кетедi. Адамдар осылай ойрандалып, тiкендi бұталар мен арам шөп басқан барлық жерге тек садақпен қаруланып қана баратын болады.*
25Бiр кезде кетпенмен қопсытылып, өңделген барлық қырат-қырқаларыңа ендi тiкендi бұталар, жантақ, ошаған қаулап өсiп тұрғандықтан бара алмайтын боласыңдар. Сол жерлердi iрi қара мен ұсақ малдар еркiн жайылып таптайтын болады.
Ассурдың жедел басқыншылығы
1Кейiнiрек Тәңiр Ие маған мынадай бұйрық бердi:
— Аумақты тақта* ал да, оған жұрт оқитындай етiп: «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалауға арналған»** деп жаз!
2Сол үшiн мен екi адамды: дiни қызметкер Ұрияны және Барақиях ұлы Зәкәрияны сенiмдi куәгерлерiм етiп алдым.
3Бұдан кейiн мен пайғамбар әйел — жұбайыммен жақындасып, ол құрсақ көтерiп, ұл туды. Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды:
— Бұл балаға «Тез-Тонап-Жылдам-Олжалау»* деген ат қоясың.
4Себебi оның тiлi шығып, «Апа, әке» дегенше, Дамаск пен Самарияның бүкiл байлығын Ассур патшасы олжалап кетедi.*
5Жаратқан Ие маған тағы да хабарын жеткiзiп
6былай дедi: «Осы халық* (Өзiм Иерусалимнiң игiлiгi үшiн ағызып отырған) Силоғам бұлағының тыныш суын менсiнбейдi.** Қайта, олар Ресинге және Ремалияхтың ұлына қуанады!***
7Бiлiп қойыңдар: сол себептi Мен, Тәңiр Ие, Евфрат өзенiнiң буырқана тасыған мол суларын, яғни Ассур патшасын күллi қарулы күштерiмен осы жерге бағыттаймын. Евфрат өзенi көктемде арна-салаларынан асып-тасып, сулары
8адамдардың тамағына дейiн көтерiледi. Сол сияқты Ассур патшасы мен оның әскерi де жуырда бүкiл Яһуда жерiне жайылып шығып, бұлқан-талқан болып ағып, елдi басып кетедi!* О, Имануил, оның кең қанаттары бүкiл жерiңе жайылатын болады!**
9Ей, халықтар, қанша ұран салсаңдар да, бәрiбiр шайқалып құрисыңдар.* Жер шарының алыс түкпiрлерi, тыңдаңдар! Шабуылға бел байлап қарулансаңдар да, бәрiбiр күйреп, құрисыңдар. Иә, айқасқа дайындала берiңдер, алайда қырыласыңдар.
10Кеңесiп жоспар құрып, көп сөз сөйлесеңдер де, бұларың iске аспайды, себебi Құдай бiзге жар!
Жауларыңнан емес, Құдайдан қорқыңдар!*
11Өйткенi Жаратқан Ие менiң үстiме құдiреттi қолын қойып тұрып* хабарын жеткiздi. Осы халық жүрiп бара жатқан терiс жолға түсуден сақтандырып былай дедi:
12«Бұл халықтың бүлiк деп атағандарын сендер солай санамаңдар! Басқалардың қорыққандарынан сендер де қорқып, үрейленбеңдер!*
13Жалғыз әлемнiң Иесiн ғана киелi деп құрметтеп, терең қастерлеп, Оның еркiне қарсы шығудан шошынып* дiрiлдейтiн болыңдар!
14Жаратқан Ие сендер үшiн паналайтын киелi орын iспеттi болмақ. Бiрақ Исраилдiң екi патшалығы* үшiн Тәңiр Ие адамдарды сүрiндiретiн кедергi тас, құлататын жартас сияқты, әрi Иерусалимнiң тұрғындарын түсiретiн тор мен қақпан секiлдi болады.
15Олардың көбi сүрiнiп құлап, қырылады немесе торға түсiп, ұсталады.
16Ендi осылар туралы бiлдiрген ескертулерiм мен тәлiмдерiм* жазылған қағаздарды бүктеп, байлап, шәкiрттерiмнiң көз алдарында мөрлеп, соларға сақтатқызып қой!»**
17Тәңiр Ие Жақыптың үрiм-бұтағынан өз бетiн жасырып жатса да, мен Оған үмiтпен қарап, сенiмiмдi арта беремiн.
18Мiне, мен және Тәңiр Ие маған сыйлаған балалар мұндамыз! Жер бетiндегi тұрағы Сион тауында орналасқан Әлемнiң Иесi бiздi Исраил елiнде Өзiнiң болашақта не iстейтiнiн бiлдiретiн хабары мен белгiсi еттi.*
Бақсы-балгерлер мен сәуегейлерге жүгiнбеу туралы ескерту
19Алайда халық сендерге аруағын, жынын шақырып, сыбырлап, мiңгiрлейтiн бақсылар мен сәуегейлерден кеңес сұрауды айтады. Онда оларға былай деңдер: Халық жалғыз Құдай Иесiне ғана сиынып, Оның еркiн сұрауға тиiстi емес пе? Тiрiлерге болашақты бiлу үшiн өлгендермен ақылдасудың қажетi бар ма?!
20Қайта, Жаратқан Иенiң бiлдiрген тәлiмдерi мен ескертулерiне* көңiл бөлiп, соларға сүйенiңдер! Егер халық осы хабарларыма сай сөйлемесе, онда оларға атар таң жоқ.**
21Қайта, олар зор қысымшылық көрiп, ашығып, жер-жерде қаңғырып жүретiн болады. Аштықтан қиналғанда қатты ашуланып, өздерiнiң патшасы мен Құдайына қарғыс айтады. Аспан мен
22жерге көз салып, тек қайғы-қасiрет, қараңғылық пен қорқынышты қара түнектi ғана көредi-ау! Олар әбден түңiлiп, қара түнекке қуылады.
Алайда қазiр қысымшылық көрiп жатқан жерде ұдайы қараңғылық бола бермейдi.
Дәуiт Ұрпағының игiлiктi патшалығы туралы уәде
1Забулон мен Нафталимның мекенiн
Иемiз бұрыннан масқара еткен.*
Ал болашақта осы бiр аймақты —
Теңiзге баратын жол бойындағы
Әрi Иорданның арғы жағындағы
Бөтен ұлттар тұрған Ғалилеяны
Зор абыройға бөлейтiн болады!
2Ғұмыр кешкен бұл халық қараңғыда
Ендi бiр ғаламат Нұрды көредi,
Түнек басқан елде* тұратындарға
Таңның шапағы сәулесiн төгедi!
3Тәңiрiм, Сен санын көбейтiп халқыңның,
Оған үлкен қуаныш та сыйлайсың.
Адамдар өнiм жинау маусымында,
Не жау олжасын бөлiсiп алғанда
Қатты қуанатындары сияқты,
Халқың шаттанады Сенiң алдыңда.
4Себебi Сен өз ата-бабаларын
Ежелде Мадиянның зорлығынан
Шексiз құдiретiңмен құтқарғансың!*
Ендi тағы да меншiктi халқыңның
Еңсесiн басқан езгiнi құртасың,
Арқасын ұрып-соққан жау сойылын,
Қатал қанаушының аса таяғын
Бiржола сындырып, жойып тастайсың!
5Әскердiң жер таптаған етiктерi
Әрi қанға малынған киiмдерi
Ендi өртелуге белгiленедi,
Бәрi де отқа жем болып кетедi.
6Себебi Сәби дүниеге келдi,
Бiз үшiн осы Ұл сыйға берiлдi!
Билiк болады Оның қолында мәңгi:*
Оны «керемет ақылды Кеңесшi,**
Құдiреттi Құдай, Мәңгiлiк Әке,
Тыныштық пен амандықты сыйлайтын
Әмiршi» деп те атайтын болады.
7Оның құрған билiгi арта түсiп,
Орнатқан тыныштығы шексiз болады,
Өзi Дәуiттiң тағына отырып,*
Мәңгi патшалығын сол кезден бастайды,
Әдiлдiкпен нығайтып, жалғастырып,
Ақиқатты да ұстанатын болады.
Барлық қайрат-жiгерiмен бұларды
Әлемнiң Иесi iске асырады!
Тәңiр Иенiң солтүстiк Исраилге қаһарын төгуi
8-9 Жаратқан Ие Жақыптың үрiм-бұтағына үкiм шығарды, бұл шешiмiн олардың арасында жүзеге асырады. Солтүстiк Исраилдiң* бүкiл халқы, Самария қаласының әрбiр тұрғыны мұны ұғынатын болады. Олар өркөкiректенiп, менменсiп:
10«Саман үйлерiмiз құлады, бiрақ бiз қашалған тастан қалап мықтылап қайтадан үй саламыз! Тұт ағаштарымыз кесiлiп тасталды, бiрақ орнына әлдеқайда құнды балқарағайлар отырғызамыз!» — деп, қиқарлық көрсетiп келдi.
11Алайда Жаратқан Ие Ресин патшаның жауларын күшейтiп, солтүстiк Исраилге қарсы
12шығыстан Сирияны, батыстан фiлiстiрлердi аттандырды.* Олар Исраилдi жалмап қоюға құнығып, ауыздарын арандай ашты.
Соның өзiнде Тәңiр Иенiң қаһары әлi де басылған жоқ, Оның құдiреттi қолы жазалау үшiн көтерiлiп тұр!
13Алайда осы халық өзiн жазалаған Әлемнiң Иесiне қайтадан бет бұрып, Оның еркiн бiлуге ұмтылған жоқ.
14Сол себептi бiр-ақ күн iшiнде Жаратқан Ие Исраилдiң басы мен құйрығын, оның үлкендi-кiшiлi барлығын* да шауып тастайды:
15рубасылар мен атақтылар — елдiң басы, ал құйрығы — жалған тәлiм берушi көрiпкелдер.
16Бұл халықты өз жетекшiлерi адастырады. Соларға ерiп жүргендер терiс жолға азғырылады.*
17Сондықтан Тәңiр Ие осы халықтың жас жiгiттерiн аямайды, жетiм-жесiрлерiне де жаны ашымайды. Себебi бәрi де құдайсыз зұлымдар, ауыздарынан шыққан сөздерi өтiрiк!
Ал Тәңiр Иенiң қаһары әлi де басылған жоқ, Оның құдiреттi қолы жазалау үшiн көтерiлiп тұр!
18Расында адамдардың әдiлетсiздiгi от iспеттi лаулап жанып, тiкендi бұталар мен жантақ, ошағанды жалмап, ну орманды да өртеп жiбередi. Түтiн бағаналары зәулiм биiкке дейiн көтерiледi.
19Әлем Иесiнiң лаулаған қаһарынан жер өртенiп, халық отқа жем болады. Сонда адамдар жақындарын да аямай, әркiм өз қара басын ғана қорғайды.
20Олар оңды-солды тапқандарын жалмап жеп жатса да, көрген аштығының бетi қайтпайды. Адам тiптi өз қандастарын да жалмап,*
21Манаса Ефреммен, Ефрем Манасамен соғысып,* содан екеуi бiрiгiп Яһудаға шабуыл жасайды.
Соның өзiнде Құдайдың қаһары әлi де басылған жоқ, Оның құдiреттi қолы жазалау үшiн көтерiлiп тұр!
1Әдiлетсiз заңдар шығарып, халықты азаптайтын ережелер жариялаған билеушiлер қасiретке қалады-ау!
2Олар халқымның арасындағы жарлыларды хұқықтарынан айырып, жәбiр көргендерге әдiлет жолын жауып тастайды. Тiптi жесiрлердi олжалап, жетiмдердiң барын тонайды!
3Ей, мұндай озбырлық жасайтындар, Құдай сендердi жауапқа тартып, алыс елдерден апат жiберген кезде не iстемексiңдер? Көмек сұрап кiмге жүгiрiп, мақтан тұтқан байлықтарың мен беделдерiңдi қайда қалдырмақсыңдар?
4Сендер не тұтқындардың қатарында бүгiлiп айдалып кетесiңдер, не шайқаста өлесiңдер!
Соның өзiнде Тәңiр Иенiң қаһары әлi де басылған жоқ, Оның құдiреттi қолы жазалау үшiн көтерiлiп тұр!
Құдайдың Ассурға шығарған үкiмi
5Тәңiр Ие былай дейдi:
— Ассур патшалығы қасiретке қалады! Мен оны ызғарлы қаһарыма ұшырағандарды жазалау үшiн ғана таяқ, сойыл сияқты пайдаланамын.
6Ассурдың әскерiн Менен безiп, қаһарымды шақырған құдайсыз халыққа қарсы аттандырып, оны тонап, олжалауға,* даладағы саз-балшықтай таптауға жiберемiн.
7Алайда Ассур патшасының ой-ниетi Менiң еркiмнен басқаша: ол көптеген халықтарды жойып, мүлдем жоқ қылуды көздейдi.
8Содан Ассур патшасы былай деп мақтанып бөседi: «Менiң барлық әмiршiлерiм патшадай күш-қуатқа ие емес пе?
9Мен Қархемiс сияқты Қална қаласын да, Һамат секiлдi Арпад қамалын да, Дамаск сияқты Самарияны да оп-оңай басып аламын!*
10Мен талай патшалықтарды өзiме қаратып, уысымда ұстаймын. Бұлардың пайдасыз тәңiрлерi мен мүсiндерi Иерусалим мен Самариядағылардан күштiрек.
11Мен Самарияны өзiнiң пайдасыз тәңiрлерiмен қоса құрттым, Иерусалимге және ондағы жұрт табынатын мүсiндерге де дәл солай iстеймiн!»
12Алайда Тәңiр Сион тауы мен бүкiл Иерусалимге қарсы iстеп жатқандарының бәрiн бiтiрген кезде былай дейдi:
— Мен Ассур патшасын өркөкiректенiп, паңдана қарап жүргенi үшiн жауапқа тартатын боламын!
13Ол патша былай деп мақтанады: «Мұны өз қолымның күшiмен, өз көрегендiгiммен жүзеге асырдым. Себебi ақылды да парасаттымын. Мен халықтардың шекараларын алып тастап, қазыналарын талан-таражға салдым. Өз құдiретiммен тақ иелерiн құлаттым.*
14Құстың ұясынан жұмыртқаларын жинағандай мен халықтардың жерлерi мен байлықтарын оп-оңай қолыма түсiрдiм. Менi қорқыту үшiн бiрде-бiр қанат қағылып, бiрде-бiр тұмсық айбаттанып, шиқ деп үн де қатпады».
15Бiрақ Тәңiр Ие былай дейдi: «Әлде балта өзiмен ағаш шапқан иесiнен гөрi кереметпiн деп мақтана ала ма? Немесе ара өзiмен жұмыс iстейтiн ұстаның алдында көкiректене ала ма? Таяқ, сойыл адамды көтермейдi, қайта, адам таяқ не сойылды көтерiп, сiлтейдi!
16Сол себептен Әлемдi Билеушi Тәңiр Ие Ассур патшасының денелi жауынгерлерiн қатты ауыртып, жүдетiп, оның даңқты әскерiн лаулаған өртпен жалмағандай құртады.*
17Исраил сиынған Киелi Құдай, оның жарық Нұры, лаулаған от пен жалынға ұқсап бiр-ақ күнде Ассурдың тiкендi бұталары мен жантақ-ошағанын* өртеп жiбередi:
18оның әйгiлi ормандары мен құнарлы бау-бақшаларын түгелдей жалмап жояды. Осылайша Ассурдың даңқты әскерi қатты ауырған адамдай әлсiрей бередi.*
19Сонда баланың өзi-ақ тiркеп шыға алатындай бiрнешеуi* ғана аман қалады.
Исраилден кейбiреулердiң аман қалуы және болашақта Ассур тартатын жаза
20-21 Сол кезде Исраил халқының аман қалғандары өздерiн талқандап, жойған Ассур патшалығына қайтадан сүйенбейтiн болады. Керiсiнше, олар бұдан былай өз сенiмдерiн шын жүректен Жаратқан Иеге, Исраил сиынған Киелi Құдайға артады. «Аман қалғандары қайта оралады»*: Жақыптың үрiм-бұтағының аман қалғандары Құдiреттi Құдайға қайтадан бет бұрады.
22Уа, Исраил, сенiң халқың «теңiз жағалауындағы құм қиыршығындай көп» болса да, аман қалғандары ғана қайта оралады! Құдай осы халыққа қырылуды бұйырып, шексiз әдiлдiкпен үкiмiн шығарған.*
23Иә, Әлемдi Билеушi Тәңiр Ие бұл үкiмiн бүкiл жерде iске асырады.
24Сондықтан Әлемдi Билеушi Тәңiр Ие былай дейдi: «Уа, Сионда тұратын халқым, Ассур патшалығынан қорықпаңдар! Рас, ол сендердi ежелгi мысырлықтардай таяқ, сойылмен ұрып-соғып, зәбiр көрсетуде.*
25Бiрақ аз уақыттан кейiн Мен сендерге деген ызғарлы қаһарымнан қайтып, оны Ассурға төгiп, сол елдi қырып-жоямын.
26Мен, Әлемнiң Иесi, баяғыда Ореб құзының маңайында Мадиян тайпасының жасағын күйрете соққанымдай,* ендi Ассурды «қамшыммен» соғамын. Ежелде таяғым Мысыр елi мен Қамысты теңiздiң үстiнен көтерiлiп, созылғандай,** ендi Ассурдың өзенiнiң үстiнен де «таяғымды» созып, құдiретiмдi көрсетемiн.
27Сол уақыт жеткенде сендер қанаушыларыңның мойындарыңа салған ауыр жүктерiнен арыласыңдар! Жаудың еңселерiңдi басқан езгiсiн күл-талқан етесiңдер. Себебi семiрiп, зор күшке ие боласыңдар».
Басқыншылардың шабуылы
28Ассур әскерi Аят қаласына басып кiрiп, Мигроннан өтiп, Миқмаста қару-жарақ, азық-түлiк қорларын тексерiп, сонда қалдырды!
29Олар өткелден асып, Гебада түнемек. Рамақ қаласының үрейi ұшып, Саулдың астанасы Гибеяның тұрғындары да қашып кеттi.
30Ғалимның халқы, айқайла! Құлақ салыңдар, Лайс пен бейшара Анатоттың тұрғындары!
31Мадмена қашып кетiп, Гебимнiң халқы да бас сауғалап тығылуда.
32Жау Ноб қаласында бүгiн-ақ аялдап, Сион тауына, Иерусалим қаласы салынған төбеге қарай жұдырығын сiлтейдi.
33Бiлiп алыңдар, Әлемдi Билеушi Тәңiр Ие оларды ағаштың кесiлген бұтақтарындай етiп қорқынышты құдiретпен шауып құлатады. Зәулiм ағаштай өркөкiректенiп, менменсiгендер кесiлiп түсiп, қор болады.
34Ливанның қалың ормандары балтамен шабылып тасталғандай, паңданған жаудың халқы құдiретi шексiз Құдайдың алдында құлап, жермен-жексен болады.
Дәуiт Ұрпағының бейбiт патшалығы туралы қайталанған уәде
1Кесiлген ағаштың түбiрi мен тамырларынан жас өскiн өсiп шығады. Сол сияқты Есей ұлы Дәуiттiң патшалық билiктен айырылған әулетiнен* шығатын бiр ұрпақ күндердiң күнiнде қайтадан патшалық құрады.
2Осы патшаға Жаратқан Иенiң Рухы қонып, Оған даналық пен парасат, ақыл-кеңес пен құдiрет, бiлiк пен Құдайды терең қастерлеудi дарытады.
3Өзi Тәңiр Иеге мойынсұнып, Оны терең қастерлеуден қуаныш табады.
Патша тек көрген сырт пiшiнге, ұзын құлақтан естiгенiне ғана сүйенiп үкiм шығармайды.
4Қайта, жарлыларға әдiлдiкпен төрелiк айтып, жердiң жапа шеккендерiнiң заңды мүдделерiн қорғайды. Оның аузынан шыққан үкiмдер осы дүниеге дүре соққан таяқ сияқты: айтқан әмiрлерiмен зұлымдардың көздерiн құртады.
5Патша әдiлдiкпен билiк жүргiзiп, ақиқат пен адалдықты берiк ұстануға белiн бекем буады.*
6Сол заманда қасқыр қозымен тату-тәттi тұрып, қабылан лақпен бiрге тынығады. Бұзау, қарулы жас арыстан және бордақы өгiз де қатарласып бiрге жататын болады. Бәрiн бiр жас бала айдап, баға алады.
7Сиыр мен аю қатар жайылып, бұзаулары мен қонжықтары бiрге тынығып, арыстан өгiз сияқты сабан, шөп жейдi.
8Сәбилер сұр жыланның iнiнiң қасында ойнап, балдырғандар абжыланның ұясына қолын емiн-еркiн тығатын болады.*
9«Бүкiл қасиеттi тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады», — дейдi Тәңiр Ие. Себебi теңiз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иенi жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады!
Жер аударылғандардан аман қалғандардың қайтып келуi
10Сол заманда Есей ұлы Дәуiт патшаның «тамырынан» өскiндей шыққан Ұрпақ халықтарға арнап тiгiлген ту сияқты белгi болады.* Басқа ұлттар Оған бет бұрып, үмiтiн артады. Оның тынығып демалатын орны** салтанатты да құрметтi болады.
11Сол күн туғанда Жаратқан Ие (ата-бабаларын Мысырдағы құлдықтан азат еткенiндей) тағы да құдiреттi қолын созады.*
12Басқа халықтарға арнап туын көтергендей белгi берiп, солтүстiк Исраил мен Яһуда патшалықтарының жер аударылып, шашыраған халқын дүниенiң төрт бұрышынан жинап, қайтарып әкелмек.
13Солтүстiк Исраил* елi ендi қайтып Яһуданы күндемейдi, Яһудаға қарсы жауласып келгендердiң бәрi де ғайып болады. Бұдан былай Яһуда солтүстiк Исраилге қастық жасамайды.
14Керiсiнше, екеуi бiрiгiп батысқа қарай аттанып, қырат беткейiмен құлдырап түсiп, фiлiстiрлерге шабуыл жасайды. Олар шығыстағы жау халықтардың олжаларын да иемденiп, Едом мен Моабқа билiк құрып, Аммон да оларға мойынсұнады.
15Жаратқан Ие Мысыр теңiзiнiң шығанағын құрғатып, жоқ қылады. Өзiнiң құдiреттi қолын бұлғап, ыстық желiмен Евфрат өзенiн де кептiрiп тастайды: оның кiсi жаяу өте алатындай таяз жетi тармағын ғана қалдырады.
16Сонда Оның халқынан аман қалғандарына Ассурдан шығатын даңғыл жол дайын тұрады. Бұл, олардың ата-бабаларының Мысыр елiнен шыққан кезiндегiдей болмақ.
Құтқарылғандардың Құдайды мадақтау жыры
1Сол кезде айтатын жырларың мынадай болады:
«Уа, Жаратқан Ием, Сенi мадақтаймын!
Маған ашуланған едiң, ал сосын
Қаһарыңды басып, менi жұбаттың.
2Сөз жоқ, тек Құдай менiң Құтқарушым!
Оған сенiп, қорықпаймын да ендi,
Тәңiр Ием — күш-қуатымның көзi,
Айтар жырым Жаратқан Ие жайлы:
Ол адал Құтқарушым боп келедi!»
3Құтқарылудың қайнар көздерiнен
Су ала бересiңдер қуанышпен.*
4Сол кезде былай дейтiн боласыңдар:
«Жаратқан Иеге шүкiрлiк етiп,
Есiмiн атап Оған сиыныңдар,
Әдiл iстерiн ұлттарға бiлдiрiп,
Есiмiнiң ұлылығын хабарлаңдар!
5Тәңiр Иеге арнап ән шырқаңдар!
Ол ұлы кереметтердi iстедi,
Осыны бiлсiн жер шарының бәрi!
6Уа, Сионның халқы, масаттаныңдар,
Дауыстап қалықтата ән салыңдар:
Исраил сиынған Киелi Құдай
Ендi өздерiңнiң араларыңда
Бөленедi салтанатты ұлылыққа!»*
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
1
Құдайдың азап шеккен өз халқын жұбатуы
1— Халқымды Менiң жұбатыңдар,
Көңiлiн оның орнықтырыңдар! —
Дейдi сендер сиынған Құдай Ие.
2— Иерусалимге жылы сөз айтыңдар,
Мына хабарды оған жариялаңдар:
«Өтiп кеттi басыңдағы ауыр кезең,*
Күнәңның құны өтелiп, кешiрiлдiң!
Ендi Тәңiр Иенiң қолынан сен
(Рақымын Оның) молынан көресiң».**
3Жар салған дауыс шығады айдалада:
«Жаратқан Иеге жол дайындаңдар!*
Құдайымызға арнап ен далада
Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!
4Жолдағы сай-салалар толтырылсын,
Тау-төбелер болса аласартылсын!
Бұралаң жерлерi* де түзетiлiп,
Ой-қырлары түгелдей тегiстелсiн!
5Сонда Тәңiр Иенiң ұлылығы
Адамзатқа көрiнетiн болады,
(Оның өз халқын құтқарып алғанын)
Барлығы да ап-анық көре алады.
Себебi Жаратқан Иенiң Өзi
Осы бұйрықты шығарған болатын».
6— Жар сал! — деп бiр дауыс бұйырды.
— Не туралы жариялайын? — деп сұрады хабаршы.
— Бүкiл адамзат көк шөпке ұқсайды! Бар салтанаты мен сенiмдiлiгi* дала гүлдерi секiлдi өткiншi:
7Жаратқан Ие ыстық лебiн үрлесе, гүлдер солып, шөптер қурап қалады. Шынында халық сондай шөпке ұқсайды!
8Даланың шөбi қурап, гүлдерi солады, Құдайымыздың сөзi мәңгiлiк қалады.
9— Ей, жақсы хабарды Сион халқына жеткiзушi, биiк тау басына шық, Иерусалимге iзгi хабарды әкелушi, бар даусыңмен айқай салып жарияла!* Қорықпай Яһуданың қалаларына: «Мiне, Құдайларың!» — деп хабарла! —
10Бiлiп алыңдар, Жаратушы Тәңiр Ие жуырда зор құдiретiмен келiп, билiктi өз қолына алады. Жеңiсiнiң олжасы мен сыйы iспеттi құтқарып алған халқын Ол Өзiмен бiрге алып келедi.*
11Тәңiр Ие оларды iзгi шопандай бағады: «қозыларын» қолына алып, кеудесiне басып көтерiп, «саулықтарын» жайлап алға бастап жүредi.
Жаратқан Иенiң шексiз ұлылығы және пенденiң әлсiздiгi
12Кiм теңiздi алақанмен сарқып өлшеген,
Аспанды қарысымен қамтып белгiлеген?
Кiм жердiң топырағын себетке салған,
Тау-төбенi де таразыға тартқан?
13Кiм Тәңiрдiң ақыл-парасатын* ұққан,
Кеңесшiсi боп бағыт бердi Оған?
14Жаратқан Ие кiммен ақылдасқан,
Кiм түсiнiк берiп те едi Оған?
Кiм Тәңiр Иенi бiлiмге үйреткен,
Оған даналық жолын да нұсқаған?
15Мiне, халықтар судың шелектегi
Тамшысындай ғана боп көрiнедi.
Таразыға қонған шаң-тозаң iспеттi
Олар да салмақсыз деп есептеледi.
Құдай аралдарды* түйiршiк секiлдi
Оп-оңай қолына алып көтередi.
16Ливан тауындағы бар мал Тәңiрге
Арнап құрбандыққа шалынып, өртелсе,
Олар да жеткiлiктi болмас едi!
Ливан ормандары* құрбандық отына
Жетпей қалар да едi жағылуға.
17Бар халықтар Жаратқанның алдында
Онша маңызсыз боп саналады,
Олар Құдай Иемен салыстырғанда
Мүлдем жоқ, мағынасыз болып шығады.*
18Сонда Құдайды кiмге теңейсiңдер,
Қандай бейнеде елестетесiңдер?!
19Ұста болса, тәңiр мүсiндерiн құйып жасайды. Зергер соларды алтынмен қаптап, күмiстен шынжыр бауларын дайындайды.
20Ал кедейлер мұндай қымбат тартуды ұсына алмайды. Сондықтан олар шiрiмейтiн қатты ағашты таңдап алып, жақсы шебердi де iздеп табады.
21Әлде мынаны естiп, бiлмейтiн бе едiңдер, әуел бастан-ақ ешкiм оны сендерге айтпады ма? Жер жаратылғаннан берi мынаны түсiнбейтiн бе едiңдер:
22Тәңiр Ие жер шарының үстiндегi «тағында» отыр!* Жер бетiндегiлер Оның алдында шегiрткелердей кiп-кiшкентай.
Жаратқан Ие көктi шымылдықтай жайып жiбередi, оны шатырдай тiгiп, Өзiне мекен етедi.
23Құдай жердiң әмiршiлерiн түкке тұрғысыз етiп, осы дүниенiң билеушiлерiн күшiнен айырады.
24Олар жуырда жерге себiлген не отырғызылған, ендi ғана тамыр жайған өсiмдiктерге ұқсайды: Жаратқан Ие ыстық лебiн үрлегенде солар бiрден кеуiп, солып қалады. Содан дауыл оларды қауыздай ұшырып әкетедi.
25«Сендер Менi кiмге ұқсатасыңдар,
Кiммен Менi салыстырасыңдар? —
Деп сауал қояды Киелi Құдай.
26— Аспанға көз жiберiп қараңдаршы:
Кiм жаратты ондағы жұлдыздарды?!»
Бiр-бiрлеп алып шығып шоқжұлдыздарды,
Әрқайсысын өз атымен шақырады.
Тәңiрдiң құдiретi сонша зор болып,
Бiреуi шет қалмай, бәрi Оған бағынады.
27Жақыптың әулетi, неге шағым айтасың,
Исраил халқы, нелiктен былай дейсiң:
«Жүрген жолым Жаратқаннан жасырынған,
Мүдделерiм де назарынан тыс қалған!»
28Мынаны естiп, бiлмеушi ме едiң:
Мәңгiлiк Құдай — сенiң Жаратқан Иең,
Шексiз зор данышпандығы Оның!
Ол жаратты жердiң түкпiр-түкпiрiн.
Ешқашан Құдай шаршап-шалдықпайды,
29Ол қалжырағанға қуат сыйлайды,
Қажып, шаршағанға күш дарытады.
30Жасөспiрiмдер әлсiреп шаршайды
Және жiгiттер сүрiнiп құлайды,
31Ал сенiм артқандар Тәңiр Иеге
Жаңа күш-қуатты иемденедi,
Қырандай қанаттарын жайып кеңге,*
Самғай жөнеледi, алайда талмайды,
Жүре бередi, бiрақ болдырмайды.
Шынайы Құдай және «тәңiрсымақтар»
1Ей, теңiз жағалауларындағы елдер,* тынышталып, алдыма келiңдер! Халықтар күш-қуат жинап, жақындап келсiн де жауап берсiн! Осылай даулы мәселенi шешейiк.
2Кiм шығыстан жеңiмпаз қолбасшыны* аттандырып, оны Өзiне қызмет етуге шақырды? Сол жеңiмпаздың халықтарды табыстап, патшаларын да бағындырады. Соның семсерiмен халықтарды талқандап, садағымен қауыздай алысқа ұшырады.
3Осы жеңiмпаз өз аяғы бұрын баспаған жолдармен жауларын қуып, аман жүре бередi.
4Бұларды кiм жоспарлап, жүзеге асырады? Кiм болашақ дәуiрлердi алдын ала жариялайды?* Мұны iстеушi Мен, Жаратқан Иемiн! Алғашқы да, Соңғы да Өзiммiн!»**
5Теңiз жағалауларындағы елдер* байқап қалып, үрейлерi ұшады. Жер бетiнiң қиыр шетiндегi халықтар қалтырап қорқады. Олар өзара бас қосып,
6әркiм серiгiне көмектесiп, бауырласына: «Батыл бол, қорықпа!» — дей бередi. (Содан олар көптеп тәңiр мүсiндерiн жасайды:)*
7ұста зергердi жiгерлендiрiп, балғамен қаңылтырды тегiстеушi де төс ұратын серiгiн: «Дәнекерi жақсы», — деп қуаттайды. Олар осылай жасаған «тәңiрсымақтарын» тұғырынан қозғалмас үшiн шегемен бекiтедi.*
8«Ал сен, Исраил халқы, Менiң қызметшiм, Өзiм таңдап алған Жақыптың үрiм-бұтағы, жаныма жақын * Ыбырайымнан тараған ұрпақ, сөзiме құлақ сал:
9Мен сенi қиыр шеттен шақырып алып, жер бетiнiң түкпiр-түкпiрiнен әкелгенмiн. Менiң қызметшiмсiң, сенi таңдап алған едiм, сенен бас тартпаймын да.
10Қорықпа, Мен саған жар боламын,*
Абыржыма, Мен сенiң Құдайыңмын!
Саған қуат берiп көмектесемiн,
Жеңiмпаз қолыммен сүйемелдеймiн.
11Саған өшiккендер ұятқа қалады,
Жауларың дымы қалмай құртылады.
12Iздесең де, еш таппайсың оларды,
Сенiмен соғысқандар жоқ болады.
13Себебi Мен, сиынатын Құдай Иең,
Сенi оң қолыңнан сүйемелдеймiн.
Қорықпа, Мен сенi қолдап қорғаймын! —
Деп саған берiк уәде беремiн.
14Қорықпа, құрт секiлдi дәрменсiз Жақып елi, Исраилдiң азғантай жұрты, Мен сенi қолдаймын!» — деп нық айтады Жаратқан Ие. Ол сенi туысқан қамқоршыдай азат етедi.* Исраил сиынған Киелi Құдай мұны iстейдi де.
15«Есiңде болсын, — дейдi Ол, — Мен сенi өткiр тiстi, астық бастырғыш жаңа тақтай сияқты қолданбақпын: тау-төбелердi бастырып, талқандап, қауызға айналдыратындай жеңiмпаз боласың.
16Жауларыңды жел ұшырып, дауыл айдап алып кеткендей жоқ қыласың. Сонда Маған шаттана қуанып, Исраил сиынған Киелi Құдаймен мақтанатын боласың».
17«Мына бейшара, мүсәпiр халқым су iздеп, таба алмайды. Олар шөлдеп, таңдайлары кеуiп қалады. Ал Мен, Жаратқан Ие, мiнажаттарына құлақ асамын. Мен, Исраил сиынған Құдай, оларды жалғыз қалдырмаймын.
18Тақыр төбелер мен аңғарлар ортасынан қайнар көздерiн ашып, бетпақ даланы көлге айналдырып, шөл даламен де бұлақтар ағызбақпын.
19Мидай далаға қарағай мен қараған, жасыл бұталар* мен зәйтүн ағаштарын және құнарсыз, бос далаға қарағай, емен, шыршаларды бiрге отырғызбақпын.
20Сонда адамдар бұл кереметтердi Исраил сиынған Киелi Құдайдың iстегенiне көз жеткiзiп, бәрiн де Өзiнiң құдiреттi қолымен жүзеге асырғанын* түсiнедi».
Жалған тәңiрлердiң мәнсiздiгi
21Жақып елiнiң Патшасы Жаратқан Ие: «Мәселенi ортаға салып, ең мықты дәлелдерiңдi келтiрiңдер! — деп шақырады.
22— (Жалған тәңiрлерiңдi) алып келiңдер, олар не болатынын алдын ала айтып берсiн! Ақылмен байыптап, немен бiтетiнiн ұғуымыз үшiн бiзге бұрынғы оқиғалардың мәнiсiн де бiлдiрiңдер немесе болашақ жайттарды паш етiңдер!
23Ей, тәңiрсымақтар, келешекте не болатынын айтыңдар, шынайы құдай екендерiңе көз жеткiземiз. Иә, не жақсы, не жаман, әйтеуiр бiр кереметтi жасаңдар! Оны көрiп, бәрiмiз шошынатын боламыз.
24Алайда шынайы емессiңдер, iстерiң де түкке тұрғысыз! Сендердi таңдап алып, құлшылық етушiлер әбден жексұрын болғандар.
25Ал Мен солтүстiктен бiреудi аттандырамын. Сол қолбасшы жуырда шығыстан шығып, Менiң атымды жариялайтын болады.* Ол билеушiлердi батпақтай аяққа басып, құмырашының саз балшықты таптағанындай жермен-жексен қылады.
26Ендеше, араларыңдағы кiм бұл туралы басынан-ақ бiлдiрiп, бiзге алдын ала хабарлады? Егер бiреу болған болса, онда оны шынайы дер едiк. Ал iс жүзiнде ешкiм мұны бiлдiрген жоқ, расында ешкiм алдын ала хабарлаған да емес! Сендердiң үндерiңдi естiген бiрде-бiр жан жоқ.*
27Қайта, Өзiм бiрiншi болып Сион қаласына: «Қара, олар келе жатыр!» — дедiм. Иә, Иерусалимге iзгi хабар жеткiзушiнi жiберген Өзiммiн.
28Көз салып, iздесем де, мұны iстей алатын басқа ешкiм болмады. Сол жалған тәңiрлердiң араларынан сауалдарыма жауап бере алатын бiр кеңесшi де табылмады!
29Көрiп тұрсыңдар ма, сол тәңiрсымақтардың бәрi де жалған: iстегендерi бекершiлiк және мүсiндерi құр жел мен қиял iспеттi түкке тұрғысыз!»
Жаратқан Иенiң адал Қызметшiсi
1«Мiне, Менiң қолдап жүрген Қызметшiм,
Жаным рақат табатын таңдаулым!
Оған қондырдым Өзiмнiң Рухымды,
Ол халықтарға жеткiзедi әдiлдiктi.
2Қызметшiм Менiң еш айқайламайды,
Оның даусы далада да шықпайды.
3Ол майысқан таяқты* сындырмайды,
Бықсыған бiлтенi де сөндiрмейдi,
Шынында әдiлдiктi iске асырады.
4Оны жер бетiнде берiк орнатқанша
Күшi тасып, алған бетiнен қайтпайды.
Оның тәлiмiн елдер* үмiтпен тосады».
5Аспанды жаратып, жазып жiберген,
Жердi де өнiмiмен жайып жiберген,
Адамдарға өмiр лебiн үрлеген,
Жер басқанның бәрiне тыныс берген
Құдай Ие мынаны да айтады:
6Сенi әдiл ниетпен Мен шақырдым,
Қолыңнан ұстап, қорғап та жүремiн,
Халқым үшiн келiсiмiмнiң кепiлi,
Өзге ұлттарға да нұр етiп қоямын.
7Соқыр көздi ашып, тұтқынды түрмеден,
Түнектегiнi қапастан босату үшiн
Сенi Мен, Тәңiр Ие, жiберемiн.
8Жаратқан Иемiн, бұл Менiң есiмiм.
Даңқымды басқаға бере салмаймын,
Жалған тәңiрлермен оны бөлiспеймiн!
9Жүзеге асты бұрынғы айтқандарым,
Ендi жаңа жайттарды жариялап,
Сендерге алдын ала хабарлаймын».
Жеңiмпаз Жаратқан Иенi мадақтау
10Иемiзге жаңа әндi шырқаңдар,
Жер шетiнен Оған мақтау айтыңдар!
Теңiзде жүзiп жүрген теңiзшiлер,
Жағалауларды мекендеген елдер,
11Шөлдала мен сол жақтағы қалалар
Және қидарлықтар* тұрған ауылдар,
Бәрi Тәңiр Иенi дәрiптесiн!
Села** халқы да қуана дауыстасын,
Тау бастарынан шырқап ән-жырларын,
12Жариялап Тәңiрдiң ұлылығын
Күллi елдерде Оны мадақтасын!
13Тәңiр күштi жауынгердей аттанады,
Батырдай қайрат-жiгер танытады,
Даусын көтерiп ұранын салады,
Жауларының бәрiн жеңiп шығады!
14«Мен ұзақ уақыт үнсiз болған едiм,
Өзiмдi сабырлықпен ұстап келдiм,
Ал қазiр толғақ қысқан әйелге ұқсап
Ентiге айқайлап, ашуымды төгем!
15Тау-төбенi ойрандап, бос қалдырамын,
Өсiмдiк атаулысын қуратамын,
Өзендердi құрлыққа айналдырып,
Көлдердi де кептiрiп құрғатамын.
16Шындықты көрмейтiн халқымды Менiң
Өзi бiлмейтiн жолмен жетелеймiн,
Бейтаныс жолдармен бастап ап жүрiп,
Түнектi алдынан нұрға айналдырамын,
Қисық жолдардың бәрiн түзетемiн,
Халқым үшiн осыларды жасаймын,
Ешқашан оны жалғыз қалдырмаймын!»
17Ал табынғандар жалған тәңiрлерге
Қоладан құйылған мүсiндерiне:
«Құдайымыз сенсiң», — деп бас ұрады,
Беттерi күйiп масқара болады!
Исраил халқының Құдай сөзiне көңiл бөлмеуi
18«Ей, рухани саңыраулар, құлақ асыңдар,
өкiрегi соқырлар, көздерiңдi ашып, қараңдар!
19Кiм өз хабаршым Исраил халқы сияқты саңырау, кiм осы қызметшiмдей рухани соқыр?!
Менiмен келiсiм жасаған осы халықтай шындықты көрмейтiн бiреу бар ма?
20Сен көптi көргенмен ештеңенi ұқпайсың, құлақтарың естiгенмен тыңдамайсың!»
21Жаратқан Ие өз әдiлдiгiне сай Таурат заңы мен тәлiмiн дәрiптелуге лайық әрi тамаша етiп шығаруды жөн көрген едi.
22Алайда бұл халық тоналып, талан-таражға ұшырады. Бәрi тұтқындалып, құлдыққа түстi. Олжа болған оларды құтқаратын бiреу де жоқ. Ешкiм: «Талан-таражға түскен осы халықты қайтарып бер!» деп талап етпейдi.
23«Араларыңдағы қайсың осыларды тыңдайсыңдар? Қайсың байыбына барасыңдар?
24Кiм Исраил халқын тонаушылардың қолдарына тапсырып, талан-таражға қалдырды? Мұны iстеген Жаратқан Иенiң Өзi емес пе?!
Себебi бiздер Жаратқан Иеге қарсы күнә жасай бердiк. Ата-бабаларымыз да Оның жолымен жүргiсi келмей, Таурат заңы мен тәлiмiне бағынбай қойды.
25Сондықтан Тәңiр Ие оларға қайнаған қаһарын төгiп, сұрапыл соғыс жiбердi.
Құдайдың Исраил халқын құтқаруға берген уәдесi
1«Ал ендi, Жақыптың үрiм-бұтағы, Исраил халқы, сенi жаратып қалыптастырған Тәңiр Ие мынаны айтады: Қорықпа, Мен құныңды төлеп құтқарып алдым. Сенi өз атыңмен шақырдым: Сен Мендiксiң!
2Судан өткен кезiңде саған жар боламын, өзендерден өткенде батып кетпейсiң. Отты жарып өтсең, күйiп қалмайсың, тiптi жалыны шарпымайды да.
3Себебi Мен сенiң Құдай Иеңмiн, Мен, Исраил сиынған Киелi Құдай, сенiң Құтқарушыңмын! Сенiң құның үшiн Мысырды берiп, Құш* пен Себаны** да төлемiң еттiм.
4Мен үшiн аса қымбат, қадiрлiсiң, сенi сондай қатты сүйемiн!
5Қорықпа, Мен саған жар боламын, ұрпақтарыңды шығыстан алып келемiн,
6Солтүстiктегi халықтарға: «Босатып жiберiңдер!» — деп, оңтүстiктегiлерге де: «Жолынан қалдырмаңдар! — деп бұйырамын. — Сендер рухани ұл-қыздарымды алыстан, тiптi жердiң қиыр шетiнен де алып келiңдер!
7Мен салтанатты ұлылығымды паш ету үшiн жаратып, қалыптастырып жасаған, әрi өз атыммен атаған олардың барлығын да алып келiңдер!»
Өз халқының Құдайды дүниеге паш етуi
8«Көзi болса да көрмейтiн, құлағы болса да естiмейтiн халқымды құлдықтан алып шығыңдар!
9Жалған тәңiрлерге табынатын ұлттар жиналып, барлық халықтар бас қоссын! Араларындағы кiм (Исраилдiң құтқарылуын) алдын ала жариялап, өтiп кеткен оқиғаларды да бiлдiре алды? Олар айғақтарын шығарып, өздерiнiң дұрыстығын дәлелдесiн! Осылай айтқандарының шынайылығы айқын көрiнсiн.*
10Ал сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиiссiңдер, ей, Исраил халқы! — дейдi Жаратқан Ие. — Менi жақыннан танып, Маған сенiп, кiм екенiмдi ұғынуларың үшiн таңдап алған қызметшiмсiңдер. Менен бұрын болған да, кейiн бола алатын да ешқандай құдай жоқ!
11Мен Жаратқан Иемiн, Менен басқа Құтқарушы жоқ!
12Болашақтағы жайттарды алдын ала бiлдiрiп, сендердi жаудан құтқарып, мұны жариялаған Өзiммiн. (Бұларды iстеген) бөгде бiр тәңiрлерiң жоқ. Сондықтан сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиiссiңдер! — деп мәлiмдейдi Жаратқан Ие. — Жалғыз Құдай Менмiн,
13мәңгi Сол болып келемiн! Менiң қолымнан құтқара алатын ешкiм жоқ. Менiң iстегендерiмдi кiм бұрынғы қалпына келтiре алады?!»
Құдайдың Исраилдi қайтадан құтқарып алуы
14Сендердi құтқарушы қамқоршыларың, Исраил сиынған Киелi Құдай, мынаны айтады: «Сендер үшiн Мен Бабылға (жау әскерiн) жiберемiн. Осылай Бабылдың барлық тұрғындарын, араларындағы халдейлердi* де, бұрын даурыға мақтан тұтқан кемелерiне мiнгiзiп, қашып кетуге мәжбүрлеймiн.**
15Мен Киелi Құдай Иелерiңмiн, ей, Исраил халқы, Мен сендердiң Жаратушы әрi Патшаларыңмын!»
16-17 Баяғыда Жаратқан Ие ата-бабаларымыз үшiн теңiздiң аласұрған суларынан өтетiн жол салған болатын. Жаудың соғыс күймелерiн, аттарын және мықты әскер күштерiн Мысырдан ала шыққан едi. Олар бәрi бiрдей жер құшып, қайтып тұрмайтын болды, сөнген шырақтай өмiрлерi өштi.
Бүгiнде Жаратқан Ие мынаны айтады:
18«Естерiңе бұрынғыны алмаңдар, бұдан былай баяғыны ойламаңдар!
19Ендi Мен жаңаны жасаймын, қазiр ол жарыққа шыққалы тұр. Сендер мұны ұқпайсыңдар ма?
Мiне, Мен ен далада жол саламын,
Шөл даладан бұлақтар ағызамын.
20Таңдап алған халқымды сумен қамтып
Құла түзден өзендер ағызамын.
Шиебөрi, түйеқұс,* дала аңдары,
Содан Менi дәрiптейтiн болады.
21Өзiм үшiн жаратқан халқым Менiң
Ұлылығымды мақтап жариялайды».
Халықтың Құдайға жасаған опасыздығы
22«Алайда сендер, Жақыптың үрiм-бұтағы, атымды атап Маған сиынып келген жоқсыңдар! Қайта, ей, Исраил халқы, Менен қажып шаршап жүр екенсiңдер!
23Өзiме арнап көптеп тоқтыларды шалып, өртеген жоқсыңдар. Маған басқа да сый-тартуларыңмен лайықты қадiр-құрмет көрсетпедiңдер! Мен астық тартуларыңды көптеп ұсыныңдар деп сендердi қинаған да жоқпын, хош иiстi заттарды молынан түтетiңдер деп ауыртпалық түсiрген де емеспiн.
24Сендер Маған арнап түтетiлетiн хош иiстi құрақты сатып алған жоқсыңдар, құрбандық майын да Маған жомарттықпен ұсынбадыңдар. Керiсiнше, сендер Менi күнәларыңмен қинап, әдiлетсiз iстерiңмен Маған ауыртпалық арттыңдар!
25Алайда Мен өз еркiме сай қылмыстарыңды өшiрiп тастаймын! Ендi қайтып ешқашан да күнәларыңды есiме алмаймын!
26Ендi даулы мәселенi талқыға салайық: жасаған жақсылықтарыңды есiме түсiрiңдер, ақталуларың үшiн iстерiңдi ашық көрсетiңдер!
27Сендер тараған түп аталарың да күнә жасаған едi, арада жүрген өкiлдерiң де тура жолымнан тайып кеттi.
28Сондықтан Мен оларды, киелi үйдiң басшыларын, абыройларын төгiп ұятқа қалдырамын! Сонымен қатар Жақыптың үрiм-бұтағын, Исраил халқын, қарғысқа ұшыратып қор қыламын!»
Құдай халқының жаңа өмiрi
1«Ал ендi тыңда, Жақыптың үрiм-бұтағы, қызметшiм Менiң! Маған құлақ сал, таңдап алған Исраил халқым!
2Ана құрсағында сенi қалыптастырып жаратқан Қолдаушың, Мен, Жаратқан Ие, саған былай деймiн: Қорықпа, Жақыптың үрiм-бұтағы, қызметшiм Менiң, Өзiм таңдап алған әдiл халқым!*
3Мен шөлдеген жердi суға кенелтiп, кеуiп қалған далаға суды тасқындатып ағызамын. Ұрпақтарыңның үстiне Рухымды төгiп, оларға жарылқауымды жаудыра беремiн.
4Олар жайлаудың шөбiндей көктеп, өзен жағасындағы теректей өсiп-өне бередi.
5Сол кезде көптеген адамдар Менiң халқыма қосылып, бiреулер: «Жаратқан Иенiкiмiн» деп хабарлап, өзгелерi мұны өз қолдарына жазып та алады. Олар Жақыптың есiмiмен, халқымның қадiрлi түп атасы Исраилдiң атымен, атанатын болады».
Жаратқан Иеден басқа шынайы құдай жоқ
6Жаратқан Ие, Исраилдiң Патшасы мен азат еткен Қамқоршысы* әрi Әлемнiң Иесi мынаны айтады:
— Алғашқы да, Соңғы да Менмiн, Менен өзге құдай жоқ!
7Әлде Мен сияқты бiреу бар ма? Сол өзiн әйгiлеп, дәлелдерiн Менiң алдымда ашық келтiрсiн: ол Мен халқымды* жаратып, елiне орналастырған ежелгi кезден берi не болып келгенiн және келешекте не болатынын рет-ретiмен айтып берсiн! Содан кейiнгi жайттарды да ашық мәлiмдесiн!
8Ей, халқым, қорықпаңдар, үрейлерiң де ұшпасын! Мен бұрыннан-ақ сендерге болашақтағыны алдын ала жариялап келдiм емес пе? Мен туралы шындықты мойындаңдар: Менен өзге құдай бар ма? Менен басқа қорғандарың жоқ, Маған бiреуi де мәлiм емес!
9Жалған тәңiрлердiң мүсiндерiн жасаушылардың бәрi де дәрменсiз! Олар өз тәңiрсымақтарын соншалықты ұнатып, бағалағанмен, соларынан ешқандай пайда көрмейдi. Өздерi бұған куә! Мүсiндерi көре алмайды да, ештеңенi ұқпайды да, сондықтан олар масқара болады.
10Ешбiр пайдасы жоқ «қуыршақ тәңiрлердi» жасап, мүсiндерiн құйып қалыптастыратындар кiмдер?
11Сондайлар ұятқа қалатын болады! Мүсiндердi жасайтын зергерлер жай пенделер ғана. Олар бәрi жиналып, алдымда тұрсын! Сонда үрейлерi ұшып, барлығы масқара болады.
12Ұста сом темiрден мүсiннiң тұлғасын* жасап, оны отпен шыңдайды. Мұнан кейiн мықты қолына балғасын алып, тұлғаны ұрғылап, «қуыршақ тәңiрдi» қалыптастырады. Содан қарны ашып, әлсiреп, су iшпегеннен қатты қалжырайды.
13Ағаш шеберi (қатты ағаш таңдап алып),* жiп тартып өлшеп, қашаумен мүсiннiң сұлбасын белгiлейдi. Оны кескiшпен өңдеп, жұмырлап, адамның келбеттi бейнесiн жасайды. Содан оны жалған тәңiрдiң ғибадатханасына апарып қояды.
14Бұл жұмыс үшiн самырсынды,* я болмаса қарағай не емендi кесiп алады. Оларды ормандағы ағаштардың арасынан таңдап алып, сақтап қойған болатын. Немесе шырша отырғызады, олар жауған жаңбырмен өседi.
15Ендi сол ағашты адам отын етедi. Бiр бөлiгiн отқа жағып, жылынса, басқасымен нан пiсiредi. Ал қалған ағаштан «қуыршақ тәңiрiн» ойып мүсiндеп, соған иiлiп табынады! Адамдар жай мүсiн жасап алып, оның алдына жерге жығылып құлшылық етедi!
16Олар ағаштың бiр бөлiгiн отқа жағып, үстiне тамақ пiсiрiп, тағы бiр бөлiгiмен ет қуырып, тойғанынша жеген едi ғой! Сондай-ақ отқа жылынып: «Ой, бәрекелдi, оттың қызуы керемет екен!» — деп риза болды.
17Ал ағаштың қалғанынан тәңiр мүсiнiн ойып жасап, оған: «Менi құтқара гөр, сен тәңiрiмсiң ғой!» — деп жалбарына сиынып, иiлiп табынады.
18Бұлай iстейтiндер шындықты бiлмейдi де, ұқпайды да. Олардың көздерi балшықпен сыланғандай жұмылған, ақыл-саналары ұғына алмастай тас жабылған.
19Ешқайсысы бұларына ой жiбермейдi, оларда қажеттi бiлiк пен түсiнiк жоқ. Сол себептен: «Мен жартысын отқа жағып, қоламтасына нан пiсiрiп, ет қуырып та жедiм. Ал қалдығынан жексұрын тәңiр мүсiнiн жасап, сол бiр ағаш кесегiне табынғаным қалай?!» демейдi.
20Керiсiнше, күлге айналатын нәрсенi қанағат тұтады!* Алданған саналары сондай адамдарды адастырады. Олар өз жандарын құтқара алмайды. «Оң қолымдағы осы нәрсе жалған емес пе?!» деген қорытынды шығармайды.
Құдайдың Исраилдi құтқарып, Иерусалимдi қалпына келтiруi
21«Жақыптың үрiм-бұтағы, Өзiмнiң қызметшiм,
Осыларды ескерiңдер, ей, Исраил халқым:
Сенi Өзiме қызмет ету үшiн жараттым,
Мен ешқашан да сенi есiмнен шығармаймын!
22Әдiлетсiз iстерiңдi тұмандай сейiлттiм,
Күнәларыңды жел айдаған бұлттай жоқ еттiм,
Ендi терiс жолыңнан қайтып, бет бұр Өзiме!
Мен қамқоршың болып құтқарып, кешiрдiм!»*
23Ей, аспан, мұны iстеген Тәңiрдi әнмен мадақта,
Жер, сен де Оны дәрiптеп шаттана айқайла,
Шуылдап мақтаңдар, таулар, орман ағаштары да:
Жаратқан Жақыптың әулетiн құтқарып алды,
Өз ұлылығын паш етедi Исраил халқында!
24Сенi ана құрсағында қалыптастырған, әрi туысқан қамқоршыңдай құтқарып алған* Жаратқан Ие мынаны айтады:
— Мен, Тәңiр Ие, бүкiл әлемдi жаратып, жалғыз Өзiм аспан кеңiстiгiн жасадым. Өз құдiретiммен жер бетiн де жайып жiбердiм.
25Жалған пайғамбарлардың болжамдарын жоққа шығарамын, сәуегейлердiң есалаңдығын да әшкерелеймiн. Мен данасынғандарды абыржытып, бiлiмдерiнiң ақымақтық екенiн көрсетемiн!
26Бiрақ Өзiмнiң қызметшiлерiмнiң сөздерiн iске асырып, пайғамбарларымның айтқандарын орындаймын. Мен Иерусалимге: «Жұрт сенi қайтадан мекендейдi», — деп уәде етiп, Яһуда елiнiң өзге қалаларына да: «Жаңадан салынасыңдар!» — деймiн. — Иерусалимнiң қираған ғимараттарын қайта қалпына келтiремiн!
27Ежелде терең теңiзге: «Кеуiп қал, ағыстарыңды кептiрiп тастаймын!» — деп бұйрық берген де Өзiммiн.
28Ендi Кир туралы алдын ала былай деймiн:* Ол — Маған қызмет ететiн бағушы, Менiң еркiмдi түгелдей орындаушы. Кир «Иерусалим қайта салынсын!» — деген жарлық шығарып, ғибадатхананың да негiзiн қайтадан салғызатын болады.
Парсы патшасы Кир — Құдайдың қолындағы құрал
1Мен, Жаратқан Ие, Өзiм тағайындаған Кир патшаны оң қолынан сүйемелдеп, оған халықтарды бағындырамын. Оның алдынан есiктерiн ашып, қала қақпаларын жапқызбау үшiн елдердiң патшаларының сауыт-саймандарын шештiрiп тастаймын.* Кир патшаға былай деймiн:
2«Мен алдыңда жүрiп отырып, жолыңдағы тау-төбедей кедергiлердi тып-типыл етiп тегiстеймiн. Мықты қола қақпаларды быт-шыт қылып, темiр ысырмаларын да сындырамын».
3Қараңғы жерлерде сақталған қазыналарды, жасырын орындарда жатқан байлықтарды саған табыс етемiн. Осылай Менiң кiм екенiмдi бiлетiн боласың: сенi атыңды атап Өзiме қызмет етуге шақырған Жаратқан Иемiн, Исраил халқы сиынатын Құдаймын!
4Өзiмдi әлi бiлмеген кезiңде-ақ сенi атыңды атап шақырып, жоғары лауазымға тағайындаймын. Мұны өз қызметшiм үшiн, Жақыптың үрiм-бұтағы, таңдап алған Исраил халқым үшiн iстеймiн.
5Мен Жаратқан Иемiн, жалғыз Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ! Өзiмдi бiлмесең де, Мен сенi күштi қыламын.
6Шығыстан батысқа дейiнгi аралықтағы адамдардың бәрi Менен өзге бiрде-бiр құдай жоқ екенiне көз жеткiзсiн! Мен Жаратқан Иемiн, жалғыз Құдаймын.
7Жарықты да, қараңғылықты да Мен жараттым, не амандық* орнатып, не апат жiберемiн. Мен, Жаратқан Ие, мұның бәрiн iстеймiн.
8Аспаннан әдiлдiк жауып, жерден құтқарылу шығып, екеуi де бiрге өсiп-өне берсiн! Мен, Тәңiр Ие, бұларды жараттым.
9Өзiн жаратқан Құдайды сынап, шағым айтқан пенде қасiретке қалады! Ол саздан жасалған ыдыстың сынығына ұқсайды. Әлде саз балшықтың құмырашыны: «Не iстеп отырсың?» — деп сынауына бола ма? Немесе өзiң жасап жатқан бұйымыңның сен туралы: «Қолынан түк келмейдi», — деп наразылық бiлдiруiне қақысы бар ма?!
10Әкесiне: «Менi неге дүниеге келтiрдiңiз?» — шешесiне: «Неге менi тудыңыз?» — деген әркiм де қасiретке ұшырайды!
11Исраил сиынған Киелi Құдай, оны жаратқан Тәңiр Ие, тағы мынаны айтады: «Сендер Маған болашақтағы жайттар туралы сұрақ қоясыңдар ма?! Рухани балаларым және қолымнан шыққан iстерiм жөнiнде бұйрық бересiңдер ме?!
12Жердi және оның үстiндегi адамдарды жаратқан Менмiн! Өз қолыммен аспан кеңiстiгiн жасап, барлық аспан денелерiн өз бұйрығыммен орналастырдым және бақылаймын да.
13Мен Кирдi әдiлдiкпен тағайындап, барлық жүретiн жолдарын тегiстеймiн. Ол Менiң таңдаған қаламды* қайтадан салғызып, тұтқындарымды ешбiр төлемсiз, парасыз-ақ босатып жiберетiн болады», — дейдi Әлемнiң Иесi.
Жаратқан Ие — бiрден-бiр Құтқарушы
14Жаратқан Ие таңдаған халқына мынаны да айтады: «Мысырдың iстерi мен Құштың саудасы сенiкi болмақ. Себаның* бойшаң адамдары да сенiң жағыңа өтiп, меншiгiңе айналады. Олар шынжырланған күйде артыңнан ерiп, құрмет көрсете алдыңа жығылып: «Расында да Құдай тек саған жар болып жүр. Одан басқа құдай жоқ!» — деп мойынсұнатын болады».
15— Уа, Жаратқан Ие, шынымен Сен Өзiңдi жасыратын Құдайсың, Исраилдiң сиынатын Құдайы әрi Құтқарушысысың!
16Тәңiрлердiң мүсiндерiн жасайтындар қорланып, масқара болады. Олар бәрi бiрдей ұятқа қалады.
17Ал Исраил халқын Жаратқан Ие құтқарып, мәңгi қорғап-қолдайтын болады. Оларға: «Ендi қайтып қорланбайсыңдар, мәңгi-бақи масқара болмайсыңдар!» — деген уәде берiледi.
18Аспанды жасаған Жаратқан Ие — шынайы Құдай. Ол жердi де қалыптастырып, нығайтты. Оны ретсiз, бос тұру үшiн емес, мекендеу үшiн жаратты. Құдай былай дейдi:
«Мен Жаратқан Иемiн, Менен өзге құдай жоқ!
19Мен көзден таса, қараңғы жерден құпиялап сыбырлаған емеспiн. Жақыптың үрiм-бұтағынан Өзiме бекерге бет бұрып, бой ұсынуын талап етпедiм де. Мен, Жаратқан Ие, нағыз шындықты айтамын, оны анық паш етемiн де.
20Ей, басқа ұлттардың жойылудан қашып құтылғандары, бәрiң де жиналып, қасыма жақындаңдар! Ағаштан жасалған, өздерiн құтқара алмайтын тәңiр мүсiндерiн көтерiп алып жүрiп, оларға сиынушылар қандай аңқаулар!*
21Ендi өзара ақылдасып, күштi дәлелдерiңдi келтiрiңдер: Кiм бұл жайттарды баяғыдан берi жария еттi? Оларды алдын ала айтқан кiм? Мен, Жаратқан Ие, емес пе едiм? Жалғыз Мен ғана әдiл Құдай әрi Құтқарушымын.
22«Ей, жердiң түкпiр-түкпiрiндегiлер, Маған бет бұрып, құтқарылыңдар!* Жалғыз Құдай Менмiн, өзге құдай жоқ!
23Аузымнан тек шындық шығады, Мен сөзiмнен қайтпаймын. Өз атыммен былай деп ант етемiн: Менiң алдымда әрбiр жан тiзе бүгiп, тiл бiткен пенде Маған ант берiп бағынып:
24«Әдiлдiк пен құдiрет тек Жаратқан Иеде!» — деп мойындайтын болады».
Тәңiрге ашуланғандардың бәрi Оның алдына келiп, өкiнiп ұялады.
25Сонда Жаратқан Ие Исраилдiң бүкiл үрiм-бұтағын ақтап, олар Оны мақтан тұтатын болады.
Жаратқан Иенiң сенiмдiлiгi және Бабыл табынған жалған тәңiрлердiң жойылуы
1Бел* тiзе бүгiп, Небо* да иiледi. Осы жалған тәңiрлердiң мүсiндерi малдарға тиелiп, әкетiледi. Бұларды салтанатпен көтерiп жүретiнсiңдер. Салмағы зiлдей** олар — шаршаған көлiктерге ауыртпалық.
2Осылайша жалған тәңiрлердiң бәрi бiрдей тiзе бүгiп, құлайды. Олар ауыр мүсiндерiн қорғай алмайды,* қайта, өздерi де тұтқынға түседi!
3«Тыңдаңдар Менi, ей, Жақыптың ұрпақтары, сөзiме құлақ салыңдар, ей, Исраилдiң аман қалғандары! Сендердi туғаннан-ақ қолдап келiп, өмiр бойы көтерiп те жүремiн.
4Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймiн,* шаштарың ағарған кезде де қолдай беремiн. Сендердi жаратқан едiм** бұдан былай да көтерiп жүремiн. Мен ауыртпалықтарыңа төзiп, құтқарып қорғай беремiн.
5Менi кiммен салыстырып, кiмге ұқсатасыңдар? Яки Менi кiммен теңестiресiңдер?
6Адамдар таразыға күмiс өлшеп, соған шебер зергердi жалдап алады. Қалталарынан мол алтын төгiп берiп, одан тәңiр мүсiнiн жасатқызады.
7Оны иықтарына көтерiп алып жүрiп, арнайы жерге қояды. Мүсiн сол жерде әрдайым тұра берiп, орнынан қозғала да алмайды. Жұрт оған қанша айқайлап, жалынып-жалбарынса да, ол ешқандай жауап бере алмайды да, пәледен құтқара алмайды да.
8Сонымен, ей, жолдан тайғандар, ер жүрек, ақылды болыңдар! Бұл жайттарды естерiңе ұстап, көңiлдерiңе түйiп алыңдар!
9Баяғыда болғандарды да естерiңнен шығармаңдар! Жалғыз Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкiм де болмайды!
10Мен ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлi iстелмеген iстердi баяғыдан-ақ алдын ала бiлдiрiп келемiн. Мен мақсатымды орындап, Өзiме ұнайтындарды iске асыратын боламын деп уәде беремiн.
11Мен шығыстағы алыс елден бiреудi шақырып, алып келемiн. Ол жауларына қырғидай тиiп, мақсатымды белсене орындайды. Мен айтқанымды сөзсiз жүзеге асырамын, солай шешкен соң орындаймын да.
12Ей, жүректерi қасарысқандар, әдiлдiктен қашық жүргендер,
13Мен осы жерде әдiлдiгiмдi жүзеге асыратын боламын. Ол алыс емес, жақындап қалды, Менiң құтқаруым кешiкпейдi! Мен Сион шаһарын азат етемiн, бүкiл Исраил елiн салтанатты ұлылығыма бөлейтiн боламын».
Бабыл қаласының құлауы
1«Тағыңнан түсiп, топыраққа отыр, ей, Бабыл қаласы! Ханша сияқты ешкiмге бағынбаған халдей елiнiң* астанасы, ендi тақыр жерде отыра бер! Бұдан былай сенi ақсаусақ, нәзiк деп атамайды.
2Қайта, диiрмендi қолға алып, тарта бер! (Бағынышты күңге айналған сен) бет пердеңдi шеш! Етегiңдi түрiп, балтырыңды көрсетiп өзендердi кешiп өте бер!
3Сонда тәнiң ашылып, жұрт ұятыңды көредi. Осылай сенен кегiмдi алып, ешкiмдi аямаймын!» — дейдi Жаратқан Ие.
4Бiздi құтқаратын қамқоршымыз — Әлемнiң Иесi, Исраил сиынған Киелi Құдай!
5«Ей, Бабыл, халдей елiнiң астанасы, қараңғы жерге барып, үнiңдi шығармай отыр! Сенi ендi қайтып патшалықтарға билiк жүргiзетiн ханым деп атамайтын болады.
6Мен меншiктi халқыма қаһарымды төгiп, оны сенiң қолыңа түсiрiп, қорлыққа салдым. Ал сен мейрiмдiлiк танытпай, оның қарттарына да тым ауыр жүк артып қойдың!
7Сен «мәңгiлiк патшайым боламын»* деп, Менiң халқымның шеккен азабына көңiл бөлмедiң. Мұның ақырының не боларын ойламадың да.
8Рақатқа батып, бейқам тұрып жатырсың. «Әлемде тек мен ғана маңыздымын, мендей ешкiм жоқ! Ешқашан жесiрдей жалғыз қалмаймын, тұрғындарымнан* еш айырылмаймын!» — деп мақтанасың. Ал ендi, мынаған жақсылап құлақ сал:
9Бiр күннiң iшiнде, табан астынан, екеуi де басыңа түсiп, тұрғындарыңнан айырылып, жесiрдей жалғыз қаласың! Бұл екi қасiретке де ұшырайсың! Сен сиқыршылыққа иланып, бақсылықпен де соншама көп айналысып келсең де, бәрiбiр сол пәледен амал тауып құтыла алмайсың.
10Жауыздығыңа кәмiл сенiп: «Қылықтарымды ешкiм көрмейдi», — дейсiң. Сенi жалған даналығың мен бiлiгiң елiктiрiп тура жолдан адастырды.
«Әлемде тек мен ғана маңыздымын, мендей ешкiм жоқ», — деп паңданасың.
11Алайда басыңа апат төнiп, оның қайдан келетiнiн әлi бiлмейсiң.* Сонда тас-талқан болып қирайсың. Одан амал тауып құтыла алмайсың. Кенеттен сен үш ұйықтасаң түсiңе енбейтiн қырғынға ұшырайсың!
12Сонымен, Құдайға бағынбаған сен, мейлi, жас кезiңнен айналысып келген әр түрлi бақсылық, сиқырлығыңмен бұдан былай да шұғылдана бер. Мүмкiн, олардан саған пайда тиер, мүмкiн, тiптi жауыңа үрей туғызар?
13Көп ақыл-кеңес сұрап қажығандайсың. Аспанды бақылап, жұлдыздарды санаушыларың, жаңа ай туған сайын жорамал жасайтындар, ендi алға шығып ақылдарын айтсын, сенi басыңа төнген апаттан құтқарып алсын!
14Бiрақ олардың өздерi өртенiп жатқан сабанға ұқсайды. Жалмаған өрттен өз бастарын да құтқара алмайды. Бұл қасында жай жылынып отыратын көмiр оты емес, ол Құдайдың қаһарының лаулаған жалыны!
15Ал жас кезiңнен берi сенiмен бiрлесiп саудамен айналысқандардың саған iстейтiндерi мынау болады: Әркiм өз жөнiмен қашып кетiп,* сенi құтқаратын ешкiм де қалмайды!»
Халықтың қасарысуы
1Ей, Жақыптың үрiм-бұтағы, ей, Яһуда руынан тарағандар, сөзiме құлақ салыңдар! Сендер түп аталарың Исраилдiң атымен аталып, Жаратқан Иенiң атын атап ант етесiңдер. Исраилдiң сиынған Құдайына құлшылық етемiз дей берiп, бұларыңды шын жүректен адал iстемейсiңдер!
2Киелi қаладанбыз* деп мақтанып, Исраилдiң сиынған Құдайын, Әлемнiң Иесiн, сүйенiш етедi екенсiңдер.
Ендi Оның айтқандарына құлақ түрiңдер:
3«Мен болатұғын жайттарды баяғыда-ақ алдын ала мәлiмдеп, сендерге қайта-қайта бiлдiрген едiм. Кенеттен оларды орындап, жүзеге асырдым.
4Қандай қасарыспа екендерiң де маған айқын болатын. Тоң мойын, беттерiңнен қайтпайтын қиқарсыңдар!*
5Сондықтан Мен сендерге жасайтын iстерiмдi алдын ала хабарладым, оларды болмай тұрып-ақ бiлдiрдiм. Сонымен: «Өз тәңiрлерiмiз осылай iстедi! Ағаштан ойылған және мыстан құйылған мүсiндерiмiз солай болсын деп бұйырды!» — дей алмайсыңдар.
6Хабарларымды естiген едiңдер. Ендi жүзеге асқандарының бәрiне қарап көз жеткiзiңдер! Оларды ашық мойындамайсыңдар ма?*
Бұдан былай Мен сендерге жаңа жайттарды жария етпекпiн, өздерiңе беймәлiм, жасырын жатқандарды хабарламақпын.
7Олар бұрын емес, қазiр пайда болып жатыр. Бүгiнге шейiн солар туралы естiмедiңдер. Сондықтан сендер: «Әрине, мұны бiлген едiк», — дей алмайсыңдар.
8Жоқ, оларды алдын ала естiп, түсiнген жоқсыңдар! Баяғыдан-ақ сөздерiме құлақ салмадыңдар. Сендердiң опасыздық жасайтындарың да маған бұрыннан айқын болатын. Туғаннан-ақ Құдайға қарсы тұрушы деп аталасыңдар!
9Бiрақ өз атымның құрметiне бола Мен қаһарымды тежеп, әлi де төкпей тұрмын. Әйтпесе сендердi қасымнан үзiлдi-кесiлдi аластатып, құртуым керек болар едi.*
10Оның орнына сендердi тазарту үшiн азап отынан өткiздiм. Сонда да балқытылған күмiстей саф таза болып шықпадыңдар.*
11Өзiме бола, өз еркiме сай ендi сендердi құтқармақпын. Қалайша Мен абыройыма дақ түсiртемiн?! Өз ұлылығымды қайдағы бiреуге қимаймын».*
Бабыл езгiсiнен құтқарылу туралы уәде
12«Ей, Жақыптың үрiм-бұтағы, Мен өз халқым болуға шақырған Исраил, сөзiме құлақ түрiңдер! Мәңгi тiрi Жаратқан Иемiн, Алғашқы да, Соңғы да Менмiн.
13Құдiреттi қолыммен жердiң негiзiн салып, аспан кеңiстiгiн де жасағанмын.* Мен бұйрық берсем болды — олардың барлығы бiрдей орындарына тұра қалады».
14Исраил халқы, жиналыңдар, барлығың да құлақ салыңдар! Жаратқан Иенiң сүйiктi қызметшiсi (Кир патша)* Оның еркiн Бабылда орындап, мықты қолымен сол елдегi халдейлерге** қарсы шығатын болады. «Жалған тәңiрлердiң қайсысы бұны алдын ала бiлдiрiптi?
15Жоқ, тек Мен ғана соны алдын ала айттым. Өзiм оны шақырып әкелемiн, оның жолын сәттi етемiн де.
16Қасыма жақындап, сөзiме құлақ түрiңдер: Мен ниетiмдi басынан-ақ бүкпей ашық айтып келемiн. Оны iске асыратын уақытта да Өзiм сол жерде боламын».
Ендi Құдай Ие және Оның Рухы менi мына хабармен жiберiп отыр:
17Сендердi құтқарушы* Жаратқан Ие, Исраил сиынған Киелi Құдай, былай дейдi:
18О, егер өсиеттерiме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегi амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секiлдi, әдiлдiк те теңiз толқындарындай шексiз болар едi!
19Ұрпақтарың тау тастарындай, үрiм-бұтағың құм қиыршықтарындай сансыз мол болар едi ғой. Олардың есiмдерi Менiң алдымнан ешқашан өшпес те, жойылмас та едi.
20Ендi Бабылдан тездетiп көшiп шығып, халдейлердiң езгiсiнен құтылыңдар! Мына хабарды қуанышты үнмен жер шетiне дейiн жариялаңдар: Жаратқан Ие өз қызметшiсiн, Жақыптың үрiм-бұтағын, азат еттi!»
21Ежелде Тәңiр Ие (Мысырдың езгiсiнен) құтқарған халқын айдала арқылы жетелеп алып жүргенде олар шөлдемедi: Өзi солар үшiн жартастан су ағызды. Жаратқан Ие құзды қақ жарғанда су сарқырай жөнелдi.* (Осы кезде де Тәңiр Ие отанына қайтуға шақырған өз халқына кереметпен қамқорлық жасайтын болады.)
22Ал «күнәкарларда амандық пен тыныштық болмайды!» — дейдi Жаратқан Ие.
Құдайдың Қызметшiсi — барлық халықтар үшiн жарық Нұр
1Аралдар мен теңiз жағалауларындағы елдер, алыстағы халықтар, сөзiме құлақ түрiп, тыңдаңдар: менi ана құрсағынан-ақ Жаратқан Ие тағайындады, есiмiмдi туған кезiмнен-ақ есiнде сақтады.
2Ол сөзiмдi* семсердей өткiр еттi. Менi қолының саясында қорғап үшкiрленген жебеге ұқсас қылып «қорамсағында» сақтап келедi.
3Жаратқан Ие маған мынаны айтқан едi:
— Исраил, сен Менiң қызметшiмсiң,* Өзiңде салтанатты ұлылығымды паш етемiн.**
4Бiрақ мен былай деп жауап бердiм:
— Бүкiл еңбегiмдi зая еттiм, құр бекерге күшiмдi жұмсадым!
Алайда Тәңiр Ие мүддемдi қорғап, еңбегiмнiң әдiл бағасын сақтайды.
5Жаратқан Ие маған сөзiн арнады. Менi туғаннан-ақ қызметшiсi болуға дайындаған едi. Маған Жақыптың үрiм-бұтағын, Исраил халқын, Өзiнiң қасына қайтарып жинауды тапсырды. Оның алдында қадiрлiмiн, маған күш-қуат сыйлайтын да Өзi.
6Жаратқан Ие былай дейдi: «Сен Менiң қызметшiмсiң, Жақыптың шашыраған руларын қайтадан бiрiктiресiң. Сен тек Исраил халқынан аман сақтап қалғандарымды* ғана Өзiме қайтарып қоймайсың. Басқа халықтар үшiн де сенi жарық нұр етемiн! Сонда жердiң түкпiр-түкпiрiндегi адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесiң!»**
7Исраилдi құтқарушы* Киелi Құдайдың Қызметшiсi адамдардан қорлық көрiп, халыққа** жексұрын болып, билеушiлердiң құлына айналған едi. Ал Құдай Ие оған сөзiн арнап былай дейдi: «Сенi көрген патшалар алдыңда тiк тұрады, саған әмiршiлер де бас иетiн болады. Себебi Мен, Исраил сиынған Киелi Құдай, сөзiне адал Жаратқан Ие, сенi таңдап алдым!»
Исраил халқының құтқарылуы
8Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Мен рақым ететiн кезiмде саған жауап беремiн, халқымды құтқаратын күнiмде сенi қолдап-қорғап жүремiн.* Өзiңдi халқым үшiн келiсiмiмнiң кепiлi етiп белгiлеймiн. Осылай Мен мына уәдемдi бекiтемiн: ойран болған Исраил жерiн қалпына келтiрiп, оны өз халқына мәңгi иелiкке қайтадан үлестiрiп беремiн.
9Сен арқылы қараңғыдағы тұтқындарды «Сыртқа шығып, көрiнiңдер!» — деп шақырып, босатамын да. Олар бағып, қамқорлайтын отарым iспеттi жол бойында тамақтанатын болады. Тiптi құнарсыз қыраттардан жайылым табады.
10Ендi қайтып олар аштық пен шөлдi бiлмейдi, күннiң аптап ыстығы да күйдiрмейдi. Себебi халқының жанашыры Тәңiр Ие оларды жетелеп, су көздерiне бастап алып жүредi.
11«Мен бүкiл тауларымды жолға айналдырып, даңғыл жолдарымды биiктетiп саламын».*
12Мiне, бұлар алыстан, көбi солтүстiк пен батыстан, басқалары Асуан* аймағынан келе жатыр!
13Ей, аспан, шаттана шырқап, жер де, қатты қуанып, тау-төбелер де, шуылдап мақтау айтыңдар! Жаратқан Ие өз халқын жұбатып, азап шеккендерiне жаны ашып мейiрiм танытады.
14Иерусалим халқы былай деген едi:
— Құдайым менi ұмытып, тастап кеттi!
15— Әлде әйел өз сәбиiн ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен сенi ешқашан ұмытпаймын, Иерусалим!
16Есiмiңдi алақаныма ойып жазып алдым, қамалдарың әрдайым көз алдымда!
17Сенi қайтадан салуға келе жатқан халқың өзiңе жетуге асығуда, ал сенi қырып-жойып, талқандаған қарсыластарың қасыңнан кетуге мәжбүр болуда!
18Айналаңа көз жүгiртiп қарашы: бүкiл балаларың* жиналуда!
Мәңгi тiрi Жаратқан Ие ант етiп былай деп уәде бередi:
— Сен осы адамдардың бәрiн әшекей етiп таққандай өзiңе қабылдайтын боласың. Олармен қалыңдықтай сәнденiп, көркейiп салтанатқа бөленесiң.
19Ойрандалып, қаңырап бос қалған орындарың ендi ағылып келген тұрғындарыңның көптiгiнен тар болады. Ал сенi қанап, жалмап келген дұшпандарың қасыңнан алшақ кетедi.
20Халқың жер аударылған кезеңде шетелде туған бос ұрпақтар саған қайтып келiп, сенен: «Бұл орын бiзге тұруға тым тар. Кеңiрек жер берсеңiз екен», — деп өтiнетiн болады.
21Сол кезде сен iштей былай дейсiң: «Бұларды мен үшiн туған кiм? Мен құрсақ көтерiп, балалы болған емеспiн. Халқым жер аударылып, қуылған едi. Сонда бұлардың бәрiн кiм өсiрдi екен?! Мен жападан-жалғыз болғанда бұлар қайдан шықты?!»
22Ал Жаратқан Ие мынаны айтады: «Мен қолымды созып, туымды жоғары көтергендей барлық халықтарға белгi беремiн. Олар ұлдарыңды кеуделерiне басып, қыздарыңды да иықтарына отырғызып, көтерiп алып келетiн болады.
23Сонда патшалар кiндiк әкелерiң болып, ханымдары күтушi әйелдерiңе айналады. Олар саған жерге дейiн иiлiп тағзым етiп, аяғыңа жабысқан шаңды сүртiп құлдық ұрады. Осылай сен Менiң Жаратқан Ие екенiмдi бiлетiн боласың. Маған үмiт артқандар ұятқа қалмайды!»
24Күштi жаудың олжасын одан тартып алып, жеңiмпаздың тұтқындарын босатуға бола ма?
25Бұл пенденiң қолынан келмегенмен, Жаратқан Ие былай дейдi: «Күштi жаудың тұтқындары тартып алынып, жеңiмпаздың олжасы одан қайтарылады! Сенiмен арпалысатын жауыңмен Өзiм алысып, адамдарыңды босатамын!
26Сенi езiп-жаншығандар сол кезде өз тәндерiн жейтiн болады. Олар төгiлген өз қандарына тәттi шарап iшкендей мас болады. Осылай бар адамзат Менiң Жақып сиынған құдiреттi Құдай Ие екенiмдi бiлетiн болады: Мен сенi жау қолынан азат ететiн Қамқоршыңмын* да».
Опасыз халықтың тартқан әдiл жазасы
1Жаратқан Ие былай дейдi: Сендер Менi «шешелерiң» Иерусалимдi қуып жiбердi дейсiңдер. Ендеше соны дәлелдейтiн куәлiк қағазы қайда?* Менi бiреуге берешек болып, соны өтеу үшiн өздерiңдi құлдыққа сатып жiбердi деп те айыптайсыңдар.** Жоқ, олай емес, сендер өз күнәларың үшiн құлдыққа түстiңдер! «Шешелерiң» де өздерiң жасаған зұлым iстерiне бола қуылды!
2Халқыма келгенiмде нелiктен Менi ешқайсың қарсы алмадыңдар? Мен қанша шақырсам да, ешқайсың жауап бермедiңдер? Өздерiңдi азат ету қолымнан келмейдi деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сендердi құтқаруға құдiретiм әбден жетедi! Менiң бұйрығыммен теңiз кеуiп қалады.* Мен өзендердi де шөл далаға айналдыра аламын. Сонда ондағы балықтар сусыз өлiп, шiрiп кетедi.
3Аспанды қара түнекпен қаптап, оны қаралы жамылғымен жауып тастағандай тас қараңғы ететiн де Менмiн.
Қызметшiсiнiң Құдайға түгелдей мойынсұнуы
4«Маған Жаратушы Тәңiр Иенiң Өзi тәлiм берiп, қажығандарды жiгерлендiру үшiн не айту керегiн аузыма салып отыр. Күн сайын ертеңгiсiн Ол менi оятып, айтқандарына шәкiрттей құлақ салғызады.
5Жаратушы Тәңiр Ие құлағымды ашқанда мен қасарысып, керi бұрылған жоқпын.
6Арқамды ұрып-соққандарға тостым, сақалымды жұлғандарға екi жағымды ұсынып, бетiмдi балағат пен түкiрiктен жаппадым.
7Менi Жаратушы Тәңiр Ие қолдайды, сондықтан ұялмаймын да қысылмаймын. Өзi белгiлеген жолдан шықпауға* белдi бекем будым. Соңында ұятқа қалмайтынымды бiлемiн.
8Менi ақтайтын Құдай қасымда, маған сонда кiм кiнә тақпақ? Келiңдер, беттесейiк, ендi кiм маған айып таңбақшы? Кәне, сол мұнда жақындап келсiн!
9Менi Жаратушы Тәңiр Ие қолдайды, маған үкiм шығаратын кiм болмақ? Солай етуге тырысқандар тозып, күйеге жем болған киiмдей құрымақ.
10Ей, өз араларыңда Тәңiр Иенi қастерлейтiндер, Оның Қызметшiсiнiң даусына құлақ түретiндер, қараңғыда жүрiп, жарықтан ада болсаңдар да, Құдай Иеге үмiт артып, Оны сүйенiш етiңдер!
11Ал өз беттерiңмен от жағып, қолдарыңа жанып тұрған алау ұстайтын басқалар, мейлi өздерiң лаулатып жандырған от пен алауларыңның жарығында жүре берiңдер.* Бiрақ та Менiң жазама ұшырап, азап шегiп, қиналып жататын боласыңдар!»
Құдай халқының мәңгiлiк құтқарылуы туралы уәде
1«Әдiлдiкке ұмтылып, Маған мойынсұнып сиынғандар, сөзiме құлақ түрiңдер! — дейдi Жаратқан Ие. — Шыққан ата-тектерiңе көз жүгiртiңдер: қандай жартастан қашалып, қай орыннан қазылып алынғандарыңа көңiл бөлiңдер!
2Түп ата-аналарың Ыбырайым мен Сараны естерiңе түсiрiңдершi. Мен Ыбырайымды балалы болмай тұрып-ақ тағайындап алдым. Оны жарылқап, кереметпен үрiм-бұтақты еттiм».*
3Сол сияқты Жаратқан Ие ендi Сионға да жаны ашып, оның қаңырап бос қалған жерлерiнiң бәрiн кереметпен қалпына келтiрмек. Елдегi шөл дала мен құла түздi жұмақ, Тәңiрдiң пейiш бағының өзi iспеттi ғажап етпек! Сонда Сион шат-шадыман болып, шүкiршiлiк пен шырқалған әнге бөленетiн болады.
4«Ей, халқым Исраил, Маған көңiл аударып, құлақ салыңдар! Мен барлық ұлттарға арнап тәлiмiмдi* шығарамын. Бүкiл адамзатқа да әдiл шешiмдерiм нұр болып, тура жолды көрсетедi.
5Менiң әдiлдiгiм жуырда жер бетiнде орнамақ. Сендердi тез арада құтқарып алып, басқа халықтарға өз құдiретiммен билiк айтатын боламын. Алыстағы елдер* Менi үмiттене күтiп, құдiреттi күшiме сенiмдерiн артады.
6Аспанға көз жүгiртiп, жерге де назар аударыңдар: аспан түтiндей ғайып болып, жер ескi киiмдей пайдасыз болып қалады, оның тұрғындары шыбын-шiркей секiлдi лезде өлiп құриды. Бiрақ Менiң құтқаруым мәңгiлiк болады, әдiл билiгiмнiң шегi болмайды.
7Ей, әдiлдiктi бiлетiндер, тәлiмдерiмдi* жүрегiнде ұстайтын халық, сөзiме құлақ түрiңдер! Пенденiң мазағынан қорықпаңдар, жұрттың өсек-жаласынан да шошынбаңдар!
8Олар күйе түсетiн киiмдей, құрт жеген жүндей өткiншi ғана. Ал Менiң әдiл билiгiм мәңгiлiк, құтқаруымның игiлiгi ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек».
9— Уа, Жаратқан Ие, орныңнан тұрып,
Баяғыдай құдiретiңе бөленiп,
Ежелдегi iстегенiң iспеттi
Ендi көрсете гөр ерен күшiңдi!
Сол заманда Мысыр елiн* талқандап,
Айдаһардай жауымызды жарақаттап,
Жойып жiберген Өзiң емес пе едiң?!
10Сонда Сен құрғатып теңiздiң суын
Түпсiз тұңғиығынан бiр жол аштың,
Жаудың қолынан құтқарған халқыңды
Сол арқылы өткiзiп азат еттiң!*
11Жаратқан Иенiң азат еткен халқы*
Сионға ән шырқап қайтып келедi.
Олар мәз-мейрам болып мәңгi-бақи
Қуаныш пен шаттыққа кенеледi.
Ал қайғы-мұң атаулы бастарынан
Лезде мәңгiлiкке алыстап кетедi.
12Жаратқан Ие таңдаған халқына былай дейдi: «Мен Өзiм сенi жұбатып, сүйенiшiң боламын. Қалай сен ажалды пендеден шошынып, адам баласынан қорқасың? Ол солып қалатын шөп секiлдi өткiншi емес пе?
13Ал өзiңдi жаратқан Менi, Тәңiр Иенi, ұмытып келесiң! Мен әуел баста аспан кеңiстiгiн жаратып, жердiң негiзiн салғанда шексiз құдiретiмдi көрсеткен едiм. Неден сен өзiңе зорлық-зомбылық жасаған жауыңның қаһарынан күн ұзағына үрейiң ұшып қорқасың? Рас, ол сенi қырып-жоймақшы болды. Ал қазiр сол қанаушыңның қаһары қайда?!
14Тұтқындар жуырда азат болады. Олар көрге де түспейдi, нансыз да қалмайды.
15Себебi Мен сенiң Иеңмiн. Теңiздi буырқантып, толқындарын гүрiлдетуге құдiретiм жетедi. Әлемнiң Иесi — Менiң есiмiм.
16Аузыңа сөздерiмдi саламын. Сенi қолымның аясында ұстап қорғаймын. Аспанды орналастырып, жердiң негiзiн салып бекiткен Өзiммiн. Сен өз халқымсың деп Сионды* қайтадан қамқорыма алатын да Менмiн».**
Құдайдың қаһарлы жазасы
17Оян, орныңнан тұр, Иерусалим! Сен Жаратқан Иенiң қаһарына әбден ұшырадың. Сол қаһары шарапқа толы тостағанға ұқсады. Оны түбiне дейiн тауысып iшiп, мас болғандай теңселiп жүрдiң.
18Өзiңде туып-өскен тұрғындарыңның бiрде-бiреуi саған қол ұшын берiп, тура жолмен жетелеп алып жүрген жоқ.
19Мына пәленiң екеуi де: тас-талқан болу және ашаршылық пен семсерден қырылу басыңа түстi. Ал кiм сен үшiн қайғырады? Менен басқа кiм саған жанашыр бола алады?
20Тұрғындарың естерiнен танып, көшелердiң бұрыштарында жатып,
21Сондықтан ендi сөзiме құлақ сал, ей, Иерусалим! Сен шарап iшпей-ақ мас болғандай әлсiзсiң, қиналып та жатырсың.
22Жаратушы Тәңiр Иең, өз халқы үшiн күрескен Құдайың былай дейдi: «Мен қаһарыма толы тостағанымды қолыңнан қайтарып аламын. Одан iшкенде сен теңселiп, әбден әлсiреген едiң. Мен сол қаһарымнан бас тартып, ендi қайтып оны саған төкпеймiн.*
23Керiсiнше, сенi азапқа салған дұшпандарыңа қаһарыма толы тостағанымнан iшкiземiн. Олар саған: «Жерге етпетiңнен жат! Үстiңнен басып өтейiк», — деп бұйыратын. Осылай сен олардың аяқтарымен басатын жолы болып арқаңды тосып, бағынуға мәжбүр болған едiң.
Иерусалимнiң азат етiлуi
1Оян, Сион халқы, оян! Күш-қуатқа бөлен! Қасиеттi қала* Иерусалим, салтанатты киiн! Құдайсыз, күнәлы жауларың** ендi қайтып саған кiрмейтiн болады!
2Отырған жерiңнен тұрып, шаңыңды қағып тастап, төрдегi орныңа жайғас, уа, Иерусалим! Мойныңдағы шынжырларды алып таста, тұтқындалған Сион халқы!
3Себебi Жаратқан Ие былай дейдi: «Сендер ақшаға сатылмай-ақ құлдыққа түстiңдер.* Ендi құн төленбей-ақ босатыласыңдар!»
4Жаратушы Тәңiр Ие тағы мынаны айтады: «Ежелде Менiң халқым Мысырға барып, жат жерлiк кiрмелер ретiнде сонда тұрған едi. Соңғы уақытта Ассур патшалығы оларға зорлық-зомбылық көрсетiп келдi.*
5Ал ендi, мына жағдай не? — дейдi Жаратқан Ие. — Жау құнын төлемей-ақ халқымды айдап алып кетiп, билеп-төстейдi. Сол iсiне шулап мақтанады. Менiң атым күн ұзағына қорланады.
6Алайда болашақта Менiң халқым атымды мойындайтын болады. «Қараңдар, Мен мұндамын!» — деп шақырған Өзiм екенiме сол күнi олар көздерiн жеткiзбек»,* — дейдi Жаратқан Ие.
7Iзгi хабар жеткiзушiнiң таудан өтiп келгенi қандай тамаша! Ол татулықты жариялап, бақыттың жақсы хабарын алып келiп, құтқарылуды паш етедi. Сионға: «Құдайың патшалық құрып жатыр!» — деп мәлiмдейдi.
8Бiр үн естiледi: күзетшiлерiң дауыс көтерiп, барлығы да шаттана шырқайды. Олар өз көздерiмен Жаратқан Иенiң Сионға қайтып келгенiн көредi!
9Иерусалимнiң қираған орындары, бәрiң бiрiгiп шаттана ән шырқаңдар! Тәңiр Ие өз халқына жаны ашып, Иерусалимдi құтқарады.*
10Жаратқан Ие Өзiнiң киелi құдiретiн барлық халықтардың көз алдында ашық көрсетедi. Құдайымыздың бiздi құтқаруын жердiң түкпiр-түкпiрiндегiлердiң барлығы көретiн болады.
11Кәне, жүрiңдер, шығыңдар Бабылдан! Күнә атаулыға* жоламай, сол жерден шығыңдар! Жаратқан Иенiң (киелi үйiнiң) бұйымдарын көтерiп алып жүретiндер, өздерiңдi Оған бағыштап, тазару рәсiмiнен өтiңдер!**
12Сендер жау елiнен қашып жүгiрмей, асықпай шығасыңдар. Себебi Исраилдiң сиынған Құдай Иесi өздерiңдi ады-арттарыңнан қорғап-қоршап жүретiн болады.*
Құдайдың Қызметшiсiнiң күнәларымызды өз мойнына алуы
13Тәңiр Ие былай дейдi: «Менiң Қызметшiм ақыл-парасатпен әрекет жасайды. Ол беделi артып, дәрежесi жоғары көтерiлiп, ұлан-ғайыр дәрiптелетiн болады.
14Оған* қарап көпшiлiк аң-таң болды. Себебi Қызметшiмнiң ұсқынының бұзылғаны сонша, тiптi адам сияқты көрiнбедi. Оның түр-тұрпаты адам баласына ұқсамай қалды.
15Қызметшiм көптеген халықтарды қайран қалдырады.* Оның алдында патшалар да ауыздарын жабатын болады. Себебi олар өздерiне айтылмағандарды көрiп, естiмеген жайттарды түсiнедi».
1Бiздiң хабарымызға азғана кiсiлер сендi. Жаратқан Иенiң құдiреттi iстерi кiмге ашық көрсетiледi?
2Қызметшiсi Құдай алдында жас көшеттей, құрғақ жерден шыққан жас өскiндей* өсiп шықты. Оның бiз таңырқап қарайтындай ажары мен келбетi немесе бiзге ұнайтындай түрi жоқ едi.
3Оны адамдар менсiнбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көрiп, көп қасiрет шегiп, жұрт бетiн бұрып әкететiндей жиренiштi болды. Оны бiз де* бағалаған жоқпыз.
4Шынында Құдайдың Қызметшiсi бiздiң қасiретiмiздi Өзiне алды, бiздiң ауруларымызды өз мойнымен көтердi. Оның ұрылып, азап шегуiн Құдай бұйырған жаза деп ойладық!
5Алайда Құдайдың Қызметшiсi бiздiң күнәларымыз үшiн түйрелiп, бiздiң әдiлетсiз iстерiмiз үшiн құртылды. Оның тартқан жазасы бiзге амандық пен тыныштық әкелдi. Оның жараларының арқасында бiз сауықтық.
6Барлығымыз адасқан қойлардай тентiреп, өз бетiмiзбен жүрдiк. Ал Жаратқан Ие бәрiмiздiң күнәларымызды Қызметшiсiнiң мойнына артты.
7Ол зорлық-зомбылық көрiп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды.* Ол қырқылып жатқанда үнi шықпайтын қой секiлдi тiс жармады.
8Оны жәбiрлеп,* әдiлетсiз үкiммен өлiмге кесiп, алып кеттi. Оның замандастарынан кiм мынаны ойлады:** Құдайдың Қызметшiсi халқымның әдiлетсiз iстерiне бола азапталып, бұ дүниеден аластатылды.
9Оның моласы қылмыскерлер қорымында белгiленгенмен, мәйiтi бай адамның қабiрiне қойылды. Өйткенi Құдайдың Қызметшiсi ешқандай қылмыс жасамаған болатын, аузынан бiрде-бiр өтiрiк те шықпаған едi.
10Алайда Жаратқан Иенiң Қызметшiсi Оның еркiмен азап шегiп құртылды. Ол жанын күнәның құнын өтейтiн құрбан еткен соң өз үрiм-бұтағын көрiп, ғұмыры ұзақ болады.* Қызметшiсiнiң арқасында Жаратқан Иенiң еркi жүзеге асады.
11«Жан азабының нәтижесiне қарап* әдiл Қызметшiм қанағаттанатын болады. Оны көп адамдар танып мойындап, ақталады.** Ол солардың күнәларын өз мойнына алады.
12Оған сол себептен көптеген адамдарды табыс етемiн. Оның олжасы билiк иелерi де болады.* Себебi Қызметшiм жанын өлiмге қиып, қылмыскерлердiң қатарында саналды. Ол бiрақ көптеген күнәкарлардың кешiрiлуi үшiн өтiнiш жасап, олардың күнәларын өз мойнына алды».
Құдайдың қаласының болашақ ұлылығы
1Қуан, құрсақ көтермейтiн, бала сүймеген әйел, шаттана ән шырқа! Толғатып көрмеген сен, масаттанып дауыста! Себебi күйеуi бардан гөрi жалғыз басты* әйелдiң балалары көбiрек болады, — дейдi Жаратқан Ие. —
2Халқым, шатырыңның орнын кеңейтiп ал! Оның жапқыштарын аямай созып, жiптерiн ұзын етiп ал, қазықтарын мықтап қақ!
3Бұдан былай сен жан-жаққа тарайтын боласың. Ұрпақтарың халықтарға билiк жүргiзiп, қаңырап бос қалған қалаларды жаңадан мекендейтiн болады.
4Халқым, қорықпа, ендi қайтып ұятқа қалмайсың, қысылма, сен масқара болмайсың. Жас кезiңдегi ұятқа қалған жайтты ұмытып, жесiрлiк қасiретiңдi де есiңе алмайсың.
5Өзiңдi жаратқан Құдай саған жар!* Ол сенi құтқарып алған Қамқоршың, Әлемнiң Иесi және Исраил сиынған Киелi Құдай деп те аталады. Бүкiл жер бетiнiң Құдайы деген атағы да бар.
6Сен қуылған, мұңды әйел секiлдiсiң. Бiреу жас кезiнде үйленiп, тастап кеткен әйелге ұқсайсың. Жаратқан Ие сенi қайтадан қасына шақырады!» — Құдайыңның Өзi мұны айтады.
7«Сенi бiраз уақытқа тастап кетiп едiм, бiрақ зор сүйiспеншiлiкпен Өзiме қайтарып алып келемiн.
8Қаһарланған кезде сенен бiр сәтке бетiмдi жасырған едiм. Алайда мәңгiлiк сүйiспеншiлiгiммен саған рақым етемiн», — дейдi сенi құтқарып алған Қамқоршың Жаратқан Ие.
9«Нұхтың заманында топан су жер бетiн басып кеткеннен кейiн Мен ендi қайтып жерге топан су жiбермеймiн деп ант еткен едiм.* Сол сияқты саған да былай деп ант беремiн: бұдан былай саған ашуланып, сөгiс бермеймiн.
10Таулар қозғалып, төбелер шайқалар, бiрақ Менiң сүйiспеншiлiгiм сенен айнымас, сенiмен татулық келiсiмiм де шайқалмас!» — дейдi саған рақымын төккен Жаратқан Ие.
11«Азап шегiп, дауыл сабалап, жұбаныш көрмеген қала, мынаны бiлiп ал: Мен сенi қайтадан саламын. Көгiлдiр түстi асыл тастарды* негiздерiң етiп, тастарыңды ең сапалы ерiтiндiмен** қаластырамын.
12Қамалыңның мұнаралары лағылдан, қақпаларың iнжу-маржаннан,* бүкiл қабырғаларың да асыл тастардан жасалып, жалт-жұлт ететiн болады.
13Балаларыңның бәрi Тәңiр Иеңнен тәлiм алып, керемет амандық пен тыныштыққа кенелмек.
14Сен әдiлдiкпен берiк негiзделесiң. Жәбiр көруден аулақ, тыныштықта тұратын боласың. Сенi ештеңе де қорқытпай, үрей атаулы саған жоламайды.
15Саған қарсы аттанған бiреу болған күнде де ол Мен жiберген жау болмайды.
16Есiңе сақта, Мен Өзiм ұстаны жараттым. Ол көмiрдi үрлеп от жағып, қолдану мақсатына қарай қару-жарақ жасап шығарады. Дәл осылай Мен сенi талқандау үшiн қырып-жоюшы жауларыңды* жаратқан едiм.
17Ал бұдан былай қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сенi құрта алмайтын болады. Өзiңдi айыптағандардың сөздерiн әшкерелеп, жоққа шығарасың.
Тәңiр Иенiң қызметшiлерi осы игiлiктердi иеленетiн болады. Оларды Өзiм ақтап аламын», — деп жариялайды Жаратқан Ие.
Мұқтаждарды рухани игiлiктi иемденуге шақыру
1«Ей, шөлдегендер, бәрiң су көздерiне келiңдер, ақшасы жоқтар да, келiп, тамақ алып жеңдер! Иә, келiп, шырын* мен сүттi ақша төлемей-ақ тегiн алыңдар!
2Нәрсiз тамақ үшiн неге ақша төлейсiңдер? Өздерiңдi қанағат қылмайтын нәрселер үшiн неге еңбек етесiңдер? Менi мұқият тыңдап, рухани нәрдi қабылдаңдар, ағыл-тегiл жақсылықтан жан рақатын табыңдар!
3Маған жақындап, айтқандарыма құлақ түрiңдер! Сонда шынайы өмiрге ие боласыңдар. Сендермен мәңгiлiк келiсiм жасамақпын. Кезiнде Дәуiтке уәде еткен мызғымас рақымымды ендi өздерiңе көрсетпекпiн.*
4Еске алыңдар, Мен Дәуiт* арқылы халықтарға құдiретiмдi паш еттiм, Дәуiттi соларға көсем әрi билеушi болуға тағайындадым.
5Сион, сен де бұрын бiлмеген халықтарды шақырасың. Өзiңдi танымаған ұлттар саған келуге асығатын болады.* Себебi Мен, сенiң Құдай Иең, Исраил сиынған Киелi Құдай, осыларды iске асырып, сенi салтанатты ұлылыққа бөлемекпiн».
6Әлi кеш болмай тұрғанда Жаратқан Иеге бет бұрып, мойынсұныңдар! Иемiз құлақ салуға дайын тұрған осы кезде Оған сиынып жалбарыныңдар!
7Азғын адам терiс жолынан қайтып, әдiлетсiз жан өз ойларынан бас тартсын!
8Жаратқан Ие: «Менiң ойым сендердiң пiкiрлерiңнен өзге, Менiң жолым сендердiкiнен басқа, — деп жариялайды.
9— Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менiң жолым да сендердiкiнен соншама жоғары, Менiң ойым да пiкiрлерiңнен тым биiк.
10Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керiсiнше, олар жердi суарып, көгертiп, дақылдарды өсiрiп шығарады да, диқанға себуге тұқым, халыққа жеуге нан бередi.
11Менiң аузымнан шыққан сөзiм* де соған ұқсайды: ол Өзiме нәтижесiз оралмайды. Қайта, Менiң сөзiм еркiмдi толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады».
12Сондықтан сендер зор қуанышпен тұтқыннан босап шығып, жолдарыңда аман-есен жетеленетiн боласыңдар. Тау-төбелер алдарыңда ән шырқап, даладағы күллi ағаштар сендерге қол соқпақ.
13Тiкендi бұта орнына қарағайлар* өсiп, қалақай орнын жұпар иiстi жасыл бұталар басады.** Бұл керемет iс Жаратқан Иенiң даңқын асыратын, мәңгi өшпейтiн белгi болады.
Барлық ұлттарға да арналған құтқарылу
1Жаратқан Ие былай дейдi: «Әдiлеттi бұйрықтарымды сақтап, әдiл iстер жасаңдар! Мен сендердi жақында құтқарып, әдiлдiгiмдi ашық көрсететiн боламын.
2Айтқандарымды мұқият орындайтын адам қандай бақытты! Демалыс күнiн қор қылмай,* Өзiме бағышталған күн ретiнде қастерлейтiн және жамандық атаулыдан алыс жүретiн адам баласын Мен жарылқайтын боламын».**
3Жаратқан Иенiң жолын ұстанушы басқа ұлт адамы: «Жаратқан Ие, сiрә, менi өз халқынан бөлек қояр», — деп уайымдамасын. Белiнен айырылған еркек: «Мен қурап қалған ағашқа ұқсаймын», — деп те қайғырмасын.
4Себебi Жаратқан Ие мынаны айтады: «Егер белiнен айырылғандар* Менiң еркiмдi орындауды таңдап, демалыс күн ережелерiн сақтап, келiсiмiмдi ұстанса,
5онда Мен оларға ғибадатханамнан және оның алаңдарынан орын берiп, мәңгi өшпейтiн ат пен абырой сыйлаймын. Бұл ұл-қыздар арқылы қол жеткiзуге болатын абыройдан артық.
6Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары өздерiн Маған ғибадат етiп, Менi сүйiп, қызметшiлерiм болуға түбегейлi арнаса және демалыс күн ережелерiн сақтап, келiсiмiмдi берiк ұстанса,
7онда Мен олардың Өзiме бағышталған қасиеттi Сион төбесiне келулерiне жол беремiн. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемiн. Сол басқа ұлттық сенушiлердiң Өзiмнiң құрбандық үстелiмде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебi Менiң киелi үйiм барлық ұлттардың Өзiме сиынатын үйi деп аталатын болады».
8Жаратушы Тәңiр Ие жер аударылып, шашырап кеткен исраилдiктердi қайтадан жинамақ. Ол былай деп жариялайды: «Мен халқымды жинап алып, оларға басқаларды да қоспақпын!»
Құдайдың Өзiнен безгендердi айыптап жазалауы
9Дала мен ормандағы жыртқыш аңдар, бәрiң де осында келiңдер! Халқымның жаулары, келiп, бас салыңдар!
10Исраилдi күзетiп жүруге тиiстi басшылары* соқыр да надан! Барлығы үре алмайтын мылқау, қиялдап жатып, ұйықтағанды жақсы көретiн иттер сияқты.
11Олар қомағай, тоюды бiлмейтiн төбеттерге ұқсас! Түсiнiгi жоқ осы бағушылардың бәрi өз беттерiмен жүрiп, әрқайсысы өз пайдасын ғана ойлайды.
12«Кәне, шарап алып, соңынан сыраны сiмiрейiк. Ертең де бүгiнгiдей, тiптi бұдан да күштi болады!» — деседi сол зұлымдар.
1Әдiл жандар жойылады, бiрақ ешкiм бұған көңiл бөлмейдi, мәнiн де түсiнбейдi: мейiрiмдi, шыншыл адамдар бұ дүниеден әкетiлгенде жамандық атаулыдан құтылып,
2тыныш, жайлы орынға енедi. Тура жолмен жүргендер о дүниеде тынығатын болады.
3«Ей, сиқыршылардың балалары, мұнда келiңдер! Жүгенсiз еркектер мен жезөкшелерден тараған сендер, қасыма жақындаңдар!
4Кiмдi келеке етiп, тiлдерiңдi шығарып мазақтап тұрсыңдар? Сендер Өзiме қарсы шыққан өтiрiкшiлердiң тұқымысыңдар!
5Әрбiр жапырақты ағаш астында жалған тәңiрлерге табынып, құштарлық отына өртенесiңдер. Сайлардағы жартастардың қуыстарында өз балаларыңды құрбандыққа қиясыңдар!
6Сол сайлардағы тегiс те жұмыр тастарды өздерiңе тәңiр етiп таңдап алдыңдар. Сондықтан да сендерге қалатын үлес сол тастар болады. Оларға арнап сұйық тарту құйып, астықтан да сый-тарту ұсынасыңдар. Қалайша Мен осындай қылықтарыңа қарап қаһарымды басамын?
7Сендер биiк тау бастарына көтерiлiп, сол жерлерге азғындық үшiн төсектерiңдi жайып, құрбандықтарыңды шалып та келесiңдер.
8Сондай-ақ есiк пен жақтауларыңның арт жағына Менiң сөздерiмдi емес, жалған тәңiрлерiңнiң белгiлерiн салып қойдыңдар.* Ей, опасыз халық, Менен алыстап кетiп, тәңiрсымақтарға қосылдың! Көрпеңдi ашып, кең төсегiңе жатып, сол ашыналарыңмен келiстiң. Олармен бiрге болуды ұнатып, мүсiндерiне** қадала қарайсың.
9Сен қымбат май мен мол етiп жұпар майыңды алып, шетелдiк патшаға барып тұрдың. Хабаршыларыңды алыс елдерге жiберiп, азғындыққа әбден баттың.*
10Бұл жолмен ұзақ жүрiп, шаршап, қажыдың. Алайда одан күдерiңдi үзбей келесiң. Қайтадан күш жинап, әлсiздiк көрсетпейсiң.
11Менi осылай алдайтындай кiмнен соншама қорқып, зәрең ұшты? Менi есiңе алмай, Маған көңiл де бөлмедiң. Ұзақ уақыт бойы үндемедiм. Сол үшiн де Менен қорықпайсың ба?
12Сенiң жалған әдiлдiгiң мен iстерiңдi әшкерелеймiн. Олардан саған пайда болмайды.
13Сен айқайлап көмек сұрағанда, жинап алған тәңiрсымақтарың сенi құтқарып көрсiн! Бiрақ олардың барлығын жел айдап әкетiп, аузымның лебi жоқ қылады. Ал Менi паналағандар елдi иеленiп, Өзiме бағышталған Сион төбесiнде мәңгi тұратын болады.
14Сонда: «Тегiстеп, биiк етiп даңғыл жол салыңдар! Халқымның жүретiн жолындағы бөгеттердi алып тастаңдар!» — деп жарияланады».
Күнәларына өкiнгендерге берiлетiн жұбаныш
15Мәңгi тiрi, дәрiптелген, Киелi Құдай деп аталған Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Мен көктегi киелi мекенiмде тұрамын. Сондай-ақ күйреп, күнәсына шын көңiлден өкiнген кiшi пейiл жанның қасында да боламын. Оны қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегiн сауықтырамын.
16Мен оларға мәңгi-бақи ашуланбаймын, айып та тақпаймын. Әйтпесе адамның жаны алдымда әлсiреп, Өзiм өмiр лебiн үрлеп жаратқан пенде құрып, жоқ болар едi.
17Яһуда халқының дүниеқұмарлық күнәсы үшiн Мен оған қатты ашуланып, жазасын тартқызып, одан бетiмдi жасырдым. Алайда халқым Менен бас тартуын доғармай, өз жүрек қалауымен жүре бердi.
18Мен жүрген жолдарын анық көрсем де, халқымды сауықтырып, жетелемекпiн. Араларындағы өкiнiп қайғырғандарын жұбатып,
19ауыздарына мадақтау сөздерiн саламын. Алыстағылар мен жақындағыларға* амандық пен тыныштық молынан болсын! Мен оларды сауықтырамын!» Жаратқан Ие осыны айтады.
20«Бiрақ зұлымдар буырқанып, тынши алмайтын теңiзге ұқсайды. Толқындары лай мен балшықты жоғары көтере бередi.
21Зұлымдарда ешқашан амандық пен тыныштық болмайды!» — дейдi Құдайым.
Құдайға ұнамды ораза мен игi iстер
1«Өзiңдi тежемей қатты айқайла! Даусыңды кернейдей көтер! Таңдап алған халқыма опасыз iстерiн ашық айт! Иә, Жақыптың үрiм-бұтағына жасаған күнәларын әшкереле!
2Олар Маған күнде сиынып, еркiмдi бiлудi қалағансиды. Әдiлдiк жасайтын, Құдайының айтқандарына мойынсұнатын халық сияқты болып көрiнедi. Алдыма келудi ұнатып, Менен әдiл шешiмдер өтiнiп, былай дейдi:
3— Бiз ораза ұстап едiк, Сен неге көз салмадың? Саған бой ұсынған едiк,* Сен неге байқамадың? —
Бұған Менiң жауабым мынадай:
— Ораза тұтқан күндерiңнiң өзiнде сендер қалағандарыңды iстеп, тiптi бейшара жұмысшыларыңды қанайсыңдар!
4Оразаларыңның аяғы ұрыс-талас, зұлым төбелеспен бiтедi. Мұндай оразаларың мiнажаттарыңды* көкке жеткiзбейдi.
5Әлде пенденiң кiшi пейiл болғансып, басын қоғадай иiп, қайғы шеккен азалы жандай* көрiнген күнiн Маған ұнайтындай ораза деп ойлайсыңдар ма? Осындай әрекеттi шынымен Жаратқан Иенi риза қылатын ораза күнi деп атауға бола ма?!
6Жоқ, Маған ұнайтын ораза мынадай: зұлымдықпен бұғауланғандардың кiсендерiн үзiп, құлдықтың шынжырларын шешу және зорлық көрiп жатқандарды азат етiп, езгi атаулыны жойып жоқ қылу!
7Сондай-ақ аштармен наныңды бөлiсiп, қаңғырған кедейлердi үйiңе кiргiз! Киiмге мұқтаждарға тап болсаң, киiндiрiп, өзге пенделерге де қол ұшын беруден бас тартпа!»*
8Сонда саған кенеттен таңғы шұғыладай нұр төгiлiп, тез сауығатын боласың. Әдiлдiк алдыңнан бастап, Жаратқан Иенiң салтанатты ұлылығы сенi артыңнан қорғап жүретiн болады.
9Сиынған кезiңде Жаратқан Ие жауап бередi. Көмек сұрап жалбарынғанда: «Саған жар боламын», — деп жiгерлендiредi.
«Араларыңнан езгi атаулыны алып тастап, сырттай өсектеу мен тiл тигiзудi де доғарыңдар!
10Қарны аштарға шынайы жанашырлық танытып, зорлық-зомбылық* көргендердi жұбатып, мұқтаж нәрселерiмен қамтамасыз етiңдер! Сонда айналаларыңдағы қара түнекте нұрым** сәулесiн шашып, рухани қараңғылықтарың тал түстей жап-жарық болады.
11Мен, Жаратқан Ие, сендердi әрқашан жетелеп жүрiп, шөл далада да қажеттерiңмен қамтамасыз етiп, денелерiңе қуат беремiн. Осылай сендер суы мол баққа, ешқашан сарқылмайтын бұлаққа ұқсайтын боласыңдар.
12Халқың ежелде қираған мекендерiңдi қайтадан салып, баяғы ұрпақтардан қалған негiздердiң үстiнен қалаларыңды қайта орнатады. Жұрт сендердi «Қираған қамалдарды қалпына келтiрiп, жолдар мен үйлердi қайта салушылар»* деп атайтын болады».
13Жаратқан Ие тағы былай дейдi: «Демалыс күнiн Маған бағыштап, берiк ұстаныңдар! Бұл күнi әдеттегi iстерiңмен айналыспай, оны қадiрлеп-қастерлеп, үлкен ғанибет деп өткiзiңдер! Демалыс күнi өз беттерiңмен жүрмеңдер, құмарлықтарыңды қандыру мен бос мылжыңнан да бас тартып, сол күндi толығымен Маған арнаңдар!
14Егер осылай iстесеңдер, сонда рақаттарыңды Менен Тәңiр Иеден, табасыңдар. Сендерге жердiң биiк қорғандарын тездетiп иемденiп алуға мүмкiндiк беремiн.* Өзiм түп аталарың Жақыпқа** мәңгiлiкке сыйлаған осы елдiң өнiмдерiмен тойынатын боласыңдар». — Бұлар Жаратқан Иенiң өз сөздерi.
Күнә — адамды Құдайдан ажырататын бөгет
1Бiлiп алыңдар: Жаратқан Иенiң қолы сендердi құтқаруға құдiреттi, Оның құлағы мiнажаттарыңды естуге мүкiс емес.
2Қайта, өздерiңнiң әдiлетсiз iстерiң Құдаймен араларыңды ажыратып келедi! Жасаған күнәларың Оның бетiн сендерден бұрып әкетедi. Сондықтан да Тәңiр Ие мiнажаттарыңа құлақ салмайды.
3Қолдарың зұлымдық жасап, қан төгiп арамданды. Ауыздарыңнан өтiрiк пен жамандық толассыз шыға бередi.
4Ешкiм адалдық пен әдiлдiктi жақтап дауыс көтермейдi. Бәрi бос жайттарға сүйенiп, сотта да өтiрiк айта бередi. Олар зұлым жоспарлар ойлап шығарып, соларын жамандықпен жүзеге асырады.
5Осылай сұр жыланның жұмыртқаларын басып шығарғандай болады. Сол жұмыртқаларды жеген құриды, ал жарса, iшiнен улы жылан шығады.
Олардың құрған жоспарлары сондай-ақ өрмекке де ұқсас.
6Өрмек киiм болмайды ғой. Олар өз тоқығандарын жамылып, ешқандай пайда көре алмайды.* Жасағандары әдiлетсiздiк пен зорлық-зомбылық.
7Аяқтары жамандыққа алып ұшып, жазықсыз қан төгуге асығады. Олардың ой-ниеттерi қара, жүрген жерлерiн қиратып, күл-талқандарын шығарады.
8Олар татулық дегендi бiлмейдi,* жүрген жолдарында әдiлдiк жоқ. Қайта, олар жолдарын өз мүдделерi үшiн қисайтып, бұралаң етедi. Солармен жүрген бiрде-бiр жан тыныштықты бiлмейдi.
Күнәларын мойындағандардың мiнажаты
9Сол себептен әдiлдiк бiзден тым алшақ, адалдық қасымызға жоламайды. Нұрды күтсек те, айналамыз қара түнек, үмiттенген жарық орнына қараңғылықта жүремiз.
10Соқыр адамдай қабырға бойын қармалап, көзсiз зағиптей жолымызды iздеп сипалаймыз. Тал түсте ымырт түскен кездегiдей сүрiнемiз, күшiмiз болғанмен өлiлерге ұқсаймыз.*
11Аюдың гүжiлдеп, көгершiннiң қайғыра мұңая гүрлегенiндей, бәрiмiз де қайғыра ыңқылдаймыз. Әдiлдiктi қанша күтсек те, ол жоқ. Құтқарылудан үмiттенсек те, ол бiзден тым алшақ!
12Уа, Жаратқан Ие, Сенiң алдыңда қылмыстарымыз сансыз көп, күнәларымыз бiзге қарсы айғақ болып тұр. Әдiлетсiз iстерiмiз өз бастарымызда, күнәларымызды мойындаймыз:
13бiз бас көтерiп, Саған, Құдай Иемiзге, опасыздық жасап, безiп кеттiк. Зорлық-зомбылық пен бүлiнушiлiктi жақтап келемiз. Iштей өтiрiктер ойлап тауып, оларды сыртқа шығарамыз.
Құдай өз халқын құтқаруға дайын
14Осылай әдiлдiк керi қуылып, адалдық тым алыс қалады. Шындық сот алаңында* сүрiнiп құлап, ақиқат арамызға кiре алмайды.
15Шындық құрып кеттi. Зұлымдықтан аулақ жүргендер соның құрбаны болады.
Жаратқан Ие бұған назар аударып, әдiлдiктiң жоқтығына наразы болды.
16Ақиқатты жақтайтын бiрде-бiр адамның жоқ екенiн көрiп, зорлық-зомбылық шеккендердi қолдайтын ешкiмнiң болмағанына таңғалды. Сондықтан Тәңiр Ие Өзiнiң әдiлдiгiне сүйенiп, құдiреттi қолымен құтқаруды дайындады.
17Әдiлдiктi сауыттай, құтқаруды басына дулығадай киiп, кек алуды жамылғыдай оранып, қайратын шапандай жамылған жауынгер секiлдi даяр тұр.
18Құдай әркiмге iстерiне қарай қайтарады. Қарсыластарына қаһарын төгiп, жауларына жазасын тартқызып, алыстағы елдерге* де еселерiн қайтаратын болады.
19Осылай батыстағылар мен шығыстағылар да Жаратқан Иенi терең қастерлеп, Оның салтанатты ұлылығына қайран қалады. Өзi қатты жел айдаған су тасқынындай тездетiп аттанады.*
20«Сион қаласына және Жақыптың үрiм-бұтағының терiс жолдан қайтқандарына оларды құтқаратын Қамқоршы келедi! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
21Менiң олармен жасайтын келiсiмiм мынадай: Саған қондырған Рухым сенен алыстап кетпейдi. Аузыңа салған сөздерiм де сендерде сақталып, өз аузыңнан және балаларың мен ұрпақтарыңның ауыздарынан мәңгi-бақи түспейтiн болсын!» — Жаратқан Ие осыны айтады.
Құдайдың Сион арқылы шығаратын даңқы
1Орныңнан тұр, уа, Иерусалим, сәулеңдi шаш! Сен нұрға бөленiп, Жаратқан Иенiң нұрлы салтанаты үстiңнен көтерiлiп келе жатыр.*
2Мiне, жер бетiн қою қараңғылық жайлап, халықтарды қара түнек жауып алды. Бiрақ сенiң үстiңнен Жаратқан Иенiң нұры жарқырап, Оның нұрлы салтанаты көрiнедi.
3Ұлттар сенiң сәулеңе ағылып, патшалары да шұғылаңа жақындап келедi.
4Уа, Сион қаласы, еңсеңдi көтерiп, айналаңа қара! Халқың жиналып, саған қайтуға дайындалып жатыр! Ұлдарың алыс жолдан келiп, қыздарың баппен көтерiлiп әкелiнедi.
5Оларды көргенде жүзiң нұрланып, жүрегiң дүрсiлдеп, шат-шадыман боласың. Сен теңiздiң мол байлығын иемденiп, халықтар өз қазыналарын саған ұсынады.
6Жерiңдi түйелер қаптайды. Мадиян мен Ефа халықтарынан жас түйелер айдалып, сәбалық керуендер де саған жиi тоқтайтын болады.* Олар алтын мен хош иiстi заттар тасып әкелiп, Жаратқан Иенiң ұлылығын паш етедi.
7Тәңiр Ие былай дейдi: «Қидар тайпасы саған отар-отар қой-ешкiлерiн айдап әкелiп, Набайоттың* адамдары да саған қошқарларын ұсынады. Сол малдар шалынып, құрбандық үстелiмде өртелгенде Маған ұнамды болады. Мен сәулеттi ғибадатханамды қайтадан нұрлы салтанатыма кенелтемiн.**
8Жел айдаған бұлттай зымырап, көгершiндей ұясына қарай зулап келе жатқан бұлар кiмдер?
9Алыстағы елдер Менен белгi күткен едi. Ендi, мiне, алып сауда кемелерi бiрiншi болып жетiп жатыр.* Сион, олар сенiң ұлдарыңды алыстан алып келе жатыр! Олар Менiң құрметiме алтын, күмiстерiн бағыштайды. Мен, сенiң Тәңiр Иең, Исраил сиынған Киелi Құдай, саған салтанат пен сәулет сыйлаймын.
10Қамалыңды жат жерлiктер қайта тұрғызып, патшалары да саған қызмет ететiн болады. Сион, Мен қаһарланып, сенi жазалаған едiм. Ендi саған риза болып, жанашырлық бiлдiремiн.
11Қақпаларың күнi-түнi жабылмай, әрдайым ашық тұратын болады. Олар арқылы өзге халықтар мен олардың патшалары салтанатты шерумен жетелене кiрiп, байлықтарын үздiксiз әкеле бередi.
12Егер бiр халық не патшалық өзiңе қызмет етуден бас тартса, онда ол қырылып, мүлдем жойылатын болады.
13Ливан тауынан оның аты шулы ағаштары: қарағай,* шырша және балқарағай саған бiрге тасылады. Солармен киелi үйiм әдемiленiп қайта салынады. Мен осы жер бетiндегi тұрағымды** нұрлы салтанатыма кенелтпекпiн.
14Өзiңе азап шеккiзгендердiң ұрпақтарының сенiң алдыңа келiп, бас июлерiне тура келедi. Саған қорлық көрсеткендердiң бәрi аяғыңа жығылып, сенi «Жаратқан Иенiң қаласы, Исраил сиынған киелi Құдайға бағышталған Сион» деп атап, қадiрлейтiн болады.
15Сион, сен бұған дейiн жалғыз қалдырылған, жек көрiнiштi қала болдың. Ешкiм саған соғып өткен емес. Бiрақ Мен сенi келешек ұрпақтарыңның мәңгiлiк қуанышы мен мақтанышы етемiн.
16Анасының емшектегi сәбиiне қамқорлық жасағанындай, басқа халықтар мен олардың патшалары сенi күллi қажеттi нәрселерiңмен қамтамасыз ететiн болады. Сонда Менiң Жаратқан Ие екенiме көзiң жетедi. Мен, Жақып сиынған құдiреттi Құдай, сенi құтқарып, қорғайтын Қамқоршың боламын.
17Саған қола орнына алтынды, темiр орнына күмiстi, ағаш орнына қоланы, тас орнына темiрдi иелiкке беремiн. Сенiң елiңе бейбiтшiлiктi билеушi, әдiлдiктi әмiршi етiп тағайындаймын.
18Сион, бұдан былай елiңде зорлық-зомбылықтың айқай-шуы естiлмейдi, өзiң де қиратылып, талқандалмайсың. Керiсiнше, сен өзiңдi құтқарған Менi «қамалым», Маған арнаған мадақтауыңды «бекiтулi қақпаларым» деп атайтын боласың.
19Саған күндiз күннiң нұрын шашып, түнде айдың сәулесiн түсiруiнiң қажетi де болмайды. Мен, Құдай Иең, Өзiм сенiң мәңгiлiк нұрың мен салтанатты ұлылығың боламын.
20Сенде күн мен ай батып, қараңғылық жайламайды, себебi Мен, Жаратқан Иең, саған мәңгi-бақи нұр боламын. Қайғырған кезеңiң осымен аяқталады.
21Күллi халқың әдiлеттi болып, бұл елдi мәңгiлiкке иеленедi. Халқым Өзiм отырғызған көшетке ұқсайды. Мен оны жараттым, ол арқылы ұлылығымды паш етемiн.
22Ең қарапайымдарыңнан да мыңдаған адам шығып, әлсiздерiңнен де мықты ұлт тарайтын болады. Мен, Жаратқан Ие, мұны уақыты келгенде тездетiп жүзеге асырамын».
Азап шеккендерге арналған iзгi хабар
1Маған Жаратушы Тәңiр Ие Өзiнiң Рухын қондырды.* Менi жарлыларға iзгi хабар жеткiзiп, жаралы жүректердi жұбатып орнықтыруға тағайындап, сондай-ақ тұтқындарға босатылып, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жiбердi.
2Менi Құдай Иемiз Өзiнiң кешiрiм беретiн мейiрiмдiлiк жылын әрi жауларынан кек алатын кезiн жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердiң бәрiн жұбатуға да жiбердi.
3Маған Сион қаласындағы жоқтап жүргендердiң бастарына шашқан күл орнына әшекейлi тәж кигiзiп, жұпар иiсмай жағып, қайғыларын қуанышпен алмастыруды тапсырды.* Үмiттерi үзiлiп, көңiлдерiн мұң шалғандар ендi мадақтау әндерiн шырқап, шаттыққа бөленетiн болады.
Сонда олар Жаратқан Иенiң Өзi отырғызған мықты ағаштары деп аталады. Оның алдында ақталған, әдiлдiк iстеп, салтанатты ұлылығын паш ететiн халқы болады.
4Олар ежелгi заманда қиратылған мекен-жайларды қайтадан салып, бұрынғы ұрпақтардың талқандалып, қаңырап бос қалған қала-қыстақтарын жаңадан тұрғызып қалыпқа келтiредi.
5Сол кезде жат жерлiктер сендерге қызмет етiп, отарларыңды бағып, егiншiлерiң мен жүзiмшiлерiң болады.
6Өздерiң «Құдай Иемiздiң дiни қызметкерлерi» деп аталып,* қызметтерiңдi тек Оған ғана арнайтын боласыңдар. Басқа халықтардың байлығынан тамақтанып, олардың қазыналарын мақтан тұтасыңдар.
7Бұрын масқара болғандарыңның орнына молынан жарылқанасыңдар. Бастарыңнан өткiзген қорлықтарыңның орнына ендi үлестерiңе тиген мұраларыңа қуана ән шырқайсыңдар».
Сонымен Құдай халқы өз елiнде бұрынғысынан екi есе мол дәулетке қол жеткiзiп,* мәңгi-бақи шаттанатын болады.
8«Себебi Мен әдiлдiктi сүйiп, зорлық-зомбылықты жек көремiн, — дейдi Жаратқан Ие. — Меншiктi халқыма тиiстi сыйларын* адалдықпен берiп, олармен мәңгiлiк келiсiм жасаймын.
9Солардың үрiм-бұтақтары басқа халықтар арасында танымал және қадiрлi болады. Мұны көргендердiң бәрi бұлардың Жаратқан Ие жарылқаған ұрпақ екенiн мойындайды».
Құтқарылған халықтың мадақтау әнi
10Жаратқан Иеге қатты қуанам,
Құдайыма шаттанады жан дүнием.
Менi Ол құтқарып, амандыққа бөледi,
Үстiме әдiлдiктi де жауып бердi!
Күйеу жiгiт дiн қызметкерi iспеттi
Әшекейлi тәж басына киедi,
Қалыңдық асыл тастарын тағады,
Дәл солай мен де болдым салтанатты!
11Өскiндердi топырақ көктетедi,
Себiлген дәндердi бақша өсiредi.
Ал ендi Жаратушы Тәңiр Ие
Әдiлдiгi мен даңқты iстерiн де*
Барлық халықтардың көз алдарында
Шүбәсыз қаулатып шығарады да!
Жаңа Иерусалим — әдiлдiктiң ордасы
1Мен Сионды сүйiп, Иерусалимнiң құтқарылуын зарыға күткендiктен тынши алмаймын. Оның әдiлдiгi таңғы шұғыладай жарқырап, құтқарылуы алаудай лаулап жанбайынша, Құдайға жалбарынудан бас тартпаймын!
2Сион, сол кезде барлық ұлттар әдiлдiгiңдi көрiп, патшалары да салтанатты ұлылығыңа көздерiн жеткiзедi. Жаратқан Иенiң Өзi қойған жаңа атпен аталатын боласың.
3Сен Құдай Иеңнiң қолында патшаның керемет әдемi тәжi секiлдi болып көрiнесiң.
4Бұдан былай ешкiм сенi «күйеуi тастап кеткен әйел» деп атамайды, жерiңдi «иесiз қалған» деп те айтпайды. Қайта, сенi «Сүйiктiм» және жерiңдi «Бақытты келiншек» деп атайтын болады. Себебi Жаратқан Ие сенi қатты ұнатады. Келiншектiң күйеуiне тиесiлi екенiндей, жерiң де Тәңiрдiң иелiгiне айналады.
5Жас жiгiттiң қызға үйленетiнiндей, сенi қайтадан салғызушы Тәңiр Ие* өзiңмен тұрақты байланыс орнатады. Күйеу жiгiттiң қалыңдығына қуанатынындай, Құдайың да саған шаттанатын болады.
6Мен қамалыңның үстiне күзетшiлер қойдым, уа, Иерусалим. Олар күндiз-түнi үнсiз қалмай, Құдайға мiнажат етуге тиiс. Ей, Жаратқан Иеге сиынатындар, ешқашан жалбарынуларыңды доғармаңдар!
7Иә, Тәңiр Ие Иерусалимдi қайтадан салғызып, жер бетiнде оның даңқын асырмайынша, Оған үздiксiз сиынып сұрай берiңдер!
8Жаратқан Ие ант етiп, мынадай уәде берген едi, соны Өзiнiң құдiреттi күшiмен ешбiр шүбәсыз iске асыратын болады: «Ендi қайтып дәндi дақылыңды жауларыңа тамақ етiп бермеймiн, сенiң ауыр еңбек сiңiрiп шығарған жүзiм шырыныңнан да бөтен елдiктерге тегiн iшкiзбеймiн!
9Қайта, өнiмдi жинағандар жеп, шүкiршiлiк етпек. Жүзiмдi жинағандар да оның шырынын Менiң киелi үйiмнiң ауласында тойланатын мейрамдарда iшетiн болады».
10Қақпадан өтiп, қалаға кiрiңдер,
Халыққа жолды дайындап берiңдер,
Үстiндегi тастарды алып тастаңдар,
Биiк етiп даңғыл жолды салыңдар!
Белгi ретiнде басқа халықтарға
Туды тiгiп қойыңдар жоғарыға!
11Құлақ түрiңдер, Жаратқан Ие жердiң түкпiр-түкпiрiне былай деп жариялайды: «Сион қаласына айтыңдар: Мiне, сенi құтқаратын Қамқоршың келе жатыр! Еңбегiнiң ақысы Оның қасында: азат еткен халқы алдынан жүредi.
12Олар «Жаратқан Иенiң құтқарып, Өзiне бағыштаған халқы» деп аталады. Уа, Иерусалим, сен бұдан былай «иесiз бос емес, ерекше қалаулы қала» деп аталатын боласың».
Жаратқан Иенiң жауларын жазалайтын күнi
1— Едом елiндегi Босорадан* келе жатқан, қан қызыл шапан жамылған мына Кiсi кiм екен? Сән-салтанатпен киiнiп, зор күшпен алға басқан Бұл кiм Өзi?
— Мен әдiлдiктi айтамын, құтқаруға құдiреттiмiн, — дейдi Ол.
2— Нелiктен киiмдерiңiз бен шапаныңыз қып-қызыл? Олар арнайы шұңқырда жүзiмдi таптап, қызыл шырынын сығып шығаратын кiсiнiң киiмiндей қан қызыл ғой?
3— Мен «жүзiмдердi» жалғыз таптадым, халықтардан ешкiм қасымда болып көмектеспедi. Ашуға мiнiп, жауларымды таптап, қаһарлана басып-жаншыдым. Солардың қаны шапаныма шашырап, барлық киiмдерiм де ластанды.
4Мен халқымды езгiден құтқаратын жыл келдi,* жауларымнан кек алатын мезгiл жеттi деп ұйғардым.
5Айналама қарасам, Маған көмектесiп, сүйенiш болатын ешкiмнiң жоқтығына қатты таңғалдым. Сонда құтқаруды өз құдiретiммен iске асырдым. Өз қаһарым Өзiме сүйенiш болды.
6Мен ашуға мiнiп, халықтарды таптадым. Оларды қаһарыммен мас қылып теңселтiп, қандарын жерге төктiм.*
Құдайдан меншiктi халқын құтқаруын сұраған мiнәжат
7Тәңiр Иенiң тұрақты рақымын,
Бiз үшiн жасаған күллi игi iстерiн
Мен есiме түсiрiп мадақтаймын.
Құдай Исраил халқына молынан
Мейiрiмдiлiк көрсетiп келедi.
Аямай төккен шексiз рақымымен
Ұлы игiлiктер iстеп келедi.
8Тәңiрiмiз былай да деген едi:
«Шынында олар — Менiң меншiктi халқым,
Алдамайтын рухани балаларым».
Содан Ол халқын құтқармақшы болды.
9Олар азап шеккен кездiң бәрiнде
Жаратқан Ие бiрге азап шектi,
Өзiнiң қасындағы перiштесi*
Таңдаған халқын қорғап-қоршап жүрдi.
Тәңiрiмiз сүйiспеншiлiгiмен
Және мол қайырымдылығымен
Халқын құтқарып алып, бүкiл өткен
Заманда Қамқоршысы болып келген.**
10Ал өз халқы Құдайға қарсы шықты,
Киелi Рухын қатты ренжiте бердi.
Сондықтан Тәңiр жауына айналып,
Халқына қарсы Өзi күреске тұрды.
11Сонда Оның халқы ежелгi заманды —
Мұса пайғамбар мен оның қасындағы
Халқының тарихын естерiне алды:
«Бағушысы Мұсамен бiрге халықты
Теңiзден өткiзiп, басшыларына*
Өзiнiң Киелi Рухын қондырған
Сол Жаратқан Иемiз қазiр қайда?
12-13Өзi Мұсаны ұлы құдiретiмен
Қолынан ұстағандай боп жетелеген,
Алдынан теңiз суын қақ айырған,
Халқын теңiз түбiмен бастап ап шыққан,
Өз даңқын мәңгiлiкке нық орнатқан
Құдай Иемiз қазiр қайда екен?
Олар кең далада көсiле шапқан
Сайгүлiктей терең теңiз түбiнен
Ешбiр сүрiнбестен-ақ өте шықты.
14Шұрайлы сайға түскен мал сияқты
Халқына Жаратқан Иенiң Рухы
Сыйлады тыныштық пен амандықты.
Тәңiр, осылай халқыңды Өзiңнiң
Ежелгi замандарда бастап жүрдiң,
Осы бiр құдiреттi iстерiңмен
Мәңгiлiк өшпейтiн даңққа кенелдiң.
15Уа, Жаратқан Иемiз, ендi көктен,
Қасиеттi, салтанатты мекенiңнен,
Қайтадан бiзге назар аудара гөр!
Өз қайрат-жiгерiң мен құдiретiң,
Зор жанашырлығың мен қайырымың
Қазiргi уақытта қайда екен?
Неге рақымыңды аяйсың бiзден?
16Себебi Сен рухани Әкемiзсiң,
Түпкi аталарымыз Ыбырайым
Мен Исраил бiздi танымайды да.*
Ал Сен, Жаратқан Ие, бiзге Әкесiң,
Ежелден-ақ болды есiмiң Сенiң:
«Құтқарып алған Қамқоршымыз бiздiң».
17Уа, Жаратқан Ие, бiзге нелiктен
Жолыңнан тайып кетуге жол бердiң?
Неге жүрегiмiздiң қасарысып,
Өзiңдi сыйламауына жол бердiң?
Қайтып келе гөр қызметшiлерiңнiң,
Меншiктi руларыңның, мүддесi үшiн!
18Сенiң халқың бiраз уақытқа ғана
Ие болды қасиеттi орныңа.
Ендi жауымыз ғибадатханаңды
Тас-талқан етiп, таптап тастады.
19Бiз Өзiң арнайы билiк құрмаған,
Сенiң атыңмен еш те атамаған
Бөтен халықтар секiлдi боп кеттiк!
(Сен неге жол берiп келесiң бұған?)
1Уа, Тәңiр, Сен көктi жарып, жерге зымырап түссең екен шiркiн! Сенiң алдыңда таулар шайқалар едi,
2өрттiң сексеуiлге тиiп, лаулап жанып, суды қайнатқанындай сұрапыл оқиға болар едi. Сонда Сенiң есiмiң жауларыңа танымал болып, алдыңда халықтар дiрiлдер едi.
3Ежелде Сен халқымыз күтпеген қорқынышты iстер iстедiң. Көктен зымырап түсiп келгенiңде алдыңда таулар шайқалды да.*
4Сен Өзiңе үмiт артқандар үшiн игiлiктер жасайсың. Мұны iстейтiн бiрде-бiр өзге құдай жоқ! Бұрын-соңды ешкiм ондай құдай туралы құлағымен естiп, көзiмен көрген де емес.
5Әдiлдiктi қуана iске асырып, ақ жолыңмен жүрiп, Өзiңдi естен шығармайтындарды Сен рақыммен қарсы аласың.
Алайда бiз бұрыннан-ақ еркiңе қарсы күнә жасап келгендiктен, Сен қатты ашуландың. Ендi бiз қалай құтқарыла аламыз?
6Бәрiмiз де күнәға батып рухани ластанып* кеттiк! Күллi әдiл iстерiмiздiң өзi лас шүберектей жиiркенiштi!** Солып қалған жапыраққа ұқсаймыз, күнәларымыз бiздi желдей ұшырып әкетедi.
7Ал ешқайсымыз Саған сиынып, рақым етуiңдi сұрап жалынып-жалбарынбаймыз. Сен бiзден бас тартып, бiздi күнәмыздың кесiрiнен жойылуға қалдырдың.
8Алайда, Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемiзсiң. Сен құмырашыға, бiз балшыққа ұқсаймыз. Бәрiмiз Сенiң қолыңнан шыққан жаратылысыңбыз.
9Уа, Жаратқан Ие, шексiз ашуланып, күнәларымызды есiңде мәңгiлiк сақтай көрме! Саған жалбарынамыз, бiзге көз сала гөр, Сенiң халқыңбыз ғой.
10Өзiңе бағышталған қалаларың қиратылып, елсiз далаға айналды. Тiптi Сион тауы қаңырап бос қалып, Иерусалим қаласы тас-талқан болды:
11ата-бабаларымыз Сенi мадақтаған салтанатты да қасиеттi* ғибадатханамыз өртенiп кеттi! Бiз үшiн сондай қымбат нәрселердiң бәрi де күйредi.
12Осылай болғанда, уа, Жаратқан Ие, Өзiңдi ұстап тұрмақсың ба? Үн-түнсiз қалып, бiздi шексiз қинамақсың ба?!
Не өлiм, не өмiр: бiреуiн таңдаңдар!
1«Мен туралы сұрамағандарға Өзiмдi көрсеттiм. Iздемегендер* Менi таба алды. Маған сиынбаған халықты: «Мен мұндамын, осында келiңдер!» — деп шақыра бердiм.
2Өз беттерiмен жүрiп, терiс жолға түсiп, қасарысқан халықты күнi бойы қол созып шақырумен болдым.
3Бұл халық әрдайым көз алдымда күнә жасап, ашуымды туғызады. Жалған тәңiрлерге арнаған бақтарда құрбандық шалып, кiрпiш үстелдердiң үстiнде хош иiстi заттарды да түтетедi.*
4Олар қабiр бастарында отырып, құпия жерлерде түнеп, аруақтарға сиынады. Сонымен қатар арам ет жеп,* оның жиренiштi сорпаларын ыдыстарына құйып:
5«Тоқта, маған жақындама! Мен әулие адаммын»,* — деп менменсидi. Мұндай адамдар Мен үшiн ащы түтiн әрi күн ұзағына бықсып жанған от сияқты жиiркенiштi.
6Бiлiп алыңдар, көз алдымда: «Мен үндемей қалмаймын, еселерiн толықтай қайтарамын!» деген сөздер жазулы тұр.
7Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: өз күнәларыңа қоса ата-бабаларыңның күнәларының да қарымтасын толықтай қайырамын! Олар тау-төбелерде жалған тәңiрлерге арнап хош иiстi заттар түтетiп, Менi қорлайтын. Ендi Мен оларға жасаған қылықтарына қарай еселерiн толығымен қайтарамын!»
8Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Жүзiм шоғының аз да болса шырыны бар кезiнде жұрт: «Мұны лақтырып тастама, әлi де пайдасы бар ғой» дейдi. Сол секiлдi Мен де қызметшiлерiмнiң бәрiн бiрдей құртпай,
9Жақыптың үрiм-бұтағын қайтадан өрбiтiп шығармақпын. Яһуда руынан да Менiң таулы жерiме ие болатын ұрпақтарын өркендетiп таратпақпын. Өзiм таңдап алған бұлар сол жердi иеленiп, сонда қоныстанып, Маған қызмет ететiн болады.
10Елдiң батысындағы Сарон жазығы ұсақ мал қойларына жайылым және шығысындағы Ахор аңғары* iрi қара табындарына тынығатын жер болады. Барлығы Маған мойынсұнған халқымның меншiгiне айналады.
11Алайда Менен, Жаратқан Иелерiңнен, бас тартқан өзгелерiңе былай деймiн: Сендер Өзiме бағышталған Сион тауын естерiңнен шығарып, Бақыт пен Тағдырды пiр тұтасыңдар.* Соларға арнап дастарқан жайып, дәмдi шарапты толтыра құйып бересiңдер.
12Бiрақ сендердiң тағдырларыңды Өзiм шешiп қойдым: жауларыңның алдында тiзе бүгiп, семсерден қырыласыңдар. Себебi Мен шақырғанда жауап бермедiңдер, тiл қатқанымда сөзiме құлақ аспадыңдар. Қайта, көз алдымда зұлымдық жасап, Маған ұнамайтын нәрселердi таңдап алдыңдар».
Жаңа аспан мен жер және жаңа Сион
13«Сондықтан Мен, Жаратушы Тәңiр Ие, былай деймiн: Бiлiп қойыңдар, Маған қызмет ететiндер тойына iшiп-жеп, ал сендер, зұлымдар, ашығып, шөлдейтiн боласыңдар! Қызметшiлерiм шаттанғанда сендер ұятқа қаласыңдар!
14Олар көтерiңкi көңiлмен ән шырқаса, сендер қинала айқайлап, жаралы жүрекпен еңiреп жылайтын боласыңдар.
15Менiң таңдап алғандарым үшiн есiмдерiң қарғыс iспеттi болып қалады. Мен, Жаратушы Тәңiр Ие, сендердiң көздерiңдi құртып, ал адал қызметшiлерiме жаңадан құрметтi есiм сыйлаймын.
16Ендi ел iшiнде бата сұраған әркiм Маған, «Сөзiне адал шынайы Құдайға», сиынып бата сұрайтын болады. Ант еткендер де «Сөзiне адал шынайы Құдайдың атымен» деп ант беретiн болады. Сонда бұрынғы қиыншылықтар ұмытылып, бұдан былай көзiме түспейтiн болады.
17Бiлiп алыңдар: Мен жаңа аспан мен жаңа жердi жаратпақпын. Бұрынғылар ендi еске алынбай, ойға да келмейтiн болады.
18Сонда сендер жасағандарыма мәңгi-бақи мәз болып шаттанасыңдар. Мен Иерусалим қаласы мен оның халқын рақат пен қуаныштың қайнар көзiне айналдырамын.
19Өзiм де Иерусалимге шаттанып, халқым үшiн мәз-мейрам боламын. Ендi қайтып қалада зар еңiреп жылаған дауыс естiлмейдi.
20Санаулы күн ғана өмiр сүрiп шетiнеген сәбилер, жасына жетпей өлетiн кәрiлер одан табылмайды. Жүз жасап қайтыс болғандар жас деп, ал жүзге жетпей өлгендер қарғысқа ұшырағандар күнәкар деп саналады.
21Халқым үй салса, сонда өзi тұратын, жүзiмдiк отырғызса, соның жемiсiн өзi жейтiн болады.
22Ендi қайтып олардың үйлерiнде бөтен кiсiлер тұрмайды, жүзiмдiктерiнiң жемiсiн де жаулары жемейдi. Халқым мықты ағаш сияқты ұзақ өмiр сүретiн болады. Менiң таңдап алғандарым жұмыстарының өнiмдерiн ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерiнiң зейнетiн көредi.
23Олар бекерге еңбек етпейдi де, апатқа ұшырайтын балалар тумайды да. Себебi өздерi мен ұрпақтары Өзiм жарылқаған үрiм-бұтақ болады.
24Маған сиынбастан бұрын Мен оларға жауап беремiн, олар әлi сөйлеп жатқанда-ақ Мен өтiнiштерiне құлақ саламын.
25Қасқыр мен қозы бiрге бейбiт жайылып, арыстан сиырдай сабан жеп, жыланға топырақ жем болады. Бұдан былай ешкiм де Өзiме арналған бүкiл Сион тауында жамандық жасап, зияндық келтiрмейдi», — дейдi Жаратқан Ие.*
Қасарысқандардың жазаланып, ал Құдайға қайтадан мойынсұнған Иерусалимнiң мәңгiлiк жарылқануы
1Жаратқан Ие мынаны айтады: «Аспан Менiң тағым, ал жер табан тiренiшiм секiлдi. Сонда сендер Маған арнап қандай үй сала алар едiңдер? Тынығып демалатын орным қай жер болмақ?!
2Осы әлем түгелдей Менiң қолымнан шығып, пайда болды емес пе?!* — дейдi Жаратқан Ие. — Ал Мен көз қырымды салатындар: күнәларына шын жүректен өкiнiп, сөзiмдi терең қастерлеп, iске асыратындар.
3Алайда адамдар (екi жүздiлiк жасайды. Олар Маған арнап) өгiздердi құрбандыққа шалып, (сонымен қатар жалған тәңiрлерге арнап) кiсiлердi де өлтiредi. Алдыма тоқтылары мен астықтан сый-тартуларын алып келушiлер мойнын үзген иттердi және шошқаның қанын да ұсынады.* Маған арнап хош иiстi заттар түтетiп, пайдасыз тәңiрлерге де мақтау айтады. Бұл адамдар Менiң емес, өз жолдарын таңдап алды. Олар жасаған жексұрын қылықтарынан тiптi рақат табады.
4Сол себептi Мен де оларды аяусыз жазалауды таңдап алдым. Өздерi қатты қорқатын азаптарды бастарына түсiремiн. Себебi Мен шақырғанда ешқайсысы жауап бермедi, Мен тiл қатқанда олар сөзiме құлақ аспады. Қайта, көз алдымда зұлымдық жасап, Маған ұнамайтын нәрселердi таңдап алды».
5Жаратқан Иенiң сөзiн терең қастерлеп, орындайтындар, Оның мына айтқандарына ден қойыңдар: «Сендердi Маған бола жек көрiп, шеттетiп келген бауырластарың: «Жаратқан Ие Өзiнiң салтанатты ұлылығын паш етiп алсын!* Мүмкiн, сонда қуанғандарыңды көретiн шығармыз», — деп мысқылдап жүр. Бiрақ олар өздерi масқара болады!»
6Қаладан шығып жатқан у-шуға құлақ түрiңдер! Ғибадатханадан айқай-шу естiледi. Жаратқан Ие жауларына лайықты жазаларын берiп жатыр.
7Ал Құдайдың таңдаған қаласы толғатпай-ақ босанып, қиналмай-ақ ұл туған әйел секiлдi болады.
8Мұндайды кiм естiп, кiм көрген? Бiр күннiң iшiнде тұтастай бiр ел туып, бүкiл халық пайда бола ала ма? Әрине, бола алмайды. Алайда Сион толғақ азабын шегер-шекпестен «балалы болып», бiр күнде-ақ тұрғындарға толатын болады.
9«Айы-күнiне жеткiзе отырып, Мен Сионды қалайша босандырмаймын? Туу қабiлетiн сыйлай тұра, қалайша оның құрсағын бекiтiп қоямын?» — дейдi астарлап Құдай Иең.
10Иерусалимдi сүйетiндердiң бәрi де, онымен бiрге шаттана қуаныңдар! Азап шеккен бұл қала үшiн қайғырған барлығың да, онымен бiрге мәз-мейрам болыңдар!
11Сендер ана төсiн емiп жұбанған сәбидей оның игiлiктерiне тойынасыңдар. Ағыл-тегiл мол дәулетiне кенелiп, ләззатқа бөленесiңдер.
12Жаратқан Ие мынаны айтады: «Мен бұл қалаға амандық пен тыныштықты дариядай ағызып молынан сыйлаймын. Елдердiң байлығын да оған тасқынды судай ағызамын. Сонда өздерiңдi анасын емiп рақаттанған нәрестедей сезiнесiңдер. Бұл Сионның сендердi аялы алақанымен көтерiп алып жүрiп, тiзесiне салып, әлдилегенi секiлдi тамаша болады.
13Шешесiнiң бөбегiн жұбатқанындай, Мен де сендердi жұбатпақпын. Иерусалимде* жұбаныш табасыңдар».
14Мұның бәрiн көрiп, шаттанып, көңiлденесiңдер. Көк шөп секiлдi өнiп-өсетiн боласыңдар. Осылай Тәңiр Ие Өзiне қызмет ететiндердi құдiретiмен қорғап-қолдап, ал қарсы шыққандарға қаһарын төгетiн болады.
15Естерiңе алыңдар, Жаратқан Ие жалындаған от iшiмен түсiп келедi. Оның соғыс күймелерi құйындай құйғытады. Тәңiр жауларына ашуланып, қаһарын төкпек. Оларды лаулаған отпен тоқтатады.
16Иә, Жаратқан Ие адамзатқа шығарған үкiмiн отпен және семсерiмен iске асырады. Сонда көбiнiң көзi құртылады.
17«Өздерiн жалған тәңiрлерге бағыштағандардың бәрi бiрдей жойылатын болады! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — Олар тазару рәсiмдерiнен өтiп, «киелi» бақтарға кiредi. Солардың iштерiндегi бiреудiң сөзiне ерiп, шошқа мен тышқан етiн және басқа да жиiркенiштi нәрселердi жейдi.*
18Олардың iстерi мен ойларын бiлемiн.
Менiң бүкiл халықтарды, әр түрлi тiлде сөйлейтiн ұлттарды жинайтын кезiм жақындады. Олар келiп, құдiреттi ұлылығымды көретiн болады.
19Мен араларында кереметтер iстеп, билiгiмдi паш етемiн.* Солардың аман қалғандарынан кейбiреулерiн әлi де атағым мен ұлылығымды естiп-көрмеген алыстағы халықтарға жiберемiн. Хабаршыларым батыстағы Тарсис жағына, Либияға, аты шулы садақшылардың елi Лүдияға,** солтүстiктегi Тұбалға, Грецияға және аралдар мен теңiз жағалауларындағы басқа елдерге барып, сол халықтарға да асқан ұлылығымды жариялайтын болады.
20Сонда күллi елдерден Маған арналған сый-тарту iспеттi барлық бауырластарыңды ат, қашыр, желмаяларға* немесе арба-күймелерге мiнгiзiп, Иерусалимдегi Өзiме бағышталған Сион тауына тездетiп алып келедi, — дейдi Жаратқан Ие. — Бұл Исраил халқының Маған арнаған сый-тартуларын таза ыдыстармен киелi үйiме алып келгенi iспеттi болады.
21Мен осы кiсiлердiң кейбiреулерiн де таңдап алып, дiни қызметкерлер және ғибадатханада қызмет көрсететiн леуiлiктер етiп тағайындаймын». — Тәңiр Ие осыны айтады.
22«Мен жарататын жаңа аспан мен жаңа жердiң көз алдымда мәңгi жойылмайтынындай, сендердiң есiмдерiң де өшпей үрiм-бұтақтарың мәңгi-бақи көз алдымда болады, — деп уәде бередi Жаратқан Ие.
23Сонда әрбiр Жаңа туған ай мейрамы мен демалыс күнi сайын бүкiл адамзаттың өкiлдерi Менiң алдыма бас иiп сиынуға келетiн болады».
Тәңiр Ие тағы мынаны айтады:
24«Олар қаладан шыққанда Маған қарсы бас көтергендердiң* өлiктерiн көредi. Солардың тәндерiн кемiретiн құрттар өлмейдi, жалындаған от та мәңгi сөнбейдi.** Осылай жазаланған күнәкарлар бүкiл адамзат үшiн жексұрын болады».