0


Жазбалар туралы мәлiмет

Забур жырлары жазбаларында ежелгi заманнан жеткен, рухани күш-қуаты керемет мадақтау жырлары, мiнажаттар және тәлiм сөздерi сақталған. Оларды бiздiң жыл санауымыздан 1000 жыл бұрын өмiр сүрген, Құдайдың Киелi Рухы дарыған Дәуiт пайғамбар және басқа да қасиеттi адамдар шығарған. Бұлар жаратылыстағы кереметтерге, Құдай Тағаланың сүйiспеншiлiгi мен қамқорлығына таң-тамаша болып, ерен ұлылығы, шексiз рақымы мен жарылқауы үшiн Жаратқан Иеге шын жүректен шүкiрлiк пен мақтау айтты. Сондай-ақ, өздерiнiң мұқтаждықтары мен қайғы-қасiреттерiн және жауларының зорлық-зомбылығына деген наразылықтарын бiлдiрiп отырды.

Түпнұсқа мәтiндердi жазғандар Құдай Рухының жетелеуiмен сол ел мәдениетiндегi шешендiк өнердiң түрлi тәсiлдерiн ұтымды қолданып өздерiнiң ой-пiкiрлерi мен арман-тiлектерiн, қуаныштары мен қорқыныштарын барынша келiстi етiп бейнеледi. Мысалы, қайталау әдiсiнде екi жолда бiр ой-пiкiр өзара ұқсас сөздермен суреттеледi. Берiлген ойдың мағынасын тереңдетiп, кеңейту үшiн екiншi жол бiрiншi жолдың аздап қана өзгерген түрi болып келедi. Сонымен қатар ақындар көптеген салыстырулар, ауыспалы сөз тiркестерi мен басқа да шешендiк әдiстерiн үлкен шеберлiкпен пайдаланған.

Осы аудармада түпнұсқа мәтiндерiнiң өнерлiк күшiн мүмкiндiгiнше айқын беру көзделдi. Сонымен қатар түпнұсқа мазмұнын да барынша ұқыпты сақтап, оны бүгiнгi оқырмандарға анық та түсiнiктi етiп жеткiзу қажет болды.

Түпнұсқадағы жүз елу Забур жыры ежелде бес жазбада жинақталған. Жырлардың көбiнде сөздерiн жазғандардың аты-жөнi берiлген. Кейбiр жырлардың кiрiспесiнде Дәуiт пайғамбардың басынан өткен оқиғаларға сiлтеме жасалған. Басқа кейбiреулерi патшаның таққа отыру рәсiмiнде немесе өзге де белгiлi оқиға кездерiнде айтылатын.

Кейiнiрек Иемiз Иса және Оның елшiлерi Забур жырларынан үзiндi келтiрiп, қолданып жүрдi. Иемiздiң жолымен жүрген қауымдар бұл жырларды ерте кезден бастап-ақ Құдайға сиынып, Оған ғибадат еткенде айтып, қуаныш пен жұбаныш тауып, қуат алып келедi.

1

Бiрiншi жазба

Беташар жыр

1Құдайсыздар кеңесiне бармайтын,

Күнәкарлар жолыменен жүрмейтiн,


Мазақтаушылармен бiрге отырмайтын,


2Қайта, Жаратқанның заңына қуанатын,

Күнi-түнi сол туралы ойланатын


Қандай бақытты әрбiр жан!



3Ол мерзiмiнде жемiсiн беретiн,

Жапырақтары еш кеуiп сембейтiн,


Су жағасындағы ағашқа ұқсайды:


Не iстесе де, табыссыз қалмайды.



4Ал құдайсыздарда бұлай болмайды:

Олар жел ұшырған қабыққа ұқсайды,



5Құдай сотында ақтала алмайды,

Әдiлдер қауымында орны болмайды.



6Әдiлдiң қамын Жаратқан ойлайды,

Ал құдайсыздың iзi де қалмайды.


Аумин.



2

1Неге халықтар жатыр бас көтерiп,

Ұлттар iске аспайтын жоспар құрып?



2Тәңiр мен Оның қойған патшасына

Әлемнiң патшалары қарсы тұрып,


Әкiмдер кеңесiп жатыр былай деп:



3«Бiзге салған шынжырларын сындырып,

Бұғауларынан құтылайық лақтырып!»



4Көкте тағында отырған Тәңiр күледi,

Ойларын Жаратқан жай келекелейдi.



5Содан ашулана зекiп, тiл қатады,

Қаһар шашып, зәрелерiн ұшырады:



6«Өзiм Киелi тауым Сионда

Тағайындағанмын осы патшамды!»



7Жар салайын Жаратқанның жарлығын:

«Рухани ұлымсың, — дедi Ол маған.


— (Өзiңдi патшалыққа тағайындап)


Мен бүгiнгi күн Әке болдым саған.


8Менен сұра, иелiгiңе сенiң

Халықтарды мәңгiлiкке беремiн.


Шартарапты қол астыңа өткiземiн.



9Сен оларға қатаң билiк жүргiзесiң,

Құмыраны лақтырып сындырғандай,


Қиқарлықтарын тас-талқан етесiң».



10Ендi, патшалар, ақылға келiңдер,

Әлемнiң билерi, шындықты ұғыңдар!



11Жаратқан Иенi терең қастерлеңдер,

Қуана қызмет етiп бой ұрыңдар,


һәм қалтырап, күнәдан шошыныңдар!



12Ұлының аяғын сүйiп бағыныңдар!

Әйтпесе Ол кәрленiп, көздерiңдi құртпақ,


Ашуы лезде жалындай лауламақ,


Ал Оған сенгендер бақытты болмақ!


Аумин.



3

Қуғындалған адамның Құдайға сиынуы


1(Өз ұлы Абесаломнан қашып жүрген кезiнде Дәуiттiң Құдайға арнаған жыры.)

2Уа, Ием, жауларым сонша көбейдi,

Көп кiсi маған қарсы көтерiлдi,



3Жұрт: «Мынаны Құдай құтқармайды» деп,

Жан дүниемдi қатты күйзелтедi.



4Ал, Тәңiр, алдымдағы қалқаным Сенсiң,

Даңққа бөлеп, беделiмдi көтересiң.



5Жаратқанға дауыстап жалынамын,

Ол жауап бередi киелi тауынан.


6Орныма жатып, бейқам ұйықтаймын,

Содан оянып, тұрамын қайтадан,


Себебi менi қорғайды Жаратқан!



7Мен қорықпаймын өзiме жан-жақтан

Қарсы шыққан мыңдаған жауларымнан.



8Тәңiр, көтерiлiп қарсы тұра гөр,

Құдай Ием, менi құтқара гөр!


Сен жағынан ұрып күллi жауларымды,


Күшiнен айырасың сол зұлымдарды.


9Уа, Жаратқан, Құтқарушымыз Сенсiң,

Батаңды төге гөр халқыңа Өзiңнiң!


Аумин.



4

Жәбiрленген адамның кешкi мiнажаты әрi Құдай берген жан тыныштығы


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, iшектi аспаптардың сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)



2Уа, Құдай, менi ақтаушы Өзiңсiң,

Сиынғанымда Сен құлақ сала гөр!


Менi қысымшылықтан азат еттiң,


Қазiр де рақыммен құлақ түре гөр!



3Әй, пенделер, сендер абыройымды

Қашанғы қорлап төге бермексiңдер?


Жақсы көрiп құр сөз бен бос iстердi,


Қашанғы өтiрiкке ермексiңдер?



4Бiлiңдер: әдiлдi таңдады Тәңiрiм,

Жалбарынсам, құлақ асады Ием.




5Ашуланғанда күнә жасамаңдар,

Төсекте ойланып-толғаныңдар,


Жүрек түкпiрiн тексерiп, тынығыңдар!



6Тәңiрге лайық сый-тарту арнаңдар,

Оған сенiм артып, мойынсұныңдар!



7«Кiм бiзге жақсылық жасар?» деп сұрап,

Күдiктер келтiредi көп кiсiлер.


Уа, Жаратқан, жылы шыраймен қарап,


Бет-жүзiңнiң нұрын бiзге төге гөр!



8Молайса нан менен жүзiм шырыны,

Саған сенбейтiндер масаттанады.


Менiң жүрегiмдi Өзiң қуанттың,


Әлдеқайда зор шаттыққа кенелттiң!



9Уа, Жаратқан, мен төсегiме жатып

Ұйықтаймын ендi қаннен-қаперсiз,


Өйткенi Өзiң маған бердiң сыйлап


Тыныш өмiрдi еш қауiп-қатерсiз!


Аумин.



5

Таңғы кезде Жаратқан Иеден зұлымдардан қорғауын сұрау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, сыбызғылардың сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Жаратқан Ием, сөзiме құлақ түре гөр,

Қасiреттi ойларыма көңiл бөле гөр,



3Құлақ сала гөр дауысыма зар жылаған,

Уа, Патшам, Құдайым менiң, сиынамын Саған.



4Уа, Тәңiрiм, таң ата естисiң дауысымды,

Азанда алдыңа келiп, күтемiн жауабыңды.



5Себебi Сен, Құдайым, зұлымдықты құптамайсың,

Жамандық атаулыны қасыңа жолатпайсың.



6Мақтаншақтар тұра алмас көз алдыңда Сенiң,

Заңсыздық iстейтiндердiң бәрiн жек көресiң.



7Өтiрiк айтқандардың көзiн құртып жiбересiң,

Уа, Ием, қанiшер, опасыз жаннан жиренесiң.



8Ал мен мол рақымыңның арқасында

Өзiңнiң киелi үйiңе кiремiн,


Қасиеттi ғибадатханаңның алдында


Өзiңдi терең қастерлеп бас иемiн.



9Ием, менi Өзiңнiң тура жолыңмен

Жауларыма бола бастап алып жүршi,


Жолыңды Өзiң маған белгiлеген


Алдымнан анықтап, тегiстеп бершi.



10Себебi солардың сөздерiнде жоқ шындық,

Жүректерiнде ағыл-тегiл зұлымдық,


Арандары олардың көрдей ашық,


Майда тiлдерiмен айтады жалғандық.



11Уа, Құдайым, үкiмдерiн шығаршы,

Тұзақтарына өздерiн түсiршi,


Мол күнәлары үшiн қуып шықшы,


Өйткенi олар Саған қарсы шықты.



12Өзiңе үмiт артқандар қуансын,

Лайым шаттана мадақтап ән айтсын,


Олардың бәрiн Сен қолдап-қорғайсың,


Өзiңдi сүйгендер Сенi мақтан тұтсын.



13Ием, Сен әдiлдердi жарылқайсың,

Рақымыңмен қалқандай болып қоршайсың.



6

Құдайдың қолдауын сұраған бейшараның мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, сегiз iшектi жетiгеннiң сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Ием, маған ызаланып сөге көрме,

Қаһарланып менi жазалай көрме.



3Әлсiзбiн, о, Ием, рақымды бола гөр,

Дiрiлдеген денемдi сауықтыра гөр.



4Жаным қатты күйзеле арпалысады,

Жол бересiң, уа, Ием, бұған қашанғы?



5Я, Ием, қайтып, жанымды құтқара гөр,

Берiк рақымыңмен аман сақтай гөр.



6Өлгендер Сенi естерiне алмайды,

Көрдегiлер Сенi мадақтамайды.



7Күрсiне ыңқылдап шаршап келемiн,

Түнi бойы зар еңiреп жылаймын,


Төсегiмдi көз жасыммен дымқылдаймын.



8Осы қайғымнан көзiм iсiп келедi,

Көп жауыма бола әбден әлсiредi.



9Аулақ менен, бар зұлымдық жасайтындар!

Ием құлақ түрдi жылаған даусыма.



10Жалынышымды естiдi Тәңiр Ием,

Дұғамды қабылдайды Жаратқаным.



11Бар жауым масқара болып, үрейленсiн,

Кенет керi қайтып, қара бет болсын.



7

Құдайдан жерде әдiлдiк орнатуын сұраған мiнажат


1(Бунямин руынан шыққан Құштың қылығы туралы Дәуiттiң Жаратқан Иеге айтқан әнi. Екпiндi әуенмен айтылады.)

2Уа, Құдай Ием, Сенен пана табам,

Арашалай гөр менi қуғыншыларымнан.



3Құтқарушым жоқ, жау менi быт-шыт қылады,

Арыстандай паршалап, дал-дұлымды шығарады.



4Уа, Құдай Ием, мен күнә iстеген болсам,

Егер қолыммен қылмыс жасаған болсам,



5Бейбiт жолдасыма сатқындық жасаған,

Не дұшпанымды себепсiз тонаған болсам,



6Онда жаулар менi қуып, ұстап алсын,

Жанымды аяғымен жерге таптасын,


Абыройымды топыраққа былғасын.



7Уа, Жаратқан, қаһарлана көтерiле гөр,

Жауларымның долдануына қарсы шыға гөр,


Өзiң бұйырғандай әдiлдiк орната гөр,


Мен үшiн ендеше әрекеттене гөр.


8Жиналып тұрсын халықтар айналаңа,

Қайтадан билiк құршы биiктен оларға.


9Уа, Жаратқан Ие, Сен халықтарды соттайсың,

Менi ақташы, Хақ Тағала, әдiл де адалмын.



10Әдiл Құдайым, жан дүниемiздi ((ой-ниетiмiздi)) сынайсың,

Зұлымдардың сұмдығын ендi доғарта гөр,


Ал әдiлдердi күшейтiп, нығайта гөр.



11Құдай Тағала менi қалқандай қорғайды,

Жүрегi адалдарды аман сақтайды,



12Құдай мәңгi әдiл соттаушы болады,

Тәңiр күнде зұлымдарға ашуланады.



13Егер адам бас тартпаса күнәсiнен,

Онда Құдай қайрайды өткiр семсерiн,


Керiп, кезенiп дайындайды садағын,



14Отқа қыздырады үшкiр жебелерiн,

Сөйтiп даярлайды өлтiргiш қаруларын.



15Мiне, арамза адам зұлымдық ойлайды,

Пәленi жан дүниесiнде сақтайды,


Содан өтiрiктерi туындайды.



16Ор қазып, оны тереңдетiп дайындайды,

Алайда сол тұзағына өзi құлайды.



17Осылай зұлымдығы өз басына келедi,

Жауыздығы өз төбесiне түседi.



18Жаратқанның әдiлдiгiн мадақтаймын,

Тәңiр Тағаланың есiмiн жырлаймын.



8

Жаратқан Иенi мадақтау жыры


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, ғаттық жетiгеннiң сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Жаратқан Тәңiр, Иемiз бiздiң,

Бүкiл дүниеде есiмiң Сенiң


Бәрiнен де даңқты, неткен айбынды!


Көктен биiк мерейiңдi өсiрдiң.



3Балалардың, тiптi бүлдiршiндердiң

Аузымен Өзiңдi дәрiптетесiң.


Дұшпандарыңа бола солай iстеп,


Қас жауыңды, кекшiлдi үндетпейсiң.



4Сенiң қолыңнан шыққан аспаныңа,

Өзiң орнатқан ай мен жұлдыздарға


Назар аударған әрбiр уақытымда


Мынадай сұрақтар туады ойымда:



5Өзiң ескеретiндей адам сонша кiм,

Сен қамқорлайтындай адам баласы кiм?



6Оны көктегiлерден сәл төмен қойдың,

Даңқ пен құрметтi оған тәждей сыйладың.



7Қолыңнан шыққан бар жаратылысқа

Сен адам баласын билеушi еттiң,


Бәрiн де оған бағындырып бердiң:


8Күллi iрiлi-ұсақты малды да,

Даладағы жабайы аңдарды да,



9Самсаған құс пен судағы балықты,

Теңiз ағыстарымен жүзгендердi


Табыстадың Сен оның қол астына.



10Уа, Жаратқан Тәңiр, Иемiз бiздiң,

Бүкiл дүниеде есiмiң Сенiң


Бәрiнен де даңқты, неткен айбынды!


Аумин.



9

Зұлым жаумен күрескен адамның мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Ұлдың қазасы» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Жаратқан, шын жүректен Сенi мадақтаймын,

Жасаған бар кереметтерiңдi баяндаймын.



3Лайым Саған қуанып шаттық әнiн шырқаймын,

Уа, Хақ Тағала, есiмiңдi Сенiң жырлаймын.



4Жауларым шегiнiп, керi қарай бұрылады,

Алдыңда сүрiнiп құлап, ойран да болады.



5Себебi дауымда Сен мүддемдi қорғадың,

Тағыңа отырып әдiл шешiм шығардың.



6Халықтарды сөгiп, зұлымдарды жоқ қылдың,

Есiмдерiн мәңгiлiкке өшiрiп тастадың.



7Жау мүлдем құрып кетiп, мәңгi жойылды,

Қалалары қирап, iз-түзсiз талқандалды.



8Ал Жаратқан Ие мәңгi билiк жүргiзедi,

Ол өз тағын орнатып, төрелiк етедi.



9Ол адамзатқа әдiл үкiм айтады,

Халықтарға ақиқат шешiм шығарады.



10Қаналғандарға Жаратқан пана болады,

Қиын жағдайда зәулiм қорған болып тұрады,



11Сенi шын бiлетiндер Саған сенiм артады,

Ием, тастап кетпейсiң Өзiңе сиынғанды.



12Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар,

Оның ғажап iстерiн бар ұлттарға айтыңдар!



13Төгiлген қанды ұмытпайтын Тәңiр ескередi,

Көмекке зәру бейшараның даусын естидi.



14Уа, Жаратқан, маған мейiрiм көрсете гөр,

Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр,


Ажалдың аранынан менi арашалай гөр!



15Сонда қақпаларында Сион шаһарының

Сенiң ұлылығыңды лайым марапаттаймын,


Менi құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын.



16Басқа халықтар қазған орларына құлады,

Құрған қақпандарына өздерi тұсалды.



17Ием әдiл үкiм айтып, Өзiн ашық танытты,

Зұлымдар айлалы iстерiнiң кесiрiн тартты.//



18Жамандық жасаушылар ажалға душар болады,

Құдайды менсiнбеген ұлттар соған тап болады.



19Ал мұқтаж бiржола ұмытылып кетпейдi,

Бейшараның үмiтi лайым зая кетпейдi.



20Уа, Ием, көтерiлшi, пенде жеңiп шықпасын,

Халықтарға көз алдыңда үкiм шығарылсын!



21Жай пенде екендерiн халықтар ұғып алсын,

22Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың?

Басыма күн туғанда неге жасырынасың?



23Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар,

Өз айлалы iстерiнен ұсталсын сондайлар!



24Арсыз жан құмарлығын тiптi мақтан етедi,

Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсiнбейдi.



25Зұлым тәкаппарланып, Тәңiрге бет бұрмайды.

Күллi ой-пiкiрiнде «Құдай жоқ» деп санайды.



26Лайым iс-әрекеттерi табыс келтiредi,

Сенiң сотың тым биiкте, алыс боп көрiнедi,


Бар дұшпанын менсiнбей мазақтай бередi.



27«Шайқалта алмас менi еш нәрсе» деп ойлайды,

«Күллi ұрпағыма да еш пәле жоламайды».



28Аузынан шыққандар: қарғыс, өтiрiк, жалғандық,

Айтқандары түгел зұлымдық, зорлық-зомбылық,



29Аула артында тасада аңдып отырады,

Бас салып тұтқиылдан, жазықсыз жанды құртады.


Қорғансыздарға көз сүзiп, отырады қарап,



30Тасадағы арыстандай тосады тығылып,

Бейшара жарлыны ұстауға отырады аңдып,


Байғұсқа бас салып, түсiредi торына тартып.



31Шарасыз байғұс жеңiлiп, жерге құлап түседi,

Жауының мықты тырнақтарына iлiгедi.



32Зұлым iштей: «Құдай ұмытып кеттi, — деп ойлайды, —

Ол көзiн жұмып, ешқашан назар аудармайды».



33Уа, Жаратқан Ие, ендi орныңнан тұра гөр,

Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр!



34Зұлымдар нелiктен Құдайды қорлай алады?!

Жауапқа тартпайды деп неге ойлай алады?!



35Ал көрсеткен жәбiрлерiн Сен байқап келесiң,

Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересiң.


Байғұс Саған сенiм артып, жетiмге тiрексiң.



36Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы,

Сұм iстерiн тексерiп, бiржола талқандашы!



37Жаратқан Ие мәңгi бақи Патша болады,

Пұтқа табынғандар Оның елiнен жоғалады.


38Көңiл бөлесiң Сен әлсiздердiң аңсағанына,

Уа, Ием, құлақ салып, жiгер бересiң оларға,



39Жетiмдер мен қиналғандардың мүддесiн қорғауға,

Пенденiң ендi қайтып оларды қорқытпауына!


10

Жаратқан Иенiң шексiз әдiлдiгi мен ұлылығы

(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

1Лайым паналаймын мен Жаратқан Иенi,

Қалайша былай деп қорқытпақсыңдар менi:


«Кәне, кетшi ұшып тауыңа құс секiлдi!»



2Сол зұлымдар садақ иiп, жебе тартуда,

Тасадан дайын тұр адалды атуға.



3Әдiлдер не iстемек заңды негiз қираса?

4Ал Жаратқан отыр көктегi тағында,

Өзiнiң киелi ғибадатханасында,


Мұқият бақылайды барлығын да,


Сын көзбен қарайды адам баласына.



5Жаратқан Ие сынайды әдiлдi,

Зұлым мен зорлықшыны жаны жек көредi,



6Зұлымдарға жаудырады жанған көмiрдi,

Жазалау үшiн сондай-ақ қайнаған күкiрттi,


һәм жiбередi күйдiрiп өртейтiн желдi.



7Жаратқан Ие әдiл, әдiлдiктi сүйедi,

Әдiл жандар Оның бет-жүзiн көредi.



11

Зұлымдардың қолынан құтқаруды өтiнген мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, сегiз iшектi жетiгеннiң сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Жаратқан, құтқара гөр, әдiлдер қалмады,

Адамзат арасынан адал атаулы жоғалды!



3Әрбiр жан жақындарына жалғандық айтады,

Мүләйiм жүзбен сөйлесiп, жағымпазданады.



4Ием тiлдерiн олардың бөсiп мақтанатын

Тоқтата көрсiн әрi жағымпаз ауыздарын.



5«Тiлiмiзбен жеңемiз, аузымыз өзiмiздiкi!

Кiм билiк жүргiзбек бiзге?» деп олар көпiредi.



6«Жарлылар жапа шегiп, кедейлер де күрсiнедi,

Ендi орнымнан тұрамын! — дейдi Жаратқан Ие, —


Қауiптен қорғаймын Мен жәбiр көргендердi».


7Жаратқанның сөздерi таза да сенiмдi,

Жетi рет қорытылып тазарған күмiс секiлдi.



8Жаратқан Ие, Сен қаналғандарды қорғайсың,

Сол бiр арсыз ұрпақтан оларды мәңгi сақтайсың.



9Ал зұлымдар әлi де емiн-еркiн жүредi,

Адамзат арасында арсыздар дәрiптеледi.


12

Құдайдың қолдауының тез жетпей жатқанын уайымдау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Жаратқан, қашанғы Сен менi ұмытпақсың?

Мәңгi ме бет-жүзiңдi менен жасырмағың?



3Қашанғы көңiлiм уайымға кенеле бермек,

Жүрегiм күн сайын қайғы-қасiретке толмақ?


Дұшпаным қашанғы маған үстемдiк жүргiзбек?



4Уа, Құдай Ием, назар аударып, құлақ сала гөр,

Көз жұмып өлмейiн, көзiме нұрыңды төге гөр.



5Мен сенiмiмнен жалтарып, жауым шаттанбасын,

Дұшпандарым «Жеңдiк!» деп лепiре мақтанбасын.



6Ал мен берiк рақымыңа сенiмiмдi артамын,

Сенiң құтқаруыңа шын жүректен қуанамын.


Игiлiк жасаған Иеме әнiмдi айтамын.



13

Азап шегiп, құдайсыздар мазақтаған бейшараның мiнажаты

(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

1Ақылсыздар iштей «Құдай жоқ!» деп ойлайды,

Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды,


Жақсылық жасайтын ешқайсылары болмайды.



2Жаратқан көктен көз салады адам баласына,

Ақылды бiреу бар ма бет бұратын Құдайға


Деп байқайды Ол.



3Бәрi тайып кеттi терiс жолға,

Әбден бұзылып кеттi бiрiгiп барлығы да,


Жақсылық жасаушы ешкiм жоқ, тiптi бiр жан да.



4Сұмдық жасаушылар ақылға келмес пе екен?

Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен,


Жаратқанға сиыну ойларына түспеген.



5Қорқыныш оларды құрсауға алатын болады,

Өйткенi Құдай әдiл ұрпаққа жар болады.



6«Әй, зұлымдар, күлесiңдер жарлының ниетiне,

Бiрақ қолдап-қорғайды оны Жаратқан Ие!»



7Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге!

Жаратқан өз халқын тұтқыннан азат еткенде


Жақыптың үрiм-бұтағы қатты қуанады,


Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!



14

Құдай алдына баратын адамның қасиеттерi

(Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Ием, Сенiң тұрағыңда кiм тұра алады,

Киелi тауыңда кiмнiң тұруына болады?



2Сондай адам мiнсiз жүрiп әдiлдiк iстейдi,

Лайым шын жүректен ақиқатты сөйлейдi,



3Ешкiмдi уытты тiлмен өсектемейдi,

Жолдасына ол зұлымдық iстемейдi,


Жақынының арына дақ түсiрмейдi.



4Арамза адамдарды ол еш жақтырмайды,

Ал Құдайды қастерлейтiндi ардақтайды.


Өзiне қиын болса да, сөзiн орындайды.



5Мұқтажға қарыз бергенде өсiмiн тоспайды,

Пара алып жазықсыз жанды қараламайды.


Мұны iстеушi нық тұрып мәңгi шайқалмайды.



15

Игiлiк атаулының бастауы — Құдайға деген сенiм

(Дәуiттiң мiнажаты.)

1Уа, Құдайым, сақтай гөр Өзiң менi,

Баспанам етемiн мен жалғыз Сенi!



2Тәңiрге былай деймiн: «Сен Иемсiң,

Сенен бөлек жоқ ешбiр игiлiгiм!»


3Ұлы жандар — Саған бағышталғандар,

Маған өте ұнайды елде олар.


4Ал бөтен тәңiрлер жолын қуғандар —

Қасiретке көп ұшырамақ олар.


Құрбандықтарына мен қатыспаймын,


Тәңiр аттарын аузыма да алмаймын.



5Уа, Ием, маған жар болып келесiң,

Жарылқап менi амандық бересiң,

Тағдырым қауiпсiз қолыңда Сенiң.



6Тамаша — маған тиген үлесiм,

Маған ұнайды ғажайып мұрам.


7Даңқтаймын ақыл сыйлаған Тәңiрдi,

Ар-ұжданым да түнде ескертедi.



8Ықылас-ниетiм әрдайым Иемде,

Оң жағымда маған жар боп келедi:


Жағдайым шайқалмайды ешбiр кезде.



9Содан жүрегiм шаттыққа толады,

Мәз-мейрам боп тiлiмнен бал тамады,


Саған сенгенiмнен тәнiм тыншиды.



10О дүниеге жанымды қимайсың,

Қасиеттiңнiң тәнiн де шiрiтпейсiң.


11Шын өмiр жолын маған көрсетесiң,

Көз алдыңда қуанышқа бөлейсiң,


Оң жағыңда мәңгi игiлiк бересiң.


Аумин.



16

Жәбiрленген адамның Құдайға мiнажаты

(Дәуiттiң мiнажаты.)

1Уа, Ием, әдiл өтiнiшiмдi ести гөр,

Жалынған даусыма құлақ түре гөр,


Шын жүректен шыққан дұғама ден қойшы,



2Сен Өзiң менi тексерiп, ақтай көршi,

Iстiң әдiлдiгiне көз сала көршi.



3Жүрегiмдi зерттеп, түнде де менi сынадың,

Тәптiштеп тексерсең де еш нәрсе таппадың.


Жалғандық айтудан ойланып сақтандым.



4Iстерiмде де сөзiңе бағынамын,

Аулақ жүрiп келемiн зорлықшының жолынан.



5Iзiңмен Сенiң берiк жүрдi қадамдарым,

Ақ жолыңнан таймады да аяқтарым.



6Уа, Құдайым, Саған дұға етемiн,

Себебi Сен маған жауап бересiң,


Қазiр де құлақ түршi сөзiме менiң.



7Көрсете гөр керемет мейiрiмiңдi,

Паналағандарды жауларынан Өзiңдi


Құтқарасың қолданып құдiретiңдi.



8Көз қарашығыңдай менi сақтай гөр,

«Қанатыңның астында» тасалай гөр.



9Бас салған зұлымдардан менi қорғай гөр,

Қоршаған жан алғыштардан сақтай гөр.



10Жүректерiнде жоқ мейiрiмдiлiк,

Ауыздарынан шыққандары менмендiк.



11Олар менi қуалап, қоршап алады,

Жерге ұрып-соғу үшiн қарайды қырағы,



12Олжасын паршалауды аңсаған арыстандай,

Тасада аңдып тұрған жас арыстандай.



13Уа, Жаратқан Ие, көтерiле гөр,

Қарсы шығып, жауды құлата гөр,


Зұлымнан семсерiңмен құтқара гөр,



14Құдiреттi қолыңмен аман сақтай гөр,

Тек бұ дүниелiк пайданы жау iздеп жүр.


Сен соларды қазынаңнан тоқ қыласың,

Олардың ұлдарын да тойындырасың,


Ұрпақтарына жетер артып сыйлағаның.



15Мен адал жүрiп, бет-жүзiңдi көремiн,

Оянып, көрiнiсiңе қарап сүйсiнемiн.


17

Жеңiс сыйлаған Құдайды мадақтау жыры


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, Жаратқан Иенiң қызметкерi Дәуiттiң Құдайдың өзiн күллi жауларынан және Саулдың қолынан құтқарғанда айтқан әнi. Сонда ол былай дедi:)

2Уа, Жаратқан Ие, Сенi сүйемiн,

Сен күш-қуатымның қайнар көзiсiң.



3Жаратқан — жартастай берiк қорғаным,

Менi қауiп-қатерден құтқарушым,


Құдайым, сенiм артқан шың құзым,


Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым,


Лайым биiк таудағыдай баспанам!



4Мадаққа лайық Иеме сиынам,

Ол менi аман сақтайды жауларымнан.



5Өлiм азабы бойымды құрсады,

Заңсыздық тасқыны көмiп тастады,



6Ажалдың шынжыры менi матады,

Өлiмнiң торы шынжырлап шырмады.



7Қатты қиналып Жаратқанға сиындым,

Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым.


Киелi орнынан Ол құлақ салды,


Жалынышым Оның алдына барды.



8Сол заматта жер дiрiлдеп, сiлкiндi,

Тау негiзi шайқалып, дiрiлдедi,


Өйткенi Құдай қаһарына мiнген едi,



9Қаһарынан Оның түтiн шықты,

От лаулап аузынан жалын атты,


Ыстық шоқ iшiнен атқылады.



10Аспанды ашып Ол төмен түстi,

Қара бұлттар болды аяғының асты,



11Мықты перiштелерге мiнiп алды,

Желдiң қанаттарында зулап ұшты,



12Түнектi айналдыра перде қылды,

Жаңбырдың қалың бұлтын жамылды,



13Жалт-жұлт еткен нұрынан бұлттар бездi,

Бұршақ жауып, найзағай жарқылдады.


14Жаратқан Ие аспанда күркiредi,

Хақ Тағаланың даусы жаңғырықты.


15Жебе атқылап жауларын шашыратты,

Найзағай жарқылдатып оларды састырды.



16Сонда теңiз арналары көрiндi,

Дүниенiң негiздерi ашылды,


Уа, Ием, қатаң сөгiсiңнен,


Қаһарлы да құдiреттi лебiңнен.



17Көктен қолын созып, менi ұстап алды,

Терең судан Ол менi шығарып алды,



18Құтқарды менi қуатты дұшпанымнан,

Сол жек көрген мықты жауларымнан,



19Мүшкiл кезiмде олар маған бас салды,

Бiрақ Жаратқан Ие тiрегiм болды,



20Кең-байтақ жерге менi алып келдi,

Маған риза болып аман құтқарды.



21Адал жүрген менi Ием қолдады,

Пәк iстерiм үшiн игiлiк сыйлады.



22Өйткенi Жаратқанның жолымен жүрдiм,

Арсыз болып Құдайымнан безбедiм,



23Қайта, өсиеттерi Оның көз алдымда,

Ережелерiнен бас тартпаймын да.



24Құдай алдында мiнсiз жүрiп келемiн,

Күнә жасаудан сақтанып жүремiн.



25Ие маған бердi әдiлдiгiме қарай,

Көз алдында iсiмнiң пәктiгiне сай.



26Мейiрiмдi жанға мейiрiм танытасың,

Адал жанға адалдықпен қарайсың,



27Таза жүрген жанмен Өзiң де тазасың.

Арамзаға айламен жауап қайырасың.



28Жәбiр көрген жандарды құтқарасың,

Өркөкiрек адамды құлатасың.



29Уа, Ием, өмiр шырағымды жағасың,

Құдайым, түнегiмдi жарық қыласың.



30Сенiң күшiңмен жау тобын жеңе аламын,

Құдайыммен қамал үстiне шығамын.



31Сөз жоқ, Құдайдың жолы кiнаратсыз,

Жаратқанның сөзi де еш мүлтiксiз,


Өзiне сенiм артқан барлық жанға


Қалқандай қорған Ол, берiк баспана.



32Жаратқан Иеден басқа кiм Құдай екен?

Құдайымыздан басқа кiм қорғайтын құз екен?



33Құдай менi күш-қуатқа бөлейдi,

Мiнсiз өмiр жолымен жетелейдi,



34Аяғымды бұғыдай жүйрiк қылады,

Биiк жерлерiмде аман тұрғызады.



35Қолдарымды дайындайды шайқасқа,

Майыстырам тiптi қола садақты да.



36Құтқаруыңды қалқандай сыйладың,

Менi қолдайды құдiреттi қолың,


Жоғарылатады менi шапағатың.


37Жолда қадамдарымды ұлғайтасың,

Аяқтарымды таюдан сақтайсың,



38Жауларымның артынан қуып жеттiм,

Бәрiн құртып болғанша қайтып келмедiм.



39Олар жеңiлiп, қайта тұра алмады,

Аяғымның астына менiң құлады.



40Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың,

Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың,



41Қалған жауды қашуға мәжбүр қылдың,

Менi жек көргендердi қырып-жойдым.



42Олар айқайлап, ешкiм құтқармады,

Тәңiрге жалынды, Ол құлақ салмады.



43Желмен ұшқан тозаңдай оларды таптадым,

Әрi лас қоқыстай далаға тастадым.


44Халықтың бүлiгiнен менi құтқардың,

Басшысы етiп қойдың өзге ұлттардың,


Бөтен халық ендi маған қызмет етедi,



45Олар айтқанымды екi етпейдi,

Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады,



46Жат жерлiктер қорқып бозарады,

Дiрiлдеп, қамалдарынан шығады.



47Жаратқан Ие тiрi! Қорғаным мақталсын,

Құтқарушы Құдайымның даңқы артсын!



48Құдайым мен үшiн кегiмдi алған,

Халықтарды маған бағындырған,



49Жауларымнан менi аман сақтап қалған.

Менi қарсыластардан жоғары қойдың,


Зорлықшыл адамнан менi құткардың.



50Басқа халықтар арасында сондықтан,

Уа, Жаратқан Ием, Сенi мадақтаймын,


Сенiң атыңа ән-жырымды арнаймын.



51Сен Өзiң тағайындаған патшаңа,

Дәуiтке және оның ұрпақтарына


Мәнгiлiк ұлы жеңiстер бересiң,


Тұрақты мейiрiмiңдi көрсетесiң.



18

Бүкiл әлемнiң Құдайдың ұлылығын мадақтауы


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Құдайдың салтанатты ұлылығын

Аспан әлемi ашық паш етедi,


Оның қолының керемет iстерiн


Әуе кеңiстiгi де көрсетедi,



3Осыларды күн сайын жариялап,

Түнде де бұл бiлiмдi мәлiмдейдi.



4Сол «үндерiн естiмеген» бiр тiл де,

Ешқандай ұлт та қалмайтын болады.


5«Үндерi» шартарапқа жайылады,

«Сөздерi» жер шетiне таралады.


Құдай күндi аспанда орналастырған.



6Күйеу жiгiттей бөлмесiнен шыққан,

Күннiң жүзi де қуана нұрланады,


Ол жүйрiктей жарысуға құлшынады.



7Көкжиектiң бiр шетiнен күн шығады,

Келесi шетiне өтiп айналады,


Ештеңе де қызуынан тыс қалмайды.



8Кемелдi — Жаратқанның тағылымдары,

Жан дүниенi олар жаңартады.


Ақиқат — Иемiздiң жарлықтары,


Олар наданды да дана қылады.



9Әрi әдiл — Жаратқанның бұйрықтары,

Олар жүрекке қуаныш құяды.


Жаратқанның өсиеттерi сондай нұрлы,


Көздердi ашып, жарқыратады.



10Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды —

Осы таза ниет мәңгi қалады.


Жаратқанның шешiмдерi шынайы,


Барлығы мүлтiксiз де әдiлеттi.



11Алтыннан, саф алтыннан да олар құнды,

Тiл үйiрген таза балдан да тәттi.



12Бұлардан пендең ескерту алады,

Бәрiн ұстанғанды зор сый тосады.



13Кiм байқайды өз терiс қылықтарын?

Тазарта гөр, Ием, құпия күнәмнан,



14Сақтай гөр әдейi күнә жасаудан,

Жамандық жүргiзбесiн билiк маған!


Сонда көз алдыңда мiнсiз боламын,


Ауыр күнәлардан да аулақ тұрамын.



15Лайым менiң аузымдағы сөздерiм

Әрi жан дүниемдегi ойларым


Ұнамды болсын Саған, о, Жаратқаным,


Өзiңсiң жартастай мықты Қорғаным


һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием!


Аумин.



19

Құдайдан жеңiс тiлеген мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, Дәуiттiң жыры.)

2Қиналғаныңда Ием саған құлақ салсын,

Жақыптың Құдайы пәледен сақтасын,


3Киелi орнынан Саған көмек жiберсiн,

Сиондағы тұрағынан нығайта көрсiн,



4Бар сый-тартуларыңды ескере көрсiн,

Өртелген құрбандығыңа да риза болсын.//(Арадағы әуен).



5Жүрегiңнiң қалауын Құдай берсiн,

Бар ой-ниетiңдi орындай көрсiн.



6Сонда жеңiсiңе шаттана қуанамыз,

Құдайымыздың атынан ту көтеремiз,


Тiлектерiңдi қабыл алсын Иемiз.



7Жаратқанның тағайындаған Патшасын

Аман сақтайтынын ендi бiлемiн,


Жауап бередi оған киелi көгiнен,


Құтқарады оны құдiреттi қолымен.



8Кейбiр жұрт мақтанады күймелерiмен,

Басқалар мақтанады тұлпарларымен,


Ал бiз мақтанамыз Құдай Иемiзбен.


9Сол адамдар құлайды жығылып,

Ал бiз нық боламыз берiк тұрып.



10Уа, Жаратқан, патшамызға жеңiс сыйлай гөр,

Сиынған кезiмiзде құлақ сала гөр.



20

Жеңiс үшiн шүкiрлiк жыры.


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, Дәуiттiң жыры.)

2Ием, құдiретiңе патша қуанады,

Құтқарғаныңа шексiз шаттанады.



3Оған жүрегiнiң қалауын сыйладың,

Сұраған тiлектерiнен бас тартпадың.//



4Игiлiктер сыйлап оны қарсы алдың,

Саф алтыннан басына тәж кигiздiң.



5Өмiрiн сақтауды сұрағанда Өзiңнен

Тiптi мәңгiлiк өмiр сыйладың Сен.



6Жеңiс берiп оны даңққа бөледiң,

Абырой мен салтанатқа кенелттiң.



7Сен патшаны мәңгiлiк жарылқадың,

Қасыңда болу қуанышын сыйладың.



8Себебi патша Жаратқанға сенiм артады,

Хақ Тағаланың рақымымен нық тұрады.



9Өзiңдi жек көргендердi iздеп табасың,

Бар жауларыңды күшпен ұстап аласың,


10Келгенiңде отты пешке тастайсың,

Уа, Ием, қаһарыңмен талқандайсың,


Оттың жалынымен түгел жалмайсың.



11Ұрпақтарын жер бетiнен құртасың,

Адамзат арасынан жоқ қыласың.



12Олар саған қарсы қастандық ойлайды,

Алайда соны орындай алмайды.



13Жебе тартып беттерiн нысана етсең,

Оларды керi қайтуға мәжбүрлейсiң.



14Уа, Ием, көтерiл құдiретiңмен,

Күш-қуатыңды даңқтайық ән-күйменен.



21

Азап шеккен жанның Құдайға жалбарынып, Оны мадақтауы


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Таң атқандағы жәрдем» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң жыры.)

2О, Құдайым, Құдайым!

Сен менi неге жалғыз қалдырдың,


Қиналған даусыма құлақ салмайсың,


Құтқарудан неге тым алшақсың?



3Құдайым, күндiз шақырсам, естiмейсiң.

Түнде де айқайлап, тыным таппаймын.



4Ал Өзiң киелiсiң, Исраил халқың

Сенi мақтайтын тағыңда отырасың.



5Ата-бабамыз Өзiңе иланып,

Сөзiңе сендi, Сен де азат еттiң;



6Саған сиынып, олар құтқарылды,

Өзiңе сенiп, ұятқа қалмады.



7Ал мен адам емес, құрт iспеттi әлсiзбiн,

Жұрт ұрсып, елемейдi менi халқым,



8Көргендердiң бәрi келекелейдi,

Басын шайқап, балағаттай бередi:



9«Ол Жаратқанға сенiм артқан екен,

Сол оны аман қалдырсын пәледен!


Егер Жаратқан разы болса оған,


Құтқарып алсын оны қиындықтан!»



10Ал менi ана құрсағынан Сен шығардың,

Жас кезiмнен Өзiңе иландырдың,


11Туғаннан-ақ қолдауыңа мұқтажбын,

Өмiр бойы Сенсiң Құдайым менiң.



12Ендi алыстай көрме менен Өзiң,

Себебi азап-бейнет қалды таяп,


Қол ұшын берерiм жоқ менi аяп.



13Сүзеген бұқадай жау алды қоршап,

Башандықтардай жан-жақтан қыспақтап,


14Ақырған арыстандай жемге құмартып,

Аранын ашады, маған қарсы шығып.



15Күшiм судай төгiлiп, таусылды құрғап,

Сүйектерiм буынынан қалды босап.


Кеудемде жүрегiм балауыздай


Әбден балқып, елжiреп кеттi босап.



16Қыш құмыраның сынығына ұқсап

Күшiмнен айырылып қалдым қурап,


Тiлiм қалды таңдайыма жабысып,


Өлiм топырағына бердiң менi қиып!


17Төбеттердей жан-жақтан қыспақтады

Сол жауыздар, лек-легiмен қоршап алды,


Аяқ-қолымды түйреп жаралады!



18Сүйектерiмдi шыға алам санап,

Ал халық тұр маған қадала қарап.



19Жау жамылғымды бөлiсiп алады,

Киiмiм үшiн жеребе салады.



20Уа, Ием, Сен Менен алшақтай көрме,

Күшiм менiң, тез келе гөр көмекке,



21Өмiрiмдi аман сақтап семсерден,

Құтқара гөр «төбеттердiң» күшiнен!



22Құлақ сап, құтқара гөр «арыстанның

Араны» мен «мүйiзiнен бұқаның»!



23Атыңды бауырларыма бiлдiремiн,

Қауым жиынында Сенi дәрiптеймiн:



24Ей, Тәңiрдi қастерлеп бағынатындар,

Оны әрдайым мадақтай берiңдер!


Ей, Жақыптың бүкiл үрiм-бұтағы,


Иемiздi ұдайы дәрiптеңдер,


Иә, Исраилдiң бар ұрпақтары,


Тәңiр Иенi құрметтей берiңдер:



25Байғұстың азабын елемей кеткен жоқ,

Құдай одан бет-жүзiн жасырған жоқ!


Қайта, құлақ салды шақырған даусына.



26Сенi мадақтаймын үлкен жиында,

Уәдемдi орындап халқыңның алдында,


27Жарлылар мейрамдап, тойынады да.

Құдайға сиынғандар мақтайтын болсын —


Лайым жандарың аман-есен болсын!



28Жер шетiндегiлер мұны ескередi,

Олар да бет бұрып Жаратқан Иеге,


Бар ұлттардың әулеттерi бас иедi,



29Себебi билiк Жаратқанның қолында,

Ұлттардың Иесi Сол болып қалады да!



30Жердiң бар байлары тойына қатыспақ,

Оның аяғына жығылып сиынбақ,


О дүниеге аттанатұғындар —


Өмiрi өткiншi бүкiл адамдар


Оның алдында тiзерлеп сиынбақ.


31Келер ұрпақ та Оған қызмет етпек,

Барлығы Тәңiр туралы естiмек,


32Содан Оның әдiлдiгiн дәрiптеп,

Жаңа туған халыққа да паш етпек.


Себебi мұның бәрiн Құдай жасаған!


Аумин.



22

Жақсы Бағушы

(Дәуiттiң жыры.)

1Жаратқан Ием — менiң Бағушым,

Мен еш нәрседен де тарықпаймын.



2Ол менi жасыл жайлауға жаяды,

Тұнық суға жетелеп апарады.



3Тәңiрiм жаныма күш дарытады.

Есiмi «Қасиеттi» болғандықтан,


Мен сенiмiмдi артамын да Оған:


Ол менi тура жолмен жетелейдi.



4Қап-қараңғы шатқалда жүрсем де мен,

Қорықпаймын ешбiр қауiп-қатерден,


Себебi Өзiң менiң қасымдасың,


Жiгер бередi таяғың мен сойылың.



5Сен маған дастарқан жаясың

Көз алдында дұшпандарымның,


Менi құрметпен қарсы алып,


Тостағанды толтыра құясың.


6Жақсылық пен мейiрiмдiлiк

Үлесiм болады өмiрлiк,


Жаратқан Иенiң үйiнде


Мен қала беремiн мәңгiлiк.


Аумин.



23

Құдай халқының ежелде ғибадатханаға кiргенде айтқан жыры

(Дәуiттiң жыры.)

1Жер жүзi мен ондағылар Жаратқан Иенiкi,

Бұл дүние мен онда тұрғандар түгел Онiкi,



2Жердiң негiзiн Ол теңiз түбiне орнатты,

Сулардың ағындарын да мықты етiп нығайтты.



3Жаратқанның тауына кiмнiң шығуына болады,

Киелi орнында кiмнiң тұруына болады?



4Тек қолы мен жүрегi таза жанға болады,

Еш пұтқа табынып, жалған айтпайтынға болады.


5Осындай жанды Жаратқан Ие жарылқайды,

Құтқарушы Құдай оны рақыммен ақтайды.



6Уа, Құдай, тек бұлар Сенiң алдыңа барады,

Жақып сиынған Құдай, олар Саған бет бұрады.



7Көне қақпалар, айқара ашылыңдар,

Ежелгi есiктер, кеңiнен ашылыңдар,


Кiре алсын даңққа бөленген Патша!



8Кiм екен осы даңққа бөленген Патша?

Ол — құдiретi күштi Жаратқан Ие,


Шайқаста құдiреттi Жаратқан Ие!



9Көне қақпалар, айқара ашылыңдар,

Ежелгi есiктер, кеңiнен ашылыңдар!



10Кiм екен осы даңққа бөленген Патша?

Әлемнiң Иесi, Сол даңққа бөленген Патша!



24

Құдайдан өзiн жетелеп, қолдауды тiлейтiн мiнажат.

(Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Ием, жанымды Саған бағыштаймын,

2Уа, Құдайым, Саған сенiм артамын.

Қалдыра көрме менi масқараға,


Жол берме әрi жаудың табасына.



3Саған сүйенген ешкiм қалмас ұятқа,

Бекер сатып кеткендер болар масқара.



4Уа, Ием ақ жолыңды көрсете гөр,

Еркiңе сәйкес жүруге үйрете гөр,



5Шындығыңа сай бағыттап, нұсқай гөр.

Себебi Құтқарушы Құдайымсың Сен,


Күнi бойы Саған үмiт артамын мен.



6Уа, Жаратқан Ием, есiңе алшы

Өзiң көрсетiп келген ежелден берi


Сарқылмас мейiрiмiң мен рақымыңды.



7Есiңе алмашы жас күнгi күнәмдi,

Кешiре гөр терiс қылықтарымды,


Ескере гөр мейiрiмiңе сай менi,


Уа, Ием, Сен рақымдысың өйткенi.



8Жаратқан Ие iзгi де әдiлеттi,

Сондықтан күнәкарды түзетедi,


9Кiшiпейiлдi әдiлдiкке бағыттайды,

Тура жолдарын оған нұсқайды.



10Жаратқан шындық пен рақыммен бастайды

Келiсiмнiң ережелерiн ұстанғанды.



11Өз есiмiңе сай, уа, Жаратқан Ие,

Кешiре гөр сондай ауыр күнәмды.



12Кiм Тәңiр Иенi терең қастерлейдi?

Таңдайтын жолын Ол соған көрсетедi.



13Сондай адам игiлiкке кенеледi,

Үрiм-бұтағы жерiн мұра етедi.



14Иемiз Өзiн қастерлейтiндерге сырын

Ашады және бiлдiредi келiсiмiн.



15Әрдайым Тәңiрге тiгемiн көзiмдi,

Жаудың торынан Ол босатады өзiмдi.



16Рақыммен сала гөр маған назарыңды,

Жападан-жалғызбын, рухым жабырқаңқы.



17Қайғы-қасiретiм молайып келедi,

Қиыншылықтан азат ете гөр менi.



18Ауыр бейнетiме көңiл бөле гөр,

Бүкiл күнәларымды кешiре гөр.



19Жауларым қандай көп, назар сала көршi,

Жауыздықпен олар менi жек көредi.



20Құтқара гөр жанымды аман сақтап,

Ұятқа қалмайын Сенi паналап,



21Адалдық пен әдiлдiк қорғасын менi,

Өзiңе үмiт артамын мен өйткенi.



22Уа, Құдайымыз, Өзiң Исраилдi

Бар қиыншылықтан құтқара көршi.



25

Әдiл жанның Құдайдың қолдауын сұраған мiнажаты.

(Дәуiттiң жыры.)

1Төрелiк айтып менi ақташы Өзiң,

Уа, Тәңiр Ием, адал жүрiп келемiн,


Саған сенiм артып еш күдiктенбеймiн.



2Тексер менi, уа, Тәңiрiм, байқап көр,

Жүрегiм мен ой-санамды сынап көр.


3Өйткенi көз алдымда рақымың Сенiң,

Ақиқат жолыңмен жүрiп келемiн,



4Өтiрiкшiлермен бiрге отырмаймын,

Зымияндармен де бiрге жүрмеймiн.



5Арамзалар жиынын еш жаратпаймын,

Зұлымдармен ешқашан отырмаймын.



6Қол жуып адалдығымды бiлдiремiн,

Құрбандық үстелiңдi айналып жүремiн,



7Уа, Ием, мадақтап Сенi әндетемiн,

Керемет iстерiңдi паш етемiн.


8Сен тұратын қасиеттi үйiңдi,

Ұлылығың мекендейтiн орынды

Сондай сүйемiн, уа, Жаратқан Ие.



9Күнәкарлармен бiрге жанымды алма,

Қанiшерлермен бiрге өмiрiмдi құртпа.



10Арам қылықтары қолдарын былғайды,

Пара алып, беруден бас тартпайды.


11Бiрақ мен кiнәратсыз таза жүремiн,

Құтқаршы менi рақымыңмен Өзiңнiң.



12Тегiс жерде табан басып нық тұрамын,

Жиындарда Жаратқанға мақтау айтамын.



26

Құдайға деген нық сенiм

(Дәуiттiң жыры.)

1Жаратқан — нұрым менiң, құтқарушым да,

Кiмнен мен қорқамын солай болғанда?


Жаратқан — өмiрiмнiң берiк қорғаны да,


Кiмнен үрейленемiн, солай болғанда?



2Менi жалмауға зұлымдар таяп қалса,

Қарсылас, жауларым маған бас салса,


Өздерi-ақ сүрiнiп, жығылады да.



3Қорықпаймын әскер қоршап алса да,

Үмiтiм үзiлмес маған лап қойса да.



4Иемнен бiр-ақ нәрсенi сұрадым,

Тек мынау ғана менiң аңсағаным:


Өмiр бойы Оның үйiнде болсам,


Жаратқан Иенiң көркiне қарасам,


Ғибадатханасында толғанып-ойлансам.


5Өйткенi менiң басыма күн туғанда

Ол тасалайды менi тұрағында,


Жасырады өз құпия орнында,


Аман сақтайды биiк тау құзында.



6Сонда қоршаған жауымнан биiк тұрамын,

Иемнiң киелi үйiнде шаттанамын,


Сый-тартулар масаттанып ұсынамын,


Ән-жырымды Жаратқанға арнаймын.



7Өзiңе сиынған даусыма құлақ түршi,

Уа, Ием, рақыммен жауап бере көршi.



8Сен «Алдыма келiп, сиыныңдар» дедiң,

Саған шын жүректен жауап беремiн:


«Уа, Ием, сиынып алдыңа келемiн».


9Бет-жүзiңдi жасыра көрме менен,

Ашумен бас тартпа мендей пендеңнен.


Қорғап қолдаушым болып келесiң Сен,


Жалғыз қалдырып безiп кетпе менен,


Уа, Құдайым, Құтқарушымсың Сен,



10Бас тартса менен тiптi әке-шешем,

Қабылдайды менi Жаратқан Ием.



11Уа, Ием, жолдарыңды маған нұсқай гөр,

Жауларыма бола ақ жолыңмен бастай гөр,



12Жау еркiне қалдыра көрме менi,

Жалған куәлар қарсы көтерiлдi,


Ашумен маған қоқан-лоқы көрсетедi.



13Алайда мен мынаған нық сенемiн:

Әлi бұ дүниеде тiрi жүремiн,


Жаратқан Иенiң рақымын көремiн.



14Лайым Жаратқанға арт сенiмiңдi,

Батыл бол, нығайта түс жүрегiңдi!


Лайым Жаратқанға арт сенiмiңдi!



27

Құдайдан зұлым жаудан құтқаруды сұраған мiнажат

(Дәуiттiң жыры.)

1Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием,

Жартастай берiк қорғанымсың Сен,


Бас тарта көрме маған жауап беруден.


Егер де тiл қатып жауап бермесең,


Қабiрге түскендерге ұқсаймын мен.



2Киелi үйiңе қарай қол көтерiп

Жалбарынсам Сенен қолдау тiлеп,


Құлақ түре гөр дауысыма менiң.



3Әдiлетсiздiк жасайтын зұлымдармен

Бiрге өлiм бұйыра көрме маған.


Басқалармен солар жылы сөйлескенмен,


Олардың жүректерi арамза әбден.



4Солардың жасаған қылмыстарына сай,

Iстеген зұлым iстерiне қарай


Тиiстi жазаларын тартқыза гөр,


Лайықты қарымтасын қайтара гөр.



5Иемiздiң iстерiн олар елемейдi,

Оның жаратқандарын құрметтемейдi,


Сондықтан Ол соларды талқандайды,


Ендi қайтып оларды көтермейдi.



6Жаратқан Ие мақталсын әрқашан!

Құлақ асты Ол даусыма жалынған.



7Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным,

Шын жүректен Оған сенiм артамын.


Ол менi қолдады, шаттанды жүрегiм,


Иеме ән салып Оны дәрiптеймiн.



8Иемiз — күш-қуаты өз халқының,

Өзi тағайындаған патшасының


Берiк қорғаны аман-есен сақтайтын.



9Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр,

Меншiктi қауымыңды жарылқай гөр,


Бағушысы болып мәңгi көтере бер.


28

Хақ Тағаланың күн күркiрегенде көрiнетiн құдiретi

(Дәуiттiң жыры).

1Ей, мықтылар, Жаратқанды дәрiптеңдер,

Иемiздiң құдiретiн құрметтеңдер,



2Жаратқанның есiмiн даңқтап қадiрлеңдер,

Қасиеттi салтанатпен Оған бас иiңдер!


3Жаратқанның даусы сулардың үстiнде,

Ұлылық Иесi — Құдай күркiреуде,


Жаратқан гүрiлдейдi зор сулардың үстiнде.


4Жаратқанның даусы құдiреттi,

Жаратқанның даусы айбатты.



5Оның даусы самырсынды сындырады,

Ливан самырсындарын құлатады,



6Ливан тауын бұзаудай секiртедi,

Хермон тауын жас бұқадай сiлкiнтедi.


7Жаратқанның даусы от-жалын шашады,

8Оның даусы айдаланы шайқалтады,

Қадеш иен даласын да сiлкiнтедi,



9Жаратқанның даусы емендердi сiлкiлейдi,

Орман ағаштарын жапырақсыз қалдырады,


Киелi үйiнде бәрi «Ұлылық!» деп айтады.



10Жаратқан топан су үстiнде тақта отырды,

Жаратқан патша болып мәңгi тақта отырады.



11Жаратқан өз халқына күш дарытады,

Тыныштық сыйлап батасын қондырады.



29

Ажалдан құтқарылған жанның шүкiршiлiк әнi


1(Ғибадатхананы Құдайға бағыштау кезiнде айтылатын Дәуiттiң әнi әрi жыры.)

2Уа, Жаратқан, даңқыңды асырамын,

Сен менi шыңыраудан алып шықтың,


Жауларыма менi табалатпадың.



3Уа, Құдай Ием, мен Саған сиындым.

Қолдау сұрап, сонда менi сауықтырдың.



4Уа, Ием, менi көрден алып шықтың,

Ажалдан жанымды аман алып қалдың.



5Уа, Жаратқан Иеге бағышталғандар,

Оған арнап ұдайы ән шырқаңдар,


Оның киелi атын мадақтаңдар!



6Өйткенi Ол бiр-ақ сәт ашуланады,

Ал рақымы өмiр бойы ұласады.


Кешке жылап-сықтау басым болады,


Ал таң ата қуаныш тосып тұрады.



7Аман-сау болғанда мақтанған едiм:

«Мен ешқашан да толқымаймын!» дедiм.



8Менi таудай нығайтқан Сенiң рақымың,

Бiрақ кейiн бет-жүзiңдi менен жасырдың,


Сонда мен қорқып уайымға салындым.



9Уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым,

Қолдау сұрап Өзiңе жалбарындым:



10«Өлiп, көрге түсуiмнен не пайда,

Топырақ сонда Сенi мадақтар ма,


Адалдығыңды Сенiң жариялар ма?!



11Құлақ түршi уа, Ием, рақым ете гөр,

О, Жаратқан Ие, қолдаушым бола гөр.



12Қайғымды шаттық биiмен алмастырдың,

Қаралы киiмiмдi шешiп тастадың,


Шат-шадыман қуанышқа бөледiң!



13Ендi үздiксiз Саған ән саламын,

Уа, Құдай Ием, мәңгi мақтау айтамын.



30

Қиын-қыстау кезде Құдайдың қорғауын сұрайтын мiнажат.


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Өзiңдi паналаймын уа, Жаратқан,

Ұятқа қалдырмашы менi ешқашан.


Сен әдiлсiң, менi босата көршi,



3Құлақ түрiп маған, тез құтқара көршi,

Бас сауғалар құз бен қорғаным бола көршi.



4Өйткенi жартасым, берiк қамалымсың,

Жетелеп бастай гөр iзгiлiгiң үшiн,


5Шығаршы менi жау құпия құрған тордан,

Себебi Сен берiк қорғансың маған.



6Сенiң қолыңа рухымды тапсырамын,

Уа, Ием, шынайы Құдай, Сен менi құтқардың.


7Түк пайдасыз тәңiрсымақтар менен

Оларға табынғандарды жек көремiн,


Ал өзiм Жаратқанға нық сенемiн.



8Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенiң,

Байқадың Сен мүшкiл халiмдi менiң,


Жанымның азабына көңiл бөлдiң.



9Қалдырмадың менi жаудың қолына,

Қайта тұрғыздың менi ашық орынға.



10Рақым ете гөр, қиналып тұрмын,

Уа, Ием, қайғыдан солды жанарым,


Қасiреттен әлсiредi жан-тәнiм.



11Ғұмыр жасым қайғыдан қысқаруда,

Өмiрiм ыңқылмен таусылуда,


Күнәма бола күш-қуатым қайтуда,


Сүйегiмнiң әлi кетiп қуаруда.



12Көршiлерiме жек көрiнiштiмiн,

Таныстарыма да қорқыныштымын,


Менi көрe қалса қашады далада,


Осындай болдым жауларыма бола.



13Өлгендей-ақ олар менi ұмытқан,

Ұқсаймын қыш ыдысқа сынып қалған.



14Көп естимiн өзiм жайлы өсек-аяң,

Қауiп төнiп тұр басыма жан-жақтан,


Жауларым маған қарсы сөз байласуда,


Жанымды алуға жоспар құруда.



15Ал мен Өзiңе сенемiн, уа, Жаратқан,

«Сен менiң Құдайымсың» деймiн Саған.



16Өмiрiм Сенiң қолыңда, уа, Жаратқан,

Құтқара гөр қуғындаған жауларымнан.



17Бет-жүзiңнiң нұрын маған түсiре гөр,

Мейiрiмiңе сай менi құтқара гөр.



18Менi ұятқа қалдырма, уа, Жаратқан,

Себебi жалбарынып жүрмiн Саған.


Зымияндар масқараланатын болсын,


Үндерi өшiп қабiрге қойылсын,



19Қарысып қалсын ауыздары жалған,

Менмен паңдықпен әдiлдi жамандаған.



20Ием, қандай мол Сенiң iзгiлiгiң:

Өзiңдi қастерлеп, паналайтындар үшiн


Соны сақтап, жұрт алдында сыйлайсың.



21Сен пана болып әдiлдi қорғайсың,

Өз саяңда аман-есен сақтайсың


Адамдардың астыртын әрекетiнен


Әрi ұрсып айыптайтын тiлдерiнен.



22Маған мейiрiмiн көрсеткенi үшiн,

Қоршалған қалада қорғағаны үшiн


Жаратқан Ие лайым мадақталсын!



23Қорқыныштан былай деп уайымдадым:

«Сiрә, Сенiң назарыңнан тыс қалдым!»


Бiрақ Сен жалынған даусыма құлақ түрдiң,


Сиынған мiнажатыма жауап бердiң.



24Жаратқанды сүйiңдер, бар әдiлдерi,

Иемiз аман сақтайды адалдарды,


Ал молынан жазалайды менмендердi.



25Жаратқанға сенiм артқандардың бәрi,

Қайратқа кенелiп, батыл болыңдар ендi!



31

Күнәсi кешiрiлген бақытты!

(Дәуiттiң насихат жыры.)

1«Әдiлетсiз iстерi кешiрiлген,

Барлық күнәларынан ақталған


Қандай бақытты әрбiр жан!



2Иемiз мойнына кiнә артпайтын,

Жан дүниесiнде жалғандық болмайтын


Қандай бақытты әрбiр жан!



3Күнәмдi айтқым келмеп едi,

Сонда аяқ-қолым сырқырап,


Күнi бойы жүрдiм ыңқылдап.



4Себебi күнi-түнi Сенiң қолың

Зiлдей болып үстiмде жатты менiң,


Сол кезде жаздың аптабы қуырған


Көк шөпке ұқсап солып қалдым мен.



5Саған сонда күнәмдi ашық айттым,

Әдiлетсiздiгiмдi жасырмадым,


Иеге кiнәмдi мойындаймын дедiм,


Сен сонда барлық күнәмдi кешiрдiң.



6Сондықтан Өзiңе адал жүрген жан

Басына күн туғанда, сиынсын Саған,

Топан су iспеттi апат келген


Ажалдан құтылады аман-есен.



7Сен баспанамсың пәледен сақтайтын,

Құтқарылғаныма қуана ән саламын».



8«Мен саған ақыл-кеңес беремiн,

Жүретiн жолыңды көрсетемiн;


Сенi көзiмнен таса қылмай,


Әрдайым жетелеп жүремiн.



9Ақылсыз ат пен есектей қасарма,

Ауыздық, жүген саласың оларға,


Әйтпесе бағынбай жүрер олар да».



10«Құдайсыздың қайғы-қасiретi көп,

Кiм Жаратқанға сенiмiн жүктесе,


Тәңiрдiң рақымы оны қоршамақ.



11Тәңiрге қуаныңдар,

Әдiлдер, шаттаныңдар!


Шын жүректен адалдар,


Қуанып ән салыңдар!»


Аумин.



32

Екiншi жазба

Құдiреттi де рақымды Құдайды мадақтау жыры

1Әдiлдер, қуана мақтаңдар Жаратқанды,

Адалдардың мақтауы жарасымды.



2Домбырамен Жаратқанды мадақтаңдар,

Он iшектi аспаппен күй тартыңдар,


3Оған бағыштап жаңа ән айтыңдар,

Мәнерлеп ойнап, шаттана айқайлаңдар!



4Өйткенi Жаратқанның сөзi шынайы,

Iстеген барлық iстерi сенiмдi.



5Тәңiр қалайды әдiлдiк пен әдiлеттi,

Оның мейiрiмiне толы жер бетi.



6Жаратқанның сөзiмен аспан жаралды,

Аузының лебiмен жұлдыздар жасалды.



7Теңiздiң суларын Ол жинап, шек қойды,

Түпсiз мұхитты «қоймаларына» құйды.



8Күллi жер Жаратқанды қастерлесiн,

Әлемнiң бар халқы Оны құрметтесiн,



9Өйткенi Ол сөз айтса, орындалды,

Бұйрық берсе, бар болып, берiк тұрды.



10Тәңiр бағынбайтын ұлттардың ойларын

Шайқалтып, жояды сұм жоспарларын.



11Жаратқанның жоспары мәңгi берiк тұрады,

Бар ұрпақтарға ниетi нық сақталады.



12Жаратқанға сиынатын халық бақытты,

Өзiне арнап таңдаған халқы бақытты!



13Жаратқан Ие көктен жерге қарар,

Сонда күллi адамзатты көзiмен шолар.



14Өз тағынан жер тұрғындарын байқар.

15Бәрiнiң жүректерiн Ол жаратты,

Күллi iстерiн толық ұғынады.



16Патшаны мол әскерi құтқармайды,

Жауынгер зор күшiмен құтыла алмайды,



17Тұлпар да құтқаруға жарамайды,

Ерен күшiмен де құтылдыра алмайды.



18Бiрақ Өзiн терең қастерлейтiндерге,

Рақымына үмiтiн жүктегендерге


Назарын салады Жаратқан Ие,



19Оларды ажалдан құтқару үшiн,

Ашаршылықта аман сақтау үшiн.



20Жаратқанға шын көңiлден сенiм артамыз,

Ол — қолдаушымыз, қалқандай қорғаушымыз.



21Жүрегiмiз шаттанады Иемiзге,

Кәмiл сенемiз киелi есiмiне!



22Үмiтiмiз Өзiңде, уа, Жаратқан Ие,

Мейiрiмiңмен Сен жар бола гөр бiзге.



33

Құдайдың Өзiне сенгендердi аман сақтауы


1(Дәуiттiң жыры. Дәуiттiң Әбимәлiк алдында есуас болғансып, одан қуылған оқиғасына арналған.)

2Жаратқан Иенi мадақтаймын әр уақытта,

Оны мақтаған жыр ұдайы жүрсiн аузымда.



3Тәңiр Иенi шын жүректен тұтамын мақтан,

Байғұс бейшаралар естiп, қуансын соған.



4Менiмен бiрге Жаратқанды мадақтаңдаршы,

Бiрiгiп Оның есiмiн марапаттайықшы!



5Жаратқанға сиындым, Ол жауап бердi маған,

Әрi арылтты менi бар қорқынышымнан.



6Жаратқанға сиынып көз тiккендер жайнайды,

Олар шаттанып, еш масқара болмайды.



7Жарлы болған мен жалбарындым Жаратқанға,

Ол естiп, бар пәлемнен құтқарды сонда.



8Иенi қастерлейтiндердi қоршап тұрады

Оның перiштесi, ол соларды құтқарады.



9Жаратқанның iзгiлiгiне көз жеткiзiңдер,

Қандай бақытты Оған сенiмiн жүктегендер!



10Қастерлеңдер Иенi, Оның қасиеттiлерi!

Жоқшылық қинамайды Оны қастерлейтiндердi.



11Арыстандар азыққа зәру жүре алады,

Ал Иеге сенгендер бар игiлiкке тояды.



12Келiңдер, балалар, тыңдаңдар сөзiмдi,

Үйретемiн сендерге Иемiздi қастерлеудi.



13Сендердiң қайсыларың өмiрдi ұнатасыңдар,

Жақсы күндердi көптеп көрудi қалайсыңдар?



14Онда жаман сөз ауыздарыңнан шығармаңдар,

Өтiрiк айтудан да әрқашан сақтаныңдар!



15Жамандықтан бас тартып, жақсылықты жасаңдар,

Татулыққа ұмтылып, сол үшiн күш салыңдар!



16Жаратқан Ие әдiлдерге назар аударады,

Өзiне жалынған оларға құлақ салады.



17Ал сұмдық жасайтындарға Жаратқан қарсы шығады,

Есiмдерiн iз-түзсiз жер бетiнен жоқ қылады.



18Әдiлдер жалынса, Жаратқан құлақ салады,

Күллi қиындықтан оларды құтқарып алады.



19Жүрегi жаралыға Жаратқан жақын тұрады.

Жаны күйреп, күнәсiне өкiнгендi құтқарады.



20Әдiл жан қиындықты көп көредi,

Иемiз бәрiнен оны азат етедi,



21Бар сүйектерiн оның аман сақтайды,

Тiптi бiрде-бiреуi сындырылмайды.



22Сұрқияның зұлымдығы түбiне жетер,

Әдiлдi жек көрген жан зардабын шегер,



23Жаратқан Ие құтқарады өз құлдарын,

Соттамайды Өзiн паналағандарын.



34

Арамза жаудан қорғауды сұраған мiнажат

(Дәуiттiң жыры.)

1Менiмен ерегiсiп келгендермен

Сен Өзiң ерегiсе гөр, уа, Ием.


Маған қарсы күресiп келгендермен


Өзiң қарсы күресе гөр, уа, Ием.



2Сауыт киiп, қалқаныңды қолыңа ал,

Менi қолдап айқасуға дайындал.



3Семсер суырып, қуғыншыларды бөгешi,

Жаныма: «Мен Құтқарушыңмын!» дей көршi.



4Жанымды алмақ жаулар ұятқа қалсын,

Менi құртуға әрекет еткендер жасырын


Керi қайтып, әбден масқара болсын.



5Олар жел өтiндегi қауыздай болсын,

Жаратқанның перiштесi қуып шықсын,



6Жолдары қараңғы да тайғақ болсын,

Жаратқанның перiштесi қуғындасын!



7Өйткенi жазықсыз маған тор құрды,

Еш айыпсыз маған арнап ор қазды.



8Сондықтан оларға кенет ажал жетсiн,

Маған құрған торына өздерi түссiн,


Осылайша өз бастары құрып кетсiн.



9Сонда мен Жаратқанға шаттанамын,

Менi құтқарғанына қуанамын,



10Жан-тәнiммен Сенi былай мадақтаймын:

Күшсiз жанды күштiден қорғайтын,


Бейшара кедейдi тонаушыдан сақтайтын


«Кiм Саған тең келер, уа, Жаратқаным?»



11Менi айыптайды жалған куәлар,

Бейхабар жайттарды менен тергеп сұрар.



12Жақсылығыма жамандықпен қайтарар,

Жан дүнемдi қаңыратып бос қалдырар.



13Ал олар ауырған кезде мен де мұңайдым,

Ораза ұстап жанымды қалжыраттым,


Жаратқанға олар үшiн жалбарындым,


Жауапсыз қайтты бiрақ мiнажатым.



14Дос-жарандай олар үшiн қайғырдым,

Анамды жоқтағандай басымды идiм.



15Алайда мен сүрiнгенде олар қуанды,

Айыптауға маған қарсы жиналды,


Бейхабар менi үздiксiз даттады,



16Арсыз мазақтаушылармен бас қосты,

Маған қарсы тiстерiн қайрап бақты.



17Уа, Жаратқан, бұған төзесiң қашанғы?

Зұлымдықтарынан құтқаршы ғұмырымды,


Кәрлi арыстандардан жалғыз жанымды.



18Ұлы жиында мен Сенi даңқтаймын,

Көп халық алдында Сенi мадақтаймын.



19Себепсiз жауым болғандар қуанбасын,

Кiнәсiз жек көргендер табаламасын!



20Татулық сөзiн олар еш қозғамайды,

Қайта, бейбiт жұртқа сұмдық жоспарлайды.



21Аранын кең ашып маған мiн тағады:

«Бiз сенiң жамандық жасағаныңды


Көзiмiзбен көрдiк» деп айыптайды.



22Уа, Жаратқан, мұны көрдiң, үнсiз қалма,

О, Ием, Сен менен еш қашықтама,



23Тұрып, менi қорғауға ұмтыла гөр,

Уа, Ием, Құдайым, мүддемдi қорғай гөр,



24Әдiлдiгiңе сай менi ақтай гөр.

Уа, Құдай Ием, табаламасын олар:



25«Жақсы екен бұл, дәл көңiлдегiдей,

Ендi оны жеп құртамыз тiрiдей!»


Деп ойлай алмасын сол зұлым жандар.



26Мүшкiл халiме менiң қуанғандар

Бәрi ұятқа қалып, қара бет болсын,


Өздерiн менен жоғары қойғандар


Масқара болып ұят жамылсын.



27Ал қалағандар ақталуымды менiң

Қуана шаттанып, мәз-мейрам болсын,


«Қызметшiсiне амандығын қалаған


Иемiз мадақталсын әрқашан!»


Деп дәрiптей берсiн тоқтамастан.



28Күн сайын мен де Сенi дәрiптеймiн,

Әдiлдiгiңдi халыққа паш етемiн.



35

Пенденiң күнәкарлығы, ал Жаратқанның iзгiлiгi


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, Жаратқан Иенiң қызметшiсi Дәуiттiң жыры.)

2Зұлымның заңсыздығы жайлы жүрегiмнiң

Түкпiрiнен шыққан ойды былай деймiн:

Еш ниетi жоқ Құдайды қастерлейтiн.



3Күнәсiн ұғып, жек көргеннен гөрi

Жағымпазданады өзiне-өзi,



4Зұлымдық пен өтiрiк — айтқан сөздерi,

Жақсылық жасауды ойлағысы келмейдi,



5Төсекте жатып та сұмдық жоспарлайды,

Терiс жолмен жүрiп, күнәдан бас тартпайды.



6Уа, Ием, көктей шексiз Сенiң рақымың,

Бұлттардай заңғар Сенiң адалдығың!



7Айбынды таулардай Сенiң әдiлдiгiң,

Тұңғиықтай терең Сенiң шешiмдерiң.


Адам мен хайуанның екеуiн де


Аман сақтайсың Сен, Жаратқан Ие.



8Уа, Құдай, Сенiң рақымың қандай қымбат,

Қанатыңның астында паналар адамзат,



9Әлемiңнiң игiлiгiне тойдырасың,

Өзенiңнiң рақатына қандырасың.


10Өйткенi өмiрдiң қайнары Өзiңсiң,

Нұрды көремiз нұрыңда Өзiңнiң.



11Бiлетiндерге Өзiңдi рақымыңды төкшi,

Адалдарға шындығыңды көрсетшi.



12Менмендерге менi таптата көрме,

Зұлымдарға менi қудалата көрме.



13Әне, қылмыскерлер орнынан құлады,

Қайтып тұрмастай төменге лақтырылды!



36

Сенiмiңдi жүкте Жаратқан Иеге

(Дәуiттiң жыры.)

1Арамзаларға ренжiп ашуланба,

Жамандық жасайтындарға қызықпа,



2Олар шөп сияқты жылдам солады,

Көк шөптей тез қурап өлiп қалады.



3Жаратқанға сенiп жақсылық жаса,

Елiңде тұрып адалдықты сақта,


4Жаратқан Иеден тап рақатыңды,

Ол сыйлайды iзгi жүрек қалауыңды.



5Өмiр жолыңды тапсыр Тәңiр Иеге,

Оған сүйенiп сенiмiңдi жүкте,


Ол сен үшiн әрекет етедi де.



6Жайнатады таң нұрындай әдiлдiгiңдi,

Iсiңнiң ақтығын күндей тал түскi.



7Сабырлы бол Жаратқанның алдында,

Шыдамдықпен шешiмiн күт, асықпа!


Арам жоспарын iске асырған жанға,


Табысқа жеткен оған ашуланба!



8Ашу-ызаңнан қайт, бас қаһарыңды,

Сұмдыққа өршiтпесiн олар жаныңды.



9Зұлымдық жасаған қырылып кетер,

Жаратқанға сенген елдi иеленер.



10Көп ұзамай зұлым жан ғайып болар,

Iздесең таппай, орны босап қалар.



11Ал кiшiпейiлдер елдi иеленер,

Бейбiт өмiрдiң рақатын мол көрер.



12Арамза әдiлге жамандық ниеттенер,

Менсiнбей оны тiс қайрап жек көрер.



13Ал Иемiз онысына тек күледi,

Сот күнiнiң таяп қалғанын көредi.



14Сұмдар семсер суырып, садағын тартты,

Жарлы, кедейдi құлатып, адалды құртпақшы.


15Ал семсерлерi өз жүректерiне қадалар,

Садақтары сындырылып, быт-шыт болар.



16Әдiлдiң қолындағы аздың өзi

Көп зұлымның қолындағы молдан iзгi.



17Себебi зұлымның күшi жойылады,

Ал әдiлдi Жаратқан нығайтады.



18Miнсiздерге Жаратқан күнде көз салады,

Мұралы меншiктерi мәңгi қалады,



19Ауыр күнде олар масқара болмайды,

Аштық кезiнде тамағын тоя жейдi.



20Жаратқанның жаулары жойылады,

Зұлымдар даланың көркiндей солады,


Жайылған түтiндей ғайып болады.


21Арамза қарыз алып, қайтармайды,

Ал әдiл жаны ашып, қамқорлайды.



22Тәңiр жарылқағандар жердi мұралайды,

Ал Тәңiр қарғағандар қырғынға ұшырайды.



23Әдiлдiң қадамын Тәңiр нығайтады,

Жүрген өмiр жолын Ол ұнатады,



24Сүрiнсе әдiл, бiржола құламайды,

Тәңiр оны қолынан демеп қолдайды.



25Жас та болдым, ендi мiне, қартайдым,

Көрмедiм әдiлдiң бейшара болғанын,


Ұрпағының нан сұрап қайыршыланғанын.



26Қайта, күнде жаны ашып қарыз бередi,

Ұрпағы да елге игiлiк әкеледi.



27Жамандықтан без, жақсылық iсте,

Сонда мәңгi бақи жасайсың елiңде.



28Себебi Жаратқан әдiлдiктi қалайды,

Өзiне бағышталған жаннан бас тартпайды.

Сондайды мәңгi аман-есен сақтайды,


Ал сұмның ұрпағы қырғынға ұшырайды.



29Әдiлдер осылай елдi иеленер,

Өмiр бақи оны мекен етер.



30Әдiлдiң аузынан даналық шығар,

Тiлiмен лайым әдiлдiк айтар.



31Жүрегiнде Құдайының заңы қалар,

Әдiлдiк жолында аяғы нық болар.



32Арамза адам әдiлдi аңдиды,

Көзiн құртудың амалын iздейдi,



33Ал Иемiз әдiлдi оған қалдырмайды,

Әдiлге қарсы үкiм шығартпайды.



34Жаратқанға сүйенiп, Оның жолымен жүр,

Ол сенi көтерiп елдi иелентер,


Зұлымдардың құрығанын саған көрсетер.



35Бұтағын жайып, тереңге тамырлаған

Зор ағаштай сұм да қатал жанды байқағам,



36Ендi мiне, ол уақыты өтiп жоқ болған,

Iздесем де, оны мүлдем таба алман.



37Мiнсiздi бақыла, әдiлге қара:

Зор болашақ бар бейбiт адамда,



38Бiрақ заңсыздар түгел құртылады,

Сұмдардың болашағы қырғын болады.


39Әдiлдердi Жаратқан құтқарады,

Пәлеге тап болса, оларға пана болады,



40Жаратқан оларды қолдап құтқарады,

Зұлымдардың қолынан босатады,


Өйткенi олар Оған үмiт артады.



37

Қатты ауырған жанның мiнажаты


1(Дәуiттiң басына түскен жағдайын Құдайдың есiне салған жыры.)

2Уа, Жаратқан, қаһарланып сөге көрме,

Ашуланып менi жазалай көрме.



3Өзiң атқан жебелерiң денеме кiрдi,

Қолың зiлдей басты менiң үстiмдi.



4Қаһарыңнан денемде сау жерiм жоқ,

Күнәмнан жан-тәнiмде тыныштық жоқ.



5Iстеген күнәларым басымнан асты,

Ауыр жүктей денемдi жерге жанышты.



6Ақымақ iстерiмнiң кесiрiнен

Жараларым iрiңдеп, иiстенген,



7Иiлiп кеттiм тұла бойым бүгiлiп,

Күнi бойы жүремiн қайғыланып.



8Белiм менiң iсiп кетiп қабынған,

Денемде сау жерiм жоқ ауырмаған.



9Әбден әлсiреп, шалдығып-шаршаймын,

Жүрек азабынан қатты ыңқылдаймын.



10Уа, Ием, Саған аян бар қалауым,

Құпия емес Саған ыңқылдауым,



11Жүрегiм аласұрып, құрыды қуатым,

Көз жанарым суалып, қашты нұрым.



12Дос-жарандарым жарамнан қашқақтап,

Жақын туыстарым да тұр алшақтап.



13Жанымды алмақ болғандар тор құрады,

Жауларым қырғын туралы айтады,


Күн сайын қастық жайлы ақылдасады.



14Ал мен саңыраудай құлақ аспаймын,

Мылқау сияқты жағымды ашпаймын,



15Осылай құлағы естiмес адамдаймын,

Аузынан жауап шықпас мылқаудаймын.


16Өйткенi, Жаратқан Ие, Өзiңе сенем,

Сен жауап бересiң, уа, Құдай Ием.



17Сонда мен былай деп ойлаған едiм:

Дұшпандарым менi табаламасын,


Сүрiнiп құласам, олар паңданбасын.



18Себебi жақын қалдым құлдырауға,

Азабым әрдайым көз алдымда.



19Әдiлетсiз iсiмдi мойындаймын,

Жасаған күнәма қайғырудамын.



20Ал көп жауларым сергек жүрiп күшеюде,

Себепсiз жек көрушiлер көбеюде,



21Жақсылығыма жамандық қайтарады,

Iзгi жолмен жүргенiме қарсы шығады.



22Уа, Ием, менi жалғыз тастай көрме,

О, Құдайым, менен алыстай көрме.



23Асыға гөр маған көмек беруге,

Құтқарушым менiң, уа, Жаратқан Ие.



38

Ауыртпалық көрген жанның мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушы Едутунге арналған Дәуiттiң жыры.)

2Өзiме былай дедiм: «Мен сақ жүрейiн,

Тiлiммен күнә жасаудан безейiн,


Әдiлетсiз жан қасымда тұрғанда


Тiлiме берiк бұғау салайын да».



3Осылай аузымды ашпай үндемедiм,

Тiптi жақсылық жайлы да айтпадым,


Содан күшейе түстi қасiретiм.



4Жүрек жалындап, ойымда от тұтанды,

Тiлiмнен отты сөздер ағытылды:



5Көрсете гөр, Ием, ғұмырымның соңын,

Көрер күндерiмнiң бүкiл санын,


Өмiрiмнiң өткiншiлiгiн ұғайын.



6Бiр қарыстан ұзақ емес өмiрiм,

Қас қағым сәт ғұмыр жасым Сен үшiн.


Рас, алған демiндей әлсiз — пенде өмiрi,//



7Адамдар өмiрден елестей өтедi,

Мал-мүлiк жинап бекер әуреленедi,


Бiрақ соның кiмге тиерiн бiлмейдi.



8Ал қазiр, уа, Ием, ненi тосамын?

Тек Өзiңе үмiтiмдi артамын.



9Заңсыз iстерiмнен менi арылта гөр,

Зердесiздiң қорлауынан сақтай гөр.



10Ауызымды ашып, мен үндемеймiн,

Өйткенi осыны жасаған Өзiңсiң.



11Бұйырған пәлеңдi ала гөр менен,

Қолыңның соққысынан әлсiредiм мен.



12Күнәсi үшiн жазаласаң пенденi,

Күйе жеп қойғандай таусылар көрiгi,


Рас, алған демiндей әлсiз — пенде өмiрi!//



13Мiнажатыма, Ием, құлақ түршi,

Көмекке шақырған даусымды естiшi,


Менiң көз жасымды елемей жүрмешi,


Барлық ата-бабаларым секiлдi


Өзiңмен тұрамын жат жерлiк кiрмеше.



14Маған қарап тұрмашы ашуменен,

Қайтадан көңiлдi болайын мен


Ғайып болмас бұрын озып өмiрден.



39

Жаратқанға сенiмiн артқан бақытты!


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Мен нық сүйенiп келемiн Жаратқанға,

Бұрылып, құлақ түрдi Ол жалынышыма.



3Тәңiрiм қорқынышты шұңқырдан

Менi тартып шығарды ми балшықтан.


Дәу тастың үстiне қойды ((тұрғызды)) аяғымды,


Нық, қауiпсiз қылды қадамдарымды.



4Ол жаңа ән-жырды маған айтқызды,

Мадақтаймын мен өз Құдайымызды,


Мұны көрген көпшiлiк Жаратқанды


Қастерлеп, сенiмiн Оған артады.



5Менмендердiң қолдауын сұрамайтын,

Жалғанға сүйенгендерге бет бұрмайтын,

Жаратқанға сенiм артқан — бақытты жан!



6Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың,

Бiздiң игiлiгiмiздi ойлап тұрсың.


Игi iстерiңдi айтуға тырыссам,


Көптiгi сол, санауға жетпейдi сан:


Саған тең келе алмас бiрде-бiр жан!



7Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың,

Бiрақ маған Өзiңе құлақ түргiздiң,


Шалып өртелетiн не күнәның құнын


Өтейтiн құрбандықтар талап етпедiң.



8Сонда былай дедiм: «Мiне, келе жатырмын,

Орама кiтапта мен жайлы жазылған.


9Сенiң еркiңдi орындауға құштармын,

Уа, Құдайым, жүрегiмде Сенiң заңдарың».



10Үлкен жиында әдiлдiк уағыздадым,

Ием, Сен бiлесiң, үнсiз қалмадым,



11Iште жасырмадым әдiл хабарыңды,

Сенiмдiлiгiң мен құтқаруыңды,


Рақымың мен ақиқатыңды Өзiңнiң


Үлкен жиналыста айтпай қалмадым.



12Мейiрiңнен менi айырмашы, о, Ием,

Рақым мен шындығың менi қорғасын лайым.



13Сансыз пәле маған жан-жақтан лап бердi,

Күнәларым да менi қуып жеттi,


Солардың кесiрiнен жолымды көре алмаймын,


Басымдағы шашымнан көп саны олардың,


Үмiтiм үзiлiп, жүрексiз болдым.



14Уа, Ием, рақым етiп менi құтқаршы,

Көмек беруге маған асыға көршi.



15Жанымды құртпақ болғандар ұятқа қалсын,

Маған пәле тiлегендер масқаралансын.



16«Аһа, бұл жақсы болды» деп табалаған

Олар қара бет болып, таңғалсын соған.



17Бiрақ бет бұрып сиынғандар Саған

Өзiңе қуана берсiн шат-шадыман.


Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркiм:


«Иемiз мадақталсын!» деп дәрiптесiн!



18Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмiн,

Уа, Ием, Сен жағдайымды ойлайсың.


Құтқарушым мен қолдаушым Өзiңсiң,


Кешiге көрме, о, Құдайым менiң.



40

Науқас жанның мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Жарлының қамын ойлайтын жан бақытты!

Ауыр күнде Тәңiр соны құтқарады.



3Оны қорғап, өмiрiн аман сақтайды,

Жаратқан оны жерде жарылқайды,


Жауларының еркiне берiп қоймайды.



4Ауырғанда Тәңiр оған күш бередi,

Төсектегi оның халiн түзетедi.



5Иеме былай деп мiнажат еттiм:

«Рақымды бола гөр, уа, Жаратқан Ием,


Саған қарсы күнә жасаған едiм,


Сауықтыра гөр жан дүниемдi менiң!»



6Дұшпандарым жамандап былай дейдi:

«Қашан анау өлiп, аты өшедi?»



7Маған бiреу кiрiп-шықса жалған сөйлейдi,

Шынымен ол тек өсек-аяң жинайды,


Барған жерлерiнде сонысын жаяды.



8Менi жек көргендердiң барлығы

Өзара маған қарсы сыбырласады,


Былай деп жамандық ойластырады:



9«Оған қатерлi ауру жабысыпты,

Ол жатқан орнынан мәңгi тұрмайды!»



10Тiптi дастарқандас болып нанымды жеген

Сырлас досым, өзiм толық сенген,


Өзiмдi теуiп жiберу үшiн


Маған қарсы көтердi өкшесiн.



11Ал Сен, уа, Ием, рақымды бола гөр,

Сауықтырып орнымнан тұрғыза гөр,


Оларға лайықтысын қайтарайын.



12Жауымның менi жеңiп шықпағанынан

Ұғамын риза екенiңдi маған.



13Адал жүрген менi аман сақтайсың,

Көз алдыңа мәңгiлiкке орнатқыздың.



14Исраил сиынатын Құдай Ие

Лайым мадақтала берсiн мәңгiлiкке!


Аумин, иә, аумин.



41

Құдайды аңсау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)

2Марал қалай аңсаса мөлдiр суды,

О, Құдай, жаным солай Сенi аңсайды.



3Жаным шын Құдайды iздеп шөлiркейдi,

Мен қашан Құдайыма бара аламын,


Қашан алдында Оның бола аламын?



4Көздiң жасын көл қылдым күндiз-түнi,

Себебi адамдар менен күнi бойы:


«Құдайың қайда?» деп сұрай бередi.



5Сырымды Саған ақтарған кезiмде

Мынау бiрден түседi менiң есiме


Мен көпшiлiктi жетелеген едiм,


Құдайдың үйiне қарай өрледiм,


Мейрамдаған топпен бiрге сол жерде


Шат-шадыман болып шүкiрлiк еттiм.



6Жан дүнием, неге сен мұңаясың,

Бойымда алаңдап, неге мазасызсың?


Жалғыз Құдайдан үмiтiңдi үзбе!


Өйткенi Құтқарушымды — өзiмнiң


Құдайымды мадақтаймын әлi де.



7Мұңаяды iшiмдегi жан дүние,

Мен Иордан жағасындағы елде,


Хермон, Мизар тауларының жерiнде


Аңсап ойлайтын боламын Сенi.



8Сарқыраған суларың долданғанда

Ұласа бередi тасқын тасқынға,

Сенiң бар суларың, толқындарың да


Менi басып, асып кетiп жатты да.



9Күндiз Тәңiрiм рақым жасап маған,

Түнде Оны мақтап, жырлап шығамын,


Өзiме өмiр берген Құдайыма


Мен мiнажаттарымды бағыштаймын.



10Маған жар болып келген Құдайдан:

«Нелiктен Сен менi есiңнен шығардың?


Нелiктен мен қысым көрiп жауымнан,


Сонша қайғырып жүрмiн?» деп сұраймын.



11Дұшпандарымның мысқыл кекесiнi

Жаныма менiң қатты батады;


Себебi олар менен күнi бойы:


«Құдайың қайда сенiң?» деп сұрайды.



12Жан дүнием, неге сен мұңаясың,

Бойымда алаңдап, неге мазасызсың?


Жалғыз Құдайдан үмiтiңдi үзбе!


Өйткенi Құтқарушымды — өзiмнiң


Құдайымды мадақтаймын әлi де.


Аумин.



42

Құдайдың жер бетiндегi тұрағын аңсау

1Уа, Құдай, үкiм шығарып менi ақташы,

Бұл мейiрiмсiз халықтан менi қорғашы,


Әдiлетсiз өтiрiкшiлерден құтқаршы!



2Өйткенi Сен бас сауғалайтын қорғанымсың,

Неден менен бас тартып, жалғыз қалдырдың?


Неден жаудан қиналып жүруге тиiспiн,


Неге қайғы-қасiрет шегуге мәжбүрмiн?



3Уа, Ием, нұрың мен шындығыңды жiбершi,

Киелi тауыңа маған жол көрсетсiншi,


Сен мекендейтiн орынға жетелесiншi,



4Сонда Саған арналған құрбандық үстелiне,

Әрi шаттығым мен рақатымның көзiне —


Уа, Құдайым, Өзiңнiң алдыңа барамын,


Жетiгенмен Саған, Құдайым, мақтау айтамын.



5Жан дүнием, неге сен мұңаясың,

Бойымда алаңдап неге мазасызсың,


Жалғыз Құдайдан үмiтiңдi үзбе!


Өйткенi Құтқарушымды — өзiмнiң


Құдайымды мадақтаймын әлi де!



43

Озбырлық көрген халықтың Құдайдан құтқаруын сұраған мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)

2Уа, Құдай, бiздер әкелерiмiзден

Хабарды естiдiк құлағымызбен


Ежелгi iстерiң жайлы құдiретiңмен


Бабалар заманында Сен iстеген.



3Қыңыр ұлттарды Сен елден қуып шықтың,

Ал бабаларымызды орнықтырдың.


Сол тайпаларды Сен езiп тастадың,


Ал бабаларымызды азат қылдың.


4Олар елдi семсерiмен басып алған жоқ,

Өз бiлек күштерiмен азат болған жоқ,


Мұны iстеген Сенiң ұлы құдiретiң,


һәм бет-жүзiңнiң нұры: Сен рақым еттiң.



5Сен менiң Патшам әрi Құдайымсың,

Жақыпқа құтқарылуды сыйлағансың,


6Сенiмен жауларымызды соққылаймыз,

Сенiң атыңнан дұшпанды таптаймыз.



7Садағыма артпаймын мен сенiмiмдi,

Құтқара да алмайды қылышым менi,



8Жауларымыздан Сен бiздi құтқарасың,

Бiздi жек көргендердi масқара қыласың.



9Күн сайын Құдайды айтып мақтанамыз,

Атыңды мәңгiлiк мадақтайтын боламыз.



10Ал қазiр бiздi тастап, ұятқа қалдырдың,

Бiздiң әскермен бiрге аттанбадың,



11Жауымыздан қашуға мәжбүр қылдың,

Дұшпандарға бiздi тонатып қойдың,



12Бiздi сойылатын қойдай тапсырдың,

Халықтар арасына шашыраттың,



13Өз халқыңды арзанға сатып жiбердiң,

Бiздiң құнымызды әбден түсiрдiң.


14Көршiлерiмiзге бiздi қорлаттың,

Маңымыздағыларға мазақтаттың,



15Қыңыр ұлттардың қорлауына қалдырдың,

Оларға бiздi елетпей бас шайқаттың.



16Масқарамыз күнде алдымыздан шығады,

Халқымыз ұяттан қара бет болады,



17Жалақордың ұрысын естiп тұрамыз,

Кек алмақ жаудың бетiн көрiп тұрамыз.



18Осының барлығына ұшырадық,

Алайда бiздер Сенi ұмытпадық,


Сенiң келiсiмiңдi де бұзбадық.



19Жүрегiмiз Сенен бас тартқан да жоқ,

Аяғымыз жолыңнан тайған да жоқ.



20Сонда да Сен бiздi талқандап қираттың,

Елдi шиебөрiнiң тұрағы еттiң,


Басымызға ажал қаупiн төндiрдiң.


21Егер Құдайымыздың атын ұмытсақ,

Бөтен «тәңiрге» қол жайып сиынсақ,



22Әлде Құдай мұны бiлмес пе едi?

Ол жүрек құпияларын да бiледi!



23Ал, Сен үшiн бiздi күнде жоюда,

Сойылатын қой деп бiзге қарауда.



24Уа, Жаратқан, неге «жатырсың ұйқыда»?

«Серпiлiп», бас көтершi бiздi қорғауға,


Мәңгi бақи бiзден бас тартпа!



25Неге бiзден бет-жүзiңдi жасырасың,

Қайғы мен жәбiрiмiздi ұмытасың?



26Өйткенi ажал аузында жандарымыз,

Әрi жерге жабысуда тәндерiмiз.



27Тұрып орныңнан, бiздi қолдай гөр!

Рақымыңа бола бiздi құтқара гөр!



44

Патшаның үйлену тойына арналған ән


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «қызғалдақтар» әуенiмен айтылатын Қорах ұрпақтарының насихат жыры әрi махаббат әнi.)

2Патшаға арнап әнiмдi айтқанда

Жүрегiмнен iзгi сөз құйылуда,


Тiлiм ұқсас хатшының жүйрiк қаламына.



3Сен әсемсiң күллi адам баласынан,

Мейiрiмдi сөз ағылады аузыңнан,


Құдай Сенi мәңгiлiкке жарылқаған.



4Уа, батыр, семсерiңдi асынып ал,

Зор даңқ пен ұлылыққа бөленiп ал.



5Осы салтанатыңмен жеңiске аттан

Ақиқат, кiшiпейiлдiк, әдiлдiк үшiн,


Мықты оң қолың ғажап iстер iстесiн.



6Жебелерiң үшкiр, олар патшаның

Жауларының жүрегiне дәл қадалсын,


Барлық ұлттар да аяғыңа жығылсын.



7Сенiң тағың, Құдай, сақталады мәңгiлiк,

Жүргiзесiң Патшалығыңа әдiл билiк,


8Жек көрiп заңсыздық, әдiлдiк сүйесiң.

Сондықтан да Құдай, өз Құдайың Сенiң,


Өзiңдi тағайындап, сыйлады Саған

Серiктерiңнен гөрi шаттықты молынан.



9Хош иiстi сенiң күллi киiмдерiң

Мүр, алой, қасия деген жұпар затпен,


Көңiлiңдi көтередi сазды әуен


Пiл сүйегiмен безенген сарайыңнан.



10Сенiң құрмет тұтатын жұбайларың

Арасында бар қыздары патшалардың.


Оң жағыңда отыр опырлық саф алтын

Әшекейлер тағып алған патшайымың.



11Тыңда, қызым, ұғып ал, тос құлағыңды:

Ендi ұмыт шыққан әулет, халқыңды.



12Патша ұнатады сұлулығыңды,

Ол тақсыр иең сенiң, ардақта оны!



13Тирдiң халқы сыйлықтарымен келедi,

Елдiң байлары ықыласыңды iздейдi.



14Қалыңдық ханшаң отыр өз бөлмесiнде

Алтын кестелi көйлегi бар үстiнде,



15Түрлi түстi киiмiмен әкелiнедi,

Құрбы қыздары соңынан iлеседi,


Барлығы да Сенiң алдыңа келедi,



16Зор қуаныш, шаттықпен бастап әкелiнедi,

Патша сарайыңа салтанатпен енедi.



17Ұлдарың орнын басады аталарыңның,

Бар елге оларды әкiм етiп қоясың.



18Бар ұрпаққа сыйлатамын есiмiңдi,

Халықтар дәрiптейдi мәңгi Өзiңдi.



45

Құдай — берiк қорғанымыз


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, сопрано дауыспен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.)

2Құдай — бiздiң панамыз да күшiмiз,

Қиын кезде сенiмдi көмекшiмiз.



3Сол себептен бiз уайымдап қорықпаймыз,

Дүниенiң астан-кестенi шықса да,


Таулар теңiз тұңғиығына құласа да,



4Теңiз долдана ақ көбiк атқыласа да,

Толқынынан тау сiлкiнiп жатса да.


(Әлемнiң Иесi жанымызда,


Жақып сиынған Құдай — биiк қоғанымыз да!)



5Құдайдың таңдап алған қаласына,

Алла Тағаланың киелi үйiне


Оның рақымы бұлақтың суындай


Әрдайым нәр берiп қуантуда.



6Құдай осы қаланың ортасында,

Ешқашан қозғалмайды да сол қала,


Құдай көмегiн бередi таң ата.



7Халықтар абыржи толқып,

Патшалардың тақтары шайқалады,


Алла Тағаланың үнi естiлiп,


Бүкiл жер бетi балқып жоқ болады.



8Әлемнiң Иесi жанымызда,

Жақып сиынған Құдай — биiк қорғанымыз да!



9Келiп көрiңдер Иенiң iстерiн,

Ол ойрандатты жаулардың жерлерiн,



10Дүниедегi соғыстарды тоқтатып,

Садақ, найза атаулыны сындырып,


Күймелердi қиратты отқа жағып.



11«Тынышталыңдар барлығың ендi,

Бiлiңдер Менiң Құдай екенiмдi!


Басқа халықтар Менi құрметтейдi,


Дүние жүзiнде Менi қастерлейдi».



12Әлемнiң Иесi жанымызда,

Жақып сиынған Құдай — биiк қорғанымыз да!


Аумин.



46

Құдайдың халықтарға жүргiзетiн билiгi


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, Қорах ұрпақтарының жыры.)

2Күллi ұлттар, Құдайға қол соғыңдар,

Шаттық үнмен дауыстап Оны мақтаңдар!



3Себебi Жаратқан — Хақ Тағала айбатты,

Ол бүкiл жер бетiнiң ұлы Патшасы,



4Бiзге халықтарды бағындырады,

Жау ұлттарды табанымызға салады.



5Өзi сүйген Жақыптың мақтаулы елiн

Үлесiмiзге таңдады Ол бiз үшiн.//



6Құдай Ие халқының шаттық айқайымен

Тұрағына көтерiлдi, Һәм керней үнiмен.



7Әндетiңдер, Құдайға ән-жыр шырқаңдар,

Күй тартып та Патшамызды мадақтаңдар!



8Құдай — Патшасы күллi жер бетiнiң,

Лайым Оған айтыңдар мадақтау жырын!



9Құдай халықтарға билiгiн орнатты,

Киелi тағына Ол отырып алды.



10Жиналады басқа ұлттардың төрелерi

Ыбырайым сиынған Құдайдың үмбетiне.


Жер бетiнiң бар патшалары Құдайдiкi,

Бәрiнен де Ол жоғары дәрежелi!



47

Құдайдың таңдаған қаласына деген қуаныш


1(Қорах ұрпақтарының әнi әрi жыры.)

2Құдайдың таңдап алған қаласында,

Оның қасиеттi Сион тауында


Жаратқан Иемiз теңдессiз ұлы,


Ол мадақталуға әбден лайықты.



3Әсем де биiк Сион тауы —

Күллi әлемнiң қуанышы,


Таудың солтүстiк жағындағы\f * 3 Немесе: Солтүстiктегi (қасиеттi) таудағы.\f*

Ұлы Патшаның астанасы,



4Бекiнiстi сарайларында Құдай

Белгiлi қорғаушы, баспанадай.



5Патшалар күштерiн жинаған едi,

Шайқасқа бiрiгiп аттанған едi.



6Олар қаланы көрiп, аң-таң болды,

Үрейленiп, түгел қаша жөнелдi,



7Бойларын қорқыныш кернедi,

Толғатқан әйелдей қиналды.



8Теңiз кемелерiн шығыстың дауылы

Қиратқандай, құрттың Сен оларды.



9Құлағымызбен мынаны естiген едiк,

Әлем Иесiнiң қаласынан соны көрдiк,


Құдайымыздың осы шаһарынан:


Өз қаласын нығайтады Ол әрқашан.



10Уа, Құдай, ғибадатханаңда

Ойландық мейiрiмiң жайында,



11Уа, Құдайым, Сенiң атың да,

Саған арналған мадақтау да


Жердiң төрт бұрышына жайылады,


Құдiреттi қолың әдiлдiк орнатады.



12Сенiң әдiл билiгiңе бола

Шаттанады Сион тауы да,


Қуанады Яһуда қалалары да.



13Сионға жақындап барыңдар,

Шаһарды айналып шығыңдар,


Барлық мұнараларын санаңдар,



14Қамалдарына назар аударыңдар,

Сарайларын да қарап шығыңдар.


Келер ұрпаққа мынаны айтыңдар:



15Бұл Құдай — мәңгiлiк Құдайымыз,

Демiмiз бiткенше Ол — жетекшiмiз.



48

Ақылсыздық пәниге сенiм артқан


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Қорах ұрпақтарының жыры.)

2Күллi халықтар, мынаны тыңдаңдар,

Әлемнiң тұрғындары, құлақ асыңдар,



3Қатардағылар және атақтылар,

Байлармен бiрге жарлылар, ден қойыңдар!



4Даналық сөздер шығады аузымнан,

Жүрек толғанысым бiлiкке толған,



5Нақыл сөзге құлағымды саламын,

Жетiген тартып жұмбағымды ашамын.



6-7 Ауыртпалық күндерi қорықпаймын,

Қоршаса да менi алдамшылардың


Зұлымдығы: әл-ауқаттарына олар


Сүйенiп, зор байлығымен мақтанар.



8Ал адам жанын пенде ажалдан босатпас,

Оның төлемiн Құдайға бере алмас.



9-10 Пенденiң мәңгi өмiр сүруi үшiн,

Қабiрге түсiп, шiрiмеуi үшiн


Төлем төлеп босатудың бағасы


Тым қымбат, iстемес адам баласы.



11Данышпанның да өлгенiн жұрт көредi,

Дәл солай ақымақ пен ессiз де өледi,


Мал-мүлкiн басқаға қалдырғанын бiледi.



12Ессiздердiң ойынша мәңгi өз үйлерi,

Ұрпақтан ұрпаққа сақталар мекендерi,


Әрi өз аттарымен аталған жерлерi.



13Ал қадiрлi адам да мәңгi қалмайды,

Өлiп құритын хайуанға ұқсайды.



14Мiне, бұл — ақымақтың жүрер жолдары,

Сөздерiн қолдайды iзбасарлары.//



15Олар қойлардай өлiмге ұшырар,

Ажал оларды бағатын болар,


Тәндерi құрып, қабiрдi мекендер,


Таңертең әдiлдер үстемдiк етер.



16Ал жанымды Құдай қабiрден құтқарады,

Ол менi Өзiне қабылдайтын болады.//



17Уайымдама, бiреу тым баи қалса,

Үйiнiң салтанаты молайғанда,



18Өлгенде өзiмен еш нәрсе алмайды.

Салтанаты оған ерiп бармайды.



19Тiрi кезде ол бақытты сезiндi,

Өркендегенде жұрт оны дәрiптедi.



20Бiрақ ол да бабаларына аттанады,

Өмiр нұрынан ендi ада болады.



21Байлығына мастанған ақылсыз жан

Iспеттi — кейiн өлiп құритын хайуан.



49

Құдай Тағалаға ұнамды ғибадат

(Асафтың жыры.)

1Құдiретi күштi Құдай — Жаратқан

Үн қатып, батысқа дейiн күншығыстан


Әлемдегi адамзатты шақырған.



2Мүлтiксiз көрiктi Сион тауынан

Құдайдың салтанаты көрiнiс тапқан.



3Құдайымыз келедi, Ол үнсiз қалмайды,

Оның алдынан от жалындап жалмайды,


Алапат дауыл айналасында соғады.



4Көк пен жердi куәлiкке шақырады,

Таңдаған халқын соттауға барады:



5«Қасыма жинаңдар сенiмдi халқымды,

Құрбандық шалып келiсiм жасағандарды!»



6Көк сонда Оның әдiлдiгiн паш етедi,

Себебi соттайтын — Құдайдың Өзi.//



7«Тыңда Менi, Исраил халқым, былай деймiн:

Саған қарсы куәлiк келтiремiн,


Мен Құдаймын, иә, сенiң Құдайыңмын!



8Шалған малдарың үшiн шағым айтпаймын,

Өртеген құрбандықтарыңа қараймын,



9Бiрақ қаламаймын жас бұқаңды қораларыңнан,

Немесе текелерiңдi шарбақтарыңнан,



10Өйткенi орманның әр аңы Менiкi,

Әрi Менiң малым мыңдаған төбедегi,



11Барлық құсты бiлемiн таулардағы,

Хайуандар да Менiкi даладағы.



12Ашықсам Мен саған айтпас та едiм,

Бар әлем мен ондағылар өз меншiгiм.



13Шалынған бұқаның етiн жеймiн бе,

Не текелердiң қанын iшемiн бе?



14Жоқ, тарту қылып мақтау ұсын Құдайға,

Берген сертiңдi орында Хақ Тағалаға.



15Қиындық көргенiңде шақыр Менi,

Сонда құтқарып аламын сенi,


Ал өзiң мадақтайтын боласың Менi».



16Бiрақ Құдай былай дейдi арамзаға:

«Қандай қақың бар жарлықтарымды айтуға,


Келiсiмiмдi аузыңа алуға?



17Ал өзiң ескертуiмдi жек көресiң,

Айтқан сөздерiмдi менсiнбейсiң.



18Ұрыны көрсең оған қосыласың,

Нәпсiқұмарлармен де араласасың.


19Сенiң аузыңнан жамандық шығады,

Тiлiң өтiрiктi торлап тұрады.



20Отырып алып бауырыңды ғайбаттайсың,

Өз анаңның ұлын нақақ жамандайсың.



21Сен солай iстегенде Мен үндемедiм,

Сонда Менi өзiңдей есептедiң.


Ал қазiр Мен сенi сақтандырамын,


Күнәларыңды көз алдыңа қоямын».



22«Құдайын ұмытқандар, ұғыңдар бұл жайды:

Жазалап, быт-шыт қылсам, ешкiм құтқармайды.



23Менi мақтайтын жан құрмет көрсетер Маған,

Сақтанып жүргенге құтқаруымды ашам».


50

Құдайдан кешiрiм сұрау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Барсабиямен жақындасып күнәға батқан Дәуiтке Натан пайғамбар келгенде айтылған мiнажат.

3Шексiз сүйiспеншiлiгiңе бола,

О, Құдайым, маған рақым ете гөр,


Мейiрiмiңнiң молдығына бола


Қылмыстарымды өшiрiп тастай гөр!



4Менi әдiлетсiздiгiмнен арылтып,

Күнәларымнан түгел тазарта гөр!



5Қылмыстарымды жақсы бiлемiн де,

Күнәларым әрдайым тұр есiмде.



6Сенiң Өзiңе қарсы күнә жасап,

Көз алдыңда зұлымдық iстедiм де.


Осылайша әдiл — Сенiң айтқандарың


Мүлтiксiз де — шығарған үкiмдерiң.


7Мен күнәкар болып дүниеге келдiм,

Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едiм.


8Сен жүректiң таза болуын қалайсың,

Жан дүниеме даналық та құясың.



9Маған құрбандық қанын себелей гөр,

Сонда көз алдыңда таза боламын,


Сен менi күнәмнан жуып-шая гөр,


Сонда қардан да аппақ тазарамын.



10Шаттықты маған қайта естiрте гөр,

Сен әлсiреткен денемдi қуанта гөр,



11Күнәларыма назар аудармай-ақ,

Бар қылмыстарымды өшiрiп тастай гөр.



12Уа, Құдайым, жүрегiмдi тазарта гөр,

Рухымды берiк қылып, жаңарта гөр.


13Қасыңнан менi қуып шыға көрме,

Киелi Рухыңды менен ала көрме,



14Менi құтқарғаныңа қуантып тағы,

Сыйлай гөр азғырылмайтын, берiк рухты.



15Әдiлетсiздерге жолыңды нұсқайын,

Күнәкарлар Саған бұрмақ беттерiн.



16Қан төккен менi арылта гөр кiнәмнан,

Сенсiң ғой жалғыз Құтқарушы Құдайым.


Тiлiммен әдiлдiгiңдi мадақтаймын.



17Аузыма ерiк бере гөр, Жаратқан Ием,

Сенi емiн-еркiн мадақтап, дәрiптейiн.



18Құрбандық шалуымды қаламай тұрсың,

Өртеу құрбандығын да ұнатпай тұрсың,


Әйтпесе оларды ұсынар да едiм.



19Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық —

Күнәсына шынымен өкiнген рух,


Шын өкiнiп, бағынған жүрекке Сен


Терiс қарамайсың, уа, Құдай Ием.



20Игi еркiңмен Сионды өркендете гөр,

Қамалын оның тағы тұрғыза гөр.



21Сонда Саған ұнамды пәк тартулар

Шалынбақ, Һәм өртелетiн құрбандықтар,


Үстелiңе торпақтар да ұсынылмақ,


Сенiң жолыңа солар бағышталмақ.


Аумин.



51

Менмен дұшпан қаралағанда Құдайға сенiм артқан мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң насихат жыры.

2Едомдық Доиқтың Саулға барып, Дәуiттiң Ахимелехтiң үйiне кiрiп-шыққаны жайлы хабар жеткiзгенi туралы.)

3Мықты жан қылмысыңа неге мақтанасың,

Бiрақ Құдай маған төгедi рақымын,


Ұзақты күн құрту жайлы ойланасың,



4Тiледi өткiр ұстарадай өз тiлiң,

Өтiрiктi айтуға хас шеберсiң.



5Зұлымдықты артық көресiң жақсылықтан,

Алдауды да ақиқатты айтудан.//



6Ей, алдамшы тiл, сен өзгенiң жанын

Жарақаттар сөздi айтуды ұнатасың!



7Содан да Құдай сенi мәңгi құртады,

Үйiңнен күшпен қуып шығарады,


Тiрiлер арасынан аластатады.//



8Әдiлдер мұны көрiп қайран қалады,

Былай деп келекелейдi сол арамды:



9«Мiне, Құдайды паналамаған жан,

Қайта, мол байлығына арқа тұтқан,


Зұлымдықпен одан бетер нығайған».



10Ал мен Құдайдың киелi үйiнiң

Iшiнде жасыл зәйтүндей өсiп-өнемiн,

Құдайдың рақымына мәңгi сенемiн.



11Уа, Ием, Сенi игi iстерiң үшiн

Халқыңның алдында лайым дәрiптеймiн,


Iзгi мейiрiмiңе сүйенемiн.


52

Құдайсыздар мазақтаған бейшараның мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, қиын-қыстау кезде айтылатын Дәуiттiң насихат жыры.)

2Ақылсыздар iштей «Құдай жоқ!» деп ойлайды,

Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды,


Жақсылық жасайтын ешқайсылары болмайды.



3Құдай көктен көз салады адам баласына,

Ақылды бiреу бар ма бет бұратын Құдайға


Деп байқайды Ол.



4Әркiм тайып кеттi терiс жолға,

Әбден бұзылып кеттi бiрiгiп барлығы да.


Жақсылық жасайтын ешкiм жоқ, тiптi бiр жан да.



5Сұмдық жасаушылар ақылға келмес пе екен?

Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен,


Құдайға сиыну ойларына түспеген.



6Қорқыныш оларды құрсауға алатын болады,

Қауiп-қатер жоқ жерде үрейлерi ұшады.


Қамаған жауыңның сүйектерiн Құдай шашады,


Сен масқаралайсың Құдай бас тартқан оларды.



7Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге!

Құдай өз халқын тұтқыннан азат еткенде


Жақыптың үрiм-бұтағы қатты қуанады,


Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!



53

Қиын-қыстау кезде Құдайға сенiм арту


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, iшектi аспаптардың сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң насихат жыры.

2Зифтiктер Саулға келiп: «Дәуiт бiздiң жақта тығылып жүр екен!» деп хабар жеткiзгендерi туралы.)

3Уа, Құдай, ұлы атың үшiн құтқара гөр,

Зор құдiретiңмен мүддемдi қорғай гөр!



4Уа, Құдайым, дұғама құлақ сала гөр,

Аузымнан шыққан сөздерге көңiл бөле гөр!



5Бөгде адамдар маған қарсы шықты,

Зұлымдар жанымды менiң алмақшы,


Олар еш ойламайды Құдай туралы.//



6Алайда Құдай маған жар болады,

Ием жан дүниемдi нығайтады.



7Сұмдығының есесiн жауыма қайтаршы,

Адалдығыңа сай оларды тоқтатшы!



8Өз еркiммен Саған құрбандық шаламын,

Уа, Ием, iзгi атыңа мақтау айтамын.



9Сен құтқарып алдың менi бар пәледен,

Жауымның жеңiлгенiн көрдiм көзiммен.



54

Сырлас досы опасыздық жасаған жанның мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, iшектi аспаптардың сүйемелдеуiмен айтылатын Дәуiттiң насихат жыры.)

2Уа, Құдай, мiнажатыма құлақ түршi,

Жалынышымды елемей жүрмешi,



3Назар аударып, маған жауап бершi.

Ыңқылдап, абыржып жүрмiн қайғыдан



4Және дұшпандарымның зор даусынан

Әрi әдiлетсiздердiң қыспағынан.


Олар басыма азап жаудырады,


Ашулана жала да жабады.



5Жүрегiм қинала дiрiлдейдi,

Өлiмнiң қорқынышы тап бередi.



6Үрей мен дiрiлдеу басып алады,

Қалтырау тұла бойымды билейдi.



7Сонда мен тiлек тiлеп былай дедiм:

«Көгершiннiң қанатын маған берер кiм,


Бұл жерден ұшып кетiп, тыншыр едiм,



8Алысқа ұшып, айдалада қалар едiм,

9Қастық дауылынан тез құтылар едiм».

10Уа, Ием, зұлымдарды абыржытып,

Берекесiн ал тiлдерiн шатастырып.


Қаладан зорлық-зомбылық тұрмын көрiп.



11Күнi-түнi қамалын аңдып жүредi,

Сұмдық пен пәлеге толы қала iшi.



12Тонаушылық пен өлiм мол қалада,

Жалғандық пен зорлық бiтпес базарда.



13Жауым қараласа соған төзер едiм,

Дұшпаным бас көтерсе жасырынар едiм.



14Бiрақ мұны iстеген қатарласым

Сенсiң, жаныма жақын сырлас досым,



15Қандай ғажап едi қарым-қатынасымыз,

Құдайдың үйiне жұртпен барғанымыз.



16Арамдық мекендейдi араларында,

Табан астынан жетсiн ажал оларға,


Тiрiдей түссiн олар тұңғиыққа.



17Ал мен Құдайды көмекке шақырам,

Сонда менi құтқарады Жаратқан.



18Ертеңгiсiн, тал түсте және кешқұрым

Дауыстап Құдайыма жалбарынамын,


Сонда Ол естидi даусымды менiң.



19Маған қарсы шығып, шайқасқан көп жаудан

Құдай жанымды құтқарып алады аман.



20Құдай мәңгi тақта отырып келедi,

Менi естiп, жауды Өзiне бас игiзедi.//


Олар iс-әрекеттерiн өзгертпей келдi,


Құдайдан қорқып, Оны қастерлемей келдi,



21Жау жасасқан келiсiмiнен бас тартты,

Өзiмен тату тұрғандарға қарсы шықты,



22Сары майдан жұмсақ айтқан сөздерi,

Бiрақ қастандыққа толы жүректерi,


Иiсмайдан да жағымды айтқандары,


Шынымен жалаң семсердей астарлары.



23Жаратқан Иеге арт уайымыңды,

Ол сенi қолдап, ойлайды қамыңды,


Мәңгiлiк құлатпайды әдiл жанды.



24Алайда, уа, Құдайым, сол сұмдарды

Тастайсың Сен тұңғиық шыңырауға,


Қанiшер жауыздардың жандары


Құриды жетпей-ақ жасының жартысына.


Ал мен болсам сенемiн Жаратушыма.



55

Құдайға сенiм бiлдiрген мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Алыстағы үнсiз көгершiн» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң мiнажаты. Өзiн фiлiстiрлер Ғат қаласында ұстап алған кезi туралы.)

2Уа, Құдай, бола гөр маған мейiрiмдi,

Адамдар ұмтылады таптауға менi,


Күнi бойы қыспақтап, тап бередi.



3Жауларым күнде қудалап өкшелейдi,

Менмендер маған қарсы бас көтередi.



4Қорыққанда Саған артам сенiмiмдi.

5Құдайға сенiп ендi қорықпаймын,

Берген сөзi үшiн Оны мадақтаймын,


Сонда пенде не жасай алады маған?



6Күнде жаулар сөздерiмдi бұрмалайды,

Әрдайым маған қарсы қастық ойлайды,



7Жасырынып бiр жерге жиналады,

Бар қадамдарымды бақылап тұрады,


Аңдып жанымды алуға ұмтылады.



8Уа, Құдай, сұм iстерiмен құтылтпашы,

Қаһарланып, қыңыр ұлттарды құлатшы.


9Мүсәпiрлiгiм түгел Өзiңе айқын,

«Құтыңа» жинап қой көз жасымның бәрiн,


Жазылған жоқ па олар кiтабыңда Сенiң?



10Сиынып сұрасам қолдауыңды Сенiң,

Керi шегiнедi жауларым менiң,


Содан Құдайдың жар екенiн бiлемiн.



11Берген сөзi үшiн Құдайды даңқтаймын,

Берген сөзi үшiн Иемдi мақтаймын.



12Құдайға сенiп ендi қорықпаймын,

Сонда пенде не жасай алады маған?



13Уа, Құдайым, мен Өзiңе бағыштаймын

Берген уәдеме сай шүкiрлiк тартуларын.


14Өйткенi сүрiнуден аяғымды сақтадың,

Ажалдың аранынан жанымды құтқардың.


Осылай Сен менi Өзiңнiң алдыңда


Аман жүрсiн дедiң өмiрдiң нұрында.


56

Қиын-қыстау кездегi мiнажат пен мадақтау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Құрта көрме» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң мiнажаты. Дәуiттiң Саулдан бас сауғалап таудағы үңгiрге жасырынғаны туралы.

2Мейiрленiп, Құдай, рақым етшi маған,

Өйткенi үмiтiмдi артамын Саған,


Пәле-жала өткенше бас сауғалайын,


Қанатыңның аясын паналайын.



3Сиынып тұрамын Хақ Тағалаға,

Маған игiлiк жасаушы Құдайға.



4Көктен көмек жолдап, аман сақтайды,

Менi қудалағанды қорлайды.//


Құдай рақымы мен шындығын сыйлайды.



5Айналам толы жыртқыштар арыстандай,

Сол жандардың тiлдерi өткiр қылыштай,


Тiстерi үшкiр жебе мен найзадай.



6Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,

Күллi әлемде Сенiң даңқың артсын!



7Дұшпандарым маған арнап тор құрды,

Сондықтан еңсем түсiп, көңiлiм қалды.


Жолыма олар тұзақ құрып, ор қазды,


Алайда соған өздерi құлады.//



8Уа, Құдай, жүрегiм Саған сенiмдi,

Өзiңе арнаймын мен ән-күйiмдi.



9Жан дүнием, ояншы, сергек болайын,

Жетiген мен домбыра, болыңдар дайын,


Атар таңды әнiммен оятайын.


Жұрт алдында, уа, Ием, Сенi дәрiптеймiн,


Ұлттар арасында Сенi әндетемiн,



11Себебi рақымың заңғар аспандай,

Ақиқатың Сенiң биiк бұлттардай.


12Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,

Күллi әлемде Сенiң даңқың артсын!



57

Әдiлетсiз билердi жазалауды сұраған мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Құрта көрме» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң мiнажаты.)

2Уа, билер, шындықты айтасыңдар ма,

Жұртқа әдiл үкiм шығарасыңдар ма?



3Жоқ, iштей әдiлетсiздiк ойлайсыңдар,

Елге билiк айтып зомбылық жасайсыңдар!



4Зұлым туғаннан-ақ жолдан адасады,

Құрсақтан-ақ жаңылып, жалған айтады.



5-6 Сөздерi зәрлi жыланның уындай,

Азат арбаушының да даусын тыңдамай


Құлағын бiтеген улы жыландай.



7Уа, Құдай, олардың тiстерiн қиратшы,

Ием, арыстандай жақтарын күйретшi,


8Ағып кеткен судай олар жоғалсын,

Тартқанда жебелерi сынып қалсын,


9Жорғалап, жоқ болар ұлудай құрысын,

Тасталған түсiктей күн көзiн көрмесiн!



10Тiкендi бұтақ жанған от үстiндегi

Қазанның тез қайнайтыны секiлдi,


Құдайдың қаһары сол тiрiлердi


Құйындай көтерiп алып кетедi.



11Құдайдың кек алғанын көрiп, әдiл шаттанар,

Зұлымның күйреуiне қатты қуанар.



12Жұрт былай дер: «Рас, әдiл сыйын алады,

Жерде шынымен Құдай үкiм шығарады!»



58

Мейiрiмсiз жаудан қорғайтын баспана — Құдай


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Құрта көрме» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң мiнажаты. Саул патшаның Дәуiттi өлтiру үшiн оның үйiн күзеттiрген кезi туралы.)

2Уа, Құдайым, құтқара гөр жауларымнан,

Сақтай гөр менi қарсыластарымнан,



3Арашалашы әдiлетсiздерден,

Аман сақташы қанiшерлерден.



4Уа, Ием, олар жанымды аңдып жүр,

Маған қарсы мықтылар жиналып тұр,


Ал не қылмысым, не күнәм болмай тұр.



5Еш кiнәм жоқ, бiрақ олар асығып жүр,

Маған қарсы аттануға даяр тұр.


Менi қорғап-қолдауға тұра көршi,


Мүшкiл жағдайыма көз сала көршi.



6Құдiреттi Құдай, әлемнiң Иесi,

Исраилдiң сиынатын Тәңiрi,


Ендi көктегi тағыңнан көтерiлшi,


Өзiңе бағынбайтын ұлттарға тап бершi,


Зұлым опасыздарға рақым көрсетпешi.//



7Дұшпандарым кешқұрым керi қайтады,

Қаланы аралап иттерше ұлысады.



8Ауыздарынан жамандық бұрқыратады,

Тiлдерi семсердей жарақаттайды,


Олар «Кiм естiр екен?» деп ойлайды.



9Бiрақ, Сен, Жаратқан, оларға күлесiң,

Бағынбайтын ұлттарды келекелейсiң.



10Сен менiң күш-қуатымның қайнарысың,

Назарымды Өзiңе аударамын,


Себебi, уа, Құдайым, Сен қорғанымсың,



11Маған мейiрiм көрсететiн Құдайымсың,

Уа, Құдай, алдымнан жүрiп күш бересiң,


Жауларымның жеңiлiсiн паш етесiң.



12Оларды құртпашы, халқым ұмытпасын,

Күшпен таратшы, Өзiңе бой ұрсын,


Уа, Иемiз, қалқандай Қорғаушымызсың!



13Күнә — айтқандарының барлығы да,

Ауыздарынан шыққан — қарғыс пен жала,


Менмендiктерiмен құласын тұзаққа!



14Қаһарыңмен оларды құртып таста,

Жоқ қыла гөр оларды бiржолата,


Сонда «Жақыпқа Құдай билiк жүргiзедi»


Деп жер түкпiрiндегiлер де бiледi.//



15Дұшпандарым кешқұрым керi қайтады,

Қаланы аралап иттерше ұлысады,



16Жейтiн олжа iздеп айнала шарлайды,

Егер тоймаса түнде ырылдайды.



17Ал Сен пәлеге ұшырағанымда

Маған болдың қорған және баспана,


Сондықтан әнге салып құдiретiңдi,


Таңертеңнен паш етемiн рақымыңды.



18Сен менiң күш-қуатымның қайнарысың

Өзiңе мадақтау жырымды арнаймын.


Себебi, уа, Құдайым, Сен қорғанымсың,


Мейiрiмi тұрақты Құдайымсың.



59

Жеңiлген халықтың мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Келiсiм қызғалдағы» әуенiмен айтылатын Дәуiттiң насихат мiнажаты.)

2 Дәуiттiң Месопотамия мен Собаның сириялықтарымен шайқасып, Жоғабтың оралып, он екi мың едомдықты Тұзды аңғарда күйреткен кезi туралы.)

3О, Құдайым, Сен бiздерден бас тарттың,

Сен қаһарланып бiздi талқандадың,


Бiзге бұра гөр бетiңдi қайтадан.



4Сен жердi сiлкiлеп, қиратқан едiң,

Шайқалып тұр, жаза гөр жарылған жерлерiн.



5Өз халқыңның басына пәле түсiрдiң,

Теңселтетiн «шараптан» оған iшкiздiң.


6Ал Өзiңдi қастерлейтiндерге ту бердiң,

Олар оны көтерсiн деп шындық үшiн. //


7Сенiң сүйiктiлерiң аман сақталсын,

Құлақ түрiп, құдiретiңмен құтқарғын!



8Құдай былай дедi киелi мекенiнен:

«Мен шаттанып Сихемдi бөлшектеймiн,

Соқот аңғарын да үлестiремiн.


9Ғалахад пен Манаса да иелiгiм,

Ефрем руы болады басты қорғаным,


Яһудадан шығады патшаларым.


10Моаб Маған шылапшындай пайдаға асар,

Едом жерi де меншiгiме айналар,

Фiлiстiр елi де даңқымды асырар!»



11Кiм менi қамал iшiне апарар,

Кiм Едом елiне жеткiзiп салар?



12Сол Сен емес пе, Құдай, бiзден бас тартқан,

Әскермен бiрге шабуылға шықпаған?



13Жаудың қыспағына қарсы қолдашы,

Ешбiр пайдасыз пенденiң қолдауы.



14Жеңiске жетемiз Құдай жар болғанда,

Жауларымызды Ол құлатады сонда.



60

Құдайдың қорғауын сұрайтын мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, iшектi аспаптардың сүйемелдеуiмен

2Уа, Құдай, айқайыма құлақ сала гөр,

Мiнажатыма менiң ден қоя гөр.



3Сары уайымға салынды жан дүнием,

Өзiңе сиынамын мен жер шетiнен,


Шыға алмас шыңға менi шығаршы Сен,



4Өйткенi бас сауғалар панам болып келесiң,

Жаудан қорғайтын берiк бекiнiсiм Өзiңсiң.



5Уа, Құдай, тұрағыңда мәңгi тұрайыншы,

«Қанатыңның астынан» тыным табайыншы,



6Өйткенi берген анттарымды Сен естiдiң,

Өзiңдi қастерлейтiндермен үлес бердiң.


7Патшаның ғұмыр жасын ұзарта гөр,

Ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра гөр.



8Уа, Құдай, алдыңда ол мәңгi билiк құрсын,

Лайым рақым мен шындығың оны қорғасын.



9Сенiң атыңды әрдайым мадақтаймын,

Берген анттарымды күнде орындаймын.



61

Құдiреттi де рақымды Құдайға деген сенiм


1(Ән-күйдi басқарушы Едутунге арналған Дәуiттiң жыры.)

2Жаныма тыным табамын тек Құдайдан,

Құтқарылуым келедi жалғыз Одан,



3Ол ғана — паналайтын жартасым,

Құтқарушым әрi заңғар қорғаным,


Ендi қайтып мен қатты шайқалмаймын.



4Қашанғы бас саласыңдар бiр адамға?

Теңселген дуал, қисайған қабырға


Сияқтанған менi құлатпақсыңдар ма?



5Биiктен құлатуға жаулар жоспарлайды,

Сол үшiн өтiрiктен де бас тартпайды,


Ауыздарымен бата бергенсидi,


Ал жүректерiнде жамандық тiлейдi.



6Жан дүнием, тыным тап жалғыз Құдайдан,

Үмiт келедi маған тек қана Одан,



7Жалғыз Ол ғана менiң биiк қорғаным,

Құтқарушым және берiк баспанам,


Ендi қайтып ешқашан шайқалман.



8Құтқарылуым, абыройым Құдайдан,

Ол — мықты қорғаным әрi баспанам.



9Халайық, лайым Оған сенiм артыңдар,

Ойларыңды Оған толық ашыңдар,


Құдай бiздiң панамыз, ұмытпаңдар!//



10Адамзат атаулы шығарған демiңдей,

Атақты, атақсыз бәрiбiр бекердей,


Таразыға бәрiн салып көргенде


Жеңiл олар шығарған демiңнен де.



11Зорлықпен алып қоюға үмiт артпа,

Дүние-мүлiк ұрлаймын деп те мақтанба,


Дәулетiң молайса, соған сенiм артпа!



12Бiрде Құдай маған былай деп айтты,

Талай рет мен естiгенмiн мынаны:

Құдiреттi күш, уа, Құдай, Сенiкi,



13Жаратқан Ием, Сен қайырымдысың,

Әркiмге iсiне қарап қайтарасың.



62

Құдайды аңсау


1(Дәуiттiң жыры. Яһуда елiндегi айдалада жүрген кезi туралы.)

2Уа, Ием, Сен сиынатын Құдайымсың,

Таң сәрiден мен Саған бет бұрамын,


Сусыз жердемiн кеуiп, құлазыған,


Жан-тәнiммен Сенi аңсап сағынам,



3Киелi тұрағыңда аяныңды көрдiм,

Құдiрет пен ұлылығыңды байқадым.



4Өмiрден де артық берiк мейiрiмiң,

Ауызым Өзiңдi мадақтай берсiн,



5Өмiр бойы бiр Сенi мадақтаймын,

Атыңды атап қолымды жаямын.



6Өйткенi жiлiктiң майлы басынан

Гөрi Өзiңнен мол ләззат табамын,


Шаттық үнмен Саған мақтау айтамын.



7Төсекке жатып Сенi еске аламын,

Түнгi күзеттерде Өзiңдi ойлаймын,



8Өйткенi Өзiң менiң қолдаушымсың,

«Қанатыңның аясында» шаттанамын.



9Жаным Өзiңмен тығыз байланысты,

Құдiреттi қолың менi демеп ұстайды.



10Ал көзiмдi құртпақшы арамзалар

Тозақтың түбiне түсетiн болар.



11Семсердiң күшiмен олар қырылады,

Өлiктерi шиебөрiге жем болады.



12Уа, Құдай, патша Өзiңе шаттанады,

Саған бағышталғандар мақтау айтады,


Ал өтiрiкшi ауыздар жабылады.



63

Залым жаудан құтқарушы — Құдай Тағала

1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Құдай, арызыма құлақ сала гөр,

Жаудың сесiнен жанымды сақтай гөр,



3Зұлымның астыртын әрекетiнен

Қорғап әрi залымның бүлiгiнен.



4Тiлдерiн олар семсердей өткiрлеген,

Көздеп тұр жебедей өткiр сөздерiмен.



5Айыпсыз жанды атады тосқауылдан,

Кенеттен тап бередi қорықпастан.



6Зұлым ойларында бiр-бiрiн қолдайды,

Құпия тор құруды жоспарлайды,


«Соны кiм көрер?» деп өздерiн мақтайды.



7Қаскүнемдiк ойластырып, құрайды,

«Мүлтiксiз жоспар құрдық» деп ойлайды.


Адамның жан дүниесi түпсiз тұңғиық,


Жүрек түкпiрлерi пендеге жабық.



8Ал Құдай соларды жебемен атады,

Кенеттен олар жарақаттанады,



9Өз сөздерiне бола талқандалады,

Мұны көргендер олардан бас тартады.


10Күллi адамзат үрейленедi,

Құдайдың iстерiн жария етедi,


Мұны Құдай iстегенiн түсiнедi.



11Жаратқанға әдiлдер шаттанады,

Лайым олар Одан пана табады.


Ақ пейiлдер Иемiзбен мақтанады.



64

Ұлы Құдайдың шапағатына шүкiрлiк


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң әнi әрi жыры.)

2Сионда Саған, Құдай, мақтау арналады,

Өзiңе берiлген анттар орындалады,



3Мiнажаттар құлағыңа жетедi,

Пенде атаулы алдыңа келедi.



4Терiс iстерiмiз жаншып, тұр бiздi.

Сен кешiресiң күнәларымызды.


5Қандай бақытты Өзiң таңдағандар,

Қасыңда, аулаңда тұрады олар,


Кенелемiз үйiңнiң жақсылығына,


Киелi ғибадатханаңның рақатына.



6Құдай, құлақ саласың әдiлдiкпен,

Бiздi құтқарасың керемет iстермен.

Саған үмiт артады жер шетiндегiлер,


Сондай-ақ алыс теңiздегi пенделер.



7Құдiретiңмен тауларды орнаттың,

Күш-қуатқа бөленiп, белiңдi будың.



8Теңiз толқынының гүрiлiн тыншыттың,

Халықтардың шуылын бәсеңдеттiң.



9Кереметтерiңе таңғалар алыс елдер,

Шығыс пен батысқа айтқызасың әндер.


10Сен жердi баптап суарып құнартасың,

Уа, Құдай, халықты нанға тойдыру үшiн


Сен өзендердi суға толтырасың,


Жердi Өзiң солай дайындадың.



11Соқаның iздерiн суға толтырасың,

Топырақ кесектерiн тегiс қыласың,


Құйылған нөсермен оларды жұмсартасың,


Өсiп шыққан өнiмдерiн жарылқайсың.



12Сен жылды игiлiкке бөлейсiң,

Қайда жүрсең де молшылық бересiң.



13Иен даланың жайылымдары суланған,

Қыраттар құлпырып қуаныш жамылған.



14Жайылым қора-қора малға толып,

Алқаптар егiнменен жайқалып,


Қуана айқайлайды ән салып.



65

Бар халықтар, Құдайды мадақтайық!

(Ән-күйдi басқарушыға арналған ән әрi жыр.)

1Бар әлем, Құдайға қуана дауыстаңдар,

2Оның есiмiн дәрiптеп жырлаңдар,

Зор ұлылығының даңқын шығарыңдар!



3Құдай алдында былай деп айтыңдар:

«Қандай керемет Сенiң iс-әрекетiң,


һәм қандай ұлы Сенiң құдiретiң,


Жауларың Сенiң алдыңда бой сұнады,



4Бүкiл жер Саған бас иiп сиынады,

Саған арнап мақтау жырларын айтады,


Есiмiңдi мадақтап ән салады».//



5Келiп, Құдайдың iстерiн көрiңдер,

Адамдарға арнап iстейдi кереметтер.



6Ол теңiздi айналдырды құрлыққа,

Халқы Оның жаяу өттi арғы жаққа.



7Құдiреттi күшiмен мәңгi билейдi,

Халықтарды әрдайым бақылайды,


Қыңырдың бас көтеруiне жол бермейдi.//



8Халықтар, Құдайымызды мақтаңдар,

Қатты дауыспен Оны мадақтаңдар!



9Ол жанымызды аман-есен қорғайды,

Аяғымызды сүрiнуден сақтайды.



10Уа, Құдай, Сен сынақтан өткiздiң бiздi,

Күмiс қорытқандай тазарттың өзiмiздi,



11Тұзаққа түсiрiп бiздi құлаттың,

Арқамызға құлдықтың жүгiн арттың,



12Адамдарды басымызға шығардың,

Оттан да, судан да бiздi өткiздiң,


Ал ақыры молшылыққа жеткiздiң.



13-14 Қасiрет кезiнде аузымнан шыққан,

Қиындыққа тап болғанда тiлiм айтқан,


Саған берген сертiмдi iске асырам,


Өртелмек құрбандықпен үйiңе барам.



15Саған арнап семiз малдарды шалам,

Қошқар майын өртеп, жұпарын шығарам,


Бұқалар мен ешкiлердi де ұсынам.



16Ей, Құдайымызды қастерлейтiндер,

Барлығың келiп, құлақ түрiңдер.


Оның маған iстегенiн сендерге айтам.



17Мен Құдайға дауыстап сиындым,

Аузымменен даңқын Оның шығардым.



18Жүректе бар күнәмдi мойындамасам,

Дұғама құлақ салмас едi Жаратқан.



19Расында Құдай құлақ түрдi маған,

Сиынғанымда даусым жеттi Оған.



20Мiнажатымнан менiң бас тартпаған,

Мейiрiмiн менен алып қоймаған


Құдайымыз мадақталсын әрқашан!



66

Құдайдан өз халқын жарылқауын сұрау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, iшектi аспаптардың сүйемелдеуiмен айтылатын жыр әрi ән.)

2Я, Құдай, рақымды болып, жарылқай гөр,

Бет-жүзiңнiң нұрын бiзге түсiре гөр.//



3Бүкiл жер бетiнде Сенiң жолың мәлiм болсын,

Құтқаруың бар халықтарға аян болсын!



4Уа, Құдай, халықтар Сенi мадақтай берсiн,

Күллi ұлттар Өзiңе мақтау айта берсiн!



5Рулар қуана-қуана ән шырқай берсiн,

Себебi Сен ұлттарды әдiлдiкпен билейсiң,


Жер бетiндегi руларға дұрыс бағыт сiлтейсiң.//



6Уа, Құдай, ұлттар Өзiңдi мадақтай берсiн,

Күллi халықтар Өзiңе мақтау айта берсiн!



7Сонда жердiң топырағы бiзге өнiмiн сыйлар,

һәм Құдай, сиынған Құдайымыз, бiздi жарылқар.



8Лайым Құдай бiздi жарылқайтын болсын,

Бар жердегi адамдар Оны қастерлесiн!



67

Құдайдың Синайдан Сионға барған жеңiмпаз жолы


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң әнi әрi жыры.)

2Құдай көтерiлiп, жауларын шашыратсын,

Оны жек көретiндер алдынан қашсын.



3Түтiннiң желмен ыдырайтыны сияқты,

Уа, Құдай, жауларыңды ыдыратшы,


Балауыздың отқа еритiнi iспеттi,


Зұлымдарды көз алдыңнан құртып жiбершi.



4Бiрақ әдiлдер болса, шаттана қуансын,

Құдай алдында күлiп мәз-мейрам болсын.



5Бiздiң Құдайымызға ән айтыңдар,

Оның есiмiн дәрiптеп жырлаңдар,


Бұлттармен жүретiн Оны мадақтаңдар,

Жаратқан Ие — Оның аты, бiлiп алыңдар,


Көз алдында шат-шадыман болыңдар.



6Құдай әке болады жетiмдерге

Әрi қорған болады жесiрлерге,


Тағында отыр Ол киелi мекенiнде.



7Жалғыз жандарға жанұя сыйлайды,

Тұтқынды босатып, шаттыққа бөлейдi,


Ал қыңырды қапырық шөлге тастайды.



8Құдай, халқыңды Мысырдан бастап шыққанда,

Айдалада алдында жүрiп отырғаныңда,//



9Жер шайқалып, аспаннан жаңбыр құйылды да,

Уа, Құдай, көз алдыңда Синай тауында,


Исраил сиынған Өзiңнiң алдыңда.



10Уәделi елiңе, Құдай, нөсер жаудырдың,

Кеуiп қалған жердi қайта жандандырдың,



11Рақыммен халқыңды елде қоныстандырдың,

Мұқтаждарға ағыл-тегiл өнiм сыйладың.



12Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды,

Көптеген қыз-келiншек хабарды паш қылды:



13Жау әскерi басшыларымен қашып кетедi,

Ауылдағы әйелзат олжаны бөлiседi,



14Мал бағып қораларында қонған солар

Күмiс оранып кептер қанатына ұқсар,


Алтын әшекей тағып, мамықтай құлпырар.



15Құдiреттi Құдай патшаларды шашыратты,

Салмон тауында соққан ақ боранға ұқсатты.



16Құдай жаратқан керемет — Башан тауы,

Шыңдары заңғар биiк — Башан тауы.



17Зәулiм шыңдар, қызғанасыңдар неден,

Құдай тұруға таңдап алған Сион тауын,


Жаратқан Иенiң мәңгi тұратын тауын?



18Құдайдың күймелерi сан мыңдаған,

Араларында Иемiз шайқасқа аттанған,


Киелi үйiне көшiп келдi Синайдан.



19Сен заңғар биiкке көтерiлдiң,

Көптеген тұтқындарды ертiп жүрдiң,


Адамдардан тартулар қабылдадың,

Бас көтергендерден де сыйлықтар алдың,


Құдай Иенiң мұнда тұруы үшiн.


20Жаратушы Иемiз мадақталсын,

Құтқарушы Құдайымыз мақталсын.


Жүгiмiздi көтерiп жүр Ол күн сайын,


Құдайдың Өзi — бiздi аман сақтайтын. //


21Құдайымыз бiздi қорғап-қолдайды,

Жаратушы Ие ажалдан сақтайды.


22Құдай жауларының басын талқандайды,

Қыңыр қылмыскердiң төбесiн мыжғылайды.



23Жаратқан Иемiз былай деген:

«Мен оларды Башаннан да алып келем,


Теңiз тұңғиығынан да қайтарып келем.



24Аяқтарың жаулардың қанын басады,

Иттерiң қандарын жалап тойынады».



25Уа, Құдай, Сенiң салтанатты шеруiң,

Киелi тұрағыңа Сенiң кiруiң


Көрiнедi бар жұртқа, уа, Патшам, Құдайым,



26Әншiлер жүрер алдында, аспапшылар соңында,

Даңғыра ойнаған қыздар араларында.



27«Жиындарда Құдайымызды мадақтаңдар,

Исраил ұрпақтары, Иемiздi даңқтаңдар!»



28Кенже Бунямин руы бастап келедi,

Яһуда басшыларының тобы ередi,


Забулон, Нафталим басшылары да жүредi.



29Уа, Құдай, күш-қуатыңды жинашы,

Бұрын көрсеткен құдiретiңдi танытшы,



30Иерусалимдегi ғибадатханаңа бола

Патшалар Саған сый-тарту әкеледi сонда.



31Жау халықтарды сөгiп жуасытшы:

Перғауын — қамыстағы хайуан сияқты,

Ал бұзаудай күшсiз ұлттар арасындағы


Бұқалар табынындай — оның әмiршiлерi,


Олар күмiстен алым талап етедi.

Соғысқұмар ұлттарды тарқатып жiбершi!



32Мысырдан жiберiлген мырзалар келедi,

Құш елi де қол созып Құдайға көнедi.


33Жердегi патшалықтар, Құдайға ән салыңдар,

Тәңiр Иемiздi мадақтап ән шырқаңдар,//



34Дәрiптеп ежелден аспанда жүрген Тәңiрдi,

Тыңда, зор даусымен Ол күркiрейдi.



35Хабарлаңдар, Құдайдағы құдiреттi,

Исраилдiң үстiнде Оның салтанаты,


Әрi бұлттардан жоғары күш-қуаты.



36Құдай киелi үйiнде үрей туғызады,

Исраилдiң Құдайы халқын нығайтады.


Лайым Құдай мадақталсын!



68

Құдайдың қорлық шеккен қызметшiсiнiң мiнажаты


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Қызғалдақтар» әуенiмен айтылатын

2Құтқара гөр, уа, Құдайым менiң,

«Тасыған су» жеттi мойныма дейiн,



3«Батпаққа» терең батып бара жатырмын,

Аяқ басып тұрар жер таба алмаймын,


Судың тереңiне батқан адамдаймын,


Ағызып барады менi қатты ағын.



4Жалбарына айқайлап қалжырадым,

Құрғап, кеуiп қалды менiң тамағым,


Құдайымды күте-күте талды көзiм.



5Басымдағы шашымнан көп дұшпандарым,

Себепсiз менi жек көредi жауларым,


Сұмдықпен менi қудалап келедi,


Алмаған нәрсемдi талап етедi.



6Уа, Құдай, Саған аян ақымақ қылығым,

Сенен таса емес жасаған күнәларым.



7Өзiңе сенiмдерiн артқан жандарды

Маған бола ұятқа қалдырмашы,


О, құдiреттi Құдай, Әлемнiң Иесi.


Өзiңе бет бұрып сиынған жандарды


Ендi маған бола масқаралатпашы,


Уа, Исраилдiң сиынатын Құдайы.



8Сен үшiн мазаққа төзiп келем,

Масқарам көрiнiп тұр бет-жүзiмнен.



9Туған бауырларым да менi танымайды,

Шешемнiң ұлдары маған жат деп қарайды.



10Сенiң үйiңнiң қамын жеп азапқа түсем,

Сенi қорлағандардың мазағы маған тиген.



11Мен ораза ұстап, қайғырғанымда

Олар менi келекелеп қорлауда.



12Қайғыланып азалы киiм кигенiмде

Олар менi мазақтап келемеждеуде.



13Алаңда ақсақалдар менi өсектейдi,

Сыра iшкендер сықақтап әндетедi.



14Ал мен Саған, уа, Ием, Өзiңнiң мейiрiм

Көрсететiн кезiңде сиынып келем,

Құлақ сала көршi, уа, Құдайым,


Шынында құтқаршы зор рақымыңмен.



15«Батпақтан» менi тартып шығара көршi,

«Тұңғиыққа» батуыма жол бермешi,


Жек көретiн дұшпандардан құтқаршы,


«Терең сулардан» Менi тартып шығаршы.



16Жол берме тасқынның ағызып әкетуiне,

Терең судың менi жұтып жiберуiне,


Ажал шыңырауының жалмап қоюына.



17Уа, Ием, мiнажатыма жауап бершi,

Берiк мейiрiмiң Сенiң сондай игi,


Мол рақымыңа сай маған көңiл бөлшi.



18Мендей пендеңнен бетiңдi жасырмашы,

Қасiрет шегудемiн, тез жауап бершi.



19Жақындап келiп, жанымды құтқаршы,

Жауларыма бола босата көршi.



20Сен бiлесiң қандай қорлық көргенiмдi.

Ұятқа қалып, жапа шеккенiмдi,


Көрiп алдың бар дұшпандарымды.



21Мазақтары жүрегiмдi күйретiп, әлсiзбiн,

Бекерге жұрттан аяныш күттiм,


Бiрде-бiр жұбатушы таппадым.



22Қайта, тамағыма олар өт қосып бердi,

Шөлдеген кезiмде сiрке суын iшкiздi.



23Мол дастарқандары жауларыма тор болсын,

Бейқам астары ор мен жазаға айналсын,



24Көздерi көре алмастай тұмандансын,

Лайым белдерi бейнеттен бүкшиiп қалсын,



25Оларға төге гөр өз қаһарыңды,

Қуып жетсiн ашуыңның жалыны,



26Тұрған мекендерi қаңырап бос қалсын,

Шатырларында тұратын ешкiм болмасын!



27Өйткенi Сен соққанды олар қуғындайды,

Сен жаралағанды олар тағы мазақтайды.



28Мойындарына салшы бар қылмыстарын,

Сенiң рақымыңмен ақтала алмасын.



29Өмiр кiтабынан өшiршi есiмдерiн,

Әдiлдер тiзiмiне олар тiркелмесiн.



30Ал мен азап шегiп қиналудамын,

Уа, Құдай, құтқаруың менi қолдасын,



31Сонда Құдайдың атын әнге қосамын,

Шүкiршiлiк етiп мақтау айтамын.



32Көбiрек ұнатады мұны Жаратқан

Құрбандық мүйiздi iрi қарадан.


33Соны көрiп, мәз болады қаналғандар,

Жiгерленiңдер, Құдайға бет бұрғандар!



34Өйткенi Иемiз мұқтажға құлақ түредi,

Тұтқын пенделерiн менсiнбей кетпейдi.



35Мадақтаңдар Иемiздi, аспан мен жер,

Теңiз бен ондағы күллi жәндiктер,



36Өйткенi Құдай Сионды құтқарады,

Яһуданың қалаларын қайта тұрғызады,


Құдай халқы орнығып, елге ие болады.



37Пенделерiнiң ұрпағы соны иемденедi,

Оның есiмiн сүйетiндер оны мекендейдi.



69

Дұшпандардан құтқаруды сұрап Құдайға сиыну


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, басына түскен жағдайын Құдайдың есiне салған Дәуiттiң жыры).

2Уа, Құдай, құтқаруға асыға гөр,

Маған көмекке тездетiп келе гөр!



3Көзiмдi құртпақ болған жауларымды

Абыржытып, ұятқа қалдыра гөр.


Маған пәле тiлегендердiң бәрi


Масқара болып қайтарылсын керi.



4«Сауап болды, өзiне де сол керек!» —

Деп жатыр бұлар менi келекелеп.


Қара бет болып кетсiн олар безiп.



5Ал Саған сиынғандардың барлығы

Мақтасын Сенi шаттыққа кенелiп,


Лайым сүйетiндер құтқаруыңды


Дәрiптеп жүрсiн: «Құдайым даңқты!» деп.



6Бiрақ мен бейшара, жарлы кедеймiн,

Уа, Құдай, маған тездетiп келе гөр!


Қолдаушым да Құтқарушым Өзiңсiң,


Тәңiр Ием, көп кешiкпей жете гөр!


Аумин.


Үшiншi жазба

70

Құдайдың өмiр бойы қолдауын сұраған мiнажат

1Өзiңдi паналаймын, уа, Жаратқан,

Ұятқа қалдырмашы менi ешқашан.



2Сен әдiлсiң, менi босата көршi,

Құлақ түрiп маған, құтқара көршi.



3Бола гөр лайым бас сауғалар панам,

Сөзiңе сай құтқаршы, құздай қорғаным!


4Құдайым, босатшы менi зұлымнан,

Күнәкар қанаушының қыспағынан.



5Уа, Жаратушы Ием, үмiтiм Сенсiң,

Жастайымнан-ақ Өзiңе сенiп келемiн,



6Құрсақтан-ақ Саған сүйенiп келемiн,

Туғаннан-ақ Сен қамқоршымсың менiң.


Еш таусылмас Өзiңдi мадақтар әнiм.



7Көп адамға ғажап белгi iспеттiмiн,

Ал Сен күш-қуатым мен қорғаушымсың.



8Өзiңдi мадақтауды тоқтатпаймын,

Күнi бойы көркiңдi жырлаймын.


9Қартайғанда маған терiс қарай көрме,

Күшiм қайтқанда менi тастап кетпе.



10Жауларым маған қарсы сөз байласуда,

Жанымды аңдығандар ақылдасуда:



11«Жоқ құтқарушысы, Құдай тастап кеттi,

Қуып жетiп, ұстап алайық» деседi.



12Уа, Құдай, менен алыстап кетпешi,

Құдайым менiң, көмекке тез жетшi.



13Маған мiн таққандар ұялып, жоқ болсын,

Қастық ойлағандар да ұятқа батсын!



14Ал мен әрдайым үмiтпен күтемiн,

Барған сайын молырақ дәрiптеймiн.



15Сенiң әдiлдiгiң мен құтқаруың

Туралы мен күн ұзаққа айтудамын,


Маған көрсетiп келген жақсылығың


Сенiң сансыз, бәрiн бiле алмаймын.



16Жаратушы Ием, өз күшiңмен келемiн,

Тек Сенiң әдiлдiгiңдi жұртқа бiлдiремiн.



17Уа, Құдай, жастайымнан менi үйретесiң,

Әлi де ғажаптарыңды паш етемiн.



18Қартайып басымды қырау шалғанда,

О, Құдайым, менi жалғыз қалдырма,


Маған жол бере көршi уағыздауға


Құдiретiңдi осы жаңа ұрпаққа,


Ғажап iстерiңдi келер буынға!



19Әдiлдiгiң Сенiң заңғар аспандай,

Ұлы iстердi жасадың, о, Құдай,


Саған тең келер кiм бар едi, уа, Құдай?



20Көп ауыр азаптар жiбердiң маған,

Қалпына келтiресiң бiрақ қайтадан


Жанымды менiң, шығарып тұңғиықтан.



21Құрмет сыйлап жұбата гөр жаңадан.

22Сонда Сенi жетiгенмен мадақтаймын,

Сен уәдеңе берiксiң, уа, Құдайым,


Исраил сиынатын Киелi Тәңiрiм,


Саған арнап домбырамен әндетемiн,



23Шаттанып Саған арнап ән саламын,

Өйткенi Сен менi пәледен құтқардың.



24Күн сайын әдiлдiгiңдi айтамын,

Маған қастық ойлағандар ұятқа батқан!



71

Патшаға жарылқау сұрау


1(Сүлейменнiң жыры.)

Уа, Құдай, патшаңа әдiл шешiмдер сыйлай гөр,


Патша ұлына да әдiлдiктi үйрете гөр,



2Ол халқыңа әдiлетпен билiк құрсын,

Жарлыларыңа әдiл үкiм шығарсын.



3Қыраттар халқыңа молшылық берсiн,

Қырдан әдiлдiктiң өнiмiн терсiн.



4Патша халықтың жарлыларын қорғасын,

Мұқтаждың ұрпағын да аман сақтасын,


Ал қанаушыны басып жуасытсын.



5Күн мен ай нұрын шашып болмайынша,

Халқың Сенi қастерлесiн ұрпақтан-ұрпаққа.


6Игiлiктi болсын патшаның билiгi —

Қайта қаулата өсiрген шабындықты


Аспаннан жауған көктемгi жаңбырдай,


Топырақтың шөлiн қандырған нөсердей.



7Патша заманында әдiлдер өркендесiн,

Ай өшпейiнше молшылық жайыла берсiн.



8Ол билiк құрады теңiзден теңiзге дейiн,

Евфрат өзенiнен жердiң шетiне дейiн,



9Құла түз тұрғындары оған бас ұрады,

Жаулары топырақты жалайтын болады.



10Тарсис пен аралдардың патшалары

Патшаңа алым-салық төлеп тұрады,


Әрi Себа мен Сәба патшалары

Сый-тартулар әкелiп отырады.



11Күллi патшалар оған бас иедi,

Күллi ұлттар оған қызмет етедi.



12Патша құтқарады жалынған мұқтажды,

Әрi қолдаушысы жоқ қаналғанды,



13Ол әлсiз бен кедейдi қамқорлайды,

Оларды ажалдан аман сақтайды,



14Әрi зорлық-зомбылықтан қорғайды,

Олардың қанын қымбат деп санайды.



15Ғұмыры патшаның ұзақ болсын,

Оған Сәбаның алтыны берiлсiн!


Лайым жұрт патшасы үшiн мiнажат етсiн,


Күн сайын жарылқануы үшiн сиынсын!



16Жердiң бетi егiнге тола берсiн,

Қырда дәндi сабақтары өсiп-өнсiн,


Олар Ливан орманындай сыңсып тұрсын.


Қала тұрғындары да шөптей көбейсiн.



17Патша есiмi мәңгiлiкке ұлассын,

Күннiң сәулесiндей ұзаққа созылсын,


Ол арқылы барлық ұлттар жарылқансын,


Есiмi оның үздiксiз мадақталсын!



18Мадақталсын Исраил сиынатын Құдай,

Тек Жаратқан керемет жасайтын Құдай!



19Оның даңқты есiмi мәңгi дәрiптелсiн,

Күллi жер Оның салтанатына кенелсiн. Аумин, аумин.



20(Есей ұлы Дәуiттiң мiнажаттары осымен аяқталады).

72

Қызғаныш пен күдiктен арылу

(Асафтың жыры.)

1Құдай Исраил үшiн қандай игi,

Жүрегi пәктер үшiн мейiрiмдi!



2Ал мен тура жолдан тая жаздадым,

Тiрегiмнен айырылуға шақ қалдым.



3Күнәкарлардың өркендеуiн көрдiм,

Менмендерге қызғана қарай бердiм.



4Өмiрiнде шекпейдi олар азапты,

Денсаулығы мықты әрi қуатты.



5Өзгелердей көрмейдi ауыртпалықты,

Басқалардай жемейдi олар соққыны.



6Содан моншақтай тағып ап мақтанышты,

Киiмдей жамылған зорлық-зомбылықты,



7Тым семiздiктен көздерiн май басқан,

Арамдық пиғылдары асып-тасқан.



8Бәрiн қорлап, өсектеп жамандайды,

Паңдана зәбiр-жапа жоспарлайды.


9Ауызбен көктi иеленгенсидi,

Тiлмен жерге де билiк еткенсидi.



10Сондықтан халық оларға бет бұрып,

Айтқандарын тыңдайды құштарланып:


11«Құдай қайдан бiлсiн? — деп сол зұлымдар

Мақтанады: — Хақ Тағала ма хабардар?»



12Осы арам пиғылдылар бейқам боп,

Байыған үстiне байи түседi.



13Әлде бекерге жүрегiмдi пәк сақтап,

Қолымды күнәдан таза ұстадым ба?!



14Сонда да күн ұзағына қиналып,

Таң атысымен түсем азабыма!


15Ал егер мен солай сөйлейiн десем,

Халқыңды алдап, опасыздық жасар ем.


16Мұның бәрiн ақылға сап көргенiмде

Көзiм жеттi аса қиын екенiне.



17Соңында Құдайдың үйiне кiрдiм,

Ақыры солармен не боларын бiлдiм:



18Сен зұлымдарды тайғақ жолға түсiресiң,

Биiктен құлатып, жойып жiбересiң.



19Олар күтпеген жерден талқандалады,

Зәрелерi ұша қорқып, жоғалады,



20Уа, Ием, көтерiлсең, олар ғайып болады,

Оянғанда жоқ болатын түс сияқты.



21Жүрегiм, бiрақ, қызғаныштан күйдi,

Жан дүнием шүбәдан налып ренжiдi.



22Сонда санасыз надан болып қалдым,

Көз алдыңда ақылсыз хайуандай болдым.



23Алайда әрдайым қасыңда боламын,

Сен менi оң қолымнан ұстап қолдайсың.



24Ақыл-кеңесiңмен менi бастайсың,

Ақырында салтанатыңа қабылдайсың.


25Өзiңнен басқа кiмiм бар едi көкте?

Өзге ештеңе аңсамаймын жерде де!



26Денем әлсiреп, жаным шаршағанмен,

Уа, Құдай, мәңгiлiк жар боласың Сен,

Жүрегiмнiң тiрегi бола бересiң.



27Қырылады алшақтағандар Өзiңнен,

Безiп кеткендердiң бәрiн жоясың Сен.



28Құдайға жақын болғаным қандай игi!

Баспанам еттiм Жаратушы Иемдi,


Жариялайын деп күллi iстерiңдi.


Аумин.



73

Төртiншi жазба

Жау қиратқан Құдайдың ғибадатханасы үшiн жалынған мiнажат


1(Асафтың насихат жыры.)

Уа, Құдай, неге бiзден бiржола бас тарттың,


Нелiктен өрши түседi қаһарың


Қойларыңа қарсы отарыңдағы Сенiң?



2Өзiң таңдап алған ежелгi заманда

Халқың екенiмiздi есiңде ұста,


Азат еткен ұлтыңбыз, меншiгiң айрықша,


Тұрағың Иерусалимдi де ұмытпа,



3Ежелде қираған қаланы аралашы,

Жау түгел жойған мекенiңдi қарашы.



4Бiзбен кездескен орныңда жауың шулады,

Таңбасын тiгiп киелi жерде паңданды.



5Орманда ағаш кескендер сияқты

Кiре берiс қақпаларды шапқылады,



6Айбалта, шоттарымен қиратып тастады

Өрнектелiп ойылған тақтайшаларды.


7Киелi үйiңдi өртеп, талқандады,

Сенiң атыңдағы мекендi арамдады.



8Жау: «Соларды бiржола құртамыз!» деп шештi,

Елдегi Саған сиынатын жерлердi


Уа, Құдай, олар түгел өртеп жiбердi.



9Еш көрмеймiз өзiмiздi құтқаруыңды

Белгiлейтiн Сенiң керемет iстерiңдi,


Пайғамбар да жоқ хабарыңды жеткiзушi,


Пәле қашан бiтетiнiн жоқ бiлушi.



10Уа, Құдай, дұшпан мазақтай бермек қашанғы,

Жау ұдайы қорлай бермек пе атыңды?



11Неге құдiреттi қолыңды тұрсың тартып?

Жұмсашы оны, оларды соғып та құртып!



12Уа, Құдай, ежелден-ақ Сен патшамсың,

Жер бетiн пәледен Сен құтқарасың,



13Өз құдiретiңмен теңiздi қақ жардың,

Дәу су мақұлықтарының бастарын жойдың,


14Алып хайуанның бастарын мыжыдың,

Өлiгiн тағы аңдарға жем қылдырдың,



15Көздер мен бұлақтарды ашып ағыздың,

Ешқашан суалмас өзендердi суалттың,



16Күн мен түнге Сен Өзiң билiк құрдың,

Күн мен бар аспан шырақтарын жараттың,



17Жер бетiнiң бар шектерiн Сен бекiттiң,

Жаз бен қыс мезгiлдерiн де белгiледiң.



18Ием, есiңе ал дұшпанның мазағын,

Ессiз ұлттың есiмiңдi қорлағанын.



19Жыртқышқа «көгершiнiңнiң» жанын қима,

Бейшара халқыңды мәңгiлiк ұмытпа.



20Жер қара түнек пен зорлыққа толы,

Жасаған келiсiмiңе ендi ден қойшы,



21Қаналған жан қорлана шегiнбесiн,

Мұқтаж-жарлылар атыңды дәрiптесiн.



22Уа, Құдай, көтерiлiп, iсiңдi қорғай көршi,

Күнде Сенi ессiздiң қорлағанын ескершi.



23Жауларыңның айқайын ұмыта көрме,

Саған қарсы шыққандардың шуы күшеюде.



74

Әлемдi әдiл соттаушы Құдай


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Құрта көрме!» әуенiмен айтылатын

2Саған мақтау айтамыз, уа, Құдайым!

Сенi дәрiптеймiз, Сен жақындасың,

Паш етiледi керемет iстерiң.



3Сен былай дедiң: Кезiн Мен белгiлеймiн,

Әдiлеттi соттап Өзiм жүргiземiн.



4Шайқалады жер күллi тұрғындарымен

Тiреулерiн оның берiк ұстаймын Мен.//



5«Бөсуiңдi тоқтат!» — дедiм мақтаншаққа,

«Жұдырығыңды көтерме!» — дедiм арамзаға, —


6Көкке қарсы жұдырығыңды көтерме,

Тоң мойын болып паңдана сөйлеме!»



7Шығыс, батыс не айдаладан келген

Ешкiм басқаны жоғарылатпас шынымен,



8Себебi сотты Құдайдың Өзi жүргiзедi,

Ол бiреудi түсiрiп, басқаны көтередi.



9Иенiң қолында «қаһарлы тостаған»,

Iшi дәмдеуiштермен араласқан


Көпiрген жаңа шарапқа толған,


Оны құйып бередi Жаратқан,


Бар зұлымдар iшуге тиiс содан,


Сарқып iшедi тiптi ашытқысынан.



10Ал мен Тәңiрдiң iстерiн мәңгi паш етемiн,

Жақыптың сиынған Құдайын әндетемiн,



11Өйткенi Құдай Иемiз былай деген:

«Мен зұлымдарды күшiнен айырамын,


Ал әдiлдiң күш-қуатын молайтамын!»



75

Жеңiмпаз Құдайға арналған мадақтау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, iшектi аспаптардың сүйемелдеуiмен

2Құдай танымал Яһуда елiнде,

Оның аты қастерлi Исраилде,



3Тұрағы Оның Иерусалимде,

Киелi үйi Сион төбесiнде.



4Сонда Ол қиратты отты жебелердi,

Соғыстық қалқандар мен семсерлердi.//



5Уа, Құдай, аңға толы таулардан гөрi

Сен салтанаттысың әрi құдiреттi.


6Тоналды батыл жүректi ер адамдар,

Терең ұйқыға батты мықты сарбаздар,


Қол көтере алмайды бiзге қарсы олар,



7Уа, Жақыптың сиынатын Құдайы,

Сен қатты дауыспен сөктiң жауларды,


Сонда бәрi тып-тыныш тұра қалды


Соғыс күймелерi және аттары.



8Уа, Құдай, айбаттысың қаһарланғаныңда,

Кiм тұра алар едi Сенiң алдыңда?



9-10 Жердегi бейшара жандарды құтқаруға

Сен сот жүргiзiп орныңнан тұрғанда,


Көктен үкiм шығардың күнәкарларға,


Жер дiрiлдеп үнсiз тұрды Сенiң алдыңда.//



11Пенденiң ашуымен де даңқталасың,

Ашуының қалдығын Өзiң басасың.



12Ей, айбатты Құдайдың маңындағылар,

Жаратқан Иелерiңе ант берiңдер


Әрi соларды мұқият орындаңдар,


Барлығың Оған сый-тарту ұсыныңдар!



13Ол әмiршiлердiң батылдығын жояды,

Жер патшаларының үрейiн ұшырады.



76

Қиыншылық кезiнде Құдайдың құдiреттi iстерiн еске алу


1(Ән-күйдi басқарушы Едутунге арналған Асафтың жыры.)

2Мен Құдайға дауыстап жалбарынам,

Құлақ түре көрсiн деп Оған жалынам.



3Қиын кезде де Иеме бет бұрам,

Түнде қол жайып, тоқтамай сиынам,


Жан дүнием бас тартады жұбаныштан.



4Қатты күйзелем Құдайды есiме алсам,

Рухым әлсiрейдi, егер ойға шомсам.//



5Уа, Ием, Сен көзiмдi жұмдырмайсың,

Қатты абыржып, сөйлей де алмаймын.



6Ежелгi заман жайлы ойланамын,

Өткен ғасырларға ой саламын.



7Түнде айтқан әндерiмдi еске аламын.

Рухым жауап iздеп, жүрекпен толғанамын.



8Әлде Жаратқан бiржола бас тартты ма?

Ендi қайтып ықылас танытпай ма?



9Берiк мейiрiмi мүлдем үзiлдi ме?

Берген сөзi мәңгiлiк күйредi ме?



10Мейiрленудi Құдай ұмытқан ба?

Ашуы рақымын басып тастаған ба?//



11Мен былай деймiн: «Құдай Тағаланың

Құдiретi өзгерiптi, бұл нағыз азабым.


12Ием, Сенiң iстерiңдi еске аламын,

Ежелгi кереметтерiңдi ойға аламын,



13Бар iс-әрекетiң жайлы ойланамын,

Ұлы iстерiң жөнiнде толғанамын.//



14Жолдарың Сенiң, уа, Құдай, қасиеттi,

Өзiңдей тәңiр бар ма құдiреттi?



15Сен кереметтер жасайтын Құдайсың,

Халықтарға құдiретiңдi таныттың,



16Құдiретiңмен халқыңды құтқардың:

Жақып пен Жүсiптiң осы ұрпақтарын.//



17Уа, Құдай, Қамысты теңiз Сенi көрдi,

Суы Сенi байқап қалып үрейлендi,


Теңiздiң тұңғиығы дүр сiлкiндi.


18Бұлттар сонда жерге нөсер жаудырды,

Аспанда күн күркiреп жаңғырды,


Найзағай жебедей ұшып жарқылдады.



19Құйында Сенiң даусың күркiредi,

Найзағай әлемге жарығын түсiрдi,


Ал жер бетi шайқалып дiрiлдедi.



20Сен теңiз арқылы жол жүрдiң,

Терең су арқылы қадам басып жүрдiң,


Ал көзге көрiнбедi iздерiң Сенiң.



21Содан халқыңды отардай бастадың Сен

Мұса мен Һаронның жетекшiлiгiмен.



77

Құтқарушы Құдайға табанды мойынсұнуға шақыру

(Асафтың насихат жыры.)

1Уа, халқым, тәлiмiме көңiл бөлшi,

Айтатын сөздерiме құлақ түршi,



2Астарлы әңгiмелердi айтамын,

Әуелден болған құпияларды ашамын.



3Өзiмiз естiп бiлген әңгiмелердi,

Аталарымыз айтқан нәрселердi



4Олардың ұрпақтарынан жасырмаймыз,

Келер буынға соны жариялаймыз


Жаратқан Иенiң даңқты iстерiн,


Оның құдiретi мен кереметтерiн.



5Өйткенi Иемiз Жақыптың ұрпағына

Ережесiн орнатып, Исраил халқына


Арнап Таурат заңын шығарып тапсырды,


Ол ата-бабаларымызға соларды


Балаларына үйретуге бұйырды.



6Келер ұрпақ оларды жақсы танысын,

Кейiн туар перзенттерi де ұғынсын,


Олар да өз балаларына үйретсiн.



7Осылай бұлар Құдайға үмiт артсын,

Оның кереметтерiн есте сақтасын,


Әрi өсиеттерiн нық орындасын.



8Олар бабаларындай iстеп жүрмесiн,

Қыңыр да бүлiкшiл ұрпақ бола бермесiн,


Жүректерiн Құдайға арнаудан безбесiн,


Ой-ниеттерi Құдайға сенiмсiз болмасын.//



9Ефрем ұрпақтары садақпен қаруланған,

Ал шайқасар күнi керi бұрылып қашқан,



10Құдайдың келiсiмiн сақтамаған,

Таурат заңын ұстанудан бас тартқан,


11Құдайдың ежелгi iстерiн ұмытқан:

Ғажап кереметтерiн Ол жасаған.



12Мысыр елiнде, Зоған алқабында

Ата-бабаларының көз алдында.



13Сол кезде Құдай теңiздi қақ бөлген,

Арғы жағаға халықты жеткiзген,


Теңiз суын қабырғадай тұрғызған,



14Күндiз бұлтты, түнде отты бағанамен

Өзi оларды жетелеп бастап жүрген.


15Шөл далада жартасты қақ айырған,

Терең тұңғиықтан су шығарған,


Халқының шөлiн молынан қандырған,



16Жартастан Тәңiр бұлақтар аққызған,

Өзендей төмен қарай сарқыратқан.


17Алайда халық күнә жасай берген,

Хақ Тағалаға қарсы түзде бас көтерген,



18Талғамдарына қарай тамақ талап еткен,

Жаратқанды сынап еркiнсiген,



19Былай деп қарсы сөйледi Құдайға:

«Айдалада Құдай тамақ бере ала ма?



20Рас, жартасты ұрғанда су тасқындап,

Жылғамен аға жөнелдi сарқырап.


Алайда Ол нан да бере ала ма,


Етпен де халқын қамти ала ма?!»



21Мұны естiп Жаратқан ашуланды,

Жақыпқа зәрiнiң оты тұтанды,


Иә, Исраилге қатты қаһарланды,



22Өйткенi олар Құдайға сенбедi,

Оның құтқаруына үмiттенбедi.



23Бiрақ та Ол бұлттарға бұйрық бердi,

Аспанның «қақпаларын» ашып бердi.



24Жесiн деп халыққа маннаны жаудырды,

Аспаннан оларға нан жiбердi,



25Адамдар «перiштелер нанын» жедi,

Қарындары тойғанша Құдай мол бердi.



26Тәңiр аспанда шығыстан жел тұрғызды,

Құдiретiмен оңтүстiктен жел соқтырды,



27Аспаннан тозаңдай мол ет жаудырды:

Теңiз жағасындағы құм сықылды


Сансыз көп ұшып келген құстарды,



28Халық қоныстанған жердiң ортасына

Қондырды құстарды, шатыр маңдарына,



29Осылайша халық тойына ет жедi,

Оларға аңсағандарын Құдай бердi.



30Ал құмартқан тамақтарын жеп болмастан,

Ауыздарындағы еттi жұтпастан,



31Құдайдың зәрi қарсы көтерiлдi,

Ең мықты адамдарын Ол өлтiрдi,


Сұлатып исраилдiк жас жiгiттердi.



32Алайда халық күнә жасай бердi,

Ғажаптарын менсiнбей Құдайға сенбедi.



33Сонда Ол бекерлiкпен күндерiн қысқартты,

Зор қорқынышпен жылдарын доғартты.


34Құдай кейбiреулерiн құртқанда,

Басқалары Оған бет бұрды соңында,


Өкiнiп қайтты терiс жолдарынан,


Сиына бердi Құдайға азаннан.



35Естерiне түстi: «Құдай — құздай панамыз,

Иә, Алла Тағала — Құтқарушымыз».



36Тек жағымпазданды бiрақ ауыздарымен,

Жаратқанға жалған айтты тiлдерiмен,


37Жүректерi Оған адал болмады,

Келiсiмiн Оның берiк ұстанбады.



38Алайда Құдай сондай шапағатты,

Күнәларын кешiрiп, оларды құртпады.


Әлденеше рет Ол ашуын басты,


Жалынды қаһарын толық тұтатпады,


39Олардың тәндiк екенiн ұмытпады,

Шыққан демдей қайтпайтынын ұғынды.



40Қанша рет олар иен түзде бас көтердi,

Айдалада Оны қапаландырды!



41Қайта-қайта еркiнсiп сынап Құдайды,

Исраилдiң Киелi Құдайын қайғыртты,



42Олар ұмытты Оның құдiретiн,

Қанаушыларынан құтқарған кезiн,



43Мысырда көрсеткен ғажап iстерiн,

Зоған алқабындағы кереметтерiн,



44Мысыр өзендерiн Ол қанға айналдырды,

Ағынынан ешкiм су iше алмады.



45Оларға шақсын деп көптеп масаларды,

Зақымдасын деп жiбердi бақаларды,


46Шегiртке құрттарына қиды егiндерiн,

Шегiрткелерге еңбектерiнiң өнiмiн.



47Бұршақпен жойды Ол жүзiм бақтарын,

Аязбен қиратты тұт ағаштарын.



48Жаудың малдарына бұршақты жаудырды,

Табындары найзағай астында қалды.


49Құдай қаһарының тiзгiнiн ағытты,

Ашу-ызасы мен қастығын танытты,


Құртушы хабаршыларын жөнелттi,


50Лаулаған қаһарына Құдай жол бердi,

Жаудың жандарын ажалдан сақтамады,


Обаның iндетiне табыстады.



51Мысыр тұңғыштарының құртты көздерiн,

Хам үйлерiндегi мықты өскiндерiн.


52Ал өз халқын алып шықты қойлардай,

Айдалада бастап жүрдi отардай,



53Оларды аман-есен жетеледi,

Сонда халық ешқандай үрейленбедi,


Бiрақ жауларын теңiз жалмап қойды.



54Құдай халқын әкелдi киелi елiне,

Құдiретпен иемденген таулы өлкесiне,



55Алдарынан ұлттарды шығарды қуып,

Олардың жерлерiн мұраға бердi бөлiп,


Үйлерiн Исраил руларына мекендетiп.



56Бiрақ олар әлi де Құдайды сынады,

Бас көтерiп, Хақ Тағалаға бағынбады,


Оның берген жарлықтарын сақтамады,


Бабаларының қылықтарын қайталады,



57Құдайдан бас тартып опасыздық жасады,

Кеуiп қалған садақтай сенiмсiз болды.



58Биiк жерлерде жалған тәңiрлерге арнап

Ғибадат ететiн орындарын салып,

Құдайдың ашу-ызасын туғызды,


Жалған тәңiр мүсiндерiн тұрғызды,


Құдайдың зор қызғанышын ((қызғануын)) тудырды.


59Мұны естiп Құдайдың қаһары тұтанды,

Исраилден жиренiп мүлдем бас тартты.



60Тастап кеттi Ол Шилодағы тұрағын,

Адамдар арасындағы киелi шатырын,



61Әрi өз құдiретiн паш еткен сандығын

Қолына түсiрдi халқының жауларының,


Өзiнiң ұлылығының сол белгiсiн


Қолдарына тапсырды дұшпандарының.


62Меншiктi халқына Құдай қаһарланып,

Семсер жүзiне оларды табыстап,



63Жас жiгiттерiн халықтың өрт жалмады,

Қыздарға той әндерi айтылмады,



64Дiни қызметкерлер де семсерден қырылды,

Жесiрлерi жоқтау да айта алмады.



65Кейiн Иемiз тұрды ұйқыдан оянғандай,

Iшiп алып қызбаланған балуандай,



66Жауларына соққы берiп, керi тойтарды,

Соларды мәңгiлiк масқараға қалдырды.



67Әрi Жүсiптiң әулетiнен бас тартты,

Ефрем руын басшылыққа таңдамады,



68Орнына таңдап алды Яһуда руын,

Өзiнiң қатты ұнатқан Сион тауын.



69Киелi үйiн зәулiм аспандай орнатты,

Жер iспеттi мәңгiлiкке оны нығайтты.



70Өз қызметкерi етiп Дәуiттi таңдады,

Қойлардың отарынан Құдай оны шақырды,



71 Саулық қой бағып жүрген жерiнен алдырды,

Жақыптың ұрпақтарын оған бақтырды,


Меншiктi Исраил халқын қамқорлатты.


72Дәуiт халқын бағып жүрдi шын жүректен,

Жетелеп алып жүрдi ептi қолымен.



78

Жау басып алған елдi құтқаруын Құдайдан сұраған мiнажат


1(Асафтың жыры.)

2Уа, Құдай, Өзiңе бағынбаған ұлттар

Сенiң меншiктi елiңдi басып, олар


Сенiң киелi үйiңдi арамдады,


Иерусалимдi қиратып, талқандады.



3Жау қызметшiлерiңнiң сүйектерiн

Құстарға жемтiк етiп тастап кеткен,


Олар адал адамдарыңның өлiктерiн


Жабайы аңдардың азығы еткен,



4Солардың қанын Иерусалимдi

Айналдыра ағызды су тәрiздi,


Сүйектерiн жерлейтiн ешкiм болмады.



5Көршiлерiмiз бiздi келеке қылуда,

Маңымыздағылар мазақтап қорлауда.//



6Уа, Ием, қашанғы ашуланасың ұдайы,

Қызғанышың ((қызғануың)) қашанғы оттай лаулайды?



7Төкшi қаһарыңды соның орнына

Өзiңдi танудан бас тартқан ұлттарға,


Саған сиынбайтын патшалықтарға.


8Олар Жақыптың ұрпақтарын жалмады,

Мекен-тұрағын қиратып, бос қалдырды.



9Бабаларымыздың күнәсiн бiзге артпашы,

Рақымыңды тезiрек бiзге жолдашы,


Өйткенi әлсiредiк бiз өте қатты.



10Құтқарушы Құдайымыз, бiздi қолдашы,

Атыңның даңқына бола азат ете гөр,


Есiмiңе бола күнәмiздi кешiре гөр.



11Өзiңе бағынбаған халықтардың

«Құдайы қайда екен бұлардың?»


Деген мазағына бiздi неге қалдырасың?


Солар қызметшiлерiңнiң қанын төктi,


Соның кегiн алғаныңды бiзге көрсетшi.



12Тұтқындардың ыңқылына құлақ салшы,

Ұлы құдiретiңмен әрекет жасашы,


Өлiмге кесiлгендердi аман сақташы.



13Көршiлерiмiзге, уа, Ием, өз атыңды

Қорлағандарын жетi еселеп қайтаршы.



14Бағып жүрген халқың әрi «отарыңбыз»,

Сондықтан Өзiңдi мәңгi мадақтаймыз.


Күллi ұрпаққа ұлылығыңды даңқтаймыз.



79

Жау қиратқан елдi қалпына келтiрудi сұраған мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Келiсiм қызғалдағы» әуенiмен

2Уа, Исраилдiң Бағушысы, құлақ түршi,

Бейне қой отарындай жетелейсiң Жүсiптi.

Уа, керубтер арасында тақта Отырушы,


Өзiңнiң нұрлы салтанатыңды жайнатшы.


3Ефрем, Бунямин, Манаса руларының

Көз алдында зор күшiңдi көрсетшi Сенiң,


Келiп, құтқарсаң еттi бiздi Өзiң!



4О, Құдай, бiздi қайтаршы өз жолыңа,

Бет нұрыңды төкшi бiзге тағы да,


Құтқарылатын боламыз осылайша.



5Уа, Құдай, бар Әлемнiң Иесiсiң,

Қашанғы халқыңа ашуланасың,


Мiнажаттарымыздан бас тартасың?



6Халқыңа Сен көз жасын мол төккiздiң,

Көз жасымызбен молынан бiздi суардың,



7Мазақтаттың бiздi көршiлерiмiзге,

Дұшпандарымыз келеке етуде.



8Уа, Әлемнiң Иесi, Құдай Тағала,

Бiздi қайтара гөр өз тура жолыңа,


Бет нұрыңды төкшi бiзге тағы да,


Құтқарылатын боламыз осылайша.



9Бiздi Мысырдан жүзiм бұтасындай әкелдiң,

Басқа ұлттарды елден қуып шығардың,


Солардың орнына бiздi отырғыздың.



10Ол үшiн тазартып, өңдедiң жердi,

Сол «бұта» тамыр жайып, толтырды елдi,



11Оның көлеңкесi тауларды жапты,

Сабақтары зор самырсындарды басты.



12Сабақтары созылды теңiзге дейiн,

Өркендерi — Евфрат өзенiне дейiн.



13Ендi неден қоршаған дуалын қираттың?

Қасынан өткеннiң бәрi жұлды жемiсiн,



14Орман қабаны түбiн қазып, қопаруда,

Түз аңдары жайылып, «бұтаңды» жалмауда!



15Уа, Әлемнiң Иесi, қайта оралшы,

О, Құдай, көктен жерге көз салып қарашы,


Осы «жүзiм бұтасын» қамқорлашы,



16Құдiреттi қолыңмен оны отырғыздың,

Сабақтарын Өзiңе арнап өсiрдiң.


17«Жүзiм бұтаңды» шауып, өртедi жаулар,

Жүзiңнiң ызбарынан жойылсын олар!


18Қолдай гөр оң жағыңдағы халқыңды,

Өзiңе арнап нығайтқан ұлтыңды.


19Сенен ендi қайтып безбеймiз сонда,

Сиынатын боламыз Сенiң атыңа,


Өмiрiмiздi жаңарта гөр тағы да.



20Уа, Әлемнiң Иесi, Құдай Тағала,

Бiздi қайтара гөр өз тура жолыңа,


Бет нұрыңды төкшi бiзге тағы да,


Құтқарылатын боламыз осылайша.



80

Құдай Иемiз — күш-қуатымыздың қайнар көзi

1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, ғаттық күй аспабының сүйемелдеуiмен айтылатын Асафтың жыры.)



2Күш-қуатымыз — Құдайға шаттана ән салыңдар!

Жақып сиынған Құдайға қуана айқайлаңдар,



3Ән-жыр айта бастаңдар, даңғыраны соғыңдар,

Домбыра, жетiгенменен әсем әуен тартыңдар,



4Жаңа ай туғанда кернейде ойнаңдар,

Ай толғанда мейрамымызды жариялаңдар.


5Өйткенi бұл Исраил халқының мiндетi,

Жақып сиынған Құдайдың берген ережесi.




6Жаратқан Иемiз Mысырға қарсы шыққанда

Осыны бұйырды Жүсiптiң ұрпағына,

Бiз бөтен тiлдi естiген уақытта.



7(Жаратқан былай деп бiлдiрдi бұйрығын:)

Иықтарыңнан ауыр жүктi алып тастадым,


Қолдарыңды көтерген себеттен босаттым.


8Қиын кезде айқайлап сиындыңдар Mаған,

Сонда сендердi азат етiп алдым аман.


Күннiң күркiрiнен сендерге құлақ салғам,


Mерiба сулары маңында сендердi сынағам. //



9Құлақ ас, уа, халқым, сендерге ескертпекпiн,

Игi болар, Исраил, Mаған құлақ түргенiң.




10Ешқандай жат жерлiк тәңiрлерiң болмасын,

Бөтен тәңiрге құлшылық етпеңдер лайым!


Құлшылық етпеңдер бөтен тәңiрлерге лайым!




11Mен Жаратқан Ие — бiрден-бiр Тәңiрлерiңмiн,

Mысыр елiнен алып шыққан Иелерiңмiн.


Ал ендi, ауыздарыңды ашыңдар айқара,


Мен оларды толтырамын жақсылыққа.




12Бiрақ таңдаған халқым Mенi тыңдамады.

Исраилдiң ұрпағы Mаған бағынбады,




13Сондықтан Мен қасарысқан жүректерiне

Жол бердiм өз беттерiмен жүрулерiне.




14Халқым Менiң сөзiме құлақ салса екен,

Исраилдiң ұрпағы жолыммен жүрсе екен,




15Онда Мен жауларын лезде жуасытар едiм,

Қинаған дұшпандарына қол жұмсар едiм,




16Тәңiрдi жек көргендер мойынсұнғансыр едi,

(Бейнеттi) уақыттары мәңгi созылар едi.


17Сендердi ең жақсы бидаймен тойдырар едiм,

Жартастағы балмен рақатқа кенелтер едiм.



81

Әдiлетсiз билерге сот жүргiзушi — Хақ Тағала

(Асаф сөзiн жазған жыр.)

1Құдай үлкен мәжiлiсiн басқарады,

Сонда Ол билерге үкiм шығарады:


2«Қашанғы әдiлетсiз үкiм айтпақсыңдар,

Зұлымдарға оң қабақ танытпақсыңдар?//




3Жарлы мен жетiмнiң мүддесiн қорғаңдар,

Бейшара кедейге әдiлдiк жасаңдар!




4Шарасыз бен мұқтажды құтқарыңдар,

Зұлымның шеңгелiнен оны босатыңдар!»




5Ештеңе ұқпастан, ештеңе бiлместен,

Қанаушылары түнекте жүрiп келген,


Содан елдiң бар негiзi дiрiлдеген!




6Былай деп едiм: «Сендер Құдай сияқтысыңдар,

Хақ Тағаланың рухани ұлысыңдар,



7Дегенмен жай пендедей құрисыңдар,

Әмiршiлердей қаза табасыңдар».




8Уа, Құдай, көтерiлiп, жердi сотташы,

Сен иемденесiң ғой бар халықтарды!



82

Зұлым жаудан құтқаруды сұраған мiнажат

1 (Асаф сөзiн жазған ән әрi жыр.)

2Уа, Құдайым, үндемей қала берме,

Тiл қатпастан тып-тыныш бола көрме,




3Себебi жауларың у-шу көтеруде,

Жек көретiндер Саған қарсы көтерiлуде.




4Халқыңа қарсы олар сұмдық ойласуда,

Өзiң сүйген елге қарсы жоспар құруда:




5«Кәне, құртайық ұлттар арасынан,

Исраил аталмасын ендi ешқашан».




6Бiрауыздан олар сөз байласып

Жатыр, Саған қарсы одақ құрып:




7Шатырларда тұрған едомдықтар,

Ысмағұлдық, моабтық, хағарлықтар,




8Гебалдық, аммондық, амалектiктер,

Тирдiң тұрғындары мен фiлiстiрлер.




9Ассур елi де оларға қосылды,

Луттың ұрпағына қолдаушы болды.//



10Сен ежелде Mадиян тайпасына,

Сисара мен Ябинге Қишон аңғарында


Iстегенiңдей iстешi жауларымызға!



11Сол байырғылар құртылды Ендорда,

Жерге төккен көңдей болды олар да.




12Iстешi жаулардың әмiршiлерiне

Ежелде iстегенiңдей Ориб пен Зипке,


Iстешi олардың бар көсемдерiне,


Өзiң iстегенiңдей Салмуна мен Зебеге,


Өйткенi жау былай дедi бiз жөнiнде:




13«Құдайдың мекендерiн иемденейiк,

Жайылымдарын қолға түсiрейiк!»//




14Жауларды етшi құйын соққан тозаңдай,

О, Құдайым, жел ұшырған сабандай,




15Әрi от жалмап қойған ормандай,

Жалын күйреткен қырат басындай.




16Жауды қуып шықшы елден құйыныңмен,

Дүрбелеңге түсiршi дауылыңмен,




17Уа, Ием, оларды қара бет қылып масқарала,

Олар бет бұрып сиынсын Сенiң атыңа.//




18Лайым жау қысылып әбiгер болсын,

Ақырында қорланып өлiм құшсын,




19Жаратқан Ие деп аталған тек Сенiң

Бүкiл жер бетiне билiк жүргiзетiн


Хақ Құдай Тағала екенiңдi бәрi бiлсiн!



83

Құдайдың үйiн аңсау


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған, ғаттық жетiгеннiң сүйемелдеуiмен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.)

2Өзiңнiң тұрағың жер бетiндегi

Қандай сүйкiмдi ((керемет)), уа, Әлемнiң Иесi!



3Жаным Жаратқан Иенiң киелi үйiндегi

Аулаларына баруды аңсап, әлсiреп келедi,


Мәңгi тiрi Құдайға жан-тәнiм әндетедi.



4Тiптi торғай да қонатын жерiн тауып алды,

Қарлығаш балапандарын басуға ұя салды:


Маңайында құрбандық үстелдерiңнiң Сенiң,


Уа, Әлемнiң Иесi, Патшам, Құдайым менiң!



5Киелi үйiңде тұратындар сондай бақытты,

Әрқашан да олар Саған мақтау айтады!



6Сенiң күшiңе кенеле берген, ой-ниетi

Саған бағытталған жандар қандай бақытты!


7Жылау аңғарымен жүрiп су көздерiн ашады,

Күзгi жаңбыр жауғандай, жер жарылқанады.



8Жол жүрiп олардың күшi өсе бередi,

Соңында Сионда Құдай алдына келедi.



9Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнiң Иесi,

Өзiңе арнаған мiнажатымды ести гөр,


Жақып сиынған Құдай, құлақ түре гөр.



10Уа, Құдай, бiздiң қорғаушымыз, көңiл бөле гөр,

Таңдап алған патшаңа көз қырыңды сала гөр.



11Бiр-ақ күн болғаным киелi үйiңнiң ауласында

Мың күннен жақсы өткiзген өзге орында.


Есiгiнде тұруды Құдайымның үйiнде

Артық көрем жайлы өмiрден сұмдар үйiнде.



12Себебi Құдай Ие күн мен қалқанға ұқсайды,

Жаратқан Ием рақым мен ұлылық сыйлайды,


Ол тура жолменен жүретiн адамдарды


Беретiн игiлiгiнен ада қалдырмайды.



13Уа, әлемнiң құдiреттi Иесi — Жаратқан,

Қандай бақытты Өзiңе сенiм артқан жан!



84

Құдайдан қайтадан рақым сұраған мiнажат

1 (Ән-күйдi басқарушыға арналған, Қорахтың ұрпақтары сөзiн жазған жыр.)



2Уа, Ием, Сен елiңе рақымды болдың,

Жақыптың ұрпағын тұтқыннан қайтардың.




3Халқыңның кiнәсiне кешiрiм жасадың,

Барлық күнәларын да жауып тастадың.//



4Сен ашу-ызаңды басып тастадың,

Жалындаған қаһарыңнан бас тарттың.




5Құтқарушы Құдайымыз, қалпымызға келтiршi,

Бiзге деген наразылығыңды бәсеңдетшi.




6Mәңгiлiк бiзге қаhарлана бермекпiсiң,

Ұрпақтан ұрпаққа ашуыңды төкпекпiсiң?




7Халқыңның Өзiңе шаттануы үшiн

Өмiрiмiздi қайтадан жаңартпаймысың?




8Бiзге тұрақты рақымыңды көрсетшi,

Уа, Иемiз, бiздi құтқара көршi.




9Құлақ түрем Құдай Иенiң айтарына,

Ол тыныштық уәде етедi өз халқына —


Таңдап алған өз адал адамдарына,


Тек қайтпасын халық ақымақтық жасауына!




10Сөз жоқ, Өзiн қастерлейтiн жандарды

Құдай жақында құтқаратын болады,


Осылайша Оның даңқты ұлылығы


Елiмiзге орнығатын болады.




11Сонда рақым мен шындық бiрге кездеседi,

Әдiлдiк пен амандық бiр-бiрiмен «өбiседi.»


12Ақиқат жер бетiнен көктеп шығады,

Әдiлдiк көктен төмен қарап тұрады.




13Шынымен Иемiз игiлiк сыйламақ,

Жерiмiз бiзге өнiмiн ұсынбақ,




14Әдiлдiк Тәңiрдiң алдынан жүрмек,

Жүретiн жолдарын дайындап бермек.



85

Қиын-қыстау кездегi мiнажат пен мадақтау

(Дәуiттiң мiнажаты.)

1Уа, Жаратқан, мен жарлы, зәрумiн көмегiңе,

Құлақ тосып, жауап бершi өтiнiшiме.



2Құдайым, қорғай гөр жанымды Саған арналған,

Құтқара гөр құлыңды Өзiңе сенiм артқан.



3Рақымыңды түсiре гөр, уа, Жаратқан Ием,

Күн сайын Саған үздiксiз сиына берем.



4Уа, Жаратқан, жадырата гөр пендеңнiң жанын,

Себебi бiр Өзiңе сенiмiмдi артамын.



5Уа, Ием, Өзiңе сиынғанның барлығына

Кешiрiмдi, iзгiсiң, шексiз рақымды да.



6Уа, Жаратқан, мiнажатыма құлақ сала гөр,

Жалбарынған даусыма көңiлiңдi бөле гөр.



7Тек Өзiңе сиынам күн туғанда басыма,

Өйткенi жауап бересiң Сен мiнажатыма.



8Уа, Ием, ұлттардың табынатын тәңiрлерi

Араларында жоқ Саған ұқсас бiреуi,


Сенiң жасаған кереметтерiң iспеттi


Жоқ басқа ешкiмнiң де ғажайып iстерi.



9Сен жаратқан күллi ұлттар алдыңа келедi,

Есiмiңдi ардақтап бастарын иедi.



10Себебi Сен ұлысың, ғажап iстер жасайсың,

Уа, Жаратқан Ие, жалғыз Өзiң Құдайсың!


11Уа, Ием, бағыттай көршi менi ақ жолыңа,

Жүргiм келедi сәйкес Өзiңнiң шындығыңа,


Жүрегiмдi нығайтшы тек Сенi ардақтауға.



12Құдай Ием, Өзiңдi шын жүректен мақтаймын,

һәм Сенiң есiмiңдi мәңгi бақи даңқтаймын.



13Сондай зор Сенiң маған түсiрген шапағатың,

О дүниенiң тұңғиығынан аман сақтадың!



14Тәкаппар жандар маған қарсы бас көтередi,

Қатыгездер тобы менi құртқысы келедi,


Олар Саған мойынсұнып, менсiнбейдi.



15Ал Сен рақымды да қайырымды Құдайсың,

Уа, Жаратқан, Сен тез қаһарланбайсың,

Шексiз Сенiң мейiрiмiң мен сенiмдiлiгiң.



16Маған көз қырыңды салып рақым ете көршi,

Қызметшiңмiн, нығайтып, аман сақтай көршi,



17Маған iзгiлiкпен қарайтыныңды көрсетшi!

Уа, Жаратқан, жауларым соны көрiп, ұялсын,


Өйткенi Өзiң маған демеу болып, жұбаттың.



86

Құдайдың қаласының асқан ұлылығы


1(Қорахтың ұрпақтарының әнi әрi жыры.)



2Қала iргесiн салды Ол қасиеттi тауда,

Сион қақпалары ұнамдырақ Жаратқанға


Жақып ұрпағының басқа тұрақтарынан да.




3Уа, Құдайдың қаласы, сен жайында

Керемет жақсы жайттар айтылуда.//




4Мен өзiмдi танитындар арасынан

Mысыр мен Бабыл елдерiн атаймын,


Сондай-ақ фiлiстiр, Тир, Құш тұрғындарын:


«Бұлар Сионда туғандар», деп санаймын.



5Жұрт былай демек Сион қаласы жайында:

«Осындай да осындай ер туған мұнда,


Қаланы Өзi бекiткен — Хақ Тағала».




6Тәңiр Ие тiркегенде халықтарды:

«Бұлар Сионда туғандар» деп жазады.//




7Жұрт былай дер ән айтып, күй ойнаған кезде:

«Өмiрiмнiң қайнар көздерi бiр Өзiңде».



87

Шарасыз жағдайдағы мiнажат



1(Қорахтың ұрпақтарының әнi әрi жыры. Ән-күйдi басқарушыға арналған, «Ауыртпалық шегу» әуенiмен айтылатын Езрах ұлы Еманның насихат жыры.)



2Уа, Жаратқан Ием, Құтқарушы Құдайым,

Күнi-түнi дауыстап Саған сиынамын.




3Дұғам менiң алдыңа Сенiң жетсiншi,

Дауыстаған айқайыма құлақ түршi.




4Өйткенi жан дүнием қайғыға толды,

Өмiрiм ажалға жақындап қалды,




5Көрге түсетiндер арасынан саналдым,

Күшi жоқ, әлсiз адамға ұқсас болдым,




6Осылай өлiлер қатарына қалдырылдым,

Қаза тауып, қабiрде жатқандардаймын,


Сен оларды ендi қайтып еске алмайсың,


Аласталды олар қамқорлығыңнан Сенiң.




7Сен менi қап-қараңғы тұңғиыққа

Салып қойғансың, ең терең шұңқырға.




8Үстiмдi зiлдей басады қаһарың,

Менi жаншиды барлық «толқындарың»,//




9Жолдастарымнан менi аластаттың,

Оларға менi жек көрiнiштi қылдың,


Ешқайда шыға алмай құрсаудамын,




10Көп жылап бұлыңғырланды көз алдым.

Ием, күнде Саған дауыстап сиынамын,


Өзiңе қарай қолдарымды жаямын.




11Өлгендер үшiн керемет жасайсың ба,

Мәйiттер көрден тұрып, Сенi мадақтай ма?//




12Көрде Сенiң рақымың уағыздала ма,

Қабiрде шындығың жариялана ма?


13Түнектегiлер кереметтерiңдi бiле ме,

Ұмыт болғандар әдiлдiгiңдi түсiне ме?




14Уа, Жаратқан, дауыстап Саған сиынамын,

Таң ата алдыңа жетедi мiнажатым.




15Ием, нелiктен Сен менен бас тартасың?

Бет-жүзiңдi менен неге жасырасың?//




16Жасымнан әлсiз болдым, өлiм жүрдi жақын,

Айбыныңнан қорқып әлсiреп шаршадым.




17Қаһарыңның оты үстiмнен басып өттi,

Зор қорқынышың менi тас-талқан еттi,




18Тасқын судай ұзақты күн қоршайды,

Жан-жақтан олар менi қыспақтайды.




19Менен таныс-достарымды аластаттың,

Тас түнектi ең жақын досым еттiң.



88

Дәуiтпен жасаған келiсiмiн Жаратқан Иенiң есiне салған мiнажат



1(Зерах ұлы Етанның насихат жыры.)



2Зор рақым-шапағатыңды, уа, Ием,

Әр уақытта ән-жырға қосамын мен,


Сөзiңе берiктiгiңдi Сенiң


Бар ұрпақтарға айтатын боламын.




3Солай, Сенiң тұрақты рақымыңның

Mәңгiлiк екенiн жариялаймын.


Өзiңнiң шындығыңды көкте бекiттiң,

Өйткенi Өзiң былай деген едiң:




4«Мен таңдаулыммен келiсiм жасадым,

Қызметшiм Дәуiтке былай деп ант бердiм:




5Әулетiңдi мәңгiлiкке нығайтамын,

Ұрпақтан ұрпаққа тағыңды орнатамын».//



6Көкте мадақталады кереметтерiң,

Қасиеттiлер жиынында — берiктiгiң.



7Көктегi кiм Иемiзбен теңесе алар,

Күштiлер арасында кiм Жаратқанға ұқсар?



8Қасиеттi перiштелердiң үлкен тобы

Терең қастерлейдi айбынды Құдайды,


Биiк тағын айналдыра Оны құрметтейдi.




9Уа, Құдайымыз, әлемнiң Иесi,

Саған ұқсас кiм бар, сондай құдiреттi?


Адалдығың жан-жақтан қоршайды Сенi.




10Буырқанған теңiзге билiк айтасың,

Көтерiлген толқындарын Сен тыншытасың.




11Паң мысырлықты Сен талқандап қираттың,

Жауларыңды күштi қолыңмен шашыраттың.




12Көк Сенiкi, жер де Өзiңнiң меншiгiң,

Негiзiн салдың Сен күллi әлемнiң


Әрi жараттың ондағылардың бәрiн.




13Сен жараттың солтүстiк, оңтүстiктi де,

Табор, Ермон қуанады есiмiңе.



14Қолың мен бiлегiң ерен қуатты,

Оң қолың барлығынан да жоғары.




15Әдiлдiк, әдiлет — тағыңның негiзi,

Рақым мен адалдық алдыңда жүредi.




16Мадақтау жиналысына шақырған

Қуанышты дауысты танып, қосылған

Әркiм сондай бақытты, өйткенi оған


Жүзiңнiң нұрында жүру бұйырылған,




17Күнi бойы ол ұлы атыңа қуанады,

Әдiлдiгiң оны жоғарылатады.




18Бұлардың күшi мен ұлылығы Өзiңнен,

Сенiң рақымыңмен патшамыз күшейген,



19Қорғайтын қалқанымыз — Жаратқан Иеден,

Бiздiң патшамыз — Исраилдiң Киелiсiнен. //



20Уа, Ием, бiрде Сен аян берген едiң,

Адал адамыңа былай деген едiң:

«Мен жауынгер адамға қуат дарыттым,


Халықтан таңдап алып жоғарылаттым:




21Бұл қызметшiм Дәуiттi тауып алдым,

Арнайы майыммен майлаттым,


Патша болуға тағайындаттым.




22Лайым оны қорғап-қолдайтын боламын,

Әрдайым күш-қуат сыйлайтын боламын.




23Жау одан амалын асыра алмайды,

Зұлымдар тықсырып, жеңе алмайды,




24Алдынан оның жауларын құртамын,

Өзiн жек көргендердi қиратамын.




25Берiк рақымыма Дәуiт ие болады,

Өз атыма бола оның күшi артады,




26Дәуiттiң билiгiн Жерорта теңiзiне

Создырам, әрi шығыстың өзендерiне.



27Ол былай деп атамақ атымды менiң:

«Сен Әкемсiң, Құдайымсың өзiмнiң,


Жартастай паналайтын Құтқарушымсың».




28Mен оны «Тұңғышым» деп белгiлеймiн,

Жер патшаларынан үстем етемiн.




29Мейiрiмiмдi оған мәңгi сақтаймын,

Келiсiмiмнен ешқашан бас тартпаймын.



30Оның әулетiн мәңгi нығайтамын,

Тағын да көктей мәңгi орнатамын.//




31Ал ұлдары тастаса Таурат заңымды,

Әрi орындамаса бұйрықтарымды,




32Егер бұзып жатса ережелерiмдi,

Сақтаудан бас тартса өсиеттерiмдi,




33Онда күнәлары үшiн таяқпен ұрам,

Зұлым iстерi үшiн қамшымен соғам.




34Ал Дәуiттен мейiрiмiмдi қайтып алмаймын,

Өз адалдығымнан ешқашан таймаймын,




35Мен келiсiмiмдi ешуақытта бұзбаймын,

Аузымнан шыққан сөздi өзгертпеймiн.




36Mен Дәуiтке ант еткенмiн бiржолата,

Қасиеттiмiн, жалғандық айтпаймын да:




37Әулетi жалғасады шексiз уақытқа,

Оның патшалық тағы Mенiң көз алдымда,


Күн iспеттi ол әрдайым бар болады да,




38Ай iспеттi ол тұрақты болып орнайды,

Аспандағы адал айғаққа ұқсайды». //



39Ал қазiр Сен тағайындаған патшаңнан

Сырт айналдың, жaратпай ашуландың оған,




40Қызметшiңмен жасаған келiсiмiңнен тандың,

Тәжiн оның лақтырып жерге арамдадың.




41Күллi қамалдарын жойып қираттың,

Қорғандарын үйiндiге айналдырдың.




42Жолшыбай өткендер оны тонайды,

Көршiлерi келекелеп мазақтайды.




43Оның жауларын күшейтiп, үстем еттiң,

Барлық дұшпандарын шаттыққа кенелттiң.




44Патшаның семсерiнiң жүзiн мұқалттың,

Шайқаста оны қорғап-қолдамадың.




45Оның жарқын салтанатын тоқтаттың,

Әрi патшалық тағын жерге құлаттың.




46Сен патшаның жас уақытын қысқарттың,

Масқараны оған шапандай жаптың.//




47Қашанғы, уа, Ием, жасырынбақсың?

Мәңгiлiк лаулай ма оттай қаhарың?




48Ескершi өмiрiмнiң қысқалығын,

Қандай мәнсiздiкке пенденi жараттың!




49Қай адам ғұмыр кешiп, өлiмдi көрмедi,

Кiм ажал тырнағынан өзiн құтқарды?//




50Уа, Ием, қайда бұрынғы зор рақымың,

Адалдығың мен Дәуiтке берген антың?




51Есiңе алшы құлыңның мазақталғанын,

Көп ұлттың мысқылының көңiлiме батқанын,




52Ескершi, Ием, жауларыңның балағаттағанын,

Тағайындалған патшаңның жолын қорлағанын.




53Жаратқан Ие мәңгiлiк мадақталсын!

Аумин, иә, аумин.



89

Мәңгiлiк Құдай және өткiншi пенде


1(Құдайдың адамы Мұсаның мiнажаты.)

2Уа, Ием, атам заманнан берi Өзiң

Баспанамыз бiздiң болып келесiң.



3Жаратылмай-ақ жер мен бүкiл әлем,

Таулар жаралмас бұрын бар боп келген,


Мәңгi тiрi болатын Құдайсың Сен!



4«Қайт, адам баласы!» деп қана айтсаң,

Пенденi топыраққа айналдырасың.


5Ал бiр мың жылдық Сенiң көз алдыңда

Өте шыққан күн тәрiздi қып-қысқа,


Иә, түнгi күзеттей шектеулi ғана.



6Сен лезде-ақ алып кетесiң пенденi,

Ол бiр көрiнiп, жоқ болар түс секiлдi,


Яки далада өскен шөп iспеттi:


Таң ата шықса да көгерiп,


Кешке қарай қурап қалады семiп.



7Осылай бiз жоқ боламыз ашуыңнан,

Зәремiз ұшады Сенiң қаһарыңнан.



8Сен күнәларымызды қойдың алдыңа,

Нұрыңда айқын құпияларымыз да.



9Өмiр бойы бiзге қаһарың төнедi,

Жылдарымыз күрсiнiспен бiтедi.


10Ғұмырымыз жетпiс жасқа созылар,

Күш-қуат жетсе, мүмкiн, сексен болар,


Осы аралық шегемiз бейнет-азап,


Ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап.



11Қаһарыңның күшiн кiм түсiнедi?

Соған сай қастерлеу қажет Өзiңдi.



12Үйрете гөр ғұмырды есептеудi,

Даналық содан ұяласын жүрекке.



13Қашан райыңнан қайтасың, уа, Тәңiр?

Пенделерiңе шапағат тигiзе гөр,



14Ертеңгiсiн рақымыңа кенелте бер,

Әндетiп шаттанайық күллi күндер.



15Өткерген ауыр күндерiмiзге сай,

О, Тәңiр, бiздi шаттыққа кенелте гөр!


Азап шеккен көп жылдарымызға сай,


Бұдан былай қуанышқа бөлей гөр!



16Лайым пенделерiңе, уа, Иемiз,

Керемет iстерiңдi көрсете гөр,


Бiздiң ұрпақтарымызға да әр кез


Шексiз ұлылығыңды паш ете гөр!



17Құдай Иемiз бiзге риза бола көрсiн,

Қолға алған iсiмiздi оңғара көрсiн.


Я, Құдай, iсiмiздi жарылқай гөр!


Аумин.



90

Құдайдың қанаты астында

1Хақ Тағаланың панасында тұрған адам

Құдiреттiнiң саясынан табады тыным.



2Мен Жаратқан Иеге былай дейтiн болам:

«Қорғаным бас сауғалайтын әрi панам,


Уа, Құдайым, сенiмiмдi Саған артам!»



3Хақ Тағала сенi зұлымның тұзағынан,

Я ажалды ауру-жарадан сақтайды аман.


4Сенi Өзiнiң «қанатымен» жауып алады,

Осылай өмiрiң қауiп-қатерсiз болады,


Қорғанатын қалқаның — Оның ақиқаты.



5Түнде сен қара түнек қорқыныштан,

Күндiз қорықпайсың жау оқтарынан,



6Сескенбейсiң түнгi iндет-аурудан,

һәм тал түсте басыңа төнген апаттан.



7Қасыңда мыңдағандар қаза тапса,

Оң жағыңда он мыңдап қырылғанда,


Саған зақым жақындай алмайды да.



8Тек болып жатқанды көрiп тұрасың,

Зұлымдардың жазаланғанын байқайсың.



9Сен Тәңiрге сенiм артып келесiң,

Алла Тағаланы панаң етесiң,



10Басыңа ендi жамандық түспейдi,

Үйiңе ешбiр апат та төнбейдi.



11Перiштелерiне Ол сен жайлы бұйрық бередi:

Қай жолмен жүрсең де, олар күзетiп жүредi.



12Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшiн

Қолдарына көтерiп сенi алып жүредi.



13Жас арыстан мен оқжыланды аяқпен таптайсың,

Үлкен арыстан мен абжыланды жаншып тастайсың.


14Себебi Жаратқан Ие былай деп айтқан:

«Өзiмдi сүйгендi Мен құтқарып аламын,


Өзiмдi мойындағанды қорғайтын боламын,



15Маған сиынғанында құлақ асамын,

Азап шеккен кезiнде оған жар боламын,


Аман-есен сақтап, құрметке бөлеймiн.



16Ғұмырын ұзақ қылып риза етемiн,

Құтқаруымды оған сыйлап беремiн».


Аумин.



91

Жаратқан Иенiң әдiлдiгiн әндетiп мадақтау


1(Демалыс күнi айтылатын ән әрi жыр.)



2Қандай ғанибет — Жаратқан Иенi мақтау,

Уа, Тағала, есiмiңе ән арнау,




3Таң ата паш етiп рақымыңды,

Кеште де Өзiңнiң адалдығыңды,




4Он iшектi аспапта әсем күй тартып,

Жетiген және домбырамен қосылып.




5Уа, Ием, жаратқандарыңа шаттанамын,

Ұлы iстерiңе қуана ән саламын.




6Ием, қандай керемет Сенiң iстерiң,

Түпсiз терең Сенiң ой-ниеттерiң!




7Ессiз адам ғана бұларды бiлмейдi,

Түйсiксiз жан мынаны түсiнбейдi:




8Зұлымдар қазiр жердi шөптей қаптайды,

Заңсыздық iстейтiндер өркендейдi,


Ал кейiн олар мәңгiлiкке құриды.




9Бiрақ, Сен, уа, Жаратқан мәңгi үстемсiң!



10Уа, Ием, сөзсiз бар жауларың Сенiң,

Иә, күллi жауларың да өлiп құриды,


Зұлымдық жасайтындар шашырайды.




11Маған жабайы бұқадай күш бердiң,

Басыма май жағып әлдендiрдiң,



12Жауларымның күйрегенiн өзiм көрдiм,

Mаған қарсы бас көтерген зұлымдардың


Жеңiлiсi жайлы өзiм естiдiм.




13Әдiл жан құрма ағаштай өркендейдi,

Ливандық самырсындай өсiп биiктейдi,



14Жаратқанның үйiнде ол тамыр жаяды,

Құдайымыздың ауласында құлпырады,




15Жасы ұлғайса да, жемiсiн бередi,

Шырынды, ширақ болып қала бередi,




16«Бас сауғалар қорғаным — Тәңiр мүлтiксiз» дейдi,

Оның әдiлдiгiн осылайша паш етедi.



92

Мәңгiлiк Патшаның салтанатты ұлылығы

1Жаратқан Ие — Патша, Ол билiк жүргiзуде,

Ұлылыққа бөленiп, кенелген құдiретке.

Шынында берiк орнатылған бұл дүние.



2Сенiң құрметтi тағың ежелден бекiтiлген,

Уа, Ием, мәңгi бақи бар болып келесiң Сен.



3Уа, Жаратқан Ие, өзендер асып-тасиды,

Теңiз де дүркiреп, толқындарын тұрғызады.



4Бiрақ мол сулардың қатты шуылынан гөрi,

Теңiз жағасына соққан толқындардан гөрi,


Көктегi Тәңiр Иенiң құдiретi күштi!



5Уа, Ием, ережелерiң шынымен сенiмдi,

Сенiң үйiң мәңгiлiк киелi де көрiктi!



93

Құдайдың халқын жауларынан құтқаруды сұраған мiнажат

1Уа, Жаратқан, қарымтасын қайтаратын Құдай,

Нұрыңды төкшi, есесiн қайтарушы Құдай!


2Уа, әлемге үкiм Шығарушы, көтерiле гөр,

Менмендерге тиiстi жазасын тартқыза гөр!



3Уа, Жаратқан Ие, қашанғы осылай болмақ?

Қашанғы әдiлетсiздер дауыстап қуанбақ?



4Ауыздарынан менмен сөздер үздiксiз шығады,

Зұлымдық iстейтiндердiң бәрi мақтанады.



5Уа, Жаратқан Ием, аяққа таптап халқыңды

Қанайды олар таңдаған меншiгiңдi.



6Жесiрлер мен жат жұрттықтарды олар жояды,

Жетiмдердiң де көзiн сол қаталдар құртады.



7Олар былай дейдi: «Жаратқан мұны көрмейдi,

Жақып сиынған Құдай бұған мән бермейдi».



8Елдегi ақымақтар, ақылға келiңдер!

Сендер парасатқа қашан кенелесiңдер?



9Құлақты жаратқан Тәңiр әлде естiмей ме?

Көздi жаратқан Оның Өзi әлде көрмей ме?



10Халықтарға ескерткен Ол саған ескертпей ме?

Адамға тағылым беретiн Ол —



11Жаратқан Ие

Адамның ой-ниетiнiң бекерлiгiн бiледi де!



12Уа, Жаратқан Ие, Өзiң тәрбие берген жан

Бақытты, Сен үйреттiң Таурат заңыңды оған.



13Тыным бересiң соған қиын-қыстау уақытта,

Ал сұмдарға көр қазылады ақыр соңында.



14Себебi Жаратқан өз халқынан бас тартпайды,

Таңдаған меншiгiн Ол жалғыз қалдырмайды.



15Сөз жоқ, төрелiк қайтып әдiлдiкке негiзделмек,

Шын жүректен әдiлдер соңынан Оның ермек.



16Кiм менi қорғау үшiн қарсы шығар зұлымдарға

Кiм мен үшiн қарсы тұрар күнә жасайтындарға?



17Егер Жаратқан Ие маған жар болмағанда,

О дүниеге аттанар едiм жақын арада.



18«Аяғым таяды!» дегенiмде, уа, Жаратқан,

Сенiң мейiрiмiң болды сүйенiш маған.



19Уайым-қайғы кернегенде менiң жүрегiмдi

Жұбанышың Сенiң жадыратты көңiлiмдi.



20Заңыңа қарсы зорлық-зомбылық ойлаған

Арамзалардың тағы жақын бола ма Саған?



21Топтасып олар әдiлге қарсы ұмтылады,

Кiнәратсыз адамды өлiмге бұйырады.



22Бiрақ Жаратқан Ие — паналайтын қорғаным,

Иә, Құдай Ием — бас сауғалар заңғар шыңым.



23Сол зұлымдарға Ол қылықтарын қайтарады,

Өз жауыздықтарымен өздерiн құртады,


Құдай Иемiз оларды бiржола жояды.



94

Жаратқан Иенi дәрiптеп, Оған мойынсұнуға шақыру

1Келiңдер, Жаратқан Иеге арнап

Әндетейiк қуана-қуана жырлап,


Жартастай мықты Құтқарушымызға


Сиына берейiк қатты дауыстап!



2Бәрiмiз Иемiздiң алдына барып,

Ризашылығымызды бiлдiрейiк,


Ән-күймен де Оған мақтау айтып,


Даңқын Оның асыра берейiк!



3Себебi Жаратқан Ие — Ұлы Құдай дағы,

Тәңiр, пiр атаулыдан әлдеқайда жоғары!


4Бәрi Оның қолында: жердiң тұңғиықтары,

Әрi меншiгi Оның — зәулiм тау шыңдары,



5Теңiз де Иемiздiкi — Өзi соны жаратқан,

Және құрлықтың бәрi Оның қолынан шыққан!



6Келiңдер, тағзым етейiк Иемiзге иiлiп,

Жаратушымыздың алдында тiзе бүгiп!



7Себебi Өзi — бiздiң бiрден-бiр Құдайымыз,

Ал бiз — Оның бағып жүрген меншiктi халқымыз,


Әрi қамқорындағы отары сияқтымыз.


Ал бүгiн Оның даусын естiсеңдер,



8Мерiбада iстегендерiң iспеттi

Қасарыстырмаңдар жүректерiңдi:


Ежелде айдалада жүрген кезде


Масадағы* бас көтергендерiңдей,


Қайтадан солай iстемеңдер ендi!



9Ата-бабаларың сендердiң сол жерде

Көрiп жүрсе де керемет iстерiмдi,


Еркiнсiп сынай бердi төзiмiмдi.



10Бұл ұрпаққа қырық жыл ашуландым,

Сонымен былай деп қорытқан едiм:


Жүрек қалаулары терiс бағыттағы


Осы халық қабылдамады тағылымымды.


11Қаһарланып ант еттiм Мен сондықтан:

«Тыныштық сыйлау үшiн Мен дайындаған


Елге кiрмейдi олар ендi ешқашан!»


Аумин.



95

Шырқаңдар жаңа ән Жаратқан Иеге!



1Шырқаңдар жаңа ән Жаратқан Иеге,

Күллi жер, ән шырқа Тәңiр Иеге!




2Ән салып Оның атын мадақтаңдар,

Құтқаруын күн сайын хабарлаңдар,




3Халықтарға паш етiңдер ұлылығын,

Бар ұлттарға Иемiздiң кереметтерiн!//




4Иемiз ұлы, мадақталуға лайықты,

Бар тәңiрлерден де зор үрей туғызады,




5Өзге ұлттар табынған тәңiрлер жалған,

Ал Жаратушы Ие көктi жаратқан.




6Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында,

Құдiрет, әсемдiк киелi тұрағында.




7Жаратқанның даңқы мен құдiретiн

Mойындаңдар, уа, рулары күллi ұлттардың,




8Жаратқанға лайық құрмет көрсетiңдер,

Аулаларына Оның сый-тарту әкелiңдер.




9Қасиеттi салтанатқа киiнiңдер,

Жаратқан Иемiзге бас иiңдер,


Оның алдында дәрiптеп дiрiлде, күллi жер!




10Бар ұлттарға мынаны паш етiңдер:

«Жаратқан Иемiз патшалық етер!»


Әлем берiк орнатылып, қозғалмайды,


Иемiз ұлттарды әдiлдiкпен соттайды.




11Көк шаттансын, жер де қатты қуансын,

Теңiз бен ондағылар шуылдасын,




12Дала мен ондағылар қатты шаттансын,

Орман ағаштары қуана ән салсын,




13Келе жатқан Иенiң алдынан шықсын!

Ол келiп, жерге үкiм шығарады,


Әлемге әдiлдiкпен сот құрады,


Ұлттарға шындықпен билiк айтады.



96

Әдiлдiк орнатушы Жаратқан Ие

1Жаратқан Ие патшалық құрады,

Қуанып шаттансын бүкiл жер шары,


Көп аралдар әрi теңiз жағалары!



2Бұлт пен түнек айналасы Оның,

Шындық пен әдiлдiк — негiзi тағының.


3Жаратқанның алдында от жүредi,

Айналдыра жауларын құртып өртейдi.



4Найзағайы әлемдi жарқыратады,

Жер бетi соны көрiп, шайқалады.



5Бүкiл әлемнiң Иесiнiң алдында,

Жаратқанның бет-жүзiнiң алдында,


Балауыз iспеттi еридi таулар да.



6Аспан Оның әдiлдiгiн паш етедi,

Күллi ұлттар ұлылығын көредi.



7Жалған тәңiрлерiмен мақтанғандар

Ұялсын, сол мүсiндерге табынғандар.


Жаратқанға бас иiңдер, барлық пұттар!


8Сион шаһары естiп, шаттанады,

Яһуда қалалары да қуанады


Сенiң шешiмдерiңе, Жаратқан Ие,



9Жоғарысың бар әлемнен, уа, Жаратқан,

Үстемсiң Сен бар «тәңiр» атаулыдан.



10Ей, Жаратқан Иенi сүйетiндер,

Зұлымдықтың барлығын жек көрiңдер!


Өзiне бағышталғандарды Ол қорғайды,


Зұлымдардың қолынан арашалайды.



11Әдiл адамдарға нұр төгiледi,

Ақ пейiлдер шаттыққа кенеледi.



12Әдiлдер, Жаратқанға шаттаныңдар,

Қасиеттi есiмiн мадақтаңдар!



97

Әлемге билiк айтатын Құдайды мадақтаңдар!

1Жаратқанға айтыңдар жаңа әндi,

Өйткенi Ол кереметтер iстедi,


Киелi құдiретiмен жеңiп шықты.



2Жаратқан Ие жеңiсiн аян еттi,

Әдiлдiгiн де халықтарға көрсеттi.



3Исраилге деген мейiрiмiн де,

Сенiмдiлiгiн де сақтайды есiнде.


Құдайымыздың құтқаруын көрдi


Жер жүзiнiң түкпiрлерiндегiлер де.



4Бүкiл жер жүзi, шаттанып айқайлаңдар,

Қуанып Жаратқанға ән айтыңдар!



5Домбыра шертiп, әдемi ән салыңдар,

Жетiгенмен Иемiзге күй тартыңдар,



6Сырнай, кернейдiң үнiмен дауыстаңдар,

Патшамыз Тәңiр алдында шаттаныңдар!



7Теңiз де өзiн мекендейтiндерiмен,

Әлем де өзiнде тұратындарымен


Шаттана шуласып Оны мадақтасын!



8Өзендер шаттана қол шапалақтасын,

Таулар да бiрiгiп қуана ән салсын



9Жаратқан Иемiздiң көз алдында!

Келедi Ол жерге үкiм шығаруға,


Әлемге әдiл билiк айтуға,


Ақиқат шындықпен күллi ұлттарға.



98

Әлемнiң ұлы Патшасы — Жаратқан Иемiз



1Жаратқан Иемiз патшалық құрады,

Керубтер арасындағы тағында отырады.

Халықтар Оны қастерлеп қалшылдасын,


Жер де Тәңiр Иеден қорқып шайқалсын!




2Жаратқан Ие Сионда мақталады,

Ол барлық халықтардан да жоғары.




3Уа, Ием, ұлы да үрейлi есiмiңдi

Халықтар мадақтасын: ол киелi.




4Құдiреттi патша, ұнатасың әдiлдiктi,

Сен жер бетiне орнаттың әдiлеттi.


Жақыптың үрiм-бұтағына шындықты


Бекiттiң, уа, Ием, және адалдықты.




5Мақтау айтыңдар Иемiз Құдайға:

Ол киелi, «Табан тiренiшiнiң» алдында

Бас иiп ғибадат етiңдер Құдайға!




6Дiни қызметкерлердiң арасында

Mұса мен Һарон болды ежелгi заманда.


Атын атап Оған сиынғандар арасында


Самуил пайғамбар да болды баяғыда.


Тәңiр құлақ салды олар сиынғанда.




7Бұлтты бағанадан Ол сөзiн жолдады,

Ережелер мен жарлығын жариялады,


Ал халық соларды сақтап орындады.




8Уа, Құдай Ием, оларға құлақ салдың,

Сен кешiрiм беретiн Құдай болдың, —


Алайда күнәларын жазалайтынсың.




9Құдай Иемiздi дәрiптеңдер,

Қасиеттi тауында Оған бас иiңдер,


Құдай Иемiз киелi, соны бiлiңдер!



99

Алғыс жыры

1Бар әлем, жырлаңдар Иеңдi дауыстап,

2Тәңiрге қызмет етiңдер шаттанып,

Келiңдер алдына қуана әндетiп,



3Мойындаңдар Оны Құдайымыз деп:

Бiздi жаратты Ол, меншiктi үмбетiмiз,


Iзгi шопандай бағатын халқымыз.



4Оның ғибадатханасына барып

Алғыс жыр айтыңдар қақпасынан өтiп,


Иенi мақтаңдар алаңына кiрiп,

Шүкiрлiк етiңдер есiмiн дәрiптеп!



5Себебi Тәңiр Ие мейiрiмдi,

Мәңгiлiк шапағатын тигiзедi.


Тәңiр ұрпақтан ұрпаққа бiздерге


Сенiмдiлiгiн көрсете бередi.


Аумин.



100

Патшаның анты

(Дәуiттiң жыры.)



1Рақым мен әдiлдiк жайлы ән шырқаймын,

Уа, Жаратқан, әнiммен Сенi мақтаймын.




2Мiнсiз жүру жайлы мұқият ойлаймын,

«Қашан маған келесiң?» деп сұраймын,


Таза жүрекпен сарайымды аралаймын.




3Арам нәрселерге еш көз салмаймын,

Сұмның iстерiн мүлдем ұнатпаймын,


Өзiме жабысуларына жол бермеймiн.




4Азғын жүректiнi қасымнан қуамын,

Зұлымдық атаулыдан аулақ боламын,




5Жақынын құпия жамандайтынды жоямын,

Паң көздi, өр көкiрекке төзе алмаймын.




6Елдегi адалдарға назар аударамын,

Осылай қасымда аман-есен тұра алсын,


Таза жүргендер ғана маған қызмет қылсын.




7Ешбiр алдамшы сарайымда тұрмайды,

Жалған сөйлеушi көз алдымда қалмайды.




8Таң атқаннан зұлымдарды басамын,

Тәңiрдiң қаласынан сұмдарды құртамын.



101

Зор ауыртпалық шеккен кездегi мiнажат


1(Ауыртпалық шегiп, әлсiреген жанның Жаратқан Иеге мұңын шаққан мiнажаты.)

2Уа, Жаратқан, мiнажатымды естiшi,

Көмек сұраған даусым Саған жетсiншi,




3Қиын кезде менен сырт айналмашы,

Құлағыңды өзiме түре көршi,


Өзiңдi шақырсам тез жауап бершi.




4Күндерiм түтiндей лезде жоғалады,

Сүйектерiм от шоғындай маздап жанады.




5Шапқан шөптей қурады жүрегiм менiң,

Тамақ жеудi де ұмытып келемiн,




6Қатты күрсiнiп ыңқылдағанымнан

Сүйектерiм бұлшық етiме жабысқан.




7Құла түздегi бiрқазанға ұқсаймын,

Қираған орындағы жапалақтаймын,




8Ұйықтай алмай мен ояу жатырмын,

Үй төбесiндегi құстай жалғызбын.




9Дұшпандарым күнде балағаттайды,

Менi мазақтап, атымды қарғайды.




10Нан орнына күлмен тамақтанамын,

Көз жасымды сусыныма қосамын.




11Mұның себебi — ашу-ызаң Сенiң,

Жоғары көтерiп, менi лақтырған едiң.




12Кешкi көлеңкедей өтедi күндерiм,

Қураған шөптей мен әбден әлсiредiм.




13Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгi боласың,

Бар ұрпақтарға жайылар Сенiң даңқың,




14Орныңнан тұрып, Сионға рақым етшi,

Ендi уақыт болды, мейiрiм көрсетшi,


Соған белгiлеген мезгiлiң жеттi.




15Құлдарың Сионның тастарын ұнатады,

Шаң-тозаңы аяныштарын оятады.




16Бар ұлттар дiрiлдер Жаратқанның атынан,

Әлемнiң патшалары да Оның даңқынан:




17Жаратқан Ие Сионды қайта тұрғызбақ,

Өз салтанатымен сонда болмақ,




18Mұқтаждардың дұғасына, құлақ асады,

Мiнажаттарын Ол жауапсыз қалдырмайды.




19Келер ұрпақтар үшiн бұл жазылмақ,

Келер буындар Жаратқанды даңқтамақ:




20Жаратқан көктен жер бетiне қарады,

Киелi үйiнен Ол төмен көз тастады,




21Тұтқындардың ыңқылын есту үшiн,

Өлiмге кесiлгендердi босату үшiн.




22Жаратқанның аты Сионда хабарланбақ,

Даңқы Оның Иерусалимде жарияланбақ,




23Сонда халықтар бұл қалаға жиналар,

Патшалықтар Иемiзге ғибадат қылар.




24Өмiр жолымда Тәңiр менi қалжыратты,

Ғұмырымның күндерiн Ол қысқартты.




25Сонда мен былай дедiм Жаратқанға:

«Уа, Құдайым менiң, жарты жолда


Өмiрiмдi көрмешi қысқарта!


Сен жасайсың ұрпақтан ұрпаққа,




26Жер негiзiн салғансың әуел баста,

Құдiретiңмен жараттың аспанды да.



27Олар құриды, Сен боласың әр уақытта,

Шапандай тозады барлығы да,


Ескi киiмдей ауыстырасың бұларды,


Сонда олар лақтырылып тасталады.




28Ал Сен сол күйi қалатын боласың,

Еш таусылмайды Сенiң жасар жылдарың,




29Құлдарыңның ұлдары тыныш тұрады,

Ұрпақтары да көз алдыңда болады».



102

Құдайдың рақымы туралы жыр

(Дәуiттiң жыры.)

1Жан-тәнiммен Жаратқан Иенi мадақтаймын,

Шын жүректен қасиеттi атын ардақтаймын.


2Жан-тәнiммен Жаратқан Иенi мадақтаймын,

Маған көп жақсылық жасағанын ұмытпаймын.



3Ол бар күнәларымды кешiрiп,

Дерттерiмнiң бәрiн сауықтырады,



4Өлiмнен жанымды аман қалдырып,

Рақымы мен мейiрiмiн сыйлайды,



5Тiлегiмдi жақсылықпен қанағат қып,

Қырандай менi қайта түлетедi.



6Тәңiр жәбiр көргендердiң барлығына

Әдiлдiк жеткiзiп, мүддесiн қорғайды.



7Ақиқат жолдарын танытып Мұсаға,

Керемет жасады Исраил халқына.



8Жаратқан — мейiрiмдi де рақымды,

Асқан шыдамды әрi қайырымды.



9Ол бiздi ұдайы айыптамайды,

Мәңгi бақи кек те сақтамайды,



10Бiздi күнәмызға қарап жазаламайды,

Жаман iсiмiздiң есесiн қайтармайды.



11Аспан жерден қанша жоғары болса,

Жаратқанның Өзiн сыйлағандарға

Жаудыратын рақымы сонша мол да!



12Шығыс батыстан қашық болғаны сияқты,

Күнәмызды бiзден шексiз қашықтатты.



13Әкенiң сәбиiне жаны ашығанындай,

Иемiз де Өзiн қастерлегендерге


Дәл сондай жанашырлық танытады.



14Неден жаратылдық, соны бiледi,

Топырақтан екенiмiз Оның есiнде.


15Адамның өмiрi көк шөп секiлдi,

Даладағы гүл тәрiздi гүлдейдi:



16Ыстық жел соғып өтсе ғайып болар,

Тұрған жерi беймәлiм боп жоғалар.



17Ал Өзiн терең қастерлегендерге

Жаратқанның рақымы мәңгi жаумақ.



18Өзiмен келiсiмiн бұзбайтын,

Бұйрықтарын есiнде сақтайтын,


Солар бойынша жүрiп-тұратын


Адамның келер ұрпақтарына да


Құдайдың әдiлдiгi жетiп тұрады.



19Жаратқан көкте орнатты өз тағын,

Оның Патшалығы билейдi барлығын.



20Иенiң сөзiне құлақ салатын,

Оның айтқанын iске асыратын


Құдiретi күштi перiштелерi,


Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!



21Тәңiр Иенiң еркiн орындайтын

Қызметшiлерi, көктегi топтары,


Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!



22Тәңiр Иенiң билiгi астында

Жүретiн барлық жаратқандары,


Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!


Жан-тәнiммен Жаратқан Иенi мадақтаймын!


Аумин.



103

Бесiншi жазба

Әлемдi жаратқан Құдай Тағаланың асқан ұлылығы

1Жан-тәнiммен Жаратушыны мақтаймын.

Уа, Құдай Ием, керемет ұлысың,


Құрмет пен салтанатқа бөленгенсiң.



2Жарық нұрды Сен шапандай киесiң,

Аспанды шатырдай жайып жiбересiң,



3Су үстiнен сарайыңды бекiтесiң,

Бұлттарды мiнер күймең етесiң,


Желдiң қанаттары үстiнде жүресiң.



4Желдi етесiң перiштелерiңдей,

От жалынын да өз нөкерлерiңдей.



5Сен жердi берiк негiзге орнаттың,

Ол ешқашан шайқалмайды орнынан.



6Терең сумен жердi киiмдей жаптың,

Тiптi тау бастарын да сумен бастың.



7Сөгiс берген даусыңнан сулар бездi,

Күркiреген үнiңнен дереу шегiндi,



8Таулардан асып, аңғарларға түстi,

Өзiң белгiлеген жерге барып ақты.


9Сен суларға сонда берiк шек қойдың,

Су ендi қайтып жердi жаппастай қылдың.


10Сайларға ағызасың бұлақтарды,

Өзендер тау арасымен құйылады,



11Дала аңдарын олар суға қандырады,

Құландар да одан шөлiн басады.


12Құстар су жағасына ұя салады,

Бұтақтар арасынан ән айтады.



13Заңғар мекенiңнен тауды суарасың,

Iсiңнiң жемiсiмен жердi толтырасың.



14Мал азығына жерден шөп өсiресiң,

Адамға ас болуға дақылдар еккiзесiң,



15Пенденiң жүрегiн қуантар шарапты да,

Беттi жылтыратар зәйтүн майын да,


Денеге күш-қуат берер нанды да.



16Суға қанығады Иенiң ағаштары,

Өзi өсiрген Ливан самырсындары.


17Құстар соларға ұяларын салар,

Шыршалар ләйлектiң мекенi болар,



18Таутекелер тұрағы — зәулiм таулар,

Таутышқанның панасы да — құз жартастар.



19Мезгiлдi белгiлеуге жараттың айды,

Күн де қай уақытта бiледi батуды.


20Сен қараңғылық жайғанда түн болады,

Орманның аңдары кезiп сандалады,



21Жас арыстандар ақырып олжа аңсайды.

Құдайдан өздерiне азық сұрайды.



22Күн шыға олар бұғып керi қайтады,

Апандарына енiп, тынығып жатады.



23Адамдар сол кезде жұмысқа шығады,

Кеш түскенше iстерiмен айналысады.



24Сенiң iстерiң қандай көп, уа, Ием!

Жасадың барлығын да даналықпен,


Жер толған Сенiң жаратқандарыңмен.



25Мiне, тағы ұлан-ғайыр теңiз де бар,

Құжынар сансыз үлкен-кiшi хайуандар,



26Теңiзде жүзедi кемелер, қайықтар,

Сен онда ойнауға жаратқан дәу балықтар.


27Өзiңнен күткендерi бәрiнiң де —

Сенiң тамақ беруiң мезгiлiнде.



28Азығын берсең олар жинап алар,

Қолыңды ашсаң игiлiкке тойынар.



29Ал жүзiңдi жасырсаң әбiгерге қалар,

Жанын алсаң өлiп, топыраққа айналар.



30Рухының лебiн жiберiп, өмiр жаратасың,

Жер бетiн қайтадан толтырып, жаңартасың.



31Жаратқан Ие мәңгiлiк мадақталсын,

Иемiз iстерiне әрдайым шаттансын.



32Жер бетiне көз салса шайқалады,

Тауларға қол тигiзсе түтiн шығады.



33Өмiр бойы Жаратқанға ән саламын,

Дем бiткенше Құдайыма жыр айтамын,



34Ой толғанысым Оған ұнамды болсын,

Лайым Жаратқан Иеме шаттанамын.



35Күнәкарлар жер бетiнен аласталсын,

Әдiлетсiздер ендi қайтып болмасын.


Жан-тәнiммен Жаратушыны мақтаймын.


Жаратқан Иемiздi мадақтаңдар!



104

Уәдесiне берiк Жаратқан Иенi мадақтау



1Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар,

Оның есiмiн атап сиыныңдар,


Ұлы iстерiн халықтарға хабарлаңдар.




2Иемiзге ән салып, Оны мадақтаңдар,

Барлық кереметтерiн паш қылыңдар,




3Тәңiрдiң киелi атымен мақтаныңдар,

Шын жүректен бас иiп Оған қуаныңдар!




4Иемiзге әрi құдiретiне Оның ден қойыңдар,

Лайым Оның еркiн бiлуге ұмтылыңдар. //



5Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерiн,

Ғажап iстерi мен шығарған шешiмдерiн,




6Уа, Оның құлы Ыбырайымның ұрпақтары,

Жақыптан тараған таңдаулы адамдары!




7Ол — бiздiң Құдайымыз, Жаратқан Ие,

Ол бүкiл әлемге билiк жүргiзедi.




8Mәңгi есiнде сақтайды өз келiсiмiн,

Mың буынға дейiн бұйырған өсиеттерiн —




9Ыбырайыммен жасаған келiсiмiн,

Ысқаққа да антпен берген келiсiмiн,




10Жақыпқа соны жарлық қылып бекiттi,

Исраил үшiн мәңгiлiк келiсiм еттi.




11«Mұралы үлесiң етiп беремiн саған

Қанахан елiн» дедi сонда Жаратқан.




12Сол кезде олар әлi де аз болатын,

Азғана келiмсек болып сонда тұратын,




13Олар елден елге көшiп-қонатын,

Патшалықтарды аралап орнығатын.




14Жаратқан ешкiмге оларды жәбiрлетпедi,

Олар үшiн патшаларға ескерттi:




15«Тағайындағандарыма тиiспеңдер,

Пайғамбарларыма зұлымдық етпеңдер!»




16Жаратқан ашаршылық жiбердi елге,

Талқандап тамақ қорының бәрiн де.




17Алдарынан шығарды Ол бiр жiгiттi,

Мысырға құлдыққа сатылған Жүсiптi.




18Жүсiптiң аяқтары қысылып бұғауланды,

Мойнына оның темiр құрсау салынды,




19Алдын ала айтқаны орындалғанша,

Тәңiр сөзi оның мiнезiн сынап болғанша.




20Патша сонда адам жұмсап, Жүсiптi босатты,

Ұлттардың билеушiсi оны азат еттi,




21Тiптi өз сарайының басқарушысы қылды,

Жүсiпке бар иелiгiн басқартып қойды,




22Төрелерiнiң үстiнен бұйрығын жүргiздi,

Ақсақалдарын даналыққа үйреткiздi.




23Содан кейiн Исраил Mысырға көштi,

Жақып жат жерлiк боп Хам елiнен қоныс тапты,



24Жаратқан сонда халқын өсiмтал еттi,

Оның санын дұшпанынан басым еттi,




25Тәңiр Мысырға Исраил халқын жек көргiздi,

Өзiнiң құлдарына қарсы сұмдық жасатты.




26Иемiз қызметшiсi Мұсаны жолдады,

Сондай-ақ Өзi таңдап алған Һаронды,




27Бұлар Жаратқан Иенiң ғажап iстерiн —

Хам елi Мысырда Оның кереметтерiн


Халық арасында iске асырып көрсеттi:




28Ол қараңғы түсiрiп түнек еттi елдi,

Мысыр Оның сөзiне мойынсұнбай келдi,




29Елдiң суларын Ол қанға айналдырды,

Ондағы балықтарды құртып жоқ қылды,




30Мысыр жерiнен құрбақалар қаптап шықты,

Патшаның бөлмесiн де олар жайлап алды.




31Тәңiр айтқанда шыбын-шiркей құжынады,

Әрi масалар ел iшiнде қаптады.




32Иемiз жаңбырды бұршақпен ауыстырды,

Найзағайдың отын жерге жаудырды.




33Жүзiм мен iнжiр ағаштарын құлатты,

Елдегi бар ағаштарды қиратты.




34Тәңiр айтқанда шегiрткелер қаптады,

Қара құрым шегiрткелер құжынады,




35Жердiң жасыл шөбiнен түк қалдырмады,

Егiндiктегi бар астықты жалмады.




36Ол елдегi бар тұңғыштарды өлтiрдi —

Мысырлықтардың мақтанышы солар едi.



37Жаратқан Ие Мысырдан халықты

Сыйға алған алтын-күмiспен алып шықты,


Руларындағы бiреу де шаршап-шалдықпады.




38Халық кеткенде мысырлықтар қуанды,

Өйткенi қорқыныш биледi оларды.




39Жаратқан Исраилдi бұлтпен жапты,

Түнде от оларға сәулесiн шашты,




40Халық ет сұрағанда бөденелер жiбердi,

Аспаннан түскен нанмен тойындырды,




41Жартасты жарып, содан су ағызды,

Су шөлдi жерлермен өзендей сарқырады.




42Себебi Жаратқан киелi сертiн ескердi,

Қызметшiсi Ыбырайымға соны берген едi.




43Осылай алып шықты Ол халқын шаттықпен,

Таңдап алған адамдарын зор қуанышпен,




44Өзге ұлттардың жерiн оларға бердi,

Бөтен халықтың еңбегiн иемдендiрдi,




45Ендеше халқы жарлықтарын орындасын,

Әрi нұсқауларын берiк сақтасын.


Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!



105

Тұрақсыз халқының Құдайдан кешiрiм сұраған мiнажаты



1Мадақтаңдар Жаратқан Иенi!

Иемiз iзгi, мадақтаңдар Оны,


Mәңгiлiк болады Оның рақымы.




2Құдiреттi iстерiн кiм айта алар,

Иемiздi кiм лайықты мақтай алар?




3Ұдайы әдiл iстер жасағандар,

Әдiлдiктi ұстанғандар жарылқанар.




4Халқыңа көрсеткенде мейiрiмiңдi,

Уа, Жаратқан Ие, менi де ескершi,


Көмегiме келiп, құтқара көршi.




5Игiлiгiне таңдаулы халқыңның

Mен де осылайша ортақ болайын,


Халқыңның қуанышын да бөлiсейiн,


Үмбетiңнiң мақтануына қосылайын.



6Ата-бабамыздай бiз де күнә жасадық,

Заңсыздық iстеп, зұлымдыққа баттық.




7Ата-бабамыз Mысырда болған кезде

Керемет iстерiңнiң мәнiн түсiнбедi,


Iстеген жақсылықтарыңды ұмытты,


Қамысты теңiзде Өзiңе қарсы шықты.




8Ал құдiреттi күшiн таныту үшiн

Өз атына бола Құдай құтқарды халқын.




9Қамысты теңiздi құрғатты бұйрығымен,

Жай бастап алып жүргендей айдаламен


Алып шықты оларды теңiздiң түбiмен.




10Құдай Өз халқын дұшпандарынан құтқарды,

Жау қолынан оларды босатып алды.




11Қанаушыларының барлығын су басты,

Жаулардың бiреуi де аман құтылмады.




12Сонда халық сендi уәдесiне Тәңiрдiң,

Оған арнап салды мадақтау әндерiн.



13Бiрақ олар тез ұмытты Оның iстерiн,

Әрi сұрап күтпедi ақыл-кеңесiн.




14Айдалада құмарлықтарына салынды,

Құла түзде Құдайды еркiнсiп сынады.




15Құдай халыққа сұрағандарын бердi,

Бiрақ әлсiрететiн iндет те жiбердi.



16Қоныста олар Mұсаны күндеп қызғанды

Және Жаратқанға бағышталған Һаронды.




17Сонда жер жарылып, Датанды жұтып қойды,

Абиронның тобын да көмiп тастады.




18Олардың жиынында жалын лаулады,

От жалыны зұлымдарды жалмап қойды.




19Хореб беткейiнде халық жас бұқаны

Құйып жасап, сол мүсiнге табынды,



20Олар өздерiнiң шексiз ұлы Құдайын

Алмастырды мүсiнiмен шөп жейтiн бұқаның,




21Өздерiн құтқарған Құдайды ұмытты,

Ол Mысырда ұлы iстер жасаған-ды,




22Кереметтер iстеген едi Хам елiнде

Және үрейлi iстер Қамысты теңiзде.




23Сонда Құдай халықты құртамын дедi,

Бiрақ Өзi таңдаған Mұса өтiндi,


Құртам деген ашуынан қайтуын тiледi.




24Кейiн халық аңсаған елiн менсiнбедi,

Құдайдың уәдесiне сенiм жүктемедi,




25Шатырларында Оған қарсы күңкiлдедi,

Жаратқанның даусына құлақ түрмедi.




26Сонда Ол қол көтерiп оларға ант бердi:

«Айдалада құритын боласыңдар! — дедi,




27— Халықтар арасында ұрпақтарың өледi,

Жат жерлерге олар шашырайды!» — деп шештi.




28Пеғорда халық Бағалға құлшылық еттi,

Өлi «тәңiрлердiң» құрбандықтарын жедi,




29Арам iстерiмен Құдайды ашуландырды,

Сондықтан iндет араларына жайылды.




30Ал Пiнеқас тұрып, зұлымдыққа қарсы шықты,

Iндеттiң апаты осылайша тиылды.




31Сол үшiн Пiнеқас Құдай алдында ақталды,

Ұрпақтан ұрпаққа мәңгi бақи мақталды.




32Халық Құдайды Mерiба суының маңында да

Ызаландырып, жапа шеккiздi Мұсаға,




33Олар Мұсаны кейiтiп өшiктiрдi,

Сонда ол қызбаланып мүлт сөйледi.




34Халық Қанахандағы азғын ұлттарды

Жаратқан Ие бұйырғанмен құртпады.




35Қайта, олармен қоян-қолтық араласты,

Солардың арам iстерiне ортақтасты,




36Олардың пұттарына бiрге табынды,

Осылайша торға түсiп, арамданды,




37Өз ұл-қыздарын жын-перiлерге арнады,

Құрбандыққа шалып, ешбiр аямады!




38Кiнәсiз жандардың олар төктi қанын,

Қанаханның пұттарына өз ұл-қыздарын


Құрбандыққа шалып, олардың қанын қиды,


Сол қанмен Қанахан елiн арам қылды.




39Сол iстерiмен халық өзiн қорлады,

Қасиеттi келiсiмге сатқындық жасады.




40Сонда халқына қарсы қаһарланды Жаратқан,

Әбден жирендi Өзiнiң меншiктi халқынан.




41Оларды бөтен ұлттарға тапсырды,

Үстерiнен жек көрген жау билiк құрды,




42Дұшпандары қыспақтап қанады,

Халықты билеп-төстеп қорлады.




43Жаратқан Ие көп рет халқын құтқарды,

Ал олар бас көтерулерiн жалғастырды,


Күнәларының кесiрiнен құлдырады.




44Дегенмен Құдай халықтың қиыншылығына

Көзiн салып, құлақ түрдi жалыныштарына,




45Халқымен жасаған келiсiмiн ескердi,

Зор рақымымен оларды есiркедi,




46Халқын тұтқында ұстаған бар елдердi

Оларды аяп мүсiркеуге мәжбүрледi.




47Уа, Құдай Иемiз, құтқарып ала гөр бiздi,

Ұлттар арасынан жинап ала гөр керi,


Сонда бiз дәрiптеймiз киелi атыңды,


Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды.




48Исраилдiң Құдайы, Жаратқан Ие даңқталсын,

Mәңгiлiктен мәңгiлiкке Ол мадақталсын!


Барша халық мақұлдап «Аумин!» десiн.


Лайым Жаратқан Ие дәрiптелсiн!



106

Бейшараны құтқарған рақымды Құдай



1Жаратқан Ие iзгi, мадақтаңдар Оны,

Mәңгiлiкке ұласады берiк рақымы.




2Бұлай десiн Жаратқанның құтқарғандары,

Оның жау қолынан босатып алғандары,




3Жаратқанның жат елдерден жинағандары,

Шартараптан елiне қайтарғандары.



4Бiреулерi құла түзде босып жүрдi,

Mекендейтiн қала таппай дала кездi.




5Аш болып, олар суға да зарықты,

Жандары әлсiреп, өше жаздады.




6Мүшкiл халдерiнде Жаратқанды шақырды,

Иемiз оларды қасiреттен құтқарды.




7Mекендей алатын қалаға оларды

Тура жолмен жетелеп бастап барды.




8Олар Жаратқанды мақтасын мейiрiмi үшiн,

Адамдарға iстеген кереметтерi үшiн,




9Сусаған адамның шөлiн Ол қандырды,

Қарны аш жанды нәрлi аспен тойдырды.




10Бiреулер түнекте, үмiтсiз жағдайда

Тұтқында қиналды темiр бұғауда,




11Себебi сөзiне қарсы шығып Құдайдың,

Кеңесiн менсiнбедi Хақ Тағаланың.




12Сонда Ол халқын ауыр бейнетке салды,

Олар сүрiнiп құлап, ешкiм қолдамады.




13Мүшкiл халдерiнде Жаратқанды шақырды,

Иемiз оларды қасiреттен құтқарды,




14Үмiтсiз жағдай мен түнектен шығарды,

Байланған құрсауларын сындырып лақтырды.




15Олар Жаратқанды мақтасын мейiрiмi үшiн,

Адамдарға iстеген кереметтерi үшiн,




16Қола қақпаларды Ол быт-шыт қылды,

Темiр ысырмаларын да сындырды.



17Бiреулер бас көтерiп ақымақ болды,

Күнәларына бола ауруға шалдықты,




18Барлық тамақтан жиренетiн болды,

Ажалдың қақпаларына таяп қалды.




19Мүшкiл халдерiнде Жаратқанды шақырды,

Иемiз оларды қасiреттен құтқарды.




20Ол сөзiн арнап, соларды сауықтырды,

Жандарын ажалдан аман алып қалды.




21Олар Жаратқанды мақтасын мейiрiмi үшiн,

Адамдарға iстеген кереметтерi үшiн,




22Шүкiршiлiк тартуларын Иемiзге ұсынсын,

Шаттық әнмен Оның iстерiн паш қылсын!




23Кемелер мен теңiзге шығатындар,

Мұxитты кезiп, сауда жасайтындар




24Көредi Жаратқан Иенiң iстерiн,

Терең теңiздегi кереметтерiн.




25Ол бұйрық берiп, қатты дауыл жiбердi,

Зәулiм биiк толқындарды көтердi.




26Кеме аспанға көтерiлiп, жоғары шықты,

Тұңғиыққа құлағандай төмен түстi,


Қауiптен адамдардың үрейлерi ұшты,




27Mаскүнемдей тәлтiректеп шайқалысты,

Не iстерiн бiлмей сапырылысты.




28Мүшкiл халдерiнде Жаратқанды шақырды,

Оларды қасiреттен Иемiз құтқарды.




29Ол басып дауылды, саябырсытты,

Теңiздiң толқындарын да тыншытты,




30Дауыл басылғанда адамдар қуанды,

Аңсаған кемежайына Ол бастап апарды.




31Олар Жаратқанды мақтасын мейiрiмi үшiн,

Адамдарға iстеген кереметтерi үшiн,




32Халықтар жиынында Оны дәрiптесiн,

Ақсақалдар кеңесiнде қастерлесiн!




33Құдай өзендердi айналдырады шөлге,

Бұлақтарды да құрғатып құла түзге,




34Шұрайлы жердi — сортаң иен далаға

Тұрғындарының зұлымдықтарына бола.




35Ал шөлейт жердi Ол айналдырады көлге,

Кеуiп қалған даланы қайнар көзге,




36Аш жандарды сонда қоныстандырады,

Олар мекендейтiн қала тұрғызады,




37Егiн егiп, жүзiмдiк отырғызады,

Солардан ағыл-тегiл өнiм алады.




38Жаратқан Ие сол жандарды жарылқайды,

Өсiп-өнiп олар ғаламат молаяды,


Mал басын да Иемiз азайтпайды.




39(Халық тағы паңданса) саны қысқарады,

Езгi, апат, қайғы оны жуасытады,




40Әмiршiлерiн Иемiз қор қылады,

Жолсыз құла түздi кездiрiп қояды,



41Ал жарлыны мүшкiл халiнен босатады,

Отардағы қойдай ұрпағын молайтады,




42Әдiлдер мұны көрiп, шаттанады,

Бар зұлымдар ауыздарын жабады.




43Ақылды жан бұл жайттарға ден қояды,

Жаратқанның берiк рақымын ұғады.



107

Уа, Құдайымыз, жауға қарсы жар бола гөр!


1(Дәуiттiң әнi әрi жыры.)

2Уа, Құдай, жүрегiм Саған сенiмдi,

Өзiңе арнаймын мен ән-күйiмдi.



3Жан дүнием, ояншы, сергек болайын,

Жетiген мен домбыра, болыңдар дайын,


Атар таңды әнiммен оятайын.



4Жұрт алдында, уа, Ием, Сенi дәрiптеймiн,

Ұлттар арасында Сенi әндетемiн,



5Себебi рақымың заңғар аспандай,

Ақиқатың Сенiң биiк бұлттардай.


6Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,

Күллi әлемде Сенiң даңқың артсын!



7Сүйiктiлерiң Сенiң аман сақталсын,

Ден қойып, құдiретiңмен құтқарғын.



8Құдай былай дедi киелi мекенiнен:

«Мен шаттанып Сихемдi бөлшектеймiн,


Соқот аңғарын да үлестiремiн.


9Ғалахад пен Манаса да иелiгiм,

Ефрем руы болмақ басты қорғаным,


Яһудадан шығады патшаларым.


10Моаб Маған шылапшындай пайдалы болар,

Едом жерi де меншiгiме айналар,

Фiлiстiр елi бой ұрып, менi қуантар.



11Кiм менi қамал iшiне апарады,

Кiм Едом елiне жеткiзiп салады?



12Сол Сен емес пе, Құдай, бiзден бас тартқан,

Әскерiмiзбен бiрге шайқасқа шықпаған?



13Жаудың қыспағына қарсы қолдашы,

Еш жарамас пенденiң қолдағаны,



14Зор iстер iстеймiз Құдай жар болғанда,

Ол жауларымызды таптайды аяғына.



108

Орынсыз айып таққанға қарсы қолдау сұраған мiнажат

(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Құдай, мадақтап келемiн Сенi,

Тiл қатпай, үнсiз қала көрме ендi.



2Себебi адамдар зұлым да алдамшы,

Маған қарсы ауыздарын ашады,


Жалған тiлдерiмен жала жабады,



3Қас сөздерiмен жан-жақтан қыспақтайды,

Еш себепсiз маған шабуыл жасайды.



4Достығыма жауап бередi қастықпен,

Алайда Саған сиынып келемiн мен.



5Жақсылығыма зұлымдық қайтарады,

Достығыма өшпендiлiк танытады.



6(Қарсыластарым былай деп айтты:)

«Оған бiр зұлым жанды қарсы қойшы,


Оң жағына айыптаушысын тұрғызшы,



7Сотталғанда кiнәлi болып шықсын,

Мiнажаты да күнә болып табылсын,



8Көретiн күндерi оның аз болсын,

Мiндетiн оның басқа бiреу алсын,



9Балалары жетiм, әйелi жесiр қалсын,

10Ұрпақтары қаңғырған қайыршы болсын,

Қираған үйлерiнен аластатылсын,


11Қарыз берген бар меншiгiн тартып алсын,

Еңбегiнiң жемiсiн бөтендер тонасын,



12Жаны ашитын адал досы болмасын,

Жетiмдерiн мүсiркейтiн де табылмасын,



13Перзенттерi көп жасамай шетiнесiн,

Есiмдерiн келесi ұрпақ бiлмесiн.



14Әдiлетсiз iстерi ата-бабасының

Жаратқан Иенiң есiне салынсын,


Шешесiнiң күнәсi де кешiрiлмесiн,



15Күнәсi Құдай алдында қала берсiн,

Есiмдерiн Тәңiр жер бетiнен өшiрсiн.



16Өйткенi бұл жақсылық жасаудан бездi,

Кедейдi, мүсәпiр мен үмiтсiздi


Өлтiрмек болып қуғындап өкшеледi.



17Ол қарғыс айтуды сондай ұнатты,

Ендеше өзiне қонсын қарғысы,


Оң бата дегендi ол менсiнбейтiн,


Ендеше оң бата оған қонбай кетсiн.



18Бұл жан қарғауын «киiмдей киетiн»,

Тәнiне сол су, май iспеттi «сiңетiн»,



19Ендi қарғыс болсын киетiн киiмiндей,

Ұдайы буынатын белбеуiндей.



20Ол менi айыптап, қастық айта беретiн.

Тәңiр оған қайтарсын мұның есесiн!» —



21Ал Сен, уа, Тәңiр Ием, Жаратушы,

Есiмiңе бола маған жақсы қарашы,


Берiк рақымың игi, менi құтқаршы.



22Өйткенi мен бейшара, мүсәпiрмiн,

Жаралы менiң бойымдағы жүрегiм,



23Ғайып болар көлеңкедеймiн кешкi,

Шегiрткедей жау қағып жiбередi менi,



24Оразадан әлсiредi тiзелерiм,

Денем жүдеу, омсырайған бүкiл тәнiм.



25Мен келекеге айналдым жұрт үшiн,

Көрсе менi шайқайды олар бастарын.



26Уа, Құдай Ием, маған көмектесшi,

Рақымыңа сай менi құтқара көршi.



27О, Ием, мұны iстеген Сен екенiн,

Өз қолыңның жасағанын олар бiлсiн!



28Олар қарғайды, бiрақ Сен жарылқайсың,

Бас салса, өздерi ұятқа қалсын,


Ал қызметшiң Сенiң шаттанатын болсын,



29Айыптаушыларым масқараға бөленсiн,

Олар ұятқа жамылғыдай орансын.



30Мен Жаратқан Иеге көп шүкiр айтамын,

Үлкен жиында Оның даңқын асырамын,



31Ол бейшара жанды қолдап-қорғайды,

Айыптаушылардан аман сақтайды.



109

Жаратқан Иенiң тағайындаған патшасы

(Дәуiттiң жыры.)

1Жаратқан Ие менiң иеме былай дедi:

«Мен сенiң жауларыңды табаныңның астына


Салып бергенiмше өзiң отыр оң жағымда!»



2Тәңiр Сионнан билiгiңдi құрғызады сенiң,

Ендi жауларыңа да үстемдiк жүргiзесiң.



3Сен патшалық құрған күнi бағынады халқың.

Туғаннан-ақ киелi салтанат жамыласың,


Күн сайын таң ата жаңаратын шық iспеттi


Сен де ұдайы жасара түсетiн боласың.


4Жаратқан былай деп ант берген едi,

Онысын ешқашан да өзгертпейдi:


«Мәлiксадықтай дiни қызметкерсiң,

Мәңгi сондай боп қала да бересiң!»



5Жаратқан Ие сенiң оң жағыңда тұрады,

Қаһарланған күнi патшаларды жоқ қылады.



6Халықтарды соттап, көп адамдарын жояды,

Бүкiл билеушiлерiн талқандайтын болады.



7Патша жолшыбай бұлақтан сусындап алады,

Еңсесiн көтерiп, жеңiмпаз болып шығады.


Аумин.



110

Жаратқан Иенiң берiк әдiлдiгi

1Мадақтаңдар Жаратқан Иенi!

Мақтау айтамын Жаратқан Иеге,


Халық жиылып, әдiлдер кеңескенде.



2Қандай ұлы — Жаратқанның iстерi,

Оларды ұнатқандар терең зерттейдi,



3Оның iстерi ұлы да салтанатты,

Әдiлдiгi мәңгiге ұласады,



4Ол кереметтерiн есте қаларлық қылды,

Иемiз шапағатты да қайырымды.



5Өзiн қастерлейтiндi аспен қамтиды,

Келiсiмiн мәңгi есiнде сақтайды.



6Ол құдiреттi iстерiн халқына көрсеттi,

Өзге ұлттардың жерiн мұрасы еттi.



7Оның iстерi адал да әдiлеттi,

Оның бұйрықтары да түгел сенiмдi,



8Олар мәңгiлiкке берiк негiзделген,

Орындалуға шындықпен, адалдықпен.



9Жаратқан Ие өз халқын азат еттi,

Келiсiмiн мәңгiлiкке бекiттi,


Есiмi киелi де қасиеттi.



10Даналықтың бастауы — терең қастерлеу

Жаратқан Иенi, Оған мойынсұну.


Мұны ұстанған парасатты болады.


Иемiз мәңгiлiк мадақталады!



111

Жаратқан Иенi қастерлейтiн жан жарылқанған

1Жаратқан Иенi мадақтаңдар!

Тәңiрдiң өсиеттерiнен ләззат тапқан,


Оны қастерлейтiн жан жарылқанған.


2Әулетi оның елде күштi болады,

Әдiлдiң ұрпақтары жарылқанады,



3Байлық-дәулет үйлерiнде жиналады,

Әдiлдiгi мәңгi есте қалады.



4Турашыл жанға түнекте таң атады,

Ол рақымды, мейiрбан, әдiл болады,



5Қайырыммен есесiз қарыз бередi,

Оның өзi де жақсылық көредi,


Iстерiн әдiлдiкпен жүргiзедi.


6Шүбә жоқ, ол ешқашан шайқалмайды,

Әдiл адам мәңгi естен шықпайды.



7Сондай адам қауесеттен қорықпайды,

Тәңiрге сенiп жүрегi қобалжымайды,



8Оның жүрегi нық, үрейленбейдi,

Соңында жаудың жеңiлiсiн көредi.



9Мұқтаждарға мол көмек таратады,

Әдiлдiгi мәңгiлiкке ұласады,


Абыройы жоғарылайтын болады.



10Ал зұлым жан мұны көрiп, абыржиды,

Тiсiн қайрап, қалжырап қажиды,


Зұлымдардың аңсағаны құриды.



112

Мұқтаждың жанашыры — ұлы Құдай

1Мадақтаңдар Жаратқан Иенi!

Тәңiрдiң қызметшiлерi, мақтау айтыңдар,


Жаратқанның есiмiн мадақтаңдар.



2Қазiргi кезден мәңгiлiкке дейiн

Жаратқанның есiмi дәрiптелсiн,



3Күннiң шығысынан батысына дейiн

Жаратқанның есiмi қастерленсiн!



4Жаратқан бар ұлттардан да жоғары,

Оның салтанаты аспаннан да жоғары.



5Кiм Құдай Иемiзге тең бола алады?

Құдай зәулiм тағында отырады,



6Иiлiп аспан мен жерге көз салады.

7Шаң-тозаңнан кедейдi жоғарылатар,

Күл-қоқыстан мұқтажды көтерiп алар.



8Оларды әмiршiлермен отырғызар,

Халқының көсемдерiмен жайғастырар.



9Бедеу әйелдi отбасымен жарылқар,

Перзент сыйлап, шат-шадыман қылар.


Жаратқан Иенi мадақтаңдар!



113

Өз халқын азат етiп, жарылқаған Құдайды мадақтау

1Исраил көшiп шыққанда Мысырдан,

Жақыптың әулетi бөтен тiлдi жұрттан,



2Яһуда Құдайдың киелi үйiне

Айналды Һәм Исраил Оның иелiгiне.



3Сонда теңiз көрiп, қаша жөнелдi,

Иордан өзенi керi бұрылды,



4Таулар қошқар iспеттi секiрдi,

Төбелер қозы iспеттi секектедi.



5Уа, теңiз, сен неге қаша жөнелдiң?

Уа, Иордан, сен неге керi бұрылдың?



6Таулар, қошқардай неге секiрдiңдер?

Төбелер, қозыдай неге секектедiңдер?



7Дiрiлде, жер, Жаратқанның алдында,

Жақып сиынған Құдайдың алдында.



8Құдай жартасты айналдырды көлге,

Дәу шақпақ тасты атқылаған су көзiне.



9Бiздiң емес, уа, Иемiз, тек Сенiң атың

Рақымың мен адалдығың үшiн даңқталсын!



10«Қайда екен сиынған Құдайы бұлардың?

Деп басқа халықтарға неге айтқызасың?


11Сиынған Құдайымыз заңғар көкте,

Өзiне ұнайтынды асырады iске.



12Өзге ұлттардың пұттары күмiс, алтыннан,

Адамдардың қолдарымен жасалған.



13Пұттың аузы бар, бiрақ сөйлей алмайды,

Көздерi бар, бiрақ көре алмайды,



14Құлақтары бар, бiрақ ести алмайды,

Мұрны бар, бiрақ иiс бiлмейдi,



15Қолдары бар, бiрақ сезе алмайды,

Аяқтары бар, бiрақ жүре алмайды,


Көмейiнен бiр дыбыс та шықпайды.



16Өлi пұтты жасаған соған ұқсайды,

Мүсiнге сенген әркiм содан аумайды.



17Уа, Исраилдiң бүкiл әулетi,

Сенiм артыңдар Жаратқан Иемiзге,


Қалқандай қорғап-қолдайды Ол бiздердi.



18Уа, hаронның бүкiл әулетi,

Сенiм артыңдар Жаратқан Иемiзге,


Қалқандай қорғап-қолдайды Ол бiздердi.



19Уа, қастерлейтiндер Тәңiрiмiздi,

Сенiм артыңдар Жаратқан Иемiзге,


Қалқандай қорғап-қолдайды Ол бiздердi.



20Иемiз бiздi есiнде ұстайды,

Жаратқан Ие бiздердi жарылқайды,


Исраилдiң әулетiн жарылқайды,


hаронның ұрпақтарын жарылқайды.



21Жаратқан Өзiн қастерлейтiн жандарды

Үлкендi-кiшiлi бәрiн жарылқайды.



22Өздерiң мен ұрпақтарыңның сандарын

Жаратқан Ие ұдайы ұлғайтсын.



23Аспанды да, жердi де жаратқан

Иемiз өздерiңдi жарылқаған.


24Заңғар көк — Жаратқанның иелiгi,

Ал жер бетiн Ол адамзатқа бердi.



25Өлiлер Жаратқанды дәрiптемес,

Қабiрде жатқандар үндемес,



26Ал бiз паш етемiз Тәңiрдiң iзгiлiгiн

Қазiргi кезден мәңгiлiкке дейiн.


Жаратқан Ие лайым дәрiптелсiн!



114

Өлiмнен құтқарғаны үшiн Құдайды дәрiптеу

1Қатты сүйемiн Жаратқан Иенi,

Жалынған даусымды Ол естiдi,



2Иә, Тәңiрiм құлақ түрдi маған,

Мен өмiр бойы сиынамын Оған.



3Өлiмнiң торы жан-жақтан шырмады,

Ажалдың азабы менi қинады,


Зор қайғы-қасiрет тым меңдеп алды.



4Жаратқанның атын сонда атадым,

«Уа, Ием, құтқаршы менi!» — деп шақырдым.



5Жаратқан Ие әдiл де рақымды,

Бiздiң Құдайымыз сондай қайырымды,



6Ол қорғап-қоршайды ақ пейiл жандарды,

Бейшара халiмнен менi құтқарып алды.



7Тыныштала гөр ендi, уа, жан дүнием,

Мол игiлiк жасады Жаратқан Ием.



8Уа, Жаратқан, Сен жанымды өлiмнен

Құтқардың Һәм көзiмдi жас төгуден,


Аяғымды сақтадың сүрiнуден.



9Осылай мен тiрiлер ғаламында

Жүремiн Жаратқанның көз алдында.



115

Мүшкiл халден құтқарған Жаратқан Иенi дәрiптеу

1«Мен қатты қиналудамын» деп жүрдiм,

Бiрақ Саған сенiмiмдi жүктедiм.



2Үрейiм ұшып, абыржыған едiм,

«Күллi жан өтiрiкшi» деп түңiлдiм.



3Жаратқанның көрсеткен жақсылығын

Қалай ғана Өзiне қайтарамын.



4Құтқарғаны үшiн шүкiршiлiк тостағанын

Көтерiп, Иемiздiң атын паш қыламын.


5Жаратқанға берген анттарымның барлығын

Күллi халқы алдында iске асырамын.



6Өзiне бағышталған адамдарының

Өлiмiне Жаратқан аударады назарын.


7Уа, Ием, шынымен Сенiң қызметшiңмiн,

Мен, сондай-ақ, күңiңнiң баласымын,


Сен Өзiң менi бұғаудан босаттың.



8Шүкiрлiк құрбандық Саған ұсынамын,

Уа, Ием, Сенiң атыңды паш қыламын.


9Жаратқанға берген анттарымның барлығын

Күллi халқы алдында iске асырамын.



10Оның киелi үйiнiң ауласында,

Уа, Иерусалим, сенiң қақ ортаңда.


Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иенi!



116

Халықтарды Құдайды мадақтауға шақыру

Тәңiрдi дәрiптеңдер, барлық ұлттар!


Оны мадақтаңдар, күллi халықтар!


Ол орасан мейiрiмiн танытады,


Бiзге мәңгi бақи адал болады,


Мадақтаңдар Жаратқан Иемiздi!


Аумин.



117

Жеңiс үшiн айтылған шүкiршiлiк

1Жаратқан Ие iзгi, мадақтаңдар Оны,

Мәңгi ұласады берiк рақымы!



2«Мәңгi ұласады берiк рақымы!»

Деп жарияласын Исраил халқы.



3«Мәңгi ұласады берiк рақымы!»

Деп мойындасын Һаронның ұрпақтары.



4«Мәңгi ұласады берiк рақымы!»

Десiн Оны қастерлейтiннiң барлығы.



5Мүшкiл халiмде шақырдым Жаратқанды,

Құлақ түрiп Ол менi азат қылды.



6Ием маған жар, еш нәрседен қорықпан,

Не iстей алады адам баласы маған?



7Ием маған жар, Ол Қолдаушым менiң,

Жаудың жеңiлiсiн әлi көремiн.



8Сондай игi Құдайдан пана тапқан,

Адам баласына сенiм артқаннан.



9Сондай игi Құдайдан пана тапқан,

Әмiршi, әкiмдерге сенiм артқаннан.



10Барлық ұлттар айнала қоршап алды,

Жаратқанның атымен құрттым оларды,



11Жан-жақтан олар менi қоршап алды,

Жаратқанның атымен құрттым оларды,



12Айналамда арадай құжынады,

Бiрақ жанған бұтадай өшiп қалды,


Жаратқанның атымен құрттым оларды.



13Құлатпақ болып олар қатты итердi,

Бiрақ Жаратқан Ие менi демедi.



14Күш-қуатым, әрi жырым — Жаратқаным,

Ол болды, мiне, менiң Құтқарушым.



15Жеңiс пен шаттықтың айқай-шуы

Әдiлдер үйлерiнде жаңғырады:


«Жаратқанның құдiреттi оң қолы


Сондай ғажап кереметтер жасайды»!



16Сонда көтерiлдi Тәңiрдiң оң қолы,

«Жаратқанның құдiреттi оң қолы


Сондай ғажап кереметтер жасайды»!



17Ендi өлмеймiн, мен өмiр сүремiн,

Жаратқанның iстерiн паш етемiн.



18Жаратқан менi қатты жазалады,

Бiрақ жанымды ажалға қимады.



19«Әдiлдiк қақпаларын» маған ашшы,

Оған кiрiп, мақтайын Жаратқанды.



20Мына қақпа — Жаратқанның қақпасы,

Әдiл жандар оған кiре алады.



21Сенi мадақтаймын, маған құлақ салдың,

Уа, Ием, менiң Құтқарушым Сен болдың.



22Құрылысшылар менсiнбеген тас ендi

Iргетас болып бұрышқа қаланды!


23Көз алдымызда бұл керемет болды,

Жаратқанның Өзi оны жасады.



24Иемiз жаратты бiзге бұл күндi,

Шаттанып қуанайық осы күнi.



25Уа, Жаратқан Ие, бiздi құтқаршы,

Уа, Тәңiр Иемiз, табыс сыйлашы!



26Тәңiрдiң атынан келушi жарылқанған,

Киелi үйiнен бата беремiз оған.



27Жаратқан Ие — Құдай, бiзге нұрын шашқан.

Тойдың құрбандық малын апарыңдар,


Үстелдегi мүйiздерге байлаңдар.



28Сен Құдайымсың, Саған мақтау айтамын,

Сен Құдайымсың, даңқыңды асырамын.



29Жаратқан Ие iзгi, мадақтаңдар Оны,

Мәңгi ұласады берiк рақымы.



118

Құдай сөзiне ризалық

1 Пәк таза да тура жолмен жүрiп,

Тәңiрдiң тәлiмiне бағынғандар бақытты!


2Иемiздiң ережелерiн ұстанып,

Шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты!



3Олар әдiлетсiздiк iстемейдi,

Тек Құдай жолымен ғана жүредi.



4Сен бұлжытпай орындауымыз үшiн

Өз бұйрықтарыңды шығарған едiң.



5Сенiң жарлықтарыңа бағынып мен

Жүре берсем, шiркiн, тура жолыңмен!



6Сонда ден қойып бар өсиеттерiңе,

Ешқашан масқара болмас та едiм.



7Әдiл шешiмдерiңдi үйренгенде

Сенi дәрiптеймiн таза жүрекпен.



8Мен жарлықтарыңды ұстана берем,

Жалғыз қалдыра көрме менi мүлдем.



9Жас жiгiт қалай таза жолмен жүре алады?

Сөзiңе бағынып соны iстей алады.



10Шын жүректен Саған бет бұрып келем,

Тайдыра көрме менi өсиеттерiңнен.



11Күнә жасамау үшiн Саған қарсы,

Жүрегiме сақтадым айтқандарыңды.



12Сенi мақтайтын болам, уа, Жаратқан,

Үйрете гөр жарлықтарыңды маған.



13Бар шешiмдерiңдi Өзiң шығарған

Мен дауыстап айтып та отырамын.



14Жұрттың қуанғанындай мол байлыққа,

Мен ережелерiңмен жүрем шаттана.


15Бұйрықтарың туралы толғанамын,

Жолыңа Сенiң мұқият ден қоямын.



16Жарлықтарыңды қуана орындаймын,

Сөздерiңдi ешқашан ұмытпаймын.



17Уа, Ием, мейiрiңдi көрсете гөр маған,

Сонда аман боп, сөзiңдi сақтай аламын.


18Рухани көзiмдi аша гөр менiң,

Тәлiмiңнен кереметтер көрейiн.



19Бұ дүниеде жат жерлiк кiрмедеймiн.

Өсиеттерiңдi жасыра көрме менен.



20Шешiмдерiңдi үйренудi сағынып,

Жаным әрдайым шөлiркейдi зарығып.



21Сөгiп ескертесiң тәкаппарларды,

Өсиеттерiңнен тайып, қарғалғандарды.



22Масқара мен қорлықты алып тастай гөр менен,

Ережелерiңдi ұстанып жүремiн мен.



23Әкiмдер жиналып, менi өсектегенмен,

Жарлықтарың жайлы толғанам, уа, Ием.



24Ережелерiңнен рақат табамын,

Олар ұдайы ақыл бередi маған.



25Ажал аузында жанымның жатқаны-ай,

Аман сақтай гөр берген уәдеңе сай!


26Жүрген жолдарымды айтып бергенiмде

Өзiң құлақ асып, жауап бердiң де,


Жарлықтарыңды ендi үйрете гөр маған.



27Ұқтырсаң бұйрықтарыңның мағынасын,

Керемет iстерiң туралы толғанамын.



28Жаныма қайғы батып, шаршап-шалдыққам,

Уәдеңе сәйкес күш сыйлай гөр маған.



29Тәлiмiңдi маған сыйлап рақымменен,

Жалғандық жолын аулақтата гөр менен.



30Ақиқат жолын мен таңдап алдым да,

Шешiмдерiңдi ұстаймын көз алдымда.



31Берiк ұстанамын ережелерiңдi,

Ием, қалдыра көрме ұятқа менi.



32Менiң жүрегiмдi азат еттiң Сен,

Жүремiн өсиеттерiңнiң жолымен.



33Ием, көрсете гөр жарлықтарыңның жолын,

Оны соңына дейiн ұстанамын.



34Түсiнiк сыйлай гөр, тәлiмiңе бағынайын,

Оған шын жүректен мойынсұнатын болайын.



35Жүргiзе гөр менi өсиетiңнiң жолымен,

Содан қуаныш тауып келемiн мен.



36Жанымды пайдакүнемдiкке емес,

Ережелерiңе құштар ете гөр.



37Бос нәрселерге назарымды түсiрмей,

Өз жолыңда өмiрiмдi жаңарта гөр.


38Ием, орындай гөр маған берген сөзiңдi,

Сенi терең қастерлесiн содан бәрi.



39Менен алшақтай гөр үрейлi масқараны,

Себебi шешiмдерiң сондай жақсы!



40Тiлеймiн бұйрықтарыңа бағынуды,

Жаңарта гөр әдiлдiгiңмен жанымды.



41Ием, маған рақымыңды түсiре гөр,

Берген сөзiңе сай менi құтқара гөр.



42Сонда сөккенге жауап бере алам,

Сенiң сөзiңе сенiмiмдi артам.



43Шындық сөзiн алып қойма аузымнан,

Шешiмдерiңе сенiмiмдi артам,



44Тәлiмiңдi мен бұлжытпай ұстанам,

Әрдайым оны орындайтын болам.



45Жүрiсiм де болады емiн-еркiн,

Себебi мен бұйрықтарыңа бет бұрам.



46Патшалар алдында ережеңдi айтам,

Сонда ешқандай қаймықпайтын болам.



47Өсиеттерiңдi қатты ұнатам,

Олардан жұбаныш пен рақат табам.



48Өсиеттерiңдi сүйiп, қабылдаймын,

Жарлықтарыңа үңiлiп толғанамын.



49Сөзiңдi ескере гөр пендеңе берген,

Соған үмiт артуымды қалайсың Сен.



50Сенiң сөзiң менi жандандырады,

Бұл менi жапа шеккенде жұбатады.



51Паң жандар менi мазақтай бергенмен,

Тағылымыңнан тайып кетпедiм мен.


52Ежелгi шешiмдерiңдi еске аламын,

Уа, Ием, содан жұбаныш табамын.



53Тағылымыңнан безген зұлымдарды

Көргенiмде ашу кернейдi бойымды.



54Жат жерлiк болып тұрған жақтарда мен

Сенiң жарлықтарыңды жырлап жүремiн.



55Түнде атыңды есiме салып, уа, Ием,

Сенiң тәлiмiңдi ұдайы ұстанам,


56Бұл менiң берiк әдетiме айналды:

Iске асырам берген бұйрықтарыңды.



57Сөздерiңдi сақтаймын деп уәде бердiм,

Осы болсын өз үлесiм, уа, Тәңiрiм.


58Шын жүректен сиынып келемiн саған:

Уәдеңе сай рақымды бола гөр маған.



59Жүрген жолдарыма түңiле толғандым,

Ережелерiңмен жүруге бел будым.



60Өсиеттерiңдi тез орындап,

Кешеуiлдеткен жоқпын жалтақтап.



61Зұлымдар шырмады айналамды,

Ал мен ұмытпадым тәлiмiңдi.



62Сенi әдiл шешiмдерiңе бола

Дәрiптеймiн, тұрып түн ортасында



63Мен Сенi терең қастерлегендердiң,

Бұйрықтарыңды ұстанғандардың


Барлығымен де жақын жолдаспын.



64Жер мейiрiмiңе толы, о, Жаратқан,

Жарлықтарыңды үйрете гөр маған.



65Сен сөзiңде тұрып, уа, Жаратқан,

Көп жақсылық жасап келесiң маған.


66Менi үйрете гөр дұрыс түсiнiк пен бiлiмге,

Себебi сенемiн Сенiң өсиеттерiңе.



67Жапа шекпес бұрын адасып кеттiм,

Ал ендi сөзiңдi сақтап жүремiн.



68Iзгiсiң Сен, iстейсiң игi iстердi,

Үйрете гөр маған ережелерiңдi.



69Тәкаппарлар тақса да маған жалғандарын,

Мен шын жүректен бұйрықтарыңа бағынамын.



70Жүрегi солардың қасарысқан,

Сезiмнен мүлдем құр қалған,


Ал мен болсам, қуаныш пен рақат


Табамын Сенiң тағылымыңнан.


71Үйренуiм үшiн Сенiң жарлықтарыңды

Пәлеге тап болғаным игi болды.



72Мыңдаған алтын-күмiс ақшалардан

Аузыңнан шыққан тәлiм қымбат маған!



73Сенiң қолың менi жаратып қалыптастырды,

Түсiнiк сыйлап, үйрете гөр өсиеттерiңдi.



74Сенi қастерлейтiндер менi көргенде қуансын,

Себебi Сенiң сөзiңе сенiмiмдi артамын.



75Сенiң шешiмдерiңнiң әдiлдiгiн бiлем,

Менi жазалағаның да әдiл, уа, Ием.



76Пендеңе берген уәдеңе сай мейiрiң

Маған ұдайы жұбаныш бола берсiн.



77Рақымың түсiп, мен аман болайын,

Тағылымыңнан қуаныш табайын.


78Менi себепсiз езген паңдар ұялсын,

Ал мен бұйрықтарың туралы толғанамын.



79Қастерлеп Сенi, ережелерiңдi бiлетiн

Кiсiлер маған бет бұрып, тәлiм берсе, шiркiн!



80Масқара болмауым үшiн жүрегiм

Жарлықтарыңа адал бола берсiн!



81Құтқаруыңды аңсап шаршап келемiн,

Бiрақ сөзiңе Сенiң үмiттенемiн.



82«Менi қашан жұбатасың?» деп зарығып,

Көзiм талды сөзiңнiң iске асуын күтiп.


83Түтiнге қақталған торсықтай мен

Еш нәрсеге жарамсыз көрiнгенмен,


Шығармадым жарлықтарыңды есiмнен.



84Ием, қанша уақыт тосуға тиiспiн —

Менi қудалағандарды қашан соттайсың?



85Тәккаппарлар тағылымыңа қарсы

Көптеп әдiлетсiздiк жасайды,


Олар менi құлату мақсатымен


Терең ор, шұңқырлар қазып қояды.



86Күллi өсиет атаулың — адал да ақиқат,

Жар бола гөр, жау артымнан нақақ қуады!



87Олар менi аластай жаздады жерден,

Бiрақ бұйрықтарыңнан безбедiм мен.



88Сақтауым үшiн аузыңнан шыққан ережелерiңдi

Рақымыңа сай нығайта гөр рухани өмiрiмдi.


89Сенiң айтқан сөздерiң, Жаратқан Ием,

Көкте тұр мәңгiлiкке бекiтiлген!



90Күллi келер ұрпаққа адал боласың,

Жер бола бередi, Сен оны орнаттың.


91Шешiмдерiңе сай бұған дейiн тұр бәрi,

Бiр Өзiңе барлығы да қызмет етедi.



92Жұбаныш болмағанда тағылымың Сенiң,

Мүшкiл халiмде құрып кеткен болар едiм.



93Ешқашан ұмытпаймын бұйрықтарыңды,

Солар арқылы сақтайсың өмiрiмдi.


94Құтқара гөр менi, Сенiң қызметшiңмiн,

Бұйрықтарыңа көңiл бөлiп келемiн.



95Зұлымдар аңдып жүр менi құртуға,

Мен терең үңiлемiн жарлықтарыңа.



96Әр кемелдiктiң шегi бар екенiне көз жеткiздiм,

Ал аясы шексiз берген өсиеттерiңнiң!



97Тағылымыңды Сенiң сондай қатты сүйемiн!

Күнi бойы сол жайлы ойланып та жүремiн.



98Өсиеттерiң есiмде мәңгi бақи қалады,

Олар менi жауларымнан парасатты қылады.



99Ұстаздарымнан да данышпан болып алдым,

Себебi жарлықтарың туралы толғандым.



100 Мен ақсақалдардан да бетер бiлгiрмiн,

Себебi бұйрықтарыңа бағынып келемiн.



101 Сөздерiңе Сенiң мен бас иемiн,

Сол үшiн терiс жолдан аулақ жүремiн.


102 Шешiмдерiңнен Сенiң тайып кетпеймiн,

Өйткенi Өзiң маған тәлiм бересiң.



103 Қандай тамаша Сенiң сөзiңнiң дәмi,

Ол тiптi тiл үйiрген балдан да тәттi!



104 Ақыл-кеңес табамын бұйрықтарыңнан,

Ал сондай жексұрын жалған жолдар маған!



105 Қадамдарымды сөздерiң жарқыратады,

Өмiр жолыма шырақтай нұрын шашады.



106 Ант еттiм әдiл шешiмдерiңдi сақтауға,

Сөзiмде тұрып, сертiмдi орындаймын да.



107 Тәңiрiм, тарығып, қиналып жүрмiн мен,

Өмiрiмдi сақтай гөр өз сөздерiңмен!


108 Аузымнан шыққан дәрiптеуiмдi, уа, Ием,

Ерiктi сый-тарту деп қабылдай гөр менен,


Сондай-ақ үйрете гөр шешiмдерiңдi Сен.



109 Әрқашан дайынмын қиюға жанымды:

Есiмнен шығармаймын тағылымыңды!


110 Зұлымдар маған тор салып, тұзақ құрған,

Ал мен бас тартпадым бұйрықтарыңнан.



111 Ережелерiңдi қабылдадым мәңгi мұраға,

Жүрегiмдi кенелтедi олар қуанышқа.



112 Ақырына дейiн жарлықтарыңа

Будым мен белдi бекем бағынуға.


113 Жалтақтайтын жандарды мен еш жақтырмаймын,

Ал Сенiң тағылымыңды қатты ұнатамын!



114 Сен қорғанымсың, әрi қалқаным,

Сөзiңе мен сенiмiмдi артамын.



115 Әдiлетсiздер, аулақ кетiңдер қасымнан,

Мен Құдайымның өсиеттерiн ұстанам!


116 Тiрi қалуым үшiн менi қолдай гөр,

Берген уәдең бойынша нығайта гөр,


Үмiтiм Өзiңде: ұятқа қалмаймын!



117 Маған сүйенiш бола гөр аман қалуым үшiн,

Сенiң жарлықтарыңа ұдайы көңiл бөлемiн.



118 Жарлықтарыңнан безгендердiң бәрiн құлатасың,

Құр бекершiлiк — айлалы қылықтары олардың.



119 Сен қоқыстай шығарасың жердiң бар зұлымдарын

Сол себептен мен ережелерiңдi ұнатамын.



120 Сенен қорқып тұр дiрiлдеп тұла бойым,

Шешiмдерiңдi елемеуден шошынам.



121 Қуғыншылар қолына түсiре көрме менi!

Жасап келемiн мен әдiл де дұрыс iстердi.



122 Пендеңдi игiлiкке жеткiзiп, қолдай гөр,

Тәккаппарлардың жәбiрiнен менi сақтай гөр!



123 Сенiң әдiл уәдеңнiң iске асуын тосып,

Көзiм талды менi құтқаруыңды аңсай күтiп.



124 Пендеңе рақымшылықпен қарай гөр,

Жарлықтарың жайлы тәлiм бере гөр.



125 Қызметшiңмiн, түсiнiк сыйлай гөр маған,

Сонда ережелерiңдi ұғына алам.



126 Уа, Ием, шара қолданатын уақытың жеттi:

Халайық тағылымыңа терiс қарап кеттi!


127 Ал мен Сенiң өсиеттерiңдi алтыннан

Артық көремiн, әрi саф алтыннан!



128 Бар бұйрықтарыңды әдiл деп санаймын,

Бүкiл бұрыс жолдарды да жақтырмаймын.



129 Таңғаларлық керемет — Сенiң ережелерiң,

Сондықтан да оларға шын жүректен көнемiн.



130 Мәнiсi ашылғанда сөздерiң нұрын шашады,

Бiлiмсiздердiң де санасын оятып ашады.



131 Аузын ашып, ауаға зәру болған кiсiдей

Шексiз құштармын мен Сенiң өсиеттерiңе.



132 Атыңды қастерлеген өзгелерге iстегенiңдей,

Маған да көз қырыңды сап, көрсете гөр мейiрiңдi.



133 Қадамдарымды табанды ете гөр сөзiңмен,

Еш жамандық маған жүргiзбесiн өктемдiгiн!



134 Менi құтқара гөр адамдардың езгiсiнен,

Сонда бұйрықтарыңды сақтай аламын мен.



135 Уа, Ием, маған нұрын түсiрiп бет-жүзiңнiң,

Үйрете гөр Сен ережелерiңдi Өзiңнiң.



136 Көпшiлiк көнбегендiктен тағылымыңа,

Көз жасым менiң көл болып ағылуда.



137 Уа, Жаратқан Ие, Сен әдiлсiң,

һәм әдiлеттi күллi шешiмдерiң!



138 Әдiлдiкпен әрi мүлтiксiз ақиқатпен

Ережелерiңдi белгiлеп бердiң Сен.



139 Сөздерiңдi менсiнбейдi дұшпандарым,

Соған қатты налып, шаршап-шалдығамын.



140 Уәделерiңнiң шындығы iс жүзiнде сыналған,

Уа, Ием, сондықтан да оларды қатты ұнатам.


141 Жұртқа жек көрiнiштi, кiшiк болғаныммен,

Бас тартпаймын Сенiң бұйрықтарыңнан мен.



142 Сенiң әдiлдiгiң мәңгi бақи хақ,

Әрi тағылымың нағыз ақиқат.


143 Ауыртпалыққа ұшырап, қысылып та қалдым,

Ал өсиеттерiңнен жұбаныш пен рақат таптым.



144 Мәңгiлiк әдiлеттi ережелерiң Сенiң,

Түсiнiк сыйлай гөр шын өмiр сүруiм үшiн.


145 Уа, Жаратқан, шын жүректен Саған сиынамын:

Құлақ сала гөр, жарлықтарыңа бағынамын.



146 Менi құтқара гөр деп Саған жалынамын,

Ережелерiңдi ұстанатын боламын.



147 Таң атар-атпастан Сенi көмекке шақырамын.

Сенiң сөзiңе сүйенiп сенiмiмдi артамын.



148 Сөзiңе терең үңiлу мақсатында

Ұйқыдан бас тартамын таң алдында.



149 Уа, Ием, рақыммен үнiме құлақ аса гөр,

Әдiлдiгiңе сай өмiрiмдi нығайта гөр!


150 Зұлым жоспарлар құрғандар таяп қалды маған,

Олар алшақтап кеттi Сенiң тағылымыңнан.



151 Ал Жаратқан Ие, Сен маған жақынсың,

Нағыз шындық — күллi өсиет атаулың.



152 Баяғыда-ақ мен өз ережелерiңнен

Оларды мәңгi орнатқаныңды бiлген едiм.



153 Құтқара гөр көңiл бөлiп мүшкiл халiме менiң,

Есiмнен шығармадым тағылымыңды Сенiң.



154 Сен менi жақтап, мүддемдi қорғай гөр,

Уәдеңе сәйкес өмiрiмдi сақтай гөр!



155 Құтқарылу тым алыс зұлымдардан,

Елемей олар безедi жарлықтарыңнан.



156 Жаратқан Ие, ұлан-ғайыр — мейiрiмiң Сенiң,

Нығайта гөр шешiмiңе сай өмiрiмдi менiң.



157 Менi қудалауда жаулар сонша көптеген

Ал мен бас тартпаймын ережелерiңнен.



158 Тура жолдан тайғандарды көргенде жиренемiн,

Себебi сақтамайды олар сөздерiңдi Сенiң.



159 Бұйрықтарыңды қалай сүйетiнiме қарап, Тәңiрiм,

Рақымыңа бола нығайта гөр өмiрiмдi менiң.



160 Түп-тамырымен ақиқат Сенiң сөздерiң,

Әдiлеттi де мәңгiлiк әрбiр шешiмiң.



161 Басшылар жазықсыз менi қудалайды,

Ал жүрегiм сөздерiңдi қастерлеп қалтырайды.



162 Керемет олжаға тап болған адамдай

Мен қуанам Сенiң сөздерiңе сондай!



163 Жалғандықты жек көрiп, одан жиренемiн,

Өзiңнiң тағылымыңды қатты сүйемiн!



164 Әдiлеттi шешiмдерiң үшiн Сенiң

Күнiне жетi рет Сенi дәрiптеймiн.


165 Тағылымыңды сүйгендер тыныштыққа кенеледi,

Олар ештеңеге сүрiнбей, аман-есен жүредi.



166 Уа, Ием, өсиеттерiңдi iске асырамын,

Менi құтқарасың деп Саған сенiм артамын.



167 Ережелерiңдi шын жүректен ұстанамын,

Өйткенi оларды сондай қатты ұнатамын,



168 Өсиеттерiң мен ережелерiңе мойынсұнам,

Сенiң көз алдыңда менiң барлық жүрген жолдарым.



169 Жалбарынған үнiм құлағыңа жетсе екен,

Түсiнiк сыйлай гөр уәдеңе сай, уа, Ием.



170 Өзiңнiң алдыңа жетсiн өтiнiшiм менiң,

Құтқара гөр менi берген сөзiңе сай Сенiң.



171 Сен маған үйреткендiктен ережелерiңдi,

Дәрiптей берсiн аузым ұдайы Өзiңдi.



172 Тiлiм сөздерiңдi дауыстап паш ете берсiн,

Өйткенi әдiл күллi өсиеттерiң Сенiң.



173 Бұйрықтарыңды екi етпеуге белдi бекем будым,

Құдiреттi қолың маған көмектесе көрсiн.



174 Тәңiрiм, мен құтқаруыңды аңсап тосамын,

Тағылымыңнан Сенiң зор қуаныш табамын.


175 Жаным аман қалып, Сенi дәрiптей берсiн,

Шешiмдерiң тiрек боп менi қолдай көрсiн.



176 Мен жоғалған қойдай адасып келем,

Менi iздеп, қасыңа қайтара гөр, уа, Ием.


Өйткенi өсиеттерiңдi есiмнен шығармадым мен.


Аумин.



119

Айлакер өтiрiкшiлерден қиналған жанның мiнажаты

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Мүшкiл халiмде Тәңiрге сиындым,

Ол мiнажатыма түрдi құлағын.



2Құтқара көршi менi, уа, Жаратқан,

Айлалы тiл мен өтiрiкшi ауыздан.



3Iсiңнiң қарымтасын, ей, айлакер жан,

Саған қанша қылып қайтарар Жаратқан!



4(Жалған тiл —) сарбаздың өткiр оғындай,

Жанған ағаш көмiрiнiң шоғындай.



5Алыс Мешехте кiрме болып тұрған,

Қидар жерiнде шатыр маңында қонған

Сияқты сорлы басымды қайғы басқан!



6Ынтымақты ұнатпайтындармен

Ұзақ уақыт бiрге тұрып келемiн,



7Бейбiтшiлiктi сүйгiш адаммын мен,

Олар таласпақшы егер сөйлессем.



120

Құдайға сиыну жыры және сапар бата

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1«Тауға көздi қадаймын,

Қайдан жәрдем келер деп.



2Көк пен жердi жаратқан

Тәңiр Ием маған жар».



3«Тайдырмайды Ол табаныңды,

Ұйықтамайды Қорғаушың,



4Исраилдi Қолдап-қорғаушы

Қалғымайды да ұйықтамайды.



5Қорғаушың — Жаратқан Ие,

Қасыңда саяң боп жүредi,



6Күндiз күннiң, түнде айдың

Тимесiн деп сәулелерi.



7Жамандықтың барлығынан

Жаратқан Ие сенi сақтайды,


Жаныңды Ол қорғап-қолдайды.



8Бүгiннен бастап мәңгi бақи

Иемiз қорғайтын болады


Барып-келу сапарыңды».


Аумин.



121

Құдайдың қаласына игiлiк тiлеу

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуiттiң жыры.)

1«Барайық киелi үйiне Тәңiрдiң!»

Дегендi естiп мәз-мейрам болдым.



2Уа, Иерусалим, аяғымыз бiздiң

Қақпаларыңның алдында тұр сенiң.



3Бiр-бiрiмен кiрiгiп бiр тұтасқан

Қала болып Иерусалим салынған.



4Осында өрлеп келедi жоғары

Жаратқанға сиынатын рулары,


Исраилге Ол мұны заң ғып тапсырды:


Жаратқанның атын мұнда мадақтауды.



5Қалада тұр билердiң орындықтары,

Дәуiт әулетiнiң патшалық тақтары.



6Амандық тiлеңдер Иерусалим үшiн:

«Қаланы сүйетiндер өркендесiн,



7Қамалыңның iшiнде болсын амандық,

Сарайларыңда тыныштық орнасын!»



8Тума-туыс, дос-жарандарым үшiн

Қалаға аман-есендiк тiлеймiн.



9Құдай Иемiздiң киелi үйi үшiн

Иерусалимге игiлiк тiлеймiн.



122

Жәбiр көрiп жүрген сенушiнiң мiнажаты (Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Назарымды Өзiңе аударамын,

Уа, көктi мекендеушi Құдайым!


2Құлдың көзi қожайынның қолынан,

Күңiнiң көзi ханымының қолынан


Таймайтындай, бiз де Иемiз Құдайдан


Көз алмаймыз рақым көргенше Одан.



3Рақым ете гөр, уа, Жаратқан Ие,

Мейiрiмiңдi түсiре гөр бiздерге,


Тойындық жұрттың бiздi жек көргенiне,



4Жанымыз тойды менменнiң қорлауына,

Өркөкiректердiң балағатына.



123

Құтқарушы Құдай мадақталсын!

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуiттiң жыры.)

1«Егерде Жаратқан жар болмағанда, —

Деп Исраил мойындасын әр уақытта, —



2Егерде Жаратқан жар болмағанда,

Адамдар бiзге шабуыл жасағанда,



3Бiзге қарсы қаһары жалындағанда,

Олар бiздi тiрiлей жұтар едi,



4Су ағымындай басып тастар едi,

Тасқын судай бiздi тұншықтырар едi,



5Буырқанған судай басып өтер едi».

6Олардың тiстерiне бiздi қимаған

Жаратқан Ие мадақталсын әрқашан!



7Аңшының торынан құтылған құстаймыз:

Тор жыртылды, ендi мiне, бiз азатпыз!



8Бiз қолдау күтетiн бiрден-бiр есiмiмiз —

Көк пен жердi жаратқан Иемiз.



124

Құдай өз халқының қорғаны

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Жаратқан Иеге сенiм артқандар

Сион тауындай шайқалмай мәңгi тұрар.



2Таулар Иерусалимдi қоршап-қорғайды,

Жаратқан да өз халқын қоршап-қорғайды,


Қазiр де, мәңгi де аман сақтайды.



3Әдiлдер жамандыққа ұмтылмау үшiн

Зұлымдардың оларды билеуi шектелген.


4Мейiрiмдiлер мен ақ пейiлдiлерге

Игiлiк ете гөр, уа, Жаратқан Ие!



5Ал жүрiп жатқандарды терiс жолдармен

Тәңiр бiрге аластатсын заңсыздармен.


Исраилге тыныштық бұйырта көрсiн.



125

Уа, Жаратқан, қайтадан жарылқай гөр!

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Иемiз игiлiктерiн Сионға

Қайтадан сыйлап берген уақытында

Бiз түс көрiп жатқан адамға ұқсап


Шат-шадыман болдық қатты қуанып!



2Езуiмiз жиылмады күлкiден,

Аузымыздан үзiлмедi шаттық ән.


Басқа ұлт адамдары өзара былай дестi:


«Бұларға Жаратқан жасады керемет iстi!»



3Жаратқан бiзге керемет жасады шынында,

Сондықтан да бiз кенелдiк зор қуанышқа!



4Шөлдегi кеуiп қалған өзендердi

Лезде-ақ суға толтыратының секiлдi,


Уа, Жаратқан, игiлiктерiмiздi


Бiздерге қайтадан сыйлай гөр ендi.



5Көз жасын төгiп жүрiп еккендер егiнiн

Қуана әндетiп жинамақ өнiмiн:



6Олар еңiреп жүрiп тұқымдарын

Сеуiп тастайды егiстiк жерлерiне,


Кейiн құшақтап алып астық бауларын


Қуана қайтады мекендерiне.


Аумин.



126

Жақсылық атаулының бастауы — Құдай

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Сүлейменнiң жыры.)

1Егер Тәңiр үйдiң құрылысын жарылқамаса,

Құрылысшылардың еңбегi түгелдей зая.


Егер қаланы күзетпесе Жаратқан Ие,


Босқа тұрады онда қарауылшылар күзетте.



2Сендер бекерге ерте тұрып, кеш жатасыңдар,

Нандарыңды көп бейнет-мехнатпен табасыңдар.


Ал Тәңiр Ие Өзiнiң таңдағандарына


Бейқам тыныштық сыйлайды жандарына.


3Ұлдар — игiлiк Жаратқан Иеден келген,

Балалар — Оның сыйы рақыммен берген.



4Адамның жас кезiнде туған балалары

Жебелерi iспеттi жауынгердiң қолындағы.



5«Қорамсақтарын» солармен толтырған

Кiсiлер қандай бақытты болған,


Қарсыластарымен биге барғанда

Қалмайтын болады олар еш ұятқа.


Аумин.



127

Құдай жолымен жүрген отбасының жарылқануы

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Жаратқан Иенi қастерлейтiн,

Оның жолдарымен жүретiн


Әрбiр адам қандай бақытты!



2Еткен еңбегiңнiң өнiмiн жейсiң,

Құдай сенi жарылқап, өркендейсiң.



3Әйелiң сенiң үйiңнiң iшiндегi

Жемiстi жүзiм бұтасы секiлдi,


Ал ұлдарың дастарқан басындағы


Зәйтүн ағашының өркендерi сияқты,


4Өзiн терең қастерлеген жандарды

Жаратқан Ие осылай жарылқайды.



5Сион тауындағы киелi үйiнен

Жаратқан сенi жарылқай берсiн.


Өмiр бойы Иерусалимнiң амандығын



6Көресiң Һәм немерелерiңнiң қызығын.

Исраилге тыныштық бұйырта көрсiн!



128

Жаудан қорғауды сұраған мiнажат

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Жастайынан көрiп келген қыспағы

Жайлы айтып берсiн Исраил халқы.



2«Жастайымнан молынан көрдiм қыспақты,

Алайда менi мүлдем жеңе алмады,



3Жон арқамда айдағандай соқаны

Ұзынынан созылған атызы қалды.



4Бiрақ Жаратқан Ие әдiлеттi,

Сұмдар салған кiсеннен азат еттi».



5Сионды жек көрген дұшпандарының

Бәрi ұятқа қалып керi қайтсын,



6Өспей жатып бiрден қурап қалатын

Үй төбесiндегi шөпке олар ұқсасын,



7Орақшының қолы соған талмайды,

Бау байлаушы құшағы да толмайды.



8«Жаратқан Ие сендердi жарылқасын,

Бата беремiз Жаратқанның атымен»


Деп жерлерiнен өткендер тiлемесiн!



129

Ауыр жағдайдың тұңғиығынан айтылған мiнажат

(Киелi үйге өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Ауыр жағдайымның тұңғиығынан,

Уа, Жаратқан Ием, дауыстаймын Саған.



2О, Жаратқан Ием, даусымды тыңдай гөр,

Мiнажатыма менiң құлақ түре гөр!



3Сен күнәларды есiңнен шығармасаң,

Кiм алдыңда тiрi қалар, уа, Жаратқан?



4Бiрақ Сен кешiрiм беруге әзiрсiң,

Осылай Сенi қастерлей берсiн!



5Шын жүректен Иеме сенiм артамын,

Берген сөзiне үмiтiмдi артамын.



6Күзетшi күткендей таңның атуын,

Қарауыл аңсағандай күннiң шығуын,


Жаратқан Иенi күтiп сағынамын.



7Уа, Исраил халқы, сенiм арт Жаратқанға,

Рақым мен құтқаратын күш шексiз Онда.



8Бар күнәсiнiң құнын төлеп Исраилдi

Құтқарып Тәңiр Ие азат етедi.



130

Құдайға сенiп тынышталу

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Тәңiр Ием, өр көкiрек емеспiн,

Паңдана қарамайды көздерiм менiң,


Мен тым ұлы iстермен шұғылданбаймын,


Шамам келмейтiндермен айналыспаймын,


2Қайта, ризамын, жан дүнием тыныш та.

Бейқам жүр сәби анасының қасында,

Жан дүнием де сол нәресте iспеттi


Тыныш жатыр, бейқам менiң бойымда.



3О, Исраил халқы, бұдан былай мәңгi

Шын жүректен сенiңдер Жаратқан Иеге!


Аумин.



131

Құдайдың Дәуiтке берген уәдесiн есiне салып, Сион үшiн етiлген мiнажат

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1Уа, Жаратқан Ие, есiңе түсiршi

Қиындық молынан көрген Дәуiттi.



2-5 Ол Жаратқан Иеге уәде еттi,

Жақыптың сиынатын құдiреттi

Құдайына былай деп ант бердi:


«Мен кiрмеймiн үйiмнiң iшiне,


Әрi жатпаймын төсегiме,


Ұйқы бермеймiн көздерiме,


Мүлгiтпеймiн кiрпiктерiмдi,


Жақыптың сиынатын құдiреттi


Құдайы — Жаратқан Иеге тұрақты


Мекен салып бермейiнше».



6Сандықтың Ефратада екенiн естiдiк,

Иғарим даласынан оны таптық.


7Жүрiңдер, тұрағына Оның кiрейiк,

«Табан тiренiшiнде» мiнажат етейiк.


8Уа, Жаратқан Ие, көтерiлшi,

Тынығар киелi тұрағыңа кiршi,


Сандығыңмен бiрге — құдiретiңнiң белгiсi.



9Дiни қызметкерлерiң әдiлдiк жамылсын,

Өзiңе адалдар шаттана ән салсын.



10Қызметшiң Дәуiттi есiңе алшы,

Тағайындаған патшаңнан бас тартпашы.


11Дәуiтке былай деп ант бердi Жаратқан,

Шынайы сертiн бұзбайды ешқашан:


«Бiр ұрпағыңды Өзiңнен тараған


Мен сенiң тағыңа отырғызамын.



12Өсиеттерiм мен ережелерiмдi

Ұрпақтарың Өзiмнен үйренедi.


Егер соларды ұстанатын болса,


Олардың ұрпақтары сенiң тағыңда


Мәңгiлiкке отырады да».



13Өйткенi Жаратқан Сионды таңдады,

Өзiнiң тұрағы болуын қалады:



14«Бұл Менiң тынығар мәңгiлiк тұрағым,

Мен мұнда орнығамын, сол қалауым.



15Бұл қаланы өркендетiп, жарылқаймын,

Мұқтаждарын тамақпен қарық қыламын.



16Дiн қызметкерлерiне құтқаруды мол беремiн,

Өзiме адалдар шаттана әндетсiн.



17Мұнда Дәуiттiң күштi ұрпағын шығарамын,*

Бұл патшамның өмiр шырағын жандырамын,**


18Дұшпандарын ұятқа қалдырамын,

Басындағы тәжiн жарқыратамын.



132

Құдай халқының ынтымақтастығы

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуiттiң жыры.)

1Бауырлардың ынтымақта тұрғандары

Қандай тамаша жарасымды!



2(һарон Құдайдың қызметiне арналғанда)

Басына құйылған жұпар май тәрiздi,


Ынтымақтастық та аса кереметтi!


Иiсмай Һаронның басынан сақалына,


Киiм етегiне дейiн аққан едi.


3Сондай-ақ, ынтымақ арамыздағы

һермон тауына түсетiн шық тәрiздi.


Бұл шық Сион тауына да түседi,


Жердiң бәрiн құнартып, көгертедi.


Сонда Тәңiр жарылқауын — шын өмiрдi


Мәңгi бақи сыйлауға ұйғарған едi.


Аумин.



133

Жаратқан Иенi үздiксiз мадақтаңдар!

(Киелi үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)

1«Уа, Жаратқанның бар қызметшiлерi,

Тәңiрiмiздi дәрiптей берiңдер!


Сендер Құдайдың киелi үйiнде


Түн кезiнде қызмет көрсетесiңдер:



2Киелi орнына қарай қол жайып

Тәңiрiмiздi мадақтай берiңдер!»



3«Көк пен жердi жаратқан

Тәңiр Иемiз сенi


Сиондағы орнынан


Лайым жарылқай берсiн!»


Аумин.



134

Жаратушының шексiз құдiретi мен рақымын дәрiптеу

Жаратқан Иенi мадақтаңдар!



1Жаратқан Иенiң атын дәрiптеңдер,

Өз қызметкерлерi, Оны қастерлеңдер,



2Құдайымыздың ғибадатханасында,

Оның киелi үйiнiң аулаларында!



3Иемiз iзгi, Оны мадақтаңдар,

Бұл ұнамды, атына ән салыңдар!


4Өйткенi Ол Жақыптың әулетiн таңдады,

Өз меншiгiне Исраилдi тағайындады.



5Мынаны ұқтым: Жаратқан ерен ұлы,

Иемiз «тәңiр» атаулыдан жоғары,



6Ол Өзiне ұнамдысын жасайды да

Көк пен жерде, теңiз бен бар тұңғиықта.



7Көкжиектен Ол бұлттарды көтередi,

Жаңбыр мен найзағайды жiбередi,


«Қоймасынан» желдi айдап әкеледi.



8Ол жойғызды Мысырдың тұңғыштарын,

Адамның да, малдың да тұңғыштарын,



9Перғауын мен құлдарына қарсы Тәңiр

Ғажаптар көрсеттi араңда, уа, Мысыр.



10Кейiн көп халықтарды жеңiп шықты,

Күштi патшалардың көздерiн құртты:



11Аморлықтардың патшасы Сиғонды,

Сондай-ақ Башанның патшасы Оқты,


Қанаханның бар патшасын да құртты.



12Олардың жерлерiн мұра iспеттi

Өз халқы Исраилге меншiкке бердi.



13Атың Сенiң мәңгiлiк, уа, Тәңiр Ие,

Сен боласың бар ұрпақтың есiнде.



14Жаратқан өз халқын ақтайтын болады,

Қызметшiлерiне рақым танытады.



15Өзге ұлттардың пұттары күмiс, алтыннан,

Адамдардың қолдарымен жасалған.



16Пұттың аузы бар, бiрақ сөйлей алмайды,

Көздерi бар, бiрақ көре алмайды,



17Құлақтары бар, бiрақ ести алмайды,

Әрi ауызынан дем де шықпайды.



18Өлi пұтты жасаған соған ұқсайды,

Мүсiнге сенген әркiм содан аумайды.



19Уа, Исраилдiң үрiм-бұтағы,

Мадақтаңдар Жаратқан Иенi,


Уа, hаронның үрiм-бұтағы,


Мадақтаңдар Жаратқан Иенi,



20Уа, Леуiнiң үрiм-бұтағы,

Мадақтаңдар Жаратқан Иенi,


Уа, қастерлейтiндер Оны,


Мадақтаңдар Жаратқан Иенi,



21Сионнан мадақтаңдар Жаратқанды,

Иерусалим, Оның жердегi тұрағы.


Мадақтаңдар Жаратқан Иенi!



135

Ұлы кереметтер жасаған Жаратқан Иенi мадақтау

1Жаратқан Иенi мадақтаңдар, өйткенi Ол iзгi,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



2Тәңiрлердiң Тәңiрiн мадақтаңдар,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



3Иелердiң Иесiн мадақтаңдар,

Рақымы Оның мәңгiлiк!



4Жалғыз Өзi ұлы кереметтер жасайды,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



5Ол көктi даналықпен жаратты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



6Жер бетiн теңiз суынан жоғары орнатты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



7Аспанда үлкен шырақтар жаратты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



8Күндiзге билiк жүргiзуге күндi жаратты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



9Түнге билiк жүргiзуге ай, жұлдыздарды жаратты,

Рақымы Оның мәңгiлiк.



10Ол Мысырға тұңғыштары арқылы соққы бердi,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



11Сол елден Исраил халқын алып шықты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



12Мұны зор күш-қуатпен жүзеге асырды,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



13Қамысты теңiздi қақ айырды,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



14Ортасымен Исраилдi алып шықты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



15Перғауын мен әскерiн теңiзге батырды,

Рақымы Оның мәңгiлiк.



16Ол өз халқын иен даламен бастап жүрдi,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



17Ұлы патшаларға соққы бердi,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



18Күштi патшалардың көзiн құртты,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



19Аморлықтар патшасы Сихонды жойды,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



20Әрi Башан патшасы Огты та жеңдi,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



21Олардың жерлерiн иелiкке тапсырды,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



22Құлы Исраилге мәңгi мұралыққа бердi,

Рақымы Оның мәңгiлiк.



23Нашар халiмiзде бiздi назарында ұстады,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



24Жауларымыздың қолынан құтқарды,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



25Ол барлық жан иелерiне тамағын бередi,

Рақымы Оның мәңгiлiк,



26Көктегi Құдай Иенi мадақтаңдар,

Рақымы Оның мәңгiлiк!



136

Жер аударылғандардың қайғылы жыры

1Бабылдағы жағаларда отырдық,

Сионды еске алып бiз жыладық.



2Жетiгенiмiздi iлiп қойдық сонда

Жағада өсiп тұрған қызыл талдарға.



3Тұтқындағандар ән салуды талап еттi,

Азаптағандар бiзден шаттық әнiн күттi:


«Сионның әндерiн айтыңдар!» — дедi.



4Бөтен елде жүргенде қалайша бiз

Жаратқанның әндерiн айта аламыз?



5Иерусалим, егер ұмытсам сенi,

Оң қолым, сен де ұмытқайсың менi!



6Иерусалимдi есiмде сақтамасам,

Оны шаттығымның шыңы деп санамасам,


Онда тiлiм көмейiме жабысып қалсын!



7Уа, Жаратқан Ием, есiңе түсiршi

Иерусалим жау қолына түскен күнi


Едомдықтардың не iстегендерiн:


«Қиратыңдар қаланы түбiне дейiн!


Қиратыңдар оны!» — деп өршiткендерiн.



8Уа, Бабыл қаласы, ойран салғышсың,

Саған бiзге iстеген қастығыңның


Жазасын тартқызған жан бақытты болсын!



9Ұстап алып сәбилерiңдi сенiң

Тасқа ұрған адам бақытты болсын!


137

Жаратқан Иенiң берiк рақымын мадақтау

(Дәуiттiң жыры.)

1Шын жүректен, Ием, Сенi дәрiптеймiн,

Перiштелер алдында әндетемiн.


2Киелi үйiңе қарай иiлемiн,

Берiк рақымың мен адалдығың үшiн


Сенiң атыңа шүкiршiлiк етемiн,


Өйткенi дүниеде бар нәрселерден


Атың мен сөзiңдi жоғары қойдың Сен.


3Мiнажат еткенiмде жауап бердiң,

Жiгер берiп, жанымды берiк еттiң.



4Естiгенде аузыңнан шыққан сөзiңдi

Жердiң патшалары мақтасын Өзiңдi!



5Олар әнге салсын Жаратқанның жолдарын,

Өйткенi шексiз зор ұлылығы Оның,



6Жаратқан Ие бәрiнен де жоғары,

Ал кiшiпейiлге назар аударады,


Тәкаппар адамды алыстан ұғады.



7Жүрсем де қақ ортасында қиындықтың,

Уа, Ием, жанымды аман сақтайсың,


Кәрлi жауыма қарсы қол жұмсайсың,


Мықты қолыңмен менi құтқарасың.



8Осыны iстейдi мен үшiн Жаратқан,

Рақымың, уа, Ием, ұласады әрқашан,


Бас тартпа бiзден, өз жаратылысыңнан.



138

Барлығын көрiп, барлығын бiлетiн Жаратқан Ие

(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Тәңiрiм, менi сынап тексердiң,

Сен менi толығынан танып бiлдiң:



2Отырғаным, тұрғаным да Саған аян,

Ойларымды да танисың алыстан.



3Жүрейiн не демалайын, көз алдыңдамын,

Жолдарымның барлығы да Саған айқын.



4Сөз шықпай тұрып-ақ менiң аузымнан

Оны толық бiлесiң, уа, Жаратқан!



5Алды-артымнан жүресiң менi қоршап,

Құдiреттi қолыңды үстiмде ұстап.



6Бiлiмiңдi мүлдем ұға алмаймын,

Ол қол жеткiзбес биiк, ғажап маған!



7Сенiң Рухыңнан мен қайда қашпақпын?

Көз алдыңнан қайда жасырынбақпын?



8Көкке көтерiлсем, сол орындасың,

Тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың.


9Таң шапағына қалықтап ұшсам да,

Не теңiздiң ар жағына қонсам да,


10Сол жерде де менi қолың жетелеп,

Құдiреттi қолың ұстайды демеп.



11Мен: «Қараңғылық менi тасаласын,

Айнала жарық түнекке айналсын!» —



12Десем, түнек те жасырмайды Сенен,

Саған күндей нұрлы түннiң өзi де,


Жарықтай айқын түнек те көзiңе!



13Сен iш құрылысымды қалыптастырдың,

Ана құрсағында менi жараттың.


14Тамаша жаралдым, Сенi мақтаймын,

Керемет ғажап — жасаған iстерiң,


Мұны мен шын жүректен мойындаймын.



15Мен ана құрсағында қалыптасып,

Құпия жерде жатқанда жаралып,


Таса болмады Сенен сүйектерiм,



16Ұрық күйiмде маған көз тастадың.

Сен маған бұйырған күндердiң бiрi


Әлi де тумас бұрын, солардың бәрi


Кiтабыңда жазулы тұрған едi.



17Сенiң ойларың маған тым жоғары,

Уа, Құдай, қанша көп олардың саны!



18Санап шықсам барлық ойларыңды,

Құм қиыршықтарынан көп болады!


Бiрақ оянған кезде әрдайым мен

Бiрге боламын әлi де Өзiңмен.



19Уа, Құдай, зұлымдарды жазалай гөр,

Аулақ кетiңдер менен, қанiшерлер!



20Олар Сен жайлы арамдық айтады,

Жауларың атыңды құр қолданады.


21Сенi жек көрiп, қарсы шыққандарды

Мен қалайша жек көрiп жиренбеймiн?



22Жан-тәнiммен жақтырмаймын соларды,

Олар нағыз жауларыма айналды.



23Уа, Құдай, жүрегiмдi тексере гөр,

Мазалаған ойларымды бiле гөр,



24Қауiптi жолдамын ба, сынап шығып,

Мәңгi өмiрдiң жолымен жүргiзе гөр!


Аумин.



139

Зорлықшыл жаудан қорғауды сұраған мiнажат


1(Ән-күйдi басқарушыға арналған Дәуiттiң жыры.)

2Уа, Жаратқан, зұлым адамнан құтқаршы,

Зорлықшыл жандардан менi қорғашы,



3Ойларында зұлым жоспар құрады,

Күн сайын ұрыс-керiс туғызады.



4Өткiр тiлдерi жыландай шағады,

«Сұр жыланның уы» тiлдерiнен тамады.



5Жаратқан, зұлымның қолынан сақташы,

Зорлықшыл жандардан менi қорғашы,


Аяғымнан шалып олар құлатпақшы.



6Паңдар маған жасырын тұзақ құрды,

Торларының жiптерiн кеңiнен жайды,


Олар жүрген жолыма қақпан да құрды.//



7«Сен Құдайымсың» дедiм Жаратқанға.

Уа, Ием, құлақ түршi жалынған даусыма,



8Жаратушы Ием, мықты Құтқарушым,

Шайқас күнi басымды бүркеп Қорғаушым,



9О, Ием, зұлымға қалауын бермешi,

Оның сұм iстерiн табысты етпешi,


Жауларға көкiректерiн көтертпешi.



10Зұлымдықтары ауыздарынан шыққан

Өз басына түссiн жаудың менi қоршаған.



11Көмiрдiң шоғы оларға жаусын,

Жау терең шұңқыр мен отқа лақтырылсын,


Ендi қайтып ол содан шыға алмасын.



12Лайым жалақорлар елде орнықпасын,

Зорлықшылдарды пәле қуып ұстасын.



13Жаратқан жайлы бiлемiн мына жайтты:

Бейшараның хұқығын Ол сақтайды,


Мұқтаждың iстерiн қолдап-қорғайды,



14Иә, әдiлдер атыңды мадақтайды,

Адал жандар көз алдыңда жасайды.



140

Адасудан және арамза жаудан қорғауды сұраған мiнажат

(Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Ием, Сенi шақырам, асыға гөр,

Жалбарынған даусыма құлақ сала гөр,



2Дұғам алдыңа жетсiн жұпар тартудай,

Саған қол жайғаным кешкi құрбандықтай.



3Уа, Жаратқан, тiлiме күзет қоя гөр,

Аузымның ашылуын бақылай гөр.



4Жүрегiм жамандыққа құмартпасын,

Зұлымдардың iстерiне қатыспайын,


Олардың ләззаттарынан дәм татпайын.



5Жазаласын менi әдiлеттi жан,

Бұл нағыз мейiрiмдiлiк болмақ маған,


Сөгiс берсiн маған iзгiлiктi жан,


Бұл иiсмайдай болмақ басыма жаққан,


Мен еш бас тартпаймын да сол жазадан,


Ал сұмдардың iсiне қарсы сиынам.



6Құздан төмен лақтырылған соң басшылары

Жұрт сөзiмдi ұнатып қабыл алады.



7«Егiншi соқа айдап, жер жыртады,

Топырақ кесектерiн қопарады,


Ажал жетiп, сүйегiмiз шашылады»


Деп сол зұлымдар уайымдап айтады.



8Тек Өзiңе бағытталған көздерiм,

Жалғыз Өзiңнен ғана көмек күтем,


Уа, менiң Жаратушы Тәңiр Ием,


Өзiңсiң баспана болатын қорғаным,


Зұлымдардың қолында қалмасын жаным.



9Олардың құрған торынан менi қорғай көршi,

Зұлымдардың тұзағынан сақтай көршi,



10Арсыздар өз торына өздерi түссiншi,

Ал өзiм аман-есен құтылайыншы!



141

Әлсiреген бейшараның құтқаруды сұраған мiнажаты

(Дәуiттiң насихат жыры. Үңгiрде тығылған кездегi мiнажаты.)

1Жаратқан Иенi дауыстап шақырдым,

Қатты дауыспен Иеме жалындым.



2Оның алдында тiлегiмдi ақтардым,

Қасiретiмдi Оған түгел аштым.



3Рухым қажығанда Сен бiлдiң жолымды,

Ал маған байқатпай жауларым тор құрды.



4Көмек күтiп оң жағыма қараймын,

Менi ойлаған ешкiм жоқ деп байқаймын.


Жер қалмады ендi маған пана болар,


Ешкiмiм жоқ жанымның қамын ойлар.



5Саған былай деп дауыстап сиынамын:

«Уа, Жаратқан, Сен менiң баспанамсың,


Бұ дүниеде маған жар тек Өзiңсiң.


6Зар жылаған даусыма құлақ салшы,

Өйткенi мен әлсiредiм тым қатты,


Қуғындаған дұшпандардан құтқаршы,


Менiкiнен тым басым күш-қуаттары.



7Тас түнектен жанымды алып шықшы,

Мадақтауым үшiн Сенiң атыңды.


Әдiлдер сонда жаныма жиналады,


Себебi Сен Маған көрсеттiң рақымыңды».



142

Қауiп төнген кездегi мiнажат

(Дәуiттiң жыры.)

1Уа, Ием, мiнажатыма құлақ салшы,

Сенiмдiсiң, өтiнiшiмдi тыңдашы,


Әдiлдiгiңе сай маған жауап қатшы.



2Тергеп соттай көрме менi, қызметшiңмiн,

Мiнсiз жан жоқ алдыңда Сенiң.



3Дұшпаным өкшелеп қуғындайды,

Жерге жығып жанымды таптайды,


Менi көрде жатқан өлiктей еттi,


Түнектегi өмiрге мәжбүр еттi.



4Көңiлiм жабырқаңқы, рухым түстi,

Қорқыныштан менiң үрейiм ұшты.



5Ежелгi кереметтерiңнiң барлығын

Еске алып, ойланып-толғанамын,


Қолыңның iстерiн ақылға саламын,



6Өзiңе қарай қолдарымды жаямын.

Кепкен топырақ жаңбырды тiлейдi,


Жан дүнием де Өзiңе шөлiркейдi.//(Арадағы әуен).



7Тез құлақ түре гөр, жаным күйредi,

Керi бұра көрме менен бетiңдi,


Әйтпесе болам көрге түскен секiлдi.



8Таң ата маған естiртшi мейiрiмiңдi,

Өйткенi Өзiңе артамын сенiмiмдi,


Көрсетшi Маған қай жолмен жүретiнiмдi,


Өзiңе бағыштаймын мiнажатымды.



9Уа, Жаратқан, жауларымнан құтқара гөр,

Сенi паналаймын, менi қорғай гөр,



10Өз еркiңдi орындауға үйрете гөр,

Өйткенi сенiм артқан Құдайымсың.


Сенiң игiлiктi Киелi Рухың


Түзу жолмен менi жетелей көрсiн.



11Ием, ұлы атың үшiн жанымды сақтай гөр,

Әдiлдiгiң үшiн қиындықтан құтқара гөр,



12Рақымыңа бола жауларымды жоя гөр,

Қызметшiңмiн, қанаушыларымды құрта гөр.



143

Елiнiң амандығын сұраған патша мiнажаты

(Дәуiттiң жыры.)

1Мадақталсын нық қорғаным — Жаратқан!

Қолдарымды соғысқа Ол жаттықтырған,


Саусақтарымды шайқасқа дайындаған.



2Ол — рақымның қайнары әрi қамалым,

Мықты мұнарам әрi Құтқарушым,


Қалқандай қорғаушым әрi баспанам,


Халқымды Ол билiгiме тапсырған.


3Уа, Ием, Сен ескеретiндей адам сонша кiм,

Өзiң қамқорлайтындай адам баласы кiм?



4Алған демiне ғана ұқсайды адам,

Өткен көлеңкедей күндерi қысқарған.



5Көктi қақ жарып, уа, Ием, төменге түсшi,

Түтiндетсiн деп тауларға қол тигiзшi,



6Найзағай жарқылдатып, жауды шашыратшы,

Жебелер атқылап оларды қиратшы,



7Қолыңды көктен созып менi құтқаршы,

Топан судай бөтен жұрттан азат қылшы,



8Лық толған өтiрiкке ауыздары,

Алдамшы олардың берген анттары.


9Уа, Құдай, Өзiңе жаңа ән саламын,

Он iшектi жетiгенмен күй тартамын.



10Патшаларға Сен жеңiстi сыйлайсың,

Қызметшiң Дәуiттi аман сақтайсың,



11Ажалды семсерден менi құтқаршы,

Бөтен жұрттың қолынан азат қылшы,


Лық толған өтiрiкке ауыздары,


Алдамшы олардың берген анттары.


12Жақсы өңделген дала дақылдарындай

Жастық шақтан ұлдарымызды өсiргей,


Қыздарымыз — өрнектелген бағанадай


Әсемдеп безендiрген сарайдағыдай.



13Қоймамыз лайым толы бола берсiн

Алуан түрiнен азық-түлiктiң,


Малдарымыз мың-мыңдап көбейсiн,


Жайылымда оң мыңдап молайсын,



14Өгiздерiмiз ауыр жүктен арылмасын,

Қамалдарымыз ешқашан жарылмасын,


Ешкiм бiздi тұтқынға айдамасын,


Көшеде зар жылаған дауыс шықпасын,



15Осындай тiлектерi iске асқан

Әрбiр халық қандай жарылқанған!


Құдайы Жаратқан Иеге сиынған


Әрбiр халық қандай жарылқанған!



144

Шапағаты мол Құдайды мадақтау

(Дәуiттiң мадақтау жыры.)

1Уа, Құдай, Патшам, даңқыңды асырамын,

Атыңды мәңгiлiк жоғарылатамын.



2Күн сайын Сенi дәрiптейтiн боламын,

Атыңды мәңгiлiк құрмет тұтамын.



3Жаратқан Ие ұлы, мадаққа лайықты,

Ұлылығын ешкiм жете ұғынбайды.



4Ұрпақтан ұрпаққа iстерiңдi мақтайды,

Құдiреттi iстерiңдi жариялайды,



5Сенiң керемет ұлы салтанатың

hәм ғажап iстерiң жайлы ойланамын.



6Жұрт айтады айбарлы құдiретiңдi,

Мен де паш етемiн ұлылығыңды,



7Бәрi ескередi зор iзгiлiгiңдi,

Әнмен дәрiптейдi әдiлдiгiңдi.



8Жаратқан — мейiрбанды да қайырымды,

Тез қаһарланбайды, өте мейiрiмдi.



9Жаратқан Ие барлығына iзгiлiктi,

Бүкiл жаратылысына кең пейiлдi.



10Уа, Ием, бар iстерiң даңқыңды шығарсын,

Адал жандарың Сенi мадақтасын!



11Патшалығыңның даңқын олар асырады,

Құдiреттi iстерiң туралы айтады,



12Бар адамзатқа құдiретiңдi ұқтырсын

һәм Патшалығыңның даңқты ұлылығын.



13Патшалығың Сенiң мәңгiлiк болмақ,

Ұрпақтан ұрпаққа билiгiң ұласпақ.


Жаратқан бар сөздерiн iске асырады,


Оның күллi iстерi де шапағатты.



14Сүрiнiп жатқандарды Жаратқан сүйейдi,

Еңкейiп жүргендердi көтерiп демейдi.



15Барлығының көздерi бiр Өзiңде,

Тамақтарын бересiң мезгiлiнде,



16Әр тiрi жанға қолыңды ашасың,

Мархабатпен барлығын тойындырасың.



17Бар жолдары Жаратқанның әдiлеттi,

Күллi iстерi Оның игiлiктi.



18Тәңiр Өзiне сиынғандардың жанында,

Шынайы шақырғандардың Ол қасында,



19Өзiн қастерлейтiннiң тiлегiн орындайды,

Жалынышын естiп, оны аман сақтайды.



20Иемiз Өзiн сүйетiндердi қорғайды,

Ал күллi зұлымдарды Ол талқандайды.



21Аузыммен Жаратқанның даңқын асырамын,

Әрбiр жан мақтасын лайым киелi атын!



145

Жаратқан Иеге сенiмiн артқан бақытты!

1Жаратқан Иенi мадақтаңдар!

Жан дүниеммен Жаратқанды мадақтаймын,



2Тiрi жүргенiмде Құдайымды мақтаймын,

Өмiр бақи Иеме әнiмдi арнаймын.



3Әмiршiлерге үмiттерiңдi артпаңдар,

Өткiншi пенденi сүйенiш қылмаңдар,


Пәледен құтқара алмайды олар.



4Демi бiтiп, жерге қайта оралады,

Сол күнi-ақ ой-ниетi ада болады.



5Жақып сиынған Құдай жар болған,

һәм Құдай Иесiне үмiт артқан


Қандай бақытты болады әрбiр жан!



6Көк пен жердi, теңiздi Һәм олардағы

Бардың бәрiн де Тәңiр жаратты,


Ол мәңгi бақи сөзiнде тұрады.



7Қаналғандарды Ол әдiлдiкке жеткiзедi,

Ашығып жүргендерге тамақ бередi


Тәңiр Ие тұтқындарды босатады,



8Иемiз зағиптардың көзiн ашады.

Бүкiрлердi Тәңiр түзу етедi,


Иемiз әдiлдердi жақсы көредi.



9Жат жұрттықтың мүддесiн Тәңiр қорғайды,

Жетiм-жесiрлердi де қолдап-қорғайды,


Ал зұлымдардың ой-ниетiн талқандайды.



10Жаратқан мәңгi билiк жүргiзедi!

Уа, Сион, сиынған Құдайың патшалық


Құрады ұрпақтан ұрпаққа мәңгiлiк.


Жаратқан Иенi мадақтаңдар!



146

Құдiретi шексiз Құдайды ән-күймен дәрiптеу

1Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иенi!

Құдайымызды әнмен мадақтау игi,


Бұл қандай ұнамды да жарасымды!



2Иемiз Иерусалимдi қайта салар,

Исраилдiң айдалғандарын қайтарар,



3Жаралы жүректердi сауықтырар,

Қайғы-қасiреттерiн Ол жұбатар.



4Тәңiр аспандағы жұлдыздарды санайды,

Барлығын да өз аттарымен атайды.



5Иемiз ұлы әрi тым қуатты,

Шексiз мол Оның ақыл-парасаты.



6Қорланғанды Иемiз жоғарылатады,

Зұлымды топыраққа құлдыратады.



7Жаратқанға шүкiрлiк әнiн айтыңдар,

Құдайымызға жетiгенмен күй тартыңдар!



8Жаратқан аспанды бұлттармен жабады,

Жер бетiне жаңбырды жаудырады,


Тау-төбенi көк шөппен жамылдырады.



9Осылай азық өсiредi малға да,

Қарғаның шақырған балапандарына да.



10Тұлпардың күшiне Жаратқан қарамайды,

Жiгiттiң жүйрiктiгiнен рақат таппайды,



11Қайта риза болады Жаратқан Ие

Өзiн қастерлеп, рақымына үмiт еткенге.



147

Халқына қамқоршы Жаратқан Иенi дәрiптеу

1Уа, Иерусалим, Жаратқанды мадақта,

Уа, Сион, Құдайыңның даңқын асыра.



2Қақпа ысырмаларыңды Ол нығайтқан,

Iшiңдегi халқыңды жарылқаған,



3Шекараңа бейбiтшiлiк орнатады,

Ең таңдаулы астықпен тойындырады.



4Иемiз сөзiн жер бетiне жолдайды,

Оның айтқандары лезде тарайды.



5Жаратқан мамықтай қарды жаяды,

Күлдей қырауды да жерге шашады,



6Жұмыр тастай бұршақты жаудырады,

Кiм Оның аязына шыдай алады?



7Бұйрығымен ерiтедi Ол мұзды,

Жел соққызып, ағызады суды.



8Тәңiр Жақыпқа бiлдiрдi бұйрықтарын,

Исраилге заңдары мен жарлықтарын,


9Басқа ешбiр халыққа мұны iстемедi,

Олар Жаратқанның заңдарын бiлмейдi.


Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иенi!



148

Күллi әлем Жаратқанды мадақтасын!

1Жаратқан Иенi мадақтаңдар!

Жаратқан Иенi көктен мақтаңдар,


Заңғар аспанда Оны даңқтаңдар,



2Мадақтаңдар Оны, бар перiштелер,

Мадақтаңдар Оны бәрiң, көктегiлер!



3Мадақтаңдар Тәңiрдi, күн мен ай да,

Барлық жарқылдаған жұлдыздар да,



4Мадақта Оны лайым, аспан заңғар,

Мадақтаңдар Оны, бұлттан жоғары сулар!



5Жаратқанның атын дәрiптесiн барлығы,

Ол бұйырып, содан әлем жаратылды.



6Мәңгiлiкке берiк орнатты оларды,

Мәңгi сақталады берген жарлықтары.



7Мадақтаңдар Жаратқанды, жердегiлер,

Алып балықтар мен түпсiз теңiздер,



8Найзағай мен бұршақ, қар және тұман,

Дауыл да бұйрығына Оның бағынған,



9Мақтаңдар Оны, бар төбелер мен таулар,

Жемiс ағаштары мен балқарағайлар,



10Алуан түрлi аңдар және малдар,

Құстар әрi бауырымен жорғалаушылар,



11Әлемнiң патшалары мен халықтар,

Жердегi бар әмiршiлер мен соттар,



12Мадақтаңдар Оны, жiгiттер мен қыздар,

Қарттармен қатар сендер де, балалар!



13Мадақтасын бәрi де Жаратқанның атын,

Тек Ол ғана жоғары барлығынан,


Даңқы Оның жер мен аспаннан асқан.



14Өзiнiң халқына күш-қуат дарытты,

Бар адал жандарға мақтау әнiн айтқызды,


Исраил ұрпақтарының даңқын асырды,


Осы халық Өзiмен тығыз байланысты.


Мадақтаңдар Жаратқан Иенi!



149

Жеңiс сыйлаған Құдайды мадақтау

1Жаратқан Иенi мадақтаңдар!

Жаратқан Иеге жаңа ән салыңдар,


Сенушiлер қауымында Оны мақтаңдар.



2Шаттан, Исраил, өзiңдi Жаратқанға,

Сион халқы қуансын Патшасына,



3Би билеп мадақтасын Оның атын,

Дауылпаз, жетiгенмен ән шырқасын.



4Жаратқан өз халқынан рақат табады,

Кiшi пейiлдердi даңқтап, құтқарады.



5Адал жандар бұл құрметке шаттансын,

Төсекте жатып та қуана ән салсын.



6Аузында Құдайды мадақтау болсын,

Қолдарында екi жүздi семсер ұстасын,



7Бас көтерген ұлттардан кек алу үшiн,

Қыңыр халықтарды жазалау үшiн,



8Олардың патшаларын кiсендеу үшiн,

Төрелерiн темiрмен шынжырлау үшiн,



9Жазылған үкiмдерiн орындау үшiн.

Бұл — құрмет Оған бағышталғандар үшiн.


Жаратқан Иенi мадақтаңдар!



150

Иемiздi мадақтаңдар!

1Мадақтаңдар Құдайды киелi үйiнде,

Мадақтаңдар Құдiреттiнi көкте де!



2Мадақтаңдар Оны керемет iстерi үшiн,

Мадақтаңдар Оны зор ұлылығымен!



3Мадақтаңдар Оны үнiменен кернейдiң,

Мадақтаңдар Оны жетiгенмен, домбырамен!



4Мадақтаңдар Оны даңғырамен, би билеп,

Мадақтаңдар Оны қобызбен, сыбызғымен!



5Мадақтаңдар Оны сылдырмақтың

Сыңғырлаған үнiменен,


Мадақтаңдар Оны дауылпаздың


Даңғырлаған даусыменен!



6Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемiздi!

Жаратқан Иенi мадақтаңдар!

Аумин.