0


Жазба туралы мәлiмет

Мұнда Дәуiт пайғамбардың арғы ата-әжесi бастарынан өткiзген қызғылықты да тәлiмдi оқиға туралы баяндалған. Ол Жақыптың үрiм-бұтағы уәделi елге орналасқаннан кейiнгi уақытта, шамамен б.з.д. 12-ғасырда орын алды. Сол кезде елге жау шабуыл жасағанда халықты шайқасқа бастап шығып, құтқаратын билердi (яки батырларды) Жаратқан Иенiң Өзi тағайындап отыратын. Алайда халықтың көпшiлiгi Құдайдың еркiне мойынсұнбай, өз беттерiмен жүрдi.

Моаб ұлтынан шыққан Рут жастай жесiр қалғанымен, енесi Нағимаға (ол да жесiр әйел) адалдық танытады. Рут өзiнiң туған елiн тастап, енесiне ерiп, жалғыз Құдай — Жаратқан Иеге қызмет ету үшiн Исраил халқына қосылуға бел байлайды.

Жаратқан Ие шетелдiк батыл келiншектi жарылқап, енесi екеуiне қамқор болатын туысқаны Боғозға кездестiредi. Қала жұртшылығы арасында абыройлы Боғоз Құдайдың бұйырған салт-дәстүрлерiне адал болып, осы бейшара жесiрлерге жомарттық көрсетiп, соңында Рутқа үйленедi.

Бұл әңгiме Құдай Тағаланың зор сүйiспеншiлiгiн айқын көрсетедi. Құдай Исраил халқына өмiр жолында басшылыққа алатын жақсы ережелер бердi. Мысалы, егер бiреу бақытсыздыққа ұшырап, мұра еткен жер үлесi мен мал-мүлкiн, тiптi әйелi, балалары және өз басын құлдыққа сатуға мәжбүр болса, онда бiр туысқаны сол бейшара жанұяға қамқоршы болып, құнын төлеп олардың бас бостандығы мен меншiгiн қайтаруға мiндеттi едi. Құдай Өзiне сенiп, еркiне бағынғандарды жарылқайтын.

Ал Рут — Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның таңдап алған халқына қосылған басқа ұлт адамдарының жарқын үлгiсi. Осында бiр маңызды жайт көрсетiледi: Құдай адамдарды олардың ұлтына қарай емес, Өзiне деген сенiмдерiне қарай қабылдайды. Рут бөтен ұлттан болса да, Құдайдың халқына қабылданып, Боғоз екеуiнiң немересi Есейден ұлы патша әрi пайғамбар Дәуiт туды (4:22). Бiрнеше ғасырдан кейiн осы әулеттен бүкiл адамзаттың Құтқарушысы — Мәсiх дүниеге келдi (Матай 1:5-6).

1

Жесiр әйелдiң адал келiнi


1Исраилдi билер басқарып тұрған заманда бiрде елдi аштық жайлады. Сонда Яһуда руының Бетлехем қаласынан Елiмәлiк есiмдi бiреу әйелi мен екi ұлын ертiп, Моаб елiне уақытша көшiп барды.

2Елiмәлiктiң әйелiнiң аты Нағима, ал екi ұлының аттары Махлон және Килион болатын. Олар ефраталықтар, Яһуда жерiндегi Бетлехем қаласының тұрғындары едi. Осылай отбасы Моаб елiне жетiп, сонда тұрып қалды.


3Алайда күйеуi Елiмәлiк қайтыс болып, Нағима екi баласымен жесiр қалады.

4Ұлдары моабтық қыздарға үйленедi, бiр келiнiнiң аты Орпа, екiншiсiнiкi Рут болды. Отбасы Моаб елiнде он жылдай тұрғаннан кейiн

5Нағиманың ұлдары Махлон мен Килион да қайтыс болады. Сонымен әйел күйеуi мен ұлдарынан айырылып, жалғыз қалады.


6Моаб елiнде жүрген Нағима Құдай Өзiнiң таңдап алған халқы Исраилдi жарылқап, елде астықтың бiтiк шыққанын естидi. Сонда ол Моаб жерiнен екi келiнiн ертiп өз елiне керi қайтуға жиналады.

7Сонымен олар уақытша тұрған мекен-жайын тастап, Яһуданың жерiне қарай сапарға шығады.


8Жолшыбай Нағима келiндерiне:

— Ал ендi, сендер әке-шешелерiңнiң үйлерiне қайтыңдар. Менiң өзiме, марқұм ұлдарыма адал да мейiрiмдi болып келдiңдер. Лайым сендерге сол үшiн Жаратқан Ие рақымын түсiрiп,

9жақсы күйеу мен жайлы баспана сыйлай көрсiн! — деп батасын берiп, беттерiнен сүйдi.

Бiрақ олар зар еңiреп жылап:


10— Сiзбен бiрге бiз де ел-жұртыңызға барайықшы, — деп өтiндi.


11Алайда Нағима:

— Қыздарым, үйлерiңе қайтсаңдаршы! Маған несiне ересiңдер? Сендерге үйлене алатын басқа ұлдарым жоқ қой.

12Керi қайтыңдар, қарақтарым! Өзiм ендi күйеуге шығуға кәрiмiн. Тiптен бүгiн күйеуге шығып, ұлды болармын деген үмiтiм болған күнде де,

13олар ер жеткенше күте алар ма едiңдер? Соларға бола күйеуге шықпай жүре берер ме едiңдер? Жоқ, қыздарым, Жаратқан Иенiң маған жiберген қайғысын бiрге бөлiсiңдер деп сендердi ұстауым дұрыс болмас, — деп жауап бердi.


14Екеуi бұрынғыдан бетер зар еңiреп жылады. Соңында Орпа енесiнiң бетiнен сүйiп қоштасты, ал Рут одан айырылмай қалып қойды.

15Нағима Рутқа:

— Көрдiң ғой, абысының ел-жұртына және сиынатын тәңiрлерiне қайта оралды. Сен де оның iзiмен керi қайт, — дедi.


16Алайда Рут:

— Сiздi тастап, қайта оралуға менi қинай көрмеңiз. Сiз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қайда тұрсаңыз, мен де сонда тұрамын. Сiздiң халқыңыз менiң халқым, сiздiң Құдайыңыз менiң Құдайым болады!

17Қайда өлсеңiз, мен де сонда өлiп, жерленемiн. Егер мен бұ дүниеден кеткенше сiзден ажырасам, менi Жаратқан Ие жазалаған үстiне жазалай түссiн! — деп тұрып алды.


18Руттың өзiмен бiрге жүруге белдi бекем буғанына көзi жеткен Нағима оны әрi қарай үгiттеуiн доғарды.


19Сонымен екеуi Бетлехемдi бетке алып, жүрiп кеттi. Оған жеткенде қала халқы толқып:

— Ойбай-ау, мынау Нағима ғой?! — дестi.


20Сонда ол:

— Менi Нағима емес, Мара деп атаңдар, — дедi. (Нағима «Бақытты», ал Мара «Қайғылы» дегендi бiлдiредi.) — Себебi құдiреттi Құдай маған қайғылы өмiр бұйырды.


21Бұл жерден үй iшiмiз түгел аттанған едiк, ал ендi Тәңiр Ие менiң қу басымды қайтарып отыр. Құдiреттi Құдай басыма қайғы-қасiрет түсiрген соң, сендер менi несiне Бақытты деп атайсыңдар?


22Осылай Нағима моабтық келiнi Рутпен бiрге Моаб елiнен қайта оралған едi. Олар Бетлехем қаласына келгенде арпаны жаңа жинай бастаған кез болатын.

2

1Нағиманың марқұм күйеуi Елiмәлiктiң Боғоз есiмдi аталас туысы бар едi. Боғоз абыройлы да ауқатты кiсi болатын.


2Бiр күнi моабтық Рут Нағимаға:

— Мен егiндiкке барайын. Қайырымды бiреу кездесiп қалар, соның артынан жүрiп, масақ терейiн, — дедi.

— Жақсы, қызым, бара ғой, — деп келiстi енесi.


3Рут егiстiкке барып, орақшылардың соңынан жүрiп, жинағанда қалып қойған масақтарды тере бастады. Бұл танап Елiмәлiктiң туысы Боғоздың меншiгi болып шықты.


4Сол кезде Бетлехемнен Боғоз да келiп, орақшыларымен:

— Ассалаумағалайкүм! — деп амандасып, олар:

— Уағалайкүмассалам! — деп жауап қайырды.


5Боғоз олардың басқарушысынан:

— Мынау кiмнiң қызы? — деп сұрағанда,

6ол:

— Бұл Моаб елiнен Нағимаға ерiп келген моабтық жас келiншек.

7Орақшылардың артынан жүрiп, баулардың арасында түсiп қалған масақтарды теруге рұқсат сұрады. Таң атқаннан берi еңбектенiп жүр, күркеде аз-ақ демалды, — деп жауап бердi.


8Сонда Боғоз Рутқа қарап:

— Қызым, сөзiме құлақ сал. Басқаның егiстiгiне масақ теруге бармай-ақ қой. Осында менiң қызметшi қыздарымның қасында жүрiп, тере бер.

9Қай жақта орып жатқандарын байқап жүрiп, қыздардың соңынан ер. Мен қызметшi жiгiттерiме саған тиiспеуге бұйырдым. Шөлдегенде барып, олар толтырып қойған құмыралардан су iше бер, — дедi.


10Таңғалған Рут:

— Қалайша сiз жат жерлiк маған сондай қайырымдылықпен қарайсыз? — деп, Боғозға иiлiп тағзым еттi.


11— Сенiң күйеуiң өлгеннен кейiн енеңе қалай көмектескенiңдi, әке-шешеңдi, елiңдi тастап, бұрын бiлмеген халық арасына көшiп келiп, бiрге тұрып жатқаныңды мен түгелдей естiп бiлдiм.

12Осы iстеген жақсылықтарың Құдайдан қайтсын! Сен Исраил сиынатын Құдай Иенiң қанаты астынан пана iздеп келдiң. Ол сенi молынан жарылқасын!


13Сонда Рут:

— Мырзам, маған әрдайым оң көзiңiзбен қарасаңыз екен. Сiз жылы сөзiңiзбен жүрегiме жiгер құйдыңыз. Ал мен ең болмағанда күңдерiңiздiң бiреуi де емеспiн, — дедi.


14Түскi тамақ кезiнде Боғоз:

— Мұнда кел. Нанымыздан ауыз тиiп, сусынымызға батырып же, — деп Рутты шақырды. Ол орақшылардың қасына отырғанда, Боғоз оған қуырылған арпадан бердi. Рут тойғанша жеп, артылып та қалды.


15Содан кейiн тұрып, жұмысына оралды.

Ал Боғоз қызметшiлерiне былай деп бұйырды:

— Рут жаңа орылған масақтардың арасынан да тере берсiн, оны ренжiтпеңдер.

16Қайта, жинап алсын деп, байлайтын масақтарыңнан әдейi тастап та кетiңдер. Қалай болғанда да оған ұрыспаңдар!


17Рут осылай кешке дейiн масақ тердi. Жинағанын соңынан бастырып, желге ұшырып қауызынан тазартқанда, бiр үлкен себетке сиярдай арпа шықты.

18Арпаны қалаға алып барып, енесiне көрсеттi. Оған түскi астан артылып қалған тамағын да алып келдi.


19— Өй, бүгiн қайдан масақ тердiң? Қайда жұмыс iстедiң? Саған оң көзiмен қараған адамды Құдай жарылқасын! — деп енесi таңғалды.

Рут оған:

— Бүгiн Боғоз деген адамның егiстiгiнде жұмыс iстедiм, — деп бiлдiргенде,

20енесi:

— Тiрiлер мен өлгендерге қайырымын аямаған сол адамды Жаратқан Ие жарылқасын! — дедi. Содан соң: — Боғоз жақын туыстарымыздың бiрi. Ол бiзге Таурат заңына сәйкес қамқоршы бола алады, — деп қосты.


21— Әлгi кiсi маған егiнi орылып бiткенше қызметшiлерiнiң соңынан жүрiп, теруiме де рұқсат еттi, — дедi Рут.


22Сонда Нағима:

— Қызым, сол адамның қызметшi қыздарымен бiрге жүргенiң жақсы болады. Бөтен егiсте саған бiреулердiң тиiсуi де мүмкiн, — деп келiстi.


23Сонымен Рут енесiнiң қолында тұрып, арпа мен бидайдың ору мерзiмi бiткенше Боғоздың қызметшi қыздарының қасында жүрiп, масақ тере бердi.

3

1Бiр күнi Нағима:

— Қызым, саған жақсы болу үшiн жайлы баспана тауып берсем, қалай болар едi? — деп құлақ қағыс еттi.

2— Сен қызметшi қыздарымен бiрге жүрген Боғоз бiздiң ет жақын туысқанымыз. Ол бүгiн кеште қырманда арпасын ұшырып, тазартып жатыр екен.

3Кәне, жуынып-шайынып, иiсмай жақ та, әдемi киiнiп алып, қырманға бар. Бiрақ Боғоз кешкi асын iшiп-жеп болғанша көзiне түспе.

4Ол ұйқыға кiрiскенде жатқан жерiн бiлiп ал. Кейiн сонда барып, жамылғысының етегiн аздап көтерiп, аяқ жағына жата кет. (Осылай сен Боғоздың өзiңе қамқоршы болуын сұраған тiлегiңдi бiлдiресiң.) Әрi қарай заңды түрде не iстеу керек екенiн оның өзi айтар.


5— Айтқаныңыздың бәрiн iстеймiн, — деп жауап бердi келiнi.

6Содан қырман басына барып, енесiнiң тапсырғандарын орындады.


7Iшiп-жеп, көңiлi көтерiлген Боғоз үйiлген астықтың шет жағына жатып, ұйықтап қалғаннан кейiн Рут бiлдiртпей жамылғысын аздап көтерiп, аяқ жағына жата кеттi.

8Түн ортасында Боғоз орнынан аударылып, шошып оянғанда, аяқ жағында бiр әйел жатыр екен! Ол абыржып:


9— Өй, сен кiмсiң? — деп сұрады.

— Мен Рутпын, мырза. Пендеңiздi қанатыңыздың астына ала көрiңiз, себебi сiз әмеңгерiм бола алатын туысқансыз, — деп жауап бердi ол.


10Сонда Боғоз былай дедi:

— Қалқам, Құдай сенi жарылқасын! Мына iсiң бүгiнге дейiн енеңе жасап келген жақсылығыңнан да керемет болып отыр! Сенiң бай болсын, кедей болсын жас жiгiттердiң артынан жүгiрмегенiң дұрыс болды.

11Ендi уайымдамай-ақ қой, қарағым. Мен өтiнiшiңдi түгелдей орындаймын. Қала халқының бәрi сенiң еңбекқор әйел екенiңдi бiледi.

12Менiң саған әмеңгер бола алатын туыс екенiм рас. Бiрақ менен де жақын туысқаның бар.

13Бүгiн осында түнеп шық. Ертең сол туысқан саған әмеңгер болуға келiссе, онда жақсы, солай болсын. Ал егер ол бас тартса, мәңгi тiрi Жаратқан Иенiң алдындағы адал сөзiм: онда мен саған әмеңгерiң болып үйленемiн. Ал әзiрше таңға дейiн осы жерде ұйықтай бер.


14Осылай Рут сол жерде таң атқанша ұйықтап, адамдар әлi бiр-бiрiнiң бет-жүзiн ажырата алмайтын қараңғы кезде тұрды. Боғоз (өсек тарап кетпеу үшiн): «Әйелдiң қырманға келгенiн ешкiм бiлмесiн», — деген едi.


15Рут қайтып кетпестен бұрын Боғоз: «Жамылғыңды жайып ұстай ғой», — деп, соған алты шағын себеттей арпа құйып, байлап түйiп, Рутқа арқалатты. Өзi де қала жаққа жөнелдi.


16Рут енесiне келгенде Нағима:

— Қалай болды, қызым? — деп сұрады. Келiнi оған сол адамның не iстеп, не қойғанын түгелдей айтып берiп:


17— Ол маған «Енеңе құр қол қайтпа» деп, мына алты себеттей арпаны берiп жiбердi! — деп қосты. Сонда енесi:


18— Соңы немен бiтерiн бiлгенше тоса тұр қызым. Бұл кiсi бүгiн осы iстi аяқтамай тыным таппайды, — деп түйдi.

4

1Боғоз қала қақпасының қасындағы алаңға барып отырды. Қараса, өзi Рутқа айтқан қандас туысқаны қасынан өтiп бара жатыр екен. Боғоз оған: «Туысқан, мұнда келiп, отыра тұр», — дедi. Ол қасына келiп жайғасқаннан кейiн

2Боғоз қаланың он ақсақалын шақырып алып: «Қасымызға отырсаңыздар екен», — деп өтiндi. Содан ақсақалдар да жайғасып отырды.


3Боғоз жаңағы туысқанына қарап былай деп сөз бастады:

— Моаб елiнен қайтып келген Нағима ағайынымыз Елiмәлiкке тиiстi жер үлесiн сатпақшы.


4Соны сенiң құлағыңа салғым келедi. Халқымның ақсақалдарының және мына отырған жұрттың алдында саған ұсыныс жасаймын: соны сен сатып ал. Егер сол отбасының қамқоршысы болғың келсе, бола бер. Ал бас тартсаң, ашығын айт, мен бiлейiн. Себебi қамқоршы бола алатын ең жақын туысқан сенсiң, сенен кейiнгi кезек менiкi.

Туысы:

— Жарайды, құнын төлеп, сатып алайын, — дедi.


5Сонда Боғоз:

— Егер сен Нағимадан жердi сатып алсаң, онда марқұмның моабтық жесiр келiнi Руттың әмеңгерi болып оған үйленесiң. Рут ұлды болғанда тұңғыш ұлы марқұмның ұрпағы деп есептелiнiп, жер үлесiн сол иемденбек, — дедi.


6Бұған туысы:

— Олай болса, жердi сатып ала алмаймын. Бұл өзiмнiң мұралық үлесiме нұқсан келтiрмек. Одан да сенiң қамқоршы болып, жердi сатып алғаның жөн. Ал менiң қолымнан келмейдi, — деп жауап бердi.


7Ежелгi заманда Исраилде мынадай дәстүр болатын: егер бiреу туысқан қамқоршы ретiндегi борышын басқа бiреуге аударса, онда ол бұл iстi растау үшiн бiр аяқ киiмiн шешiп алып, сол адамға беруге тиiстi едi.

8Сондықтан туысқаны «Жердi өзiң сатып ал» дегеннен кейiн Боғозға аяқ киiмiн шешiп бердi.


9Сонымен Боғоз айналасындағы ақсақалдар мен барлық жұртқа қарап былай дедi:

— Бүгiн сiздер менiң Нағимадан Елiмәлiктiң, Килионның және Махлонның бүкiл меншiгiн сатып алғандығыма куәсыздар.

10Сонымен бiрге мен марқұмның ұрпағын жалғастырып, оған барлық мұрасын қалдыру үшiн Махлонның жесiрi моабтық Рутты әйелдiкке аламын. Осылай марқұмның аты өз әулетi мен қала шежiресiнен өшуден аман сақталмақ. Сiздер бүгiн соған куәсыздар.


11Ақсақалдар және қақпа алдындағы алаңда жиналған барлық адамдар:

— Иә, куәмыз, — деп растады. Олар Боғозды құттықтап: — Құдай сенiң үйiңе кiретiн бұл әйелдi Исраилдiң үрiм-бұтағын таратқан Рахила мен Лиядай ұрпақты ете көрсiн! Сен Ефрата аймағында күштi болып, атың Бетлехемде жасасын!


12Ата-тегiмiз Яһудаға Тамар Парестi туып берiп, үлкен әулеттi таратқандай, Жаратқан Ие осы жас әйелден сыйлайтын ұрпақтарың арқылы сенi де үбiрлi-шүбiрлi қыла көрсiн! — деп баталарын бердi.

Дәуiт пайғамбардың ата-тегi


13Осылай Боғоз той жасап Рутқа үйлендi. Құдай берiп Руттың аяғы ауырлап, ұл туды.

14Әйелдер Нағиманы құттықтап: «Сенi қамқорлайтын мұрагерсiз қалдырмаған Жаратқан Иеге шүкiрлiк! Баланың аты Исраилге жайылсын!

15Ол өмiрiңдi қуанышқа кенелтiп, қартайған шағыңда сүйенiшiң болады. Себебi оны туған — өзiңдi жақсы көрiп, соншама адал болып келген келiнiң. Осы келiнiң саған жетi ұлдан да артық!» — дедi.


16Нағима нәрестенi қолына алып, бауырына басып, бағып-қақты.

17Көршi әйелдер: «Бұл Нағима үшiн туылған ұл», — деп, оған Ғабит деген есiм бердi. Ғабит Есейдiң әкесi, Дәуiттiң атасы болды.


18Парес әулетiнiң тарау тегi мынау: Парестен Хезрон,

19Хезроннан Рам, Рамнан Әминадап,

20Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,

21Салмоннан Боғоз, Боғоздан Ғабит,

22Ғабиттен Есей, ал Есейден Дәуiт туды.