Жазба туралы мәлiмет
«Мысырдан көшiп шығу» жазбасы Жақып ұрпақтарының тарихындағы ерекше маңызды кезең туралы баяндайды. Мысырда өнiп-өсiп, үлкен халыққа айналған оларды Жаратқан Ие сол елде көрген құлдық пен қанаудан құтқарады. Айдаладағы Синай тауында аян берiп, салтанатты ұлылығын көрсетiп, оларды Өзiне бағышталған халқым деп қабылдап, олармен жаңа келiсiм жасайды.
Жаратқан Ие таңдаған халқының патшасы iспеттi араларында бiрге тұрып, оларды ата-бабаларына уәде еткен елге бастап алып бармақ. Оларға Мұса пайғамбар арқылы адал мiнез-құлық пен адамгершiлiк қарым-қатынастардың ережелерi мен заңдарын берiп, тек Өзiне ғана мойынсұнып, қалай құрмет көрсетiп ғибадат етудiң жолдарын үйретедi. Сол үшiн халық Құдайдың бұйрығы бойынша құрбандық үстелiн және киелi шатыр тұрғызады.
Бұл жазбада Құдайдың қасиеттерi анық көрiнедi. Ол киелi, шынайы, әрi әдiл, Өзiне мойынсұнғандар үшiн қайырымды да адал қамқоршы. Ыбырайым пайғамбарға алдын ала айтып кеткендей (Жаратылыс. баст. 12:3), Ол өз халқы арқылы барлық басқа ұлттарды да жарылқауға ниеттенедi.
Бұл ежелгi жазбада Мұса пайғамбардың ғажайып өмiрбаянының бастапқы бөлiгi де берiлген. Жаратқан Ие оны жаңа туған кезiнде өлiмнен аман сақтап, халқының құтқарушысы мен көсемi болуға белгiледi. Пайғамбар өз халқы мен Алла Тағаланың арасында жүрушi ретiнде өте адал қызмет еттi.
Көптеген археологтар мен тарихшылар Исраил халқының Мысырдан көшiп шығуы б.з.д. 15-ғасырда, яғни перғауындар Тутмос III мен оның ұлы Аменхотеп II-нiң заманында, демек Мысырдың 18-патша әулетiнiң билiк құрған кезiнде орын алған деп болжайды. Бұл «Патшалықтардың 3-жазбасының» 6-тарауында берiлген мәлiметке сай келедi. Онда Мысырдан көшiп шығу «Исраилге Сүлейменнiң патшалық еткен төртiншi жылынан 480 жыл бұрын», яки б.з.д. 1446 жылдың шамасында болды деп баяндалған.
Исраил ұрпақтарының Мысырда зорлық-зомбылық көруi
1Исраил деп те аталған Жақып Мысыр жерiне ұлдарын өз үй iштерiмен қоса көшiрiп әкелген едi. Олар мыналар:
2Рубен, Шимон, Леуi, Яһуда,
3Исашар, Забулон, Бунямин,
4Дан, Нафталим, Ғад, Ашир.
5Жақыптан тараған ұрпақтардың саны сол кезде жетпiс болатын. Ал ұлдарының бiрi Жүсiп Мысыр елiне бұрынырақ келген едi.
6Уақыт жетiп, Жүсiп пен бауырлары және олардың тұсында өмiр сүргендердiң барлығы да бұ дүниеден аттанды.
7Ал Исраилдiң үрiм-бұтағы өсiп-өнiп, сансыз көбейiп, күшейiп алғандары соншалық, жер солармен толып кеттi.
8Сол кезде Мысырда жаңа бiр патша таққа ие болды. Ол (осы ел үшiн зор жақсылық жасаған) Жүсiп туралы ештеңе бiлмейтiн.
9Патша өз халқына:
— Қараңдаршы, Исраилдiң үрiм-бұтағы тым көбейiп, күшейiп кеттi.
10Ендеше ақылды шара ойластырып, олардың бұдан әрi көбеюлерiне жол бермейiк. Әйтпесе соғыс бола қалған күнде дұшпандарымызға қосылып, тiптi өз елiмiзде бiзге қарсы көтерiлiп соғысып жүрер, — деп ойындағысын айтты.
11Сонда олар Исраил халқын ауыр жұмыспен дiңкелетiп, қысым көрсету үшiн үстерiнен бақылаушылар тағайындады. Сонымен исраилдiктер Мысыр патшасы перғауын үшiн қоймалар ретiнде Питом, Рамсес қалаларын салды.
12Бiрақ Исраил халқы неғұрлым көп қысым көрген сайын, соғұрлым өнiп-өсiп, жайылды. Мысырлықтар олардан қатты қауiптенiп,
13халықты аяусыз құлдыққа салды.
14Оларды саз-балшықтан илеп кiрпiш құйып, үй салудың және егiндiктiң кез келген ауыр жұмыстарына жектi де, қаталдықпен әр түрлi қара жұмыстарға мәжбүр етiп, өмiрлерiн аса қиындатты.
15Бұларға қоса Мысыр патшасы әйелдер босандыратын исраилдiк Шипыра мен Пуаны шақырып алып, оларға:
16— Исраилдiк әйелдердi босандырған кезде нәрестенiң жынысына назар аударыңдар: дүниеге ұл келсе, өлтiрiңдер, ал қыз туса, тiрi қалдырыңдар! — деп бұйырды.
17Бiрақ әйел босандырушылар Құдайды қастерлегендiктен Мысыр патшасының айтқанын орындамай, туған ер балаларды тiрi қалдыра бердi.
18Мысыр патшасы оларды шақырып алып:
— Сендер неге бұлай iстеп жүрсiңдер? Неге ер балаларды өлтiрмейсiңдер? — деп ұрысты.
19Олар:
— Мысырлық әйелдерге қарағанда исраилдiктер күштiрек: босандырушы келмей тұрып-ақ босанып алады, — деген жауап қайтарды.
20-21 Босандырушылар Құдайды қастерлеп, осылай iстегендерi үшiн, Ол соларға мейiрiмiн төгiп, үйлерiн молынан жарылқады.
22Сонда перғауын өзiнiң бүкiл халқына: «Исраилдiктердiң дүниеге келген әрбiр ер баласын Нiл өзенiне лақтырып, ал қыздарын тiрi қалдырыңдар!» — деген жарлық бердi.
1Сол кезде Леуi руынан шыққан бiр адам өз руынан әйел алады.
2Күндердiң күнiнде сол әйел ұл туады. Баланың ерекше әдемi екенiн көрген шешесi оны үш ай бойы жасырып бағады.
3Алайда бұдан әрi жасыра алмағандықтан қамыстан себет тоқып, оны қара шайырмен бiтеп, нәрестенi iшiне жатқызады. Сонан соң себеттi Нiл өзенiнiң жағасында өсiп тұрған құрақтың арасына апарып, суға қоя бередi.
4Баланың әпкесi жақын жерге тығылып қалып, онымен не болар екен деп аңдып тұрады.
5Сол мезгiлде перғауынның қызы шомылу үшiн өзенге келедi. Күтушi қыздары су жағасында әрi-берi жүрумен болады. Қамыс арасынан себеттi байқап қалған ханша оны әкелуге күтушi қызын жiбередi.
6Себеттi ашып, iшiнде жатқан баланы көредi. Нәресте жылап жатыр екен. Ханша оны аяп кетiп:
— Бұл исраилдiк бала ғой, — дейдi.
7Сонда сәбидiң әпкесi тығылып отырған жерiнен шығып:
— Мен барып, баланы емiзу үшiн сiзге бiр исраилдiк әйелдi алып келейiн бе? — деп сұрайды.
8Ханша:
— Иә, бара ғой, — дейдi. Қыз барып, нәрестенiң шешесiн шақырып келедi.
9Ханша оған:
— Сәбидi алып, маған емiзiп бер. Саған сол үшiн ақы төлеймiн, — деп бұйырады. Әйел нәрестенi емiзiп асырау үшiн үйiне алып кетедi.
10Сәби бiраз өскеннен кейiн шешесi оны перғауынның қызына апарып бередi. Ханша баланы бауырына басып, «Оны судан шығарып алдым ғой», — деп, оған Мұса («Шығарып алған») деген ат қояды.
Туған халқының қамын ойлаған Мұсаның шетелге қашып құтылуы
11Арада бiрнеше жыл өтiп, Мұса ер жеткен соң бiр күнi өз халқының арасына барып, олардың қандай ауыр жұмыс iстеп жүргендерiн көрдi. Сол кезде исраилдiк ұлттастарының бiреуiн бiр мысырлықтың сабап жатқанын байқап қалды.
12Жан-жағына қарап, ешкiмнiң жоқ екенiне көзi жеткен Мұса мысырлықты ұрып өлтiрiп, құмға көмiп тастады.
13Келесi күнi де далаға шығып, бiр-бiрiмен төбелесiп жатқан екi исраилдiктi көредi. Жәбiр көрсеткенге:
— Сен неге бауырласыңды ұрасың? — дедi.
14Ол адам:
— Кiм сенi бiзге басшы, әрi төрешi етiп тағайындады? Сен немене, менi де мысырлықты өлтiргендей өлтiрмексiң бе? — деп жауап қайтарды. Мұса: «Менiң iстегенiм туралы жұрт бiлiп қойған екен ғой», — деп ойлап, үрейi ұшты.
15Болған жайды перғауын да естiп, Мұсаны өлтiртпек болды. Бiрақ ол перғауыннан қашып кетiп, Мадиян елiне барып, тоқтады.
Бiрде Мұса құдық түбiнде отырған едi.
16Мадияндық дiни қызметкердiң жетi қызы бар болатын. Олар әкесiнiң қой-ешкiлерiн суару үшiн сол құдықтан су тартып, науаларды толтыратын.
17Алайда басқа қойшылар да келiп, оларды ығыстырып тастап, өз малдарын суарып алатын. Бiрақ бұл жолы Мұса орнынан ұшып тұрып, қыздарды қорғап, малдарын суарып бердi.
18Қыздар үйлерiне қайтқанда әкесi Рәгуел:
— Қалайша бүгiн ерте келiп қалдыңдар? — деп сұрады.
19Олар:
— Бiр мысырлық бiздi қойшылардан қорғап, тiптi су тартып, малымызды суарып бердi, — деп жауап қатты.
20— Сол жiгiт қайда? Оны неге далада қалдырып кеттiңдер? Тамақ iшсiн, шақырып келiңдер, — деп тапсырды әкелерi.
21Оның қонақ жайлылығына риза болған Мұса үйiнде тұрып қалуға келiстi. Содан дiни қызметкер жiгiттi өз қызы Сапураға үйлендiрдi.
22Әйелi ұл туып, Мұса оған Гершом (яғни «Сол жерде Кiрме») деген ат қойды. Ол: «Мен жат жерде кiрме болдым», — дедi.
23Ұзақ уақыттан кейiн Мысырдың патшасы дүниеден қайтты. Ал исраилдiктер әлi де құлдықтан бейнет шегiп, күңiрене күрсiнiп зарлап жатты. Олардың көмек сұрап жалбарынуы Құдайдың құлағына жеттi.
24Зарлаған дауыстарын естiгенде Құдай Өзiнiң Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен жасаған келiсiмiн рақыммен есiне алды да,
25Исраил халқының мүшкiл халiне назар аударып, қамдарын ойлады.
1Мұса қайын атасы, мадияндық дiни қызметкер, Етордың ұсақ малдарын бағып жүрдi. Бiр күнi ол отарын айдаланың алыс түкпiрiне, Құдай тауы деп те аталатын Хориб тауына айдап барды.
2Сол жерде оған Жаратқан Иенiң перiштесi бiр тiкендi бұтаның ортасынан жалындап жанған от iшiнен аян бердi. Мұса бұтаның от боп жалындап тұрғанымен өртенiп кетпегенiн байқаған едi.
3Сонда ол iштей: «Мынау қызық көрiнiс екен, сол жерге жақынырақ барып, бұтаның нелiктен өртенiп кетпей жатқанын қарайын», — деп ойлады.
4Оның қарау үшiн жақындап келгенiн көрген Жаратқан Ие бұта арасынан оған:
— Мұса! Мұса! — деп дауыстады.
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап бердi ол.
5Құдай:
— Мұнда жақындама, аяқ киiмiңдi шеш! Басып тұрған жерiң киелi, — деп бұйырып,
6— Мен әкеңнiң Құдайымын, әрi Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын, — дедi.
Мұса Оған қарауға дәтi бармай, бетiн жауып алды.
7Жаратқан Ие:
— Мен халқымның Мысырдағы мүшкiл халiне назар аударып, олардың айдаушыларынан жәбiр көрiп, қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел бiлемiн.
8Ендi Мен халқымды мысырлықтардың қол астынан азат ету үшiн көктен түстiм. Оларды сол елден алып шығып, қанахандықтар, хеттiктер, аморлықтар, перездiктер, хевтiктер мен ебустiктер мекендеген, жерi шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегiл елге бастап алып барамын.
9Мынаны бiлiп ал: исраилдiктердiң қинала айқайлаған дауыстары құлағыма жетiп, мысырлықтардың оларды аяусыз қанағандарын көрiп тұрмын.
10Сондықтан сенi перғауынға жiберемiн. Барып, халқым Исраилдi Мысырдан бастап алып шық! — деп бұйырды.
11Ал Мұса Құдайға:
— Перғауынға барып, исраилдiктердi Мысырдан алып шығатындай соншама мен кiммiн? — деп жауап қайырды.
12Құдай:
— Мен саған жар боламын. Сен халықты Мысырдан алып шыққан соң, сендер Маған осы тауда ғибадат ететiн боласыңдар. Сенi Өзiм жiбергендiгiмнiң дәлелi осы болмақ, — дедi.
13Мұса:
— Ендi мен исраилдiктерге барып, «Менi ата-бабаларыңның Құдайы сендерге жiбердi» десем, олар менен «Оның есiмi кiм?» деп сұрайды ғой. Сонда не деп жауап беруiм керек? — дедi.
14Құдай былай деп жауап қатты:
— Мен (Мәңгi) Бар Болушымын. Исраилдiктерге: «(Мәңгi) Бар Болушымын деген менi сендерге жiбердi» деп айт. —
15Сөзiн жалғап былай дедi: — Исраилдiктерге мынаны да айт: «Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие менi сендерге жiберiп отыр. Мәңгi-бақи Менiң атым осылай болмақ. Күллi келер ұрпақтар да Менi осы есiмiммен естерiне сақтасын».
16Бар да, Исраилдiң рубасыларын жинап алып, оларға былай де: «Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие маған аян берiп, мынаны айтты: Мен сендердi назарымда ұстап келемiн, Мысыр елiнде көрген жәбiрлерiңдi түгел бiлемiн.
17Сендердi Мысырдың езгiсiнен құтқарып, қанахандықтар, хеттiктер, аморлықтар, перездiктер, хевтiктер мен ебустiктер мекендеген, ағы мен балы ағыл-тегiл елге алып баруға уәде бердiм».
18Сонда Исраилдiң рубасылары айтқандарыңа ден қоятын болады. Мұнан кейiн оларды ертiп, Мысыр патшасының алдына барып, оған: «Бiз, исраилдiктер, сиынатын Құдай Иемiз бiзге аян бердi. Ендi үш күндiк жердегi айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға бiзге рұқсат етiңiз» деп айтыңдар.
19Алайда құдiреттi күш көндiрмесе, Мысыр патшасының сендердi жiбермейтiнiн бiлемiн.
20Сондықтан Мен Мысырға құдiреттi қолымды созып, оны керемет iстерiммен ойрандаймын. Содан кейiн ғана перғауын сендердi қоя бермек.
21Ал Мен мысырлықтарды халқыңа оң көзбен қаратамын, кеткен кездерiңде құр қол аттандырмаймын.
22Араларыңдағы әрбiр әйел көршiлес және бiрге тұрған мысырлық әйелдерден күмiс, алтын бұйымдар мен әсем киiмдердi сұрап алсын. Бұларды ұл-қыздарыңа сәндеп кигiзiңдер, осылайша мысырлықтардың байлығын олжалайтын боласыңдар.
1Мұса сонда Тәңiрге:
— Ал егер исраилдiктер маған сенбей, тiлiмдi алмастан «Жаратқан Ие саған аян берген емес» десе, қайтемiн? — деп жауап қайырды.
2Жаратқан Ие оған:
— Қолыңдағың не? — дедi.
— Таяғым.
3— Оны жерге лақтыршы!
Мұса таяқты жерге лақтырып жiбергенде ол жыланға айналды. Мұса қаша жөнелдi.
4Ал Жаратқан Ие Мұсаға:
— Қолыңды созып, оны құйрығынан ұстап ал! — деп бұйырды. Мұса жыланды ұстап алғанда, ол қолында қайтадан таяққа айналды.
5Тәңiр Ие:
— Халқыңның ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие Өзiм болып, мұнда саған аян бергендiгiме осы құдiреттi iс исраилдiктердiң көздерiн жеткiзбек, — дедi.
6Содан кейiн:
— Қолыңды қойныңа тық! — деп бұйырды. Мұса солай iстедi де. Қолын суырып алғанда, қолы алапестен қар iспеттi ағарып кетiптi.
7— Қолыңды қайтадан тық! — Мұса солай iстеп, қолын қайта суырып алғанда, ол басқа дене мүшелерi сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келiптi.
8— Егер олар саған да, көрсеткен алғашқы құдiреттi iсiңе де сенбесе, онда осы екiншiсi олардың көздерiн жеткiзбек.
9Ал егер осы екi кереметке де сенбей, айтқандарыңа құлақ аспай қойса, онда Нiл өзенiнен су алып, құрғақ жерге төк. Сол су құрғақ жерде қанға айналады. —
10Бiрақ Мұса:
— Уа, Жаратқан Ие! Мен бұрыннан берi де, Сен құлыңмен тiлдесiп тұрған қазiр де сөзге шешен адам емеспiн: аузым шабан, тiлiм жүйрiк емес, — дедi.
11Ал Тәңiр:
— Адамға тiлдi бiтiрген кiм? Мылқау не саңырау, көретiн не зағип ете алатын кiм? Жаратқан Ие, Өзiм, емеспiн бе?
12Ендi бар! Мен саған жар болып, айтатын сөздерiңдi үйретемiн, — деп бұйырды.
13— Уа, Ием! Кез келген басқа бiреудi жiбере көршi, — деп жалынды Мұса.
14Сонда Тәңiр оған қатты ашуланып:
— Сенiң леуiлiк Һарон атты ағаң бар емес пе? Оның сөзге шешен екенiн бiлемiн. Ол сенi қарсы алуға келе де жатыр, өзiңдi көргенiне шын жүректен қуанбақ.
15Онымен сөйлесiп, айтатын сөздерiн аузына салуың керек. Мен саған да, оған да жар болып, сөздерiмдi айтқызып, не iстеулерiң керек екенiн Өзiм үйретемiн.
16Сонда Һарон халыққа сенiң атыңнан сөйлемек. Ол сенiң аузың, ал сен ол үшiн Құдай iспеттi жетекшi боласың.
17Мына таяқ қолыңда жүрсiн, сонымен құдiреттi iстер көрсетпексiң, — деп сөзiн тамамдады.
Мұсаның Мысырға оралуы
18Мұса қайын атасы Еторға қайта оралып:
— Мысырдағы туысқандарыма барып, амандығын бiлейiн деп едiм, — дедi. Етор:
— Барып қайт, жолың болсын, — деп келiстi.
19Жаратқан Ие Мұсаға Мадиян елiнде: «Мысырға қайта орал, көзiңдi құртпақ болғандардың бәрi өлiп қалды», — деп айтқан едi.
20Сонда Мұса әйелi мен ұлдарын есекке отырғызып, Мысыр елiне қарай сапарға шықты. Өзi Құдай бұйырған таяқты қолына ала жүрдi.
21Жаратқан Ие Мұсаға мына тапсырманы да бердi:
— Мысырға қайтып барғаныңда Мен өзiңе бұйырған кереметтердiң бәрiн перғауынның алдында көрсететiн бол. Бiрақ Мен оның жүрегiн қасарыстырып қоямын, сондықтан ол халықтың кетуiне рұқсат етпейтiн болады.
22Бұлардан кейiн перғауынға былай де: «Жаратқан Иенiң жiберген хабары мынау: Исраил Менiң ұлым — тұңғышым iспеттi.
23Саған айтқан болатынмын: Ұлымды жiбер, Өзiме қызмет етсiн! Ал сен оны жiберуден бас тартып тұрсың. Ендеше Мен сенiң ұлың — тұңғышыңды өлтiремiн!»
24Жолшыбай түнемелде Мұсаға Жаратқан Ие қарсы кездесiп, оның көзiн құртпақ болды.
25Бiрақ әйелi Сапура тас пышақты ала сала, ұлын сүндеттеп жiберiп, тәнiнен кесiп алғанын Мұсаның аяғына тигiздi де: «Сен төгiлген қанмен құтқарылған күйеуiмсiң», — дедi.
26Сонда Жаратқан Ие оны аман қалдырды. Ал Сапура Мұсаны «төгiлген қанмен құтқарылған күйеуiмсiң» деп сүндет рәсiмiне байланысты айтты.
27Жаратқан Ие Һаронға: «Айдалаға барып, Мұсаны қарсы ал», — деген болатын. Һарон жолға шығып, Мұсамен Құдай тауының етегiнде кездесiп, құшақтап бетiнен сүйдi.
28Мұса өзiн жiберген Жаратқан Иенiң күллi сөздерiн де, Оның көрсетуге бұйырған бүкiл құдiреттi iстерi туралы да Һаронға айтып бердi.
29Мұса мен Һарон Мысыр елiне барып, Исраилдiң барлық рубасыларын жинап алды.
30Һарон Жаратқан Иенiң Мұсаға айтқан сөздерiн түгелдей баяндап, тапсырған құдiреттi iстерiн халыққа көрсеттi.
31Сонда Мұсаны Құдайдың жiбергендiгiне халықтың көзi жеттi. Олар Жаратқан Иенiң өздерiн назарында ұстап келiп, азапты өмiрлерiн көрiп тұрғанын естiгенде Оған бас иiп, тағзым еттi.
1Бұдан кейiн Мұса мен Һарон перғауынға барып:
— Исраилдiң сиынған Құдайы Жаратқан Иенiң хабары мынау: «Менiң халқымды жiбер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткiзсiн!» — дедi.
2Алайда перғауын:
— Мен айтқанын тыңдап, исраилдiктердi жiберетiндей «Жаратқан Ие» кiм? Мен «Жаратқан Иенi» бiлмеймiн де, Исраил халқын жiбермеймiн де, — дедi.
3Олар:
— Бiзге исраилдiктердiң Құдайы аян бердi. Ендi үш күндiк жердегi айдалаға барып, Құдайымыз — Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға рұқсат етiңiз. Әйтпесе Ол бiздi iндетпен не соғыспен жазалайды, — дедi.
4Ал Мысырдың патшасы:
— Мұса, Һарон, неге халықты мiндеттерiнен алаңдатасыңдар? Өз жұмыстарыңа барыңдар! — деп бұйырып,
5— Елдерiңнiң халқы тым көп, ал сендер оларды жұмыстарынан қалдырып тұрсыңдар, — деп наразылық бiлдiрдi.
6Сол күнi перғауын елдегi құл айдаушылар мен бақылаушыларына арнап мынадай әмiр бердi:
7— Бұдан былай исраилдiктерге кiрпiш құю үшiн бұрынғыдай сабан шөп бермеңдер! Өздерi барып, жинап әкелетiн болсын!
8Алайда олардың бұрынғы мөлшердегiдей кiрпiш құюларын талап етiп, қажеттi кiрпiш санын еш кемiтпеңдер! Олар жалқау, сондықтан да: «Құдайымызға құрбандық шалайық!» деп айқай салып жүр.
9Жұмыстарын қиындатыңдар! Олар құр сөзбен айналыспай, жұмыс iстесiн!
10Құл айдаушылар мен бақылаушылар барып, халыққа жар салып: «Перғауынның әмiрi мынау: Бұдан былай сендерге сабан берiлмейдi.
11Қайдан тапсаңдар одан табыңдар, сабанды өздерiң барып жинаңдар! Алайда құятын кiрпiштерiңнiң саны кемiтiлмей, сол күйiнде қалады!» — дедi.
12Сонда халық Мысырдың түкпiр-түкпiрiне тарап, орылған егiстiктерде қалған сабанды жинаумен айналысты.
13Құл айдаушылар оларды: «Күнделiктi атқарған жұмыс көлемдерiң сабанмен қамтамасыз етiлген кездегiдей болсын!» — деп, қыспақтай бердi.
14Олар өздерi тағайындаған исраилдiк бақылаушыларды: «Неге сендер кеше де, бүгiн де кiрпiш мөлшерiн бұрынғыдай етiп өткiзбедiңдер?» — деп, соққының астына алды.
15Сонда исраилдiк бақылаушылар перғауынның алдына барып:
— Тақсыр, құлдарыңызға неге бұлай iстейсiз?
16Бiзге сабан бермейдi, алайда кiрпiш құю талап етiледi. Мiне, құлдарыңызды ұрып-соғады, бiрақ бәрiне кiнәлы өз халқыңыз, — деп шағым айтты.
17Бiрақ перғауын:
— Жоқ, сендер ерiншек, жалқаусыңдар! Сондықтан да «Барып, Жаратқан Иеге құрбандық шалайық» дей бересiңдер.
18Барыңдар, жұмыс iстеңдер! Сабан берiлмейдi, ал кiрпiштiң тиiстi санын бәрiбiр дайындап өткiзуге мiндеттiсiңдер! — деп кесiп айтты.
19«Күнделiктi дайындалуға тиiстi кiрпiш санын еш кемiтпейсiңдер» деген үзiлдi-кесiлдi сөздерден исраилдiк бақылаушылар халдерiнiң мүшкiлдiгiн ұқты.
20Олар перғауыннан шығып келе жатқанда өздерiн күтiп тұрған Мұса мен Һаронға жолығып:
21— Бiздi перғауын мен оның нөкерлерiнiң алдында жек көрiнiштi етiп көрсетiп, көзiмiздi құрту үшiн қолдарына қару ұстатып қойдыңдар. Соларыңды Жаратқан Ие көрiп, Өзi төрелiк етсiн! — деп кiнә артты.
Мұсаның жалбарынышы және Құдайдың қайтадан берген уәдесi
22Сонда Мұса Жаратқан Иеге жалбарынып:
— Ием, бұл халықты осыншама азапқа нелiктен душар еттiң? Менi не үшiн жiбердiң?
23Мен перғауынға барып, Сенiң хабарыңды жеткiзгеннен берi ол халықты бұрынғыдан бетер азапқа салды. Ал Өзiң халқыңды құтқарамын дегенмен, құтқармадың! — деп сиынды.
1Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бiлдiрдi:
— Ендi сен Менiң перғауынға не iстейтiнiмдi көретiн боласың. Ол халықты құдiреттi қолымның әрекетiне бола босатады. Құдiреттi қолымның әрекетiне бола тiптi өзi елiнен қуып шығатын болады! —
2Құдай Мұсаға тағы да мынаны айтты: — Мен Жаратқан Иемiн.
3Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа «Құдiретi күштi Құдай» болып аян бергенiмде оларға Өзiмнiң «Жаратқан Ие» деген есiмiмдi бiлдiрген жоқпын.
4Өздерi жат жұрттық болып тұрып жатқан Қанахан елiн беруге олармен келiсiм жасаған едiм.
5Ендi мысырлықтар құлдықта ұстап жатқан исраилдiктердiң күңiренген күрсiнiсi құлағыма жетiп, сол келiсiмiмдi еске алдым.
6Сондықтан исраилдiктерге барып, мына сөздерiмдi жеткiз: «Мен Жаратқан Иемiн, сендердi мысырлықтардың езгiсiнен азат етпекпiн, қолымды созып, құдiреттi iстерiммен мысырлықтарды соттап, жазалау арқылы өздерiңдi құтқарып алмақпын.
7Мен сендердi өз халқым деп қабылдап, Құдайларың боламын. Сонда Менiң өздерiңдi Мысырдың езгiсiнен босатып алып шыққан Жаратқан Ие — сендердiң Құдайларың екенiмдi ұғатын боласыңдар.
8Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа беруге қолымды көтерiп тұрып ант еткен елге сендердi бастап алып барамын. Сол жердi меншiктерiңе сыйлаймын: Мен Жаратқан Иемiн!»
9Мұса Тәңiрдiң осы айтқандарын исраилдiктерге айтып бердi, алайда ауыр жұмыс еңселерiн басып, жiгерлерi күйреген олар Мұсаға құлақ салмады.
10Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай бұйырды:
11— Барып, Мысыр патшасы перғауынға: «Елiңнен исраилдiктердi жiбер!» де. —
12Ал Мұса Жаратқан Иеге:
— Менiң айтқандарыма тiптi исраилдiктер құлақ салмағанда, перғауын қайдан құлақ салсын? Сөзге шорқақпын ғой, — деп жауап қайырды.
13Осылай Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға аян берiп, Исраил халқын Мысырдан алып шығуға бұйырып, исраилдiктерге және Мысырдың патшасы перғауынға жiбердi.
һарон мен Мұсаның шыққан ата-тегi
14Исраилдiң басты руларының басшылары мыналар: Исраилдың тұңғышы Рубеннiң ұлдары: Ханох, Паллу, Хезрон, Қарми. Бұлар Рубеннiң үрiм-бұтағы.
15Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Охад, Яхин, Зохар және Саул, ол қанахандық әйелден туған едi. Бұлар Шимонның үрiм-бұтағы.
16Тараған тармақтары бойынша берiлген Леуiнiң ұрпақтарының аттары мыналар: Герсон, Қахат, Мерари. Леуi жүз отыз жетi жыл өмiр сүрдi.
17Герсонның үрiм-бұтағы: Лiбiни, Шiми және олардан тараған ұрпақтары.
18Қахаттың ұлдары: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. Қахат жүз отыз үш жыл жасады.
19Мераридiң ұлдары: Мәхли мен Мұши. Бұл — Леуiнiң тармақтары бойынша берiлген үрiм-бұтағы.
20Ымрам әкесiнiң қарындасы Иохебедке үйленiп, одан Һарон мен Мұса дүниеге келдi. Ымрам жүз отыз жетi жыл өмiр сүрдi.
21Ысқардың ұлдары: Қорах, Нефег, Зiхри.
22Ұзиелдiң ұлдары: Мiшаел, Елзапан, Сiтри.
23Һарон Нағасонның қарындасы Әминадап қызы Елiшебаға үйленiп, одан Надаб, Әбиһу, Елазар мен Iтамар дүниеге келдi.
24Қорахтың ұлдары: Асир, Елқанах, Абиасаф. Бұлар — Қорахтың үрiм-бұтағы.
25Һаронның ұлы Елазар Пұтиелдiң қыздарының бiреуiне үйлендi. Одан Пiнехес дүниеге келдi. Бұлар — Леуiнiң тараған тармақтары бойынша берiлген рубасылары.
26Осы шежiреде аттары аталған Һарон мен Мұса — Жаратқан Иенiң: «Исраил халқын Мысырдан лек-легiмен алып шығыңдар» деген тапсырмасын алғандар.
27Исраилдiктердi Мысырдан бастап шығу туралы Тәңiрден алған бұйрықты перғауынға жеткiзгендер де осы Мұса мен Һарон болатын.
Құдайдың Мұсаны перғауынға жiберiп, құдiретiн көрсеткiзуi
28Жаратқан Ие Мысырда Мұсаға сөзiн арнаған кезде былай бұйырған едi:
29— Мен Жаратқан Иемiн. Менiң өзiңе айтқандарымның бәрiн Мысыр патшасы перғауынға жеткiз! —
30Ал Мұса Жаратқан Иеге:
— Сөзге шорқақпын ғой, перғауын айтқандарыма қайдан құлақ салсын? — деген болатын.
1Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай дедi:
— Бiлiп ал: Мен сенi перғауынның алдында құдай (iспеттi құдiреттi) етемiн, ағаң Һарон (хабарыңды жеткiзушi) пайғамбарың болады.
2Сен өзiңе бұйырғандарымның бәрiн оған айтасың, ал Һарон перғауынға өз елiнен Исраил халқын босатып жiберсiн деп айтуға тиiс.
3Алайда Мен перғауынның жүрегiн қасарыстырып қоямын. Мысырда құдiреттi де қорқынышты кереметтерiмдi көптеп көрсетсем де,
4перғауын сендердi тыңдамайтын болады. Сонда Мысырға қолымның құдiретiн төндiрiп, қатаң жазаларды тартқызу арқылы өз жасағым — халқым Исраилдi алып шығамын.
5Осылайша Мысырға қолымды созып, ел iшiнен Исраил халқын алып кеткенiмде, мысырлықтар Менiң Жаратқан Ие екенiмдi ұғынатын болады.
6Мұса мен Һарон Жаратқан Иенiң бұйырғандарын бұлжытпай орындады.
7Перғауынға Тәңiрдiң хабарын жеткiзгенде Мұса сексен, Һарон сексен үш жаста едi.
8Сонан кейiн Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға:
9— Перғауын сендерге: «(Өздерiңдi Құдай жiбергендiгiн дәлелдейтiн) кереметтi көрсетiңдер!» деп талап еткенде, сен, Мұса, Һаронға: «Таяғыңды перғауынның алдына қарай жерге лақтыр!» дейсiң. Сол кезде ол жыланға айналмақ, — дедi.
10Мұса мен Һарон перғауынға барып, Жаратқан Иенiң бұйырғанындай iстедi. Һарон таяғын перғауын мен оның нөкерлерiнiң алдына қарай жерге лақтырып жiбергенде, ол жыланға айналды.
11Бiрақ перғауын көреген адамдары мен сиқыршыларын алдыртты. Сонда Мысырдың бақсы-балгерлерi де сиқырлы өнерлерiмен дәл солай iстедi.
12Әрқайсысы таяғын жерге лақтырып, жыланға айналдырды. Бiрақ Һаронның жыланға айналған таяғы олардың жылан таяқтарын жұтып қойды!
13Сонда да перғауынның жүрегi қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан едi.
Бiрiншi апат: судың қанға айналуы
14Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Перғауынның жүрегi қайтпастан қасарып, халықты жiберуден бас тартып тұр.
15Ертеңгiсiн перғауын Нiлге қарай беттеген кезде өзен жағасында жолын тосып тұр! Қолыңа жыланға айналған таяғыңды ұста.
16Перғауынға былай де: «Исраилдiктердiң Құдайы Жаратқан Ие сiзге мынаны айтуды тапсырды: Айдалада Маған ғибадат ету үшiн халқымды жiбер! Сен осы уақытқа дейiн Менi тыңдамай келдiң.
17Сол үшiн де Жаратқан Ие былай дейдi: Менiң Жаратқан Ие екенiмдi қазiр жасайтынымнан бiлетiн боласың! Қараңыз, мен қолымдағы таяқпен Нiлдiң суын сабағанда, ол қанға айналады.
18Балықтар қырылып, суы сасиды, мысырлықтарға Нiлдiң суын iшу жиренiштi болады». —
19Тәңiр Ие Мұсаға арнаған сөзiн жалғастырып: — Сен Һаронға айт: «Таяғыңды алып, қолыңды Мысырдың суларына қарай көтер! Сонда өзендер мен арықтардың, тоғандар мен су қоймаларының бәрi қанға айналады. Бүкiл Мысырды қан жайлап кетпек, тiптi ағаш не тас ыдыстардың iшiндегi су да қанға айналмақ», — дедi.
20Мұса мен Һарон Жаратқан Иенiң бұйырғанындай iстедi. Һарон перғауын мен оның нөкерлерiнiң көз алдында таяғын жоғары көтерiп, сонымен Нiлдегi суды салып қалды. Сонда өзендегi бүкiл су қанға айналды да,
21балықтар қырылып, су сасып кеттi. Мысырлықтар өзеннен су iше алмайтын болды. Бүкiл Мысыр жерiн қан жайлап кеттi.
22Бiрақ Мысырдың бақсы-балгерлерi де өз сиқырлық өнерлерiмен дәл солай iстедi. Сонда Жаратқан Ие алдын ала айтқандай, перғауынның жүрегi қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды.
23Керi бұрылып, сарайына кетiп қалды. Бұл апат та оның жүрегiн жiбiтпеген едi.
24Бүкiл мысырлықтар Нiлдiң жағалауынан iшетiн су табу үшiн құдық қаза бастады, өйткенi өзен суы iшуге жарамсыз болып қалған едi.
Екiншi апат: құжынаған бақалар
25Тәңiр Иенiң Нiлдiң суын арамдағанынан кейiн жетi күн өттi.
1Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Перғауынға барып, сөзiмдi жеткiз: «Жаратқан Ие былай дейдi: Маған ғибадат ету үшiн халқымды жiбер!
2Егер одан бас тартсаң, бақалар қаптатып, бүкiл өлкеңе залал келтiремiн.
3Нiлде бақалар құжынап, олар судан шығып, сарайыңа, ұйықтайтын бөлмеңе, тiптi төсегiңе дейiн кiрiп кетпек. Олар уәзiрлерiңнiң сарайлары мен бүкiл халқыңның үйлерiн де, пештерiң мен қамыр ашытатын күбiлерiңдi де жайлайды.
4Өзiңнiң, халқыңның және бүкiл нөкерлерiңнiң үстерiңде бақалар секiрiп жүрмек».
5Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға тағы да былай деп бұйырды:
— Һаронға айт: «Қолыңа таяғыңды ұстап, өзендерге, арықтар мен тоғандарға қарай көтерiп тұр да, бақаларды шығарып, Мысыр елiн бақаға қаптат».
6Һарон қолын Мысырдың суларына қарай көтергенде олардан бақалар шығып, елдi жайлап алды.
7Бақсы-балгерлер де сиқырлықтарымен солай iстеп, Мысыр жерiне бақалар шығарды.
8Ал перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, мынаны айтты:
— Жаратқан Иеге менен және халқымнан бақаларды алып кете көрсiн деп сиыныңдар. Сонда мен халықты Оған ғибадат ету үшiн жiберемiн. —
9Мұса перғауынға жауап берiп:
— Сiз үшiн, нөкерлерiңiз бен халқыңыз үшiн Жаратқан Иеге сиынатын уақытымды өзiңiз белгiлеңiз. Сонда барлығыңыз және үйлерiңiз бақалардан құтылып, тек өзендегiлер ғана қалады, — дедi.
10Перғауын:
— Ертең, — деп шештi. Мұса:
— Айтқаныңыздай болады. Бiздiң Құдайымыз Жаратқан Иеге тең келер ешкiмнiң жоқ екенiн осыдан бiлетiн боласыз!
11Өзiңiз, үйлерiңiз, нөкерлерiңiз бен халқыңыз бақалардан құтылып, олар тек өзенде ғана қалады, — дедi.
12Мұса мен Һарон перғауыннан шыққаннан кейiн Мұса Тәңiр Иеге елдi перғауынға бола құжынатып алып келген бақаларынан құтқарсын деп сиынды.
13Тәңiр Ие Мұсаның айтқанындай iстеп, барлық үйлердегi, қоралар мен даладағы бақалар құрып кеттi.
14Жұрт оларды жинастырып, төбе-төбе етiп үйiп қойды. Сонда сасық иiс бүкiл елдi алып кеттi.
15Алайда перғауын апаттан құтылғанын көргенде жүрегiн қайтадан қасарыстырып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Тәңiр Ие алдын ала айтқан едi.
Үшiншi апат: масалар
16Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Һаронға айт: «Таяғыңды сiлтеп, жердiң шаңын шығара саба, сонда бүкiл Мысырдағы шаң-тозаң масаларға айналады».
17Олар солай iстедi де. Һарон қолындағы таяғын сiлтеп, жердiң шаңын сабағанда, адамдар мен малдардың үстiне масалар жабыла қонды. Бүкiл Мысырдағы бар шаң-тозаң дерлiк масаларға айналды.
18Бақсы-балгерлер де сиқырлық өнерлерiмен масалар келтiргiлерi келiп едi, бiрақ қолдарынан келмедi. Ал масалар адамдарға да, малдарға да жаппай қонды.
19Сонда бақсы-балгерлер перғауынға:
— Бұл Құдайдың құдiреттi iсi! — дедi. Алайда перғауынның жүрегi қайтпастан қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Тәңiр Ие алдын ала айтқан едi.
Төртiншi апат: шыбын-шiркейлер
20Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Ертеңгiсiн ерте тұр да, өзенге бара жатқан кезiнде перғауынның алдынан шығып, сөзiмдi жеткiз: «Жаратқан Ие былай дейдi: Маған ғибадат ету үшiн халқымды жiбер!
21Егер оларды жiбермесең, онда Мен өзiңе, нөкерлерiңе, халқыңа және тұратын үйлерiңе шыбын-шiркейлердi быжынатып жiберемiн. Мысырлықтардың үйлерi мен далалары шыбын-шiркейге лық толады.
22Ал сол күнi Мен өз халқым мекендеген Гөшен елiне бөлек қараймын, онда ешқандай шыбын-шiркей болмайды. Осылайша сен бұл елдiң iшiнде Менiң, Жаратқан Иенiң, бар екенiмдi бiлетiн боласың.
23Мен өз халқымды сенiң халқыңнан ажыратып қоямын. Құдiретiмдi көрсететiн осы керемет ертең болады».
24Тәңiр Ие мұны iстедi де. Перғауынның сарайы, нөкерлерiнiң үйлерi, бүкiл Мысыр елi бұлттай қаптаған шыбын-шiркейлерге толып, ел күйреп жатты.
25Сонда перғауын Мұса мен Һаронды шақырып алып, оларға:
— Барып, Құдайларыңа осы елдiң iшiнде құрбандық шалыңдар! — дедi.
26Бiрақ Мұса:
— Олай iстеуге болмайды. Құдайымыз Жаратқан Иеге ұсынатын құрбандығымыз мысырлықтар үшiн жиiркенiштi. Шалған құрбандықтарымыз оларға жиренiштi болып көрiнсе, бiздi таспен атқылап өлтiредi емес пе?
27Бiз үш күндiк жердегi айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге Өзi бұйырғандай құрбандық шалуымыз керек, — деп жауап қайырды.
28Ал перғауын:
— Құдайларың Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуларың үшiн айдалаға баруларыңа рұқсат етемiн. Тек алысқа бармаңдар! Ендi мен үшiн сиыныңдар, — деп өтiндi.
29Мұса:
— Қазiр қасыңыздан кеткен бойда Жаратқан Иеге сиынамын. Ертең өзiңiз, нөкерлерiңiз бен халқыңыздан шыбын-шiркейлер алыстап кететiн болады. Тек перғауын алдауын доғарсын, халықты Жаратқан Иеге құрбандық жасауға жiбермей жүрмесiн, — дедi.
30Мұса перғауыннан шығып, Тәңiрге сиынды.
31Ол Мұсаның тiлегенiндей iстеп, перғауынды, нөкерлерi мен халқын шыбын-шiркейлерден арылтты. Бiрде-бiр шыбын-шiркей қалмады.
32Алайда перғауын бұл жолы да жүрегiн қасарыстырып, халықты жiбермей қойды.
1Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Перғауынға барып сөзiмдi жеткiз: «Исраилдiктердiң Құдайы Жаратқан Ие былай дейдi: Маған ғибадат ету үшiн халқымды жiбер!
2Егер оларды жiберуден бас тартып, әрi қарай ұстап қалатын болсаң,
3онда сақ бол. Жаратқан Ие далада жүрген малдарыңа қол салып, жылқыларың, есектерiң, түйелерiң, мүйiздi iрi қараларың мен қой-ешкiлерiң жаман iндетке ұшырайтын болады!
4Ал Жаратқан Ие исраилдiктердiң малдарына мысырлықтардiкiнен бөлек қарамақ: исраилдiктердiң бiр тұяғы да шығынға ұшырамайды». —
5Тәңiр Ие уақытты белгiлеп: «Мұны осы жерде күнi ертең iстеймiн!» — дедi.
6Жаратқан Ие келесi күнi солай iстедi де. Мысырлықтардың малдары жаппай қырылып, ал исраилдiктердiң малдарынан бiрде-бiр шығын болмады.
7Перғауын адамдарын жiберiп, исраилдiктердiң бiрде-бiр тұяғының шығынға ұшырамағанын бiлiп алды. Сонда да перғауынның жүрегi қасарысып, халықты жiбермей қойды.
Алтыншы апат: шиқандар
8Сонда Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға мынаны бұйырды:
— Пештен уыстап күл алыңдар. Мұса оны перғауынның көз алдында аспанға қарай шашып жiберсiн.
9Сонда ол тозаң болып бүкiл Мысыр елiне тарап кетедi де, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болады.
10Мұса мен Һарон пештен күл алып, перғауынның алдына барды. Мұса күлдi аспанға қарай шашып жiбергенде, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болды.
11Бақсы-балгерлер Мұсаға қарсы тұра алмады. Барлық мысырлықтар сияқты олардың тәндерiне де шиқандар шыққан болатын.
12Алайда Тәңiр Ие перғауынның жүрегiн қасарыстырып қойғандықтан, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан едi.
Жетiншi апат: бұршақ
13Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Ертеңгiсiн ерте тұрып, перғауынның алдына барып, сөзiмдi жеткiз: «Исраилдiктердiң Құдайы Жаратқан Ие былай дейдi: Маған ғибадат ету үшiн халқымды жiбер!
14Мен осы жолы қасарысқан жүрегiңе, нөкерлерiңе және халқыңа қарсы ойлаған апаттарымның бәрiн жiберетiн боламын. Сонда сен жер бетiнде Маған пара-пар келетiн ешкiмнiң жоқ екенiне көзiң жетiп, соны ұғынатын боласың.
15Қаласам баяғыда қолымның ұшын созып-ақ өзiңдi де, халқыңды да iндетке ұшыратып, жер бетiнен жоқ қылған болар едiм.
16Алайда саған құдiретiмдi көрсетiп, бүкiл жер жүзiне атымды шығару үшiн ғана сенi патша етiп қойдым.
17Әлi де халқыма қарсы шығып, оларды жiбермей келесiң.
18Бiлiп ал: Мен ертең осы мезгiлде сенiң елiңе, Мысыр Мысыр болғалы күнi бүгiнге дейiн болып көрмеген бұршақ жаудырамын.
19Ендi адамдарыңды жiберiп, даладағы малдарың мен меншiктiлерiңнiң бәрiн де паналарға жинатып алдырт! Үй-қораларды паналамай далада жүрген күллi адамдар мен малдар бұршақтың астында қалып, қырылмақ», — дедi.
20Перғауынның нөкерлерiнiң арасындағы Жаратқан Иенiң бұл сөздерiнен қорыққандары малайлары мен малдарын жедел түрде қауiпсiз жерлерге жинап алды.
21Ал Тәңiрдiң сөзiне көңiл бөлмегендер малайлары мен малдарын далада қалдырды.
22Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйрық бердi:
— Қолыңды аспанға қарай көтер! Сол сәтте бүкiл Мысырдың үстiне, адамдардың, малдардың және даладағы өсiмдiктердiң бәрiнiң үстiне бұршақ жауатын болады.
23Мұса таяғын аспанға қарай көтергенде Жаратқан Ие күн күркiретiп, бұршақ жаудырып, жерге найзағай түсiрдi. Осылайша Тәңiр Мысырды бұршақтың астына алып,
24бұршақ жерге үздiксiз төпелеп, арасында найзағай жарқылдап тұрды. Бұршақтың мұндай күштi жауғанын Мысыр халқы ел болып, басы бiрiккелi көрген емес.
25Бұршақ бүкiл Мысыр даласында жүрген күллi адамдар мен малдарды қырып, өсiп тұрғанның барлығын тып-типыл қылып, ағаш атаулының бұтақтарын сындырып, быт-шыт еттi.
26Тек исраилдiктер мекендеген Гөшен елiнде ғана бұршақ жауған жоқ.
27Сонда перғауын кiсi жiберiп, Мұса мен Һаронды шақырып алып:
— Осы жолы мен күнә жасадым. Жаратқан Ие әдiлеттi, кiнәлы өзiм және халқым.
28Жаратқан Иеге сиыныңдар; бұршақ жауып, найзағай түскенi жетер. Сендердi жiбермекпiн бұдан әрi ұстап тұрмаймын, — дедi.
29Мұса:
— Қаладан шығысымен-ақ қолымды Жаратқан Иеге қарай жайып сиынамын. Сонда күн күркiреуiн тоқтатып, бұршақ та жаумайтын болады. Осыдан жердiң иесi Жаратқан Ие екенiн ұғынатын боласыз.
30Алайда өзiңiз де, нөкерлерiңiз де Құдайды — Жаратқан Иенi әлi де шынайы қастерлемейсiздер, соны бiлемiн, — деп жауап қатты.
31Зығыр мен арпаны бұршақ ұрып кеттi, өйткенi арпа масақ жарып, зығыр гүлдеп тұрған едi.
32Ал бидай мен соған ұқсас дәндi дақылдар кеш пiсетiн болғандықтан бұршаққа ұрыла қоймады.
33Мұса перғауыннан қаланың сыртына шығып, қолын Тәңiрге қарай жайып сиынды. Сол сәтте-ақ күн күркiреуiн, бұршақ жаууын доғарып, жаңбыр да тиылды.
34Мұны көрген перғауын күнәсын әрi қарай жалғастырып, өзi де, нөкерлерi де жүректерiн қасарыстырды.
35Перғауын қайтадан қырсығып, исраилдiктердi жiбермей қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие Мұса арқылы алдын ала айтқан едi.
1Содан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйрық бердi:
— Перғауынға қайтадан бар! Мен перғауынның және нөкерлерiнiң жүректерiн қасарыстырып қойдым. Мұндағы мақсатым: олардың араларында осы керемет iстерiм арқылы өз құдiретiмдi көрсету,
2және сендердiң Менiң мысырлықтарға билiгiмдi қалай паш еткенiм туралы балалар мен немерелерiңе әрдайым айтып жүрiп, Менiң Жаратқан Ие екенiмдi терең ұғынуларың.
3Мұса мен Һарон перғауынға тағы да барып:
— Исраилдiктердiң Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сен қашанға дейiн Маған бағынудан бас тартпақсың? Халқымды Өзiме ғибадат етуге жiбер!
4Егерде жiбермесең, ертең-ақ елiңе шегiрткелер алып келемiн.
5Олар түк көрiнбестей етiп жердiң бетiн жауып алып, сендерде бұршақтан аман қалғанның бәрiн жалмап, даладағы барлық ағаштардың жапырақтарын да түк қалдырмай жалмап жеп қояды.
6Өз сарайларың да бүкiл нөкерлерiңнiң және барлық мысырлықтардың үйлерi де шегiрткелерге толып кетедi. Мұндайды сенiң ата-бабаларың осы жерге келiп қоныстанғаннан берi бүгiнгi күнге дейiн ешқашан көрген емес», — дедi. Мұса бұрылып, перғауынның қасынан шығып кеттi.
7Сонда перғауынның нөкерлерi одан:
— Бұл адам бiздi қашанға дейiн азапқа түсiрмекшi? Исраилдiктердi Құдайлары Жаратқан Иеге ғибадат ету үшiн жiбере көрiңiз. Мысырдың құрып бара жатқанын көрiп тұрған жоқсыз ба? — деп сұрады.
8Бұдан кейiн Мұса мен Һаронды перғауынға қайтадан алып келдi. Перғауын:
— Барыңдар, Құдайларың Жаратқан Иеге ғибадат етiңдер! Тек кiмдердiң баратынын айтыңдар, — дедi.
9Мұса:
— Бiз үлкендi-кiшiлi адамдарымызды, ұл-қыздарымызды, ұсақ және мүйiздi iрi қараларымызды ала барамыз. Өйткенi арнайы жерге барып, Жаратқан Иеге арналған мейрам тойын өткiзбекпiз, — дедi.
10— Мен сендердi бала-шағаларыңмен бiрге жiберсем, Жаратқан Иелерiң жар болсын! Ниеттерiң қара, бұл айқын көрiнiп тұр.
11Олай болмайды, тек еркектер ғана барып, Жаратқан Иеге ғибадат етсiн! Сұрағандарың да сол емес пе едi? — Осылай деп, перғауын Мұса мен Һаронды қасынан қуып шығартты.
12Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Қолыңды Мысырдың үстiне қарай соз. Сонда шегiрткелер қаптап келiп, Мысыр жерiне қонсын. Бұршақтан аман қалып, өсiп тұрғанның бәрiн де жалмап қойсын.
13Мұса қолындағы таяғын Мысыр жерiнiң үстiне қарай созды. Жаратқан Ие елге сол күнi бiр тәулiк бойы шығыс жақтан жел соқтырды. Таң атқанда шығыстан соққан жел шегiрткелердi жеткiздi.
14Олар бүкiл Мысырға лап қойып, сансыз үйiрлерiмен елдiң түкпiр-түкпiрiне дейiн басып алды. Бұған дейiн мұндай қаптаған шегiрткелер болған да емес, бұдан кейiн де болмайды.
15Шегiрткелер жердiң бетiн түк көрсетпей қап-қара қылып жауып алды да, бұршақтан аман қалған дала өсiмдiктерi мен ағаш жемiстерiн жалмап қойды. Бүкiл Мысыр елiндегi ағаштар мен өсiмдiктердiң көк жапырақтары мен сабақтарынан ештеңе қалмады.
16Сонда перғауын тездетiп Мұса мен Һаронды шақырып алып, олардан:
— Мен Құдайларыңыз Жаратқан Иенiң алдында да, сiздердiң алдарыңызда да күнә жасадым.
17Ал ендi күнәмды тағы бiр жолға кешiрiп, Құдайларыңыз Жаратқан Иеге бұл жойқын жазаны менен алып кете көрсiн деп сиыныңыздар, — деп өтiндi.
18Перғауыннан шығысымен Мұса сиынып,
19Тәңiр желдiң бағытын өзгертiп, батыстан ерен күштi дауыл соқтырды. Дауыл күллi шегiртке атаулыны көтерiп апарып, Қызыл теңiзге лақтырды. Бүкiл Мысыр жерiнде бiрде-бiр шегiртке қалмады.
20Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегiн қасарыстырып, ол исраилдiктердi жiбермей қойды.
Тоғызыншы апат: қара түнек
21Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Қолыңды аспанға қарай көтер, сонда Мысырды көзге түртсе көрiнбейтiн қараңғылық басады.
22Мұса қолын аспанға қарай көтерген соң барлық Мысыр елiн үш күн бойы қара түнек басты.
23Адамдар бiр-бiрiн көре алмай, үш тәулiк ешкiм отырған орнынан тұрмады. Ал исраилдiктердiң мекендерiнде жарық болды.
24Перғауын Мұсаны шақырып алып:
— Барыңыздар, Құдайларыңыз Жаратқан Иеге арнап ғибадат етiңiздер. Балаларыңыз да бiрге бара берсiн, тек iрiлi-ұсақты малдарыңыз ғана қалсын, — дедi.
25Ал Мұса:
— Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалатын және шалып өртеп жiберетiн малды да қолымызға тапсырыңыз, — деп жауап қайырды. —
26Малымыз өзiмiзбен бiрге жүрсiн, бiр тұяқты да қалдырмаймыз. Бiз шалатын құрбандықты солардың iшiнен аламыз. Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап қандай малды құрбандыққа шалатынымызды баратын жерiмiзге жеткенде ғана бiлемiз.
27Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегiн қасарыстырып қойды. Ол исраилдiктердi жiбергiсi келмей,
28Мұсаға:
— Кет қасымнан! Ендi қайтып менiң алдыма келушi болма. Көзiме түскен күнi-ақ өлетiн боласың, — дедi.
29— Ендi қайтып (өтiнiшпен) алдыңызға келмеймiн, айтқаныңыздай болсын, — деп жауап қатты Мұса.
1Содан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Мен перғауынды және Мысыр елiн тағы бiр апатқа душар етемiн. Одан кейiн ол бұл жерден кетулерiңе рұқсат берiп қана қоймай, тiптi бiрiңдi қалдырмай елiнен шығуға мәжбүрлейтiн болады.
2Исраилдiктерге айт: «Сол кезде барлық еркектерiң мен әйелдерiң (мысырлық) көршiлерiнен күмiс, алтын бұйымдар сұрап алсын».
3Осы уақыт жеткенде Тәңiр Ие мысырлықтарды исраилдiктерге игi ниетпен қаратып, Мұсаның Мысыр жерiнде перғауынның нөкерлерi мен халықтың алдындағы абыройы да зор болды.
4Ал перғауынның қасынан кетпей тұрып, Мұса оған былай деген болатын:
— Жаратқан Ие былай дейдi: «Түн ортасында Мен Мысырды аралап өтемiн.
5Сонда Мысыр жерiндегi әрбiр тұңғыш бала, тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, қол диiрмендi айналдырып отырған күңнiң тұңғышына дейiн, сондай-ақ мал атаулының алғашқы төлдерi де өлетiн болады.
6Бүкiл Мысыр елi бұған дейiн болмаған, ендi қайтып болмайтын да зар еңiреген жоқтауға толады.
7Ал исраилдiктерге келсек, олардың адамдары түгел, малдарына қарсы иттер де үрмейтiн болады. Сонда Исраил мен Мысыр халықтарын Жаратқан Иенiң қалай ажыратқанын ұғынатын боласыңдар».
8Сол кезде мына тұрған нөкерлерiңiздiң бәрi алдыма келiп, бастарын иiп былай деп жалынбақ: «Өзiңiз және басқарып жүрген халқыңыз елiмiзден шыға көрiңiздер!» Мен содан кейiн шығамын да.
Ашуланған Мұса осыны айтып, перғауынның қасынан шығып кеткен болатын.
9Тәңiр Ие Мұсаға бұрын мынаны да айтып қойған едi:
— Менiң Мысыр елiнде кереметтер жасап, құдiретiмдi көптеп көрсетуiм үшiн перғауын айтқандарыңа мойынсұнбайды.
10Мұса мен Һарон перғауынның алдында осы кереметтердi көрсеттi, алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегiн қасарыстырып, ол исраилдiктердi елiнен жiбермей қойды.
1Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Мысыр жерiнде мынаны бұйырды:
2— Бұдан былай осы ай сендер үшiн айлардың басы, жылдың алғашқы айы болсын.
3Исраилдiң барлық қауымына айтыңдар: әрбiр отағасы осы айдың оны күнi жанұясы үшiн бiр тоқтыдан арнап бөлек қойсын.
4Егер үй iшiндегi адамдар саны бұл малдың етiн толық жей алмайтындай аз болса, онда оны iргелес көршiсiмен бөлiссiн. Тоқтының үлкен-кiшiлiгiн оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек.
5Таңдап алған малдарың қойдың не ешкiнiң, еш кiнәраты жоқ бiр жылдық еркек төлi болсын.
6Осы малды айдың он төртiне дейiн бағып күтiп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күнi кешке қарай Исраил халқының бүкiл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын.
7Олар тоқтының қанынан бiраз алып, құрбандық асын iшейiн деп отырған үйлерiнiң есiк жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын.
8Сол түнi олар тоқтының етiн отқа қақтап, ашытқысыз пiсiрiлген нан мен ащы шөптерге қосып жеулерi керек.
9Оны не шикiлей, не суға пiсiрiп жеушi болмаңдар, тұтастай бас-аяқтарымен, iшкi ағзаларымен қоса қақтаңдар.
10Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жiберу қажет.
11Сендер тамақтанып жатқанда белдерiң буулы, аяқ-киiмдерiң киюлi, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетiп жеңдер! Бұл — Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу асы.
12Мен дәл сол түнi Мысыр елiн аралап, ондағы адамның да, малдың да тұңғыштарын құртып, Мысырдың барлық тәңiрлерiн әшкерелеп соттаймын. Мен Жаратқан Иемiн.
13Есiкке жағылған қан сендердiң отырған үйлерiңдi көрсететiн белгi болады, сонда қанды көрiп, соқпай өте шығамын. Мен Мысыр елiн қырғынға ұшыратып жатқан кезде сендер бұл күйретiп жатқан соққыдан түгелдей аман қаласыңдар.
14Осы күн естерiңде қалсын. Бүкiл үрiм-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ереженi ұрпақтарың мәңгi берiк ұстансын.
15Жетi күн бойы ашытқысыз пiсiрiлген нан жеңдер. Алғашқы күнi-ақ үйлерiңнен ашытқы атаулыны шығарып тастаңдар. Осы апта iшiнде ашытқымен дайындалған тамақ iшкен әркiм Исраил халқының арасынан аластатылуға тиiс.
16Бiрiншi және жетiншi күндерi Маған арналған жиналыстарың болсын. Сол екi күнде ешқандай жұмыс iстемеңдер, тек жейтiн тамақтарыңды дайындауларыңа ғана болады.
17Осылай «Ашымаған нан мейрамын» берiк сақтаңдар! Бұл күнi Менiң сендердi Мысырдан лек-лектерiңмен алып шыққанымды жыл сайын еске алып отырыңдар. Келешек ұрпақтарың да бұл ереженi мәңгi берiк ұстансын.
18Бiрiншi айдың он төртiншi күнiнiң кешiнен бастап, жиырма бiрiншiсiнiң кешiне дейiн ашымаған нан жеңдер.
19Сол жетi күн бойы үйлерiңде ашытқы болмасын. Кiмде-кiм, мейлi жергiлiктi, мейлi бөтен адам болсын, осы аралықта ашытқымен дайындалған тамақ iшсе, сол Исраил халқының iшiнен аластатылуға тиiс.
20Қайда тұрып жатсаңдар да, сол күндерi ешқандай ашыған тағам жеулерiңе болмайды, нанды ашытқысыз пiсiрiп жеңдер!
21Мұса Исраилдiң күллi рубасыларын шақырып алып, оларға былай дедi:
— Араларыңдағы әр отбасы үшiн бiр-бiр тоқтыдан таңдап алып, Құтқарылу мейрамына арнап сойыңдар!
22Бiр байлам үсоп бұтақшасын құрбандықтың қаны жиналған ыдысқа малып алып, қанын есiк жақтаулары мен маңдайшасына жағыңдар. Мұнан кейiн таң атқанша ешқайсың да сыртқа шықпаңдар!
23Сол кезде Жаратқан Ие Мысырды қырғынға ұшырату үшiн бүкiл елдi аралап жүрмек. Сонда жақтаулары мен маңдайшаларына жағылған қанды көрiп, есiктерiңнiң қасынан өте шығады да, құртушының үйлерiңе кiрiп, өлтiруiне жол бермейдi.
24Бұл нұсқауды өздерiңе және келешек ұрпақтарыңа арналған ереже ретiнде мәңгiлiк сақтаңдар!
25Жаратқан Ие беремiн деп уәде еткен елге кiргеннен кейiн де осы рәсiмдi ұстануларың керек.
26Балаларың: «Бұл не қылған рәсiм?» деп сұраса,
27оларға былай деңдер: «Бұл — Жаратқан Иеге арнаған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Тәңiр мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдiктердiң үйлерiнiң қасынан өте шығып, бiздi өлiмнен аман алып қалды».
Мұны естiген халық Жаратқан Иеге бастарын иiп ғибадат еттi.
28Тәңiр Мұса мен Һаронға қалай бұйырған болса, исраилдiктер дәл солай iстедi.
29Түн ортасында Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды — тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, түрмеде жатқан тұтқынның тұңғыш ұлына дейiн және мал атаулының тұңғыш төлдерiн де өлтiрдi.
30Сол түнi перғауын, оның күллi нөкерлерi мен барлық мысырлықтар да ұйқыларынан тұрды. Бүкiл Мысыр зарлы жоқтау жамылды, себебi өлiм шықпаған бiрде-бiр үй болмады.
Исраилдiктердiң Мысырдан көшiп шығуы
31Перғауын сол түнi Мұса мен Һаронды шақырып алып:
— Жолға жиналыңдар! Исраилдiң үрiм-бұтағын ертiп алып, халқымның арасынан аулақ кетiңдер! Барып, өз сөздерiңе сай Жаратқан Иеге ғибадат етiңдер!
32Iрiлi-ұсақты малдарыңды да өздерiң айтқандай ала кетiңдер. Ал маған баталарыңды бере көрiңдер, — деп өтiндi.
33Мысыр халқы да исраилдiктерге:
— Осы елден тезiрек кете көрiңдер, әйтпесе бәрiмiз де өлiп қалармыз! — деп жалынып асықтырды.
34Сонда исраилдiктер қамырларын ашытпастан күбiсiмен киiмдерiне орап, иықтарына салып көтерiп жүрдi.
35Олар жолға шықпас бұрын Мұса мен Һаронның айтқандары бойынша мысырлықтардан күмiс, алтын бұйымдар мен әсем киiмдердi сұрап алған болатын.
36Жаратқан Ие мысырлықтарды Өзiнiң халқына мейiрiммен қаратқандықтан, олар исраилдiктердiң сұрағандарын түгел бердi. Осылайша бұлар Мысырдың байлығын олжалады.
37Сонымен Исраилдiң үрiм-бұтағы Рамсес маңынан Соқотқа қарай беттедi. Әйелдерi мен балаларын есептемегенде шамамен алты жүз мың еркек жаяу жолға шықты.
38Көптеген бөтен ұлттықтар да, сондай-ақ қора-қора iрiлi-ұсақты малдары да бiрге жүрдi.
39Жұрт алып шыққан ашымаған қамырларынан жолшыбай күлше нан пiсiрдi. Мысырдан жедел кетуге мәжбүр болғандықтан, олар сапарға тiптi тамақ та дайындап үлгермеген болатын.
40Исраил әулетiнiң Мысырда тұрған уақыты төрт жүз отыз жыл.
41Осы мерзiм өткен күнi-ақ Тәңiрдiң халқы лек-легiмен Мысыр елiнен шықты.
42Бұл түнi Жаратқан Иенiң Өзi оларды Мысырдан алып шығу үшiн сергек болып күзеткендiктен, барлық Исраил үрiм-бұтағы мен келешек ұрпақтары да жыл сайын сол түндi Оған арнап сергек болып ұйықтамай өткiзедi.
43Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп бұйырды:
— Құтқарылу мейрамының ережесi мынау:
Мейрам асынан бiрде-бiр жат жұрттық ауыз тимейтiн болсын.
44Ал ақшаға сатып алған құлыңды сүндеттеген болсаң, онда оның жеуiне болады.
45Бiрақ араларыңда уақытша қоныстанғандар мен жалдамалы шетелдiктерге одан жеуге болмайды.
46Құрбандық сол шалынған үйде желiнiп, етi ешқайда шығарылмасын, оның ешбiр сүйегi де сындырылмасын!
47Бұл мейрамды бүкiл Исраил қауымы тойлауға тиiс.
48Ал араларыңда тұрып жатқан келiмсек бiреу Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, алдымен сол адамның үйiндегi барлық еркек кiндiктiлерiн сүндеттеңдер. Сонда ол елдерiңнiң жергiлiктi тұрғыны iспеттi мейрам асына қатыса алады. Ал бiрде-бiр сүндеттелмеген адам одан ауыз тимеуге тиiс.
49Жергiлiктi халық үшiн де, араларыңда тұрып жатқан келiмсектер үшiн де заң бiреу болмақ.
50Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға қалай бұйырған болса, барлық исраилдiктер солай iстедi де.
51Дәл сол күнi Жаратқан Ие Исраилдың үрiм-бұтағын Мысыр жерiнен лек-легiмен алып шықты.
1Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
2— Исраил үрiм-бұтағының тұңғыш туғандарының бәрiн: адам баласынан бастап малдың төлiне дейiн Маған бағыштаңдар! Олар Менiкi.
3Мұса халыққа былай дедi:
— Құлдықтың құрсауы Мысырдан құтылған осы күндi еске алып отырыңдар, өйткенi Жаратқан Ие сендердi Өзiнiң құдiреттi қолымен сол жерден бастап алып шықты. Осы күнi ашытқымен дайындалған тамақ жемеңдер!
4Бүгiн, абиб айында, Мысырдан шығып бара жатырсыңдар.
5Жаратқан Ие ата-бабаларыңа уәде еткен елге — қанахандықтар, хеттiктер, аморлықтар, хевтiктер және ебустiктер тұрып жатқан, ағы мен балы ағыл-тегiл жерге сендердi алып барғанда, осы рәсiмдi былай ұстануларың керек:
6жетi күн бойы ашытқысыз пiсiрiлген нан жеңдер, ал жетiншi күнi Жаратқан Иеге арнап мейрам өткiзiңдер.
7Осы жетi күн бойы ашымаған нан жеулерiң қажет. Не өздерiңнен, не тұрып жатқан маңайларыңнан сол күндерi ашыған нан мен басқа да ашытқымен дайындалған тағам атаулы табылмауға тиiс.
8Сол күнi балаларыңа былай деп түсiндiрерсiңдер: «Мысырдан көшiп шыққан кезiмiзде Жаратқан Иенiң бiзге көрсеткен игiлiгi үшiн осылай iстеймiз».
9Бұл әдет қолдарыңа салынған белгiге, көз алдарыңдағы ескертпе жазбаға ұқсап, Жаратқан Иенiң ережелерiнiң тiлдерiңнiң ұшында жүруге тиiс екенiн естерiңе түсiретiн болсын. Себебi Жаратқан Ие сендердi Өзiнiң құдiреттi қолымен Мысырдан бастап алып шықты.
10Жылма-жыл осы ереженi белгiленген уақытта орындай берiңдер.
11Тәңiр Ие өздерiңе және ата-бабаларыңа антпен уәде еткендей сендердi Қанахан жерiне алып барып, оны меншiктерiңе бергеннен кейiн,
12сендер құрсақтан шыққан тұңғыштарды Жаратқан Иеге бағыштаңдар: қолдағы бар малдың тұңғыш туған еркек төлдерiн Тәңiрге арнап құрбандыққа шалыңдар.
13Есектiң тұңғыш төлiнiң орнына бiр тоқтыны бағыштаңдар. Егер олай етпесеңдер, есектiң мойнын үзiңдер. Ал әрбiр тұңғыш ұлдарыңның төлемi ретiнде арнайы құрбандық шалыңдар.
14Болашақта балаларың сендерден: «Бұның мағынасы қандай?» деп сұраса, оларға мынаны айтыңдар: «Жаратқан Ие бiздi құлдықтың құрсауы Мысырдан Өзiнiң құдiреттi қолымен азат етiп алды.
15Перғауын қырсығып бiздi жiберуден бас тартқанда, Тәңiр Ие Мысырдағы тұңғыш атаулыны — адамдардың тұңғыштарынан бастап малдардың тұңғыш төлдерiне дейiн өлтiрдi. Сол себептi бiз еркек кiндiктiң барлық тұңғыштарын Оған арнап құрбандыққа шаламыз, ал тұңғыш ұлдарымыздың төлемi ретiнде арнайы құрбандық ұсынамыз».
16Осылайша бұл әдет қолдарыңа салынған белгiге, көз алдарыңдағы ескертпе жазбаға ұқсап, Жаратқан Иенiң бiздi Өзiнiң құдiреттi қолымен Мысырдан алып шыққанын естерiңе түсiретiн болсын.
Қамысты теңiздi кесiп өту
17Перғауын халықты жiбергеннен кейiн, фiлiстiрлердiң елi арқылы жол қысқарақ болса да, Құдай оларды сол жолмен алып жүрмедi. Себебi Ол былай деп ойлады: «Халық соғысқа душар болып қалса, олар алған беттерiнен бас тартып, Мысырға қайта оралар».
18Сондықтан Құдай халықты Қамысты теңiзге қарай айдаладағы жолмен айналдырып алып жүрдi. Исраилдiктер Мысырдан қару-жарақтанып көшiп шыққан болатын.
19Ал Мұса Жүсiп пайғамбардың сүйегiн де бiрге ала шықты. Жүсiп өлер алдында Исраил ұрпақтарынан ант алып: «Құдай рақымын түсiрiп, сендердi осы жерден алып шығатын болады. Сол кезде менiң сүйегiмдi де өздерiңмен бiрге ала кетiңдер!» — деп өсиеттеген болатын.
20Сонымен халық Соқоттан шығып, айдаланың шет жағындағы Етам жерiне барып, қоныстанды.
21Жаратқан Ие исраилдiктерге жол көрсетiп, күндiз бағана тәрiздi бұлт iшiнде, ал түнде жолдарына жарық түсiрiп, жалындаған от бағанасының iшiнде алдарында жүрiп отырды. Осылайша олар күнi-түнi жол жүре алды.
22Күндiз бағана тәрiздi бұлт, түнде жалындаған от бағанасы халықтың көз алдынан ажырамай, әрдайым бiрге жүрiп отырды.
1Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға былай деп тiл қатты:
2— Исраил үрiм-бұтағына мынаны айт: олар керi бұрылып, Миғдол мен теңiздiң аралығындағы Пи-һахироттың қасына қоныстанып, Бағал-Сефонға қарама-қарсы, теңiз жағалауына орналассын.
3Сонда перғауын Исраил халқы ел кезiп адасып кеттi, айдаланың қоршауында қалды деп ойламақ.
4Ал Мен арттарыңнан қуып шықсын деп перғауынның жүрегiн қасарыстырып қоямын. Сөйтiп перғауынға және оның бүкiл әскерiне Өзiмнiң ұлылығымды көрсетемiн, соған қарап мысырлықтар Менiң Жаратқан Ие екенiмдi мойындайтын болады.
Исраилдiктер солай iстедi де.
5Мысыр патшасына «Исраилдiктер қашып кеттi» деген хабар жеткенде өзi де, нөкерлерi де олар туралы көзқарастарын өзгертiп: «Бiздiң бұл не iстегенiмiз? Нелiктен Исраилдi босатып жiберiп, олардың бiз үшiн iстейтiн қызметтерiнен ада қалдық?!» — дедi.
6Перғауын өзiнiң соғыс күймесiн жеккiзiп, қарулы күштерiн де бiрге ала шықты.
7Сондай-ақ өзiне қарасты алты жүз таңдаулы соғыс күймесiн және Мысырдың басқа да бүкiл соғыс күймелерiн ертiп алды. Бұл күймелердiң бәрiнiң өз басшылары болды.
8Осылайша Жаратқан Ие Мысыр патшасы перғауынның жүрегiн қасарыстырып қойды, сонда ол нық сенiммен алға басқан исраилдiктердiң артынан қуа жөнелдi.
9Мысырлықтар — күллi атты жасақтары, соғыс күймелерi мен бүкiл жаяу әскер исраилдiктердiң артынан өкшелей отырып, оларды тынығуға жайғасқан теңiз жағасындағы Бағал-Сефонға қарама-қарсы, Пи-һахироттың маңында қуып жеттi.
10Перғауын жақындаған кезде исраилдiктер керi бұрылып қараса, соңдарынан қуған мысырлықтар келiп те қалыпты! Зәрелерi ұшқан исраилдiктер айқайлап Жаратқан Иенi шақырды.
11Мұсаны сөгiп:
— Не үшiн бiздi айдалада өлуге алып келдiң? Мысырдан бiзге мола табылмайтын ба едi?! Мысырдан алып шығып, бiзге не қылғаның?
12Саған Мысырда: «Бiзде жұмысың болмасын! Мысырлықтарға қызмет ете берейiк» деп айтпап па едiк? Бiзге айдалада өлгеннен гөрi мысырлықтарға құл болғанымыз жақсы едi ғой! — дедi.
13Ал Мұса халыққа жауап берiп:
— Қорықпаңдар, берiк тұрыңдар! Бүгiн-ақ Жаратқан Иенiң өздерiңдi құтқаруын көресiңдер: бүгiн көрген мысырлықтарыңды ендi қайтып мәңгi-бақи көрмейтiн боласыңдар!
14Сендер үшiн Жаратқан Иенiң Өзi шайқаспақ. Ал өздерiң тек тыныш тұрсаңдар болғаны, — дедi.
15Сонда Тәңiр Ие Мұсаға былай деп тiл қатты:
— Неге айқайлап Менi шақырып тұрсың? Исраилдiң үрiм-бұтағына алға қарай жылжи берсiн де!
16Өзiң таяғыңды ұстап, қолыңды теңiздiң үстiне қарай соз. Сонда теңiз қақ айырылып, халық теңiз ортасынан құрғақ жермен өте шығады.
17Мен мысырлықтардың жүрегiн қасарыстырамын, олар арттарыңнан қуатын болады. Сонда Мен перғауынға, оның әскерiне, барлық соғыс күймелерi мен атты жауынгерлерiне Өзiмнiң ұлылығымды көрсетемiн.
18Соған қарап мысырлықтар Менiң Жаратқан Ие екенiмдi ұғынып мойындайтын болады.
19Исраил көшiнiң алдында жүрiп келе жатқан Құдайдың перiштесi сол сәтте олардың соңына барды. Бағана тәрiздi бұлт та көштiң алдыңғы жағынан артына қарай ығысып,
20Мысырдың әскерi мен Исраил көшiнiң ортасына барып тұрды. Бұлт мысырлықтар жағына қараңғылық орнатып, исраилдiк жақта түндi жарық қылып тұрды. Осылай Мысыр әскерi исраилдiктерге түнi бойы жақындай алмады.
21Мұса қолын теңiздiң үстiне қарай созғанда Тәңiр Ие шығыстан қатты жел жiбердi. Ол түнi бойы соғып, теңiз суын ары итерiп, түбiн құрғатты. Су қақ айырылған кезде
22Исраил халқы құрғақ жермен теңiз ортасынан өте шықты. Су оларды оң мен солынан қабырға iспеттi қоршап тұрған болатын.
23Ал арттарынан қуған мысырлықтар: перғауынның барлық аттары, соғыс күймелерi мен атты жауынгерлерi исраилдiктердiң iзiмен теңiздiң ортасына дейiн кiрдi.
24Таңғы күзет кезiнде Жаратқан Ие от пен бұлт тәрiздi бағанадан мысырлық әскерiне қарап, оларды састырып, берекелерiн кетiрдi.
25Күймелерiнiң дөңгелектерiн шығарып тастап, олар әрең дегенде қозғалды. Сонда мысырлықтар айқай салып:
— Исраилдiктерден қашып құтылайық, олар үшiн Жаратқан Ие Мысырмен шайқасып жатыр! — дедi.
26Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Қолыңды теңiзге қарай соз! Сонда су қайтадан орнына келiп, мысырлықтардың күймелерi мен атты жауынгерлерiн бассын.
27Мұса қолын теңiзге қарай созып, таң ата су орнына келдi. Қашып бара жатқан мысырлықтар оған қарсы жүгiрiп, Жаратқан Ие оларды теңiз iшiнде суға батырды.
28Арнасына қайтқан су Исраил халқының соңына түсiп, теңiздiң iшiне дейiн қуып келген перғауынның бүкiл әскерiн, күймелерi мен атты жауынгерлерiн көмiп тастады. Олардың бiрде-бiреуi тiрi қалмады.
29Ал исраилдiктер теңiздiң ортасынан құрғақ жермен өте шығып, су оларды оң мен солынан қорған iспеттi қоршап тұрған едi.
30Осылай Жаратқан Ие сол күнi Исраил халқын мысырлықтардың қолынан құтқарып алды. Кейiн олардың теңiз жағасында жатқан сүйектерiн көргенде,
31исраилдiктер Жаратқан Иенiң мысырлықтарға қарсы ғаламат құдiретiн қолданғанына көздерi жетiп, Тәңiр Иеден қорқып, қастерлеп, Оның Өзiне және қызметшiсi Мұсаға сендi.
Сол кезде Мұса Исраил халқымен бiрге Жаратқан Иеге арнап мадақтау жырын айтты.
1Жаратқан Иенi дәрiптеймiн жырменен,
Себебi Ол жеңiмпаз, мерейi үстем бәрiнен!
Теңiзге лақтырды атты мiнген адамымен.
2Жаратқан Ие — қайнар көзi күш-қуатымның,
Мадақтау жырларымды Оған арнай берейiн.
Тәңiр менi құтқарып, алып қалды аман-есен.
Жаратқан — Құдайым менiң, Оны мадақтайын,
Ол әкемнiң де Құдайы, даңқын асырайын!
3Тәңiр — батыр жауынгер, аты — Жаратқан Ие,
4Перғауынның күймелерi мен әскерiн теңiзге,
Таңдаулы басшыларын да Қамысты теңiзге
Лақтырды,
5терең су басқан олар тас iспеттi
Барлығы тұңғиыққа зым-зия батып кеттi.
6Уа, Ием, оң қолың зор құдiретiңдi танытты,
Сенiң қолың, Ием, жауларыңды талқандады.
7Зор ұлылығыңмен құлаттың қарсыластарыңды,
Лаулаған қаһарың сабандай жалмады оларды.
8Демiңнiң лебiнен бөгелiп, сулар тоқталды,
Ағысы қабырғадай тiп-тiке тұра қалды,
Теңiз ортасындағы терең су қатып қалды.
9Жау былай мақтанды: «Өкшелей қуып, жетемiн.
Құмарымды қандырып, олжасын бөлiсемiн.
Семсерiмдi қынабынан суырып аламын,
Күшiмдi көрсетiп, тас-талқанын шығарамын!»
10Ал Сен жай дем үрлеп, су көмiп тастады оларды,
Алып суға батып кеттi қорғасындай барлығы.
11Уа, Жаратқан, қай «тәңiр» Саған тең келер едi?
Ешкiм жоқ Сендей салтанатты да қасиеттi,
Зор ұлылығымен айбынды да қорқынышты,
Керемет iстер жасайтын сондай құдiреттi!
12Сен қол созғанда жауды жұтып қойды о дүние.
13Құтқарған халқыңды рақымыңмен жетелейсiң,
Киелi мекенiңе күшiңмен жеткiзесiң.
14Басқа халықтар мұны естiп қорқып дiрiлдейдi:
Фiлiстiрдiң елiн ғаламат үрей билейдi,
15Әмiрлерi Едомның асып-сасып қалады,
Көсемдерi Моабтың да қорқып қалшылдайды,
Қанахандықтардың түседi ұнжырғалары,
16Бәрiн үрей басып, қорқыныш билеп алады,
Меншiктi халқың өтiп шыққанша жерлерiнен,Зәрелерi ұшады қолыңның құдiретiнен,
Тастай қатып тыныш отыр олар сол себептен.
17Өзiңе таңдаған тауға халқыңды апарасың,
Жаратқан, сонда оны қондыратын боласың.Сол жердi өз мекенiң болуға жаратып алдың,
Тәңiр, Сен сонда киелi орныңды жасадың.
18Мәңгi болады билiгi Жаратқан Иенiң! (Аумин)
Мәриям мен әйелдердiң Тәңiрдi мадақтауы
19Перғауынның аттары, күймелерi мен ондағы жауынгерлерi теңiзге енген кезде Жаратқан Ие оның суын қайтарып, олардың үстерiне құлатты. Ал исраилдiктер теңiздiң ортасынан құрғақ жермен өте шыққан едi.
20Һаронның қарындасы Мәриям пайғамбар даңғырасын қолына алғанда басқа әйелдер де даңғыраларын алып, оған ерiп дөңгелене билей жөнелдi.
21Мәриям оларға былай деп ән салды:
«Жаратқан Иенi дәрiптеңдер жырменен,
Ол жеңiмпаз, мерейi үстем бәрiнен!
Теңiзге лақтырды атты мiнген адамымен!»
Мара мен Елимдегi бұлақтар
22Бұдан кейiн Мұса исраилдiктердi жолға жинап, Қамысты теңiзден Шур айдаласына алып барды. Олар құла түздi үш күн бойы кезгенмен су таба алмады.
23Мараға келгенде оның суын iше алмады, өйткенi ащы екен. Сондықтан да бұл жер Мара («Ащылық») деп аталатын.
24Сонда халық: «Ендi не iшемiз?» — деп Мұсаға қарсы наразылық бiлдiрдi.
25Мұса Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынды, сонда Тәңiр оған бiр ағашты көрсеттi. Мұса оны суға лақтырған кезде су тұщыланды.
Сол жерде Тәңiр өз халқына арналған әмiрлерi мен шешiмдерiн шығарды. Халықты сынап былай дедi:
26— Мен сендердiң Құдайларың Жаратқан Иемiн. Егер Менiң айтқандарыма құлақ асып, көз алдымда әдiл жүрсеңдер, өсиеттерiме ден қойып, барлық әмiрлерiмдi орындасаңдар, онда Мен мысырлықтарға жiберген iндет-аурулардың бiрде-бiреуiн сендерге жұқтырмаймын. Себебi Мен сендердi сауықтырушы Жаратқан Иемiн.
27Содан кейiн халық он екi су көзi, жетпiс құрма ағашы бар Елим деген жерге жетiп, суларды жағалай орналасты.
1Исраил әулетiнiң бүкiл қауымы Елимнен шығып, сол жер мен Синай тауының арасындағы Син айдаласына барды. Бұл Мысырдан көшiп шыққаннан кейiнгi екiншi айдың он бесi күнi болатын.
2Сол айдалада күллi қауым Мұса мен Һаронға қарсы наразылық бiлдiрiп:
3— Мысыр елiнде Жаратқан Иенiң қолынан өлгенiмiз жақсы болған болар едi! Ол жерде етке толы қазанды айнала отырып, нанды тойғанымызша жеп жүрдiк. Ал сендер бiздi бүкiл қауымды аштан қатыру үшiн осы шөл далаға бастап алып келдiңдер, — дестi.
4Ал Жаратқан Ие Мұсаға тiл қатып мынаны айтты:
— Бiлiп қойыңдар, Мен сендерге аспаннан нан жаудырамын. Күн сайын халық далаға шығып, бiр күндiк тамағын жинап алсын. Осылайша Мен олар нұсқауымды орындап жүр ме, жоқ па, соны сынаймын.
5Ал аптаның алтыншы күнi олар жинап алғандарын дайындап қойғанда ол басқа күндерi жинағандарынан екi есе көп болмақ.
6Сонда Мұса мен Һарон барлық исраилдiктерге былай дедi:
— Сендер бүгiн кешке өздерiңдi Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие екенiн ұғынып,
7әрi ертеңiне азанда Оның салтанатты ұлылығын көретiн боласыңдар. Жаратқан Иеге қарсы күңкiлдегендерiң Оның құлағына шалынды. Себебi бiзге қарсы наразылық бiлдiретiндей бiз кiм едiк? —
8Мұса оларға тағы да: — Сендерге кешке ет, таңертең тойдырып нан беретiн Жаратқан Иенiң Өзi болады, Оған қарсы күңкiлдерiң құлағына жеттi. Оның қасында бiз кiмбiз? Сендер бiзге емес, Жаратқан Иеге наразылық бiлдiрiп тұрсыңдар! — дедi.
9Сонан кейiн Мұса Һаронға:
— Бар Исраил қауымына былай де: келiп, Жаратқан Иенiң алдына тұрыңдар! Сендердiң наразылықтарың Оның құлағына жеттi, — дедi.
10Һарон осыны исраилдiктерге айтып жатқанда-ақ олар айдалаға қараса, мiне, нұрлы бұлттың iшiнен Жаратқан Иенiң сәулелi салтанаты көрiндi.
11Ол Мұсаға тiл қатып:
12— Мен исраилдiктердiң наразы күңкiлiн естiдiм. Оларға былай де: кешке ет жеп, ертеңiне азанда нанға тоятын боласыңдар. Сонда Менiң өздерiңнiң Құдайларың Жаратқан Ие екенiмдi ұғынып бiлесiңдер, — дедi.
13Сол кеште-ақ бөденелер ұшып келiп, халықтың қоныстанған жерiне қаптап қонды. Ал ертеңгiсiн азанда айналаны шық басып жатты.
14Шық кепкен кезде оның орнында айдалада қырау тәрiздi ақ, нәзiк қабыршақтар қалды.
15Исраилдiктер мұны көргенде оның не екенiн бiлмей, бiр-бiрiнен: «Ман Һу?» яғни «Бұл не?» — деп сұрасты. Мұса оларға түсiндiрiп:
— Бұл Жаратқан Иенiң сендерге жеуге берген наны.
16Ол сендерге мынаны бұйырды: әрқайсыларың өздерiңе керегiнше терiп, үй iштерiңдегi әрбiр жан басына бiр тегенеден толтырып жинап алыңдар! — дедi.
17Исраилдiктер солай iстеп, бiреуi көп, бiреуi аз жинады.
18Ал өлшеген кезде көп жинаған кiсiде артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ. Әркiм өзiнiң жеуiне қажетiнше жинапты.
19Мұса оларға: «Ешкiм мұны ертеңге қалдырмасын!» — деп ескерттi.
20Алайда олар Мұсаны тыңдамай, кейбiреулерi жинағандарынан келесi күнге қалдырып, ол құрттап сасып кеттi. Сонда Мұса оларға қатты ашуланды.
21Күн сайын таң ата әркiм өзiнiң жегенiнше жинап алатын болды. Күн қызған кезде қабыршықтар ерiп кетiп отырды.
22Ал жұма күнi олар екi есе көп, әр жанға екi тегенеден жинап алыпты. Сонда қауымның рубасылары Мұсаға келiп, бұл туралы айтып бердi.
23Мұса оларға:
— Жаратқан Иенiң айтқаны мынау: «ертең сенбi күнi, Тәңiр Иеге арнап демалыс күнiн ұстаныңдар! Бүгiн жинаған тамақтан өздерiңе қанша керек болса, сонша пешке не суға пiсiрiп алыңдар, ал артылып қалғанын ертеңге сақтап қойыңдар», — деп жауап бердi.
24Халық Мұса тапсырғандай артылып қалған тамақты келесi күнге сақтап қойғанда ол құрттаған да жоқ, сасыған да жоқ.
25Мұса оларға тағы да былай деп қосты: «Бұл сендердiң бүгiн жейтiн тамақтарың. Бүгiн Жаратқан Иеге арналған демалыс күнi. Бұл күнi осы тағамды даладан таба алмайсыңдар.
26Оны алты күн қатарынан жинайсыңдар, ал жетiншi күн демалыс күнi, сонда ол болмайды».
27Дегенмен жұрттың кейбiреулерi жетiншi күнi нан қабыршықтарын жинамақ болып далаға шыққанда ештеңе таппады.
28Сонда Жаратқан Ие халыққа Мұса арқылы: «Сендер Менiң бұйрықтарым мен нұсқауларымды орындаудан бас тартуларыңды қашан қоясыңдар?» деген сөздерiн жеткiздi.
29— «Сақ болыңдар, Жаратқан Ие сендерге демалыс күнiн сыйлады. Сондықтан Ол сендердi жұма күнi тамақпен екi күнге бiр-ақ қамтамасыз етедi. Жетiншi күнi әркiм тұрған мекенiнде қалып, ешкiм одан шықпасын!» — деп Мұса ескерттi.
30Мұнан кейiн халық жетiншi күнi демалатын болды.
31Исраилдiктер сол нанды манна деп атады. Оның түсi кориандр шөбiнiң дәндерi сияқты ақ, ал дәмi бал қосқан күлшедей болды.
32Мұса халыққа қарап: «Мынау Жаратқан Иенiң берген тапсырмасы: бiр тегененi маннаға толтырып, келер ұрпақтарың үшiн сақтап қойыңдар! Олар да Менiң сендердi Мысырдан алып шыққанымда айдалада қоректенуге берген нанымды көрсiн», — дедi,
33Һаронға: «Бiр құмыраны алып, iшiне бiр тегене манна құй. Келер ұрпақтарға сақтау үшiн құмыраны Жаратқан Иеге бағышталған орынға апарып қой», — деп тапсырды.
34Кейiнiрек Һарон Тәңiр Иенiң Мұсаға бұйырғанындай, құмыраны келiсiм сандығының iшiне, он өсиет жазылған екi тас тақташаның алдына салып, сақтап қойды.
35Исраил халқы өзiнiң тұрақтап мекендейтiн жерi — Қанахан елiнiң шегiне жеткенше қырық жыл бойы маннамен қоректендi.
36Олар қолданып жүрген тегене мөлшерi гомер деп аталатын. Бiр гомер — ефаның оннан бiрi (яки екi литр шамасы).
1Осыдан кейiн бүкiл Исраил қауымы Син айдаласынан шығып, Жаратқан Иенiң бұйрығымен көштерiн әрi қарай жалғастырды. Олар Рефiдимге жайғасқанда ол жерде ауыз суы болмады.
2Халық Мұсаға ұрсып:
— Бiзге су тауып берiңдер! — деп талап еттi. Мұса оларға:
— Сендер неге маған ұрсасыңдар? Жаратқан Иеге сенбеушiлiк танытып, Оны еркiнсiп сынамақсыңдар ма? — деп жауап бердi.
3Алайда халық шөлдегендiктен Мұсаға қарсы наразылық бiлдiруiн қоймай:
— Бiздi Мысырдан неге алып шықтың? Өзiмiздi, балаларымызды, мал-жандарымызды шөлден қатыру үшiн бе? — дестi.
4Мұса Тәңiр Иеге қатты дауыспен сиынып:
— Мына халықты не iстесем екен? Олар менi таспен ұрып өлтiрудiң аз-ақ алдында тұр, — дедi.
5Жаратқан Ие Мұсаға тiл қатып:
— Өзiңе Исраил халқының бiрқатар басшыларын ертiп алып, жұртты бастап, Нiлдiң суын сабаған таяғыңды қолыңа ұстай жүр.
6Мен Хориб тауындағы анау жартастың басында сенiң қасыңда тұрамын. Жартасты таяғыңмен сабалағанда iшiнен халық iшетiн су шықпақ, — дедi. Мұса Исраил халқының рубасыларының көзiнше солай iстегенде су аға жөнелдi.
7Мұса исраилдiктер өзiне ұрсып, Жаратқан Иенi арамызда жүр ме, жоқ па деп еркiнсiп сынағандықтан бұл жердi Маса («Еркiнсiп сынау») мен Мерiба («Ұрсу») деп атады.
Амалек тайпасының шабуылы
8Сол кезде исраилдiктермен Рефiдимде соғыспақ болып, амалектiктер таяп келiп қалған едi.
9Мұса (көмекшiсi) Ешуаға:
— Жiгiттердi таңдап алып, амалектiктермен шайқасуға аттан! Ертең мен Құдайдың таяғын қолыма алып, төбе басында тұрмақпын, — деп бұйырды.
10Ешуа Мұсаның айтқандарын орындап, Амалек жасағына қарсы ұрысқа аттанып кеттi, ал Мұса, Һарон және Һұр төбе басына шықты.
11Мұса қолын аспанға қарай көтерген кезде Исраил жеңiп, ал қолын төмен түсiргенде Амалек басым түсiп жатты.
12Бiрақ Мұсаның қолдары талып қалды. Сонда Һарон мен Һұр үлкен тас алып келiп, соған Мұсаны отырғызды. Өздерi бiреуi оң жағында, екiншiсi сол жағында тұрып, күн батқанша оның қолдарын сүйемелдеумен болды.
13Осылайша Ешуа бастаған сарбаздар өткiр жүздi семсерлерiмен Амалек жасағын күйреттi.
14Содан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға тiл қатып былай дедi: «Мынаны естелiк үшiн кiтапқа жазып қой да, Ешуаның құлағына құя бер: «Мен аспан астынан Амалектiң атын бiржола өшiрiп тастаймын!»
15Мұса сол жерде құрбандық жасайтын орын салып, оны «Бiздiң туымыз — Жаратқан Ие» деп атады.
16«Тәңiр Иенiң тағына қарай қолдарымыз созылған едi. Жаратқан Иенiң Амалекке қарсы соғысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын болады», — дедi.
1Сол кезде Мұсаның қайын атасы, Мадиян елiндегi дiни қызметкер Етор Жаратқан Иенiң исраилдiктердi Мысырдан алып шыққанда Мұса мен оның халқы үшiн iстегендерiнiң бәрi туралы түгел естiп бiлдi.
2-3 Мұса әйелiн Сапураны қайын жұртына жiберген кезде Етор оны екi ұлымен жылы қабылдаған болатын. Тұңғыш ұлын Мұса Гершом (яғни «Сол жерде кiрме») деп атап, «Мен жат жерде кiрме болдым», — деген едi.
4Екiншiсiнiң атын — Елиезер («Қолдаушым — Құдай») деп атап, «Әкемнiң сиынған Құдайы Қолдаушым болып, менi перғауынның семсерiнен қорғап қалды», — деп бекiткен едi.
5Ендi Мұсаның әйелi мен ұлдарын ерткен қайын атасы айдалада Құдай тауының беткейiнде орналасқан Оған келiп,
6былай деп хабар салды: «Мен, қайын атаң Етор, әйелiң, екi ұлыңмен саған келе жатырмын».
7Мұса қайын атасының алдынан шығып, бас иiп тағзым етiп, бетiнен сүйдi. Аман-саулық сұрасқаннан кейiн олар шатыр iшiне кiрдi.
8Мұса қайын атасына Жаратқан Иенiң Исраилдiң игiлiгi үшiн перғауынға және мысырлықтарға iстегендерi, әрi өздерiнiң жолшыбай көрген алуан түрлi бейнеттерi мен Тәңiр Иенiң олардан аман алып қалғаны жайлы түгелдей баяндап бердi.
9Етор Жаратқан Иенiң Исраилдi мысырлықтардың зорлық-зомбылығынан құтқарғанына және оған жасаған бүкiл жақсылықтарына қатты қуанып:
10«Жаратқан Ие мадақталсын, Ол сендердi перғауынның қолынан құтқарған, өз халқын Мысырдың қаналуынан босатқан!
11Ендi мен нық бiлемiн: Жаратқан Ие барлық тәңiрлерден де ұлы! Олар Исраилге қарсы көтерiлгенде Ол Өзiнiң құдiретiнiң басым екенiн көрсеттi», — дедi.
12Етор құрбандыққа мал шалып, бiрқатарын Құдайға арнап өртеп жiбердi. Һарон және Исраилдың күллi рубасылары да келiп, Мұсаның қайын атасымен Құдай алдында дастарқандас болды.
13Келесi күнi Мұса халыққа қазылық ету үшiн орнына отырып, таң атқаннан кешке дейiн оның алды босамады.
14Мұсаның халық үшiн iстегендерiнiң бәрiн көрген қайын атасы оған:
— Сен халыққа не iстеп жатырсың? Нелiктен жалғыз өзiң төрелiк етiп отырсың, ал күллi жұрт таң атқаннан кешке дейiн айналаңды босатпай жатыр? — дедi.
15Мұса оған:
— Халық маған Құдайдың еркiн бiлу үшiн келедi.
16Екi кiсi бiр-бiрiмен дауласса маған келедi. Мен оларға Құдайдың әмiрлерi мен тағылымдарын айтып, соларға сай дауларын шешiп беремiн, — деп жауап қайтарды.
17Ал қайын атасы:
— Сенiң былай iстеуiң жақсы емес.
18Өзiңдi де, жаныңдағы халқыңды да қажытасың. Бұл iс саған өте қиын, жалғыз өзiң мұны орындай алмайсың.
19Сол үшiн де сөздерiме құлақ сал, саған ақылымды айтайын, Құдай өзiңе жар болсын! Сен халқыңның Құдай алдында тұратын өкiлi болып, даулы мәселелердi Оған ұсын.
20Елiңе Құдайдың әмiрлерi мен тағылымдарын үйретiп, олардың жүруге тиiстi тура жолы мен атқаруға тиiстi мiндеттерiн нұсқа.
21Сонымен қатар бүкiл халықтың арасынан бiрсыпыра қабiлеттi адамдарды таңдап ал. Олар Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамсызды iстеуден шошынатын адал, әрi арам табыстан бойын аулақ ұстайтын болулары қажет. Солар мың, жүз, елу және он адамға басшылық жасап,
22әрдайым халыққа төрелiк етсiн. Бүкiл күрделi мәселелердi саған жолдап, ал жеңiл-желпiлерiн өздерi шешiп отырсын. Сонда олар мiндет жүгiн бiрге көтерiсiп, саған жеңiлiрек болады.
23Егер осыны iстесең және Құдай бұйыртса, сен мiндетiңнiң қиындығына төтеп берiп, бұл халық та аманшылықпен жөндерiне кетедi.
24Мұса қайын атасының ақылын қабыл алып, айтқандарын түгел орындады.
25Ол бүкiл Исраил қауымынан қабiлеттi адамдарды таңдап, оларды мың, жүз, елу және он адамға басшылық етуге тағайындады.
26Осы адамдар әрдайым халыққа төрелiк етiп, күрделi мәселелердi Мұсаға жолдап, ал жеңiл-желпiлерiн өздерi шешiп отырды.
27Мұнан кейiн Мұса қайын атасын жолға шығарып салып, ол елiне қайтып кеттi.
1-2 Исраилдiң үрiм-бұтағы Рефiдимдi тастап, Мысырдан көшiп шыққаннан кейiнгi үшiншi айдың бiрiншi күнi Синай айдаласына жеттi. Олар Синай тауына барып, оның маңындағы құла түзде шатырларын тiктi.
3Сонда Мұса Құдаймен кездесу үшiн тауға көтерiлдi. Жаратқан Ие оған тау басынан былай деп тiл қатты:
— Жақыптың әулетi — Исраил халқына мынаны жеткiз:
4«Сендер Менiң мысырлықтарға не iстегенiмдi, әрi өздерiңдi балапандарын қанаттарымен тасыған қыран iспеттi осы жерге аман-есен алып келгенiмдi көрдiңдер.
5Сондықтан, егер айтқандарыма құлақ асып, Менiң келiсiмiмдi ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың iшiнде сендер Менiң ерекше меншiгiм боласыңдар.
6Бүкiл жер — Менiң иелiгiм, ал өздерiң Маған бағышталған қасиеттi халқым болып, басқалардың игiлiгi үшiн дiни қызметкер мен патша секiлдi рухани билiк жүргiзетiн боласыңдар». Исраилдiң үрiм-бұтағына айтуға тиiс сөздерiң осылар.
7Таудан төмен түскен Мұса халықтың рубасыларын шақырып алып, өзiне Жаратқан Иенiң тапсырған осы сөздерiн жариялады.
8Сонда бүкiл халық бiрауыздан:
— Жаратқан Иенiң айтқандарының бәрiн де орындаймыз! — дедi.
Мұса халықтың жауабын Тәңiр Иеге жеткiзу үшiн тауға көтерiлдi.*
9Сонда Тәңiр Ие Мұсаға:
— Тыңда, Мен саған қалың бұлтқа оранып келемiн. Сонда халық өзiңмен сөйлескенiмдi естiп, саған өмiр бақи сенетiн болады.
Мұса халықтың берген жауабын Жаратқан Иеге жеткiзгеннен кейiн
10Ол Мұсаға мынаны бұйырды:
— Халыққа бар да, оларды бүгiн-ертең Маған бағыштап, пәк таза болуға шақыр. Бәрi киiм-кешектерiн жуып тазартып,
11бүрсiгүнге дайын болсын! Сол күнi Мен — Жаратқан Ие бүкiл халықтың көз алдында Синай тауына түсемiн.
12Халыққа арнап тауды айналдыра шекара белгiлеп қой да, оларға былай де: «Тауға көтерiлуден не болмаса оның беткейiне аяқ-қолдарыңды тигiзуден сақ болыңдар! Тауға аяқ-қолын тигiзген әркiм өлтiрiлуге тиiс!
13Сондайларға қол ұшы да тигiзiлмей, олар таспен немесе садақпен атқылансын. Олар мал болсын, не адам болсын тiрi қалдырылмасын. Кернейдiң ұзақ үнi естiлгенде ғана жұрттың тауға көтерiлуiне болады.
14Мұса таудан төмен түсiп, халықты Тәңiрге бағышталып, пәк таза жүруге шақырды. Олар киiм-кешектерiн жуып тазартты.
15Мұнан соң Мұса халыққа: «Бүрсiгүнге дайындалыңдар. Әйелдерiңмен жақындаспаңдар», — деп ескерттi.
16Үшiншi күнi таң ата күн күркiреп, найзағай ойнап, тау басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естiлдi. Халықтың бәрi де қорыққаннан дiрiлдеп қоя бердi.
17Мұса оларды Құдаймен кездестiру үшiн қоныстарынан алып шығып, олар тау беткейiне барып тұрды.
18Тәңiр Ие тау басына от жалынына оранып түскендiктен, Синай тауын түгел түтiн жапты. Таудан балқыту пешiнен шыққандай түтiн шығып, бүкiл тау қатты шайқалып тұрды.
19Керней дауысы күшейген үстiне күшейе түстi.
Мұса тiл қатып, Құдай оған дауыстап жауап берiп жатты.
20Тәңiр Синай тауының басына түсiп, Мұсаны сол жерге шақырды. Ол көтерiлiп барғанда
21Жаратқан Ие оған мынаны бұйырды:
— Халық Тәңiрдi көруге шекараны бұзып, көбi өлiм құшпасын деп оларға қатты ескерту үшiн қайтадан төмен түс!
22Дiни қызметкерлер де Жаратқан Иеге жақындап келе жатқанда өздерiн Оған бағыштасын, әйтпесе Ол соларды құртпақ. —
23Сонда Мұса Жаратқан Иеге:
— Халық Синай тауына көтерiле алмайды. Себебi Өзiң «Халқыңды Маған бағышталып пәк таза болуға шақыр» деп бұйырдың емес пе? — дедi.
24Тәңiрдiң жауабы мынау болды:
— Төменге түсiп, Һаронмен бiрге қайта көтерiл. Ал дiни қызметкерлер мен халық шекараны бұзып, Жаратқан Иенiң алдына ұмтылмасын, әйтпесе Ол соларды құртпақ! —
25Мұса төмен түсiп, халыққа осыларды жариялады.
1Сол кезде Құдай (халыққа арнап) мына сөздердiң бәрiн айтты:
2«Мен сенi Мысыр елiнен, құлдықтан алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемiн.
3Сенiң Менен басқа ешқандай тәңiрлерiң болмасын!
4Аспанда, жерде не суда бар нәрселердiң ешқайсысынан өзiңе тәңiр бейнелерiн жасама!
5Сондайларға бас иiп табынып, құлшылық етпе! Мен — сенiң Құдай Иеңмiн, Өзiмнен басқа тәңiрлерiңнiң болуына төзбеймiн. Менi менсiнбейтiндердi немерелерi мен шөберелерiне дейiн жазалаймын,
6ал Өзiмдi сүйiп, өсиеттерiмдi ұстанғандарға мыңыншы ұрпағына дейiн рақымымды төгемiн.
7Құдай Иеңнiң атын орынсыз аузыңа алма!
Өз атын орынсыз қолданғандарды. Жаратқан Ие жазасыз қалдырмайды.
8Демалыс күнiн Тәңiрге бағыштауды ұмытпа!
9Алты күн еңбектенiп, барлық жұмыстарыңды iстей бер,
10ал жетiншi күн — Құдай Иеңе бағышталған демалыс күнi. Сол күнi не өзiң, не ұл-қызың, не қызметшiлерiң, не малдарың, не қалаларыңда тұрған жат жерлiк кiрмелер ешқандай жұмыс жасамаңдар!
11Себебi алты күн iшiнде Жаратқан Ие аспан, жер, теңiздi және олардағы күллi нәрселердi жаратып, жетiншi күнi демалды. Сондықтан Ол демалыс күнiне оң батасын берiп, оны қасиеттi деп белгiледi.
12Ата-анаңды сыйла!
13Кiсi өлтiрме!
14Неке адалдығын бұзба!
15Ұрлық жасама!
16Ешкiмдi бекерге айыптама!
17Басқаның үйiне ие болуға сұқтанба!
18Бүкiл халық найзағайдың жарқылдап түтiннiң тауды қаптағанын көрiп, күннiң күркiреп, кернейдiң қатты дауыстағанын естiгенде зәрелерi ұша дiрiлдеп кеттi. Олар алыстан тұрып,
19Мұсадан:
— Бiзбен өзiңiз сөйлесiңiз, бiз тыңдайтын боламыз. Өлiп қалмауымыз үшiн Құдайдың Өзi бiзбен тiлдесе көрмесiн! — деп өтiндi.
20Мұса халыққа:
— Қорықпаңдар! Құдай сендердi (Өзiнiң араларыңда болуына) үйрету үшiн осында келдi. Бұдан былай Оны шын жүректен қастерлеулерiң сендердi күнә жасаудан сақтайтын болсын, — дедi.
21Халық алыста қалып, ал Мұса Құдай тұрған қою қараңғылыққа қарай беттедi.
Құдайға ғибадат ету
22Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
— Исраил үрiм-бұтағына былай де: «Көктен сендерге тiл қатқанымды өздерiң көрiп-естiдiңдер.
23Күмiс, алтыннан тәңiр бейнелерiн жасап алып, Менiмен қосарламаңдар!
24Маған арнап топырақтан құрбандық орнын салыңдар. Қой-ешкi, iрi қараларыңнан құрбандық шалып, соның үстiнде кейбiреулерiн тұтасымен өртеп жiберiңдер. Ал басқаларының белгiлi бөлiктерiн өртеп, қалғанынан ас дайындап, Менiмен қатынастарыңа ризашылық бiлдiрiп, iшiңдер. Мен өз атымды атап, дәрiптеулерiңе рұқсат еткен әрбiр орында қастарыңа келiп, өздерiңдi жарылқаймын.
25Егер Маған арнап құрбандық орнын тастардан қаластырып салсаң, тастары қашалмаған болсын. Себебi егер қашауды қолдансаң, оны арамдайсың.
26Сондай-ақ жалаңаш тәнiң көрiнбес үшiн құрбандық орныма баспалдақпен көтерiлме.
1Сен халқыңа жариялауға тиiстi заңдар мыналар:
2Егер басыбайлы исраилдiк қызметшi сатып алсаң, ол саған алты жыл қызмет етсiн. Жетiншi жылы оған бас бостандығын тегiн бер.
3Егер ол келгенде жалғыз басты болса, жалғыз кетсiн; ал үйленген болса, әйелi де онымен бiрге босатылсын.
4Егер қожайыны қызметшiсiне әйел алып берiп, сол оған ұл-қыздарын туса, онда әйелi мен балалары қожайында қалып, қызметшiнiң жалғыз өзi ғана босатылсын.
5Алайда қызметшi: «Қожайынымды, әйелiм мен балаларымды сүйемiн, бостандық алмаймын», — десе,
6қожайыны қызметшiсiн төрешiлердiң алдына алып барсын. Оны есiктiң не жақтауының қасына қойып, құлағын бiзбен тессiн. Сонда ол қожайынының өмiрлiк басыбайлы қызметшiсi болып қалады.
7Егер бiреу қызын басыбайлы қызметшi болуға сатып жiберсе, сол еркек қызметшiлер сияқты бостандық ала алмайды.
8Алайда қыз өзi үшiн таңдап алған қожайынына ұнамаса, ол соның туысқандарына оны құнын төлеп босатып алуларына рұқсат етсiн. Бiрақ өзi уәдесiнде тұрмағандықтан оны бөтен бiреуге сатуына болмайды.
9Егер оны ұлы үшiн таңдаған болса, оған өз қызы iспеттi қарасын.
10Ал қожайыны оған өзi үйленiп, одан кейiн де әйел алса, онда қызметшi әйел жеткiлiктi тамақтан, киiм-кешектен, жұбайлық қақыларынан құр қалмауға тиiс.
11Егер қожайыны осы үш нәрсемен қамтамасыз етпесе, қызметшi әйел құны төленбей-ақ тегiн босатылсын.
Адамдарға жасалған зақымдар
12Кiм бiреудi өлтiре соқса, соның өзi өлтiрiлсiн.
13Алайда егер оны ешқандай арам ниетсiз, Құдайдың жол беруiмен iстеген болса, онда ол Өзiм белгiлейтiн жерге қашсын.
14Бiрақ егер амалын тауып зұлымдықпен кiсi өлтiрсе, оны (қашып паналаған) Менiң құрбандық орнымнан шығарып алып, өлiмге бұйырыңдар.
15Ата-анасын ұрған өлтiрiлсiн.
16Кiсi ұрлап, сатқан немесе оны өз қолында ұстаған өлтiрiлсiн.
17Ата-анасын қарғаған өлтiрiлсiн.
18Адамдар төбелесiп, бiреуi екiншiсiн таспен не жұдырықпен ұрып, сол өлмегенмен де төсек тартып жатып қалса,
19егер ол орнынан тұрып, далаға таяқпен шыға алатын болса, соққан өлiмге бұйырылмайды. Бiрақ жәбiр көргеннiң жұмысынан қалғанының және толықтай емделуiнiң шығындарын өтесiн.
20Егер бiреу басыбайлы қызметшiсiн таяқпен ұрып, олар оның қолынан өлсе, не еркек не әйел болсын, сол адам жазалансын.
21Ал егер қызметшiсi бiр-екi күннен кейiн орнынан тұрып кетсе, қожайыны жазаланбасын. Себебi ол соның меншiгi.
22Бiреулер төбелесiп, аяғы ауыр әйелдi ұрып, ол түсiк тастап, бiрақ өзiне содан басқа зақым келмесе, онда кiнәлы кiсi әйелдiң күйеуiне оның талабы мен төрешiнiң шешiмiне сай айып төлеуге тиiс.
23Ал әйелдiң өзiне де зақым келтiрiлсе, онда мына аралықта ғана кек алынсын: жанға жан,
24көзге көз, тiске тiс, қолға қол, аяққа аяқ берiлiп,
25күйiк үшiн күйдiрiлсiн, жарақат үшiн жарақатталсын, көгерген үшiн көгертiлсiн.
26Бiреу басыбайлы қызметшiсiнiң, не еркек не қыз-әйел болсын, көзiнен ұрып, жанарын зақымдаса, сол үшiн оған бас бостандығын берсiн.
27Егер оны ұрып, тiсiн сындырса, сол үшiн де бас бостандығын берсiн.
28Бiреудiң мүйiздi iрi қарасы не еркек, не әйел болсын бiреудi сүзiп өлтiрсе, сол мал таспен атқыланып өлтiрiлiп, етi желiнбесiн. Ал иесiне кiнә тағылмасын.
29Алайда сол мал бұрыннан да сүзеген болып, иесi бұл туралы ескерту алғанмен оны қамап ұстамаған болса, мал сол себептен де бiреудi өлтiрсе, онда сол iрi қара таспен атқыланып өлтiрiлiп, иесiне де өлiм жазасы берiлсiн.
30Ал егер иесiне тек айып қана салынса, онда ол өз жаны үшiн белгiленген құнды төлеп, аман қалсын.
31Осы заңның күшi бiреудiң қызын не ұлын сүзген мүйiздi iрi қараға да жүредi.
32Егер мал басыбайлы қызметшiнi сүзiп өлтiрсе, оның қожайынына мал иесi отыз мысқал күмiс төлеп, мал таспен атқыланып өлтiрiлсiн.
33Бiреу шұңқыр не құдықтың аузын ашық қалдырып, я болмаса ондайды қазып, аузын жаппай, соған мүйiздi iрi қара не есек құлап түсiп өлсе,
34шұңқырдың қожайыны мал иесiне құнын төлесiн, ал өлiмтiк сонiкi болсын.
35Бiреудiң мүйiздi iрi қарасы көршiсiнiкiн сүзiп өлтiрiп тастаса, олар тiрi қалған малды сатып, түскен ақшасын, сондай-ақ өлiмтiктi де тең бөлiп алсын.
36Алайда сол малдың сүзегендiгi бұрыннан да белгiлi болғанмен, иесi оны қамап ұстамаған болса, онда ол мал орнына мал төлесiн, ал өлiмтiк онiкi болсын.
1Бiреу мүйiздi iрi қара не қой ұрлап, сойып алса немесе сатып жiберсе, ол айып ретiнде бiр iрi қара үшiн бесеуiн, бiр қой үшiн төртеуiн төлесiн.
2Бiреу түнде бұзып кiрiп жатқан ұрыға тап болып, оны соғып өлтiрсе, төгiлген қан оның мойнына жүктелмейдi.
3Ал егер оқиға жарықта болған болса, онда төгiлген қан оның мойнында.
Ұры ұрлаған заттардың орнын толтырсын. Егер ештеңесi болмаса, онда соларды төлеу үшiн өзi басыбайлы қызметшiлiкке сатылсын.
4Егер ұрланған малдар, не мүйiздi iрi қара, не есек, не қой болсын, оның қолынан тiрiлей табылса, онда ол ұрлағандарын екi есе етiп қайтарып берсiн.
5Бiреу егiстiгiнде не жүзiмдiгiнде малдарын бағып, олардың басқа бiреудiң егiстiгiнде емiн-еркiн жайылуына жол берсе, онда ол өз егiстiгiнiң не жүзiмдiгiнiң өнiмiнiң ең жақсысынан айып төлесiн.
6Егер өрт тұрып, тiкендi бұталарды қамтып, жиналған масақ шөмелелерiн, пiсiп тұрған егiндi, я болмаса бүкiл егiстiктi өртеп жiберсе, онда сол өрттi шығарған адам шығынның орнын толтыруға тиiс.
7Бiреу жақынына ақшасын не дүниесiн сақтап қоюға аманаттап, олар соның үйiнен ұрланып, ұры қолға түссе, ол ұрлағандарын екi есе етiп қайтарсын.
8Ал ұры табылмаса, үй иесi Құдай (тағайындаған төрешiлердiң) алдына барып, оның өз жақынының меншiгiне қол сұқпағандығы айқындалсын.
9Кез келген даулы мал-дүние туралы, мүйiздi iрi қара, есек, қой, киiм-кешек не басқа да жоғалған меншiк жайында бiреу: «Жоғалтқаным осы!» — десе, екi жақ та мәселенi төрешiлердiң алдына алып барсын. Олар Құдай алдында кiмдi кiнәлы деп тапса, сол жақынына екi есе етiп қайтарсын.
10Бiреу жақынына есегiн, мүйiздi iрi қарасын, қойын не басқа бiр малын баға тұруға берiп, сол өлiп немесе жарақаттанып қалса, яки бiреу айдап кетiп, бұл жайтты ешкiм көрмеген болса,
11онда малды бағуға алып қалған жақынының меншiгiне қол сұқпағанына Құдай алдында ант берiп, екеуiнiң арасындағы даулы мәселе осылай шешiлсiн. Мал иесi мұны қабылдап, анау ештеңе төлемесiн.
12Алайда мал қорадан ұрланса, иесiне құны төленсiн.
13Егер жыртқыш аң-құсқа таланса, онда бағушы өлiмтiгiн дәлел ретiнде көрсетiп, ол үшiн ештеңе төлемейдi.
14Бiреу жақынының малын пайдалана тұруға сұрап алып, иесi жоқ кезде мал жарақаттанып не өлiп қалса, оны алған адам құнын төлесiн.
15Бұл жағдай мал иесiнiң көз алдында болса, онда малдың құны төленбейдi. Ал егер мал пайдалана тұруға жалға алынса, онда жалға төленген ақша шығынның орнын толтырады.
Адамдардың қоғамдағы жауапкершiлiктерi
16Бiреу ешкiмге айттырылмаған пәк қызды елiктiрiп, онымен жақындасса, сол қалың малын төлеп, қызға үйленсiн.
17Ал әкесi оған қызын ұзатуға келiспесе, онда айыпкер қалың мал мөлшерiнде күмiс ақша төлесiн.
18Сиқыршыларды тiрi қалдырмаңдар!
19Малмен жақындасатын әркiм өлтiрiлсiн!
20Жаратқан Иеден басқа тәңiрлерге құрбандық шалған әркiм түп-тамырымен құртылсын!
21Жат жерлiк кiрмелерге қысым көрсетiп, зорлық-зомбылық жасамаңдар! Өздерiң де Мысырда жат жерлiк кiрмелер болдыңдар ғой.
22Жесiрлер мен жетiмдерге жәбiр көрсетпеңдер!
23Егер олар сенен жәбiр көргендiктен Маған жалбарынып сиынса, Мен (Жаратқан Ие) олардың зарларына құлақ салып,
24қаһарыма мiнiп, сендердi семсермен өлтiртемiн. Сонда өз әйелдерiң жесiр, балаларың жетiм қалады.
25Араларыңдағы халқымның мұқтаждықтағы бiреуiне қарызға ақша берсең, пайдакүнем болып, бергенiң үшiн өсiм ақша талап етпе!
26Егер қарыздар жақыныңның шапанын кепiлдiкке алсаң, оны күн бата қайтарып берiп отыр.
27Шапаны оның үстiн жабатын жалғыз жамылғысы болғанда бейшара не жамылып ұйықтамақ? Ол Маған жалбарынып сиынса, Мен оның зарына құлақ саламын, себебi Мен қайырымдымын.
Құдайды қастерлеп, ережелерiн орындау
28Сонымен Құдайды қорлама! Халқыңның басшысына қарғыс айтпа!
29Қамбаларың мен күбiлерiңе жинаған өнiмдерiңнiң алғашқыларын Маған ұсынуға сараң болмаңдар.
Тұңғыш ұлдарыңды да Маған арнаңдар!
30Мүйiздi iрi қара не қойларыңның тұңғыш төлдерiмен де солай iстеңдер, жетi күн бойы енелерiнiң бауырында болсын, ал сегiзiншi күнi оларды Маған құрбандыққа шалыңдар.
31Сонда сендер Маған бағышталған қасиеттi боласыңдар.
Далада таланған малдың етiн жемей, итке тастаңдар!
1Құр лақап таратпа!
Жалған куә болып әдiлетсiз адамға қол ұшын берме!
2Көпшiлiкке ерiп те зұлымдық жасама! Даулы мәселеге куәлiк келтiргенде көпшiлiктiң ықпалымен шындықты бұрмалама,
3кедейдiң де қисық iсiн дауда қолдама!
4-5 Бiреудiң адасып жүрген мүйiздi iрi қарасына не есегiне тап болсаң, оны мiндеттi түрде иесiне айдап апарып бер! Бiреудiң есегi жүгiнiң ауырлығынан жығылып, тұра алмай қалғанын көрсең, оны сол күйiнде қалдырып кетпе; жүгiн түсiрiсiп, дұрыстап теңдеуге көмектес! Малдың иесi сенi жек көретiн дұшпаның болса да, солай iстеуге тиiссiң.
6Араларыңдағы мұқтаж адамның даулы мәселесiн терiс шешпе!
7Әдiлетсiз айыптаудан аулақ жүр, кiнәсыз әдiлдi өлiмге бұйырма! Мен зұлымдық жасағанды ақтамаймын.
8Пара алма! Пара көрегеннiң көзiн соқыр қылып, әдiлдiң сөзiн бұрмалайды.
9Жат жерлiк кiрменi жәбiрлеме! Кiрме адамның көңiл күйiн жақсы ұғасыңдар, өздерiң Мысыр елiнде кiрме болдыңдар емес пе?!
Демалыс және негiзгi үш мейрам
10Алты жыл бойы жерiңе егiн егiп, өнiмiн жина,
11ал жетiншi жылы оны өңдемей, тынықтыр! Халқыңның мұқтаждары содан шыққан өнiммен күндерiн көрiп, одан қалғандарымен даланың аң-құстары қоректенсiн. Жүзiмдiгiңмен және зәйтүн бақтарыңмен де солай iсте.
12Алты күн жұмысыңды iстеп, жетiншi күнi демал! Сонда өгiзiң де, есегiң де тынығып, қызметшiлерiң мен кiрме адамдарың да демалсын.
13Өздерiңе айтқандарымның бәрiн де орындаңдар!
Басқа тәңiрлерге сиынбаңдар, олардың аттары ауыздарыңнан еш шықпасын!
14Маған арнап жылына үш мейрам өткiзiңдер:
15Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзiм бұйырғандай, жетi күн бойы ашытқысыз пiсiрiлген нан жеңдер. Мұны (көктемнiң) абиб айының белгiленген мезгiлiнде өткiзiңдер, себебi Мысырдан сол айда көшiп шыққан едiңдер.
Ешкiм Менiң алдыма құр қол келмесiн!
16Далаға еккендерiңнiң бастапқы өнiмдерiн жинағанда Алғашқы өнiм мейрамын тойлаңдар!
(Ауылшаруашылық) жылының аяғында егiстiктерiң мен бау-бақшаларыңда өнiм жинаған кезде Сабантой мейрамын өткiзiңдер!
17Барлық ер адамдарың жылына үш рет өз Қожайындарың — Жаратқан Иенiң алдына келуге тиiс.
18Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар!
Мейрамға шалынған құрбандықтың майы таң атқанша қалып қоймасын!
19Жерлерiңнен алғаш шыққан өнiмдердiң ең жақсыларын Құдайларың Жаратқан Иенiң киелi үйiне алып келiңдер!
Лақтың етiн енесiнiң сүтiне пiсiрмеңдер!
Құдайдың өз халқын жолда қолдауы
20Тәңiр Ие тағы былай дедi:
— Тыңдаңдар. Мен сендердi жолда қорғап, Өзiм дайындаған жерге алып баратын перiштенi алдарыңнан жiберiп отырмын.
21Оны ренжiтуден сақ болып, айтқандарына құлақ асып, оған қарсы қасарыспа! Ол Менiң атымнан әрекет ететiндiктен бас көтерулерiңдi кешiрмейдi.
22Ал егер оның тiлiн алып, Менiң айтқандарымның бәрiн орындасаңдар, онда Мен жауларыңның жауы болып, сендерге қарсы шыққандарға қарсы шығамын.
23Менiң перiштем сендердi бастап отырып, амор, хет, перез, қанахан, хев және ебус тайпаларының жерiне алып барады, ал Мен соларды құртамын.
24Олардың тәңiрлерiне табынып, iстегендерiне елiктемеңдер! Қайта, мүсiндерiн талқандап, киелi бағаналарын қиратыңдар.
25Құдайларың Жаратқан Иеге қызмет етiңдер, сонда Ол нан-суларыңды жарылқап, мынадай уәде бередi: Мен араларыңнан ауру-сырқау атаулыны қуамын.
26Елдерiңде түсiк тастайтын, не құрсақ көтермейтiн әйел заты, не аналық мал болмайды. Мен сендерге толық мерзiмдi өмiр сыйлаймын.
27(Уәделi елге бет алған жолдарыңда) Мен алдарыңнан үрей тудырып, сендер тап болған әрбiр халықты әбiгерге түсiрiп, барлық жауларыңды керi қашуға мәжбүрлеймiн.
28Мен алдарыңнан хевтiктер, қанахандықтар мен хеттiктердiң зәрелерiн ұшыратын қорқынышты жiберiп, оларды айдап шығарамын.
29Алайда жер елсiз қалып, далада сендерге зиян келтiретiн аң-құстар көбейiп кетпес үшiн Мен сол тайпаларды бiр-ақ жылда қуып шықпаймын.
30Сендер өсiп-өнiп, сол елдi иемденiп алғанша оларды алдарыңнан бiртiндеп қуып шығып отырамын.
31Қамысты теңiзден фiлiстiрлер жағалай мекендеген Жерорта теңiзiне дейiн, Негев айдаласынан Евфрат өзенiне дейiн шекараларыңды орнатамын. Сол жердiң тұрғындарының билiгiн саған беремiн, оларды қуып шығатын боласың.
32Солармен де, табынатын тәңiрлерiмен де ымыраласпа!
33Сендердi Маған қарсы күнәға батырмас үшiн олар елдерiңде бiрге тұрмауға тиiс. Әйтпесе солардың тәңiрлерiне құлшылық етiп, күнәның торына түсесiңдер.
1Жаратқан Ие Мұсаға мынаны да бұйырған едi:
— Сен Һарон, Надаб, Әбиһу және Исраилдiң жетпiс рубасыларын ертiп тауға көтерiлiп, Маған алысырақтан бас ұра тағзым етiңдер.
2Тек сен ғана жақында, ал басқалар таяп келмесiн, халық та сенiмен бiрге жоғары көтерiлмесiн.
3Мұса қайтып келiп, халыққа Жаратқан Иенiң күллi сөздерi мен заңдарын жеткiзгенде, бүкiл халық бiрауыздан:
— Жаратқан Иенiң айтқандарының бәрiн орындаймыз! — деп жауап бердi.
4Сонда Мұса Тәңiрдiң барлық сөздерiн жазып қойды.
Ертеңгiсiн ол ерте тұрып, тау етегiнде құрбандық орнын жасап, Исраилдiң он екi руының белгiсi ретiнде он екi тас бағананы орнатты.
5Исраилдiктердiң арасынан жас жiгiттердi жiберiп, олар Жаратқан Иеге арнап бiрнеше малдарды шалып, өртеп, тағы бiрсыпыра жас бұқаларды ризашылық құрбандығына шалды.
6Мұса солардың қанының жартысын тостағандарға құйып, жартысын құрбандық орнының үстiне бүркiп шашты.
7Содан кейiн келiсiм кiтабын алып, халыққа дауыстап оқып бердi. Олар:
— Жаратқан Иенiң айтқандарының бәрiн орындап, мойынсұнатын боламыз, — деп жауап қайырды.
8Мұса қанды алып, оны халыққа бүркiп тұрып:
— Бұл — Жаратқан Иенiң осы айтылған сөздер бойынша өздерiңмен жасаған келiсiмiн бекiтетiн қан, — дедi.
9Мұса мен Һарон, Надаб пен Әбиһу және Исраилдiң жетпiс рубасылары жоғары көтерiлiп,
10Исраилдiң сиынатын Құдайының аянын көрдi. Оның табанының асты аспандай мөлдiр, жарқылдаған саф көк асыл тас төселген алаңға ұқсады.
11Құдай Исраилдiң үрiм-бұтағынан таңдаған басшыларына қарсы қол көтерген жоқ. Олар Құдайдың аянын көрiп, Оның алдында тамақ iшiп-жедi.
12Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Тау басына көтерiлiп, осы жерде бол. Мен саған халыққа үйрету үшiн Өзiм ережелер мен өсиеттерiмдi жазған тас тақташаларды беремiн».
13Мұса көмекшiсi Ешуаны ертiп Құдай тауына көтерiлдi. Ал таудың басына Мұсаның өзi ғана шықты.
14Ол рубасыларына:
— Бiз қайтып келгенше осы жерде қалыңдар. Һарон мен Һұр сендермен бiрге болады. Мәселелерi барлар соларға жүгiнсiн, — деген болатын.
15Мұса көтерiлiп бара жатқанда тауды (бағаналы) бұлт басып,
16Жаратқан Иенiң нұрлы салтанаты Синай тауына орнады. Бұлт тауды алты күн бойы жауып тұрды. Жетiншi күнi Тәңiр бұлт арасынан Мұсаға тiл қатты.
17Исраил ұрпақтарының көздерiне Жаратқан Иенiң салтанаты бәрiн жалмап қоятын от iспеттi көрiндi.
18Мұса бұлт ортасына кiрiп, тау басына көтерiлдi. Қырық күн, қырық түн бойы ол сонда болды.
1Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
2— Исраил әулетiне Маған сый-тартулар ұсынсын де. Шын жүрегiмен ниеттенген әрбiр адамнан Маған арнаған тарту-таралғысын қабылдаңдар.
3Олардан қабылдайтындарың мыналар болсын: алтын, күмiс, қола,
4иiрiлген қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн жiптер және жiңiшке иiрiлген зығыр жiптер, ешкiнiң түбiтi,
5қызарта боялған қошқар терiлерi, борсық терiлерi, ақ қараған ағашы,
6май шамға қажеттi зәйтүн майы, май жағу рәсiмiнде қолданылатын (майға қосылуға) немесе түтетiлуге арналған хош иiстi заттар,
7сондай-ақ бас дiни қызметкердiң жеңсiз сырт киiмiне және төс қалтасына тағылатын оникс пен тағы басқа да асыл тастар.
8Исраилдiктер Маған арнап киелi шатыр дайындап жасасын, Мен халық арасында сол жерде тұратын боламын.
9Бәрiн де Мен саған көрсететiн киелi шатыр мен ондағы бұйымдардың үлгiсiне дәлме-дәл сай етiп жасаңдар!
Шатырдың жиһаздарын жасауға тапсырма:
10Ақ қараған ағашынан сандық жасат. Ұзындығы екi жарым, ал енi мен биiктiгi бiр жарым шынтақтан болсын.
11Iшi-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуi айналдыра алтынмен әшекейленiп жиектелсiн.
12Сандық үшiн төрт алтын шығыршық құйғызып, төменгi төрт бұрышына, екеуiн бiр жақ бүйiрiне, қалған екеуiн қарама-қарсы бүйiрiне бекiттiр.
13Мұнан кейiн ақ қарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптат.
14Сандықты көтерiп алып жүру үшiн сырықтар оның екi бүйiрiндегi шығыршықтардан өткiзiлсiн.
15Сырықтар әрдайым шығыршықтарға кигiзулi тұрсын, оларды алып тастауға болмайды.
16Мен өзiңе беретiн келiсiм-шарт жазбасын осы сандықтың iшiне салып қой.
17Сандықтың қақпағын да саф алтыннан жасат. Ұзындығы екi жарым, енi бiр жарым шынтақ болсын.
18-19 Қақпақтың екi жақ шетiне керуб деген күзетшi перiштелердiң екi мүсiнiн алтыннан нақыштап жасатып, орнатқыз. Олар қақпақпен бiрге бiртұтас алтыннан жасалсын.
20Керуб мүсiндерi қанаттарын жоғары жайып, қақпақты көлегейлеп, беттерi бiр-бiрiне қарама-қарсы, қақпаққа қарап тұрулары керек.
21Мен өзiңе беретiн келiсiм-шарт жазбасын сандыққа сал да, үстiн қақпақпен жауып қой.
22Сол жерде, келiсiм сандығы қақпағының үстiндегi екi керуб мүсiндерiнiң ортасынан Мен саған сөзiмдi арнап, Исраил әулетiне сен арқылы бұйыратын ережелерiмнiң бәрiн тапсырамын.
Нан тартулары қойылатын үстел
23Ақ қараған ағашынан үстел жасат, ұзындығы екi, енi бiр, биiктiгi бiр жарым шынтақ болсын.
24Үстел саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен нақышталып қапталсын.
25Үстелдiң бетiн айналдыра төрт елi бойы ернеумен жиектетiп, соны да алтынмен нақыштап қаптат.
26Төрт алтын шығыршық жасатып, оларды үстелдiң аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекiттiр.
27-28 Үстелдi көтерiп жүруге арналған сырықтар өткiзiлетiн шығыршықтар жақтауларға жақын орнатылсын. Сырықтарды ақ қарағаннан жасатып, алтынмен қаптат.
29Үстелдiң аяқ-табақтарын және құйылып ұсынылатын сый-тартуларға арналған құмыралары мен тостағандарын да саф алтыннан жасат.
30Ұдайы Менiң алдымда болу үшiн нан тартуларын қойып отыр.
Жетi шырақты шам қойғыш
31Саф алтыннан шам қойғыш жасат. Оның тұғыры мен дiңгегi, мүсiнделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары мен бүршiктерi түгел бiртұтас алтыннан нақышталып соғылсын.
32Дiңгегiнен екi жағына үш-үштен алты тармақ шығуы керек.
33-34 Әр тармақта шар тәрiздi үш бүршiктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлiнен болсын. Ал ортадағы дiңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлi болуы керек;
35бұл гүлдердiң бүршiктерi екi жаққа созылған үш жұп тармақтың дiңгектен шыққан жерлерiнiң астыңғы жағында орналассын.
36Тармақтарымен, бүршiктерiмен бiрге шам қойғыш түгелдей бiртұтас саф алтыннан нақышталып соғылып жасалсын.
37Шам қойғышқа жетi май шамын дайындатып, оларды жарығы алдыңғы жағына түсiп тұратын етiп дiңгек пен тармақтардың бастарына орнат.
38Оның қысқаштары мен күрекшелерiн де саф алтыннан жасат.
39Шам қойғыш пен қажеттi құрал-жабдықтары үшiн атбасындай саф алтын жұмсалсын.
40Байқа, оларды өзiңе осы тау басында көрсетiлген үлгiге сай жасайтын бол!
1Киелi шатыр үшiн он жабын жасат. Олар жiңiшке зығыр және қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл түстi жүн жiптерден тоқылып, бетiне керубтердiң бейнелерi шебер кестеленсiн.
2Барлық жабындардың көлемi бiрдей болсын: ұзындығы жиырма сегiз, енi төрт шынтақ.
3Жабындарды бес-бестен қатарластыра бiрiктiрiп тiккiз.
4-5 Осылай бiрiктiрiлген екi жапқышты бiр-бiрiне қосу үшiн әрқайсысының бiр жақ шетiне қара көк жiптен баулық сияқты елу iлгек дайындатып бекiттiр. Екi жапқыштың жиегiндегi елу-елуден жасалған iлгектер бiрдей қашықтықта бiр-бiрiне тұспа-тұс келсiн.
6Алтыннан елу iлмек шығыршық жасатып, солармен жапқыштың екi жартысын бiрiктiрт. Осылайша киелi шатыр бiртұтас жапқышпен жабылатын болады.
7Шатыр төбесiн жабу үшiн тағы түбiттен он бiр жабын тоқыт.
8Барлық он бiр жабынның көлемi бiрдей болсын: ұзындығы отыз, енi төрт шынтақ.
9Бес жабынды бiр бөлек, келесi алты жабынды бiр бөлек қатарластыра бiрiктiрiп тiккiз. Ал алтыншы жабынды шатырдың алдыңғы жағынан екi қабаттап бүктеп қойғыз.
10Осылай бiрiктiрiлген екi жапқышты бiр-бiрiне қосу үшiн бiр жақ шетiне баулық сияқты iлгек дайындатып бекiттiр.
11Қоладан елу iлмек шығыршық жасатып, iлгектердi солармен бекiтiп, шатырдың төбесiн осы бiртұтас жапқышпен жапқыз.
12Жабынның шатырдың төбесiн жапқаннан артып қалған бөлiгi шатырдың артқы жағынан салбырап төмен түсiп тұрсын.
13Ал жабындардың ұзындығынан артып қалғаны шатырдың екi жанынан бiр шынтақ бойы төмен салбырап жауып тұрсын.
14Қызарта боялған қошқар терiлерiнен де шатырға арнап жапқыш қап жасат. Оның үстiнен жабуға борсық терiлерiнен тағы бiр жабын дайындат.
15Шатыр үшiн ақ қарағаннан қырлы бөренелер жасат, олар қабырғалары ретiнде тiк тұрмақ.
16Бөренелердiң ұзындығы он, енi бiр жарым шынтақ болсын.
17Әрқайсысының табанында қатар тұрған екi шошақ тығыннан болсын. Күллi бөренелердi осылай жасат.
18-21 Шатырдың оңтүстiк пен солтүстiк бүйiр қабырғалары үшiн жиырма бөренеден және олардың табандары үшiн қырық күмiс тағаннан жасат: әр бөрененiң екi шошақ тығыны үшiн екi тағаннан дайындалсын.
22Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшiн алты бөрене
23және оның бұрыштары үшiн тағы екi бөренеден жасат.
24Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейiн жұпталып, бiр шығыршығы бар жоғарғы жақта бiрiктiрiлсiн.
25Сонымен барлығы сегiз бөрене болады. Олар үшiн әрбiреуiне екi-екiден он алты күмiс таған дайындат.
26-27 Киелi шатырдың оңтүстiк, солтүстiк және батыс қабырғалары үшiн ақ қарағаннан көлденең бес сырықтан жасат.
28Ал ортаңғы сырықтар бөренелердiң ортасынан өтiп, қабырғаның бiр басынан келесi басына дейiн жететiн болсын.
29Бөренелердi, сырықтарды және бұларды өткiзетiн шығыршықтарды алтынмен қаптат.
30Киелi шатырды өзiңе осы тау басында көрсетiлген үлгiге сай дайындап тұрғыз!
Iшкi және сыртқы шымылдықтар
31Қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке иiрiлген зығыр жiптерден (iшкi) шымылдық тоқытып, бетiне керубтердiң бейнелерiн шебер кестелет.
32Ақ қарағаннан төрт бағана жасалып, алтынмен қапталып, алтын iлгiштер орнатылсын. Бағаналар төрт күмiс тағанға бекiтiлiп тұрғызылсын. Сол iлгiштерге шымылдықты iлгiзiп қой.
33Шымылдық iлiнген соң оның iшкi жағына келiсiм сандығы кiргiзiлiп қойылсын. Осылай шымылдық сендер үшiн қасиеттi бөлменi ең қасиеттi бөлмеден ажыратып бөлiп тұратын болады.
34Мұнан кейiн сол ең қасиеттi бөлмеде келiсiм сандығының бетiне қақпағын қойғыз.
35Шымылдықтың сырт жағына (яки қасиеттi бөлмеге) үстелдi, оған қарама-қарсы, киелi шатырдың оңтүстiгiне қаратып, шам қойғышты орналастырт. Ал үстел солтүстiк жақта тұрсын.
36Киелi шатырдың кiре берiсiне арнап қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден шымылдық тоқыт.
37Оны iлiп қою үшiн ақ қарағаннан бес бағана жасатып, алтынмен қаптатып, оларға алтын iлгiштер орнатқыз. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйдыр.
1Ақ қарағаннан шалынған құрбандықтарды түгелдей өртейтiн үстелдi жасат. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен енi бес, биiктiгi үш шынтақтан болсын.
2Төрт бұрышынан шығып тұрған мүйiз тәрiздi төрт шошақ құрбандық үстелiмен бiртұтас жасалсын. Үстел қоламен қапталсын.
3Үстелдiң мына құрал-саймандарының бәрiн қоладан жасат: күлсалғыштар мен қалақтар, (қан бүркуге арналған) тостағандар, шанышқылар және шоқ салатын табалар.
4-5 Отқа арналған торды да қоладан жасат. Оның төрт бұрышында төрт қола шығыршығы болсын. Торды үстелдiң төрт қабырғасының ортасына дейiн жететiндей етiп, iшкi жағынан, астынан орналастырт.
6Үстелге арнап ақ қарағаннан қоламен қапталған сырықтар жасат.
7Олар сол шығыршықтарға кiргiзiлiп, құрбандық үстелiн көтерiп алып жүрген кезде оның екi бүйiрiнде болмақ.
8Сонымен үстелдi қоламен қапталған тақтайлардан iшiн қуыс етiп жасат. Ол өзiңе осы тау басында көрсетiлген үлгiге сай жасалуға тиiс.
Киелi шатырдың ауласы
9-11 Киелi шатырдың ауласын жасат: оның оңтүстiк және солтүстiк жақтарының ұзындығы жүз шынтақтан болсын. Ауланы жiңiшке зығыр жiптен тоқылған перделер қоршап тұрсын. Жиырма қола тағанға орнатылған жиырма бағана және сол бағаналарды байланыстыратын күмiс iлгiштерi мен сырықтарын жасат.
12Ауланың батыс жағының ұзындығы елу шынтақ болып, оның перделерi он тағанға орнатылған он бағанаға iлiнiп қойылсын.
13Ауланың кiре берiсi орналасқан шығыс жағы да елу шынтақ болсын.
14-15 Кiре берiстiң екi жағындағы перделердiң ұзындығы он бес шынтақтан болып, әрқайсысы үш тағанға орнатылған үш бағанаға iлiнсiн.
16Ал аула кiреберiсiнiң өзiне арнап ұзындығы жиырма шынтақ перде тоқыт. Ол қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден түрлi өрнектермен кестеленiп тоқылсын. Перденi iлiп қою үшiн төрт тағанға орнатылған төрт бағана дайындат.
17-18 Ауланы қоршап тұрған барлық бағаналар бiр-бiрiмен күмiс сырықтармен байланыстырылсын. Iлгiштерi күмiс, тағандары қола болсын. Ауланың ұзындығы жүз, енi елу, ал перделердiң биiктiгi бес шынтақ болсын. Олар жiңiшке зығыр жiптен тоқылсын.
19Киелi шатырдың әр түрлi жұмыстарға қолданылатын барлық басқа құрал-жабдықтары, ауланы қоршаған бағаналар және шатырдың өзiн бекiтуге қажеттi күллi қазықтар да қоладан жасалсын.
Шамдарға арналған май
20Шам қойғыштың шамдары ұдайы жанып, жарық қылу үшiн исраилдiктерге зәйтүн жемiсiнен келiде түйiп сығып алынған таза май әкелуге тапсырма бер.
21Кездесу шатырындағы келiсiм сандығының алдында iлiнген шымылдықтың сыртқы жағында, Жаратқан Иенiң алдында, Һарон мен оның ұлдары күн батқаннан таң атқанша шамдардың жанып тұруын қамтамасыз етсiн. Бұл Исраил халқының болашақ ұрпақтарына берiлген тұрақты ереже.
1Күллi исраилдiктердiң арасынан Менiң дiни қызметкерлерiм болу үшiн ағаң Һаронды ұлдары Надаб, Әбиһу, Елазар, Iтамармен бiрге қасыңа шақырып алдырт.
2Қадiр-құрмет пен сән-салтанат көрсету үшiн ағаң Һаронға арнайы киiмдер тiккiз.
3Һаронның Менiң қызметiме бағышталып тағайындалу рәсiмi кезiнде киетiн сол киiмдерiн дайындау жайында Өзiм ерекше дарынға кенелткен барлық парасатты адамдарға нұсқау бер.
4Олар жасап дайындауға тиiс киiмдер мыналар: төс қалта, жеңсiз сырт киiм, сырт көйлек, бедерленiп тоқылған ұзын көйлек, сәлде және белбеу. Маған дiни қызмет көрсетулерi үшiн ағаң Һарон мен оның ұлдарына арнап шеберлер осы киiмдердi дайындасын.
5Сол үшiн алтын талшық, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптер қолданылсын.
Жеңсiз сырт киiм
6Шеберлер жеңсiз сырт киiмдi алтын талшықтан, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден кестелеп тоқып дайындасын.
7Сырт киiмнiң алдыңғы, артқы бөлiктерiнiң жоғарғы жақтарын бiр-бiрiмен байланыстырып тұратын екi иық жапсырмасы болсын.
8Сырт киiмдi байлап тұратын белбеу де дәл сол сияқты алтын талшық, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден кестеленiп тоқылсын.
9Екi оникс тасын алып, олардың бетiне Исраилдiң он екi руының аттарын
10туу реттерiне сай, алтауын бiр тасқа, қалған алтауын келесiсiне ойып жаздырт.
11Тастан ойып мөр жасайтын зергер мәнерiмен Исраил руларының аттарын екi оникс тасқа ойып жазғызғаннан кейiн оларды әшекейлi алтын жиектемелерге қондырғызып,
12сырт киiмнiң иық жапсырмаларына бекiттiр. Сол екi тас — Исраил әулетiнiң естелiгi: Һарон дiни қызметiн атқарғанда Жаратқан Иенiң (оларды рақым етiп таңдап алғанын) есiне салып отыру үшiн ру аттарын ұдайы екi иығында алып жүретiн болсын.
13Әшекейлеп екi алтын шығыршық жасат.
14Саф алтын талшықтардан арқан сияқты екi бау ширата өргiзiп, шығыршықтарға бекiттiрт.
Кеуде қалта
15Құдайдың еркiн бiлуге көмекшi құрал болатын кеуде қалта жасалсын. Ол да жеңсiз сырт киiм сияқты алтын талшықтан, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден кестеленiп тоқылсын.
16Қалта енi мен көлденеңi жарты шынтақтан төрт бұрышты екi қабат етiп дайындалсын.
17Оған асыл тастар төрт қатарға тiзiле қадалсын: бiрiншi қатарға рубин, топаз, изумруд,
18екiншiсiне лағыл, сапфир, алмас,
19үшiншiсiне жақұт, жүзақ, аметист,
20ал төртiншi қатарға хризолит, оникс, яспис тастарын алтын жиектемелерге безендiрiп қондырғыз.
21Асыл тастардың саны он екi болсын, Исраилдiң әрбiр руы үшiн бiр тастан. Әр тасқа бiр рудың аты мөр жасайтын зергер мәнерiмен ойылып жазылсын.
22Кеуде қалта үшiн саф алтын талшықтардан арқан тәрiздi ширатып екi шынжыр бау өргiзгеннен кейiн
23екi алтын шығыршық жасатып, оларды қалтаның жоғарғы екi бұрышына бекiттiр.
24Өрiлген екi алтын шынжыр бау қалтаның жоғарғы екi бұрышындағы алтын шығыршықтардан өткiзiлсiн.
25Екi баудың қалған ұштары екi жиектемеге бекiтiлсiн, сонда олар иық жапсырмаларымен алдыңғы жақтан байланысады.
26Тағы екi алтын шығыршық жасатып, оларды қалтаның төменгi екi бұрышына оның сырт киiмге қараған астыңғы жағынан бекiттiр.
27Осындай басқа да екi алтын шығыршық жасат. Олар сырт киiмнiң алдыңғы жағында, оның артқы, алдыңғы бөлiктерiнiң түйiскен жерiне таман қолтықтың астынан, белбеудiң үстiнен бекiтiлсiн.
28Бұл шығыршықтар қою күлгiн баулар арқылы қалтаның төменгi жағындағы шығыршықтармен байланыстырылсын. Сонда кеуде қалта орнынан қозғалмай, белбеудiң үстiңгi жағында берiк тұратын болады.
29Осылайша Һарон Киелi орынға кiрген сайын Исраил руларының аттарын жүрек тұсында Жаратқан Иенiң алдында естелiк ретiнде алып жүрмек.
30Кеуде қалтаға «Адал және Ақиқат» деген қасиеттi жеребелердi салып қой. Һарон Жаратқан Иенiң алдына барған сайын олар да Һаронның жүрек тұсында болмақ. Сонда Һарон Исраил ұрпақтарына үкiм шығаратын сол құралдарды әрқашан жүрек тұсында Жаратқан Иенiң алдында алып жүретiн болады.
Дiни қызметкерлердiң басқа киiмдерi
31Жеңсiз сырт киiмнiң iшiнен киетiн бiр түстi қою күлгiн сырт көйлек дайындат:
32оның жоғарғы жағында бас сиятындай ойығы болсын. Ал тарқатылып кетпеуi үшiн ойықты айналдыра жаға iспеттi қаптама тоқылсын.
33-34 Көйлектiң етегiн айналдыра қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн жiптерден тоқылып жасалған анар жемiстерi және солардың араларында кiшкене алтын қоңыраушалар кезекпен iлiнiп тұрсын.
35Һарон қызметiн атқарғанда осы сырт көйлектi киiп жүруге тиiс. Ол Жаратқан Иенiң алдына барып, киелi орынға кiрiп-шыққан кезде өлiп қалмауы үшiн қоңыраушалардың сыңғыры естiлуi қажет.
36Саф алтыннан кiшкене тақташа жасатып, бетiне «Жаратқан Иеге бағышталған» деп мөрге жасайтын зергер мәнерiмен ойып жаздырт.
37Алтын тақташаны қою күлгiн баумен алдыңғы жағынан сәлдеге бекiттiр.
38Һарон Исраил үрiм-бұтағының Құдайға бағыштаған барлық құрбандықтарының, сый-тартулары мен қызметтерiнiң мiнсiз еместiгiнiң кiнәсын мойнына алуы үшiн, осы алтын тақташа оның маңдайына тағылып жүруге тиiс.
39Сәлде бәтестен, ұзын көйлек бедерлi бәтестен тiгiлiп, белбеу кестеленiп тоқылсын.
40Қадiр-құрмет пен сән-салтанат көрсету үшiн Һаронның ұлдарына да ұзын көйлек, белбеу мен бас киiмнен дайындат.
41Осы киiмдердi ағаң Һаронға және оның ұлдарына кигiзiп, оларға май жағу рәсiмiн орында. Дiни қызметкерлерiм болу үшiн оларды Маған бағыштап, тағайында.
42Тәндерiн белiнен тiзесiне дейiн жабу үшiн iш киiм дайындат.
43Һарон мен ұлдары қасиеттi орында қызмет ету үшiн Киелi шатырға кiрiп не құрбандық үстелiне жақындап барған сайын оларды киiп жүруге тиiс; олай етпесе, олар кiнәлы болып, өлiм құшады.
Бұл Һаронға және оның келер ұрпақтарына арналған тұрақты ереже.
1Һаронды және оның ұлдарын Менiң қызметiме бағыштау үшiн мыналарды орындауға тиiссiң:
Бiр жас бұқаны және мiнсiз екi қошқарды дайындап қойғыз.
2Ең таңдаулы бидай ұнынан ашымаған нан, май қосылған ашымаған бәтiр нан және май жағылған ашымаған құймақтар пiсiртiп,
3бәрiн бiр себетке салдырт. Бұқамен және екi қошқармен бiрге себеттегi нандарды Маған алып келiп ұсын.
4Һарон мен ұлдарын Менiмен кездесетiн шатырдың кiре берiсiне алып келiп, оларды тазару рәсiмiнен өткiз.
5Арнайы киiмдердi алып, Һаронға ұзын көйлек, сырт көйлек, жеңсiз сырт киiм кигiзiп, кеуде қалтаны таққыз да, кестеленiп тоқылған белбеумен сырт киiмiн байлат.
6Басына сәлденi кигiзiп, Құдайға бағышталғандығын белгiлейтiн алтын тақташаны маңдай жағына бекiтiп байла.
7Арнайы майды алып, басына құйып жақ.
8Бұдан кейiн Һаронның ұлдарын да алдыртып, оларға ұзын көйлектерi
9мен бас киiмдерiн кигiзiп, белбеулерiн байлат.
Осылайша Һарон мен оның ұрпақтары ереже бойынша ұдайы дiни қызметкерлер болып қалады. Оларды мына рәсiмдер арқылы тағайында:
10Жас бұқаны киелi шатырдың алдына алдырт. Һарон мен ұлдары бұқаның басына қолдарын қойсын.
11Бұдан кейiн бұқаны киелi шатырдың кiре берiсiнiң жанында, Жаратқан Иенiң алдында құрбандыққа шалып,
12оның бiраз қанын саусағыңмен құрбандық үстелiнiң мүйiз тәрiздi шошақтарына жағып, қалған қанның бәрiн оның түбiне төк.
13Бұқаның шарбы майын, бауырының көк етiн және екi бүйрегiн майларымен қоса алып, құрбандық үстелiнiң үстiнде өртеп жiбер.
14Ал бұқаның етiн, терiсi мен жынын ел қонысының сыртына шығарып, өртеткiз. Себебi бұл — күнәның құнын өтейтiн құрбандық.
15Мұнан кейiн екi қошқардың бiрiн алдырт, Һарон мен ұлдары оның басына қолдарын қойсын.
16Қошқарды құрбандыққа шалып, қанын алып, құрбандық үстелiнiң үстiне айналдыра төк.
17Қошқардың етiн бөлшекте. Iшек-қарнын, сирақтарын жуып, оларды бөлшектенген етi мен басының үстiне қой.
18Қошқардың бүкiл етiн құрбандық үстелiнiң үстiнде өртеп жiбер. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге ұнамды хош иiстi құрбандық.
19Екiншi қошқарды алдыртып, Һарон мен ұлдары оның басына да қолдарын қойсын.
20Қошқарды құрбандыққа шалып, қанын алып, Һарон мен ұлдарының оң құлақтарының сырғалықтарына, оң қолдарының бас бармақтарына, оң аяқтарының үлкен башайларына жақ та, қалған қанды құрбандық үстелiнiң үстiне айналдыра төк.
21Сол қаннан және жағу рәсiмiне арналған майдан бiразырақ алып, Һарон мен ұлдарының өздерiне және үстерiндегi киiмдерiне бүрiк. Сонда өздерi де, киiмдерi де Құдайдың қызметiне толықтай бағышталған болады.
22Осы қошқардың бүкiл майларын: құйрық, iшек-қарын, бауыр, екi бүйрегiн майларымен қоса және оң жақ сан етiн ал. Себебi ол дiни қызметкерлердi тағайындау рәсiмiне арналған қошқар.
23Жаратқан Иеге ұсынылған себеттен бiр дөңгелек нан, май жағылған құймақ және май қосылған бiр бәтiр нан ал.
24Мұның бәрiн Һарон мен ұлдарының қолдарына берiп, әрi-берi тербей отырып Жаратқан Иеге ұсыныңдар.
25Содан кейiн осы тартулардың бәрiн олардың қолдарынан алып, құрбандық үстелiнiң үстiнде түгелдей өртелген құрбандыққа қоса өртеп жiбер. Бұл өртеу арқылы жасалған, Жаратқан Иеге ұнамды хош иiстi құрбандық болмақ.
26Һаронның қызметiне тағайындалуына арнап бауыздалған қошқардың төсiн алып кел де, оны Жаратқан Иенiң алдында әрi-берi тербей отырып ұсын. Ол сенiң үлесiң болмақ.
27Сол құрбандық қошқарының Һарон мен ұлдарына арналған үлестерiн: жоғары көтерiп Тәңiрге ұсынылған оң жақ сан етi мен тербеп ұсынылған төс етiн алып, Тәңiрге бағыштап, соларға тапсыр.
28Исраилдiктердiң Һарон мен ұлдарына ұдайы беретiн тұрақты сыбағасы осы болмақ. Өйткенi бұл — исраилдiктердiң Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын бiлдiретiн құрбандықтарынан Оған бағыштауға тиiстi бөлiктерi.
29Һаронның арнайы киiмдерi өзiнен кейiн келер ұрпақтарына аманатталсын, сонда олар соларды киiп, Құдайға бағышталып, қызметтерiне тағайындала алады:
30Һаронның орнын басып, киелi орында қызмет ету үшiн киелi шатырға кiретiн ұрпағы сол киiмдердi жетi күн бойы киiп жүруге тиiс.
31Һаронның қызметiне тағайындалу рәсiмiне байланысты шалынған қошқардың төсi мен қол етiн алып, арнайы орында асып пiсiрт.
32Һарон мен ұлдары қошқардың осы етiн және себеттегi нандарды киелi шатырдың кiре берiсiнiң алдында жесiн.
33Олар Құдайға бағышталып, қызметтерiне тағайындалғанда күнәларының құнын өтеу үшiн ұсынылған осы құрбандықтардың етiн және тартуларды басқа ешкiмнiң жеуiне болмайды, өйткенi олар Тәңiрге арналған.
34Тағайындалу рәсiмiне байланысты шалынған қошқар етi мен нандардан таң атқанша артылып қалғандары болса, өртеп жiбер. Олар Тәңiрге бағышталғандықтан ендi желiнбеуге тиiс.
35Һарон және оның ұлдарына Мен өзiңе бұйырған осы рәсiмдердiң бәрiн орындап, жетi күн бойы олардың қолдарын тағайындалуларына байланысты ұсынылған құрбандықтар мен тартуларға толтыр.
36Әр күн сайын күнәның құнын өтеу үшiн бiр жас бұқадан құрбандыққа шал. Құрбандық үстелiн тазарту рәсiмi ретiнде оның үстiнде күнәның құнын өтеуге шалынған құрбандықтарды өртеп жiберiп, үстелге арнайы май жағып, Тәңiрге бағышта.
37Жетi күн бойы күнәның құнын өтеуге шалынған құрбандықтарды құрбандық үстелiнде өртетiп, оны Тәңiрге бағышта. Сонда құрбандық үстелi Тәңiрге түгелдей бағышталып, үстелдiң үстiне қойылған не оған жанасқандардың бәрi Тәңiрдiң меншiгiне айналады.
38Әрдайым құрбандық үстелiнде күн сайын өртелiп ұсынылатындар мыналар: бiр жастағы екi тоқты;
39бiреуi таңертең, екiншiсi ымырт жабыла бауыздалып, өртелсiн.
40Бiрiншi тоқтыға қоса келiде түйiп сығып алынған үш қадақ зәйтүн майымен араластырылған бидай ұнынан бiр пұттың оннан бiр бөлiгiн өртеп жiбер, сұйық тарту ретiнде үш қадақ шарапты үстiне құйып ұсын.
41Екiншi тоқтыны ымырт жабыла құрбандыққа шал. Оған қоса таңертеңгiдей ұн, май және сұйық тартуларын да ұсын. Бұлар Тәңiрге өрт арқылы жасалған ұнамды да хош иiстi құрбандықтар болмақ.
42Бұл — келер ұрпақтарыңның да Жаратқан Иенiң алдында, киелi шатырдың кiре берiсiнiң жанында ұдайы жасауға тиiстi өртеп жасайтын құрбандығы. Осы жерде Мен мiнажаттарыңа құлақ салып, саған сөзiмдi арнамақпын.
43Исраил халқымен де мұнда кездесiп, бұл жердi ұлы салтанатыммен Өзiме бағыштап киелi етемiн.
44Осылайша Мен киелi шатыр мен құрбандық үстелiн де, Һарон мен ұлдарын да өз қызметiме бағыштап,
45Исраил әулетiнiң арасында тұрып, олардың Құдайы боламын.
46Сонда олар өздерiнiң Құдайы Жаратқан Ие Мен екенiмдi түсiнiп, араларында тұру үшiн оларды Мысырдан алып шыққанымды бiлетiн болады. Мен олардың Құдайы Жаратқан Иемiн.
1Хош иiстi заттарды өртеп түтету үшiн ақ қараған ағашынан арнайы үстел жасат.
2Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен енi бiр, биiктiгi екi шынтақтан болып, (төрт бұрышының үстiңгi жағынан) мүйiз сияқты шығып тұрған шошақтарымен бiртұтас жасалсын.
3Үстелдiң бетiн, бүкiл жақтаулары мен шошақтарын да саф алтынмен қаптатып, бетiн айналдыра алтын ернеумен жиектет.
4Ернеудiң астына, үстелдiң қарама-қарсы екi жағына екi-екiден алтын шығыршықтар орнат. Соларға үстелдi көтерiп алып жүретiн сырықтарды кiргiзу керек.
5Сырықтар ақ қарағаннан жасалып, алтынмен қапталсын.
6Үстелдi келiсiм сандығының және оның үстiндегi қақпақтың қарсы алдындағы шымылдықтың алдына қойғыз. Сол жерде Мен сенiмен кездесiп, саған сөзiмдi арнайтын боламын.
7Һарон күн сайын таңертең шамдарды реттеп дайындаған кезде үстелдiң үстiнде хош иiстi заттарды түтетуi керек.
8Ымырт жамыла шамдарды жаққан кезде де Һарон сондай тартуды түтетуге тиiс. Бұл келер ұрпақтарыңның да Жаратқан Ие алдында тұрақты орындайтын түтету рәсiмi.
9Осы үстелдiң үстiнде басқа ешқандай тарту: не хош иiстi, не өртеп жасайтын, не астық тартуы ұсынылмасын, не сұйық тартулар да оның үстiне құйылмасын.
10Һарон жылына бiр рет күнәның құнын өтеу үшiн шалынған құрбандықтың қанын түтету үстелiнiң мүйiз тәрiздi шошақтарына бүркiп, осылайша үстелдi күнәның арамдығынан тазартсын. Бұл рәсiмдi келешек ұрпақтарың да жыл сайын орындауға тиiс. Осылай түтету үстелi Жаратқан Иеге толықтай бағышталып, аса киелi болсын.
Киелi шатыр үшiн төленетiн жан басы салығы
11Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
12— Исраил әулетiн жинап алып, жалпы санын есептеп жатқан кезде санаққа кiрген әрбiр адам өз өмiрi үшiн Жаратқан Иеге жан басы салығын төлесiн. Сонда олар саналған кезде iндетпен жазаланбайды.
13Санақтан өтiп жатқан әр адам салмағы жарты мысқал (күмiстi) Жаратқан Иеге тарту ретiнде бағыштасын. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын, ресми өлшем.
14Жасы жиырмаға толған не одан асқан кез келген кiсi Жаратқан Иеге осындай сый-тарту ұсынуға тиiс.
15Жан басы үшiн Жаратқан Иеге арнап төленетiн осы төлем бай үшiн жарты мысқалдан артық, кедей үшiн одан кем болмасын.
16Исраил әулетiнен жан басы салығын қабылдап, кездесу шатырының қажетiне жарат. Осылай сендердiң жеке бастарың үшiн төлеген осы төлемдерiң Жаратқан Ие алдындағы естелiктерiң болмақ.
Жуыну рәсiмiне арналған қазан
17Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
18— Жуыну рәсiмi үшiн қоладан қазан жасатып, қола тұғырға орнатқыз. Қазанды киелi шатыр мен құрбандық үстелiнiң екi ортасына қойып, iшiн суға толтырт.
19Осы сумен Һарон мен ұлдары аяқ-қолдарын жуып тазартсын.
20-21 Олар киелi шатырға кiргенде немесе құрбандық үстелiнiң жанына жақындап, Жаратқан Иеге арналған тартуларды өртеп ұсыну қызметiн атқарғанда өлiп қалмаулары үшiн алдымен осы тазару рәсiмiн орындасын! Бұл Һарон мен оның келер ұрпақтарына арналған тұрақты ереже.
Киелi үй қызметiне кiрiсу рәсiмiне арналған хош иiстi май
22Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
23— Өзiң ең таңдаулы хош иiстi мына нәрселердi: мүр сұйығынан бес жүз мысқал, жұпар иiстi дәм қабық пен хош иiстi қамыс тамырының өзегiн екi жүз елу мысқалдан, яки мүрдiң жарты мөлшерiнен дайындап ал.
24Бұларға бес жүз мысқал кассия шөбiн де қос. Осы мөлшерлер ресми өлшем бойынша болсын. Және он бес қадақ зәйтүн майын да ал.
25Киелi шатырдағы қызметке кiрiскен кезде адамдар мен заттарға май жағу рәсiмiн жасау үшiн арнайы шеберлер бұл заттарды келiде түйiп, араластырып, хош иiстi май қоспасын дайындасын.
26Осы қоспаны киелi шатыр мен келiсiм сандығына,
27үстел мен оған қатысты ыдыстарға, шам қойғыш пен оған қажеттi бұйымдарға, түтету үстелiне,
28құрбандық үстелi мен оның құрал-саймандарына және жуынатын қазан мен тұғырына май жағу рәсiмiн жасағанда қолдан.
29Солай етiп осы аталғандарды Маған түгелдей бағышта, олар аса киелi болады. Соларға жанасқан әр нәрсе және әрбiр адам да Маған бағышталады.
30Һарон мен ұлдарына да май жағу рәсiмiн орындап, Менiң қызметiме бағышта. Осылай оларды Менiң қызметкерлерiм етiп тағайында.
31Исраилдiктерге мына сөздерiмдi жеткiз: «Тағайындау рәсiмiне арналған бұл май қоспасы Маған ғана арналған. Келер ұрпақтарың да оны тек осылай қолдануға тиiс.
32Осы хош иiстi май қоспасын басқа адамдардың денесiне жағуға да, өздерiңе қолдану үшiн сондай құрамдағы қоспаны жасауға да болмайды. Ол тек Маған ғана арналған, оны киелi деп санаңдар!
33Кiмде-кiм осындай май қоспасын өзi жасайтын болса немесе қолдануға болмайтын басқа бiреуге жақса, сол адамды халқының арасынан аластату қажет.
Түтетiлетiн хош иiстi тарту
34Жаратқан Ие Мұсаға тағы мынаны бұйырды:
— Әрқайсысынан бiрдей мөлшерде етiп мынадай хош иiстi заттарды дайындап ал: жұпар иiстi шайыр тамшылары, қабыршақ, галбан шайыры, хош иiстi дәмдеуiштер және таза ладан шайыры. Осы хош иiстi заттардан ладанның әрбiр мөлшерiне тең мөлшерде алынсын.
35Арнайы шеберлерге солардан жұпар иiстi түтету қоспасын жасат: ол тұзбен араластырылып, таза да киелi болсын.
36Түтету қоспасының бiразын ұнтақтап, киелi шатыр iшiне, Мен өзiңмен кездесiп, Саған сөзiмдi арнайтын орынға, яғни келiсiм сандығының қарсы алдына қой. Оны тек Маған ғана бағышталған аса киелi деп есептеңдер!
37Осындай құрамда өздерiңе хош иiстi түтету қоспасын жасамаңдар! Оны жалғыз Жаратқан Иеге арналған киелi деп санаңдар!
38Кiмде-кiм өзi үшiн түтетуге осындай қоспаны жасаса, сол халқының арасынан аластатылуға тиiс.
1Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға былай дедi:
2— Бiлiп ал: Мен Яһуда руынан шыққан Һұрдың немересi, Ұри ұлы Беселиелдi арнайы таңдап алдым.
3Оны Құдай Рухына кенелтiп, оған ақыл-парасатпен қабiлет дарытып, барлық өнерден хабардар етiп қойдым.
4Оған алтын, күмiс, қола бұйымдарға көркем өрнектер жасауға,
5асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесiп, жонып, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмысын iстеуге қабiлет бердiм.
6Мынаны да бiлiп ал: Мен оған Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпты көмекшi етiп тағайындап отырмын. Мен өзiңе тапсырғандардың барлығын жасаулары үшiн күллi ақылдыларға тағы да молынан ақыл-парасат дарытамын. Сондықтан олар Мен өзiңе бұйырған мына нәрселердiң бәрiн жасай алады:
7Киелi кездесу шатырын, келiсiм сандығы мен оның қақпағын және киелi шатырдың барлық басқа бұйымдарын;
8нан тартулары қойылатын үстел мен оның үстiндегi ыдыстарды, саф алтыннан жасалған шам қойғыш пен құралдарын, хош иiстi заттарды түтету үстелiн,
9шалынған құрбандықтарды өртеп жiберетiн үстел мен оған керектi құрал-саймандарды, тазару рәсiмiне арналған қазан мен оның тұғырын;
10сондай-ақ, кестеленiп тоқылған киiмдердi: дiни қызметкер Һаронның арнайы киiмдерiн және оның ұлдары дiни қызмет атқарғанда киiп жүретiн киiмдердi,
11тағайындау рәсiмiнде қолданылатын майды және киелi орынға арналған хош иiстi түтету заттарын. Шеберлер бұлардың бәрiн Мен өзiңе бұйырғандай етiп жасайтын болады.
Демалыс күнi туралы ереже
12Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те тапсырды:
13— Исраил үрiм-бұтағына мынаны айт: Менiң демалыс күнi туралы ережелерiмдi сақтаңдар! Себебi бұл бүкiл келешек ұрпақтарың үшiн Менiмен сендердiң араларыңда жасалған келiсiмнiң белгiсi. Ол арқылы Менiң сендердi ерекше меншiгiм еткенiм бiлiнедi. Мен — Жаратқан Иемiн.
14Сонымен демалыс күнiн сақтаңдар, ол сендер үшiн қасиеттi күн. Оны қорлаған әркiм өлтiрiлуге тиiс. Демалыс күнi жұмыс iстеген адам өз халқының арасынан аластатылуы қажет.
15Аптасына алты күн бойы жұмыс iстеулерiңе болады, ал жетiншi күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс, сол күнi тынығыңдар! Кiмде-кiм жетiншi күнi жұмыс iстейтiн болса, сол өлтiрiлуге тиiс.
16Исраилдiң үрiм-бұтағы демалыс күнiн сақтап, келешек ұрпақтары да оны тұрақты келiсiм ретiнде орындай берсiн!
17Бұл мәңгi-бақи Менiмен Исраил халқы арасында жасалған келiсiмнiң белгiсi болмақ!
Себебi Жаратқан Ие алты күн iшiнде аспан мен жердi жаратып, жетiншi күнi демалып тынықты.
18Жаратқан Ие Синай тауының басында Мұсаға арнаған сөзiн бiтiргеннен кейiн оған өз қолымен келiсiм ережелерiн жазған екi тас тақташаны табыс еттi.
1Ал Мұсаның тау басынан ұзақ уақыт бойы төмен түспегенiн көрген халық Һаронның қасына жиналып:
— Кәне, бiзге алдымызда жүрiп отыратын тәңiр мүсiнiн жасап берiңiз! Бiздi Мысыр жерiнен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын бiлмеймiз, — деп талап еттi.
2Һарон оларға:
— Ендеше әйелдерiң мен ұл-қыздарыңның құлақтарындағы алтын сырғаларын шешiп алып, маған әкелiп берiңдер, — деп жауап қайырды.
3Сонда бүкiл жұрт құлақтарынан алтын сырғаларын шешiп алып, Һаронға әкелiп бердi.
4Һарон соларды қолдарынан қабыл алып, балқытып, одан жас бұқа мүсiнiн құйды. Сонда халық:
— Әй, Исраил, сенi Мысыр елiнен бастап алып шыққан тәңiрiң — осы! — дестi.
5Мұны көрген Һарон мүсiннiң қарсы алдынан құрбандық үстелiн салып, қатты дауыстап:
— Ертең Жаратқан Иеге арналған мейрам болады! — деп жариялады.
6Олар келесi күнi ерте тұрып, құрбандық шалып, өртеп жiбердi. Содан соң басқа да мал алып келiп, ризашылық құрбандығы ретiнде шалды. Халық жайғасып отырып, құрбандықтан iшiп-жедi; бiраздан кейiн азғын ойындар ойнау үшiн орындарынан тұрды.
7Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Тезiрек төмен түс, Мысырдан сен бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды!
8Олар Мен өздерiне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған жас бұқа мүсiнiн жасап алды. Соған иiлiп құлшылық етiп, құрбандық шалып, «Әй, Исраил, сенi Мысыр елiнен бастап алып шыққан тәңiрiң осы!» — дестi.
9Жаратқан Ие Мұсаға тағы да:
— Мен бұл халықты назарымда ұстап келемiн, оның тоң мойын қыңыр екенiне көзiм жеттi.
10Ендi Менi тоқтатуға тырыспа! Қаһарым лаулап, оларды құртып жiбермекпiн. Содан кейiн өзiңнен үлкен бiр халықты жаратамын, — дедi.
11Бiрақ Мұса Құдай Иесiнен райынан қайтуын жалбарына сұрап:
— Уа, Жаратқан Ие! Өзiң Мысырдан ұлы күшпен, құдiреттi қолыңмен бастап алып шыққан халқыңа қарсы неге қаһарың лаулайды? — дедi. —
12Егер солай iстесең, онда мысырлықтар: «Тәңiр оларды елiмiзден арам ниетпен, тауда қырып-жойып, жер бетiнен жоқ қылу үшiн алып шығыпты» деп жүрер. Қаһарыңды басып, халқыңа апат жiберемiн деген райыңнан қайтып,
13қызметшiлерiң Ыбырайым, Ысқақ пен Исраилдi есiңе түсiре гөр. Оларға: «Сендердiң ұрпақтарыңды аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейтiп, Өзiм беруге уәде еткен осы жердi сыйлаймын, олар соны мәңгi иемденетiн болады» деп өз атыңмен ант берген едiң ғой.
14Сонда Жаратқан Ие халқына апат жiберемiн деген ниетiнен бас тартты.
15Мұса екi тас тақташаны қолына ұстап, керi бұрылып, таудан төмен түсiп кеттi. Тақташалардың екi бетiнде де: алдыңғы, артқы жақтарында да келiсiм ережелерi жазылған едi.
16Тас тақташаларды жасап, беттерiндегi сөздердi ойып жазу Құдайдың iсi болатын.
17(Мұсаны жарты жолда қарсы алған) Ешуа халықтың қатты дауыстаған у-шуын естiп: «Бұл соғыс кезiнде шығатын айқай ғой!» — дедi.
18Ал Мұса:
«Бұл жеңiстiң қуанышты үнi емес,
Жеңiлiстiң зарлайтын үнi де емес.
Мен бейберекет айтылған өлеңдердi
Естiп тұрмын», — деп жауап қайырды.
19Мұса ел қонысына таяп, жас бұқа мүсiнi мен билеген халықты көргенде қаһары лаулап, тау етегiнде тұрып, қолындағы тас тақташаларды жерге лақтырып жiберiп, быт-шытын шығарды.
20Бұдан кейiн халықтың жасап алған жас бұқа мүсiнiн алып, отқа салып құртты. Одан қалғанын ұнтақтап үгiп, суға араластырды да, соны исраилдiктерге iшкiздi.
21Һаронға қарап:
— Осыншама зор күнәға батыратындай мына халық саған не iстедi? — деген сұрақ қойды.
22Һарон:
— Қаһарыңызды лаулата көрмеңiз, мырзам. Бұл халықтың жамандыққа бейiм екенiн өзiңiз бiлесiз ғой.
23Олар былай деп бұйырды: «Бiзге алдымызда жүрiп отыратын Тәңiр мүсiнiн жасап берiңiз! Себебi бiздi Мысыр жерiнен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын бiлмеймiз».
24Мен оларға: «Кiмнiң алтын әшекейi болса, соларын шешiп алсын», — дедiм. Олар маған алтындарын берiп, мен оны отқа салдым. Сонда одан әлгi жас бұқа шыға келдi, — деп жауап бердi.
Халықтың жазалануы және сапарын жалғастыруы
25Мұса халықтың жүгенсiз кетiп, Һаронның да олардың шектен шығуларына жол берiп, жауларына таба болғандарына көзi жеттi.
26Сондықтан ол ауылдың кiре берiс қақпасы алдына шығып алып:
— «Кiм Жаратқан Иенiң жағында болса, сол қасыма келсiн!» — деп шақырды. Сонда оның қасына бүкiл Леуi руы жиналды.
27Мұса оларға:
— Исраилдiң Құдайы Жаратқан Ие былай деп бұйырды: әрқайсың семсерлерiңдi белдерiңе байлап алып, ауылды бiр қақпасынан екiншi қақпасына дейiн әрi-берi аралай жүре, (күнәға батқан) бауырларың, дос-жарандарың мен көршiлерiңнiң көзiн құртыңдар! — дедi.
28Леуiлiктер оның айтқандарын орындап, сол күнi халықтың үш мыңдайы өлiм құшты.
29Содан кейiн Мұса Леуi руының адамдарын тағы да жинап алып:
— Бүгiн сендер өз ұлдарың мен бауырларыңды аямай, Жаратқан Иенiң қызметiне толықтай бағышталдыңдар. Бүгiн Оның жарылқауына ие болдыңдар, — дедi.
30Келесi күнi ол халыққа арнап:
— Сендер зор күнә жасадыңдар. Бiрақ мен қазiр қайтадан тау басына көтерiлiп, Жаратқан Иенiң алдына барамын. Мүмкiн сендердiң жасаған күнәларың үшiн Оның кешiрiмiн ала алармын, — деп тiл қатты.
31Сонымен Мұса Жаратқан Иенiң алдына қайтып барып:
— Уа, Тәңiрiм, бұл халық шынымен Сенiң алдыңда зор күнәға батып, алтыннан тәңiр мүсiнiн жасап алыпты.
32Дегенмен олардың күнәсын кешiре гөр. Егер олай iстемесең, онда (өз адамдарыңның есiмдерiн) жазып қойған кiтабыңнан менiң де есiмiмдi сызып таста, — деп өтiндi.
33Ал Жаратқан Ие Мұсаға:
— Бұл кiтабымнан Менiң алдымда күнә жасағандардың (есiмдерiн) сызып тастаймын.
34Ал қазiр бар да, халықты Мен айтқан жерге бастап алып бар. Мiне, перiштем алдыңда жүрiп отырмақ. Менiң соттайтын күнiм жеткенде оларды бұл күнәлары үшiн жазалайтын боламын, — деп жауап бердi.
35Кейiнiрек Жаратқан Ие халықты Һарон жасаған жас бұқа мүсiнiне табынғандарына бола iндет жiберiп жазалады.
1Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тiл қатып, былай деп бұйырды:
— Өзiң және Мысырдан бастап алып шыққан халқың бұл жердi тастап, әрi қарай жүрiңдер! Мен «өз ұрпақтарыңа сыйлаймын» деп Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа уәде еткен елге көшiп барыңдар.
2Сенiң алдыңда жүрiп отыратын перiштенi жiберiп, қанахандықтар, аморлықтар, хеттiктер, перездiктер, хевтiктер мен ебустiктердi сол елден қуып шығамын.
3Ол сендердi ағы мен балы ағыл-тегiл сол жерге бастап алып барады. Бiрақ Өзiм араларыңда жүрiп бiрге бармаймын. Сендер тоң мойын қыңыр халықсыңдар, сондықтан сендердi жолшыбай қырып тастауым қажет болар едi.
4Мұндай қатты сөздердi естiген халық зар еңiреп, ешқайсысы да әшекейлерiн тақпады.
5Себебi Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырған болатын: «Исраилдiктерге айт: Сендер тоң мойын қыңыр халықсыңдар. Мен араларыңда бiр-ақ сәт бiрге жүретiн болсам, сендердi жоқ қылуым қажет болар едi. Қазiр әшекейлерiңдi шешiп тастаңдар. Ал Мен сендермен не iстеудi ұйғарамын.
6Сондықтан исраилдiктер Хориб тауында әшекейлерiн шешiп тастап, ендi қайтып тақпайтын болды.
Мұсаның Құдаймен кездесетiн шатыры
7Ал Мұса (бұдан былай) ауылдан тыс, одан алысырақ жерде шатыр тiгiп, оны Кездесу шатыры деп атады. Жаратқан Иенiң еркiн сұрап бiлгiсi келген әркiм ауылдан шығып, осы шатырға баратын.
8Мұса кездесу шатырына беттеген сайын бүкiл халық үйлерiнiң есiктерiнiң алдынан ол шатырға кiрiп кеткенге дейiн артынан қарап тұратын.
9Мұса шатырға кiргенде бұлт бағанасы төмен түсiп, шатыр алдына орналасатын. Сол кезде Жаратқан Ие Мұсамен тiлдесетiн.
10Бұлт бағанасын шатыр есiгiнiң алдынан көрiсiмен-ақ күллi халық орындарынан көтерiлiп, әркiм өз шатырының кiре берiсiнен Құдайға иiлiп ғибадат ететiн.
11Жаратқан Ие Мұсаға сөзiн арнап, онымен адамның жақын досымен бетпе-бет сөйлескенiндей сөйлесетiн. Мұса кейiнiрек ауылға қайтып оралатын, ал оның жас көмекшiсi Нұн ұлы Ешуа шатырдың қасынан кетпейтiн.
Құдайдың Мұсаға салтанатты ұлылықпен аян беруi
12Мұса Жаратқан Иеге жалбарына тiл қатып:
— Я, Тәңiрiм, Сен маған: «Халықты бастап алып жүр» деп келесiң, бiрақ менiмен бiрге кiмдi жiберетiнiңдi бiлдiрген жоқсың. Алайда Маған: «Есiмiңдi жадымда сақтап сенi жақыннан танимын және саған ризамын» деген едiң ғой.
13Егерде маған риза болсаң, (бiздi жүргiзетiн) өз жолдарыңды бiлдiре гөр. Сонда мен Өзiңмен тығыз байланыста тұрып, келешекте де Сенiң рақымың маған түсетiн болады. Мына ұлттың Өзiңнiң таңдап алған халқың екенiн есiңнен шығара көрме. — дедi.
14Жаратқан Ие:
— Өзiм бiрге барып жар болып, жаныңа тыныштық сыйлаймын, — деп жауап қайырды.
15Мұса:
— Егер Өзiң бiрге барып жар болмасаң, бiздi бұл жерден уәделi елге апара көрме.
16Маған және өз халқыңа Сенiң рақымыңның түсiп тұрғанын қайдан бiле аламыз? Өзiңнiң бiзбен бiрге жүргенiңнен емес пе? Менi және халқыңды жер бетiндегi басқа күллi халықтардан ерекше қылып ажырататын соның өзi ғой, — дедi.
17Жаратқан Ие оған:
— Жарайды, сенiң сұрағаныңды орындаймын, өйткенi Мен саған ризамын, сенi жақыннан танимын да, — деп уәде бердi.
18Сонда Мұса:
— Ендеше маған салтанатты ұлылығыңды көрсете гөр, — деп өтiндi.
19Жаратқан Ие оған:
— Мен сенiң алдыңнан бүкiл игiлiгiмдi өте шығатын етiп, қасыңда «Жаратқан Ие» деген есiмiмдi атап шақырамын. Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейiрiмiмдi шашамын, — деп жауап қайтарды.
20Бұдан кейiн сөзiн жалғастырып: — Бiрақ бет-жүзiмдi көруiңе болмайды, өйткенi оны көрген пенде тiрi қалмайды.
21Алайда, мiне, қасымда бiр орын бар: мына жартаста тұр.
22Салтанатты ұлылығым жаныңнан өтiп бара жатқан кезде сенi жартастың жарығына тұрғызып, Өзiм қасыңнан өтiп кеткенше алақаныммен көлегейлеймiн.
23Содан кейiн қолымды аламын, сонда Менi ту сыртымнан көре аласың. Ал бет-жүзiмдi ешкiмнiң көруiне болмайды, — дедi.
1Жаратқан Ие Мұсаға тағы бұйрық берiп:
— Өзiң сындырып тастаған бұрынғы тас тақташалар сияқты екi тақташа қашап жасап ал. Олардың беттерiне алғашқы тақташаларда жазылған сөздердi жазып қоймақпын.
2Ертеңгiсiн дайын бол, Синай тауына көтерiлiп, тау басында Менiң алдымда тұр!
3Ал ешбiр адам саған ерiп көтерiлмесiн, тау басының барлық маңынан ешкiм де көрiнбесiн, тау айналасында iрiлi-ұсақты мал да жайылмасын! — дедi.
4Осылай Мұса бұрынғы тас тақташалар сияқты басқа екеуiн қашап жасап алды. Ертеңгiсiн ертемен соларды қолына ұстап, дәл Жаратқан Ие өзiне бұйырғандай Синай тауының басына көтерiлдi.
5Сонда Жаратқан Ие бұлтқа оранып төмен түстi де, Мұсаның қасында тұрып, «Жаратқан Ие» деген өз есiмiн атап шақырды.
6Бұдан кейiн Ол Мұсаның алдынан өтiп бара жатып:
«Жаратқан Ие! Жаратқан Ие!
Рақымды да қайырымды Құдай!
Қаһарлануға асықпайды,
Сүйiспеншiлiгi берiк, әрдайым сөзiнде тұрады;
7Ол сүйiспеншiлiгiн мыңдағандарға ұдайы көрсетедi,
Тiптi Өзiне қарсы шығып әдiлетсiздiк жасап,
Күнәға батқан адамды да кешiруге дайын.
Ал (қасарысқан күнәкарды) жазалаусыз қалдырмайды.
Аталарының жасаған әдiлетсiз iстерi үшiн
Балалары мен немерелерiн,
Тiптi шөберелерi мен шөпшектерiн де жазалайды,
— деп дауыстады.
8Мұса дереу басын жерге жеткiзе иiп тағзым етiп:
9— Уа, Ием, егер Сен маған риза болсаң, онда Өзiң арамызда жүрiп жар бола гөр. Бұл тоң мойын қыңыр халық. Әйтсе де, жасаған әдiлетсiз iстерiмiз бен күллi күнәларымызды кешiрiп, бiздi Өзiңнiң меншiктi халқың ретiнде қабылдай гөр, — деп өтiндi.
Келiсiмнiң қайтадан жасалуы
10Бұған Жаратқан Ие былай дедi:
— Мiне, Мен сендермен келiсiм жасамақпын: халқыңның көз алдында бұған дейiн жер бетiнде еш бiр ұлттың арасында болып көрмеген кереметтердi жүзеге асырмақпын. Өзiң бiрге тұрып жатқан бүкiл халқың Мен — Жаратқан Ие сендер үшiн жасайтын, үрей туғызатын ғажап iстердi көретiн боласыңдар.
11Ал сендер Менiң өздерiңе бүгiн берiп тұрған бұйрықтарымды орындайтын болыңдар! Бiлiп алыңдар: Мен аморлықтар, қанахандықтар, хеттiктер, перездiктер, хевтiктер мен ебустiктердi сендердiң көз алдарыңда уәделi елден қуып шығарамын.
12Сол елге кiргенде олармен келiсiм жасаудан сақтаныңдар! Олай етпесеңдер, олар сендердi күнәға батыратын тұзақ болады.
13Солардың құрбандық жасайтын орындарын бұзып, қиратып, табынатын тас мүсiндерiн талқандап, әйел тәңiрлерi Ашераға арналған ағаш бағаналарын шауып тастаңдар!
14Тек Менен — Жаратқан Иеден басқа ешбiр тәңiрге құлшылық етпеңдер! Себебi бiр атағым «Қызғаныш». Өзiмдi шын көңiлмен сүйiп, түгелдей бағышталуларыңды талап еткен Құдаймын.
15Сол жерде тұратындармен келiсiм жасаудан сақтаныңдар! Әйтпесе олар Маған сенiмсiздiк танытып, өз тәңiрлерiне құрбандық шалып құлшылық еткенде сендердi де шақырады. Осылай сол құрбандықтарынан жеп, өздерiң де жалған тәңiрлерге табынатын боласыңдар.
16Ұлдарыңа олардың қыздарын алып бермеңдер! Сол келiндерiң шынайы Құдайға сенiмсiздiк танытып, өздерiнiң жалған тәңiрлерiне құлшылық еткенде ұлдарыңа да солай iстетпек.
17Тәңiр мүсiндерiн жасамаңдар!
18Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзiм бұйырғандай, жетi күн бойы ашытқысыз пiсiрiлген нан жеңдер. Мұны (көктемнiң) абиб айының белгiленген мезгiлiнде өткiзiңдер, себебi Мысырдан сол айда көшiп шыққан едiңдер.
19Құрсақ атаулыдан шыққан әрбiр тұңғыш Менiкi! Iрi қара мен ұсақ малдардың тұңғыш еркек жыныстыларының бәрi де Маған бағышталсын.
20Есектiң алғаш туған қодығының орнына бiр тоқты құрбандыққа шалынсын. Егер олай етпесең, қодықтың желкесiн үз. Ал әрбiр тұңғыш ұлдарыңның төлемi ретiнде арнайы құрбандық шалыңдар.
Ешкiм Менiң алдыма құр қол келмесiн!
21Алты күн жұмыс iстеп, жетiншi күнi демалыңдар! Жер жыртып, егiн салып, оны орған кезде де сол күнi демалуға тиiссiңдер.
22Бидайдың алғашқы өнiмiн жинарда Жетi апта мейрамын, ал жыл аяғында Сабантой мейрамын мерекелеңдер!
23Күллi ер адамдарың жылына үш рет өз Қожайындарың — Исраилдiң Құдай Иесiнiң алдына келуге тиiс.
24Мен сендердiң көз алдарыңнан басқа халықтарды қуып шығарып, шекараларыңды кеңейтемiн. Сондықтан сендер жылына үш рет Құдайларың — Жаратқан Иенiң алдына келген кездерiңде ешкiм де елдерiңе қызғанышпен шабуыл жасамайтын болады.
25Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар!
Құтқарылу мейрамына шалынған малдың етi таң атқанша қалып қоймасын!
26Алғаш шыққан өнiмдердiң ең жақсысын Құдайларың Жаратқан Иенiң киелi үйiне алып келiңдер!
Лақтың етiн енесiнiң сүтiне пiсiрмеңдер!
27Содан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға:
— Осы сөздердi жазып қой. Мен сенiмен және бүкiл Исраил халқымен келiсiмiмдi солардың негiзiнде жасаймын, — деп бұйырды.
28Мұса қырық күн, қырық түн бойы нан-су iшiп-жеместен, сол жерде Жаратқан Иенiң қасында болды. Сонда ол тас тақташаларға келiсiмнiң сөздерiн — он өсиеттi жазды.
Мұсаның бетiндегi жарқыраған нұр
29Қолына екi тас тақташа ұстаған Мұса Синай тауынан төмен түстi. Ол Жаратқан Иемен тiлдескендiктен бет-жүзi нұр шашып жарқырап тұрды. Ал өзi мұны бiлген де жоқ.
30Һарон және күллi исраилдiктер Мұсаны көргенде, мiне ғажап, оның бетi нұрланып жарқырап тұрды! Сондықтан қасына жақындауға батылдары бармады.
31Бiрақ Мұса шақырған соң, Һарон мен халықтың барша рубасылары қайтадан қасына жиналып, Мұса оларға сөзiн арнады.
32Бұдан кейiн исраилдiктердiң бәрi де оның қасына келiп, Мұса оларға Жаратқан Иенiң Синай тауының басында өзiмен тiлдескенде тапсырған бүкiл өсиеттерiн айтып бердi.
33Олармен сөйлесiп болғаннан кейiн Мұса бетiн пердемен жауып алды.
34Ал Жаратқан Иенiң алдына барып, Онымен тiлдесу үшiн арнайы шатырға кiрген сайын, қайтадан сыртқа шыққанша Мұса бетiндегi перденi алып тастайтын. Шатырдан шыққаннан кейiн ол халқына Жаратқан Иенiң тапсырған өсиеттерiн жеткiзетiн.
35Сол кезде олар Мұсаның бет-жүзiнiң нұр шашып жарқырап тұрғанын көретiн. Ол қайтадан Жаратқан Иенiң алдына барып, Онымен тiлдескенше бетiн пердемен жауып алатын.
1Мұса бүкiл Исраил қауымын жинап алып, былай дедi:
— Жаратқан Ие орындауға мынаны бұйырған:
2алты күн жұмыс iстеуге арналған. Ал жетiншi күн сендер тынығып демалатын, Жаратқан Иеге бағышталған киелi күн болсын! Сол күнi жұмыс iстеген әркiм өлтiрiлуге тиiс.
3Барлық тұрған жерлерiңде демалыс күнi тiптi от жақпаңдар!
Киелi шатырды құрудың дайындық жұмыстары
4Мұса жиналған бүкiл Исраил қауымына сөзiн жалғап былай дедi:
— Жаратқан Ие сендерге мынаны тапсырды:
5Қолдарыңда барларыңнан Жаратқан Иеге арнап тарту берiңдер. Оған шын жүректен сый-тарту ұсынғысы келетiндер мыналарды алып келсiн: алтын, күмiс, қола,
6қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке иiрiлген зығыр жiптер, ешкiнiң түбiтi,
7қызарта боялған қошқар терiлерi, борсық терiлерi, ақ қараған ағашы,
8май шамға арналған зәйтүн майы, жағу рәсiмiне арналған майға қосылатын немесе түтетiлетiн хош иiстi заттар,
9сондай-ақ бас дiни қызметкердiң арнайы киiмiне және кеуде қалтасына тағылатын оникс пен басқа да асыл тастар.
10Араларыңдағы шебер атаулының барлығы келiп, Жаратқан Иенiң тапсырғандарының бәрiн де жасап дайындасын:
11Оның жер бетiндегi тұрағы — киелi шатырды, соның төбесiндегi жапқышын, iлгектерi мен iлмек шығыршықтарын, бөренелерiн, сырықтарын, бағаналары мен тағандарын;
12сондай-ақ, келiсiм сандығы мен екi жағындағы сырықтарын, бетiндегi қақпағын және оны көзден тасалап тұрған шымылдықты;
13(нан тартулары қойылатын) үстел мен сырықтарын, соған қажеттi ыдыстарын және ұсынылатын нан тартуларын;
14жарық түсiретiн (жетi шырақты) шам қойғышты, қосымша құрал-саймандарын, шамдарын және жағуға қажеттi майды;
15түтету үстелi мен сырықтарын, жағу рәсiмiне арналған майды, түтетiлетiн хош иiстi заттарды; киелi шатырдың кiре берiсiндегi шымылдықты,
16шалынған құрбандықтарды өртейтiн үстелдi, оның қола торын, сырықтары мен қажеттi құрал-саймандарын; (тазару рәсiмiне арналған) қола қазан мен тұғырын;
17ауланы қоршайтын бағаналарды тағандары, перделерiмен қоса, сондай-ақ ауланың кiре берiсiнiң перделерiн,
18шатырдың және ауланың қазықтары мен арқандарын,
19қасиеттi орында қызмет атқарғандардың әдемi тоқылған киiмдерiн және дiни қызметкер Һарон мен оның ұлдарының арнайы киiмдерiн.
20Мұса осыларды айтып болған соң бүкiл жиналған Исраил қауымы оның қасынан тарап кеттi.
21Мұнан кейiн Жаратқан Иемен кездесетiн киелi шатырды тұрғызып, ондағы қызметтерге қажеттi бұйымдар мен арнайы киiмдердi жасау үшiн шын жүректен, өз еркiмен Жаратқан Иеге арнап сый-тарту бергiсi келген әркiм соларын алып келдi.
22Осыған ерiк бiлдiргендердiң бәрi де, еркек болсын, әйел болсын бiлезiк, сырға-жүзiк, алқаларын, түрлi-түрлi алтын әшекейлерiн әкелiп, Тәңiр Иеге бағыштап ұсынды.
23Қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерi мен ешкiнiң түбiтi, қызарта боялған қошқар терiсi мен борсықтың терiсi барлары да соларын әкелiп бердi.
24Күмiс пен қоладан тарту әкелгендер де оларын Жаратқан Иеге арнады. Кiмде ақ қараған ағашы бар болса, сол да ағашын киелi шатыр үшiн қолдануға ұсынды.
25Жiп иiре алатын шебер әйелдер қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн не жiңiшке зығыр жiптердi өз қолдарымен иiрiп әкелдi.
26Түбiт иiре алатын барлық қабiлеттi әйелдер түбiт иiрдi.
27Рубасылары оникс және басқа да асыл тастарды Һаронның арнайы сырт киiмi мен кеуде қалтасы үшiн алып келдi.
28Олар, сондай-ақ, май шамдарға, жағу рәсiмiне және түтетiлуге арнап зәйтүн майы мен хош иiстi заттарды да ұсынды.
29Исраилдiң барлық әйелдерi мен ер азаматтары Жаратқан Иенiң Мұса арқылы iстеуге тапсырған күллi жұмыстары үшiн өз жүрек қалауларымен Тәңiрге арнап ерiктi тартуларын алып келдi.
Шеберлердiң тағайындалуы
30Мұса исраилдiктерге сөзiн арнап былай дедi:
— Бiлiп алыңдар: Жаратқан Ие Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы Һұр немересi Беселиелдi арнайы таңдап алды.
31Оны Өзiнiң Рухына кенелтiп, оған ақыл-парасат пен қабiлет дарытып, барлық өнерден хабардар етiп қойды:
32алтын, күмiс, қола бұйымдарға керемет көркем өрнектер жасауға,
33асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесiп, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмыстарын жасауға да қабiлет бердi.
34Бұның үстiнде Жаратқан Ие Беселиелге және Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпқа басқаларға тәлiм беру дарынын да сыйлады.
35Тәңiр Ие оларды қандай да болсын жұмысты iстей алатын қабiлетке кенелттi. Сондықтан олар зергерлер, жобалар ойлап шығаратын көркемдеушiлер, шебер тоқымашылар ретiнде, не болмаса қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптермен кестелеп тоқушылар ретiнде әрқилы бұйымдарды әсем тоқып, күрделi жобаларды ойлап шығарып, жүзеге асыра алады.
1Ендеше Беселиел, Аһолияп және Жаратқан Ие киелi шатырды дайындап, тұрғызып, жабдықтаудың бүкiл жұмысын iске асыруға ақыл-парасат пен қабiлет дарытқан барлық басқа шеберлер де Оның тапсырғандарын түгелдей жасап шығарсын.
2Осылайша Мұса Беселиел мен Аһолияпты да, Жаратқан Ие ақыл-парасат пен шеберлiк дарытқан, шын жүректен келiп, жұмыс iстеуге тiлек бiлдiрген тағы басқалардың бәрiн де жұмыстарына кiрiсуге шақырды.
3Олар Мұсадан исраилдiктердiң киелi шатырға арнап әкелген сый-тартуларының барлығын қабылдап алды. Бұдан кейiн де халық күн сайын ертеңмен Мұсаға өз ерiктерiмен сый-тартулар әкелiп жатты.
4Сонда киелi шатырды дайындап жатқан шеберлер жұмыстарын тастап, Мұсаның алдына барып:
5— Халық Жаратқан Ие тапсырған iске қажеттi заттарды мөлшерден тыс әкелiп жатыр, — дедi.
6Мұса жарлық шығарып, оны ел қонысына таратқызды:
— Бұдан былай бiрде-бiр еркек не әйел киелi шатырға арнап заттар дайындап жасамасын!
Осылай исраилдiктер тарту әкелулерiн тоқтатты.
7Өйткенi олардың осыған дейiн әкелгендерi барлық жұмыстарды атқаруға жетiп, тiптi қажеттi мөлшерден артылып жатты.
Киелi шатырды құруға қажеттi заттардың жасалуы
8Сонымен күллi дарынды шеберлер бiрiгiп жұмыс iстеп, киелi шатырды құруға қажеттi заттарды жасап дайындады. Олар жiңiшке зығыр және қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн жiптерден шатырдың он жабынын тоқыды. Солардың бетiне керубтердiң бейнелерi шеберлiкпен кестелендi.
9Барлық жабындардың көлемi бiрдей едi: ұзындығы жиырма сегiз, енi төрт шынтақ.
10Шеберлер Беселиелдiң басшылығымен жабындарды бес-бестен қатарластыра бiрiктiрiп тiгiп шықты.
11Осылай бiрiктiрiлген екi жапқышты бiр-бiрiне қосу үшiн олар әрқайсысының бiр жақ шетiне қара көк жiптен баулық сияқты елу iлгектен дайындап бекiттi.
12Мұнан кейiн шеберлер екi жапқыштың жиегiндегi елу-елуден жасалған iлгектердi бiрдей қашықтықта бiр-бiрiне тұспа-тұс келтiрдi.
13Алтыннан елу iлмек шығыршық жасалып, солармен жапқыштың екi жартысы бiрiктiрiлдi. Осылайша киелi шатыр бiртұтас жапқышпен жабылатын болды.
14Шатыр төбесiн жабу үшiн түбiттен тағы он бiр жабын тоқылды.
15Барлық он бiр жабынның көлемi бiрдей едi: ұзындығы отыз, енi төрт шынтақ.
16Шеберлер бес жабынды бiр бөлек, келесi алты жабынды бiр бөлек қатарластыра бiрiктiрiп тiктi.
17Осылай бiрiктiрiлген екi жапқышты бiр-бiрiне қосу үшiн әрқайсысының бiр жақ шетiне баулық сияқты елу iлгектен дайындалып бекiтiлдi.
18Қоладан елу iлмек шығыршық жасалды. Iлгектер солармен бекiтiлiп, шатырдың төбесi осы бiртұтас жапқышпен жабылатын болды.
19Содан кейiн шеберлер киелi шатырды жабу үшiн қызарта боялған қошқар терiлерiнен де бiр жапқыш қапты және оның үстiнен жабуға борсық терiлерiнен тағы бiр жабынды бiрiктiрiп тiктi.
20Шатырдың қабырғалары үшiн ақ қараған ағашынан тiк тұрғызылатын қырлы бөренелер дайындалды.
21Әр бөрененiң ұзындығы он, енi бiр жарым шынтақ болды.
22Әрқайсысының табанында қатар тұрған екi шошақ тығыннан бар едi. Беселиел күллi бөренелердi осылай жасатты.
23-26 Шатырдың оңтүстiк пен солтүстiк бүйiр қабырғалары үшiн жиырма бөренеден және олардың табандары үшiн қырық күмiс тағаннан жасалды: әр бөрененiң екi шошақ тығыны үшiн қос тағаннан дайындалды.
27Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшiн алты бөрене
28және оның бұрыштары үшiн тағы екi бөренеден жасалды.
29Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейiн жұпталып, бiр шығыршығы бар жоғарғы жақта бiрiктiрiлдi. Беселиел екi бұрыш үшiн де осылай iстеттi.
30Сонымен барлығы сегiз бөрене болды. Олар үшiн әрбiреуiне екi-екiден он алты күмiс таған дайындалды.
31-32 Беселиел ақ қараған ағашынан киелi шатырдың оңтүстiк, солтүстiк және батыс қабырғалары үшiн көлденең бес сырықтан жасатты.
33Ал ортаңғы сырықтар бөренелердiң ортасынан өтiп, қабырғаның бiр басынан келесi басына дейiн жететiн болды.
34Бөренелер, сырықтар және бұларды өткiзетiн шығыршықтар алтынмен қапталды.
35Қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден шымылдық тоқылып, бетiне керуб деген күзетшi перiштелердiң бейнелерi кестелендi.
36Шеберлер ақ қарағаннан төрт бағана дайындап, алтынмен қаптап, оларға алтын iлгiштер орнатты. Бағаналар үшiн төрт күмiс таған құйып жасады.
37Киелi шатырдың кiре берiсiне де арнап қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден шымылдық тоқылды.
38Оны iлiп қою үшiн iлгiштерi бар бес бағана жасалды. Бағаналардың үстiңгi иықтарын және шымылдық iлiнетiн сырықтар алтынмен қапталды. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйылып дайындалды.
1Содан кейiн Беселиел ақ қараған ағашынан келiсiм сандығын жасатты. Ұзындығы екi жарым, ал енi мен биiктiгi бiр жарым шынтақтан болды.
2Сандықтың iшi-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуi айналдыра алтынмен әшекейленiп жиектелдi.
3Сандық үшiн төрт алтын шығыршық құйылды. Олар төменгi төрт бұрышына: екеуi бiр жақ бүйiрiне, қалған екеуi қарама-қарсы бүйiрiне арналған едi.
4Мұнан кейiн Беселиел ақ қарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптатты.
5Сандықты көтерiп алып жүру үшiн сырықтарды оның екi бүйiрiндегi шығыршықтардан өткiздiрiп қойды.
6Қақпақты ұзындығы екi жарым, енi бiр жарым шынтақ етiп саф алтыннан жасатты.
7-8 Қақпақтың екi жақ шетiне керуб деген күзетшi перiштелердiң екi мүсiнiн алтыннан нақыштап соққызып жасатты. Олар қақпақпен бiрге бiртұтас алтыннан нақышталып соғылды.
9Керуб мүсiндерi жоғары жайған қанаттарымен қақпақты көлегейлеп, беттерiн бiр-бiрiне бағыттап, қақпаққа қарап тұрды.
Нан тартулары қойылатын үстел
10Беселиел ақ қарағаннан ұзындығы екi, енi бiр, биiктiгi бiр жарым шынтақ үстел де жасатты.
11Ол саф алтынмен қапталып, жақтауы да айналдыра алтынмен нақышталып қапталды.
12Шеберлер үстелдiң бетiн айналдыра төрт елi бойы ернеумен жиектеп, соны да алтынмен нақыштап қаптады.
13Мұнан кейiн олар төрт алтын шығыршық құйып, соларды үстелдiң аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекiттi.
14-15 Үстелдi көтерiп алып жүруге арналған сырықтар өткiзiлетiн шығыршықтар жақтауларға жақын орнатылды. Сырықтар ақ қарағаннан жасалып, алтынмен қапталды.
16Үстелдiң қажеттi бұйымдары: аяқ-табақтары мен табалары және құйылып ұсынылатын сый-тартуларға арналған құмыралары мен тостағандары саф алтыннан жасалды.
Жетi шырақты шам қойғыш
17Беселиел саф алтыннан шам қойғыш та жасатты. Соның тұғыры мен дiңгегi, мүсiнделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары мен бүршiктерi түгел бiртұтас алтыннан нақышталып соғылды.
18Дiңгегiнен екi жағына үш-үштен алты тармақ шығып тұрды.
19-20 Әр тармақта шар тәрiздi үш бүршiктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлiнен болды. Ортадағы дiңгекте де дәл осындай төрт алтын бадам гүлi болды.
21Бұл гүлдердiң бүршiктерi екi жаққа созылған үш жұп тармақтың дiңгектен шыққан жерлерiнiң астыңғы жағында орналасқан едi.
22Тармақтарымен, бүршiктерiмен бiрге шам қойғыш түгелдей бiртұтас саф алтыннан нақышталып соғылып жасалды.
23Беселиел шам қойғыштың жетi май шамын, қысқаштары мен күрекшелерiн де саф алтыннан жасатты.
24Шам қойғыш пен қажеттi құрал-жабдықтары үшiн екi пұт алтын жұмсалды.
Хош иiстi заттарды түтету үстелi
25Беселиел шеберлерге ақ қараған ағашынан хош иiстi заттарды түтету үстелiн де жасатты. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен енi бiр, биiктiгi екi шынтақтан болды. Үстел (жоғарғы жағындағы төрт бұрышынан) мүйiз сияқты шығып тұрған шошақтарымен бiртұтас жасалды.
26Үстелдiң бетi, бүкiл жақтаулары және шошақтары да саф алтынмен қапталып, бетi айналдыра алтын ернеумен жиектелдi.
27Ернеудiң астына, үстелдiң қарама-қарсы екi жағына екi-екiден алтын шығыршықтар орнатылды. Соларға үстелдi көтерiп алып жүруге арналған сырықтар кiргiзiлдi.
28Сырықтар ақ қараған ағашынан жасалып, алтынмен қапталды.
29Адамдар мен заттар киелi шатырдағы қызметке бағышталған кезде оларға май жағу рәсiмiн жасауға арналған май да, түтетiлетiн хош иiстi заттардың таза қоспасы да дайындалды.
1Беселиел мұнан кейiн шалынған құрбандықтар түгелдей өртелетiн үстелдi ақ қараған ағашынан жасатты. Үстел төрт бұрышты, ұзындығы мен енi бес, биiктiгi үш шынтақтан едi.
2Төрт бұрышынан мүйiз тәрiздi шығып тұрған төрт шошақ үстелмен бiртұтас болды. Үстел соңынан қоламен қапталды.
3Оның мына құрал-саймандарының бәрi қоладан жасалды: күлсалғыштар, қалақтар, (қан бүркуге арналған) тостағандар, шанышқылар және шоқ салатын табалар.
4Ұсталар отқа арналған торды да қоладан жасады. Оны үстел қабырғаларының ортасына дейiн жететiндей етiп астынан, iшкi жағынан орналастырды.
5-7 Олар қола шығыршықтар құйып, соларды қола тордың төрт бұрышына бекiттi. Ақ қарағаннан жасалып, қоламен қапталған сырықтар сол шығыршықтарға кiргiзiлдi. Құрбандық үстелiн көтерiп алып жүрген кезде сырықтар оның екi бүйiрiнде болды. Осылай үстел қоламен қапталған тақтайлардан iшi қуыс етiлiп құрастырылды.
Тазару рәсiмiне арналған қазан және шатыр ауласы
8Киелi шатырдың кiре берiсiнде қызмет атқаратын әйелдер қола айналарын Тәңiр жолына бағыштаған болатын. Сол айналардан тазару рәсiмiне арналған қола қазан мен оның қола тұғыры жасалды.
9-11 Мұнан кейiн Беселиел киелi шатырдың ауласын жiңiшке зығыр жiптен тоқылған перделермен қоршатты. Ауланың оңтүстiк және солтүстiк жақтарының ұзындығы жүз шынтақтан болды. Осы екi жақтың перделерiн iлiп қою үшiн жиырма қола тағанға орнатылған жиырма бағанадан және сол бағаналарды байланыстыратын күмiс iлгiштер мен сырықтар жасалды.
12Ауланың батыс жағының ұзындығы елу шынтақ болып, перде он тағанға орнатылған он бағанаға iлiнiп қойылды. Солардың да күмiс iлгiштерi мен сырықтары бар едi.
13Ауланың кiре берiсi орналасқан шығыс жағы да елу шынтақ болды.
14-15 Кiре берiстiң екi жағындағы перделердiң ұзындығы он бес шынтақтан едi. Әр перде үш тағанға орнатылған үш бағанаға iлiндi.
16Аула айналасындағы барлық перделер жiңiшке зығыр жiптен тоқылды.
17Бағаналардың үстiңгi иықтары күмiспен қапталды. Бағаналарға арналған тағандар қоладан құйылып, iлгiштер мен перделер iлiнетiн сырықтары күмiстен жасалды. Бүкiл бағаналар бiр-бiрiмен сол күмiс сырықтар арқылы байланыстырылды.
18Ал аула кiре берiсiнiң пердесi қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден түрлi өрнектермен кестеленiп тоқылды. Оның ұзындығы жиырма шынтақ, биiктiгi аула перделерiнiкi сияқты бес шынтақ едi.
19Қола тағанға орнатылған төрт бағана күмiс iлгiштерiмен, сырықтарымен бiрге дайындалды. Перде соларға iлiнетiн болды. Бағаналардың үстiңгi иықтары күмiспен қапталған едi.
20Ауланы қоршаған бағаналар мен шатырдың өзiн бекiтуге қажеттi күллi қазықтар қоладан жасалды.
Жұмсалған заттардың мөлшерi
21Киелi шатырды дайындауға жұмсалған заттардың есебi төменде берiлген. Есептi Мұсаның бұйрығы бойынша дiни қызметкер Һарон ұлы Iтамардың басшылығымен леуiлiктер жүргiздi.
22Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы, Һұр немересi Беселиел Жаратқан Иенiң Мұсаға тапсырғандарының бәрiн де жүзеге асырды.
23Оның көмекшiсi Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияп болды. Ол зергер, өрнектер ойлап шығаратын көркемдеушi, сондай-ақ қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптермен кесте тоқитын тоқымашы едi.
24Жаратқан Иеге тербеп ұсынылған тартулардан киелi шатырдың күллi жұмыстарына жұмсалған алтынның барлық мөлшерi жиырма тоғыз ат басындай және жетi жүз отыз ресми мысқал болды.
25Қауымның санаққа енгендерiнен жиналған күмiс мөлшерi бiр мың жетi жүз жетпiс бес ресми мысқал болды.
26Санаққа енген, жастары жиырмаға толған не одан асқан барлығы алты жүз үш мың бес жүз елу ер адам едi. Олардың әрбiреуi бiр бекадан күмiс бердi. Бека — ресми мысқалдың жарты мөлшерi.
27Жүз ат басындай күмiс киелi шатыр мен перделерге арналған бағаналардың жүз тағандарын құюға кеттi, әр тағанға бiр ат басындай күмiстен.
28Бiр мың жетi жүз жетпiс бес мысқал күмiс бағаналардағы iлгiштер мен сырықтарды жасап, бағаналардың үстiңгi иықтарын қаптауға жұмсалды.
29Тәңiрге тербеп ұсынылған қола тартудың салмағы жетi жүз ат басындай және екi мың төрт жүз мысқал болды.
30Осы қоладан киелi шатырдың кiре берiсiндегi бағаналардың тағандары, құрбандық үстелi мен оған қажеттi құрал-саймандар жасалды.
31Сонымен қатар киелi шатырдың ауласының айналасы мен кiре берiсiндегi бағаналардың тағандары, шатырдың өзiнiң және күллi ауласының бағаналарын бекiтуге қажеттi күллi қазықтары да сол қоладан жасалды.
1Шеберлер дiни қызметкерлердiң киелi шатырдағы қызмет еткенде киетiн киiмдерiн қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн жiптерден тоқып дайындады. Олар Һаронның мына арнайы киiмдерiн де Жаратқан Иенiң Мұсаға бұйырғанындай етiп жасады.
2(Ефод деп аталған) жеңсiз сырт киiм алтын талшықтардан, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден тоқылды.
3Бұл үшiн шеберлер алтыннан балғамен соғып жұп-жұқа тегiс қабықшалар дайындап, соларды талшықтар етiп қиып, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және зығыр жiптермен бiрге кестелеп тоқу үшiн иiрдi.
4Сырт киiмнiң алдыңғы, артқы бөлiктерiнiң жоғарғы жақтарын бiр-бiрiмен байланыстырып тұратын екi иық жапсырмалары да жасалды.
5Сырт киiмдi байлап тұратын белбеу де дәл киiмнiң өзi сияқты алтын талшықтармен, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптермен Жаратқан Иенiң Мұсаға тапсырғанындай кестеленiп тоқылды.
6Оникс тастары әшекейлi алтын жиектемелерге қондырылып, олардың бетiне мөр жасайтын зергерлiк мәнермен Исраил руларының аттары ойылып жазылды.
7Жиектемелерге қондырылған осы екi тас Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай сырт киiмнiң иық жапсырмаларына бекiтiлдi, олар Исраил халқын рақыммен ескере гөр деген өтiнiштi бiлдiретiн тастар болды.
8Кеуде қалта жеңсiз сырт киiм сияқты алтын талшықтармен, қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптермен кестеленiп тоқылды.
9Ол енi мен көлденеңi жарты шынтақтан төрт бұрышты екi қабат етiп дайындалды.
10Оған асыл тастар төрт қатарға тiзiле қадалды: бiрiншi қатарға рубин, топаз, изумруд,
11екiншiсiне лағыл, сапфир, алмас,
12үшiншiсiне жақұт, жүзақ, аметист,
13ал төртiншi қатарға хризолит, оникс, яспис тастары алтын жиектемелерге безендiрiле қондырылды.
14Асыл тастардың саны он екi болды, Исраилдiң әрбiр руы үшiн бiр тастан, әр тасқа бiр рудың аты мөрдегiдей ойылып жазылды.
15Шеберлер кеуде қалта үшiн саф алтын талшықтардан арқан тәрiздi ширатып шынжыр баулар өрдi.
16Олар алтыннан екi жиектеме мен екi шығыршық та жасап, соларды төс қалтаның жоғарғы екi бұрышына бекiттi.
17Өрiлген екi алтын шынжыр бауды осы алтын шығыршықтардан өткiзiп,
18қалған ұштарын иық жапсырмаларының үстiндегi оникс тастарының екi жиектемесiне бекiтiп, солармен алдыңғы жақтан байланыстырды.
19Шеберлер тағы екi алтын шығыршық жасап, оларды кеуде қалтаның төменгi екi бұрышына оның сырт киiмге қараған астыңғы жағынан бекiттi.
20Осындай басқа да екi алтын шығыршық жасалды. Олар жеңсiз сырт киiмнiң алдыңғы жағында оның артқы, алдыңғы бөлiктерiнiң түйiскен жерiне таман қолтықтың астынан, белбеудiң үстiнен бекiтiлдi.
21Бұл шығыршықтар қою күлгiн баулар арқылы қалтаның төменгi жағындағы шығыршықтармен байланыстырылды. Осылайша кеуде қалта орнынан қозғалмай, белбеудiң үстiңгi жағында берiк тұратын болды. Бұл Жаратқан Иенiң Мұсаға бұйырғанына сай едi.
Дiни қызметкерлердiң басқа киiмдерi
22Жеңсiз сырт киiмнiң iшiнен киетiн сырт көйлек қою күлгiн жүн жiптен тоқылды.
23Оның жоғарғы жағында бас сиятындай ойығы болды, ал тарқатылып кетпеуi үшiн ойықты айналдыра жаға iспеттi қаптама жасалды.
24-26 Сырт көйлектiң етегiн айналдыра қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жiңiшке зығыр жiптерден тоқылып жасалған анар жемiстерi, әрi олардың араларында кiшкене саф алтын қоңыраушалар кезекпен iлiнiп тұрды. Һарон киелi шатырда қызмет еткен кезде Жаратқан Иенiң Мұсаға бұйырғанындай етегiнде қоңыраушалар мен анарлар бар осы сырт көйлектi киiп жүруге тиiс едi.
27Һарон мен ұлдарына арнап бедерлi бәтестен ұзын көйлек тiгiлдi.
28Бәтестен сәлде мен өзге бас киiмдер де дайындалды. Ұзын көйлек бедерлi бәтестен тiгiлдi.
29Белбеу жiңiшке зығыр және қою күлгiн, күрең қызыл, ал қызыл түстi жүн жiптерден кестеленiп тоқылды. Бәрi де Жаратқан Иенiң Мұсаға бұйырғанындай болды.
30Саф алтыннан кiшкене тақташа жасалып, бетiне «Жаратқан Иеге бағышталған» деп мөрге ойылғандай ойылып жазылды.
31Алтын тақташа қою күлгiн баумен сәлдеге бекiтiлдi. Ол да Жаратқан Иенiң Мұсаға бұйырғанындай болды.
Мұсаның дайындалған заттарды тексерiп қабылдауы
32Сонымен Тәңiр Иемен кездесу шатырының бүкiл жұмыстары аяқталды. Исраилдiктер бәрiн де дәл Жаратқан Иенiң Мұсаға бұйырғанындай жасаған едi.
33Олар Тәңiрдiң жер бетiндегi тұрағы — киелi шатыр мен оның барлық бұйымдарын Мұсаға алып келдi. Әкелгендерi мыналар едi: шатырдың iлмек шығыршықтары мен iлгiштерi, бөренелерi мен сырықтары, бағаналары мен тағандары,
34қызарта боялған қошқар терiлерiнен жасалған төбе жапқышы мен борсық терiлерiнен жасалған жабыны; iшкi шымылдық;
35сырықтарымен, қақпағымен келiсiм сандығы;
36барлық қажеттi бұйымдарымен және үстiндегi нан тартуларымен үстел;
37шамдарымен, қосымша құрал-саймандарымен саф алтын шам қойғыш және жағуға қажеттi май;
38хош иiстi заттар түтетiлетiн алтын үстел, жағу рәсiмiне арналған май, түтетiлетiн хош иiстi заттар; шатырдың кiре берiсiндегi шымылдық;
39құрбандық өртейтiн қола үстел мен оның қола торы, сырықтары және барлық құрал-саймандары; тазару рәсiмiне арналған қазан астындағы тұғырымен;
40тағандарымен, бағаналарымен бiрге аулаға және оның кiре берiсiне арналған перделер; арқандар мен қазықтар, Тәңiрмен кездесетiн (жер бетiндегi) тұрағындағы қызмет үшiн қажеттi күллi бұйымдар;
41сондай-ақ киелi орында киiлетiн арнайы киiмдер — дiни қызметкер Һаронның және оның ұлдарының қызмет атқарған кездерiнде киетiн киiмдерi.
42Исраилдiктер бұл жұмыстардың бәрiн де Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай етiп орындаған едi.
43Мұса барлығын тексерiп қарағанда исраилдiктердiң оны дәл Жаратқан Иенiң тапсырғанындай етiп жасағандарына көзiн жеткiзiп, оларға батасын бердi.
1Бұдан кейiн Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
2Менiмен кездесуге арналған тұрағым — киелi шатырды бiрiншi айдың бiрiншi күнi құрғыз.
3Келiсiм сандығын шатырдың iшiне қойғызып, шымылдықпен көзден тасалат.
4(Нан тартулары қойылатын) үстелдi әкелдiрiп, оған қатысты нәрселердi орналастырт. Содан кейiн шам қойғышты кiргiзiп, үстiне шамдарын орнатқыз.
5Хош иiстi заттарды түтететiн алтын үстелдi келiсiм сандығының алдыңғы жағына қойғызып, киелi шатырдың кiре берiсiндегi шымылдықты iлгiз.
6Құрбандық үстелiн Менiмен кездесу шатырының кiре берiсiнiң алдыңғы жағына орналастырт.
7Тазару рәсiмiне арналған қазанды киелi шатыр мен құрбандық үстелiнiң екi ортасына қойдырып, iшiне су құйғыз.
8Шатырдың ауласын айналдыра пердемен қоршатып, оның кiре берiсiнiң пердесiн де iлгiзiп қой.
9Арнайы хош иiстi майдан алып, киелi шатырға және оның iшiндегi әрбiр нәрсеге аздап жақ. Осылайша шатырды және оның барлық бұйымдарын Маған бағыштап, киелi қыл.
10Мұнан кейiн құрбандық үстелi мен оның құрал-саймандарына да осы май жағу рәсiмiн жасап, үстелдi Маған бағышта, сонда ол ерекше киелi болады.
11Қазан мен оның тұғырына да аздап май жағып, оларды Маған бағышта.
12Содан кейiн Һарон мен ұлдарын Өзiммен кездесу шатырының кiре берiсiне алып келiп, сумен тазару рәсiмiнен өткiз.
13Һаронға арнайы киiмдерiн кигiзiп, май жағу рәсiмiн орындап, оны дiни қызметкерiм болуға Өзiме бағышта.
14Һаронның ұлдарын да жақындатып, ұзын көйлектерiн кигiз.
15Менiң дiни қызметкерлерiм болулары үшiн әкесiне жасағандай, оларға да май жағу рәсiмiн орында. Осы рәсiм орындалғанда өздерi де, келер ұрпақтары да дiни қызметкерлiкке мәңгiлiк тағайындалады.
16Мұса барлығын да дәл Жаратқан Ие өзiне бұйырғандай етiп жасады.
17Осылайша (халық Мысырдан көшiп шыққаннан кейiнгi) екiншi жылдың бiрiншi айының бiрiншi күнi Жаратқан Иенiң жер бетiндегi тұрағы құрастырылды.
18Мұса киелi шатырды құрған кезде оның тағандарын орын-орындарына қойғызып, бөренелерiн тұрғызып, сырықтарын кигiзiп, бағаналарын көтерттi.
19Мұнан соң киелi шатырдың үстiне жапқышын жайып, оның бетiне жабынын жапты. Мұның бәрi де Жаратқан Иенiң бұйрығына сай болды.
20Мұса он өсиет жазылған екi тас тақтайшаны алып келiп, келiсiм сандығының iшiне салды да, сандықтың шығыршықтарынан сырықтарды өткiздiрiп, оның үстiне қақпақты қойғызды.
21Содан кейiн келiсiм сандығын киелi шатырдың iшiне апарғызып, оның алдына арнаулы шымылдықты iлгiзiп, Жаратқан Ие бұйырғандай сонымен келiсiм сандығын көзден тасалатып қойды.
22Мұса арнайы нан үстелiн Жаратқан Иенiң әмiрi бойынша кездесу шатырының iшiне, оның солтүстiк бетiне, iшкi шымылдықтың бергi жағына орналастыртты да,
23үстiне Жаратқан Иеге бағышталған нан тартуларын қатарластыра жайғастыртты.
24Ал шам қойғышты кездесу шатырының оңтүстiк бетiне, нан үстелiне қарама-қарсы орналастыртып,
25үстiне шамдарды орнатқызып, Жаратқан Ие Өзiне бұйырғандай Оның алдына қойғызды.
26Мұнан кейiн (хош иiстi заттар түтетiлетiн) алтын үстелдi кездесу шатырының iшiне, iшкi шымылдықтың алдыңғы жағына қойғызып,
27Жаратқан Ие бұйырғандай үстiне хош иiстi заттарды түтеткiздi.
28Шатырдың кiре берiсiне сыртқы шымылдықты iлгiздi.
29Мұнан соң Тәңiрдiң тұрағы — кездесу шатырының кiре берiсiнiң жанына құрбандық үстелiн орнатып, Жаратқан Ие бұйырғандай оның үстiнде құрбандықтар мен астықтан ұсынылған сый-тартуларды өртетiп жiбергiздi.
30Қазанды шатыр мен құрбандық үстелiнiң ортасына орналастыртып, тазару рәсiмiн орындау үшiн iшiне су құйғызды.
31Мұса мен Һарон және оның ұлдары содан су алып, қол-аяқтарын жуатын болды.
32Кездесу шатырына кiрген немесе құрбандық үстелiне жақындаған сайын олар Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай осы тазару рәсiмiн орындап отырды.
33Ең соңында Мұса киелi шатыр мен құрбандық үстелiнiң айналасындағы ауланы қоршатқызып, оның кiре берiсiндегi перденi iлгiздi. Осылай Мұса барлық жұмыстарды аяғына дейiн жүзеге асырды.
Киелi шатырдың Жаратқан Иенiң салтанатына кенелуi
34Сонда кездесу шатырын (бағаналы) бұлт басып, Жаратқан Иенiң жер бетiндегi тұрағы Оның нұрлы салтанатына кенелдi.
35Мұса шатырға кiре алмады, себебi оны бұлт жауып, Жаратқан Иенiң тұрағы Оның нұрлы салтанатына бөлендi.
36Бұлт тұрақтан жоғары қарай көтерiлген кезде ғана исраилдiктер жолға жиналып, көштерiн жалғастыратын.
37Олар бұлт жоғары көтерiлмейiнше жолға шықпай, бұлттың көтерiлуiн күтетiн.
38Осылайша Жаратқан Иенiң бағаналы бұлты киелi шатыр үстiнде күндiз тұрып, түнде бұлт iшiнен от жанып, бәрiне де көрiнетiн. Исраил халқы мұны көшiп-қонып жүрген уақытының бәрiнде көрiп отырды.