Жазба туралы мәлiмет
Таураттың алғашқы жазбасы адамзаттың «Әлем қалай пайда болды? Бiз, адамдар, қайдан келдiк? Жер бетiнде не үшiн өмiр сүремiз? Нелiктен бұ дүниеде күнә мен азап бар?» деген түпкiлiктi сауалдарына жауап бередi.
Оның мақсаты физикалық және биологиялық майда-шүйдеге дейiн тәптiштеп баяндау емес, әлемнiң ұшы-қиыры жоқ кеңiстiктерiн, сондай-ақ тәнiмiздегi клеткалардың титтей құрылымын да жаратқанның Кiм екенiн бiлдiру. Көкейге қона қалатын әңгiмелер алғашқы адамдардың бастапқыда Құдаймен жақын байланыста тұрып, жаратылысқа үстемдiк жүргiзiп, бiр-бiрiмен тату-тәттi болғанын көрсетедi. Алайда қасиеттi Тәңiрдiң айтқанына қарсы шығып, күнә жасағандарының нәтижесiнде олар Оның қасынан қуылды. Бiрақ оларға үкiм шығарған кезде-ақ Құдай Тағала зұлымдықпен арандатушы әзәзiл шайтанды жеңiп, сол айқаста өз өмiрiн қиятын Құтқарушының бұ дүниеге келетiнiн алдын ала бiлдiрдi (3:15).
Осы Құтқарушының келуiне дайындық — жазбаның бұдан кейiнгi тарауларының және Киелi кiтаптың басқа бөлiмдерiнiң негiзгi тақырыбы. Адамдардың көпшiлiгi Жаратқан Иенi тыңдамай, ауыр күнәға батып жатқанда, кейбiреулерi ғана Оны мойындап, құрметтеушi едi. Солардың бiрi Алла Тағалаға кәмiл сенгендiгi үшiн көпке әйгiлi Ыбырайым пайғамбар болды. Тәңiр Ие оның өзi және ұрпағы арқылы барлық халықтарды да жарылқауды қалады (12:2-3). Ыбырайым мен оның үрiм-бұтағы күнәсыз пәк болмағанмен, олар Құдайға сенiп, күнәлары үшiн опық жегенде кешiрiлдi. «Жаратылыстың басталуының» соңында Ыбырайымның немересi Жақып он екi ұлына батасын берiп тұрып болашақтағы ұрпақтары және күндердiң күнiнде дүниеге келетiн Құтқарушы Мәсiх туралы пайғамбарлық сөз айтады (49:9-10).
Әлемнiң жаратылуы
1Әуел баста Құдай аспан мен жердi жаратты.
2Жер ретсiз, тiршiлiксiз бос жатты, суға толы тұңғиықтың үстiн қара түнек жауып тұрды. Ал Құдай Рухы су бетiнде қалықтап ұшып жүрдi.
3Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — дедi. Сөйтiп жарық пайда болды.
4Құдай жарықтың жақсы екенiн көрдi. Ол жарықты қара түнектен бөлiп,
5жарықты күн, ал қара түнектi түн деп атады. Кеш түсiп, таң атты, бұл бiрiншi күн едi.
6Содан кейiн Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөлiп тұратын әуе кеңiстiгi пайда болсын!» — деп бұйырды.
7Осылай Ол әуе кеңiстiгiн жасап, соның астындағы суды үстiндегi судан бөлдi. Солай болды да.
8Құдай әуе кеңiстiгiн аспан деп атады. Кеш түсiп, таң атты, бұл екiншi күн едi.
9Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бiр жерге жиналып, құрлық көрiнiп тұратын болсын!» — дедi. Бұл солай болды да.
10Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңiз деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенiн көрдi.
11Құдай ендi: «Жер жасыл өсiмдiктердi: тұқым шашатын өсiмдiктердi және дәнегi бар алуан түрлi жемiс ағаштарын өсiрiп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да;
12жер жасыл өсiмдiктердi: түрлерiне қарай тұқым шашатын өсiмдiктердi және дәнегi бар жемiс ағаштарын өсiрiп шығарды. Құдай жасағанына қарап, жақсы екенiн көрдi.
13Тағы да кеш түсiп, таң атты, бұл үшiншi күн едi.
14Сонан соң Құдай: «Аспанда күндiз бен түндi бiр-бiрiнен ажырататын, күндер мен жылдарды белгiлейтiн жарықтар орнасын!
15Олар жерге нұрын шашу үшiн аспанда жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да:
16Құдай үлкенiрегi күндiзге, кiшiрегi түнге билiк жүргiзетiн жарқыраған екi үлкен аспан денесiн, сонымен қатар жұлдыздарды да жаратты;
17жерге жарық түсiрiп, күндiз бен түндi билеп, жарықты қараңғыдан ажырату үшiн оларды
18аспан әлемiне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенiн көрдi.
19Тағы да кеш түсiп, таң атты, бұл төртiншi күн едi.
20Сонан соң Құдай: «Теңiздер, көлдер мен өзендер су жәндiктерiне толып, әуе кеңiстiгiнде құстар ұшып жүрсiн!» — деп бұйырды.
21Осылай Ол суды мекендейтiн алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндiктердiң барлық түрiн, сонымен бiрге қанаттыларды да түр-түрiмен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенiн көрдi.
22Оларға оң батасын берiп: «Өсiп-өнiп көбейiңдер, теңiздердi толтырыңдар, құстар да жер бетiнде көбейсiн!» — деп бұйырды.
23Тағы да кеш түсiп, таң атты, бұл бесiншi күн едi.
24Содан кейiн Құдай: «Жер әр қилы тiршiлiк иелерiн: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрiмен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да;
25Құдай аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрiмен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенiн көрдi.
26Құдай ендi: «Бiз Өзiмiзге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық. Олар теңiздегi балықтар мен аспандағы құстарға, малға, жабайы аңға, бүкiл жер бетiне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға иелiк етсiн!» — дедi.
27Осылайша Құдай адамды рухани жағынан Өзiне ұқсас етiп, бiрiн еркек, бiрiн әйел қылып жаратты.
28Оларға оң батасын берiп: «Өсiп-өнiп көбейiңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетiн толтырыңдар! Оны өздерiңе бағындырып, теңiздегi балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетiндегi барлық жануарларға иелiк етiңдер!» — дедi.
29Құдай оларға тағы тiл қатып: «Мен сендерге жер бетiндегi тұқым шашатын өсiмдiктердi және дәнегi бар жемiс ағаштарын түр-түрiмен бердiм, бұлар сендерге тамақ болсын.
30Ал жер бетiндегi барлық аңдарға, аспандағы күллi құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тiршiлiктiң лебi бар жануарлардың бәрiне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремiн», — дедi. Бұл солай болды да.
31Құдай Өзiнiң жасағандарының бәрiне қарап, өте жақсы екенiн көрдi. Тағы да кеш түсiп, таң атты, бұл алтыншы күн едi.
1Осылайша аспан мен жер және олардың рет-ретiмен орналасқан барлық бөлшектерi толықтай жаратылды.
2Құдай жарату жұмысын жетiншi күнi аяқтап, сол күнi жұмыс жасамай демалды.
3Жетiншi күнге оң батасын берiп, оны қасиеттi деп белгiледi. Себебi Ол бұл күнi Өзiнiң жарату жұмысының бәрiн бiтiрген соң тынықты.
Адам ата мен Хауа ананың пейiш бағындағы тамаша өмiрi
4Аспан мен жердiң жаратылғаннан кейiнгi тарихы мынау:
Құдай Ие жер мен аспанды жаратқан кезде
5жер бетiнде әлi де даланың бұталары мен өсiмдiктерi көктеп, өспеген болатын. Себебi Құдай Ие жерге жаңбыр жауғызбаған едi; оны өңдейтiн адам да жоқ болатын.
6Ал жер бетiнен бу көтерiлiп шығып, бүкiл даланы суландырды.
7Сонда Құдай Ие жердегi топырақтан адамды жасап, оның мұрнына тiршiлiк лебiн үрледi. Адам осылай тiрi жан болып шыға келдi.
8Құдай Ие шығыста, Едем деген жерге пейiш бағын орнатып, Өзi жасаған адамды сонда орналастырды.
9Сонан соң Құдай Ие көз тартарлық, жеуге жақсы жемiстер беретiн түрлi ағаштарды жерден өсiрiп шығарды. Бақтың ортасында «мәңгiлiк өмiрдi сыйлайтын ағаш» және «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» та өсiп тұрды.
10Бақты суландыратын үлкен өзен Едемнен ағып жатты, ол әрi қарай төрт өзенге бөлiнiп кететiн.
11Бiрiншiсi Пишон деп аталады, ол алтын шығатын бүкiл Хауила өлкесiн айналып ағады.
12Сол елдiң алтыны ерекше бағалы, онда хош иiстi шайыр мен оникс атты асыл тас та бар.
13Екiншi өзендi Гихон деп атайды, ол Құш өлкесiн айналып ағады.
14Үшiншi өзеннiң аты Тигр, ол Ассурдың шығыс жағынан өтедi. Төртiншi өзен — Евфрат.
15Құдай Ие пейiш бағын өңдеп, күтiп-бағу үшiн адамды сонда орналастырды.
16Оған бұйрық берiп: «Саған бақтағы күллi ағаштардың жемiстерiн жеуге болады.
17Бiрақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемiсiн жемейсiң! Себебi одан жеген кезде өлесiң», — дедi.
18Содан кейiн Құдай Ие: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзiне сай көмекшi жасап берейiн», — дедi.
19Құдай Ие жердегi барлық жануарлар мен жәндiктердi және аспандағы күллi құстарды топырақтан жасаған едi. Ендi оларды қалай атайтынын бiлу үшiн адамға алып келдi. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды.
20Сонымен адам малдарға, жабайы аңдар мен аспандағы құстардың бәрiне де өз аттарын қойды.
Ал Адамға өзiне сай көмекшi табылмады.
21Сонда Құдай Ие Адамды терең ұйқыға батырып, ұйықтап жатқанда оның бiр қабырғасын алып, орнын етiмен жауып тастады.
22Тәңiр Ие сол қабырғадан әйел жасап, оны Адамға алып келдi.
23Риза болған Адам былай дедi:
«Мiне, бұл — өз сүйегiмнен шыққан сүйек,
Өз етiмнен шыққан ет!
Ол әйел деп аталсын,
Себебi ол еркектен алынып жасалған».
24Сондықтан еркек әке-шешесiн тастап, әйелiне қосылады, сөйтiп екеуi бiртұтас болады.
25Адам мен оның әйелi жалаңаш едi, ал олар бұған ұялған жоқ.
1Құдай Ие жаратқан жабайы хайуанаттардың iшiндегi ең қуы жылан едi. Ол әйелге сұрақ қойып:
— Құдай сендерге бақтағы ешбiр ағаштың жемiсiн жемеңдер деп шынымен айтты ма? — дедi.
2Әйел жыланға:
— Жоқ, бiзге бақтағы ағаштардың жемiсiн жеуге болады.
3Бiрақ Құдай: бақтың ортасында тұрған ағаштың жемiсiн жемеңдер, тiптi оған тиiспеңдер, әйтпесе өлесiңдер деп айтқан болатын, — деп жауап бердi.
4Сонда жылан әйелге:
— Жоқ, тiптi де олай емес, өлмейсiңдер!
5Қайта, сендер осы жемiстi жеген кезде көздерiң ашылып, ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы бiледi, — дедi.
6Әйел ағаштың қасына барып, жемiсiнiң жеуге жақсы әрi көз тартарлық әдемi екенiн және өзiн ақылды етуге қызықтырып тұрғанын көрiп, жемiстi алып жедi. Оны қасындағы күйеуiне де бердi, ол да жедi.
7Сол кезде екеуiнiң көздерi ашылып, өздерiнiң жалаңаш екенiн бiлдi. Содан олар iнжiр ағашының жапырақтарын бiрiктiрiп тiгiп, алжапқыштар жасап алды.
8Күн батып, жел соққан кезде олар Құдай Иенiң бақ iшiнде жүрген дыбысын естiдi. Адам мен әйелi Оның көзiнен тасаланып, бақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды.
9Ал Құдай Ие Адамды дауыстап шақырып:
— Сен қайдасың? — дедi.
10Сонда ол:
— Сенiң бақта жүргенiңдi естiп, қорқып кеттiм. Себебi мен жалаңашпын, сондықтан жасырынып қалдым, — деп жауап бердi.
11Құдай Ие Адамнан:
— Саған жалаңашсың деп кiм айтты? Әлде Мен жеуге тыйым салған ағаштың жемiсiн жедiң бе? — деп сұрады.
12Ол:
— Қасыма Өзiң жiберген әйел маған сол ағаштың жемiсiн бердi, мен жедiм, — дедi.
13Құдай Ие әйелден:
— Сен неге олай iстедiң? — деп сұрады. Әйел:
— Менi жылан азғырған соң жедiм, — дедi.
14Сонда Құдай Ие жыланға үкiм шығарып:
— Осылай iстегенiң үшiн барлық мал мен жабайы аңдардың iшiндегi сенi қарғыс атты. Өмiр бақи жер бауырлап, топырақ жеп өт!
15Әйел екеуiңдi, сенiң ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестiрiп қоямын. Әйелдiң ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесiн шағатын боласың, — дедi.
16Ал әйелге Құдай мынаны айтты:
— Құрсақ көтерген кезiңде көретiн бейнетiңдi ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Сен күйеуiңе құштар боласың, ал ол саған билiгiн жүргiзедi.
17Адамға Құдай Ие былай дедi:
— Әйелiңнiң тiлiн алып, Мен тыйым салған ағаштың жемiсiн жеген сенiң кесiрiңнен жердiң топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмiр бақи бейнет шегiп топырақтан өсiрiп жейтiн боласың.
18Жердiң топырағы саған арам шөп пен тiкенектер қаулатып, сен даланың өсiмдiктерiмен қоректенетiн боласың.
19Өзiң жаратылған жердiң қойнына қайтып кiргенше, жейтiн наныңды маңдай терiңдi төгiп жүрiп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!
20Адам әйелiне Хауа (яки «Өмiр сүрушi») деген ат қойды. Себебi ол өмiр сүрушi адамзат атаулының түп анасы болатын болды.
21Құдай Ие Адам мен оның әйелiне хайуандардың терiлерiнен киiм жасап, оларды киiндiрдi.
22Сонан соң былай дедi: «Мiне, адам ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн бiлiп, Бiз сияқты болды. Ендi ол қолын созып, мәңгiлiк өмiрдi сыйлайтын ағаштың жемiсiн алып жеп, мәңгi өмiр сүрiп жүрмесiн».
23Сонымен Құдай Ие адамды пейiш бағынан қуып шығып, оған өзi жаратылған жердiң топырағын өңдетiп қойды.
24Адамды қуып шыққаннан кейiн, мәңгiлiк өмiрдi сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшiн пейiш бағының шығыс жағына керуб деген перiштелердi және жүзiнен от шашып, әрi-берi қозғалып жарқылдап тұрған бiр семсердi қойды.
1Адам әйелiмен жақындасқан соң оның бойына бала бiтiп, Қабылды туды. Сонда Хауа: «Жаратқан Иенiң жарылқауымен дүниеге ер бала әкелдiм», — дедi.
2Бұдан кейiн оның iнiсi Әбiлдi туды.
Әбiл мал бағушы, ал Қабыл жердiң топырағын өңдейтiн егiншi болды.
3Бiраз уақыт өткен соң, Қабыл Жаратқан Иеге арнап жерден жинап алған өнiмiнен тарту ұсынды.
4Әбiл де малының алғашқы төлдерiнен әкелiп, құрбандыққа шалып, ең майлы, семiз жерлерiн тарту еттi.
5Жаратқан Ие Әбiлге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады, бiрақ Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады. Бұған Қабыл қатты ашуланып, қабағын түйiп безерiп алды.
6Сонда Тәңiр Ие Қабылға:
— Сен неге ашуланасың? Неге қабағыңды түйiп безересiң?
7Егер iстегенiң дұрыс болса, онда сенi қабылдар едiм. Ал iстегенiң дұрыс болмаса, онда босағаңды күнәның жағалағаны: күнә сенi иемденуге құштар, бiрақ сен оған жол бермеуiң керек, — деп сөзiн арнады.
8Алайда Қабыл iнiсi Әбiлге: «Далаға барайық», — дедi. Олар далаға шыққан соң, Қабыл iнiсiн бас салып, ұрып өлтiрдi.
9Кейiн Жаратқан Ие Қабылдан:
— Iнiң Әбiл қайда? — деп сұрады. Ол:
— Бiлмеймiн; мен iнiмнiң күзетшiсi ме едiм? — деп жауап қайырды.
10Тәңiр Ие:
— Сен не iстедiң? Iнiңнiң төгiлген қаны Маған жерден үн қатып, кегiн алуды сұрап тұр!
11Сенi қарғыс атқан! Ендi өз қолыңмен өлтiрген iнiңнiң қаны сiңген жердiң топырағынан аулақ жүресiң.
12Сен оны өңдегенде, түк өнiм ала алмайсың. Сондықтан жер бетiнде тұрағы жоқ кезбеге айналасың, — дедi.
13Қабыл жауап берiп:
— Менiң алған жазам көтере алмастай ауыр.
14Бүгiн менi егiндiк жерден қуып отырсың, Сенiң көзiңнен таса жүретiн боламын. Жер бетiнде тұрағы жоқ кезбеге айналамын. Кiм кездессе, сол менi өлтiретiн болады, — дедi.
15Бiрақ Жаратқан Ие:
— Жоқ, Қабылды кiм өлтiрсе, содан жетi есе кек алынады, — дедi де, Қабылға кездескендер өлтiрiп қоймау үшiн оған белгi салып бердi.
16Ал Қабыл Жаратқан Иенiң көз алдынан кетiп, Едемнiң шығысында орналасқан Нод (яғни «Кезбелiк») деген жерге қоныстанды.
Қабылдың ұрпақтары
17Қабыл әйелiмен жақындасып, оның бойына бала бiтiп, Енохты туды. Кейiн Қабыл қала салып, оған ұлының атын қойды.
18Ал Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел, Мехуелден Метушаил, Метушаилдан Ләмех дүниеге келдi.
19Ләмех екi әйел алды, бiреуiнiң есiмi Ада, екiншiсiнiкi Зилла едi.
20Ададан Ябал туды. Шатырларда тұрып, мал баққандар содан тарады.
21Оның iнiсiнiң аты Юбал едi. Ол iшектi аспаптар мен сыбызғыда ойнаушылардың түп атасы болды.
22Зилланың да Тұбалқабыл есiмдi бiр ұлы болатын. Ол мыс пен темiрден әр түрлi құрал-жабдықтарды жасап шығарды. Тұбалқабылдың қарындасының аты Нағима едi.
23Ләмех әйелдерiне тiл қатып: «Әй, Ада мен Зилла, Ләмехтiң әйелдерi, менi тыңдап, сөзiме құлақ түрiңдер! Менi жаралағаны үшiн бiр еркектi, денемдi көгерткенi үшiн бiр жас жiгiттi өлтiрдiм.
24Қабыл үшiн жетi есе кек алынатын болса, Ләмех үшiн жетпiс жетi есе кек алынатын болады», — дедi.
Сет пен Енос
25Адам ата әйелiмен тағы да жақындасқан соң, Хауа ұл туып, оның атын Сет (яғни «Сыйланған») деп қойды. Себебi ол: «Қабыл Әбiлдi өлтiрген соң, Құдай маған оның орнына басқа бiр ұл сыйлады», — дедi.
26Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды.
Сол кезден адамдар Жаратқан Иеге сиына бастады.
1Мынау Адам атаның ұрпақтарының тарихы:
Құдай адамды жаратқанда, оны Өзiне рухани жағынан ұқсас етiп жаратқан болатын.
2Адамдарды бiрiн еркек, бiрiн әйел қылып жаратып, сол күнi батасын берiп, «Адам» деген ат қойды.
3Адам ата жүз отыз жасқа келгенде өзiне ұқсас бiр ұлды болып, оған Сет деп ат қойды.
4Сет туғаннан кейiн, Адам ата сегiз жүз жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
5Адам ата барлығы тоғыз жүз отыз жыл өмiр сүрiп, қайтыс болды.
6Сет жүз бес жасқа келгенде ұлы Енос туды.
7Бұдан кейiн Сет сегiз жүз жетi жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
8Сет барлығы тоғыз жүз он екi жыл өмiр сүрiп, дүниеден қайтты.
9Енос тоқсан жасқа келгенде Қайнанды дүниеге келтiрдi.
10Қайнан дүниеге келгеннен кейiн Енос сегiз жүз он бес жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қызды болды.
11Енос барлығы тоғыз жүз бес жыл өмiр сүрiп, дүниеден қайтты.
12Қайнан жетпiс жасқа келгенде Мақалалел туды.
13Бұдан соң Қайнан сегiз жүз қырық жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтiрдi.
14Қайнан барлығы тоғыз жүз он жыл өмiр сүрiп, қайтыс болды.
15Мақалалел алпыс бес жасқа келгенде Иәрет туды.
16Иәрет туғаннан кейiн Мақалалел сегiз жүз отыз жыл өмiр сүрiп, басқа ұл-қыздарға әке болды.
17Мақалалел барлығы сегiз жүз тоқсан бес жыл өмiр сүрген соң қайтыс болды.
18Иәрет жүз алпыс екi жасқа келгенде Енохты дүниеге келтiрдi.
19Бұдан соң Иәрет сегiз жүз жыл жасап, басқа да ұл-қызды болды.
20Иәрет барлығы тоғыз жүз алпыс екi жыл өмiр сүрiп, дүниеден қайтты.
21Енох алпыс беске келгенде Мәтусала туды.
22Мәтусала дүниеге келген соң, Енох үш жүз жыл бойы Құдаймен тығыз байланыста болып, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
23Ол барлығы үш жүз алпыс бес жыл өмiр сүрдi.
24Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрдi. Кейiн Ол жер бетiнен ғайып болды, себебi Құдай оны Өзiне алып кеткен едi.
25Мәтусала жүз сексен жетi жасқа келгенде Ләмех туды.
26Ләмех туған соң, Мәтусала жетi жүз сексен екi жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қызды болды.
27Мәтусала барлығы тоғыз жүз алпыс тоғыз жыл өмiр сүрiп, дүниеден өттi.
28Ләмех жүз сексен екi жасқа келгенде ұлды болды.
29Оған Нұх деп ат қойып: «Ол Жаратқан Иенiң қарғысына iлiккен жерде бейнетпен жұмыс iстеп жүрген бiзге жұбатушы болады», — дедi.
30Нұх туғаннан кейiн, Ләмех бес жүз тоқсан бес жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтiрдi.
31Ләмех барлығы жетi жүз жетпiс жетi жыл өмiр сүрiп, қайтыс болды.
32Нұх бес жүз жасқа келген соң, Шам, Хам және Япшi деген ұлдарды дүниеге келтiрдi.
1Адамдар жер бетiнде көбейе бастап, қыздары да көптеп туылғанда,
2өздерiн Құдай ұлдарымыз деп есептейтiн билеушiлер адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенiн көрiп, таңдап алғандарына үйлене беретiн.
3Сонда Жаратқан Ие: «Бұдан былай Менiң Рухым адам үшiн арпалысқа түспейдi, себебi адам әбден бүлiнген. Сондықтан ол жүз жиырма жылдан артық өмiр сүрмесiн», — дедi.
4Сол кезде де, содан кейiн де өздерiн Құдай ұлдарымыз деп есептейтiн билеушiлер адамдардың қыздарымен жақындасып, олардан бұзақы алыптар туған болатын; бұлар өткен заманда ел танып бiлген батырлар едi.
5Жаратқан Ие жер бетiнде адамдар жасаған зұлымдықтардың тым зор екенiн көрдi: жүрек қалаулары бойынша iстегендерiнiң бәрi де жауыздыққа толы едi.
6Сонда Тәңiр жер бетiнде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлы болып кеткенiне қайғырып, қасiрет шектi.
7Сондықтан Ол: «Мен Өзiм жаратқан адамды да, онымен қоса малдарды, бауырымен жорғалаушыларды және аспандағы құстарды да жер бетiнен құртып жiбермекпiн. Өзiм жаратқандардың күнәкарға айналғандарына қайғырамын», — дедi.
8Жаратқан Иенiң рақымына Нұх қана ие болды.
9Мынау Нұхтың тарихы:
Нұх замандастарының арасында әдiл, мiнсiз, Құдаймен байланысып өмiр сүрген адам едi.
10Нұхтың Шам, Хам және Япшi деген үш ұлы болды.
11Құдайдың көз алдында жер бетi бүлiнген үстiне бүлiне берiп, зұлымдыққа толды.
12Дүниенiң әбден бұзылғанына Тәңiр көзiн жеткiздi, себебi жер бетiндегi барлық адамдар азғындық өмiр кештi.
13Сонда Ол Нұхқа үн қатып, былай дедi: «Мен күллi тiршiлiк иелерiнiң өмiр сүруiн тоқтатамын. Жер бетi солардың кесiрiнен зұлымдыққа толды, сол себептi оларды жермен қоса құртып жiберемiн.
14Сен мықты ағаштан сандық тәрiздi кеме тұрғыз, оны бiрнеше бөлiмдерден тұратын етiп жасап, iшi-сыртын қара шайырмен майла.
15Оны былай жаса: ұзындығы үш жүз, енi елу, биiктiгi отыз шынтақ болсын.
16Кеменiң үстiне шатыр тұрғыз. Iшiн ойып, терезелер жаса, оларды ең жоғарғы жерiнде бiр шынтақ етiп айналдыра орналастыр. Ал есiгiн бүйiрiнен шығар. Кеменiң төменгi, ортаңғы, жоғарғы қабаты болсын.
17Бiлiп ал: Мен аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрiн құрту үшiн жер бетiне топан су қаптатамын. Жер бетiндегiнiң барлығы құруға тиiс.
18Алайда сенiмен келiсiмiмдi жасамақпын. Өзiң де, ұлдарың, әйелiң және келiндерiң де кемеге кiресiңдер.
19Тiрi жануарлардың әрқайсысынан екi-екiден кемеге бiрге ала баруың керек, бiреуi еркек, бiреуi ұрғашы болсын.
20Тiршiлiктi жалғастыру үшiн құстардың, малдардың және бауырымен жорғалаушылардың әр түрiнен — барлығынан қос-қостан сенiмен бiрге iшке кiрулерi керек.
21Ал сен өзiңдi және оларды тамақтандыру үшiн жеуге жарайтын тағамдардың барлығынан қор жасап ал».
22Нұх барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай iстедi.
1Сонан кейiн Жаратқан Ие Нұхқа былай дедi: «Үй iшiңмен бiрге кемеге кiр! Себебi Мен сенiң замандастарыңның арасында әдiл екенiңдi көрдiм.
2Жер бетiндегi жануарлардың әр түрлерi өмiрлерiн жалғастыру үшiн, адал жануарлардың әрқайсысынан жетi жұптан ал.
3Арам жануарлардан екеуден ал, бiр еркек, бiр ұрғашы болсын және аспандағы құстардың әр түрiнен де жетi жұптан ал.
4Жетi күн өткен соң Мен жер бетiне қырық күн, қырық түн бойы жауын жауғызамын, жер бетiндегi Өзiм жаратқан жаны барлардың бәрiн жоқ қыламын».
5Нұх бәрiн де Жаратқан Ие бұйырғандай iстедi.
6Жер бетiн топан су қаптаған кезде Нұх алты жүз жаста едi.
7Ол өзiнiң ұлдары, әйелi және келiндерiмен жерге топан су жайылмас бұрын кемеге кiрiп алды.
8Жұпталып алынған адал және арам жануарлар, құстар мен жер бетiнде жорғалаушылардың барлығы бiр еркек, бiр ұрғашыдан
9Құдай Нұхқа бұйырғандай оның қасына кемеге кiрдi.
10Жетi күн өткеннен кейiн жер бетiн топан су жапты.
11Нұх алты жүз жасқа келгенде, екiншi айдың он жетiсiнде — дәл сол күнi терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрi аспан қақпалары айқара ашылып,
12жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр құйып тұрды.
13Ал Нұх, оның ұлдары Шам, Хам және Япшi, Нұхтың әйелi мен келiндерi сол күнi кемеге кiрген едi.
14Солармен бiрге жабайы аңдардың, малдардың, жер бетiнде бауырымен жорғалаушылардың және құстардың, қос қанаттылардың барлық түрлерiнен,
15яғни жаны барлардың бәрiнен де жұптасып Нұхтың қасына кемеге енгендер болды.
16Олар Құдай Нұхқа бұйрық еткендей, барлық аңдардан бiр еркек, бiр ұрғашы болып, iшке кiрдi. Содан кейiн Жаратқан Ие есiктi жауып тастады.
17Сонымен жер бетiн қырық күн бойы топан су қаптады, судың көтерiлгенi соншалықты, кеме қалқып жүрдi.
18Жер бетiнде су тiптен көбейiп асып-тасып кеттi, кеме судың үстiнде жүзiп жүрдi.
19Су жер бетiнде көбейiп, көтерiлген үстiне көтерiле бердi, тiптi аспан астындағы барлық биiк таулар да судың астында қалды.
20Су таулардың үстiн басып, жетi жарым метрге таяу биiктiкке көтерiлiп, олар су астында қалды.
21Сонда жер бетiнде қыбырлап жүрген күллi тiрi мақұлықтар: құстар, малдар, жабайы аңдар, жер бетiнде қаптап жүрген жәндiктер түгелiмен және барлық адамзат та суға батып кеттi.
22Осылайша құрғақ жердегi тiршiлiк атаулының иелерi түгел опат болып,
23жер бетiндегiнiң барлығы жойылды: адамнан бастап малға дейiн, бауырымен жорғалаушылардан бастап аспандағы құстарға дейiн бәрi де жер бетiнен құрып кеттi. Тек Нұхпен бiрге кеменiң iшiнде болғандар ғана аман қалды.
24Жүз елу күн бойы жер бетiнде су үздiксiз көтерiлумен болды.
1Құдай Нұхты және онымен бiрге кемедегi барлық жабайы аңдар мен малдарға мейiрiмдiлiк көрсетiп, жер бетiнде жел тұрғызды. Осылай су тартыла бастады.
2Тұңғиықтағы қайнар көздер бiтелiп, аспан қақпалары жабылып, жаңбыр басылды.
3Жер жүзiндегi судың бетi қайтып, жүз елу күн бойы су бiртiндеп тартыла бердi.
4Содан жетiншi айдың он жетiншi күнi болғанда, кеме Арарат тауының үстiне тоқтады.
5Су оныншы айға дейiн үздiксiз азайып, оныншы айдың бiрiншi күнi тау шыңдары көрiне бастады.
6Қырық күн өткенде Нұх кемеде өзi жасаған терезенi ашып,
7бiр құзғынды сыртқа ұшырып жiбердi. Құзғын жер бетiндегi су кепкенше келiп-кетiп ұшып жүрдi.
8Содан кейiн Нұх жер бетiндегi судың азайғанын тексеру үшiн бiр көгершiндi сыртқа ұшырып жiбердi.
9Бiрақ көгершiн қонақтауға орын таппай, кемеге қайта оралды, себебi жер бетiн әлi де су басып тұр едi. Нұх қолын сыртқа созып, көгершiндi қайтадан кемеге кiргiзiп алды.
10Жетi күн күте тұрып, тағы да сол көгершiндi кемеден ұшырып жiбердi.
11Көгершiн кешке қарай оған қайтып оралғанда, жаңа көктеген зәйтүн ағашының бiр жапырағын тұмсығына қыстырып ала келдi. Осылайша Нұх жер бетiндегi судың қайтқанын бiлдi.
12Дегенмен ол тағы жетi күн күттi, содан кейiн тағы бiр көгершiндi сыртқа ұшырып жiбердi. Бұл жолы көгершiн қайта оралмады.
13Нұхтың алты жүз бiр жасқа толған жылының бiрiншi айының бiрiншi күнi жер бетiндегi су тартылған едi. Нұх кеменiң шатырын ашып, жердiң кепкенiн көрдi.
14Екiншi айдың жиырма жетiншi күнi жер бетi мүлдем құрғап болды.
15Сол кезде Құдай Нұхқа былай дедi:
16«Әйелiң екеуiң кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келiндерiң де шықсын.
17Кемеде болған түрлi құстарды, малдарды және жер бетiнде жорғалап жүргендердi сыртқа алып шық, олар жер бетiн жайлап, өсiп-өнiп көбейсiн».
18Сонда Нұх ұлдары, әйелi және келiндерiмен бiрге кемеден шықты.
19Барлық аңдар мен малдар, құстар мен жер бетiнде жорғалаушылар түр-түрiмен, үйiрiмен түгел кемеден сыртқа шықты.
Құдайдың Нұхпен жасаған келiсiмi
20Нұх Жаратқан Иеге арнап құрбандық беретiн орын жасады да, малдың және құстың бәрiнiң адалынан алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жiбердi.
21Шалынған құрбандықтың жағымды иiсi Иемiзге жеткенде, Ол iштей мынадай ой түйдi: «Адамның iшкi ниетi бала кезден-ақ зұлымдыққа бейiм болса да, Мен бұдан былай еш уақытта жердi адамдарға бола қарғамаймын. Ендi ешқашан да Өзiм жасағандай барлық тiршiлiк атаулыны құртып жiбермейтiн боламын.
22Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта, тұқым себу мен егiн ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздiксiз бола бермек».
1Құдай Нұх пен оның ұлдарына былай деп бата бердi: «Өсiп-өнiп, ұрпақтарың көбейiп, жердi толтырыңдар.
2Сендердi көргенде, барлық жер бетiндегi аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстiнде қыбырлап жүргендер мен теңiздегi балықтарды үрей мен қорқыныш билесiн. Себебi олар сендердiң иелiктерiңе берiлдi.
3Қимылдап жүргендер мен кеудесiнде жаны барлардың бәрi сендерге қорек болады. Өсiмдiктердi бергенiм сияқты, қазiрден бастап сендерге бәрiн де беремiн.
4Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етiн жеушi болмаңдар, жаны қанында ғой.
5Ал егер сендердiң қандарың төгiлетiн болса, Мен сол үшiн есеп берудi талап ететiн боламын. Кез келген аңнан және кiсiден адамның өмiрi үшiн есеп берудi талап етемiн.
6Кiмде-кiм адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгiлетiн болады, себебi Құдай адамды Өзiне ұқсас етiп жаратты.
7Ал сендер өсiп-өнiп көбейiп, жер бетiн жайлаңдар».
8Құдай Нұхқа және оның ұлдарына тағы да үн қатып:
9«Осылай Мен сендермен, келешек ұрпақтарыңмен
10және сендердегi барлық тiрi мақұлықтармен: құстармен, малдармен, жабайы аңдармен, сендермен бiрге кемеден шыққан жер бетiндегi барлық жан-жануарлармен келiсiм жасаймын.
11Бұдан былай еш уақытта барлық тiршiлiк атаулы топан судан құрымайды және жердi бүлдiретiн топан су ешқашан қайтып болмайды деп, сендермен келiсiм жасаймын», — дедi.
12Мұнан соң Құдай тағы былай дедi: «Менiң сендермен және қастарыңда жүрген бүкiл тiршiлiк иелерiмен барлық болашақ ұрпақтар үшiн де жасаған келiсiмiмнiң белгiсi мынау:
13Мен садаққа ұқсас кемпiрқосағымды бұлтқа орнатамын, бұл — Менiмен жердiң арасындағы келiсiмнiң белгiсi.
14Мен жерге жаңбырдың бұлттарын жiбергенде, олардың арасынан кемпiрқосақ көрiнетiн болады.
15Сол кездерде Мен Өзiмнiң сендермен және барлық тiршiлiк иелерiмен жасаған келiсiмiмдi есiме түсiремiн: су бұдан былай ешқашан да барлық тiршiлiк иелерiн құртатын топан суға айналмайды.
16Бұлттың арасында тұрған кемпiрқосақты көрген сайын, Мен жер бетiндегi әр түрлi тiршiлiк иелерiмен мәңгiлiкке жасасқан келiсiмiмдi есiме аламын».
17Сонымен Құдай Нұхқа: «Бұл — Менiң жер бетiндегi барлық тiршiлiк атаулымен бекiткен келiсiмiмнiң белгiсi», — дедi.
Нұхтың ұлдары
18Кемеден шыққан Нұхтың ұлдарының есiмдерi: Шам, Хам, Япшi. Хам Қанаханның әкесi едi.
19Бұлар Нұхтың үш ұлы болатын, осылардан жер бетiндегi барлық халықтар тарады.
20Нұх жер өңдеп, жер бетiнде бiрiншi болып жүзiм ектi.
21Бiрде ол шарап iшiп, мас болып, шатырдың iшiнде жалаңаш жатты.
22Қанаханның әкесi Хам өз әкесiнiң жалаңаш денесiн көрiп, сыртқа шығып, оны екi бауырына хабарлады.
23Ал Шам мен Япшi бiр жамылғыны иықтарына iле салып, терiс қарап iшке кiрiп, әкелерiнiң денесiн жапты. Жүздерiн басқа жаққа бұрғандықтан, олар оның жалаңаш денесiн көрген жоқ.
24Нұх мастығынан айығып, оянғаннан кейiн, кiшi ұлының өзiн келеке еткенi туралы естiп,
25былай дедi:
«Қанаханды қарғыс атсын!
Ол ағайындыларының ең бейшара құлына айналсын!»
26Содан соң ол:
«Шамның Құдай Иесi мадақталсын!
Ал Қанахан Шамның құлы болсын!
27Құдай Япшiнiң өрiсiн кеңейтсiн,
Ол Шамның шатырларында тұрсын!
Ал Қанахан оның құлы болсын!» — дедi.
28Топан судан соң Нұх үш жүз елу жыл өмiр сүрдi.
29Нұх барлығы тоғыз жүз елу жыл өмiр сүрiп, қайтыс болды.
1Мынау Нұхтың ұлдары Шам, Хам және Япшiнiң үрiм-бұтақтарының тарихы: олардың ұлдары топан судан кейiн дүниеге келдi.
Япшiлер
2Япшiнiң ұлдарының аттары мынандай: Гомер, Магог, Мадай, Яуан, Тұбал, Мешех және Тирас.
3Гомердiң ұлдары мыналар: Ашкеназ, Рифат және Тоғарма.
4Яуанның ұлдары мыналар: Елиша, Тарсис, Кiттим және Доданим.
5Бұлардан әрқайсысы өз тiл ерекшелiктерiне, руларына қарай бөлiнген аралдарда, жағалауларда тұратын түрлi-түрлi халықтар тарады.
Хамның үрiм-бұтағы
6Хамның ұлдары мыналар: Құш, Мысраим, Пұт және Қанахан.
7Құштың ұлдары мыналар: Себа, Хауила, Сапта, Рахама және Саптеха. Рахаманың ұлдары мыналар: Шаба мен Дедан.
8Құштан Нымрод тарады, ол жер бетiндегi ең күштi әмiршiге айналды.
9Ол Жаратқан Иенiң көзiне түскен мықты аңшы болды; сондықтан да: «Мынау — Иенiң көзiне түскен Нымрод сияқты мықты аңшы екен», — деген мысал бар.
10Оның патшалығы Шинар жерiндегi Бабыл, Ерех, Аққад, Қална деген қалалардан басталатын едi.
11Ол осы жерден Ассурға келiп, Ниневи, Рехобот-Ир, Қалах деген қалаларды
12және Ниневи мен Қалахтың арасында орналасқан Ресен қаласын да тұрғызды. Бұл үлкен қала болатын.
13Мысраим болса, луд, анам, лехап, нафтух,
14патрус, қаслух және қаптор атты халықтардың түп атасы болған едi. Қаслухтықтардан фiлiстiрлер тарады.
15Қанаханның тұңғыш ұлы Сидон едi; содан кейiн Қанаханның ұрпақтарынан хет,
16ебус, амор, гергес,
17хев, арк, син,
18арва, цемар және хамат атты халықтар да тарады.
Кейiн қанахандықтардың рулары әрi қарай тарап кеттi.
19Қанахандықтар орналасқан аймақ Сидоннан басталып Герар арқылы Газаға дейiн, сонан соң Содом, Ғомора, Адма, Зебоимды орап өтiп, Лашаға дейiн созылып жататын.
20Бұлар руларына, тiл ерекшелiктерiне, тұрған жерлерiне, халықтар болып бөлiнуiне қарай орналасқан Хамнан тараған ұрпақтар едi.
Шамның үрiм-бұтағы
21Япшiнiң ағасы Шамнан да ұлдар туған. Шам Еберден тараған барлық ұрпақтардың түп атасы едi.
22Шамның ұлдары мыналар: Елам, Ассур, Арпақсат, Луд және Арама.
23Араманың ұлдары мыналар: Ұз, Хұл, Гетер және Маш.
24Арпақсаттан Шелах, Шелахтан Ебер туды.
25Еберден екi ұл туды: ол тұңғышына Пелек (яғни «Бөлiну»), деген ат қойды, өйткенi сол кезде жер бетi бөлiндi. Ал кенжесiнiң есiмi Жоқтан едi.
26Жоқтаннан Алмодат, Шалеф, Хазармабет, Жерах,
27Хадорам, Узал, Диқла,
28Обал, Абимаел, Шаба,
29Опыр, Хауила және Жобаб туды; бұлардың бәрi Жоқтанның ұлдары.
30Олардың тұрған жерлерi Мешадан бастап Сефар арқылы шығыста орналасқан тауға дейiн жететiн.
31Бұлар руларына, тiл ерекшелiктерiне, тұрған жерлерiне, халықтар болып бөлiнуiне қарай орналасқан Шамның ұрпақтары едi.
32Шығу тегiне, халықтар болып бөлiнуiне қарай орналасқан Нұхтың ұлдарының ұрпақтары — осылар. Олардан топан судан кейiн пайда болған халықтар жер бетiне тарап кеттi.
1Жер бетiндегi бүкiл адамзат бiр тiлдi, бiрдей сөздердi қолданды.
2Адамдар шығыста көшiп жүргенде Шинар жерiнде бiр жазық алқапты тауып, соған орналасты.
3Олар бiр-бiрiне: «Келiңдер, кiрпiш құйып, оны отқа күйдiрейiк!» — дедi де, тас орнына күйген кiрпiш, әк орнына қарамай алды.
4«Өзiмiзге қала және төбесi көкке жететiн зәулiм мұнара тұрғызайық. Осылайша өз атымызды шығарайық, сонда бiз жердiң түкпiр-түкпiрiне бытырап кетпеймiз», — дестi.
5Ал Жаратқан Ие көктен түсiп, адамдар тұрғызып жатқан қала мен мұнараға көз салды:
6«Олар бiртұтас халық болып, бiрдей тiлде сөйлеп, мынаны iстей бастады. Бұдан былай олар ойындағыларын жүзеге асырмай қоймайтын болады.
7Ендi Бiз жерге түсiп, бiрiн-бiрi түсiнбеулерi үшiн олардың тiлiн шатастырып жiберейiк», — дедi.
8Осылайша Жаратқан Ие оларды сол жерден бүкiл жер бетiне бытыратып жiберiп, қала құрылысын тоқтатты.
9Сондықтан қалаға Бабыл деп ат қойылды, өйткенi Жаратқан Ие сол жерде бүкiл әлемдегi тiлдi шатастырып, адамдарды жер бетiне бытыратып жiбердi.
Шамнан Ыбырайымға дейiнгi ұрпақтар
10Мынау Шамның ұрпақтарының тарихы:
11Сонан соң ол тағы бес жүз жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздары болды.
12Арпақсат отыз беске келгенде одан Шелах туды.
13Шелах туған соң, Арпақсат төрт жүз үш жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
14Шелах отызға келгенде одан Ебер дүниеге келдi.
15Ебер туғаннан кейiн де Шелах тағы төрт жүз үш жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
16Ебер отыз төрт жасқа келгенде одан Пелек туды.
17Пелек туғаннан кейiн де Ебер төрт жүз отыз жыл өмiр сүрiп, тағы да ұл-қызды болды.
18Пелек отыз жасқа келгенде одан Рәгу туды.
19Рәгу туған соң, Пелек екi жүз тоғыз жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтiрдi.
20Рәгу отыз екi жасқа келгенде одан Серук туды.
21Серук туған соң, Рәгу екi жүз жетi жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
22Серук отыз жасқа толғанда ұлы Нахор туды.
23Нахор туған соң, Серук екi жүз жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздары дүниеге келдi.
24Нахор жиырма тоғыз жасқа келгенде одан Тарах туды.
25Тарах туған соң, Нахор жүз он тоғыз жыл өмiр сүрiп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтiрдi.
26Тарах жетпiс жасқа толғаннан кейiн, одан Ыбырам, Нахор, Харан дүниеге келдi.
Тарахтың үрiм-бұтағы және оның Халдей елiнен Харанға көшiп келуi
27Мынау Тарах ұрпағының тарихы: Тарахтан Ыбырам, Нахор, Харан атты ұлдары дүниеге келдi. Хараннан Лут туды,
28ал Харан әкесi Тарахтың көзi тiрiсiнде Халдей елiнде өзi туған Ур қаласында дүние салды.
29Ыбырам мен Нахор үйленiп, Ыбырамның әйелi Сарай, ал Нахордың әйелi Мылқа болды, ол Ысқаның әкесi Харанның қызы едi.
30Сарай құрсақ көтермегендiктен Ыбырамның балалары болмады.
31Тарах өз ұлы Ыбырамды, немересi Лутты және келiнi Сарайды ертiп алып, Қанахан жерiне бару мақсатында бәрi бiрiгiп Халдей елiндегi Ур қаласынан жолға шықты. Алайда олар Харан аймағына келгенде сол жерде қоныстанып қалды.
32Тарах екi жүз бес жыл өмiр сүрiп, Харанда қайтыс болды.
1Жаратқан Ие Ыбырамға сөзiн арнап былай деп бұйырған едi:
— Сен елiңдi, туған-туысқандарыңды және әкеңнiң үйiн тастап, Мен өзiңе көрсететiн елге көш!
2Мен сен арқылы ұлы халық жасаймын,
Сенi жарылқаймын да атыңды шығарамын.
Менiң ақ батам сен арқылы басқаларға да жететiн болады.
3Саған ақ батасын бергендерге Мен де ақ батамды беремiн,
Ал кiм сенi қарғаса, соны Мен де қарғаймын.
Сен арқылы Мен жер бетiндегi барлық ұлттарды жарылқаймын.
4Сондықтан Ыбырам Жаратқан Иенiң айтуымен жолға шықты. Қасына Лут iлестi. Хараннан көшiп кеткен кезде Ыбырам жетпiс бес жаста едi.
5Осылайша Ыбырам әйелi Сарайды және туған iнiсiнiң баласы Лутты ертiп, бар жиған-тергендерi мен Харанда өздерi иемденген қызметшiлерiн де алып, сапарға шығып, Қанахан елiне барды.
6Ыбырам сол жердi кезiп, Сихем қаласының қасындағы алып емен ағашы өсiп тұрған Море деген жерге дейiн жеттi. Ол кезде бұл елдi қанахандықтар мекендеушi едi.
7Ал Жаратқан Ие Ыбырамға аян берiп: «Мен сенiң ұрпағыңа осы елдi сыйлаймын», — деп уәде еттi. Ыбырам сол жерде өзiне аян берген Тәңiр Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды.
8Содан соң ол Бетел қаласының шығыс жағындағы тауға қарай бет алып, батыс жақтағы Бетел қаласы мен шығыс жақтағы Ай қаласының ортасына шатырын тiктi. Сол жерде де Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызып, Оған сиынды.
9Сонан соң Ыбырам сапарын оңтүстiктегi Негев айдаласына қарай жалғастырды.
Ыбырам мен Сарайдың Мысырға көшiп баруы
10Бiрақ Қанахан елiн ашаршылық жайлап, Ыбырам бiраз тұра тұру мақсатымен Мысырға көшiп барды. Себебi аштық үдеп тұрған едi.
11Мысырға тақап қалғанда, ол әйелi Сарайға былай дедi:
— Сенiң керемет сұлу әйел екенiңдi жақсы бiлемiн.
12Мысырлықтар сенi көргенде: «Мынау оның әйелi» деп, саған бола менi өлтiрiп, ал сенi тiрi қалдырып, иемденiп жүрер.
13Маған да, саған да жақсы болсын, өз игiлiгiң үшiн де менi аман қалсын десең, өзiңдi «Ыбырамның қарындасымын» деп айтшы.
14Солай болды да: Ыбырам Мысырға келген соң мысырлықтар Сарайдың өте сұлу әйел екенiн байқады.
15Мысыр патшасы перғауынның сарайындағы ақсүйектер де әйелдi көрiп, перғауынға оның көркiн мақтап жеткiздi. Сонда перғауын оны өз сарайына алдыртты.
16Әйел үшiн Ыбырамға жақсылық жасап, оған молынан қой, сиыр, есек пен түйенi, құлдар мен күңдердi сыйлады.
17Бiрақ Жаратқан Ие Ыбырамның әйелi Сарайға бола перғауынға және оның үй iшiне жаман iндет жiбердi.
18Сонда перғауын Ыбырамды өзiне шақырып алып, оған: «Сен маған не iстедiң? Неге оның өз әйелiң екенiн айтпадың?
19Не үшiн оны қарындасым дедiң? Сол себептен де оны әйелдiкке алмақшы болдым. Әйелiң өзiңе, ал да кет», — дедi.
20Өз адамдарына Ыбырам жайында бұйрық берiп, олар оны әйелiмен және барлық иелiгiмен бiрге жолға шығарып салды.
1Сонымен Ыбырам әйелiмен, барлық иелiгiмен және қасындағы немере iнiсi Лутпен бiрге Мысырды тастап, солтүстiкке қарай, Қанаханның оңтүстiк аймағына жүрiп кеттi.
2Ыбырам малға, күмiс пен алтынға өте бай болатын.
3Ол оңтүстiк аймақтан шығып, Бетелге бағыт алып, жер-жердi аралап көшiп-қонып жүрдi. Осылайша Бетел мен Айдың ортасында орналасқан, өзi алғаш шатыр тiгiп,
4құрбандық беретiн орын тұрғызған жерге жетiп, Жаратқан Иеге сиынып тағзым еттi.
5Ыбыраммен бiрге көшiп-қонып жүрген Луттың да iрiлi-ұсақты малдары және шатырлары болды.
6Екеуiнiң мал-мүлiктерi көбейiп кеткендiктен бiр орынға қоныстануларына жер аздық жасап, олар ендi бiр жерде бiрiгiп тұра алмады.
7Сол себептi Ыбырам мен Луттың малшыларының арасында дау-жанжал туа бастады. Бұның үстiне сол кезде қанахандық және перездiк тайпалар да осы елдi мекендейтiн.
8Сонда Ыбырам Лутқа: «Екеу ара, сондай-ақ малшыларымыздың арасында да дау-жанжал туғызбай-ақ қояйық, ағайынды адамдармыз ғой.
9Бiр-бiрiмiзден бөлiнейiк, қалаған жерiңдi таңдап ал: сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа, сен оң жақты қаласаң, мен сол жаққа кетейiн», — деп ұсыныс жасады.
10Лут айналасына көз тастап, бүкiл Иордан өзенi аңғарының Сиғорға дейiн сулы жер екенiн көрдi. Себебi бұрын, Жаратқан Ие Содом мен Ғомораны құртпай тұрғанда, бұл жер Едем бағы немесе Нiл бойындағы Мысыр елi сияқты суы мол жер болатын.
11Лут өзiне Иордан бойындағы бүкiл аймақты таңдап алып, шығысқа қарай көштi. Осылайша екi туысқан бiр-бiрiнен бөлiнiп,
12Лут Иордан бойындағы қалалардан бастап Содомға дейiн шатыр тiгiп, қоныстанып жатқанда, Ыбырам Қанахан жерiнде тұра бердi.
13Ал Содомның тұрғындары Жаратқан Иенiң көз алдында ауыр күнәға батқан зұлым адамдар едi.
14Лут бөлiнiп кеткеннен кейiн, Жаратқан Ие Ыбырамға сөзiн арнап: «Айналаңа көз тастап, тұрған жерiңнен бастап солтүстiк пен оңтүстiкке, шығыс пен батысқа қара:
15Мен көрiнiп тұрған мына жердiң бәрiн саған және сенiң ұрпағыңа мәңгiлiкке беремiн.
16Мен үрiм-бұтағыңды сансыз көп етемiн. Кiм жер бетiндегi құм түйiршiктерiн санай алса, оның сенiң үрiм-бұтағыңды да санай алғаны.
17Тұр да, жолға жиналып, бүкiл жердiң түкпiр-түкпiрiн кезiп шық, өйткенi оны саған беремiн», — дедi.
18Ыбырам шатырларын көлiктерiне артып, Хеброн қаласының түбiндегi алып емен ағаштары өсiп тұрған Мамре орманына барып, қоныстанды. Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап құрбандық беретiн орын тұрғызды.
1Сол заманда Шинар патшасы Амрафел, Елласар патшасы Ариох, Елам патшасы Кедор-Лаумер және Ғойм патшасы Тидал бiрiгiп,
2Содом патшасы Бераға, Ғомора патшасы Быршаға, Адма патшасы Шынапқа, Зебойм патшасы Шемеберге және Беланың патшасына қарсы соғысқа шықты. Бела Сиғор деп те аталады.
3Соңғы аталған бес патша келiсiм жасасып, қазiр Тұз теңiзi (яғни Өлi теңiз) орналасқан Сiддим жазығына жиналды.
4Олар он екi жыл бойы Кедор-Лаумердiң қол астында болып келiп, он үшiншi жылы оған қарсы көтерiлген едi.
5Ал он төртiншi жыл келгенде Кедор-Лаумер және оған ерген басқа патшалар жорыққа шығып, Аштерот-Карнаимдағы рефалықтарды, Хамдағы зуздықтарды, Қырятаим жазығындағы емдiктердi
6және Сейiр тауларында, ен далаға таяу жердегi Ел-Паранға дейiн орналасқан хорлықтарды жеңiп, талқандады.
7Сонан соң олар оралып, Ен-Мышпатқа, яғни Қадешке барып, амалектiктердiң және Хазазон-Тамардағы аморлықтардың бүкiл жерiн басып алды.
8Сонда Сiддим жазығында әлгi бес патша — Содомның, Ғомораның, Адманың, Зебоймның және Беланың, яғни Сиғордың патшалары — жасақшыларын ұрысқа дайындап,
9төрт патшаға — Кедор-Лаумер, Тидал, Амрафел және Ариохқа қарсы аттанды.
10Ал Сiддим жазығы жердiң қарамайы шығатын шұңқырларға толы болатын. Сонда Содом мен Ғомораның патшалары әскерiмен шайқастан қашқанда көбi сол шұңқырларға құлап түсiп, қалғандары тауға қарай бездi.
11Жеңiмпаз төрт патша Содом мен Ғомора қалаларының бүкiл байлығын және барлық азық қорын таран-таражға салып,
12Ыбырамның немере iнiсi Лутты да бар мал-мүлкiмен алып кеттi. Өйткенi ол Содомда тұратын.
13Шайқастан қашып құтылған бiреу осыны көшпендi Ыбырамға жеткiздi. Сол кезде Ыбырам Ешкөл мен Анердiң ағасы аморлық Мамренiң алып емен тоғайының қасында тұратын. Бұлардың бәрi Ыбыраммен келiсiм жасасқан едi.
14Iнiсiнiң тұтқынға түскенiн естiгенде, Ыбырам қол астындағы үш жүз он сегiз жаттыққан жасақшыларын жинап алып, жауды Дан қаласына дейiн қуып кеттi.
15Түнде Ыбырам адамдарымен топ-топқа бөлiнiп алып, шабуылға шықты да, жауды жеңiп, оларды Дамаскiнiң солтүстiгiндегi Хоба қаласына дейiн қуды.
16Осылай Ыбырам жау қолына түскен барлық мал-мүлiктi, iнiсi Лутты да мал-мүлкiмен және тұтқынға түскен әйелдер мен басқа да адамдарды қайтарып алды.
17Ыбырам Кедор-Лаумер мен оған ерген патшаларды жеңiп, қайтып келе жатқанда, Содомның патшасы оны қарсы алу үшiн «Патша аңғары» деп аталатын Шаве аңғарына жолға шықты.
18Салимнiң патшасы Мәлiксадық та Ыбырамды қарсы алып, нан мен шарап ұсынды. Ол Құдай Тағаланың дiни қызметкерi болатын.
19Мәлiксадық Ыбырамға ақ батасын берiп былай дедi:
— Лайым көк пен жердiң Иесi Алла Тағала
Ыбырамды жарылқай көрсiн!
20Жауларыңды табаныңа салып берген
Құдай Тағала дәрiптеле берсiн!
21Бұдан кейiн Содомның патшасы Ыбырамға келiп, одан:
— Жаудан қайтарып алған адамдарды маған берiп, мал-мүлiктi өзiңiзге қалдыра көрiңiз, — деп өтiндi.
22Бiрақ Ыбырам:
— Мен көк пен жердi Жаратқан Ие — Алла Тағала алдында қолымды көтерiп тұрып ант етемiн:
23сiз кейiн «Ыбырамды мен байыттым» деп айтып жүрмеуiңiз үшiн, мен барлық дүние-мүлкiңiзден түк те алмаймын: бiр сабақ жiп те, бәтеңкенiң бiр бауын да!
24Тек адамдарымның iшiп-жеген тамағын ғана қайтармайын және менiмен бiрге жорыққа шыққан Анер, Ешкөл және Мамре өздерiне тиiстi үлестерiн алатын болсын, — деп Содом патшасына жауап қайырды.
1Осы оқиғалардан кейiн Жаратқан Ие Ыбырамға аян берiп:
— Ыбырам, қорықпа! Мен сенiң қорғаныңмын, саған берiлер сыйлық өте жоғары болады, — дедi.
2Бiрақ Ыбырам:
— Уа, құдiреттi Жаратқан Ием, Сен маған қандай сыйлық бермексiң? Мен дүниеден баласыз өтетiн болармын, үйiме дамаскiлiк қызметшiм Елиезер иелiк етпек, — дедi де,
3— Сен маған бала сыйламадың, сондықтан мұрагерiм үйiмдегi бiр қызметшiм болады, — деп мұңын шақты.
4Ал Жаратқан Ие оған:
— Мұрагерiң ол емес, сенен туатын ұл болады! — дедi де,
5оны сыртқа алып шығып: — Аспанға қарап жұлдыздарды санашы! Сен оларды санай алар ма екенсiң? Сенiң үрiм-бұтағың да осындай сансыз көп болады! — деп уәде бердi.
6Ыбырам Тәңiр Иеге сендi, сондықтан Тәңiр оны Өзiнiң алдында ақтады.
7Жаратқан Ие оған тағы да тiл қатып:
— Мен Жаратқан Иемiн. Сенi осы елдi иемденсiн деп халдейлiк Ур қаласынан алып шыққан Менмiн, — дедi.
8Ал Ыбырам:
— Уа, құдiреттi Жаратқан Ие, оны иемденетiнiмдi мен қалай нақты бiле аламын? — деп сұрады.
9Сонда Иемiз оған:
— Маған үш жасар бiр сиыр, бiр ешкi, бiр қошқарды және орман кептерi мен жас көгершiндi алып кел, — деп бұйырды.
10Ыбырам соның барлығын әкелiп, оларды ортасынан қақ бөлiп, бөлiктердi бiр-бiрiне қарсы қойды. Ол тек құстарды ғана бөлмедi.
11Жыртқыш құстар сойылған малдардың етiне қонды, бiрақ Ыбырам оларды қуып жiбердi.
12Күн батқанда Ыбырамды керемет ұйқы басты. Сол сәтте ол түсiнде қара түнек көрiп, қатты қорқып кеттi.
13Ал Тәңiр Ие Ыбырамға тiл қатып:
— Бiлiп ал: сенiң ұрпақтарың бөтен елде өмiр сүретiн болады. Сол жерде олар құл болып төрт жүз жыл бойы қиналады.
14Бiрақ оларды құл қылған халықты Өзiм жазалаймын. Мұнан соң сенiң ұрпақтарың сол елден мол дүние-мүлiкпен көшiп шығатын болады.
15Ал сен болсаң, жасың ұлғайған шағыңда ақ өлiммен бабаларыңның қасына аттанып, жер қойнына кiресiң.
16Сенiң үрiм-бұтағың осы елге төрт ұрпақтан кейiн ғана қайтып келедi, себебi аморлықтардың күнәлары әлi шегiне жеткен жоқ, — дедi.
17Күн батып, қараңғылық орнаған кезде, мiне, пештен шыққан iспеттi түтiн мен лаулап жалындаған от бiр-бiрiне қарсы жатқан мал бөлiктерiнiң ортасынан өте шықты.
18Сол кезде Жаратқан Ие Ыбыраммен келiсiм жасап:
— Мен сенiң үрiм-бұтағыңа Мысырдың шетiндегi өзеннен бастап үлкен Евфрат өзенiне дейiн жайылған осы елдi иелiкке беремiн.
19Онда кендiктер, кеназдықтар, қадмондықтар,
20хеттiктер, перездiктер, рефалықтар,
21аморлықтар, қанахандықтар, гергестiктер және ебустiктер тұрып жатыр, — дедi.
1Ыбырамның әйелi Сарай бала көтермеген едi. Ал оның Ажар атты мысырлық күңi бар болатын.
2Сонда Сарай күйеуiне:
— Жаратқан Ие маған ана болуды сыйламаған екен. Ал ендi, күңiммен жақындас, мүмкiн, соның арқасында балалы болармын, — деп ұсынды.
Ыбырам бұған көнiп,
3Сарай оған мысырлық күңiн қосты. Бұл Ыбырамның Қанахан жерiнде тұрғанына он жыл болған кезде едi.
4Ыбырам онымен жақындасқаннан кейiн Ажардың бойына бала бiттi.
Мұнысын бiлген күң қожайын әйелiне менсiнбей қарай бастады.
5Сонда Сарай Ыбырамға:
— Менiң жәбiр көруiме сен кiнәлысың. Күңiмдi сенiң қойныңа өзiм салдым. Ал ендi ол бала көтергенiн бiлгеннен берi менi менсiнбей жүр. Сен екеуiмiздiң арамыздағы дауды Жаратқан Иенiң Өзi шешсiн, — дедi.
6Ыбырам:
— Күңiң өз қолыңда, не iстеудi дұрыс десең, соны iсте, — деп жауап бердi. Бұдан былай Сарай Ажарға қысымшылық көрсете бастады. Сондықтан Ажар оның қасынан қашып кеттi.
7Жаратқан Иенiң перiштесi оны ен даладағы бiр су көзiнiң қасында — Шурға баратын жолдағы құдық басынан тауып алды.
8Перiште одан:
— Сарайдың күңi Ажар, қайдан келе жатырсың, қайда бет алдың? — деп сұрады. Ол:
— Мен қожайын әйелiм Сарайдан қашып келе жатырмын, — деп жауап бердi.
9Сонда Иемiздiң перiштесi оған:
— Сен қожайын әйелiңе қайтып бар, оның айтқанына көн! — дедi.
10Сөзiн әрi қарай жалғастырып:
— Мен сенiң үрiм-бұтағыңды сансыз көбейтемiн, — дедi.
11Жаратқан Иенiң перiштесi оған тағы да:
— Сен жүктiсiң, ұл туасың, оның атын Ысмағұл («Құдай құлақ асады») деп қоясың. Өйткенi Жаратқан Ие сенiң зарыңа құлақ асты.
12Ысмағұл асау құлан сияқты болып, бәрiне қарсы, бәрi де оған қарсы күреседi. Ол барлық бауырларымен жауласып өмiр сүретiн болады, — дедi.
13Ажар өзiмен сөйлескен Иемiздi «Маған көз қырын салатын Құдайсың» деп атады, себебi ол: «Мен тiптi өзiме көз қырын салатынды көрдiм», — дедi.
14Сондықтан бұл құдық «Қамқоршым — тiрi Құдай» деп аталады, ол Қадеш пен Бередтiң арасында орналасқан.
15Қайтып келгеннен кейiн Ажар Ыбырамға ұл туып берiп, Ыбырам оған Ысмағұл деп ат қойды.
16Сол кезде Ыбырам сексен алтыда едi.
1Ыбырам тоқсан тоғыз жасқа келгенде Жаратқан Ие оған аян берiп:
— Мен құдiретi шексiз Құдаймын. Менiң көз алдымда мiнсiз жүр.
2Мен екеуiмiздiң арамыздағы келiсiмдi бекiтiп, сенiң үрiм-бұтағыңды сансыз көбейтемiн, — дедi.
3Сонда Ыбырам Оған жерге бас ұрып ғибадат еттi. Құдай сөзiн әрi қарай былайша жалғастырды:
4— Айтқаным айтқан: Менiң сенiмен жасасқан келiсiмiм бойынша сен көп ұлттың түп атасы боласың.
5Бұдан былай сен Ыбырам («Ұлық ата») емес, Ыбырайым («Көптiң атасы») деп аталасың, өйткенi Мен сенi көптеген халықтардың түп атасы етiп тағайындадым.
6Сенiң тұқымыңды сансыз көбейтiп, көптеген халықты өрбiтемiн, сенен патшалар да шығатын болады.
7Мен бұл келiсiмдi Менiмен сенiң араңдағы және кейiнгi үрiм-бұтағыңның арасындағы мәңгiлiк келiсiм ретiнде бекiтемiн; ол ұрпақтан ұрпаққа созылатын болады. Мен сенiң және үрiм-бұтағыңның Құдайы боламын.
8Қазiр өзiң жат жерлiк кiрме ретiнде тұрып жатқан бүкiл Қанахан елiн саған және келер ұрпақтарыңа мәңгi иеленуге берiп, олардың да Құдайы боламын.
9Бiрақ сен де Менiң келiсiмiме адал бол! Оны өзiң де, үрiм-бұтағыңның барлық ұрпақтары да сақтауға тиiссiңдер!
10Менiң сенiмен және келешек ұрпағыңмен бекiткен бұл келiсiмiмнiң ережелерiн жүзеге асырып, еркек кiндiктiң бәрiн де сүндеттеңдер!
11Сүндет рәсiмiн орындауларың Менiң сендермен жасаған келiсiмiмнiң белгiсi болады.
12Болашақ ұрпақтарыңның әрбiр жаңа туған ер баласы туғанына сегiз күн толысымен сүндеттелсiн. Бұған әулеттерiңе жатпайтын ер адамдар да кiредi, үйлерiңде дүниеге келген құл-қызметшiлерiң болсын, не сатып алынғандары болсын, бәрi де сүндеттелуге тиiс.
13Сонымен үйде туды ма, жоқ әлде құл ретiнде сатып алынды ма, барлық еркек атаулы мiндеттi түрде сүндеттелсiн. Менiң келiсiмiмнiң белгiсi сендердiң тәндерiңде мәңгi қалуға тиiс.
14Әрбiр сүндеттелмеген еркек кiндiктi өз халқынан аластату керек, өйткенi ол Менiң келiсiмiмдi бұзды.
15Сен әйелiңдi ендi Сарай емес, Сара деп ата.
16Мен оны жарылқап, саған Сарадан да бiр ұл сыйлаймын. Оған ұлттардың түп анасы болсын деп ақ батамды беремiн. Сарадан халықтардың патшалары да тарайтын болады.
17Сонда Ыбырайым Құдайдың алдына жерге бас ұра тағзым етiп: «Жүзге келген адам ұлды болып, тоқсанға келген Сара да бала таба алар ма екен?» — деп iштей күлдi.
18Бұдан кейiн Құдайдан:
— Ысмағұл Сенiң көз алдыңда тiрi жүргей, — деп өтiндi.
19Ал Құдай:
— Әйелiң Сара саған ұл туып бередi, оның атын Ысқақ деп қоясың. Мен Ысқақпен келiсiм жасап, оны үрiм-бұтағы үшiн мәңгiлiкке бекiтемiн.
20Ал сенiң Ысмағұл туралы айтқаныңды да орындаймын. Оны жарылқап, үрiм-бұтағын көбейтемiн. Ысмағұлдан он екi рубасы шығатын болады. Мен одан бiр үлкен халықты өрбiтемiн.
21Бiрақ Мен келiсiмiмдi Сара келесi жылы осы уақытта дүниеге келтiретiн Ысқақпен бекiтемiн, — деп жауап бердi.
22Құдай Ыбырайыммен сөйлесiп болғаннан кейiн қасынан ғайып болды.
23Ыбырайым сол күнi-ақ баласы Ысмағұлды және үйiнде туған немесе сатып алынған еркек атаулыны түгел жинап алып, барлығын Құдай өзiне бұйырғандай сүндеттедi.
24Сол кезде Ыбырайым тоқсан тоғыз жаста,
25ал Ысмағұл он үш жаста болатын.
26Сол күнi-ақ Ыбырайым мен оның ұлы Ысмағұл,
27олармен бiрге үйiнде туып немесе сатып алынған құл-қызметшiлер, демек Ыбырайымның қол астындағы бүкiл еркек атаулы түгелдей сүндеттелдi.
1Бұдан кейiн Тәңiр Ие Ыбырайымға тағы да Мамредегi емен орманының қасында келiп кеткен болатын. Ыбырайым түске таман күн ысығанда шатыр аузында отырған едi.
2Ол айналасына көз тастағанда өзiнiң алдында үш еркектiң тұрғанын көрдi. Ыбырайым оларды көре сала, отырған жерiнен ұшып түрегелiп, алдарынан шығып, иiлiп сәлем бердi.
3Ыбырайым:
— Мырза! Рақымыңыз маған түссе, мендей құлыңыздың қасынан өте шықпаңыз.
4Қазiр аяқтарыңызды жуу үшiн су әкелiнедi. Ағаштың саясына жайғасып алыңыздар.
5Құлдарыңыздың үйiнен дәм татпай өтiп кетпеңiздер. Сiздерге тамақ әкелейiн, әлденiп тынығып алыңыздар. Содан кейiн әрi қарай жылжи берерсiздер, — деп қолқа салды. Олар:
— Жарайды, айтқаның болсын, — деп келiстi.
6Ыбырайым дереу шатырдағы Сараға барып:
— Тез үш табақ ұнды илетiп, күлше нан пiсiрт, — дедi.
7Табынға жүгiрiп барып, ең семiз баспақты алып, қызметшiсiне бердi. Ол баспақты тездетiп сойып, етiн қазанға асты.
8Мұнан кейiн Ыбырайым айран, сүт және пiсiрiлген баспақ етiн алып, қонақтардың алдына тартты. Қонақтар ағаш саясында тамақтанып жатқан кезде Ыбырайым қастарында болып, өзi қызмет еттi.
9Олар:
— Әйелiң Сара қайда? — деп сұрады. Ол:
— Осында, шатырдың iшiнде, — дедi.
10Иемiз:
— Келесi жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемiн. Сол кезде әйелiң Сараның ұлы болады! — деп уәде бердi.
Осы сөздердi Оның артында, шатырдың аузында, тұрған Сара да естiдi.
11Ал Ыбырайым мен Сара егде адамдар едi, Сара бала туудан қалған жаста болатын.
12Сол себептi ол: «Мен әбден қартайған шағымда осындай қуанышқа кенеле алар ма екенмiн?» — деп iштей күлдi.
13Ал Иемiз Ыбырайымға:
— Сара нелiктен күлiп тұр? Ол неге «мен ендi қартайған шағымда бала туа алар ма екенмiн» деп сұрайды?
14Жаратқан Ие орындай алмайтындай iс бар ма? Келесi жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемiн. Сол кезде Сараның ұлы болады! — деп уәдесiн бекiттi.
15Сара сасып қалып:
— Мен күлген жоқпын, — деп мойындамады. Бiрақ Иемiз оған:
— Жоқ, сен күлдiң, — дедi.
Ыбырайымның Тәңiрге Содом қаласын сақтап қалу үшiн жалына жасаған өтiнiшi
16Содан кейiн Қонақтар орындарынан тұрып, Содомға қарай бет алды. Ыбырайым Оларды шығарып салу үшiн бiрге жүрдi.
17Иемiз: «Өзiмнiң не iстейтiнiмдi Ыбырайымнан қалай жасырмақпын.
18Ыбырайымнан үлкен, мықты халық шығады. Менiң батам ол арқылы жер бетiндегi барлық халықтарға жетедi.
19Мен Ыбырайымды өз балаларына және кейiнгi үрiм-бұтағына Менiң жолыма түсудi, дұрыстық пен әдiлдiктi iстеудi үйрету үшiн таңдап алдым. Ыбырайым осылай iстегенде Менiң оған берген уәдем орындалады», — деп,
20Ыбырайымға тiл қатып:
— Менiң атыма Содом мен Ғомора қалаларының үстiнен өте көп шағым түсiп жатыр, сол жерде жасалған күнәлар тым ауыр.
21Сондықтан Мен жерге түсiп, сол жердегi әдiлетсiздiк Маған жеткен шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткiзбекпiн, — дедi.
22Содан кейiн еркектер бұрылып алып, Содом жаққа беттедi. Бiрақ Ыбырайым Жаратқан Иенiң алдында тұра қалды.
23Оған жақындап, былай деп өтiндi:
— Уа, Ием, сонда жауызбен бiрге әдiлдi де құртпақсың ба?
24Мүмкiн, қалада елу әдiл адам бар шығар, Сен оларды шынымен құртпақсың ба? Сол жерге ондағы елу әдiл үшiн рақым еткiң келмей ме?
25Сен осылай iстеп, әдiл адамды жауызбен бiрге өлтiрiп, оған арам кiсiге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкiл әлемнiң Қазысы әдiлеттi шешiм қабылдамаушы ма едi? —
26Сонда Тәңiр Ие:
— Егер Мен Содом қаласынан елу әдiл адамды тапсам, солар үшiн ол жерге рақым етемiн, — дедi.
27Ыбырайым:
— Мен күл мен топырақтан жаралған пенде болсам да, Иеммен сөйлесiп тұрмын.
28Мүмкiн, әдiл адамдардың саны елу емес, одан бесеуi кем шығар, сонда бесеуiне бола бүкiл қаланы құртпақсың ба? — деп сұрады. Тәңiр оған:
— Егер Мен одан қырық бес әдiл кiсi тапсам, ол қаланы құртпаймын, — дедi.
29Ыбырайым сөзiн әрi қарай жалғастырды:
— Мүмкiн, ол жерде тек қырық әдiл кiсi болатын шығар.
— Мен қырық әдiл адам үшiн де оларға тиiспеймiн, — деп Тәңiр жауап бердi.
30Ыбырайым сонда:
— Ием, мен тағы да айтамын, ашулана көрме. Мүмкiн, ол жерде отыз ғана әдiл адам бар болса ше? — деп сұрады. Иемiз оған:
— Ол жерде отыз әдiл адам болса да, Мен оған тиiспеймiн, — деп жауап бердi.
31Ыбырайым айтты:
— Мен Тәңiрiммен пендешiлiкпен сөйлесiп тұрмын. Мүмкiн, ол жерде тек жиырма әдiл кiсi болатын шығар. — Иемiз:
— Жиырма әдiл кiсi үшiн де Мен қаланы қиратпаймын, — дедi.
32Ыбырайым Одан:
— Уа, Тәңiрiм, мен тағы бiр рет қана айтсам, ашулана көрме. Егер ол жерден не бары он-ақ табылса ше? — деп сұрады. Иемiз:
— Мен ол жердi он әдiл кiсi үшiн де құртпаймын, — деп жауап бердi.
33Ыбырайыммен сөйлесiп болған соң, Тәңiр Ие кетiп қалды, ал Ыбырайым үйiне қайтты.
1Кешке қарай Жаратқан Иенiң екi хабаршысы Содом қаласына келдi. Лут сол кезде қала қақпасының алдында отырған едi. Ол хабаршыларды көргенде оларға сәлем беру үшiн орнынан тұрып, жерге дейiн басын иiп тағзым еттi де:
2— Мырзалар, құлдарыңыздың үйiне кiрiп, жуынып-шайынып, қонақ болып қоныңыздар. Ертең ертемен тағы да жолға шығасыздар, — деп үйiне шақырды. Хабаршылар оған:
— Рақмет, бiз базар алаңында түнеп шығамыз, — деп жауап бердi.
3Лут қиыла өтiнiп қоймаған соң, екеуi оған ерiп, үйiне келдi. Тамақ дайындалып, ашытқысыз қамырдан нан пiсiрiлiп, хабаршылар тамақтанды.
4Олардың бастары жастыққа тимей тұрып-ақ, жасы бар, кәрiсi бар, қаланың түкпiр-түкпiрiнен жиналып келген ер адамдарының бәрi үйдiң сыртын айнала қоршап алды.
5Лутты айқайлап шақырып:
— Саған кешқұрым келген еркектер қайда? Бiзге алып шық, олармен жақындасып көңiл көтерейiк, — дедi.
6Лут сыртқа алдарына шығып, есiктi жауып:
7— Бауырларым, зұлымдық жасамаңдар! — деп өтiндi. —
8Тыңдаңдаршы, бойжеткен пәк екi қызым бар. Сендерге соларды үйден шығарып берейiн, бiлгендерiңдi iстеңдер. Бiрақ бұл адамдарға тиiспеңдер, олар менiң шаңырағымның астына түскен меймандарым ғой!
9Бiрақ қаланың ер адамдары оған:
— Былай кет! — деп айғай салды. — Мынау, кiрме неме, бiзге билiк айтпақ па? Тоқтай тұр, сенiң бiзден алатын сыбағаң олардiкiнен бетер! — Сөйттi де, Лутқа тап берiп, есiктi бұзуға айналды.
10Сонда үй iшiнде тұрған хабаршылар есiктi сәл ашып, қолдарын созып, Лутты iшке қарай тартып алды. Есiктi қайтадан бекiтiп,
11алдында тұрған үлкендi-кiшiлi адамдардың бәрiн есiктi таба алмастай соқыр етiп тастады.
12Бұдан кейiн олар Лутқа:
— Сенiң бұл жерде тағы қандай жақындарың бар? Күйеу балаларың, ұл-қыздарың мен барлық басқа адамдарыңды осы қаладан алып кет! — деп бұйырды.
13— Бiз оны құртпақшымыз. Бұл жер туралы Жаратқан Иеге өте көп шағым түсуде. Сондықтан Ол бiздi осы қаланы құрту үшiн жiбердi.
14Сонда Лут сыртқа шығып, қыздарына үйленбек күйеу балаларына барып: «Жиналып, бұл жерден кетiңдер, Жаратқан Ие қаланы құртпақшы!» — деп ескерттi. Бiрақ күйеу балалары оны қалжыңдап тұр деп ойлады.
15Таң қызарып атып келе жатқанда хабаршылар Лутты асықтырып: «Жинал, күнәға батқан бұл қалада өлiп қалмау үшiн әйелiңдi, қолыңдағы екi қызыңды алып, кетiп қал!» — дедi.
16Лут әлi де қобалжып тұрғанда, елшiлер оны, әйелiн, екi қызын қолдарынан ұстап далаға сүйрей жөнелiп, қаланың сыртына шыққанда ғана қоя бердi. Себебi Жаратқан Иенiң оларға рақымы түскен болатын.
17Төртеуiн қаладан алып шыққанда хабаршылардың бiреуi:
— Осы жазықтың еш жерiне аялдамастан, арттарыңа қарамай қашыңдар! Өлiп қалмау үшiн тауға барып, соны паналаңдар! — деп бұйырды.
18Лут сонда:
— Жоқ, Тақсыр!
19Сен құлыңа рақыммен қарап, менi аман сақтап қалып, үлкен мейiрiмдiлiк жасадың. Бiрақ мен тауға қашып құтыла алмаймын, әйтпесе апатқа ұшырап өлiп қалармын.
20Мiне, алдымызда мына қала бар, ол барып, паналау үшiн жақын және кiшкентай ғана қалашық қой, соған қашып құтылайын. Ол кiшкентай қалашық емес пе? — деп өтiндi.
21Хабаршы оған:
— Жарайды. Мен осы тiлегiңдi де орындап, сен айтып отырған қаланы құртпайын.
22Бiрақ тезiрек сол жерге қашып құтыл! Сен жеткенше мен түк те iстей алмаймын, — дедi. Бұл қала осы оқиғадан кейiн Сиғор (яғни «Кiшкентай») деп аталатын болды.
23Лут Сиғорға күн шыға жеттi.
24Сол кезде Жаратқан Ие Содом мен Ғомора үстiне аспаннан от аралас күкiрт жаудырып,
25бұл қалаларды, төңiрегiндегi бүкiл жазықты, барлық қала тұрғындарын және далада өсiп тұрғанның бәрiн де күл-талқан етiп қиратты.
26Алайда Луттың әйелi артына қарамақ болып керi бұрылды. Сонда ол бiрден тұз бағанасына айналды.
27Ыбырайым таңертең ерте тұрып, кеше өзi Жаратқан Иенiң алдында тұрған жерге қайтып барды.
28Содом мен Ғомораға және төңiрегiндегi бүкiл жазыққа көз тастаған кезде сол жерден балқыту пешiнен шыққандай будақтаған түтiндi көрдi.
29Алайда Құдай Лут тұрып жатқан жазықтағы қалалардың күл-талқанын шығарар кезде Ыбырайымды мейiрiмдiлiкпен есiне түсiрiп, Лутты апаттан аман-есен алып шықты.
Луттың қыздарының жексұрын күнәсы
30Лут Сиғорға қоныстанудан қорқып, екi қызымен одан көшiп кетiп, тауды паналады. Сонда бiр үңгiрде екi қызымен тұрып жатты.
31Бiр күнi үлкен қыз кiшiсiне: «Бiздiң әкемiз кәрi, ал бұл маңайда бүкiл әлемдегi әдет бойынша бiзбен жақындасатын еркек жоқ.
32Жүр, әкемiзге шарап iшкiзiп, ұрпағын жалғастыру үшiн онымен бiрге жатып шығайық», — дедi.
33Олар сол түнi әкелерiне шарап iшкiздi. Үлкен қызы оның қасына жатты, бiрақ әкесi не iстеп, не қойғанын бiлмей де қалды.
34Таңертең үлкенi кiшiсiне: «Кеше мен әкеммен болдым, бүгiн түнде бiз оған тағы да шарап iшкiзейiк, сен де онымен жатып шық, осылайша әкемiздiң ұрпағын жалғастырамыз», — дедi.
35Сол түнi де олар әкесiне шарап iшкiздi. Кiшi қызы әкесiне барып, қасына жатты, бiрақ әкесi тағы да не iстеп, не қойғанын бiлген жоқ.
36Сөйтiп Луттың екi қызы да әкесiнен жүктi болды.
37Үлкен қызы ұл туып, оның атын Моаб («Әкеден») деп қойды. Одан Моаб халқы тарап келедi.
38Кiшiсi де ұл тауып, оны Бен Амми («Халқымның ұлы») деп атады. Ол — қазiргi аммон халқының түп атасы.
1Сол кезде Ыбырайым тұрған жерiнен Қанаханның оңтүстiк аймағына көшiп, Қадеш пен Шурдың арасында тұрып, уақытша Герар қаласында қоныстанды.
2Ол әйелi Сара туралы: «Бұл менiң қарындасым», — дедi. Ал Герардың патшасы Әбумәлiк кiсi жiберiп, Сараны алдыртты.
3Бiрақ түнде Құдай патшаға түсiнде аян берiп:
— Осы әйелдiң кесiрiнен сен өлесiң, себебi оның күйеуi бар, — дедi.
4Әбумәлiк Сараға жақындаған жоқ болатын, сондықтан ол:
— Уа, Ием, Сен шынымен кiнәсы жоқ халықты құртқың келе ме?
5Күйеуiнiң өзi: «Бұл менiң қарындасым» дедi емес пе? Әйелi де: «Ол менiң ағам» деген болатын. Мұны iстегенде көңiлiм адал, қолым да таза едi, — деп жауап бердi.
6Сонда Құдай оған түсiнде:
— Мен сенiң мұны таза көңiлмен iстегенiңдi бiлемiн. Сол себептен де, сенi Маған қарсы күнә жасаудан сақтап, оған жақындатпадым.
7Ендi әйелiн күйеуiне қайтар, ол — пайғамбар. Сен үшiн Маған сиынып сұрасын, сонда аман қаласың. Бiлiп қой: егерде оны қайтармасаң, өзiң де, күллi адамдарың да өлетiн боласыңдар, — дедi.
8Әбумәлiк таңертең ерте тұрып, бүкiл нөкерлерiн жинап алып, осы сөздердi түгелдей баяндап бердi. Олар қатты қорқып кеттi.
9Әбумәлiк Ыбырайымды өзiне шақыртып алып, оған жекiп:
— Бұл не қылғаның? Менi және патшалығымды сондай үлкен күнәға батыратындай, мен саған қандай жамандық жасадым? Сен маған iстемеуге тиiстiнi iстедiң, — дедi де,
10Ыбырайымнан: — Сен осыны қандай ниетпен жасадың? — деп сұрады.
11Сонда Ыбырайымның жауабы мынау болды:
— Мен бұл жердегiлер Құдайдан қорықпайды, менi әйелiм үшiн өлтiрiп тастар деп ойладым.
12Ол шынымен де менiң қарындасым, өйткенi ол әкемнiң қызы, бiрақ шешемнiң қызы емес, сондықтан да әйелiм болды.
13Құдай маған: «Әкеңнiң үйiн тастап, ел кез» деп бұйырғанда, мен Сараға: «Маған iстеген жақсылығың мынау болсын: бiз баратын жерлердiң бәрiнде менi ағам деп айт» деген едiм.
14Әбумәлiк iрiлi-ұсақты малдар мен құл-күңдердi таңдап алып, Ыбырайымға сыйға тартты, сондай-ақ оған әйелi Сараны да қайтарып бердi.
15Ыбырайымға:
— Мiне, менiң елiмде сен үшiн есiк айқара ашық, қалаған жерiңдi мекенде, — деп ұсынды.
16Сараға да тiл қатып:
— Мiне, мен сенiң ағаңа мың мысқал күмiс берiп отырмын. Бұл қасыңдағы бүкiл жұрттың алдында арыңның тазалығының дәлелi. Осымен бәрi сенiң кiнәсыз екенiңдi бiлетiн болады, — дедi.
17Ыбырайым Құдайға сиынып мiнажат еттi. Сонда Ол Әбумәлiктi, оның әйелi мен күңдерiн сауықтырып, бала туа алатын еттi.
18Себебi Ол Ыбырайымның әйелiне бола Әбумәлiктiң үй iшiндегi әрбiр әйелдi бала көтермейтiн етiп тастаған едi.
1Содан кейiн Жаратқан Ие Өзi айтқандай, Сараға рақымын түсiрiп, берген уәдесiн орындады.
2Сара жүктi болып, Ыбырайымға қартайған шағында, Құдай алдын ала белгiлеген мезгiлде ұл туып бердi.
3Ыбырайым Сара тапқан ұлдың атын Ысқақ («Күледi») деп қойды.
4Өзiне Құдай бұйырғандай, оны сегiз күн өткен соң сүндеттедi.
5Ысқақ дүниеге келгенде Ыбырайым жүзге толған едi.
6Сара қуанып былай дедi:
— Құдай маған күлкi сыйлады, мұны естiген әркiм менiмен бiрге күледi.
7Сара баласын емiзетiн болады деп Ыбырайымға алдын ала кiм айта алар едi? Бiрақ екеуiмiздiң егде тартқанымызға қарамастан, мен оған ұл туып бердiм».
Ыбырайымның Ажар мен Ысмағұлды бөлек шығаруы
8Ысқақ бiраз өскен соң, Сара оны емшектен шығарды. Сол күнi Ыбырайым үлкен той жасады.
9Бiрде Сара мысырлық Ажардан туған Ысмағұлдың Ысқақты келекелеп, мазақтап жүргенiн байқады.
10Сонда ол Ыбырайымға: «Мына күңдi баласымен бiрге қуып жiбер, күңнiң ұлы менiң ұлым Ысқақпен бiрдей мұраға ие болмасын!» — дедi.
11Бұл әңгiме өзiнiң ұлы туралы болғандықтан, Ыбырайымға еш ұнамады.
12Бiрақ Құдай Оған: «Бала мен күңге бола қамықпа. Сараның айтқанының бәрiне көн, себебi сенiң ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады.
13Алайда күңнiң ұлынан да халық таратамын, ол да сенiң ұлың ғой», — дедi.
14Келесi күнi Ыбырайым таңертең ерте тұрды. Нан және су құйылған местi алып, оларды Ажардың иығына артып бердi де, баласын оның қолына тапсырып, шығарып салды. Ажар жолға шыққан соң, Бер-Шеба маңайындағы айдалада адасып кеттi.
15Местегi су таусылғанда, Ажар ұлын бiр бұтаның көлеңкесiне жатқызды да,
16өзi кетiп қалды; баласынан оқ жетер жерге барып, қарама-қарсы отырды. Өйткенi ол: «Баланың өлгенiн көруге шыдай алмаймын», — дедi. Осылай оған қарама-қарсы отырып алып, дауыс шығарып, өксiп жылап жiбердi.
17Құдай баланың жылап жатқан даусына құлақ асты. Оның перiштесi аспаннан Ажарға дауыстап:
— Саған не болды, Ажар? Қорықпа, Құдай мына жерде жатқан баланың даусына құлақ асты.
18Орныңнан тұр, балаңа қол ұшын бер. Мен одан үлкен халықты таратамын, — деп тiл қатты.
19Құдай Ажардың көзiн ашып, оған сол маңдағы құдықты көрсеттi. Ажар сонда барып, местi суға толтырып алып, баланың шөлiн қандырды.
20Құдай баланы өз қамқорлығына алды. Ол өсiп, айдаланы мекендеп, мерген садақшы болды.
21Ысмағұл Синай түбегiндегi Паран айдаласында тұрып, анасы оған Мысыр елiнен әйел алып бердi.
Ыбырайымның фiлiстiрлермен жасаған келiсiмi
22Осы кезеңде Әбумәлiк қолбасшысы Пихолды ертiп келiп, Ыбырайымға:
— Не iстесеңiз де, барлық жағдайда Құдай сiзге жар.
23Сондықтан менi де, ұлдарым мен немерелерiмдi де алдамаймын деп Құдай алдында ант берiңiз. Мен сiзге қалай жақсы қарасам, сiз маған да, өзiңiз қонақ ретiнде тұрып жатқан елге де жақсы қарайтын болыңыз, — деп ұсыныс жасады.
24— Жарайды, ант беремiн, — деп Ыбырайым келiстi.
25Сол кезде ол Әбумәлiктiң құлдары күшпен тартып алған құдық туралы сөз қозғап, наразылығын бiлдiрдi.
26Әбумәлiк оған:
— Мұны кiм iстегенiн бiлмеймiн. Бұл туралы сiз ешқашан айтпадыңыз, бүгiнге дейiн мен ештеңе де естiген жоқпын, — деп жауап қайырды.
27Ыбырайым бiрқатар малдарын алып, оларды Әбумәлiкке бердi. Осылайша олар бiр-бiрiмен келiсiм жасасты.
28Ыбырайым жетi қозыны алып, оларды бөлек қойды.
29— Сiз бөлектеп қойған жетi қозы ненi бiлдiредi? — деп Әбумәлiк Ыбырайымға сұрақ қойды.
30Ол:
— Жетi қозыны сiз менiң қолымнан алуыңыз керек, олар бұл құдықты өзiмнiң қазғандығымның айғағы болсын, — дедi.
31Сөйтiп бұл жер Бер-Шеба (яғни «Ант құдығы») деп аталды, себебi ол жерде екi адам бiр-бiрiне ант берген едi.
32Бер-Шебада келiсiм жасалып бiткен соң, Әбумәлiк пен оның қолбасшысы Пихол фiлiстiрлер елiне қайтып кеттi.
33Ыбырайым Бер-Шебада жыңғыл ағашын ектi, сол жерде мәңгi тiрi Құдай — Жаратқан Иеге сиынып ғибадат еттi.
34Бұдан кейiн Ыбырайым фiлiстiрлер жерiн ұзақ уақыт бойы жат жерлiк кiрме ретiнде мекендедi.
1Осы оқиғалардан соң Құдай Ыбырайымды сынамақ болып, оны:
— Ыбырайым! — деп шақырды. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап бердi.
2Сонда Құдай оған:
— Сен өзiңнiң жақсы көретiн жалғыз ұлың Ысқақты ертiп алып, Мория жерiне бар. Оны сол жерде Мен саған көрсететiн тауға апарып, құрбандыққа шалып, өртеп жiбер! — деп бұйырды.
3Ыбырайым таңертең ерте тұрып, есегiн ерттеп, жастау екi қызметшiсiн және ұлы Ысқақты өзiмен бiрге ертiп алды. Ол құрбандық отына жеткiлiктi етiп отындық ағаш жарып алып, Құдай өзiне айтқан жерге қарай жолға шықты.
4Үшiншi күн дегенде, Ыбырайым айналасына көз жүгiртiп, сол жердi алыстан көрдi.
5Сонда қызметшiлерiне: «Сендер есекпен осы жерде қалыңдар. Балам екеуiмiз сол жерге барып, Құдайға ғибадат етiп болған соң, сендерге қайтып келемiз», — дедi.
6Ыбырайым құрбандық отына арналған ағашты баласы Ысқаққа арқалатып, өзi шоқ салынған ыдыс пен пышақты қолына ұстап, екеуi бiрге әрi қарай жүрiп кеттi.
7Сонда Ысқақ әкесiне:
— Әке! — деп тiл қатты. Ыбырайым:
— Иә, ұлым, не айтайын деп едiң, — дедi. Ысқақ:
— Бiзде шоқ пен ағаш бар, ал құрбандыққа шалынып, өртелетiн қой қайда? — деп сұрады.
8Ыбырайым:
— Ұлым, Құдай құрбандыққа шалынатын қойды Өзi бередi, — дедi. Осылай екеуi бiрге әрi қарай жүре бердi.
9Олар Құдай белгiлеп берген жерге келгенде, Ыбырайым құрбандық өртейтiн орын жасап, оның үстiне отындық ағаштарды қаластырды. Мұнан соң Ысқақты байлап, осы ағаштардың үстiне жатқызды.
10Ыбырайым ұлын бауыздау үшiн қолын созып, пышағын алған кезде
11Жаратқан Иенiң перiштесi оған көктен дауыстап:
— Ыбырайым! Ыбырайым! — деп тiл қатты. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап бердi.
12— Балаңа қол көтерме, оған тиiспе! (Құдай былай дейдi:) ендi сенiң Өзiмдi құрметтейтiнiңе көзiм жеттi, Менен өзiңнiң жалғыз ұлыңды да аямадың, — дедi оған перiште.
13Ыбырайым төңiрегiне көз тастағанда, қалың бұтаның iшiнде мүйiзiнен шырмалып қалған қошқарды көрдi. Ол барып, қошқарды әкелдi де, ұлының орнына құрбандыққа шалып, өртеп жiбердi.
14Осы жерге Ыбырайым «Жаратқан Ие қажетiңдi бередi» деген ат қойды. Сондықтан да күнi бүгiнге дейiн жұрт: «Жаратқан Ие қажетiңдi өз тауында бередi», — дейдi.
15Тәңiр Иенiң перiштесi Ыбырайымға екiншi рет көктен дауыстап:
16«Иемiз былай дейдi: сен осылайша iстеп, жалғыз ұлыңды Менен аямағаның үшiн өз атыммен ант етемiн:
17саған ақ батамды шүбәсыз үйiп-төгiп бере отырып, аспандағы жұлдыздар мен теңiз жағасындағы құм қиыршықтары қаншалықты көп болса, Мен сенiң ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етiп көбейтемiн. Олар жауларын жеңiп, қалаларын басып алатын болады.
18Сенiң ұрпағың арқылы жер бетiндегi барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебi сен Менiң тiлiмдi алып жүрдiң», — дедi.
19Содан кейiн Ыбырайым қызметшiлерiнiң қасына қайта оралып, бәрi Бер-Шебаға қарай жол тартып, сол маңайда қоныстанып тұрып қалды.
Ыбырайымның iнiсi Нахордың ұрпақтары
20Осы оқиғалардан соң Ыбырайымға: «Мылқа да iнiңiз Нахорға көп ұл туып бердi» деген хабар келiп жеттi.
21Атап айтқанда ол тұңғышы Усты, оның iнiсi Бузды, арамейлiктердiң түп атасы Кемуелдi
22және Кесеттi, Хазоны, Пилдаш, Идлаф пен Бетуелдi дүниеге келтiрдi.
23Ал Бетуелден Рабиға туды. Осы сегiз ұлды Мылқа Ыбырайымның iнiсi Нахорға туып бердi.
24Нахордың Рехума есiмдi кәнизәгы Тебах, Гахам, Тахаш және Маха атты төрт ұл туды.
1Сара жүз жиырма жетi жыл өмiр сүрдi.
2Ол Қанахан елiнде, қазiр Хеброн деп аталатын Қырят-Арба қаласында дүниеден қайтты. Ыбырайым Сараны жоқтап қайғырып, оның шатырына кiрдi.
3Кейiн мәйiттiң қасынан шығып, сол жерде тұрған хеттiктерге барып, олардан:
4— Мен араларыңызда жүрген жат жерлiк келiмсекпiн, үйде жатқан марқұм әйелiмдi жерлеуге ешқандай меншiктi жерiм жоқ. Маған зират үшiн бiр меншiктi жер берсеңiздер екен, — деп өтiндi.
5Хеттiк ақсақалдардың жауабы мынау болды:
6— Қымбатты мырза, бiзге құлақ асыңыз. Сiз арамызда Құдайдың батасы қонған әкiм ретiнде тұрып жатырсыз. Марқұмды бiздегi ең жақсы қабiрге апарып қойыңыз. Ешқайсымыз да зиратқа арналған жерлерiмiздi сiзге беруден бас тартпаймыз. —
7Сонда Ыбырайым орнынан тұрып, хеттiктерге басын иiп былай дедi:
8— Егер марқұм әйелiмдi осы маңайда жерлесiн десеңiздер, мына өтiнiшiмдi Сохар ұлы Ефронға жеткiзiңiздер:
9ол маған өзiне тиiстi егiстiктiң шетiндегi Махпела үңгiрiн меншiктi зират ретiнде сатсын. Оған сiздердiң көз алдарыңызда толық бағасын беремiн.
10Хеттiк Ефрон қала қақпасындағы алаңда жиналған жерлестерiнiң арасында отырған едi. Ол бәрiнiң алдында Ыбырайымға жауап берiп:
11— Мырзам, менiң ұсынысымды тыңдаңыз. Сiзге осы жерде, жерлестерiмнiң көзiнше, егiстiктi онда орналасқан үңгiрмен қоса беремiн. Ол марқұмның зираты болсын, — дедi.
12Ыбырайым ел адамдарына тағы да басын иiп, барлығының алдында Ефронға былай дедi:
13— Тыңдаңыз, мен сiзге егiстiк үшiн тиiстi ақшаны төлеймiн, оны қолымнан қабыл алыңыз. Сонда бұл жер марқұм әйелiмнiң зираты болмақ. —
14Ефрон оған:
15— Мырза, жарайды. Танаптың құны — төрт жүз мысқал күмiс, бұл мен үшiн де, сiз үшiн де түк емес. Марқұмды сонда жерлей берiңiз, — деп ойын бiлдiрдi.
16Ыбырайым келiсiп, хеттiктердiң көзiнше Ефрон атаған құнды — төрт жүз мысқал күмiстi оған саудада қолданылатын өлшем бойынша таразыға салып өлшеп бердi.
17Осылай Мамренiң шығысындағы Махпелада орналасқан Ефронның танабы,?ондағы үңгiр және сонда өсiп тұрған барлық ағаштар
18Ыбырайымның меншiгiне айналды. Қала қақпасындағы алаңда жиналған хеттiктер бұған куә болды.
19Ыбырайым мұнан кейiн Сараның мәйiтiн Махпела даласындағы сол үңгiрге апарып қойды. Бұл жердi Хеброн деп те атайды.
20Сонымен хеттiктерден алынған Қанахан елiндегi егiстiк жер мен ондағы үңгiр зират ретiнде Ыбырайымның тұрақты меншiгiне айналды.
1Ыбырайым жасы ұлғайып, қартайған едi. Жаратқан Ие оны қай жағдайда да жарылқап келдi.
2Бiрде ол барлық мал-мүлкiн басқаратын бас қызметшiсiн шақырып алып, оған:
3— Сен қолыңды менiң жамбасымның астына қойып тұрып, аспан мен жердi жаратқан Құдай Иемiздiң алдында ант бер:
4сен ұлым Ысқаққа әйелдi бiрге тұрып жатқан қанахандықтардың қыздарынан алып бермейсiң. Қайта, менiң туған жерiме, туысқандарыма барып, сол жақтан алып келесiң, — деп бұйырды.
5Қызметшiсi одан:
— Егер қалыңдық маған ерiп осы елге келгiсi келмейтiн болса, онда не iстейiн? Ұлыңызды өзiңiз тастап кеткен елге қайтарып апарайын ба? — деп сұрады.
6Ыбырайым:
— Сен ұлымды ол жерге қайтып апарудан сақ бол!
7Көктегi Құдай Ием ұлыма сол жерден әйел тауып алуың үшiн сенен бұрын өз перiштесiн жiбередi. Менi әкемнiң үйiнен, туған жерiмнен алып шығып, «осы елдi сенiң ұрпағыңа беремiн» деп маған ант берген — Құдай Иемнiң Өзi едi.
8Егер қалыңдық саған ерiп келгiсi келмесе, маған берген антыңнан босайсың. Бiрақ қайткен күнде де ұлымды ол жаққа қайтып апарушы болма! — дедi.
9Қызметшi Ыбырайымның жамбасының астына қолын қойып, барлығын ол бұйырғандай етiп орындауға ант бердi.
10Қожайынының iрi малдарынан он түйе және әр түрлi бағалы дүниелердi таңдап алып, жолға шықты да, Евфрат пен Тигр өзендерiнiң аңғарындағы Нахор қаласына қарай беттедi.
11Сонда жеткенде түйелердi қала сыртындағы құдық басына шөгердi. Бұл әйелдер су алуға келетiн кешкi мезгiл едi.
12Қызметшi Құдайға мiнажат етiп: «Уа, Жаратқан Ие, қожайыным Ыбырайым сиынатын Құдай! Бүгiн жолымды оңғарып, қожайыныма рақымыңды түсiре гөр!
13Мiне, мен осы жерде құдықтың басында тұрмын, қала қыздары су алуға келе жатыр.
14Мен олардың бiрiне: құмыраңды еңкейтшi, су iшiп алайын деп айтқанда, ол маған: iшiңiз, мен түйелерiңiздi де суарып берейiн десе, сонда құлың Ысқаққа Өзiң таңдаған қалыңдық сол қыз болып шықса екен деп Сенен тiлеймiн. Қожайыныма жасаған рақымыңды осыдан бiлетiн боламын», — дедi.
15Ол мiнажатын айтып болысымен-ақ, қала жақтан иығында құмырасы бар Рабиғаның келе жатқанын көрдi. Ол Мылқаның ұлы Бетуелдiң қызы болатын, ал Мылқа Ыбырайымның iнiсi Нахордың әйелi едi.
16Рабиға өте сұлу, пәк, жас қыз екен. Ол құдық басына қарай төмен түсiп, құмырасын суға толтырып алып, жоғары шықты.
17Қызметшi жылдам басып қыздың қасына келiп:
— Құмыраңнан кiшкене су iшейiншi, — дедi.
18— Iшiңiз, мырза, — деп, қыз иығындағы құмыраны тез түсiрiп, қызметшiге су бердi.
19Ол iшiп болған кезде қыз оған:
— Мен түйелерiңiздi де шөлдерi қанғанша суарып берейiн, — дедi.
20Осыны айтып, бiрден құмырадағы суын астауға құйды. Қыз су тартып алу үшiн қайтадан құдыққа қарай жүгiре жөнелiп, барлық түйелердi суарып шықты.
21Ал қызметшi қызға үн-түнсiз қарап тұрып, Жаратқан Ие сапарымды оңғарды ма, жоқ па деген ойды саралады.
22Түйелер су iшiп болған соң, қызметшi үлкен алтын сырға мен екi алтын бiлезiктi алып,
23— Кiмнiң қызысың? Бiзге түнеп шығуға әкеңнiң үйiнен орын табыла ма, соны айтшы? — деп қыздан сұрады.
24Ол:
— Мен Нахордың Мылқадан туған ұлы Бетуелдiң қызымын, — дедi де,
25— бiзде жеткiлiктi мөлшерде сабан, жем, түнейтiн орын да бар, — деп қосты.
26Сонда қызметшi Жаратқан Иенiң алдында басын иiп:
27«Қожайыным Ыбырайым сиынатын Құдай дәрiптелсiн, Өзiнiң мейiрiмдiлiгiмен, адалдығымен қожайынымды жарылқаған Жаратқан Ие мадақталсын! Ол менi тура қожайынымның туысқандарының үйiне алып келдi», — деп ғибадат еттi.
28Сонда қыз шешесiнiң үйiне жүгiрiп барып, осының бәрiн айтып бердi.
29-30 Рабиғаның Лабан деген ағасы бар едi. Ол қарындасының жаңа сырғасы мен бiлезiктерiн көрiп, Рабиғадан бөтен адамның оған не айтқанын сұрап бiлдi. Содан тездетiп құдық басында түйелердiң жанында тұрған сол адамға қарай бет алды.
31Оны:
— Ей, Құдай жарылқаған пенде, менiмен бiрге жүрiңiз. Далада тұрып қалмаңыз. Мен үйдi де, түйелерге орынды да даярлатып қойдым, — деп шақырып,
32үйiне алып барды. Түйелердiң жүктерiн түсiртiп, алдарына сабан мен жем салдырды. Қызметшi мен оған ерiп келгендерге аяқтарын жууға су әкелдiрдi.
33Қонаққа арналып дастарқан жайылып тамақ ұсынылды. Бiрақ ол:
— Мен келген шаруамды айтпай тұрып дәм татпаймын, — дедi.
— Онда жұмысыңызды айтыңыз, — дедi олар.
34Қызметшi сөйлеп кеттi:
— Мен Ыбырайымның қызметшiсiмiн.
35Жаратқан Ие қожайынымды молынан жарылқады: оған көп қылып қой мен iрi қара мал, күмiс пен алтын, құл-күң, түйе мен есек бердi.
36Қожайынымның әйелi Сара оған қартайған шағында бiр ұл сыйлады. Қожайыным өзiндегi барлық мал-мүлiктi соған атады.
37-38 Маған: «Менiң ұлыма әйелдi бiрге тұрып жатқан қанахандықтардың қыздарынан алып бермейсiң. Қайта, менiң әкемнiң үйiне, туған-туысқандарыма барып, сол жақтан алып келесiң» деп бұйырып, осылай iстеуге ант бергiздi.
39Ол менiң: «Егер қалыңдық маған ергiсi келмесе ше?» деген сұрағыма былай деп жауап бердi:
40«Мен көз алдында өмiр сүрiп келген Жаратқан Ие жолыңды болдыру үшiн саған Өзiнiң перiштесiн ертiп жiбередi. Сөйтiп сен ұлыма әйелдi менiң туған-туысқандарымнан, әкемнiң үйiнен алып келе аласың.
41Туысқандарыма барып, олар қызын ұзатуға келiспесе, сонда берген антыңнан босайсың».
42Содан мен бүгiн құдық басына келiп, былай дедiм: «Уа, Жаратқан Ием, қожайыным Ыбырайым сиынатын Құдай! Жолымды оңғара гөр.
43Мiне, мен осы жерде құдық басында тұрмын. Су алуға бiр қыз келгенде, оған: құмыраңнан кiшкене су iшкiзшi деп айтайын.
44Егер ол маған: iшiңiз, мен түйелерiңiздi де суарып берейiн десе, сонда қожайынымның ұлына Тәңiр Ие таңдаған қалыңдық сол қыз болып шықсын деп Сенен тiлеймiн».
45Осы мiнажатты iштей айтып болысымен-ақ, қала жақтан иығында құмырасы бар Рабиға келдi. Құдық басына қарай төмен түсiп, су тартып алды. Одан: «Маған iшуге су бершi», — деп сұрадым.
46Ол тез иығындағы құмырасын түсiрiп: «Iшiңiз, мен түйелерiңiздi де суарып берейiн» дедi. Сөйтiп су iшiп алдым, ол түйелерiмдi де суарып бердi.
47«Кiмнiң қызысың?» деп сұрағанымда: «Мен Нахордың Мылқадан туған ұлы Бетуелдiң қызымын» деп жауап бердi.
Сонда мен оған сырға тағып, екi бiлегiне бiлезiк салдым.
48Маған жол көрсетiп, ұлына қожайынымның iнiсiнiң қызын таңдағаны үшiн, қожайыным сиынатын Құдай Иенi тiзерлей отыра қалып мадақтадым.
49Ендi сiздер қожайыныма мейiрiмдiлiк пен адалдық көрсеткiлерiңiз келсе, оны маған бiлдiрiңiздер, ал олай болмаса, оны да айтыңыздар. Мен анығын бiлуiм керек, — деп құда түсушi сөзiн тамамдады.
50Сонда Лабан мен Бетуел:
— Бұл — Жаратқан Иенiң iсi, бiз оған қарсы түк айта алмаймыз.
51Мiне, Рабиға алдыңда, алып жүре бер. Тәңiр Ие шешiп қойғандай, ол қожайыныңның баласының әйелi болсын, — деп жауап бердi.
52Қызметшi осыны естiгенде жерге дейiн иiлiп, Жаратқан Иеге ғибадат еттi.
53Содан кейiн әкелген киiмдермен күмiс, алтын әшекейлерiн шығарып, Рабиғаға сыйлады. Оның ағасы мен анасына да қымбат сыйлықтар ұсынды.
54Мұнан соң қызметшi мен оған ерiп келгендер iшiп-жеп, түнеп шықты. Таңертең тұрған соң, қызметшi:
— Маған қожайыныма оралуға рұқсат етiңiздер, — дедi.
55Қыздың ағасы мен шешесi:
— Қыз бiзбен бiрге он шақты күн бола тұрсын, содан кейiн жолға шығарсыңдар, — деп өтiнiш жасады.
56Ал қызметшi:
— Тәңiр Ие сапарымды оңғарғандықтан ендi жолымды бөгемей, қожайыныма жiберiңiздер, — деп қоймады.
57Сонда олар:
— Қызды шақырайық, ол бұған не айтар екен, — дестi.
58Рабиғаны шақырып алып:
— Мына кiсiмен жолға шығасың ба? — деп сұрады. Ол:
— Иә, қарсы емеспiн, — дедi.
59Сонда олар Рабиғаны және күтушi әйелiн Ыбырайымның қызметшiсi мен оның адамдарына ертiп жiберуге келiстi.
60Рабиғаға бата берiп:
«Қарындасымыз, сан-мыңдаған ұрпақтың анасы бол,
Үрiм-бұтағың жауларының қалаларын басып алсын!»
61Рабиға мен оның қызметшi қыздары жолға жиналып, түйелерге отырып алды. Қызметшiге ерiп сапарға шықты.
62Сол кезде Ысқақ Қанаханның оңтүстiк аймағында тұратын. Ол «Қамқоршым — тiрi Құдай» деген құдыққа дейiн көшiп-қонып барып, қайтып келген едi.
63Бiр күнi кешке қарай далаға шығып, ойға батып отырғанда айналасына көз тастап, келе жатқан керуендi байқады.
64Рабиға да Ысқақты көрдi. Лезде түйеден түсiп, айналасына көз жүгiртiп,
65қызметшiден:
— Далада бiзге қарсы жүрiп келе жатқан мына кiсi кiм? — деп сұрады. Ол:
— Бұл менiң қожайыным, — деп жауап бердi. Сонда Рабиға пердесiмен бетiн жауып алды.
66Қызметшi Ысқаққа сапарында не iстегенiн түгел айтып бердi.
67Ысқақ Рабиғаны өзiнiң марқұм анасы Сараның шатырына кiргiзiп, оған үйлендi. Қалыңдығы Ысқаққа қатты ұнап, оның анасы қайтыс болғаннан кейiнгi қайғысы сейiлдi.
1Ыбырайым тағы да үйленiп, Кетура есiмдi әйел алған болатын.
2Одан Ыбырайымның Зимран, Жоқшан, Медан, Мадиян, Ишбақ және Шуах деген ұлдары дүниеге келдi.
3Жоқшаннан Шаба мен Дедан туды. Деданнан кезiнде ассурлықтар, летуштiктер және леумдiктер тарады.
4Мадиянның ұлдарының аттары мыналар: Ефа, Ефер, Хенох, Абида және Елдаға. Бұлардың барлығы да Кетурадан тараған ұрпақтар болатын.
5Ал Ыбырайым жинаған бар дүние-мүлкiн Сарадан туған Ысқаққа мұра етiп қалдырды.
6Өзiнiң көзi тiрiсiнде тоқалдарынан туған ұлдарына еншi берiп, оларды ұлы Ысқақтың маңынан алысырақ, шығыс жақтағы араб жерiне қарай жiбердi.
7Ыбырайым барлығы жүз жетпiс бес жыл жасады.
8Ол мағыналы өмiр сүрiп, жасы ұлғайған шағында о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды.
9-10 Ысқақ пен Ысмағұл әкелерiнiң мәйiтiн Мамренiң қасында, хеттiк Сохар ұлы Ефронның егiстiгiнде орналасқан Махпела үңгiрiне апарып, марқұм әйелi Сараның қасына қойды. Бұл егiстiк пен үңгiрдi Ыбырайым кезiнде хеттiктерден сатып алған болатын.
11Ыбырайым өлгеннен кейiн Құдай Ысқақты да жарылқап жүрдi. Ол «Қамқоршым — тiрi Құдай» деген құдықтың маңайында өмiр сүрiп жатты.
Ысмағұлдың ұрпақтары
12Ыбырайымның Сараның мысырлық күңi Ажардан туған ұлы Ысмағұлдың үрiм-бұтағының тарихы мынау:
13Ысмағұлдың ұлдарынан тараған ұрпақтар рет-ретiмен былай аталады: алдымен Ысмағұлдың тұңғышы Набайот дүниеге келдi, сонан соң Кедар, Адбел, Мипсам,
14Мишма, Дума, Масса,
15Хадад, Тема, Етур, Нафиш және Кедма туды.
16Бұлар Ысмағұлдың он екi ұлдарынан тарап, жартылай көшпендi, жартылай отырықшы болып, мекендеген жерiне қарай бөлiнген рулардың он екi көсемi болды.
17Ысмағұл барлығы жүз отыз жетi жыл өмiр сүрiп, ата-бабаларының қасына аттанды.
18Оның ұрпақтары Мысырдың шығысындағы Шурдан Ассур елiндегi Хауилаға қарай созылған аралықты мекендеп, бауырлас тайпалармен жауласып өмiр сүрдi.
Ысқақтың ұлдары Есау мен Жақып
19Ыбырайымның ұлы Ысқақтың үрiм-бұтағының тарихы мынау: Ыбырайымнан Ысқақ туды.
20Ысқақ қырық жасында солтүстiк Месопотамияда тұратын арамейлiк Бетуелдiң қызы, Лабанның қарындасы Рабиғаға үйлендi.
21Әйелi бала көтермегендiктен, Ысқақ ол үшiн Жаратқан Иеге жалына сиынды. Оның тiлегiн Иемiз қабыл алып, күндердiң күнiнде Рабиға жүктi болды.
22Оның құрсағындағы екi нәресте бiр-бiрiмен тебiсетiн. Сонда ол: «Менде не үшiн бұлай?» — деп ойлап, осыны бiлмекшi болып Жаратқан Иеге жүгiндi.
23Ол:
«Сенiң iшiңде екi тайпа жатыр,
Құрсағыңнан екi ұлт тарамақ.
Бiреуi екiншiсiнен күштiрек болып,
Ағасы iнiсiнiң қызметшiсi болмақ», — дедi.
24Босанатын уақыты келiп, Рабиға егiз ұл тапты.
25Бiрiншi туған баланың денесiн қызыл түк басып кеткендiктен, оған Есау (яғни «Түктi») деп ат қойды.
26Одан соң оның сыңары көрiндi, ол бiр қолымен Есауды өкшесiнен ұстап алыпты. Оны Жақып (яғни «Өкшеден ұстаушы, Алдамшы») деп атады. Егiз ұлды болғанда, Ысқақ алпыста едi.
27Балалар ер жеттi. Есау дала кезiп жүретiн бiлiктi аңшы болса, Жақып отбасынан алыстамай шатырдың маңайында өмiр сүрудi ұнатты.
28Ысқақ Есауды ерекше жақсы көретiн, себебi ол баласы аулаған жабайы аңның етiн сүйсiне жейтiн. Ал Жақып Рабиғаның сүйiктi баласы болды.
29Бiр күнi Жақып тамақ пiсiрiп жатқанда Есау шаршап, қарны ашып даладан келдi.
30Ол Жақыпқа:
— Маған тезiрек мына бiр қызғылт түстi көжеңнен бершi, мен ашпын, — дедi. Сондықтан ол кейiн Едом (яғни «Қызыл») деп аталды.
31Жақып:
— Онда қазiр маған өзiңнiң тұңғыштық жолыңды сат, — деп қолқа салды.
32Есау:
— Аштықтан өлейiн деп тұрғанымда маған тұңғыш боп туғандығымның керегi қанша? — дедi.
33Жақып:
— Бiрiншi маған ант бер, — деп талап еттi. Есау ант берiп, өзiнiң тұңғыштық жолын Жақыпқа сатып жiбердi.
34Сонда Жақып оған нан және қызыл жасымықтан пiсiрген көженi ұсынды. Есау iшiп-жеп болған соң жөнiне кеттi. Осылайша ол тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, одан бас тартты.
1Бiр кезде Ыбырайымның тұсында болғандай елдi тағы да аштық жайлады. Сонда Ысқақ фiлiстiр патшасы Әбумәлiктiң елiндегi Герар қаласына қарай жол тартты.
2Ал Жаратқан Ие Ысқаққа аян берiп: «Мысыр жаққа көшпей, Мен айтқан жерде қоныстанып,
3сол елде кiрме ретiнде тұра бер! Саған әрдайым жар болып, батамды қондырамын, ұрпақтарыңа осы жерлердiң бәрiн сыйлап, әкең Ыбырайымға берген антымды жүзеге асырамын.
4Ұрпақтарыңды аспандағы жұлдыздар сияқты сансыз етiп көбейтемiн. Оларға осы жерлердi берiп, солар арқылы жер бетiндегi барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады.
5Өйткенi Ыбырайым Менiң тiлiмдi алып, берген бұйрықтарыма, ережелерiме және өсиет сөздерiме түгел құлақ асып, жүзеге асырды», — дедi.
6Осылайша Ысқақ Герарда тұрып қалды.
7Алайда сол жердiң адамдары одан әйелi туралы сұрағанда, Ысқақ оларға: «Ол менiң қарындасым», — деп жауап бердi. Себебi Ысқақ «Жергiлiктi адамдар Рабиғаға бола көзiмдi құртып жүрер, ол керемет сұлу ғой» деп ойлап, оны әйелiм деп айтудан қорықты.
8Ысқақ сол жерде бiраз уақыт болғанда, фiлiстiр патшасы Әбумәлiк терезеден Ысқақтың әйелi Рабиғаны аймалап жатқанын көрiп қалды.
9Сонда Әбумәлiк Ысқақты шақыртып алып:
— Ол сенiң әйелiң екен ғой! Сен қалайша оны қарындасым деп жүрсiң? — деп жекiдi. Ысқақ оған:
— Өйткенi оған бола менi өлтiрiп тастар деп ойладым, — дедi.
10Әбумәлiк:
— Сен неге бұлай iстедiң? Жергiлiктi ер адамдардың бiреуi әйелiңе жақындап қоюы мүмкiн едi. Сонда бiз кiнәлы болып қалатын едiк, — деп,
11халыққа мынандай жарлық шығарды: «Кiмде-кiм мына ерлi-зайыптыға тиiссе, сол өлiмге кесiледi!»
12Ысқақ осы жерге егiн салып, сол жылы одан жүз есе өнiм алды, себебi Тәңiр оны жарылқаған болатын.
13Ол байи бердi, оның дүние-мүлкi көбейген үстiне көбейiп, Ысқақ нағыз бай адамға айналды.
14Оның iрiлi-ұсақты малдарының отар-табындары және құл-қызметшiлерi көп болғандықтан, фiлiстiрлер оған қызғанышпен қарай бастады.
15Сондықтан олар Ысқақтың әкесi Ыбырайымның тiрi кезiнде қызметшiлерiне қаздырған барлық құдықтарды топырақпен толтырып, бiтеп тастады.
16Әбумәлiк те: «Бiздiң жақтан көшiп кет, бiзден әлдеқайда күшейiп алдың», — деп Ысқаққа терiс қарады.
17Ысқақ сол арадан көшiп, шатырларын Герар аңғарына тiгiп, қоныстанды.
18Сол жерде Ысқақ әкесi Ыбырайымның тiрi кезiнде қаздырған, бiрақ ол өлгеннен кейiн фiлiстiрлер топырақпен бiтеп тастаған құдықтарын қайта аршытып, оларды әкесiнiң қойған аттарымен атады.
19Ысқақтың қызметшiлерi сол аңғарда құдық қазып жүрiп, судың қайнар көзiн тапты.
20Алайда герарлық бақташылар оның малшыларымен таласып: «Бұл бiздiң су», — дедi. Сол құдық үшiн дауласқандықтан Ысқақ оны «Даулы құдық» деп атады.
21Кейiн қызметшiлерi тағы бiр құдық қазды. Герарлық бақташылар ол туралы да дауласты. Ысқақ оны «Жауласу құдығы» деп атады.
22Ысқақ әрiрек көшiп барып, сол жерден тағы бiр құдық қаздырды. Оған бола жанжал тумағандықтан, Ысқақ оны «Кең өрiс» деп атап: «Жаратқан Ие бiзге кең өрiс сыйлады, ендi осы жерде өсiп-өнемiз», — дедi.
23Сол жерден ол Бер-Шебаға қоныс аударды.
24Бұл түнi оған Жаратқан Ие аян берiп: «Мен әкең Ыбырайым сиынатын Құдаймын. Қорықпа, әрдайым сенi көз алдымда ұстап жарылқаймын. Қызметшiм Ыбырайым үшiн сенiң ұрпағыңды өте көп етемiн», — дедi.
25Ысқақ бұл жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық беретiн орын жасап, Оған сиынды. Сол маңайға шатырларын тiгiп, құлдарына құдық қаздырды.
26Осы екi арада Герардан кеңесшiсi Ахузат пен әскери қолбасшысы Пихолды ертiп алып, Әбумәлiк келдi.
27Ысқақ оларға:
— Маған неге келдiңдер, менiмен өштесiп, қуып жiберген едiңдер ғой, — дедi.
28Олар:
— Бiз Жаратқан Иенiң сенi көз алдында ұстайтынын анық көрiп тұрмыз. Сенiмен бiздiң арамызда антпен бекiтiлген келiсiм болу керек деп шештiк. Сондықтан бiр-бiрiмiзбен шарт жасасайық.
29Бiз саған тиiспей, тек жақсылық жасап, бiзден бейбiт түрде кетуiңе жағдай жасағанымыз сияқты, сен де бiзге жамандық iстемейсiң. Сен қалай дегенмен Тәңiрдiң батасы қонған адамсың ғой, — деп жауап бердi.
30Ысқақ оларға қонақасы берiп, барлығы iшiп-жедi.
31Ертеңiне ерте тұрып, әрқайсысы бiр-бiрiне ант бердi. Ысқақ оларды шығарып салып, жылы жүзбен қоштасты.
32Сол күнi Ысқақтың құлдары оған өздерi қазған құдық туралы: «Бiз су таптық», — деп хабар жеткiздi.
33Ысқақ сол құдықты Шеба (яғни «Ант») деп атады, сондықтан сол жердегi қала осы күнге дейiн Бер-Шеба («Ант құдығы») деп аталады.
34Ал (Ысқақтың тұңғышы) Есау қырық жасқа толғанда хеттiк Бегеридiң қызы Ехудиттi және хеттiк Елонның қызы Басематты әйелдiкке алды.
35Бұлар Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелдi.
1Ысқақ қартайып, көзi көрмей қалған едi. Бiрде ол тұңғышы Есауды шақырып алып:
— Ұлым! — дедi.
— Иә, тыңдап тұрмын. — деп жауап қатты ол.
2Ысқақ:
— Мен қартайдым, қашан өлетiнiмдi бiлмеймiн.
3Сен садақ пен қорамсағыңды алып, маған даладан бiр аң аулап әкел.
4Соның етiнен мен сүйсiнiп жейтiндей дәмдеп тағам пiсiрiп, алып кел. Оны жеп, өлмей тұрғанда саған батамды беретiн болайын, — дедi.
5Ал Ысқақ ұлымен сөйлескен кезде, Рабиға тыңдап тұрды. Есау аң аулап әкелу үшiн далаға шығып кеткенде
6Рабиға Жақыпқа былай деп кеңес бердi:
— Тыңда, мен әкеңнiң ағаң Есауға:
7«Маған бiр аң аулап әкелiп, дәмдi етiп тамақ пiсiрiп бер. Мен оны жеп, өлмей тұрғанда саған Жаратқан Иенiң алдында батамды берейiн» дегенiн естiдiм.
8Ұлым, саған айтатын ақылыма мұқият құлақ сал:
9қораға барып, маған екi қоңды лақты алып кел. Олардан дәмдеп, әкең сүйсiнiп жейтiн тағам дайындаймын.
10Соны әкеңе апар, ол жесiн, сөйтiп ол өлер алдында батасын саған бередi. —
11Бiрақ Жақып шешесiне:
— Ағамның денесiн қалың түк басқан, ал мен түксiзбiн.
12Әкем менi сипаласа ше, онда оның алдында өтiрiкшi болып, одан бата орнына қарғыс алармын, — дедi.
13Сонда шешесi:
— Саған деген қарғысты өз мойныма аламын, сен айтқанымды iстеп, маған екi лақты әкеп бер, — деп жауап қатты.
14Жақып лақтарды алып келiп, шешесiне бердi. Ол солардан ұлдың әкесi сүйсiнiп жейтiн тамақ әзiрледi.
15Содан кейiн Рабиға үлкен ұлы Есаудың өз үйiнде жатқан ең сәндi киiмдерiн алып, оларды кенжесi Жақыпқа кигiздi.
16Сойылған лақтардың терiсiмен оның түксiз мойнымен екi бiлегiн жапты.
17Жақыптың қолына әзiрленген дәмдi тамақ пен пiсiрген нанын ұстатты.
18Ол әкесiне кiрiп:
— Әке! — дедi.
— Иә, ұлым, сен кiмсiң? — деп сұрады Ысқақ.
19— Мен тұңғышыңыз Есаумын. Маған айтқаныңызды орындадым. Басыңызды көтерiп, мен аулаған аңның етiн жеп, маған батаңызды берiңiз.
20Ысқақ:
— Ұлым, қалайша оны тез тауып алдың? — деп сұрағанда Жақып:
— Сiздiң сиынатын Құдайыңыз Жаратқан Ие оны маған кездестiрдi, — деп жауап қайтарды.
21Сонда Ысқақ:
— Ұлым, маған жақындашы. Сен шынымен ұлым Есаусың ба, жоқ па, соны бiлу үшiн сенi сипалап көрейiн, — дедi.
22Жақып қасына келген соң әкесi оны сипалап тұрып:
— Даусы Жақыптiкi, ал қолдары Есаудiкi, — деп шүбәсын бiлдiрдi.
23Ал Жақыптың қолдарынан ағасының қолдарындағыдай түктi сезгеннен кейiн Ысқақ Жақыпты танымады. Оған батасын бермек болды,
24бiрақ ол тағы бiр рет:
— Сен шынымен ұлым Есаумысың? — деп сұрады. Жақып:
— Иә, солмын, — деп жауап бердi.
25Сонда әкесi:
— Ұлым, аңнан әзiрленген тамағыңды бер. Мен жейiн де, саған батамды берейiн, — дедi.
Жақып әкесiне тамақты ұсынды, ол жедi, кейiн шарап әкелiп, ол оны да iштi.
26Содан соң Ысқақ:
— Ұлым, маған жақын келiп, менi сүй, — дедi.
27Жақып әкесiнiң қасына барып, оны сүйгенде, Ысқақ оның киген киiмдерiнен Есаудың иiсiн сездi. Жақыпқа батасын берiп былай дедi:
«Ұлымның иiсi Жаратқан Ие
Жарылқаған даланың иiсiндей.
28Айыра көрмесiн Құдай сенi аспан шығынан,
Топырақтың құнарлылығынан,
Ағыл-тегiл астық пен жүзiм шырынынан!
29Саған ұлттар қызмет жасасын,
Халықтар бас иетiн болсын!
Сен ағайындарыңды билейтiн бол,
Анаңның ұлдары саған бағынсын!
Сенi қарғайтындарды қарғыс атсын,
Ал батасын беретiндер жарылқансын!»
30Ысқақ батасын аяқтап, Жақып әкесiнен шығып бара жатқан кезде, ағасы Есау аң аулаудан қайтып келдi.
31Ол да дәмдi тамақ пiсiрiп, әкесiне апарып, оған:
— Әке, басыңызды көтерiп, батаңызды беру үшiн мен әзiрлеген тамақтан iшiңiз, — дедi.
32Сонда әкесi одан:
— Сен кiмсiң? — деп сұрады. Ұлы оған:
— Мен тұңғыш ұлыңыз Есаумын ғой, — деп жауап бердi.
33Сонда Ысқақ қатты шошып кетiп:
— Аң аулап, одан тамақ әзiрлеп, маған әкелген адам кiм болды екен? Мен ол тамақты жаңа сен келер алдында ғана жеп, оны әкелген адамға батамды берiп қойдым. Ендi батам сол күйiнде қалады, — дедi.
34Есау әкесiнiң сөзiн естiгенде әбден күйiнiп, қатты айқайлап жiберiп:
— Әке! Маған да батаңызды берсеңiз еттi! — деп жалбарынды.
35Ал әкесi:
— Iнiң қулықпен келiп, саған тиесiлi батаны иемденiп кеттi, — деп бас тартты.
36Сонда Есау:
— Оның аты Жақып қой, ол менi екi рет алдап үлгердi. Алдымен ол менен тұңғыштық жолымды алдап алды, ендi маған тиiстi батаны да иемденiп кеттi! — дедi де, әкесiне қарап:
— Сiз маған деген ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба? — деп сұрады.
37Ысқақ:
— Мен оны саған би етiп, бауырларын өзiне қызметшi қылып бердiм, астық пен жүзiм шырынымен қамтамасыз еттiм. Ұлым, мен ендi сен үшiн не iстей аламын? — деп жауап бердi.
38— Әке, сiзде бар болғаны бiр-ақ бата ма едi? Маған да батаңызды бере көрiңiз! — деп, Есау дауыстап жылай бастады.
39Сонда Ысқақ оған:
«Сен құнарлы топырақтан,
Аспан шығынан алыс мекендейтiн боласың.
40Семсерiңе сүйене өмiр сүрiп,
Бауырыңа бағынасың.
Бiрақ жұлқынып қарсы шыққаныңда
Мойныңдағы езгiсiнен құтылып босайсың»,
Жақыптың нағашы ағасына қашып баруы
41Есау сол кезден бастап Жақыпты әкесiнен алдап алған батасы үшiн жек көрдi. Ол өз-өзiне: «Көп ұзамай әкем дүние салып, жоқтау айтатын уақыт келер. Содан кейiн Жақыпты өлтiремiн», — дедi.
42Үлкен ұлының бұл сөздерi Рабиғаның құлағына шалынды. Сонда ол кенжесiн шақырып алып: «Ағаң Есау кек алып, сенi өлтiрмекшi.
43Сондықтан айтқанымды тыңда: тез жолға жиналып, Харандағы туған ағам Лабанға қашып кет.
44Ағаңның ашуы қайтқанша сол жерде бiраз бола тұр.
45Кейiнiрек ол өзiне iстегенiңдi ұмытып, ашуы қайтқан кезде бiреудi жiберiп, сенi шақыртып аламын. Мен бiр күнде екi ұлымнан бiрдей айырылып қалар жайым жоқ!» — дедi.
46Содан соң Рабиға Ысқаққа: «Есаудың алған хеттiк әйелдерiнiң кесiрiнен өмiрiм уайымға толы өтiп жатыр. Егер Жақып та мына хеттiк әйелдер сияқты жергiлiктi қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмiр сүрудiң не қажетi бар?» — дедi.
1Сонда Ысқақ Жақыпты шақырып алып, оған батасын берiп, былай деп өсиет айтты: «Сен қанахандық әйелге үйленбе!
2Одан да жолға жиналып, солтүстiк Месопотамияға, шешеңнiң әкесi Бетуелдiң үйiне барып, әйелдi сол жерден, шешеңнiң ағасы Лабанның қыздарының бiреуiнен ал!
3Құдiретi күштi Құдай сенi жарылқап, ұрпақты етiп, сенен бiр топ ұлттарды таратсын!
4Құдайдың Ыбырайымға берген батасы саған да, ұрпағыңа да қонсын; бiр кезде Құдай Ыбырайымға уәде етiп сыйлаған, қазiр сен жат жерлiк ретiнде тұрып жатқан осы жер ұрпағыңның иелiгiне айналсын!»
5Осылай деп, Ысқақ оны қоя бердi. Жақып арамалық Бетуел ұлы Лабанға қарай жол тартты. Ол шешесi Рабиғаның туған ағасы болатын.
6Ал Есау болса, Ысқақтың Жақыпты әйел алу үшiн солтүстiк Месопотамияға жiбергенiн, оған батасын берiп тұрып: «Қанахандықтардың қыздарына үйленбе», — деп өсиеттегенiн
7және Жақыптың әке-шешесiнiң тiлiн алып, сол жаққа кеткенiн естiдi.
8Бұл арқылы Есау өзiнiң қанахандық әйелдерiн Ысқақтың жаратпайтынын бiлiп алды.
9Сондықтан ол Ыбырайым ұлы Ысмағұлға барып, әйелдерiнiң үстiнен оның қызы, Набайоттың қарындасы Махалатты да әйелдiкке алды.
Жақыптың көрген түсi және Құдайға берген уәдесi
10Жақып Бер-Шебадан шығып, Харанға қарай жол тартты.
11Күн батып кеткендiктен жеткен жерiнде түнеп қалды. Ол сол жерден бiр тасты алып, басына жастанды да, ұйқыға кеттi.
12Ұйықтап жатып, түс көрдi. Түсiнде оған жерден көкке дейiн жетiп тұрған баспалдақ көрiндi. Құдайдың перiштелерi оның үстiмен бiр шығып, бiр түсiп жүр екен.
13Соның басында Тәңiр Ие тұрып: «Мен Жаратқан Иемiн, атаң Ыбырайым мен әкең Ысқақтың сиынатын Құдайымын. Сен ұйықтап жатқан жердi саған және ұрпағыңа беремiн.
14Сенiң үрiм-бұтағың жер бетiндегi құм түйiршiктерiндей сансыз көп болады. Батыс пен шығысқа, солтүстiк пен оңтүстiкке тарайсың. Өзiң және ұрпағың арқылы жер бетiндегi барлық ұлттарға батам қонады.
15Бiлiп ал, Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын, кейiн осы жерге қайта алып келемiн. Сенi жалғыз қалдырмаймын, саған қандай уәде берсем, соның бәрiн орындаймын», — деп аян бердi.
16Жақып оянып: «Шынында Жаратқан Ие осы жерде! Ал мен мұны бiлмедiм, — деп,
17қорқып тұрып: — Мына жер неткен киелi едi! Бұл — Құдайдың үйi, мұнда көкке апаратын қақпа тұр!» — дедi.
18Ертеңiне Жақып ерте тұрып, басына жастанған тасты ескерткiш тас ретiнде тұрғызып, үстiне май құйып оны Құдайға бағыштады.
19Осы орынға Бетел (яғни «Құдай үйi») деген ат қойды; бұрын ол Лұз деп аталған едi.
20Жақып: «Егер Құдай маған жар болып, осы сапарымда аман сақтаса, жейтiн нан, киетiн киiммен қамтамасыз етiп,
21әкемнiң үйiне аман-есен қайтарса, онда Жаратқан Ие менiң сиынатын Құдайым болады.
22Мен ескерткiш тас ретiнде орнатқан осы тас Оған ғибадат ететiн орын болмақ. Я, Құдайым, Сенiң маған беретiнiңнiң барлығының оннан бiрiн Өзiңе арнамақпын», — деп Тәңiр алдында уәде бердi.
1Жақып сапарын әрi қарай жалғастырып, шығыс елiне жеттi.
2Сол жерде ол далада тұрған бiр құдықты көрдi. Оның қасында үш отар қой жатты, шопандар малдарын содан суарады екен. Құдықтың аузы алып таспен бекiтiлген едi.
3Барлық отарлар жиналғаннан кейiн малшылар тасты аударып тастап, малдарын суарып, болған соң құдық аузын қайтадан бекiтiп қоятын.
4Жақып малшылардан:
— Ағайындар, қай жерденсiңдер? — деп сұрады.
— Хараннанбыз.
5— Нахор ұлы Лабанды бiлесiңдер ме?
— Иә, бiлемiз.
6— Оның хал-жағдайы жақсы ма?
— Жақсы. Мiне, оның қызы Рахила қойларын айдап келе жатыр.
7Жақып:
— Күн әлi ерте, малды жинайтын уақыт болған жоқ. Қойларды суарып алып, өрiске жайып, бағыңдар, — дегенде
8малшылар:
— Барлық мал жиналып, құдық аузындағы тас алынып тасталғанша олай iстей алмаймыз. Тек содан кейiн малды суарамыз, — деп жауап бердi.
9Олар сөйлесiп тұрғанда, Рахила әкесiнiң ұсақ малдарымен құдық басына келдi. Себебi ол да мал бағатын.
10Жақып нағашысы Лабанның қызы Рахиланы және оның қойларын көрiсiмен құдық аузындағы тасты аударып тастап, малдарын суарып бердi.
11Сонан соң Рахиланың бетiнен сүйiп, дауыстап жылап,
12өзiн: «Әкеңнiң жиенi, Рабиғаның ұлымын», — деп таныстырды. Қыз әкесiне жүгiрiп барып, болған жайтты айтып бердi.
13Лабан қарындасының ұлы Жақып туралы ести сала, алдынан шықты. Оны құшақтап бауырына қысып, бетiнен сүйiп, үйiне алып барды. Жақып Лабанға өзiнiң неге келгенi жайлы әңгiмелеп бердi.
14Сонда Лабан: «Сен қандас бауырымсың», — деп, оған құшағын жайды.
Жақыптың үйлену тарихы
Жақып нағашысының қасында бiр ай болғаннан кейiн,
15Лабан одан:
— Сен туысым болғандықтан маған тегiн қызмет етуге тиiссiң бе? Айтшы, қызметiң үшiн менен не қалайсың? — деп сұрады.
16Лабанның екi қызы бар болатын, үлкенiнiң аты Лия, кiшiсiнiң аты Рахила едi.
17Лия көзiнде оты жоқ, тартымсыз, ал Рахила сұлу, дене бiтiмi әдемi болатын.
18Жақып Рахиланы ұнатып қалып, Лабанға:
— Мен сiзге кiшi қызыңыз Рахила үшiн жетi жыл қызмет iстеуге әзiрмiн, — деп жауап қайтарды.
19Лабан:
— Оны бөтен бiреуге ұзатқанша саған бергенiм артық. Менiң қасымда қал, — деп келiстi.
20Осылай Жақып Рахила үшiн жетi жыл қызмет еттi. Ол Рахиланы өте жақсы көргендiктен бұл жылдар бiрнеше күндей зымырап өте шықты.
21Уақыты жеткенде Жақып Лабаннан: «Келiсiлген мерзiм аяқталды. Маған қалыңдығымды берiңiз, үйленгiм келедi», — деп рұқсат сұрады.
22Сонда Лабан ауыл адамдарын түгел шақырып, үлкен той жасады.
23Ал кеш түсе Лабан Жақыпқа үлкен қызы Лияны жетектеп апарып бердi. Жақып түнде сонымен бiрге болып шықты.
24Лабан күңi Зилпаны Лияға жеке қызметшiсi етiп бердi.
25Таң атқанда, мiне ғажап, қалыңдық Лия болып шықты! Жақып Лабанға:
— Бұл не iстегенiңiз? Сiзге Рахиланы алу үшiн қызмет еттiм емес пе? Менi неге алдадыңыз? — деп ашуланды.
26Лабан оған:
— Бiзде үлкенi тұрғанда кiшi қызын ұзатпайды.
27Бiр жұма бойы үйлену тойын осы қалыңдығыңмен өткiз, содан кейiн мен саған кiшiсiн де беремiн. Ол үшiн тағы да жетi жыл қызмет етесiң, — деген шешiмiн айтты.
28Жақып бұған келiсiп, бiр апта бойы тойды Лиямен өткiздi. Мұнан соң Лабан оған кiшi қызы Рахиланы да қосты.
29Рахилаға жеке қызметшiсi етiп күңi Балханы бердi.
30Жақып Рахиламен де бiрге болып, оны Лиядан гөрi артық ұнатты. Бұдан кейiн ол Лабанның қол астында тағы да жетi жыл қызмет еттi.
Жақыптың балалары
31Жаратқан Ие Жақыптың Лияны ұнатпайтынын көрген соң оған балалы болу қабiлетiн сыйлады, ал Рахила бедеу болатын.
32Сонымен Лия жүктi болып, ұл туды. Ол: «Шеккен азабыма Жаратқан Ие назар аударды. Ендi күйеуiм менi жақсы көретiн болады», — деп, баласына Рубен («Қара, бiр ұл») деген ат қойды.
33Кейiн Лия тағы да ұл тапқанда: «Ием менiң жек көрiнiштi екенiмдi естiп, маған мына ұлды да сыйлады», — деп, оған Шимон (яғни «Естiп тұрған») деген есiм бердi.
34Тағы бiр ұл туған соң Лия: «Ендi күйеуiм маған мықтап жабысты, себебi мен оған үш ұл туып бердiм», — дедi. Сондықтан бала Леуi («Жабысқан») деп аталды.
35Мұнан соң да Лия құрсақ көтерiп, ұл тапқанда: «Бұл жолы Жаратқан Иенi мадақтаймын», — деп, ұлын ЯҺуда («Мадақтау») деп атады. Содан кейiнгi жылдары ол бала көтермедi.
1Рахила өзi Жақыпқа бала туып бермегендiктен әпкесiне қызғана қарап, күйеуiне:
— Маған бала бершi, әйтпесе өлемiн! — дедi.
2Жақып оған:
— Саған бала тууды қимаған Құдай мен емеспiн ғой! — деп ашуланды.
3Ал Рахила:
— Мынау күңiм Балха, сонымен жақындас. Ол мен үшiн бала туып берсiн, соның арқасында мен де балалы болайын, — деп,
4Балханы Жақыпқа қосты. Онымен бiрге болған соң,
5күңнiң аяғы ауырлап, ұл туды.
6Сонда Рахила: «Құдай құқымды қорғап, төрелiк еттi. Ол өтiнiшiме құлақ асып, маған ұл сыйлады», — дедi де, баланы Дан («Төрешi») деп атады.
7Бұдан кейiн Рахиланың күңi Жақыпқа тағы бiр ұлды туып бердi.
8Сонда Рахила: «Мен әпкеммен жүргiзген тартыста оны жеңiп шықтым», — деп, оған Нафталим («Тартысым») деген есiм бердi.
9Лия өзiнiң тумай қалғанын көрген соң, күңi Зилпаны Жақыпқа қосты.
10Зилпа да Жақыпқа ұл туып бердi.
11Сонда Лия: «Бұл не деген бақыт!» — дедi де, оны Ғад («Бақыт») деп атады.
12Кейiн Лияның күңi Зилпа Жақыпқа екiншi ұлын туды.
13Сонда Лия: «Мен қандай бақыттымын! Барлық әйелдер менi қуанышты деп атайтын болады», — деп, балаға Ашир («Қуанышты») деген ат қойды.
14Рубен егiн орағы кезiнде даладан махаббат алмасы деген жемiстер тауып алып, шешесi Лияға алып келдi. Сонда Рахила Лиядан:
— Ұлыңның махаббат алмасынан бершi, — деп сұрады. Ал Лия:
15— Сен күйеуiмдi тартып алғаның аз болғандай, ендi баламның махаббат алмаларын да алғың келе ме? — деп бермей қойды. Ал Рахила:
— Егер маған ұлыңның алмаларын берсең, онда Жақып бүгiн түнде сенiмен болсын, — дедi.
16Жақып кешке даладан келгенде, Лия оның алдынан шығып: «Бүгiн түнде менiмен бiрге боласың. Соны ұлымның әкелген махаббат алмаларына сатып алдым», — дедi. Сөйтiп ол түндi Лиямен өткiздi.
17Құдай Лияның тiлегiн қабылдап, ол екiқабат болып, Жақыпқа бесiншi ұлды туды.
18Сонда Лия: «Мен күңiмдi күйеуiме бергенiм үшiн Құдай маған есесiн қайтарып, осы баламды сыйлады», — деп, ұлын Исашар (яғни «Есе») деп атады.
19Кейiнiрек тағы да бала көтерiп, Жақыпқа алтыншы ұлын туып бердi.
20Сонда ол: «Құдай маған құнды сыйлық тартты. Ендi күйеуiм менi сыйлап, бiрге қалатын болады, өйткенi оған алты ұл тауып бердiм», — деп, оның есiмiн Забулон («Сый») деп қойды.
21Мұнан соң бiр қыз туып, оны Дина деп атады.
22Ақырында Құдай Рахиланы мейiрiмдiлiкпен есiне түсiрiп, тiлегiне құлақ асып, оған да ана болу бақытын сыйлады.
23Рахила ұл туып: «Құдай менi масқаралықтан құтқарды», — дедi.
24Баласына Жүсiп («Қоса берсiн») деген ат қойып: «Жаратқан Ие маған тағы бiр ұлды қоса берсiн!» — дедi.
Жақыптың айламен үлкен байлыққа кенелуi
25Рахиладан Жүсiп дүниеге келгеннен кейiн Жақып Лабанға тiл қатып:
— Маған өз жерiме, туған елiме қайта оралуыма рұқсат етiңiз.
26Мен жолға шығайын, әйелдерiм мен балаларымды берiңiз, солар үшiн қызмет еттiм ғой. Сiзге қаншалықты қызмет жасағанымды өзiңiз бiлесiз, — дедi.
27Лабан:
— Сенiң маған iстеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенiң менi сен үшiн жарылқап жүргенiн байқап жүрмiн.
28Алуға тиiстi ақыңды өзiң белгiлешi, мен оны төлемекпiн, — деп жауап қатты.
29Жақып оған:
— Сiзге қаншалықты қызмет еткенiмдi, менiң арқамда малыңыздың қаншама өскенiн өзiңiз бiлесiз.
30Мен келгенде сiзде болған азғана дүние әлдеқайда көбейдi. Жаратқан Ие сiздi менiң қолым тиген әрбiр жұмыста жарылқап отырды. Ал ендi, қашан мен өз үйiм үшiн бiрдеме iстей аламын, соны айтыңызшы? — деп наразылық танытты.
31Лабан:
— Мен саған не беруiм керек? — деп сұрады. Жақып:
— Маған түк бермей-ақ қойыңыз. Мына ұсынысымды қабылдасаңыз, ұсақ малдарыңызды әрi қарай баға берейiн.
32Бүгiн барлық отарларыңызды аралап шығайық. Сонда әрбiр теңбiл, ала қойды, қара қозыны және теңбiл, ала ешкiнi маған айырып берiңiз, олар еңбек ақым болсын.
33Келешекте сiзге адалдығымды былайша дәлелдемекпiн: сiз ақымды көру үшiн келген кезде менiң отарымдағы әрбiр теңбiл, ала емес ешкi, қара емес қой ұрланған болып табылсын, — деген ұсыныс жасады.
34Лабан:
— Жарайды, айтқаның болсын, — деп келiстi.
35Алайда сол күнi Лабан (айлакерлiк жасап) ұрғашысы бар, еркегi бар барлық ала, тарғыл ешкiлер мен қара қозыларды өзiне айырып алып, ұлдарының қарамағына жiбердi де,
36Жақыптың қасынан үш күндiк жерге қоныс аударды. Ал өзiнiң қалған ұсақ малдарын Жақыпқа бақтырып қойды.
37Сонда Жақып теректiң, бадам ағашының, шынардың жас шыбықтарын алып, ақ жолақтары айқын көрiнетiндей етiп қабықтарын аршыды.
38Шыбықтарды мал су iшкенде көз алдарында жату үшiн науалардың iшiне салып қойды. Қойлар ала шыбықтар жатқан науаның қасына келiп,
39бiр-бiрiмен шағылысқанда, олардан тарғыл, қара ала қозылар туды.
40Жақып тарғыл, қара ала қошақандарды айырып алып, өзi бағып жүрген отардың алдыңғы жағына қарай айдап отырды. Сөйтiп ол өзiне жеке отар дайындап алып, қойларын Лабанның малына жуытпай бақты.
41Күйлi малдар шағылысар кезде Жақып қойлар ала шыбықтарға қарап шағылыссын деп соларды науалардың iшiне салып қойып жүрдi.
42Бiрақ нашар малдар шағылысқанда шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесiне нашар қойлар тисе, Жақып күйлi малға ие болды.
43Осы айламен Жақып өте-мөте байып, отар-отар ұсақ малдар, түйелер мен есектерге және құл-қызметшiлерге ие болды.
1Сол шамада Лабанның ұлдарының: «Жақып әкемiздiң жиған-тергенiн иемденiп алды. Ол өз байлығын әкемiздiң мал-мүлкi арқылы жасады», — деп шағынып жүргенi Жақыптың құлағына шалынып,
2Лабанның да өзiне бұрынғыдай қарамайтынын байқады.
3Осы кезде Жаратқан Ие Жақыпқа сөзiн арнап: «Ата-бабаңның елiне, өз жақындарыңа қайт! Мен саған жар боламын», — деп бұйырды.
4Жақып Рахила мен Лияны мал жайып жүрген далаға шақыртып алып,
5оларға былай дедi:
— Мен әкелерiңнiң маған бұрынғыдай қарамайтынын байқап жүрмiн. Бiрақ әкемнiң сиынатын Құдайы маған жар болып келедi.
6Менiң бар күшiммен әкелерiңе қызмет жасағанымды жақсы бiлесiңдер.
7Бiрақ сол кiсiден көңiлiм қалды, ол алатын ақымды он рет өзгерттi. Алайда Құдай оның маған зиян келтiруiне жол бермедi.
8Әкелерiң: «Теңбiл мал сенiкi болсын», — деп едi. Сол-ақ екен, отардағы бүкiл малдар теңбiл қозыларды туды. Ол: «Шұбар малдар сенiкi болсын», — деп едi, отардағы бүкiл малдар шұбар қозыларды туды.
9Осылайша Құдай әкелерiңнiң малын одан алып, маған бердi.
10Малдардың шағылысар уақыты келгенде, түс көрдiм. Түсiмде саулықтармен шағылысып жүрген қошқарлар теңбiл, ала немесе шұбар екен.
11Құдайдың перiштесi аян етiп: «Жақып!» — дедi. Мен: «Тыңдап тұрмын», — деп жауап бердiм.
12Ол маған: «Басыңды көтерiп, қара! Саулықтармен шағылысып жүрген қошқарлардың барлығы шұбар, теңбiл, ала. Өйткенi Лабанның саған не iстегенiнiң бәрiн көрiп жүрмiн.
13Мен саған Бетелде көрiнген Құдаймын. Сол жерде сен үстiне май құйып Маған арнаған ескерткiш тас тұрғызып, Өзiме мойынсұнуға уәде берген едiң. Ендi тұрып, сапарға дайындал. Бұл жердi тастап, туған елiңе қайт!» — дедi.
14Сонда Рахила мен Лия Жақыпқа жауап берiп:
— Әкемiздiң үйiнде бiздiң ешқандай үлесiмiз қалған жоқ қой.
15Ол бiзге бөтен адамдарға қарағандай қарады емес пе? Бiздi сатып жiберiп, сол ақшаны түгелдей өзiне жаратты.
16Шындығында Құдай алып қойған әкемнiң байлығы бiздiкi, балаларымыздың үлесi. Ендi Құдай не айтса, соны iсте, — деп жауап бердi.
17Жақып жолға жиналып, балалары мен әйелдерiн түйелерге отырғызды да,
18өзi солтүстiк Месопотамияда тұрғанда тапқан барлық мал-мүлкiн алып, әкесi Ысқаққа қарай Қанахан жерiне жол тартты.
19Бiрде Лабан қойларын қырқып жүргенде Рахила әкесiнiң үйiндегi мүсiнделген тәңiр бейнелерiн ұрлап алған едi.
20Ал Жақып өзiнiң көшiп кететiнiн айтпай, қайын атасы арамалық Лабанды алдап кеттi.
21Өзiне тиiстiнiң бәрiн ала-сала қашқан ол Евфрат өзенiнен өтiп, Ғалақад тауларына қарай бет алды.
Лабан мен Жақыптың келiсiм жасауы
22Үш күн өткен соң Лабан Жақыптың қашып кеткенi туралы естiдi.
23Ол туыстарын ертiп алып, жетi күн бойы суыт жүрiп, Жақыпты Ғалақад тауларында қуып жеттi.
24Бiрақ түнде Құдай Лабанға түсiнде аян берiп: «Сақ бол, Жақыпқа қарсы түк айтушы болма!» — деген едi.
25Лабан Жақыпты қуып жеткен кезде ол Ғалақад тауларында шатырларын тiгiп қойған болатын. Лабан да туыстарымен сол жерге шатырларын тiктi.
26Лабан Жақыпқа былай деп тiл қатты:
— Бұл не қылғаның? Менi алдап, қыздарымды соғыста қолға түскен тұтқын сияқты алып кетiпсiң!
27Неге менi алдап, жасырын түрде түк айтпастан қашып кеттiң? Мен сенi қуана-қуана ән-күймен думандатып шығарып салатын едiм ғой.
28Бiрақ сен маған өз немерелерiм мен қыздарымның беттерiнен сүйгiзбей алып кетiп, нағыз ақымақтық жасадың!
29Ендi менiң сендерге жамандық iстеуге де күшiм жетушi едi. Бiрақ соңғы түнi әкеңнiң Құдайы маған: «Сен Жақыппен қатты сөйлесуден сақ бол!» — деп аян бердi.
30Жарайды, сен әкеңнiң үйiн сағынған соң кетiп бара жатырсың. Алайда нелiктен менiң мүсiнделген тәңiр бейнелерiмдi ұрлап алып кеттiң? —
31Жақып оған:
— Мен қыздарыңызды тартып әкетерсiз деп қорыққан едiм.
32Ал тәңiр мүсiндерiңiздi кiмнен тапсаңыз, сол адам тiрi қалмасын. Туыстардың алдында тiнту жүргiзiңiз, бiзден сiзге қарасты бiр нәрсе тауып ала қояр ма екенсiз. Егер бiр нәрсе тапсаңыз, алыңыз, — дедi. Рахиланың мүсiнделген тәңiрлердi ұрлап алғанын Жақып бiлмейтiн.
33Сонда Лабан Жақыптың, Лияның және екi күңнiң шатырларына кiрiп, түк таппай, соңында Рахиланың шатырына кiрдi.
34Рахила болса, мүсiнделген құдайларды алып, түйесiнiң қомының астына тығып, өзi қомның үстiне отырып алған едi. Сондықтан Лабан бүкiл шатырдың iшiн ақтарса да, түк таппады.
35Рахила әкесiне сылтауратып: «Мырзам, айып етпеңiз, мен алдыңызда тұра алмай отырмын. Қазiр менiң әйелдерге тән ауыратын кезеңiм», — дедi. Лабан қанша iздегенiмен, мүсiндерiн таба алмады.
36Сонда ашулы Жақып Лабанмен айтысып былай дедi:
— Осылай қуып келетiндей, мен не бүлдiрiппiн, қандай күнәм бар?
37Сiз менiң бүкiл үй iшiмдi тiнтiп шықтыңыз, сонда өзiмдiкi деген бiр зат таптыңыз ба? Сондай зат тапсаңыз, оны өзiңiздiң де, менiң де туыстарымыздың алдында көрсетiңiз! Солар екеуiмiзге төрелiгiн айтсын.
38Мен қасыңызда жиырма жыл бойы болдым, сiздiң қой-ешкiлерiңiз ешқашан қозы не лақ тастаған емес, мен ешқашан бiр тоқтыңызды да сойып жеп көрген емеспiн.
39Сiзге ешқашан жыртқыш аңдар талап тастаған қойларды әкелген емеспiн. Қайта, олардың орнын өзiм толтыруға тиiстi болдым. Малдар мейлi күндiз, мейлi түнде ұрлансын, сiз оларды маған төлеттiрдiңiз.
40Күндiз ыстықта, түнде суықта жүрiп, ұйқы көрмедiм.
41Осылайша үйiңiзде жиырма жыл жүрдiм, он төрт жыл бойы қыздарыңыз үшiн, алты жыл малдарыңыз үшiн қызмет iстедiм. Ал өзiңiз менiң жалақымды он рет өзгерттiңiз.
42Егер атамның Құдайы, яғни Ыбырайым сиынатын Құдай, «Ысқақтың Қорғаушысы» маған жар болмағанда, сiз менi құр қол қоя берушi едiңiз. Бiрақ Құдай мүшкiл халiме, ауыр еңбегiме назар аударып, өткен түнде менiң пайдама үкiм кестi. —
43Ал Лабанның жауабы мынау болды:
— Әйелдер менiң қыздарым, балалар да менiкi, малдар да менiң малым. Сен көрiп тұрғанның бәрi менiкi! Алайда мына қыздарым мен олардың туған балалары үшiн ендi не iстей аламын?
44Кел, сен екеуiмiз арамызда айғақ ретiнде жүретiн келiсiм жасайық.
45Сонда Жақып бiр тасты алып, ескерткiш ретiнде орнатып,
46туыстарына: «Бiраз тас жинаңдар!» — дедi. Олар тастарды жинап, төбе етiп үйiп, соның басында отырып, тамақ iштi.
47Лабан бұл төбенi Егар-Сахадута деп атап, ал Жақып оған Ғалақад деген ат бердi.
48Лабан: «Бұл тастөбе бүгiн екеуiмiздiң арамыздағы айғақ», — дедi. Сондықтан ол Ғалақад («Айғақтөбе») деп аталды.
49Ол төбенiң Мизпа («Қарауыл мұнарасы») деген аты да бар. Өйткенi Лабан: «Бiз бiр-бiрiмiзден көз жазып қалғанымызда, Жаратқан Ие үстiмiзден қарауыл болып тұрсын.
50Егер сен қыздарыма нашар қарап, олардың үстiнен басқа әйелдер алсаң, екеуiмiздiң арамызда ешқандай төрешi тұрмаса да, айғақ ретiнде Құдайдың тұратыны есiңде болсын, — деген едi.
51Лабан Жақыпқа тағы былай дедi: — Мiне, төбе, мiне, екеуiмiздiң арамызда мен орнатқан тас ескерткiш.
52Арам оймен осы төбе мен ескерткiштен әрi өтiп не мен саған қарай бармаймын, не сен маған қарай келме! Соның куәсы ретiнде мына тастөбе де, тас ескерткiш те тұратын болсын.
53Ыбырайым мен Нахор және олардың әкелерi мойынсұнған Құдай екеуiмiздiң арамызда қазылық етсiн».
Сонда Жақып әкесi Ысқақ «Қорғаушым» деп сиынған Құдайдың атын атап, ант бердi.
54Содан кейiн тау басында құрбандыққа қой сойып, туыстарын асқа шақырды. Олар тамақ iшiп, сол тауда түнеп шықты.
55Таңертең ерте Лабан орнынан тұрып, немерелерi мен қыздарының беттерiнен сүйiп, оларға батасын бердi. Осылай ол өз мекенiне қайтып кеттi.
1Жақып жолға шыққанда оған Құдайдың перiштелерi кездестi.
2Жақып оларды көрiп: «Мынау Құдай тұратын мекен екен!» — деп, сол жердi Маханаим («Қос мекен») деп атады.
3Жақып Едом елiндегi Сейiр аймағында тұратын ағасы Есауға өзiнен бұрын хабаршыларын жiберiп, оларға былай деп тапсырды:
4— Қожайыныма былай деңдер: құлыңыз Жақып сiзге сәлем жолдады. Осы уақытқа дейiн мен жат жерлiк ретiнде Лабанның қасында тұрып келдiм.
5Сол жерде iрiлi-ұсақты малдар, есектер және құл-қызметшiлер иемденiп алдым. Ендi мiне, мен қожайынымнан маған мейiрiмдi болсын деп өтiнiп отырмын.
6Шабармандары қайта оралып:
— Ағаңыз Есауға бардық, ол сiзге қарсы келе жатыр, қасына ерткен төрт жүз жiгiтi бар, — деген хабар әкелдi.
7Жақып қатты қорқып, үрейi ұшып кеттi. Сондықтан ол өзiмен бiрге жүрген адамдарын, iрiлi-ұсақты малдары мен түйелерiн екi көшке бөлiп:
8«Егер Есау көштердiң бiреуiне жолығып, басып алып жатса, екiншiсi қашып құтыла алар», — деп амалдады.
9Содан кейiн ол Тәңiрге сиынып былай дедi: «Уа, Жаратқан Ие, атам Ыбырайым мен әкем Ысқақтың сиынатын Құдайы! Сен маған: туған елiңе, туыстарыңа қайта орал! Мен саған жақсылық iстеймiн деп бұйырған едiң ғой.
10Өзiңнiң мендей пендеңе жасаған барлық аяушылығыңа, адалдығыңа еш тұрмаймын. Мен Иордан өзенiнен бiр таяққа ғана сүйенiп өткен болсам, ендi өзiмдегi барды екi көшке бөле алатын болып отырмын.
11Менi ағам Есаудың қолынан сақтай көр. Ол келiп, өзiмдi, әйелдерiм мен балаларымды өлтiрiп кете ме деп қорқамын.
12Ал Сен маған: саған көп жақсылық iстеп, ұрпағыңды сансыз көбейтемiн, олар санаса сан жетпейтiн теңiз жағалауындағы құм түйiршiктерiндей көп болады деп сөз бергенсiң».
13Бұл түнi Жақып сол жерде қалып, өзiнiң тапқан мал-мүлкiнен ағасы Есауға сыйға тарту үшiн
14екi жүз ешкi мен жиырма текенi, екi жүз саулық пен жиырма қошқарды,
15отыз боталы түйенi, қырық сиыр мен он бұқаны, жиырма ұрғашы мен он еркек есектi бөлек таңдап алды.
16Жақып әр қызметшiсiнiң қолына жеке-жеке табын тапсырып: «Менiң алдыма түсiп жүре берiңдер! Ал табындардың араларында едәуiр қашықтық болсын!» — деп бұйырды.
17Бiрiншi болып бастап жүретiн қызметшiге ол:
— Егер сенi ағам Есау көрiп: «Сен кiмдiкiсiң, қайда барасың, айдап келе жатқан малың кiмдiкi?» — деп сұраса,
18сен: «Бұлар құлыңыз Жақыптiкi. Бұл оның қожайыны Есауға арнаған сыйлығы, ол өзi артымызда келе жатыр», — деп жауап бер! — дедi.
19Жақып осы талапты екiншi, үшiншi болып кетiп бара жатқан адамдарға, әр табынның соңында келе жатқан адамдардың бәрiне де қойып, былай дедi: — Есауға кезiккенде, сендер дәл осылай айтарсыңдар!
20Сендер тағы да оған: «Құлыңыз Жақып артымызда келе жатыр!» — деңдер. Себебi Жақып: «Осы сыйлықтар арқылы оның ашуын басайын. Содан соң ғана өзiм көзiне көрiнейiн. Мүмкiн ол менi жылы қарсы алатын шығар», — деп ойлады.
21Осылайша сыйлықтар Жақыптан бұрын кеттi, ал өзi сол жерге түнеп қалды.
Жақыптың Құдайдың хабаршысымен күресiп, Исраил деп аталуы
22Сол түнi Жақып орнынан тұрып, екi әйелiн, екi күңiн және он бiр ұлын ертiп алып, Ябок өзенiнiң тайыз жерiне әкелдi.
23Оларды судан өткiзiп алған соң, барлық мал-мүлкiн де арғы жаққа өткiзiп,
24өзi бергi жақта жалғыз қалды. Сонда оған бiр кiсi жолығып, онымен таң атқанша күрестi.
25Ол Жақыпты жеңе алмайтынына көзi жеткенде, оны жамбасынан ұрып, жамбас сүйегi шығып кеттi.
26Әлгi кiсi:
— Менi қоя бер, таң атып қалды, — дедi. Ал Жақып:
— Маған батаңды бермейiнше сенi жiбермеймiн, — деп жауап бердi.
27Сонда ана кiсi Жақыптан:
— Есiмiң кiм? — деп сұрады. Ол:
— Жақып, — дедi (яғни «Алдамшы»).
28Әлгi:
— Ендi сен Жақып емес, Исраил деп аталатын боласың! Себебi Құдаймен күресiп келдiң, ендi адамдарға үстем боласың, — дедi. (Исраил «Құдаймен күресушi» дегендi бiлдiредi.)
29Жақып:
— Өз есiмiңдi айта көр, — деп өтiндi. Ол:
— Неге есiмiмдi сұрайсың? — деп жауап қайтарып, содан кейiн Жақыпқа батасын бердi.
30Жақып осы жердi «Пенуел» («Құдайдың бет-жүзi») деп атап, «Мен Құдаймен бетпе-бет кездестiм, сонда да тiрi қалдым», — дедi.
31Ол Пенуелдiң қасынан өтiп бара жатқанда, таң атып, күн шықты. Ал ол жамбасынан ақсап жүрдi.
32Исраилдiң үрiм-бұтағы осыны ескерiп күнi бүгiнге дейiн жамбастағы сiңiр еттi жемейдi. Себебi Құдай Жақыпты жамбас сүйегiндегi сiңiрiнен ұрған болатын.
1Жақып басын көтерiп, төңiрегiне көз тастағанда ағасы Есаудың төрт жүз жiгiтiмен келе жатқанын көрдi. Сонда ол балаларын Лияға, Рахилаға және екi күңiне бөлiп берiп,
2күңдердi балаларымен алдына, олардың артына Лияны балаларымен, ең соңына Рахиланы Жүсiппен тұрғызды.
3Жақыптың өзi бұлардың ең басында жүрiп, ағасының алдына жеткенше жетi рет жерге иiлiп тағзым еттi.
4Бiрақ Есау жүгiрiп келiп, құшақтай алып, оны бетiнен сүйдi, екеуi де егiле жылады.
5Есау басын көтерiп, әйелдер мен балаларды көргенде:
— Мына қасыңа ергендерiң кiм? — деп сұрады. Жақып:
— Бұлар Құдайдың сiздiң құлыңызға сыйлаған балалары, — дедi.
6Күңдер балаларымен iлгерi шығып, Есауға бастарын идi.
7Содан кейiн Лия да балаларымен келiп, оған тағзым еттi. Ең соңында Жүсiп пен Рахила алға шығып, бастарын иiп сәлем еттi. Есау:
8— Мен жолшыбай кездестiрген табын-табын малдарыңмен не iстейтiн ойың бар? — деп сұрады. Жақып:
— Солар арқылы қожайынымның мейiрiмiне ие болғым келедi, — деп жауап бердi.
9Бiрақ Есау:
— Менiң өзiмдiкi де жетiп жатыр. Бауырым, өз дүниеңе өзiң ие бол, — дедi.
10Ал Жақып:
— Жо-жоқ! Маған мейiрiмiңiз түскенi рас болса, онда мына тартуымды қабыл етiңiз. Мен жүзiңiздi көрiп, Құдайдың бет-жүзiн көргендей болып тұрмын. Себебi сiз менi игi ниетпен қарсы алдыңыз.
11Өзiңiзге арнаған тартуларымды қабыл алыңыз. Маған Құдайдың рақымы түстi, менде не керектiң бәрi де бар, — деп жалбарына түстi. Ақыры Есау көнiп, Жақыптың сыйлықтарын қабыл алды. Оған:
12— Жолға шығайық, мен сендермен бiрге жүремiн, — дедi.
13Бiрақ Жақып былай деп жауап бердi:
— Қожайыным өзi бiледi, менiң жас балаларым бар, қозылы қойларым мен бұзаулы сиырларыма да абай болуым керек. Оларды бiр күн ғана жылдам айдайтын болса, отар-табындарым құрып кететiн болады.
14Қожайыным, құлыңыздың алдынан жүре берiңiз. Мен Сейiр жерiне, қожайыныма жеткенше, айдап келе жатқан малдарымның, жүре алатын балаларымның ыңғайына қарай ақырындап жүретiн болайын. —
15Есау:
— Ендеше мен бiраз адамымды қасыңа қалдырып кетейiн, — деп ұсынды. Ал Жақып:
— Рақмет, оның қажетi жоқ. Қожайыным маған бұдан былай да мейiрiмдiлiк көрсетсе болғаны, — деп тiлегiн бiлдiрдi.
16Есау сол күнi-ақ Сейiр аймағына керi аттанды.
17Жақып болса, Соқотқа барып, өзiне үй, малдарына қора салды. Сондықтан осы жерге Соқот («Қоралар») деген ат қойды.
18Содан кейiн Жақып солтүстiк Месопотамиядан қайтып келген сапарын аяқтап, аман-есен Қанахан елiнде орналасқан Сихем қаласына келдi де, оның қақпасының алдына үйiн тiктi.
19Шатырларын тiккен жердi ол Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күмiс ақшаға сатып алды. Ал Хамордың бiр ұлының аты Сихем болатын.
20Жақып сол жерде Құдайға құрбандық беретiн орын жасап, оны «Исраилдың сиынатын Тәңiрi — Құдай» деп атады.
1Жақыптың Лиядан туған қызы Дина сол жердiң қыздарын көру үшiн үйiнен шықты.
2Оны сол өлкенiң әкiмi хевтiк Хамордың ұлы Сихем көрiп қалып, алып кетiп, зорлап тастады.
3Жiгiттiң көңiлi Динаға ауып, ғашық болып қалды да, онымен жылы сөйлестi.
4Сихем әкесi Хамордан: «Маған осы қызды әйелдiкке алып берiңiз», — деп өтiндi.
5Жақып қызының масқараланғаны туралы естiдi. Алайда ұлдары малмен далада жүргендiктен, олар қайта оралғанша үндемедi.
6Сихемнiң әкесi Хамор Жақыппен сөйлесу үшiн қаладан шығып оған келдi.
7Сол екi арада даладан Жақыптың ұлдары да оралды. Не болғанын естiгенде жiгiттер қатты ренжiп, оларды ашу кернедi. Себебi Сихем қызды зорлауымен Исраилдiң бүкiл әулетiн масқаралап, болмауға тиiс қылмыс жасады.
8Ал Хамор оларға былай деп өтiнiш жасады:
— Ұлымның көңiлi қыздарыңызға ауып тұр, оны оған ұзатсаңыз екен.
9Қыз алып, қыз берiскен құдандалы болайық.
10Бiздiң жақта тұра берiңiздер, ел есiгi сiздерге ашық. Осы жерде қоныстанып, емiн-еркiн жүрiп, егiс танаптарын да иемденiңiздер.
11Сихем қыздың әкесi мен ағаларынан:
— Маған мейiрiмдiлiк танытсаңыздар. Не қаласаңыздар, соны беремiн.
12Қалың малдың және қызға арналған сыйлықтардың мөлшерiн мейлiнше көп атай берiңiздер, мен беруге даярмын. Тек қыздарыңызды маған қосыңыздар, — деп сұрады.
13Бiрақ қарындастары Динаның абыройы төгiлгендiктен, Жақыптың ұлдары Сихем мен Хаморға арам қулықпен жауап берiп:
14— Олай iстей алмаймыз, қарындасымызды сүндеттелмеген жiгiтке қосуға болмайды. Бұл бiз үшiн масқара болар едi.
15Барлық еркек кiндiктерiңiз бiздер сияқты сүндеттелгенде ғана тiлектерiңiздi орындай аламыз.
16Сонда сiздермен қыз алып, қыз берiскен құдандалы халық болып, бiрге тұратын боламыз.
17Ал егер сүндетке отырудан бас тартсаңыздар, қарындасымызды алып, өз жөнiмiзге кетемiз, — дедi.
18Олардың ұсынысы Хамор мен Сихемге ұнады.
19Жақыптың қызын қатты ұнатып қалған жас жiгiт айтылған шартты орындауға бiрден келiстi. Ол әкесiнiң үйiндегiлердiң ең беделдiсi едi.
20Хамор мен Сихем қаланың ер адамдарымен сөйлесуге қақпа алдындағы алаңға барып, оларға былай деп сөз сөйледi:
21«Мына адамдар бiзге бейбiт мақсатпен келдi. Оларға да жер жетедi, бiздiң елде тұрып, осында қалауынша жүре берсiн. Құдаласып қыз алысып, қыз берiсейiк.
22Тек бiздегi бүкiл еркек атаулы олар сияқты сүндеттелетiн болса, олардың ер адамдары бiзбен бiрге тұрып, бiртұтас халық болуға көнедi.
23Сонда отар-табындары мен жиған-тергендерiнiң бәрi де бiздiкi болмай ма? Айтқандарымен келiссек, олар осында тұрып қалмақ».
24Хамор мен Сихемнiң ұсынысы алаңда жиналған барлық беделдi еркек атаулының қолдауын тапты. Сондықтан қала қақпасынан кiрiп-шығып жүрген бүкiл ер адамдар сүндеттелдi.
25Бұдан үш күннен кейiн ер адамдардың барлығы әлi де ауырып жатқан кезде Динаның ағалары — Жақыптың екi ұлы Шимон мен Леуi семсерлерiмен табан астынан қалаға шабуыл жасап, күллi адамдардың көзiн құртты.
26Хамор мен Сихемдi де семсерлерiмен шауып өлтiрiп, қарындастары Динаны Сихемнiң үйiнен алып кеттi.
27Жақыптың ұлдары қарындастарын масқаралап кеткенi үшiн өлтiрiлгендердiң қаласын тiнтiп,
28қой-сиырлары мен есектерiн, iште, сыртта жатқан
29бүкiл байлығын талан-таражға салып, барлық балалары мен әйелдерiн тұтқынға алып, үйлерiндегi дүние-мүлiктерiн тонап кеттi.
30Ал Жақып Шимон мен Леуiге қатты наразыланып:
— Сендер менi осы жерде тұрған қанахандықтар мен перездiктерге жек көрiнiштi қылып, бақытсыздыққа итермеледiңдер. Мендегi адамдар азғана. Әлгiлер жиналып қарсы шығып, менi жеңiп, үй iшiммен жоқ қылар, — дедi.
31Бiрақ ағайынды екеуi:
— Ал ананың қарындасымызға жезөкшеге қарағандай қарауға құқы болды ма? — деп жауап қайтарды.
1Мұнан кейiн Құдай Жақыпқа: «Жинал да, Бетелге өрлеп, сол жердi мекенде. Сонда Есаудан қашып кетiп бара жатқан жолыңда саған аян берген Өзiме арнап құрбандық беретiн орын сал», — деп бұйырды.
2Жақып үй iшiне және ерiп жүрген адамдарының бәрiне былай деп тапсырма бердi: «Қолдарыңда бар бөтен тәңiрлердiң мүсiндерiн* лақтырып тастап, жуынып тазарып, киiмдерiңдi ауыстырыңдар!
3Содан кейiн жиналып, Бетелге өрлейiк. Сол жерде мен Құдайға арнап құрбандық беретiн орын салмақпын. Күйзелген кезiмде Ол маған құлақ асып, жүрген жолдарымда жар болып келедi». —
4Олар қолдарындағы мүсiнделген бүкiл бөтен тәңiрлердi және тұмар сырғаларын Жақыпқа табыс еттi. Ол соларды Сихем қаласының қасындағы бiр емен ағашының түбiне көмiп тастады.
5Сонан соң олар жолға шықты. Құдай төңiректегi қалаларға үрей төндiргендiктен Жақыптың ұлдарының артынан ешкiм қуғындаған жоқ.
6Осылайша Жақып және оған ерiп жүрген барлық адамдар Қанахан жерiндегi Бетел деп те аталатын Лұз қаласына жеттi.
7Сол жерде Жақып ағасынан қашып бара жатқанда өзiне аян берген Құдайға арнап құрбандық беретiн орын салып, оны «Ел-Бетел» («Бетелдiң Құдайы») деп атады.
8Осы кезде Рабиғаның күтушi шешесi Дебора қайтыс болды. Ол Бетелден төменiрек жердегi емен ағашының түбiне жерлендi. Сондықтан сол ағаш «Жоқтау еменi» деп аталып кеттi.
9Жақып Месопотамиядан келгеннен кейiн Құдай тағы да аян берiп, батасын бердi де:
10«Сенiң есiмiң — Жақып. Бiрақ бұдан былай сен Жақып емес, Исраил деп аталасың, — дедi. Сонымен Құдай оның Исраил деген жаңа атын бекiттi.
11Ол сөзiн жалғастырып: — Мен Құдаймын, құдiретi шексiз Тәңiрмiн. Ұрпақты болып көбей! Сенен халық, тiптi көптеген халықтар тарап, патшалар да шығатын болады.
12Ыбырайым мен Ысқаққа беруге уәде еткен елдi Мен саған да, кейiнгi ұрпағыңа да сыйлаймын», — дедi.
13Бұдан соң Ол Жақыпқа сөзiн арнаған жерден жоғары көтерiлiп, ғайып болды.
14Жақып өзiне Құдай тiл қатқан сол жерде ескерткiш тас орнатып, оның үстiне Құдайға арнап сый-тарту ретiнде сусын құйды. Содан кейiн бiраз май да құйып, ескерткiштi Құдайға бағыштады.
15Құдай өзiне сөз арнаған сол жердi ол Бетел («Құдай үйi») деп атайтын.
Рахиланың Буняминдi туып, қайтыс болуы
16Жақыптың көшi Бетелден шығып, Ефратаға бiраз шақырым қалғанда, Рахила толғата бастады. Ол қатты қиналып босанды.
17Рахила қатты қиналып босанып жатқан кезде босандырушы әйел оған: «Қорықпа, сен бұл жолы да ұл туасың», — деп жұбатты.
18Ол хал үстiнде жатып, соңғы демiн шығарарда, баланы Бенони («Бәлемнiң ұлы») деп атады. Бiрақ әкесi оған Бунямин («Бақыт ұлы») деген ат қойды.
19Осылайша Рахила қайтыс болды. Оның мәйiтi Ефратаға бара жатқан жолда, қазiр Бетлехем деп аталатын жерде, қабiрге қойылды.
20Жақып қабiрдiң басына құлпытас орнатты. Рахиланың құлпытасын осы күнге дейiн көруге болады.
21Исраил әрi қарай көше отырып, шатырларын Мығдал-Едердiң ар жағына тiктi.
22Ол сол елде тұрған кезде, тұңғышы Рубен әкесiнiң кәнизәгы Балхамен жақындасты. Ал Исраил бұл туралы бiлiп қойды.
Жақыптың ұлдары
Жақыптың он екi ұлы болды.
23Лиядан туғандары: Жақыптың тұңғышы Рубен, одан кейiн Шимон, Леуi, ЯҺуда, Исашар және Забулон.
24Рахиладан туған ұлдары: Жүсiп пен Бунямин.
25Рахиланың күңi Балхадан туған ұлдары: Дан мен Нафталим.
26Лияның күңi Зилпадан туған ұлдары: Ғад пен Ашир.
Бұлар — Жақыптың солтүстiк Месопотамияда туған ұлдары.
Жақыптың әкесiне қайтып оралуы
27Ақырында Жақып Хеброн деп те аталатын Кирят-Арбадағы Мамреге әкесi Ысқаққа қайтып келдi. Бұл жерде Ыбырайым мен Ысқақ жат жерлiк кiрмелер ретiнде тұрып жатқан болатын.
28Ысқақ жүз сексен жыл жасады.
29Ол мағыналы өмiр сүрiп, жасы ұлғайған шағында о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. Үрiм-бұтағы оны азалап ұлдары Есау мен Жақып мәйiтiн қабiрге апарып қойды.
1Едом деп те аталатын Есаудың үрiм-бұтағының тарихы мынау:
2Есау Қанахан елiнде жергiлiктi үш қызға үйлендi. Олардың аты-жөндерi мынау: хеттiк Елонның қызы Адах, Анахтың қызы, хевтiк Зибеонның немересi Охолибама және
3Ысмағұлдың қызы, Набайоттың қарындасы Басемат.
4Адахтан Елифаз, Басематтан Рәгуел туды.
5Ал Охолибама күйеуiне Егустi, Яғломды және Қорахты туып бердi. Бұлар — Есаудың Қанахан елiнде дүниеге келген ұлдары.
6Кейiн Есау әйелдерiн, ұлдары мен қыздарын, үйiндегi барлық қызметшiлерiн, сонымен бiрге бүкiл iрiлi-ұсақты малдарын, Қанахан елiнде тапқан барлық дүние-мүлкiн алып, iнiсi Жақыптан бөлектенiп, басқа бiр елге қоныс аударды.
7Ағайынды адамдардың мал-мүлкiнiң көптiгi соншалықты, олардың бiрiгiп қоныстануына жағдай болмады. Олар жат жерлiк кiрмелер ретiнде тұрып келген жер оларды малдарының көптiгiнен асырай алмады.
8Осылайша Есау, яғни Едом, Сейiр тауларына қоныс тептi.
9Сейiр тауларындағы аймақты мекендеген едомдықтардың түп атасы Есаудың үрiм-бұтағының тарихы мынау:
10Есаудың ұлдарының аттары: оның әйелi Адахтан Елифаз, ал әйелi Басематтан Рәгуел дүниеге келдi.
11Елифаздың ұлдары Теман, Омар, Зефо, Ғатам және Кеназ едi.
12Елифаздың кәнизәгы Тамна оған Амалек атты ұлды туып бердi. Бұлар — Есаудың әйелi Адахтың немерелерi.
13Рәгуелдiң ұлдары Нахат, Зерах, Шамма, Миза. Бұлар — Есаудың әйелi Басематтың немерелерi.
14Есаудың екiншi әйелi Охолибаманың оған сыйлаған ұлдарының аттары: Егус, Яғлом және Қорах. Охолибама Анахтың қызы, Зибеонның немересi едi.
15Есаудың ұрпақтарының iшiндегi рубасылар: оның тұңғыш ұлы Елифаздың ұлдары — Теман, Омар, Зефо, Кеназ,
16Ғатам, және Амалек. Елифаздан тарап, Едом елiнде қоныстанған бұл рубасылар Адахтың немерелерi едi.
17Есаудың ұлы Рәгуелдiң ұлдары — Нахат, Зерах, Шамма және Миза. Рәгуелден тараған осы рубасылар да Едом елiн мекендедi. Олар Есаудың әйелi Басематтың немерелерi болатын.
18Есаудың әйелi — Анах қызы Охолибаманың ұлдары Егус, Яғлом және Қорах та кезiнде рубасылар болды.
19Жоғарыда аталғандар Едом деп те аталатын Есаудың ұлдары, олардан тараған рубасылары.
20Ал хорлық Сейiрдiң сол елде тұрған ұлдары: Лотан, Шобал, Зибеон, Анах,
21Дишон, Езер және Дишан. Бұлар Сейiрдiң ұлдары, Едом жерiндегi хорлықтардың рубасылары болатын.
22Лотанның ұлдары: Хори мен Хеман, ал Тамна Лотанның қарындасы болатын.
23Шобалдың ұлдары: Албан, Манахат, Ебал, Шебо және Онам.
24Зибеонның ұлдары: Аях пен Анах. Айдалада әкесiнiң есектерiн бағып жүрiп, ыстық су көздерiн тапқан осы Анах болатын.
25Анахтың балалары: ұлы Дишон, қызы Охолибама.
26Дишонның ұлдары: Хемдан, Ешбан, Итран және Керан.
27Езердiң ұлдары: Билхан, Зағауан және Ақан.
28Дишанның ұлдары: Уз бен Аран.
29Хорлықтардың рубасылары мыналар: Лотан, Шобал, Зибеон, Анах,
30Дишон, Езер және Дишан. Бұлар хорлықтардың Сейiр жерiн мекендеп, билейтiн аймақтарына қарай бөлiнген рубасылары болды.
Едомның патшалары
31Исраилдi билейтiн патша шықпай тұрғанда, Едом жерiнде билiк құрған патшалар мыналар:
32Беор ұлы Бела Едомға патшалық құрды, тұрған қаласының аты Дiнхаба болатын.
33Бела дүние салған соң орнына Босрадағы Зерах ұлы Жобаб патша болды.
34Ол өлген соң орнына темандықтардың елiнен келген Хушам патша болды.
35Хушам өлген соң Бедад ұлы Хадад патшалық құрды. Ол мадияндықтарды Моаб жерiнде жеңiп шықты. Қаласының аты Ауит болатын.
36Хадад өлген соң Масректен келген Самла патша болды.
37Самла өлгеннен кейiн Евфрат өзенiнiң бойында орналасқан Рехоботтан келген Саул патша болды.
38Саул өлген соң орнына Ахбор ұлы Бал-Ханан патша болды.
39Ахбор ұлы Бал-Ханан өлгеннен кейiн орнына Хадар патша болды. Оның тұрған қаласының аты Пау болатын. Әйелi Мехетабел Матредтiң қызы, Месахабтың немересi едi.
40Төмендегiлер руларына, тұрған мекендерiне, өздерiне қойылған аттарына қарай бөлiнген Есаудан тараған рубасылар: Тамна, Алуа, Етет,
41Охолибама, Ела, Пинон,
42Кепаз, Теман, Мипсар
43Магдиел, Ирам. Бұлар Едомнан шыққан, ата мекендерiне қарай бөлiнген рубасылар.
Едомдықтардың түп атасы Есаудың үрiм-бұтағы туралы деректер осылар.
1Әкесi Ысқақ кезiнде жат жерлiк кiрме болып өмiр сүрген Қанахан елiнде ендi Жақып та тұрып жатты.
2Жақыптың үрiм-бұтағының тарихы мынау:
Он жетi жасар Жүсiп әкесiнiң әйелдерi Балха мен Зилпадан туған ағаларымен бiрге оның ұсақ малдарын бағысып жүрдi. Бозбала бауырларының жаман iс-әрекеттерi туралы жұрттың айтқандарын әкесiне жеткiзетiн.
3Исраил өзiнiң барлық басқа ұлдарынан гөрi Жүсiптi жақсы көрдi, себебi ол оның қартайған шағында дүниеге келген едi. Әкесi оған әдемiлеп өрнектелген, түрлi түстi ұзын шапан тiккiзiп бердi.
4Әкелерiнiң оны өздерiнен артық көретiнiн сезген ағалары Жүсiптi жаратпай, ендi онымен жылы сөйлесе алмады.
5Бiр күнi Жүсiп түс көрiп, оны ағаларына айтып бердi. Содан кейiн олар Жүсiпке одан бетер терiс қарады.
6Ағаларына айтқаны былай едi:
— Менiң көрген түсiмдi тыңдаңдаршы:
7Мiне, бәрiмiз далада егiн жинап, бау байлап жүр екенбiз. Кенет менiң бауым тiк тұра қалды. Ал сендердiң бауларың менiкiн қоршап, оған иiлiп тағзым еттi! —
8Ағалары оған:
— Сен не, бiзге патшалық құрғың келе ме? Бiздi билемекшiсiң бе? — деп, оны көрген түсi мен айтқан сөзiне бола тiптен ұнатпай кеттi.
9Жүсiп екiншi рет түс көрiп, оны да ағаларына айтып:
— Тыңдаңдаршы, мен тағы да түс көрдiм. Мiне ғажап, бұл жолы маған күн мен ай, аспандағы он бiр жұлдыз иiлiп тағзым еттi! — дедi.
10Ол бұл түсiн әкесi мен ағаларына айтқанда, әкесi оған:
— Сенiң көргенiң қандай түс? Бiз, ата-анаң, ағаларың алдыңа келiп, тағзым етпекпiз бе? — деп зекiп тастады.
11Ағалары Жүсiпке қызғанышпен қарады, бiрақ әкесi оның айтқанын көңiлiне түйiп алды.
Ағаларының Жүсiптi құлдыққа сатып жiберуi
12Бiрде ағайындылар әкелерiнiң ұсақ малдарын жаюға Сихемнiң төңiрегiне кеткен болатын.
13Сонда Исраил Жүсiпке:
— Ағаларыңның малды Сихемнiң маңайында бағып жүргенiн бiлесiң ғой. Бар, мен сенi соларға жiберейiн, — дедi. Жүсiп оған:
— Жарайды, мен дайынмын, — деп жауап бердi. Әкесi:
14— Барып, ағаларыңның хал-жағдайын, малдың күйiн көрiп қайт, — деп, баласын Хеброн аңғарынан Сихемге жiбердi.
Жүсiп дала кезiп жүргенде
15оны бiр адам көрiп:
— Не iздеп жүрсiң? — деп сұрады.
16Жүсiп:
— Мен бауырларымды iздеп жүрмiн. Олардың қай жерде мал бағып жүргенiн бiлмейсiз бе? — дедi.
17Сол кiсi оған:
— Олар бұл жерден кетiп қалды. Дотанға барайық дегенiн құлағым шалды, — деп жауап қайтарды.
Бауырларының артынан жүрiп отырып, Жүсiп оларға Дотанның маңында жолықты.
18Ол ағаларына жақындамай жатып-ақ, Жүсiптi алыстан көрген бетте олар оны өлтiрмекшi болып,
19бiр-бiрiне: «Қараңдар, түс көргiш келе жатыр!
20Жүрiңдер, оны өлтiрiп, құдыққа лақтыра салайық. Жыртқышқа жем болыпты дермiз. Сонда оның түстерiнiң не болып шыққанын көрермiз», — дестi.
21Рубен осыны естiгенде Жүсiптi бауырларынан құтқармақшы болып: «Оны өлтiрмейiк!
22Қан төкпеңдер! Оны айдаладағы құдыққа тастаңдар, бiрақ қол жұмсамаңдар!» — дедi. Осылай Рубен оны бауырларынан құтқарып, әкесiне қайтармақшы болды.
23Жүсiп ағаларының қасына келгенде олар оның киiп жүрген ұзын, әдемi шапанын шешiп алып,
24өзiн құдыққа лақтырып жiбердi. Құдық бос, суы жоқ болатын.
25Содан ағалары тамақтану үшiн жерге жайғасты. Сол кезде төңiректерiне көз тастап, Ғалақад маңынан келе жатқан ысмағұлдық саудагерлер керуенiн көрдi. Мысырға бет алып бара жатқан олардың түйелерiне иiсмай жасайтын құнды шайыр, бальзам және хош иiстi мүр деген заттар тиелген едi.
26Сонда ЯҺуда аға-iнiлерiне: «Бауырымыздың қанын төгiп, оның өлгенiн жасырғаннан бiзге не түседi?
27Жүрiңдер, ана саудагерлерге сатып жiберейiк. Қандас бауырымыз ғой, оған қол жұмсамай-ақ қояйық!» — деп ұсыныс жасады. Аға-iнiлерi бұған келiстi.
28Мадияндық саудагерлер қастарынан өте бергенде ағалары Жүсiптi құдықтан шығарып алып, жиырма мысқал күмiске сатып жiбердi. Олар Жүсiптi Мысырға алып кеттi.
29(Сол кезде олармен бiрге болмаған) Рубен құдыққа қайта оралғанда Жүсiп iшiнде болмай шықты. Қатты күйзелген Рубен көйлегiнiң өңiрiн айыра жыртып,
30бауырларына қайтып келдi де: «Бала жоқ, ендi мен қайда кетсем екен?!» — деп налыды.
31Ал ағайындылар Жүсiптiң шапанын алып, бiр текенi сойды да, шапанды соның қанына бояды.
32Ала шапанды әкесiне жiберiп:
— Бiз мұны даладан тауып алдық. Анықтап қараңыз: бұл ұлыңыздың шапаны емес пе екен? — дедi.
33Әкесi шапанды танып тұрып:
— Бұл — ұлымның шапаны! Ол жыртқышқа жем болыпты-ау! Иә, шынымен-ақ Жүсiптi жыртқыш аң жарып тастапты! — деп еңiреп жiбердi.
34Жақып көйлегiнiң өңiрiн айыра жыртып, азалы киiм киiп алды. Содан ұзақ уақыт бойы ұлын жоқтап аза тұтты.
35Қасына ұл-қыздары келiп, әкелерiн жұбатпақшы болды. Бiрақ ол: «Мен о дүниеге ұлымның қасына аттанғанша қайғырып өтемiн», — деп жұбанбады. Әкесi ұлын осылайша зар жылап жоқтай бердi.
36Осы екi арада мадияндық саудагерлер Жүсiптi Мысырға алып барып, перғауынның сарайындағы Потифар есiмдi уәзiрiне сатып жiбердi. Ол патшаның бас қорғаушысы болатын.
1Сол кезде ЯҺуда бауырларынан бөлiнiп кетiп, одолламдық Хирах есiмдi кiсiнiң қасына қоныстанды.
2Осы жерде ол Шуа деген қанахандықтың қызымен кездесiп, соған үйлендi.
3Содан әйелi бала көтерiп, ұл туды. ЯҺуда оған Ер деп атын қойды.
4Әйелi тағы да ұл туып, оған Онан деген есiм бердi.
5Мұнан кейiн де әйелi ұлды болып, оны Шела деп атады. Ол туғанда ЯҺуда Хезiб қаласында болатын.
6Тұңғышы Ер есейiп, ЯҺуда оған әйел алып бердi, оның аты Тамар едi.
7Бiрақ Жаратқан Ие Ердiң iс-әрекетiн жек көрiп, өмiрiн қысқа қылды.
8Сонда ЯҺуда Онанға: «Жеңгеңе әмеңгер болып үйлен, осылай ағаң марқұмның үрiм-бұтағын жалғастыру парызыңды орында!» — дедi.
9Ал Онан Тамардан туатын балалары өз ұрпағы болып саналмайтынын бiлгендiктен, онымен жақындасқанда ағасынан ұрпақ қалдырмау үшiн ұрығын жерге төгiп тастап отырды.
10Онанның бұл қылығын Жаратқан Ие жек көрiп, оның да өмiрiн қысқа қылды.
11Сонда ЯҺуда Тамарға: «Кенже ұлым Шела үлкейгенше әкеңнiң үйiнде жесiр болып отыра бер», — дедi. Шынында ол Шела да ағалары сияқты өлмесе екен деп ойлап, келiнiн алдамақ болды. Сонымен Тамар әкесiнiң үйiне қайтып барып, сонда тұрып қалды.
12Көп уақыт өткен соң ЯҺуданың өз әйелi — Шуаның қызы қайтыс болды. Аза тұту мерзiмi аяқталысымен ЯҺуда одолламдық досы Хирахпен қойларын қырықтыруға барды.
13Ал Тамарға бiреулер: «Қайын атаң қойларын қырықтыруға Тамнаға қарай өрлеп бара жатыр», — деп хабарлады.
14Шела ер жетсе де, ЯҺуданың өзiн Шелаға қоспайтынына Тамардың көзi әбден жеткен болатын. Сондықтан ол жесiрлiк киiмдерiн әдеттегiдей киiмдермен ауыстырып, ешкiм танымасын деп бетiн пердемен жауып алды. Осылай ол Тамнаға баратын жол бойындағы Енаимға барып, қала қақпасының жанына жайғасты.
15ЯҺуда Тамарды көргенде оны жезөкше әйел екен деп ойлады, өйткенi ол бетiн пердемен жауып алған едi.
16Оның өз келiнi екенiн бiлмей, көшеден бұрылып келiп, оған:
— Жүр, мен саған кiрiп шығайын, — дедi. Әйел:
— Маған кiрiп шықсаңыз, не бересiз? — деп сұрады.
17— Саған отарымнан бiр лақ берiп жiберемiн.
— Маған лағыңызды жiбергенше кепiлдiкке бiр нәрсеңiздi бере тұрыңыз.
18ЯҺуда:
— Қандай кепiлдiк беруiм керек? — деп сұрағанда әйел:
— Мөрiңiздi, бауыңызды, қолыңыздағы таяғыңызды, — деп талап еттi.
ЯҺуда оған сұрағандарын бердi. Онымен болып шыққаннан кейiн Тамар жүктi болды.
19Сол жерден шығысымен ол бет пердесiн алып тастап, жесiрлiк киiмдерiн қайтадан киiп алды.
20ЯҺуда қалдырған кепiлдiк заттарын қайтарып алу үшiн лақты одолламдық досы арқылы берiп жiберген едi, бiрақ ол әйелдi таба алмады.
21Сонда досы сол жердiң тұрғындарынан:
— Енаимға баратын жолда отырған жезөкше қайда? — деп сұрады. Олар:
— Мұнда жезөкше болған емес, — дедi.
22Досы ЯҺудаға қайтып келiп:
— Оны таппадым. Жергiлiктi адамдар сол жерде ешқандай жезөкшенiң болмағанын айтты, — дедi.
23ЯҺуда:
— Онда сол заттар әйелде қала берсiн, әйтпесе күлкiге қалып жүрермiз. Мен оған лақты жiберуiн жiбердiм, бiрақ сен оны таба алмадың ғой, — деп шештi.
24Үш айдан кейiн ЯҺудаға мынадай хабар келiп жеттi:
— Келiнiңiз Тамар жеңiл жүрiске салынып, жүктi болып қалған көрiнедi! — Сонда ЯҺуда:
— Оны алып шығып, өртеу керек, — деп бұйырды.
25Тамарды қаланың сыртына алып шыққан кезде ол қайын атасына кiсi жiберiп:
— Мен мына заттардың иесiнен жүктi болып қалдым! Анықтап қараңыз: мөр, бау және таяқтың иесi кiм екенiн бiлесiз бе? — деп сәлем айтты.
26ЯҺуда заттарды танып тұрып:
— Ол менен әдiлеттiрек, себебi мен оны ұлым Шелаға қосқан жоқпын, — дедi. Ал мұнан кейiн ол Тамармен қайтадан жақындасқан жоқ.
27Босанатын уақыты келгенде Тамардың егiз туатыны белгiлi болды.
28Ол босанып жатқан кезде алдымен бiреуiнiң қолы шықты. Босандырушы әйел бiр ал қызыл жiптi алып, қолға байлап: «Бұл бiрiншi болып шықты», — дедi.
29Бiрақ ол бала қолын қайта тартып алып, оның сыңары бiрiншi болып туды. Босандырушы әйел таңғалып: «Сен қалайша бұзып-жарып бiрiншi боп шықтың?» — дедi. Сондықтан оған Парес («Бұзып-жарушы») деген ат қойды.
30Одан кейiн қолына ал қызыл жiп байланған iнiсi де туды. Оны Зарах («Ал қызыл») деп атады.
1Ысмағұлдық саудагерлер Жүсiптi Мысырға әкелгеннен кейiн оны Потифар есiмдi мысырлық уәзiр олардан сатып алды. Ол перғауынның бас қорғаушысы болатын.
2Жаратқан Ие жар болғандықтан Жүсiптiң қай нәрседен де жолы бола кететiн. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды.
3Қожайыны Жаратқан Иенiң Жүсiпке жар болып, оның қолы тиген заттың бәрiнiң орайын келтiрiп отырғанына көз жеткiзiп,
4Оған мейiрiмiн түсiрдi. Жүсiптi жеке қызметшiсi қылып, сарайын басқартып, өзiндегi барлық дүние-мүлiктi де оның жауапкершiлiгiне бердi.
5Қожайыны Жүсiпке сарайын, барлық дүние-мүлкiн сенiп тапсырғаннан берi Жаратқан Ие оның өзiн де, үйiндегi және даладағы барлық иелiгiн де Жүсiпке бола жарылқап, батасын қондырды.
6Сол себептен Потифар өзiндегiнiң бәрiн де Жүсiпке тапсырып, тек күнделiктi жейтiн тамағының ғана қамын ойлады.
Ал Жүсiп дене бiтiмi келiстi келбеттi жiгiт едi.
7Күндердiң күнiнде қожайынның әйелiнiң көзi Жүсiпке түсiп:
— Жүр, бiрге болайық, — деп елiктiрдi.
8Бiрақ Жүсiп одан бас тартып:
— Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық iстi менiң мiндетiме артып, ештемемен айналыспайды.
9Бұл үйде ешкiм менен артық күштi емес. Қожайыным өзiңiзден басқа ештеңенi де билiгiмнен айырған жоқ. Ал сiз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!
10Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсiп ешқашан айтқанына көнiп, не жақындасқан не бiрге болған емес.
11Алайда бiр күнi Жүсiп жұмысын атқарып жүрiп, үйге кiрсе, басқа ешкiм жоқ екен.
12Сонда әлгi әйел оның шапанының етегiнен ұстай алып: «Жүр, бiрге болайық», — деп қоймайды. Бiрақ Жүсiп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнеледi.
13Жүсiптiң шапанын тастай, үйден тұра қашқанын көргенде,
14қожайынының әйелi үй қызметшiлерiн шақырып: «Қараңдаршы, мына көшпендiнi бiздi мазақтасын деп алып келiптi! Ол үйге кiрiп, менi зорламақшы болды! Бiрақ мен қатты айқайладым.
15Ол айқайымды естiсiмен шапанын қасыма тастай сала, қаша жөнелдi», — деп байбалам салады.
16Күйеуi үйге келгенше, әйел шапанды қасына қояды.
17Күйеуiне де сол әңгiменi айтып берiп: «Сенiң бiзге алып келген көшпендi құлың менi мазақ етпекшi болды!
18Бiрақ мен шу көтерiп, айқайлағанда шапанын қасыма тастай сала, тұра қашты», — дейдi.
19Қожайыны әйелiнiң «Сенiң құлың маған осыны iстедi» деген сөзiн естiгенде, қатты ашуланып,
20Жүсiптi ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жауып тастайды.
21Ал Жаратқан Ие Жүсiпке жар болып, оған шапағатын төгiп, түрме бастығының мейiрiмiне кезiктiрдi.
22Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсiптiң қарамағына тапсырып, бүкiл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды.
23Жүсiпке тапсырған iстiң ешқайсысына да бастық көңiл бөлмедi, себебi Жаратқан Ие Жүсiпке жар болып, оның iстеген әрбiр iсiн оңынан келтiрiп отырды.
1Бiраз уақыт өткенде сарайдағы бас шарапшы мен бас наубайшы перғауынның алдында кiнәлы болып қалды.
2Патша екi уәзiрiне ашуланып,
3оларды бас қорғаушысы басқаратын түрмеге отырғызды. Мұнда Жүсiп те отырған болатын.
4Бас қорғаушы екеуiн Жүсiптiң қарамағына тапсырып, ол соларға қызмет еттi.
Шарапшы мен наубайшы түрмеде бiраз күн өткiзген соң,
5екеуi де бiр түнде түс көрдi. Әр түстiң өзiндiк мағынасы бар болатын.
6Келесi күнi таңертең оларға кiрген Жүсiп екеуiнiң жабырқау екенiн байқап:
7— Бүгiн неге мұңайып отырсыздар? — деп сұрайды.
8— Бiз екеуiмiз де түс көрдiк, бiрақ оны бiзге жорып беретiн ешкiм жоқ, — дейдi олар. Жүсiп:
— Түс жору Құдайдың iсi емес пе? Маған айтып берiңiздер, — дегенде
9бас шарапшы оған түсiн әңгiмелеп бередi:
— Түсiмде бiр жүзiм бұтасын көрдiм.
10Бұтаның үш сабағы бар екен. Көгере бастасымен гүлдеп, жүзiм пiсiп те үлгерiптi.
11Қолымда перғауынның шарап iшетiн тостағаны бар екен. Сонда мен жүзiмдi алып, сығып, шырынын тостағанға ағызып, перғауынның қолына берiппiн. —
12Жүсiп оған:
— Түстiң жоруы былай: үш жүзiм сабағы үш күндi бiлдiредi.
13Үш күннiң iшiнде перғауын басыңызды жоғары көтерiп, сiздi қайтадан орныңызға қояды. Оған бұрынғысынша шарап ұсынатын боласыз.
14Ал iсiңiз оңғарылған шақта менi ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көрiңiз! Менi түрмеден босаттырып, жақсылық жасарсыз.
15Себебi менi көшпендiлердiң елiнен ұрлап алып келген болатын. Бұл жерде де түрмеге түсетiндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, — дейдi.
16Жүсiптiң түстi жақсы жорығанын көрiп, бас наубайшы да түсiн айтып бердi:
— Мен түсiмде басыма үш себет көтерiп жүрiппiн.
17Ең үстiңгi себеттiң iшiнде перғауынға арнап пiсiрiлген тағамдар бар екен, бiрақ оларды басымдағы себеттiң iшiнен құстар шоқып жеп жатыр екен. —
18Сонда Жүсiп:
— Бұның жоруы мынау: үш себет үш күндi бiлдiредi.
19Үш күннiң iшiнде перғауын сiздiң басыңызды көтерiп, дарға асып қояды. Құстар етiңiздi шоқып жейтiн болады, — деп түсiндiредi.
20Үш күн өткен соң перғауынның туған күнi болып, ол күллi нөкерлерiне той жасады. Сонда патша бас шарапшысы мен бас наубайшысын түрмеден шығарып, алдыртып, нөкерлерiнiң алдында
21бас шарапшыны бұрынғысынша шарап құйып беру үшiн қайтадан орнына қойды,
22ал бас наубайшыны дарға асқызды. Бәрi де дәл Жүсiп алдын ала айтқандай болды.
23Алайда бас шарапшы Жүсiптiң тiлегiн есiне алмай, ұмытып кеттi.
1Арада екi жыл өткенде перғауын түс көредi. Түсiнде ол Нiл жағалауында тұр екен.
2Судан жетi семiз, күйлi сиыр шықты да, қамыс iшiнде жайылып жүрдi.
3Мұнан кейiн олардан басқа, сұрықсыз, арық тағы жетi сиыр судан шығып, жағада тұрған сиырлардың қасына келдi.
4Сұрықсыз, арық сиырлар жетi семiз, күйлi сиырды жеп қойды. Сол кезде перғауын оянып кетедi.
5Перғауын тағы да ұйықтап кетiп, қайтадан түс көредi. Түсiнде бiр сабақтан жетi бас, әдемi, толық масақ өсiп тұр екен.
6Ал олардың артында жетi сидиған арық масақ та өсiп тұрды. Оларды шығыстан соғып жатқан жел күйдiрiп жiберген болатын.
7Жетi сидиған арық масақ жетi толық масақты жұтып қойды. Ал перғауын ұйқысынан оянып кетiп, бұның түс екенiн бiледi.
8Ертеңiнде ол жанын қоярға жер таппай, Мысырдың барлық сәуегейлерi мен бiлiмпаздарын алдыртып, көрген түстерiн айтып бердi. Алайда олардың ешқайсысы да патшаның түстерiн жорып бере алмады.
9Сонда бас шарапшы тұрып, перғауынға былай дедi:
— Бүгiн мен өзiм жасаған кiнәны есiме түсiрiп тұрмын.
10Бiрде перғауын өзiнiң құлдары — бас наубайшы мен маған ашуланып, бiздi бас қорғаушының қарамағындағы түрмеге қаматты.
11Бiрде екеуiмiз түнде түс көрiп шықтық, әр түстiң өзiндiк жоруы бар екен.
12Бiзбен бiрге бас қорғаушының қызметшiсi — бiр жас көшпендi жiгiт отырды. Оған түсiмiздi айтып, ол әрқайсымызға жорып бердi.
13Кейiн оқиға дәл ол жорығандай болды: мен қайтадан орныма тұрып, екiншi адам дарға асылды.
14Сонда перғауын кiсi жiберiп, Жүсiптi тез арада түрмеден босатып алғызды. Жүсiп шашын алдырып, киiмдерiн ауыстырған соң, перғауынның алдына келдi.
15Перғауын Жүсiпке:
— Мен түс көрдiм, бiрақ оны ешкiм де жори алмай отыр. Сен туралы түс жори аласың деп естiдiм, — дедi.
16Жүсiп перғауынға:
— Тақсыр, түс жори алатын мен емес. Перғауынның игiлiгi үшiн жоруын Құдай бермек, — дедi.
17Сонда патша Жүсiпке түсiн айтып бердi:
— Мен түсiмде Нiлдiң жағасында тұр екенмiн.
18Сол кезде судан жетi семiз, күйлi сиыр шығып, қамыс iшiнде жайылып жүрдi.
19Кейiнiрек мен олардан басқа, етi сүйегiне жабысып қалған, ұсқынсыз, арық тағы жетi сиырдың судан шығып келе жатқанын көрдiм. Бүкiл Мысыр елiнде осындай ұсқынсыз малдарды көрген емеспiн.
20Әлгi жетi арық, ұсқынсыз сиыр бiрiншi көрiнген жетi семiз сиырды жеп қойды.
21Бiрақ олар семiз сиырларды жеп қойса да, бұрынғысынша ұсқынсыз, арық күйлерiнде қала бердi. Сол жерде мен оянып кеттiм.
22Мен қайтадан түс көрдiм. Түсiмде бiр сабақтан әдемi, толық пiскен жетi масақ өсiп тұр екен.
23Содан кейiн қатып-семiп қалған, сидиған арық тағы да жетi масақ өсiптi. Олар шығыстан соғып тұрған желден кеуiп кеткен болатын.
24Мұнан соң сидиған арық жетi масақ әдемi, толып пiскен масақтарды жұтып қойды. Мен көрген түстерiмдi сәуегейлерге айтып берiп едiм, бiрақ олардың ешқайсысы да дұрыстап жорып бере алмады, — дедi.
25Жүсiп перғауынға былай деп жауап қатты:
— Перғауынның екi түсiнiң де мағынасы бiреу. Құдай перғауынға не болатынын көрсеттi.
26Жетi әдемi сиыр мен жетi әдемi масақ жетi жылды бiлдiредi. Бұл екеуi де бiр түс.
27Олардың артынан келген жетi арық, ұсқынсыз сиыр және шығыстан соққан желден кеуiп қалған жетi масақ жетi жылдық ашаршылыққа меңзейдi.
28Мен жаңа айтқандай, Құдай осы түстер арқылы келешекте не болатынын перғауынға бiлдiрiп тұр:
29бүкiл Мысырда жетi жыл бойы молшылық болады.
30Содан соң молшылықты ұмыттыратын жетi жылдық жұт келiп, елдi титықтатып жiбередi.
31Сонда бұл жерде болған молшылық ешкiмнiң есiнде қалмай, өте ауыр ашаршылық жайламақ.
32Перғауынның түстi екi рет көруi Құдайдың Өзi шешiп қойған бұл iстi еш бөгелместен жүзеге асыратынын бiлдiредi.
33Ендi перғауын бiр ақылды, данышпан адамды таңдап алып, Мысыр елiн басқаруды оның қолына тапсырып,
34сонымен қатар арнайы салықшылар тағайындап, егiннiң бестен бiр бөлiгiн жинап алдыртсын.
35Осы қызметкерлер болашақтағы молшылықтың астығын жинап, қалаларда перғауынның қарамағындағы қоймаларда азық қоры ретiнде сақтаудың қамын жасаулары керек.
36Бұл астық Мысыр елiн жайлайтын жетi жылғы жұт кезiнде халықты аштан өлуден сақтайтын қор болады.
Жүсiптiң бас уәзiрлiкке тағайындалуы
37Бұл ұсыныс перғауынға да, оның барлық уәзiрлерiне де ұнап қалды.
38Перғауын оларға: «Бiз Құдай Рухына кенелген тап осы адамдай бiреудi таба аламыз ба?» — деп,
39Жүсiпке қарап: «Мұның бәрiн саған Құдай бiлдiрiп тұр екен! Өзiң сияқты ақылгөй, дана ешкiм де жоқ.
40Бұдан былай менiң сарайымды қарамағыңа аласың, бүкiл халқым сенiң айтқаныңмен жүруге тиiс. Мен патшалық тағыма байланысты ғана сенен жоғары боламын.
41Мiне, мен сенi бүкiл Мысыр елiнiң әмiршiсi етiп тағайындаймын, — деп шешiмiн айтты.
42Қолынан өзiнiң мөрi бекiтiлген сақинасын шешiп алып, Жүсiптiң саусағына кигiздi. Оған ақ бәтестен киiмдер кигiзiп, мойнына алтын алқа салып,
43оны өзiнiң екiншi пәуескесiне отырғызды. Жүсiп жақындаған кезде атқосшылары жұртқа: «Жол берiңдер! Иiлiңдер!» — деп айқайлайтын болды. Осылайша перғауын Жүсiптi бүкiл Мысыр елiн басқаратын бас уәзiрi етiп тағайындап,
44оған: «Ел патшасы перғауын менмiн. Ал сенiң келiсiмiңсiз бүкiл Мысырда ешкiм де iс-әрекет жасамайтын болады», — деп мiндетiн табыс еттi.
45-46 Жүсiпке Сафнат-Панеах деген ат қойып, оған әйелдiкке Он қаласындағы дiни қызметкер Потифердiң қызы Асенеттi алып бердi.
Жүсiп Мысырдың әмiршiсi болып патшаға қызметке тұрғанда отыз жаста едi. Ол перғауынның қасынан кетiп, бүкiл Мысыр елiн аралауға кiрiстi.
47Жетi жылғы молшылық кезiнде елде өнiм ағыл-тегiл мол болды.
48Жүсiп сол жылдары Мысырда өсiп-өнiп шыққан барлық дәндi дақылдарды қалаларға жiбердi. Әр қалада сол маңнан жиналған өнiмдi сақтап қойды.
49Осылай Жүсiп астықтан құм түйiршiктерiндей мол етiп азық қорын жасап алды. Мұның көптiгi сонша, санаса сан жетпейтiн болды.
50Сол кезде, елдi ашаршылық әлi де жайламай тұрғанда, әйелi Асенет Жүсiпке екi ұл туып бердi.
51Жүсiп тұңғышына Манаса («Ұмыту») деген ат қойды. Себебi ол: «Құдай менiң барлық уайымымды, әке-шешемнiң үйiнен алыстап кеткенiмдi ұмыттырды», — дедi.
52Екiншi ұлын Ефрем («Өнiмдi») деп атап, «Құдай менi бұрын жапа шеккен елде өнiмдi қылды», — дедi.
53Сонымен Мысыр елiне молшылық әкелген жетi жыл аяқталды.
54Содан кейiн, Жүсiп алдын ала айтқандай, жетi жылдық жұт та жеттi. Барлық елдерге ашаршылық жайылды, бiрақ бүкiл Мысыр жерiнде азық қоры сақтаулы болатын.
55Мысырлықтар аштық көре бастағанда перғауынға нан беруiн сұрап жалбарынды. Перғауын оларға: «Жүсiпке барыңдар! Ол не айтса, соны iстеңдер!» — деп әмiр еттi.
56Жұт бүкiл елдi жайлап, ашаршылық үдей түскенде Жүсiп қоймаларды ашып, мысырлықтарға астық сата бастады.
57Барлық басқа мемлекеттерден де адамдар азық сатып алу үшiн Жүсiпке келдi, өйткенi бүкiл өлкеде ғаламат ашаршылық болды.
1Сол кезде Жүсiптiң әкесi Жақып Мысырда астық барын естiп, ұлдарына: «Неге бiр-бiрiңе қарап отырсыңдар?
2Мысырда нан бар деп естiдiм. Аштан өлiп қалмауымыз үшiн сол жаққа барып астық сатып алыңдар!» — деп тапсырды.
3Осылай Жүсiптiң он ағасы азық алып келуге Мысырға қарай бет алды.
4Ал Жақып Жүсiптiң бiрге туған iнiсi Бунямин жолда бiр пәлеге ұшырап қалар деп қауiптенiп, оны бiрге жiбермей қойды.
5Сонымен Жақыптың он ұлы Мысырға жеттi. Олармен бiрге азық сатып алу үшiн басқа адамдар да келген едi. Өйткенi аштық Қанахан елiн де қамтыды.
6Жүсiп Мысырдың әмiршiсi болып, бүкiл халыққа астық сатуды басқарушы да өзi едi. Сондықтан ағалары оның алдына келiп, жерге дейiн иiлiп тағзым еттi.
7Жүсiп оларды көрiсiмен-ақ танығанмен бөтен адамның сыңайын танытып, олармен қатал сөйлестi:
— Сендер қайдан келдiңдер?
— Бiз астық сатып алу үшiн Қанахан елiнен келдiк.
8Жүсiп ағаларын таныса да, олар оны таныған жоқ.
9Баяғыда олар туралы көрген түстерi есiне түскен Жүсiп:
— Сендер тыңшысыңдар! Бiздiң шекараның әлсiз жерлерiн iздеп табу үшiн келдiңдер! — деп дүрсе қоя бердi. Олар:
10— Жо-жоқ, тақсыр! Алдыңыздағы құлдарыңыз осында тек астық сатып алу үшiн ғана келдiк.
11Бiз барлығымыз бiр адамның ұлдарымыз, тыңшы емес, адал адамдармыз, — дедi.
12— Жоқ, сендер елге қай тұсынан шабуылдауға болатынын бiлiп алу үшiн келдiңдер!
13— Тақсыр ие, бiз он екi ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бiр адамның ұлдарымыз. Ең кiшiмiз әкемiздiң қасында қалды, ал бiр бауырымыз қайтыс болған. —
14Жүсiп оларға:
— Шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар!
15Перғауынның атымен ант етемiн, ендi сендер сыналмақсыңдар! Үйде қалған ең кiшi iнiлерiң де келмейiнше бұл жерден ешқайда кетпейсiңдер.
16Кенже бауырларыңды алып келуге араларыңнан бiреуiңдi жiберiңдер, ал басқаларың қамауға алынасыңдар. Осылайша сөздерiң шын ба, жоқ па, соны тексеремiз. Егер өтiрiк болып шықса, онда тыңшы екендерiң айдай анық болады, — дедi.
17Содан оларды үш күнге қаматып қойды.
18Үшiншi күнi Жүсiп оларға тiл қатып:
— Мен Құдайды қастерлейтiн адаммын. Ендi мынаны iстеңдер, сонда аман қаласыңдар:
19егер расында адал болсаңдар, бауырларыңның бiреуiн түрмеде қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбастарыңа астық алып барыңдар.
20Ал кейiн кенже iнiлерiңдi әкелуге тиiстiсiңдер! Сонда сөздерiңнiң шындығына көзiм жетiп, сендер ажалдан құтыласыңдар, — дедi. Олар солай iстеуге келiстi.
21Ағайындылар бiр-бiрiне: «Шынында бiз iнiмiз Жүсiп үшiн осы жазаға ұшырап отырмыз. Оның өлердей қорқып, жан даусымен бiзге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық. Сондықтан да бұл бақытсыздық басымызға төнiп тұр», — дестi.
22Рубен iнiлерiне: «Балаға тиiсiп күнәға батпаңдар деп сендерге айтпап па едiм? Алайда менi тыңдамадыңдар. Ендi мiне, оның төгiлген қаны үшiн есеп беретiн уақыт жеттi», — дедi.
23Олар осы айтқандарын Жүсiптiң түсiнiп қойғанын бiлген жоқ, себебi ол ағаларымен тiлмәш арқылы сөйлескен болатын.
24Ол бұрылып кетiп, көзiне жас алды. Қастарына қайта оралып, олармен тағы да сөйлестi. Кейiн ағайындылардың iшiнен Шимонды тұтқындатып, олардың көзiнше байлатты.
25Қызметшiлерiне ағайындылардың қаптарын астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген күмiстерiн қаптың аузына салуға, жол азығын да беруге бұйырды. Барлығы да Жүсiп айтқандай iске асты.
26Ағалары қаптарын есектерiне артып, жолға шықты.
27Олар түнеуге аялдаған кезде бiреуi есегiне жем беру үшiн қабының аузын ашып, төлеген күмiсiнiң сонда жатқанын көрдi.
28Таңғалған ол бауырларына: «Ақшам өзiме қайтарылыпты! Ол, мiне, қаптың бетiнде!» — дедi. Бәрiнiң жүректерi суылдап, бiр-бiрiне үрейлене қарап: «Құдай бiзге не iстедi?» — дестi.
29Қанаханға, әкелерi Жақыпқа қайтып келген соң, оған көрген-бiлгендерiн баяндап бердi:
30— Сол елдiң әмiршiсi бiзге елiне кiрген тыңшылар ретiнде қарап, өте қатал сөйлестi.
31Бiз оған: «Адал адамдармыз, тыңшылар емеспiз!
32Бiр кiсiнiң балалары, он екi ағайындымыз. Бiр бауырымыздан айырылғанбыз, ал кенжемiз әкемiздiң қасында Қанаханда қалды», — дедiк.
33Ал елдiң әмiршiсi бiзге: «Мен сендердiң адал екендiктерiңе былай көз жеткiземiн: бауырларыңның бiреуiн қасымда қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбастарыңа астық алып барыңдар.
34Алайда маған кенже iнiлерiңдi әкелуге тиiссiңдер! Сонда сендердiң тыңшы емес, адал адам екендiктерiңе көз жеткiзiп, осында қалдырған бауырларыңды қайтарып беремiн. Сонда бұл елде еркiн жүре алатын боласыңдар», — деп бұйырды.
35Содан ағайындылар қаптарын босатып жатып, әрқайсысы төлеген күмiстерiн тауып алды. Мұны көргенде өздерi де, әкелерi де зәрелерi ұшып қорқып кеттi.
36Жақып:
— Сендер менi балаларымсыз қалдырып отырсыңдар: Жүсiптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, ендi Буняминдi де алып кетпексiңдер! Апаттың бәрi басыма төнiп тұр! — деп қапаланды.
37Сонда Рубен әкесiне:
— Егер мен Буняминдi қайтарып әкелмесем, онда менiң екi ұлымның көзiн құртуыңызға болады. Маған сенiңiз, оны қайта алып келемiн, — дедi.
38Бiрақ Жақып былай деп шештi:
— Ол ұлым сендермен бiрге бармайды! Ағасы өлген соң Рахиладан туған ұлдардан жалғыз ол қалды. Жолшыбай бiр пәлеге ұшыраса, сендер менi қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалымнан бұрын көрге тығасыңдар!
1Елдi әлi де ашаршылық қысып тұрған болатын.
2Мысырдан әкелiнген астық таусылғанда, Жақып ұлдарына:
— Тағы да барып, бiраз астық сатып алыңдар! — деп бұйырды.
3Ал ЯҺуда әкесiне былай деп жауап қатты:
— Әлгi адам: «Қастарыңда iнiлерiң болмаса, көзiме көрiнбеңдер!» — деп бiзге мықтап ескерттi.
4Сiз iнiмiздi бiрге жiберсеңiз, астық әкелуге барамыз.
5Ал оны жiбермесеңiз, бара алмаймыз. Өйткенi ол адам бiзге: «Қастарыңда iнiлерiң болмаса, көзiме көрiнбеңдер!» — деп тыйым салған едi ғой. —
6Сонда әкесi:
— Нелiктен сендер сол адамға: «Iнiмiз бар» деп айтып маған зұлымдық жасадыңдар? — деп ренiшiн бiлдiрдi.
7Олар:
— Ол өзiмiз және туысқандарымыз туралы: «Әкелерiң тiрi ме, тағы да iнiлерiң бар ма?» деп егжей-тегжейлi сұрады. Оған жауап бергенде оның: «Iнiлерiңдi алып келiңдер» дейтiнiн қайдан бiлейiк? — деп түсiндiрдi.
8Ал ЯҺуда әкесiнен:
— Сiз де, бiз де, балаларымыз да аштан өлмеуiмiз үшiн ұлды менiмен бiрге жiберiңiз.
9Мен жас жiгiттiң қауiпсiздiгiне басыммен жауап беремiн, оны менiң қолымнан қайтарып алатын боласыз. Егер мен ұлыңызды қайтып әкеле алмай, көзiңiзге көрiнетiн болсам, онда мен сiздiң алдыңызда өмiр бойы кiнәлы болып өтейiн.
10Уақытты осылайша соза бермегенде бiз Мысыр жаққа ендiгi екi рет барып келген болар едiк, — деп өтiндi.
11Ақырында Исраил ұлдарына тiл қатып:
— Егер қажет болса, мейлi, былай iстеңдер: елде шығатын ең жақсы өнiмдерден сәлемдеме жасап, сол адамға аздап бальзам, бал, иiсмай жасайтын шайыр, хош иiстi мүр және жаңғақ, бадам дәндерiн апарып берiңдер!
12Сонымен қатар астық үшiн төленетiн күмiстi де екi есе көп етiп алыңдар! Қаптарыңның аузында қайтып келген ақшаны қайтарып берулерiң керек, мүмкiн, олар қателескен шығар.
13Кенже iнiлерiңдi ертiп алып, әлгi адамға қайта барыңдар.
14Құдiретi шексiз Құдай оны мейiрiмдiлiкке кенелтiп, бауырларың Шимон мен Буняминдi қайтарып бергiзсiн. Ал егер маған баласыз қалу бұйырылса, солай-ақ болсын, — деп шештi.
Жүсiптiң аға-iнiлерiне қонақасы беруi
15Жақыптың ұлдары әзiрленген сәлемдемелердi, екi есе күмiстi және Буняминдi қоса алып, Мысырға барып, Жүсiптiң алдына келдi.
16Ол ағаларының қасынан Буняминдi көрiп, үй басқарушысына: «Мына адамдарды менiң үйiме алып бар! Мал сойғызып, тамақ әзiрлет! Бұл кiсiлер бүгiн менiмен бiрге түстенсiн», — деп тапсырды.
17Үй басқарушысы айтқанды екi етпей, оларды Жүсiптiң сарайына апарды.
18Олар бұған зәрелерi ұша қорқып: «Бiздi ана жолғы қаптарымызға қайтадан салып жiберiлген ақшалардың кесiрiнен осында алып бара жатыр. Сол үшiн де әлгi адам бiзге тиiсiп күш көрсетiп, есектерiмiздi тартып алып, өзiмiздi құлдарына айналдырмақшы», — деп шошынды.
19Олар Жүсiптiң үй басқарушысымен үй есiгiнiң жанында тұрып тiл қатып:
20— Мырза, бiзге құлақ сала көрiңiз. Өткен жолы да астық алу үшiн келiп, кеткенбiз.
21Түнгi аялдамаға тоқтап, қаптарымызды ашып қарасақ, мiне қызық, әрқайсымыздың төлеген күллi күмiсiмiз қаптың аузында жатыр екен! Соны өз қолымызбен қайтадан әкелiп отырмыз.
22Ендi тағы да астық сатып алу үшiн қосымша ақша алып келдiк. Ал сол күнi ақшамызды қаптарымыздың аузына кiмнiң тығып қойғанын мүлде бiлмеймiз, — дедi.
23Үй басқарушы оларға:
— Қорықпаңдар, жандарың тыныштықта болсын! Өздерiң және әкелерiң сиынатын Құдай қаптарыңа қазына-байлық сыйлапты. Сендердiң ақшаларың қолыма түстi ғой, — дедi де, оларға Шимонды алып келдi.
24Үй басқарушы жiгiттердi Жүсiптiң сарайына кiргiзiп, аяқтарын жуатын су әкелдiрiп, есектерiне жем бергiздi.
25Олар Жүсiптiң түсте келуiне сәлемдемелерiн даярлап қойды, себебi сол жерде онымен бiрге түстенетiндерi туралы естiген болатын.
26Ақырында Жүсiп үйге келдi. Олар қолдарындағы сыйлықтарын алып келiп, оның алдында жерге дейiн иiлiп тағзым жасады.
27Жүсiп олармен амандасып:
— Кәрi әкелерiңнiң халi қалай? Маған ол туралы айтып едiңдер ғой. Оның көзi тiрi ме? — деп сұрады.
28Олар:
— Құрметтi тақсыр ие, әкемiздiң халi жақсы, тiрi, — деп жауап бердi де, iзет көрсете тағы да иiлiп тағзым еттi.
29Жүсiп жан-жағына қарағанда, өзiнiң шешесiнен туған iнiсi Буняминдi көрiп:
— Сендердiң маған айтқан кенже iнiлерiң осы ма? Құдай саған рақымын түсiрсiн, балам! — дедi.
30Туған iнiсiн көрiп, Жүсiптiң толқығаны сонша, басқа ештеңе айтуға шамасы келмей, сол жерден шыға жөнелдi. Көзiне жас толып кеткен ол өз бөлмесiне барып, жылап алды.
31Сонан соң өзiн-өзi қолға алып, бетiн жуып, сыртқа шықты да, қызметшiлерiне тамақ әкелуге бұйырды.
32Қызметшiлер Жүсiпке, ағаларына және бiрге тамақтанатын мысырлықтарға бөлек-бөлек дастарқан жайды. Себебi мысырлықтар көшпендiлермен бiрге тамақтанбай, бiрге iшсек, арамданып қалармыз деп иланатын.
33Ағайындылар жас мөлшерiне қарай үлкенiнен бастап кiшiсiне дейiн Жүсiпке қарама-қарсы отырғызылды. Олар бұған қатты таңғалды.
34Жүсiптiң дастарқанынан олардың алдына тамақ таратылған кезде Буняминнiң табағына басқаларға қарағанда бес есе артық тамақ түстi. Олар Жүсiппен бiрге тойғандарынша iшiп-жеп, көңiлдi отырды.
1Кейiн Жүсiп үй басқарушысына мынадай тапсырма бердi: «Жiгiттердiң қаптарын көтергенiнше астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген ақшасын қабының аузына сал!
2Ал кенжелерiнiң қабының аузына ақшасымен бiрге менiң күмiс тостағанымды да салып қой!» Үй басқарушы Жүсiптiң айтқанын орындады.
3Ертеңiне жарық түсе ағайындылар есектерiне астық артып алып, жолға шықты.
4Олар қаладан ұзап шықпай жатып, Жүсiп үй басқарушысына былай деп бұйырды:
— Тұр, аналардың артынан қу! Қуып жеткен кезде оларға мынаны айт: «Неге сендер жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып,
5күмiс тостағанды ұрлап кеттiңдер? Бұдан қожайыным iшедi ғой. Мұны ол жаман ырымға жорып отыр. Сендер зұлымдық жасадыңдар!»
6Үй басқарушы оларды қуып жетiп, осы сөздердi айтып бердi.
7Олар оған жауап қайтарып:
— Мырзамыз мұндай сөздердi неге айтады? Алдыңыздағы құлдарыңыз ондай қылықты iстеуден мүлдем аулақ жүремiз!
8Бiз тiптi қаптың iшiнен тапқан ақшаны да Қанахан елiнен сiзге қайтып алып келдiк. Қалай бiз қожайыныңыздың үйiнен күмiс не алтынды ұрламақпыз?
9Күмiс тостаған қайсымыздан табылса, сол өлiм құшсын, ал бiз бәрiмiз қожайынымыздың құлына айналайық, — дедi.
10Үй басқарушысы сонда:
— Жарайды, айтқандарың болсын! Тостаған кiмнен табылса, сол менiң құлым болады! Ал қалғандарың бос боласыңдар, — деп шештi.
11Олар тездетiп қаптарын жерге түсiрдi де, әркiм өз қабының аузын ашты.
12Үй басқарушысы үлкенiнен бастап кiшiсiне дейiн бәрiнiң қаптарын тiнтiп шықты. Сонда тостаған Буняминнiң қабынан табылды.
13Қатты қапаланған олар көйлектерiнiң өңiрiн айыра жыртты. Есектерiне жүктерiн артып, қалаға қайта оралды.
14ЯҺуда бауырларымен Жүсiптiң сарайына келiп жеткенде ол әлi сонда едi. Жiгiттер оның алдына жығылып табынды.
15Жүсiп оларға:
— Сендер не iстедiңдер? Мен сияқты адамның осындай қылықты жаман ырымға жоритынын бiлмеп пе едiңдер? — деп тiл қатты.
16ЯҺуда:
— Тақсыр иеге бiз не айта аламыз? Өзiмiздiң кiнәсыз екенiмiздi қалайша дәлелдеймiз? Құдай кiнәмызды әшкереледi. Бiз де, тостаған алған адам да ендi сiздiң құлдарыңызбыз, — деп жауап бердi.
17Жүсiп:
— Мен олай iстеуден аулақпын! Тостаған кiмнен табылса, сол ғана менiң құлым болады. Ал қалғандарың тыныштықпен әкелерiңе жүре берiңдер! — деп шештi.
ЯҺуданың iнiсi үшiн өз бостандығын қиюы
18Сонда ЯҺуда тұрып, Жүсiпке былай дедi:
— Тақсыр ие, маған бiр ауыз сөз айтуға рұқсат етiңiз. Сiз перғауынға пара-пар болсаңыз да, пендеңiздiң айтқанына ашулана көрмеңiз.
19Тақсыр, сiз: «Әкелерiң немесе iнiлерiң бар ма?» деп сұраған едiңiз ғой.
20Бұған бiз: «Әкемiз бар, ол кәрi. Оның қартайған шағында туған кенже баласы бар. Соның бiрге туған ағасы өлдi, ендi бұл — шешесiнен қалған жалғыз ұл. Сондықтан әкемiз оны қатты жақсы көредi» деп жауап бердiк.
21Сонда сiз: «Оны көргiм келедi, маған алып келiңдер!» деп әмiр еттiңiз.
22Бiз өзiңiзге: «Жас жiгiт әкесiн жалғыз қалдырып кете алмайды. Егер ол қасынан кетсе, әкесi өлiп қалар едi», — дедiк.
23Ал сiз: «Кенже iнiлерiң сендерге ерiп келмесе, менiң көзiме қайта көрiнбеңдер!» деп бұйырдыңыз.
24Содан бiз әкемiзге қайта оралғанда оған тақсыр иемiздiң бұйырғандарын жеткiздiк.
25Кейiнiрек әкемiз бiзге: «Тағы да барып, аздап астық сатып алыңдар!» дегенде
26бiз: «Олай бара алмаймыз. Егер кенже iнiмiз бiрге жүрсе, барамыз. Онсыз сол адамның көзiне көрiне алмаймыз» дедiк.
27Сонда әкемiз бiзге былай дедi: «Сендер әйелiм Рахиланың маған екi-ақ ұл туып бергенiн бiлесiңдер.
28Олардың бiреуi қасымнан кетiп, жоқ болды. Жыртқыш аң жарып тастаған шығар деймiн. Өйткенi күнi бүгiнге дейiн оны қайтып көрген емеспiн.
29Ендi сендер менен тағы мына ұлымды алып кетiп, ол да жолшыбай пәлеге ұшыраса, онда менi қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалынан бұрын көрге тығатын боласыңдар!»
30Тақсыр ие, егер мен әкеме қайта оралғанда қасымда оның жанындай жақсы көретiн баласы жоқ болып шықса,
31онда ол мұны көрiп, сол жерде өлер едi. Осылай бiз ақ шашты әкемiздi қайғыға батырып, ажалынан бұрын көрге кiргiзер едiк.
32Тақсыр ие, мен жас жiгiттiң қауiпсiздiгiне басыммен жауап беремiн деп әкеме уәде берiп: «Егер мен оны сiзге қайта алып келмесем, онда сiздiң алдыңызда өмiр бойы кiнәлы болып өтейiн» деген болатынмын.
33Сондықтан бұл жiгiттiң орнына менi құлдыққа алып қалып, оны ағаларымен жiбере көрiңiз!
34Жас жiгiт қасымда болмаса, не бетiммен әкеме барамын? Әкемнiң басына түскен бақытсыздығын көрмесем екен! — деп жалынды.
1Сонда Жүсiп айналасында тұрған қызметшiлерiнiң алдында өзiн ұстай алмай, оларға: «Бәрiң де кетiңдер қасымнан!» — деп айқайлап жiбердi. Жүсiп бауырларына өзiнiң кiм екенiн айтқанда қасында бөтен ешкiм де қалмады.
2Оның дауыстап жылағаны соншалықты, соны сырттағы мысырлықтар да естiп, бұл туралы хабар перғауынның сарайына да жеттi.
3Жүсiп бауырларына қарап:
— Мен Жүсiппiн ғой! Әкем шынында да әлi күнге дейiн тiрi ме? — деп сұрады. Бiрақ олар оның алдында қатты абыржып қалғандықтан жауап бере алмады.
4Оларға: — Маған жақындаңдар! — деп, олар қасына келгенде мынаны айтты:
5Ал ендi ештеңенi уайымдамаңдар, менi осында сатып жiбердiк деп өздерiңдi кiнәламаңдар! Өйткенi Құдайдың Өзi менi осы жерге өмiрлерiңдi сақтап қалу үшiн сендерден бұрын жiбердi.
6Елдi аштық жайлағалы екi жыл өттi, ендi келесi бес жыл бойы да жер өңделiп, астық егiлмейдi.
7Ұрпақтарыңның жер бетiндегi өмiрiн жалғастыру үшiн сендердi ұлы iспен құтқарып, аман-есен қалдыру үшiн Құдай менi сендерден бұрын жiбердi.
8Осылайша сендер емес, Құдай менi бұл жерге жiбердi. Ол менi перғауынға бас уәзiр қылып тағайындап, сарайына қожайын, бүкiл Мысыр елiне билеушi еттi.
9Ендi сендер тезiрек әкеме жетiп, оған мына сөздерiмдi жеткiзiңдер: «Ұлыңыз Жүсiп сiзге былай деп сәлем жолдайды: Құдай менi бүкiл Мысыр елiнiң әмiршiсi етiп қойды. Көп кешiкпей көшiп келiп,
10Гөшен аймағына қоныстаныңыз. Сонда балаларыңыз, немерелерiңiз, iрiлi-ұсақты малдарыңыз және бар дүние-мүлкiңiзбен бiрге менiң қасымда тұрыңыз.
11Сiзге сол жерде қарайласпақпын, өйткенi аштық әлi де бес жылға созылады. Егер олай етпесеңiз өзiңiз, үй iшiңiз және барлық адамдарыңыз жоқшылыққа ұшырайсыздар».
12Мiне, өздерiң де, iнiм Бунямин де өз көздерiңмен көрiп тұрсыңдар: сендермен сөйлесiп тұрған мен Жүсiппiн!
13Әкеме менi мұнда қалай қадiрлейтiнi және өздерiң көрiп, бiлген басқа нәрселер туралы да айтып берiңдер! Тезiрек барып, әкемдi осында жеткiзiңдер! — дедi де,
14бiрге туған iнiсi Буняминдi мойнынан құшақтап егiле жылады, ол да құшақтап жылай бердi.
15Жүсiп барлық ағаларының да беттерiнен сүйiп, құша жылады. Бұдан кейiн ағалары онымен сөйлесе бастады.
16Жүсiптiң бауырлары келiптi деген хабар сарайға жеткенде, перғауын мен оның нөкерлерi бұған қуанып қалды.
17Патша Жүсiпке:
— Сен бауырларыңа мынаны айт: «Есектерiңе астық артып алып, Қанахан елiне тартыңдар.
18Сонан соң әкелерiң мен отбасыларыңды алып, маған келiңдер. Сендерге жердiң өнiмiн жеу үшiн Мысыр елiнiң ең жақсы бөлiгiн беремiн».
19Оларға мiндеттi түрде тағы да былай де: «Әйелдерiңе, балаларыңа арнап Мысырдан күймелер ала кетiп, әкелерiңдi өз жұртымен осы жерге көшiрiп әкелiңдер.
20Ол жақтағы дүние-мүлiктерiңдi ойлап уайымдамаңдар, өйткенi Мысырдың ең жақсысы сендердiкi болады», — дедi.
21Исраилдiң ұлдары бұл айтылғандармен келiстi. Перғауынның бұйрығы бойынша Жүсiп оларға күймелер және жол азық бердi.
22Әрқайсысына бiр-бiрден шапан жауып, Буняминге үш жүз мысқал күмiс және бес әдемi шапан сыйлады.
23Ал әкесiне арнап он есекке артып, Мысырдың ең жақсы заттарын, тағы он ұрғашы есекке тиеп, астық, нан, жол азық жiбердi.
24Жүсiп ағаларымен қоштасып, сапарға шығарып салды. Кетерiнде оларға: «Жолда бiр-бiрiңмен ұрсыспаңдар!» — деп ескерттi.
25Олар Мысырдан шығып, Қанахан елiне әкелерi Жақыпқа келгенде,
26оған: «Жүсiп тiрi екен! Ол бүкiл Мысырдың әмiршiсi!» — деген хабарды жеткiздi. Ал ұлдарының айтқандарына сенетiндей Жақыптың жүрегi бүлк етпедi.
27Олардан Жүсiптiң сөздерiнiң бәрiн естiп, жiберген күймелерiн көргеннен кейiн ғана Жақып (Исраил) өз-өзiне келiп, есiн жинай бастады да:
28«Көзiм жеттi: ұлым Жүсiп әлi тiрi екен. Мен сонда барып, оны өлмей тұрғанымда көрiп қалайын!» — деп шештi.
1Исраил қасындағы барлық жұртын мал-мүлiктерiмен ертiп алып, жолға шықты. Ол Бер-Шебаға келгенде әкесi Ысқақ сиынған Құдайға арнап құрбандық жасады.
2Сонда Құдай оған түнде аян берiп:
— Жақып! Жақып! — деп шақырды. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап қатты.
3— Мен Құдаймын, әкең мойынсұнған Тәңiрмiн. Мысырға көшiп барудан қорықпа, сенi сол жерде үлкен халыққа айналдырамын.
4Мен саған Мысырда да жар болып, сенi қайтадан Қанахан елiне Өзiм алып келемiн. Қайтыс болғанда көзiңдi жұмғызатын Жүсiп болады, — дедi.
5Осылай Жақып Бер-Шебадан жолға шықты. Ұлдары оның өзiн де, олардың балалары мен әйелдерiн де перғауын жiберген күймелерге отырғызды.
6Қанахан елiнде жинап алған малдарын, дүние-мүлiктерiн алып, Жақып пен оның үрiм-бұтағы —
7ұлдары мен немере ұлдары, қыздары мен немере қыздары барлығы да Мысырға көшiп барды.
8Мысырға көшiп барған Исраилдiң (яғни Жақыптың) ұлдарының аттары төмендегiдей:
Жақыптың тұңғыш ұлының аты Рубен.
9Рубеннiң ұлдары: Ханох, Паллу, Хезрон, Қарми.
10Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Яхин, Зохар және Саул, ол қанахандық әйелден туған едi.
11Леуiнiң ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари.
12ЯҺуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах, Парес және Зарах. Ер мен Онан Қанахан жерiнде қайтыс болған едi. Парестiң ұлдары: Хезрон мен Хамул.
13Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Ишоб, Шимрон.
14Забулонның ұлдарының аттары: Серед, Елон, Яхлел.
15Бұлар Лияның Жақыпқа солтүстiк Месопотамияда туып берген ұлдары. Дина есiмдi қыздары да сол жерде дүниеге келдi. Барлығын қосқанда Жақып пен Лиядан тарағандар отыз үш ұрпақ болды.
16Ғадтың ұлдары: Сифион, Хаги, Шуни, Езбон, Ери, Ароди, Арели.
17Аширдың ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Берия және олардың қарындастары Серах. Берияның ұлдары: Хебер мен Малхиел.
18Бұлар Лабанның қызы Лияға күтушi күң ретiнде берген Зилпаның ұлдары; Зилпадан Жақыптың осы он алты ұрпағы тарады.
19Жақыптың әйелi Рахиланың ұлдарының аттары: Жүсiп пен Бунямин.
20Мысырда Жүсiптiң Манаса мен Ефрем есiмдi ұлдары дүниеге келдi. Бұларды Он қаласындағы дiни қызметкер Потифердiң қызы Асенет туды.
21Буняминнiң ұлдары: Бела, Бехер, Ашбел, Гера, Нағыман, Ехи, Рош, Мупiм, Хупiм, Ард.
22Бұлар Рахиланың Жақыпқа туып берген ұлдары мен олардан тарағандар — барлығы он төрт ұрпақ.
23Данның ұлының аты: Хушим.
24Нафталимның ұлдары: Яхзиел, Гуни, Езер және Шилем.
25Бұлар Лабанның қызы Рахилаға күтушi күңi ретiнде берген Балханың ұлдары; Балхадан Жақыптың осы жетi ұрпағы тарады.
26Жақыпқа ерiп Мысырға көшiп барған ұрпақтары, келiндерiн қоспағанда, алпыс алты жан едi.
27Жүсiптiң Мысырда туған ұлдары екеу. Осылайша Жақыптың Мысырға көшiп келген бүкiл үрiм-бұтағының саны өзiн қосқанда жетпiс болды.
Жақыптың Жүсiппен кездесуi
28Гөшендегi қоныстарын көрсету үшiн Жақып Жүсiпке алдын ала ЯҺуданы жiбердi. Осылайша көш Гөшен аймағына жетiп,
29Жүсiп те күймесiн жегiп, әкесi Исраилдi қарсы алу үшiн Гөшенге қарай беттедi. Әкесiн көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады.
30Исраил Жүсiпке: «Ендi мен өлсем де болады, сенiң тiрi екенiңе көзiм жеттi», — дедi.
31Ақырында Жүсiп бауырларына және әкесiнiң үйiндегi адамдарға былай дедi:
— Мен перғауынға барып, мынаны айтпақпын: «Қанахан елiнен маған бауырларым және әкемнiң үй iшi көшiп келдi.
32Олар бақташылар, сондықтан ұсақты-iрiлi малдарын және барлық иелiктерiн бiрге ала келдi».
33Егер перғауын сендердi өзiне шақырып, кәсiптерiң туралы сұрай қалса,
34сендер: «Тақсыр ие, бiз ата-бабаларымыз сияқты бала кезiмiзден берi мал бағушылармыз» деп жауап берiңдер. Сонда ол сендерге Гөшен аймағында қалуға рұқсат бередi. Өйткенi мысырлықтар үшiн ұсақ мал бағушылар жиiркенiштi, — дедi.
1Жүсiп перғауынға барып, былай деп мәлiмдедi: «Әкем мен бауырларым ұсақты-iрiлi малдарымен, бар дүние-мүлкiмен Қанахан елiнен көшiп келдi. Қазiр олар Гөшен аймағында».
2Ертiп апарған бес бауырын перғауынға таныстырды.
3Патша Жүсiптiң бауырларынан:
— Мамандықтарың қандай? — деп сұрады. Олар:
— Тақсыр ие, бiз ата-бабаларымыз сияқты қойшымыз.
4Бұл жерге кiрмелер ретiнде тұруға келiп жатырмыз. Қанаханда аштық қатты үдеп кеткендiктен малдарымызға жайылатын өрiс қалмады. Сол себептi Гөшенде тұрып қалуымызға рұқсат бере көрiңiз, — деп жауап бердi.
5Перғауын Жүсiпке былай деп бұйырды:
— Әкең, бауырларың саған келiп жатыр.
6Мысыр елi сендер үшiн ашық. Әкең мен бауырларыңды елдiң ең жақсы жерiне қоныстандыр: олар Гөшен аймағын мекендесiн! Араларында кәсiбiне ерекше ұқыпты адамдардың бар екенiн бiлсең, соларды менiң малдарымның үстiнен қарайтын бас бақташы етiп тағайында!
7Мұнан соң Жүсiп әкесiн ертiп келiп, перғауынға таныстырды. Жақып онымен амандасқан соң
8перғауын:
— Сiз нешедесiз? — деп сұрады.
9Ол:
— Мен жүз отыз жыл кiрме ретiнде өмiр сүрiп келемiн. Өмiрiмнiң жылдары әрi аз ғана, әрi азапқа толы болды. Олар аталарымның бөтен елде көшiп-қонып жүрiп жасаған жылдарынан әлдеқайда аз, — деп жауап қатты.
10Содан Жақып перғауынға батасын берiп, қасынан шығып кеттi.
11Сонымен Жүсiп әкесi мен аға-iнiлерiн Мысырға қоныстандырып, перғауын айтқан Рамсес қаласының төңiрегiндегi ең жақсы жердi олардың меншiгi етiп пайдалануға бердi.
12Жүсiп әкесiн, бауырларын, әкесiнiң үй iшiн түгелiмен әр отбасының қажетiне қарай астықпен де қамтамасыз еттi.
Жұт жылдары Жүсiптiң Мысырды басқаруы
13Барлық елде астық қалмады. Жұттың өте қатты болғаны сондай, Мысыр мен Қанахан елдерi аштықтан құрып кете жаздады.
14Осымен олардың тұрғындары астық сатып алу үшiн қолындағы бар ақшаны Жүсiпке өткiздi. Ол бұл қаржыларды жинап, перғауынның сарайына апарды.
15Мысыр мен Қанахандағы жұрттың ақшасы сарқылғанда, мысырлықтар түгелдей Жүсiпке келiп:
— Бiзге астық бере көрiңiз. Бiз неге сiздiң көз алдыңызда аштан қырылмақпыз? Ал ақшамыз таусылды, — деп өтiндi.
16Жүсiп оларға:
— Ақшаларың таусылса, малдарыңды әкелiңдер. Мен оларды астыққа айырбастап беремiн, — дедi.
17Сонда олар малдарын айдап келiп, Жүсiп оларға жылқылары, ұсақты-iрiлi малдары мен есектерiнiң орнына астық бердi. Сол жылы оларды барлық малдарының есебiнен астықпен қамтамасыз еттi.
18Олар Жүсiпке келесi жылы да келiп, өтiнiш жасады:
— Бiз ақшамыздың бiткенiн ғана емес, сонымен қатар малымыздың да өзiңiздiкi болғанын ашық мойындаймыз. Бiзде қожайынымызға ұсынатын жеке басымыз бен жерiмiзден басқа түк те қалмады.
19Неге сiздiң көз алдыңызда өзiмiз бен жерiмiз құрып кетуге тиiспiз? Бiздi және егiндiктерiмiздi астыққа сатып алыңыз, сөйтiп перғауынның меншiгiне айналамыз. Бiздi өлмей, тiрi жүрсiн, жерiмiз кеуiп қалмасын десеңiз, тұқым бере көрiңiз, — дедi.
20Осылайша Жүсiп Мысырдың бүкiл егiндiк жерiн перғауынға сатып алды. Аштық қысқан мысырлықтардың әрқайсысы егiндiгiн сатып, жер перғауынның меншiгiне көшiп,
21Мысырдың о шетi мен бұ шетiндегi халқы түгел құлға айналды.
22Жүсiп тек дiни қызметкерлердiң жерлерiн ғана сатып алмады. Олар перғауыннан үздiксiз алып тұрған жалақыларымен күнелткендiктен оларға жерлерiн сатудың қажетi болмады.
23Жүсiп халыққа:
— Сонымен мен бүгiн өздерiңдi, сондай-ақ егiстiк жерлерiңдi де перғауын үшiн сатып алдым. Ендi сендерге жерге себетiн тұқым беремiн.
24Бұдан былай сендер түскен өнiмнiң бестен бiрiн перғауынға беруге тиiссiңдер. Қалған төрт бөлiгi тұқым ретiнде, әрi отбастарыңның жейтiн тамағы ретiнде өздерiңде қалсын, — деп жариялады.
25Сонда халық:
— Сiз өмiрiмiздi сақтап қалдыңыз. Бiзге қожайынымыздың рақымы түссе екен деймiз. Перғауынның басыбайлы қызметшiсi бола беремiз, — деп мақұлдады.
26Осылайша Жүсiп мысырлықтар үшiн жинаған өнiмдерiнiң бестен бiрiн перғауынға берудi заңға айналдырды. Бұл заң күнi бүгiнге дейiн күшiнде. Тек дiни қызметкерлердiң жерлерi ғана перғауынның меншiгiне кiрмей қалды.
Жақыптың соңғы аманаты
27Исраилдiктер Мысырдағы Гөшен аймағына көшiп келiп, орнығып алған соң, өсiп-өнiп, қатты көбейдi.
28Жақып Мысыр елiнде он жетi жыл тұрып, жасы жүз қырық жетiге жеттi.
29Ажалы жақындағанда ол баласы Жүсiптi шақыртып алып, оған былай дедi:
— Маған жақсылық жасағың келсе, қолыңды жамбасымның астына қойып тұрып мынадай уәде бер: менiң мәйiтiмдi Мысырда қалдырмайсың! Маған деген сүйiспеншiлiгiң мен адалдығыңның белгiсi сол болсын.
30Аталарымның қасына жатқым келедi; сүйегiмдi Мысырдан әкетiп, олар жатқан қабiрге апарып қой! — Жүсiп:
— Айтқаныңызды орындаймын, — деп сөз бердi.
31Жақып:
— Маған антыңды бер! — деген соң Жүсiп оған ант бердi. Сонда Исраил басын таяғына сүйеп тұрып Құдайға ғибадат еттi.
1Бiраз уақыт өткенде Жүсiпке «Әкең ауырып жатыр» деген хабар жеттi. Ол ұлдары Манаса мен Ефремдi ертiп алып, әкесiнiң қасына барды.
2Жақыпқа «Сiзге ұлыңыз Жүсiп келе жатыр» дегенде, ол күшiн жинап, төсегiнде басын көтерiп отырды.
3Ұлына тiл қатып:
— Құдiретi күштi Құдай маған Қанахан жерiндегi Лұзда аян берiп:
4«Мен сенi өсiмтал етiп көбейтемiн, топ-топ руларға айналдырамын. Мына елдi сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк меншiгiне сыйлаймын» деп батасын берген болатын.
5Ал ендi, мен саған келмей тұрғанда Мысыр елiнде туған сенiң екi ұлың менiкi. Ефрем мен Манаса екеуi де Рубен, Шимон сияқты өзiмнiң ұлдарым болады.
6Кейiнiрек туатын балаларың сенiкi болмақ. Алайда олардың (келер ұрпақтарының үлестерiне тиген) жерлерiнде ағалары Ефрем мен Манасаның аттарымен аталатын болады.
7Мен солтүстiк Месопотамиядан қайтып келе жатып, Қанахан елiнде Ефрата қаласына таяу қалғанда Рахила қайтыс болып, оны осы қалаға бара жатқан жолда жерледiм, — дедi. Ал сол Ефратаның бүгiнгi аты Бетлехем.
8Исраил Жүсiптiң ұлдарына қарап:
— Мыналар кiмдер? — деп сұрады.
9— Бұлар Құдай маған сыйлаған екi ұлым.
— Маған жақындатшы, оларға батамды берейiн.
10Қартайғандықтан Исраилдiң көздерi нашар көрушi едi. Жүсiп ұлдарын әкесiне жақындатып, ол немерелерiн беттерiнен сүйiп, құшақтады.
11Жүсiпке:
— Өзiңнiң жүзiңдi қайта көруге үмiтiм үзiлген едi. Ал Құдай маған тiптi ұлдарыңды да көруге бұйыртты, — дедi.
12Жүсiп әкесiнiң алдында отырған ұлдарын оның құшағынан босатып алып, оған жерге бас иiп тағзым еттi.
13Ол оң қолымен Ефремдi ұстап Исраилдiң сол жағына, ал Манасаны сол қолымен ұстап оның оң жағына апарып тұрғызды.
14Алайда Исраил оң қолын кенжесi болса да Ефремнiң басына, ал сол қолын тұңғыштығына қарамастан Манасаның басына қойып тұрып, екi қолын айқастырып ұстады.
15Жүсiпке батасын берiп тұрып былай дедi:
— Аталарым Ыбырайым мен Ысқақты көз алдында ұстап өмiр сүргiзген, менiң де өмiр бойы Қорғанышым болып келген Құдай,
16барлық апаттан менi құтқарып келген Хабаршы мына ұлдарды жарылқасын! Менiң атым және аталарым Ыбырайым мен Ысқақтың аттары осылар арқылы жалғаса берiп, олар жер бетiнде кереметтей көбейсiн!
17Әкесi оң қолын Ефремнiң төбесiне қойғаны Жүсiпке ұнамады. Сондықтан ол оң қолын Ефремнiң басынан алып, Манасаның төбесiне қоймақшы болып:
18— Әке, олай емес! Тұңғышы мынау, оң қолыңызды соның басына қойыңыз, — дедi.
19Бiрақ әкесi бұған қарсы шығып:
— Ұлым, мен оны өзiм де бiлемiн. Бұдан да халық шығып, ол да атақты болады. Бiрақ оның iнiсi ағасынан да ұлы болып, оның ұрпағынан топ-топ рулар тарайды, — дедi.
20Жақып оларға батасын берiп тұрып: — Исраилдiң ұрпағы бата бергенде сенiң атыңды атап, «Құдай сенi Ефрем мен Манасадай қылсын!» деп айтатын болады, — дедi. Осылайша ол Ефремдi Манасадан жоғары қойды.
21Содан кейiн Исраил Жүсiпке:
— Бiлiп ал: жақында мен бұ дүниеден кетемiн. Бiрақ Құдай жар болып, сендердi аталарыңның жерiне қайтарады.
22Мен қылыш-садағыммен аморлықтардың қолынан тартып алған қырлы жерiмдi ағаларыңның озаты ретiнде саған арнап қалдырамын, — дедi.
1Жақып ұлдарын шақыртып алып былай дедi:
— Бәрiң келiңдер, мен сендерге болашақта неге ұшырайтындарыңды айтып берейiн:
2Жақыптың ұлдары, жиналыңдар,
Әкелерiң Исраилге құлақ салыңдар!
3Рубен, сен тұңғышымсың, менiң күшiмсiң,
Һәм күш-қуатымның алғашқы белгiсiсiң!
Сен құрметтелiп, билiк жүргiзуге лайықсың,
4Бiрақ тасыған судай шектен тыс астың:
Әкеңнiң төсегiн аттап, арамдап кеттiң сен,
Сондықтан тұңғыштық жолыңнан айырылдың сен!
5Ағайынды жiгiттер Шимон және Леуi:
Кiсi өлтiргiш қарулар — семсерлерi.
6Ақыл-кеңестерiне ортақтығым жоқ,
Қабылдаған шешiмдерiне де қатысым жоқ!
Олар ашуға берiлiп, құртты адамның көзiн,
Қызық үшiн бұқаның кестi сiңiрiн.
7Екеуiнiң жауыз ашу-ызасын,
Қарғыс атсын мейiрiмсiз қаҺарын!
Сендердi Исраилдiң iшiне бытыратамын,
Жақыптың халқының арасына таратамын.
8ЯҺуда, сенi бауырларың мадақтайтын болады!
Қолың жауыңның желкесiнен түспей,
Әкеңнiң ұлдары саған бас иетiн болады.
9ЯҺуда, сен жас арыстансың!
Ұлым, аң аулап, қайтып келе жатырсың:
Ол еркек арыстан құсап қомданады,
Күшiгiн қорғайтын ана арыстандай жатады;
Оны мазалауға кiмнiң батылы барады?
10Қолынан оның патша таяғын ешкiм тартып алмайды,
Билiктiң белгiсi ЯҺуданың әулетiнде берiк орнайды,
Ал соңында бейбiтшiлiк Әкелушi келедi,
Халықтар Оған мойынсұнатын болады!
11ЯҺуда есегiн мықты жүзiм бұтасына,
Қодығын байлап қояды жүзiм сабағына.
Ол өз шапанын жүзiм шарабына,
Киiмiн жуатын болады жүзiм шырынына.
12Көзiнiң түсi шараптан жылтырақ,
Тiстерi сүттен де аппақ болмақ.
13Забулон теңiздiң жағалауында,
Кеме тоқтайтын жерде тұратын болады,
Шекарасы Сидонға дейiн созылады.
14Исашар — мықты есекке ұқсайды,
Екi қоржынның арасынан орын табады.
15Ол дем алуды ұнатады,
Өз жерiнiң ұнамды екенiн байқап,
Иығын жүк артуға ыңғайлап,
Басыбайлы қызметшiге айналады.
16Дан Исраилдiң бiр руы болады,
Халқына төрелiк айтады.
17Жол жиегiндегi жыланға ұқсайды,
Жолда жатқан сұр жыланға да ұқсайды:
Ол атты өкшесiнен шаққанда
Соған мiнген артқа қарай құлайды.
18Пәледен уа, Жаратқан Ием,
Құтқаруыңды зарыға күтемiн!
19Тонаушылар тобы шабуылдап Ғадты ығыстырады,
Бiрақ ол барлық жауларын да өкшелеп тықсырады.
20Ашир азық-түлiкке лайым бай болады,
Ол патшаға лайықты дәмдi тағам шығарады.
21Нафталим жедел жүрiстi елiк iспеттi,
Ол, сондай-ақ сүйкiмдi сөздердiң иесi де.
22Жүсiп — мол жемiс беретiн жүзiм бұтасы,
Ол бұлақ басында өсiп-өнiп тұрады,
Сабақтары дуалдан асып шығады.
23Дұшпандары ызаландырып шабуыл жасады,
Оқ атқан садақшылардай қастық жасады.
24Бiрақ үнемi керулi оның садағы
Керемет ептi қарулы қолдары.
Оны Жақып сиынған құдiреттi Құдайы —
Исраилдi қолдап жүретiн Бағушысы,
Һәм жылжымас Жартасы қорғап тұр:
25Әкеңнiң Тәңiрi өзiңдi қолдап тұр!
Құдiретi шексiз Құдай сенi аспаннан
Бар жақсылықтарымен жарылқасын!
Шыңырау бұлақтарын молынан ағызсын,
Сәби мен төлдi көп қып, аққа тойғызсын!
26Лайым әкеңнiң берген осы баталары
Атам заманнан тұрған таулардан,
Көне қырлардан үмiт еткен баталардан
Әлдеқайда асып түсе берсiн!
Бұл баталарым Жүсiптiң төбесiне —
Бауырларының iшiнен таңдаулының
Басына әрдайым қона берсiн!
27Бунямин — жыртқыш қасқырға ұқсайды:
Таң ата аулаған аңын жалмайды,
Кешкiсiн де олжасын бөлiсiп тояды.
28Осылайша Жақып он екi ұлының бәрiне сөзiн арнады. Әрқайсысына өзiне сай келетiн ерекше батасын берiп, болашақта олардан тарайтын Исраилдiң он екi руы туралы айтып бердi.
Жақыптың қайтыс болып, қабiрге қойылуы
29Содан кейiн Жақып ұлдарына былай деп өсиеттедi:
— Мен жуырда ата-бабаларымның қасына жөнелемiн. Менiң мәйiтiмдi хеттiк Ефронның егiстiгiндегi үңгiрге апарып қойыңдар!
30Бұл үңгiр Қанахан елiнде, Мамренiң қасындағы Махпела егiстiгiнде орналасқан. Оны Ыбырайым зират үшiн жерiмен қоса хеттiк Ефроннан сатып алған болатын.
31Сол қабiрге марқұм Ыбырайым мен әйелi Сара, Ысқақ пен әйелi Рабиға қойылды. Соған мен Лияның мәйiтiн де апарып қойдым.
32Жер танабы мен ондағы үңгiр — хеттiктерден сатып алынған меншiгiмiз.
33Жақып ұлдарына осы өсиет сөздерiн айтып болысымен қайтадан төсегiне жайғасты. Бұдан кейiн о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды.
1Сонда Жүсiп әкесiн бас салып құшақтап, жылап бетiнен сүйдi.
2Содан кейiн ол өзiне қызмет жасап жүрген дәрiгерлерге әкесiнiң денесiн бальзамдауға бұйрық бердi. Олар Исраилдiң сүйегiне қырық күн бойы иiсмайлар жақты,
3себебi бальзамдау үшiн осынша уақыт керек болатын. Мысырлықтар Исраилдi жетпiс күн бойы жоқтап аза тұтты.
4Қаралы күндер аяқталғанда Жүсiп перғауынның уәзiрлерiне:
— Маған мейiрiмдiлiк көрсетiп, перғауынға мынаны жеткiзiңдер:
5әкем марқұм көзi тiрiсiнде маған: «Бiлiп ал, мен жуырда өлемiн. Сүйегiмдi өзiм Қанахан жерiнде дайындап қойған қабiрге апарып қоярсың!» деп өсиеттеп, осылай iстеуге менен ант алған едi. Сондықтан ендi әкемнiң мәйiтiн қабiрге қою үшiн сол жерге барып, қайтып келейiн, — деп өтiнiш жасады.
6Мұны естiген перғауын Жүсiпке:
— Әкеңе берген антыңа сай сол жаққа барып, сүйегiн зиратқа қойып қайт! — деп рұқсатын бердi.
7Сонымен Жүсiп жолға шықты. Оған перғауынның бүкiл нөкерлерi — сарайындағы уәзiрлерi және Мысыр елiнiң рубасылары түгел ердi.
8Бұлармен бiрге Жүсiптiң үй iшi, аға-iнiлерi және әкесiнiң үйiндегi барлық адамдар iлестi. Гөшен елiнде тек бала-шағалары, ұсақты-iрiлi малдары ғана қалды.
9Жүсiппен күймелер, салт аттылар да бiрге жүрдi. Осылай бәрi үлкен көшке айналды.
10Олар Иордан өзенiнiң арғы жағында орналасқан Горен-Ғатадқа жеткен соң жетi күн бойы марқұмды зор қастерлеп еңiреп жылап жоқтады.
11Жергiлiктi қанахандықтар Горен-Ғатадтағы жоқтауды көрiп: «Мысырлықтар үлкен жоқтау жасап жатыр», — дестi. Сол себептi Иорданның ар жағындағы бұл жер Абел-Мысраим («Мысырлықтардың жоқтауы») деп аталып келедi.
12Ал Жақыптың ұлдары әкелерiнiң айтқан өсиетiн орындап,
13оның сүйегiн Қанахан елiне, Ыбырайымның өз отбасының меншiктi зираты ретiнде хеттiк Ефроннан сатып алған, Мамренiң қасындағы Махпела егiстiгiнде орналасқан үңгiрге апарып қойды.
14Мұнан соң Жүсiп бауырларымен және өзiне ерiп келген барлық адамдарымен Мысырға қайтып кеттi.
Жүсiптiң ағаларына кек сақтамай, бұ дүниеден өтуi
15Әкелерi өлген соң Жүсiптiң ағалары бiр-бiрiне: «Егер Жүсiп өзiне iстеген жаман қылықтарымыз үшiн бiзден кек алатын болса қайтемiз?» — дестi.
16Сол себептi олар Жүсiпке былай деп сәлем айтты:
— Сiздiң әкеңiз өлер алдында бiзге мынаны тапсырып кеттi:
17«Сендер Жүсiптен ағаларыңның өзiңе жасаған күнәлары мен жауыздық әрекеттерiн кешiре гөр деп сұраңдар!» Ендi сiз әкеңiз сиынатын Құдайдың бiздей құлдарының күнәларын кешiре көрiңiз! — Жүсiп бұл сөздi естiгенде жылап қоя бердi.
18Содан кейiн ағалары Жүсiпке өздерi келiп:
— Сiздiң құлдарыңызбыз, — деп, оның алдына жерге бас ұра жығылды.
19Ал Жүсiп оларға:
— Қорықпаңдар! Мен Құдайдың орнында емеспiн ғой.
20Сендер маған жамандық ойладыңдар, бiрақ Құдай мұның бәрiн жақсылыққа соқсын деп, осы арқылы көп адамдарды аштан өлуден аман сақтап қалуға ниет еттi. Ол солай болды да.
21Сондықтан қорықпаңдар, мен сендерге де, балаларыңа да қамқор боламын, — дедi. Осылай жылы сөйлесiп, ағаларының көңiлдерiн орнықтырды.
22Жүсiп Мысырда әкесiнiң үй iшiмен бiрге тұрып, жүз он жасқа келдi.
23Ол Ефремнiң үшiншi ұрпағынан шөпшек ұлдарын да көрiп, Манасадан туған Махирдың ұлдарын бауырына басты.
24Жүсiп бауырларына: «Мен жуырда дүниеден қайтамын. Алайда Құдай рақымшылық жасап, сендердi осы елден сөзсiз алып шығып, Өзi Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа ант берiп, уәде еткен елiне бастап апаратын болады», — дедi.
25Сол себептi Жүсiп Исраилдiң ұрпақтарынан ант алып: «Құдай рақымын түсiрiп, сендердi ешбiр шүбәсыз осы жерден алып шығатын болады. Сол кезде менiң сүйегiмдi де өздерiңмен бiрге осы жерден ала кетiңдер!» — деп өсиеттедi.
26Жүсiп жүз онға жетiп, қайтыс болды. Оның бальзамдалған денесi табытқа салынып, Мысыр елiнде сақталып қойылды.