0



1

Жазбаның мақсаты — даналыққа үйрету

1Бұл жазбада Исраил патшасы, Дәуiт ұлы Сүлейменнiң нақыл сөздерi берiлген.

2Нақыл сөздердiң мақсаты мынау:

Даналық пен тағылымды бiлдiрiп,


Парасатты сөздердi ұғындыру,



3Әдiлдiк, дұрыс iс, ақ ниетке бағыттап,

Тәрбиелi, саналы өмiрдi иеленту,



4Ақылы толмағанға ақыл берiп,

Жастарға бiлiм, саналылық сыйлау.



5Саналы тыңдап, ақыл-кеңес табады,

Данышпан бiлiмiне бiлiм қосады,



6Осылай нақыл да астарлы сөздердi,

Данышпан жандар айтып кеткендердi


Және жұмбақтарын да түсiнедi.


Бiлiмнiң бастауы

7Бiлiмнiң бастауы — Тәңiр Иенi

Терең қастерлеп, Оған мойынсұну.


Ал Құдайдан безген надандар болса,


Даналық пен тәрбиенi елемейдi.



8Балам, әкеңнiң тәрбиесiн тыңда,

Шешең берген тәлiмнен де бас тартпа!



9Олар басыңдағы тәждей тамаша,

Мойныңдағы моншақтай ұнамды да.


Арам табыстан сақтандыру

10Балам, күнәкарлар елiктiргенде

Айтқандарына сен ешқашан көнбе,



11Олар сенi шақырып былай десе:

«Кәнеки, кеттiк, бiреудi аңдиық!


Сол бiр айыпсыздың жолын ториық,


Аңдаусызда бас салып, қанын төгейiк!


12Сондайларды тып-типыл тонайық,

Көрге түсiргендей түгел бiтiрейiк.



13Алуан асыл заттарға ие боламыз,

Үйлерiмiздi олжаға толтырамыз.



14Тәуекелге бiзбен бiрге бел байла,

Бар байлығымыз ортақ болады да!»



15Балам, сондайлармен бiрге жолға шықпа,

Олардың жолдарына лайым жолама!



16Қылмыс жасауға олар құлшынады,

Қан төгуге асыға құмартады.



17Тор құру құстардың көз алдында

Құр бекер, пайдасыз iс болмай ма?



18Ал сол адамдар өз жандарын аңдиды,

Өздерiне тор құрып, соңында құриды!



19Арам табысқа құмардың тағдыры сол:

Дүниеқор иесiн жалмайды ол.


Даналықтың ұраны

20Даналық көшелерде шақырады,

Алаңдарда дауыстап жар салады,



21Жұрт жиналған жерлерде даусы шығады,

Қала қақпасы алдында уағыз айтады:



22«Парықсыздар, қашанғы парықсыздықты сүйесiңдер,

Мазақшылдар, қашанғы мазақтай бересiңдер,


Аңғалдар, қашанғы бiлiмдi жек көресiңдер?



23Кәне, менiң тәрбиеме құлақ түрiңдер!

Сонда сендерге рухымды молынан төгемiн,


һәм айтатын сөздерiмдi түгел бiлдiремiн.



24Мен шақырсам да, сендер тыңдаудан бас тарттыңдар,

Құшағымды жайсам да, назар аудармадыңдар,



25Ақыл-кеңесiмнiң бәрiне ден қоймадыңдар,

Ескертулерiмдi мүлдем қабылдамадыңдар!



26Сол үшiн де қиналған кездерiңде күлемiн,

Үрейлерiң ұшқанда келеке етемiн



27Қорқыныш сұрапыл дауылдай соққанда,

Зобалаң бастарыңа құйындай туғанда,


Қайғыға ұшырап сендер тарыққанда.



28Сонда естiмеймiн олар шақырғанмен,

Менi таппайды шарқ ұрып iздегенмен.



29Өйткенi олар бiлiмдi жек көредi,

Жаратқанды қастерлегiлерi келмейдi,



30Ақыл-кеңесiмнен менiң безедi,

Бар ескертулерiмдi менсiнбейдi.



31Сондықтан өз iстерiнiң жемiсiн жейдi,

Өз қулық-сұмдықтарына «кенеледi».



32Аңғырттың қыңырлығы өзiн күйретедi,

Аңғалдың бейқамдығы өз түбiне жетедi.



33Ал менi тыңдаған қауiпсiз тұрады,

Еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады».



2

Даналыққа бет бұрғанның жарылқануы

1Балам, егер сен сөздерiмдi қабылдасаң,

һәм жадыңда өсиеттерiмдi сақтасаң,



2Құлағың даналыққа лайым түрiк болса,

Жан дүниең парасатқа дайын тұрса,



3Егер бiлiм мен парасатты шақырсаң,

4Көмiлген күмiс пен қазынадай iздесең,

5Сонда Жаратқанды қастерлеудi ұғарсың,

Құдай жайлы бiлiмдi иемденiп аларсың.



6Себебi Жаратқан Ие даналық сыйлар,

Бiлiм мен түсiнiк Оның аузынан шығар.



7Әдiлдерге Ол ақыл-парасат сақтап қояр,

Кiнәратсыз жүргендердi қалқандай қорғар.



8Ақиқат жолын Тәңiр назарында ұстар,

Өзiне бағышталғанның жолын аман сақтар.



9Осылай әдiл, тура, ақ дегеннiң мәнiн ұғарсың,

Iзгi жолдың қайсы екенiн таба аларсың.



10Себебi даналық жан дүниеңе енер,

Бiлiм де жаныңды қуанышқа кенелтер,



11Сонда ақыл-парасат сенi аман сақтар,

Дұрыс түсiнiк те лайым бақылап қорғар.



12Бұл сенi құтқарып алар терiс жолдан

Және жалғандық айтушының ықпалынан,



13Тура жолдан тайып, түнекте жүргендерден,

14Әрi жамандық жасағанға қуанатындардан,

Зұлымдықтың азғындығына шаттанатындардан,



15Жүрген жолдары қисық, адасқан сол жандардан.

16Даналық сенi сақтар бұзылған әйелден,

Жеңiл жүрiстi оның жағымпаз сөздерiнен.



17Ол жастайынан қосылған қосағынан бас тартқан,

Құдайының келiсiмiн есiнен шығарған,



18Оның үйi өлiм жолына түсiрер,

Соқпақтары о дүниеге жетелер.



19Оған барған пенделер қайтып келмес,

Шынайы өмiр жолына ендi түспес.



20Сондықтан жүр iзгiлердiң iзiменен,

Лайым жүр әдiлдердiң жолыменен!



21Себебi әдiлдер елдi мекендейдi,

Кiнәратсыздар сонда тұра бередi.



22Ал зұлымдар елден аластатылады,

Опасыздар түп-тамырымен құртылады.



3

Тәлiм алып, Тәңiрге мойынсұнудың зор пайдасы

1Балам, берген нұсқауларымды еш ұмытпа,

Өсиеттерiмдi менiң жүректе сақта!



2Өйткенi олар ғұмырыңды ұзартар,

Амандық пен тыныштық молынан дарытар.



3Мейiрiм мен шындықтан ешқашан безбе,

Мойныңа байлап, жазып қойғандай жүрекке.



4Сонда ұнамды болып Құдай мен адамға,

Ие боласың зор құрмет-абыройға.



5Өз ақыл-санаңа сүйенiп жүрме,

Сенiм арт шын жүректен Жаратқан Иеңе.



6Бар жағдайда да мойында Тәңiр Иеңдi,

Сонда Ол тура жолмен жетелер сенi.



7Паңданып өзiңдi «данышпанмын» деп ойлама,

Құдайды шын қастерле, зұлымдыққа жолама,



8Тұла бойың сергiп, сауығатын болар сонда.

9Тәңiрдi құрметтеп сыйға бер мал-мүлкiңнен,

Алған бар өнiмiңнiң алғашқы түсiмiнен.



10Сонда астыққа кенелер қамбаларың,

Ернеулеп толар шырынға ыдыстарың.



11Балам, Тәңiр сенi тәрбиелегенде,

Онысын ешқашан менсiнбей жүрме,


Ол сенi жөнге келтiргенде,


Лайым еңсең түсiп жүнжiме.



12Иемiз сүйетiн әркiмдi

Түзетiп тәрбиелейдi де,


Әке iспеттi әр баласын да

Жазалайды қажет болғанда.


Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан

13Қандай бақытты даналықты тапқан адам,

Ақыл-парасатты иемденген әрбiр жан!



14Өйткенi оған қол жеткiзу күмiстен құнды,

Алтыннан жоғары оның берер пайдасы.



15Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан,

Құмартқан ешбiр нәрсең тең келмес оған.



16Ол саған берер ұзақ ғұмыр — оң қолында,

һәм байлық пен қадiр-құрмет — сол қолында.



17Даналық ұнамды жолдармен жүргiзер,

Соқпақтары адамды тыныштыққа жеткiзер.



18Ие болғанға даналық — шын өмiрдiң ағашы,

Оны мықтап ұстанған әркiм қандай бақытты!



19Жердiң негiзiн Жаратқан салды даналықпен,

Аспанды мықтап орнатты ақыл-парасатпен.



20Оның даналығымен терең көздер ашылды,

һәм аспандағы бұлттардан жауын жауа бастады.



21Ей, балам, мыналарды назарыңнан тайдырма:

Дұрыс ой мен естiлiктi сақтап жүр әр уақытта,



22Олар шынайы өмiрге жаныңды кенелтер,

Мойынға таққан моншақтай сенi көркейтер.



23Сонда өмiр жолыңда алаңсыз жүрерсiң,

Аяғың тайып, сүрiнiп те кетпессiң.



24Төсекте жатқанда ешқандай қамықпассың,

Қауiптi уайымдамай, жайлы ұйықтарсың.



25Кенеттен келер апаттан қорықпассың,

Зұлымдардың күйреуiнен қаймықпассың,


26Өйткенi Жаратқан сүйенiшiң болар,

Жүрген өмiр жолыңда тұзақтан сақтар.


Қатыгездiктен сақтандыру

27Қолыңнан келiп тұрғанда мұқтаждарға

Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға.



28Көршiңе қажет нәрсе сенде бар болғанда:

«Ертең кел, сонда берермiн» деп оны қайтарма.



29Жаныңда бейқам тұрып жатқан көршiңе

Ешқандай қастандық сен ойлап жүрме.



30Өзге жан саған жамандық жасамаса,

Еш себепсiз онымен жанжалдаспа.



31Озбырлық жасайтынмен бақталаспа,

Терiс жолдарының ешбiрiн таңдап алма.



32Азғын жанды Жаратқан Ие жек көредi,

Әдiл жанға өз еркiн ашып бiлдiредi.



33Жаратқан Ие зұлымның мекенiн қарғайды,

Ал әдiл адамның шаңырағын жарылқайды.



34Ол мазақтаушылардың өздерiн мазақтайды,

Ал езiлген кiшiпейiлдерге рақымын сыйлайды.



35Даналар қадiр-құрметтi иемденедi,

Надандар болса, масқараны иеленедi.



4

Даналық пен әдiлдiктi ұстануға арналған әке өсиетi

1Балалар, әке өсиетiне құлақ түрiңдер,

Парасатқа ықылас бөлiп, меңгерiп алыңдар,



2Өйткенi мен сендерге игi тәлiм беремiн,

Бас тартып кетпеңдер үйреткен өсиетiмнен!



3Өзiм де әкемнiң қасындағы ұлы болдым,

Көзiнiң қарасы, шешемнiң жалғызы едiм.



4Лайым былай деп әкем маған үйрететiн:

Жүрегiңе сөздерiмдi берiк тоқып алғын,


Өсиеттерiмдi орындап өмiр сүргiн.



5Парасатқа ие болып, даналыққа кенелгiн,

Сөздерiмдi ұмытып, бас тартып жүрмегiн.



6Даналықтан безбе, сонда ол сенi қорғайды,

Сүйсең оны лайым, сенi аман сақтайды.



7Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгiн,

Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын.



8Жоғары оны бағала, дәрежеңдi көтерер,

Айырылма одан, абыройыңды асырар.



9Даналық басыңа шiр таққандай көрiк берер,

Тәж орнатқан секiлдi құрмет-даңққа кенелтер.



10Балам, зейiн қойып сөзiмдi қабыл ал!

Сонда сенiң ғұмырың ұзақ болар.



11Мен саған даналық жолын көрсетемiн,

Лайым сенi тура жолмен жетелеймiн.



12Сол жолмен бөгелмей еркiн жүресiң,

Жүгiрсең де ешқашан сүрiнбейсiң.



13Тәлiмiмнен мықтап ұстан, айырылып қалма,

Шын өмiрге жеткiзедi, соны есiңде сақта.



14Қылмыскерлер жолына аяғыңды салма,

Зұлымдардың соқпағымен жүретiн болма!



15Бас тартып одан, лайым айналып өт,

Бойыңды аулақ ұстап, бұрылып кет.



16Зұлымдық iстемей олар ұйықтай алмас,

Бiреудi құлатпай еш тыным таппас.



17Оларға зорлық пен әдiлетсiздiктi

Iстеу тамақ iшкендей үйреншiктi.


18Әдiлдiң жолы таң шапағы iспеттi,

Тал түс болғанша жарқырай түседi.



19Ал қылмыскерлер жолы түнекке ұқсайды,

Неден сүрiнiп, құлағандарын ұқпайды.



20Балам, сөзiмдi жүрегiңе тоқып ал,

Айтқандарыма мұқият құлақ сал.



21Сөзiмдi назарыңнан тыс қалдырмай,

Жүрегiңнiң түкпiрiне сақтап қой.



22Шын өмiр сыйлайды ол мәнiсiн тапқанға,

Денсаулық бередi оның тұла бойына.



23Ең бастысы, таза сақта жүрегiңдi,

Өйткенi ол — өмiрiңнiң қайнар көзi.



24Лайым аузыңнан өтiрiк шықпасын,

Тiлiң жалғандықтан қашықтасын!



25Алға қарай көзiң тура қарасын,

Алған бағыттан назарың таймасын,



26Көңiл бөл жүретiн жолыңа өзiңнiң,

Лайым берiк болсын жолдарың сенiң.



27Алға басып, оңға-солға бұрылма,

Аяғыңды жамандықтан аулақ ұста.



5

Неке адалдығына шақыру

1Балам, даналығымды қабылда,

Ұлағатты сөздерiмдi тыңда,



2Осылай естiлiктi үйренерсiң,

Бiлiм сақтап, парасатпен сөйлерсiң.



3Азғын әйелдiң тiлiнен бал тамады,

Сөздерi майдан да жұмсақ болады.



4Бiрақ оның кесiрi ащы жусандай,

Соңы өткiр болар екi жүздi семсердей.



5Аяқтары өлiмге түсiп барар,

Қадамдары көрге қарай бағытталар.



6Шынайы өмiр жолын сол әйел ойламайды,

Қауiптi жолмен жүргенiн аңғармайды.



7Сонымен, балалар, тiлiмдi алыңдар,

Айтатын сөздерiмнен бас тартпаңдар!



8Лайым алыс бол сондай әйелдерден,

Жақындамай, аулақ жүр есiгiнен!



9Әйтпесе әл-күшiңнен құр қаласың,

Жиғаныңды қатал жанға тапсырасың.


10Басқалар байлығыңды иемденер,

Бөтен жан еңбегiңнiң жемiсiн жер.



11Өмiрiңнiң соңында тәнiң әлсiреп,

Былай деп күйзелерсiң, қатты опық жеп:



12«Әттеген-ай, тәрбиенi неге жек көрiппiн,

Ескертудi қалайша елемей жүрiппiн?



13Ұстаздарымның тiлiн қалайша алмаппын,

Тәлiмгерлерiме еш құлақ салмаппын?



14Сондықтан мен жиналған жамағаттың

Алдында масқара бола жаздаппын!»



15Суын iшiп, шөлiңдi бас өз «құдығыңнан»,

Ләззат тап өз «бұлағыңның кәусарынан».



16«Бұлағың» көшелерде ақсын ба,

«Кәусарың» алаңдарда жайылсын ба?



17Лайым ол тек қана сендiк болсын,

Адал жүр, бөлiспе өзгелермен!



18Құдайым жарылқай көрсiн «бұлағыңды»,

Қанағат ет жастай алған қосағыңды:



19Ол елiктей сұлу, тау ешкiдей әсем,

Үнемi ләззат тап кеудесiнен,


Мас бола бер махаббатына лайым.



20Балам, өзге әйелмен әуестiктiң қажетi не?

Басқаның кеудесiн құшқаннан табасың не?



21Адамның күллi iсi Тәңiрдiң көз алдында,

Ол баға бередi пенденiң бар жолына,



22Зұлым жан күнәларының тұзағына түсер,

Жасаған жамандықтары оны кiрiптар етер.



23Тәрбиесiздiгi оны ажалға тап қылар,

Зор ақымақтығы ақ жолдан адастырар.



6

Аңғырттық пен жалқаулықтан сақтандыру

1Балам, егер көршiң үшiн кепiлдiк берiп,

Не бөтеннiң қарызын мойныңа алып,



2Аузыңнан шыққан сөзiңмен шырмалсаң,

3Ұлым, сол адамға кiрiптар болғаның.

Тез барып, жалынып аяғына жығыл,


Осылай уәдеңнен азат болып құтыл!



4Ұйқыға бой берiп, кiрпiгiңдi iлмей,

Алдымен көз жұмып, ұйықтайын демей,



5Аңшыдан қашқан елiктей дереу құтыл,

Құс iспеттi тұзақтан босауға ұмтыл!



6Жалқау неме, құмырсқадан үлгi ал,

Iсiне қарап оның, парасатқа ие бол!



7Бастық, бақылаушы, билеушiсi болмайды,

8Жазда қысқы азығын дайындайды,

Орақ кезiнде тамағын жинайды.



9Жалқау неме, қашанғы ұйықтап жатасың,

Ұйқыңнан оянып, қашан тұрасың?



10Бiресе ұйықтап не мүлгiп отырасың,

Бiресе қол қусырып жатып та аласың,



11Кенеттен жүйрiктей жоқшылық жетер,

Тонаушыдай мұқтаждық саған тап берер.


Жаратқан Ие жақтырмайтын iс-әрекет

12Қара ниеттi, арсыз жан жалған сөйлер,

13Аяқ, көз, саусақпен құпия белгi берер,

14Жүрегiнде зұлым жоспарлар құрар,

Әрдайым араздық сеуiп отырар.



15Сондықтан ажал оған кенет жетер,

Сауықпастан бiржола құрып кетер.



16Жаратқан Ие мына алтауды жақтырмайды,

Тiптi жетеудi жаны мүлдем жаратпайды:



17Тәкаппар көз бен өтiрiкшi тiл,

һәм жазықсыз қан төгетiн қол,



18Зұлым жоспар құратын ақыл-сана,

Асыққан аяқ соны орындауға,



19Жалған куә өтiрiк айтатын,

Ағайын арасында араздық тудыратын.


Азғын әйелден сақтандыру

20Балам, әке өсиетiн есте сақта,

Анаң берген тәлiмнен де бас тартпа,



21Оларды мәңгi жүрегiңе түйгiн,

Мойныңа таққандай сақтап жүргiн.



22Жүргенде олар сенi жетелер,

Ұйықтасаң күзетiп, қорғап жатар,


Оянғанда лайым есiңе түсер.


23Өсиет пен тәлiм шам-шырақ секiлдi,

Түзеткiш тәрбие өмiр жолын сiлтейдi.



24Олар сенi жүгенсiз әйелден сақтайды,

Оның жағымпаз сөздерiнен қорғайды.



25Көркiне оның жүрегiң елiкпесiн,

Жанары сенi баурап әкетпесiн!


26Жезөкше ақыры нанға зәру қылар,

Азғын әйел қымбат жаныңа тұзақ құрар.



27Қойнына от салған киiмiн өртемей ме?

28Шоқ басқан адам аяғын күйдiрмей ме?

29Өзгенiң жарына барғанмен солай болады,

Онымен жанасқан жазасын тартады.



30Аштықтан ұрлық жасағанды жұрт жек көрмей ме?

31Ұсталса, алғанын жетi еселеп төлетпей ме?

Отбасының меншiгiн түгелдей бергiзбей ме?



32Неке адалдығын бұзғанның ақылы кем,

Құртады өз жанын солай iстеуiмен.



33Соққы жеп ол, абыройы төгiледi,

Мәңгi масқара болып қала бередi.



34Қызғаныштан күйеуiн ашу кернейдi,

Өшiн алған кезiнде аяуды бiлмейдi,



35Күнәның төлемiн ешқашан алмайды,

Мол тарту берсең де, ашуы қайтпайды.



7

Даналықтың жүгенсiздiктен сақтауы

1Балам, сөздерiмдi есiңде ұстап,

Ережелерiмдi жадыңда жүр сақтап,



2Өмiр сүр, өсиетiмдi орындап,

Iлiмiмдi көз қарашығыңдай сақтап,



3Саусаққа байлап алғандай жүр ұстанып,

Жүрегiңнiң түкпiрiне қойғын жазып.



4Даналыққа қарашы туған бауырыңдай,

Парасатты да көршi туысқаныңдай.



5Сонда олар қорғайды азғын әйелден,

Сенi баурамақ болғаннан майда сөзiмен.



6Бiр күнi қарап тұрсам терезеден,

7Тәжiрибесiз жастардың арасынан

Жас жiгiттi байқадым, ақылы толмаған.



8Әйел тұрған бұрыштан жiгiт өттi,

Үйiне оның апаратын жолмен кеттi.



9Бұл күн батып, ымырт түскен кез едi.

10Мiне, әйел жiгiттiң алдынан шықты,

Жезөкшедей киiнген, айлалы едi.



11Ол үйiнде тұрмас, жүгенсiз де даурықпа,

12Торып жүр көше, алаң, бұрыштарды,

13Жiгiттi құшып алып, сол арсыз сүйдi,

Шiмiрiкпей оған қарап былай дедi:



14«Мен тиiстi құрбандығымды шалдым,

Антымды бүгiн түгел орындадым.



15Кезiгу үшiн өзiңе үйден шықтым,

Сенi iздеп, ендi, мiне, тауып алдым!



16Төсегiме әдемi көрпе салдым,

Түрлi түстi мысырлық жабын жаптым,



17Хош иiстi мүр, алой, дәм қабық шаштым.

18Кәне, жүр, таң атқанша бiрге болайық,

Махаббаттың ләззатымен сусындайық!



19Үйде ерiм жоқ, ол алыс сапарға кеттi,

20Күмiс толы дорбасын ала кеттi,

Ай толғанда ғана қайтып келедi».



21Майда тiлмен жiгiттi арбап алды,

Жылы сөйлеп дегенiне көндiрдi.



22Әйелге жiгiт ерiп жүре бердi,

Сойылуға бара жатқан өгiздей,


һәм торға түсiп қалған бұғыдай,


23Садақ оғы әлi бауырына қадалмай,

Тұзаққа зымырай ұшқан құстай,


Өмiрмен қоштасарын кеттi ол ұғынбай.



24Сонымен, балалар, менi тыңдаңдар,

Айтқан сөздерiме құлақ салыңдар!



25Жүгенсiз әйелдiң iзiне түспеңдер,

Жолына елiктеп, адасып жүрмеңдер!



26Көп адам осылайша құлап қалды,

Күштiлер оның қолынан қаза тапты.



27Оның үйi көрге қарай жетелейдi,

Тозақтың дәл түбiне түсiредi.



8

Даналықтың уәде еткен сый-тартулары

1Даналық шақырып жатыр емес пе,

Ақыл-парасат дауыстап тұр емес пе?



2Жол жиегiнде, биiк орындарда

Тұр Һәм жол тораптарында.



3Қала қақпаларының төңiрегiнде,

Халық өтетiн кiре берiстерде,


Даналық былай деп мәлiмдеуде:



4«Уа, халайық, сендердi шақырамын,

Бар адамзатқа дауыстап айтамын:



5Аңқаулар, ендi үйренiңдер,

Аңғалдар, түсiнiк иеленiңдер,



6Тыңдаңдар менi, асыл сөз айтпақпын,

Ақиқат — барлығы да айтарымның.



7Шындық — аузымнан шыққан сөздiң бәрi,

Өтiрiк айту маған аса жиренiштi.



8Менiң сөздерiмнiң бәрi де дұрыс,

Ешқайсысы емес арам не бұрыс.



9Саналыға барлығы түсiнiктi,

Бiлiмдiге мiнсiз де әдiлеттi.



10Күмiстен гөрi ал менен тәлiмдi,

Саф алтыннан гөрi қабыл ал бiлiмдi.



11Даналық асыл тастардан да құнды,

Аңсаған еш нәрсең оған тең келмейдi».


Даналықтың ақыл-кеңесi мен жемiсi

12«Мен даналықпын, парасат бар қасымда,

Саналы бiлiм тауып аламын да.


13Жаратқанды қастерлеп, мойынсұну,

Бұл — жамандық атаулыны жек көру.


Жек көремiн паңдық пен менмендiктi,


Жаман iс-әрекет пен бұрма сөздi.



14Менде ақыл-кеңес бар, адал сана,

Иемiн парасат, күш-қуатқа да.



15Мен арқылы патшалар билiк құрады,

Әкiмдер әдiл заңдар шығарады.



16Әмiршiлер мен арқылы басқарады,

Төрелер әдiл үкiм шығарады.


17Мен де сүйемiн өзiмдi сүйгендi,

Iздеп жүрген тауып алады менi.



18Абырой-байлық сыйлайтын бар менде,

Жоғалмас қазына мен әдiлдiк те.



19Беретiн жемiсiм алтыннан құнды,

Ол тiптi саф алтыннан да бағалы,


Шығаратын өнiмiм менiң таңдаулы,


Күмiстен де әлдеқайда жоғары.



20Әдiлеттi жолмен жүре беремiн,

Ақиқат жолынан ешбiр таймаймын.



21Менi сүйгендерге игiлiк сыйлаймын,

Қазыналарын толтыра беремiн».


Даналықтың ежелгi болмысы

22«Мен Жаратқанның меншiгi болатынмын,

Ежелгi iстерiн Ол жасамас бұрын.


23Бұл дүние жаралмай тұрып, әуелден

Мәңгiлiкте мен тағайындалғанмын.



24Пайда болдым терең теңiз болмағанда,

Суға толы қайнарлар ақпағанда,



25Таулар әлi де орнамай тұрғанда

Тудым, Һәм төбелер жоқ болғанда,



26Тәңiр Ие әлi жаратпастан бұрын

Жер, дала, әлемнiң алғашқы топырағын.


27Сонда болдым Ол аспанды орнатқанда,

Бетiнде теңiздiң көкжиектi сызғанда.



28Тәңiр бұлттарды аспанда орнатқанда,

Тереңнен қайнарларды нығайтқанда,



29Теңiз суының ауқымын шектегенде,

Өз еркiнен тыс тасытпай тежегенде,


Дүниенiң негiзiн белгiлегенде,



30Қасындағы сәулетшi мен болғанмын,

Күнде Оны қуантып, алдында шаттандым.



31Жаратқанның әлемiнде көңiлдендiм,

Адамзатқа да шат-шадыман болдым».


Даналықтың пайдасы, надандықтың зияны

32«Сонымен, балалар, құлақ салыңдар,

Қандай бақытты — жолымды сақтағандар!



33Өсиетiмдi тыңдап, дана болыңдар,

Еш уақытта одан бас тартпаңдар!



34Қандай бақытты — күнде тiлiмдi алған,

Сергек болып қақпамда күтiп тұрған.



35Өйткенi менi тапқан шынайы өмiр табады,

Жаратқанның ризалығына ие болады.



36Ал менен безген өзiне зиян салар,

Менi жек көрген әркiм өлiмдi ұнатар».



9

Даналықтың «тойға» шақыруы

1Даналық өзiнiң үйiн салған едi,

Оның жетi дiңгегiн қойған едi,



2Ендi сусынын даярлап, малын сойды,

Тамаша дастарқанын жайып қойды,



3Адамдарға қызметшiлерiн жұмсады.

Ендi Ол қаланың биiгiнен жар салады:



4«Мұнда келiңдер!» деп шақырады

Бар аңғалдарды Һәм парықсыздарды:



5«Кәне, келiп, дәм татыңдар асымнан,

Iшiңдер дайындаған сусынымнан!



6Надандықты тастап, шынайы өмiр сүрiңдер,

Лайым ақыл-парасат жолымен жүрiңдер!»



7Мысқылшылға сөгiс берген масқара болар,

Зұлымға ескерткенге мiн тағылар.


8Мысқылшылға ескертпе, сенi жек көрер,

Данаға ескерт, ол сенi сүйер.



9Данаға тәлiм бер, даналығы өсер.

Әдiлдi де үйрет, бiлiмi өсер.



10Даналықтың бастауы — Тәңiр Иенi

Терең қастерлеп, Оған мойынсұну,


һәм ақыл-парасат — Киелi Құдайды


Және Оның еркiн жақыннан тану.



11Даналықпен көрер күнiң көп болар,

Парасатпен жасыңа жас қосылар.



12Дана болсаң, пайдасын өзiң көрерсiң.

Мысқылшыл болсаң, зиянын өзiң шегерсiң.


Надандықтың шақыруы

13«Надан әйел» даурыға айқайлайды,

Өзi аңғал, мән-жайларды ұғынбайды.



14Үйiнiң есiк алдында орындыққа

Отырады ол, қаланың биiк орнында.



15Тура жолмен өтiп бара жатқандарға

«Надан әйел» дауыстап жар салуда:



16«Мұнда келiңдер!» деп шақырады

Бар аңғалдарды Һәм парықсыздарды:



17«Ұрлап iшкен су сондай тәттi екен!

Тығып жеген нан сондай дәмдi екен!»



18Адамдар бiлмейдi бұрын шақырылғандардың

Өлiк болып көр түбiнде жатқандарын.


10

СҮЛЕЙМЕННIҢ ТАҢДАУЛЫ НАҚЫЛ

Әдiл жанның дана сөзi мен iсi жайлы

1Сүлейменнiң бiрсыпыра нақыл сөздерi:

Ақылды бала — әкесiнiң сүйiнiшi,


Ақылсыз бала — шешесiнiң күйiнiшi.



2Арам байлық пайдалы болмайды,

Ал әдiлдiк ажалдан сақтайды.



3Әдiлдiң аш жүруiне Жаратқан жол бермес,

Зұлымның аңсағанын берудi қош көрмес.



4Жалқау қол жарлы қылар,

Iсмер қол дәулеттi қылар.



5Жазда өнiм жиған — ақылды бала,

Орақ кезiнде ұйықтаған — арсыз бала.



6Әдiл жан жарылқауға ие болар,

Зұлымның аузы зорлығып жасырар.


7Әдiлдi есiне алған жұрт шүкiр етер,

Ал зұлымның есiмi құрып кетер.



8Дана нұсқауларды ықыласпен қабылдар,

Надан өз сөзiнен сүрiнiп құлар.



9Таза жүрген аман жүрер,

Қисық жолдағы әшкереленер.



10Көзiн қысып белгi берген ыза келтiрер,

Ал мылжың бос сөзiнен жапа шегер.



11Әдiлдiң аузынан өмiр қайнар,

Зұлымның аузы зорлығып жасырар.



12Өшпендiлiк араздық туғызар,

Сүйiспеншiлiк бар күнәны жабар.


13Зерделiнiң аузынан даналық шығар,

Парасаттан бас тартқан жазасын тартар.



14Данышпан бiлiмiн сақтап қояр,

Ақымақ аузымен пәле шақырар.



15Байдың қорғаны — өз байлығы,

Жарлының пәлесi — өз жоқшылығы.



16Әдiлдiң өнiмi — өмiрге,

Зұлымның табысы — күнәға.



17Тәрбиеге мойынсұнған өмiрге жол бастар,

Ескертудi елемеген өзгенi де азғырар.


18Қастығын жасырғанның тiлi жалған,

Өсек-аяң таратқан — ақымақ жан.



19Сөзуар құтыла алмас күнәдан,

Ақылды өз аузына ие болған.



20Әдiлдiң тiлi — таңдаулы күмiс,

Зұлымның ой-ниетi — түкке тұрғысыз.



21Әдiлдiң тiлi көпке ақыл берер,

Наданның зердесiздiгi түбiне жетер.


Тәңiрдi шын қастерлеу ғұмырды ұзартар

22Жаратқанның жарылқауы адамды бай қылар,

Уайымыңнан қосымша пайда болмас.


23Зердесiзге зұлымдық ләззат,

Зерделiге даналық ләззат.



24Арам жан қорыққанына тап болар,

Әдiлдiң аңсағаны орындалар.



25Құйын өтiп кетсе арамза ғайып болар,

Ал әдiлдiң негiзi мәңгi берiк болар.



26Қышқыл тiске түтiн көзге кесел,

Жалқау өзiн жұмсағанға кесел.



27Тәңiрдi шын қастерлеу ғұмырды ұзартар,

Ал зұлымдардың ғұмыры қысқартылар.



28Әдiлдiң күткенi шаттыққа апарар,

Зұлымның үмiтi бекерге болар.



29Тәңiр жолы мiнсiз жанға қорған болар,

Ал зұлымдық iстеушiнiң көзiн құртар.



30Әдiл жан ешқашан шайқалмас,

Зұлым жан елiнде тұра алмас.



31Әдiл даналықты шыңдай түсер,

Өтiрiкшi лайық жазасын шегер.


32Әдiлдiң аузынан iзгi сөз шығар,

Арамзаның аузынан азғын сөз шығар.



11

Адалдық пен iзгiлiктi Жаратқан Ие ұнатар

1Жалған таразы Тәңiрге жиренiштi,

Адал таразы Оған ұнамдысы.



2Менмендiкке масқара серiк,

Кiшiпейiлге даналық серiк.



3Әдiл жанды адалдығы жетелер,

Арамзаның түбiне сұмдығы жетер.



4Қаһарлы күнде байлықтан пайда болмас,

Ал әдiлдiк өлiмнен аман сақтар.



5Таза жанның әдiлдiгi жолын түзер,

Арамзаны зұлымдығы сүрiндiрер.



6Әдiлдi адалдығы құтқарар,

Алдамшы ашкөздiгiнен ұсталар.


7Арамза өлгенде үмiтi үзiлер,

Зұлымның күткенi босқа кетер.


8Әдiл жан пәледен құтқарылар,

Арамза оның орнына соған ұшырар.



9Арсыз сөзiмен жақынын жояр,

Әдiл парасатымен аман қалар.



10Әдiлдiң амандығына қала қуанар,

Зұлымның құруына мәз-мейрам болар.



11Әдiлдiң ақ батасымен қала өркендер,

Зұлымның жалған тiлiнен бытырап кетер.



12Ақылсыз жақынын келекелер,

Ақылды аузына ие боп жүрер.



13Өсек тасыған сырыңды ашар,

Адал жан iсiңдi құпия сақтар.



14Жетекшiге зәру ел тозар,

Кеңесшiсi мол ел озар.



15Бөтенге кепiл болған пәлеге ұшырар,

Кепiлдiктен бас тартқан қауiпсiз болар.



16Сүйкiмдi әйел абыройға бөленер,

Күш сала iстеген байлықты иемденер.

Әдiлдiң тiлегенi жақсылықпен бiтер

17Қайырымды өз жанына рақым табар,

Қатыгез өз тәнiне зиян туғызар.



18Арамза өткiншi өнiм жинайды.

Әдiлдiк сепкеннiң сыйы тозбайды.



19Шын әдiлдiк өмiр сыйлар,

Зұлымдыққа ұмтылған өлiм табар.



20Зымиян жаннан Жаратқан жиренер,

Мiнсiз жүргенге қатты сүйсiнер.



21Сөз жоқ, зұлым жазасын тартар,

Әдiлдiң ұрпағы аман құтылар.



22Әдемi, бiрақ әдепсiз әйел заты

Мұрны алтын сырғалы шошқа сияқты.



23Әдiлдiң тiлегенi жақсылықпен бiтер,

Зұлымның күткенi ашу-ызамен бiтер.



24Қолы ашық адам байи түсер,

Тым сараң жан кедейлене түсер.



25Жомарт жан игiлiкке кенелер,

Басқаны сергiткен өзi де сергiр.


26Аштықта астық жасырғанды жұрт қарғар,

Астығын елге сатқанға батасын жаудырар.



27Жақсылыққа ұмтылған рақым iздеп табар,

Зұлымдыққа ұмтылған зұлымдыққа тап болар.



28Байлығына сенiм артқан сүрiнер,

Ал әдiл жан жапырақтай көгерер.



29Отбасының берекесiн кетiрген дымсыз қалар,

Зердесiз зерделiге қызмет қылар.



30Әдiл жан жемiсi өмiр сыйлар ағашқа ұқсар,

Зерделi жан адамдарды даналыққа тартар.



31Әдiл жан бұ дүниеде тиiстiсiн алмақ,

Арамза, күнәкар одан бетер жазаланбақ.



12

Жақсы тәрбие алған бақытты

1Тәрбиесiн ұнатқан — бiлiмдi де ұнатқан,

Ал ескертудi жек көрген — санасыз надан.



2Iзгi жанды Жаратқан ұнатар,

Зымиянға Ол үкiмiн шығарар.



3Адам зұлымдықпен аман болмас,

Ал әдiлдiң негiзi мызғымас.



4Iзгi әйел күйеуiнiң абыройын асырар,

Арсыз әйел күйеуiнiң қуатын тауысар.


5Әдiлдiң ой-ниетi әдiлеттi,

Арамзаның кеңесi алдамшы.



6Зұлымның сөзi қан төгер тұзақ құрар,

Әдiлдiң сөзi пәледен құтқарар.



7Зұлым құлап, iз-түзсiз жоқ болар,

Әдiлдiң шаңырағы берiк тұрар.



8Ақылына қарап адамды мақтар,

Ойы бұзық жан жексұрын болар.



9Кеуде көтерiп аш жүргеннен гөрi,

Адал еңбек еткен қарапайым жан игi.


10Iзгi жан малының да қамын ойлар,

Арамзаның жүрегi қатыгез болар.



11Жерiн өңдегеннiң қарны тоқ,

Бос қиял қуғанның ақылы жоқ.



12Зұлымның олжасына сұрқия көз салар,

Тамыры берiк әдiл жан жемiстi болар.


Өтiрiктiң құйрығы бiр-ақ тұтам

13Арамза жалған сөзiнен ұсталар,

Әдiл жан пәледен аман құтылар.



14Аузынан шыққан жақсы сөзi адамды тоқ қылар,

Еңбек еткен қолы да ақысын алар.



15Ақымақ жүрген жолым тура дер,

Саналы жан кеңеске құлақ түрер.



16Ақымақтың ашуы бiрден бетiне шығар,

Ақылды жан шеккен жәбiрiне немқұрайды қарар.



17Бiлген шындығын айтқан әдiлдiктi паш етер,

Жалған куәгер опасыздық етер.



18Мылжың тiлiмен семсердей шағар,

Дана тiлiмен жан жарасын сауықтырар.


19Шыншылдың сөзi мәңгiлiк,

Өтiрiкшiнiң сөзi бiр-ақ сәттiк.



20Зұлымдық ойлағанның жүрегi толған сұмдық,

Татулық ойлағанның жүрегi толған шаттық.



21Әдiлге күнәның кесiрi жұқпас,

Зұлым толған пәлесiнен арылмас.


22Жалған тiл Жаратқанға жиренiштi,

Ақиқатты айтатын Оған сүйкiмдi.



23Зерделi бiлiмiн жасырар,

Зердесiз надандығын жариялар.


Еңбекқордың меншiгi құндана түсер

24Еңбекқор қол билiкке жеткiзер,

Жалқау қол құлдыққа түсiрер.



25Сары уайым адамның еңсесiн басар,

Жақсы сөз оның көңiлiн тасытар.



26Әдiл жан серiктерiн ақ жолмен бастар,

Арамзаның жолы оларды адастырар.



27Жалқау аң аулап, етiн қуырудан ерiнер,

Ал еңбекқордың меншiгiнiң құны арта түсер.


28Әдiлдiк жолында шынайы өмiр бар,

Онымен жүрген мәңгi өлiмнен құтылар.


13


1Ақылды бала әке тәрбиесiн қабыл алар,

Ал мысқылшыл ескертуге құлақ аспас.



2Адам игi сөздерiнiң жемiсiн көрер,

Ал опасыз жан зорлық-зомбылық көздер.



3Аузына ие болған өмiрiн сақтар,

Аузын айқара ашқан пәлеге ұшырар.



4Жалқау мол аңсағанмен аз алар,

Ынтамен еңбек еткен тоқ болар.



5Әдiл өтiрiк сөздi жек көрер,

Зұлым арсыз iсiмен абыройын төгер.



6Таза жанды әдiлдiгi аман сақтар,

Күнәкарды зұлымдығы құлатар.


7Бай болғансыған бiреудiң түгi де жоқ,

Ал кедейсiген басқаның байлығы тоқ.



8Байлық байдың өмiрiне төлем болар,

Ал кедей қоқан-лоқыдан аман болар.



9Әдiлдiң нұры жарқырап жанар,

Зұлымның шырағы өшiп қалар.



10Менмендiк дау-жанжал туғызар,

Даналық ақылдасқандарда болар.



11Оңай олжа тез таусылар,

Еңбекпен жинаған байлығын молайтар.


12Ұзаққа созылған үмiт жүрек қажытар,

Орындалған тiлек өмiрдi құлпыртар.


Данамен жолдас болған дана болар

13Нақыл сөздi елемеген кесiрiн көрер,

Нұсқауды құрметтеген пайдасын көрер.



14Данышпанның тәлiмi — өмiр бұлағы,

Адамды ол ажал торынан құтқарады.



15Ақыл-парасат адамды ұнамды қылар,

Зымиянның жолы тым ауыр болар.



16Зерделi бiлгiрлiкпен әрекет етер,

Зердесiз надандығын паш етер.



17Нашар өкiл пәлеге тап болар,

Адал өкiл амандық орнатар.



18Тәрбиеден безген жоқтық пен масқараға ұшырар,

Ескертуге көңiл бөлген қадiр-құрметке ие болар.



19Аңсағаны iске асса көңiл сүйсiнер,

Арам iсiнен қайтудан надан жиренер.



20Данамен жолдас болған дана болар,

Наданмен жолдас болған бұзылар.


21Күнәкардың соңынан пәле қалмас,

Әдiл жан iзгi сыйынан ада қалмас.



22Iзгi жанның мұрасы үрiм-бұтағына қалар,

Күнәкардың байлығы әдiлге сақталар.



23Кедей жыртқан тың жерден егiн бiтiк шығар,

Әдiлетсiздiктiң кесiрiнен бiрсыпырасы ұрланар.


24Жазасын тартқызбаған баласын сүймейдi,

Баласын сүйген жасынан тәрбиелейдi.



25Әдiл жан тамағын тойып iшер,

Арамның қарны аш жүрер.



14

Ақылдылық және аңғалдық

1Ақылды әйел үйiн өркендетер,

Ақылсыз әйел үйiн өз қолымен күйретер.



2Тура жолмен жүрген Тәңiрдi қастерлейдi,

Қисық жолға түскен Оны менсiнбейдi.



3Ақымақ паң сөздерi үшiн жазаланар,

Ақылдының сөздерi аман сақтар.



4Өгiзi жоқтың қорасы таза тұрар,

Ал өгiздiң күшiнен пайда мол болар.



5Адал куәгер өтiрiк айтпас,

Жалған куәгер өтiрiгiн доғармас.



6Мысқылшыл даналықты iздеп таппас,

Зерделiге бiлiм жинау қиын болмас.



7Аулақ жүр ақымақтың қасынан,

Ақылды сөз шықпас оның аузынан.



8Естiнiң даналығы — жолын ұғынуы,

Ессiздiң надандығы — алданып адасуы.



9Надандар күнәны күлкi қылар,

Әдiлдер арасында iзгiлiк орнар.



10Өз қайғысы әркiмнiң өзiне аян,

Қуанышын да бөлiсе алмас бөтен жан.



11Қылмыстының үйi құрып кетер,

Әдiлдiң мекенi гүлденiп өркендер.



12Адамға түзу болып көрiнген жолдар да бар,

Ақырында олар ажалға бастар.



13Күлгенде кейде жүрегiң сыздар,

Қуаныш кейде қайғымен аяқталар.


Сөзiң мен iсiңдi ой елегiнен өткiз

14Азғын жан тиесiлi жазасын алар,

Әдiл жан тиесiлi сыйын алар.


15Аңғал кез келген сөзге нанар,

Естi қадамын байқап басар.



16Ақылды абай болып, пәледен безер,

Ақылсыз өр көкiрек, бейқам келер.



17Ашушаң мiнездi ақымақтық жасар.

Арамдық ойлаушы жексұрын болар.



18Ақымақтық — аңғалдың алар үлесi,

Бiлiмдiлiк — дананың алар тәжi.


19Жақсының алдында зұлым басын иер,

Әдiлдiң қақпасында арамза тiзесiн бүгер.



20Кедейге жақыны да менсiнбей қарар,

Ал байға доссымақтар көп болар.


21Жақынын жек көрген күнә жасар,

Жарлыға игiлiк еткен жарылқанар.


22Зұлымдық ойлаған жолдан адасып кетер,

Игiлiк ойлаған мейiрiм мен адалдық көрер.



23Әр бейнеттiң зейнетi бар,

Бос сөзден тек жоқшылық шығар.


Әдiлдiгi халықтың дәрежесiн көтерер

24Дананың алар тәжi — байлық,

Наданның алар үлесi — ақымақтық.



25Адал куәгер адам жанын сақтар,

Жалған куәгер көптi алдар.



26Тәңiрдi терең қастерлеу — берiк сүйенiш,

Келер ұрпақ та бас сауғалар қорғаныш.


27Тәңiрдi терең қастерлеу — өмiрдiң бұлағы,

Ажалдың тұзағынан адамды алыстатады.



28Патшаның ұлылығы — халқының көптiгiнде,

Ал бақытсыздығы — соның аздығында.



29Ұстамды жанның түсiнiгi мол,

Қызба жанның ақымақтығы мәлiм.



30Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар,

Ал қызғаныш денеге жара салар.


31Кедейдi қанаған — Жаратушысын менсiнбеген,

Кедейдi аяған — Жаратушысын қастерлеген.



32Арамза өз күнәсынан опат болар,

Ал әдiлдiң өлерде де үмiтi болар.



33Даналық зерделiнiң жүрегiне орнығар,

Аңғалдардың арасынан да өзiн танытар.



34Әдiлдiгi халықтың дәрежесiн көтерер,

Заңсыздығы халықты масқара етер.


35Парасатты нөкерi патшаға жағар,

Масқара болғаны ашуын туғызар.



15

Iзгi сөз бен iс берекелi

1Жәбiр сөз ашу туғызар,

Биязы жауап ашуды басар.



2Дананың тiлi бiлiмдi мақтар,

Аңқаудың аузынан надандық ағылар.



3Жаратқанның көз алдында бәрi аян,

Бар жақсы мен жамандар айқын Оған.



4Мейiрiмдi тiл өмiр сыйлар ағашқа ұқсар,

Өтiрiкшi тiл рухыңды жаншып-басар.



5Әкенiң тәрбиесiнен ақымақ безер,

Ескертуге ден қойған парасатқа кенелер.



6Әдiлдiң үйiнде мол қазына болар,

Арамзаның тапқаны берекесiн алар.



7Дананың тiлi бiлiм себер,

Наданның санасы олай iстемес.



8Арамзаның құрбандығынан Жаратқан жиренер,

Әдiлдiң мiнажаты Оны сүйсiндiрер.



9Арамзаның жолынан Жаратқан жиренер,

Әдiлдiктi қуғанға Ол сүйсiнер.



10Жолдан безген ауыр жаза тартар,

Ескертудi жек көрген опат болар.



11О дүние мен тозақ Жаратқанға аян,

Адамның жүрегi Оған одан бетер аян.



12Мысқылшыл өзiне ескерткендi ұнатпас,

Дананың маңына жақындамас.


Қуанышты жанның тойы тарқамас

13Жүректiң қуанышы бет-жүздi жарқыратар,

Жүректiң қайғысы көңiлдi жабырқатар.



14Зерделiнiң санасы бiлiм қуар,

Зердесiз ақымақтыққа тойынар.



15Бақытсыздың қай күнi де қайғыдан арылмас,

Қуанышты жанның тойы тарқамас.



16Мол қазынасы болып, уайымдағаннан гөрi,

Азды қанағат етiп, Тәңiрдi қастерлеген игi.



17Жек көрiп берген семiз сиыр етiнен гөрi,

Жақсы көрiп берген көкөнiс тағамы игi.


Игi ақыл-кеңес пен адал еңбектiң зор пайдасы

18Ашушаң дау туғызар,

Байсалды дауды басар.



19Жалқаудың жолын тiкен басар,

Адалдың жолы тегiс болар.



20Ақылды бала әкесiн риза қылар,

Ақылсыз жан шешесiн қор қылар.



21Ақылы азды ақымақтық сүйсiнтер,

Ал ақылды жан тура жолмен жүрер.



22Кеңессiз құрған iс аяқсыз қалар,

Көптiң ақылымен ол жүзеге асар.



23Дәл айтылған жауап адамды қуантар,

Уақтылы айтылған сөз бiр ғанибет болар.



24Дананың өмiр жолы биiкке бастар,

Ажалдан оны сақтап қалар.

Кiшiпейiл жанның абыройы өсер

25Жаратқан Ие менменнiң үйiн талқандар,

Ал жесiрдiң жерiнiң шекарасын қорғар.



26Зұлымның жоспарларынан Жаратқан жиренер,

Пәк жанның сөздерiне Жаратқан сүйсiнер.



27Пайдақор отбасының берекесiн кетiрер,

Параны жек көрген тыныш өмiр сүрер.



28Әдiл жан жауабын ойлап берер,

Арамза жаман сөзiн лақ еткiзер.



29Арамзадан Тәңiр Ие алыс болар,

Әдiлдiң мiнажатына Ол құлақ салар.



30Жарқын жүз жүректi қуантар,

Жақсы хабар денеге қуат дарытар.



31Өмiрдiң тәрбиесiне құлақ түргендер

Даналар арасынан орын тебер.



32Тәрбиеге ден қоймаған өз жанын жек көрер,

Ескертудi тыңдаған парасатты иемденер.



33Жаратқанды шын қастерлеу даналыққа үйретер,

Кiшiпейiл жанның абыройы өсер.



16

Әдiлдiк пен ынтымақты Жаратқан Ие жақтырар

1Адам жүрегiнде жоспар құрар,

Ал соның жауабы Жаратқаннан болар.


2Адамға күллi iстерi жөн iспеттi,

Ал Жаратқан Ие тексередi ой-ниеттi.



3Жаратқанға сенiп тапсыр бар iсiңдi,

Сонда құрған жоспарың болар өнiмдi.



4Тәңiр Ие бәрiн де өз мақсатына сай жасар,

Осылай арамзаны апатты күнге қалдырар.



5Жаратқан Иеге жексұрын — жүрегi паңдар,

Шүбә жоқ, жазасыз қалмайды олар.



6Рақым және шындықпен күнәлар кешiрiлер,

Тәңiрдi шын қастерлейтiн күнәдан аулақ жүрер.



7Адамның жолы Жаратқанға ұнаса,

Тату қылар соның жауларын да.



8Ағыл-тегiл арам кiрiстен гөрi,

Аз болса да адал пайда игi.



9Жүрер жолын адам жүрегiнде жоспарлар,

Ал оның қадамдарын Жаратқан Ие бағыттар.


Iзгi басшылықпен ел өркендер

10Патшаның сөзi Тәңiрдiң шешiмi iспеттi,

Ол әдiл билiк айтуға тиiстi.



11Адал таразы ? Тәңiрдiң талабы,

Өлшеуiш тастарға Ол назар аударады.



12Патшаға зұлымдық жексұрын болар,

Әдiлдiк оның тағын нығайтар.



13Адал тiлдi патша жақтырар,

Ақиқат айтқанды ол ұнатар.



14Патша қаһары — ажал жаршысы,

Ал ақылды жан соны басады.



15Патшаның жылы жүзi жiгерлендiрер,

Ризашылығы көктемгi жаңбырдай сергiтер.


Ақылдыға естiлiк — өмiр бұлағы

16Даналық иемденгенiң алтыннан да қ?нды,

Естiлiк иемденгенiң саф күмiстен тиiмдi.



17Әдiлдiң ақ жолы зұлымдықтан алыстатар,

Жолына қырағы жан өмiрiн аман сақтар.



18Менмендiк — күйреудiң басы,

Асқақтық — құлаудың алды.



19Асқақпен олжа бөлiскенше,

Кедеймен кiшiпейiл болған артық.



20Ақылмен еңбек еткен игiлiк табар,

Жаратқанға сенiм артқан бақытты болар.



21Жүрегi дананы зерделi дер,

Ұнамды тiл әсерлi тәлiм берер.



22Ақылдыға естiлiк — өмiр бұлағы,

Ақымақтық ақылсызға — тартар жазасы.



23Дананың ақылы сөзiн де дана қылар,

Аузынан тәлiмдi сөз шығарар.


24Ұнамды сөз балдай тәттi,

Жаныңа жағымды, тәнiңе шипалы.



25Адамға түзу болып көрiнген жолдар да бар,

Ақырында олар өлiмге апарар.



26Тәбетi жұмысшыға жұмыс iстетер,

Аштығы оған еңбек еткiзер.



27Сұрқия адам зұлымдық ойлайды,

Айтқан сөзi жалындай жалмайды.



28Арамза араздық туғызар,

Өсекшi достарды айырар.


Адамның ой-ниетi әшкере болар

29Жауыз адам жолдасын аздырар,

Елiктiрiп терiс жолға салар.


30Көзiн сығырайтатын сұмдық ойластырар,

Ернiн жымқыратын зұлымдық дайындар.



31Ағарған шаш — салтанатты тәж,

Ақ жолмен жүрген қол жеткiзер.



32Сабырлы жан жауынгерден артық,

Ұстамды жан басқыншыдан артық.


33Лақтырған жеребең алдыңа түсер,

Оның шешiмiн Жаратқан Ие берер.



17


1Жанжалды үйдiң мол етiнен гөрi

Татулықпен жеген қатқан нан игi.



2Арсыз ұлды ұғымпаз құлы билер,

Ағайындарымен бiрге мұрасын бөлiсер.



3Күмiстi қорытып, алтынды көрiкте сынар,

Адамның жүрегiн Жаратқан Ие сынар.



4Зұлымдық iстеушi залым тiлге құлақ асар,

Өтiрiк айтушы сұмдық тiлге ден қояр.



5Кедейдi тiлдеген Жаратушысын қорлайды,

Сәтсiздiкке қуанған жазасыз қалмайды.



6Қарттардың тәжi — немере-шөберелерi,

Балалардың мақтанышы — әке-шешелерi.


Ақылды жан даналықты назарында ұстар

7Өрелi сөз ақымаққа жараспас,

Өтiрiк сөз мырзаға жараспас.


8Сый-тартуы берушiге сиқырлы тасқа ұқсар,

Қайда барса да iсi табысты болар.



9Қатенi кешiретiн достықты нығайтар,

Ал оны айта беретiн досынан айырылар.



10Ақылсызға берген жүз дүреден гөрi

Ақылдыға берген бiр сөгiс әсерлi.



11Бүлiкшi тек зұлымдық көздер,

Оған қарсы қатал өкiл жiберiлер.



12Наданның ақымақтығына тап болғанша,

Қонжығынан айырылған аюға тап бол.



13Жақсылыққа жамандық қайтарған

Өз үйiне үздiксiз пәле шақырған.



14Басталған ұрыс тасқын суға ұқсас,

Жанжал қызбай тұрып, дауды бас.



15Ақтау кiнәлыны, айыптау кiнәсызды —

Екеуi де Жаратқан Иеге жиренiштi.



16Наданның қолындағы ақшадан не пайда,

Даналықты меңгеруге құлшынысы болмаса?


17Шынайы дос әрдайым жақсы көрер,

Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер.


18Ұғымсыз жан қол алысар,

Басқаның қарызына кепiл болар.


19Жанжалды сүйген күнәны ұнатқан,

Қақпасын биiк салған пәле шақырған.


20Қастық ойлаған жақсылық таппайды,

Жалған сөйлеген пәлеге ұшырайды.



21Надан ұл өзiн туғанға сор,

Ақымақтың әкесi қуаныштан құр.



22Көтерiңкi көңiл шипа болар,

Жабырқаңқы көңiл тәндi қуартар.



23Арамза жасырын пара алар,

Әдiлет жолын бұрмақ болар.



24Ақылды жан даналықты назарында ұстар,

Ақымақтың көзi жер түбiн шарлар.



25Надан ұл әкесiн қапаландырар,

Туған анасын ашындырар.



26Әдiл жанды жазалауға болмас,

Мырзаны адалдығы үшiн дүрелеу жараспас.


Тiлде өмiр мен өлiмнiң билiгi бар

27Естi адам байыппен сөйлер,

Ұғымды жан байсалды жүрер.



28Үндемесе тiптi наданды саналы дер,

Аузына ие болса дана болып көрiнер.



18


1Саяқ жан қара басын ойлар,

Даналық атаулыға қарсы шығар.



2Ақымақ парасатты жек көрер,

Өз ойын бiлдiрудi жақсы?көрер.



3Зұлым өзiмен асқақтық әкелер,

Ұятты қылыққа масқара ерер.?



4Адамның сөзi — тұңғиық судай,

Даналық көзi — тасқынды бұлақтай.



5Соттау әдiлдi, қолдау арамды —

Әдiлетсiз соттың қылығы.



6Ақымақтың тiлi жанжал туғызар,

Аузымен өзiне жаза тартқызар.



7Өз аузы ақымақты ажалға бастар,

Өз тiлi жанына т?зақ құрар.



8Өсекшiнiң сөзi сондай дәмдi,

Iшiңе кiрiп, баурайды жан дүниеңдi.



9Жұмысына немқұрайды —

Ысырапшылдың ағайыны.


10Жаратқан Иенiң есiмi — мықты мұнара,

Бас сауғалар әдiлге қауiпсiз пана.



11Байдың байлығы алынбас қамалдай,

Өз қиялында заңғар дуалдай.



12Адам құлар алдында асқақ болар,

Абыройы асар алдында кiшiпейiл болар.



13Тыңдамай жатып жауап қайтарған —

Ақылсыз, масқара болатын жан.



14Қиналған адамға рухы төзер,

Ал күйреген рухқа кiм дем берер?



15Зерделiнiң санасы бiлiмдi иемденер,

Дананың құлағы бiлiмдi iздей берер.



16Сыйлық берушiнiң жолын ашар,

Әкiмдер алдына дейiн апарар.



17Бiрiншi боп дауласқандiкi жөн көрiнер,

Ал қарсыласы келiп, сауал қойып тексерер.



18Жеребе дау-жанжалды басар,

Мықты қарсыластарды ажыратар.



19Ренжiген ағайын — бекiтiлген қаладай,

Дауласқаның — бекiтiлген қақпадай.



20Тiлiнiң жемiсiмен адам қарнын тойдырар,

Сөзiнiң өнiмiмен жанын тойындырар.



21Тiлде өмiр мен өлiмнiң билiгi болар,

Сөзге үйiр соның жемiсiн татар.


Адал дос — құн жетпес қазына

22Әйел алған — береке тапқан,

Жаратқан Иенiң жарылқауын алған.



23Мұқтаж адам жалына сөйлер,

Бай оған дөрекi жауап берер.



24Бiрiн-бiрi күйреткен доссымақтар бар,

Шынайы дос ағайыннан жақын болар.



19


1Жалған тiлдi наданнан

Адал жүрген жарлы артық.



2Бiлiмсiз құлшыныс жаман болар,

Тым асыққан жолдан таяр.



3Өз ақымақтығы адамның жолын бұзар,

Содан ол Жаратқанға наразы болар.



4Байлық достарды молайтар,

Кедей бар досынан да айырылар.



5Жалған куә жазасыз қалмас,

Өтiрiк айтқыш құтыла алмас.



6Мырзаға жағынуға көп жұрт әуес,

Сыйлық бергенмен барлығы да «дос».



7Кедей жанды бар туысы жек көрер,

Достары солардан бетер одан безер,


Сөйлессем деп талпынғаны болар бекер.



8Парасатқа ие болған өз жанын ұнатар,

Естiлiкке мән берген игiлiк табар.



9Жалған куә жазасыз қалмас,

Өтiрiк айтқыш тiрi қалмас.



10Салтанатты өмiр наданға жараспас,

Бастықтарды билеу малайға жараспас.



11Даналығы адамға сабыр сыйлар,

Қатенi кешiру оған құрмет болар.


Өсиеттi сақтаған өмiрiн сақтар

12Патшаның ашуы — ақырған арыстандай,

Ал ризалығы — шөптiң ғанибет шығындай.



13Ақылсыз бала әкесiнiң күйреуi болар,

Ұрысқақ әйел аққан тамшыдай жүйкенi жұқартар.


14Үй мен мал-мүлiк — мұраң әке-шешеден,

Ақылды әйелiң — сыйың Жаратқан Иеден.



15Жалқауды ұйқы басар,

Енжардың қарны ашар.



16Өсиеттi сақтаған өмiрiн сақтар,

Жолына ден қоймаған ажалға ұшырар.



17Жарлыны қамқорлаған —

Жаратқанға қарыз бергенi,


Игi iстерiнiң есесiн


Жаратқан қайтарып бередi.



18Балаңды жөнге сал үмiт барда,

Өмiрiнiң күйреуiне кiнәлы болма.



19Ашушаң жан лайықты жазасын тартсын,

Кешiрсең болды, тағы жазалауға мәжбүрсiң.



20Ақылды тыңдап, нақылға бағын,

Алдағы кезде дана боларсың.



21Жүрегiнде адам жоспар құрар,

Ал Жаратқанның ұйғарымы жүзеге асар.


22Адамның ұнамдылығы — берiк мейiрiмi,

Өтiрiкшiден гөрi жарлы болғаны игi.



23Жаратқанды қастерлеу шын өмiрге бастар,

Жанына тыныштық сыйлап, пәледен қорғар.



24Жалқау қолын табаққа салар,

Ал аузына апаруға жалығар.



25Мазақшылды жазаласаң, аңғырт жан да ұғынар,

Естiге тек ескертсең, ол содан сабақ алар.



26Әкесiн тонап, шешесiн қуған ұл —

Ар-ұждансыз, жексұрын бұл.



27Балам, тәлiмдi тыңдауды тоқтатқаның —

Бiлiмдi сөзден бас тартқаның.



28Жалған куәгер әдiл сотты мазақтар,

Зұлымдар аузымен жамандықты жалмар.



29Мазақшыл адамға үкiмi даяр,

Қыңыр ақымаққа жазасы даяр.



20


1Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш,

Iшiмдiкке салынған әркiм ақылсыз.



2Патшаның қаһары — ақырған арыстан,

Ашуын тұтатқан — басына пәле шақырған.



3Жанжалға бармау адамға абырой болар,

Ақымақ болса, жанжалға асығар.



4Жалқау мезгiлiнде жерiн жыртпас,

Орақ кезi жеткенде өнiм таппас.



5Адамның ой-ниетi тұңғиық судай болар,

Ақылды адам олардан сарқып алар.


Адалдық пен даналық

6Көп адам берiк мейiрiмiн мақтан қылар,

Ал шынымен адал жанды кiм табар?



7Ғұмыры мiнсiз әдiл жанның,

Қандай бақытты балалары оның!



8Сот тағында отырған патшалар

Бар қылмысты көзбен сұрыптап шығарар.



9Жүрегiмдi таза ұстап, күнәсыз жүрдiм

Деп тайсалмай айта алар едi кiм?



10Тең емес таразы, тең емес өлшем —

Екеуiн де жек көрер Тәңiр Ием.



11Iстерiн байқасаң баланың,

Бiлесiң мiнезiнiң таза, дұрысын.



12Еститiн құлақ пен көретiн көздiң

Екеуi де жаратқаны Тәңiр Иенiң.



13Ұйқышыл болма, тапшылыққа ұшырарсың,

Қырағы болғын, тамаққа тойынарсың.



14Сатып алушы «тым нашар» деп сынар,

Былай шығып, арзанға алғанына мақтанар.



15Алтын да бар, маржан да мол,

Зерделi тiл — нағыз қазына сол.



16Бөгдеге бiреу кепiл болса,

Шапанын шешiп алыңдар сонда,


Кепiлдiк болсын бөгденiң қарызына.



17Адамның алдап тапқан наны тәттi,

Ал кейiн аузы құмға толы iспеттi.



18Ақылдасқан iс берiк тұр,

Соғысар алдында кеңес құр.



19Өсек тасыған сырыңды ашар,

Серiгiң болмасын сөзқұмар!



20Әке-шешесiн қарғағанның

Жанары қара түнекте сөнер.



21Тым ерте иемденген мұралы еншiң

Соңынан болмас шынайы берекең.



22Зұлымдықтың кегiн қайтарам деме,

Тәңiрге тапсыр, Ол қолдайды сенi.



23Жаратқанға жек көрiнiштi —

Тең емес өлшем тастары,


Өте жаман — жалған таразы.



24Адамның қадамдарын Тәңiр Ие белгiлер,

Онсыз адам жүрер жолын қайдан бiлер?



25Тәңiрге асығыс меншiгiн бағыштау,

Берген антына соңынан өкiну,


Бұл — өзiне-өзi тор құру.



26Ақылды патша қылмыскерлердi анықтар,

Кейiн соларды талқандап жазалар.



27Адамның рухы — Жаратқанның шырағы,

Жүрек түкпiрiн зерттейдi қырағы.



28Мархабат пен ақиқат патшаны қорғайды,

Мызғымас мейiрiмi оның тағын қолдайды.



29Жастардың мақтанары — күш-қуаты,

Қарттардың қадiрi — ағарған шашы.



30Тән жарасы адамды зұлымдықтан арылтар,

Қатаң жазасы жан дүниесiн тазартар.



21

Патшаның жүрегi Жаратқанның қолында

1Патшаның жүрегi Жаратқанның қолында

Ұқсайды аққан суға өзен салаларында,


Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына.



2Өз жолы адамға түзу боп көрiнер,

Ал оның жүрегiн Жаратқан тексерер.



3Адамның адалдық пен әдiлдiк сақтағаны

Жаратқанға құрбандық шалғанынан ұнамды.



4Көз тәкаппарлығы, жүректiң асқақтығы,

Бәрi де күнә — зұлымның қылықтары.


5Ұқыптының ой-ниетi дәулетке бастар,

Тым асыққан тапшылыққа ұшырар.



6Жалғандықпен жиналған байлық —

Ұшып кетер бу Һәм ажалды тұзақ.



7Зұлымның зомбылығы өзiн жоқ қылар,

Әдiл iстен бас тартқаны себепшiсi болар.



8Айыптының жолы — қисық соқпақ,

Айыпсыздың жүрiсi түзу болмақ.



9Ұрысқақ әйелмен бiр үйде тұрғанша

Үй төбесiндегi күркеде тұрған артық оңаша.


10Зұлымның жаны сұмдық көздер,

Өз жақынына қаталдық көрсетер.



11Мазақшыл жазаланса, аңғырттың даналығы артар,

Дана жан тәлiм алса, ол содан бiлiм қабылдар.



12Әдiл Иемiз зұлымның үйiн бақылар,

Зұлымды құлатып, көзiн құртар.



13Жарлының зарына құлағын жабатын

Таппас өз зарына құлақ асатын.



14Жасырын тарту ашуды тыншытар,

Құпия сыйлық зор қаһарды басар.



15Әдiлдiк жасалса әдiлдер қуанар,

Ал зұлымдық жасаушылар шошынар.



16Даналық жолынан адасқан —

О дүниеге жақында орнығар жан.



17Кедейленер аса сауықшыл жан,

Байи қоймас шарап, майға құмартқан.



18Арамза жан әдiлдiң төлемi болар,

Опасыз жан адалдың төлемi болар.


19Ұрысқақ, ызақор әйелмен тұрғанша,

Оңаша тұрған артық айдалада.



20Дананың мекенi ырыс-дәулетке толар,

Ал надан өзiнде барды шашар.



21Әдiлдiк пен берiк мейiрiм жолынан

Шын өмiр, әдiлет, құрмет табады жан.



22Күштiлердiң қаласын кемеңгер басып алар,

Олар сенген қамалдың күл-талқанын шығарар.



23Тiлi мен аузына ие болған

Пәледен басын сақтар аман.



24Өр көкiрек, паң адамды мысқылшыл дер,

Асқан менмендiкпен ол әрекет етер.



25Жалқауды құмарлықтары құртар,

Себебi қолы жұмыстан қашар.



26Жалқау жан күнi бойы алуды көксер,

Ал әдiл жан мұқтажға аямай берер.



27Зұлымның құрбандығын Тәңiр жек көрер,

Арам оймен ұсынса одан да бетер.



28Өтiрiк айтатын куә құрып кетер,

Ал өз құлағымен естiгеннiң сөзi өтер.



29Азғын жан сондай батыл болып көрiнер,

Әдiл жан жүрер жолына көңiл бөлер.



30Ешбiр даналық, түсiнiк пен кеңес

Жаратқан Иеге қарсы келмес.



31Жауынгер шайқасқа атын дайындар,

Ал жеңiсi Жаратқаннан болар.



22

Iзгi атағың бағалы зор байлықтан

1Iзгi атағың бағалы зор байлықтан,

Жақсы абыройың құнды күмiс-алтыннан.



2Бай мен жарлының ортақ қасиетi:

Екеуiн де жаратқан Тәңiр Иесi.



3Зерделi жан қатер көрiп бас сауғалар,

Аңғал адам жүре берiп, зиян табар.



4Тәңiрдi терең қастерлейтiн кiшiпейiлдер

Байлық, абырой, шын өмiрге кенелер.



5Зымиянның жолы тiкен мен торға толған,

Өзiне сақ болған аулақ жүрсiн содан.



6Баланы жастан салсаң тура жолға,

Есейгенде ол содан таймайды да.



7Бай адам жарлыға үстемдiк құрар,

Қарыздар қарыз бергеннiң құлы болар.



8Зұлымдық сепкен пәленi орар,

Қаһарының сойылы сынып қалар.



9Жомарт жан жарлымен нанын бөлiсер,

Құдайдың жарылқауына кенелер.


10Қорлаушыны қусаң, жанжалдан арыларсың,

Ұрыс-керiс, балағаттан ада боларсың.



11Жүрек пәктiгiн жақтыратын,

Ұнамды сөздердi айтатын


Жанға патша да болар жақын.



12Жаратқан Ие бiлiмге қырағы болар,

Опасыздардың iстерiн Ол құлдыратар.



13«Далада арыстан бар,

Алаңда көзiмдi құртар»


Деп жалқау сылтау айтар.



14Азғын әйелдiң сөздерi — терең шыңырау,

Тәңiр жақтырмаған пенде соған құлар-ау.



15Баланың жүрегiнде надандық бар,

Тиянақты тәрбие содан арылтар.


16Баюы үшiн кедейге жәбiр көрсететiн

Әрi байға сыйлықтар бере беретiн


Адам болады кедейленетiн.


ОТЫЗ ТАҢДАУЛЫ НАҚЫЛ СӨЗ

17Даналардың айтқандарын құлақ түрiп тыңда,

Бермек тәлiмiме зейiнiңдi бағышта!



18Игi болар лайым оларды есiңде сақтасаң,

Әрi аузыңнан да ешбiр тастамасаң.



19Сенiмiң болсын деп Иемiзде

Осыны бүгiн үйретемiн дәл өзiңе.



20Саған ақыл-кеңес, тағылым беру үшiн

Мына отыз нақылды жазғанмын,


21Ақиқат, адал сөздер үйренуiң үшiн,

Өзiңдi жiбергенге дәл жауап беруiң үшiн:


1

22Жарлыны жарлы деп тонама,

Дау сотында бейшараны қыстама!



23Солардың мүдделерiн Жаратқан қорғайды,

Оларды тонағандардың өздерiн тонайды.


2

24Ызақормен дос болма,

Ашушаңмен байланыспа.



25Әйтпесе өзiң соған елiктейсiң,

Тұзаққа түсiп, күйреп кетесiң.


3

26Қол алысып, бөтеннiң қарызына

Кепiл болатындай ақылсыз болма!


27Болмағанда төлейтiн ақшаң

Төсегiңдi тартып алар астыңнан.


4

28Ата-бабаң салып кеткен межеңдi

Жасырын жылжытып, ұлғайтпа жерiңдi.


5

29Кездестiрсең бiреудi iсiне аса шебер,

Жай адамдарға емес, патшаларға қызмет етер.



23

6

1Әмiршiмен дастарқандас болған уақытыңда

Алдыңда кiмнiң барын есiңде ұста.



2Қомағай да ашқарақ болып жүрме,

Тамағыңа пышақ тақағандай тәбетiңдi бөге.



3Әмiршiнiң дәмдi тағамдарына болма құмар,

Мүмкiн, ол қу ниетпен ұсынған шығар.


7

4Бай боламын деп өзiңдi зорықтырма,

Даналық бар сондай ойдан бас тартқанда.



5Байлыққа көзiңдi салсаң, ол қанат бiтiп

Аспанға ұшқан бүркiттей лезде болар ғайып.


8

6Сараңның асын iшпе,

Дәмдi тағамдарын көксеме.



7Ол қара басының ғана қамын ойлайды,

«Iшiп-же» деп сенi қолпаштайды,


Бiрақ онысын шын жүректен айтпайды.



8Аз-кем жеген асыңды кейiн құсып тастарсың,

Зая кетер инабатты айтқандарың.


9

9Зая қылма ақымаққа сөздерiңдi,

Менсiнбейдi ол берген кеңесiңдi.


10

10Ежелгi меженi жасырын жылжытпа,

Жетiмнiң жерiне қолыңды сұқпа!



11Өйткенi оны Қорғаушы қуатты,

Мүддесiн қорғап саған қарсы тұрады.


11

12Санаңды тәлiмге бұр,

Құлағыңды нақылға түр.


12

13Баланы тәрбиесiз, бетiмен жiберме,

Жөнiмен жазаласаң ол өлмейдi де.



14Шектеу қойып, жөнге салсаң,

Ажалдан жанын аман сақтарсың.


13

15Балам, егер сен дана болсаң,

Жүрегiм қатты шаттанады бұған.



16Лайым ақиқат шықса аузыңнан,

Қуанышым қойныма сыймайды соған.


14

17Күнәкарларды еш күндеме,

Тәңiр Иенi әр күнi шын қастерле!



18Сонда болар жарқын келешегiң,

һәм үзiлмес сенiң күдерiң.


15

19Ақылды бол, балам, менi тыңда,

Жүрегiңдi тура жолға бағытта:



20Шарап iшiп, етке тоймас

Мешкейлерге қосылма!



21Мешкейлiк, маскүнемдiк жарлы қылар,

Ұйқышылдың киiмi тоз-тоз болар.


16

22Тыңда өзiңдi дүниеге келтiрген әкеңдi,

Менсiнбей жүрме қартайды деп шешеңдi.



23Шындықты тауып, оны ешқашан сатпа:

Ие бол даналық, тағылым мен парасатқа.



24Әдiлдiң әкесi қатты қуанады,

Дананың шешесi де шаттанады.



25Әкең сенiң лайым шаттансын,

Туған шешең қатты қуансын.


17

26Балам, жүрегiңдi Маған бағышта,

Риза бол өзiңдi жүргiзетiн жолдарыма!


27Себебi азғын әйел түпсiз шыңыраудай,

Өзгенiң әйелi шыға алмас тар құдықтай.



28Ол қарақшыдай торуылдап күтер,

Опасыз жандардың санын көбейтер.


18

29Кiмде пәле, қайғы, жанжал бар?

Кiмде шағым, қажет емес жара бар?


Кiмнiң көзi көредi бұлыңғыр?



30Мұның бәрi шарап iшiп,

Ұзақ отыратындарда болар,


Iшiмдiктердi араластырып,


Дәмiн тататындарда болар.



31Шараптың қалай қызарып,

Тостағанда құбыла жалтырап,


Бiр қалыпты жұмсақ жұтылғанына


Қызықтап қарайтын болма!



32Ақыр соңында жыландай шағып алар,

Денеңе сұр жыландай уын шашар.



33Көз алдыңа елестеп бөгде бейнелер,

Жүрегiңнен шығар жаман сөздер.



34Сонда ұқсарсың теңiздiң қақ ортасында,

Кеме дiңгегiнiң ұшар басында


Ұйықтап жатқан сорлы жанға.



35Былай дерсiң: «Ұрғанда ауырмады ешбiр жерiм,

Итергенде менi түк те сезбедiм,


Оянғанда тағы да iшiмдiктi iздеймiн».



24

19

1Зұлымдарды күндеме,

Қосылуды көксеме,



2Ойлары — зорлық ету,

Сөздерi — сұмдық iстеу.


20

3Даналықпен үй салынар,

Парасатпен берiк болар,



4Бiлгiрлiкпен үйдiң iшi

Әр түрлi әсем дүниеге толар.


21

5Дананың қуаты басым болар,

Бiлгiрдiң күшi нығайып толар.



6Соғысты ақыл-кеңеспен басқар,

Кеңесшiсi көп жеңiп шығар.

22

7Даналық тым жоғары ақымаққа,

Аузын ашпас даналар жиынында.

23

8Сұмдық жасауды жоспарлаған жан

Арам ниеттi деп аталған.



9Ақылсыздың арам ойы күнәкар,

Мазақшыл жан жұртқа жексұрын болар.


24

10Тап болған қиындыққа мойығаның —

Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!


25

11Ажалға айдалып бара жатқандарды қ?тқар,

Қырғынға теңселiп бара жатқандарды қайтар!



12«Бiздер бiлген жоқпыз» дейсiң бе?

Жүрек түкпiрiн сынайтын


Жаратқан шындықты бiлмей ме?


Лайым жаныңды бақылайтын


Тәңiр бiлмей қалар дейсiң бе?


Iсiне қарап әрбiр жанның


Қарымтасын Ол бередi де.


26

13Балам менiң, бал же, бойыңа ол нәрлi,

Балауыз ұясынан тамғанын же, таңдайыңа ол тәттi,



14Дәл солай даналық та жаныңа игiлiктi.

Оны тапсаң жарқын болар келешегiң,


Лайым үзiлмес те үмiтiң сенiң.


27

15Сұрқия, тосқауылдан көз салма

Әдiл жанның тұрағына,


Жайлы мекенiн ойрандама!



16Жетi рет жығылса да әдiл жан,

Қайта тұрып кетер орнынан,


Ал зұлым құрып кетер апаттан.


28

17Жығылса жауың қуанба,

Сүрiнсе ешбiр мәз болма!



18Әйтпесе Тәңiр наразы болар,

Жауыңа деген қаһарынан қайтар.


29

19Зұлымдарға ызаланба,

Арамзаларды қызғанба,



20Болашағы жоқ зұлымның,

Шырағы ерте өшер зымиянның.


30

21Балам, Жаратқанды шын қастерле,

Патшаңды да құрметте,


Бүлiкшiмен ешқашан бiрлеспе!



22Қосылсаң оған, бiрден пәлеге ұшырарсың,

Жаратқан мен патшаның үкiмдерiнiң


Кiм бiлер сенi неге бұйыратынын?


ЕЖЕЛГI ДАНАЛАРДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕР

23Даналар мына нақылдарды да қалдырған.

Адамды алалау сот iсiнде,


Бұл — өте әдiлетсiз нәрсе.



24Айыптыны «әдiл» деп ақтаған төренi

Сансыз халық қарғап, ұлттар жек көредi.



25Ал айыптыны әшкерелегендер

Мол игiлiк пен жарылқауға кенелер.



26Лайым адал жауап қайтарушы

Бетiңнен сүйген жанға ?қсайды.



27Алдымен сыртқы шаруаңды бiтiр,

Егiндiгiңдi дайындап, жөнге келтiр,


Содан соң барып, шаңырақ көтер,



28Жақыныңа жала жаппа,

Аузыңнан өтiрiк шығарма!



29Мынаны да айтушы болма:

«Ол не iстесе маған,


Мен де соны iстеймiн оған,


Iсiне қарап мен оның қарымтасын


Қалай да қайтаратын боламын!»



30Бiрде мен өттiм жалқаудың жерiнен,

Ақылы аздың жүзiмдiгiнен,



31Қарасам, бәрiн тiкен басыпты,

Iшiне қалақай қаптап кетiптi,

Қоршаған тас дуалы қирап қалыпты.



32Бұған қарап, ойға шомып қалдым,

Өзiм үшiн мынадай сабақ алдым:



33Бiраз ұйықтап, аздап мызғып отырсаң,

Аз-аздан қол қусырып жата берсең,



34Сонда қарақшыдай боп жоқшылық,

Қарулы тонаушыдай боп тапшылық


Жетiп келiп, саған бас салар.



25

Төзiмдiлiкпен билеушiнi сендiрер

1Бұлар да Сүлейменнiң нақыл сөздерi. Оларды жинақтағандар — Яһуда елiнiң патшасы Езекияның қызметкерлерi.

2Iстi құпиялау — Құдайдың даңқы,

Оны зерттеп ашу — патшаның даңқы.



3Аспанның заңғар, жердiң терең екенiндей,

Патшаның ой-ниетiн бiлмес ешкiм түгелдей.



4Күмiстi қорытып қоспадан аластатар,

Саф күмiстен зергер құнды ыдыс жасар,



5Дәл солай патшадан сұмдарды аластатыңдар,

Патшаның тағы сонда әдiлдiкпен нығаяр.



6Патша алдында асқақтама,

Ұлықтар орнына тұрып алма,



7Мырзаңның көз алдында ұялғанша,

Саған игi, «жоғары шық» деп шақырса.


Көргенiңдi сотқа айтуға асықпа,



8Қарсыласың жеңiп шықса соңында,

Қайтесiң өзiңдi масқара қылғанда?



9Көршiңмен мәселеңдi жеке талқыла,

Басқа адамның бiрақ сырын ашпа.



10Әйтпесе естiп қалған сенi балағаттар,

Масқараң өзiңде мәңгiлiк қалар.



11Орнымен айтылған сөз күмiс табаққа

Салынған алтын алмадай тамаша.



12Тыңдар құлаққа дананың әшкересi

Алтын сырға, саф алтын әшекей iспеттi.



13Жазғы орақ кезiндегi

Сергiткен қар секiлдi,


Иесiнiң жанын сергiтедi


Жiберген сенiмдi елшiсi.



14Бермес сый-тартуымен мақтанушы

Құрғақ жел Һәм жаумас бұлтқа ұқсайды.



15Төзiмдiлiкпен билеушiнi сендiрер,

Майда тiлмен қарсыласты көндiрер.


16Бал таба қалсаң

Же оны шамаңа қарап,


Артық жеп қойсаң


Жиренерсiң құсып тастап.



17Көршiңе тым жиi барып

Кетiрме қадiрiңдi,


Сенен мезi болып


Жек көрiп кетер өзiңдi.



18Өзгеге қарсы жалған куә болған —

Сойыл, семсер, үшкiр жебедей қауiптi жан.



19Опасызға үмiт арту апатты күнi,

Бұл — сынған тiс, сал болған аяқ iспеттi.



20Салқын күнi басқаның шапанын тартып алған,

Яки жарақатқа сiрке су құйған жан

Сияқты — қайғылыға көңiлдi өлең айтқан.


Жауың аш болса, тамақтандыр

21Жауың аш болса тамақтандыр,

Егер шөлдесе шөлiн қандыр!



22Мұныңмен сен басына оның

Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың,

һәм Тәңiр қайтарар саған қарымтасын.



23Солтүстiк самал жаңбыр жаудырар,

Жала жапқыш тiл ашулы кейiп туғызар.



24Ұрысқақ әйелмен бiр үйде тұрғанша,

Үй төбесiндегi күркеде тұрған артық оңаша.


25Алыс елден жеткен жақсы хабар

Шөлдегенге берiлген салқын кәусарға ұқсар.



26Арамзадан қорқып, көнген әдiл жан —

Бүлiнген құдық, бұлақтай лайланған.



27Балды тым көп жеу пайдалы емес,

Өз даңқы үшiн ұмтылу абырой бермес.



28Өзiне ие бола алмайтын жан

Қорғансыз қаладай, қамалы құлаған.



26

Ақымаққа қадiр жараспас

1Жаз кезiне қар жараспас,

Орақ кезiне жаңбыр жараспас,


Ақымаққа қадiр жараспас.



2Пыр еткен торғайдай,

Ұшып кеткен қарлығаштай,


Жөнсiз қарғыс адамға қонбас.



3Атқа — қамшы, есекке — ауыздық,

Қыңыр ақымаққа — қатаңдық.


4Ақымаққа ақымақша жауап қайтармассың,

Әйтпесе оған ұқсап шығарсың.



5Ақымаққа ақымақтығын әшкерелеп жауап қайтар,

Әйтпесе ол өзiн ақылдымын деп қалар.



6Ақымақпен хабар жiберген жан

Өз аяғын шапқандай басына пәле шақырған.



7Наданның аузындағы нақылдар

Сал адамның аяғындай ақсақ болар.



8Ақылсыз жанды құрметтеушi

Сақпанына тас байлаған iспеттi.



9Ақымақтың аузындағы дана нақылдар

Мастың қолындағы тiкендi бұтаққа ұқсар.



10Наданды не көрiнген жанды жалдаушылар

Беталды жарақат салатын садақшыға ұқсар.



11Төбет қайта оралар өзiнiң құсығына,

Қайталар өз ақымақтығын аңқау жан да.



12Өзiн данышпан деп санайтыннан гөрi

Ақымақтан жұрт көбiрек үмiт күтедi.



13«Жолда арыстан бар,

Алаңда арыстан жүр»


Деп жалқау сылтау айтар.



14Есiк топсасында айнала берер,

Ерiншек төсегiнде аунай берер.



15Жалқау қолын табаққа салар,

Ал аузына апаруға жалығар.



16Ойланып жауап берер жетеуден гөрi

Жалқау тым дана санайды өзiн-өзi.


Өсек таусылса дау өшер

17Жолшыбай өзгенiң жанжалына араласқан

Ұқсайды жанға иттiң құлағынан тартқан.



18Отты садақ атып, өлiм себетiн есуас:

19Жақынын алдап, «қалжыңдадым» дейтiнге ұқсас.

20Отын таусылса от өшер,

Өсек таусылса дау өшер.



21Көмiр қызу берер, отын отта жанар,

Ал ұрысқақ жан дау-жанжал туғызар.



22Өсекшiнiң сөзi сондай дәмдi,

Iшiңе кiрiп, баурайды жан дүниеңдi.



23Зұлым жүрек пен жалынды тiл

Қыш ыдыстай тек сырты жылтыр.



24Кектi адам сөзiмен ойын жасырар,

Ал жүрегiндегi ниетi арам қалар.



25Қанша майда сөйлесе де сенбегiн,

Жетi сұмдық толтырып тұр жүрегiн,



26Қулықпен жасырса да өшпендiгiн,

Жиында болар әшкереленетiн.



27Ор қазған қаскүнем орына өзi құлар,

Өрге домалатқан тасы өзiн басар.



28Жалған тiл жәбiрлегендерiн жек көрер,

Жағымпаз ауыз өзгенi құртуды көздер.



27

Басқа сенi мақтасын, өз аузың емес

1Мақтанба ертеңгi күнiңмен,

Сол күннiң не әкелерiн бiлмейсiң сен.



2Басқа сенi мақтасын, өз аузың емес,

Басқаның сөзi, өз тiлiң емес.



3Тас салмақты, құм да ауыр,

Ақымақтың жәбiрi екеуiнен де ауыр.



4Ашу қатал, қаһар тасқындай басар,

Ал қызғаныштың күшiне кiм қарсы тұра алар?



5Сүйiспеншiлiктi жасырғаннан гөрi

Ашық ескерту жасаған игi.



6Досыңның сөгуi шынайы,

Дұшпаныңның сүюi алдамшы.



7Тойынған балдан да бас тартар,

Ашыққанға ащы ас та балдай болар.



8Ата жұрттан безiп кеткен

Құсқа ұқсас ұясын тастап кеткен.



9Жұпар мен иiсмай жүректi қуантар,

Адал кеңесiмен дос ұнамды болар.



10Қол үзбе өз досыңнан,

Әкеңнiң де досынан.


Басыңа күн туғанда


Ағайынның үйiне барма.


Iргедегi көршiң артық


Алыстағы ағайыннан.



11Балам, парасатты бол — менi қуантасың,

Сонда өзiмдi қорлағандарға жауап бере аламын.



12Зерделi жан қатер көрiп бас сауғалар,

Аңғал адам жүре берiп жаза тартар.



13Бөгдеге бiреу кепiл болар,

Сонда оның шапанын шешiп алыңдар,


Бөгде әйелдiң қарызына кепiлдiк болар.


14Азанда көршiсiне айқайлап бата сұраған

Туралы ойлайды жұрт «көршiсiн қарғап жатқан».



15Жаңбырлы күнi тоқтаусыз тамшылайды,

Ұрысқақ әйел де тыным тапқызбайды.



16Оны тыю ұқсайды желдi тыйғанға

Я майлы қолмен бiр затты ұстағанға.



17Темiр темiрдi қайрайды,

Адам адамды қайрайды.



18Ағашты күткен жемiсiн жер,

Қожасын күткен сыйын көрер.



19Адам суға қарап өзiнiң бет-жүзiн көрер,

Жүрегiне қарап өзiнiң кiм екенiн бiлер.



20Ажал мен тозақ тойымсыз,

Адамның көзi де тойымсыз.



21Күмiстi қорытып, алтынды көрiкте сынар,

Адам баласы мақталғанда сыналар.



22Ақымақты бидайдай келiде түйсе де,

Ақымақтығынан арылта алмас ешкiм де.


Малшылықтың артықшылығы

23Отарларыңның күйiн жақсы бақыла,

Табындарыңа да мұқият қара.



24Себебi байлық мәңгiлiк емес,

Билiк те ұрпақтан ұрпаққа берiлмес.


25Шөп шабылып, орнына көк шөп шығар,

Жұрт тау шөбiн де жинап алар,



26Сонда киiмiң үшiн қойыңнан жүн қырқарсың.

Серкелерiңнiң бағасына жер сатып аларсың.



27Өзiңе, отбасыңа ешкi сүтi мол болар,

Қызметшiлерiң үшiн де жеткiлiктi болар.



28

Ел заңнан безсе басшылары көп болар

1Ешкiм қумаса да қылмыскер қуыстанар,

Ал әдiл жан арыстандай батыл болар.



2Ел заңнан безсе басшылары көп болар,

Бiлгiр, дана билеушiмен елде тәртiп сақталар.



3Бейшараларды қанайтын кедей жан —

Егiндi шайған жауындай елге зиян.



4Заңнан безгендер зұлымдарды мақтар,

Заңды ұстанғандар оларға қарсы шығар.



5Зұлым жан әдiлдiктi ұқпас,

Тәңiрге бет бұрған толықтай ұғар.



6Бұрыс жүрген байдан гөрi

Адал жүрген жарлы жақсы.



7Заңды ұстанған — зерделi бала,

Ал ысырапшылдарға қосылса,


Әкесiн қалдырар ұятқа.



8Тойымсыз өсiмқор жиған байлығынан айырылар,

Соңында байлығы кедейдi аяғанға бұйырар.


9Заңға құлақ аспайтынның

Мiнажаты да Құдайға жексұрын.



10Әдiлдi адастырған терiс жолға

Өз торына өзi түсер жан,


Ие болар ақырында жақсылыққа


Кiнәратсыз, адал жан.



11Бай адам өзiн данышпан санар,

Зерделi кедей оның шындығын ашар.



12Әдiлдер жеңiп шықса, елдiң ұлылығы асар,

Зұлымдар үстемдiк етсе, жұрт бас сауғалар.



13Күнәларын жасырған жан өркендемейдi,

Оларын мойындап, бас тартқан рақым көредi.



14Жаратқанды лайым қастерлейтiн жарылқанар,

Ал жүрегiн қасарыстырған пәлеге ұшырар.



15Бейшара халыққа билiк құрса арамза,

Ұқсайды ақырған арыстан, я бас салған аюға.



16Зердесiз билеушi халқын езгiге салар,

Арам пайданы жек көрген ұзақ билiк құрар.



17Кiсi өлтiрген күнәкар

Өле-өлгенше қашқын болар,


Болмасын ешкiм оны қорғар!



18Мiнсiз жүрген жан пәледен аман болар,

Бұрыс жолмен жүрген бiрден құлап қалар.


19Жер өңдегеннiң тамағы мол,

Құр қиял қуғанның жоқшылығы мол.



20Адал жан молынан жарылқанар,

Баюға асыққан жазасын тартар.



21Адамдарды алалау ешқандай дұрыс емес,

Кейбiреу бiр үзiм нан үшiн қылмыстан шегiнбес.



22Ашкөз адам баюға асықса да,

Жоқшылыққа ұшырарын аңғармайды.



23Жағымпаздан гөрi ескертушi

Соңында көбiрек көрер құрметтi.



24«Күнә емес» деп ата-анасынан ұрлаушы —

Қарақшылардың нағыз сыбайласы.



25Тәкаппарлық дау-жанжал туғызар,

Тәңiрге сенушi өркендейтiн болар.



26Өзiне ғана сенген аңғал болар,

Даналықпен жүрген аман сақталар.


27Мүсәпiрдi аяған жоқшылыққа тап болмас,

Ал оған көзiн жұмған қарғыстан бас алмас.



28Зұлымдар үстемдiк етсе, жұрт бас сауғалар,

Зұлымдар құлап түссе, әдiлдер саны молаяр.



29


1Ескертудi тыңдамай, қасарысқан жан

Кенеттен күйреп, оңалмас содан.



2Әдiлдер саны молайса халық қуанар,

Зұлымдар билiк құрса халық ыңқылдар.



3Даналықты сүйген жан әкесiн қуантар,

Азғын әйелмен байланысқан байлығын шашар.



4Патша әдiлдiкпен елiн нығайтар,

Парақұмар болса елiн құлдыратар.



5Досына жағымпазданған

Оның аяғына тор құрған.



6Зұлым күнәсымен өзiне тор құрар,

Әдiл қуанып, көңiлдi ән салар.



7Әдiл жан жарлының құқығын ойлар,

Зұлым соны бiлуден бас тартар.



8Мазақшылдар қаланы даурықтырар,

Даналар ашу-ызаны басар.



9Дана жан ақымақпен соттасса,

Ақымақ елiрiп не күлiп, бермес маза.



10Қанқұмарлар мiнсiздi жек көредi,

Ал әдiлдер мiнсiздiң игiлiгiн көздейдi.



11Аңғал бар ашуын төгер,

Дана өзiн-өзi билер.



12Әмiршi өтiрiкке құлақ түрсе егер,

Бар нөкерi арамза боп шыға келер.



13Кедей мен қанаушыға ортақ нәрсе:

Екеуiне де көз нұрын сыйлаған Тәңiр Ие.



14Кедейлерге әдiл үкiм шығарар

Патшаның тағы мәңгiге нығаяр.



15Тиянақты тәрбие мен ескерту

Баланы ақылды қылар,


Бетiмен жiберiлген бала


Анасын ұятқа қалдырар.



16Зұлымдар көбейсе заңсыздық көбейер,

Кейiн әдiлдер олардың күйреуiн көрер.



17Балаңа жақсылап тәлiм-тәрбие бер,

Жаныңды ол тыншытып, шаттыққа кенелтер.



18Құдайдың хабарын алмаса халық бетiмен кетер,

Ал Оның заңын ұстанғандар бақытқа кенелер.


19Жай сөзбен құлды тәрбиелеуге болмас,

Айтқанды ұқса да ол, iске асырмас.



20Ағат сөйлейтiн адамды көрсең,

Аңғалдан үмiт көбiрек күтерсiң.



21Жасынан еркелеткен құлың

Кейiннен болармын дер ұлың.


22Ашулы жан дау-жанжал туғызар,

Қызба жан көптеген күнә жасар.



23Менмендiк адамның мерейiн түсiрер,

Кiшiпейiлдiк оны құрметке жеткiзер.



24Қарақшымен сыбайлас өз жанына қас,

Ол қарғанып ант беруге болар тиiс,


Ал шын куәлiк беруге батылы жетпес.



25Пендеден қорқу тұзақ құрар,

Жаратқанға сенген қауiпсiз болар.



26Көп адам әмiршiнiң ықыласын iздер,

Ал әдiлет адамға Тәңiрден келер.



27Әдiлдерге азғын адам жексұрын,

Зұлымдарға адал жүрген жексұрын.



30

ЖӘКЕ ҰЛЫ АҒҰРДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕР ЖИНАҒЫ

1Мынау Жәке ұлы Ағұрдың сөздерi: Осы адамның Iтиелге, Iтиел мен Ұқалға бiлдiрген Құдай Рухының хабары.

2Адамдардың бiлiмсiзi шынында менмiн,

Адамға тән түсiнiгiм де жоқ менiң.



3Даналықты оқып-үйренген емеспiн,

Киелi Құдайды жақыннан таныған емеспiн.


4Кiм аспанға көтерiлген?

Кiм қайтадан жерге түскен?


Кiм желдi уысында ұстай алар?


Кiм мұхитты шапанымен орап қояр?


Кiм жердiң шегiн орнатқан?


Өзi мен Ұлының аты кiм?


Бiлсең соны айтып бершi Маған.



5Құдайдың барлық сөздерi пәк таза,

Ол қалқандай Өзiн паналайтындарға.



6Оның сөздерiне еш нәрсе қоспа,

Әйтпесе Ол саған ескертiп ұрсар,


Өтiрiгiң ашылып жария болар.



7Уа, Ием, сұраймын Сенен екi-ақ нәрсе,

Көзiм жұмылғанша соларды аямашы:



8Өтiрiк пен жалғанды менен алшақтатшы,

Кедейлiк те, байлық та маған бұйырмашы,


Тек бере гөр күнделiктi нанымды.



9Себебi байып кетiп, «Жаратқан кiм?»

Деп Сенен бас тартып кетпейiн,


Жарлы болып, ұрлық жасап та жүрмейiн,


Осылайша киелi атыңа кiр келтiрмейiн.



10Жамандама қожайынына қызметшiсiн,

Әйтпесе қызметшi сенi қарғап, зиянын шегерсiң.



11Бiр ұрпақ бар, әкесiн қарғайды,

Шешесiне де алғыс айтпайды,



12Олар арамдығынан жуынып тазармайды,

Алайда өздерiн пәк таза санайды.



13Көздерi сондай асқақ, тәкаппар,

Кiрпiктерiн жоғары көтередi олар.



14Осы ұрпақтың тiстерi өткiр қанжардай,

Олардың жақтары өткiр пышақтай,


Жарлыны жер бетiнен жалмап құртар,


Мұқтажды адамзат арасынан аластатар.



15Сүлiктiң «Бер маған! Бершi!»

Деген екi қызы бар.

Мына үшеу тойым бiлмес,


Мына төртеу ешқашан «жетер» демес:



16Қабiрдiң қара топырағы,

Әйелдiң бедеу құрсағы,


Суға қанбас шөлейт жер,


«Жетер» демес ашкөз өрт.



17Әкесiн мазақтап келекелеген,

Шешесiн тыңдамай менсiнбеген


Жанның көзiн шоқыр сайдағы қарғалар,


Әрi жеп қояр құзғындар.



18Таңғалдырар менi үш, тiптi төрт нәрсе бар,

Шамам жоқ менiң оларды ұғына алар:



19Аспанда самғар қыранның жолы,

Жартаста жылжыған жыланның жолы,


Теңiзде жүзген кеменiң жолы,


Қыз жүрегiнiң кiлтiн тапқан жiгiттiң жолы.



20Азғын әйел жолы да таңдандырар:

Ол iшiп-жеп, аузын сүртер,


«Еш жамандық iстемедiм» дер.



21Мына үшеуден солқылдар жер,

Төртеуiне де төзе алмас жер:



22Құл патша болса,

Ақымақ асқа тойса,



23Жағымсыз қыз күйеуге шықса,

Ханымның орнын күңi басса.



24Мына төртеу жердегi кiшкенесi,

Алайда олар даналардың данасы:



25Құмырсқа қауымы зор күштен ада,

Ал қысқы азығын жинайды жазда.



26Әлсiздiң бiрi — тау тышқаны,

Ал iнiн ол жартасқа салады.



27Шегiрткеде болмайды патша,

Алайда сап түзеп, аттанады жұмыла.



28Кесiрткенi қолмен де ұстап алады,

Бiрақ ол патша сарайынан да табылады.



29Қадамын нық басады мына үшеу,

Айбынды қозғалады мына төртеу:



30Хайуандар арасындағы батыры — арыстан,

Еш нәрседен қаймығып шегiнбес жолынан.



31Ерттелген түлпар не қой бастар серке,

Әскерiн жинап аттанған патша.



32Егер асқақтанып ақымақ болсаң,

Не басқаға жамандық ойлап тұрсаң,


Ұялып жап аузыңды қолыңменен,



33Себебi қаймақты былғасаң май алғандай,

Мұрнын бұзсаң бiреудiң қан шыққандай,


Ашу қоздырсаң жанжал туар осылай.



31

ЛЕМУЕЛ ПАТШАНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕР

1Лемуел патшаның сөздерi, шешесiнiң оған айтқан нақылдары:

2Уа, балам менiң, құрсағымнан шыққан ұлым менiң,

Уәде берiп, Құдайдан сұрап алған балам менiң!


3Ысырап қылма әйелдерге күшiңдi,

Шашыратпа оларға қуатыңды,


Тағынан тайдырды олар талай патшаларды.



4Уа, Лемуел,

Патшаларға шарап iшу жарамас,


Әмiршiлерге iшiмдiк аңсау жараспас.


5Ал iшетiн болса, заң ережесiн ұмытар,

Қаналғандардың құқығын терiске бұрмалар.



6Өлiмшiге iшiмдiк берiлер,

Қиналғанға шарап берiлер,



7Iшiп алып, мүшкiл халiн ұмытсын,

Қайғы-қасiретiн ендi еске алмасын.



8Ал сен, өзi үшiн үндей алмайтындардың

Сөзiн сөйлеп, iсiн қорға байғұстардың.



9Анық сөйлеп, әдiл үкiм шығаршы,

Жарлы мен мұқтаждың мүддесiн қорғашы!


ЖАЗБАНЫҢ СОҢЫНДАҒЫ МАҚТАУ ЖЫРЫ

Жақсы әйел — даналықтың үлгiсi

10Еңбекқор, жақсы әйелдi кiм таба алар?

Ол iнжу-маржаннан да бағалы болар!


11Күйеуi оған толықтай сенiм артады,

Ешбiр игiлiктен ада қалмайды.



12Өмiр бойы оның күйеуiне жасары

Жамандық емес, жақсылық қана болады.



13Әйел жүн мен зығырды таңдап алады,

Қол жұмысын да ынта-жiгермен жасайды.



14Жер шарлаған саудагер кемесi секiлдi

Алыстан азық-түлiгiн әкеледi.



15Төсегiнен тұрып таң атпай ерте,

Тамағын үлестiрiп үй iшiне,


Тапсырады жұмысын қызметшiлерiне.



16Жер танабын қарап, ойланып, сатып алады,

Еңбегiнiң түсiмiнен жүзiм отырғызады,



17Белiн бекем буып, қайратпен iс қылады.

18Ұғады ол iсiнiң өнiмдi боларын,

Көпке дейiн түнде сөндiрмейдi шырағын.



19Саусағымен созғылап қолындағы жүнiн,

Дем алмастан иiредi ұршығын.



20Қолы жомарт әрдайым жарлыларға,

Құшағы ашық бейшара мұқтаждарға.



21Қар жауып, үй iшiм тоңар деп қамықпайды,

Бәрi де қос-қостан киiмдерiн киедi.


22Әсемдеп тоқиды төсек жабынын,

Бәтес, қызыл жүннен тiгедi киiмiн.


23Күйеуiнiң атағы кең жайылады,

Елдiң ақсақалдарымен кеңес құрады.



24Бәтестен әйел жапқыш тiгiп, сатады,

Белбеумен де саудагердi қамтиды.



25Осылай ол бөленедi күш пен салтанатқа,

Шаттықпен қарайды жарқын болашаққа.



26Аузынан шыққан сөзi — нағыз даналық,

Берген тәлiмi — мейiрiмдi жақсылық.



27Үй шаруасын мұқият бақылайды,

Нанын бекер жеп, еш масыл болмайды.



28Балалары тұрып, оны дәрiптейдi,

Күйеуi де былай деп құрметтейдi:



29«Көп әйел заты еңбекқор, жақсы екен,

Бiрақ бәрiнен де асып түстiң сен!»



30Әсемдiк өткiншi, алдамшы сұлулық та,

Тәңiрдi қастерлейтiн әйел лайық мадаққа.



31Берiңдер оған еңбегiнiң зейнетiн,

Iстерi үшiн ол жұрт алдында дәрiптелсiн!