0


Жазба туралы мәлiмет

Патшалықтар туралы алғашқы екi жазба «Самуил туралы жазбалар» деп те аталады, өйткенi оларда осы атақты пайғамбардың өмiрi мен қызметi суреттелген. Самуил бұл дүниеге жәбiр көрген әйелдiң өтiнiшiне жауап ретiнде Құдайдың кереметi арқылы келдi. Пайғамбардың бүкiл ғұмыры Құдайға бағышталып, Оның киелi үйiнде дiни қызметкер ретiнде қызмет етумен өттi. Самуил, сондай-ақ, Құдайдың халқын басқарып, оларды жауларынан құтқарған билердiң ең соңғысы болды.

Пайғамбар б.з.д. 1100 жылдың шамасында өзiнiң қызметiн бастаған кезде Исраилдiң 12 руы әлi де өзара бiрiкпеген, әлсiз, әрi соғысқұмар фiлiстiрлердiң қанауында болатын. Сол халық бүгiнгi Грецияның Крит аралынан Жерорта теңiзiнiң жағалауындағы Газа жазығына көшiп келген едi. Фiлiстiр жасақшыларының қару-жарақтары темiрден жасалған, мықты болғандықтан, исраилдiктер оларға қарсы төтеп бере алмады. Жаратқан Иенiң келiсiм сандығын шайқас даласына әкелудiң де пайдасы болмады, себебi адам баласы тұмар немесе басқа да кез келген «киелi» бұйымдар арқылы Құдайды көмек беруге мәжбүрлей алмайды. Осылай исраилдiктер жеңiлiп, тас-талқан болды. Самуил халықты шын жүректен терiс жолдан қайтып, Тәңiр Иемен жасаған келiсiмнiң ережелерiне бағынуға шақырды. Халық осылай iстегеннен кейiн Құдай дұшпандарын ойрандап жеңiп, оларға тыныштық сыйлады.

Алайда мұнан кейiн халық бiздiң де басқа халықтардiкi сияқты патшамыз болса екен деп талап еттi. Осылай олар өздерiн жаңа ғана зор құдiретiмен жаудан қорғаған Құдайды «Ұлы Патшамыз» деп қабылдамады. Алайда Тәңiр Ие Самуилге олардың өтiнiшiн қанағаттандыруды тапсырды. Исраилдiң бiрiншi патшасы Бунямин руынан шыққан келбеттi жiгiт Саул болды. Оны патша ретiнде тағайындаған кезде Самуил тағы да халықты күнәдан бас тартып, Құдайға деген сенiмдерiн жаңартуға шақырды. Олардың айналадағы барлық басқа халықтардан басты өзгешелiгi мынау болды: Исраилдiң патшасы Жаратқан Иенiң Тауратта берген заңына және Оның пайғамбарлары арқылы айтқандарына мойынсұнуға тиiс едi.

Алайда Саул Құдайдың еркiне бағынғысы келмей, екi рет Оның нұсқауларына мойынсұнбады және мұнысына шын жүректен өкiнбедi. Сондықтан да Алла Тағала Саулдың патшалық билiгiн доғару керек деп шештi. Оның орнына құдайшыл батыр Дәуiттi таңдап, оны ұзақ жылдар бойы қиыншылықтар мен қуғын-сүргiн арқылы Құдай халқының патшасы болуға дайындады. Дәуiт бiрнеше рет қас жауы Саулдан кек алудан бас тартып, өзiн Тәңiр Иенiң патша етiп тағайындауын күттi. Ақыр соңында Саул фiлiстiрлерден жеңiлiп, өзiн-өзi өлтiрдi. Сол шайқаста оның үш ұлы, арасында Дәуiттiң сенiмдi досы Жонатан да бар, қаза тапты. Сонымен Патшалықтар туралы бiрiншi жазба жүрегiн Құдайдың еркiне бағынуға қасарыстырып қойған Исраилдiң алғашқы патшасы Саулдың жеңiлiп, өлуiмен аяқталады. Алайда осындай қайғылы жайтқа қарамастан, болашаққа деген үмiт те нық орын алған. Ол үмiт Құдайдың шын жүректен Өзiне сенiп, еркiне бағынатын басқа бiр патшаны — Дәуiт пайғамбарды — дайындап жатқандығында.

1

Жәбiр көрген әйелдiң Құдайға жалбарынуы


1Ефрем руының таулы жерiнде, Сұфтың үрiм-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқана атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Елiхудiң немересi, Тохудың шөбересi, Сұфтың шөпшегi едi. Сұф кезiнде Ефрата қаласының тұрғыны болатын.


2Елқананың Ханна және Пәнана есiмдi екi әйелi бар едi. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермедi.

3Елқана жыл сайын Әлемнiң Иесiне бас ие ғибадат етiп, құрбандық шалу үшiн үй iшiн ертiп өз қаласынан Шилоға сапар шегетiн. Сол қалада Елидiң екi ұлы Опни мен Пiнехес Жаратқан Иенiң киелi үйiнде Оның дiни қызметкерлерi болып iстейтiн.

4Құрбандық шалғаннан кейiн Елқана әйелi Пәнана мен оның ұл-қыздарына тиiстi үлестерiн беретiн,

5ал Ханнаға екi еселеп табыстайтын. Себебi Құдай перзент сыйламаса да, күйеуi Ханнаны жақсы көрдi.


6Бiрақ Пәнана күндесiн кекетiп-мұқатып, құрсақ көтермейтiндiгiн бетiне басып, ренжiте беретiн.

7Жыл сайын Шилоға Жаратқан Иенiң үйiне барған кезде Пәнана оны осылай өкпелететiн. Ханна болса егiле жылап, астан дәм татпайтын.

8Сонда күйеуi оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересiң, неге тамақ iшпейсiң? Жүрегiң неден жабырқаулы? Мен сен үшiн он ұлдан да артық емеспiн бе?» — деп сұрайтын.


9Бiрде үй iшi Шилода құрбандық шалып, iшiп-жеп болған соң Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенiң киелi үйiнiң қасына барды. Ал дiни қызметкер Ели кiре берiс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын.

10Сонда Ханна жылап, көкiрегiндегi шерiн Жаратқан Иеге ақтарып сиынды.

11«Уа, Әлемнiң Иесi! Осы күңiңнiң қайғы-қасiретiне көңiл бөлiп, назарыңда ұстай гөр. Маған рақымыңды түсiрiп, бiр ұл сыйласаң, соны өмiр бойы Тәңiрiме бағыштар едiм, Оның басына ешқашан ұстараның жүзi тимес едi», — деп ант бердi ол.


12Ханна осылай Жаратқан Иеге мiнажат етiп ұзақ сиынғанда Ели оның аузына қарап отырды.

13Ерiндерi жыбырлап тұрса да, әйел iштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Ели оны мас екен деп ойлап қалып:


14— Сен қашанғы мас болып жүре бересiң? Iшiмдiктi доғар! — деп зекiдi.

15Ханна:

— Мырзам, олай емес. Мен бiр күйзелiп жүрген сорлы әйелмiн. Ешқандай iшiмдiктен ауыз тиген жоқпын. Тек көкiрегiмдегi зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын.

16Менi ұяттан безген жаман әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасiретiм өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты.

17Сонда Ели оған:

— Тыныштықпен үйiңе қайта бер. Исраилдiң сиынатын Құдайы тiлеуiңдi қабыл алсын! — деп батасын бердi.


18— Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзiңiзбен қарай көрiңiз, — деп Ханна қоштасып, кетiп қалды. Ендi ол тамақ iшiп, жүзiнен қайғының нышаны байқалмайтын болды.

19Келесi күнi Елқананың отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге сиынып ғибадат еткеннен кейiн Рамаққа, үйлерiне қайтып оралды. Елқана Ханнамен жақындасқан кезде Құдай оның тiлегiн ескерiп, жүзеге асырды.

20Ол аяғы ауырлап, айы-күнi жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды.

Самуилдiң Құдайдың қызметiне бағышталуы


21Келесi жылы Елқана бүкiл үй iшiмен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзiнiң уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшiн тағы да Шилоға бармақшы болды.

22Ал Ханна күйеуiне:

— Бала өсiп, емшектен шыққаннан кейiн оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды.


23Елқана оған:

— Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейiн күте тұр. Тек берген уәдеңдi Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсiн, — дедi. Осылайша Ханна нәрестесiн емiзiп, үйiнде қалды.


24Самуилдi емшектен шығарған соң анасы оны ертiп, Жаратқан Иенiң Шилодағы киелi үйiне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бiр қап ұн мен бiр торсық шарапты да ала келген едi. Бала әлi де тым жас болатын.

25Әке-шешесi бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейiн баланы Елидiң алдына алып барды.


26Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сiздiң қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмiн ғой.

27Сол кезде мына баланы сыйлай көрсiн деп жалбарынған едiм. Тәңiр Ие өтiнiшiмдi жүзеге асырды.

28Ендi мен де уәдемдi орындап, баланы өмiр бойы Оның қызметiне бағыштағым келiп отыр», — дедi. Сонда олар иiлiп Жаратқан Иеге ғибадат еттi.

2

1Бұдан кейiн Ханна былай деп Құдайға сиынды:

2Ешкiм жоқ Жаратқан Иедей киелi,

3Ей, пенделер, менменсiп мақтанбаңдар,

4Мықтының садақтары сындырылад,

5Тоқ болғандар ендi нанға жалданад,

6Тәңiр жанды алып, қайта тiрiлтед,

7Жаратқан не кедей, не бай да етед,

8Жарлыны сорлы халiнен құтқарад,

9Құдай Өзiне арналғанды күзетед,

10Құдай қарсы тұрғандарды сiлкiлейд,

Самуилдiң қызметiне кiрiсуi, ал Ели ұлдарының күнәкарлығы


11Осыдан кейiн Елқана үй iшiмен Рамаққа қайта оралды. Ал баласы Самуил дiни қызметкер Елидiң қарамағында Жаратқан Иеге қызмет ететiн болып Шилода қалды.


12Бiрақ Елидiң ұлдары Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын сұмырайлар едi.

13Дiни қызметкерлер халыққа әдетте былай iстейтiн: бiреу Құдайға арнап құрбандық шалғанда олар қазандағы ет пiспей жатып бiр қызметшiсiн арнайы үш тiстi шанышқысымен жiберетiн.

14Қызметшi шанышқыны қазандағы әр түрлi етке сұғып, iлiнгеннiң барлығын дiни қызметкердiң үлесi деп алып кететiн. Шилоға келген күллi исраилдiктерге де Елидiң ұлдары осылай iстейтiн.

15Тiптi құрбандықтың Құдайға арналған майлы бөлiктерi ажыратылып, өртелмей жатып-ақ олардың қызметшiсi келiп:

— Дiни қызметкерге қуыруға шикi ет кесiп бер, ол сенен пiскен еттi емес, тек шикi еттi ғана алады, — дейтiн.

16Егер әлгi адам:

— Алдымен (Құдайға арналған) майды өртейiк, содан кейiн қалағаныңды аларсың, — деп келiспей қалса, қызметшi:

— Еттi дереу бер, әйтпесе тартып аламын, — деп күш көрсететiн.


17Осылайша сол жiгiттер Жаратқан Иеге арналған құрбандықты қорлап, Оның алдындағы күнәлары тым ауыр болатын.


18Ал Самуил Жаратқан Иенiң алдында қызмет етiп, өзi өте жас болса да (дiни қызметкер ретiнде) бәтестен тiгiлген жеңсiз сырт киiм киiп жүрдi.

19Анасы оған жыл сайын жаңадан кiшкене сырт көйлек тiгiп, оны күйеуiмен бiрге сол жылғы құрбандықты шалу үшiн Шилоға келгенде ала келетiн.


20Сонда Ели Елқана мен Ханнаға батасын берiп: «Әйелiңнiң Жаратқан Иеден сұрап алып, Оған бағыштаған баласының орнына Ол саған осы әйелден көп ұл-қыз сыйлай көрсiн!» — дейтiн. Бұдан кейiн екеуi үйлерiне қайтатын.

21Содан Жаратқан Ие Ханнаны жарылқап, оны тағы үш ұл, екi қызға ана еттi. Ал Самуил Жаратқан Иенiң көз алдында есейiп өсiп жатты.


22Ели сол кезде жасы ұлғайып қартайған едi. Ол ұлдарының исраилдiктерге не iстегендерiн, олардың тiптi кездесу шатырының кiре берiсiнде қызмет атқаратын әйелдермен жасаған азғындықтары туралы да естiдi.

23Оларға былай деп ескерттi: «Неге сендер сондай сұмдық қылықтармен айналысып жүрсiңдер? Жұрттың бәрiнен сендер туралы жаман сөздер естiп жүрмiн.

24Балаларым, қойыңдар! Жаратқан Иенiң халқының арасына тарап жатқан осы әңгiме жақсы әңгiме емес.

25Егер бiр адам басқа бiреудiң алдында кiнәлы болып қалса, онда Құдай тағайындаған билер екеуiнiң арасында жүрiп, оның сөзiн сөйлей алады. Ал егер ол Жаратқан Иенiң Өзiне қарсы күнә жасаса, онда сол пенденiң сөзiн кiм сөйлейдi?»

Алайда ұлдары Елидiң айтқанына құлақ аспады. Жаратқан Ие оларды өлiмге бұйырып қойған болатын.


26Ал жасөспiрiм Самуил Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамдылығы арта түсiп, өсiп келе жатты.

Елидiң отбасына шығарылған үкiм


27Бiр күнi Құдайдың жiберген адамы Елиге келiп, Оның хабарын жеткiзiп былай дедi:

— Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенiң арғы атаң Һарон мен оның отбасы Мысырда перғауынның қол астында жүрген кезде-ақ Мен оларға Өзiмнiң кiм екенiмдi аян еттiм.


28Исраилдiң руларының iшiнен Һаронды Менiң дiни қызметкерiм болуға таңдап алдым. Оны Маған бағышталып шалынған құрбандықтарды арнайы үстелде өртеуге, хош иiстi заттарды түтетуге және алдымда жеңсiз сырт киiмдi киiп жүруге тағайындадым. Сонда Мен сенiң арғы атаңның ұрпақтарына исраилдiктердiң Маған арнап өртейтiн барлық құрбандықтарынан тиiстi үлестерiн белгiлеп қойған жоқ па едiм?

29Ал ендi, Менiң жер бетiндегi тұрағыма әкелiп ұсынуға өсиеттеген құрбандықтарым мен сый-тартуларыма сендер неге ашкөздiкпен қарап, оларды қорлайсыңдар? Неге сен өз ұлдарыңды Менен артық көресiң? Халқым Исраилдiң Маған арнап шалған құрбандықтарының ең жақсы бөлiктерiн алып, тойып жеп, семiресiңдер!


30Сондықтан да Исраилдiң Құдай Иесi былай дейдi: Бұрын Мен өзiңнiң ұрпақтарыңды және әкеңнiң басқа да үрiм-бұтағын мәңгi-бақи дiни қызметкерлерiм болуға бұйырған едiм. Бiрақ қазiр Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: ендi бұлай болмайды! Себебi Менi құрметтегендi Мен де құрметтеймiн, ал Менi сыйламаған қор болады.


31Бiлiп қой, болашақта Мен өзiңнiң де, әкеңнiң де ұрпақтарының жасын ұлғайтпай, жас кездерiнде-ақ өлiмге душар етемiн.

32Жер бетiндегi тұрағымның қайғылы жағдайға ұшырауына куә боласың. Менiң басқа исраилдiктерге сыйлаған бақыт пен байлығыма қызғана қарайсыңдар, бiрақ сендердiң үй iштерiңде бiрде-бiр қария қалмайды.

33Егер мен бiр адамыңа құрбандық үстелiмнiң алдында қызмет етуге жол берсем, сол туралы да көздiң жасын көл етiп, қатты қайғыратын боласыңдар. Бiрақ өзге ұрпақтарыңның бәрi де дүниеден ерте кетпек.

34Сенiң ұлдарың Опни мен Пiнехес екеуi бiр-ақ күнде өледi. Бұл саған айтылғанның бәрiнiң түгелдей жүзеге асатынын бiлдiретiн белгi болмақ.


35Содан кейiн Мен қызметiн адал орындайтын өзге бiр дiни қызметкердi белгiлеймiн. Ол Менiң еркiме сай әрекет жасап, Өзiм тағайындайтын патшаның алдында мiндетiн атқаратын болады. Мен оның әулетiн дiни қызметкерлерiм болуға бекiтемiн.

36Ал өзiңнiң ұрпақтарыңнан тiрi қалған әркiм соған барып, бiр күмiс теңге немесе бiр кесек нан сұрап келiп: «Өтiнемiн, нанымды тауып жей алуым үшiн маған дiни қызметкер атқаратын кез келген жұмысты тапсыра көрiңiзшi!» — деп жалынатын болады.

3

1Жасөспiрiм Самуил Елидiң қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етiп жүрдi. Сол заманда Жаратқан Иенiң адамдарға сөзiн арнап, аян беруi өте сирек едi.

2Елидiң көздерi мүлдем дерлiк көрмей қалған болатын. Бiр түнi ол өзiнiң үйреншiктi орнында жатты.

3Жаратқан Иенiң киелi үйiндегi жетi шам әлi де жанып тұрған кез едi. Самуил Құдайдың келiсiм сандығы орналасқан сол киелi үйде тынығып жатты.

4Сонда Жаратқан Ие Самуилдiң атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — дедi де,

5Елиге жүгiрiп барып:

— Тыңдап тұрмын, сiз менi шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған:

— Жоқ, сенi шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай iстедi.

6Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып:

— Тыңдап тұрмын. Сiз менi шақырдыңыз ба? — деп сұрады.

Бiрақ ол:

— Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — дедi.


7Бұған дейiн Жаратқан Ие өзiне аян берiп, сөзiн арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын едi.

8Жаратқан Ие Самуилдi үшiншi рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келiп:

— Тыңдап тұрмын, сiз шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенiң Өзi екенiн түсiнiп,

9оған:

— Бар да жат. Егер сенi қайтадан шақырса, онда: Уа, Жаратқан Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр деп жауап бер, — дедi. Самуил төсегiне барып жатты.


10Бұдан кейiн Жаратқан Ие оның қасына келiп, алдындағыдай:

— Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала:

— Уа, Жаратқан Ие, айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап бердi.


11Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты:

— Мен Исраилде естiген адамды қатты абыржытатын бiр нәрсе iстемекпiн!

12Сол күнi Мен Елидiң отбасы туралы айтқан сөздерiмдi басынан аяғына дейiн жүзеге асырамын.

13Ұлдарының зұлымдығы үшiн оларды бiржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын бiлiп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес.

14Сол себептi Мен: Елидiң отбасы өз кiнәсының зардабынан ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттiм.


15Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгiсiн Жаратқан Иенiң киелi үйiнiң есiгiн ашты, ал Құдайдың аян еткен сөздерiн Елиге айтып беруге дәтi бармады.

16Бiрақ Ели оны:

— Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды.

— Құлағым сiзде, ата, — деп жауап бердi ол.

17Ели:

— Құдай саған не дедi? Оны менен жасырма. Егерде Құдайдың өзiңе бiлдiргендерiн түгелдей айтпай, бiр нәрсесiн жасырып қалсаң, Ол сенi жазалаған үстiне жазаласын! — дедi.

18Сонда Самуил ештеңенi бүкпестен бәрiн айтып бердi. Ели:

— Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әдiл еркi орындалсын, — дедi.


19Ал Самуил есейiп, өсе бердi. Құдайдың Өзi жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерiнiң бәрi де жүзеге асып отырды.

20Сонда бiр шетi солтүстiктегi Дан мен келесi шетi оңтүстiктегi Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкiл Исраил елi Самуилдiң Жаратқан Иенiң пайғамбары екендiгiне көз жеткiздi.

21Тәңiр Ие Самуилге сөзiн арнап, Өзiнiң кiм екенiн ашқан Шилода оған аян беруiн жалғастыра бердi.

4

1Осылай Самуилдiң айтқандары бүкiл Исраил халқына кеңiнен тарап жатты.

Келiсiм сандығының жау қолына түсiп, Ели мен ұлдарының жазаларын тартуы

Сол тұста исраилдiк жасақшылар фiлiстiрлерге қарсы соғысқа аттанды. Олар Әбен-Езер қаласының маңында, ал фiлiстiрлер Әфектiң қасында қостарын тiктi.


2Жау әскерiн сапқа тұрғызып, шабуылға шықты. Кескiлескен шайқаста исраилдiктер жеңiлiп, төрт мыңдай адамы ұрыс даласында қаза тапты.

3Қалғандары әскер қосына оралғанда Исраилдiң рубасылары ақылдасып: «Жаратқан Ие бүгiн нелiктен фiлiстiрлердiң бiздi талқандап жеңулерiне жол бердi? Жаратқан Иенiң келiсiм сандығын Шилодан осында алдыртайық. Сонда ол ортамызда болып, бiздi жау қолынан құтқарып алады», — деп ұйғарды.

4Сонымен Шилоға бiрнеше адам жiберiп, олар Әлемнiң Иесiнiң келiсiм сандығын алып келдi. Оның жер бетiндегi «тағы» сандық қақпағының үстiндегi керуб мүсiндерiнiң ортасында болды. Елидiң ұлдары Опни мен Пiнехес те сол жерге келiсiм сандығымен бiрге келген едi.


5Жаратқан Иенiң келiсiм сандығы әскер қосына жеткiзiлген кезде исраилдiктердiң қуанышты айқайынан жер жаңғырықты.

6Айқай-шуды естiген фiлiстiрлер: «Исраилдiктердiң қосындағы бұл не деген айқай-шу?» — деп таңғалысты.

Олар қарсыластарына Жаратқан Иенiң сандығы әкелiндi деген хабарды бiлiп алғаннан кейiн

7үрейлерi ұшып: «Олардың тәңiрлерi араларына келiптi! — дестi. — Бiз ендi құримыз! Бұрын-соңды мұндай нәрсе болып көрген емес!

8Сорладық! Осы құдiреттi тәңiрлерден бiздi кiм құтқара алады? Олар айдалада әр түрлi апаттар жiберiп, мысырлықтарды құртқан едi ғой!

9Кәне, фiлiстiрлер, нығайыңдар! Батыл да ер жүрек болыңдар! Әйтпесе исраилдiктердiң сендерге құл болып келгенiндей, ендi сендер олардың құлдары боласыңдар. Ендеше нағыз батырларша жан аямай соғысыңдар!» — деп жауынгерлерiн жiгерлендiрдi.


10Содан фiлiстiрлер жан сала шайқасып, исраилдiктер ойсырай жеңiлдi. Барлығы бытырап, әркiм өз үйiне қашып кеттi. Қырғынның зор болғаны сонша, отыз мың исраилдiк жаяу әскердiң өлiктерi ұрыс даласында қалды.

11Құдайдың келiсiм сандығы жаудың қолына түсiп, Елидiң екi ұлы Опни мен Пiнехес қаза тапты.


12Шайқасып жатқандардың арасынан Бунямин руының бiр адамы сытылып шығып, жүгiрген бойы сол күнi Шилоға жеттi. Ол қатты қайғырып, көйлегiнiң өңiрiн айыра жыртып, басына топырақ сеуiп алыпты.

13Сол кезде Құдайдың келiсiм сандығын уайымдап, жүрегi қобалжып елегiзген Ели қақпа алдында, жол жиегiндегi орындығында отырған едi. Хабаршы қалаға келiп, болған жайдың бәрiн айтып бергенде күллi халық айқай салып жоқтай бастады.


14Зарлы айқайды естiген Ели: «Мынау не қылған айқай-шу?» — деп сұрады. Сонда жаңағы кiсi болған оқиғаны айтып беру үшiн жүгiрiп оның қасына келдi.

15Елидiң жасы тоқсан сегiзде болатын, ол көзi көрмей, соқыр болып қалған едi.

16Әлгi жiгiт оған:

— Мен дәл қазiр тiкелей ұрыс даласынан келiп отырмын, — дедi. Ели:

— Не болғанын айт, балам? — деп сұрағанда,

17хабаршы:

— Шайқаста Исраил әскерi фiлiстiрлерден қашуға мәжбүр болды. Көп адам қаза тауып, екi ұлыңыз Опни мен Пiнехес те шейiт болды. Құдайдың сандығы жаудың қолына түстi, — дедi.


18Құдайдың келiсiм сандығы туралы айтылғанда Ели қақпа жанындағы отырған орындығынан шалқалай құлап, жұлыны үзiлiп, жан тапсырды. Себебi ол өте кәрi әрi денелi кiсi болатын. Ели қырық жыл бойы Исраилдiң биi болып келген едi.


19Бұл кезде Елидiң келiнi, Пiнехестiң әйелiнiң босанатын мезгiлi жақындап қалған болатын. Әйел Құдайдың келiсiм сандығының жау қолына түскенi, әрi қайын атасы мен күйеуiнiң дүние салғаны туралы хабар естiгенде сол жерде толғатып, босанды. Алайда толғағы өте ауыр болды.

20Хал үстiнде жатқанда қасындағы әйелдер оны: «Қайғырма, ұл тудың», — деп жұбатты. Бiрақ ол бұған жауап қайырмады, тiптi көңiл де бөлген жоқ.

21Құдайдың келiсiм сандығы жаудың қолына түсiп, қайын атасы мен күйеуi дүние салғандықтан әйел «Салтанатты ұлылық Исраилдi тастап кеттi!» — деп, ұлына Иқабод (яғни «Ұлылық жоқ») деген ат қойды.

22Ол: «Салтанатты ұлылық Исраилдi тастап кеттi, себебi Құдайдың келiсiм сандығы жау қолында!» — деп налыды.

5

1Фiлiстiрлер Құдайдың келiсiм сандығын қолға түсiргеннен кейiн оны Әбен-Езерден Азот қаласына алып барды.

2Сол жерде Құдайдың сандығын өздерi табынатын тәңiр Дагонның ғибадатханасына кiргiзiп, оның мүсiнiнiң қасына қойды.

3Азоттықтар келесi күнi ертемен тұрып, ғибадатханаға келгенде Дагонның мүсiнi Жаратқан Иенiң сандығының алдында етпетiнен құлап жатыр екен! Олар мүсiндi көтерiп, бұрынғы орнына қойды.

4Бiрақ келесi күнi де ертеңгiсiн ерте тұрып, қарағанда Дагон қайтадан Жаратқан Иенiң сандығының алдында етпетiнен құлап, ал оның шабылып түскен басы мен қолдары денесiнен бөлек есiктiң табалдырығында жатты.

5Сол себептен Дагонның дiни қызметкерлерi мен оның Азоттағы ғибадатханасына келушiлер күнi бүгiнге дейiн осы табалдырықты баспайды.


6Сонда Құдайдың құдiреттi қолы Азот пен оның айналасындағыларды қатты жазалап, кесел жiберiп, денелерiне шиқанды iсiктер шығарып азаптады.

7Мұны көрген Азот халқы: «Исраилдiң Тәңiрiнiң сандығы бұл жерде қалмауға тиiс! Олардың Тәңiрi бiздi де, өз тәңiрiмiз Дагонды да қатты жазалап отыр, — дедi.

8Сонымен хабаршыларын жiберiп, фiлiстiрлердiң барлық көсемдерiн шақырып алдыртты. Олардан:

— Исраилдiң Құдайының сандығымен не iстеймiз? — деп сұрады. Көсемдер:

— Исраилдiң Құдайының сандығын Ғатқа жөнелту керек, — деп шештi де, оны сол жаққа апарғызды.


9Бiрақ келiсiм сандығы Ғат қаласына келгенде, Жаратқан Иенiң құдiреттi қолы оны да қатты жазалап, абыржытты. Жас демей, кәрi демей, Тәңiр Ие қаланың тұрғындарының бәрiне бiрдей iндет таратты. Содан оларда жаппай шиқанды iсiктер шыға бастады.


10Сонда олар Құдайдың сандығын Ақаронға жiбердi, бiрақ ол сол қалаға жете салысымен тұрғындары: «Бұлар Исраилдiң Құдайының сандығын өзiмiздi де, бүкiл халқымызды да қыру үшiн әкелiп отыр!» — деп айқай-шу шығарды.

11Олар кiсiлерiн жұмсап, фiлiстiрлердiң барлық көсемдерiн шақыртып алып: «Өзiмiздiң де, халқымыздың да құрып кетпеуi үшiн Исраилдiң Құдайының сандығын осы жерден өз мекенiне қарай жiберiңiздер!» — деп өтiндi. Ажал бүкiл қала халқын қатты үрейлендiрдi, себебi Құдайдың құдiреттi қолы оларды жазалап жатты.

12Өлмей тiрi қалғандардың денелерiне шиқанды iсiктер шығып, қатты қинады. Қала тұрғындары көмек сұрап көкке қарай жалбарынды.

6

1Осылай Жаратқан Иенiң келiсiм сандығы жетi ай бойы фiлiстiр жерiнде болғаннан кейiн

2фiлiстiрлер абыз-көрiпкелдерiн шақырып, оларға:

— Жаратқан Иенiң келiсiм сандығымен не iстеуiмiз керек? Оны өз орнына қалай қайтаруға болатынын айтыңдаршы? — деген сауал қойды.

3Әлгiлердiң жауабы мынау болды:

— Исраилдiң Құдайының келiсiм сандығын қайтарамыз десеңдер, оны құр жiбермей, айыптарыңды өтейтiн сый-тартумен қоса қайтаруларың керек. Сонда ауруларыңнан айығып, Жаратқан Иенiң құдiреттi қолының өздерiңдi нелiктен жазалап келгенiн ұғарсыңдар. —

4Халық:

— Оған айыпты өтейтiн қандай сый-тарту жiберу керек? — деп сұрады. Абыз-көрiпкелдер былай деп жауап бердi:

— Өздерiң мен көсемдерiң бiрдей iндетке ұшырағандықтан, көсемдерiңнiң санына сәйкес етiп бес-бестен алтын шиқанды iсiк пен алтын тышқан мүсiндерiн жiберiңдер!


5Iсiктердiң және елдерiңдi ойрандап жатқан тышқандардың алтын мүсiндерiн жасатып, Исраилдiң Тәңiрiнiң ұлылығын мойындаңдар! Мүмкiн, Ол сонда өздерiңдi, тәңiрлерiң мен елдерiңдi осылай ауыр жазалауын доғарар.

6Бiр кездегi мысырлықтар мен перғауын сияқты жүректерiңдi қасарыстырмай-ақ қойыңдар! Жаратқан Ие өздерiне құдiретiн көрсеткен соң олар исраилдiктердi босатып жiберуге мәжбүр болды емес пе?!


7Ендеше бiр жаңа арба жасатыңдар. Оған жақында бұзаулаған, әлi ешқашан жегiлмеген екi қашарды жегiп, бұзауларын бөлiп алып, қораға қамап қойыңдар.

8Жаратқан Иенiң келiсiм сандығын сол арбаның үстiне орнатуларың керек. Соның жанында Тәңiр Иеге айыптарыңды өтеу үшiн ұсынып отырған алтын бұйымдарың салынған сандықшаны орналастырыңдар. Содан кейiн арбаны бет алған жағына қарай қоя берiп,

9артынан бақылап отырыңдар! Егер арба өз жерiне, Бет-Шамиш қаласына қарай өрлесе, онда осы зор пәленi бiзге Жаратқан Иенiң Өзiнiң жiбергенi. Ал егер арба басқа жаққа қарай бағытталса, онда бiздi жазалаған Ол емес екенiне, бұл пәленiң басымызға кездейсоқ түскенiне көз жеткiземiз.


10Фiлiстiрлер айтылғанның бәрiн iстеп, таяуда бұзаулаған екi қашарды арбаға жегiп, бұзауларын ажыратып алып, қамап тастады.

11Арбаның үстiне Жаратқан Иенiң келiсiм сандығын орналастырып, жанына iсiктер мен тышқандардың алтын мүсiндерi салынған сандықшаны қойды.

12Сонда қашарлар бiрден Бет-Шамишқа апаратын жолға түсiп алып, не оңға, не солға бұрылмастан, үздiксiз мөңiреумен даңғыл жолмен тура жүрiп отырды. Фiлiстiр көсемдерi олардың соңынан Бет-Шамиштың маңайына дейiн ерiп келдi.


13Бұл қалашықтың халқы сол кезде егiн алқабынан бидай жинап жатты. Олар бастарын көтергенде келiсiм сандығын көрiп, қуанышқа кенелiп, шат-шадыман болды.

14-15 Арба бет-шамиштық Ешуаның егiстiгiне келiп, сол жердегi зор тастың жанына тоқтады. Леуiлiктер Құдайдың келiсiм сандығын және алтын бұйымдар салынған сандықшаны арбадан түсiрiп, дәу тастың үстiне қойды. Арбаның ағашын отынға жарып, қашарларды құрбандыққа шалды да, Жаратқан Иеге арнап өртеп жiбердi. Содан кейiн Бет-Шамиштың тұрғындары тағы бiрқатар малды құрбандыққа шалып, кейбiреулерiн Тәңiр Иеге ұсынып өртеп жiбердi.

16Фiлiстiрлердiң бес көсемi осының барлығын бақылап тұрып, сол күнi Ақаронға қайта оралды.


17Олар айыптарының құны ретiнде Азот, Газа, Ашқалон, Ғат және Ақарон қалаларының атынан Жаратқан Иеге бiр-бiрден алтын iсiк мүсiнiн ұсынған едi.

18Сонымен қатар фiлiстiрлердiң бес көсемi басқаратын барлық қалаларының санына сәйкес алтын тышқан мүсiндерiн де жiберген болатын. Олар қамалмен қоршалған қалалардан басқа маңайындағы ауыл-қыстақтарды да есептеген едi. Үстiне келiсiм сандығы қойылған сол алып тас күнi бүгiнге дейiн бет-шамиштық Ешуаның егiстiк жерiнде айғақ болып әлi де тұр.


19Кейiн келiсiм сандығының iшiне қарағандары үшiн Жаратқан Ие Бет-Шамиштың тұрғындарын жазалап, жетпiсiн өлтiрдi. Солардың арасында елу басшы да болды. Жаратқан Иенiң өздерiне тартқызған соншама ауыр жазасына халық қатты қайғырып жоқтап,

20«Осы Киелi Құдай — Жаратқан Иенiң алдында кiм тұра алады? Келiсiм сандығы ендi бұл жерден кiмдерге апарылуға тиiс?» — деп абыржыды.

21Олар Қырият-Иғарим қаласының тұрғындарына хабаршыларын жұмсап: «Фiлiстiрлер Жаратқан Иенiң келiсiм сандығын қайтарып жiбердi. Ендi келiп, оны өздерiңе алып кетiңдер» деген сәлем жолдады.

7

1Сонда Қырият Иғаримның адамдары келiп, Жаратқан Иенiң келiсiм сандығын өздерiне алып кеттi. Оны Абинадап есiмдi кiсiнiң төбе басындағы үйiне апарып қойды. Оның ұлы Елазарды Құдайдың қызметiне бағыштап, келiсiм сандығының күзетшiсi етiп тағайындады.

Халықтың Құдайға қайтып, жауынан құтқарылуы


2Келiсiм сандығы Қырият-Иғаримда ұзақ уақытқа, тiптi жиырма жылға қалды. Бүкiл Исраил халқы қайғырып, Жаратқан Иеге бет бұра бастады.

3Самуил бәрiне: «Егер сендер Құдайға шын жүректен қайтамын десеңдер, онда қолдарыңдағы Аштар мен өзге де бөтен тәңiрлердiң мүсiндерiн лақтырып тастаңдар! Жаратқан Иеге шын көңiлден мойынсұнып, тек Оған ғана қызмет етiңдер! Сонда Ол сендердi фiлiстiрлердiң қол астынан құтқарып алады», — деп ескертiп отыратын.

4Соңында исраилдiктер Бағал мен Аштар есiмдi жалған тәңiрлерден бас тартып, тек Жаратқан Иеге ғана қызмет ете бастады.


5Сонда Самуил: «Бүкiл Исраил халқы Миспаға жиналыңдар! Сол жерде мен сендер үшiн Жаратқан Иеге мiнажат етiп сиынбақпын», — деп жариялатты.


6Осылайша халық Миспа қаласына жиналды. Олар (күнәларына өкiнгендерiнiң белгiсi ретiнде) құдықтан су тартып алып, оны Жаратқан Иеге арнап төктi. Сол күнi ораза ұстап: «Бiз Жаратқан Иеге қарсы күнә жасап келдiк», — деп мойындады.

Мұнан кейiн Самуил халыққа Құдайдың еркiн бiлдiрiп, билiк айтты.


7Алайда фiлiстiрлер Исраил халқының Миспаға жиналғаны туралы естiгенде олардың көсемдерi шабуыл жасамақ болып аттанды. Бұл туралы естiген исраилдiктер олардан қорқып,

8Самуилден: «Бiздi фiлiстiрлерден құтқарып, аман алып қалсын деп Құдай Иемiзге үздiксiз жалбарына көрiңiз!» — деп өтiндi.

9Сонда Самуил бiр қозыны алып, Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалды. Оны түгел өртеп жiберiп, Исраил халқы үшiн дауыстап Жаратқан Иеге жалбарынды. Жаратқан Ие оған құлақ асты.


10Самуил құрбандық шалып жатқан кезде жау шабуыл жасап жақындап келдi. Бiрақ Жаратқан Ие сол заматта өте қатты күн күркiретiп, фiлiстiрлердiң зәресiн ұшырып олар бастары ауған жаққа қарай қаша жөнелдi.

11Сонда исраилдiктер Миспа қаласынан шығып, оларды өкшелей қуып, Бет-Қордан әрi асқанша қырып жойды.


12Бұдан кейiн Самуил Миспа мен Шен арасына ескерткiш тас орнатып: «Осыған дейiн Жаратқан Ие бiзге көмектесiп келедi», — деп, оны Әбен-Езер («Көмек тасы») деп атады.

13Фiлiстiрлер осылайша бетi қайтарылып, ендi Исраил елiне баса-көктеп кiрмейтiн болды. Самуилдiң көзi тiрiсiнде олардың үстiне Жаратқан Иенiң құдiреттi қолы әрдайым төнiп тұрды.


14Фiлiстiрлер бұрынырақ Исраилден Ғат пен Ақаронның арасындағы қалаларды тартып алған болатын. Ендi исраилдiктер соларды тиiстi аймақтарымен қоса жау қолынан азат етiп, өздерi қайтадан иемдендi. Сонымен қатар Амор халқымен де арада тыныштық орнады.


15Самуил бүкiл өмiр бойы исраилдiктердiң биi болып өттi.

16Ол жыл сайын Бет-Ел, Ғылғал және Миспаны аралап, олардағы ғибадат орындарында халыққа билiк айтып жүрдi.

17Содан кейiн өзiнiң ата мекенi Рамаққа қайтып келiп, Исраилге сол қалада да би ретiнде қызмет көрсететiн. Бұл жерде Самуил Құдайға арнап құрбандық үстелiн орнатты.

8

1Самуил жасы ұлғайып, қартайған шағында өзiнiң ұлдарын исраилдiктердiң билерi етiп қойды.

2Тұңғышының аты Жоел, кенжесiнiң аты Абиях едi. Олар Бер-Шебада билiк айтатын.

3Алайда ұлдары Самуил сияқты тура жолмен жүрмедi. Олар пайдакүнемдiкке салынып, пара алып, шындықты бұрмалап үкiм шығаратын болды.

4Сонда исраилдiктердiң рубасылары жиналып, Рамақ қаласына Самуилге барып,

5одан: «Өзiңiз бiлесiз, жасыңыз ұлғайды. Ал ұлдарыңыз сiздiң жолыңызбен жүрмей келедi. Сондықтан басқа халықтардағыдай бiзге де билiк айтатын патшамызды тағайындап берiңiз», — деп өтiндi.


6«Бiзге билiк айтатын патшамызды тағайындап берiңiз» деген сөздер Самуилге мүлдем ұнамады. Ол Жаратқан Иеге сиынып,

7мынадай жауап алды: «Халықтың айтқандарының бәрiне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздерiне патшалық етуiме қарсы болып тұр.

8Мен оларды Мысырдан алып шыққаннан берi Маған адал болмай, бөтен тәңiрлерге құлшылық етiп келгендерi сияқты, ендi саған да солай iстеп отыр.

9Сонымен, айтқандарына құлақ ас. Бiрақ үстерiнен билiк құратын патшаның еркiн оларға мықтап бiлдiрт!»


10Самуил Жаратқан Иенiң барлық сөздерiн өзiнен патша тағайындауды сұрап отырған халыққа жеткiзiп,

11былай дедi:

— Сендердi басқаратын патшаның мынадай хұқықтары болады: ол сендердiң ұлдарыңды алып, өзiнiң соғыс күймелерi мен аттарын қаратып қояды. Олар күймелердiң алдында жүгiрiп отыратын болады.

12Олардың кейбiреулерiн әскери мыңбасылары мен елубасылары етiп тағайындайды, ал қалғандарына өзiнiң жерлерiн өңдетiп, егiнiн орғызып, қару-жарақтар мен соғыс күймелерiнiң жабдығын жасатып қояды.

13Қыздарыңды сарайына иiсмай жасаушы, аспаз, нан пiсiрушi етiп алып кетедi.


14Патшаларың сендердiң ең жақсы егiндiктерiңдi, жүзiмдiктерiңдi, зәйтүн бақтарыңды тартып алып, өз нөкерлерiне бередi.

15Ол, сондай-ақ, өздерiңнiң егiндiктерiң мен жүзiм бақтарыңнан жинаған өнiмдерiңнiң оннан бiр бөлiгiн алып, уәзiрлерi мен басқа да қызметкерлерiне бередi.

16Ең жақсы құл-күңдерiңдi мүйiздi iрi қараларың мен есектерiңдi алып, өз жұмыстарына салады.

17Ұсақ малдарыңның оннан бiрiн де соған алым-салыққа берiп, өздерiң де оның құлы болып қаласыңдар.

18Осылар орындалғанда өздерiң тiлеп алған патшаларыңнан құтқаруды сұрап жалбарынасыңдар, бiрақ Жаратқан Ие сол кезде құлақ аспайтын болады!


19Алайда халық Самуилдiң айтқандарын тыңдағысы келмей:

— Жоқ, өз патшамыз болсын!

20Сонда бiз де басқа халықтар сияқты боламыз. Патшамыз бiзге билiк жүргiзiп, алдымызда бiздi бастап жүрiп, соғыстарымызды жүргiзетiн болады», — деп тұрып алды.


21Самуил халықтың айтқандарын тыңдағаннан кейiн Жаратқан Иеге сиынып бәрiн айтып бердi.

22Тәңiр Иенiң жауабы мынау болды: «Халықтың айтқанына көнiп, патшасын тағайындап бер!» — Сонда Самуил оларды:

— Әзiрше өз қалаларыңа бара берiңдер, — деп қайтарып жiбердi.

9

1Сол кезде Бунямин руында Қиш есiмдi өте бай, асқан беделдi бiр адам бар болатын. Бұл кiсi Әбиелдiң ұлы, Серордың немересi, Бехораттың шөбересi, Афияхтың шөпшегi едi.

2Қиштың Саул атты аса келбеттi ұлы болды. Исраилдiктердiң iшiнде оған тең келетiндей денелi жiгiт жоқ едi. Кез келген адамның бойы оның иығынан ғана келетiн.


3Бiрде Қиштың есектерi адасып, жоғалып кеттi. Сонда ол Саулды: «Балам, қызметшiлердiң бiреуiн ертiп алып, есектердi iздеуге шықсаңшы», — деп жұмсады.

4Олар Ефрем руының таулы жерiн және Шалишаның маңайын аралап шыққанмен таба алмады. Содан Шағалимға барғанда есектерi сол аймақта да жоқ болып шықты. Кейiн Буняминнiң жерiн шарлап, жоқтарының iзiне түсе алмады.


5Ақырында Сұфтың үрiм-бұтағы мекендеген жерге жеткенде Саул өзiне ерiп жүрген қызметшiге:

— Ендi үйге қайтайық. Әйтпесе әкем есектердi емес, бiздi уайымдап қалар, — дедi.

6Ал қызметшi:

— Осы қалада Құдайдың адамы тұрады емес пе? Ол өте абыройлы, айтқандарының барлығы шындыққа айналады. Кәне, соған барайық. Мүмкiн, қайдан iздеу керек екенiн айтып берер, — деп ұсыныс жасады.


7Саул:

— Жарайды, барайық, бiрақ оған не сыйлаймыз? Дорбаларымызда нан да қалмады, ендi Құдайдың адамына сыйлайтындай еш тартуымыз жоқ. Әлде, бiрдеңемiз бар ма? — дегенде,

8қызметшi:

— Менде бiр ширек мысқалдық күмiс бар. Соны Құдайдың адамына сыйға тартып, есектерiмiздi қай жерден iздеу керек екенiн сұрап, бiлiп алайық, — деп жауап бердi.


9-10 — Жақсы, жүр, кеттiк! — деп Саул келiстi. Сонымен олар Құдайдың адамы тұратын қалаға жеттi.

Бұрын Исраилде бiреу Құдайдан бiр нәрсенi сұрап бiлгiсi келгенде: «Жүр, Тәңiр аян беретiн көрiпкелге барайық!» — дейтiн. Қазiр пайғамбар делiнгендер сол заманда Тәңiр аян беретiн көрiпкел деп аталатын.

11Сонымен Саул мен қызметшi жiгiт қала орналасқан төбеге көтерiлiп бара жатқанда су алуға шыққан қыздарды кездестiрiп, олардан:

— Тәңiр аян беретiн көрiпкел осында ма? — деп сұрады.


12— Иә, осында, алдарыңызда кетiп бара жатыр, — деп жауап бердi олар. — Тезiрек барыңыздар. Ол қаламызға бүгiн ғана келдi. Қазiр халық ғибадат ететiн орында.

13Қалаға кiре салысымен оны құрбандық асына кетiп қалмас бұрын тауып алыңыздар. Ол келiп, батасын бермейiнше асқа шақырылғандар тамақтан ауыз тимейдi. Ал ендi асығыңыздар, оған әлi де кездесiп қаларсыздар. —

14Екеуi қалаға көтерiлiп, кiре бергенде ғибадат орнына бармақшы болған Самуил оларға қарсы ұшырасты.


15Ал Жаратқан Ие Саулдың келерiнен бiр күн бұрын Самуилге аян берiп былай деген болатын:

16«Ертең осы уақытта саған Бунямин жерiнен бiр адамды жiберемiн. Соны меншiктi халқым Исраилдiң басшысы етiп тағайында! Ол халқымды фiлiстiрлердiң қол астынан азат етедi. Халқымның қиналған айқайы құлағыма жетiп, оларға назар аударып келемiн».


17Ендi Самуил Саулды көргенде Жаратқан Ие оған: «Саған айтқан адамым, мiне, осы. Ол халқымды басқаратын болады», — деп бiлдiрдi.

18Алайда қала қақпасының тұсында Саул Самуилге жақындап келiп:

— Тәңiр аян беретiн көрiпкелдiң үйi қайда екенiн айтып жiбермейсiз бе? — деп өтiндi.

19Самуил оған:

— Сол кiсi менмiн. Менен бұрын төбе басындағы ғибадат орнына көтерiле бер. Бүгiн сендер құрбандық асына менiмен бiрге қатысасыңдар. Ертең ертемен жолға шығарып, көкейiңдегi мәселерiңнiң бәрiн айтып беремiн.

20Осыдан үш күн бұрын жоғалып кеткен есектерiң туралы уайымдамай-ақ қой, олар табылды. Ал ендi, бүкiл Исраил елiнiң қалаулысы өзiң және әкеңнiң әулетi емессiңдер ме? — дедi.

21Бiрақ Саул:

— Мен шыққан Бунямин руы Исраил руларының iшiндегi ең кiшiсi, әулетiм де сол рудың iшiндегi ең шағыны. Маған мұны нелiктен айтып тұрсыз? — деп сұрады.


22Ғибадат орнына жеткен соң Самуил Саул мен оның қызметшiсiн отыз шақты қонақ жиналған үлкен бөлмеге кiргiзiп, төрге отырғызды.

23Аспазға: «Мен өзiңе бөлек алып қой деп берген еттi әкел!» — деп тапсырды.

24Аспаз сан етiн түгелiмен әкелiп, Саулдың алдына қойды. Самуил:

— Мынау саған арнап бөлек қойылған ет. Алып, жей бер. Мен: «Жұртты қонаққа шақырдым» деген кезден бастап ол саған арналып, дәл осы сәт үшiн бөлек қойылды, — дедi.

Осылайша Саул Самуилмен дастарқандас болды.

25Кейiн олар ғибадат орнынан төмен түсiп, қалаға қайтты. Сол жерде Самуил Саулмен үйiнiң төбесiндегi жайпақ шатырда отырып әңгiмелестi.

Саулдың басшылыққа тағайындалуы


26Келесi күнi таң ата Самуил үй төбесiндегi қонақ бөлмеде түнеп шыққан Саулға: «Түрегел, мен сенi шығарып салайын», — деп дауыстады. Саул орнынан тұрған соң, Самуил оны ертiп, сыртқа шықты.

27Олар төмен түсiп, қала шетiне жеткенде Самуил: «Қызметшiң алға қарай жүре берсiн, — деп бұйырды. Қызметшi iлгерi кеткеннен кейiн Самуил Саулға: — Ендi өзiң кiдiре тұр, саған Құдайдың не айтқандарын бiлдiрейiн», — дедi.

10

1Самуил майға толған құтысын алып, одан Саулдың басына құйды. Оның бетiнен сүйiп, былай дедi: «Жаратқан Ие сенi Өзiнiң меншiгiнiң басшысы етiп тағайындады!

2Соның белгiсi мынау болады: сен қазiр қасымнан кетiп, Бунямин жерiнiң шекарасындағы Селсаққа жеткенде Рахиланың қабiрiнiң жанында екi адамды кездестiресiң. Олар саған: «Сен iздеген есектер табылды. Бiрақ әкең ендi оларды емес, сенi ойлап, балама не болды екен деп уайымдап жатыр», — дейтiн болады.


3Әрi қарай жүрiп, Табордағы емендi тоғайға жеткенiңде саған Бетелге Құдайға құлшылық етуге бара жатқан үш адам жолығады. Бiреуi үш жас лақ, екiншiсi үш күлше нан, үшiншiсi бiр торсық шарап көтерiп бара жатады.

4Олар сенiмен амандық сұрасып, екi нан бередi, бергенiн аласың.


5Содан кейiн сен Құдайдың Гибея қаласына келесiң. Сол жерде фiлiстiрлердiң жасақшылар тобы да орналасқан. Оған жақындағанда ғибадат орнынан төмен түсiп келе жатқан бiр топ пайғамбарды кездестiресiң. Олар даңғыра, сыбызғы және iшектi аспаптар тартып, ерекше көңiл күйiмен Құдайды мадақтап келе жатады.

6Сонда Жаратқан Иенiң Рухы саған құдiретпен қонып, сен де олармен бiрге ерекше күйге енiп, Құдайды мадақтайсың. Сол сәтте жан дүниең өзгерiп, басқа адам болып кетесiң.

7Осының бәрi орындалғанда өзiң дұрыс дегеннiң бәрiн iстей бер. Себебi Құдай саған жар болады.


8Содан кейiн менен бұрын Ғылғалға бар. Өзiм де мiндеттi түрде сол жерге қасыңа барып құрбандық шалып, Құдайға арнап өртеп жiберемiн. Сондай-ақ, ризашылық құрбандықтарын да шаламын. Мен келгенше бiр жетi күт! Сол жерде бұдан былай не iстейтiнiңдi айтамын».


9Саул Самуилдiң қасынан бұрылып, әрi қарай кетiсiмен-ақ Құдай Саулдың жан дүниесiн өзгертiп, оны басқа адам етiп қойды. Самуилдiң алдын ала айтқан өзге белгiлерiнiң барлығы да сол күнi iске асты.

10Қызметшi екеуi Гибеяға келгенде бiрден алдарынан бiр топ пайғамбар жолықты. Құдайдың Рухы кенеттен Саулға қонып, ол пайғамбарлардың арасында ерекше көңiл күйiне енiп, Құдайды мадақтай бастады.


11Саулды бұрыннан танитындар оның пайғамбарлармен бiрге ерекше күйге түсiп, Құдайды мадақтап жүргенiн көргенде: «Қиштың баласына не болған? Саул да пайғамбарлардың арасында ма екен?» — дестi.

12Сол жердегi бiр адам: «Ал олардың әкесi кiм екен?» — деп сұрады. «Саул да пайғамбарлардың арасында ма екен?» деген мәтел осылай пайда болды.

13Бойын билеген ерекше көңiл күйi тынышталғаннан кейiн Саул Құдайға құлшылық ететiн төбе басына көтерiлдi.


14Содан соң ағасы Саул мен қызметшiге кездесiп:

— Сендер қайда барып келдiңдер? — деп сұрады. Саул:

— Бiз есектердi iздедiк. Оларды таба алмағаннан кейiн Самуилге кiрiп шықтық, — дедi.


15— Ол сендерге не айтты? — деп сұрады ағасы.


16— Бiзге: «Есектерiң табылды» дедi. — Бiрақ Саул Самуилдiң өзiне патшалық туралы айтқандары жайлы тiс жармады.


17Содан соң Самуил Исраил халқын Жаратқан Иенiң алдына Миспаға жиналуға шақырды.

18Сол жерде оларға былай дедi:

— Исраилдiң сиынатын Құдай Иесi мынаны айтады: Исраил, сендердi Мысырдан алып шығып, мысырлықтардың және өздерiңдi қанаған барлық басқа да патшалықтардың езгiсiнен азат еткен Менмiн!


19Алайда сендер бүгiн Құдайларыңнан — өздерiңдi күллi пәлелер мен қиыншылықтардан құтқаратын Оның Өзiнен бас тартып, Оған: «Бiзге патша тағайындап бер!» — дейсiңдер. Олай болса, ру, әулеттерiңнiң ретiмен Жаратқан Иенiң алдына келiп, тұрыңдар!


20Самуил Исраилдiң барлық руларының басшыларын алға шығарғанда, Бунямин руы таңдалды.

21Содан ол Бунямин руының өкiлдерiн алға шығарды. Сонда Матридың үрiм-бұтағы, ал ақыр соңында сол әулеттiң iшiнде Қиш ұлы Саул таңдалды. Бiрақ олар Саулды iздегенде, ол жоқ болып шықты.

22Сонда халық қайтадан: «Ендiгi сол адам келдi ме екен?» — деп сұрағанда, Жаратқан Иенiң жауабы мынау болды: «Ол қазiр жүктiң арасында жасырынып жатыр».

23Олар сол жерге жүгiрiп барып, оны алып келдi. Саул халықтың ортасында тұрғанда барлығының бойы оның иығынан ғана келдi.

24Самуил халыққа:

— Жаратқан Иенiң таңдағанын көрiп тұрсыңдар ма? Халық арасында оған сай келетiн ешкiм жоқ, — дедi. Сонда күллi халық:

— Патшамыз жасасын! — деп ұрандап айқай салды.


25Ал Самуил бүкiл халыққа патшаның құқықтары мен мiндеттерi туралы баяндап айтып бердi. Соларды бiр кiтапқа жазып, оны Жаратқан Иенiң алдына сақтап қойды. Содан соң жиналысты таратып, халықты үйлерiне жiбердi.


26Саул да Гибеяға үйiне қайтты. Бiрнеше батыл жiгiттердiң жүректерiне Құдай әсер етiп, оларды Саулға iлестiрдi.

27Бiрақ кейбiр қара ниеттiлер: «Немене, бiздi құтқаратын осы ма?» — деп, Саулды менсiнбей, ешбiр сыйлық ұсынбады. Алайда Саул олардың мұнысын байқамағандай болды.

11

1 Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдiң Ғалақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерiн орналастырды. Қала тұрғындары оған:

— Бiзбен бiтiм жасасыңыз, сонда сiздiң билiгiңiзге мойынсұнамыз, — деген өтiнiш жасады.

2Ал Нахаш:

— Жарайды, бiтiм жасасайық. Тек бiр шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздерiңдi ойып аламын. Осылай бүкiл Исраилдi масқараламақпын, — деп жауап бердi.

3Сонда Ябес қаласының басшылары:

— Бiзге Исраилдiң барлық жерiне хабаршыларымызды жiберуге жетi күнге мұрсат берiңiз. Егер бiздi құтқаратын ешкiм табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — дедi.


4Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келiп, осы жайтты айтып бергенде, күллi халық дауыстап жылай бастады.

5Осы кезде Саул өгiздерiн айдап, егiн даласынан келе жатқан едi. Ол: «Мына халыққа осыншама еңiреп жылайтындай не болған?» — дегенде, ябестiктердiң жеткiзген хабарын оған айтып бердi.


6Саул бұл сөздердi естiгенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернедi.

7Ол пар өгiздi сойып, шауып бөлшектеп, бөлiктерiн хабаршыларға берiп, соларды Исраилдiң шет-шетiне жұмсады. Хабаршыларға: «Кiмде-кiм Саул мен Самуилдiң соңынан ерiп аттанбаса, соның өгiздерiмен де дәл осылай болады!» — деп жар салуға бұйырды. Сонда Жаратқан Иенiң жiберген қорқынышы бүкiл халықты билеп, барлығы бiр адамдай жорыққа аттанды.

8Саул оларды Безек деген жерде жинап, байқаудан өткiзiп, санақ жүргiздi. Исраилдiң басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның шыққаны белгiлi болды.


9Ябестiң халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жiберiлдi. Хабаршылардың осы сөздерiн естiген қала тұрғындары қатты қуанып,

10аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бiзге дұрыс деп тапқандарыңызды iстерсiздер», — деген хабар жолдады.


11Келесi күнi Саул жасақшыларын үш топқа бөлдi. Таң ата олар аммондық әскердiң орналасқан жерiне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тiрi қалғандары бас сауғалап, бiр-бiрден бытырап қашып кеттi.


12Содан соң халық Самуилге:

— «Бiзге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерiн құртайық! — дедi.

13Бiрақ Саул:

— Бүгiн ешкiмдi өлтiруге болмайды, себебi осы күнi Жаратқан Ие Исраилдi құтқарды ғой! — деп қарсы болды.

14Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекiтейiк!»


15Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенiң алдында Саулды патша етiп бекiттi. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Саул мен барлық исраилдiктер үлкен той жасады.

12

1Бүкiл Исраилден жиналып тұрғандарға Самуил былай деп сөз сөйледi:

— Уа, халайық, мен айтқандарыңның бәрiне құлақ асып, патша тағайындап бердiм.

2Ендi, мiне, сендердi бастап жүретiн патшаларың осы. Ал мен қартайдым, басымды ақ қырау шалды. Ұлдарым да осында, сендердiң араларыңда. Жас шағымнан осы күнге дейiн мен өздерiңдi басқарып келдiм.


3Қазiр алдарыңда тұрмын. Жаратқан Иенiң және Оның тағайындаған патшасының алдында маған қарсы куә болыңдар: мен кiмнiң өгiзiн не есегiн тартып алдым? Кiмге қулық-сұмдық жасап, жәбiр көрсеттiм? Кiмнен пара алып, әдiлдiктi бұрмаладым? Егер солай iстеген болсам, оның бәрiн қайтарып беруге дайынмын. —

4Жиналып тұрғандар:

— Сiз бiздiң ешқайсымызға қулық-сұмдық жасап, жәбiр көрсеткен жоқсыз. Ешкiмнен ешқандай пара алған да емессiз, — деп жауап бердi.

5Сонда Самуил:

— Ендеше сендердiң маған тағатын ешбiр айыптарыңның жоқ екендiгiне Жаратқан Иенiң Өзi және Оның тағайындаған патшасы бүгiн куә болсын! — дедi. Халық:

— Жарайды, куә болсын! — деп жауап бергенде,

6Самуил оларға былай дедi:

— Мұса мен Һаронды тағайындап, ата-бабаларыңды Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие куә!

7Ал ендi, осы жерде тұра тұрыңдар. Мен Жаратқан Иенiң алдында Оның сендерге және ата-бабаларыңа жасаған барлық игi iстерiн естерiңе салып, дәлел келтiрейiн.

8Жақып Мысырға көшiп кеткеннен кейiн ата-бабаларың Өзiне дауыстап жалбарынғанда Жаратқан Ие Мұса мен Һаронды жiбердi. Олар ата-бабаларыңды Мысырдан бастап алып шығып, осы жерге қоныстандырды.


9Бiрақ ата-бабаларың Құдай Иелерiн менсiнбей, ұмытып кеттi. Сол себептi Ол халқынан бас тартып, оларды өздерiне қарсы соғыс ашқан Хазор қаласының қолбасшысы Сiсераның әрi фiлiстiрлердiң және Моаб патшасының қолдарына бердi.

10Сол кездерде олар Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып: «Бiз күнә жасадық. Сенен, Жаратқан Иемiзден, безiп кетiп, Бағал мен Аштарға құлшылық етiп келемiз. Ал ендi, бiздi жау қолынан құтқара гөр, Өзiңе қызмет ететiн боламыз», — дейтiн.

11Сонда Жаратқан Ие сендерге Еруб-Бағал, Бедан, Ефтах, Самуилдi жiберiп, айнала қоршаған барлық жауларыңнан азат еттi. Осылай тыныштықта өмiр сүрдiңдер.

12Алайда Аммон патшасы Нахаш сендерге қарсы шабуылға шыққанда, Құдай Иенiң Өзi сендердiң Патшаларың бола тұра: «Бiздi бiр патша басқарсын!» — деп маған талап қойдыңдар.

13Ал ендi, мiне, өздерiң таңдап алып, талап еткен патшаларың! Жаратқан Иенiң сендерге берген патшасы осы.

14Лайым Жаратқан Иенi терең қастерлеп, Оған қызмет етiңдер, Оның айтқандарына құлақ асып, берген өсиеттерiне қарсы бас көтермеңдер! Осылайша өздерiң де, басқаратын патшаларың да Құдай Иенiң тура жолымен жүрiңдер!

15Ал егер Жаратқан Иенiң айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттерiне қарсы шықсаңдар, Ол ата-бабаларыңды қалай жазалаған болса, сендердi де солай жазалайтын болады.


16Ендi осы жерде тұрып, көз алдарыңда Тәңiр Иенiң жасайтын зор кереметiн көрiңдер!

17Қазiр бидай орылып жатқан кез. (Осы мерзiмде ешқашан жауын жаумайтынын бiлесiңдер.) Бiрақ мен Құдай Иеге сиынып өтiнгенде Ол күн күркiретiп, жаңбыр жауғызады. Осылай сендер өз беттерiңше патша талап еткендiктерiң арқылы Жаратқан Иенiң алдында қандай өрескел жамандық жасағандықтарыңа көз жеткiзесiңдер.


18Содан соң Самуил дауыстап сыйынғанда Тәңiр Ие күн күркiретiп, жаңбыр жауғызды. Осыны көрген бүкiл халық Жаратқан Ие мен Самуилден қатты сескенiп, оларды терең қастерлейтiн болды.

19Олар Самуилден өтiнiп:

— Құдай Иеңiзге бiздi өлтiрмесiн деп пенделерiңiз үшiн сиына көрiңiзшi, тақсыр. Жасаған басқа күнәларымызға қоса бiз өз бетiмiзше патша талап етiп, тағы бiр рет күнәға баттық, — дедi.

20Самуил былай деп жауап бердi:

— Қорықпаңдар! Сендер расында да жамандық жасадыңдар, алайда бұдан былай Жаратқан Иеден бас тартпаңдар! Керiсiнше, Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, қызмет етiп,

21жалған тәңiрлердiң соңынан ерiп кетпеңдер! Жалған деген аттары бар, сондықтан ешкiмдi құтқара да алмайды, олардан ешқандай пайда да жоқ.

22Жаратқан Ие сендердi өз халқы етiп таңдап алған болатын. Ендi Ол Өзiнiң ұлы даңқына бола меншiктi халқын тастамақ та емес.


23Мен де сендер үшiн Жаратқан Иеге жалынып сиынуды қойып, Оған қарсы күнә жасаудан аулақ болайын! Қайта, сендерге iзгi де дұрыс жолды көрсете бермекпiн.

24Сонымен, әрқашан Оның сендер үшiн жасаған зор кереметтерiн есте тұтып, Жаратқан Иенi терең қастерлеп, шын жүректен Оған қызмет етiңдер!

25Ал егер жамандық iстей берсеңдер, онда патшаларыңмен қоса өздерiң де құрып кетесiңдер.

13

1Осылай бiр жыл өтiп кеткен едi. Исраилге патшалық құрғанына екi жыл толғанда Саул

2исраилдiктердiң арасынан үш мың ер адамды таңдап алды. Олардың екi мыңын өзiмен бiрге Миқмаста және Бетел қырларында, ал бiр мыңын тұңғышы Жонатанмен бiрге Буняминдегi Гибеяда орналастырды. Қалған адамдарды үйлерiне қайтарып жiбердi.


3Бiрде Жонатан фiлiстiрлердiң Гебадағы қарауыл тобына шабуыл жасады. Фiлiстiрлер осы туралы естiгендiктен, Саул бүкiл елде керней тартқызып, «Исраилдiктер құлақ салсын!» — деп жариялатты.

4Сонда барлық халық: «Саул фiлiстiрлердiң қарауыл тобына шабуыл жасап, ендi олар Исраилге өшiгiп отыр!» — дегендi естiп, ер адамдар Саулға қосылу үшiн Ғылғалға жиналды.

5Фiлiстiрлер де Исраилге қарсы соғыс әскерiн жинады: олардың үш мың соғыс күймесi, соларға мiнетiн алты мың жауынгерi және теңiз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз жаяу жасақшылары болды. Олар аттанып келiп, Бет-Әбеннiң шығыс жағындағы Миқмасқа орнығып алды.

6Жау жан-жақтан тықсырып, өз сарбаздарының жағдайының қиындағанын көрген Исраил халқы қашып кетiп, үңгiрлер мен шатқалдарды, жартастардың қуыстарын, шұңқырлар мен жер астындағы су қоймаларын паналады.

7Кейбiреулерi тiптi Иордан өзенiнен өтiп, Ғад пен Ғалақад аймағына қашып құтылды.

Ал Саул әлi де Ғылғалда едi, жанындағы сарбаздарының бәрi қорыққаннан қалшылдап тұрды.

8Самуил өзiне айтқандай, Саул жетi күн күте тұрды. Бiрақ Самуил Ғылғалға келiп болмаған соң, ендi Саулдың сарбаздары қасынан бытырап кете бастады.

9Сонда Саул: «Шалып, өртеп жiберуге арналған және басқа да құрбандықтарды маған алып келiңдер!» — деп бұйырып, өзi малды құрбандыққа шалып, Құдайға бағыштап өртеп жiбердi.

10Осы рәсiм бiтiсiмен Самуил де келе қалды. Саул амандасып, қарсы алу үшiн алдынан шықты.

11Самуил оған:

— Сен не iстедiң? — деген сұрақ қойды. Саул:

— Қасымдағы адамдарымның бытырап кете бастағанын көрдiм. Ал өзiңiз келем деген уақытта келмей қалдыңыз. Оның үстiне фiлiстiрлер Миқмасқа жиналды.

12Мен сонда фiлiстiрлер қазiр Ғылғалға келiп, маған қарсы шабуыл жасамақшы, ал мен өзiме оң көзiмен қарасын деп Жаратқан Иеге әлi де сый-тарту ұсынған жоқпын ғой деп ойлап, құрбандықты шалып, өртеп жiберуге тиiстiмiн деп есептедiм, — дедi.


13Самуилдiң жауабы мынау болды:

— Құдай Иеңнiң берген бұйрығын орындамай үлкен ақымақтық жасадың! Осы бұйрықты орындағанда Жаратқан Ие сенiң патшалығыңды мәңгiлiкке бекiтер едi.

14Ал сен Тәңiр Иенiң саған бұйырғанын жүзеге асырмадың. Ендi патшалық етуiң берiк болмайды! Жаратқан Ие көңiлiнен шыққан бiреудi тауып алады. Сол адам Оның меншiктi халқын басқаратын болады.


15Сонымен Самуил (өз жөнiне кеттi. Саул қалған сарбаздарын ертiп фiлiстiр әскерiне қарсы шығу үшiн) Ғылғалдан Бунямин жерiндегi Гибеяға барды. Саул қасындағы адамдарын санап шыққанда, барлығы алты жүз болды.


16Бұдан кейiн Саул мен Жонатан сарбаздарымен Бунямин жерiндегi Гебаның маңына орнықты, ал фiлiстiрлер әскер қосын Миқмастың қасына тiккен едi.

17Фiлiстiрлердiң арасынан елдi тонауға үш топ әскер шығып, бiреуi Сұғал төңiрегiндегi Офраны,

18екiншiсi Бейт-Хоронды, ал үшiншiсi Шиебөрi аңғары мен оның арғы жағындағы айдалаға қараған қырат жолын бетке алды.


19Сол заманда бүкiл Исраил елiнде темiр құрал-жабдықтар жасайтын бiрде-бiр ұста жоқ болатын, себебi фiлiстiрлер: «Әйтпесе исраилдiктер семсер мен найза жасап алады», — деп қауiптенген едi.

20Күллi исраилдiктер соқа-кетпендерiн, балта-орақтарын қайрап алу үшiн фiлiстiрлерге баруға тиiс болатын.

21Соқа не кетпендi қайраудың бағасы мысқалдың үштен екi бөлiгiндей, ал айыр, балта не басқа үшкiр құралды қайрау мысқалдың үштен бiрiндей күмiстен тұратын.

22Осылайша Саул мен Жонатанға ерiп жүрген сарбаздардың ешқайсысында соғысатын не семсер, не найза болмады. Ондай қару тек патша мен ханзаданың ғана қолында болды.


23Бұл кезде фiлiстiрлердiң бiр топ жасақшылары Миқмас асуына қарай бет алған едi.

14

1Бiр күнi Саулдың ұлы Жонатан өзiнiң қару-жарағын көтерiп жүретiн нөкер жiгiтiне: «Жүр, арғы беттегi фiлiстiрлердiң жасақшылар тобына қарай өтiп барайық», — дедi. Ал әкесiне бұл туралы ештеңе айтпады.


2Саул сол кезде Гибея қаласының шетiндегi Мигронда бiр анар ағашының саясында отырған едi. Оның қасында алты жүздей адамы және

3дiни қызметкер Ахия болды. Ахия Иқабодтың ағасы Ақитұптың ұлы, Пiнехестiң немересi, Елидiң шөбересi едi. Ели кезiнде Шилодағы ғибадатханада Жаратқан Иенiң дiни қызметкерi болған едi. Ендi Ахия дiни қызметкердiң жеңсiз сырт киiмiн киiп жүрдi. Ал Жонатанның кетiп қалғанын ешкiм бiлмей қалды.


4Фiлiстiрлердiң жасақшылар тобына жету үшiн Жонатан екi жағы да шыңырау, тiк жартасы бар асу арқылы өтуi керек болды. Жартастар Босес және Сенех деп аталатын,

5бiреуi асудың солтүстiк, Миқмас жағында, екiншiсi оның оңтүстiк, Гибея жағында тұрған болатын.


6Жонатан нөкерiне былай дедi:

— Жүр, мына құдайсыздардың тобына барайық. Мүмкiн, Жаратқан Ие бiзге көмектесер. Не аз, не көп адам арқылы болсын, бәрiбiр Жаратқан Ие құтқара алады! —


7Әлгi жiгiт:

— Жарайды, ойға алғаныңызды орындаңыз. Қайда барсаңыз да, сiздi жан-тәнiммен қолдаймын, — дедi.


8Сонда Жонатан ойындағысын бiлдiрдi:

— Берi қара, аналардың жағына қарай өтiп барып, оларға көрiнейiк.

9Егер олар: Бiз төмен түсiп келгенше күте тұрыңдар десе, онда тұрған жерiмiзде қала берейiк.

10Ал егер: Бiзге қарай жоғары көтерiлiңдер десе, солай iстеймiз. Бұл Жаратқан Иенiң оларды қолымызға табыстағанының белгiсi болмақ.


11Осылайша екеуi фiлiстiр жасақшылары өздерiн көре алатындай жерге жеттi. Оларды байқап қалған фiлiстiрлер өзара: «Қараңдаршы, бiр-екi исраилдiк тығылып қалған қуыстарынан шығып келе жатыр», — десiп,

12екеуiн: «Берi шығыңдар, сендерге бiр нәрсе көрсетемiз!» — деп дауыстап шақырды.

Сонда Жонатан нөкерiне: «Маған iлес! Жаратқан Ие оларды Исраилдiң қолына бердi!» — деп,

13тырмысып жоғары өрмелей бастады. Қасындағы жiгiт соңынан қалмай iлесiп отырды. Жонатан жоғары шығып алған соң дұшпандар оның алдында құлап түстi. Артынан ерген нөкерi оларды өлтiрiп отырды.


14Осы бiрiншi шабуылда Жонатан екеуi шағын жер танабында жаудың жиырма шақты адамының көзiн құртты.

15Әскер қосында және далада жүрген барлық фiлiстiр жасақшыларының зәрелерi ұшып, қарауылдағы және елдi тонаушы топтар да қалшылдап қорықты. Жер де сiлкiндi. Бұл Құдайдың жiберген өте үлкен үрейi болды.


16Бунямин жерiндегi Гибеяда Саулдың бақылаушылары фiлiстiр әскерiнiң жан-жаққа тым-тырақай қашып жатқанын байқады.

17Саул қасындағыларына: «Сарбаздарды түгелдеңдер, арамыздан тыс кеткен бiреу бар ма екен?» — деп бұйырды. Сонда Жонатан мен оның нөкерiнiң жоқ екендiгi анықталды.

18Саул дiни қызметкер Ахияға: «Жеңсiз сырт киiмдi осында алып келiңiз», — дедi. Себебi сол күндерi исраилдiктердiң дiни қызметкерi болған Ахия оны киiп жүретiн.


19Бiрақ Саул онымен сөйлесiп тұрған сәтте фiлiстiр қосындағы абыржудың үдеп кеткенi сонша, Саул дiни қызметкерге: «Қолыңызды салмай-ақ қойыңыз!» — дедi де,

20сарбаздарын жинап алып, жауға қарсы ұрысқа шықты. Қараса, асып-сасқан фiлiстiрлер аласапыран болып бiр-бiрiмен шайқасып жатыр екен!

21Фiлiстiрлермен бiрге жүрген, олардың жағына бұрынырақ өтiп кеткен жалдамалылар ендi бұрылып, Саул мен Жонатанның қасындағы исраилдiктерге келiп қосылды.


22Ефрем руының таулы жерiнде тығылып жатқан барлық исраилдiктер де фiлiстiрлердiң қаша бастағаны туралы естiп, олардың соңына түсiп, қуып кеттi.

23Осылай Жаратқан Ие исраилдiктердi үлкен жеңiске жеткiздi. Шайқас Бет-Әбенге дейiн жалғасты.


24Бiрақ исраилдiктер сол күнi қатты шаршап, қиналған болатын. Себебi Саул оларға: «Кеш батқанға дейiн, мен жауымнан кегiмдi алып болмайынша, тамақтан ауыз тиген әркiмдi қарғыс атсын!» — деп тиым салып, онысын антпен бекiткен едi. Сондықтан жасақшылар күн ұзағына нәр татпады.


25-26 Кейiн бүкiл жасақ бiр орманға кiрдi. Мiне қызық, жер-жерде жабайы араның балы ағып тұрды! Алайда сарбаздары Саулдың антынан қорқып, ешқайсысы дәм татуға батпады.

27Бiрақ әкесiнiң жасақты антпен байлап қойғаны туралы естiмеген Жонатан қолындағы таяғының ұшын балауызға тығып алып, бiраз бал жедi. Сонда бiршама әлденiп, көздерi жайнап шыға келдi.


28Бiр жауынгер оған:

— Әкеңiз бүкiл халықты: «Бүгiн тамақтан ауыз тиген әркiмдi қарғыс атсын!» — деп қатаң антпен байлап қойды. Халықтың қалжырап қалғаны да осыдан, — дедi.

29Жонатан:

— Әкем елдi ауыртпалыққа салды. Қараңдаршы, мына балдан бiразырақ жегенiмде әлденiп, көзiм жайнап қоя бердi.

30Егерде бүгiн халық жаудан түскен олжадан тамақ жеп, әлденiп алғанда, қазiр фiлiстiрлерге берген соққымыз бұдан да зор болған болар едi! — деп қынжылды.

31Сол күнi Исраилдiң сарбаздары жауды Миқмастан Аялонға дейiн қуып, талқандап, қатты қалжырады.


32Сол себептi олар (кешке қарай) қолдарына түскен олжаға бас салып, сол жерде-ақ қой, өгiз, бұзауларды сойып, етiн қанымен жей бастады.

33Бiреу Саулға:

— Бiлесiз бе, халық еттi қанымен бiрге жеп, Жаратқан Иенiң алдында күнә жасап жатыр, — дегенде, ол:

— Бұларың барып тұрған опасыздық! Маған осы жерге бiр үлкен қойтасты домалатып алып келiңдер! — деп бұйырды.

34Содан соң ол: — Халықтың арасына барып: «Әрқайсың iрiлi-ұсақты малдарыңды қасыма алып келiп, осы жерде сойып, жеңдер! Еттi қанымен жеп, Жаратқан Иенiң алдында күнә жасамаңдар!» деген жарлығымды таратыңдар! — деп әмiр еттi.

Сол түнi әрбiр адам қолына түскен өгiзiн алып келiп, сол жерде бауыздады.

35Бұдан кейiн Саул Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасайтын орын тұрғызды. Ол мұны сол жолы алғаш рет iстедi.


36Содан соң Саул:

— Осы түнi фiлiстiрлердiң соңынан түсiп, таң атқанша олардың мал-мүлкiн олжалап, ешкiмдi тiрi қалдырмайық! — дедi. Сарбаздары:

— Дұрыс деп тапқаныңыздың бәрiн iстеңiз, — дедi. Ал дiни қызметкер:

— Алдымен Құдайдың еркiн сұрап-бiлiп алайық! — деп кеңес бердi.

37Саул Құдайдан: «Фiлiстiрлердiң соңынан түсiп қуайын ба? Сен оларды Исраилдiң қолына түсiресiң бе?» — деп сұрағанда Тәңiр еш жауап бермедi.

38Сонда Саул:

— Күллi әскер басшылары, осында жиналыңдар! Бүгiн қандай күнә жасалғанын анықтайық! — деп бұйырып,

39— Исраилдiң Құтқарушысы — мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң алдында шын айтамын: осы күнәны жасаған әркiм, тiптi өз ұлым Жонатан болса да, сол адам өлуге тиiс! — деп ант еттi. Ешкiм үндемедi.

40Сонда Саул бүкiл Исраилге:

— Сендер барлығың бiр жаққа, ұлым Жонатан екеуiмiз келесi жаққа шығып тұрайық, — дедi. Олар:

— Мақұл, — деп айтқанына көндi.


41Саул Исраилдiң Құдай Иесiне сиынып: «Анық бiлдiрте көр», — деп өтiндi. Жеребе тасталып, ол Жонатан мен Саул жаққа түстi, ал сарбаздары ақталып шықты.

42Саул: «Ендi жеребенi ұлым екеуiмiзге салыңдар», — деп бұйырып, жеребе Жонатанға түстi.

43Саул одан:

— Сен не iстеп қойдың, соны маған мойындап айтшы, — деп сұрағанда Жонатан:

— Мен қолымдағы таяғымның ұшымен балдан аздап дәм татқан едiм. Ендi, мiне, өлмекпiн, — деп жауап бердi.

44Сонда Саул:

— Жонатан, сен мiндеттi түрде өлесiң! Әйтпесе Құдай менi жазалаған үстiне жазаласын! — деп ант iштi.

45Алайда жасақшылар:

— Исраилдi осындай ұлы жеңiске жеткiзген Жонатан қалайша өлуге тиiс? Олай болмайды! Мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң алдында шын айтамыз: оның басындағы тiптi бiр тал шашын да түсiруге болмайды! Ол бүгiн бәрiн Құдайдың қолдауымен iстедi, — деп, Жонатанды өлiмнен құтқарып қалды.


46Бұдан кейiн Саул фiлiстiрлердi қууын тоқтатып, қайта оралды. Олар да өз жерлерiне қайтып кеттi.

Саулдың жеңiстерi және отбасы


47Саул Исраилге патшалық құруын нығайтқаннан кейiн айналасындағы барлық жауларымен: Моаб, Аммон, Едом халықтарымен, Зобаның патшаларымен және фiлiстiрлермен соғысты. Ол қарсы аттанған барлық дұшпандарының зұлымдықтарын жазалады.

48Патша ерлiкпен соғысып, Амалектiң жасағын да жеңiп, Исраилдi тонаушыларынан азат еттi.


49Саулдың Жонатан, Ишуи, Мәлхисуа деген үш ұлы және үлкенi Мераб, кiшiсi Михол атты екi қызы болды.

50Оның әйелi Ахимағас қызы Ахиноғам едi.

Патшаның әскерiн әкесiнiң туған бауыры Нердiң ұлы Әбенир басқарды.

51Саулдың әкесi Қиш пен Әбенирдiң әкесi Нер екеуi Әбиелдiң ұлдары болатын.


52Саулдың кезiнде фiлiстiрлермен кескiлескен соғыс толассыз жүрiп жатты. Сол себептi Саул күштi де батыл бiреуге кездессе, оны нөкерi етiп алатын.

15

1Бiрде Самуил Саулға былай дедi: «Маған баяғыда сенi Өзiнiң халқы Исраилдiң үстiнен патша етiп тағайындауды Жаратқан Ие тапсырған болатын. Ендi Оның мына сөздерiне құлақ сал!

2Әлемнiң Билеушiсi — Жаратқан Ие былай дейдi: Кезiнде Исраил Мысырдан көшiп шығып келе жатқанда Амалек тайпасы оларға қарсы соғысып, жолын бөгеген болатын. Қазiр Мен Амалектiң сонысын есiме түсiрiп, жазаламақпын.

3Ендi барып, амалектiктердi шап, олардағылардың бәрiнiң күл-талқанын шығар! Еш аямастан еркектерi мен әйелдерiн, балалары мен нәрестелерiн, iрi қаралары мен қойларын, түйелерi мен есектерiн құрт!»


4Сонда Саул жасақшыларын жинап алып, Телаим деген жерде санақтан өткiздi. Исраилдiң басқа руларынан екi жүз мың жаяу әскер жиналыпты, ал Яһуда руынан келгендердiң саны он мың болды.


5Саул аттанып, Амалектiң қаласына жақындағанда бiр терең сайдың iшiне тығылып, жауды аңдыды.

6Ал Кен тайпасына былай деп хабар жiбердi: «Сiздердi де Амалекпен қоса құртып тастап жүрмеуiм үшiн олардың арасынан бөлiнiп, шығып кетiңiздер. Себебi Мысырдан көшiп шығып келе жатқан ата-бабаларымызға мейiрiмдiлiк көрсеткен едiңiздер». — Сонда кендiктер Амалек тайпасынан бөлiнiп шығып, кетiп қалды.


7Бұдан кейiн Саул Амалекке шабуыл жасады. Олармен Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейiн соғысып,

8Амалектiктiң патшасы Агагты тiрiлей қолға түсiрiп, халқының бiреуiн де қалдырмай қырып тастады.

9Алайда Саул мен оның сарбаздары Агагты және қойлар мен мүйiздi iрi қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын аяп, жойғылары келмей, тек пайдасыз, арық-тұрақтарын ғана құртты.

Құдайдың үкiмi


10Сонда Жаратқан Ие Самуилге сөзiн арнап:

11«Саулды патша етiп тағайындағанымнан қайтамын. Себебi ол Менен терiс айналып, бұйрықтарымды орындамады», — дедi. Ал Самуил қатты ренжiп, түнi бойы Жаратқан Иеге жалбарына сиынып шықты.


12Ертеңiне ол ерте тұрып, Саулмен кездесу үшiн жолға шыққанда «Саул Кармил қаласына барып, сонда өзiнiң құрметiне ескерткiш орнатып, ары қарай Ғылғалға кеттi», — дегендi естiдi.

13Самуил Саулға жолыққанда, ол амандасып:

— Сiздi Жаратқан Ие жарылқай берсiн! Оның бұйрығын орындап шықтым, — дедi.

14Самуил:

— Менiң құлағыма қойдың маңырауы мен сиырдың мөңiреуi шалынып тұр ғой. Бұл қалай? — деп сұрағанда,

15Саул:

— Олар Амалектен әкелiнгендер. Жасақшылар қойлар мен мүйiздi iрi қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдай Иеңiзге құрбандыққа шалу үшiн сақтап қалыпты. Ал басқаларын бiз жойып жiбердiк, — деп жауап қайырды.

16Сонда Самуил:

— Кiдiре тұр, Жаратқан Иенiң осы түнде маған не дегенiн саған айтып берейiн! — дедi.

— Айта көрiңiз, — дегенде,

17Самуил оған:

— Өзiңдi кiшiмiн деп санап жүргенiңде Исраил руларының басына айналмап па едiң? Сенi Исраилдiң патшасы етiп тағайындаған Жаратқан Иенiң Өзi.

18Саған: «Барып, осы зұлым Амалектi толығымен құрт! Олармен соғысып, бiржола жойғанша тоқтама!» — деп бұйырып, сенi жорыққа аттандырған едi.

19Нелiктен сен Жаратқан Иенi тыңдамай, олжаға бас салдың? Неге Жаратқан Иенiң алдында сұмдық iс жасадың? — дедi.

20Ал Саул:

— Жаратқан Иенiң тiлiн алдым ғой! Мен Жаратқан Иенiң жiберген жағына барып, Амалек патшасы Агагты осында алып келдiм, халқын түгелдей қырып-жойдым.

21Ал сарбаздар болса, қолға түскен олжаның түгел жойылып кетуге белгiленiп қойылған қойлар мен мүйiздi iрi қараларының ең жақсыларын осы Ғылғалда Құдай Иеңiзге құрбандыққа шалуға алып келдi, — деп қарсылық бiлдiрдi.


22Бiрақ Самуилдiң жауабы мынау болды:
— Жаратқан Иеге шын ұнайтын —
Құрбандық пен басқа сый-тарту ма,
Әлде Оған мойынсұнып, тiлiн алу ма?!
Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан,
Еркiне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!

23Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сиқыршылық секiлдi,
Қасарысу — сұмдық iс, жалған тәңiрге табыну iспеттi!

Сен Жаратқан Иенiң сөзiнен бас тарттың, ендi Ол да сенi патша етуден бас тартты.


24Сонда Саул:

— Мен Жаратқан Иенiң бұйрығын және сiздiң айтқандарыңызды орындамай күнә жасадым. Жасағымнан сескенiп, солардың айтқандарын iстедiм.

25Ал ендi, күнәмды кешiрiп, менiмен бiрге қайтыңыз. Мен Жаратқан Иеге ғибадат етейiн, — деп өтiндi.

26Бiрақ Самуил:

— Сенiмен бiрге қайтпаймын. Себебi сен Жаратқан Иенiң сөзiнен бас тарттың. Ендi Өзi сенi патша етуден бас тартты, — деп,

27кетпекшi болып бұрыла бердi. Саул оның ұзын шапанының етегiне шап ете жармасып, жыртып, бiр бөлiгiн жұлып алды.

28Сонда Самуил:

— Жаратқан Ие де бүгiн сенен патшалық билiктi жұлып алып, замандастарыңның бiреуiне бердi! Ол кiсi сенен жақсы.

29Исраилдiң ұлы Құдайы сөзiне адал, айтқанында тұрады. Өзi ойын өзгерте беретiн пенде сияқты емес, — дедi. Саул:


30— Мен күнә жасадым. Алайда менi халқымның рубасыларының көзiнше, әрi бүкiл Исраилдiң көзiнше құрметтей көрiңiз! Екеуiмiз бiрге оралайық, сонда Құдай Иеңiзге ғибадат етемiн, — деп жауап бердi.

31Соңында Самуил онымен бiрге кетiп, Саул Жаратқан Иеге ғибадат еттi.


32Содан кейiн Самуил: «Маған Амалек патшасы Агагты алып келiңдер!» — деп бұйырды. Агаг:

— Ажалдың ащылығынан құтылған шығармын, — деп, Самуилге кiбiртiктеп жақындады.


33Ал Самуил оған:

— Сен семсерiңмен аналарын балаларынан айырған едiң. Ендеше сенiң анаң да барлық әйелдердiң арасында баласыз қалсын! — деп, Агагты Ғылғалда Құдайдың (құрбандық орнының) алдында шауып өлтiрдi.

34Содан кейiн Самуил Рамаққа қайта оралып, Саул «Саулдың Гибеясы» деп аталған қаласындағы сарайына кеттi.


35Бұдан былай Самуил өле-өлгенше Саулмен кездеспедi. Бiрақ ол Саул үшiн қайғырып жүрдi. Ал Жаратқан Ие Саулды Исраилдiң патшасы етiп тағайындағанынан бiржола бас тартқан едi.

16

1Жаратқан Ие Самуилге:

— Сен Саул үшiн қашанғы қайғыра бермексiң? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бiр құтыны хош иiстi майға толтырып алып, бетлехемдiк Есейге бар. Оның ұлдарының iшiнен бiреуiн патша етуге таңдап алдым, — деп бұйырды.


2— Қалай барсам екен? Саул естiсе, менi өлтiредi ғой! — деп сұрады Самуил. Жаратқан Иенiң жауабы мынау болды:

— Табыныңнан бiр қашарды алып барып, «Тәңiр Иеге арнап құрбандық шалуға келдiм» дерсiң.

3Құрбандық асқа Есейдi шақыр. Не iстеуiң керек екенiн саған бiлдiремiн. Өзiм айтқан адамға май жағу рәсiмiн жасайсың.


4Самуил Жаратқан Иенiң бұйрығын орындап, Бетлехемге барды. Қатты абыржыған қала ақсақалдары оның алдынан шығып:

— Тыныштық па? — деп амандасты.

5Ол:

— Тыныштық. Мен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшiн келдiм. Сендер Тәңiрге бағышталып, тазарып, менiмен бiрге құрбандық асына жүрiңдер, — деп жауап бердi. Самуил Есей мен оның ұлдарын да тазару рәсiмiнен өткiзiп, құрбандыққа шақырды.


6Бұлар келгенде Самуилдiң көзi (Есейдiң тұңғышы) Елияпқа түсiп, «Сiрә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша осы шығар!» — деп ойлады.

7Бiрақ Тәңiр оған былай дедi:

— Сен оның бет-жүзiне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймiн. Мен пенденiң көзiмен қарамаймын ғой.

Пенде адамның тек бет-әлпетiне қараса,
Жаратқан Ие жан дүниесiне қарайды.


8Сонда Есей (екiншi баласы) Әбiнадапты шақырып, Самуилдiң алдына алып келдi. Бiрақ Самуил: «Мұны да Жаратқан Ие таңдаған жоқ», — дедi.

9Есей Шамманы алға шығарғанда, Самуил: «Жаратқан Ие мұны да таңдап алған жоқ», — деп қайталады.

10Осылай Есей өзiнiң жетi ұлын да Самуилдiң алдынан өткiздi, бiрақ ол: «Жаратқан Ие бұлардың ешқайсысын таңдаған жоқ», — дей бердi.

11Ақырында Есейден:

— Барлық ұлдарың осылар ма? — деп сұрады.

— Тағы бiр кенже ұлым бар. Ол қой бағып жүр.

— Кiсi жiберiп, оны алдырт! Сол келмейiнше құрбандық асына отырмаймыз, — деп тапсырды Самуил.


12Есей кiсi жiберiп, ұлын алдыртты. Ол қара торы, көздерi жайнап тұрған, келбеттi жiгiт екен. Жаратқан Ие Самуилге: «Тұр, бұл сол, оған май жағу рәсiмiн жаса», — деп бұйырды.

13Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуiтке ағаларының көзiнше май жағу рәсiмiн орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенiң Рухы Дәуiтке қонды. Мұнан кейiн Самуил Рамаққа қайтып кеттi.

Дәуiттiң сарайдағы қызметке кiрiсуi


14Ал Жаратқан Иенiң Рухы Саулды тастап кеткен едi. Содан бастап Тәңiр Ие жiберген бiр қинайтын рух Саулдың үрейiн ұшырып қорқытатын болды.

15Нөкерлерi Саулға:

— Қараңыз, сiздi Құдай жiберген бiр қинайтын рух қорқытып жүр.

16Ендеше, тақсыр иемiз, алдыңыздағы нөкерлерiңiзге домбыраны шебер тартатын бiреудi тауып алып келуге әмiр ете көрiңiз. Қинайтын рух сiзге қонған кезде әлгi адам домбыра тартсын. Сонда өзiңiздi жақсы сезiнер едiңiз, — деген ұсыныс жасады.

17Саул оларға:

— Мақұл, жақсы күй ойнайтын адамды iздеп, тауып, маған алып келiңдер! — деп бұйырды.

18Жас нөкерлердiң бiрi:

— Мен бетлехемдiк Есейдiң жақсы күй тартатын бiр ұлын бiлемiн. Ол батыл жауынгер, әрi ойлап сөйлейтiн, сырт көрiнiсi келiстi жiгiт. Жаратқан Ие де оған жар болып келедi, — дедi.


19Саул Есейге хабаршыларын жұмсап: «Маған қой бағып жүрген ұлың Дәуiттi жiбер!» — деген сәлем жолдады.

20Есей бiр есекке нан мен бiр торсық шарап және бiр лақты артып, Дәуiттен Саулға берiп жiбердi.

21Осылайша Дәуiт Саулға барып, қызметiне кiрiстi. Патша оны ұнатып, қару тасушыларының бiрi етiп қойды.

22Есейге: «Дәуiт маған ұнады. Қасымда қалып, қызмет етсiн», — деп хабаршысын жұмсады.

23Саулға Құдай жол берген қинайтын рух қонған сайын Дәуiт домбырасын алып, тартатын. Сонда Саул тәуiр болып, қинайтын рух та оны тастап кететiн.

17

1Бiраз уақыттан кейiн фiлiстiрлер әскерлерiн соғысқа жинады. Олар Яһуда руының жерiндегi Соқотта бас қосып, Соқот пен Әзектiң арасындағы Епес-Дәммимге қостарын тiктi.

2Сонда Саул мен Исраилдiң ер адамдары Емен аңғарында жиналып, сап түзеп, шайқасқа дайындалды.

3Фiлiстiрлер бiр төбенiң, исраилдiктер екiншi төбенiң беткейiнде тұрып, араларында аңғар жатты.


4Сонда фiлiстiрлер жағынан жекпе-жек шайқасқа бiр жауынгер шықты. Ол Ғат қаласынан келген, есiмi — Ғолият, бойы алты шынтақтан асатын бiреу едi.

5Басына қоладан жасалған дулыға, үстiне қабыршақ тәрiздi жасалған қола сауыт киiп алған екен. Сауыттың салмағы үш жарым пұт шамасында болатын.

6Аяқтарына қола тiзеқап, ал арқасына қола найза таңыпты.

7Сүңгiнiң ағаш сабы тоқымашының өрмегiн керiп тұратын ағаштың жуандығындай едi. Сүңгiнiң темiр ұшының салмағы жарты пұттай болатын. Алыптың алдынан үлкен қалқанын көтерген нөкерi жүрiп отырды.


8Ғолият тұрып, Исраилдiң сапта тұрған жасақшыларына дауыстап айқайлап:

— Сендер неге сапқа шығып тұрсыңдар? Мен фiлiстiрмiн, ал сендер Саулдың қызметшiлерi емессiңдер ме? Ендеше араларыңнан бiреудi таңдап алыңдар, ол қасыма келсiн.

9Егер ол менiмен шайқасып, көзiмдi құртса, онда бiз сендердiң құлдарыңа айналамыз. Ал егер мен оны жеңiп, өлтiрсем, онда сендер бiзге құл болып, қызмет етесiңдер! — деп жекпе-жекке шақырды.

10Сол фiлiстiр тағы да: — Мен бүгiн бүкiл Исраил жасағының саптарын масқара қылдым! Менiмен сайысқа түсетiн бiр адамды жiберiңдер! — деп қосты.


11Осыны естiген Саул мен Исраилдiң күллi жасақшылары абыржып, қатты қорықты.


12Дәуiт (те мұны естiдi. Ол) Яһуда руының Бетлехем қаласында тұратын ефраталық Есейдiң ұлы едi. Сегiз ұлы бар Есейдiң өзi Саул патшалық құрған кезде жасы ұлғайған қарт адам едi.

13-15 Оның үлкен үш ұлы Елияп, Әбiнадап пен Шамма Саулдың жасағына қосылып, соғысқа шыққан болатын. Кенже ұлы Дәуiт Бетлехемде әкесiнiң қойларын бағып, Саулдың әскер қосына барып-келiп жүретiн.


16Әлгi фiлiстiр қырық күн бойы таңертең және кеш сайын алға шығып, өзiн көрсетiп тұрды.


17Бiрде Есей Дәуiттi тағы да жұмсап: «Балам, тез мына жарты қап қуырылған бидай мен он таба нанды ал да, тездетiп әскер қосындағы ағаларыңа апар.

18Мына он iрiмшiктi олардың мыңбасына бер. Ағаларыңның хал-жағдайлары мен мұқтаждарын бiлiп қайт.

19Олар қазiр Исраилдiң жасағымен бiрге Саулға ерiп Емен аңғарында фiлiстiрлерге қарсы соғысып жатыр ғой!» — деп тапсырды.


20Дәуiт таңертең ертемен тұрып, қойларын бiр күзетшiге қалдырды. Содан жүгiн артып, әкесiнiң тапсыруымен жолға шықты. Дәуiт әскер қосына келгенде олар атой салып, ұрыс даласына шығып бара жатыр екен.

21Исраилдiктер мен фiлiстiрлердiң әскерлерi бiр-бiрiне қарсы сап түзедi.

22Дәуiт әкелгендерiн әскер жарағын күзететiн адамның қарауына тапсырып, сапта тұрған ағаларына жүгiрiп барып, амандық сұрай бастады.

23Олармен сөйлесiп тұрған кезде жекпе-жек шайқасушы ғаттық фiлiстiр жауынгерi Ғолият жау сапынан шығып, бұрынғы сөздерiн қайталап айқайлай бастады. Дәуiт те мұны естiп тұрды.

24Исраилдiң күллi жасақшылары алыпты көре салысымен қатты қорқып, шегiне бастады.

25Олар өзара: «Мына адамды көрiп тұрсыңдар ғой. Қап, әттеген-ай, ол Исраилдi масқаралау үшiн алға шығып жүр! Ал кiм оны өлтiрсе, патшамыз соған зор байлық сыйлап, өз қызын берiп, бүкiл әулетiн де алым-салықтан босатар едi!» — дестi.


26Дәуiт қасында тұрғандарға:

— Мына фiлiстiрдiң көзiн құртып, Исраилдiң көрiп отырған масқарасын тоқтатқан адамға не берiлмек дедiңдер? Бұ құдайсыз фiлiстiр мәңгi тiрi Құдайдың әскерiн қорлайтындай кiм едi, сонша?! — дедi.

27Олар:

— Оның көзiн құртқанға осындай жүлде берiледi, — деп, манағы сөздерiн қайталап айтып бердi.


28Бiрақ үлкен ағасы Елияп Дәуiттiң сарбаздармен сөйлесiп жатқанын көрiп, ашуы кернеп:

— Несiне мұнда жетiп келдiң? Ана азғантай қойды айдалада кiммен қалдырдың? Сенiң өркөкiректiгiң мен жаман ойыңды бiлемiн! Мұнда тек шайқасты көру үшiн келдiң ғой! — деп зекiдi.

29Дәуiт:

— Бiр-екi ауыз сөз айтқаннан басқа мен соншама не iстеп қойдым! — деп жауап бердi.

30Осылай ағасынан бұрылып кетiп, басқа адамға сол сұрақты қойған едi, оның да жауабы сондай болды.


31Естiгендер Дәуiттiң айтқандарын Саулға жеткiздi. Патша оны өзiне шақыртып алғанда

32Дәуiт:

— Тақсыр, ешкiм сол фiлiстiрден қорықпай-ақ қойсын. Алдыңыздағы қызметшiңiз барып, онымен шайқасуға дайын, — дедi.

33Бiрақ Саул:

— Сен бұл фiлiстiрге қарсы жекпе-жекке шыға алмайсың! Әлi жассың, ал ол бала кезiнен-ақ соғысқа машықтанған нағыз жауынгер! — деп ескерттi.

34Ал Дәуiт:

— Тақсыр, алдыңыздағы қызметшiңiз әкесiнiң қойларын бағып келедi. Кейде арыстан не аю қойға шауып, малдың бiреуiн ала қашатын кездерi болды.

35Сонда оны қуып жетiп, соғып, малды аранынан тартып алатынмын. Егер өзiме бас салса, оның сабалақ жүнiнен шап берiп, ұстап алып, ұрып өлтiретiнмiн.

36Қызметшiңiз арыстан мен аюдың көзiн құртып келдi, ендi мына құдайсыз фiлiстiр де солардың кебiнiн киетiн болады, себебi ол мәңгi тiрi Құдайдың әскерiн қорлап тұр! — дедi.

37Бұған ол: — Менi арыстан мен аюдың шеңгелiнен құтқарып алған Жаратқан Ие мына фiлiстiрден де қорғайтын болады, — деп қосты. Саул мақұлдап:

— Онда бар, Жаратқан Ие саған жар болсын! — дедi.


38Дәуiтке өзiнiң сырт киiмiн, басына қола дулығасын, үстiне сауытын кигiздi.

39Дәуiт патшаның семсерiн де тағып алып, қару-жарағымен олай-бұлай жүрiп көруге тырысқан едi, бiрақ үйренбегендiктен Саулға: «Мыналарды киiп жүре алмаймын. Бұған үйренген емеспiн», — деп шешiп тастады.

40Ол таяғын қолына алып, жылғаның түбiнен бес жұмыр кесек тас терiп, дорбасының сырт қалтасына салып алды. Қолына сақпанын ұстап, фiлiстiрге қарай бет алды.


41Фiлiстiр де Дәуiтке қарай жақындап келе жатты, алдында нөкерi үлкен қалқанын көтерiп жүрдi.

42Фiлiстiр Дәуiтке қарап, оның қара торы, сымбатты жас жiгiт екенiн көрдi. Оны менсiнбей:


43— Маған таяқпен шығатындай ит пе едiм, сонша?! — деп айқайлап, табынатын тәңiрлерiнiң аттарымен қарғап-сiлеп:


44— Жақында маған, етiңдi жыртқыш құс пен аңға жемтiк қылып берейiн! — деп шақырды.

45Дәуiт оған былай деп жауап қайырды:

— Сен маған қарсы семсер, сүңгi, найзамен келесiң. Ал мен саған Әлем Иесiнiң атымен — иә, өзiң масқара етiп отырған Исраил әскерiнiң Құдайының атымен келе жатырмын!

46Оның Өзi сенi бүгiн қолыма түсiредi. Мен сенi өлтiрiп, басыңды шауып тастаймын, фiлiстiр әскерiнiң өлiктерiн жыртқыш құс пен аңға жемтiк қылып беремiн. Сонда бүкiл әлем Исраилдiң Құдайының бар екенiн бiлетiн болады!

47Мына жиналған әскер де Жаратқан Иенiң құтқару үшiн семсер мен сүңгiнi керек қылмайтынына көз жеткiзетiн болады! Себебi бұл соғысты Жаратқан Иенiң Өзi жүргiзiп сендердi бiздiң қолымызға тапсырады!


48Сонда фiлiстiр алға жүрiп, Дәуiтке таман жақындап келдi. Дәуiт оған қарсы, фiлiстiр сапына қарай жүгiрiп барды да,

49дорбасынан бiр тасты суырып алып, сақпанына салып, атып жiбердi. Тас фiлiстiрдiң маңдайына дәл тиiп, оны тесiп, кiрiп кеттi.

50Осылай Дәуiт фiлiстiрдi тек сақпан және кесек таспен ғана жеңiп шықты. Қолында тiптi семсер де болмағанмен оны ұрып өлтiрдi.


51Дәуiт құлап жатқан Ғолияттың қасына келiп, оның семсерiн қынабынан суырып алып, басын шауып тастады. Сонда фiлiстiр жауынгерлерi өздерiнiң батырының өлгенiн көрiп, қаша жөнелдi.

52Исраил мен Яһуданың адамдары тұра көтерiлiп, атойлап, оларды аңғардың кiрер жағына және Ақаронның қақпаларына дейiн қуып тастады. Көптеген фiлiстiрлер Шағаримнан Ғат пен Ақаронға дейiнгi жолда жарақаттанып құлап, өлiп жатты.


53Исраилдiктер фiлiстiрлердi қуып тастап, қайтып оралғанда олардың әскер қостарын олжалады.

54Дәуiт Ғолияттың басын кейiн Иерусалимге алып барды, ал қару-жарағын өзiнiң шатырында сақтап қойды.


55Дәуiттiң фiлiстiрге қарсы шыққанын бақылап тұрған Саул қолбасшысынан:

— Әбенир, мына жас жiгiт кiмнiң баласы? — деп сұраған болатын. Әбенир:

— Патшам, нағыз шындықты айтайын: бұл туралы тiптi бiлмейдi екенмiн! — деп жауап бергенде,

56патша:

— Онда сен кiмнiң баласы екенiн сұрап бiлiп кел! — деп бұйырған едi.

57Осылай Дәуiт фiлiстiрдi жеңiп, әскер қосына қайтып келiсiмен Әбенир оны Саулдың алдына алып келдi. Ол қолында фiлiстiрдiң басын әлi де ұстап жүрдi.

58Саул:

— Жiгiтiм, кiмнiң баласысың? — деп сұрады. Дәуiт:

— Тақсыр, бетлехемдiк қызметшiңiз Есейдiң ұлымын, — деп жауап бердi.

18

1Дәуiт Саулмен сөйлесiп болғанда ханзада Жонатан оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көрiп қалды.

2Саул сол күннен бастап Дәуiттi өзiнiң қасында қалдырып, әкесiнiң үйiне қайтармай қойды.

3Дәуiттi сондай жақсы көрiп қалған Жонатан онымен серттесiп дос болып,

4үстiндегi шапанын, қару-жарағын, тiптi семсерiн, садағы мен белдiгiн де шешiп сыйлады.


5Саул Дәуiттi қай тапсырмамен жұмсамасын, ол бәрiн де ақыл-парасатпен орындап шығатын. Сол себептi Саул оны бiр топ жауынгердiң басшысы етiп қойды. Бұл шешiм бүкiл халыққа да, Саулдың нөкерлерiне де ұнады.


6Дәуiт фiлiстiрдiң көзiн құртып, бүкiл әскер елге қайтып келе жатқанда Саул патшаны қарсы алу үшiн Исраилдiң барлық қалаларынан әйелдер ән айтып, би билеп, даңғыраларда ойнап, қуана әндетiп, үш iшектi аспаптарды шерте алдарынан шықты.

7Олар би билеп:


8Саул қатты ашуланып, бұл сөздердi тiптi жақтырмай: «Олар Дәуiтке он мыңдаған, ал маған не бары мыңдаған жеңiлген жау үшiн мақтау айтты! Ендi оған жетпей тұрғаны патшалық билiк қана!» — деп налыды.

9Сол күннен бастап Саул Дәуiтке қызғанышпен қарайтын болды.


10Келесi күнi Құдай жiберген қинайтын рух Саулға қайтадан бас салып, ол сарайында ерекше көңiл күйiне түсiп мазасызданды. Дәуiт оны тыныштандыру үшiн бұрынғыша күй тартып отырды. Саулдың қолында сүңгiсi бар болатын.

11«Дәуiттi қабырғаға қадап тастайыншы!» деген оймен патша сүңгiсiн оған қарай лақтырып жiбердi. Бiрақ Дәуiт жалтарып үлгердi, екiншi ретте де солай болды.


12Саул Дәуiттен қорқа бастады, себебi Тәңiр Иенiң өзiн тастап, Дәуiтке жар болғанына көзi жеттi.

13Оны қасынан алыстатып, мыңбасы етiп қойды. Бұдан былай Дәуiт сарбаздарын жорықтарға бастап жүрдi.

14Ол қай iсте де парасаттылық танытып отырды, өйткенi Жаратқан Ие оған жар болды.

15Дәуiттiң табыстарын көргенде Саул одан бетер сескендi.

16Бiрақ бүкiл Исраил мен Яһуданың халқы өздерiн жорықтарға бастап шығатын Дәуiттi жақсы көрдi.


17Сонда Саул: «Мен оған қол жұмсамай-ақ қояйын, соны фiлiстiрлерге қалдырайын!» — деген айлалы оймен Дәуiтке:

— Тек ерлiкпен маған қызмет етiп, Жаратқан Ие үшiн соғыса бер! Саған үлкен қызым Мерабты беремiн! — деп уәде еттi.

18Дәуiт:

— Патшаның күйеу баласы болатындай мен кiммiн, отбасым мен шыққан әулетiм де кiм, сонша?! — деп кiшi пейiлдiлiк танытты.


19Алайда Саул қызы Мерабты Дәуiтке ұзататын уақыты келгенде, оны Дәуiтке емес, меһолалық Әдiриел деген бiреуге бердi.


20Ал Саулдың басқа қызы Михол Дәуiтке ғашық болатын. Осы туралы хабар алған Саул соны мақұл көрiп,

21«Дәуiтке Михолды беремiн, осылай оны тұзаққа түсiрiп, фiлiстiрлер арқылы көзiн құртамын» деген айлалы жоспар құрды. Дәуiтке екiншi рет: «Қызыма үйлен», — деп ұсыныс жасап,

22қызметшiлерiне де мынадай бұйрық бердi: «Дәуiтпен жеке сөйлесiп, оған: Сенi патша қатты ұнатады, оның барлық нөкерлерi де сенi жақсы көредi. Ендеше патшаның қызына үйленсеңшi деңдер!»


23Саулдың нөкерлерi оның бұл сөздерiн Дәуiтке жеткiзгенде ол: «Патшаның күйеу баласы болуды оңай көрiп отырсыңдар ма?! Мен кедеймiн, беделiм де зор емес!» — деп жауап бердi.

24Нөкерлер мұны Саулға хабарлағанда

25ол: «Дәуiтке былай деп айтыңдар: «Патша сенен қалыңмал ретiнде тек жүз фiлiстiрдi өлтiрiп, соның дәлелдерiн алып келуiңдi ғана тiлейдi. Ол жауларынан осылай кек алмақшы», — дедi. Шынында Саул Дәуiттi фiлiстiрлердiң қолымен құртпақ болды.


26-27 Нөкерлер Дәуiтке осы шартты бiлдiргенде ол патшаның қызына үйленудi дұрыс көрдi. Белгiленген күндер өтпей жатып, Дәуiт қарауындағы адамдарымен жорыққа аттанып, екi жүз фiлiстiрдi өлтiрдi. Қызына үйлену үшiн Дәуiт патшаға батырлық iсiнiң дәлелдерiн түгелдей алып келiп бердi. Сонда Саул оған қызы Михолды қосты.


28Саул Жаратқан Иенiң Дәуiтке жар болғанын және өзiнiң қызы Михолдың оны жақсы көретiнiн түсiнiп,

29Дәуiттен бұрынғыдан бетер қорқатын болды. Оны өле-өлгенше өзiнiң қас жауындай көрдi.


30Фiлiстiрлердiң қолбасшылары елге соғыс ашуын жалғастыра бердi. Дәуiт әрдайым Саулдың басқа қолбасшыларына қарағанда әлдеқайда парасатты әрекет жасап, даңқы өскен үстiне өсе түстi.

19

1Содан Саул өзiнiң ұлы Жонатан мен нөкерлерiне: «Дәуiттiң көзiн құрту керек!» — деп бұйырды. Бiрақ Дәуiттi қатты ұнататын

2Жонатан оны сақтандырып:

— Әкем сенi өлтiруге тырысып жүр! Ертең таңертең сақ бол. Жасырын жерге тығылып, сонда қал.

3Кейiн мен де сол жақтағы далаға шығып, әкеммен кездесiп, сен туралы сөйлесемiн. Оның ойын бiлiп алып, саған айтып беремiн, — дедi.


4Жонатан әкесiне Дәуiттi мақтай сөйлеп былай дедi:

— Патшам, қызметшiңiз Дәуiтке қарсы күнә жасай көрмеңiз! Оның сiзге жасаған ешбiр жамандығы жоқ, керiсiнше, iстегендерiнен өзiңiз көп жақсылық көрдiңiз.

5Сол фiлiстiрдi өлтiргенде өз басын тәуекелге тiктi. Бұл арқылы Жаратқан Ие бүкiл Исраилдi жауынан құтқарды. Сiз осыны көрiп, шаттанған едiңiз. Ендеше, нелiктен себепсiзден-себепсiз Дәуiттi өлтiрiп, жазықсыз жанға қарсы күнә жасамақсыз?


6Саул ұлының сөзiне құлақ асып:

— Мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң алдында шындықты айтамын: Дәуiт өлтiрiлмейдi! — деп ант еттi.

7Жонатан Дәуiттi шақырып алып, осы сөздердi түгел айтып бердi. Оны Саулға ертiп апарып, Дәуiт бұрынғыдай қызметiне кiрiстi.


8Соғыс қайтадан бұрқ ете қалды. Дәуiт те фiлiстiрлермен шайқасуға шығып, оларды қатты соққыға ұшыратып, қашуға мәжбүр еттi.

9Кейiн Саул сарайында отырғанда Жаратқан Ие жол берген қинайтын рух оған тағы да қонып, Дәуiт домбырасын тартты. Саулдың қолында сүңгiсi бар едi.

10Кенет Саул Дәуiттi қабырғаға қадап өлтiрмек болып, сүңгiсiн оған қарай лақтырып жiбердi. Дәуiт жалтарып үлгерiп, аман қалды. Сүңгi қабырғаға қадалды. Сол түнi Дәуiт қашып кетiп құтылды.


11Сонда Саул Дәуiттiң үйiн күзеттiрiп, таң атысымен-ақ оны өлтiру үшiн сарбаздарын жiбердi. Әйелi Михол Дәуiтке: «Бүгiн түнде бас сауғалап, қашпасаң, ертең таңертең сенi өлтiрейiн деп отыр!» — деп ескертiп,

12оны терезеден төмен түсiрiп жiбердi. Осылай Дәуiт қашып құтылып кеттi.

13Михол бiр мүсiндi алып, төсекке жатқызып, үстiн жамылғымен жапты да, бас жағына ешкi жүнiнен тоқылған перде қойды.

14Саулдың Дәуiттi қолға түсiру үшiн жiберген сарбаздарына ол: «Дәуiт ауырып жатыр», — дедi.

15Сонда Саул адамдарын Дәуiттiң өзiн көруге жiберiп, оларға: «Оны төсегiмен бiрге көтерiп алып келiңдер, мен көзiн жоямын!» — деп бұйырды.

16Олар үйге кiрiп, қараса — төсекте жатқан жай ғана мүсiн, бас жағында жатқан ешкi жүнiнен тоқылған перде екен!

17Саул Михолға:

— Менi неге соншама алдап, жауымды қашырып жiбердiң? — деп зекiгенде қызы былай деп жауап бердi:

— Ол: Менi жiбер! Әлде сенi өлтiрейiн бе? — деп тұрып алды.


18Ал Дәуiт қашып құтылып, Рамақтағы Самуилге барып, Саулдың өзiне iстегендерiнiң бәрiн айтып бердi. Содан ол Самуилге ерiп Найотқа барып, сол жерде тұратын болды.

19«Дәуiт Рамақтағы Найотта тұрып жатыр екен» деген хабар Саулдың құлағына жеткенде

20патша Дәуiттi қолға түсiру үшiн адамдарын жiбердi. Бұлар келiп, ерекше көңiл күйiне түскен пайғамбарларды және оларды бастап жүрген Самуилдi көргенде Құдайдың Рухы Саулдың адамдарына қонып, солар да ерекше күйге түстi.

21Саул осы туралы естiп, басқа кiсiлерiн жұмсап, бұлар да ерекше күйге түстi. Патша үшiншi рет нөкерлерiн жiбергенде олармен де солай болды.


22Ендi Саулдың өзi Рамаққа барып, Секудегi үлкен құдыққа жеткенде: «Самуил мен Дәуiт қайда?» — деп сұрастырып, «Рамақтағы Найотта!» — деген жауап алды.

23Сол жерге бара жатқан кезде Саулға да Құдайдың Рухы қонып, оны ерекше көңiл күйiне түсiрiп, ол Найотқа жеткенше солай болды.

24Бұл жерде Саул сырт киiмiн шешiп тастап, Самуилдiң алдында пайғамбар iспеттi ерекше күйде болып, жерге құлап түстi. Бұл күнi және түнi бойы патша сырт киiмсiз жатып шықты. Сол себептен де жұрт: «Саул да пайғамбарлардың арасында ма екен?» дейдi.

20

1Осы екi арада Дәуiт Рамақтағы Найоттан қашып кетiп, Жонатанға барып, оған:

— Мен не iстеп қойдым? Жазығым не? Әкең жанымды алатындай қандай күнәм бар? — деген сауалдар қойды.


2— Жоқ, өлтiрiлмейсiң! Не үлкен, не кiшi, қандай iс болмасын әкем маған айтпай iстемейдi. Мұндай жоспарын да менен жасырмаған болар едi. Қателесiп тұрсың! — деп жауап бердi ол.

3Бiрақ Дәуiт ант етiп былай дедi:

— Маған оң көзбен қарап келгенiңдi әкең жақсы бiледi. Сол себептi ол: «Жонатанға бұны бiлдiрмей-ақ қояйын, әйтпесе ренжiп жүрер» деп ойлайды. Алайда мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң және сенiң алдыңда шындықты айтамын: менi ажалдан ажыратып тұрған бiр-ақ қадам. —

4Жонатан:

— Менен қандай тiлегiң бар, соны екi етпеймiн! — дедi.

5Сонда Дәуiт оған мынадай өтiнiш жасады:

— Ертең Жаңа туған ай мейрамы екенiн бiлесiң. Менiң патшамен бiрге дастарқан басында отыруым керек едi. Маған рұқсат ет, далаға кетiп, бүрсiгүнi кешке дейiн жасырына тұрайын.


6Егер әкең менi сұрай қалса, оған: «Дәуiттiң қаласы Бетлехемде барлық жегжат-жұрағатының жылдық құрбандық мейрамы өткiзiлейiн деп жатыр екен. Дәуiт соған тездетiп барып келуге менен қоймастан сұранып, сонда кеттi» деп түсiндiр.

7Патша: «Жарайды» десе, онда маған төнген еш қауiп жоқ. Ал егер қатты ашуланса, маған қарсы зұлымдық жасауға ұйғарды деп бiле бер.

8Жаратқан Иенiң алдында сертпен бекiткен достығымызды есiңе алып, алдыңдағы қызметшiңе әрдайым мейiрiмдiлiк көрсете гөр. Егер қандай да айыбым болса, менi әкеңе ұстап бермей-ақ, өзiң өлтiре сал!


9— Ондай ешқашан болмас! Әкемнiң саған жамандық iстеуге ұйғарғанын бiлiп қалсам, саған айтпас па едiм? — деп жауап бердi Жонатан.

10Дәуiт одан:

— Егер әкеңнiң берген жауабы қатал болса, маған сол туралы кiм айтпақ? — деп сұрағанда, ол:


11— Жүр, далаға кетейiкшi, — деп, екеуi солай iстедi.

12Сол жерде Жонатан Дәуiтке ант берiп былай дедi:

— Исраилдiң Құдай Иесi куә: мен ертең немесе бүрсiгүнi осы кезге дейiн әкеммен сөйлесiп, саған деген көзқарасын бiлiп аламын. Егер ол жақсы болса, онда мен мiндеттi түрде бiреудi жiберiп, саған хабарлаймын.

13Ал шынымен әкемнiң саған жамандық iстейтiн ойы болса, мен соны саған айтып, қатерден арашалау үшiн басқа жаққа жiберемiн. Егер уәдемде тұрмасам, Тәңiр Ие менi жазалаған үстiне жазаласын! Жаратқан Ие әкеме жар болғандай, ендi саған да жар бола көрсiн!

14Көзiм тiрiсiнде маған Тәңiрдiң тұрақты мейiрiмдiлiк көрсеткенi сияқты, сен де әрдайым мейiрiмдiлiк көрсетiп, менi аман-есен қалдыра гөр.

15Егер өлiп қалсам, отбасыма жасайтын қамқорлығыңды доғарма. Жаратқан Ие Дәуiттiң жер бетiндегi барлық жауларының бiрде-бiреуiн қалдырмай құртқан кезде де солай iстей бер! —

16Сонымен Жонатан Дәуiттiң әулетiмен келiсiм жасап: — Жаратқан Ие Дәуiттiң жауларын жауапқа тартып, жазаласын! — деп,

17Дәуiтке деген сүйiспеншiлiгi туралы сертiн қайтадан жаңартты. Себебi Жонатан досын жанындай жақсы көретiн.


18Бұдан кейiн ол былай дедi:

— Жаңа туған ай мейрамында орның бос болғандықтан сенi сұрайды.

19Бүрсiгүнi кешке таман тездетiп төмен түсiп, бұрын жасырынған жерiңе тығылып, сонда жатқан Әзел тасының маңында күте тұр.

20Ал мен бiр нысананы көздегендей болып, сол жаққа қарай үш рет садақ атамын.

21Содан: «Жебелерiмдi iздеп тауып кел! деп, бiр жас нөкерiмдi жiберемiн. Егер оған: «Мiне, жебелер өзiңнен берi жатыр, оларды осында алып кел! десем, сен тасадан шығып, қасыма кел. Себебi шынымен саған ешқандай қауiп төнiп тұрмағаны.

22Егерде сол жiгiтке: «Әне, жебелер сенiң ар жағыңда жатыр» десем, онда Жаратқан Ие сенi басқа жаққа жiбергендiктен кетiп қаларсың.

23Ал өзара байласқан сөзiмiзге Тәңiрдiң Өзi мәңгi-бақи куә болмақ.


24Сонымен Дәуiт қалаға кiрмей, далада жасырынып қалды. Мейрам күнi патша арнайы астан дәм тату үшiн дастарқан басына,

25өзiнiң төрдегi орнына жайғасты. Жонатан оның қарсысында, ал Әбенир жанында отырды. Дәуiттiң орны бос тұрды.

26Саул: «Әрине, оған бiр жайт болып, тазару рәсiмiн орындай алмаған соң келмегенi ғой!» деп ойлап, сол күнi ештеңе демедi.

27Бiрақ мейрамның екiншi күнi де Дәуiттiң орны бос тұрғанда Саул Жонатаннан:

— Есей ұлының кеше де, бүгiн де асқа келмей қалуы нелiктен? — деп сұрады.

28Жонатан мынадай жауап бердi:

— Дәуiт менен Бетлехемге баруға қоймастан сұранып:

29«Бiздiң қалада жегжат-жұрағатымыз құрбандық ас бередi. Ағам маған соған келуiң керек деген едi. Мейiрiмдiлiк көрсетiп, менi ағайындарыма жiбере гөр», деп өтiндi. Сол себептен Дәуiт патша ағзамның дастарқанына келе алмай қалды.


30Бiрақ Саул Жонатанға қатты ашуланып:

— Әй, оңбаған қиқар неме! Өзiңдi масқара етiп, шешеңдi де қорлап, ана Есей ұлымен достасып алғаныңды мен бiлмейдi дейсiң бе?

31Есейдiң баласы жер басып жүргенде өзiң де, патшалығың да қауiпсiз болмайсыңдар! Ал ендi, адам жiберiп, оны маған алып кел! Ол өлуге тиiс! — деп айқайлап жiбердi.

32Жонатан:

— Ол нелiктен өлтiрiледi? Жазығы не едi? — деп сұрады.


33Сонда Саул қолындағы сүңгiсiн оған қадамақ болып лақтырып жiбердi. Бұдан әкесiнiң Дәуiттi өлтiруге нақты бел буғанына Жонатанның көзi жеттi.

34Ол қатты ашуланып, дастарқан басынан ұшып тұрып, кетiп қалды. Әкесiнiң Дәуiттi масқаралағанына ренжiп, сол екiншi күнгi мейрам асынан ауыз тимедi.


35Ертеңгiсiн ертемен Жонатан Дәуiтпен кездесу үшiн даладағы келiсiлген жерге бiр нөкер жiгiтiн ертiп барды.

36Оған: «Мен қазiр садақ атамын, сен жүгiрiп барып, жебелерiмдi алып келетiн бол!» — дедi де, жүгiрiп кеткен жас жiгiттен әрiрек барып түсетiндей етiп бiр жебенi атып жiбердi.

37Нөкердiң артынан: «Жебе сенiң ар жағыңда жатыр,

38тұра берме, тез бол!» — деп дауыстады. Жас жiгiт жебелердi жинап, қожасына алып келдi.

39Айтылғандардың астарлы мәнiсiн ол ұқпағанмен, Жонатан мен Дәуiтке бәрi анық едi.


40Жонатан нөкерiне садақ пен жебенi табыстап, оған: «Бұларды қалаға алып кет», — деп бұйырды.

41Жiгiт кетiсiмен Дәуiт тасаланып отырған алып тастың оңтүстiк жағынан шығып, Жонатанның алдында үш рет жерге дейiн иiлiп тағзым еттi. Олар бiр-бiрiн беттерiнен сүйiп, егiле жылады. Дәуiттiң жылауы ерекше болды.


42Жонатан: «Аман-есен жүр! Екеуiмiз Жаратқан Иенiң атымен байласқан антымызды сенiң де, менiң де, кейiнгi ұрпақтарымыздың да орындайтынына Оның Өзi кепiл болсын», — деп онымен қоштасты.

Сонымен Дәуiт кетiп қалды, ал Жонатан қалаға қайтты.

21

1Дәуiт Ноб қаласына, ондағы дiни қызметкер Ахимәлiкке барды. Бұл кiсi Дәуiттi қарсы алып:

— Қасыңда адамдарың жоқ, неге жалғыз жүрсiң? — деп абыржи сұрады.

2Дәуiт одан:

— Патша маған ерекше жұмыс тапсырып, «Ешкiм сенi неге жұмсағанымды және қандай нұсқаулар бергенiмдi бiлмесiн!» дедi. Нөкерлерiмдi белгiлi бiр жерге жiбердiм.

3Ал ендi, жүрек жалғайтын неңiз бар? Маған бес таба нан, я болмаса қолыңызда барыңызды берiңiзшi, — деп өтiндi.


4— Қазiр қолымда бары жай нан емес, Құдайға бағышталған нан ғана. Егер нөкерлерiң жақында әйел затынан бойларын аулақ ұстаған болса, онда жей берулерiне болар едi, — дедi дiни қызметкер. Дәуiт:


5— Бiз жолға шыққаннан бергi күндерi әйел атаулыдан аулақ жүрдiк. Нөкерлерiм жай жолдарда таза жүредi, ал бүгiн олар ерекше тазарған болатын, — деп жауап бердi.

6Сонда дiни қызметкер беретiн басқа тамағы болмағандықтан, Жаратқан Иеге ұсынылған нанды Дәуiтке бердi. Бұл киелi шатырдағы арнайы үстелге қойылып, кейiн жаңадан пiсiрiлген нанмен ауыстырылған, тек дiни қызметкерлерге жеуге болатын нан едi.


7Сол күнi Саулдың малшыларын басқаратын қызметкерi де Жаратқан Иеге ғибадат ететiн осы жерде тұрған едi. Доиқ есiмдi, Едом ұлтынан шыққан бұл кiсi оқиғаның куәсы болды.


8Дәуiт Ахимәлiктен:

— Сiзден бiр сүңгi не семсер табылмас па екен? Патшаның тапсырмасы өте жедел, сондықтан семсерiмдi, басқа да қаруымды алып жатуға уақытым болмады! — деп өтiндi.

9Дiни қызметкер:

— Өзiң Емен аңғарында көзiн құртқан фiлiстiр Ғолияттың семсерi бар: Әне, дiни қызметкердiң жеңсiз сырт киiмiнiң ар жағында, қабымен ораулы жатыр. Алам десең, соны ал. Одан басқа бұл жерде семсер жоқ, — деп жауап бердi. Дәуiт:

— Оған тең келер семсер табылмас, маған соны-ақ бере қойыңыз, — дедi.


10Сол күнi Дәуiт Саулдан қашып, фiлiстiр елiндегi Ғат қаласының патшасы Анхұсқа барды.

11Уәзiрлерi Анхұсқа:

— Мынау ана елдiң патшасы Дәуiт емес пе? Олардың би билеп: «Саул мыңдаған жауын жеңiп шықты, ал Дәуiттiң жеңгенi он мың болды» деп әндеткенi осы адам туралы емес пе едi? — деп шағым айтты.


12Осы сөздердi Дәуiт те естiп, Анхұс патша не iстер екен деп қатты қорықты.

13Сондықтан олардың көз алдында есуас болғансып, қала қақпасының есiктерiнiң бетiн шимайлап, сiлекейiн сақалына шұбыртып ағызып жүрдi.


14Анхұс уәзiрлерiне: «Қараңдаршы, бұл есi ауысқан адам! Несiне маған алып келiп отырсыңдар?

15Жынды дегенiң осы жерде аз ба едi? Оны есуастығын көрсету үшiн алдыма алып келдiңдер ме? Мұндайды сарайыма неге кiргiзесiңдер?!» — деп зекiп тастады.

22

1Осылай Дәуiт Ғаттан кетiп, Адуллам үңгiрiне барып, бас сауғалады. Бұл туралы оның ағалары мен туған-туысқандары естiп, қасына келдi.

2Сонымен қатар, бастарына iс түскен, қарызға батқан немесе өмiрге күйiнген әр түрлi адамдар да маңайына жиналды. Дәуiт олардың басшысына айналып, қарамағында төрт жүздей кiсiсi болды.


3Дәуiт сол жерден Моаб елiндегi Миспаға барып, Моаб патшасына: «Құдайдың маған деген еркiн бiлiп алғаныма дейiн әке-шешем қастарыңызда тұра тұрсын!» — деп рұқсат сұрап алды.

4Осылай ата-анасын Моаб патшасының қарамағында қалдырды. Өзi тауда, бой тасалап, бекiнуге ыңғайлы жерлерде жасырынып жүрген кезде олар Моабта тұра бердi.


5Ал Ғад пайғамбар Дәуiтке: «Сен осы тауда бой тасалап жүре берме, Яһуда руының елiне бар!» — деп бұйырды. Содан Дәуiт елiне қайтып, Хәрет орманына барды.

Саулдың көптеген дiни қызметкерлердi өлтiртуi


6Дәуiт пен оның адамдары елге оралыпты деген хабар Саулға да жеттi. Сол кезде патша Гибеядағы төбе басындағы жыңғыл ағашының түбiнде отырған едi. Қолында сүңгiсi болды, айналасында қоршап нөкерлерi тұрды.

7Саул оларға:

— Сөзiмдi тыңдаңдар, Бунямин руының еркектерi! Әлде Есейдiң баласы бәрiңе егiндiк, жүзiмдiк жер берiп, әрқайсыңды мыңбасы не жүзбасы етiп тағайындамақ па?


8Осыған дәмеленiп, барлығың маған қарсы сөз байласып жүрсiңдер ме? Өз ұлымның Есейдiң баласымен достасып серттескенi туралы да маған ешкiм айтқан жоқ! Ешқайсың маған жандарың ашып, ұлымның өз нөкерiмдi өзiме қарсы қойып, соның менi аңдып жатуына түрткi болғаны жайлы да айтқан жоқсыңдар! Ал ендi сол анық болды, — деп наразылық бiлдiрдi.

9Осы кезде Саулдың нөкерлерiнiң жанында тұрған едомдық Доиқ:

— Мен Есейдiң баласының Нобқа, Ахитұб ұлы Ахимәлiкке барғанын көрдiм.

10Ахимәлiк Дәуiт үшiн Жаратқан Иеден ақыл сұрап, оған азық-түлiк, тiптi фiлiстiр Ғолияттың семсерiн де бердi, — дедi.


11Патша Нобта дiни қызмет атқарып жүрген Ахимәлiк пен оның әкесiнiң әулетiндегiлердiң барлығын алып келуге кiсiлерiн жұмсады.

12Саул Ахимәлiкке:

— Сөзiме құлақ сал, Ахитұб ұлы! — дедi.

— Иә, тақсыр, тыңдап тұрмын! — деп жауап қатты ол.

13Саул:

— Есейдiң баласына нан мен семсер берiп, Құдайдан ол үшiн ақыл сұрап, екеуiң неге маған қарсы сөз байластыңдар? Ендi ол, мiне, бүлiк шығарып, менi аңдып жүр! Бүгiн сол анық болды! — дедi.

14Ахимәлiк:

— Нөкерлерiңiздiң арасында сiзге Дәуiттей адал бiреу бар ма? Тақсыр, ол әрi күйеу балаңыз, әрi жеке сақшыларыңыздың қолбасшысы, сарайыңыздағылардың барлығы да оны құрметтейдi.


15Сол күнi Құдайдан ол үшiн ақыл сұрауым да бiрiншi рет емес едi. О, патша ағзам, соған бола менi де, әкемнiң әулетiн де кiнәлай көрмеңiз. Болған iстiң бәрiнен мүлдем бейхабармын! — деп жауап бердi.

16Алайда патша:

— Ахимәлiк, өзiң де, әкеңнiң барлық әулетi де өлуге тиiссiңдер! — деп шештi.

17Қасында тұрған сақшыларына бұйрық берiп:

— Барыңдар, Жаратқан Иенiң дiни қызметкерлерiн өлтiрiңдер! Себебi олар да Дәуiттi қолдайды. Оның қашып жүргенiн бiлсе де, маған ол туралы айтпады! — дедi.

Бiрақ патшаның сарбаздары Жаратқан Иенiң дiни қызметкерлерiне қарсы қол көтергiлерi келмедi.

18Сонда патша Доиққа:

— Бар, дiни қызметкерлердi сен өлтiр! — деп бұйырды.

Едомдық Доиқ дiни қызметкерлерге бас салып, қасиеттi киiм киген олардың сексен бесiн сол күнi өлтiрдi.


19Сондай-ақ дiни қызметкерлердiң қаласы Нобтың барлық тұрғындарын да, еркек болсын, әйел болсын, бала болсын, нәресте болсын, iрi қара, есек немесе қой болсын, бәрiн де семсерiмен шауып өлтiрдi.


20Тек Ахитұб ұлы Ахимәлiктiң баласы Абиятар ғана қашып құтылды. Ол Дәуiтке барып,

21Саулдың Жаратқан Иенiң дiни қызметкерлерiн өлтiрткенi туралы айтып бердi.

22Дәуiт Абиятарға: «Қап, сол күнi едомдық Доиқты сонда көргенiмде оның Саулға бәрiн жеткiзетiнiн бiлген едiм! Әкеңнiң бүкiл әулетiнiң өлiмге ұшырағанына мен кiнәлымын.

23Қасымда қал, ештеңеден қорықпа. Сенi өлтiрмек болғандар менiң де жанымды алмақ болып жүр. Қасымда жүрсең, аман боласың», — дедi.

23

1Бiр күнi Дәуiтке «Фiлiстiрлер Кеил қаласына шабуыл жасап, қырмандағы астықтарын тонап жатыр» деген хабар жеттi.

2Сонда Дәуiт Жаратқан Иеден: «Мен барып, сол фiлiстiрлерге шабуыл жасайын ба?» — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: «Иә, барып, фiлiстiрлерге шабуыл жасап, Кеилдi құтқар!» — деп жауап бердi.


3Бiрақ Дәуiттiң қасындағы серiктерi: «Бiзге мұнда, Яһуда елiнiң iшiнде-ақ қауiп-қатер төнуде. Ендеше қалайша бiз Кеилдегi фiлiстiр әскерiне қарсы аттанбақпыз?!» — деп шүбә келтiрдi.

4Сонда Дәуiт қайтадан Жаратқан Иенiң еркiн сұрағанда Ол: «Жинал, Кеилге аттан! Мен фiлiстiрлердi қолыңа түсiрiп беремiн», — деп жауап қайырды.

5Дәуiт адамдарымен Кеилге барып, фiлiстiрлермен шайқасып, оларға қатты соққы бердi де, көлiк малдарын айдап алып кеттi. Осылай Кеилдiң халқын құтқарып қалды.


6-8 Дәуiттiң Кеилге барғаны жайлы хабар алған Саул: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап берiп отыр! Шығуы қиын бекiнiстi қалаға кiрiп, Дәуiт тұзаққа өзi түсiп тұр!» — дедi. Патша бүкiл әскерiн Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуiт пен серiктерiн қоршап алуға әмiр еттi.

Ал Ахимәлiк ұлы Абиятар Дәуiтке қашып онымен бiрге Кеилге аттанғанда бас дiни қызметкердiң жеңсiз сырт киiмiн ала келген болатын.


9Саулдың өзiне зұлым жоспар құрып жатқанын бiлiп алған Дәуiт Абиятардан осы жеңсiз сырт киiмдi қасына алып келуiн өтiндi.

10Дәуiт мiнажат етiп: «Уа, Жаратқан Ие, Исраилдiң сиынатын Құдайы! Саулдың осы Кеилге келiп, оны маған бола құртпақ болып жатқанын естiп отырмын.

11Мен естiгендей, Саул шынымен осында келе ме? Кеилдiң адамдары менi оған ұстап бере ме? Уа, Исраилдiң Құдай Иесi, алдыңдағы пендеңе осы туралы бiлдiре гөр!» — деп сұрады. Жаратқан Ие: «Рас, келедi!» — деп жауап қайырды.

12Дәуiт тағы да: «Кеилдiң тұрғындары менi және қасымдағы адамдарды Саулдың қолына ұстап бере ме?» — деп сұрағанда, «Иә, ұстап бередi!» — деген жауап алды.


13Сонда Дәуiт шамамен алты жүздей адамымен Кеилден шығып, әр жерге орын ауыстырып жүре бердi. Дәуiттiң қаладан кетiп қалғаны туралы хабар жеткенде Саул жорыққа шықпайтын болып шештi.


14Бұдан былай Дәуiт айдаладағы бой тасалайтын жерлерде және Зиф қаласына жақын елсiз қыраттарда жасырынып жүрдi. Саул оны күн сайын iздеумен болды, бiрақ Құдай Дәуiттi оның қолына түсiрмедi.


15Дәуiт Зифке жақын елсiз даладағы ну орманда жүрген кезiнде өзiн құртпақ болып Саулдың тағы да шығып келе жатқаны туралы бiлдi.

16Алайда Саул ұлы Жонатан Дәуiтке ну орманға келiп, оның Құдайға деген сенiмiн нығайтып:

17«Қорықпа! Әкемнiң қолына ешқашан түспейсiң. Сен Исраилдiң патшасы, ал мен сенен кейiнгi екiншi адамы боламын. Мұны әкем де жақсы бiледi», — деп жiгерлендiрдi.

18Екеуi Жаратқан Иенiң алдында достықтарын тағы да сертпен бекiттi. Содан соң Жонатан үйiне кетiп, Дәуiт ну орманда қала бердi.


19Сол тұста Зифтiң тұрғындары Гибеяға Саулдың алдына барып:

— Тақсыр, Дәуiт бiздiң жақта, ну ормандағы адам аяғы баспайтын жерлерде, Есiмонның оңтүстiгiндегi Һақила қырында тығылып жүр екен!

20О, патша иемiз, қалаған кезiңiзде бiзге келсеңiз, оны сiзге ұстап беру өз мiндетiмiз болмақ! — деп ұсыныс жасады.

21Саул былай деп жауап бердi:

— Маған жандарың ашығаны үшiн Жаратқан Ие сендердi жарылқасын!

22Барып, қайтадан бәрiн тексерiңдер! Дәуiттiң қай жерлерде жүретiнiн, оны кiмнiң көргенiн сұрастырып бiлiп алыңдар. Себебi жұрт оны нағыз айлакер дейдi.

23Оның тығылатын барлық жерлерiн жақсылап қарап шығып, маған нақты мәлiмет алып қайтып келiңдер! Сонда мен де сендермен бiрге шығамын. Егер ол сол аймақта болса, оны Яһуда руының күллi әулеттерiнен де iздеп, тауып аламын! — дедi.


24Келгендер Зифке Саулдан бұрын оралды. Сол кезде Дәуiт пен оның жiгiттерi Араба аймағындағы Мағон даласында, Есiмонның оңтүстiк жағында жүрген едi.

25Саул жауынгерлерiмен оларды iздеуге шықты. Дәуiт бұл туралы естiп, Мағон даласындағы жартасты төбеге ығысып, соны паналады. Саул мұны бiлiп алып, Дәуiттiң артынан сол жерге қарай беттедi.


26Саул қыраттың бiр жағымен жүрiп, ал Дәуiт пен қасындағы жiгiттерi құтылып кетуге асығып, қыраттың келесi жағымен кетiп бара жатты. Саул мен оның жауынгерлерi Дәуiттi қолға ендi-ендi түсiремiз деп, қоршай бастаған сәтте

27Саулға бiр хабаршы суыт келiп: «Тез жете көрiңiз! Фiлiстiрлер елiмiзге баса-көктеп шабуыл жасап жатыр!» — деген суық хабар әкелдi.

28Сонда Саул Дәуiттi қууын доғарып, фiлiстiрлерге тойтарыс беруге аттанды.

Сол күнi Дәуiт пен Саулды ажыратып тұрған жартасты қырат соңынан «Ажырату жартасы» деп аталып кеттi.


24

1 Дәуiт сол аймақты тастап, Ен-Геди маңындағы елсiз қыраттың қауiпсiз жерлерiне орналасты.

2Саул фiлiстiрлердi қуып тастап, қайта оралғаннан кейiн «Дәуiт Ен-Гедидiң елсiз қыратында жүр» деген хабар алды.

3Ол бүкiл Исраилден үш мың таңдаулы жауынгердi жинап, Дәуiт пен оның адамдарын «Жабайы Ешкiлер» жартастарының маңынан iздеуге шықты.

4Жол жиегiндегi қой қораларының қасында бiр үңгiр бар екен. Саул түзге отыру үшiн соған кiрдi. Дәл сол үңгiрдiң түкпiрiнде Дәуiт пен жiгiттерi жасырынып отырған едi.

5Жiгiттерi Дәуiтке сыбырлап былай дедi:

— Жаратқан Иенiң сiзге: «Мен қас жауыңды қолыңа тапсырамын, оған қалағаныңды iсте» дегенi, мiне, бүгiн iске асып тұр!

Сонда Дәуiт орнынан тұрып, Саулға жақындап барып, бiлдiрмей шапанының бiр шетiн кесiп қана алды.

6Бұдан кейiн мұнысына да ар-ұжданының алдында ұят сезiндi.

7Серiктерiне қайта оралып:

— Жаратқан Ие тағайындаған тақсыр иеме қарсы көтерiлiп, оған қол жұмсаудан Құдай сақтасын! Бұл Жаратқан Ие тағайындаған патша ғой! — деп


8тыйым салып, олардың Саулға бас салуларына жол бермедi.

Саул орнынан тұрып, үңгiрден шыққаннан кейiн

9Дәуiт те үңгiрден шығып, Саулдың соңынан: «Уа, патша ием!» — деп айқайлады. Саул артына қараған кезде Дәуiт басын жерге дейiн иiп тағзым етiп,

10Саулға:

— Бiреулердiң «Дәуiт сiзге қастық ойлап жүр» дегендерiне неге сенесiз? — деп дауыстады. —

11Үңгiрде болғаныңызда Жаратқан Ие сiздi қолыма тапсырып-ақ едi, соған ендi көз жеткiзе аласыз. Маған «Көзiн құртыңыз!» дедi, бiрақ мен: «Тақсыр иеме қол жұмсамаймын, ол Жаратқан Иенiң тағайындаған патшасы ғой!» деп, сiзге жаным ашыды.

12Қараңызшы, әке, шапаныңыздың бiр шетi, мiне, менiң қолымда! Оны жаңа ғана шапаныңыздан кесiп алдым, бiрақ өзiңiздi өлтiрмедiм. Содан менiң сiзге ешқандай қастық не бүлiк жасамағанымды бiлiп алыңыз.

Сiзге iстеген ешбiр жамандығым жоқ, ал өзiңiз қалайда жанымды алу үшiн артымнан қалмай жүрсiз.

13Екеуiмiздiң арамызда Жаратқан Ие төрелiк етсiн, сiзге кеткен есемдi Тәңiрдiң Өзi қайтарсын. Бiрақ өзiм сiзге қолымның ұшын да тигiзбеймiн.

14Ата-бабаларымыз: «Зұлымдықты зұлымдар жасайды» деп айтып кеткен емес пе? Сондықтан мен сiзге қолымның ұшын да тигiзбеймiн!


15Исраил елiнiң патшасы кiмге қарсы аттанды? Сiз кiмдi қуып жүрсiз? Бiр өлген иттi не титтей бүргенi емес пе?

16Жаратқан Ие төремiз болып арамыздағы дауды шешiп берсiн! Оның Өзi iсiмдi қарап, қорғап, менi қолыңызға түсiрмей, ақтап шығара көрсiн! — дедi.


17Дәуiт осы сөздердi айтып болғанда Саул:

— Дәуiт, балам-ау, бұл сен бе едiң? — деп дауыс көтере сұрап, егiле жылады.

18Содан кейiн: — Сен менен әлдеқайда әдiлсiң! Өзiңе iстеген зұлымдықтарыма жақсылықпен жауап қайтардың.

19Сен бүгiн де маған жақсылық жасап, соныңды iсiңмен дәлелдедiң. Жаратқан Ие қолыңа берiп тұрғанның өзiнде сен менi өлтiрмедiң!

20Қас жауы қолына түскен қандай адам оны аман-есен жiбере салады? Маған бүгiн iстегенiң үшiн Жаратқан Ие сенi молынан жарылқасын!


21Сенiң шүбәсыз патшалық құрып, Исраил патшалығының билiгi қолыңда берiк болатынын ендi бiлдiм.

22Ал қазiр менен кейiнгi ұрпақтарымды құртпауға, әрi әкемнiң әулетiнiң iшiнде есiмiмдi өшiрмеуге маған Жаратқан Иенiң алдында ант бер! — дедi.


23Дәуiт осылайша Саулға ант бердi. Бұдан соң Саул сарайына қайтып, Дәуiт адамдарын ертiп қыраттағы паналайтын жерлерiне көтерiлдi.

25

1Осы аралықта Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкiл Исраил халқы Рамаққа жиналды. Оны жоқтап аза тұтып, сүйегiн үйiнiң қасындағы қабiрге қойды.

Мұнан кейiн Дәуiт Мағон маңайындағы елсiз аймаққа қарай ығысты.


2Мағонда бiр өте бай адам тұрып жатты. Оның үш мың қойы, бiр мың ешкiсi және көршiлес Кәрмелде жайылымдық жерi де бар болатын.

3Бұл кiсiнiң есiмi Набал, әйелiнiң есiмi Әбигел едi. Әбигел өте ақылды да сымбатты әйел, ал Халептiң ұрпағынан тараған күйеуi Набал қатыгез де зұлым адам болатын.

Сол уақытта Набал Кәрмелде қойларын қырқып жатты.

4Қыратты далада жүрген Дәуiт бұл туралы естiп,

5он жас жiгiтiн Набалға жұмсап, оларға мынадай тапсырма бердi:

— Кәрмелге көтерiлiп, Набалмен амандасыңдар. Оған сәлемiмдi жеткiзiп,

6былай деңдер: Жеке басыңызға, үй iшiңiзге, бүкiл иелiгiңiзге амандық пен тыныштық тiлеймiз.

7Қазiр қойларыңызды қырқып жатқаныңыз туралы естiдiм. Шопандарыңыз жанымызда жүргенде бiз оларға ешқандай жәбiр көрсетпедiк. Қайта Кәрмел маңында малдарын бағып жүрген бүкiл уақытта олардан бiрде-бiр тұяқ жоғалған жоқ!

8Осыны қызметшiлерiңiзден сұрасаңыз болғаны, өздерi-ақ айтып бередi. Той үстiне келiп қалған екенбiз, мына жiберген жас жiгiттерiмдi жылы шыраймен қарсы ала көрiңiз. Осы қызметшiлерiңiз және iнiңiз Дәуiтпен қолыңыздағы барыңызбен бөлiссеңiз екен.


9Жiгiттер Дәуiттiң сәлемiн Набалға түгелдей жеткiзiп болып, үнсiз күтiп тұрып қалды.

10Бiрақ Набал оларға дөрекi жауап берiп:

— Дәуiт деген кiм өзi? Есейдiң бұл баласы кiм екен? Бүгiнде қожаларынан қашып, босып жүрген құлдар толып жүр!

11Нелiктен наным мен сусынымды, қырықтықшыларыма арнап сойылған малымның етiн қайдан келе қалғаны белгiсiз бiреулерге бере салуым керек?! — дедi.


12Жiгiттерi қайтып келiп, осы сөздердiң барлығын Дәуiтке баяндап бердi.

13Сонда ол адамдарына: «Семсерлерiңдi асыныңдар!» — деп бұйырды. Бәрi де, Дәуiттiң өзi де семсерлерiн асынып алды. Төрт жүздей адам онымен бiрге аттанып, қалған екi жүзi тұрақтаған жерлерiн күзетiп қалып қойды.


14Набалдың бiр қызметшiсi оның әйелi Әбигелге бұл туралы былай деп хабарлады: «Дәуiт қыратты аймақтан хабаршылары арқылы қожайынымызға сәлемiн жолдаған едi, бiрақ ол соларды балағаттап, қайтарып жiбердi!

15Алайда сол кiсiлер бiзге көп жақсылық жасап келдi. Жайлауда олардың жанында жүргенiмiзде бiзге ешқандай жәбiр көрсеткен жоқ, бiрде-бiр нәрсемiз жоғалған да емес.

16Қайта, қастарында қой баққан кездерiмiзде бiздi қамал сияқты күнi-түнi қорғап жүрдi.

17Ал ендi, не iстеу керектiгiн өзiңiз ойланып көрiңiз: мырзамызға және оның бүкiл үй iшiне қауiп төнiп тұр! Қожайынымыз зұлым адам, онымен ешкiм батып сөйлесе алмайды ғой».


18Сонда Әбигел дереу екi жүз таба нан, екi мес шарап, бес қойдың етiн, бiр қап қуырылған бидай, жүз бума кепкен жүзiм мен екi жүз бума кепкен iнжiр жемiстерiн алып, бәрiн есектерге тиеп,

19қызметшiлерiне: «Менен бұрын кете берiңдер! Мен арттарыңнан шығамын», — деп бұйырды. Күйеуi Набалға бұл туралы тiс жарған жоқ.


20Есекке мiнген Әбигел таудың ық жағымен төмен түсiп бара жатқанда оған қарсы Дәуiт жiгiттерiмен төмен түсiп келе жатыр екен. Осылайша олар бiр-бiрiмен кездестi.

21Ал Дәуiт Набалға қатты өшiгiп: «Сол кiсiнiң қыратты аймақтағы бүкiл мал-мүлкiне қарап, ештеңесiн жоғалтпай күзеткенiм бекер болыпты! Ол iстеген жақсылығыма жамандықпен қайтарып отыр, мiне!

22Егер таң атқанша оның иелiгiндегi еркектерiнiң бiрде-бiреуiн тiрi қалдырсам, Құдай менi жазалаған үстiне жазаласын!» — деген болатын.


23Әбигел Дәуiттi көрген бойда есегiнен түсе қалып, оның алдында басын жерге дейiн иiп тағзым еттi.

24Оның аяғына жығылып, былай деп өтiнiш жасады:

— Тақсыр ием, кiнә өз мойнымда! Күңiңiздiң сөйлеуiне рұқсат берiп, айтқандарына құлақ түре көрiңiз!

25Тақсыр ием, сол оңбаған Набалға көңiл бөлмеңiз. Есiмiнiң «Ақымақ» дегендi бiлдiретiнiндей, өзi де барып тұрған ақымақ. Ал мен жiберген жiгiттерiңiздi көрмей қалдым.


26Ендi Жаратқан Ие сiздi қантөгiстен, өшiңiздi өз қолыңызбен қайтарудан сақтап қалып отыр. Барлық жауларыңызбен сiзге жамандық тiлейтiндерге Құдай сол Набал тартуға тиiс жазаны тартқызсын!

27Мынау нөкер жiгiттерiңiзге беру үшiн мендей күңiңiздiң тақсыр иесiне алып келген сыйлары.


28Тақсыр, күңiңiздiң кiнәсын кешiре көрiңiз. Жаратқан Ие өзiңiзге және әулетiңiзге тұрақты патшалық құрғызады. Себебi Жаратқан Ие үшiн соғысып жүрсiз, әрi өмiр бойы ешбiр зұлымдық жасамай келесiз.

29Өлтiру үшiн сiздi бiреу қуып жүрсе де, өмiрiңiздi Құдай Иеңiз көзiнiң қарашығындай сақтайды, ал жауларыңыздың өмiрлерi сақпаннан атылған тас iспеттi ғайып болады.

30Тақсыр, Жаратқан Ие алдын ала уәде еткен игiлiктерiнiң бәрiн сыйлап, сiздi Исраилдiң көсемi етiп қойған кезде,

31адам баласының қанын бекерден-бекер төгiп, кегiмдi қайтардым-ау деген ой өзiңiздi мазалап жегiдей жемейтiн болады. Лайым Жаратқан Ие сiздi жарылқасын! Өзiңiз күңiңiздi есiңiзден шығара көрмеңiз.


32Сонда Дәуiт Әбигелге:

— Сенi бүгiн маған жолықтырып отырған Исраилдiң сиынатын Құдай Иесiне шүкiршiлiк!

33Керемет ақылыңмен менi қазiр қан төгiп, кек алудан сақтап қалғаның үшiн саған да көп рақмет!

34Менi өзiңе жамандық iстеуден бөгеп қалған Исраилдiң мәңгi тiрi Құдай Иесi куә: егер сен осылай тездетiп алдымнан шықпағаныңда, таң атқанша сол Набалдың еркектерiнiң бiрде-бiреуiн қалдырмаған болар едiм! — деп жауап бердi де,

35Әбигелдiң қолынан алып келгендерiн қабылдап: — Аман-есен үйiңе қайта бер. Сөздерiңе құлақ астым, бетiңдi қайтармаймын, — деп қоштасты.


36Әбигел үйiне қайтып келгенде Набал патшаның тойындай етiп дүркiретiп той өткiзiп жатыр екен. Көңiлi көтерiңкi, өзi әбден мас болып алыпты. Әйелi оған таңертеңге дейiн ләм-мим деген жоқ.

37Ертеңгiсiн Набалдың мастығы тарқағанда әйелi оған болған жайттың бәрiн айтып бердi. Сонда оның жүрегi шыдамай, тастай қатып сiресiп қалды.

38Шамамен он күннен кейiн Жаратқан Ие Набалға ажал жiбердi.


39Дәуiт Набалдың өлгенi туралы естiгенде: «Жаратқан Иеге шүкiршiлiк! Ол Набалдың менi жәбiрлегенiн әшкерелеп, өзiмдi ақтады және жамандық жасаудан сақтап қалды. Ендi Набалдың iстеген зұлымдығын оның өз басына қайтарды!» — дедi. Кейiн Дәуiт араға кiсi салып, Әбигелге үйленбек ниетiн бiлдiрдi.


40Уақыты жеткенде Дәуiттiң қызметшiлерi Кәрмелге келiп, Әбигелдi:

— Дәуiт бiздi сiзге жiбердi. Оған күйеуге шығу үшiн бiзге ерiп жүрсеңiз екен, — деп шақырды.


41Сонда Әбигел басын жерге дейiн иiп тағзым етiп:

— Тақсыр ием Дәуiттiң күңiмiн. Оның ең қарапайым тапсырмасын да орындауға дайынмын, — дедi.


42Әбигел дереу жолға жиналып, есегiне мiнiп, қасына бес қызметшi қызын ертiп алды. Осылай Дәуiттiң жолдас жiгiттерiне iлесiп барып, Дәуiтке күйеуге шықты.

43Сонымен Дәуiттiң екi әйелi болды, ол езрелдiк Ахиноғамға да үйленген едi.

44Ал Саул Дәуiтке ұзатқан қызы Михолды Дәуiттiң жоқ кезiнде ғалимдық Лаиш ұлы Палти есiмдi бiреуге қосқан болатын.

26

1Зифтiң халқы қайтадан Гибеяда тұрып жатқан Саулға барып, Дәуiттiң Есiмонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырында жасырынып жүргенi туралы айтып бердi.

2Саул қасына елдегi үш мың таңдаулы жауынгердi ертiп алып, Дәуiттi iздеуге Зиф маңындағы елсiз аймаққа қарай аттанып,

3Есiмонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырындағы жолдың бойына қосын тiктi. Елсiз қыратта жүрген Дәуiт өзiн Саулдың iздеп, соңына түскенiн ұғынды.

4Барлаушыларын жiберiп, оның шынымен келгенiн анықтап бiлдi.


5Содан кейiн Дәуiт Саулдың қос тiккен жерiне жақындап, (қырат басынан) Саул мен қолбасшысы Нер ұлы Әбенирдiң қай жерде жатқандарын мұқият қарап алды. Саул бекiнген тұрақтың ортасында, ал жауынгерлерi оны айналдыра қоршап жатыр екен.

6Дәуiт хеттiк Ахимәлiктен және Сарұяның ұлы, Жоғабтың iнiсi Әбiшайдан: «Менiмен бiрге Саулдың қосына қайсың барасың?» — деп сұрағанда, «Сiзбен бiрге мен барайын», — деп, Әбiшай баратын болды.

7Дәуiт пен Әбiшай түн жамылып, әскер қосына қарай төмен түстi. Саул бекiнген тұрақтың ортасында, сүңгiсi бас жағында жерге қадаулы күйi ұйықтап, ал Әбенир мен жауынгерлер оны қоршап жатыр екен.


8Әбiшай Дәуiттен:

— Бүгiн Құдай жауыңызды қолыңызға түсiрiп отыр. Оны сүңгiмен жерге қадап тастауға рұқсат етiңiз. Мен бiр ұрсам болды, екiншi рет ұрып жатпаймын! — деп өтiнген едi.


9Бiрақ Дәуiт оған тыйым салып:

— Оны өлтiрушi болма! Жаратқан Ие тағайындаған патшаға қол көтерген адам айыпсыз қалмайды.


10Мәңгi тiрi Тәңiр Иенiң алдында шын айтамын: Оның Өзi Саулды өлтiретiн болады. Не уақыты жетiп қайтыс болады, не соғысқа шығып қаза табады.

11Бiрақ Өзiнiң тағайындаған патшасына қол тигiзу дегеннен Жаратқан Ие сақтай көрсiн! Одан да бас жағындағы сүңгiсi мен құмырасын ал, сосын кетейiк, — деген едi.


12Осылай Дәуiт Саулдың бас жағындағы сүңгiсi мен су құятын құмырасын алып, екеуi сол жерден кетiп қалды. Ешкiм оларды көрген де, бiлген де жоқ, тiптi ешкiм оянған да жоқ. Жаратқан Ие жауынгерлердi терең ұйқыға батырғандықтан бәрi қатты ұйықтап жатты.

13Дәуiт сайдың арғы бетiне өтiп, әскер қосынан алысырақ жердегi қырат басына шықты. Олардың арасы бiрталай қашық болды.

14Сол жерден Дәуiт әскерге және Нер ұлы Әбенирге:

— Менi естiп тұрсың ба, Әбенир! — деп дауыстады.

— Айқайлап, патшаны мазалап тұрған сен кiмсiң, өзi? — деп жауап бердi ол.

15Дәуiт:

— Әбенир, сен ер жiгiтсiң ғой! Исраил елiнде саған тең келер ешкiм жоқ! Олай болса, неге патшаңды дұрыстап қорғамайсың? Себебi патшаны құрту үшiн халық арасынан бiреу келiп кеттi!

16Сенiң бұның дұрыс емес. Мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң алдында шын айтамын: Оның тағайындаған патшасын дұрыстап күзетпегендерiң үшiн сендер өлiм жазасына лайықсыңдар! Iздеп көр: патшаның бас жағындағы сүңгiсi мен құмырасы қайда? — деп айқайлады.

17Дәуiттiң даусын таныған Саул:

— Бұл сенбiсiң, Дәуiт балам-ау? — деп сұрады.

— Иә, патша ием! — деп жауап берген Дәуiт

18сөзiн жалғастырып былай дедi: — Уа, патша, бұл пендеңiздiң соңына неге түсiп жүрсiз? Мен не iстеп қойдым, жазығым не?

19Тақсыр ием, айтқаныма құлақ аса көрiңiз! Егер сiздi маған қарсы қойып отырған Жаратқан Ие болса, онда Ол күнәмның құнын өтейтiн құрбандығымды қабылдай көрсiн. Ал егер осыны iстеп отырған адамдар болса, оларды Жаратқан Иенiң қарғысы атсын! Олардың менi Жаратқан Иенiң өз жерiнен қуып жүргендерi «Кет, жалған тәңiрлерге табын!» деп азғырумен тең.

20Жаратқан Иеден алыс жерде қанымның төгiлуiне жол бермеңiз! Исраилдiң патшасы бiр бүргенi қудалап, таудағы құр құсының iзiне түскендей, соңымнан қалмай қуып жүр!


21Сонда Саул:

— Мен күнә жасадым. Қайтып кел, Дәуiт балам! Өмiрiмдi қымбат көрiп, бүгiн менi өлтiрмегенiң үшiн бұдан былай саған жамандық iстемеймiн! Мен ақымақтық жасап, өте көп қате жiбердiм, — деп дауыстап жауап қайтарды.


22— Мынау патшаның сүңгiсi, — дедi Дәуiт. — Бiр нөкер жiгiтiңiз келiп, оны алып кетсiн.

23Жаратқан Ие әрбiр адамға оның әдiлдiгi мен сенiмдiлiгiне қарай сыйын бередi. Тәңiр Ие сiздi бүгiн қолыма берсе де, мен Оның тағайындаған патшасына қарсы қол көтеруден бас тарттым.

24Сiздiң өмiрiңiздi бүгiн қалай қымбат көрген болсам, Жаратқан Ие де менiң өмiрiмдi солай қымбат көрiп, қиындық атаулыдан құтқара көрсiн! —

25Саул:

— Жарылқана бер, Дәуiт балам! Небiр iстердi тындырып, жеңiске қол жеткiзетiн боласың, — деп оған батасын бердi. Содан соң Дәуiт өз жөнiне кеттi, ал Саул сарайына оралды.

27

1Бiрақ Дәуiт iштей: «Қалайда күндердiң күнi Саулдың қолынан құримын. Ең жақсысы, тездетiп фiлiстiр елiне қашып құтылу. Сонда Саул менi бүкiл Исраилде iздеуiн қойып, оның қолынан сытылып кетемiн», — деп ойлады.

2Осылайша Дәуiт пен оның жанында жүрген алты жүз адам жолға жиналып, Ғаттың патшасы Мағох ұлы Анхұсқа қарай өтiп кеттi.

3Олар Ғат қаласына Анхұстың жанына орналасты. Әрқайсысы өзiнiң отбасын ала келген едi, Дәуiттiң екi әйелi, езрелдiк Ахиноғам мен Набалдың жесiрi кәрмелдiк Әбигел де қасында болды.

4Дәуiттiң Ғатқа қашып кеткенiн Саул да бiлiп, оны ендi қайтып iздемейтiн болды.


5Дәуiт Анхұстан: «Тақсыр, рақым етiп, бiзге далалы жерде қоныстануға бiр қалашықты беруге бұйыра көрiңiз. Бiз осында патшаның қаласында тұрып, сiздердi әуреге салмай-ақ қояйық», — деп өтiндi.

6Анхұс оған тұруға Секеләгтi бердi. Сол кезден бастап қазiрге дейiн осы қалашық Яһуда патшасының қарамағында болып келедi.


7Дәуiт фiлiстiр елiнде барлығы бiр жыл төрт ай тұрды.

8Ол адамдарымен аттанып, Гесур, Гирзе және Амалек тайпаларына шабуыл жасап отырды. Бұлар көп уақыттан берi Шур мен Мысыр елiнiң арасындағы жердi қоныстанып келген едi.

9Дәуiт қай жерге шабуыл жасаса да, еркек болсын, әйел болсын, ешкiмдi тiрi қалдырмай, тек олардың қой-ешкi, мүйiздi iрi қаралары мен есек-түйелерiн және киiм-кешектерiн тонап, Анхұстың жерiне қайтатын.

10Анхұс: «Бүгiн еш жаққа шабуылға шыққан жоқсыңдар ма?» — деп сұраса, Дәуiт Яһуданың, Ерахмел тайпасының, я болмаса Кен тайпасының оңтүстiк жағына аттанғандары туралы айтатын.

11Дәуiттiң еркектер мен әйелдердi тiрi қалдырмай, Ғат елiне ешқандай тұтқын алып келмеуiнiң себебi, олар Анхұсқа «Дәуiт былай iстедi» деп шағым айтар деген күмәны болды. Фiлiстiрлермен бiрге тұрған кезде Дәуiт үнемi осылай әрекет етiп жүрдi.


12Анхұс Дәуiтке иланып: «Ол өз халқы Исраилдiң алдында әбден жеккөрiнiштi болды. Сол себептi мәңгi-бақи менiң қызметшiм болып өтедi», — деп ойлады.

28

1Сол күндерi Исраилге қарсы соғыс ашпақ болып, фiлiстiрлер жасақшыларын жинады. Анхұс Дәуiтке:

— Бiлiп ал: сен адамдарыңмен бiрге маған ерiп, әскерге қосыласың! — деп бұйырды.

2Дәуiт:

— Ендi қызметшiңiздiң не iстей алатынын көретiн боласыз, — дегенде Анхұс:

— Онда сенi өмiр бойы жеке басымды қорғайтын сақшым етiп тағайындаймын, — деп жауап бердi.

Саулдың бақсы әйелден ақыл сұрауы


3Бұдан бұрын Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкiл Исраил оны жоқтап аза тұтып, туған қаласы Рамақтағы қабiрге қойған едi. Саул барлық бақсы-балгерлердi елден қуып жiберген болатын.


4Фiлiстiр әскерлерi жиналып, Сонамға барып, сол жерге қостарын тiктi. Саул да Исраилдiң барлық ер адамдарын жинап алып, олар Гелбуе қыратына орнықты.

5Саул фiлiстiрлердiң әскерлерiн көргенде шошып, жүрегi қатты дiрiлдеп кетiп,

6Жаратқан Иеден ақыл сұрады. Бiрақ Жаратқан Ие оған не түсiндегi аяны, не қасиеттi жеребе, не болмаса пайғамбарлар арқылы жауап бермедi.

7Сонда Саул нөкерлерiне:

— Маған бiр бақсы әйелдi табыңдар! Мен оған барып, ақыл сұрап көрейiн, — деп бұйырды. Олар:

— Жақын жердегi Айн-Дорда бiр бақсы әйел бар, — дедi.


8Саул өзiн танымайтындай етiп киiмiн өзгертiп киiндi. Екi жiгiтiн ертiп алып, сол жаққа қарай жүрiп кеттi. Олар түн iшiнде әйелге келдi. Саул одан:

— Өтiнемiн, мен үшiн сәуегейлiк жасап, айтқан адамымның аруағын шақырып берiңiзшi, — деп сұрады.

9Әйел:

— Саулдың не iстегенiн бiлетiн шығарсыз. Ол бақсы-балгерлердi елден қуып жiбердi ғой. Сiз неге көзiмдi құртпақ болып, маған тұзақ құрып отырсыз? — дедi.

10Бiрақ Саул оған:

— Мәңгi тiрi Құдайдың алдында шын айтамын: осы iс үшiн ешқандай қасiрет шекпейсiз, — деп ант еттi.

11Әйел:

— Сiзге кiмдi шақырып берейiн? — деп сұрағанда Саул:

— Самуилдi шақырыңыз, — дедi.

12Әйел Самуилдi көргенде қатты шыңғырып:

— Менi неге алдадыңыз? Сiз Саулсыз ғой! — деп айқайлады.

13Патша:

— Қорықпа! Не көрiп тұрсың? — деп сұрады.

— Мен жер астынан шығып келе жатқан, билерге ұқсайтын бiреудi көрiп тұрмын.


14— Оның түрi қандай?

— Бұл үстiне ұзын шапан киген кәрi адам, — деп жауап бердi әйел. Сонда Саул оның Самуил екенiн бiлдi де, басын жерге дейiн иiп тағзым еттi.


15Самуил Саулға:

— Сен неге мазамды алып, менi шақыртып тұрсың? — деп наразылық бiлдiрдi. Саул:

— Мен қатты қорқып тұрмын. Фiлiстiрлер маған қарсы соғыс ашты. Ал Құдай менен бас тартып, ендi маған не пайғамбарлар, не түс арқылы жауап бермей отыр. Сол себептi маған не iстеуiм керек екенiн бiлдiру үшiн сiздi шақырттым, — дедi.


16Сонда Самуил оған мынаны айтты:

— Жаратқан Ие өзiңнен бас тартып, жауыңа айналғаннан кейiн не үшiн менен ақыл сұрайсың?

17Тәңiр Ие мен арқылы алдын ала айтқандарын ендi жүзеге асырып, патшалық билiктi қолыңнан жұлып алып, маңайыңдағы бiреуге, яғни Дәуiтке тапсырды.

18Сен Құдайдың айтқанына құлақ аспай, Оның Амалекке шығарған қаһарлы үкiмiн орындамай кеткендiктен Жаратқан Ие бүгiн саған осыны iстеп отыр.

19Ол Исраил халқын да, өзiңдi де фiлiстiрлердiң қолына түсiредi: ертең сен ұлдарыңмен бiрге менiң қасыма аттанасыңдар. Жаратқан Ие Исраил әскерiн де фiлiстiрлердiң қолына түсiредi.


20Саул Самуилдiң осы айтқандарынан зәресi ұшып, кенет етпетiнен жерге құлап түстi. Ол бiр тәулiк бойы нәр татпағандықтан әлсiреп қалған едi.


21Әйел Саулдың қасына келiп, оның қатты қорқып кеткенiн көрiп:

— Тақсыр ие, мен сiздiң айтқаныңызға құлақ асып, басымды өлiмге тiгiп, тiлегiңiздi орындадым.

22Ендi сiз де менiң айтқаныма құлақ аса көрiңiз. Сiзге дастарқан жайып, аздап тамақ алып келейiн. Содан дәм татып, жөнiңiзге кету үшiн әлденiп аларсыз, — дедi.

23Саул:

— Ештеңе жемеймiн, — деп бас тартты.

Бiрақ екi нөкер жiгiтi мен әйел оны көндiрiп, Саул орнынан тұрып, төсек үстiне жайғасып отырды.


24Әйелдiң қорада бордақыланған бұзауы бар болатын, соны тездетiп сойып, етiн пiсiрiп, ұннан қамыр илеп, ашытқысыз нан пiсiрдi.

25Осыларды Саул мен нөкерлерiне ұсынды. Олар тамақ iшiп болған соң сол түнi кетiп қалды.

29

1Осы кезде фiлiстiрлер барлық әскерлерiн Әфектiң маңына жинап, исраилдiктер Езрелдiң жанындағы бұлақ көзiнiң қасына қостарын тiккен едi.

2Фiлiстiр көсемдерi әскерлерiн жүзге, мыңға бөлiп, сапқа тұрғызып өткiздi. Дәуiт пен оның адамдары Анхұсқа ерiп артқы жақта келе жатты.

3Фiлiстiр әмiршiлерi:

— Мына исраилдiк жалдамалылар мұнда не iстеп жүр? — дегенде Анхұс:

— Бұл бұрын Исраил патшасы Саулдың нөкерi болған Дәуiт қой. Бiр жылдан астам уақыт бойы қасымда жүр. Бiздiң жаққа өтiп келген күннен берi оның бойынан сезiктi ештеңенi байқамадым, — деп түсiндiрдi.

4Бiрақ фiлiстiр әмiршiлерi Анхұсқа ашуланып, мынадай талап қойды:

— Бұл адамды керi қайтар. Сен өзiне белгiлеген жерiне қайта оралсын. Оның бiзбен бiрге шайқасқа шығуына болмайды. Әйтпесе ол ұрыс барысында бiзге қарсы шыға келедi. Оған өзiнiң тақсыр иесiнiң рақымына қайтадан ие болу үшiн бiздiң адамдардың бастарын алудан артық шара жоқ қой!

5Мына өлең Дәуiт туралы айтылған жоқ па едi:


6Сонда Анхұс Дәуiттi өзiне шақырып алып:

— Мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң алдында шын айтамын: сен адал адамсың, жорыққа бiрге шыққаның жақсы болар едi. Қасыма келген күннен берi сенен жаман қылық көрген жоқпын. Бiрақ басқа көсемдер саған сенбей отыр.

7Сол себептi бұрылып, аман-есен керi қайт, оларға ұнамсыз ештеңе жасама, — дедi.

8Дәуiт:

— Мен не iстеп қойдым, тақсыр? Сiзге қызметке тұрғалы менен қандай кiнә таптыңыз? Мен неге сiздермен бiрге барып, патша иемнiң жауларына қарсы күреспеймiн? — деп наразылық бiлдiрдi.

9Анхұс:

— Бiлемiн, бiлемiн, сен менiң алдымда Құдайдың перiштесiндей адалсың! Бiрақ фiлiстiр әмiршiлерi сен туралы «Оның бiзбен бiрге шайқасқа шығуына болмайды» деп шешiм қабылдады.

10Сондықтан ертең ертемен сен және бұрынғы иеңнiң қызметшiлерi болған барлық серiктерiң тұрып, жарық түсiсiмен жолға шығыңдар! — деп бұйырды.


11Дәуiт күн шығысымен адамдарымен бiрге жолға шығып, фiлiстiр елiне қайта оралды. Ал фiлiстiр әскерлерi Езрелге қарай өрлеп кеттi.

30

1Дәуiт адамдарымен үшiншi күнi Секеләгке жеттi. Ал амалектiктер Яһуда жерiнiң оңтүстiгiне және Секеләгке жорыққа аттанып, бұл қалаға шабуыл жасап, өртеп жiберген едi.

2Ондағы әйелдер мен үлкендi-кiшiлi адамдардың барлығын да тұтқындап, ешқайсысын өлтiрмей, өздерiмен бiрге алып кеткен болатын.


3Дәуiт сарбаздарымен Секеләгке жеткенде, қала өртелген, ал әйелдерi мен ұл-қыздары айдалып әкетiлген екен.

4Сонда бәрi дауыстап жоқтап, әлдерi құрығанша егiлiп жылай бердi.

5Дәуiттiң екi әйелi, езрелдiк Ахиноғам мен кәрмелдiк Набалдың жесiрi Әбигел де тұтқындалыпты.

6-7 Сарбаздар ұл-қыздарын жоқтап, ызаланып, тiптi: «Дәуiттi таспен атқылап өлтiремiз!» — дестi. Осылайша Дәуiттiң жағдайы аса қиын болды. Бiрақ ол Құдай Иесiне сиынып, Одан күш-қуат алды.

Содан Дәуiт Ахимәлiк ұлы Абиятардан: «Бас дiни қызметкердiң жеңсiз сырт киiмiн алып кел», — деп өтiндi. Дiни қызметкер оны әкелген соң,

8Дәуiт Жаратқан Иеден:

— Осы шапқыншы әскердiң соңына түсейiн бе? Оларды қуып жете аламын ба? — деп сұрады. Жаратқан Иенiң жауабы мынау болды:

— Соңына түс, қуып жетесiң, құтқарып та аласың!


9Сонда Дәуiт қасындағы алты жүз сарбазымен жорыққа шығып, Босор сайының жағасына жеттi. Алайда олардың кейбiреулерi сол жерде қалып қойды.

10Себебi екi жүз жiгiтiнiң қатты шаршағандықтан сайдың арғы бетiне өтуге шамалары келмедi. Қалған төрт жүз адамымен Дәуiт қуғынын ары қарай жалғастыра бердi.

11Жолшыбай олар далада жатқан бiр мысырлық жiгiттi тауып, оны Дәуiтке алып келдi. Оған су iшкiзiп,

12жеуге нан, кепкен iнжiр жемiстерiн және екi бума кепкен жүзiм бердi. Жiгiт үш тәулiк бойы нәр татпаған екен. Жүрек жалғап, әл жинап алғаннан кейiн

13Дәуiт одан:

— Қай жақтың адамысың? Аты-жөнiң кiм? — деп сұрастыра бастады. Жiгiт:

— Мен мысырлық сарбазбын, бiр амалектiктiң құлымын. Ауырып қалған менi қожайыным бұдан үш күн бұрын тастап кеттi.

14Бiз кереттiктердiң оңтүстiк жағына, Яһуданың жерiне және Калебтiң оңтүстiк жағына шабуыл жасап, Секеләгтi өртеп жiберген едiк, — дедi.

15Дәуiт:

— Менi сол әскерге бастап алып барасың ба? — деп сұрады. Ол:

— Менi өлтiрмеймiн, қожайыныма қайтарып бермеймiн деп Құдайдың атымен ант етсеңiз, сiздi соларға бастап алып барамын! — дедi.


16Сонымен жiгiт Дәуiт пен серiктерiн амалектiктер кеткен жаққа бастап алып жүрдi. Тiккен қостарына таяп, қараса, амалектiктер бiр кең жерге жайылып, фiлiстiрлердiң және Яһуданың елдерiнен қолдарына түсiрген ұлан-ғайыр олжаларына бола iшiп-жеп, тойлап жатыр екен.

17Дәуiт сарбаздарымен оларға ымырт жабыла бас салып, келесi күннiң кешiне дейiн шайқасты. Түйелерiне мiнiп қашып кеткен төрт жүз жас жiгiттен басқа амалектiктердiң ешбiреуi құтыла алмады.


18Дәуiт осылайша амалектiктердiң алып кеткендерiнiң бәрiн де, өзiнiң екi әйелiн де құтқарып алды.

19Сарбаздардың үлкендi-кiшiлi адамдарынан, ұл-қыздары мен жинаған олжаларынан, амалектiктердiң бұлардан қолға түсiргендерiнен ештеңе де жоғалмапты, Дәуiт бәрiн де қайтарып алды.

20Оның үстiне жаудың бүкiл iрiлi-ұсақты малдарын да қолына түсiрдi. Адамдары осы малдарды өз малдарынан бұрын айдап, «Бұл Дәуiттiң олжасы!» — дестi.

Олжаның тең бөлiнуi туралы шешiм


21Қатты қалжырап, ере алмайтын болғандықтан Босор сайының жағасында қалдырып кеткен екi жүз адамына жақындап келгенде, олар Дәуiт пен оның жанында жүргендердiң алдарынан шықты. Дәуiт оларға жолығып, амандық сұрасты.

22Бiрақ онымен бiрге болғандардың iшiндегi кейбiр пасық, оңбаған адамдар:

— Бұлар бiзбен бiрге шайқасқа барған жоқ, ендеше бiз қолға түсiрген олжадан оларға үлес жоқ! Әйелдерi мен балаларын алсын да соған қанағаттансын! — дедi.

23Бiрақ Дәуiт:

— Бауырларым, Жаратқан Иенiң бiзге сыйлағандарымен олай iстемеңдер! Тәңiр бiздi аман-есен қорғап, шапқыншыларды қолымызға түсiрдi емес пе!?

24Сендердiң бұл ұсыныстарыңа кiм құлақ түредi? Керiсiнше,

Бiрдей болсын үлесi
Қарауылда қалғанның,
Шайқасқа аттанғанның!

Олжа бәрiне бiрдей бөлiнсiн! — деп шештi.

25Сол күннен бастап Дәуiт мұны Исраилдегi мiндеттi ереже ретiнде бекiттi. Ол әлi күнге дейiн сақталып келе жатыр.


26Дәуiт Секеләгке қайта оралған соң, олжаның бiразын Яһуда елiнiң өзiмен достасқан рубасыларына жiберiп: «Бұл сiзге Жаратқан Иенiң жауларынан түскен олжадан сыбаға!» — деген сәлемiн жолдады.

27Дәуiттiң тартулар жiберген жерлерi мыналар едi: Бетел, оңтүстiктегi Рамот, Ятир,

28Ароир, Сифмот, Естемоға,

29Рахал, ерахмелдiктер мен кендiктердiң қалалары,

30Хорма, Хорашан, Атах,

31Хеброн және өзi адамдарымен бiрге барып тұрған барлық басқа жерлер.

31

1Осы екi арада фiлiстiрлер исраилдiктерге қарсы соғысып, исраилдiктер олардан қашып, көбi Гелбуе тауында қаза тапты.

2Фiлiстiрлер Саул мен ұлдарының соңына түсiп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап пен Мәлхисуаны өлтiрдi.

3Саулдың айналасындағы шайқас күшейе түстi. Садақшылар оны жебемен атып, ауыр жаралады.


4Саул өзiнiң қару-жарақ тасушы нөкерiне: «Семсерiңдi суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар келiп, маған бiлгендерiн iстеп масқара қылмасын!» — дедi. Бiрақ нөкерi қатты қорқып, бұны iстеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерiн суырып алып, оны өзiне қарай қаратты да, үстiне құлап түстi.

5Қару тасушы нөкерi Саулдың мерт болғанын көргенде ол да дәл солай өзiн-өзi өлтiрдi.

6Осылайша сол күнi Саул мен оның үш ұлы да, қару тасушы және барлық нөкерлерi бiрдей қаза тапты.


7Аңғардың арғы бетiндегi және Иордан өзенiнiң ар жағындағы исраилдiктер әскердiң қашқанын, Саулдың ұлдарымен қоса қаза тапқанын көргенде, тұрған қалаларын тастап, қаша жөнелдi. Ал фiлiстiрлер келiп, сол қалаларды басып алды.


8Келесi күнi фiлiстiрлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өлiп жатқан Саул мен оның үш ұлының өлiктерiне тап болды.

9Олар Саулдың басын шауып алып, қару-жарағын иемдендi. Осы хабарды бүкiл фiлiстiр елiне, сиынатын тәңiрлерiнiң ғибадатханаларында және халық арасына тарату үшiн шабармандарын жiбердi.

10Саулдың қару-жарағын Аштар деген жалған тәңiрдiң ғибадатханасына қойып, сүйегiн Бет-Шан қамалының қабырғасына iлiп қойды.


11Бiрақ Ғалақадтағы Ябестiң тұрғындары фiлiстiрлердiң Саулға iстеген қорлығы туралы естiгенде,

12қаланың мықты деген ер азаматтары жиналып, сапарға аттанды. Олар түнi бойы жол жүрiп, Бет-Шанның қабырғасынан Саул мен үш ұлының мәйiттерiн түсiрiп алды. Оларды Ябеске әкелiп, сонда өртеп жiбердi.

13Сүйектерiн Ябесте бiр жыңғыл ағашының түбiндегi қабiрге қойып, жетi күн бойы ораза ұстап, оларды жоқтады.